05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Бұқарбайдың бұқасы






Бұқарбайдың «Большевик» совхозына көшіп келгеніне онша көп уақыт бола қойған жоқ. Ұзаса он шақты жылдың айналасы. Онда да күре жолдың үстіндегі совхоз орталығына аялдамай, оның шалғайдағы бөлімшесі — «Көкөзек» ауылына келіп қоныстанған. Ата жұрты осы төңірек болғанымен, өзі ішкі жақта, орыс арасында туып-өсіпті. Баяғы кәмпеске жылдарында әкелерін бай-құлаққа жатқызып, Құлынды даласына жер аударған екен, сол жақта ірге теуіп тұрып қалса керек. Ағайындарынан көңілі қалғаны соншалық, кейін заман түзеліп, кеңшілік орнаған кезде де елге қайтуға асықпаған.

Бұқарбай көшіп келгенде, жасы тоқсанға таяған әкесі Сүйіндік әлі тірі екен. Бір кезде ұядан үркіп, қағынан жеріп кетсе де, өлер шағында туған жерден топырақ бұйыруын тілеп, ұлы мен немерелерін елге бастап келген сол қарттың өзі деседі. Тілеуі дұрыс, ниеті хақ екен, бір жылға жетпей Сүйіндік қайтыс болды. Жұрттың сәл іш жиып қалғаны, Бұқарбай әкесін ауылдың іргесіндегі қалың зиратқа жерлемей, сонау тау алқымындағы Сүлеймен сайынын он жақ қабағына жеке апарып қойды. «Әкемнің өсиеті солай» депті мәнісін сұрағандарға. Бәрі кейін мәлім болды ғой. «Сүлеймен сайы» деген атау қайдан шықты десек, Сүлеймен — жанағы Сүйіндіктің әкесі екен. Сайдың аузындағы қазір сиыр базы тұрған шұрайлы алқап — сол Сүлейменнің қыстауы көрінеді. Бұқарбай жыл уағына жеткізбей әкесінің басына селикат кірпіштен аппақ күмбез орнатты. Қазір биік қабақ үстіндегі жалқы зират сонадайдан көз тартып тұрады.

Ата жөнін білетін бірлі-жар көнекөз қарттар болмаса, былайғы жұрт алыстан туысымыз келді екен деп құрақ ұша қойған жоқ. Жай кәсіп іздеп жүрген көп кірменің бірі ретінде қабылдады. Соған орай, Бұқарбай да ағайындарына тым жалбақтай қоймады. Ауылдастары жігіттің бұл суықтығын «орыс мінезіне» балаған. Бұқарбайдың әйелі ұранхай (Таулы Алтайлық) қызы екен. Аты — Ердениха. Содан өрбіген ұл-қызы аралас бес-алты баласы бар. Жұрт жігіттің. өзінен гөрі сол бала-шағасын көбірек тамашалады. Сұңғақ бойлы, омыраулы келген, қиық көз Ерлениха — қараторының әдемісі. Сірә, ұранхайдың да түбі түрік болса керек, әйелі де, балалары да қазақша біліп тұр.

Ал жасы қырықтың ішін енді аралаған Бұқарбай еңсегей ірі денелі, жауырыны қақпақтай, қайратты, сом жігіті ұғын. Өзі техника тіліне жүйрік, темір-терсекті қайыстай илейтін ұста екен. «Көкөзекке» келісімен машина, тракторлар тұратын «гараждың» кілтін ұстады. Осында кіші-гірім шеберхана, токарь станогы бар. Қашан көрсең де көрікті қыздырып қойып, көк темірді кәуаптай қақтап жатқаны. Бұқарбай келгелі әлдебір бөлшегі кем болып, кеңкиіп босқа тұрған совхоздың талай тракторы «дүрілдеп» жүріп кетті. Бұл жігіт бос жүру дегенді білмейді екен. Әр кадамы есепте. Өз бетімен қыдырмайды, тек әдейілеп шақырған үйлерге ғана барады. Бірақ бұл да жазулы: дәм татырған үйлерді қағазға түртіп қояды да, кезегі келгенде қарыздар қалмай, қарымта шай береді. Қазақша құда-жегжат, туыс жұрағат дегенді де біліңкіремейді. Оқта-текте орақ-шалғы, аттың тағасы, бәкі-пышақ соқтырып алсаң да сол мінез: алдын ала ақы төлеуің керек. Орыс мінезді жігіттің осы қылығын ауылдастары ұнатпай, оны сырттай қыжыртып жүреді.

