05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Біз бір ұядан ұшқанбыз






Естелік-эссе

Ғабдылхақ туралы ойласам, туған ел, өскен жер, күні кеше құлын-тайдай ойнақ салған балалық шағым еске түседі. Кең көсілген Сібеті даласында, Арқарлы мен Үштөбеде шимандай сыңсып отыратын қалың ауылдар келеді көз алдыма. Тарбағатай тауына көтерілсең: Ақирек, Қаражал, Бекенбай жайлаулары, Қайрақты мен Ойжайлау, Болажайлау шығады алдыңнан. Ойға түссең: Абдыра мен Қараүңгір аңғары, Боздақ даласы мен сағым ойнаған Саржиек, естен кетпес Ергейті мен Еміл, содан ары шалқыған Шағантоғай мен Барлыққа дейін бұл күнде жат қолында қалған байтақ өлкеге жеті зәңгі (болыс) төртуыл тайпасы ен жайылып жатар еді.

Әсілі төртуылдар ол жаққа Абылай заманында, жаңағы аталған жерлер жоңғардан босай салысымен-ақ барған ғой. Көш бастап барған — қолбасы Қабанбайдың үзеңгілес серігі Баймұрат батыр. Баймұрат біздің елдің ұраны. Ол кезде Шыңжаң өлкесі қытайдың Маңшың хандығына қарайды. Жер иесі, су иесі — шекара күзетіндегі халдайлар (мәнжу текті алпауыттар). Сол XVIII ғасырдың 60—70-жылдары қазақ ауылдары Барқытбелдің (Тарбағатайдың) күнгей бетіне жамырай көшіп өткенімен, көпке дейін тым ішкерілеп кете алмай, тау сағалап, шет жағалап қана күн өткізген. Келе-келе, Абылай мен Еженханның арасындағы келісім бойынша, қазақтар Маншың өкіметіне «сары ноқта» салығын (малдың жүз басынан — бір бас) төлейтін болып, заңды хұқыққа ие бола бастайды.

Ал, «төстегі төртуыл» аталатын біздің ауылдардың (қараменде мен жұмықтоғас, баймұрат пен құтымбет рулары) отырықшылыққа бет бұрып, Сібеті мен Абдыра аңғарына егін егіп, қора-жай сала бастауы — менің бабам Сымайыл зәңгінің Сібеті өзенінен бір тоған су алуына байланысты. 1870-жылы берілген бір тоған судың таңбалы құжаты берітінге дейін біздің үйдің сандығында жатушы еді. 1954-жылы жер реформасы басталғанда, белсенділер тарихи құжатты шешемнен тартып алып, ескі иеліктерді жою деген сылтаумен отқа өртеп жіберіпті.

Шәуешекке қарасты күнгейдегі төртуыл өсіп-өніп, кейін жеті болыс ел болды десек, бұлар 1864-жылғы «Шаған кеген қырғынынан» аман қалғаны ғана. Сол жылы Тарбағатайда бұрқ ете қалған мұсылмандар (қазақтар мен дүңгендер) көтерілісін басу үшін Маншың өкіметі Қобықтағы Шаған кеген бастаған торғауыттарды қаруландырып, бейғам елді қырғынға ұшыратпады ма. Ел жайлаудан жаңа түскен кезі екен. Қарулы әскер ең алдымен бөктерде отырған төртуыл ауылдарын шабады. Кәрі-жас, үлкен-кіші тегіс қанға боялды. Үріккен ел Ақшоқы асып, Қатынсудың бойына барып паналаған екен. Торғауыттар мен Маншың әскері соңдарынан қуып келіп, бейбіт елді тағы да қанжоса етеді. Қазір Мұқаншыдан отыз шақырымдай, Қатынсудың бойында «Ойран» деген жер бар. Осында мыңдаған отбасының харап болғаны жайында тарихи деректер сақталған.

Жаугершілікте тоз-тозы шығып, шашырап кеткен төртуыл әулетін Сымайыл зәңгі мен Керімбай зәңгілер неше жыл бойы қайта жинаған екен. Кейбір рулар мен аталар мүлде жойылып кеткен. Біраз ауылдар құлыстайдан қоныс аударған қызайларға ілесіп, Іле уәлаятына өтіп кетіпті. Әйтсе де, Сымайыл мен Керімбай ат жетер жердегі туыстарын жинап, сынған шөлмекті құрсаулап бүтіндегендей, руларды бір-біріне қосып, қайта құрастырған.

