Әдебиет
Еменнің иір бұтағы
I
Осынау қара дауылдың түбінде бір соғатыны хақ еді. Сол күткен сәт те туды. Сай-сүйекті сырқыратқан шешесінің зарлы үні бұл ойлағаннан да қаһарлы, бұл күткеннен де қасіретті шықты.
— Ойбай-ай, енді не бетімді айттым, ойбай?! Айдың, жылдың аманында тірідей жерге көміп, досқа күлкі, дұшпанға таба қылдың-ау, көгермегір!.. Жетпей желкең қиылғыр-ау, бұл қорлықты көрсеткенше, баяғыда машинаның астына түскен кезіңде, неге ғана қата қалмадың екенсің? Жұртым-ау, енді не істедім мына дауасызға?!
Үй іші құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Зылиқаның іштегі шерін ақтарып болмайынша тоқтамасын білетін балалары әзірше тіл қатпай үнсіз отыр. Мойнынан су төгіліп, басы салбырап кеткен күнәкар Арқат та тісін-тісіне қойып, дыбыс шығармады. Бір сәт демін ішіне тартып тына қалған «қора боран» қайта көтерілді.
— Елдің сен сияқты баласы оқуға түсе алмай зар болып жүр. Ал сенің істеп отырғанын мынау: ел аман, жұрт тынышта, о заман да бұ заман, оқып жүрген институтты тастап кету деген не масқара?! Дүниені бұлдіріп алып, онысын тағы ешкімге айтпай жасырып жүргенін қайтерсің! Ей, бетің тілінгір, — Зылиқа күйінгеннен ауыр денесін жеп-жеңіл қозғап, Арқаттың қасына жетіп барды. — Бетің тілінгір-ау, менің көзіме тура қарашы өзің! Сен оқығанда, менің басыма тас орнатпай-ақ қой. Оқысаң өзің үшін оқисың, мына ағаларың секілді өз жаныңды өзің бағасың... Миғұла неме-ау, тым құрыса соны да түсінбегенің бе? Бізден ұялмасаңда, ана әкеңнің аруағынан ұялсаң нетті? Былайғы жұрт қайдан білсін, сені де профессордың баласы, академиктің жиені дейді-ау!.. Он тоғызға келіп, бүйтіп ат атандырып, сүйек сындырғанша, он тоғыз тастың астында неге қалмады екенсің?! Оу, сендер өстіп мені қақсатып қойып, қызығына қарап отырасыңдар ма? Әлде мына бауырларыңа бірдеме айтасыңдар ма? — деп, өзі білетін бар қарғысын айтып тауысқан Зылиқа жәрдем сұрағандай, төрде отырған оқымысты ұлдары мен жалғыз қызына қарады.
Кандидаттық диссертацияларын әлдеқашан қорғап алған ғалым жігіттер Талғат пен Сұңғат әлі де сабыр сақтап, «бірдеңе айтсайшы» дегендей, бір-біріне көз қиығын тастады да қойды. Шет тілдер институтында сабақ беретін, ағылшын тілінің маманы Алма ғана шырылдап араға түсті.
— Мама, қойыңызшы енді... Осыған бола сөзіңізді қор қылып, несіне таусыласыз? Ауырып қаласыз ғой тағы да... Оқымаса өз обалы өзіне! Бізде қарызы жоқ. Оқуға түсірдік пе — түсірдік. Өзіне жақсы болса жүрсін, тас көтеріп, көше тазалап...
Мына сөзді естігенде Зылиқа жұбанудың орнына одан ары өршіп, күйіктен жарылып кете жаздады:
— Бұл ма, бұл қарабет менің сорыма туған ғой, сорыма туған... Көрерсіңдер, түбінде менің ажалым осыдан болады. Осы жалмауыз алып жейді мені... Араға сегіз жыл салып, бала табудан мүлде қарайып қалған кезімде, осы жарыместі неге ғана таптым екен десейші? «Құрысын, басқаларынан артық па, осыны да туалетке тастай салайық» дегенімде, Құрекең марқұм: «Жас баланың иісін сағындым», — деп көнбеп еді. Құдай қара бастырып, сонда несін ғана тыңдадым екен, сорлы басым?! Еркектің несі кетті? Мені жанған оттың ортасына тастады да, өзі, әне, жатыр топырақтың астында рахаттанып!..
— Құрманбек-ау, естисің бе? Мына шіріген жұмыртқаңа не істесем болады? Айтар амалың бар ма? — деп бұдан бес жыл бұрын қайтыс болған күйеуін еске алып, ышқына айқайлаған Зылиқа кенет ауа жетпегендей омырауын қармалап, креслоға құлай берді.
Соңғы жылдары Зылиқаның анда-санда осылай жүрегі қысылып қалатыны бар еді. Есі шыққан балалары олай-бұлай жүгіріп, қарбаласып қалды. Суық су ішкізіп, таблетка жұтқызды. Үлкен ұлы Талғат дәрігер еді, шешесінің тамырын ұстап, сол орнынан қозғамай, жайлап жатқызды да, балконның есігін аштырып, науқастың еркін дем алуы үшін, бауырларын екінші бөлмеге қуып тастады. Бәрінің өңінде үрей. «Осының бәріне сен кінәлісің» дегендей, Арқатты оқты көздерімен атып, қыжырта қарайды. Алма екі иіні селкілдеп, егіле жылап тұр.
Бір жақсысы, көп кешікпей қатерлі кезең өтіп, Зылиқа есін жинады. Аналарының қадіріне енді жеткендей, барлығы анталай қоршап тұр. Бір шеттен Арқат та келіп орын алды. Өз қылығы үй ішінде мұндай дүрбелең туғызар деп ойламаған-ды. Шешесінің осы бір болымсыз нәрсеге бола сонша неге күйіп-пісіп, тас-талқан болғанын түсіне алмай, таңданып та тұр еді. Аяқ астынан үрпиіп, жүдеп қалған балаларының зәресін алғысы келмеді ме, Зылиқа жылдам ширап, басын көтерді.
