Әдебиет
Бір қаланың тұрғындары
ПОВЕСТЬ
I
Көп кешікпей қасындағы Ұлтуғанның оянғанын, керіліп - созылып төсектен қалай тұрғанын, сонан соң айнаның алдында сәл байырқалып, тәпішкесін тырпылдатқан күйі дәлізге қарай бет алғанын қолмен қойғандай біліп жатыр.
«Әй, Байғабылов - ай, оңбайсың - ау екі дүниеде! — деді ол ішінен, өзін-өзі иттің етіндей жек көріп. — Қызметтен қуылған екенсің, жарайды. Сол үшін неменеге жетісіп ішіп жүрсің? Қайғырғаның ба, әлде қуанғаның ба? Аузыңа бірдеңе тисе болғаны, шылбыр тізгіннен айрыҚлып, түбі түскен шелектей салдырлайсың да кетесің. Жасың қырыққа жақындап, ата - сақалы аузыңа біткенше, ақыл кірмей-ақ өтер ме екенсің осылай?!»
Көрпенің астынан сығалап көріп еді, сағат сегізге он бес минут қалыпты. Ac үй жақтан ыдыс-аяқ сылдыры, мектепке баратын балалардың дабырласып шай ішіп жатқаны білінеді. Енді біраздан соң тарпылдаған аяқ дыбысы молайды да, сыртқы есік қаттырақ жабылып, үй ішіне жым-жырт тыныштық орнады.
«Айналайындар - ай, мен қозғала қоймаған соң, арттарына жалтақтап қарай-қарай кетті -ау, — деп ойлады Батырхан балаларын көз алдына келтіріп. — Қайдан білсін, әкелерінің нендей күйге ұшырап жатқанын... Күнде бас-аяғын түгендеп, мектепке өзі шығарып салушы еді, бүгін оған да жарамады».
Балаларын еске алуы мұң екен, басына түскен жағдайдың ауыртпалығы тіпті айқын білініп, онсыз да қоңылтақсып жатқан көңілі онан арман құлазып сала берді. Бір мезгілде Ұлтуған кірді бөлмеге. Шифонерді ашып - жауып, киініп жатқаны байқалады. Бүгін сәрсенбі — мектепке ерте баратын күні. Не үшін екен, бұған әзірше соқтыққан жоқ. Бірақ тынысы ауырлап, әлсін-әлі күрсіне бергеніне қарағанда, талағы тарс айрылып, долданып жүргені белгілі. Күйеуінің кеше беймезгіл ішіп келгенін кешіре алмай тұр, қызметтен қуылғанын естісе, не боларын құдай білсін. Батырхан үлкен бір шайқастың алда тұрғанын сезініп, іштен тына күрсінді. Апыр - ай, болған жағдайды Ұлтуғанға қалай естіртсе екен? Әлде бүгін жұмысқа кеткен болып, кешке дейін бой тасалай тұрғаны жөн бе? Бірақ онымен қанша жерге барасың, түбінде бәрібір әшкере болмай ма? Мұндайда әйелінің қан қысымы көтеріліп, қолма-қол ауырып қалатыны болушы еді, құлатып алмаса жарады.
Ұлтуған асықпай ұзақ киінді. Ұйықтап жатқан адамға қалай ұрынудың амалын таппай, бар уытын тілінің ұшына жинап тұр-ау, не қылса да? Ең жақсысы, қазір жұмысына тыныш кетіп, жайсыз хабарды кешке бір-ақ естісе оңды болар еді. Оған дейін Батырхан да ес жинап, айтатын уәжін де әзірлеп қояр еді. Бірақ Ұлтуған шыдамады. Туфлиін тық-тық басып мұның қасынан әрі - бері өтті де:
— Әй, жексұрын, дөңбектей болып жатушы ма едің осылай? Жұмысыңа бармайсың ба? — деді даусынан салқын сыз білініп.
«Атаңның басы! — деді Батырхан ішінен. — Жұмыс дейді ғой... Қайдағы жұмысты айтып отырсың?!» Ол тіпті тыныс алғанын да сездірмей, көрпесін тарс бүркенген күйі, қимылсыз жата берді.
— Әй, мынаның есі дұрыс па? Сорлы - ау, жұмыстан қаласың ғой? — Әйелі аяқ жағынан ырғап - ырғап қалды. — Ал мен кеттім. Өз обалың өзіне! — деп есікке таман жүре берді де, байыз таппай қайта оралды.
Арада бір минуттай үзіліс. Ұлтуғанның көңіліне әлдеқандай қорқыныш кіріп, көз шарасы үлкейе бастағанын Батырхан көрпенің астынан - ақ сезіп жатыр. Шынында да, әлден уақытта әйелінің үні бұзылып:
— Құдай - ау, мынасы не сұмдық тағы да?! Өліп қалғаннан сау ма өзі? — деп басындағы көрпесін жұлып алды.
Батырханға ыржалаңдап күле бастағаннан басқа амал қалмаған-ды. Қаны қашып, бозарып кеткен Ұлтуған, жүрегі енді орнына түскендей, қанына қарая күрсінді.
— Күледі ғой, ұятсыз... Күлкің көмір болғыр, не бетіңмен ыржалақтайсың? Тұра тұр, бәлем; сенімен кешке сөйлесермін. Ал қазір киін де, жөнел жұмысқа!
Батырхан кейде өз әйелін жаңа көргендей қылжақтап ойнай беретін. Мұндайда ең дұрысы осы болар деп, сол ойнақы мінезіне басты.
— Бәйбіше, сен қарсы болмасаң, сол жұмысты қойсам деп тұрмын.
— Ойының осылғыр, сенімен тәжікелесіп тұруға менің уақытым жоқ.
