05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Құдайдың үйі






«Тасбұлақта Әкпар деген біреу мешіт салдырып жатыр» дегенді естігенде, көп жылғы коммунистік насихат пен атом полигонының зардабынан миы айналып кеткен жұрт ештемеге түсінбей аңырып қалды. Қайдағы мешіт? Қайдағы Әкпар? Барқытбелдің бөктеріндегі бұл жұрт мешіт атаулыны осыдан жетпіс жыл бұрын жермен-жексен етіп, шатып тастаған жоқ па еді? Бұл ел құдайды ұмытып кеткелі қашан! Қазір жасы жетіп отырған қарттарының өзі — күні кеше: «Қазақтың кедейі, қол ұстас жалшымен. Қожа мен молданы қойдай қу қамшымен!» деп ән шырқаған белсенділер. Көп жылдардан бері бұл маңай өлген адамның жаназасын жасырын шығарып, құранды құпиялап оқитын болған. Жалпы, бодандық бұтауын қос қабаттап киген бұл өңірдің бостандық, еркіндік дегенге бәлендей дайындығы жоқ-тұғын. Қызыл империя құлардың дәл алдында бұлар «күн көсемге» ескерткіш орнатып жатты. Кеңестер Одағында В. И. Ленинге соғылған ең соңғы ескерткіш осы ауданда.

Өкімет не айтса тақ тұрып үйренген халық мешіт туралы хабарды алғаш естігенде, жоғарғы жақтан сондай нұсқау келген шығар деп ойлаған. Сөйтсе, олай емес, мешітті Әкпар деген біреу өз атынан салғызып жатыпты. Жұртқа серке болатындай Әкпар кім соншама? Ол бір бірінші хатшы не әкім болса екен, жай қатардағы мұғалім. Онда да, арғы бергіден хабары бар әдебиетші не тарихшы болса бір жөн-ау, дінге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қайдағы бір математик. Рас, ауылдастары Әкпарды өте білімді мұғалім деседі. Дүниеде ол шығармаған қиын есеп қалмаған көрінеді. Оның шәкірттері Алматы, Мәскеу, Новосибир университеттеріне жаппай түсіп, алды ғұлама ғалым болып кетсе керек.

Бола берсін, онда тұрған не бар екен? Мұғалім болса, сол баяғысынша оқушылардың алдында есебін шимайлап шығара берсін. Адамның басына қонбайтын қым-қуыт сызықтар мен формулаларды жұрт содан қызғанар дейсің бе? Ал енді есептен миы ашып кеткен сол әпендінің аяқ астынан мешіт салдырып, ауданның бас имамына айналуы ақылға сыймайды-ақ. Білетіндердің айтуынша, өзі осы елдің бел баласы да емес, шекараның арғы бетінде туып келген кірме көрінеді. Ана жылдары сол Әкпарды аудандағы ең үздік мұғалім деп мектеп мүдірлігіне ұсынғанда, үкімет оның шеттен келгендігін, әрі партияда жоқтығын еске алып, мүдірлікке бекітпей тастапты. Бүгін, міне, сол адамның ел аузынан түспей, газеттерде суреті басылып, дәріптеліп жатуы таңғаларлық нәрсе.

Бірақ бұл күнде еріккен жұрт не айтпайды? Мұндай алып-қашты әңгімелер қазақы қызғаныштан, пендешіліктен өрбуі де мүмкін ғой. Әкпар секілді қатардағы мұғалімді қойып, ұлы пайғамбарлардың өмір жолы да тым ауыр болған ғой. Ғайсаны крестке шегелеткен де, Мұхаммедті Меккіден қуып шыққан да — өз ағайындары емес пе еді. Олардың қасында Әкпар кім, шынында?

