Әдебиет
Ақбураның асуы
Сеңгіртау — қазақ жерінін бір пұшпағы. Пұшпақ болғанда да, әлгі коп айта беретін «шалғай түкпірдің» нағыз өзі. «Артта қалған аудан» дейтін де айдары бар. Өзінін орналасқан жері де қызық: картаға қарасаңыз, сыңар бүйрек секілді бұлтиып, бөлек тұрады. Ал ішкерілеп еңсеңіз, айналасын биік таулар қоршаған қазан шұңқыр кең өлке. Шығыс қапталы — мемлекеттік шекара. Анау-мынау емес, миллиард халқы бар ұлы елмен шектеседі. Оңтүстігі мен солтүстік жағы — асу бермес биік таулар. Көршілес аудандармен, облыс орталығымен қатынайтын батыс жағында бір ғана асу бар. Ол — Ақбураның асуы. Қыс күндері боран-шашында одан өтудің өзі бір қиямет. Кейде ай бойы үрлесін карта кептеліп, қашан бульдозермен келіп күрегенше, жол жабылып қалады.
Ана жылдары облыстар мен аудандарды бір-біріне қосқанда, жоғарыда отырғандар Сеңгіртауды да көрші аудандардың біріне тіркегісі келіп, тәуір-ақ оқталды. Бірақ ол ойларын іске асыруға осы жер жағдайы бөгет болды. Жол қатынасы қиын, өз алдына оқшау жатқан шалғай түкпірді буксирге алуға көршілерінің де ешқайсысы құлықты болмай, ақыры Сеңгіртау дербес аудан болып қала берген.
Орталықтан алыс, артта қалған аудан деп көршілері менсінбей отырғанымен, осы Сеңтіртауда отыз мыңдай халық тұрады. 99,9 пайыз қазақтар. Кеңес заманында осы елдің тілін сындырып, өнер үйретуге келген жүз шақты орыс отбасы болушы еді. Ана жылы Қытай мен Совет арасында шекара қақтығысы туғанда, әлгілер өз бастарын күйіттеп, бір-ақ айдын ішінде көшіп кетті. Осындағы жергілікті тұрғындар орыстарды өздеріне бел көріп, бұлар тұрғанда бізді алатын жау жоқ шығар деп, аркаларын кенге салып жүретін. Сөйтсе, кірмелерден қайыр жоқ екен ғой. Қарын тойдыру үшін ғана жүргендер басыңа әлдеқалай күн туса, саған қорған болып жарытпайды екен.
Осы Сеңгіртауда осыдан бес-алты-ақ жыл бұрын шаруашылығы шалқыған он шақты колхоз бар еді. Баяғы колхоздарды ірілендіріп, совхозға айналдырғанда, Сеңгіртау жері шағын болған соң, ол науқаннан да қаға беріс қала берген. Бірақ одан кемдік көрген жоқ. Колхоздың әрқайсысында жиырма-отыз мыңнан қой, екі-үш мыңнан ірі қара болды. Тың көтеріп тастамаса да, өздеріне жетерлік он мың гектардай егіс алқабы бар-тұғын. Жейтін нандарын өздері-ақ өндіріп алады. Шағын аудан, жердің шеті деп, қазақтың ұшы-қиырсыз кең даласына көзіміз үйренген соң айтып отырмыз ғой. Әйтпесе, мынадай шұрайлы өлке Еуропада болса, Люксембург сияқты бірер мемлекет сиып кетер еді.
Кеңес дәуірінде жетпіс жыл бойы Сеңгіртауды кілең әдейі шеттен жіберілген адамдар биледі. Бұл жағдай жалғыз Сеңгіртау емес, Қазақстанның шекара бойын жайлаған басқа аудандарына да тән нәрсе. Шекаралық ауданда өз адамдарын бірінші басшы етіп қоюға болмайды деген, қағазға жазылмаған, іштей ғана ұғысатын сондай бір заң болды. Ол кезде шекара КГБ-ның құзырында болды ғой. Өз тұрғысынан олардікі де дұрыс. Өйткені мұндағы қазақтардың не бауыры, не жиені, не құдасы — әйтеуір бір туысы шекараның ар жағында жүруі мүмкін ғой. Мүмкін ғана емес, рас нәрсе. Мәселен, 1932-жылғы ашаршылықта осы Сеңгіртаудың жарым халқы Қытай асып кеткен екен, солар араға отыз жыл салып, 1962 жылы ғана қайтып оралды. Қайтып келе алмай сол жақта қалғандары қаншама! Ендеше, шетелде туысы бар, сенімсіз адамға бүкіл бір ауданның тізгінін қалай ұстатуға болады?!
1991-жылы қақаған қыс ішінде, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағанда, Сеңгіртау тұрғындары ақ боранмен алысып жатқан-ды. Тағы да осы Ақбураның асуын қар басып қалып, почта қатынамай, газеттер уағында келмей (ол кезде бүл өлкеге теледидар жете қоймаған), мұндағылар жаңалықты бір апта кеш естіді. Бостандық туралы хабар еміс-еміс құлақтарына тигенімен, әбден аузы күйіп қалған жұрт соған сенер-сенбесін білмей дүдәмалдау болып жүруші еді. Бірнеше айдан кейін Сеңгіртауға Базарбек Бекбаев әкім болып келгенде, көздері анық жетті. Иә, шынында да, Қазақстан өз тәуелсіздігін алған екен десті еш күмәндары қалмай. Себебі, Базарбек — Сеңгіртаудың төл азаматы. Баяғы патша заманында осы елді отыз жыл билеген Байсерке болыстан кейін өз тізгіндері өз қолдарына тиіп тұрғаны осы. Тұтас ел азат болмаса, мұндай еркіндік қайдан келсін-av?!