Көңілі орныққан Алма дастарқан жасап, ағаларын шайға шақырған. Арқат өз бөлмесіне кіріп, төсекте теріс қарап жатып алған еді, Сұңғат ағасы оны зорлағандай ертіп келді.
— Кел, отыр. Әңгіме бар, — деді стол басына келген соң. — Бәріміз де жұмыстағы адамдармыз. Күнде бұлай топ жинап, бас қоса беруге уақыт жоқ. Бүгін не де болса сенің тоқ етер сөзіңді естіп кетейік.
Зылиқа жаңағы науқасынан өзі де қорқып қалған секілді. Оқтын-оқтын көкірегін қарыс айыра күрсініп қойып: «Мен айтарымды айтып болдым. Ендігісін өздерің шешіңдер» дегендей, билікті ұлдарына беріп, үнсіз отыр. Арқаттың жарты жылдық емтиханда бірнеше сабақтан үлгермей, институттан шығып қалғанын, оның соңғы бір жарым айда «оқып жүрмін» деп, үйдің ішін өтірік алдап келгенін әшкерелеген Сұңғат ағасы еді. Ол да кеше ғана Политехника институтының мұғалімдерімен бір жерде қонақта отырғанда, кездейсоқ естіп қалыпты. Факультеттің деканы Сұнғатқа кәдімгідей кінә артып:
— Өзіңнің де ішің сезіп отырған шығар. Сенің әлгі інің бәрімізді ұятқа қалдырды. Былтыр Құрекеңнің аруағын сыйлап, әрі сенің көңіліңді қимай, оқуға қабылдап едім. Оның бір барып тұрған көк жалқау екен, қыстық сессияда барлық сабақтан екі алып, масқарамызды шығарды. Өзі институттан шыққанымен қоймай, қабылдау емтиханында баға қойған мұғалімдерге біраз сөз келтірді, — деп ренжіген көрінеді.
Ашық күнде төбесінен жай түскендей болған Сұңғат, бұл хабарды бірінші рет естіп отырғанын айтып, ақтала бастаған екен, жігіттер:
— Ештеңе етпес, білімге жарлы емессіңдер ғой... Көп ғалымның арасында оқымаған біреу жүрсе қайтер дейсің?— деп күлкіге айналдырыпты.
Сұңғатқа бәрінен де сонысы батыпты. Ол қазір сондағы ашумен болған оқиғаны қайта жаңғыртып баяндап келді де, мәселені қабырғасынан қойды:
— Сонымен не істемек ойың бар? Оқуды жалғастырасың ба, әлде біржола тастадың ба? Алдымен осының басын ашып алайықшы, — деді Арқатты көзімен ішіп-жеп.
Арқаттың да қырсығы бір басына жетерлік еді. Жас мөлшеріне қарағанда өзін әлдеқайда ересек көрсететін еңгезердей денесі құныса түсіп, қала жастарында кезіге бермейтін сәл безеу басқан бет әлпеті сұрланып, төмен қарап мелшиіп отыр.
— Оқимын десең енді бір-ақ жол бар, — деді Сұңғат сөзін жалғап. — Бұл курсқа сені бәрібір алмайды. Өйткені жұрт құлақтанып қалды. Ең дұрысы биыл «денсаулығына байланысты оқи алмады» деген дәрігердің анықтамасы бойынша, академиялық демалыс алу керек те, оқуды келер жылы бірінші курстан қайта бастау керек. Осыдан басқа амал жоқ... Бұған қалай қарайсың?
Арқат бұл сұраққа да жауап қатпай, ұнатпаған пішінмен теріс қарап кетіп еді.
— Әй, неге үндемейсің? Сенен жұрт жөн сұрап отыр ғой, — деді шешесі шыдай алмай. — Әкем-ау, мынаның тіл-аузы байланып қалғаннан сау ма?
— Мама, құдай үшін үндемеңізші! Сізге ашулануға болмайды ғой, — деді Алма жалынғандай болып.
— Жарайды, қойдым. Өлмесе өмірем қапсын, адыра қалғыр! «Жаман кісіні асырасаң, аузы-мұрның қан болады» деп бұрынғылар тегін айтқан ба? Қайтейін, — деп Зылиқа күрсінді.
— Ал бірдеңе айтсайшы. Тым құрыса, «иә», немесе «жоқ» деуге тілің келмей ме? — деді Сұңғаттың да төзімі таусылып.
Арқаттың аузынан екі ауыз сөз тістеніп әрең шықты.
— Оқығым келмейді...
— Heгe?
— Себебін түсіндірші, — деді екі ағасы жарыса үн қатып.
— Міндетті он жылдық мектепті бітірдім. Енді мені оқымадың деп ешкім де жазалай алмайды...
— Ойпыр-о-ой, мынау тіпті ғылымды игеріп тастаған екен ғой, — деді шешесі қанына қарайып.
— Жарайды, саған ешкім зорлық жасамайды дедік. Сонда неге оқымайсың, себебін айтсайшы! — деді манадан бері үнсіз отырған Талғат.
Арқат басын көтеріп, ащы бір нәрсе жегендей бет-аузын тыржитты.
— Неге түсінбейсіңдер? Оқымаймын деген соң оқымаймын! Денсаулығым жарамайды... Сенсеңдер, тіпті қағазға қарағым келмейді. Жазуы бар қағазды көрсем жүрегім айнып, құсып жібере жаздаймын.