Бұқарбай көшіп келген соң, арада екі-үш жыл өтпей, Кеңес үстемдігі құлап, ауылда реформа басталып кеткен. Бұл науқаннан шығыстағы Ақбұлақ ауданы да шет қалған жоқ. Қашанда орталықтан шалғай, шекара бойын жайлаған елдің тым саясатшыл, белсенді болатын әдеті. Оның үстіне, Ақбұлақ өңірі — Кеңес дәуіpiнде ГПУ, НКВД, КГБ деген мекемелердің «тәрбиесін» көп көрген жұрт қой, жоғарыдан қандай бұйрық келсе де орындауға әзір тұрады. Бірде-бір науқанды артығымен атқармаған, асыра сілтемеген жері жоқ. Баяғыда, осыдан алпыс жыл бұрын, байларды кәмпескелеу, ұжымдасу, «халық жауларын» аластау кезінде де бұл аудан алдына жан салмапты. Нәтижеде, халқының қақ жарымы Қытайға ауып, бір бөлегі Ресейді паналап, мұнда тек өкіметке шын берілген «пролетарлар» ғана қалып еді.

Ақбұлақ тұрғындары бұл жолы да сол үрдістен танған жоқ. Жоғарғы жақтан жекешелендіру туралы нұсқау шығар-шықпастан, білек сыбана кірісіп кетті. Баяғыда төңкерісшіл аталары көп бейнетпен зорға құрған колхоз бен совхозды олардың немерелері айналасы бір-екі жылға жеткізбей күлін көкке ұшырып, лезде таратып жіберді. Ол кездегі белсенділер байлардың малына жаудай тисе, бүгінгі пысықтар Кеңес өкіметінің ұзақ жыл тірнектеп жинаған байлығын талауға келгенде, аталарынан да асып түсті. Байлық дегенде, ауылдағы қазына — төрт түлік мал ғой. Сол малды сойды, сатты, бартерге айырбастады, әйтеуір, екі-үш жылда кұртып тынды. Тірі мал ғана емес, «Көкөзекке» қарасты азын-аулақ техника да көрінгеннің қолында кетті.

Әлі де болса «кірме» аты қалмаған Бұқарбай бұлардың ішкі ісіне араласқан жоқ. Тек, ортадағы мал-мүліктің талауға түсіп жатқанын көргенде: «Құдауанда, қолындағы бар байлыққа иелік етпейтін, есеп-қисап жүргізбейтін, мұндай да мемлекет болады екен!» деп иығын көтерді де қойды. Бар бітіргені, «гараждағы» машина мен тракторды жұрт қоймай, талап бара жатқан соң, салда басы шыққан бір ескі «Беларусьты» бұл да қорасына кіргізіп алған. Ескі деп ешкім қызықпады ма, әлде әуелден тізімде жоқ нәрсе ме, әйтеуір, сол тракторды жоқтаған жан болмады.

Ал, ортадағы қалған-құтқан малды бөліске салуға келгенде, Бұқарбайды ешкім елеген де жоқ. Сірә, бұл әу баста тізімге ілікпеген сияқты. Бұл кезде ортадағы малдың өзі де шағындалып қалған. Совхоздағы қырық мың қойдан оң мыңдайы қалған екен, оны да басшылар «акционерлік қоғам құрамыз» деген сылтаумен орталыққа жинатып алды. Ал екі мыңдай жылқының қайда кеткенін ешкім білмейді. Ең соңында, «Көкөзек» бөлімшесінде бір табындай ғана сиыр қалыпты. Бөлімше бастығы Кәкімбек әр нәрседен хабары бар, талапты, намысты жігіт болатын. Әрі осы ауылдың төл тумасы. Сол Кәкімбек жаңағы бір табын сиырдан көз жазып қалып, ел алдында ұятқа қалармын деді ме, бір күні наурыз мейрамында жұртты жинап алыпты да:

— Қолымызда осы елдің табан ет, маңдай терімен жиналған әжептәуір малымыз бар еді. «Құлға қойған құйқаны мінтей-мінтей тауысты» дегендей, қазан түбінде қалғаны — бір табын сиыр ғана. Тым құрыса «жекешеленді» деген ырым болсын, бір-бір қарадан ұстап алыңдар. Жоғарыға жауабын өзім беремін! — депті.

