Әдебиет
Адамның кейбір кездері
І
Алыс ауданнан облыс орталығына қатынайтын «ИЛ-14» самолеті кенет безгегі ұстағандай қалшылдап қоя берді. Бір айдан бері ұмыт бола бастаған мотор даусы Жарқынның құлағына бір түрлі тосын естілді. Іле-шала танауына жанармайдың өткір иісі де мүңкіп жетті. Самолет сол бетімен зіркіл қатып сәл тұрды да, бір заматта семіз дуадақтай ырғалаңдап, селоның сыртындағы тепсеңге қарай жылжыды. Біраздан соң қойқаңдап ебедейсіз бұрылғаны байқалды.
«Ұшуға жаралған неме жүруге жоқ екен-ау», — деп ойлады Жарқын. Мотор үні үдей түскен. Міне, терезе тұсындағы жусанды бозғылт дала артқа қарай жылдам сусып көше бастады. Самолеттің бар екпінімен зырлай жөнелгені білінді. Сол-ақ екен, Жарқын екі табанының жерге тимей, кенет көтеріліп кеткенін сезіп қалды. Тұла бойынан тоқ ұрғандай бір жағымсыз діріл жүгіріп өтті. Самолетке мінген сайын қайталанып, жүрегіне майдай тиген осы таныс күйді ол манадан күтіп отыр еді. Бұдан ары не болғаны да белгілі. Қайтадан қара жерге табаның тигенше, жүрегіңді әлдебір күш шенгеліне алып, шым-шымдап қысады да отырады. Самолет жерден едәуір көтеріліп, биіктеп алған соң, селоның үстін қанатымен жайқап бір айналып өтті де, құбылаға қарай бет түзеді.
Жарқын сол қанаттағы дөңгелек терезеден көз алмай отырған-ды. Шығыстан батысқа қарай созыла көлбеген Тарбағатай жоталары көпке дейін жарысып, қалмай келе жатты. Ол осы бір орқаш-орқаш қоңыр таудың қуысынан ойға кеше түстен кейін ғана түсіп еді. Қазір сол бір ай бойы армансыз сайраңдаған ыстық мекен көзіне оттай басылып, тұла бойын шым-шымдап жайылған мұңды сағыныш билеп алды. Бейне келмеске кетіп бара жатқандай, артына жалтақтап қарай береді.
Апырау, сол бір тыныш та меңіреу табиғат құшағында әлі де болса неге қала тұрмады?! Осыдан бір-ақ ай бұрын қаланың у-шуынан екі құлағын басып, осынау түкпірге қашып келгені қайда? Енді неменеге асығып барады? Не іздейді? Сай-сайынан көк қасқа бұлақтар жамыраған жасыл жайлауда күн сайын атқа мініп, тағанына бұл күнде шоп шытып кеткен көне көш жолдарымен сол бетінде неге серуендей бермеді? Адамды еріксіз ойға батыратын үңірейген қойтастардың арасында, көкек пен тау шегірткесінің үнін тыңдап, неге отыра бермеді? Әр күні таңертең бетегенің бетіндегі сынаптай мөлтілдеген таңғы шықты кешіп, баяғы бала кезіндегідей тағы да жалан аяқ жүгіруі керек еді ғой...
Жаңбырдан соң жотаның басына шығып, садақтай иілген кемпірқосақты, сай-сайдан өріп келе жатқан ақ үрпек балапан бұлттарды тамашалап, тағы да ұзақ қарап тұрса болмас па еді?! Қияға салған қыранның ұясындай сол бір биіктегі жылқышының бес қанат қоңыр үйінде әлде де біраз күн қымызға бөртіп неге жатпады, япыр-ау?! Біреу қуып келе жатқандай неге асықты соншама?
Көгілдір тау сілемі бірте-бірте бұлдырап барып, көкжиекке сіңіп барады екен... Жарқын көзінің алды буланып отырып қалды. Құлағына біркелкі гүрілдеген мотор даусы естіледі. Жүрегі түскір сол баяғысынша, бір сабақ жіпке іліп қойғандай қобалжып, тыпыршиды.
Ол орындыққа шалқая жайғасып, көзін жұмды. Туған жерді қаншалық қимағанымен, бұдан ары жайланып жата алмайтынын да түсініп келеді. Адам баласы алдымен уақытқа тәуелді. Сені алды-артыңа қаратпай асықтыратын да сол уақыт. Өмір сүреді екенсің, өз вагоныңды сол уақыт атты экспреске апарып тіркемеске амалың жоқ. Ол енді бір сот өзін қаншалық қарбалас жұмыстар күтіп тұрғанын есіне алды. Ағысы қатты өзенге секіргелі тұрған адамдай, алдағы тынымсыз тірлікті бүкіл жан дүниесімен сезінгендей болды. Ол кеше осы ауданнан Алматыға төте келсем бе деп те оқталған. Бірақ облыс орталығында тұратын атасына жолыға кетуді жөн көрді. Сонда бір-екі күн аялдап, үйіне сонан кейін бет түземек. Көптен хабарласпай кеткендікі ме, соңғы күндері бала-шағасын да жиі ойлайтын болып жүр. Міне, қазір де көз алдына балалары мен әйелі келіп тұра қалды. Бұл таңғы самолетке үлгеру үшін, үйінен тым ерте аттанған. Балалары үйшіктегі қозыдай айқасып, танаулары пысылдап ұйықтап жатыр еді. Ең кішісі әлі емшектен де шыға қоймаған. Оянып кетпесін деп, аттанарда маңдайларынан ғана иіскеп еді. Әйелі Сара есік алдына дейін ере шығып, таксиге отырарда:
— Ал жолың болсын... Аман-есен барып қайт! — деді бұған күлімсірей қарап.