— Шын айтам. Ес білгелі қу жанға бір тыныштық жоқ. Қажыдым...
— Е, байғұс, кассада ақшаң тіреліп тұр еді.... Дем алып жат осылай!
— Ойлап отырсам, үйленгеннен бері сенің қасыңда да анық бір ай байырқаламаппын. Кәрілікке бой алдырмай тұрғанда, кемді күн ойнап-күліп, көз алдында жүрсем деймін.
— Апыр-ай, жақсы болды ғой. Екі көзім төрт болып, сені сағынып отыр едім. — Ұлтуған мырс етіп күліп жіберді. Сонан соң есікке қарай жүре берді де, ойына бірдеңе түскендей, артына жалт бұрылды. — Әй, жатысың жаман, осы сені құдай ұрып қалған жоқ па тағы да?
— Ұрып қалды... Ұрғанда, қос қолдап тұрып ұрды, — деді Батырхан басын көтеріп. — Мен бүгін боспын, бәйбіше. Кәсіпбай доңыз соңыма түсіп жүріп, ақыры дегеніне жетті.
— Жетістірген екенсің! Бәсе, ойлап едім-ау өзім де...
Ұлтуған бұдан ары ләм-мим тіл қатпады. Үлкен қара көздері жасқа толып, өңі бір ағарып, бір қызарып, тырсылдап бір сәт тұрды да, булыққан күйі далаға шығып кетті.
Қап, мынасы қиын болды-ау бәрінен де! Бұл әйелінен ауыр-ауыр сөздер күтіп еді. Мұндай оқиға жергілікті мәні бар, кішігірім шайқассыз өтпес деп, атар оғын, айтар сөзін оқтап, әзірлеп қойып еді. Сол еңбегінің далаға кеткенін қарашы. Бұлайша бітеу жарадай сыздап, үндемей құртқаннан гөрі, ашық кінәласып, шер тарқатысып алғанның өзі жақсы.
Амал құрыған Батырхан төсегіне қайтадан қисая кетті. «Жаман күнді жатып тыңда» деп, қалағанынша ұйқы соқпақ еді, бірақ онысынан ештеңе шықпады. Тұла бойы тулақтай қаңсып, шөл қысып бара жатқан соң, ас үйге барып краннан су ішті. Газға шай қойды. Денесі сал-сал болып, кірігі тарқамай сіресіп тұр. Қаны құрғыр қоюланып, тамыр -тамырға еркін шаппай тұрғаны белгілі. Бұл үйден бас жаза қоятын да бірдеңе табылар деймісің. Тоңазытқышты, сервантты ашып көріп еді, бәрі қаңырап бос тұр, жылан жалағандай... Өзінше қол-аяғын қайшылап, еңкейіп - шалқайып, дене әрекетін жасап көріп еді, оның да шыбын шаққан құрлы әсері болмады. Өне бойы қан қақсап, басы зырқылдай ауырып, тек бір - ақ нәрсені тілеп тұр: бір стакан арақ, не екі-үш сапты аяқ салқын сыра керек.
Мұндайда шаруа баласының есіне ылғи да ауыл түседі. «Шіркін-ай, осындайда қатталып қалған шөпті айырмен түйреп алып, маяның үстіне лақтырар ма еді! — деп армандады, жан - тәнінің қауырт бір қимылды аңсап тұрғанын сезіп. — Не болмаса, бір қап бидайды арқаға салып алып, көз көрім жерге дейін көтеріп барса ғой, шіркін. Бұл қаң деген иттің тарамағанын көрер едім сонда... Ауылда рақат қой, — деді ол үйлердің қалқасынан қылпы ғана көрінген Найзақара шоқысына терезеден көз жіберіп. — Аттап бассаң бір жұмыс табыла кетеді. Балтаны ала салып ағаш жарасын ба, құдықтан құлаштап су тартасың ба, ерік өзіңде... Немесе бір атқа жайдақ міне салып, көрші ауылға құйындатып барып қайтсаң да, құрыс-тырысың жазылып қалар еді. Арқаңнан ащы терің шықпаған соң, суытылмаған аттай өстіп жүресін кіртиіп...»
Ваннаға кіріп, өзін салқын душтың астында біраз ұстаған соң ғана сәл сергиін деді. Айнаға үңіліп еді, түр дейтін түр қалмапты: беті баржиып, көзі қанталап қызарып кеткен. Мәссаған, танауының үсті де қызара бастаған ба, қалай? «Менің мына сиқымды көрген адам жақсылыққа жори қоймас, — деді ішінен. — Өстіп жүріп, бір күні алқаш боп шыға келмесек жарады».
Ол үй ішінде тордағы арыстандай сенделіп көп жүрді. Диванға келіп отырды, одан байыз таппай қайта тұрды. Екі қолын алдына сыйдыра алсайшы. Үйде ештеңе істемей бос отырған адам уақытын қалай өткізуі мүмкін? Ойлап қараса, түк түсінігі жоқ екен. Басынан кешпеген, бейтаныс, жат дүние. Таңертең көзін тырнап ашысымен жұмысқа қарай жүгірмеген адамды көз алдына елестете алмайды. Ондай біреулер басқа бір елдерде бар болса бар да шығар, бұл көріп жүрген ортада бос отыру мүмкін емес тәрізді... Әлдебір дыбысқа құлақ түрсе, ас үйде газға қойған шәугімі қақпағын билетіп қайнап жатыр екен. Отын өшіріп тастады.. Шай ішуге де зауқы соқпады.