Сеңгіртауда қара ағаштай қалың найманның былайғы жұрт біле бермейтін: Ойық, Қиық, Тұйық деген ұсақ рулары тұрады. Базарбектің руы аз ата Қиық болатын. Қуаныш үстінде оны да тектеп жатпады. «Жетпіс жыл бойы балшабекке де бағынып келдік қой. Оның қасында Қиық өзіміз емес пе» десті қалғандары.
Өз ішінде: ойық, тұйық, қиық боп бөлінгенімен, үшеуі де Қойсары дейтін бір ғана атанын балалары. Өздері Қазан төңкерісінің алдында ғана жеті атата толып, қыз алыса бастаған. Өздерінің жеті атаға толғандығын көкқасқа сойып, той жасап, кәдімгідей атап өткен екен. Өсіп-өнгені — қуаныш, араларының алыстап кеткені — уайым. Сол тойда ойықтан шыққан Байсерке болыс ағайындарын құшақтап: «Қайран бауырларым-ай, туысқандықтың жібек жібі осымен үзілгені ме? Енді сендердің төрлеріңде құда боп қалай отырам» деп сақалынан алты тарам жас ағып, жылаған екен...
Содан бері де арада неше ықылым заман өтті. Қылышынан қан тамған Қызылдар келді. Балшабектер «тап күресін» жүргіземіз деп кедейді байға айдап салып, ұйып отырған елдің тоз-тозын шығарды. Ағайын арасынан «халық жауын» тауып, небір боздақты итжеккенге айдатты. Одан қалған ер-азаматты екінші дүниежүзілік соғыстың қанды қасабына апарып салды... Әйткенмен, қырық жыл қырғын болса да тамырын тереңге жіберген текті халық құрымайды екен. Дүркін-дүркін қаймағын қалқып, неше рет сыпырып әкетсе де, өртеңге шыққан алшындай қайталам көктейді екен.
Кезінде комсомолдан өскен, кейін облыста әртүрлі кызмет атқарған Базарбек шатын ауданды шашау шығармай шырқ үйіріп басқарып кетті. Жалпы, Қиық атақ балаларының қызметке ебі бар, өздері қашанда билікке бір табан жуық жүреді. Бұрын Сеңгіртауды шеттен келген біреулер билегенде де, төңірегіне осы қиықтарды тартатын. Бұлар да бастықпен тез тіл табысып, кеңсе маңын жағалауға әбден машықтанып алған. Базарбектің әкесі де кейінде ұзақ жыл колхоз басқарған кісі. Баласы да ұяда көргенін істеп, билік тұтқасына бірден жабыса кетті. Қызметі ауыр емес. Екі бірдей орынбасары бар: біреуі — ойық, екіншісі — тұйық. Басында бостандықтың буына мас болған жұрт бұлардың кызметіне мүлде араласқан жоқ. Өзіміздің жігіттер ғой, ел сенімін ақтайтын шығар деп арқаларын кеңге салған. Ауданның жаңа басшылары да халыққа қарайлап отырмай, жоғарының нұсқауын, реформаның міндеттерін артығымен орындап шықты.
Бірақ, керегі не, азаттықты алақайлап қарсы алған аста-тоқ жылдар ұзаққа созылған жоқ. Ағаның аузына іні қарап, айрандай ұйып отырған ел аз жылда сиырдың бүйрегіндей бытырады да кетті. Ең алдымен бұл елге Ақбураның асуынан әрең асып, бостандық келіп еді ғой. Сөйтсе, бостандық жалғыз жүрмейді екен. Іле-шала соның ізімен: нарық, бизнес, демократия дегендер келді. Мұның бәрі де Сеңгіртау жұрты үшін үлкен жаңалық. Бұрын демократияда өмір сүріп кім көрген. «Қой көрмеген қуалап өлтіреді» деп, бар пәле сол демократиядан басталды. Демократиялық елде сөз бостандығы, пікір еркіндігі дегендер болады екен. Осыдан барып, дау-дамай, айтыс-тартыс туады екен. Айтыс тынар жағында «оппозиция» деген пәле мен мұндалап, келіп тұрады. Баяғыдай қатып қалған компартия жоқ, айналаңа қарасан — қаптап кеткен партиялар. Бүгін Алматыда бір партия құрылса, ертеңінде соның мүшелері Сеңгіртауда отырады. Қым-қиғаш пікірталасы. Ал пікір таласы мен билік таласынын. арасы — таяқ тастам ғана жер.
Ен, бастапқы пікір қайшылығы ортадағы мал-мүлікті жекешелендіруден басталды. Қиықтар ежелден қара таяқ, белсенді. Енді, міне, орталарынан әкім шығарып отыр. Қалайда Базарбекті ұятқа қалдырмау керек. Сондықтан олар жоғарының нұсқауын орындауға жан сала кірісіп кеткен. Аз ата қиық қоныстанған екі ғана колхоз бар еді. Әлгілер айналасы бір-екі айда колхоз малын талапайға салып, пышақ үстінен бөлісіп алды. Ортадағы күш-көлік, техниканы да түгін қоймай талап әкетті. Қазір сол байлықтың қайда кеткенін өздері де білмейді, жаудың малындай құртып тынған... Тұйықтар топтасқан үш колхоз «қайтсек екен» дегендей, әліптің артын бағып, сәл күтті де, ақыры осылар бірдеңе білетін шығар деп қиықтардың ісін қайталады. Олар да колхоз малын талапайға салып, бірер жылда жоқ қылды.