«Мынаның айтып отырған сөзін естідің бе» дегендей, отырғандар біріне-бірі қарады.
— Сонда не істемексің? Білуге бола ма? — деді Алма миығына мысқыл үйіріліп.
— Не істеуші ем? Жұмыс істеймін. Үйленемін... Бала-шағам болады,—дегенде Арқаттың жүзі жайнап кетті.
— Мама, естіп отырсыз ба? Ұлыңыз үйленетін көрінеді! — Алма мәз-мейрам болып, ажуалай күлді. — Бірақ сонда бала-шағаңды қайтып бағасың? Не дипломың, не өнерің жоқ.
Ағалары амалсыздан мырс-мырс күліп жіберді.
— Амал қанша, бізден бір қателік өтіпті, — деді Сұңғат басын шайқап. — Бұл итті былтыр әскерге жіберу керек еді. Армияда мұндайлардың жынын бір айға жеткізбей қағып алады.
— Әскерге жіберсеңдер, отыр ғой алдарында. Қолынан жетектеңдер де апарып беріңдер, — деді шешесі де оны қостап.
Осы кезде манағыдай емес, ес жинап, баяғы қиқарлығын қайта тапқан Арқат оқыс мінез шығарып, күтпеген жерден қарқылдап күліп жіберді.
— «Апарып беріңдер»... Ха-ха-ха! Ой, ішегім-ай! Жетелеп апарып тапсыратын мен бір мал ма екем сондай-ақ? Мен — жасым он тоғызға толған, қолымда паспортым бар, өздерің сияқты азаматпын. Оқимын ба, әскерге барам ба, жоқ әлде жұмыс істеймін бе, өзім ғана шешуге тиіспін. Оқыған елді де көріп жүрміз ғой... Егер оқудың мақсаты жан бағу болса, мен де аштан өле қоймаспын, — деді әлденеге масайрай сөйлеп. — Маған енді қоятын сұрақтарын бар ма? Жоқ болса, әңгіме осымен тамам... Мен кеттім, — деп орнынан тұра беріп еді, Алма жолын бөгеп қалды.
— Қандай ұятсызсың, Аркатик? — деді Алма ұялы әсем көздерімен бауырының бетіне тесіле қарап. — Жаңа көрдің ғой, тым құрыса мамамды аясайшы. Сен біздің ешқайсымызды, тіпті мамамды да жақсы көрмейді екенсің. Жақсы көрсең сыйлар едің, тыңдар едің... Осындай мейірімсіз, тас жүрек болып қайдан шықтың екенсің?!
Күні бойы айтылған көп сөздің ішінде Арқатқа аса ауыр тигені осы еді. Шымбайына батқаны соншалық, қаны басына теуіп, ышқынып кетті де, әпкесіне қарап:
— Мен... Мен бе — тас жүрек? — деді ерні дір-дір етіп. Одан ары аузына ештеңе түспей қалшылдап сәл тұрды да қолын бір-ақ сермеп, үйден шыға жөнелді.
Үлкендер сол орындарында отырып қалған. Бірталайға дейін тіс жарып, тіл қатқан ешкім болмады. Әрқайсысы өзінше толғанып, Арқатқа сіңірген еңбектерін еске алды. Зылиқаның көз алдында бәрі де бүгінгідей сайрап тұр. Ойлап отырса, осы бала бұл семьяға бейнет-машақаттан өзге ештеңе әкелмеген екен. Басқа балаларындай емес, қашап да осының алдында бір бәле кесе-көлденең шығады да тұрады. Сәби күнінде мешел болып қала жаздап, екі жасқа толғанда аяғын әрең басты. Тілі де үш жастан асып барып шықты. Денесі кесек болғанымен, өзі болбыр, бостау болып өсті. Сонда да Құрекең марқұм: «Ештеңе етпес, шалдың баласы бұдан артық қандай болушы еді», — деп оның басынан құс ұшырмай отыратын. Кенже баласы болғандықтан ба, Арқатты бетінен қақпай тым ерке ғып өсірді. Сол жылдары телевизорға «үйректің өгей балапаны» деген мультфильм шығып, соны көріп отырғанда, профессор: «Мынау — біздің Арқат қой аумаған», — деп рахаттанып тұрып күлуші еді. Бұл сөзді Арқатты жек көргендіктен емес, жұмыртқада ұзағырақ жатып қалған аққудың сол бір балапанындай бұл да көк жүзіне еркін қанат қағар ма екен деген тәтті үмітпен айтатын-ды.
Арқаттың сегіз жасқа толып, мектепке баруы Төлемісовтар семьясы үшін үлкен оқиға болған еді. Оны денсаулығына байланысты бір жыл әдейі кешіктіріп, қаланың ор талығындағы ең тәуір мектепке берген. Қара шаңырақтың иесі саналатын кенже ұлдан ештеңелерін аянып қалған жоқ. Профессор әкесі, балаларын бағып үйде отыратын шешесі, алды аспирант, арты студент болып жүрген ағалары мен әкпесі бәрі жабылып осы Арқаттың оқуын қадағалады. Жан-жақты білімді, өнерлі болып өссін деп, бірінші кластан бастап музыка мектебіне қоса тізімдеткен. Таңертең жай мектепке барып, түстен кейін музыкадан сабақ алып жүрді... Үйге келсе төрт түлігі сай, өзіне жеке бөлме берілді. Демалыс күндері ертеден кешке дейін қанша даңғырлатам десе де еркі бар, су жаңа неміс пианиносы Арқаттың иелігінде. Одан қолы қалт етсе, әпкесі Алма ағылшын тілін үйретеді... Қысқасы, Арқаттың да әке жолын қуып, болашақта үлкен оқымысты болып шығатынына шек келтірген емес. Бала кезіндегі өсуінің баяулығына қарап,тіпті ғалым болмаған күннің өзінде,көрнекті музыкант болып шығар деген үміттері бар еді.
