05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Екі айрық жол






(хикаят)


Дүние — бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ қайтса, басқа дәулет құралмаған.

Халық өлеңінен

I

Кешке жақын телеарналардың бірінде соңғы хабарлар жүріп жатқан. Газет көрсе тақырыптарын бір сүзіп өтпей қоймайтын, теледидарға да көз қиығын салмаса көңілі көншімейтін қарт журналист Әбілдабек, сол баяғы әдетінше, бүгін де экранға итініп отырған-ды. Кенет диктор келіншек аз-кем үзіліс жасап, дауысын сәл баяулатып, түр-түсін аса бір байсалды қалыпқа келтірді де:

— Қазақ мәдениеті орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ақпарат саласында ұзақ жыл басшылық қызметтер атқарған, Совет дәуірінде Жоғарғы советке сан рет депутат болған, Ұлы Отан соғысының ардагері, Совет Одағының батыры Теміртас Бектасов 85 жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды, -деп хабарлады. Марқұммен қоштасу ертең 10—12 сағат арасында жастар театрының залында өтпек.

Қаралы хабарды естігенде, Әбілдабектің жүрегі зырқ етіп, тұлабойы бір ысып, бір суыды. Бір түрлі абыржып, сасқалақтап қалды да, мұсылман салтымен «Аллаһуакбар» айтып, бетін сипады. «Ойпырай, ә, бұл жалған дүниеден Теміртастың да өте шыққаны ма, сонымен? Аты затына сай, темір десе — темір, тас десе — тас, аса берік жаралған жан еді. Өмірінің соңы бейнетке ұласып, ақыры шаршатып барып жыққан екен-ау!»

Бұл сөздерді ол өзінше іштей толғадым деп ойлаған. Бірақ соны дауыстап айтқанын өзі де аңғармапты. Мұның күңіренген дауысын асүй жақта жүрген әйелі Халима естіп қалыпты.

— Кімге сөйлеп отырсың? Маған бірдеңе дедің бе? — дейді босағадан басын қылтитып.

— Жәй... Теміртас деген менің майдандас жолдасым бар емес пе. Жаңа теледидардан хабарлады, сол Теміртас қайтыс болыпты.

— Иманы саламат болсын! — деді ептеген сопылығы бар Халима бетін сипап. - Жас адам ба еді?

— Аңқауым-ау, менімен бірге соғысқа барған кісі жас бола ма... Теміртас көптен бері сал болып ауырып жатқан. Ақыры тыным алыпты ғой бишара...

— Солай ма? Жасы жеткен адам екен ғой, иманды болсын! — деді әйелі бұрыла беріп.

Бұдан кейін де Әбілдабектің ой-қиялы Теміртастың төңірегінен ұзаған жоқ. Өйткені, Теміртас екеуі тағдырлас, сиям егіздері сияқты бір-біріне кіндігімен байланған адамдар. Бұлар баяғыда екі айырық жолға түскен. Біреуі — даңғыраған бақыт жолы да, екіншісі — барса келмес, азапты ауыр жол. Алайда бір-бірінен тым шалғай да кете алған жоқ. Оқта-текте айналып келіп, жолдары түйісіп тұрды.

«Ертең марқұмның жаназасына қатысып, топырақ салуым керек, - деп ойлады Әбілдабек. - Бұл, сірә, біздің жолымыздың ең соңғы түйісуі болар... Ертең бір жұмыспен Талғардағы қызына барып қайтпақ еді, оған бірер күн кеш барса да, ештеңе өзгермес...»

Ой-қиялы басқаның бәрін былай ысырып тастап, тағы да Теміртасты төңіректей берді. Бұлар көріспегелі көп болған. Теміртаспен соңғы рет қашан кездесіп еді? Айтпақшы, үш жылдың алдында, жеңіс мейрамы кезінде жүздесіп еді-ау! 9-мамырда осы қаладағы майдангерлер Панфилов паркіне жиналып, мәңгілік алауға гүл қойып жатты. Әрине, бәрі бір қатарда емес, омыраулары орден-медалға толы «геройлар» мен жоғары шенді офицерлер алда, Әбілдабек сияқты қатардағы солдаттар арт жақта. Оларды солай бөліп, жіктеп жүрген — телеарна тілшілері. Көрінек кісілерді алға оздырып, сұхбатты да солардан алып жатты.

Мана алғаш жолыққанда жұрт қатарлы сәлемдесіп, мейраммен құттықтағаны болмаса, Әбілдабек Теміртастың қасына жақындап, тым ішкері сұғына қоймаған. Олай болатыны, Теміртас полковник формасымен, «Алтын Жұлдыз» бастатқан орден-медалдарын сірестіре тағып шығыпты. Ал, Әбілдабектің киімі жұпыны, омырауында селдіреген екі-үш қана медальі бар. Орынсыз алға озып, «геройлардың» сынын бұзғысы келмеген. Онда Теміртас соңғы жылдары қатты толысып, семіріп кеткені болмаса, әлі де бақуатты, ширақ сияқты көрінген. Рас, етінің ауырлығынан шығар, қолына таяқ ұстайтын болыпты... Сірә, қан қысымы да жоғары болар. Кейін оның инсульт алып жүргені де содан ғой.

Иә, сол мейрам күні Әбілдабек одан сырт айналып, қашқақтап жүргенімен, Теміртас мұны көзден таса қылмай бақылап жүріпті. Бүгін қалалық әкімшілік пен қорғаныс министрлігі жеңіс күнінің құрметіне майдангерлерді таяу маңдағы «Жұлдыз» ресторанына апарып, ас бермек екен. Жиналған көпшілік «солдат сыбағасынан» дәм татпақ болып, солай қарай беттегенде, әдейі бөлініп қалған Теміртас Әбілдабекті қасына шақырып алды.