Ал осы бір жұмбақ адам тағдырына шындап үңілер болсақ, ештеңенің де кездейсоқ болмағанын, мәселенің түп тамыры тереңде жатқанын көреміз. Құдай тағала Әкпарға әу бастан-ақ табанды талап, ерекше зиын бергені анық. Көкірегіне сәуле кұйып, хақ жолына ерте түсірді. Әкесі Ахмет құдай жолын ұстаған аса діндар кісі еді. Шыңжаңда мұсылманның ақ туы желбіреген сонау бір қырқыншы жылдарда сегіз жасар Әкпарды Шәуешектегі Сейіт-Камалдамолланың медресесіне оқуға берген. Ол осында табан аудармай үш жыл оқыды. Иман шартпен әптиекті, одан құран кәрімді аударды. Мұхтасар мен Ислам тарихын тамамдап, пайғамбардың хадистерін тәптіштеді. Отыз парақ құранды түгел судыратпағанымен, негізгі сүрелерді жатқа білді. Ал бес уақыт намаз, мұсылмандық қағидалар әдеттегі әліппеге айналған.

Егер сол беті жалғастыра бергенде, Әкпардың белгілі дін ғұламасы болып шығуы да ықтимал-тұғын. Бірақ мұның сорына заман күрт өзгеріп кетті ғой. Ол жақта да үкімет басына коммунистер келді. Әкпар еріксіз жаңа оқуға ауысты. Әйткенмен, құдай берген зерде, алғыр ой қашанда кәдеге асады екен. Ол жаңа оқуды да тез игерді. Бастауыштың білімін бірер жылда меңгеріп, өз құрбыларын басып озды. Орталау мектепте, одан соң гимназияда оқығанда да алдына қара салған жоқ.

Саясаттан аулақтығы, әлде адам баласына ортақтығы ұнады ма, Әкпардың ендігі ықыласы математика пәніне ауған. Гимназиядан кейін Шыңжаң университетінің физ-мат факультетін үздік бітірді. Сонан соң Шәуешекке қайтып келіп, сол пәндерден екі-үш жыл сабақ берді. Алпысыншы жылдары шекара асып, ата жұртқа оралған соң да сол кәсібін қайта жалғастырды. Бір тәуірі, қай елге барсаң да математика пәні — біреу.

Ол өмірде мұғалімнен асқан мамандық, математикадан асқан ғылым бар деп ойлаған емес. Класта бес саусағы борға малынып, қара тақтаның алдында есеп шығарып тұрса, ол үшін бұдан асқан бақыт жоқ еді. Үйде де, түзде де айналдыратыны — есеп. «Әкпар өнінде ғана емес, түсінде де есеп шығарып жатады» деп әріптестері келемеждеп күліп жүреді... Шіркін алгебра мен тригонометрияның шытырман есептерін қуып кеп әкеткенде, соңында дұрыс жауабы сопаң етіп шыға келсе, дүниеде одан өткен рахат жоғын былайғы жұрт қайдан білсін?!

Әкпар осы ғылымнан «диссертация» қорғап, атақ алайын деп те жаныққан емес. Алгебрадан тапқан бір жаңа теңдеуін Алматыда оқитын шәкірттерінің бірі алып кетіп еді, онысы кешікпей «Қазақстан мектебі» журналына басылып шықты. «Мына теңдеуді сәл-пәл кеңейтсе, дайын тұрған диссертация ғой» деп журналда отырғандар мақтасыпты. Егер соның бәрі ғылыми жаңалық саналса, Әкпарда ондайдың талайы бар.

Мектеп өмірі алдамшы. Алдыңнан жыл сайын алмасып өтіп жатқан жас толқын өзен атысындай бір сарқылмайды. Сен өзіңді сол баяғыдай сезінесің. Сөйтіп жүргенде арада отыз жылдың қалай өте шыққанын Әкпардың өзі де аңғармай қалыпты. Пенсияға үш-төрт жылы ғана толмай тұрған. Соған дейін бұйра шашы жалбырап, бес саусағы борға малынып, қара тақтаның алдында әлі де тұра беруі мүмкін еді. Алайда, реттеуші құдірет ойламаған жерден оның өмірін мүлде басқа арнаға бұрып жіберді.

Алланың өзі ыңғайын келтіріп тұрған шығар, бәрі де сол бір сәтті сапардан басталды. Тәңірім-ау, бұл тірлікте Түркияны көрем деген кімнің ойында бар? Бір кезде бұл елге бармақ түгіл, жай атын атаудың өзі қорқынышты болатын. Қытайда құдай жолын ұстағандар «панисламист», ата-тегін ұмытпағандар «пантүркист» атанып, жазаланып кеткенін Әкпар өзі көзімен көрген-ді... Енді, міне, сол арман болған елге жол ашылып отыр. Бұл да болса азаттықтың аркасы. Қазақстан тәуелсіздік жариялаған соң, арада екі сағат өтпей, алғаш таныған ел - осы Түркия ғой. Содан кейін-ақ екі ел арасында барыс-келіс басталып кетіп еді.