Амал қанша, Арқат ол үмітті ақтамады ғой. Қанша еңбек, қанша уақыт зая кетті. Басында ілдебайлап орташа оқып келеді де, сегізінші кластан бастап, кітап бетін ашуды мүлде қойды. Барлығы көптеп-көмектеп оқу бітірткізіп, тым құрыса жұрт қатарлы диплом алсын деген оймен институтқа түсіріп еді, оның ақыры мынадай болды. Арқаттың осыншама неге ұғымсыз, жетесіз болып шыққаны бәріне де жұмбақ еді. Аз үзілістен кейін әңгіме қайта жанданып әрқайсысы өз болжамын ортаға салды:
— Ол кейінгі кезде қайдағы бір тәрбиесіз, бұзақы балалармен қосылып алды, — деді әлі де сабасына түсе қоймаған Сұңғат. — Арқаттар оқыған 10-А кластан үш-ақ бала институтқа түсіпті. Біразы әскерге кетті, қалғандары әр түрлі жұмыс істеп қалада жүр. Соларға еліктеп мұның да оқығысы келмейді.
Оның да әсері бар шығар. Бірақ негізгі себеп бұл емес — деді Талғат інісінің сөзіне қосыла қоймай. — Осы баланы біз қаршадайынан қағазбасты етіп, қажытып алдық деп қорқамын. Мектеп программасының ауырлап кеткені өз алдына, оның үстіне музыкалық мектепте оқытамыз деп басын қатырған жоқпыз ба? Орыс тілі аз болғандай, қазақша, ағылшынша білдіріп шығарамыз деп тағы әуреге салдық... Арқаттың ала қағаздан безіп, аза бойы қаза болатыны осыдан ба деп ойлаймын.
Өзін педагогпін деп білетін Алма мұндай болжамға үзілді-кесілді қарсы шықты.
— Жаңа программамен оқыған жалғыз біздің Арқат па екен? Сол класта оның тырнағына да тұрмайтын, тіпті үйінде көмектесетін адамы жоқ, шала сауатты біреулердің баласы да тәп-тәуір оқып жүрді. Ата-аналар жиналысына барған сайын Арқаттың қайдағы бір қарапайым балалардың шаңына ілесе алмай жүргенін көріп, жігерім құм болушы еді, — деді көзіне жас алып. — Одан да ықылас жоқ десеңізші. Ықылас болмаған соң, еткен еңбегің құмға құйған сумен тең....
Зылиқа күрсінді. Қағынған ұлдың қырсығынан қалған балалары жақ-жақ болып, қырқысып қала ма деп қауіптеніп отыр еді. Алғашқы райынан қайтып, енді өзі басалқы айтуға мәжбүр болды:
— Жап-жақсы өсіп келе жатқан бала еді, Арқатқа осы жұрттың көзі тиді ғой, көзі тиді, — деді ол, бүкіл өмірі оқымыстылар арасында өтсе де, кейбір ескілікті ұғымдардан арыла алмай жүретін әдетімен — Емшектегі кезінде қандай еді?! Шекесі торсықтай, өзі балпанақтай болатын. Ұмытпасам, туғандағы салмағы төрт жарым килограмм... Бір жасқа толғанда, туған күніне жиналғандар: «Мына балаң Құрекеңнің аузынан түсіп қалғандай екен. Аман жүрсе, Арқаттың не данышпан, не арыстан болып шығады», — десіп, ауыздарының суы құрыды емес пе. Сол-ақ мұң екен, ертеңінде бала жалп етіп ауырды да қалды. Содан қайтып оңала алған жоқ... Е-е, бұл сорлының да көрмегені бар ма? Төртке шыққанда ма екен, аурудан айығып енді төлежіп келе жатқанда, машинаның астына түсіп, бір өлімнен қалды. Ажалы жоқ десейші қайта, көшеде жығылып қалып, үстінен жүк машинасы жүріп өткенде, дөңгелектің аралығында қала беріпті... Содан жүрегі қозғалып, бір жылға дейін шошымалы науқасқа да шалдықты. Кім біледі, сол кезде миына ма, бір жеріне зақым келіп, байғұс бала соның зардабын тартып жүр ме? Әйтпесе, осылар заманның тыныш, тоқшылық кезінде туған балалар ғой...
Зылиқаның сөзі балаларын бітімге шақырып, сәл тыныштандырғандай болды. Бәрі жиналып ақыл қорытты.
— Не істейміз? Әлде Асекеңмен ақылдасамыз ба? — деді Сұңғат дағдарып.
— «Асекең» деп отырғаны Зылиқаның туған ағасы; белгілі академик Асылбек деген кісі еді.
— Асекеңді әурелеп қайтеміз? Ол кісінің басқа да жұмысы жетіп жатыр. Алдымен өзіміз бір амалын ойластырайық, — деді Талғат.
— Онда былай болсын, — деді Сұңғат ойланып. — Қисықты түзейміз деп, біржола сындырып алып жүрмейік. Бүгінше осы домбытқанымыз да жетер. Мүмкін, маңдайы тасқа тиген соң, ақыл кіріп, райдан қайтар. Биылша академиялық демалыс әпере тұралық. Күзде оқуын қайта жалғастырар.
Сұңғыла Сұңғаттың аузынан шыққан осы сөз бәрі үшін бәтуа болды. Шешесі мен Алмаға Арқаттың аяқ алысын бақылап отыруды тапсырып, үй-жайы бөлек жігіттер жан-жаққа тарады.