Не үшін екен, Жарқын әйелін осы арада қатты аяп кеткен. Тағы да үш тентектің талқысына жалғыз тастап бара жатқанын ойлады. Күн қыза бала-шағасын теңіз жотасына апарып демалдырам деген уәдесі бар-тұғын. Амал қанша, ол да кейінге қалды.
— Балаларға жақсы қара... Теңізге тағы бірде барармыз, — деді Жарқын келіншегіне қипақтай қарап. — Көріп тұрсың ғой, мен біраз ес жиып қайтайын.
— Ештеңе етпес, алаңдама! — Сара жадырай күлді. — Үйде жүргенде де тигізетін пайдан шамалы ғой. Қайта сен кетсең баланың саны азайып, маған жеңіл болады.
Жарқын әйелін құшақтап, сүт исі бұрқыраған омырауынан құшырлана бір иіскеді де, машинаға отырып жүріп кетті... Міне, ол қазір де жолда келе жатып, әйелін аса бір ырзалық сезіммен еске алды. Қоштасарда есте қалатын қалайда бір жылы сөз айтпағанына өкінеді. Тек сол жолы ғана емес, ғұмырында әйелін пәлеңдей аялап еркелетпегені, оның қас-қабағына қарап, тілегімен санаспағаны есіне түсті. «Жалпы әйел өмірі ауыр ғой... Ал жазушыға әйел болу — тіпті қиямет шығар», — деді ішінен.
Жарқын осы сапарға аяқ астынан аттанды. Соңғы төрт-бес жылда ауыл жаққа ат ізін салмаған. Кейінгі кітабы қала тіршілігінен жазылды да, соның «ауы мен бауы» бітпей, қатты қиналды. Бұрқ-сарқ етіп, қазандай қайнап жатқан қаланың тынымсыз өмірінен қажетті нәрсені ұстап қалу да оңайға түскен жоқ. «Адам аласы ішінде» деседі халық. Бұл күнде жақсылық пен жамандықтың мен мұндалап тұратын кезі өтті ғой. Әрдайым қара ормандай қаптаған сұрақтар тұрады алдында. Қазір бір ыңғай ақ немесе қара бояумен сурет сала алмайсың. Өмірдің алабажақ түсі көбейген екен, демек сенің де соған жетерлік сан түрлі бояуың болуы керек. Әлде өзінің стихиясына сай келмеді ме, осы соңғы шығарма Жарқынды әбден қалжыратты. Тіпті осыдан ештеңе өндіре алмаспын деп қорқып еді. Әйтеуір, абырой болғанда аяқтап шықты. Жазып бітірген соң қолжазбаны қайта қарауға тасырқаған аттай бетінен басып, екі-үш ай тартпаға салып тастаған. Дегенмен, үзілістен кейін оқып көріп, өзінің жап-жақсы нәрсе жазғанын байқады. Біраз дүние қағазға түсіпті. Қала өмірінің сапырылысқан жылдам ырғағы кітапта сәл баяулағандай сезілді оған. Телевизорда қақпаға соғылған допты қайталап, айқын көрсету үшін, пленканы жайырақ айналдырып, көз ілеспей безектеген қозғалысты сабырлы қимылға көшіретін. Ол өз кітабын осыған ұқсатты. Қолжазбаны қайта оқып отырып, осынша дүниені өзінің қалай жазып тастағанына қайран қалды. Егер осы шығарма, оның бетін әрі қылсын, әлдебір себеппен жойылып кетер болса, оның бір де бір тарауын қайта жазып бере алмайтыны хақ еді.
Шығармасын жазып бітіргеннен кейінгі жарты жылдай уақыт Жарқынға азапты ғұмырдай ұзақ көрінді. Әбден тұралап болдырғаны соншалық ол өзінің босаған күбідей мүлде қаңырап қалғанын сезінді. Бұрын өз көкірегінде айналадағы әлемнің кескінін айнытпай түсіретін бір сиқырлы шарайна бар секілді еді. «Егер жазушыда басқа жай адамдарға ұқсамайтын қалайда бір қасиет бары рас болса, дүниені өзіне тартып тұратын «талант» деген асыл жауһар сол шығар», — деп іштей соны қатты мақтаныш ететін-ді. Сол «сиқырлы айна» аяқ астынан ғайып болған сияқтанды. Ішкі жан сарайының бедері өшіп, тозған бақырдай майдаланып кеткен тәрізді. Көңілі бейжай, дүниеге самарқау, енжар қарайды. Көрсе осы бергі беттегіні ғана көреді. Қиырдағыны шалатын баяғы қыран көзі жоқ. Қолына кадам алса, көкірек түкпірінен ешқандай сурет оянбайды... Сұмдық-ай! Осылайша, отыз бесінде ме, әлде қырық жасында ма, таланттан көз жазып қалған, бірақ онысын мойындамай, бұрынғы беделін базарға салып жүретін бір адамдарды бұл білуші еді. Шынымен, солардың кебін бұл да кигені ме? Ол өз ойынан қатты шошынды. Бұдан кейін, сірә, ештеңе де жаза алмаспын деп қорыққан. Жатса-тұрса Кемпірбай ақынның:
«Көңілден көкала үйрек «қош» деп ұшты,
Сол шіркін кәрі жолдас өлең білем», —
деген екі жол өлеңі ойынан шықпай, мазасын әбден кетірді.
Оны кейде үрей билейтін болды. Бір күні кешке жақын көшеде серуендеп жүрген-ді. Аяқ астынан қайдағы бір сұмдық ойлар қамап алды. Есенин бе, әлде Бернияз Күлеев пе, біреулер елестей берді көз алдына. Құлағына шаңқ еткен мылтық даусы жеткендей болады. Тұла бойын қорқыныш билеп, үйіне жеткенше асықты.