Алайда, аспаннан былғары жауса құлға оқшантай тимейтіні секілді, Әкпарға жуық арада кезек тие қоюы екіталай болатын. Бұл жолы да құдайдың өзі көмекке келгені анық. Тоқсаныншы жылдардың басында Түркия білім ордаларына оқушы баратын болып, солардың бір тобы Семей облысынан жасақталған. Ұл-қызы аралас алпыстай бала. Соларды бастап баратын үш адамның біріне осы Әкпар тағайындалыпты. Іздегенге — сұраған. Кілең оқуға баратын жастар бір ұшақты толтырып, Алматы — Ыстамбұл әуе жолымен тартып отырды.

Алған әсерде шек жоқ. Әсіресе, төрт теңіздің торабына жайғасқан портты қала Ыстамбұлды көргенде аузын ашып қалды. Он миллион тұрғыны бар улы шаһарға күнделікті келіп қайтатын жолаушының өзі миллионнан асады екен. Айнала қоршаған теңіз. Кеме дегенің өрістегі жылқыдай жыртылып айырылады. Зәулім ғимараттар, құжынаған базар, қызып жатқан сауда... Дүкен-жаймалардың молдығы сонша, алушыдан сатушы көп пе деп қаласын. Аспан мен жердің арасы — толған түрік. Бір ғана ұлт, бір ғана халық. Шеттен қанша адам келсе де, лезде жұтып қояды. Әрине, кісі көп болған соң таршылық та жоқ емес. Түркияның халқы Қазақстаннан төрт еседей көп, ал жер аумағы төрт есе кіші екен. Қазақтың кең даласынан барған адам айнала алмай, «қысылып» қалады.

Әкпар түріктердің көптігіне сүйініп, сән-салтанат байлығына қызыққанымен, оған пәлендей таңданған жоқ. Үш құрлыққа бірдей қанат жайып, Азия, Африка, Еуропадағы ондаған мемлекетті бес ғасыр бойы билеген ұлы империя солай болмағанда қайтуші еді?! Түркияны күні кеше бодандықтан босанған Қазақстанмен салыстыруға бола ма? Түріктің ген тұсы — ағылшын мен испан, француз бен орыс. Бұл елді солардың деңгейімен өлшеу керек. Өзара әсер сұрасқанда, Әкпар бұл ойын түрік зиялыларына жасырмай айтты да:

— Шіркін-ай, үш құрлыққа бірдей үкім жүргізгенде, бодандық езгіде жатқан бауырларына қарап та қоймадыңдар-ау! — деген бір сөздің кезегінде. Оған түріктер кәдімгідей ыңғайсызданып қалды:

— Орыстар бізді ол жаққа аттап бастырмады ғой. Қырым мен Балкандағы соғыстардан кейін бетіміз қайтып қалды, — деді бір жігіт ағынан жарылып.

Бұл елдің жігіттері шетінен мұрт қояды екен. Олар мұртты «миық» дейді. Әлгі «миығынан күлді» деген сөз содан шықса керек. Ал барған қазақтар түп-түгел көсе. Соны байқаған түрік жігіттерінің бірі:

— Сіздер неге мұрт қоймайсыздар? Мұрт — еркектің көркі емес пе?! — деді әдейі сөз шығару үшін. Әкпар не десін, қалжыңмен жауап берді.

— Басқа елге кіріптар болып жүргенде, мұрт қоюға мұрша болды ма? Отаршылдар мұртымызды қырып тастаған, — деді жұртты ду күлдіріп.