— Әбеке, бері таман келші. Қазақта «Өз үйіңде асың болса, кісі үйінде қасың бар ма» деген сөз бар еді. Осылардың тамағына ортақ болмай, бұйырғанын үйден көрмейміз бе? Уақытың болса жүр, Жеңіс күнін біздің үйде атап өтейік! — деген күле тіл қатып.

Әбілдабек мұндай шақыруды күтпеген. Басында не айтарын білмей, сәл абдырап қалды да:

— Егер полковник солай бұйырып тұрса, сержантта ерік бар ма. Амал жоқ, бұйрықты орындаймыз! — деді оң қолын шекесіне апарып.

Бұл сөзге екеуі де қарқылдап күліп жіберді. Баяғы майдандағы жастық шақтары қайта оралғандай, аралары жақындай түсті. Паркке таяу жерде Теміртастың машинасы күтіп тұр екен, екеуі әрнені әңгіме етіп, солай қарай аяңдады. Әлдебір машинаға жақындай бергенде, шопыры жүгіріп шығып есік ашқан. Теміртас алдыңғы өз орнына отырмай, арт жақта Әбілдабекпен қатар жайғасты. Ақсұр «Мерседес» Достық көшесін өрлеп келіп, әл-Фараби даңғылына түсті де, «Каменка» жаққа бет түзеді.

Теміртас көптен көрмеген жолдасының отбасы жағдайын, тұрмыс ахуалын сұрастырып келеді. Әбілдабек өзі айдауда жүргенде бұрынғы әйелінің қайтыс болғанын, кейін екінші рет үйленгенін, одан бір ұл, екі қызы бар екенін ана жолы бір жолыққанда айтқан-ды. Теміртас оны ұмытып қалған секілді. Одан шығармашылық жағдайына көшіп:

— Бұрын газет-журналдарға жиі жазып тұрушы едің. Кейін көрінбей кеттің ғой. Жазуды қойғансың-ау, сірә? — деді мұның бетіне күле қарап. — Әлде көлемді бірдемемен айналысып жүрсің бе?

— Қартайдық қой. Жаңа заманда жастармен жарысып қайтеміз, — деді Әбілдабек. — Соңғы жылдары баяғы майдандағы өмірден, кейінгі неміс тұтқынындағы, Сібірдегі бастан кешкендерден ғұмырнамалық кітап жазып едім. Саржамбас болып, баспада жатқанына да біраз уақыт болды.

— Не дейді сонда? Неге ұстап отыр?

— Басқа кедергі жоқ, ақша сұрайды. «Демеуші тап» дейді.

— Иә, қазір ақшасыз аттап басу қиын, — деді Теміртас. — Не істейсің, капитализм!

Бұлар әл-Фараби даңғылынан тау жаққа қарай бұрылып, кілең сәулетті коттеждер бой түзеген районға ат басын тіреді.

— Мінеки, біздің мекен-жайымыз осы, — деді Теміртас биік темір қақпаның алдына келгенде машинадан түсіп жатып. — Қаланың у-шуынан аулақ деп, балалардың салып берген үйі ғой.

Сөз ләмінде ешқандай мақтанның ізі жоқ, жәй сөз реті келген соң айтып тұрғаны байқалады. Шопыр жігіт әлдебір пультті басып еді, темір қақпа өздігінен сырғып ашыла берді. Арғы жағы — ат шаптырым аула. Төрде үш қабатты, ақшағала сарай тұр... Теміртас тау жақтан ескен самалға кеудесін тосып сәл тұрды да, қонағын бастап ішке кірді.

Бұл — Әбілдабектің бұрын көрмеген дүниесі. Жез тұтқалы емен есіктер, жарқыраған люстра, бірыңғай Еуропа стиліндегі жасау-жиһаз, қалыңдығы бір елі қалы кілем, гүлді палас... Үйренбеген адамның көзін қарықтырардай. Бүгін барлық жерде демалыс. Бала-шағасы түгел үйде екен. Бала болғанда, қолында кенже ұлы мен келіні, одан туған екі немересі... Өзге балалардың отауы бөлек. Үш қыз ұясына қонған. Төрт ұлдың екеуі — Астанада, тағы біреуі — Ақтөбеде көрінеді. Бәрі де — билік пен бизнес маңында. Төрт түлігі сай, көңілі жай адам осы Теміртастай-ақ болар.

Бір кезде бүйірдегі бір бөлмеден ана қаздай мамырлап, бәйбішесі шықты. Аты кім еді осы кісінің? Иә, айтпақшы... Айғаным екен ғой. Әбілдабек орнынан тұрып, Айғанымға қол беріп амандасты. Бабымен ұлғайған күтімдегі әйелдің әлі де өңі тая қоймаған. Жүзік салған салалы саусақтары да бап-балғын көрінеді...

— Ұмытып қалған жоқсың ба? Менің майдандас досым Әбілдабек қой — бұл! — деді Теміртас әйелінің тосырқап тұрғанын байқап қалып. Айғаным бірден іліп әкетті:

— Иә, айтпақшы... Әлгі өзің айта беретін Әбекең екен ғой. Бұл кісіні қайдан көрдім деп, атын есіме түсіре алмай тұр едім, — деді Айғаным танымай қалғанын бәлендей өрескел мінге санамай. — Кешіріңіз, білесіз ғой, Темекеңнің жора-жолдастары аз емес...

Сөйткенше, жоғары қабаттан бес-жеті жастардағы ұл мен қыз жүгіріп келіп, атасының мойнына асылды. Сонан соң омырауындағы ордендерін ұстап тамашалай бастаған.