— Саған не болды? Өңің қашып кетіпті ғой? — деді Сара есіктен алқынып кірген күйеуіне қарап. Жарқын сыр берген жоқ:
— Жай... Бір сөз есіме түсіп, — деп кабинетіне өтіп кетті. Байыз таппай қайта шықты. Оған енді тірліктің етегіне жармасып, қалайда айрылмауы керек еді. Жан дәрмен екі ұлымен асыр салып ойнай бастады. Балаларға керегінің өзі сол: Үшеуі бірігіп лезде үйдің ішін тай тулағандай етті.
— «Атан түйе ойнаса жұт болады» деп, сенікі не, жаным-ау? — деді әйелі ештемеге түсінбей. Сол-ақ мұң екен, оны да бассалып, диванға алып ұрды. Әйелін жаңа көргендей құшақтап, сәл иіссу аңқыған шашынан, мойнынан аймалап сүйе бастады. Көптен мұндай сезім шарпуын көрмеген Сара қып-қызыл боп, не істерін білмей сасып қалды...
Жарқын Тарбағатай жайлауына, міне, осындай халде аттанған-ды. Қазір ол бұдан бір ай бұрынғысына мүлде ұқсамайды. Мұны мезі қылған бір жайлар қазір қайтадан ыстық тартып, өзіне шақырғандай болады.
Ол бір сот Алматыда қалған жолдастарын есіне алды. Ресторан-кафелердегі отырыстар, қызу әңгімелер оралды ойына. Бір ай бойы көрмегенге жігіттерді сағынып қалған секілді. «Қырттар бүгін қай жерде бас қосып отыр екен!?» — деп көзін жұмған қалпында жымиып қойды. Дос жігіттер кейде апта бойы думан құрып, жұптарын жазбай бірге жүретін-ді. Ақыры бірінен-бірі мезі болып, суысып, кейде өзара керісіп барып тарасатын. Содан әйелдерінің көңілі орныққанша, үйлерінен ұзап шықпай, көпке дейін «жазып» отырып қалатын-ды. Қазір Жарқынға соның бәрі қызық көрініп, үйіріне қосылғанша асыға бастады...
Самолет облыс орталығына төте ұшпайды екен. Жол-жөнекей тағы бір ауданға аялдап, жаңа жолаушылар мінгізді. Жарқынның қасына жасы алпысқа тақаған, жұпыны киімді, семіз біреу кеп отырды. Төбе шашы әлдеқашан ойылып түскен көп қасқаның біреуі. Самолетке міну ол үшін арбаға отырумен бірдей тәрізді. Селт етер емес. Жарқынға бір-екі рет басын иіп, ілтифат көрсетті де, сумкасынан алған әлдебір кітапты ыждаһатпен оқуға кірісті.
Кітап Жарқынға жылы ұшырап кетті. Мұның бір жақын жолдасының кітабы. «Міне, кітап деген қай жерде оқылады? — деді басын шайқап, — мынаны көрсе ғой, біздің Жұман қырт бір көтеріліп қалар еді... мейлі, айтып барып коньягын ішермін».
Кітаптан бас алмай тұқырып отырған әлгі кісі бір заматта өзінен-өзі тырқылдап күлді.
— Қалай, қызық кітап па екен? — деді Жарқын. Ол да сөзуар адам болса керек, кітапты жаба салып әңгімеге кірісті.
— Осы жазушылар да бір қызық халық-ау, — деді әлдебір жаңалық ашқандай басын шайқап.
— Қай жағынан айтасыз?
— Өздерінің әйелдерде ала алмай жүрген өші бар секілді...
— Оны қайдан білдіңіз? — деп күлді Жарқын.
— Суреттеген әйелдері тым көңілшек... Бүйте берсе тіпті өз әйеліңе сенуден қаларсың.
— Кім білсін, әркімнің атының сыры өзіне мәлім ғой...
Жарқын жаратпай, бетін бұрып әкетті.
— Ендеше, тыңда, бұл жазушы дегендерің — бір қызық халық, — деп анау мұны жөнінен тартып, өзіне зорлап қаратып алды. — Ана жылы біздің ауылға бір жазушы келіп... Аты кім еді! Тілімнің ұшында тұрғанын қарашы. Иә, айтпақшы, әлгі бәленшекең, — ол ақыры ойланып барып, белгісіздеу бір ақынның атын айтты. — Сол кісі ел аралап жүріп, біздің үйге түсіп қонақ болған... Бірақ қызығы бар, — деді сосын сыбырға көшіп. — Онда жеңгеңнің жасырақ кезі... Өзім ел аралап, көбінше, далада жүрем. Әлгінің жеңгеңе көзі түсіп қырындай бастағаны. Әйел емес пе, біздің қатын да көк көйлегін киіп, көлбеңдей қалыпты. Қойшы, әйтеуір, екі-үш күннен кейін әлгі кісіні «әке-көкелеп» жүріп, ауылдан зорға аттандырып салдық. Кейін ол жеңгеңе арнап өлең шығарып, журналға бастырды, — деді үнінен кәдімгідей мақтаныш лебі есіп.
Жарқын күлерін, не ыза боларын білмей, түнеріп төмен қарады. Әңгімеге зауқы жоқ екенін анғартып, терезе жаққа бұрылыңқырап отырды. Кейде осылай, біреудің саңылаусыздығы үшін өзің ұялатын сәттер де болады...