Басқалардың айғай-ауқымына ілеспей, өзгеше «өнер» бастаған — ойықтар ғана. Ауданда кілең ойықтар отыратын төрт колхоз бар-тұғын. Солар бір жылдай үн-түнсіз табандап отырды да, ақырында: өздерінің ортадағы малды таратпайтынын жариялады. Бәрі заңды. Колхозшылардың жалпы жиналысын шақырып, қаулы шығартып алған. Бәрін бастап жүрген — бұрын ауатком төрағасы боп жүргенде қызметтен шеттетілген Қойгелді деген жігіт. Қызық болғанда, бұрынғы аудандық сот пен прокурор да соларды жақтап шықты. Өздері заңға келгенде шетінен заулап тұр:
— Колхоз малы — міндетті түрде жекешелендіруге жататын мемлекет меншігі емес, ұжымдық меншік. Ортадағы мал-мүлікті таратып жібере ме, жоқ, әлде бұрынғыдай ортада сақтап қала ма, оны колхозшылардың өздері шешуге тиіс, — деп дәлелдегенде, ешкім дау айта алмай қалды.
Базарбек әкім өз басын арашалау үшін байбалам салып, облыстан, астанадан комиссия шақыртқан. Ойықтар олардың алдында да осы сөздерінен танбады. Көпшілікке не істейді? Ақыры заңға сүйенген азаматтар жеңіп шықты. Колхоздар тарамайтын болды. Тек, бізге ақыл айтып отыратын шетелдік кеңесшілердің құлағына «колчо» деген сөз түрпідей тиеді екен. Сондықтан ауылдарына «акционерлік коғам» деген жаңаша ат қойып алды.
Қазір жекешелендіру науқаны аяқталған соң, басайтын барлап қараса, ойықтардың ісі дұрыс болып шықты. Басқалар саусақтарын танауларына тығып, кәсіпсіз, күнкөріссіз қалғанда, олар сол бұрынғы қалпында шалқып отыр. Қазір іргелес төрт колхозда сексен мыңнан астам қой, он мыңдай ірі қара бар. Солардан түскен өнім өз меріне былай жетіп жатыр. Қайда барам, не кәсіп істеймін деп уайымдамайды. Қазір аудандағы егіс алқабын да күш-өлігі, техникасы сай солар пайдаланып жүр. Басқалардың есебінен қаңырап бос қалған қыстау, жайлау, шабындықтар да ойықтардың үлесіне тиді. Бәрінен де қиыны, жұмыссыз, кәсіпсіз қалған қиықтар мен тұйықтар жанағы «акционерлік қоғамдарға» барып жалданатын болып жүр. Бұған өткен қорлық бола ма?!
Сеңгіртаудағы «жекешелендіру» науқанының сәтсіз жүруі, Оның үстіне оппозициямен айтыста жеңілуі аудан әкімі Базарбектің беделін түсіріп-ақ жіберді. Бұлай болар деп кім ойлаған. Жоғарының нұсқауын мүлтіксіз орындаймын деп жүріп ұрынып қалған жок па. Осыдан кейін жалғыз ойық қана емес, жанашыр деген қиық пен тұйық бұдан беттерін теріс бұрып алған жәйі бар. Қазір «Бекбаев кызметтен кетсін» дегенді кім көрінген айғайлап айтып жүр. Ана жылы «өз азаматымыз әкім болды» деп бүкіл Сеңгіртау жұрты той жасап еді. Енді, міне, арада біраз жыл өткенде сол әкімдерін орнынан түсіре алмай әлекке түсіп жүр.
Алайда Базарбек те оңай беріле қоятын кісі емес-ті. Қоғамдық байланыс, тереңге кеткен тамыр өз алдына, көп лауазымды қызмет істеп, мансаптың да дәмін татып, әбден әккіленіп алған. Жоғарыға жағу, жағдайға жылдам бейімделу жағынан ешкімнен ақыл сұрамайды. Бұл жолы да сол тәжірибесі мен алғырлығы көмекке келді. Айналасына, әсіресе өзінен бір-екі саты жоғары тұрған шенеуніктердің мінез-құлқына қарап жіберді де, жаңа коғамның тамыр соғысын дөп басты. Енді бұрынғыдай «еңбекші халық» деп, «көпшіліктің қамы» деп қара тер болудың қажеті жоқ екен. Ел-жұрттың пікірін ескеру, сыннан қорытынды шығару дегендер де мүлде ескірген тәсіл боп шықты. Халық шуылдай берсін. Бұл заманда адамдар не айтпайды. Бұл қалай десе, аты шулы демократия мен оппозицияға жаба сал да отыра бер. Құдайға шүкір, қазір әкімдерді халық сайлап жатқан жоқ, жоғарғы жақ өзі тағайындайды. Қазақстан халқы әкім сайлауға әлі «дайын болмай» шықты ғой мұнын бағына. Сондықтан күшті екіге бөліп, жоғары мен төменге кезек жалтақтаудың қажеті шамалы. Бұдан былай намазды тек облысқа қарап оқу керек. Өзіне сенім артқан адамдарға жақса, солардың әмірін бұлжытпай орындаса болғаны, төменнен мұны алатын жау жоқ. Сеңгіртау тұрғындары кейін саналары есіп, әкім сайлау дәрежесіне жеткенде өз басшыларын сайлап алар. Оған дейін бұл ауданда Бекбаевтың айтқаны — заң.
Көптен бері осы қағиданы берік ұстанған Базарбек биыл да алансыз демалып кайтты. Шілде айында бәйбішесімен екеуі Бурабай курортына барып еді, содан оралғаны кеше ғана. «Апама да барайын, тайлағымды да үйретіп қайтайын»демекші, демалып қана қойған жоқ, көп шаруа тындырды. Бурабай курорты Астанаға тиіп тұр. Осы сапарда өзіне қажетті біраз кісілермен танысты. Биыл университет бітірген үлкен ұлын Ауыл шаруашылығы министрлігіне кызметке орналастырды. Сөйтіп Астана жақта да өз тамырын жайып кайтқан. Содан жұмысқа шығып отырғаны бүгін. Кеңсеге келіп, төбе корсетті дегенін болмаса, тәйірі, бітпей жатқан не жұмыс бар қазір? Баяғыдай жоспар орындау деген жоқ; жоғарыға есеп беру деген жоқ. Төл алу, егін салу, мал азығын дайындау деген науқандардан әлдеқашан құтылған.