Күн жылы, апрельдің бас кезі болатын. Шөл қысып әкетіп бара жатқан соң, сағат онның шамасында таяу маңдағы сыраханаға барды. Көпіршіген салқын сырадан едел-жедел екі сапты аяғын тартып жібергенде барып есін жинады. Бірақ өзегін өртеген ыстық жалын оңайшылықпен сөнер емес. Үшінші сапты аяқты асықпай сыздықтата сімірді. Сыраханада адам аз. Жұмыс уақыты. Бірен-саран кешкі кезекте істейтіндер, қолы бос қарттар, сонан соң Батырханның өзі секілді түрлі себеппен «бас жазып» жүрген саяқ - сандырақтар... Күн бойы осы төңіректен ұзамай, шырқ айнала беретіндер де ұшырасып қалады.
Бұрыштағы оңаша столда екі-үш адам шекпендерінің етегімен көлегейлеп, «вермут» құйып ішіп тұр. Жылпостау ұзын сарысы қоп-қою қоңыр шарапты сыраның сапты аяғына үш бөліп құйды да, біреуін қолына алып, тобықтай ойнаған жұтқыншағы бүлкілдеп, рақаттана ұзақ сораптады. Тұмсықтары қызғылтым екен... Шамасы, бұлар да «алқаштар ауылына» қоңсы қонып жүргендер.
Батырхан терезенің алдында, анда-санда қарсы беттен азық - түлік дүкеніне кіріп -шыққан жұртқа қарап қойып, өз бетінше тұрған-ды. Бір мезгілде әлдекім жеңінен тартқандай болды. Қасында көнетоз шекпен киген егде кісі тұр.
— Қосылмаймыз ба? — деді уысындағы бақыры мен күмісі аралас тиындарын көрсетіп.
Батырхан түсінді: «Ақша қосып, шарап ішейік» дегені. Мұрны тіпті қолағаштай кісі екен, қызыл күреңденіп, бөртіп алыпты.
— Басқа серік іздеңіз. Мен ішпейтін едім, — Батырхан тыжырынып теріс айналды.
«Бұл да менің танауыма қарап, жан тартып тұр - ау, шамасы? — деп іштей қуыстана бастады, — Ендігі жетпегені осы еді... Кім деп жүр екен мені?»
Дегенмен, ол осы сәтте өзінің де екі тарау жол айрығына келіп тұрғанын ішкі бір сезім сәулесімен түйсінгендей болды. Біреуі — кәдімгідей өмір жолы, тіршіліктің ащы - тұщы тауқыметіне төзу жолы. Екіншісі — ішіп кету, сөйтіп мына тұрған ағайындардың тобына біржола қосылу. Егер ішіп кетемін десе, дәл қазір мұның шарты толып-ақ тұрған секілді. Жұмыс жоқ, қол бос... Бұл құрғырдың да адамды өзіне тартып, еліктіріп әкететін бір пәлесі бар, әйтеуір. Әрі оңай, әрі қысқа, кісіні зеріктірмейтін дырду - думаны да мол, тіпті өлімге де тез апаратын ең төте жол осы. Өз жағдайына келіспеу, құлазып жатқан көңілді күшпен иіп көтеру ғой — мұның аты. Өмірден қажыған, күресуден, тіресуден жалыққан жандардың қашып барып паналайтын бір орны осы болғаны ма сонда? Солай шығар... Бірақ Батырханға бұл есікті қағуға әлі ерте. Соншама не көрініпті? Өмірдің екінші айналымы әлі алда жатыр. Ерегескенде, бұрынғысын сызып тастап, бәрін басынан қайта бастауға да болады.
Осы бір ой жол бойы да, үйіне қайтып келген соң да, көңілінен шықпай қойды. Ақыры осы жағдайды дер кезінде ойлап үлгіргеніне шүкіршілік етті. Бүйтіп ойланбай, алды -артын барлап жатпай, сол бір түпсіз тұңғиыққа көз жұмып қойып кетсе не болар еді?!
«Қой, бұл ішімдік деген пәледен тыйылуым керек екен», — деп ойлады ол диванда қисайып жатқан күйі.
Мен сияқты жүйкесі жұқарған адамға арақ ішу қол емес. Кейінгі кезде өзімді ұстай алмай, тез қызып қалатыным да содан... Арақ ішкенде кімді қорқытасың? «Апыр-ай, пәленше екен ішіп кетіпті» деп біреулер қайғырса екен-ау. Бір күні далада қалып қойсаң, сүйегіңді жинап алатын да ешкім табылмас. Шиеттей балаларым бар. Дәл қазір менің ішіп кетуге де, тіпті өлуге де қақым жоқ».
Көз алдына әлдеқашан марқұм болып кеткен Алмас деген досы елестеді. Бұлармен қатарлас оқыған талантты архитектор еді. Оқуды бітірген соң, осындағы жобалау институттарының бірінде жұмыс істегі жүрді. Баяғы студенттік кездегі татулығын үзбей, Батырханға жиі келіп тұратын. Бірақ сол жігіттің жолы тым ауыр болды. Бірнеше ғимараттың жобасын жасап, конкурсқа қатысып көріп еді, бірде – біреуінің жолы болмады. Ең соңғы еңбегі — Алматыға салынатын неке сарайының оқшау бір нұсқасы -тұғын. Ол да экономикалық жақтан тым қымбатқа түсетін, қажетсіз дүние деп табылды. Ал, әділетке жүгінсе, Алмастың жобасы бәрінен де артық еді. Ұлттық бояу да, архитектураның соңғы жетістігі де тамаша келісім тапқан-ды. Оның жобасы қабылданса, жас жұбайлар тауап ететін махаббат сарайы, ши қалпақ сияқты шытынап тұрған қазіргі қалпында емес, ақ мәрмәрден өрілген қазақтың киіз үйі, алты қанат ақ орда тұрпатында салынуға тиіс еді. Алдындағы гүл алаңында махаббат серілері Қозы мен Баянның бейнесі орнатылмақ болатын. Орданың от жағатын ортасында семья символы — үш бұтты ошақ пен қазан тұруға тиіс. Ал қазан астында шоқтай жайнап, роза гүлдер өсіп тұрмақ еді... Не керек, сол жоба өтпей қалды ғой ақыры. Осыдан кейін - ақ Алмас күрт бұзылды. Бұдан ары тіресуге төзімі жетпей, ішіп кетті. Ішкенде бас көтермей, айықпай ішетін күйге түсті. Семьядан ажырағаны, қызметтен қуылғаны өз алдына, тұрақты мекен-жайы да болмай, көшедегі кезбеге айналды. Өзі әке-шешеден ерте айрылған, қанат - құйрықсыз, жалқы жігіт болатын. Кейде елдегі жамағайын туыстарына кетіп қалып, ол жақтан сүйкімі қаша бастағанда, қалаға қайта оралып, екі ортада жүретін-ді. Бертін келе жора-жолдас арасында да қадірі қалмай, әркімнен тиын - тебен сұрайтын халге жеткен. Енді оған тек өлу қажет болатын. Бірақ, тағдыр шын сорлатқанда, кісіге өлімнің де дұрысын бермейді екен ғой.
