Әдебиет
Жемдеген қырғауылдар
Бөрілі ауданының әкімі Нұрсағат Бектұрғанов үшін бүгін бір ауыр күн болды. Ол, күндегі әдетінше, таңғы сағат тоғызда кеңсеге келіп, машинасынан түсе бергені сол еді, бір бұрышта аңдып тұрған қырық-елу адам бұған қарай лап қойды. Ішке кіргізбей лезде қоршап алған. Біраздан бері пенсиясын ала алмаған кемпір-шал, жәрдемақы тимеген көп балалы әйелдер дейсің бе, қаптап жүр. Ішінара жұмыссыз жүрген жас жігіттер де ұшырасады. Іс мәнісін бірден түсіне қойған Бектұрғанов көшеде көрісіп тұруды лайықсыз көріп, әлгілерді кеңсенің бірінші қабатындағы шағын залға енгізді.
Ішке кіргеннен кейін де ашынған топтың сарыны басыла қоймады. Басында бірін-бірі тоспай шуылдасып кеткен. Біраздан соң көптің арасынан суырылған шешендер шықты. Бірақ, кім не айтса да, сөз төркіні белгілі. Сол баяғы жалақы, зейнетақы, жәрдемақы жайында. Олар айтпаса да Бектұрғанов күнде сезініп, біліп отырған жайлар.
Мұндайда көпшілікті иландырарлық тың бірдеңе тауып айту да оңай емес. Әйткенмен, үндемей қалуға да болмайтын еді. Айтты. Аянып қалған жоқ:
— Мұның бәрі уақытша қиыншылық, — деді. — Төзім, сабыр, шыдамдылық керек! — деді. — Жатпай бұл қалпында тұрмайды. Қазақстанның жасампаз халқы, жер байлығы аман болса, әлі-ақ бақ-дәулетке кенелеміз! — деді. — Құдай бірліктен, татулықтан айырмасын... Бейбітшілік болсын! Әне, өзара билікке таласып, қырылысып жатқан елдер бар. Солар сияқты ел іші бүлініп, жаугершілік орнаса қайтер едіңдер? Бұл да болса еліміздегі дұрыс саясаттың арқасы, — деді.
Бірақ бұл сөздердің жұрттың құлағына кіре қоймағаны көрініп тұр. Жиналғандар тағы да айғай-сүреңге басты. Тіпті ашынып алған бір жігіт, сірә көптен жұмыссыз жүрген біреу болар, алға таман шықты да:
— Нұреке, осы бейбітшілікті бізге тақ бір ақшаға сатып әпергендей бұлданғанды қойыңдаршы құдай үшін! Білеміз, жайлы, тыныш өмірдің кімге керек екенін! Ол мына сіз сияқты мансаптылар мен байларға керек. Ал бізге бәрібір... Үйде жатып аштан өлді не, соғыста оққа ұшты не? Егер ондай төніп тұрған жау болса келмей ме тезірек. Тым құрыса жастығымызды ада жығылатын! — деді екі көзі шоқтай жайнап.
Бұл сөзді де тектеусіз жіберуге болмайтын еді.
— Жігітім, өзін не айтып тұрғаныңды білесің бе? Осы сөзін үшін сені жауапқа тартып, соттап жіберуге болады! — деді Бектұрғанов доңайбат көрсетіп. Бірақ ызалы жігіт айылын жияр емес:
— Соттаңыз, айдатыңыз! Бүйтіп қатын-баланың көзіне күйік болғанша, үш уақыт тегін тамақ беретін жерге барып жатқаным жақсы! — деді одан әрмен өршеленіп.
Әңгімені бұдан ары созуда ешқандай мән қалмаған. Бектұрғанов орнынан көтерілді де:
— Менің қазір сендерге қалтамнан шығарып беретін жалақым да, зейнетақым да жоқ. Мен сиқыршы емеспін ғой — таяғын сермеп қалса ақша жауып кететін. Енді бірер жылда мен де пенсияға шығып, сендердің қатарларына қосылам... Ал, Бөріліден басқа жерде ұжмақ, орнап жатыр десеңдер, ұстамаймын. Жолдарын ашық — деді де есіктен шығып жүре берді.
Содан үстіңгі қабаттағы кабинетіне келді де, хатшы келіншекке ешкімді жібермеуді ескертіп, есігін тарс жауып алды. Біразға дейін өзіне-өзі келе алмай, бөлменің ішінде әрі-бері сенделумен болды. Соңғы уақытта темекі тартуды қойыңқырап жүрген. Үстелінің тартпасында жатқан « Қазақстан» сигаретінің бір талын алып тұтатты да, құныға сорып, танауынан көк түтінді дірдектете шығарды.
Бектұрғанов жасы алпысты алқымдаған, еңсегей бойлы, толық адам еді. Әлден уақытта сәл байыз тапқандай болып, көнелеу креслоны сықырлата келіп отырды. Бірақ ештемеге зауқы соғар емес. Жұмыс деп жанығатындай қазір істейтін не қалды өзі? Орындалуы неғайбыл қаулы қабылдап, мән-мағынасыз қағазға қол қоя бергеннен не шығады? Көз алдынан манағы адамдар, қандауырдай қадалған ана бір жас жігіт кетер емес. Ең бастысы, бұл жұртты иландыра алмады ғой. Сөзден жеңілді. Бағынышты бұқараға сөзің өтпесе, құр қоқан-лоққыдан не пайда?