Мемлекет қарауында бұл жауап беретіндей бірде-бір мүлік жоқ. Жеке қожалықтар мен акционерлік коғамдар өз күнін өзі көріп жатыр. Айтпақшы, қазір бүкіл ауданды асырап тұрған акционерлік коғамдардың (тарамай қалған колхоздардың) абыройын да Базарбек иемденіп алды. Ұжымдық меншікті түп-түгел жойып жібермей, біразын сақтап қалғаны — қазір аудан әкімінің көрегендігі ретінде айтыла бастады.
Әйткенмен, бір ай демалыста жүргенде, өз кабинеті мен креслосын сағынып-ақ қалыпты. Кресло жаман болса, осы жүрген шенеунік атаулы оған жан сала жабысар ма еді? Сағат онға таман асықпай кеңсеге келіп, өз орнына нығарлана түсіп отырды. Жасы елуге енді келген Базарбек орта бойлы, кең маңдайлы, аққұба, көрікті жігіт болатын. Егер аудан әкімшілігінде істейтін адамдарды сапқа тұрғызса, солардың фонында Базарбек сырт тұлғасымен-ақ бірден көзге түсер еді. Өтірік-шынын кім білсін, Бекбаев өзінен гөрі білімді, өзінен гөрі бойшаң, өзінен гөрі көрікті жігітті кызметке алмайды деген де сөз бар. Бұл, сірә, бақ күндес жауларының ойлап шығарғаны болса керек.
Ол айналмалы жұмсақ креслода шайқала түсіп, емен үстелдің оң жақ тартпасынан жасыл тысты әлдебір папканы шығарды. Осында өз қарауында істейтін орынбасарлардың, бөлім бастықтарының, аудандық мәслихат мүшелерінің, тағы басқа қызметкерлердің тізімі бар. Жиыны елу-алпыстай адам. Аты-жөні, жасы, туған жері, қызмет стажы түгел жазулы тұр. Мұнда тек руы ғана көрсетілмеген. Бірақ олардың қайсысы — қиық, қайсысы — тұйық, қайсысы — ойық екенін Бекбаев былайда жатка біледі. Шырт ұйқыдан оятып сұрасаңыз, жаңылмай айтып беруі мүмкін.
Қолы бос кезінде Базарбек үнемі осы тізімге үңілгенді ұнатады. Бұған көз жүгірту — жәй ермек емес, жан рахаты. Қол астында кімдер бар? Олардың қайсысын қайда ауыстыруға болады. Орнынан біржола алып тастайтындары бар ма? Жеке-жеке талдау керек. Бұрын ол көңіліне жақпаған адамды шақар айғырдай сауырлап, қызметтен дереу қуып тастаушы еді. Кейінгі кезде сәл абайлайтын болып жүр. Өйткені қызметтен жазықсыз босаған қабілетті адамдар барады да, оппозицияға қосылады. Демек, саған қарсы таразының басына тағы бір тас түсті деген сөз. Соған қарағанда пейілі бөтен жігіттерді қызметтен қуып, жаңа өріске шығарғаннан гөрі, қол астында бағынышты пенде қып ұстаған тиімді сияқты.
Базарбек әр жеріне қарындашпен белгі қойылған тізімді тағы бір рет шұқшия қарап шықты. Аты-жөнін оқығанда, көз алдынан әртүрлі адам бейнелері көлеңдеп өтеді. Бұл өзі былайша айтқанда шахмат ойыны тәрізді қызық нәрсе. Шахмат тақтасына тізілген сан қилы фигуралар, пешкалар... Қайсысын ойынға қосып, қайсысын құрбандыққа шаласын — өз қолында. Мансаптың, әсіресе шексіз биліктің қызығының өзі осында ғой. Адамдар тағдырының саған тәуелді болуында. Бағынышты жандардың сенің алдында аса бір төменшілікпен кіріптар күйде отырғанын көру, біреулердін жалынышты датын тыңдау, жағымпаздардың жаныңа майдай жағатын жылы-жұмсақ сөзін есту — қол жетіп тұрғанда, ол да бір ғанибет.
Ол алдындағы тізімге қарап отырып, соңғы жарты жылда ешкімді орнынан алмағанын, қызметтерін ауыстырмағанын есіне алды. Бұлай бейғам ұстауға болмайды. Қалайда біреулерді алмастырып, жөткеп отыру керек. Мұндай жаңалық алдымен халыққа қажет. Осындағы мекеме басшыларының бірін қызметінен алып тастасаң, жаңалыққа зәру боп, іші пысып отырған аудан жұртшылығы үшін әжептәуір әңгіме. Уақытша болса да жұрт назары соған ауады. Сенің өзіңе деген қысым сәл де болса сейіледі.