II
Бұл кезде Арқат алды-артына қарамай асығып, тау жаққа апаратын автобустың ішінде кетіп бара жатыр еді. Үйдегі әңгімені есіне алса-ақ болғаны, жанарына жас толып, жүрегі шымырлап ауырып кетеді... Бәрінен бұрын әпкесінің «тас жүрексің» дегені батты-ау жанына! Сонда оқымаған, оқығысы келмеген адамның бәрі тас жүрек бола ма екен? О несі, ей?! Өздерінің адамға зорлық жасағысы келеді. Сол жұртқа жөн айтқыш Алманың өзі екі жыл отасқан күйеуінен ажырасып, қазір үйге келіп отыр. Сол үшін оны ешкім кінәлаған да жоқ қой. Тұрғысы келмеген екен, ажырасты да кетті... «Мамаңды жақсы көрмейсің, сыйламайсың», — дейді. Құдай ақы, бұл шешесін солардың ешқайсысынан кем сыйламайды. Бәлкім, мұның анаға деген құрметі басқаларынан әлдеқайда артық шығар. Солай болуға тиіс те... Өйткені мұның аталары да, әпкесі де жарық дүниені көруге о бастан қақысы болып, қолдарына өмірге деген билеттерін ұстай келген жандар. Олар туарда ешкім де екі дай болып ойланбаған, ақылдаспаған... Туғаннан кейін де осыларды неге тудым деп ешкім өкінген жоқ... Ал Арқат ше? Арқаттың жөні бөлек. Оның осынау жарық дүниеге келмей қалуы да мүмкін еді. Шешесі, өзінің бірнеше рет өкіне еске алғанындай, мұны табудан бас тартуға да қақылы болатын... Егер әкесі марқұм әлдеқалай жас баланың иісін сағынбаса, әкесінің бұл өтінішін шешесі тыңдамаса, онда Арқатыңыз қазір Ленин проспектісін өрлеп, автобустың ішінде келе жатпас еді. Дүниеде неше түрлі басқа Арқаттар болса болар, тақ мына Төлемісов Арқат деген пенде болмас еді. Өзінің жарық дүниеге келгені үшін, бұл алдымен мейірбан әкесіне, сонан соң мұның көретін жарығына қарсы болмаған шешесіне қарыздар... Соны бұл түсінбейді деп ойлай ма екен? Ал енді Арқат он жылдықтан ары оқығысы келмесе, адамның басында тұрмайтын әр алуан формулаларды жаттауға, таусылмайтын шым-шытырық чертеждерді сызуға зауқы соқпаса, сол үшін бұл кінәлы ма? Он жыл оқыды, он жыл қиналды. Сонау бірінші кластан басталған ала шапқын жүгіріске он жыл шыдады. Сол да жетеді. Арқаттың енді бұған ары сіңірін созар жайы жоқ. Ғалым болмай-ақ қояды. Ғалымның баласы міндетті түрде ғалым болып шықсын деген заң еш жерде жазылмаған шығар? Оқымыстылықты сол ағалары мен әпкесіне-ақ берді. Осынау жер бетінен бұған да өзіне лайық бір тыныш мекен табылар.
Ол «Айнабұлақтан» өткен соң, бір-екі тұмсық айналып, жолдың Медеуге бұрылар иінінде автобустан түсіп қалды. Сай табанында ақ көбіктеніп жатқан өзен ағысын тамашалап, жағалауда біраз аялдады. Тау жақтан аңғарды бойлап, салқын самал есіп тұр. Әлгінде автобустың ішінде тынысы тарылып, басы айналғандай болып еді, лезде сарайы ашылып, сергіп кетті. Не жыны бар екен, машинаға отырса-ақ басы айналады. Бензин иісі танауға келді дегенше, жүрегі ойнақшып, тынысы тарылып, өкпесі аузына кеп тығылады. Оның үстіне төрт дөңгелекке мінсе болғаны, тұла бойын жайлап алатын бір қорқыныш тағы бар. Қарсы келе жатқан машиналар бір-біріне соғылып, осы қазір быт-шыт болатын сияқтанып, жаны мұрнының ұшына келіп қылпылдайды да отырады. Біреулер судан, біреулер оттан, біреулер биіктіктен қорқады деуші еді. Ал Арқаттың қорқынышы — машина... Бала күнінде бір рет машинаның астында қалған екен. Сонда жабысқан кесел ме, кім білсін?
Арқат тақтай көпір арқылы өзеннен өтті де, қарағай мен қайың аралас өскен тоғай арасындағы өзіне таныс суыртпақ жолмен қырқаға қарай көтерілді. Уақыт май айының басы еді. Алатау бөктері жасыл желекке оранып, ұзатылатын қыздай жасанып тұр. Кезеңнен асып түскен соң, қалың алма өскен адырға ілінді. Алма аташтардың нағыз гүл атқан шағы еді. Осы өңірге жаңа ғана қар жауып өткендей, төңірегі түгел ағарып шалынады. Арқат алдындағы алқапқа бір мезгіл сүйсіне қарап тұрды да, тоғай арасындағы көк балауса мен жас алманың иісін мейірлене жұтып, батысқа қарай аяңдай берді. Тым асығыс, жедел жүргендікі ме, маңдайынан бүртік-бүртік тер білінеді. Алдағы мына бір белеңнен асса, санаторий дегеніңіз тиіп тұр. Міне, таныс мойнаққада көтерілді. Алма бағының арасынан көк төбелі, аласа ағаш үйлер де көрініс берді...