Нұрсағаттың аудан, облыс деңгейінде басшы қызметтер атқарып келе жатқанына отыз жылдан асып барады. Қызмет бабында талай қиындықтар кездессе де, дәл мұндай торыққан емес еді. Әу баста қызметті қатардағы зоотехник болып бастаған. Отыз жасында совхоз директоры болды. Кейін ауатком төрағасы, одан аупарткомның бірінші хатшылығына көтерілді. Осы Бөріліге келгеніне де он жылдан асып қалды. Кеңес тұсында бірінші хатшы болып келіп еді, соңғы бес-алты жылда аудан әкімі. Былай қарасаң, бұл үшін өзгерген ештеңе жоқ секілді. Сол баяғы кабинет, сол кресло... Ал айналасы төрт-бес жылдың ішінде дүние танымастай күйге түсті. Қоғамдық жүйе, тұтас формация өзгеріп жатыр.
Бұрынғы бірінші хатшылармен салыстырғанда, қазір әкімдердің қызметі жеңілденді. Бұрын адам тағдыры түгіл, өрістегі малға да аудан басшысы жауап беретін. Малды қыстан аман шығару, көктемгі егіс науқаны, әр жүз саулықтан алынатын төл, жүн қырқу, мал азығын дайындау, күзде астық, ет тапсыру... Шет-шегі жоқ, үздіксіз жалғаса беретін шаруалар еді ғой. Оның үстіне ай сайын жоғарыға есеп беріп отыруын керек. Бір табын мал кем болса, не әлдебір шопан боранда үсіп қалса — ЧП. Шаруашылық басшылары кейде сол үшін партбилеттен айрылатын-ды. Ал партбилет дегеніңіз — ол кезде адамның басымен бірдей-тұғын.
Қазір бәрі басқаша. Рахат! Жоғарыға есеп беру деген қалды. Ауданда қанша мал бар, көктемде қанша төл алынды, әр қойдан неше кило жүн қырқылды? Сұрайтын бір пенде болсашы! Қоғамдық малды соясын ба, сатасың ба, немесе бартерге айырбастап жібересің бе, ешкімнің шаруасы жоқ. Демократия, еркіндік... Құдауанда, қолдағы қазына-байлығына есеп жүргізбейтін де үкімет болады екен! Ана бір жылдары жоғарғы жақтан: «Бізде ауыл шаруашылық өнімдері тым қымбатқа түседі. Оны өндіргеннен гөрі, мұнайға не алтынға сатып алған әлдеқайда тиімді» деген бір сөз тарады ғой. Сол сөзден кейін-ақ бүл жұрт мал мен астықты байлық деп санауды қойған. Бірден ханталапай басталды. Иесіз, есепсіз дүние тез құриды екен ғой. Бұрын малды ғана кәсіп еткен осы Бөрілі ауданында, ірі қараны қоспағанда, 300 мыңдай қой болушы еді. Қазір содан не қалды екен? Әр түрлі бірлестігін, жеке қожалығын қосқанда, ой, отыз мыңнан аса қоймас.
Ақыры, не болды мінеки? Егін салып, мал баққан мыңдаған адам жұмыссыз, кәсіпсіз қалып, жан-жаққа босып кетті. Осыған кім кінәлі? Ол кезде Бектұрғанов қайда қалып еді? Осылай боларын аудан басшысы көрмеді ме, білмеді ме? Білсе, қалай жол берді? Осы сұрақты қабырғасынан қоятындар қазірдің өзінде-ақ табылып жүр. Мана көрді ғой, талап жеп қоя жаздады. Бүгінгі адамдар бастықтан ығуды қойған. Халық мүлде ашынып алды. Оларды да сөгетін емес, көздеріне көрінгені аудан әкімі болған соң, іштегі запыранды соларға төкпегенде қайтеді?!
Обалы кәнеки, арты күмәнді істің неге апарып соғарын бүл дер кезінде-ақ сезінген. Қауіптің алдын алмақ болып, аяғы жеткен жерге дейін жүгірді, тілі жеткенше айтты. Осыдан төрт-бес жыл бұрын облыстық активте осы Бектұрғанов сөз сөйлеп:
— Ағайындар, мен реформаға қарсы емеспін. Бірақ соны асығып-аптықпай, былай байыппен жүргізуге болмай ма? Колхоз бен совхоз — социализм жемісі екені рас. Алайда, ол — саяси құрылым ғана емес, еңбекті ұйымдастырудың бір жолы ғой. Осыдан біртіндеп шегінсек қайтеді? Бүгінгі іріленген совхоздан — шағын колхозға, одан мойынсерік, артелге көшіп, қысқасы, баяғы келген ізімізбен кейін қайтқанымыз жөн емес пе? Бір жағынан жеке қожалықтар да құрыла берсін. Бірақ техниканы талапайға салмай, уақытша баяғы МТС-ті қайтадан іске қосайық... Осылай істесек, халық та қиналмайды, реформа да қапысыз жүзеге асады, — деп айтудай-ақ айтқан.
Бірақ қатардағы аудан әкімінің сөзін кім тыңдаушы еді? Соңынан шығып сөйлегендер мұның сөзін келемеждеп, күлкіге айналдырды. Баяғы отызыншы жылға кері шегінгендік, жаңалықты ұнатпайтын коммунистің кертартпалығы дегендер де болды. Әншейінде мұнымен ниеттес, пікірлес боп жүрген жігіттер жеме-жемге келгенде бұғып қалды. Реформаның буымен желігіп алған жұрт сөзге қонақ берді ме? Саяси науқан, ауқым деген де - бір дүлей күш, тасқын сел секілді нәрсе ғой. Жолына кесе-көлденең тұрсаң, өзіңді харап қылады. Бір өзі не істейді? Ақыры, жаяудың шаны, жалғыздың үні шықпасын сезді де, бұл да бұрынғыдай өңештеуін қойды.