Сонымен, жуық арада кімдерді алмастырса екен, ә? Ойлану керек. Бірінші орынбасар — ойық. Әзірше оған тиісуге болмайды. Ойықтар көп. әрі аудан шаруашылығының негізгі бөлігін солар ұстап отыр. Сонан кейінгі орынбасар — тұйық. Мұны алып-ақ тастауға болар еді. Бірақ өзінің қақ-соғы жоқ, қашан көрсең қағазға көміліп отырғаны. Кеңсеге ондай адам да керек. Әзірше отыра берсін... Ішкі істер бөлімі... то есть полиция бастығы — қиық, ҰҚҚ өкілі қиық, аудандық прокурор — қиық, сот та — қиық... Бұларды ауыстыруға болмайды. Бұлар — құқық қорғау органдары ғой. Диктатураның сенімді қолда тұрғаны жақсы. Иә, оқу бөлімі — ойық. Әлеуметтік қамдау — тұйық. Денсаулық сақтау ойық. Ешкімге абырой әкелмейтін мазасыз қызметтер ғой. Солар-ақ атқара берсін... Көші-қон өкілі— тұйық. Мәслихат торағасы — ойық. Бұларда не билік бар. Жүре берсін ел қарасы болып... Аудандық газет редакторы — бұл ауданға кызмет бабымен келген кірме. Барып кел, шауып келдің адамы ғой, жүре тұрсын... Осылай араластырып отырмаса тағы болмайды. Арызқойлар жаза берсін, комиссия жүз жердей тексере берсін. Базарбектің жауабы әзір. Ұлтаралық... то есть ру аралық татулықты сақтап отырмын деп кімнің алдында болсын айта алады.
Мұндағылар аудан басшысының демалыстан қайтар мерзімін қадағалап, біліп отырса керек. Бір тобы кеше мұны Ақбураның асуынан қарсы алды. Сайланып шыққан екен, сондағы бір қойнауға дастарқан жайып, біраз қауқылдасып отырды. Бәрі жақсы-ау, тек жігіттер бір нәрсені аңғармапты. Кілең қиықтар шығыпты қарсы алуға. Базарбек сый-құрметке разы бола отырып, сол арада бауырларына ескерту жасады:
— Мынаны көрсе басқалар не ойлайды? Қиықтар бөлініп кетті демей ме. `Тым құрыса дұшпан көзі етіп, ойық пен тұйықтан бір-екеуін ертіп алмадыңдар ма?! — деген қиықтардың кейде тым асыра сілтеп жіберетініне реніш білдіріп.
Айтты-айтпады, дау-дамайды қолдан өршітіп, онсыз да әр қадамыңды аңдыған оппозицияға жем тастаудың керегі не? Базарбектің бір дағдысы: өрт шығып кетпей тұрғанда, бықсыған түтінді басып тастап отырады. Кейде сәтімен жасалған бір «жүріс» талайдың аузын жабатыны бар. Өткен жылы өзіне жан-жақтан төнген қысымды бәсеңдету үшін екі мәрте сәтті «жүріс» жасады. Екеуі де онды әсер туғызды.
Бұл күнде кімнің аузына қақпақ боласың. Бір мезет осындағы жұртшылық оппозицияға ілесіп «аудан әкімі рушыл, жікшіл. Маңайына өз туыстарын топтап жатыр» деп шуылдап кеткен. Жоғарыға жазылған арыздардың да бір парасы осыны тілге тиек еткен. Базарбекке қалайда бұл қаңқуды басу керек еді. Сондықтан өзіне орынбасар болып жүрген немере інісін құрбандыққа шалды да, оның орнына тұйықтың әлі піспеген бір бозөкпе жігітін тағайындады. Бұл ешкім күтпеген «жүріс» еді. Тұлан тұтқан тұйықтар қолма-қол басылып қалды. «Шүкір, біздің де бір азаматымыз атқа мінді» деп бөріктері қазандай болған. Ал жаңағы жас жігіт Базарбекке өмір бойы қарыздар. Жұмысты жан сала істеп жүр. Мұның мықтап колға алған тағы бір шаруасы — Ойық пен Тұйықтан жағымпаздар шығару.
Екінші «жүрісті» де былтыр жасауға тура келді. Осы тұста арыз-шағымның тағы бір толқыны көтерілген. Біреулер тімтініп жүріп, ана жылы жекешелендіру кезінде Базарбектің бір колхоздың үш мың қойы мен екі жүз жылқысын жеке иемденіп кеткенін, соның қаржысына облыс орталығында, Ертістің дәл жағасында үш қабатты сәнді коттедж салдырғанын шала-пұшық естіп қалған ба, соны өртше лаулатып, әкетіп бара жатқан. Мұны да өршітпей басып тастау керек еді. Базарбектің былтыр қыс ортасында Алматыдағы орталық ауруханада он шақты күн жатқаны бар еді. Қысылғанда соны пайдаланды. Сенімді жансыздар арқылы: «аудан басшысы дауасыз дертке шалдыққан көрінеді. Рак екен. Ұзаса бірер жылдық қана өмірі қалса керек» деген хабарды таратты да жіберді.
Бұл «жүріс» те қолма-қол нәтиже берді. Ағайынды өкпеге қиса да өлімге қимайтын қазекең қолқ етіп түсті де қалды. «Алда, байғұс-ай, дүниенің түбіне жетем деп жүргенде, тағдырдың кермесіне тап болған екен-ау» деп біреулер көздеріне жас алыпты. Тіпті Қойгелді сияқты қызыл көз жауларының өзі аудан әкіміне бір уақ мүсіркей қараған. Ал Базарбекке керегі де сол еді. Үйінде қазы-қарта мен коньякқа тойып алып, ез тапқырлығына разы боп, қарқ-қарқ күліп отыратын-ды.
Бекбаевтың, осындай қолы бос кезінде қарауындағы қызметкерлерді кезек-кезек шақырып, қабылдайтыны бартұғын. Оның үстіне, демалыстан кейін ауданда не болып жатқанын білуі керек. Ол «бүгін кімдерді қабылдасам екен» деп тізімге қарап аз отырды да, әзірше осы да жарар деп үш кісіні тандап алды. Дереу ауыз бөлмедегі хатшы келіншекті шақырып алды да, түске дейін өзіне кіретін үш адамның атын айтып, сағат-минутын белгіледі.