Ал, Сібеті өзенінен су тартқан Сымайыл тоғаны біздің елдің ұйысуына ұйтқы болды. Көшпенді ел алғаш рет егін салып, отырықшылыққа бет бұрды. Ал, менің атам Күдері би (Сымайыл зәңгінің кенже ұлы) 1900-жылы Сібетіге мешіт салған соң, ел іргесі беки түсті деуге болады. Бұл орайда менің өз әкем Жұмаділдің де қосқан үлесі бар. Ол қолындағы ең соңғы дәулетін жұмсап, 1935-жылы әке мешітінің дәл жанынан бастауыш мектеп тұрғызды.

Кейін, есейе келе өз көзімізбен көрдік қой, Бұқа бабамыздан тараған Қараменде мен Жұмықтоғас ауылдары Сымайыл тоғанын жағалай қоныстаныпты. Терістік батыс бетінде Сұлтанай, Сұлтанбек ауылдары, оған іргелес Мақып-Жақып әулеті, одан төменірек «Балтақын қоржасы» атанған Күдері зәйімкесі, Көксеген зәйімкесі, тоғанның түстік шығыс бетінде: Айтым ауылдары (менің нағашыларым), одан ары Тоқтыбай ауылы, Қарамолданың ауылы, одан төмен Қиықпай әулеті, Байсарт тамы... Осылай кете береді.

Қырқыншы жылдардың басында біздің буын жаппай Сібеті мектебіне барып оқи бастадық. Ауылы алыстар сабаққа атпен қатынайды, ауылы жақындар жаяу-жалпы келе салады. Сол мектепке балалары жаяу қатынайтын жақын ауылдардың бірі — Қарамолданың ауылы. Бүгін сөз болып отырған Ғабдылхақ — Қарамолданың немересі.

Ауылымыз сәл алыс, әрі тым еркелеу болғандығымнан ба, мен мектепке 1944-жылы сегіз жасымда бардым. Бірақ үйде ағам Ниязбекпен жағаласып жүріп, әліппені танып, есептің төрт амалын біліп алғам. Хисса-дастандарды жатқа соғатыным тағы бар. Осыларды ескерді ме, Хұсын мен Нұртай мұғалімдер мені бірден екінші сыныпқа отырғызды. Ерсілі-қарсылы мектеп үйінде бірінші мен екінші сыныптар бір бөлмеде, үшінші мен төртінші сыныптар бір бөлмеде оқиды екен. Көпшілігі бұрыннан таныс — көрші ауылда өзіммен бірге асық атып, доп ойнап жүрген балалар.

Менен бірер жас кіші Ғабдылхақ сол жылы бірінші сыныпқа барыпты. Түр-келбеті анасы Орақаға келетін, бетінен қаны тамғандай, қызыл шырайлы, екі көзі шоқтай жайнаған пысық бала есік жақтағы партаның ең алдында отырады екен. Мектепке ауылы жақын және әкесінің інісі Нұртай осында мұғалім болғандықтан ба, өзін тым еркін ұстайтыны байқалады. Әсілі, бұл әулет те оқымысты, сауатты ауылдардың санатына жатады. Қарамолданың үлкен улы Барлық әке жолын қуып медресе бітірсе, ортаншы ұлы Нұртай Шәуешек гимназиясын бітірген. Мына кішкентай Ғабдылхақ та оқуға ынталы көрінеді.

Осы арада Қарамолда атамыз жайында аз-кем тоқтала кеткеніміз жөн шығар. Қарамолданың азан шақырып қойған аты — Қожабек. Бірақ қағаз жүзінде солай жазылғанымен, ешкім де ол кісіні «Қожабек» деп атамайды. Ел аузында — Қарамолда, Молдеке. Біздің елде басына аппақ шатырдай сәлде орап жүретін — сол кісі ғана болатын. Қарамолда — төртуыл елінің бас мүфтиі, елге аса сыйлы адам. Жәй дін өкілі ғана емес, көзі ашық, жаңалыққа құштар, ұлтжанды, халықшыл кісі-тұғын. Ортаншы ұлы Нұртайды жаңаша оқуға беріп, гимназия бітіртуі — соның бір дәлелі. Ал, 1945-жылы Шынжаңда ұлт-азаттық күресі қызған кезде, Қарамолда не істеді дейсіз ғой? Нұртайдан кейінгі Жұматай деген ұлын еріктілер қатарында әскерге ең алдымен аттандырды. Жұматай әскерге жүрерде кішігірім той жасап, жиналған көп халықтың алдында жаназасын тірідей оқып жібергені есімде. Әулие текті адам ғой, Молдекең бірдеңені сезді ме деймін, сол Жұматай елге қайтпай, азаттық жолында шәйіт болды.

Жалпы қыр елінде ислам дінін орнықтыруда мешіт салған Күдері биден соң бұл әулеттің атқарған қызметі аз емес. Қарамолда — төртуылдың бас мүфтиі болғанда, оның інісі Сармолда — біздің елдің бірден-бір қожасы болатын. Елдегі еркек кіндік сол кісінің қолымен сүндеттен өтуші еді. Бұл жағынан бәріміз де Сармолда атамызға қарыздармыз.