— Қой, мен киім ауыстырып, жеңілденіп келейін, — деді Теміртас орнынан тұра беріп. Кетіп бара жатып, бәйбішесіне бұрылды. — Айеке, дастарқаныңды жасата бер. Біз, Әбілдабек екеуміз майдангерлерге дайындаған асқа барғанымыз жоқ. Одан да сенің қасыңда болайық деп, бірден үйге тарттық, — дегенді қосып қойды.

— Алаңдама! — деді Айғаным. — Білеміз ғой, Жеңіс күні сенің қонақсыз отырмайтыныңды...

Сол сөздің дәлеліндей, ауызды жиып алғанша, үйге тағы да үш-төрт адам кірді. Бөтен біреулер емес, Теміртасты Жеңіс күнімен құттықтауға келген құдасы мен құдағиы, тағы біреуі — жамағайын туыстары көрінеді.

Бірақ бұл үйге қанша қонақ келсе де, Айғанымның абыржитын түрі жоқ. Асүй жақта келіні жүр. Одан басқа да көмекші, қызметшілері жеткілікті сияқты. Шіркін, барлық-байлық неге жаман болсын, не ішіп, не жейміз, қонақтың алдына не қоямыз деп қысылмайтындары көрініп тұр. Дастарқаны мол, талай қонақты аттандырған, ысылған, төселген адамдар.

Әлден уақытта үстіне сусылдаған жібек пижама киіп, аяғына жұп-жұмсақ қытайы башмак іліп, үстіңгі қабаттан Теміртастың өзі де түсті. Осыдан кейін көп ұзамай, түскі сағат бірде барлығы асүй жаққа бет алған. Мәссаған... Асүйдің өзі ат шаптырым. Кемінде он бес-жиырма адам еркін сиятын үлкен үстел майысып тұр. Не жоқ дейсің мұның үстінде: қазы-қарта дейсің бе, тауық еті мен қара қуырдақ дейсің бе, көкөністің түр-түрі дейсің бе, иінтіресіп, жайнап тұр. Отбасы мүшелері мен бес-алты қонақ үстелдің бір басын зорға толтырды. Соның өзінде сыпайы Айғаным қонақтарына қарап:

— Дастарқанды үлкен залға жаймай, асүйге жайды деп сөкпеңіздер. Залға жаймағанымыз, ыдыс-аяқты ары-бері тасығаны қиын. Әрі бөтен адам жоқ қой деп өзімсініп жатырмыз, — деді кешірім сұрағандай болып.

— Оған алаңдамаңыз, Айеке! Қайта, қазан-ошаққа таяу, от жаққан жеріңізді көріп отырғанымыз жақсы емес пе! — деді Әбілдабек үнсіз қалуды лайықсыз көріп.

Осындағы қара шаңырақты ұстап отырған кенже ұл шөлмектердің аузын ашып, қонақтарға шарап құйып жүр. Әркімге қалағанынша: біреуге — арақ, біреуге — коньяк, енді біреуге француз виносы... Теміртастың өзі аздап ақ арақ ішеді екен. Оған байырғы солдат Әбілдабек те қосылды. Алғашқы тосты салт бойынша үй иесінің өзі айтуға тиіс еді.

— Ал, құрметті қонақтар! — деген рюмкасын қолына алып, — бүгін үлкен мейрам, Жеңіс күні... Бұл жеңіс бізге оңайшылықпен келген жоқ. Талайлар сол үшін басын берді, жас өмірін қиды. Енді біреулер жау қолында тұтқын болып, азап шекті, — деп отырғандарға жағалай қарап өтті де: — Ал, Сіздер менің оң жағымда, төрде отырған кісінің кім екенін білесіздер ме? Бұл — менің майдандас жолдасым. қанды көйлек досым Әбілдабек деген азамат. Егер осы Әбілдабек 1942-жылы ақпанда, қара санымнан оқ тиіп, қансырап жатқан жерімде, жауып тұрған жау оғына қарамай мені ұрыс даласынан арқалап алып шықпағанда, мен бүгін орталарыңда отырмаған болар едім. Мына Айғанымның көз жасы, балалардың көрер жарығы шығар — осындай сенімді жолдасқа жолыққаным... Мен мына тосты қасымда отырған сенімді солдат, адал дос Әбілдабектің денсаулығы үшін көтеремін!

Дастарқан басы гулеп кетті:

— Ойбай-ау, нағыз батыр қасымызда отыр екен ғой...

— Батыр ғана емес, ангел-хранитель, ажалдан қаққан періште демейсің бе? — десіп жатыр.

Барлығы алдарындағы рюмканы ұжымдаса алып қойды. Көпшіліктің көз алдында Әбілдабектің беделі бірден көтеріліп кетті.

— Ал сонан кейін не болды дейсіндер ғой? — деді Теміртас отырғандарды тегіс аузына қаратып: — Екеуіміз сол күні екі айырық жолға түстік. Мені тылдағы госпиталға әкетті. Ал, Әбілдабектер сол жылы көктемде 9-армиямен бірге жау қоршауында қалып, күші басым жауға төтеп бере алмай, ақыры мыңдаған адам тұтқынға түсуге мәжбүр болды. Арғы жағы белгілі: немістің концлагерлері... Ол аз болғандай, елге келген соң Сібірге жер аударылды... Кезінде қол ұшын бере алмадық. Ашығын айтқанда, көмектесетін де күйіміз болған жоқ. ...Сол дәрменсіздігім үшін, кешірім сұраймын, Әбілдабек, сенен! Қарызың әлі мойнымда... Түбінде бір қайтарармын. Менен қайтпаса, құдайдан қайтар! — деп көзіне жас алған Теміртас, касында отырған Әбілдабектің мойнынан құшақтады.