Самолет онша шарықтамай аласа ұшып келеді екен. Терезеден адырлы дала, тақта-тақта егін жайлар ап-анық көрінеді. Жарқынның басы зеңіп ауыра бастады. Құлағы кейде бітеліп қалып, анда-санда «дың» етіп ашылып кетеді. Сол кезде тура желке тұсынан екі адамның самбырлап сөйлескені естіледі. Басында көңіл бөлмесе де, шыбын ызыңындай қайталана берген соң еріксіз назар аударған. «Жап-жақын отырып, осылар неге қатты сөйлейді?», — деп қынжылды ішінен. Бұрылып қарауға ұялды. Орындыққа шалқалай түсіп, сөздеріне амалсыз құлақ тосты. Сөз әлпеттеріне қарағанда, бұлардың біреуі бұл маңайда көптен болмаған, қиыр жайлап жүрген адам. Шұрқырасып жаңа табысқан ағайындар желіктері басылмай, бір-бірінен әрнені сұрасып келеді.
— Айтпақшы, Кеңесбай қайда қазір, Кеңесбай? — деді үздігіп, маңырай шығатын жіңішке дауыс.
— Қайсы Кеңесбай? Әлгі райисполком боп жүретін Кеңесбай ма? Е-е, ол мына Көктөбеде «үшінші» болатын. Жақында өзімізге мектеп директоры боп келді, — деп жауап берді, тамағында ептеген қырылы бар, ыңыранып шығатын екінші дауыс.
Жарқын бұл екеуінің түрін көрмесе де, дауыстарына қарап: «Жұтқыншағы тобықша ойнаған ұзын сары мен шарға бойлы, тырсиған қара болар», — деп жорамалдады.
— Апырмай, тіпті құлдыратып жіберіпті ғой, — деді жіңішке дауыс.
— Карта ойнап отырып, бір мықтының валетін мәткемен ұрып алған ба? Әйтеуір, бір шатағы бар...
— «Қашайын деп тұрған қоянға қазық тиген соң не сорым» деп, өзі бұрын шығайын деп тұрған көз-дағы.
— Солай болғаны ғой.
— Ал менің әлгі кәрі нағашым не күйде?
— Кәрі нағашың қайсы?
— Күмісбек ше, Күмісбек?
— О, нағашың әлі совхоз директоры боп дүрілдеп тұр.
— Көкжалым-ай, ә!
— Өткен қыста мал қатты қырылып, орнынан әне ұшады, міне ұшады десіп еді, пенсияға дейін қалдырды-ау деймін.
— Енді қайтсін, еңбегі де бар ғой... Айтпақшы, өзіңді сұрамаппын ғой. Өзің қай қызметте жүрсің? — деп шырылдады жіңішке дауыс.
— Біз бе, біз сауда жағындамыз, — деді қоңыр дауыс сыпайы сызылып.— Өзіміздің ауданда тұтынушылар одағының бастығымын. Қарын — тоқ, көйлек — көк. Былтыр Бесқаратай жаққа райисполкомға зам болып бар деп еді, жылы орнымды суытқым келмеді.
— Дұрыс істегенсің, — деді жіңішке дауыс. — Шіркін, ел іші алтын бесік қой. Елден шығандап кеткен мына біздер не таптық? Әйтеуір, екі қолға бір жұмыс дегенін болмаса...
— Көшіп келсейші. Завсклад етіп осы қазір алайын, — деді анау даусына сәл қырыл қосып.
— Келем, Тәке, келем. Өзім де жұрт шалып жүрмін, — деп жіңішке дауыс тіпті мүсәпірсіп қалды.
Жарқын күліп жіберуден сақтанып, үнсіз тыңдады да отырды. Ана екеуі енді құлашын кеңге сермеп, республика көлемінде жаңа қызметке ауысқандарға шолу жасады. Өз аудандарынан кімдердің өсіп, қай жерде отырғанын санамалап шықты.
— Ал облыстағы «Біріншілерің» орнында ма? — деді бір уақытта жіңішке дауыс..
— Баяғы қарттың өзі...
— Пенсияға кетпей ме екен?
— Жұрт желпілдеткелі қашан... Әзірше қозғалар емес.
— «Екіншіңіз» — анау ғой. «Үшінші» кім, айтпақшы, «Үшінші»? — деді жіңішке дауыс, тақ бір тезірек естімесе өліп кететіндей үздігіп.
— «Үшінші» ме? «Үшіншіні» сен танымайтын шығарсың?» — деді анау маңғазсып. — Бұрын Тарбағатай жақта «Бірінші» болған екен. Кейін өсіріп облысқа әкелді ғой.
Өз ағасының фамилиясын атағанда, Жарқынның құлағы елең ете қалды. Әңгіме мұның туған ағасы, обком секретары Сабыр туралы болып жатыр еді.
— Қалай өзі, тәуір азамат көріне ме? — деді анау аңысын аңдаған сақ үнмен.
— Көп оқыған, білімді жігіт деседі. Бірақ жасқаншақтау болса керек...
«Тү-у, мына қуларға дауа болмас, — деді Жарқын мырс етіп. — Қазір осыны Сабырға айтып барып, өзін бір ыза қылайыншы, — деді ішінен. Сонан соң біразға дейін түйіліп, үнсіз отырып қалды. — Әр ауылда, әр қалада осындай бір жағымсыз типтер бар-ау, — деді қынжылып. — Мансап десе ішкен асын жерге қоятын, біреудің лауазымынан ләззат алып, шоғына жылынып күн көретін осындай бір желім ауыз, құнарсыз қулар қайдан пайда болады екен?.. Абай дәуірінен қалып қойған, Абай түзей алмай кеткен қу-пысықтар — осылар ғой. Жаны қандай сірі өздерінің? Мұндайлар Толстой мен Әуезовтің қандай шығарма жазғанын білмеуі мүмкін. Ал республикада кімнің қандай қызметке жоғарылағанын мүлт кетірмей жаттап жүреді... Ал мықты болсаң осылармен алысып көр», — деді ол іштей әлденеге ширығып. Қалтасынан әлі басталмаған блокноты мен қаламын алып: «Арыз-шағым, өсектің өрбитін көздері, саққұлақ қу-пысықтар», — деп жазып қойды. Өзі соған, бейне, қармағына қара көз сазан іліккен балықшыдай қуанып қалды. Көптен таптырмай, адастырып кеткен асылының өз орнына қайта келгенін сезіп қуанған.