Сол сөздің ауыздан шығуы мұң екен, анталаған жұрт қорадағы сиырға лап қояды ғой, баяғы. «Көкөзекте» екі жүздей түтін бар. Жапа-тармағай жабылғанда, үй басы бір сиырдан әзер жетіпті. Ірі қараға қолы жетпей қалғаны, тайынша-торпаққа да риза болса керек. Санатқа ілінбей, малдан мақұрым қалған кісі — жалғыз Бұқарбай ғана. Малды қойшы, бүлінгеннен бүлдіргі алмай-ақ қояды. Бірақ көрер көзге «үлестен қағылды» деген аты жаман екен. Ақыры ол да намысқа шауып, Кәкімбекке барып өкпесін айтты:

— Баяғыда атам Сүлейменнің бес мың қойын, бес жүз жылқысын, үйір-үйір түйесі мен сиырын Кеңес өкіметі тартып алып, осы елге пышақ үстінен бөліп берген екен. Сол малдың сілекейі ретінде, матаң тым құрыса бір бұзау бұйырмағаны ма? — деген түсін суыққа салып.

Кәкімбек жас та болса сөз түсінетін, аңғарлы жігіт еді. Орынды айтылған өкпеге жауап таппай, шырқырап кетті:

— Қап, құдай мені қос қолдап ұрған екен! Қалай ғана ұмыттым екен сізді?! Бәрінен де аруақтан ұят болды-ау! Айыптымын... Екі бұзаулы сиырым бар еді, соның біреуін айыпқа алыңыз да, разы болыңыз! — деді шын пейілімен. Бірақ оған көне қоятын Бұқарбай ма:

— Жоқ, бастықтан айып алатындай мен кіммін соншама? Менің алашағым сенде емес, колхозда. Маған ортаның малы керек! — деп қасарысты.

Кәкімбек тығырыққа тірелгендей, бір сот маңдайын ұстап отырып қалған.

— Сол орталығында да аша тұяқ қалмады-ау қазір... Енші алып кеткендер енді сауырын сипатар дейсің бе?— деп біраз қиналып отырды да, кенет: — Таптым! — деп орнынан ұшып тұрды. — Айтпақшы, қасқа бұқа бар екен ғой! Ол тіпті есте жоқ... Ол да — бір түліктің басы ғой. Сол бұқаны алсаңыз қайтеді?

Көкімбек бұқа да болса бір малдың табылғанына керемет қуанып кетті. Жағдайды тез пайымдап үлгерген Бұқарбай бұдан ары кергуді лайықсыз көрді де:

— Жарайды,айтқаның болсын! Маған,әйтеуір, ортаның малынан үлес тисе болғаны, — деді артық сөзге бармай.

Екеуі барып қараса, шынында да, даңғарадай ашық қорада қызыл қасқа бұқа бір өзі жалғыз қалған екен. Бұлар қасына таянғанда, тор жақта күн шуақтап жатқан жерінен созаландай түрегелді. Жануар үйелмені үйдей, сүйекті мал екен. Қасқа емес, ала десе де болғандай. Маңдай тұсы — ай қасқа, аппақ. Сонан соң сауырында, алдынғы екі жіліншігі мен құйрық ұшында аздаған аласы бар. Мүйізі арбақ емес, тікше, шаншылып тұр. Өмірі бұйда тағылмай, мойынағаш кимей, тек бұқалық міндетін ғана өтеп жүрген, бір түліктің еркесі ғой. Қазір жыл шыққан ерте көктемде де еті тым оян тарта қоймаған. Хайуан да болса үйірінен айырылу оңай дейсің бе, қасқа бұқаның казіргі кейпінен әлдебір мұңайғандық, адамға қара тартқан мойын салдық байқалады.

— Қорықпаңыз, қолдан жем жеп үйренген мал ғой, кісіге тиіспейді, — деді Кәкімбек қасқа бұқаны қалайда өткізуге тырысып.