Бір жылы Алмас ұшты-күйді көрінбей кетті. Басында оны іздеген пенде болмады. Арада бірер ай өткенде, таныс-білістер: «Айтпақшы, осы Алмас көрінбей кетті ғой, ол қайда жүр?» деп еске алысқан еді, біреулер «е, Алмасты жау алар дейсің бе, ел жақта жүрген шығар» деп қолдарын сілтей салысты. Ақыры күнделікті күйбеңмен ол да ұмытыла бастаған. Тек арада екі-үш ай өткенде ғана, Алмастың қазаға ұшырағаны мәлім болды. Сөйтсе, оқиға былай болған екен. Алмастың өлігі жаз ортасында - ақ көшеден табылады. Қалтасында ешқандай документ, не адрес болмайды. Туыстары болса түбінде іздеп табар деген оймен, милиция мүрдеханаға өткізеді. Мүрдеханада оны тиісті мерзімге дейін ғана сақтайды да, ешқандай ие шықпаған соң, мұндайда қалыптасқан тәртіп бойынша, мединституттың анатомия кабинетіне табыс етеді. Осындағы хирург ғалымдардың бірі мектепте Алмаспен бірге оқыған екен. Студенттерге практикалық сабақ жүргізуге келгенде, өліктің кім екенін сол танып қалады. Марқұмның жора - жолдастарына хабарлайды... Ақыры бірге оқыған он шақты жігіт бас қосып, бағы ашылмаған сорлыны өз қолдарымен жерледі. Орталарынан ақша жинап, басына жеңіл - желпі тас қойды.
Содан бері де біраз жылдар өтті ғой. Бұл жарық дүниеде Алмас деген біреудің болғанын оны білетіндер де ұмыта бастады. Тек оқта-текте Батырхан ғана еске алады. Онда да Абай көшесімен өтіп бара жатып, неке сарайына көзі түскенде, Алмастың іске аспай қалған жобасы түседі ойына. Қазақтың ақ мәрмәрден өрілген ақ ордасы, оның алдында бір-біріне жүрегін ұсынып тұрған Қозы мен Баян елестейді көз алдына. «Шіркін, Алмастың сол қиялы іске асса, өлмей жүре беретін бе еді. Тіпті өлген күннің өзінде де артында өшпес із қалар еді-ау!» деп армандайды...
Батырхан уақыт өткізу үшін қолына кітап алып көріп еді, оған да зауқы соқпады. Басына шырма - шату ойлар келіп, өрмекшінің торына ілінген шыбындай малтықты да жатты. Бір ауық өмірдің күрделілігін, уақыттың бір орында тұрмай, сынаптай сырғып өтіп жатқанын ойлап өтті. Өз басы осынау тірліктен не алып үлгерді? Өмірден өз орнын тауып, қойындасып кете алды ма? Соны ақыл таразысына салмақ болды. Рас, әркімнің өз шама -шарқы, өрмелеп шығатын биігі бар. Бұл Алмас сияқты үздік талант едім деп айта алмайды. Бірақ мұның тәп-тәуір инженер, тәжірибелі құрылысшы екені өтірік емес қой. Жарайды, қара үзіп, алға шығып кетпей-ақ қойсын, ел қатарлы, тып-тыныш еңбек етуіне болатын еді ғой? Бір емес, екі емес, жолы неге оңғарылмай қойды Батырханның? Аңғырт басқан жері қайсы? Қай жерден қате жіберді? Жаза басқан тұсы болмаса, неге теп-тегіс жерден сүріне береді? Әйтеуір, қай мекемеге барса да, сіңісіп кете алмай, «қолайсыз жігіт» деген атақты арқалап шыға келеді. Сонда мұны аяқтан шалып, етектен тартып жүрген нәрсе не? Әлде білімі жетпей ме? Жоқ, өз мамандығы бойынша, білімсізбін деп айта алмайды. Институтта жақсы оқыды. Дипломдық жұмысы үздік бағаланып, астанада қалған он шақты жігіттің бірі... Әлде, мінез шәлкестігі кесірін тигізіп жүр ме? Мүмкін. Мінезінің бір беткей, қыңыр екені, тым қыздай сызылып тұрмайтыны рас. Өз пікірін кімнің алдында болсын тайсалмай айтып салады. Әлде осы турашылдығы ма — «қолайсыз жігіт» атандырып жүрген? Әй, солай шығар... Сонда, сүйекке сіңген мінезін қалай өзгертпек? «Егер бойымда іліп алар бірдеңе болса, ол, сірә, адалдығым мен тазалығым шығар» деп, өзі мақтаныш етпейтін бе еді. Оны сыпырып тастаса, сонда бұл Байқабыловтан не қалады?