Самолет қаланың аэродромына қалықтап кеп қонды. Жолаушылар абыр-сабыр орындарынан көтеріліп, шығуға бет алған. Жарқын да түрегелді. Костюмін киіп жатып, артына бұрылып еді, күліп жібере жаздады. Шынында да, бұдан кейінгі екінші орындықтан жұтқыншағы тобықтай бұлтылдаған ұзын бойлы, арық сары мен аласа бойлы, шақша бас, жылтыр қара тұрып келе жатыр еді. Жарқынның түксие қарағанынан секем алды ма, тапал қара бұған елпілдей басын изеді.
Самолет басқышынан түсіп келе жатып, Жарқын терең бір тыныс тартты. Бір жарым сағат бойы ойнақшып, тыным таппаған жүрегі енді ғана орнына түскендей. Күн түске тармасып қалыпты. Ол анадай жерде асыға басып келе жатқан ағасын көріп, солай қарай бет алды.
II
Көптен есік ашпай кеткен қайнысын Сабырдың әйелі Гүлжамал жылы жүзбен көңілді қарсы алды. Қуанышын ашық-жарқын күлкісімен паш ете, Жарқынның қолын еркектерше сілкілей қысып амандасты. Араларындағы ана бір жылғы өкпенің ізі де қалмағандай.
Гүлжамал қазір ғылым кандидаты, осындағы пединституттың оқытушысы. Ана жылы диссертация қорғайтын кезінде Жарқынмен аздап түс шайысып қалғаны бар. Институттың филология факультетін сырттай бітіріп шықанымен, әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, Шекспир мен Шиллерді, Гоголь мен Горькийді шатастырып, мұның өзін талай ұялтқан жеңгесінің мінезін бұрын ол қызық көріп, күліп қана қоюшы еді. Сол әйел аяқ астынан әдебиетші-ғалым боп шытуға айналғанда, Жарқын шыдай алмай, алдын бөгеуге тырысқан-ды. Дереу атасына хат жазып: «Тыйсайшы мынауыңды. Әдебиеттің абыройын төгіп жүрген дүмшелер бұрын да аз емес еді. Тым құрыса біз масқара болмайықта!» —деп қатты салмақ салған. Бірақ оған Сабыр не істесін? Бүкіл бір ауданды аузына қаратқан азамат, әйеліне сөзін өткізе алмай, қор болып қойған-ды. Содан бері туыстар арасы салқындау болатын.
Гүлжамал қазір толысып, жасаңғырап алыпты. Қызыл шырайлы, әжімсіз өңі майлап қойғандай жылтырап тұр. Күйеулерін бедел тұтатын кейбір әйелдер сияқты бұл да айналасына өктем қарайды. Басқаларды ықтырып, қыжырта сөйлеуге машықтанған. дауысында әйел затына жараспайтын, сәл ыңыранған салмақ жатады.
— Халдарың қалай? Балалар аман ба? Келіннің денсаулығы жақсы ма? — деді ол Жарқынды төр алдына отырғызып жатып.
— Шүкір. Бәрі де аманшылық.
— Менің ұлым қалай? — деді Гүлжамал тіпті самбырлай сөйлеп. — Оны неге ала келмедің?
Ғұмыры бала көтермеген Гүлжамал Жарқынның ортаншы ұлын «менің балам» деп иемденіп жүретін.
— Біреудің баласын әрі-бері тасып жүрем бе? Құдай үшін өзіңіз барып алып кетіңізші ұлыңызды? — деді Жарқын, осы үйдегі баяғы ерке мінезіне көшіп.
— Ауырсынып жүр екенсіңдер ғой. Қорықпаңдар, шығынын төлейміз, — деп жеңгей сылқ-сылқ күлді.
— Шығыныңнан бұрын тентек антұрған... Жұмыс істетпейді.
— Шыдаңдар. Құдай бұйырса, мамасы докторлығын қорғап алсын. Сонан соң бір күн де тоқтатпайды...
Әйелі мен інісінің тез тіл тауып, татуласып кеткеніне Сабыр да өте қуанышты еді:
— Оған дейін ол күшік ес біліп, үйірін танып кетеді ғой, — деді сөзге араласып.
— Гүлеке, онан да басқа біреуіне заказ беріп қойсаңыз қайтеді? Сіз доктор болғанша, біз де үлгерерміз, — деп Жарқын қылжаққа басқан.
— Жә-жә... Бұл енді өстіп жайылып кетеді, — деп Сабыр оны тыйып тастады.
Гүлжамал дастарқан жабдығымен ас үйге кетті де, ағайынды екеуі кабинетке кіріп, қарама-қарсы қойылған екі креслоға жайғасты. Бұл күндері жасы қырық бестерге келіп қалған Сабыр еңсегей бойлы, ірі денелі, иір қара жігіт болатын. Кейінгі кезде ақбөртеленіп, толыса бастапты. Мінезі салмақты, артық сөзге әуестігі жоқ, байсалды кісі. Оның қасында Жарқын әлдеқайда ұшқалақ, онысын көбінесе еркелікке жеңдіреді. Араларында едәуір жас алшақтығы болса да, екеуінің қатынасында тең құрбыдай ойын-күлкі жарастығы бар. Әзіл-қалжыңды көбінесе Жарқын бастап, ағасына үнемі еркелеп, сүйкеніп отырады.