Әкпарды қайран қалдырған — басқасы емес, осы елдегі қаптаған мешіттер. Түркияда жетпіс мыңдай мешіт бар, соның төрт мыңы — Ыстамбұлда. Әр ғасырда билеуші сұлтандар өзіне арнап мешіт салдырып кеткен. Фатих сұлтан мешіті, Ахметсұлтан мешіті, Солаймания мешіті... Бұл ғимараттардың сәулеттік бітіміне тіл жетпейді. Әрқайсысына он-он бес мың адам еркін тұрып намаз оқитындай, бүкіл бір өңірді алып жатыр. Ежелгі гректен қалған жәдігер — атақты Аясофия бертінге дейін мешіт міндетін атқарған екен, Ататүрік кезінде мұражайға айналыпты... Әкпар бұрын Мәскеу мен Киевтегі шіркеу-соборларды көріп тақ қалып еді, мына мешіттердің қасында олар жіп есе алмай қалды.

Осы сапарда жиырма күндей еру болып, Анкара, Кония, Бурса, Ізмір қалаларын аралады. Қай қалаға барсаң да, алдымен көзге түсетін — мешіттер. Екі-үш мәрте жұма намазына қатысуға тура келген. Түріктер намазды түстікке қарап оқиды екен. Өйткені Меккедегі Қағба бұл елдің түстігінде болса керек. Қырда да солай. Ауыл сайын мешіт бар. Мұнда ары-бері өткен жолаушы «мешіт қайда?» деп сұрамауы керек. Мешіттің көкке бой созған биік мұнарасы сонадайдан мен мұндалап көрініп тұруға тиіс. Үлкен қалаларда бір биікке шығып қарасаңыз, самсаған мұнарадан көз сүрінеді. Көкке тік шаншылған мешіт мұнаралары — бейне ғарышқа жол тартқалы тұрған ракеталар тәрізді. Ракета емес, жердегі адам үнін Аллаға жеткізетін антенналар!

Антенна демекші, сол мешіттерден намаз алдында шырқалатын азанды айтсайшы! Әсіресе, Ыстамбұлдағы азандар... Мыңдаған мешіттен бір мезгілде шарықтай көтерілген азан үні біразға дейін үзілмей, көкте қалықтап тұрып қалады. Дауыстары әр қилы: бірі — баритон, бірі — тенор. Жарыса көтерілген сол азан арқылы жеті қат көктегі Жаратушының өзіне тіке тіл қатып тұрғандай әсерге бөленесің. Мерейің тасиды. Өзіңнің дін мұсылман әулеті, Мұхаммед пайғамбардың үмбеті болғаныңды мақтаныш етесің.

Шеттен келген басқа адамдар өздерін қалай сезінетінін кім білсін, ал Әкпар Ыстамбұлдағы азанды алғаш естігенде, өзін ұстай алмай еңкілдеп жылап жіберді. Неге өйтті? Түсіндіріп айта алмайды. Көп жылдар бір көруге зар болып, ұзақ сағындырған ет бауыр жақынымен қайта қауышқан адам ғана өзін осылай сезінуі мүмкін. Көз алдына баяғы медреседе оқып жүрген балалық шағы самсап тұра қалған. Шәуешектегі Ешен-Сейіт мешітінің азан үні құлақ түбінен қайта жаңғырықты. Сол сәтте көкірегіне бір қасиетті нұр құйылғандай, дүние жап-жарық боп кеткен. Ендігі арманы — сол сәулені өшірмеу, үзіліп қалған арқауды қайта жалғау.

Әлдебір тәуекелге бел байлаған Әкпар Анкараға барғанда, Түркияның дін орталығына кіріп, министрдің қабылдауында болды. Осы отырыста өзінің ендігі арманы — шалғайдағы қазақ ауылында мешіт тұрғызу екенін, соған көмек сұрай келгенін баян етті. Ауылдық жерде салынатын екі-үш жүз кісілік шағын мешіттердің жобасын сұрап алды. Коммунистер құрсауындағы дінсіздер елінен келген Әкпардың орынды талабы, құдай жолын ұмытпаған сауатты сөздері министрдің құлағына жағып кетті білем, ол бірден көңілденіп:

— Біз Қазақстанда мешіт-медреселер салуға көмектесу үшін біраз қаржы бөліп отырмыз. Бірақ, не үшін екен, сіздерде сол қаржыны қажет қылған кісі жоқ. Бұл салада нақты көмек сұрап келген — сіз ғана. Осыдан қайтып барған соң, ауданыңыздағы ресми орынның хаты мен банкі счетін жіберсеңіз, сіздерге сол қаржыдан бөлуімізге әбден болады, — деді үміт отын тұтата сөйлеп.