Бектұрғанов әлденеге ширыққандай орнынан кайта тұрып, кең кабинеттің бір бүйіріндегі шеткі терезенің алдына барды. Аудан орталығы темір жол бойындағы бекеттердің бірінде-тұғын. Осы арадан вокзал маңы, перронда ары-бері қайшыласқан адамдар анық көрініп тұрады. Анау бір тал-теректер өскен саялы бақтың іші қаптаған жайма базар. Олай-бұлай өткен жолаушыларға біреу балығын, біреу көкөнісін, енді біреуі айран-шалабын сатып күн көріп отыр. Үлкен қалалардан халыққа қажетті бұйым әкеліп сататындар да бар. Ол да осы темір жолдын аркасы. Айналайын, «Турксиб» баяғы отыз екінші жылғы ашаршылықта да осы елдің талайына талғажау болып, өлімнен аман алып қалған екен, қазір де өзегін талдырмай асырап тұр.
Сағатына қарап еді, он бірден асып қалған екен. Ол бүгін мұндағы шаруаны орынбасарына табыстап, таяуда қайта жабдықталған балықшылар артеліне барып қайтуды ойластырып отырған. Сол оймен үстел шетіндегі түймені басуға ұмсына бергені сол еді, кенет облысқа тіке шығатын қызыл телефон сыңғырлап қоя берді. Нұрсағат трубканы қолына алған.
— Бір минутқа... Сізбен қазір Салық Саттарович сөйлеседі, — деді ар жағынан әйел дауысы.
«Салық Саттарович» деп тұрғаны — облыс әкімінің өзі. Бірінші басшы мұндай байланысқа сирек шығушы еді. Не боп қалды екен? Бұл соны ойлап үлгергенше:
— Нұреке, саламатсыз ба? Ауыл-аймақ, ел-жұртыңыз аман ба? — деген салмақты дауыс естілді. Үнінде өктемдіктен гөрі сыпайылық басым.
— Шүкір, өздеріңіз сызып берген жолмен жайлап жүріп келеміз, — деді бұл аңыс аңдыған кейіпте.
— Бұрын Бөріліге бұрылудың сәті түспей жүруші еді. Соның реті енді келді-ау деймін. Қонақ күтуге жағдайларыңыз бар ма?
— Е, не бопты? Қарға да болса халықпыз... Шынында да, Бөріліге бір келіп кайтатын уақытыңыз болды,— деді бұл әлі де ішін бере қоймай.
— Қонақ болғанда, анау-мынау емес, Алматыдан беделді комиссия келіп жатыр. Бір-екі министр, екі-үш департамент бастықтары бар. Олар қазір аудандарды аралап жүр... Сізді әдейі соңына сақтап отырмыз.
— Е, онда тіпті жақсы. Астаналық азаматтар елімізді, жерімізді көрсін. Халықтың мұң-мұқтажымен таныссын!— деді Нұрсағат шын пейілмен.
— Жарылқайтын болса, мұң-мұқтажды айтып жатырмыз ғой, — деп Салық Саттарович қарқылдап күліп алды. — Сіздің ауданды демалыс күнге туралауымыздың мәнісі бар. Министрлер де пенде ғой, ауыр жұмыс, жедел жүрістен кейін табиғат аясында бір мезгіл демалып, бой жазғылары келеді. Құс атып, көлге шомылып дегендей... Сіздерде биыл қырғауыл қалай? Біздік бірдеңе табыла ма?
Құс болмаса, қойымыз бар, тайымыз бар. Балығымыз теңізде тулап жүр. Әйтеуір, аш қалдыра қоймаспыз! — деді Нұрсағат та әзілдей тіл қатып.
— Қойдың басы мен балық сорпасы тұрыпты ғой... Бірақ мен жігіттерге қырғауыл етін жегізем деп уәде беріп қойып ем, —деді облыс басшысы қадалуын қоймай. — Қырғауылды көрсетсеңіз болды, өзіміз-ақ атып аламыз!
— Қырғауыл табылады... Бірақ біз құмда жатқан елміз ғой, жолымыз сәл нашарлау...
— Ол жағы ескерілген, — деді Саттаров. — Біз уақыттан ұту үшін, сенбі күні таңертең. тікұшақпен көл жағасына бірден дік ете түссек деп отырмыз... Сол дұрыс болар... Ал, көл басында көріскенше! — соны айтты да, трубканы қоя салды.
Ал саған керек болса! Ендігі жетпегені қонақ күту еді. Нұрсағат ойланып отыр. Алматыдан келген ұлықтардың ауданға ат басын бұра тұрып, орталыққа соқпайтыны, халықпен жүздеспейтіні басында оған біртүрлі оғаш көрінген. Ойлана келе ол райынан кайтты. Шынында да, олар орталыққа келгенде не бітіреді? Салтанатпен қарсы алып, лента қиғызамыз дейтін бітіп тұрған құрылыс не ескерткіш жоқ. Шаң қауып, ыс басқан сол баяғы темір жол бекеті. Соқтығарға қара таппай отырған халықтың түрі мынау! Екі ортада айғай-шу шығып кетіп жүрсе... Бір есептен, солардың ел көзіне түспей, қол басынан қайтқаны да дұрыс шығар.
Облыстың жана әкімі Салық Саттаровпен аралары жаман емес-ті. Тегеуірінді жас басшы келе салысымен аудан әкімдерінің тең жарымын ауыстырғанда, облысқа сіңірген еңбегін ескерді ме, әлде пенсияға тақап тұрған жасын есепке алды ма, әйтеуір, Бектұрғановқа соқтыққан жоқ. Кезіккенде алдын кеспей, сыйлап тұрады. Онысына да рақмет! Қазір бар билік әкімнің қолында ғой. Бұрынғыдай бірінші басшыны бақылап отыратын бюро мүшелері деген жоқ.