Екеуінің тағдыры да ғажап. Баяғы бір жұт жылы әке-шешелері бірдей опат болғанда, Сабыр тоғыз жаста, ал Жарқын емшектегі бала еді. Су ішерлері бар екен, Сабыр сол жылы Семейдегі балалар үйіне тапсырылды да, Жарқынды нағашы әжесі арқасына салып жүріп асырап, аман алып қалды. Амал не, көзі тірісінде сол әженің қарызын өтеуге бұл үлгере алмады. Бар болғаны — ол кісі өлген соң араға жылдар салып, басына ақ мәрмәрдан құлпытас орнатты.
«Жас өсіп, жарлы байымай ма» деген осы екен. Сол Сабыр — бұл күнде обком хатшысы да, Жарқын — көпке белгілі жазушы болды. Сабыр өз інісін әрқашан мақтаныш етеді. Жақында Совет Одағын аралап жүрген ағылшын журналисі бұған жолығып интервью алғанда, ол өз өмірін айтып болып: «Ал енді менің туған інім бар, Алматыға баған соң жолығыңыз, — деді тілшіге, — інім — жазушы. Аты жұртшылыққа кеңінен мәлім, талантты жазушы. Екеуміз қаршадай кезімізде жетім қалдық. Бізді Советтік Отан тәрбиелеп өсірді» — деген мақтаныш сезіммен...
— Иә, елге барып қалай демалдың? — деді Сабыр інісінің жүзіне қызыға қарап.
—Тамаша! Тіпті тіл жетпейді, — деді Жарқын лепіріп. — Шіркін, туған жердің қадірін білмейді екенбіз ғой. Небәрі бір айдың ішінде анадан қайта туғандай болдым.
— Ел араладың ба?
— Жоқ, ешкімнің көзіне түспей, Тарбағатайдың бір шатқалында аюдай аунап жатып алдым. Ей, не қыласың, армансыз бір дем алдым-ау.
— Бәсе, ауданнан келген хатшылардан сұрасам, ешқайсысы білмейді. Жасырынып жатқан екенсің ғой.
— Жасырынғаным рас. Адам кейде дипломатиядан, ресми сөзден де жалығады екен. Жабайы табиғаттың өзіне, өздігінен көктеп тұрған бір тал бұтаға, ешкімге бағынбай дөйдала ағып жатқан бүлдіршін бұлаққа да зар болады екенсің. Мен бір жаңалық ашып қайттым. Адам табиғат перзенті ғой. Оның жанына түскен жараны тек туған жердің ауасымен ғана емдеу керек екен.
— Кейін аудан басшылары іздеп барған жоқ па?— деді Сабыр оның сөзін бөліп.
— Іздеді ғой, — деп күлді Жарқын. — Жиыннан қайтып барысымен-ақ іздеп тауып алды. Жақсы жігіттер екен. Бір-екі күн жатып, аң қарасып, қонақ болып қайтты.
— Осы сендерге таңым бар, — деді Сабыр інісіне күле қарап. — Қолдарың бос. Бізге ұқсап шапқылап жүрмейсіңдер. Жаз шығысымен сондай бір жерге барып жатпайсыңдар ма?
— Оның рас. Біз әбден үйкүшік боп алғанбыз, — деді Жарқын тез мойындап. — Осы күнге дейін Алтайдың қалың орманын, Арқаның кең сахарасын құмардан шығып, бір аралап көргеміз жоқ. Шығармаларымыздың географиялық тынысының тым тар болғаны да содан шығар. Нені жазсақ та алақандай ауылымыздың табиғатын тықпалаймыз. Қайтып қана оңармыз-ау?
— Қайта кейінгі кезде ел арасына жиі шығып жүрсіңдер-ау деймін, — деді Сабыр әлденені есіне түсіргендей. — Айтпақшы, сенің әріптестеріңнің бір тобы жақында келіп кетті.
— Е-е, тобымен жүргендерді қойшы, — деді Жарқын қолын сермеп. — Біз, әсілі, сапарға шығу дегенді дұрыс түсіне алмай жүрміз. Ауылға барсақ бағланның басын жеуден қолымыз босамайды. Жүрген жерімізді думанға айналдыруды ұнатамыз... Бұл жөнінде мен мына орыс жазушыларына қатты қызығамын. Менің Москвада бірнеше достарым бар. Жаз айларында бара қалсаң, ешқайсысын таппайсың. Біреуі Сібірді, екіншісі орталық Россияны аралап кеткені. Және олар бір жаққа шықса, бізге ұқсап жан-жаққа сауын айтып, салтанат құрмайды. Қағаз-қаламын, балық аулайтын қармағын қапшыққа салып алады да, тарта береді. Несін айтасың, рахат солардыкі!
— Ал сендерді кім ұстап отыр? Енді осыны кімнен көресіңдер? — деді Сабыр кейіп.
— Айттым ғой. Бізде ондай өнеге жоқ. Орыстарда тамаша дәстүр бар. Россияны жаяу аралап, Горький салып кеткен жол бар. Ал біздің машинадан түскіміз келмейді. Бесіктен беліміз шықпай жатып, көлеңкелі жерді күйттейміз.
— Жарайды, ширығып отыр екенсің. Тегінде адам өзін қамшылай бастаса, істің оңға басқаны, — деді Сабыр зор денесін селкілдете күліп. — Ертең өзің менімен бірге үйрек атуға барасың ба?
— Қарсылығым жоқ.
Осы кезде кабинетке Гүлжамал кіріп, бұларды дастарқан басына шақырды.
III
Ертеңінде күн жексенбі еді. Бұлар сәске болмай-ақ машинаға отырып, қаланың сыртына шықты. Өзен бойындағы не бір әдемі жерлерді ерте келгендер иемденіп алыпты. Олар оңаша жер іздеп, кенере жолмен қырық-отыз шақырымдай ұзап кетті. Ақыры, жұрт аяғы жете бермейді-ау деген мөлшерде шағын тоғай бар екен. «Газиктің» тұмсығын соған тіреді.