Бірінен бірі туып, балалай беретін сан алуан сұраққа жауап таппай, Батырхан екі қолын желкесіне жастанған күйі, диванда шалқасынан түсіп ұзақ жатты.
«Не десең о де, бар кесел — уақытқа қарай бой түзеп, дер кезінде бейімделе алмаудан, — деп түйді ақыры. — Мәселе білімде ғана емес, психологиялық бейімділікте. Мінез дегеніңіз де осыған келіп саяды. Тегінде, кісінің жасы жылмен өлшенбесе керек. Басқа жұрт қазір цивилизацияның дәмін татып, жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегінде өмір сүріп жатқанда, Байғабыловтың қай жерде шаң жұтып жүргенін бір құдайдың өзі білсін».
Ол ауыр денесімен серіппесі тозған көне диванды езе сықырлатып, екінші қырына аунап түсті.
II
Обалы нешік, Батырхан қызметтегі алғашқы қадамын жаман бастаған жоқ. Институтты бітіре салысымен, осындағы құрылыс монтаж басқармаларының біріне прораб болып орналасты. Қазір ойлап отырса, құрылыста істеген алғашқы жеті жылы күн шалған төскейдей көңіліне айрықша ыстық тартып тұрады. Маңдайы тасқа тимеген, жігері мұқалып, жүйкесі тозбаған, қызулы да оны іздеген пенде болмады. Арада бірер ай өткенде, таныс-білістер: «Айтпақшы, осы Алмас көрінбей кетті ғой, ол қайда жүр?» деп еске алысқан еді, біреулер «е, Алмасты жау алар дейсің бе, ел жақта жүрген шығар» деп қолдарын сілтей салысты. Ақыры күнделікті күйбеңмен ол да ұмытыла бастаған. Тек арада екі-үш ай өткенде ғана, Алмастың қазаға ұшырағаны мәлім болды.
Оның үстіне құрылысшы болу — Батырханның жалықпай соңына түсіп жүріп, таңдап алған кәсібі. Бұл тірлікте өз қолыңнан бірдеңе тұрғызғаннан, жоқты бар етуден артық не болушы еді. Батырханның ойынша, адам баласының бірінші қажеті — азық-түлік болғанда, екінші қажеті — баспана. Содан кейінгі зәру нәрселер: өндіріс құралы, киім -кешек, тұтыну бұйымдары. Ал қалған сән-салтанат пен неше алуан кәсіп бұл жұрт бертінде тауып алған... Ол әйтеуір табыс тауып, бала-шаға бағатын кәсіптің бәрі бірдей дегенге келіспейді. Оның түсінігінде, адамзатты азық-түлікпен қамдап, жылы баспана салып беріп, асырап-сақтап отырғандар басқа кәсіптің бәрінен жоғары тұруға тиіс. Батырхан құрылыс институтына алғашқы жылы түсе алмай, одан әскерге барып келіп, ақыры қоймай жүріп түскенде, көңілінде осындай ұғымдар жатушы еді.
Ол оқып жүрген кезінде де, одан кейін де осы пікірінен айныған жоқ. Өзінің әзірге мәзірлер тобында емес, жоқтан бар жасаушылар қатарында жүргенін сұмдық мақтаныш ететін. Шындығын да, құрылыс жұмысының қиындығы мен бейнеті қандай көп болса, адамға сыйлайтын рақат, ләззаты да аз емес-ті... Мәселен, сіздің алдыңызда архитектордың қолынан шыққан жана үйдің жобасы жатыр дейік. Қағаздың бетінде қым -қиғаш сызықтар мен құжынаған цифрлар. Адамның басы айналардай сол сызықтар мен цифрлардың тілін тек құрылысшы - инженер ғана түсіне алады. Жобаға бір қарағанда - ақ, жаңа үйге қанша қаржы, қанша материал, қанша жұмыс күші кететіні көңілінде сайрап тұрады. Бірақ ол материалдардың әзірше сайда саны, құмда ізі жоқ. Олар даладағы тас пен құм, қаладағы цемент пен кірпіш күйінде әр жерде шашылып жатыр. Енді сол дүниелерді бір жерге жинап, темір мен бетоннан түйін түйіп, зәулім ғимарат тұрғызуың керек. Жоқтан бар жасау дегеніміз осы емес пе?! Бұл жағынан, құрылысшының алдына түссе, дән өсірген диқан мен мал өсірген малшы ғана түсе алады.
Міне, жаңа үй де салынып бітті. Кешегі тап-тақыр алаңқайға, немесе құлағалы тұрған ескі лашықтың орнына төбесі көк тіреген зәулім сарай бой көтерді. Кешікпей самсаған сансыз терезелерден самаладай болып шам жанады. Сөйтіп түнгі аспандай жарқыраған қаланың қалың оттарына тағы бір шоқ жұлдыз қосылады. Енді бір қарасаң, әлгі терезелерге әр алуан перделер тартылып, өзің салған үйлерде сен өмірі танымайтын бір адамдардың тұрып жатқанын көресің. Ол үй енді бұрынғыдай жансыз, тас қабырғалар ғана емес, тамыр - тамырына қан жүгіріп, тіршілік рухы қайнап жатқан кәдімгі тірі организм, Батырхан қолы бос кездерінде сондай жаңа үйлердің қасынан әдейі өтетіні бар. Басқаларды кім білсін, өз басы терезедегі оттарды көргенде, жаны жай тауып, бір рақат сезімге бөленеді.