Шынында да солай екен. Бұқарбай қасына барып, құждай мойнынан, әукесінен сипап көріп еді, бәлендей шадыр мінез танытпады. Мүйізіне жіп тағып, жетектеген кезде де көп тартынбай жүріп кетті.

— Бұл өзі — асыл тұқымды жас бұқа! — Көңілі енді орныққан Кәкімбек мақтауын асырып келеді. — Егер семіртіп соятын болсаңыз, бір өзі жарты тонна ет беретін шығар-ау!

Бұқарбай үндеген жоқ. Оның өз есебі өзінде еді. Қасқа бұқаны жетелеген күйі ауылды қақ жарып, «гараж» жақтағы өз үйіне қарай бет алды. Көшеде бұған күле қарамаған кісі жоқ. Тіпті, кейбіреулері ашық келеке қылып:

— Уа, бұқаң құтты болсын!

Саған Зеңгібабаның өзі тиіпті-ау! Бұқаңның құйрығын майламайсың ба?

— Мұны енді не істемексің, сауып ішесің бе? Жануар ұмасының өзі де бар екен! — десіп сайқымазаққа айналдырды.

Бұқарбай бұларға да ләм деп тіс жарған жоқ. Бірақ іштей қатты ширығып, ызадан жарыла жаздап келеді. «Бәлем, тұра тұрындар, осы қылықтарыңды алдарына бір келтірмесем, ит болайын! Қасқа бұқаның ұмасына зар боларсыңдар әлі!» деді серт ұстаған адамдай...

Әлдебір тәуекелге бел байлаған Бұқарбай қар кетіп, жер дегдісімен, орталықтағы бұрынғы үйін тастады да, Сүлеймен сайының аузындағы қаңырап бос қалған сиыр базына көшіп түсті. Көшкенде қажетті темір-терсегін артып, қаз, үйрек, тауығына дейін қалдырмай, өзінің екі сиырына қоса қасқа бұқаны да айдап кетті. «Көкөзектің» халқы аң-таң. Біреулері:

— Әй, қанша дегенмен жат бауырлығы қалмайды-ау! Ағайыннан безіп, айдалада жалғыз үй отырғанын қарашы! — деп қыжыртса, кейбір жөн білетіндері:

— Қайтсін, байғұс, әкесінің моласы да сонда жатыр. Атадан қалған қыстауына өзінше иелік еткені шығар! — десіп оның ісін ақтаған болды.

Бірақ жұрттың қысыр әңгімесінде Бұқарбайдың шаруасы болған жоқ. Даң-дұңнан аулақ, кең жерге келген соң, өзінің ойға алған жоспарын біртіндеп орындауға кірісті. Ол еншіге тиген ескі «Беларусьты» баяғыда-ақ жөндеп алған. Оған тіркейтін қорапты «тележкасы» тағы бар. Өзі құрастырып алған екі жүзді соқасы да сақадай сай тұр. Қыстаудың аяқ жағында топырағы қалампырдай көңірсіген шұрайлы алқап болушы еді. Көктем шыға тракторына жанағы соқаны тіркеді де, қара жердің қыртысын айналдырып, егін салуға кірісті. Егін болғанда, дәнді дақылдар емес, көкөніс: картоп, асқабақ, қауын-қарбыз, сәбіз, сарымсақ дейсің бе, әйтеуір, бұл жақтың қазағы кәсіп етпеген дүниелер. Соларды барлық ережесімен тақта-тақта ғып екті де, мал аяғы баспау үшін төңірегін сыммен қоршап тастады. Сүлеймен сайында дөй далаға ағып жатқан жарты құлақтай су бартұғын. Бала-шағасымен жабылып жүріп, жаңағы бұлақтан қиялап тоған шығарды да, қажет кезінде бұра салатындай етіп, егістікке оқтап қойды.