«Біз Кеңес өкіметіміз» деп тізгінге жармасатын атқару комитеті де келмеске кетті. Әкімдер өзінен бір басқыш төмендегілерді өз қалауынша тағайындайды. Сенің тағдырың, басқа емес, бастықтың қолында...
Бектұрғанов, қалай болғанда да, келетін қонақтарды лайықты түрде күтіп алуға бел байлады. Облыс әкіміне күні қарап тұрғандықтан емес, о бастан сүйекке біткен мінезі солай. Жоғарыдан сенім артылып, міндет жүктелген екен, бұл соны бұлжытпай орындауға тиіс. Сен коммуниссің бе, демократсың ба, бәрібір, адам болып қалуың керек қой. Адамшылық қасиет саяси жарғымен өлшенбейді. Облыстың басшысы келе жатса, және жалғыз емес, ел басқарып отырған білікті азаматтарды ертіп келсе, оларды құрметтеп қарсы алмайтын ел бола ма? Әрине, астанадан келетіндер сый-құрметке зәру болмас. Қазақстанда не көп, аудан көп. Олар күні ертең-ақ Бөрілі деген жер барын, онда Бектұрғанов деген біреудің әкім боп отырғанын ұмытып кетуі де мүмкін... Ана жылдары ел аралап жүрген бір жазушы әлдебір ауданның күтіміне көңілі толмай, қоңыр қабақтау бір күйде аттанып бара жатса керек.
— Еліміз осы. Бұдан кейін де келіп тұрыңыз! — депті аудан басшылары қоштасарда. Сонда әлгі жазушы:
— Қазақстанда екі жүздей аудан бар. Әр жылы біреуіне ат басын тіресек, сіздерге енді екі ғасырдан кейін келіп қалармыз! — деген екен.
Сол айтқандай, астанадан келгендер үшін Бөрілі көп ауданның бірі ғана. Олар, шынтуайтқа келгенде, облыс әкімінің қонағы ғой. Сол Салық Саттаровичті ұятқа қалдырмаса болғаны да.
Осы байламға бекіген Бектұрғанов түскі сағат екіге жиналыс шақырды. Өзінің орынбасары Сұлтановты, бөлім бастықтарын, ішкі істер, оқу-ағарту, денсаулық сақтау саласының жауапты адамдарын түгел шақыртқан. Қаржы жағынан қажеті болар деген оймен осындағы бірлі-жар бизнесмендер мен қазір «акционерлік қоғам» аталып жүрген кейбір шаруашылық басшыларын да назардан тыс қалдырған жоқ. Елге келген сыйлы қонақтарды осылар жұмыла күтіп, дұрыстап аттандыруы керек.
Бір ғажабы, қоластындағылар бұл жаңалықты көтеріңкі көңілмен құлшына қарсы алды. Мұның елгезек орынбасары Сұлтанов бұл хабарды облыстағы жігіттерден күні бұрын естіп-біліп отыр екен. Тіпті, келетін адамдардың аты жөндеріне дейін сайрап тұр.
— Іштерінде Қаржы министрінің бірінші орынбасары бәленшекеңде бар. Жақынырақ танысып алғанымызға бұл да бір орай болды! — деді ол алға түсе сөйлеп.
Бұл хабарға осындағы бизнесмендер мен шаруашылық басшылары да елеңдесіп, қонақ күтуге өздерінің дайын екенін білдірісті. Нақты ұсыныстар да айтылып жатыр.
Бұлар ақылдаса келіп, қол жағасындағы оңаша жерлердің біріне бірнеше киіз үй тігуге келісті. Облыстағы ас пен тойға апарып жүрген ақ үйлері болушы еді, соларды жасау-жабдығымен, ас дайындайтын шатырларымен қоса, сол жаққа алып бармақ. Бұлардан басқа сойыс, сусын, дастарқан мәзірі де сөз болмай қалған жоқ. Ауданнан таптырмайтын қымбат шараптар мен тіске басар тәтті-дәмдіні алып кайту үшін, екі адам бүгін кешкі пойызбен Алматыға аттанбақ. Мұнда қалғандарға да түрліше міндеттер жүктеліп жатыр. Жалпы тәртіпті сақтау, кауіпсіздік мәселесі ішкі істер бөліміне тапсырылды. Қонақтар дем алатын, құс атып, суға түсетін жерлерге бөтен адамдар жіберілмесін. Псих, маскүнем, арызқой атаулы бұл күндері қол жаққа аяқ баспайтын болсын десті... Шебер аспаздар мен күтуші келіншектер де іріктеліп алынбақ.
— Айтпақшы, сенің ансамбліңнен жұрнақ бірдеңе қалды ма! — деді Бектұрғанов кенет шет жақта отырған мәдениет бөлімінің бастығына көзі түсіп. — Солардың ән салып, домбыра тартатын бірнешеуін дайындап қой. Ән-күйсіз демалыстың сәні келе ме?!
— Өнерпаздардың көбі қазір кәсіп қуып, бытырап кетті ғой. Әйтсе де, бір амалын табармыз! — деді шашы желкесіне түскен, жүдеу жүзді жас жігіт.
Бәрі қамтылған, бәрі айтылған-ақ сияқты еді. Сөйтсе, бұлар ең басты нәрсені ұмытып кете жаздапты. Кенет ішкі істер бөлімінің бастығы, төртпақ келген милиция майоры орнынан көтерілді де:
— Нұреке, сіз манағы бір сөзіңізде: қонақтар құс атуға құмар, қырғауыл етіне жерік дедіңіз. Менің қауіптеніп тұрғаным, сол қырғауылы түскір біздің жағалаудан табыла қояр ма екен! — деді Бектұрғановқа қарап.
— Табылмағаны қалай? Тораңғының арасы толған қырғауыл емес пе? — деп әкім оған ажырая қарады.