Сағат он жарымда ен алдымен ішкі істер бөлімі... то есть аудандық полиция бастығы подполковник Сапаров кіруге тиіс еді. Өзі жоқ кездегі елдің жағдайын содан ұғынуды жөн көрген. Ол өзі қиық бола тұра кеше мұның алдынан шыққан жоқ. Бір жағы, соны да тектеу керек.
Белгіленген мерзімде кабинетке ішкі істер бөлімінің бастығы кіріп, сіресіп тұра қалды да:
— Саламатсыз ба, Базарбек Бекбайұлы? Подполковник Сапаров сіздің шақыруыңыз бойынша келіп тұр! — деді оң қолын күн қағарына апарып.
Алайда Бекбаев оны елен құрлы да көрмей, «отыр» дегенді жәй ишарамен ұқтырды да, алдындағы қағазға шұқшиған күйі отыра берді. Келген адамды ұнатпай салқын қабылдаудың, мысын басып, әуселесін түсірудің бұл да бір амалы. Сан рет сыннан өткен тәсіл ғой. Әйткенмен, Базарбек бұған өз тарапынан әр алуан нәзік бояулар қосып, құбылтып қолданушы еді. Сапаров байғұста ес қалған жоқ, неден жазып қалғанын білмей, қарадай терлеп отыр.
— Иә. бармысың, Сапаров мырза? Аманшылық па? Көрінбейсің ғой өзің, — деді әкім бір мезетте басын көтеріп.
— Көрінбегенде... осындамыз, Базарбек Бекбайұлы. Кеше алдыңыздан шыға алмай... ұятты болып... Жігіттер маған хабарламапты, — деді анау тұтығып. Бұрын да бес ауыз сөздің басын зорға құрайтын сорлы еді, бүгін тіпті пышыратып жіберді.
— Саған біреу хабарлап отыру керек пе? Осындағы жаңалықты алдымен сен білуге тиіс емессің бе? — деп әкім оған ажырая қарады. —Иә, ауданда не болып жатыр?
— Төтенше ештеңе жоқ, Базарбек Бекбайұлы. Кісі өлімінен аман, ұры-қары көзге түскен жоқ, есірткі сату тіркелмеді, ішімдік, жаппай төбелес те кезіге қоймады,—деді Сапаров, күнделікті қызметке келгенде, асфальтқа түскендей сырғанап. — Тек өткен аптада «Алғабастың» бір жігіті қыз алып қашқан екен. Құдалар арасында жанжал шығып кете жаздап, ақыры ауыл ақсақалдары жөнге келтірді-ау деймін.
— Анада ұрланған бес жылқы не болды? Табылды ма?
— Оның ізі шықты. Ұрылар теріскейдегі көрші ауданнан келіпті. Жылқы тиеп әкеткен фургонның номері белгілі. Енді иелерін іздестіріп жатырмыз, — деді подполковниктің өңіне қан жүгіріп. —Жалпы, кызметіміз жаман емес. Өткен жарым жылдықта қылмыс санының аздығы жағынан біздің Сеңгіртау бірінші орын алды.
— Ол сенің еңбегін емес, Сапаров, мына ел мен жердің арқасы, — деді Базарбек әлі де сабасына түсе қоймай. — Сеңгіртаудың адамдары түгел дерлік бірін-бірі таниды. Бізге ұры-қары қайдан келеді осы? Айнала қоршаған биік тау, мемлекеттік шекара. Сыртпен қатынайтын жалғыз ғана асу бар. Сол асуды күзете алмайсыңдар ма?
Сапаров та пәле, әкімнің осал жерін ол да білетін болса керек, жаны қысылғанда жол тауып кетті.
— Жеріміздің табиғи қорған екендігі рас. Бірақ жоғары жақтағылар ауданда қалыптасқан тұрақтылықты сіздің дана басшылығыңыздың арқасы, қала берсе, құқық қорғау органдарының жанқиярлық енбегі деп бағалайды, әкім мырза! — деді жүзі жайнап.
Сөз тапқанға қолқа жоқ. Әкімнің де құрыс-тырысы жазылып, өңі сәл жылынайын деді.
— Әрине, сыртқа солай деп айтамыз ғой. Бірақ іштей өз кемшілігімізді біліп отыруымыз керек, — деді дауысын жұмсартып. - Мен сенің орнында болсам, Сапаров, Ақбураның асуына бекет үй салып, соған қысы-жазы күзет қояр едім. Егер ары-бері өткен көлікті бақылауға алсаң, Сеңгіртауға ұры тұрмақ сайтан да өте алмайды.
— Аудан шегіне күзет қойсақ, азаматтардың құқын шектеді, демократияға қайшы келді деп, оппозиция шу көтеріп жүрмей ме?
— Демократияны ұрғаның бар ма. Біз шекаралық ауданбыз. Шекарада қандай сақтық істесең де жарасады.
— Құп болады, әкім мырза! Алдағы уақытта бұл ақылыңызды басшылыққа алатын боламыз, — деді Сапаров орнынан қопаңдап.
— Оппозиция демекші, олар не істеп жүр? — деді Базарбек түсін қайта суытып.
— Тыныштық. Аштық жариялаған ешкім жоқ. Шеруге шығып, қыр көрсеткендер де көзге түсе қоймады. Өткенде «Ақ жол» партиясына мүше тартамыз деп біреулер келген екен. Мен ебін тауып, оларды Ақбурадан ары асырып жібердім.
— Күп болған екен! Айтпақшы, Кеңесбай не болды? Баласын оқуға әкетті ме?