Осындай қиындығы мен қуанышы, рақаты мен бейнеті аралас қызу ортада жүріп, алғашқы алты-жеті жылдың қалай зымырап өте шыққанын да аңғармай қалыпты. Батырхан жөн білсе, сол бағытынан жаңылмай, өзі етене сіңісіп кеткен жұмысшы қауымның арасында, үйін салып, мақтауын алып, жүре беруі керек еді ғой. Бұл құрығанда, өсемін деп жүріп құрыды. Әркімдер қолтығына дым бүркіп, желпілдетті - ай дейсің бір. Басында өзіне үйреншікті прорабтығынан көтеріп, учаске бастығы етіп қойған. Одан арада бірер жыл өтпестен, СМУ - дың бас инженері, одан қол-аяғын жерге тигізбей басқарма бастығының жабдықтау жөніндегі орынбасары етіп жоғарылатты. Құданың құдіреті, осы жоғарылау Батырханға жақпады. Өндірістен қол үзіп, қалай кабинет жағалады солай, бейне жерден айрылған Антейдей омақаса құлап түсті. Құлағанда әлгі бір мысалда айтылатын қырықаяқтың кебін киді.
Мысалда қалай айтылушы еді? Иә, айтпақшы... Шыбын ба, өрмекші ме, біреуі қырықаяқты көріп таң - тамаша болады. Оның жүрісіне қайран қалып, қасына келеді де: «Санап отырсам, сенің қырық аяғың бар екен. Мына біздер төрт аяқтың өзін зорға меңгеріп жүргенде, сен мына қырық бірдей аяқты бір-біріне шатастырып алмай, қалай қозғаласың?» деп сұрақ қояды. Бір қызығы, әлгі қырықаяқ осы күнге дейін өзінің қанша аяғы барын да білмейді екен ғой. Олардың қалай әрекетке келіп, қалай қозғалатыны жөнінде де ойланып көрмепті. Жаңағы сұрақ оған пәле боп жабысады. Енді ойлана бастайды. Санап көрсе, шынында да, қырық аяғы бар. Солардың қалай қозғалатынына миы жетпей, өзінің басы қатады. Аяқтарын бір-бірлеп, санап басып көрейін десе, біріне -бірі шалынысып, сүріне береді. Тіпті жүруден қалады. Сол қырықаяқ аяқтарының есебіне жете алмай, ойсоқтылықтан дертке шалдығып, ақыры құсадан өлген екен деседі...
Батырхан да соның артқы аяғын құшты. Бұрын прораб болып жүргенде, бір ғана объектіге жауап берсе, енді СМУ бастығының орынбасары ретінде құрылысқа қаржы, материал жеткізе алмай әлекке түсті. Орындалмайтын жоспар, артық жұмсалған ақша, шақ келмей шағылып жататын техника, бәрі бұған келіп тіреледі. Жетпей қалатын материалды қырық есікті қағып жүріп, қалайда табуың керек. Ол үшін ешкіні апа, текені жезделеп, жұртты майлы ішекке айналдыратын аса ысқаяқ жылпос болуың керек. Адамдар арасындағы осындай қым - қуыт қатынасқа түскенде, ол өзінің тым ноқай, икемсіз екенін байқады. Адамдар кірпіш емес — қойған жеріне тұра қалатын. Жұртты жұмылдырып, басын біріктіру де қабырғаларды темірмен түйреп, цементпен қатыра салуға ұқсамайды екен. Ең бастысы, адамдар арасында адалдық, сенім жетіспейді. Көзі тайса болғаны біреуді - біреу тақырға отырғызып алдап кетеді. Әр текше метр ағашты, әр тонна құмды, кірпіш пен цементті машинаға тиеген сайын қалай таразыға тартып өлшеп отырарсың?! Нәтижеде, материал жетіспей, құрылыстар орта жолда тоқтап қалады. Не керек, Батырхан істейтін құрылыс басқармасы қарыздан бір құтылмай - ақ қойды ғой, әйтеуір. Бір объектінің қаржысымен екіншісін жауып, оны да уағында бітіріп бере алмай сөзбұйдаға салып жүргені... Бұл құрылыс жұмысының да қырық аяғы бар екенін Батырхан сонда барып пайымдаған. Амал жоқ, бұл да ойлана бастады. Жатпай - тұрмай есепке кірісті. Ақшаның қайда кетіп жатқанын, құрылыс материалдарының қалай талан - таражға ұшырайтынын ерінбей-жалықпай есептеп, жыл аяғында үш жүз мың сом қаржының кімдердің қалтасына түсіп кеткенін індетіп берді. Қылмыс ашылды. Іс сотқа тапсырылды. Басқарма басшыларының біразы сотталып кетті де, қалғандары түгел орнынан алынды.
Күйелі ағашқа жұғысқан екенсің, былғанбай қалуың мүмкін бе? Жаза тартқандардың кейбіреуі Батырханды ала кетуге тырысты. «Ұры мықты болса, мал иесі жығылады» деген сөз бар. Әлгілердің қыспаққа алуымен бұл да жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Алғыс алудың орнына біраз күн қызметсіз жүрді. Сөйтсе, бұл өзі отырған бұтақты түбінен шауып түсірген Қожанасырдың қылығын қайталапты ғой... Бұрын араласып жүрген құрылыс мекемелерінен қызмет қарастырып көріп еді, ешқайсысы мұны алуға құлықты бола қоймады. Батырхан дегенің тырнақ астынан кір іздегіш, су ішкен құдығына түкіріп кететін, құдай сүйер қылығы жоқ, жексұрын біреу болды да шықты. Әрине, «король — жалаңаш!» деп айқай салатын ақ жүрек кімге керек? Себебін ашық айтпағанымен, бәрі де жолатқысы келмей, сылап-сипап шығарып салады.