Сонан соң алдындағы екі рюмкаға арақ құйғызып алды да, Әбілдабекке:

— Келші, достым, екеуіміз баяғыда шабуылға шығар алдында батылдық үшін тартып алатын солдаттарша бір ішейікші! — деп, түбіне дейін көтеріп қойды.

— Темке, байқа, сенің давлениең бар ғой, — деді Айғаным ескертіп.

— Ештеңе етпейді. Давление, тәйірі, немістің танкісінен қиын дейсің бе?! — деген Теміртас қарқ-қарқ күліп.

Айғаным күйеуінің бетінен қаққан кінәсін тез түзеді.

— Кейінгі жылдары Әбекеңмен жиі араласып тұрмасақ та, біздің Темкең бұл кісіні аузынан тастаған емес. Қансырап жатқан мені қанды қырғыннан Әбілдабек алып шықпағанда, мен сендерге жоқ едім ғой, — деп үнемі айтып отырады, — деп қонақтың мәртебесін тағы бір көтеріп тастады.

Күйеуінің кем-кетігін толтырып, абыройын асырып отыратын осындай бір сұңғыла әйелдер болады-ау!

Сол күнгі Теміртас пен Айғанымның бұған деген ықыласын сұрама! Қашан қайтқанша алақандарына салып, әлпештеді де отырды. Дәл жүрерде «Жеңіс күнінің құрметіне» деп су жаңа костюм кигізді-ау! Бұған Әбілдабектің көңілі әжептәуір өсіп қалды. Ерте ме, кеш пе, еңбегіңнің ескерілгені, біреуден жылы сөз есту неге жаман болсын. Бұрын ол қара нанды бөліп жеген баяғы қиын күндерді ұмытты деп Теміртасқа өкпелеп жүруші еді. Бүгін бажайлап көрсе, бәрі де бұл ойлағандай емес екен. Адамды уақыт, орта, жағдай билейді екен. Бәрі де есте, еш нәрсе ұмытылмаған. Біреуге жасаған титтей жақсылығың күндердің күнінде алдыңнан шығады екен.

Сол күні Әбілдабек Теміртастың үйінен разы болып қайтты. Майдандас жолдасымен бұдан кейін де араласып тұрсам деп ойлаған. Қазір ескі көз аталатын қатарыңның өзі де сиреп қалды ғой. Теміртасты бәйбішесімен бірге қонаққа шақырайын деп бір оқталды да, ол ойынан тез қайтты. Жоғары шенді бай адамға өзінің бишара халін көрсеткісі келмеген. Анандай сарайда тұратын адамды асүйіне екі кісі зорға сиятын үш бөлмелі тас күркеге қалай кіргізерсің. Осы үйдің өзін баяғыда Хрущевқа арыз жазып жүріп әрең алып еді-ау! Одан бері де қырық жылдың жүзі болыпты.

Өстіп жүргенде, Теміртас ойламаған жерден инсульт алып, құлап түсті. Қол-аяғынан бірдей жан кетіп, сал болып жатқанына екі жылдай болып қалды. Дәрігерге қаралу жағынан кемдік жоқ, бірақ қолданған ем-домның ешқандай жәрдемі болмады. Басында біраз уақыт ауруханада жатқан екен. Кейін арнайы күтетін медбике бөліп, үйіне шығарыпты.

Әбілдабек бір рет қана көңіл сұрай барған-ды. Баяғы Теміртас жоқ, қатты жүдеген. Жан кірмеген қол-аяғы семіп бара жатқандай ма, қалай. Тек тілі сау. Сәл тұтығып, күрмелгенімен, айтқанын ұғуға болады.

— Құдай маған басында бақ берген сияқты еді, оның ақыры мынадай бейнетке ұласты, — деді көзіне жас алып. — Құдіретке жасаған күпірлігім болды ма, кім білсін... Жалғанда өз асыңды өзің алып іше алмау, өз аяғыңмен туалетке бара алмау қорлық екен ғой...

Әбілдабек не десін: «Өмірден үміт үзбе. Алла сәтін салса, бір шипасы табылар» деген сияқты бірдеңелерді айтып, қасында біраз отырды. Әлден уақытта Теміртас «бері жақында» дегендей белгі берді. Әбілдабек сәл еңкейіп, аузына құлағын тосқан.

— Әбеке, маған сенің көмегің керек, - деді сыбырға жақын үнмен.

— Сонда не істеуім керек? Қызметіңе дайынмын, — деді бұл құрақ ұша жақындап.

— Баяғыда мені ажалдан арашалап, бітіп тұрған өмірімді ұзартқан өзің едің. Енді соны өз қолыңмен қысқартып, мені мына азаптан құтқар!

— Құлың болайын... Қалай құтқарам?

— Бір у дәрі тауып әкел де, мені қатыра сал!

— Қой, Темке... Айтпа ондай сөзді!

— Солдат емессің бе... Жау әскері таяп қалғанда, ауыр жаралылар «мені атып кет» деп жолдасына жалынушы еді ғой... Бұл да сол сияқты...

Әбілдабектің жаны түршігіп, орнынан тұрып кеткен.

— Мына сөзді мен ғана естиін... Өзіне қол жұмсау — мұсылман әулеті үшін ауыр күнә екенін білмейсің бе?!

Дәл осы кезде әлдебір дәрігерді ертіп, медбике кірді есіктен. Әбілдабекті қиын жағдайдан солар құтқарып қалды. Бұл сол беті бөлмеден жылыстап шығып кеткен. Сонан кейін ол жаққа қайтып барған жоқ. Теміртаспен жүздесу екеуіне де ауыр еді. Әсіресе, оның соңғы өтінішін орындау...