— Кеңесбайдың баласын он күндей түрмеге қамап, өзіңіздің нұсқауыңызбен босатқанбыз, — деді Сапаров. — Байғұстың қуанғанын айтпа! Баласы қолына тиісімен Алматыға алып кетіп еді, содан әлі қайтқан жоқ. Кешіккеніне қарағанда, тағы бір кедергіге ұшырады ма, кім білсін.
— Сол керек иттерге! Бұдан кейін құдайын танып жүретін болады, — деп Базарбек тістенгенде, жақ еттері бұлтылдап кетті.
Кеңесбай деп отырғандары — осындағы оппозиционер, ырыққа көнбей жүргендердің бірі болатын. «Алаш» партиясының мүшесімін деп, аттап бассаң сынап-мінеп, әкімшіліктің желкесінен түспей қойған. Сол асау Кеңесбай бір күні қолға өзі келіп түсті. Төрт қыздың ортасында аялаған жалғыз ұлы биыл мектеп бітірген. Өзі тәуір оқып, алтын белгі алса керек. Кеңесбай енді баласын Алматыға оқуға апармақ болып, жолға дайындалып жатқанда, Базарбек оның дәл осы жанды жерінен ұстады ғой. Жастардың би кешінде қолдан төбелес шығартып, полиция соның кінәлісі ретінде Кеңесбайдың баласын ұстап әкеткен. Бұл күнде пәле жабам десе сылтау көп қой. Баланың қалтасына есірткі салып, «қылмысын» одан ары ауырлата түскен.
Кеңесбай олай шапты, бұлай шапты, бірақ ештеңе өндіре алмады. Уақыт болса өтіп барады. Енді кешіксе бала оқудан қалып қоюы мүмкін. Ақыры желдің қайдан соққанын сезген Кеңесбай амалы таусылғанда келді ғой Базарбекке. Балажан сорлы екен. Жалғыз ұлы үшін отқа түсуге де әзір еді. Өзінің кешірім сұрағаны да қызық. Есіктен кіре бере басындағы кепкісін төрге қарай шиырды. Кепкі оқ тиген қарғадай қалықтап келіп, Базарбектің алдына түсті.
— Мен жеңілдім. Құлың болайын, баламды босатып бер! — деді бар тілегін үш ауыз сөзге сидырып.
Базарбек те бұдан ары саудаласып жатпады. Қарсыласының берген сертіне сенді. Сол арада осы Сапаровқа телефон соқты да, Кеңесбайдың баласын қолма-қол босаттырды.
Сөйтіп, ең қауіпті деген қарсыласы өз қаруын осылай тастаған. Содан бері Базарбектің ұстанған қағидасы: басшы қатал болуы керек. Ешкімге рақымшылық жасаудың қажеті жоқ. «Әкем-көкем» дегенді бұл ел бәрібір түсінбейді. Күні кеше диктатура таяғының астынан шыққан жөн терісі қалың жұртқа әлі де болса қамшы керек... Сол қамшы үшін ұстап жүр ғой мына отырған Сапаровты. Атсаң оқ, сілтесең — қылыш. Әйтпесе, білім-қабілеті шамалы. Ол подполковниктің бетіне сынай қарап отырды да:
— Жарайды, қызметіне бара бер. Бірақ байқа, өз міндетіңді ұқыпты атқаратын бол. Әйтпесе, білесің ғой, сенін орныңа қызығушылар көп, — деді саусағын безеп.
Сапаров та әрең отыр екен, орнынан салдыр-гүлдір атып тұрып:
— Құп болады, әкім мырза! Сіздің үмітіңізді ақтауға тырысамын! —деді оң қолын шекесіне апарып.
Келесі кезекте кабинетке ҰҚК қызметкері Төлеутай кірді. Ұяң шашын бұзау жалағандай жылмита тарап тастаған, отыздар шамасындағы жас жігіт. Шекаралық ауданда оның басқа да міндеттері бар шығар. Әзірше атқарып жүргені: Базарбектің осындағы көзі мен құлағы. Ел ішіндегі астыртын ағысты, ағайынның өсек-аянын осы Төлеутай арқылы біліп отырады. Төлеутай — Базарбектің құлағы болса, оның әр ауылда өз «құлағы» бар. Шекаралық ауданда бұл желі баяғыда тартылған. Қауіпсіздік шаралары бостандықтан кейін де бұзылған жоқ.
— Иә, ел ішінде қандай әңгіме бар? «Ұзын құлақ» не айтады? — деді әкім жас жігіт жайғасып болған кезде.
— Өзіңіз де білесіз ғой, ел ішіндегі әңгіме тек сіз туралы, — деді Төлеутай езу тартып. — Қазір сіздің денсаулығыңыз туралы қауесет гу-гу етеді. Сізге жаны ашып, райынан кайтқандар да бар. «Рак болса ұзаққа бармас. Бірақ сол сәт тезірек болса екен» деп тағатсыздана күтіп жүргендер де аз емес. Оның керісінше «Әкімнің денсаулығына ештеңе де болған жоқ. Бұл — әшейін Бекбаевтың кезекті тактикасы» деп сенбейтіндерде ұшырасады, — деді ол ештеңені жасырмай.
— Солай де... Құм санайтындар да бар екен-ау! Солар ғой дүниені бүлдіретін, — деп Базарбек баяу күрсінді. — Баяғы оппозиция шығар бәрін бастап жүрген.
— Олар әлі де райдан қайта қойған жоқ. Сол баяғы шабыс. Жақында Ойық ауылының жігіттері сіз туралы президент аппаратына көлемді арыз жөнелтіпті деп естідім. Бірақ, амал не, тексін колға түсіре алмадым.
— Облыстан ештеңе өнбеген соң., енді президентке қол созған екен ғой, — деді Базарбек түнеріп. — Мазмұнын білдің бе? Арызда не депті мен туралы?