Бұлардың ісін тексере шыққан комиссия құрамында облыстық кәсіподақтан да өкіл бар -тұғын. Батырханның жағдайын түсінген болар, ақыры солар жұмысқа шақырды. Бір жылға жуық бұл құрылысшылар кәсіподағының облыстық комитетінде қызмет атқарды. Бұрын кім білген, ол да жер-дүниені алып жатқан үлкен мекеме екен ғой. Әр саланың өз кәсіподағы бар... Штат жеткілікті, жұмыс жеңіл. Міндеттеме қабылда, жоспар орында деп желкеңнен қарап тұрған да ешкім жоқ. Техникалық қауіпсіздікті қадағалау, мүшелік жарнаны уағында жинап, еңбекшілердің демалысын ұйымдастыру сияқты кілең бір қағазбен, сөзбен - ақ бітетін жұмыстар. Не қыласың жан тыныштығын күйттеген адамға таптырмайтын - ақ орын.
Бірақ керегі не, Батырхан бұл жұмысты місе тұтпады. Бұл мекемеде қызмет істеу үшін тіпті құрылысшы болу да міндетті емес екен. Көпшілігі пенсияға шыққан қарттар, әйелдер, тағы басқа Алматыны сағалап жүрген әр түрлі кәсіптің адамдары. Батырхан екі қолын алдына сыйдыра алмай әлекке түсті. Құрылыс дегенді қағаз жүзінде болмаса, іс жүзінде көре де бермейсің. Оның үстіне бұлардың бөліміне кілең әйелдер жиналып қалған екен, солардың арасында сомадай болып отырудың өзі ұят... Бөлім бастығы да жап-жас келіншек. Үйде Ұлтуғанның ақылын тыңдап шығып, кеңсеге келгенде тағы бір әйелден нұсқау күтіп отыру — Батырханға өте ауыр тиді. Ақыры әйел затынан аллергияға ұшырайтын болған соң, сондай жайлы қызметті де тастап кетуге тура келді.
Соңғы үш-төрт жылда Батырхан күрделі құрылыстар министрлігіне қарайтын тұрғын үй трестерінің бірінде аға инженер болып істеді. Бұл мекеме өз қолдарымен үй салып, кірпіш қалап жатпағанымен, қала құрылысын жобалау, ұйымдастыру ісіне тікелей қатысты еді. Бұрынғыдай емес, атқаратын жұмыстың ауқымы да ұлғая түскен. Қала құрылысы қай бағытта дамып, не істеліп жатқаны алақанға салғандай көрініп тұрады. Қол астындағы құрылыс-монтаж басқармаларына бағыт беpiп, жөн сілтеп, олардан тікелей есеп алып отыратын да — осы трестер - тұғын. Қызмет талабы Батырханды құрылыс теориясымен шұғылдануға, кейін шыққан әдебиеттерді күнделікті қарастырып отыруға итермеледі. Жұмыс бабымен бірнеше рет туысқан республикалардың астаналарына да барып қайтқан -ды. Әлде соның әсері ме, арада бірер жыл өтер-өтпесте оның басына неше алуан идеялар толып, құрылысты ұйымдастыруда бұл келіспейтін жайлар көбейіп бара жатты.
Соңғы жиырма-отыз жылда Алматының халқы үш есеге жуық өскен екен. Осыған байланысты тұрғын үйлерді көптеп салуға тура келді. Бұл жұмыс негізінен қаланың көлемін ұлғайту жолымен жүргізілді. Уақыт талабын қанағаттандыру үшін, тез бітетін, әрі арзанға түсетін тәсілдер таңдап алынды. Қала шетіндегі микроаудандарда салынған бірінен-бірі туғандай бетон қабырғалы, жұпыны үйлер — сол амалсыздықтан туған шаралар екені белгілі. Бірақ оның өзі қала салу емес, үй салу, үйдің санын көбейту дегенге тірелетін-ді. Қазір алғашқы қарбалас кезең өтті. Қала халқы тұрақтанды. Енді сасқалақтайтындай ештеңе жоқ. Бұдан былай қаланың көлемін далита бермей, оны биіктету, көркейту есебінен өсіретін мезгіл жетті. Ол үшін қаланың орталық аудандарына сіріңкенің қорабындай бетон үйлерді қаптата бермей, әр көше өзінше ансамбль құратындай, ұлттық өрнек пен архитектураның ең соңғы жетістігін бойына дарытқан еңселі әсем үйлер түсуі керек... Кейінгі кезде Батырханды мазалап жүрген ойлар осы еді.
Әрине, ол аңғарған нәрсені басқа мамандар да көрмей - білмей жүр дейсің бе. Бәлкім бұдан артығырақ ойлап, істің мәнісін тереңірек түсінетіндер де бар шығар. Бірақ олар Батырхандай емес, ұстамды ғой. Өздеріне қатыссыз нәрселерге жаман атты болып, қадірін түсіргісі келмейді. Қаланың негізгі жобасымен айналысатын бас архитектор бар, басқа да жауапты орындар бар, бұл мәселені шешу солардың міндеті. Егер қала жобасына, салынып жатқан үйлерге сын айтыла қалса, оны айдалада жүрген қатардағы инженер емес, ауызы дуалы, биік мінбеден сөйлей алатын адамдар айтуы керек. Ал жер астынан жік шыққандай, әлдекімнің қызыл ауыз қызғыш болып, көлденеңнен киіп кетуі, бері салғанда, әдепсіздікке жатады.