Демалушылар түскі тамақтарын ішіп жатса керек. Асхана маңында қара-құра адамдар байқалады. Арқат жұрт көзіне түскісі келмей, оңаша беседканың біріне келіп отырды да, ентігін басып, өзін ретке келтірді... Сонан соң күндегі әдетімен шет жақтағы сыртын жасылмен сырлаған көп терезелі ағаш үйге қарай бет алды. Оң жақтан санағанда екінші терезенің жартылай ашық тұрғанын көргенде, жүрегі атқақтап қатты соғып кетті. Шіркін-ай, қазір алдынан іздеген адамы жарқ ете түссе, бүгінгі реніш, күйініштің бәрі ұмыт болар еді-ау!.. Баспалап терезенің алдына таман келді. Аласа терезеге белуардан басын сұғып ішке үңіліп еді, бөлмеде тірі пенде болмай шықты. Дәл терезенің түбінде жазу столы, одан ары жатаған төсек, дәрі-дәрмек салған шкаф тұр. Дәрінің өткір иісі қолқасын қауып кеңсірігін жарып жібере жаздады. Арғы дәлізден біреулердің дабырлап сөйлескені, сықылықтап күлгені естіледі.
Арқат: «Енді не істесем екен? Әлде дыбыс беріп шақырғаным жөн бе», — деп ойланып тұрғанда, сырт жағынан біреудің:
— Жас жігіт, сізге кім керек? — деген өктем даусы естілді.
Арқат селт етіп артына бұрылған. Қасында ақ халат киген күтуші әйелдердің бірі тұр.
— Маған медсестра Айман керек еді.
Әйел шақырып бермек болып тұра жөнелді де, қайта бұрылды:
— Айтпақшы, ол бүгін жұмыста жоқ. Таңертең бастықтан үш күнге сұранып кеткен.
Арқаттың иіні түсіп, көңілі құлазып кетті. Апырай, ә, сонша жерден әдейі іздеп келгенде, орнын сипап қалғанын қарашы! Үш күнге сұранып кетті дейді. Сондай бір тығыз шаруасы шыққан ғой. Қайда кетті екен? Алдыңғы күні жолыққанда, ондай ештеңе айтпап еді...
Арқат ізінше қалаға кайтпақ болып бір оқталды да, ол ойынан тез айныды. Мүмкін, Айман үйінде жүрген шығар. Барып білу керек.
Санаторийдің батыс жағында, бір шақырымдай жерде орманшылар аулы бар. Айманның үйі сол ауылда. Әкесі орманшы екен, екі-үш жылдың алдында қайтыс болыпты. Қазір бір үйде шешесі екеуі ғана тұрады... Арқат санаторий ауласын кесіп өқтіп, тауға таман көтерілді де, қабырға жолмен кенерлеп, орманшылар мекеніне бет алды.
Бас-аяғы он шақты үйден аспайтын бұл ауыл Арқатқа жақсы таныс. Соңғы бір жарым ай уақытын осы ауылда өткізді десе де болғандай. Айманға келіп-кетіп жүріп, осындағы орманшы жігіттермен үйірлесіп алған. Әр қуыста бес-алты үйден шашырап отыратын бұл қауым осы төңіректе «орман шаруашылығы» дейтін бірлестікті құрайды екен. Өне бойы таза ауада, табиғат аясында жүргендікі ме, адамдары шетінен кен пейіл, ақ жарқын. Арқат сәуір айының бас кезінде, бір күні таңертең күнгейде көшет отырғызып жатқан жігіттердің қасына барып, сәлемдесіп танысты да, қарап тұрмай күн бойы ағаш егуге көмектесті. Өздігінен келіп қол ұшын берген жігітті орманшылар да шетке қаққан жоқ, бауырларына тартып, жылы қабақ танытты. Кейін сұрастыра келе, оның оқудан қашып, бой тасалап жүргенін біліп, жас жігітті тіпті жақсы көріп кетіп еді. Орманшылардың ойынша, қаладағы жұрт, ақыл білсе, бір-бірлеп осында көшіп келуі керек...
Ал Арқатқа бұл жердің оңашалығы, тыныштығы ұнап еді. Әзірше, іздеп тапқан тыныш алаңқайы, «меңіреу түкпірі» осы болатын. Бүкіл қаланы бензин иісіне бөктіріп, қайшыласқан машиналар мұнда жоқ. Жан алып, жан беретін, аласұрған асығыстық та байқалмайды. Ол көктем шығысымен күн сайын осында келіп жүрді. Күнде таңертең «оқуға барамын» деп, портфелін көтеріп үйінен шығады да, салған бойы орманшыларға келеді. Күні бойы көшет отырғызады, жер қазады. Ара-тұра Айманға да барып қайтады. Орманшылар аулында мініске үйренген жуас аттар да баршылық. Шіркін, қалың қарағайдың арасында атқа мініп жүргенге жететін не бар екен дүниеде?! Кейде Айман екеуі салт атпен сейіл құрады. Содан күн бата, кейде одан да кеш қалаға қайтады. «Неге кешіктің» деген шешесінің сұрағына: «Сабақтан соң кітапханада отырдым», — дейді беті бүлк етпестен. Сөйтіп жүргенде арада бір жарым айдың қалай өтіп кеткенін өзі де байқамай қалып еді. Енді міне, бәрі әшкере болды. Ойын шынға айналды. Арқат кейде: «Шіркін, өмір бойы орманшы болып өтер ме едім», — деп армандаушы еді. Енді соған біржола бел байлағандай.
Айманның үйі ауылдың шетінде ғана, жарқабақтың үстінде болатын. Бірақ қыз мұнда да болмай шықты. Есігінде мелшиген қара құлып тұр. Қайда кетсе де шешесімен екеуі бірге аттанғаны белгілі болды. Сонда қай жаққа кетті екен? Үш күнге сұранғанына қарағанда, алысқа кеткені ғой, шамасы. Әлде көршілерден сұрастыру керек пе? Төменде, бригадир Сүлейменнің есігінің алдында жеңіл «газик» тұр. Маңайында қараңдаған біреулер көрінеді. Арқат солай қарай аяңдады.