—Нұреке, сіз бұрынғыны айтып отырсыз ғой. Қазір оның бірі де жоқ — деді майор. — Қолдары қалт етсе, осы отырған жігіттер қосауызын көтеріп, орманға қарай жүгіреді... Бұларға не шақ келеді?
—Жеке біз емес шығармыз... Одан да сырттан келген ұрыларға тыйым салмайсың ба? — деді орынбасар әкім өктемдік танытып.
Жұрт төбеден ұрғандай бір сәт үнсіз отырып қалды. «Қап, қонақтардың аңсап келе жатқаны қол мен қырғауыл еді. Діттеген жерден шыға алмайтын болдық-ау!» деп Бектұрғанов та нарау тартып қалған. Әлден уақытта шаруашылық бөлімінін бастығы Тоқбаев тамағын кенеп алды да:
— Нұреке, қам жемеңізші! Тірі жанбыз ғой. Оның да амалын табамыз! — деді.
— Иә, қалай таппақсың?
— Қырғауыл біржола құрып кеткен жоқ, сирек те болса ұшырасады. Тек, соларды ататын алаңға топтау керек...
— Жабайы құсты бір жерге қалай жинамақсың? Әлде тоғайдың арасына хабарландыру іліп қоясын ба? — деді Бектұрғанов езу тартып. Бұл сөзге бөлмеде отырғандар жамырай күлді.
— Күлетін ештеңе жоқ. Оның да өз тәсілі бар, — деді шаруашылық бастығы қызарақтап.
— Енді соныңды айтпайсың ба, кісінің төзімін тауыспай!
Ол үшін бір тоннадай бидай апарып, тораңғының астына шашып тастау керек. Бір шетін сонау қалыңға жеткізе, бері қарай із тастап отырса тіпті жақсы. Сонда тоғайдағы қырғауыл атаулы түгел жиналмаса мұрнымды кесіп берейін!
Қызметкерінің тапқырлығына таңданған Бектұрғанов орнынан қалай ұшып тұрғанын өзі де аңғармай қалды.
— Әй, Тоқбаев, сен өзіңнің кім екеніңді білесің бе? — деді шаруашылық бастығына масаттана қарап. — Сен генийсің, данышпансың... Әттең, небір басы істейтін жігіттердің біздің Бөріліде жүргенін бұл жұрт білмейді-ау!.. Сөз бітті, енді іске кірісіңдер!
Осындай қызу қарбалас үстінде арадағы екі күн білінбей өте шықты. Сенбі күні таңертең ауданның, атқамінерлері қол басында сақадай сай тұр еді. Жұрттың екі көзі — аспанда. Әйтсе де қонақтар көп күттірген жоқ. Сағат онның шамасында қол жиегінде қобыланып жатқан кұм төбелердің тасасынан алып өрмекшідей екі вертолет қалбаңдап шыға келді де, тораңғы тоғайына жапсарлас тігілген киіз үйлердің үстін бір жайқап өтіп, тура жағалауға барып қонды.
Қораланып тұрған үй иелері енді солай қарай емпеңдеді. Алда — Бектұрғановтың өзі. Отан таяу қос етек көйлек, қынама камзол киіп, қолдарына нан мен тұз ұстаған үкілі қыздар келе жатыр. Қалғандары солардың соңында. Тікұшақтың зыр қаққан қалаңғы бәсеңдеп, құйындай үйірілген шаң-тозаң сейілген шамада есік ашылып, қонақтар бір-бірлеп түсе бастады. Ең алдымен маңдайы жарқырап, Салық Саттаровичтің өзі шықты. Жасы қырық бестерге енді келген, орта бойлы, аққұба жігіт сонадайдан ақсия күліп келді де, Бектұрғановпен құшақ жая көрісті. Көңіл күйі жақсы екен. Қонақтардың бас-аяғы жиналған кезде:
— Ал, мырзалар, танысып қойындар! Балқаштың балығын, қырғауылы мен қаз-үйрегін жеке-дара иемденіп, өргізіп-жусатып отырған Нұрсағат деген ардагер атамыз осы кісі!—деді көтеріңкі дауыспен.
Сонан соң. үй иелеріне қонақтарды таныстыра бастады:
— Мына кісі — Кен байлығы және табиғат қорғау министрі бәлеңшекең, мына кісі — Спорт және туризм министрі түгеншекең, мына бір сұлу мұртты, әдемі жігіт — Қаржы министрінің орынбасары. Ал мына жігіттер — астанадағы тұтқалы агенттіктер мен департамент бастықтары.
Алматыдан келгені, облыстан ергені бар, жиыны он шақты адам. Бектұрғанов кісі атына шорқақ еді, ішінара болмаса көбінің есімдері есте қалған жоқ. Облыстан қосылғандар, негізінен, бизнесмендер көрінеді. Былайша айтқанда, билік пен бизнестің одағы десе де болғандай.
Қонақтар қыздар ұсынған нан-тұздан ауыз тиіп, жігіттермен қол алысып болған соң, бірден көлге қарай жапырылды. Күн ашық еді. Көз алдарында шетсіз-шексіз Балқаш көлі жатыр керіліп. Көл емес, телегей-теңіз! Көл суы тұзды, бейне тотияйын езіп құйғандай жап-жасыл екен. Айдын беті тып-тыныш. Баяу тыныстап, көбігі сынған жаяу толқын ғана бар. Бұрын самолетпен үстінен өтіп жүргенде алыстан көргені болмаса, қонақтардың біразы қол жағасына бірінші рет келіп тұрса керек. Естері шығып, аңырып қалысты.