— Сол баяғы ескі әуен: ауданда жекешелендіру дұрыс жүрмеді. Әкім өз сыбайластарымен бірлікте аудан байлығын басып қалды, Ертіс жағасында сәулетті сарай тұрғызды... Осылай кете береді.
— Арманда қалмасын иттер, жазсын! Орталықта отырған жігіттерде ақымақ емес қой, бірдеңе түсінетін шығар, — деді Базарбек ширығып.
— Дұрыс айтасыз. Қайта сол үлкен қазанда қайнағанның өзі жақсы. Тәйірі, акуламен айқасып жүргендер шортаннан шоши ма? — деп Төлеутай лекіте күлді.
— Ойықтардың арызына мұрындық болған кім екен? Анығын біле алдын ба?
— Сондағы колхоздың... то есть акционерлік қоғамның төрағасы Қойгелді бастаса керек. Болашақта әкімдіктен дәмелі адамның бірі сол ғой.
— Иә, әркімнің бір аңдығаны бар. Қойгелдінің есіл дерті — менен осы кабинетті тартып алу...
Бұлар біразға дейін үнсіз қалды. Базарбек алдындағы әлдебір тізімге, Төлеутай төрдегі әкімнің қас-қабағына қарап отыр.
— Төлеутай, сен өзін қиық екеніңді білесің ғой? — деді Базарбек әлден уақытта.
— Білем ғой, аға! — Төлеутай майлы қасықтай лып ете қалды.
— Білсең, әнекүнгі Кеңесбай секілді мына Қойгелдінің де қоясын түсіретін бір амалын тап!
— Тіс қаққан қу ғой, оңайлықпен қолға түсе қояр ма екен. Ол үшін алдымен оның осал жерін табу керек.
— Қойгелдінің осал жері — салық. Ол бір сүрінсе осы салықтан сүрінеді. Өзіміз осында комиссия құрып, облыстан да өкіл шақырып, қапыда бассалсақ қайтеді?
— Табылған ақыл, аға?
— Ендеше, осы операцияны өзің қолға ал! Егер ісін ойдағыдай аяқталса, еңбегіңнің есесін қайтарам. Ал іске сот!
Лып етіп орнынан тұрған Төлеутай тықырын білдірмей есіктен шығып кетті. «Нағыз барлаушы ғой! — деді Базарбек көңілі толып. — Әкесі — қызыл шекарашы, атасы отызыншы жылдардың белсендісі болған екен. Қаша тартпай тұрсың ба».
Әкім сағатына қарады. Он бірге таяп қалыпты. Келесі кезекте тұрған кім еді? Оқу бөлімінің бастығы екен ғой. Сағатбек Сартайұлы. Ойықтардың ең басты идеологы, заңға жүйрігі де — осы Сағатбек. Бүгін осыны неге шақырды? Е-е, оқу жылы басталуға жақын қалған екен ғой. Әкім басымен аудандағы мектептердің жағдайын білмесе бола ма? Сағатбек — саған Сапаров емес, онымен байқап сөйлесу керек. Қандай тактика қолданса екен? Донайбатқа салып, бірден тықсырып алған жөн бе? Әлде жылы-жылы сөйлесіп, бұлан құйрыққа салған дұрыс бола ма? Сенің жәй қоқан-лоққы, домбытпаңа ығатын кісі — Сағатбек емес. Сен тас санасаң, ол кұм санайды. Білімді ғой иттің күшігі. Бір үйдің төрт қабырғасы толған кітап. Ондай кітапхана бұл ауданда осы Сағатбекте ғана бар. Сірә, мұндайда алыстан арбасқан, ұзын арқан, кең тұсауға салған дұрыс болар.
Міне, белгіленген мерзімде Сағатбектің өзі де келіп қалды. Не бір минут ары, не бір минут бері емес, сағат ноль-ноль он бір. Бұл кісіде кешігу деген болмайды ғой. Кейде кызметінен де мін тапқың келеді, сүрінер жерін аңдып-ақ отырасың. Жоқ, тұяғын тасқа қақтырмайды ғой. Атқарған ісі — майдан қылшық тартқандай тап-таза. Мұндай адамнан аяған кызметті ит жеп кетсе болмап па?! Базарбектің бір байқағаны, қазір өздерін қорғау үшін ойық жігіттері шетінен іскер боп алды. Қамшы салдырмайды. Оларға қарағанда, әкімге арка сүйеген қиық тар — бай баласы секілді бопайлау. Заңды белінен басатын кеудемсоқ ұрда-жықтығы тағы бар. Қайдан білсін дәурен басымызда мәңгі тұрады деп ойлайды ғой. Ертең Базарбек кеткенде күндері не болады? Оны ойлап жүрген кісі жоқ.
Базарбек орнынан тұрып, Сағатбекті кабинеттің қақ ортасында қарсы алды. Сағынысып қалған жандардай тос түйістіріп, құшақ айқастырып жатыр.
— О-о, ауданымыздың «білім министрі» келді ғой. Халдарыңыз қалай? Жаздық каникулды ойдағыдай өткіздіңіздер ме? — деді әкім жасы өзінен сәл кіші Сағатбекке әзілдей тіл қатып. Бұл жолы төрдегі өз орнына бармай, қоржын креслоға қарама-қарсы жайғасты.
— Біз «министр» болғанда, сіз «президент» боп кетесіз ғой. Аузыңызға май! Өзіңіз қалай демалып қайттыңыз? Көрініп тұр, Көкшетаудың ауасы сізге жағыпты, — деді Сағатбек те сыпайылық салтын сақтап.
Ол бір сәт бетінен майы тамған әкімнің жүзіне барлай қарап ж