Бір сайдың қуысында жатқан Бұқарбайдың бұл тірлігінен былайғы жұрт бейхабар-тұғын. Күнкөріс қамымен басы қатып жүрген адамдар. Жұмыссыз қалған жұрт екі қолын алдына сыйдыра алмай, сенделіп бос жүр. Және сол тұста ауылда жанармай қат болып, бұрын ағылып жататын автобустар көзден бұлбұл ұшып, біреуге-біреу қатынаудың өзі мұң болған. Ауыл-ауылға қыдыру былай тұрсын, тығыз шаруасы барлар небәрі жиырма шақырым жердегі аудан орталығына жете алмай қалған кез еді.

Міне, дәл осы тұста ауылдастарын таң қалдырып, Бұқарбай тағы да көзге түсті. Бір күні таңертең жүрдек «Беларусьқа» тележкасын тіркеп алып, ауыл ортасындағы алаңда тұр. Жай тұрған жоқ-ау:

— Кәне, кім қайда барады? Аудан орталығы қажет болса, мархабат: бір-ақ сағатта апарып тастаймын! — деп жар салып, айғайлап тұр.

Көлік күткен көпшілік басында тележкаға қарай лап қойды да, кенет қайта серпілді.

— Ойбай, көтек! Мынауың ақы аламын дейді ғой... Босқа емес, билет сататын көрінеді! — деді бір әйел баж-бұж етіп.

Шынында да солай боп шықты. Ақылы екен! Аудан орталығы — Ақбұлаққа дейін 50 теңге. Қайтар жолы да сол баға. Несиеге қарамайды. Қолма-қол ақша төлеу керек!

Ауылдастары ағайыншылықты білмейтін Бұқарбайға наразы болып, біраз шу шығарды. Ұрысты, сөкті. «Ой, сұмдық-ай» деп жағаларын ұстады. Бірақ басқа амал таппай, ақыры таласып-тармасып тележкаға мінді. Сұмдық ештеңесі жоқ. Бұған да жиырмадай кісі сыятын көрінеді. Жүрісі жайлы екен. «Тележканың»» табанына шөп төсеп, үстіне кенеп жайып қойыпты. Ауданда шұғыл шаруасы бар адамдарды Ақбұлаққа алып барып, түске таман алып қайтады. Көлік таппай қысылып тұрғанда бұдан артық не керек?

Бұқарбай осылайша күніне бір, кейде екі рейс жасап тұрды. Ал пойызға шығамын деушілер болса, кештетіп Аягөзге де апарып тастайды. Ол жақтағы ауылға жете алмай тұрғандарды мұнда алып қайтады. Жол ұзарған сайын билет бағасы да қымбаттай бермек. Мұның сыртында: «отынымды әкеліп берші», «шөбімді түсіріп берші» деп жалынатындар қаншама! Тұяғы қимылдап кетсе — ақша! Дайын ақшасы жоқтардың қой-қозы, тоқты-торымын да ала береді.

Аттап басқанына ақша сұрайтын жігіттің бұл қылығына ауылдастары ақыры үйрене бастаған. Бірақ бұған дейін көргендері ойыншық екен, Бұқарбай негізгі «көзірін» соңына сақтапты. Көзірі не дейсіз той? Ол — баяғы қасқа бұқа... Қасқа бұқаның ақылы кызметі. Алдын ала ақша төлемесе, бөтен сиырды бұқаның маңына жолатпайтын көрінеді. Мына сұмдықты естігенде, «Көкөзек» тұрғындарының үстіне жай түскендей болды. Сол жылы қас қылғандай, жаз шыға салысымен жеке меншік сиырлардың жаппай күйлемесі бар ма! Жын қаққандай біріне-бірі артылып, ауылды шатып кете жаздаған. Күйлеген сиырға бұқадан басқа ем жоқ екен. Ал бұл өңірдегі жалғыз бұқа — Бұқарбайдың қолында.

Амал жоқ, «Көкөзектен» шыққан беделді делегация Сүлеймен сайына қарай бет түзеді. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп, қолдан келсе, Бұқарбайды ағайыншылыққа көндіріп қайтпақ. Келіп қараса, жұрттың айтқаны рас екен, қасқа бұқаны өріске жібермей, алдына көк балауса салып, жұмыртқа қосқан жем беріп, күндіз-түні қорада ұстайды екен. Есігінде құмғандай құлып тұр. Соны көргенде-ақ, «делегацияның» беті қайтып қалды. Әйтсе де, бұрынды-соңды бұл өлкеде болып көрмеген жаңалық саналарына сыяр емес. Бұқа деген тау-тасты басына көшіріп, өрісте емін-еркін жүрмейтін бе еді. Күйіті келген сиыр кезегімен қашып жатпайтын ба еді. Тіпті, сол бұқаны мал деп іздеген кім бар? Қазекең «бұқа кімдікі болса онікі болсын, бұзау өзімдікі» деп жүре беретін.