Бұлар тез тіл табысып, бір-бірімен адрес, телефондар алмасты. Алматыдағы түрік елшілігімен де байланыс жасайтын болды. Егер мешіт салуға қаржы бөлінген жағдайда, оның жобасын жасайтын құрылысшы - ұста жіберу қиын емес көрінеді.

Үлкен бір істің басы қайырылғандай. Әйтседе, тағы бірдеңе жетпей тұрғандай көрінген. Сөйтсе, ол — азан екен. Ыстамбұл мешіттерінің құлақтан кетпес азан үні. Соны қалай ала кетуге болады? Шіркін, сол азанды Тасбұлақтағы тас керен жұртқа бір тыңдатып көрсе!.. Кешікпей оның да орайы келе кетті. Ертең қайтамыз деген күні Ахмет Сұлтан мешітіне кіріп, бұйымтайын айтқан. Түрік ағайындар сөзге келген жоқ, магнитофонға жазылған азанның бірнеше түрін қолма-қол көшіріп берді. Қандайы керек, баритоны ма, теноры ма, бәрі дайын тұр. Сол жолы білді ғой: мешітте азан шақыратын мәзіңді бұлар қатаң конкурспен алады екен. Түріктің дауысы зор небір әншілері осы мешіт маңында жүрген көрінеді.

Сонымен. Әкпар Түркия сапарынан мерейі тасып, олжалы оралды. Тасбұлаққа келген сонау ауылдастарына мешіт жайында әңгімелеген. Біреу сенді, біреулер сенбеді. Ескі тондарын айналдырып киген аудан басшылары да мұның сөзін жүре тыңдап, мән бере қоймады. Әкпардың маңына ауылдың жөн білетін біраз қарттары ғана үйірілген. Солардың көмегімен, кеңсенің есігін тоздырып жүріп, Анкарадағы дін орталығына аудан әкімшілігі атынан жазылған хат пен банкінің счетін зорға жөнелтті-ау!

Көңіл күпті. Әйткенмен қамсыз отыруға болмайтын еді. Дуыл ақсақалдарымен ақылдасып, болашақ мешіттің орнын белгілеген. Мешітке лайық оңаша, таза жер іздегенде, бұлақ бойына тақау, Әкпар үйінін сыртындағы жасыл алаңқайды таңдап алысты. Сонымен бірге биыл жаз қарап отырмай, біраз кірпіш дайындап қоюды жөн көрген. Тасбұлақтың сары желім топырағынан кірпіш құю қиын болған жоқ. Әкпар осы ауылда отыз жыл текке мұғалім болды дейсің бе? Осындағы жастардың бәрі — өзінің шәкірттері. Солардың жиырма-отызын асарға шақырды да, екі-үш күннің ішінде он мыңдай кірпішті құйып тастады. Оларды бабымен кептіріп, өз үйінің қасына жинап та қойды. Егер сырттан көмек келмейтіндей болса, келер жылы өз күштерімен-ақ бірдеңе қалқайтуға бел байлаған.

Алайда, түріктер сөзінде тұрды. Жаңа жыл қарсаңында аудандық банктің есебіне Анкарадан алпыс мың доллар аударылғаны мәлім болды. Сөйтіп. ағайындарының алдында Әкпардың абыройы бір-ақ күнде көтерілген. Көп ұзамай, Алматыдағы түрік елшілігінен арнайы адам келіп, болашақ мешіттің жобасын жасап қайтты. Бұл күнде дүниенің кілті ақшада ғой. Қаржы қолға тиісімен жұмыс та қызып жүре берген. Осы ауданнан жасақтаған құрылыс бригадасының көмегімен түрік ұстасы мешітті төрт-ақ айда салып бітірді. Қабырғасын қалап, төбесін жабу қиынға түскен жоқ, тек, мешіттің іші-тысын өрнектеу, дөдеге маңдайшасына хұсни хатпен дұғалар жазу едәуір уақыт алды.