Бұл бір Ертіс арнасының сәл иіліп доға жасайтын, суы шыпылдап, кемеріне толып атағын тұсы еді. Жағалауға шоқ-шоқ қамыс, қалың құрақ өскен. Жігіттер дәл жиекте тұрған үй орнындай құба талдың көлеңкесіне келіп жайғасты. Көк шөптің үстіне алаша жайып, машинада қалған мылтық пен азық-түліктерін әкелісті. Сонан соң Сабыр шоферға бұрылды да:
— Бізді кешкі сағат бесте осы арадан тауып ал, — деп машинаны қалаға қайтарып жіберді.
Бүгін де ыстық болатын түрі бар. Күн көзі төбеге таман көтерілісімен-ақ, жер бетін төстіктей қақтап, шыжғыра бастады. Тек ара-тұра ғана аңғарды бойлап лүпіл қаққан болымсыз самал болмаса, тоғай арасы бүк, тыншу екен. Жарқын қапшықтың ішіндегі тағамдарды салқын шөптің арасына қоя бастады. Пісірілген ет, жұмыртқа, помидор, коньяк, арасан суы, толып жатыр.
— Таңертең Гүлжамалдың мақтауын жеткізіп жатыр едің. Еңбегің төленген екен, — деді Сабыр.
— Аспандағы үйректің сорпасына сеніп аш қалатын жайым жоқ. Одан гөрі қапшықтағы қазы мен коньягым тыныш емес пе? — деп Жарқын қулана күлді.
— Онда, екеуміз бүгін осы қапшықты атып алып қайтсақ та, аз олжа емес екен, — деді Сабыр көйлегін шешіп жатып. — Аңға шығуға несіне асығамыз? Күн шыжып кетпей тұрғанда, суға түсіп қыздырынбаймыз ба?
— Мақұл. Менің де мергендігім қысып тұрған жоқ.
— Өзін мылтық атып көріп пе едің?
— Аттық қой... Не жыны бар екен, нысанаға атсам мүлт кетпейді. Бірақ жанды қарғата тигізіп көрген емеспін.
Сабыр екі қолымен жер тіреп, біраз керіліп-созылып алды. Сонан соң інісіне бұрылып:
— Тым толып бара жатыр екенсің. Семіруге әлі ерте емес пе?— деді оның көзі қарнына көз жүгіртіп.
— Мешел баладай көп отыра бергендікі ғой, — Жарқын алашаның үстіне сұлай кетті.
— Сонан кейін мына бәле де тез қампитады кісіні, — деп шөптің арасында жатқан коньяктың біріне қолын созды. — Қалай, іше бастаймыз ба?
Жарқын екі стаканға коньяк құйды, алдарына газет жайып, ет турады.
— Қане, не үшін ішеміз?
— Сенің творчествоң үшін алып қояйық та!
— Жоқ, жасыңыз үлкен ғой, сізден бастағанымыз жөн шығар. Онан да... биыл осы облыстың астықтан керемет мол өнім алуы үшін ішелік!
— Мақтамен бауыздап отырсың-ау, ә? — деді Сабыр басын шайқап. — Жарайды, сол үшін-ақ ішелік. — Ағайынды екеуі бірінің бетіне бірі қарап, қарқылдап күліп алды.
Коньякты жұтып жіберген соң, сүйегіңді бу шалғандай болып, арты ішкі сарайыңнан бір жатымды ыстық толқын көтеріледі. Жарқын сол толқынды тосып сол отырды да, езіліп піскен жас қазыдан қарбыта асады. Сонан соң олар алашаны былайырақ, күннің көзіне таман сүйреп апарып, көпке дейін үн қатыспай, қыздырынып жатты. Қара көзілдірік киіп, бастарына газет жауып алған.
— Сенің қызметінде өзгеріс болатын түрі жоқ па? — деді Жарқын бір заматта етпетінен аунап түсіп.
— Қандай өзгерісті айтасың? — Сабыр да басын көтеріп алды.
— Жұрт сені Алматыға ауысады екен десіп жүр еді.
— Әзірше белгісіз. Бізден шыққан жол, көбінше, екіге айрылады ғой. Бірі — Алматыға, екіншісі ауданға тартады.
— Өзің қайсысын қалар едің?
— Маған бәрібір. Партия қайда жіберсе...
— Әйткенмен бір саты болса да жоғарылай бергенге не жетсін.
— Бәлкім, жоғарылауды ұнататындар да бар шығар. Бірақ сол менің миыма да кіріп-шықпайды. Қайда жүрсең де мақсат біреу-ақ. Ол — халыққа адал қызмет ету.
— Міне, бұл — нағыз өсетін адамның сөзі! — Жарқын қарқылдай күлді. — Дегенмен шыныңды айтшы, күн сайын кеңсеге кіріп, өз орныңа отырғанда, қандай сезімде боласың?
— Жауапкершіліктен басқа ештеңе сезінбеймін.
— Қызық екен... Мен бастықтың креслосында шарап қызуындай бойға тарап, мас қылатын бірдеңе бар шығар деп ойлаушы едім. Әйтпесе, осы жұрт балға қонған шыбындай оған неге үймелейді? Адамдар шайға да құрамында бірер тамшы апиын болғандықтан құмартатын көрінеді.
— Немене, мен саған өтірік айтып, жағынайын деп отыр дейсің бе? — деді Сабыр қабағын кіржитіп.
— Жарайды, әзіл ғой, әшейін, — Жарқын жуып-шайды. — Ана жылы диссертация қорғауға көңілің кетіп жүруші еді. Айтпақшы, сол не болды?
— Оны әлдеқашан тастағам.
— Неге?