Оны аз десеңіз, осы жұрт: «Бұқаны малым бар деме, бақсыны байым бар деме», «Бұқаның өзі қартайса да, мұрны қартаймайды», «Зәлім бұқа бұзаудың арасында жүреді» деп бұл жануардың бәтуасыздығы туралы неше алуан мысқыл шығарған жоқ па еді? Мына бұқпантай заманда бұқаның да бұл болғаны ма?! Ақыры, өздерінің неге келгендері естеріне түсіп, Бұқарбайға бұйымтайларын айтты:

— Қасқа бұқаға бір ай демалыс бер. Сиырлардың сауабын алып, табынның ішінде еркіндеп бір жүрсін. Ағайын адамдармыз ғой, кейін есептесе жатармыз, — десті жалынғандай болып.

Бірақ бұл сөзге Бұқарбай иліге қоймады.

— Басы ауған жаққа қаңғырып, көрінген қорада түнеп қалатын баяғының бұқасы жоқ бұл күнде! — деген қысқа қайырып. — «Бизнес» дегенді естулеріңіз бар ма? Бұқа керек болса, бұзау мен сүт керек болса, алдымен ақшасын төлеңіздер!

— Сонда бұқаның бір артылғаны қанша тұрады? — деді бір жігіт «бизнестен» хабардар екенін байқатып. Осы сұрақ әркімнің-ақ көкейінде тұрса керек, жиналғандар алға таман ентелей түсті.

— Сиыр басы бес жүз теңге. Бұзауға кепілдік беріледі. Бір жолда тоқтамаса, жарым бағасына қайталауға болады.

Көпшіліктің арасында жасы сексеннен асқан Сәбден деген шал тұр еді. Сол ақсақал тамағын кенеп, өзінше сөз бастады:

— Бұқарбай шырағым, мен сенің әкең Сүйіндікті, атаң Сүлейменді көрген кісімін. Екеуі де бастарына бақ қонған, осы елдің ырысы болған адамдар еді. Сол жақсылардың ұрпағы — мына сен елде жоқ ырымды бастап, бұқаның шыбығын сатқаның қалай? Оның өзі де бәрімізге ортақ кешегі колхоздың бұқасы емес пе еді?! — деген күңірене тіл қатып.

Бұл кісіні Бұқарбай да сырттай білетін-ді. Кезінде қатты белсенді болған адам. Отызыншы жылдары беліне тапанша байлап, сап-сары ала қайыс асынып жүреді екен. «Сәбден келе жатыр» дегенде жылаған бала уанатын болған... Сол әңгімелер есіне түсті де, көмейдегі сөзін ірке алмай қалды:

Өзіңіз мақтап тұрған сол Сүлейменнің де түбіне жеткен сіздер емессіздер ме? Бар байлығын тартып алып қана коймай, ақыры осы елден кетіріп тынғансыздар... Дауыңыз қасқа бұқа болса, сіз алдымен атамның малын қайтарыңыз, мен қасқа бұқаны қайырып берейін!

Шал мұндайды күтпесе керек, сасқалақтап қалды.

— Ол кезде уақыт солай болды ғой, — деді күмілжіңкіреп.

— Ендеше, мен де сол уақыттың құлымын. Меншікті пір тұтқан заманда тегін дүние болмайды. Әрқандай қызметке ақы төленуі тиіс.

Сөз осымен біткен. Бетін теріс бұрған Сәбден шал атына мініп жүріп кетті. Ол, әсілі, сиырды сылтауратып, Бұқарбайға соқтығу үшін әдейі келген секілді. Оқшантайында қалған ақырғы оғын атып кетпек. Бірақ Сәбденде қалғаны ағаш оқ болатын, Бұқарбайға дарыған жоқ.