Сүлейменнің қасында екі жігіт тұр екен. Бірі — орыс, бірі — қазақ. Сырт пошымы қаладан келген адамдар тәрізді. Машинаның жанында қапқа салған бірдеңе жатыр. Қаптың аузынан шығыршық мүйізді әлдеқандай бір жануардың басы көрінеді. Бәрі соны тамашалап қарасып қалыпты.
— Ау, Арқатпысың, қалын қалай? — деді басында айыр қалпағы бар, ұзын бойлы, мұртты жігіт бұған жылы шырай білдіріп. — Кешеден бері көрінбей кеттің ғой?
— К,ол тимеді, — деді Арқат бригадирге сәлем беріп. — Иә, бұл не тамаша?
— Қаладан сен сияқты тағы бір «қонақ» қашып келіп еді, байғұсты ұстап алып әкеткелі жатыр, — деді Сүлеймен, алдындағы қапты иегімен нұсқап.
— Бұл не? Қой ма? Қаладан қашып келіп пе?
— Қой емес, арқар. Зоопарктен қашып шығыпты.
— Қызық екен!..
Арқат дала тағысының қасына қалай жетіп барғанын өзі де байқамады. Екі көзі жасаурап, шытынап тұрған арқар, үстіндегі қабымен бұлқынып, екі-үш рет секіріп түсті.
— Жақындама, босанып кетеді, — деді бейтаныс жігіт шыр-шыр етіп, — өзін күні бойы қуып жүріп, жана әрең ұстадық.
— Қашан айрылып жүрсіздер?
— Бүгін таңертең... Жынды неме, жем беріп жатқанда қоршаудан бір-ақ секіріпті. Өкше ізіне түсіп қуып отырғанда, жеткен жерін көрдің бе? Енді сәл кешіксек, тауға шығып, көз жаздырып кеткендей екен.
Соны айтып әлгі жігіт шоферға иек қақты.
— Ал, Коля, жүрмейміз бе? Осыдан айрылып қалмай тұрғанда, апарып беріп құтылайық.
Екі жігіт қаумаласып, арқарды машинаға салды да, ауыл адамдарына рақмет айтып, қоштасып жүріп кетті.
— Біздің жігіттер болмағанда, ұстай алмайтын еді, — деді Сүлеймен әлгілер тұмсық айнала бергенде.
Арқат есеңгіреген адамдай сол орнында сілейіп тұрған-ды. Сүлейменнің бетіне аңтарыла қарады да:
—Бекер болған. Ұстап бермеу керек еді, — деді ақырын ғана.
—Иә, байғұсты тағы да апарып торға қамайтын болды... Айтпақшы, өзің не істейтін болдың? Бізге жұмысқа келесің бе?
— Келем. Ертеңнен бастап сіздің қарауыңыздамын.
— Үй ішіңмен келістің ғой?
— Олар біледі. Бүгін бәрі әшкере болды...
— Онда таңертең менімен бірге кеңсеге барасың. Сол жерде бәрін реттейміз.
— Рақмет, Сүлеймен аға! — Арқат қуанғанынан орманшы жігітке не деп алғыс айтарын білмеді. — Бүгін Айманды көрмедіңіз бе?— деді аузына басқа сөз түспей.
— Таңертең шешесі екеуі бір қызыл «Жигулиге» мініп жатыр еді. Қайда кеткенін білмедім, — деді Сүлеймен. Сонан соң әлдене есіне түскендей дереу қалтасына қолын апарды. — Мәссаған, тағы ұмытып бара жатыр екенмін... Кел, мына ведомосқа қол қой да, ақшаңды ал.
— Қайдағы ақша? — Арқат таңданып тұр.
— Мә, санап ал. Алпыс сом. Өткен айда жігіттермен ақылдасып, саған жарты еңбек жазғанбыз... Мә, тырнақ алды еңбегін ғой, қалтаңа салып ал.
Арқат алмаймын деп азар да безер болып, бас тартып көріп еді, Сүлеймен еркіне қоймай қолына ұстатты.
— Алғашқы еңбек ақы кісінің есінде қалады. Міне, қандай тамаша! Бұрын жаңа жылда елка жасаймын деп, жыл сайын бір түп қарағайды құртушы едің. Биыл сол шығынды артығымен өтедің. Жүздеген түп ағаш отырғыздың. Еңбек деген осы, бауырым!
— Ой, Сүлеймен аға. Мен тіпті бұлай болар деп ойлаған жоқ едім, — Арқат толқығаннан не айтарын білмеді. — Ал, аға, алғашқы айлықты жумаймыз ба?
— Жуамыз. Ертең жұмысқа орналасып ал, екеуін қосып бір-ақ жуамыз!
Сүлейменнің күнге күйіп, жел қаққан қызыл күрең жүзі Арқатқа өз туысындай бір түрлі ыстық көрініп кетті.
Ол бригадирмен қош айтысып, ертең сағат тоғызда осы арада кездеспек болып уәде байласты да, келген ізімен кейін қайтты. Бірақ оның Айманнан бір дерек білмейінше қалаға қайтқысы келмеді. Бұрылыстағы автобус аялдамасына дейін ойысып барды да, қайтадан қырға көтерілді. Жотаның басына шығып, кілемнің түгіндей жап-жасыл киіз бетегенің үстіне күн шуақтап жата кетті. Сағат әлі үшті көрсетіп тұр. Кеш батқанша осы арада жатып, Айманның келуін күтпек болды.