— Жігіттер, сендерді осында ертіп әкелгенде, менің де өз есебім бар, — деді облыс әкімі Саттаров көңілдене дауыстап. — Қараңдаршы, керемет емес пе?! Амал не, осы қазынаның игілігін көре алмай келеміз. Шіркін, мына жағалаудан демалыс үйлерін салса, жұрт жаз бойы рахатқа батар еді ғой! Темір жолға да қашық емес. Неше алуан туристік маршруттар ашуға да болар еді...
— Несі бар, жасаймыз! — деді Туризм және спорт министрі. — Сәл сабыр етіңіздер, 2030-жылға дейін бәрі болады.
Жұрт бұл сөзді әзілге жорып, дуылдай күлді.
— Не істейміз? Суға түсеміз бе, әлде бірден қырғауылға шығамыз ба? — деді Салық Саттарович қонақтар мен үй иелеріне кезек қарап.
Күн қызып кетпей тұрғанда аңға шыққан дұрыс болар, бірақ ең алдымен үйге кіріп, біраз жүрек жалғап алыңдар! - деді Бектұрғанов.
Бұл ұсынысқа ешкім қарсы болған жоқ. Барлығы қызу дүрмекпен киіз үйлерге қарай бет алды. Бір қызығы, аудан басшылары үстеріне бір киерін іліп, сәнденіп шыққанда, қонақтар демалыс кезіндегідей мүлде жеңіл киініп келіпті. Үстерінде — жұп-жұқа спорт костюмі, аяқтарында — жұмсақ «кроссовка», бастарында — күнқағары жалпақ, біркелкі жалаң кепкілер... Сырт қарағанда, лауазымды кісілер емес, жай қыдырып жүрген туристер тәрізді. Сірә, кейінгі кезде жиі айтылатын әлгі «галстуксіз кездесу» деген осы болар. Бектұрғанов шікірейген өз адамдарына қарап: «Қанша тыраштансақ та, көрбалалығымыз көрініп тұрады-ау!» деп біртүрлі ыңғайсызданып қалды.
Жасау-жабдығы түгел, сегіз қанатты, кең киіз үйдің төріне әдейі лайықтап, дөңгелене түйісетін биік үстелдер қойылған екен. Дастарқан дегеніңіз неше алуан тағамнан майысып тұр. Ауылдың ақ бауырсағы, құрт-майы, ірімшігі, көкөністен жасалған салаттар... Солардың арасында бірнеше жерден томырыла піскен қазы-қарта қойылыпты. Босағадағы бөлек үстелде түрлі түсті шөлмектер мойын созады. Қонақтар төрге жайғасып болған кезде, министрлердің бірі:
— Біреулер «қазақ халқы тұрмыстан тарығуда. Ауыл ашығып жатыр» деп көкиді. Солар мына дастарқанды келіп көрсе ғой!. — деді сүйсінгеннен.
— Оныңыз рас. Маған салсаңыз, бүгін ешқайда шықпай, осындағы қазы-қартаны «атып алып» қана жатсақ деймін! — деді бизнесмен жігіттердің бірі оны қостап.
— Мырзалар, бәрі график бойынша! — деді Салық Саттарович сөзге араласып. — Жарты сағат қана уақыт беремін. Үлкен отырыс, үлкен тостар алда... Қазір ауыл ағасы Нұрекең ғана бір ауыз сөз айтсын!
Бұл кезде рюмкалар мен фужерлерге салқын сусындар, арақ-шараптар құйыла бастаған. Қонақтардың көпшілігі таяуда шыққан «Бүркіт» дейтін қымбат арақты қалап жатыр. Бектұрғановтың бір байқағаны, бүгінгі басшылар сіресіп отырмай, өздерін тым еркін ұстайды екен. Жастары әлі қырыққа да іліне қоймаған, бір өңкей тойған қөзыдай толық жігіттер. Қазір жаппай мұрт қою модаға айналған ба, қиылған қап-қара мұрттары да өздеріне ұнасып тұр. Бәрі де бір кезде Салық Саттаровичпен бірге қызмет істеген көңілдес адамдар болса керек, әзіл-қалжыңдары жарасып, дуылдасып отыр. Тілеуін бергірлер ауданның жағдайын сұрап та бас қатырған жоқ. Бұл сапарда «облыс аралаймыз» деген сылтаумен, көңілдес жігіттер әдейі бас құрап, бой жазуға келгендері көрініп тұр. Осы жайларды көңіліне тез түйіп үлгірген Нұрсағат орнынан көтерілді де:
— Құрметті қонақтар, бүгін біздің Берілі ауданы үшін бұрын-сонды болмаған үлкен мереке, — деді отырғандарға жағалай көз тастап. — Ауылымызға бұрын да талай қонақ келіп жүр ғой, бірақ сіздердей мәртебелі адамдардың мынадай кұрамда келуі бірінші рет. Біз мұны облыс басшысы Салық Саттарұлының беделі деп білеміз. Ал өзімізге келсек, елге қорған болмасақ та, қол қорыған қызғыштай, осынау құмды өлкеде жұрт қатарлы жүріп жатқан жайымыз бар. Хош келдіңіздер! Бар мәзіріміз алдарыңызда. Табиғат аясында емін-еркін бой жазыңыздар... Сіздердің денсаулықтарыңыз үшін!
Алғашқы рюмка қамшы салдырған жоқ. Кеше облыс орталығындағы банкеттен жайырақ тарады ма екен, жігіттерде бір «шөл» бар секілді. Салық Саттаровичтің: «Аңшылықтан олжалы оралайық. Қанжығамыз майлы болсын!» деген жедел тосы да қызу қолдау тауып, екі-үш рюмка іркес-тіркес аттанып кетті. Қонақтар осыдан кейін ғана ат басын іріккендей болып еді.