Ал, басқалары не істейді? Аталас ағайындары бұған ұрысты, сөкті, жерден алып, жерге салды. «Ой, сұмдық-ай!» деп жағаларын ұстады. Ақыры Бұқарбайдың дегеніне көнді. Көнбеске амалдары жоқ. Бір үйдің аузын аққа тигізіп отырған жалғыз сиыр қысыр қалса не болмақ? Сүттен қағылатыны өз алдына, бұзау ермейді ғой. Мына заманда бұзау да — бір қара.

Сонымен амалы құрыған жұрт сиырларын жетектеп, Сүлеймен сайына қарай шұбыратын болды. Кей күндері сиыр базының алдында кәдімгідей кезекке тұрып қалады. Сиыр көп, бұқа жалғыз. Қанша күтімде тұр дегенмен, хайуан да белгілі мөлшерден аса алмайды екен. Өз ісіне мұқият Бұқарбай арнайы дәптер ашып қойыпты. Соған мал иесінің аты-жөнін, сиырдың түр-түсін, айы-күнін жазып отырады. Ертең дау тумау үшін мал иесі оқиғаның басы-қасында болып, соңыра дәптерге қол қоюы керек. Оның үстіне сиырлар да біркелкі емес қой. Жасы-кәрісі, арығы-семізі, байсалдысы-тұштақайы бар дегендей. Кекірелеп тұрған тоқ бұқа әукесі түспесе, қартаңдау, арық сиырларды бой салып қумауы мүмкін. Мұндайда мал иесі басын ұстап беруге тура келеді.

Осылайша, «Көкөзектің» күйлеген сиырлары жаз бойы қасқа бұқаның бауырынан өтіп жатты. Ел іші гу-гу әңгіме. Ауылдастары Бұқарбайдың бұл қылығын сан-саққа жүгіртіп, әлі күнге дейін саналарына сыйдыра алмай жүр. Баяғы бөлімше бастығы Кәкімбек кейін ауданға жоғарылап кеткен. Сол жігіт жақында Бұқарбайға сәлем бере келіпті.

— Қасқа бұқа — бір түліктің басы, «Көкөзектің» құты еді. Сол құт енді сізге келіп қонды. Ағайын жұрт не демейді, мал тани білмеген өз обалдары өздерінде. Қайта, етек басты, еріншек елді өстіп бизнеске баулығаныңыз дұрыс болды! — деп аудан басшыларының мұны қолдайтынын айтып кетті.

Өз ісінің дұрыстығына Бұқарбай да іштей сенімді болатын. Ол қасқа бұқаға байланысты науқан кезінде бір кісіден ғана оңбай жеңілді. Бірақ оның да түбі жақсылыққа айналған.

Ауылда бұрын сауыншы боп істеген Ханшайым деген жесір келіншек бар-тұғын. Үріп ауызға салғандай ақ сарының әдемісі. Кілегейге піскен сүтсінді алақаны да ұлпадай. Айтысына қарағанда, ана жылы жол апатынан қайтыс болған күйеуі Бұқарбаймен аталас көрінеді. Әйтеуір, сол әйелді көргенде жүрегі құрғырдың атқақтап кететін әдеті. Ханшайым да өз бағасын білетін болар, мінезі ашық, ерке-шолжаңдау. Әзіл сөзге де жүріп тұр. Оқта-текте кездесіп қалғанда: «Қайнағамыз, қайнағамен де ойнағамыз» деп сүйкеніп тұрады.

Бұқарбай ел аяғы сиреп қалған күндердің бірінде есік алдына шықса, қызыл құнажынын жетектеп, сол келіншек келіп тұр.

— Халіңіз қалай, қайнаға? Бүгін бұқаңыздың қолы бос па? — дейді нәркес көзін назбен төңкеріп. Сол күні Бұқарбайдың да іші пысып, ерігіп тұрған.

— Иә, бұқада не бұйымтайыңыз бар еді? — деген әдейі сөз шығару үшін.

— Бізде не бұйымтай болсын. Мына қарасан келгір ғой — көрінген малға артылып, маза бермей қойған. Осыны сіздің бұқаға иіскетіп алайын деп...

— Құр иіскегеннен іс шықпайды ғой, келінжан-ау! Иіскеу — жай сүйіскен секілді бірдеңе...