Қарамолда артық байлық жинамаған, дөңгелек қана дәулеті бар кісі еді. Қысы-жазы қонақ арылмайтын, дастарқаны мол ауыл-тұғын. Қарамолда атамыздың төрт бірдей зайыбы болды. Әр әйеліне өзінің қойып алған аты бар. Бір әйелінің аты — Түзқұсы. Қыздай емес, жесір келіншек күйінде алдым дегенді білдірсе керек. Тағы бір әйелін «Ноғай апаң» дейтұғын. Төркін жұрты татар араласқан шала қазақтау ма, қалай... Осылай жалғаса береді. Молданың аяқ жағында кимешек-шаршыларына шаң жұқпаған төрт әйелдің қаздай тізіліп отыратыны әлі көз алдымда. Бұлардың арасында күндестік, ұрыс-керіс деген болмайды. Бәрі де Қарамолданың қаһарынан айбынады.

Латип қажының баласы Хұсни мұғалім Сібеті мектебінде дін сабағын жақсы оқытты. Мұғалім сәниді, иманшартты, әптиекті бітірген соң, төртінші сыныпта құранға түстік. Онымен коймай, үшінші, төртінші сынып оқушыларын сол жылы түгел намазға жықты. Күдері мешіті дәл іргемізде тұр. Бесін намазын сол мешітке барып оқимыз. Әр күні біреуіміз имам боламыз. Кілең 12-13 жасар балалар қаз-қатар тізіліп, намаз оқып тұратыны әлі көз алдымда. Он ракагат бесін намазын өтеп болған соң, Хұсни мұғалім шәкірттеріне кезегімен құран оқытады. «Ясин», «Табарак» секілді ұзақ сүрелер... Сонда, аят оқуда қара үзіп шыққандардың бірі — Ғабдылхақ марқұм еді. Құран оқығанда, Қарамолда атамыздың, Ахмет атамыздың мақамына саламыз деп, даусымызды жорта жуандатып, өзара жарысқа түсеміз. «Ахмет атам» деп отырғаным — Күдері бидің үлкен ұлы, менің әкемнің ағасы Ахмет имам. Ол кісі әкесінің мешітіне ұзақ жыл имам болып, бертінде қайтыс болды.

Біз, Ғабдылхақ екеуіміз Шәуешектегі жеті жылдық мектепке де қатар келіп түстік. Кейін үш жыл бойы Гимназияда тағы бірге оқыдық. Ол бірден мұғалім боп шығатын педагогикалық сыныпта, мен жәй сыныпта оқыдым. 1956 жылы гимназияны бітірген соң, мен Алматыға оқуға кеттім де, ол Алтай аймағына барып, мұғалім болды. Содан арада бес жыл өткенде Сібетіде қайта бас қостық қой. Біздің ел 1962-жылдың көктемінде Қазақстанға көшіп өтуге дайындалып жатқан. Біз қыс бойы Кремльге неше дүркін хат жазып, көш дайындығын күні бұрын жасап қойғанбыз. Осы қарсаңда Барлық ағамыз Алтайға дабырасыз барыпты да, Ғабдылхақты бала-шағасымен алып қайтыпты.

Ғабдылхақ — сегіз қырлы талант иесі еді. Гимназияда оқып жүргенде өлеңді қатар жазып, бірге шыққанбыз. Кейін Қазақстанға келген соң, біраз жыл тіршілік қамымен ауылда тұрып қалды да, өлеңнен қол үзіп кетті. Бірақ, оның есесіне, қазақтың қара домбырасы Ғабдылхақты аренаға алып шықты. Ол шертпе күйдің хас шебері еді. Соған орай ширек ғасырдан астам Құрманғазы атындағы оркестр мен «Отырар сазында» өнер көрсетті. Бұрын Қазақстан халқына мәлім болмаған шығыстың біраз күйлерін алып келген де — Ғабдылхақ Барлықұлы. Мәселен, «Салкүрең», «Бежеңнің Кеңес күйі», «Мүкейдің қосбасары», «Қайрақбай», «Бұлғын-сусар», «Ақарал», т. б. күйлер Ғабдылхақтың орындауында нотаға түсіп, ел игілігіне айналды.