Теміртас содан кейін де бірнеше ай азап тартып, көксеген арманына енді жетіпті ғой. Кейде бұл өмірдің азабынан өліп құтылуға тура келеді екен-ау! Демек, өлім біреулер ойлағандай құбыжық бірдеңе емес, қажығанда барып тығылатын, соңғы тұрағың екен. Сонымен, Теміртас та өтті дүниеден. Бірақ оны білетіндердің көңілінде түйдек-түйдек естеліктер қалды.

II

Бұлар 1940-жылы Алматыдағы журналистер институтын бірге бітірген. Теміртастың Әбілдабектен екі жас үлкендігі бар. Соған орай, өмірден көргені көп сияқты боп сезілетін. Оқуда бәлендей алғыр болмағанымен, күнделікті тұрмыста өте пысық жігіт еді. Ал, жас ақын Әбілдабек оған қарағанда сүргіленбеген ағаш секілді кедір-бұдырлау, салдыр-салақтау болатын. Әбілдабек — сорайған ұзын, Теміртас — орта бойлы, төртпақ, бірақ шегедей шымыр еді. Екеуі жұп жазбай бірге жүретін.

Соған қарап, курстағы жігіттер «Дон Киход пен Санчо келе жатыр» деп сырттарынан сықақтап күлетін-ді.

Ол жылдары оқыған кәсіби журналистің қаны жерге тамбайды. Оқу бітірісімен бұлардың әрқайсысы бір-бір газетке әдеби қызметкер болып, тілші болып тұра қалды. Теміртас Алматыдағы республикалық газетке, Әбілдабек Семейдегі облыстық газетке орналасқан. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, қыздар да оқыған, шаш қайырған жігітке құмар-ақ. Қызметке тұрысымен, Теміртас бұрыннан сөз байласып жүрген Айғанымға, Әбілдабек Семейде техникум бітірген Хатираға үйленіп алды. Қайран жастық шақ: «үй болған деген осы» деп, біреудің бір бөлмелі пәтерін жалдап тұрғандарына мәз. Амал не, бай-кедейің білінбейтін сол жастық дәурен де ұзаққа созылмады ғой. Арада бір жыл өтпей, әлі ыстық-суығы басылмаған жас келіндер шымылдықтары желбіреген күйі қоштасып қала берді-ау!

Әбілдабектің елінде соғыс кезінде шыққан: «Еркек боп тудым, белімді будым. Қайтейін, қу Германға қарсы-ай тудым» деген өлең бар. Кім де болса, майдангер жігіттердің бірі елмен қоштасарда шығарса керек. Сол өлеңде айтылғандай, бұлар да «қу Германға» қарсы туыпты ғой. 1941-жылы жазда неміс пен орыс арасында соғыс бұрқ ете қалды. «Герман» деген кім? Біреулер «неміс екен» дейді. Бүйтіп, өзара қырқысатындай орыс пен неміске не жетпей қалды? Осыдан небәрі екі жыл бұрын өзара соғыспаймыз деп, екі жақ ауыз жаласып, достасқаны қайда? Түсініп жүрген пенде жоқ.

Алғашқы кезекте жиырма мен отыздың арасындағы еркек атаулыны әскерге шақырып жатты. Әскерге алынғандар бірден соғысқа кіретін көрінеді. Күңіренген ел, қайысқан бел. Вокзал маңы қоштасу, жылап-сықтау. «Соғысқа бармаймын. Неміс деген елде алты аласы, бес бересім жоқ. Танымайтын біреумен соғысып, қосақ арасында оққа ұшқым келмейді» деуге қазақтың қауқары жоқ. Осыдан небәрі ширек ғасыр бұрын, 1916-жылы майданның қара жұмысына жігіт аламыз дегенде, қазақ асаулық танытып, Ақ патшаға қарсы шапқан екен. Қазір ол қазақ жоқ. Қазақ қолға тұрар құлға айналған. 1932-жы-лғы қолдан жасалған ашаршылық қазақтың бел-омыртқасын үзіп кеткен... Ал, 1937-жылгы зиялы қауымды жаппай атып-асудан кейін, бұл елде ошаң етіп бас көтерер ешкім қалмаған. Енді тек қасапқа айдаған малдай, топырлап майданға аттанудан басқа амал жоқ.

Сонымен, Алматы маңында жасақталған әлдебір дивизияның құрамында Әбілдабек те майданға аттанып кете барды. Рас, бірден алып кеткен жоқ, кұраманың бас-аяғы жиналғанша бұларды бір жарым айдай оқытты. Оқытқанда, соғыс өнерін бірден меңгеріп кеткен бұлар жоқ, мылтық атуды, қолма-қол шайқас кезінде найзаласуды үйреткен болды. Дивизияны бірнеше полкқа, полкті батальонға, роталарға бөлді. Мәссаған, мына қызықты қара! Бір күні Әбілдәбек өзі бөлінген ротадан Теміртасты көріп қалды. Жүріс-тұрысы ширақ, орысшаға тәуірлеу еді. Бірден взвод командирі болып тағайындалыпты. Әскерде жақын адамыңның қасында болғаны да бір медеу. Енді сен жалғыз емессің. Сені кім көрінген қорлай алмайды.

Көп ұзамай бұлардың дивизиясы да қызыл вагондарға тиеліп, батысқа қарай жол тартты. Сірә, сонша адамға әскери киім тігіп үлгірмей жатса керек. Әзірше, жігіттер үйден киіп шыққан өз киімімен жүр. Қару-жарақ та берілген жоқ. Әйткенмен, көңіл көтеріңкі. Неміс фашистерін көпке жібермей күл-талқан қып жеңетіндеріне сенімдері кәміл. Өйткені, сол тұстағы насихат бойынша, «дүниеде Советтік Қызыл армияға төтеп беретін күш жоқ. Совет армиясы әрқандай жаудың күлін көкке ұшыруға сақадай сай тұр» делінетін. Осыны естігенде көкірегіңді мақтаныш сезім кернейтін-ді.