Жүрек жалғап, шөл басып алған көңілді топ енді негізгі қызық — құс атуға қамдана бастады. Өздерінің қорапқа салып ала келген бірнеше «Винчестер» мылтықтары бар екен. Оған ауданнан әзірлеген үш-төрт қосауыз қосылып, қонақтар жағы тегіс қаруланып алды. Құс атуға әдейі әзір тоғайы жағалаудан онша қашық емес-ті.
Жігіттер «Машинаға мініңіздер» дегенге қарамай, көгеріп тұрған межелі жерге жаяу жүріп кетті.
Алда Бектұрғановтың өзі жол бастап келеді. Жүрісі сенімді. Бастық атаулы қашанда ақпаратпен күн көреді ғой.Тоқбаевқа сенбеске амалы жоқ. Оның айтуына қарағанда, тоғай арасына біраз қырғауыл жиналған көрінеді. Обалы қанеки, ол байғұс соңғы күндері тағат-тыным тапқан жоқ. Алдыңғы күні осы тоғайды тіркемелі «Беларусьпен» аралап жүріп, бірнеше қап бидайды себездеп шашып қайтқан. Бұдан кейін де неше мәрте барып, сол маңды барлаумен болды. Ақырында кешке таман Бектұрғановқа келіп:
- Нұреке, шұрқ етпеңіз! Кемінде бірер жүз қырғауылды жемге байлап қойдым! — деп әкімнің көңілін біржола жайландырып кеткен.
Әйтсе де, Нұрсағаттың көңілінен бір түйткіл кетпей, қобалжып келеді. Тоқбаевтың сөзіне сенбегендіктен емес, осының астарында әлдебір алдау, көз бояушылық жатқандай ұрлық қылған адамша қуыстана береді. Өзінің осы бір күмәнді шаруаға қалай ұрынып қалғанына таңданады. Әсілі орта, ауқым деген нәрсе де адамды өз ырқына еріксіз көндіріп, ағыспен бірге алып кетеді екен ғой... Ұят-ай, екі қостың біріне келгенде тоғайдағы қырғауылға жем шашатындай не басына күн туды?! Ендігі жетпегені осы еді! Бұл кезде дуылдаған көңілді топ тоғайдың шетіне ілігіп те қалған. Бектұрғанов сәл аялдап, арт жақтағыларды тосып алды да:
Ал, жігіттер, хабарларыңыз бар шығар, тегінде аңшының тықыры білінбеуге тиіс. Енді дабыр-дұбырды азайтып, екі-үштен бөлініп жүрейік, — деді.
Иә, Нұрекең дұрыс айтады. Біз қазірден бастап нағыз аңшының рөлін ойнауымыз керек! — деді Салық Саттарович те оны қостап.
Бұлар енді бірнеше топқа бөлініп, бір бағытта сел жая жүріп келеді. Тамыры кұм қабатын бойлап кеткен тораңғы қатары бірте-бірте қалыңдап, қызғылт-сары жапырақ төккен арбиған бұтақтар қою көлеңке түсіріп тұр. Бектұрғанов Туризм және спорт министрімен бірге орта тұста келе жатқан-ды. Кенет он қанаттан күмп еткен мылтық дауысы естілді. «Бірдеңе бар екен, — деді Нұрсағат ішінен. — Әй, Тоқбаев-ай, таппайтының болсайшы!» Соны ойлап үлгергенше бұлардың алдынан да қызыл канат екі қырғауыл жұптасып өте берді. Өздері жемге құнығып алған ба, бой салып қашпайды. Бұл белгі берем дегенше, министрдің де көзі шалып қалған екен, бір тізерлеп отыра кетті де, көздер-көздеместен тартып жіберді. Таяу жерден атылған бытыра құтқара ма, қос қырғауыл қатарынан жалп ете түсті.
— Інішек, өзің мерген екенсің ғой! — деді Нұрсағат оны иығынан қағып. Министр бұл сөзге бәлендей масаттанған жоқ:
— Білмейтін бе едіңіз, мен нысана атудан республика чемпионымын той?! — деді миығынан күліп.
Бектұрғановтың да бір қатары бар-тұғын. Аспандағы құсты атып түсірмесе де, жердегісіне бапандай. Тым қарадүрсін боп көрінбейін деген оймен, шамалыдан кейін бұл да бір қырғауылды мұрттай ұшырды. Арада жарты сағат өтпей, министр іркес-тіркес тағы екеуін жықты. Әр топтың қасына ауданнан бір-бір атқосшы ерген-ді. Атылған құстарды солар жинап келеді. Үңіле қараған адам тоғай арасындағы шашылған дәндерді бірден байқар еді. Бірақ қонақтар оған назар аударған жоқ.
— Биыл қырғауыл қалың екен! — деді министр таң қалып. — Мынау тегін жатқан байлық қой! Өзектеріңіз талып бара жатса, қырғауыл қастарыңызда...
— Иә, бұл жаты шүкіршілік, — деді Нұрсағат күмілжіп.
— Қыра береміз бе, осы да жетер!
Бұл кезде тоғай іші қапырық тартып, күн де ысып кеткен-ді.
— Басқалар қалай екен? Ыстыққа ұрынбай тұрғанда қайтқанымыз да жөн болар! — деді Бектұрғанов оны қостап.
Манағыдай емес, жан-жақтағы мылтық үні де сирей бастаған. Арада тағы біраз уақыт өткенде, аңшылар тоғай арасындағы ашық алаңқайда бір-бірімен ұшырасып қалды. Бәрінің де қанжығасы майлы, керемет олжалы көрінеді. Салық Саттарович тіпті көңілді екен. Табиғат қорғау министрі екеуі жеті қырғауыл жығыпты.
Әй, бүгін шер-құмардан бір шықтық-ау! Сол үшін, Нұреке, сізге көп рақмет! — деді ол жайрандай тіл қатып.