Жалпы, біздің елде ауыл арасының әнші-жыршылары көп болғанымен, елге танымал даңғайыр домбырашылар кезіге қоймайтын. Ғабдылхаққа күйшілік өнер, сөз жоқ, анасы Орақадан дарыды. Орақа шешеміз біздің елдің бағына өнерпаз келін болып түсіпті. «Бір жамандықтың бір жақсылығы бар» деген ғой. 1932-жылғы қолдан жасалған ашаршылықта Қазақстанның шекараға таяу біраз халқы Шыңжаңға қарай шұбырмады ма. Кімдер жоқ дейсің бұлардың арасында: бай да, бағлан да, ғұлама ғалым да, өнерпаз әнші-күйші де ұшырасатын. Үржар, Таскескен төңірегінен көтерілген елмен бірге Есенәлі ақсақалдың ауылы да біздің елге келіп паналаған. Он саусағынан өнер тамған Орақа — сол Есенәлінің бойжетіп отырған қызы екен. Бұлардың сүйегі — Семізнайман ішінде Жанғұлы. Көпке әйгілі Жағда Бабалықовпен, Қажығұмар Шабданұлымен аталас. Елге ел қосылып, екі жақ өзара құдаласып жатқан кез. Осыған дейін үйленбей, қыз таңдап, бұлғақтап жүрген Қарамолданың үлкен ұлы Барлық ағамыз Орақа сұлуды көріп, бірден құлап түседі ғой. Ақыры, екеуі қосылып тынады.

Жаңалыққа жаны құмар Қарамолда атамыз әнші, домбырашы Орақаны бетінен қақпай еркін ұстады. Жиын-тойда ән бастайтын — Орақа, қыз ұзатар тойларда «аужарды» қыздыратын — Орақа. Елге сыйлы үлкен адамдар өлгенде жоқтау айтып беретін де — Орақа... Қысқасы, өнерпаз Орақа біздің елге құтты келін боп түсті. өзі ақын, өзі домбырашы Ғабдылхақ, міне, осындай отбасында дүниеге келген.

1962-жылы елмен бірге атажұртқа ауған Қарамолда әулеті Орақаның төркін жұрты Таскескен өңіріне келіп қоныстанған. Содан арада жеті-сегіз жыл өткенде, Алматы маңындағы менің аға-бауырларыма қара тартты ма, Барлық ағамыз да осылай қарай құйысқан көтерді. Аңғарында тау өзені күркіреп ағып жатқан, жұма намазын оқитын мешіті бар Қарғалы селосы ол кісіге де қатты ұнап еді.

Әлі есімде, Барлық ағамыз Алматыға алғаш жұрт шала келгенде сол жылы мектеп бітірген Райхан дейтін қызы екеуі біздің үйде бірнеше күн жатқаны бар. Бір күні олар біздің үйдің балаларын ертіп, хайуанаттар паркін көруге кеткен-ді. Біраздан соң балалар қайтып келді, Бәкең жоқ. Жолда бір-бірінен адасып қалыпты. Троллейбуста адам көп, ағамыз жұрттың кеу-кеуімен паркке жетпей басқа бір аялдамадан түсіп қалса керек. Райхан ботадай боздап жылап жүр. Мен бәлендей қауіптене қоймадым. Үлкен қалаға бірінші рет келсе де, Барлықтай сұңғыла адамның адаспасына сенімді едім. Біз ол кезде Розыбакиев пен Жандосов көшелерінің қиылысына тақау жерде тұратынбыз. Бір уақытта көшеге шығып қарасақ, ағамыз аяңдап келе жатыр... Ол кісі көшенің атын да, үй номерін де білмейді екен. Сонда қалай тапқан дейміз ғой? Көшедегі ГАИ қызметкерінің көмегіне сүйенген. Мекен-жайыңыз қандай дегенде:

— Қасында жағармай құятын бекеті бар, ортасындағы дөңгелек алаңда гүл өсіп тұрған, төрт көшенің түйілісіне апарсаңдар болды, арғы жағын өзім табам, — депті.

ГАИ қызметкері бірден түсінген. Дереу машинасына мінгізіп алып, ортадағы дөңгелек алаңда гүл өсіп тұрған, қасында жағармай құятын бекеті бар Розыбақиев пен Жандосов көшесінің қиылысына әкеп тастапты.

Барлық ағамыз бен Орақа шешеміз Қарғалыда он жылдан астам тұрып, ақыры сол ауылдың шетіндегі зираттан мәңгілік орын алды. Ал, Ғабдылхақ оркестрдегі қызметін тоқтатқан соң, тіршілік қамымен Астана маңына көшіп барған-ды. Бір күні жаңа домбыра жасап, соның пернесін тағып отырғанда, ауырмай-сырқамай жүріп кетіпті. Балалары оның да сүйегін Қарғалыға әкеліп, әке-шешесінің қасына жерледі.

Бірақ өмір жалғасып жатыр. Орақа апамыздан бастау алған өнер бұлағы сарқылған жоқ. Ғабдылхақтың кіші ұлы Ертай Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген белгілі домбырашы. Ал, қыздары Шолпан мен Шынар — Мәскеу консерваториясын тамамдаған шебер музыканттар.

2011 ж, сәуір