— Тағы не істеу керек сонда?

— Ой, Оның, толып жатқан шаруасы бар, — деді Бұқарбай қылжаққа басып. — Малда да махаббат, «секс» деген болады...

— Ту-у, қайнаға-ай, қайдағыны еске салатыныңыз-ай осы! — Ханшайым қалтырай күрсінді. — Бұлданбай бұқаңызды көрсетпейсіз бе?!

— Асықпаңыз... Әуелі сіздің «бойжеткенге» біздің «жігіт» қалай қарайды екен? Мәселе соған байланысты.

Бұқарбай соны айтып, қызыл құнажынды қораның ішіне енгізіп жіберген. Жануар, хайуан да болса, тіршілік заңына қатты зәру боп келсе керек, бірден иіс алып, тақаса берді. Балықтай жас құнажынды көргенде, ана жақтан қасқа бұқа да өңмендей ұмтылған.

— Мал иесісіз ғой, кейін дау туып жүрмесін, анықтап қарап алыңыз! — деді Бұқарбай келіншекке иек қағып.

— Ұят-ай, қалай қарап тұрам?

— Несі ұят? Жан-жануарға ортақ табиғаттың заңы... Айтыңызшы, осыдан асқан рахат бар ма дүниеде?!

Бұл кезде қасқа құжбан да өз шаруасын аяқтап, қызыл құнажыннан «анализ» алып болған-ды. Бұқарбай бұрылып қараса, Ханшайым өрттей қызарып, өзінен-өзі алқынып тұр екен. Екі көзі — белі бүкірейіп, мықшиып қалған құнажында.

— Шаруаңыз орындалды, келінжан. Енді тоғыз айдан кейін үйіңізге бір қасқа бұзау келеді деп есептей беріңіз! — деді жігіт насаттанып.

Жаңағы ғажайып көріністен есеңгіреп қалған келіншек енді ғана ес жинап, өзіне-өзі келе бастаған.

— Мал иесіне тартады деуші еді. Сіз де осындай қайраттысыз ба, қайнаға? — деді әлден уақытта.

— Оны білу үшін байқап көру керек қой, келінжан-ау!

— Байқауға болар еді, Бірақ сіз удай қымбат ақы сұрай ма деп қорқамын.

Бұқарбайдың сүрінген жері осы болды. Екі бетін өрт шалғандай ду ете қалған. Ұялған тек тұрмастың кебін істеп, сол арада Ханшайымды бас салып құшақтай алғаны есінде.

— Құтырдың-ау, келінжан! Жеңілдім... Сол айыбым үшін өзімді де, қасқа құжбанды да атадым жолыңа! — деп отызға жаңа келген ақ сазандай келіншекті қаңбақ құрлы көрмей, балаша көтеріп алғаны есінде. Одан арғысын екеуі де біліңкіремейді.

Содан бері де арада бес-алты жылдай уақыт өткен. Бұқарбай бұл күнде Ақбұлаққа аты мәлім ауқатты адамдардың бірі. Баяғы ескі мекеннің қасынан еңселі үй тұрғызып алған. Қорасынан жүзге жуық қой, жиырмадан астам сиыр өреді. Бұлақ бойы қаптаған қаз-үйрек. Баяғы «Беларусьты» тастап, жаңа трактор, бір жеңілдеу жүк машинасын сатып алған. Есік алдында аппақ «Нива» тұр қаңтарылып. Балалары да өзі сияқты еңбекқор, пысық. Біреуі малға, екіншісі егін мен шөпке қараса, тағы біреуі қала мен аудан арасында меншік автобуспен жолаушы тасиды.

Қазір үй қарасы да көбейген. Ана жылғы оқиғадан кейін Ханшайым да осы сиыр базына көшіп түскен-ді. Оның қорасы да құр емес. Қасқа бұқадан айнымайтын бір өңкей қызыл қасқа сиырлар, Бұқарбайдың аузынан түсіп қалғандай балпанақ балалар өріп шығады. Бұл күнде Сүлеймен сайының іші — кұжынаған тіршілік. Білетіндер: «Еңбек түбі — зейнет» деген рас. Құдауанда, шөп те шыққан жеріне шығады екен-ау!» деп таңырқай қарасады.