Оның олай емес екеніне кешікпей көздері жетті ғой. Сөйтсе, бұлар қызыл армияның ақ бандылар мен басмашыларды жеңгеніне мәз болып жүріпті. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында одақ армиясының барынша құлдырап, әлсіреген кезі екен. Соғыс өнеріне жетік, айналдырған бес маршалдың ең талантты деген үшеуі (Егоров, Тухачевский, Блюхер) 1937-жылы «халық жауы» болып, атылып кетіпті. Жалпы, Қызыл армияны жоқтан бар етіп, өз қолымен құраған кісі — Лев Троцкий той. Кейін Троцкий «халық жауы» атанып, елден қуылғанда, армиядағы офицерлердің көбі сенімсіз деп табылған. Генералдардың 80 пайызы, полковниктердің 60 пайызы «Троцкийшілер» қатарына жатып, алды атылған, арты Сібірге айдалған... Енді, міне, соғыс басталғанда Сталин армияны басқаратын дені дұрыс адам таппай (жалғыз Жуков қай жағына жетеді), кім көрінген дивизия, полк басқарып жатқан кезі екен. Командирлердің дені — соғыс ілімінен хабары жоқ, кешегі Қызыл комиссарлар мен компартия белсенділері... Амал жоқ, басқа іс түскенде, таяуда «халық жауы» атанып, Сібірге айдалған генералдар мен полковниктерді (Рокосовский, Конев, т. б.) іздеп тауып, соларды кері алдырып жатқан көрінеді.

Әбілдабек пен Теміртастың дивизиясы «Оңтүстік-батыс майдан» деп аталатын әскери құрамаға қосылды. Аз емес, 9, 6, 57-армияларды құрамына алған, жалпы саны 240 мың адамнан тұратын тұтас бірлестік. Майдан қолбасшысы — маршал Тимошенко, әскери кеңесші — Н. С. Хрущев деген кісі көрінеді. Не керек, міне, осылардың дарынсыздығы — кейін бүкіл майданның күйрей жеңілуіне әкеліп соқты ғой.

Әбілдабектер соғысқа күзге қарай араласты. Алғашқы айларда жеңілістен көз ашпаған Совет армиясының шығынында есеп жоқ. Соғыс басталғаннан — қарашаға дейін, алғашқы бес айдың ішінде төрт миллионға жуық Совет солдаты тұтқынға түсіпті. Бұлай болар деп немістер де ойламаса керек. Қазір сол көп тұтқынды қайда сыйдырарын білмей, әлекке түсіп жатқан көрінеді.

Бұрын армия жайында естіп жүргендері — құр мақтан, көпірме сөз болып шықты. Әскери киім әлі толықтай берілген жоқ. Армияны азық-түлікпен қамдау дұрыс жолға қойылмаған. Қарудың өзі жетіспейді. Екеуара бір мылтық. Сұмдық емес пе: «Қасыңдағы серігің оққа ұшса, соның мылтығын аласың» дейді... Ең қиыны, танкі атар зеңбірек жоқ. Жау танкілері қойдай өріп келе жатқанда, істер айла таппай қиналасың. Мұндайда сақа жауынгерлер: «Шіркін-ай, мынаған 45-калибрлі зеңбірек болар ма еді!» дейді зығырданы қайнап. Бірақ ондай қарудың жуық арада қолға түсер түрі жоқ. Әзірше танкіге қарсы тап беретін бар қаруың — ұзын мойын ПТР мен граната ғана. Танкі келіп қалғанда, гранатаның бірнешеуін қосақтап та лақтырасың. Немесе гранатаны беліңе тізбектей байлап, танкінің табанына жата кетсең тіпті жақсы. Бір солдат бір танкіні ала жығылса — үлкен жеңіс. Өйткені бізде солдат көп, танкі аз.

Жау самолеттері аспаннан келіп төпелесе, танкілер жаяу әскерді қуып жүріп атады. Ал, біздің самолеттердің қайда жүргені белгісіз. Немістер соғыс бастала салысымен біздің аэродромдарды бомбалап, самолеттерді ұшырмай құртып жіберіпті деген қауесет бар еді, сірә, сол сөз рас секілді. Біздің самолеттердің аспанда қайшыласып жүретіні — кейін түсірілген киноларда ғана ғой. Әбілдабек осы күнде соғыс туралы фильмдерді көріп отырып, «Шіркін-ай, мына самолеттер мен танкілер соғыс кезінде біздің қолға неге түспеді екен?!» деп өкінетіні бар.

Әйтсе де, Совет солдатының ерлігінде қапы жоқ еді. Әсіресе, орыс жігіттері ел намысын жыртып, ұрысқа барын салды. «Орысты мылтық беріп шетке қой» деп атам қазақ неге айтты дейсің. Орыстар неміс қаруының басымдығына намыстана, қорлана жүріп шайқасты. «Үлкен пышақ ұялғанынан өтеді» дегендей, жаппай шабуыл кезінде де алда жүретін — солар. Қазір соғыс туралы түсірілген киноларда шабуылға шыққан солдаттар «Отан үшін», «Сталин үшін» деп ұрандап бара жатады ғой. «Отан үшін» деп ұрандағаны рас. Ал, «Сталин үшін» дегенді кейінгі режиссерлар қосып жүр. Окопта орыс солдаттары Сталинді жеті атасынан жіберіп боқтап отырады. Соғысқа дұрыс дайындалмағаны үшін, талантты әскербасыларын «халық жауы» деп құртқаны үшін, Совет әскерін жөнді қаруландырмай, қырғын қасапқа айдап салғаны үшін боқтайды. Әрине, мұндай сөздерді жеткізіп баратын тыңшылар да жоқ емес. Бірақ ондай тыңшының өмірі ұзаққа бармайды. Оларға шабуыл кезінде оқ ылғи да ту сыртынан тиеді.