— Ойлап тұрсам, біздің ғылымға килігетін жөніміз жоқ екен, — деді Сабыр бір тал шиді тісіне қыстырып, — әсілі, ғылымға сол үшін бүкіл өмірін қиятын, ең бір жанкешті, ер жүрек адамдар ғана баруы керек қой. Түбегейлі айналыспаған соң, құр атақ алуға ұмтылудың керегі не? Бізде кейбіреулер ғылымды қызметтен түсіп қалғаннан кейін паналайтын жылы орынға айналдырып алған... Ондай саудаға менің арым шыдамады.
Жарқын жымиып күлді.
— Неге күлесін?
— Жай, әншейін... Бір ой келіп... Мәселен, өзіңді ертең орныңнан алып тастады делік, сонда не істемексің?
— Не істеуші едім? Жұмыс істеймін. Жерде қалады дейсің бе? Партия-совет қызметі саласында бірталай тәжірибем бар. Облыс деңгейіне қабілетім жетпесе, ауданға барам. Ол да қиынға айналса, колхозға барып парторг, не бригадир болам. Кешегі жалбыр тонды, жалаң аяқ жетімге сол да уайым болып па?
— Қанша айтқанмен туысқанбыз ғой. Бұл жөнінде ойымыз бір жерден шықты... Аяз би деген кісі өткен өмірін ұмытып кетпеу үшін, баяғы жыртық тонын төріне іліп қояды екен.
— Байқаймын, сенің көмейіңде бір түйіншек тұр, — деді Сабыр інісіне қарап қойып. — Ана жылы Гүлжамал қорғайтын кезде, қарсы болғаның есімде. Сенің айтқаның дұрыс еді, әрине. Енді, міне, сондағы қателіктің орнын толтыра алмай әуре боп жүрміз. Өмір қызық қой. Қашанда ұшқарылықтың екі басы бір-біріне тез ауысады. Бір кезде біздің халық үшін хат танудың өзі үлкен жетістік саналушы еді. Енді, міне, шын ғалым мен жалған ғалымның арасын ажырату қиынға айналып барады... Амал не, осыны сенің жеңгеңе түсіндіре алмадық қой.
— Ештеңе етпейді. Бір үйге бір кандидат керек десіп жүр ғой, қазір.
— Гүлжамалдың басқа алданышы болмаған соң, әйтеуір, бірдеңемен шұғылдансын деп едік. Бірақ соның өзі қиын боп тұр, — деді Сабыр қинала езу тартып. — Әлгі «бір теңге беріп жырлатып, мың теңге беріп қойғыза алмады» дегеннің кері келді. Осы, институтта отырғандардың не ойлайтынын білмеймін, биыл олар жеңгеңді екі жылға докторантураңа жібермекші болып, желіктіріп қойыпты.
— Өздерінше, сенің көңіліңді таппақшы болғаны ғой.
— Солай шығар... Ақыры ректормен сөйлесіп, тыйым салуға тура келді.
— Күлекең оны біле ме? Білсе, сіздің жағдайыңыз да мәз емес екен...
— Қайтеміз? Маңдайға жазылғанды көріп аламыз да, — деді Сабыр күлімсіреп. — Баяғыда әйелдің қолын тендікке жеткіземіз деп шапқыладық. Бүгін, міне, көріп отырсың, бір әйелдің өзі обком секретарының аяғын әлтек-тәлтек бастырады... Семья деген — ол сенің тағдырың ғой.
Ағайынды екеуінің көптен бір оңаша сырласқаны осы еді. Жарқын ағасын біртүрлі аяп кетті. Сырт қарағанда төрт құбыласы сай боп көрінетін маңғаз қазақтың көкірегінде қаншалық мұң жатқанын былайғы жұрт қайдан білсін. Тіпті Жарқынның өзі де ағасын бүгін түсініп отырған сияқты.
— Кәне, алып қоямыз ба? — деді ол ағасына еркелей үн қатып. — Мына біз ішкілік жағынан ептеп көзге түсіп жүреміз. Сіздердің де бір масаңдау болатын кездеріңізді көрелік те. — Ол Сабырмен әдетте «сен» деп сөйлесетін. Тек сөзіне мысқыл араласқан тұстарда ғана «сізге» көшетін-ді.
Екеуі соғыстырып, үнсіз көтеріп қойды. Жарқын жүрек жалғау үшін асықты жіліктің ойынды етін жұлып жей бастады.
— Шіркін, сендер бақыттысыңдар ғой, — деді Сабыр арасан суынын аузын ашып жатып. — Орнымнан алып тастайды-ау деп қыпылдамайсыңдар. Көкірегің шерге толса, ой-сезімдеріңді қағаз бетіне түсіріп, мың-сан адаммен оңаша сырласасыңдар... Нағыз жазушы деген құдірет қой ол. Наполеонның әскері жетпеген жерді Бальзак қаламымен жаулап алған екен. Ал Толстой «Соғыс пен бейбітшілікте» Наполеон мен Александр патшаны дойбының тасындай қалаған жеріне өз қолымен апарып қойған.
— Мына мақтаудан кейін мен бірдемеге ұрынбасам жарады, — деп күлді Жарқын. — Амал қанша, осы сөзіңізді маған ғана айтпай, шаршы топтың алдында сөйлесеңіз ғой, шіркін!
Бұл кезде күн едәуір көтеріліп, жер-дүниенің апшысын қуыра бастаған. Жарқын кенет оң жақ иығын сипалап, орнынан түрегелді.
— Күйдіріп барады. Көлеңкеге отырайық, — деді алашаны талдың астына қарай сүйреп.
— Сәл қан таратып, өзенді өрлеп кайтсақ қайтеді? — деді Сабыр.
— Мейлі. Мылтықты ала жүреміз бе?
— Алсаң ал, ауырлығы жоқ қо