Бұл кезде Әкпар мектептегі қызметін доғарып, мешіт жұмысына біржола шығып алған-ды. Мұғалімдікті тастайын деген жоқ-ау, соған енді қолы барар емес. Мешіттен басқаға көңілі тартпайды. Қырық жылдан бері санасын сарыққан формулалардың қайда ғайып болғаны белгісіз, басында төрт амалдан басқа ештеңе қалмапты. Мектепте өзінен оқып шыққан жас математиктер баршылық еді. Соларға жол берді де, жетпей тұрған екі-үш жылды күтпестен, пенсияға шығып алды. Қазір оның түр-тұлғасы, киім үлгісі де басқаша. Қазір таң атар-атпастан костюмін киіп, галстугін қылқындыра байлап, ақ плащтың етегінен ұзын тізесі көстеңдеп, мектепке қарай жүгіретін баяғы Әкпар жоқ. Бұл күнде сопыларға тән тік жағалы көйлек, кең бешпет, қазақы шапан киіп жүретін болған. Бұйраланып тұратын жалбыр шашты сыпыртып, сырмалы тақия киді. Дөңгелете тұжырып қойған сақал-мұрты да аққұба, ашаң жүзіне иман ұялатып, жарасып тұрады. Құранды қысылмай еркін оқығаннан бері дауысы күмбірлеп, қирағаты да қалыптаса бастаған. Бұрын бұл ауылда кісі өлсе жаназа оқитын адам таппай, көрші ауданнан молда іздеп сандалушы еді. Әкпар қазір бұл міндетті де мүлтіксіз атқарып жүр.

Қыркүйектің орта шенінде мешіт құрылысы аяқталып, кілтін қолдарына берді. Бұл тәуелсіздіктен кейін Барқытбел баурайында бой көтерген алғашқы мешіт еді. Төбесін қызыл қыштан өріп күмбездеген, құтпа оқитын мінбері, михраб-құжырасы бар, үш жүздей адам кең тұрып намаз оқуға болатын, аппақ шағаладай әсем ғимарат. Сырт көрінісі де еңселі, көрнекті. Әсіресе, азан шақыратын мұнарасы алыстан көзге түсетіндей сындарлы, биік болып шықты. Төңірегі темірмен қоршалған. Ауласында гаражы, қоймасы, жолаушылар дамылдайтын бөлмелері бар.

Тасбұлақ тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Мешіттің тұсаукесер рәсімі үлкен той болып өтті. Сол күні жұма намазынан кейін аруақтарға құран оқылып, ас берілді. Мерейі тасыған жұрт садақа-сыйлықтарын да ала келіпті. Көп түкірсе — көл. Мешіттің іші-сырты қызыл-жасыл кілемге оранып қалды. Малымның зекеті деп тай, тайынша, қой жетектеп келгендер де бар. Ақсақалдар алқасы әкелген заттарды қаттап-шоттап, қабылдап жатыр. Мына жиналған көпшіліктің әлі кәлимаға тілі де келмейді. Бірақ ниеттері хақ. Көңілдері кірден тазарғандай, Жаратушы жаппар иеге бір табан болса да жақындағандай сезінеді өздерін. Құдай үйі Қағба — сонау Меккеде. Бірақ Аллаға құлшылық ететін үлкенді-кішілі мешіт атаулы құдай үйі саналады. Халық сол құдай үйінің көп жылдардан кейін өз орталарына оралғанына бек риза еді.

Көпшіліктің көңілін шалқытып, бірден баурап әкеткен нәрсе — мана намаз алдында шырқалған азан. Мұхаммед пайғамбарымыз Мединедегі ең алғашқы азанды дауысы зор Біләл сахабаға шақыртқан екен. Тасбұлақта дауысы төрт тарапқа түгел жететін ондай адам қайдан болсын. Әкпардың өз үні де мардымсыз. Сондықтан да ол өзі былтыр Ыстамбұлдан үн таспаға жаздырып ала келген азанды дауыс күшейткіш арқылы мұнараға жалғап, күні бұрын дайындап қойып еді. Жұрт жиналып, намаз уақыты таянған кезде магнитофонды іске қосты. Сол-ақ мұң екен, Ыстамбұл мақамымен алыстан қайырылатын азан үні тау-тасқа жаңғыртып, жер-дүниені кернеді де кетті. Адамдар басында азанның қайдан шыққанын айыра алмай аңырып қалды. Тіпті, кейбіреулерге жеті қат көктің өзінен жеткен үндей әсер етіп еді. Айнала жым-жырт. Бір сәт ауыл иті үргенін, бала-шаға шулағанын қойып, мүлгіп тыңдап қалды. Көптен естілмей кеткен құдірет үніне Барқытбелдің күз - жартасы бірге жаңғырып, дүние күмбірлеп кетті.