Соғыста сен үнемі Отан туралы, ел алдындағы қасиетті парыз жайында ойлап отырмайсың. Ерлік көрсетейін, көзге түсе қояйын деген де ой болмайды. Мәселен, қатты дауыл соқса, қаңбақ та, қараған-бұта да, шөп-шалаң да қалбаңдап бірге ұшып бара жатады ғой. Соғыста да сені бір дүлей күш алға ұшырып отырады. Әлде желбезегіңнен ілінген бір қармақ алға жетелеп отыра ма, әйтеуір, өзіңде ерік болмайды. Сонан соң, өлім есірігі секілді бірдеңе бар, сол еліктіріп әкетеді. Әрине, ең басты қозғаушы күш — намыс. Ешкімге масыл болғың келмейді. Қасыңдағы жолдасыңның алдында ұятқа қалып, қорқақ атанғың келмейді. «Қорқақ» деген ат алғанша өлгенің артық. Соғыста «солдат» деген кім? Солдат жәй адам емес. Солдат — қолына қару ұстатып, кісі өлтіруге құқық берілген адам. Соғыста ең басты міндет — кісі өлтіру. Сен өлтірмесең, ол өлтіреді. Өмірде бет-жүзін көрмеген, ұзында өшің, қысқада кегің жоқ, бейтаныс адамды өлтіруге ұмтыласың. Кісіні неғұрлым көп өлтірсең, соғұрлым сыйлысың, марапатқа ие боласың. Бейбіт күнде адам өлтірсең — қылмыс, соғыста адам өлтірсең — батырсың. Жай күнде адам өлсе — қайғылы қаза. Соғыста мың солдат оққа ұшса, ол — жәй статистика ғана.

Мына бір көрініс Әбілдабектің есінен кетпейді. Бұлар соғысқа алғаш араласқан күз күндерінің бірі. Бұлардың ротасына биіктегі жау бекінісін алу тапсырылған ба, екі жақ сол үшін тіресіп жатыр. Жау пулеметшілері алға аттап бастырмай, қылп еткенді шалғыдай қиып тұр. Құдай біледі, сол жотаға таласпай-ақ, оны айналып өтуге де болады. Бірақ соғыста командирдің айтқаны — заң. Ал, бізде кіші командирдің көбі ұрда-жық, әпербақан, білімсіз біреулер. Жау оғы жауып тұрғанда, ондайлар қол астындағы солдаттарын көпе-көрінеу өлімге жұмсайды-ау! Командир «алға!» деп бұйырған екен, сен дереу алға қарай ұмтылуың керек. Мұндайда алдымен көтерілгендерді бекіністе жатқан жау пулеметі бірден қырқып жібереді... Міне, бұл жолы да солай болды. Рота командирі өзі бұғып жатып, «алға» деп айғайлады. Бұйрықтың аты — бұйрық, енді әскер көтерілуге тиіс. Елгезек Әбілдабек, қашанғы әдетінше, орнынан ұшып тұрмақ болып ұмтыла берген еді. Сол сәт әлдекім етегінен тартқандай болды. Жалт қараса взвод командирі Теміртас екен:

— Қайда асығасың? Жұрт біраз көтерілсін де! — деді бұған ышқына сыбырлап. — Орта шенінде қозғалсаң да ештеңеден құр қалмайсың.

Әбілдабек қайтадан жата қалды. Айналайын, Теміртас-ай, соғыста да сол баяғы сақтығыңнан, сабырыңнан айнымайсың-ау! Қай кезде не істеу керектігін қалай біле береді десейші! Әбілдабектің бойы ұзын, егер сораңдап ұшып тұрса, жау оғы мұны алдымен табары сөзсіз. Дәл осы жолы аман қалғаны үшін Теміртасқа қарыздар. Сол қарызымды мен де бір қайтарармын деп жүргенде, бір күні оның да сәті түсті-ау!

Бұл — 1942-жылдың ақпаны. Неміс самолеттері үсті-үстіне бомбалап, екінші жағынан минометпен атқылап, 9-армияның қорғанысын жүндей түтіп жатқан-ды. Тағы сол техникалық теңсіздік, жау әскерінің айқын басымдығы. Совет солдаты қанша жанқиярлық көрсеткенімен, қарудың күші еңсе көтертпей тұрған-ды. Одақ армиясының ерлігі мен төзімділігіне Гитлердің өзі таңғалған деседі ғой. Ол бір сөзінде: «егер орыс әскерінің қолына менің қаруымды берсе, дүниені оп-оңай жаулап алуға болар еді» депті-міс. Осы сөзді кім шығарса да, астарында біраз шындық жатқаны анық.