Бірақ соның байыбына барып, түбін ойлап жататын Батырхан ба, талассыз шындыққа көзі жеткен екен оны бүгіп қалмай, қалайда айтуы керек. Адамға ой мен сана, тіл мен жақ сол үшін берілген. Біздің қоғамда қызмет те, лауазым да ешкімнің әкеден қалған меншігі емес. Аспан ортақ, күн ортақ, жер ортақ, халықтың табан ет, маңдай терімен жиналған байлық ортақ. Ендеше оған министрден бастап, жұмысшыға дейін түгел жауапкер. Біздің заманымызда король жалаңаш жүре алмайды. Егер жалаңаш жүре қалса, табанда әшкереленуге тиіс. Міне — Батырханның ұстанған принципі. Осыдан кейін оны тоқтатып көр!.. Оның арқа тірейтін өз сүйеніші бар. Ол — әділет пен шындық. Жеме-жемге келгенде, оны ешкім де қағып тастай алмайды. Адам баласынан ықпай, жасқанбай, ерке балаша өзін тым шолжаң ұстайтыны да сондықтан.
Ол басында қала құрылысына қатысты адамдарға өз пікірін бүкпей ашық айтып жүрді. Келе-келе жобаларды талқылау кезінде мінбеде тұрып сөйлейтінді шығарды. Және сөйлегенде, біреудің шамына тиіп алармын - ау деп бүгежектемей, министрліктің жобалау мекемелерінің жауапты адамдарын сынап, сойып салуға дейін барып жүрді. Жиналыста сөйлеген сөздері ілтифатқа алына қоймаған соң, газеттердің біріне «Болашақтың қаласы» деген мақала бастырды. Оған қаланың бас архитекторы жауап жазып, оның өзі жұртшылық арасында әжептәуір әңгіме болды.
Батырхан онымен де тоқтаған жоқ. Ол енді қаланың жаңа бір ауданына үй салмас бұрын, алдымен бір тұтас коммуникациялық жүйе орнату деген тағы бір пәлені ойлап тапты. Ол үшін жер асты канализациясы, су құбырлары, газ, телефон жүйелері күні бұрын тартылуы керек екен. Қазір ол жүйелерді бір-біріне бағынбайтын әлденеше мекеме басқаратын көрінеді. Соның салдарынан құрылысшылар әрбір үй салынған сайын көше қопарып; ор қазудан, тіпті бір қазған орды қайталап қаза беруден көз ашпайды. Сондықтан ол жүйелерді бір мезгілде жүргізетіндей, мықты бір қолға өткізу керек... Батырхан екі-үш ай әлекке түсіп, осындай басы артық жұмыстарға жыл сайын қанша еңбек, қанша қаржының желге ұшып жатқанын ерінбей-жалықпай есептеп шықты. Онысын машинкаға көп дана етіп бастырып, құрылысқа қатысы бар-ау деген мекемелердің басшыларына түгел дерлік таратты.
Соның нәтижесін күтіп жүргенде, арада әлденеше айлар өтті. Сөйтсе, бұл көтерген мәселелер бір ғана орында, бір адамның ұйғарымымен шешіле қоймайды екен. Оған толып жатқан мекемелердің ілігі бар болып шықты. Алдына барып, жеке-жеке сөйлессең, бәрі мойындайды. «Пікіріңіз дұрыс» деп арқаңнан қағады. Ал орындауға келгенде біріне -бірі сілтеп, ұшы - қиырын тапқызбайды. Ақыры кісінің өзі жеккөрінішті болып, жалығып, қояды екен ғой. Мұның жазғандары күнделікті қағаз тасқынының астында көміліп қалды ма, әйтеуір су аяғы құрдымға айналып, хабарсыз кетті.
«Ұсыныстарым өтпесе, ойлағаным іске аспаса, қайтейін? Қолымнан келгенін істеп бақтым. Ел - жұрт алдында арым таза» деп жұбатты Батырхан өзін-өзі. Осыдан кейін жиналыста бірдеңе айтса, «осыным іске асады - ау, осыдан бірдеңе өзгереді - ау» деп емес, өз арының тазалығы үшін ғана айтатын болды. Бұрынғыдан гөрі шәлкестеу, күйгелектеу күйге түскен. Әділетке қылдай қиянат жасалса, не маңайында болып жатқан келеңсіз бірдеңені көзі шалса болғаны, бетің - жүзің бар демей, айтып салады да қарап отырады. Соған жаны жай тауып, кәдімгідей рақаттанып қалады. Онысын бойға жұққан шаң -тозаңнан тазару, «қағынып - сілкіну» деп атайтын болды.
Батырхан сонша жыл қызметтес бола жүріп, трест бастығы Әбсәмет Құдабаевты түсінбей - ақ қойды. Былай қарасаң, қой аузынан шөп алмас момын, үстінен түйе жүріп жатса былқ етпейтін сыпайының өзі. Сынап жат, айқайлап ұрсып жат, сыр бермейді. Неткен сабыр, неткен жүйке екенін кім білсін, қашан көрсең жымиып күледі де отырады. Батырханнан қаймығатын сияқты, жолықса сонадайдан қолын ала жүгіреді. Кейде кабинетіне ертіп кіріп, ұзақ сөйлесіп отыратыны бар. Батырханның құрылыс жөніндегі пікірлерін сұрайды. Мұның ұсыныстарын жер-көкке сыйғызбай мақтап, қолпаш сөздер айтады. Ол пікірлерді жоғарыға жеткізбек болып, барлық есеп-қисабын бір рет қағазға да түсіртіп алды.
Содан бір күндері ойда жоқта Батырханды тағы да кабинетіне шақырды.
— Болмады, бала, — деді сол жымиып күліп отырған қалпында. — Сенің ұсыныстарың мына қалпында өтетін түрі жоқ.
— Енді не істеу керек?
— Мұны жай рапорт, ұсыныс күйінде қалдырмай, бір жүйеге түсіріп, ғылымға айналдырмаса болмас.
— Ол қиын шаруа ғой, Әбеке - ау!
—