Сол күні Әкпардың абырой-беделі аспанға бір-ақ шықты. Кәрі-құрған кемпір-шалдар көздеріне жас алып:

— Айналайын, әулием-ай, кім білген, құдайдың сүйген құлы қасымызда жүр екен-ау!

— Өлгенде дұға оқылмай, иман бұйырмай қала ма деп қорқушы едік. Мұны көрсеткен құдайға мың да бір тәуба...

— Өркенің өссін! Құдай өмір-жасыңды ұзақ қылсын! — десіп, Әкпардың қолынан ұстап, етегін сүйіп жүр.

Бұрын мұндай қошемет көрмеген Әкпар өзін қоярға жер таппады. Бірақ көптің ықыласы айнитын емес. Сол күні жиналған халық бірауыздан:

— Осы іске мұрындық болып, құдай үйін ортамызға әкелген өзіңсің. Бұл төңіректе сенен оқуы озып тұрған да ешкім жоқ. Ендеше, мешіттің бас иесі де өзің боласың! — деп Әкпарды имамдыққа сайлап та жіберді.

Алайда, көптің ұйғарымы жеткіліксіз, мешітке заңды имам болу үшін, оны Алматыдағы дін орталығы бекітуі керек еді. Соны ойлаған Әкпар көптен сандық түбінде жатқан діни кітаптарын оңайға шығарып, ара-тұра оқып жүретін-ді. Оған енді былтыр Ыстамбұлдан әкелген кітаптар, хадис риуаяттары қосылды. Жақында құранның Сауд Арабиясында басылған қазақша аудармасын қолға түсірген. Аударма жаман емес, бірақ еркін игермей, жолма-жол сірестіріп қойған тұстары бар. Құранның арабшасы төгіліп тұрған өлең ғой. Соны айнытпай дәл түсіруге аудармашының тіл байлығы, ақындығы жете бермейді... Әкпар емтихан тапсыратын шәкірттей сол кітаптарды тағы бір мәрте сүзіп шықты да, қазан айынын ортасында Алматыға қарай жол тартты.

Бірақ бұл да оңай шаруа емес екен. Мұны бекітетін бас мүфти екі-үш күнге дейін қолға түсе қоймады. Астанадағы ауқатты адамдар жаназа, хатымға шақырып, тоқтатпайтын көрінеді. Әкпар күн сайын Көк базардың түбіндегі Бас мешітке барып. уақытының көбін сонда өткізіп жүрді. Жұма намазынан басқа уақытта мұнда кезекшіден басқа ешкім жоқ. Бас мешітте тіршілік қайнап жататын шығар деп ойлап еді, олай болмай шықты. Үлкен қалада өлім-жітім көп. Имам, молда, мүрид атаулы таңертең бір мәрте төбе көрсетіп, қалған уақыттарда азалы жиындарда жүреді екен. Мұндағы бас мешіт те бір елдің дін орталығы дейтін емес, көзге тым қораш, жұпыны көрінді. Тұрған жері де көрнексіз. Соның дәл қасынан енді жаңа мешіттің іргесі көтеріле бастапты. Басқа орын табылмағандай, аядай тар жерге оны неге тықпалағаны түсініксіз.

Неше күн күтіп жүріп, мүфтиді зорға жолықтырды. Онда да асығыс, құжырасына кіріп шығуға ғана келген екен, сәті түсіп ұстап қалды. Бұрын теледидардан көргені болмаса, жүзбе-жүз келіп тұрғаны осы. Өзі Кеңес заманында үкімет жолдамасымен араб елдерінің біріне барып оқыған санаулы адамдардың бірі көрінеді. Бірақ өң-шырайынан ондай терең ғұламалық нышан байқалмайды. Түрі түсінде адамды кері теуіп тұратын бірдеңе бар. Жас мөлшеpi Әкмардан үш-төрт жас кіші. Сыпайылық рәсімі сақтауға тиіс еді, олай болмады. Мүфти бұған ажырая қарап алды да:

— Иә, не айтасың? Қайдан жүрген қазақсың? — деді түйеден түскендей бірден «сенге» көшіп.