Теміртас пен Әбілдабек сол күні окопта қатарлас жатқан-ды. Кенет Теміртас жақ шеттен бомба жарылды. Біреулер топыраққа көміліп, енді біреулер қалбаңдап аспанға ұшып бара жатты. Кенет Әбілдабек «Алла, Алла» деген таныс дауысты естіп қалды. Теміртастың даусы... Өзіне барлап қараса, қол-аяғы cay, ұлы денесі аман секілді. Дереу Теміртас жаққа ұмтылған. Жолдасын жартылай топырақ көміп тастапты. Бірақ тірі сияқты, есеңгіреп талып жатыр... Топырақтан аршып алып қараса, бомбаның жарқышағы оң жақ санын орып кетіпті. Қан саулап ағып жатыр екен. Әбілдабек дереу оның белбеуін шешіп алды да, жараның жоғары жағынан тас қылып таңып тастады. Батыс тарапқа көз салып еді, жау танкілері өріп келеді екен. Қазір олар келеді де, жаралылар мен есеңгіреп жатқандарды табанға салып таптайды... Одан ары ойланып тұруға Әбілдабектің мұршасы болған жоқ. Жандәрмен Теміртасты арқалап алды да, шығыс жақтағы орманға қарай бүкеңдей жөнелді. Бір тәуірі, Теміртастың бойы шарға және ол кезде денесі де қаңғажақтай жеңіл болатын. Шамамен, үш шақырымдай жол басып, полк штабының қасындағы медчастька жеткізді-ау, әйтеуір.

Теміртас жол-жөнекей есін жиған. Өзін арқалап келе жатқан — Әбілдабек екенін біліп: басында «Мен бәрібір қатарға қосылмаймын. Атып таста!» деп жалынды. Ол өтінішін Әбілдабек тыңдаған жоқ. Сол беті дәрігердің операция үстеліне бір-ақ әкелген. Бомба жарқыншағы қалың етті осып өткенімен, сүйегі аман екен. Дәрігерлер алғашқы көмектерін көрсетіп, одан ары госпиталға жөнелтудің қамына кірісіп жатты. Өзінің өлмейтініне, аяғының да кесілмейтініне көзі жеткенде, Теміртастың қуанғанын айтпа! Қоштасарда Әбілдабекке алғыс жаудырумен болды. «Осыдан тірі қалсам, сенің қарызыңды немен өтер екенмін» дейді әлсін әлі...

Осы айрылысудан соң Әбілдабек ұзақ жыл Теміртасты көре алған жоқ. Ол кезде әскерде тұрақты мекен-жай бола бермейтін. Әскери бөлімдер де жиі ауысып отырады. Бүгін бар полк ертең жоқ. Ауыр шығынға ұшыраған полктың, не дивизияның тірі қалған жұрнақтарын бір-біріне қосып, жаңа бір әскери бөлім жасақтайды. Сен енді бұрын сыралғы болмаған өзге бір командирдің қарауындасың. Өстіп жүргенде майдандас достарыңнан көз жазып қалуың оп-оңай.

Айтты-айтпады, сол қанды қырғыннан кейін Әбілдабек пен Теміртастың жолы екі айрылған. Госпиталдан қайта оралған Теміртас кілең жеңіс пен абыройдың даңғыл жолына түссе, Әбілдабектің алдында ер-азаматты әр алуан сынға салатын азапты да бұралаң жол күтіп тұр еді.

III

1941-жылы Мәскеудің дәл іргесіне дейін ентелеп, төніп келген жауды тоқтату — сол тұста адам сенгісіз ғажайыптардың бірі еді. Шынымен-ақ, бұл —адам қолымен атқарылған іс пе, әлде ғарыштан келген ғажайып па?! Басында мұны екі жақ та түсіне алмай мәңгіріп қалды. Кімнің қолымен істелсе де, Мәскеу түбінде жаудың бетін қайтару — жұртқа қарауға жүздері шыдамай ұялып жүрген Одақ басшыларының құлдыраған беделін бір көтеріп тастады.

Білетіндердің айтуынша, бұл жеңіске жол ашқан, себепші болған факторлар бірнешеу көрінеді. Біріншіден, Ресейді небәрі үш айдың ішінде басып аламыз деп, жаздық жеңіл киіммен шыққан немістер, ол жоспарын орындай алмай, орыстың қақаған аязына ұрыныпты. Екінші, һәм ең басты себеп, Мәскеуге кірер жолға орыстар миллиондаған тірі адамнан қамал тұрғызған ғой. Немістер сол тірі қамалдан аттап өте алмаған. Сірә, коммунистер өз халқын аямай, мұндай құрбандыққа барады деп ойламаса керек.

Одақ басшылары өлдім-талдым дегенде әрең қол жеткізген осы абыройдан айрылғысы келмеді. Олар күші басым жауға тек адам құрбандығы арқылы ғана төтеп беруге болатынын осы жолғы тәжірибеден жақсы түсінді. Сондықтан жауға ес жиғызбай, қыс кезінде де шабуылды үдете беруді ұйғарды. Бұл соғыс ережесіне жасалған көпе-көрінеу қиянат болатын. Өйткені қорғаныстан әлсіреп әрең шыққан армия үздіксіз шабуылға дайын емес-ті. Екі жақтың күш-қуаты есепке алынбаған, тек компартия қаулысымен жігерленген әзірліксіз шабуыл майданның көп жерінде өзін-өзі ақтамады.

Алайда, Сталиннің шабуылды тоқтатпау туралы 1942-жылдың басында шығарған бұйрығын маршалдар мен генералдар амалсыз орындауға кірісті. Сол белсенділер қатарында маршал Тимошенко мен әскери кеңесші Н. С. Хрущев басқаратын оңтүстік-батыс майдан әскерилері де бар еді. Көсем алдында көзге түсіп қалатын жеріміз осы деп, бұлар шабуылға жеделдете кіріскен... Бірақ, көп ұзамай бұл әрекеттерінің тым асығыстық екені мәлім боп қалды. Сөйтсе, немістер оңтүстік-батыс майдан әскерлерін қоршап алуды көздеп, жорта шегініпті ғой. Ашып қойған қаптың аузына бұлар ішкерілеп ене беріпті. Амал не, кері шегінуге мүлде кеш еді. Тимошенко мен Хрущев тұзаққа түскендерін енді біліп жанталасты. Мән-жайды Сталиннің өзіне хабарлауға бата алмай, б