Айнала жым-жырт тыныштық. Әлдеқайдан көктем шуағына мас болған бозторғайдың шырылы талып жетеді. Аспан әлемі көгілдір шыныдай тұп-тұнық. Сонау алыс солтүстікте үлпілдеген ақ мамық бұлттар қалықтайды. Аспанның қалған бөлігі нілге малып алғандай көкпеңбек. Кенет Арқаттың көз шарасына шырқау биікте қалықтаған жалқы қыран келіп ілікті. Қанатын оқта-текте бір толғап қойып, аспан әлемін бір өзі еркін шарлап жүр. Бейне мұз айдынында мәнерлеп сырғанаудан жеке дара өнер көрсетіп жүрген қара киімді спортшы тәрізді... Кенет әлгі құс, шалғайдағы бір жеміне көзі түсті ме, қос қанатын са-баулай қағып, үлкен Алматы аңғарына қарай ұзап кетті.
Арқат аспан төсінен күміс жіптей сорғалаған күн сәулесін тұла бойымен сезініп, көзін жұмған күйі маужырап ұзақ жатты. Құлағынан гүрілдеп-сарылдаған бір сарын кетпейді. Басында өзен сарыны ма деп ойлаған, оның құлақ пленкасында жазылып қалған қала шуы екенін соңынан барып түсінді.
Бір мезетте басын көтеріп, автобус аялдамасына, санаторий жаққа көз салды. Ары-бері өткен ешкім байқалмайды. Сонау төменде, аяғының астында бозғылт мұнарға оранып Алматы жатыр. Іртік-іртік көк түтіннің арасынан биік үйлердің, завод трубаларының қылпы көрінеді. Анау тұрған жиырма бес қабатты жаңа қонақ үй, мынау телевизор мұнарасы, одан төменірек киіз үйдей дөңгеленіп көрінген — қазақ циркі... Арқаттың көз алдына таныс көшелер, жүгіре басқан жаяулар мен ерсілі-қарсылы ағылған машиналар елестеді. Солармен бірге өзінің де жүгіргені, ентіккені есіне түсті. Неге асықты? Неге жүгірді? Жауап берy қиын. Сол бір тас үйлер мен тас көшелерде жүз мыңдаған адамдар бас құрап, түтін түтетіп, өз түтінін өздері жұтып неге отыр? Бұған да жауап бере алмайды. Әйтеуір, бір білетіні — сол тас көшелерде жүруге, тас үйлерде тұруға, смола мен бензин иісі шулыққан қойыртпақ ауамен тыныс алуға мұның енді дәрмені жоқ. Оның бәрі жүрегіне майдай тиген, енді қайтып беттей алмайтын дүниелері. Еріккендіктен емес, денсаулық жағдайы солай. Білетіндер: бұл да аллергияның бір түрі деседі. Бала кезінде «Адам-амфибия»деген фильмді көріп, судан басқа жерде тіршілік eтe алмайтын жігітке қатты жаны ашып еді. Қазір өзі де сондай күйге тап болды...
«Айманды бүгін, шынымен-ақ көре алмай кетемін бе?» — деген ойы оны қалтыратып жіберді. Қыздың сағынышты жүзі елестеді көз алдына. Күлімдеген жаудыр көзі, балапан шаштары жауып тұратын сызатсыз аппақ маңдайы, сол көтеріңкі біткен пісте мұрны мен қаймыжықтай жұқа еріндері, күлгенде жарқырап түгел көрінетін маржандай тістеріне дейін көз алдынан кетпей тұрып алды. Сол қызсыз бұған енді өмір жоқ секілді. Осыдан жарты жыл бұрын Айманды көрмей тұрғанда, жер бетінде Айман деген қыздың бар екенін білмей тұрғанда, қалай тіршілік етіп жүргені белгісіз.
Арқат ол қызбен ойламаған жерден кездейсоқ танысып еді. Қаңтардың басы, жаңа жыл мерекесінің әлі де желігі басыла қоймаған кез тұғын. Бір күні Арқат үндістер туралы шетел фильмін көру үшін «Арман» кинотеатрына барған. Сағат кешкі тоғыз мөлшерінде кинодан шықты да үйге қайтуға асыға қоймай, Абай ескерткішінің маңында бой жазып, бөгеліп қалды. Күн бұлыңғыр, қылаулап қар жауып тұрған. Шам жарығында сансыз ақ көбелектер тәрізді қалықтап түсіп жатқан қар түйіршіктерін қызықтап, енді қайтуға бет алғаны сол еді. Кенет көшенің арғы бетіне өтетін жер асты жолына біреулердің итіс-тартыс түсін бара жатқанын аңдап қалды. «Бұлар не қылған адамдар?» деген әуестікпен аяғын жылдамдата басқан Арқат жер асты жолының төрт тарау түйілісінде әлгілерді қуып жетті. Қараса, масаңдау екі жігіт бір қызды орталарына алып, жібермей тұр. Қыз оң жақтағы шығар ауызға тартады, жігіттер желімдей жабысып, жолын бөгейді.
— Қарындас, атыңыз кім? Танысайық, — дейді жігіттер.
— Менің ешкіммен танысқым келмейді, қоя беріңдер! — дейді қыз.
— Біз мына Зооветтің студенттеріміз. Ресторанға жүріп қонақ болыңыз, — дейді жігіттер.
Кинодан шыққандар тарап, адам аяғы сиреп қалған кез еді. Арқат қастарына жақындай бергенде, қыз әлгілерден сытылып шығып, мұның бауырына тығылды.
— Ағатай, құтқарыңызшы. Мына біреулер жібермей тұр.
— Жігіттер, бұларың қалай? — деді Арқат даусын жуанырақ шығаруға тырысып. — Ал, кәне, тайыңдар үйлеріне!
Әлгі екеуінің шарға бойлы бәкенесі мойын жүнін үрпиткен бала қораз сияқтанып, бұған қарсы жүрді.
— Сен кімсің ей, жұртқа жөн айтатын? — деп оң қолын артқа икемдеп,