Басқалар да бұл сапарларына дән риза секілді. Жалпы есебін шығарғанда, қырыққа жуық қырғауыл жығылыпты.
— Мырзалар, лимиттеріңіз бітті. Мен енді будан артық мемлекет байлығына қол сұқтыра алмаймын! — деді Табиғат қорғау министрі жұртты ду күлдіріп.
— Иә, бүгінше осы олжаны қанағат тұтайық. Енді тәртіп бұзсақ министр бізге айып салуы мүмкін, — деді Салық Саттарович те қайтуға белгі беріп.
Бұл кезде күн де түске тармасып қалған-ды. Желіккен топ манағы келген іздерімен кейін қайтты. Көптен жаяу жүрмеген көбен жігіттер ыстықта быршып, терлеп кеткенді. Киіз үйлерге тақай бергенде, Салық Саттаровичтің жар салған дауысы естілді:
— Мырзалар, көлге түсудің кезеті енді келді-ау деймін. Дастарқанға отырар алдында Балқашқа бір-бір сүңгіп алмаймыз ба?!
Осы сөздің ауыздан шығуы мұң екен, қонақтар көлге қарай лап берді. Жағалауға жете бере асығыс шешініп, шалқар айдынға қойып-қойып кетісті. Теңіз суы тым жылы да емес, бойды буған ыстықты бірден сорып алғандай, нағыз бабында екен. Жібектей жұмсақ тұзды су шаршаған денені шымырлата ширатып, лезде сергітіп жіберді. Іле бойында өскен Саттаров суда өзін балықтай сезінеді екен. Спорт және туризм министрі екеуі біраз жерге құлаштап барып та қайтты... Қонақтар осылайша жарты сағаттай суға түсіп, түскі асқа тәбеттері әбден ашылған кезде оралып еді.
Киіз үйлерге кірсе үстел манағыдан да жайнап кетіпті. Қарындары ашып, оптығып келген жігіттер қазы-картаға, семіз тайдың жас етінен дайындалған майлы қуырдаққа бірден бас қойды. Арақ-шарап та еселеніп құйылып жатыр. Бұл отырыста дастарқан тізгінін Бектұрғановтың орынбасары, ептеген асабалық та өнері бар Сұлтанов қолға алған. Жас жігіт келген қонақтардың аты-жөндері мен лауазым шендерін жаттап алыпты. Мүлтіксіз сайрап тұр. «Қанша айтқанмен, замандары бірге ғой. «Балықтың тілін бақа біледі» деген осы» деді Нұрсағат ішінен.
Тостар көтеріліп жатыр. Алғашқы сөзді қонақ иесі ретінде облыс әкімі Салық Саттаровичтің өзі бастап берген. Ол Бөрілі ауданының елі мен жеріне, ауыл ағасы Бектұрғановтың адресіне жылы-жылы лебіздер айтты. Сонан соң қонақтардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, оларға алдағы уақытта да зор табыстар тіледі. Астанадан келгендер де қарыздар болып қалған жоқ. Облыс, аудан басшыларына көптеген мақтау сөздер айтып, әсіресе бүгінгі демалыс үшін шын жүректен ризалық білдірді.
Дәл осы мезетте қонақтардың алдына тағы бір сыбағалы ас келген. Майлы палаудың үстіне салынған сап-сары ала қырғауыл еті! Тұз сіңіп, сәл сүрленген семіз қырғауылдар... Мынаны көргенде қонақтардың көзі шырадай жанып кетті.
— Ау, біз атқан қырғауылдар пісіп те қалған ба?
— Піскенді қойып, сүрлеп те үлгерген-ау деймін...
— Қап, мұны білгенде, жаңағы қуырдаққа тым сұғынбас едім ғой! — десіп жатыр.
Біраздан бері үндемей отырған Бектұрғанов осы тұста сөзге араласты.
— Палауға қосып пісіргенге қырғауылдың жасынан гөрі, сүрісі жақсы болады. Ал, сіздердің олжаларыңызға тиіскен жоқпыз. Келіндерге ала барсын деп тұздап, дайындап жатыр, — деді.
Салық Саттарович те дән риза сияқты. Ол балдай еріп тұрған қырғауыл етін сүйсіне жеп отырып:
— Біздің облыстағы ен шебер аспаздар Бөріліде тұрады! — деді жігіттерге қалжыңдап.
Отырыс ұзаққа созылды. Қонақтардың алды қыза бастағандай. Баяғыда ішімдікке енді үйрене бастаған жиырмасыншы жылдардың бір белсендісі: «Ойпыр-ай, мына арақ деген пәле коммунист біздің басымызды дыңғырлатып жіберді. Басқалардың басы қалай шыдап отыр екен?» депті ғой. Сол айтқандай, көбірек ішсе министрлердің басы да сыр алдыра бастай ма, қалай? Бір мезгілде департамент бастықтарының бірі өзі тіленіп, екінші рет тост көтерді.
— Қазақ халқы — ен бақытты халық! Қазақстан — дүниедегі ең бай мемлекет! — деді ол тілі сәл күрмеліңкіреп. — Шетел капиталы бізге қарай ағылуда. Көріп жүрсіздер ғой, қазір жұмыстың бәрін шетелдіктер істеп жатыр. Мұнайымызды американдықтар өндіреді, алтынымызды ағылшындар қазады. Үйімізді түріктер салады, жолымызды жапондар жөндейді. Ал, белгиялықтар пешімізге от жағып, үйімізге жарық беріп отыр. Бұрын осылай болар деген ой қазақтың өңі түгіл, түсіне кіріп пе екен? Айтыңыздаршы, бұдан артық не керек?
— Бұрын аздап қой бағушы едік, одан да қолымыз босап қалды! — деп Б