— Құдайдың құлы, пайғамбардың үмбетімін! — деді қитығып қалған Әкпар.

— Бәріміз де құдайдың құлымыз... Шаруаңды айт!

— Алланың рақымы, халықтың қалауы бойынша, ауылымызда бір мешіт салып едік. Сіздердің алдарыңыздан өтіп, сол мешітті тіркетуге келдім.

— Мешітті салып та қойдыңдар ма? Біз естімеген қайдағы мешіт ол?

— Бастаған ісіміз аяқталғанша сіздерді мазалағымыз келмеді. Бізсіз де жұмыстары бастан асып жатқан шығар деп...

— Иә, жұмыс көп! —деп мүфти қомданып қойды. — Біз бүкіл республика жабылып, бір мешітті бітіре алмай жатырмыз. Сендер қаржыны қайдан алып жүрсіңдер?

— Біздікі — көп қаржы тілемейтін шағын мешіт қой, — деді Әкпар артық сөзге бармай. — Түрік ағайындар көмектесті. Халық та аянып қалған жоқ...

— Ал, біз ол мешіттің бітіп тұрғанын қайдан білеміз?

Әкпар папкасын ашып, мешіттің сызба жобасы мен іші-тысынан түсірген фотосуреттерді және құрылыс мекемесі бекіткен құжатты көрсетті.

— Жарайды, мешіт дайын тұр дейік. Сонда оған ие болатын кім? Ауылдарында кәлимаға тілі келетін біреулер бар ма? — деді мүфти қағаздарын өзіне қайырып жатып.

Бұл көрінеу намысқа тиетін сөз еді. Бірақ күні қарап тұрған адаммен тәжікелесіп жатқысы келмеді.

— «Көп - құдайдан бір-ақ жас кіші» дейді ғой. Халықтың арасында кім жоқ дейсіз... Көпшілік қауым әзірше имамдыққа мені белгілеп отыр, — деді өзін зорға тежеп.

Мүфти ат сатып алғалы тұрғандай, мұны бастан-аяқ бір шолып өтті де:

— Жай ауыл молдасы болса бір сәрі. Мешітке имам болатындай сіз кім едіңіз? Дін оқуын бітірген дипломыңыз бар ма? — деді кенет «сізге» көшіп.

— Жоғары білімді мұғаліммін. Ал дін оқуын жас кезімде медреседе оқығам...

— «Медресе» дедіңіз бе? Қай жерде?

— Шәуешек дейтін шаһарда.

«Е, бәсе, шеттен келген біреу болдың ғой» дегендей, мүфти сәл ойланып қалды.

— Ертең келерсің... Біліміңді тексеріп көреміз! — деді қайтадан «сенге» көшіп.

Ертеңінде тағы барған. Бұл жолы мүфтидің қасында мешіттің наиб имамы, бірнеше мүрит-молдалар отыр екен. Ауыл молдасының куәлігін алуға Орал мен Жезқазған жақтан да біреулер келіпті. Жастары жеткен қарт кісілер. Сол үшеуін қатар отырғызып қойып, емтихан ала бастады.

Қойылған сұрақтар бәлендей қиын емес. Мұсылманның мойнындағы парыз, сүннәт, уәжіптер жайында. Бес уақыт намаз ережелері, айт намазы, жаназа, хатым, тарауых оқу қағидалары... Ең соңында құранның әр жерінен аят оқытып байқаған. Құранды жастай жаттап, ертерек тіл сындырған Әкпардың білімі қасындағы қарттардан әлдеқайда тәуір болып шықты.

— Сауатың бар екен... Қирағатың да жаман емес! — деді мүфтидің өзі мойындап.

Бірақ ешкімді «құлатқан» жоқ. Қарттарға молдалық, Әкпарға имамдық куәлік берді. Мұны оңаша алып қалғанда айтқаны: тәртіп бойынша, мешіт өзін-өзі қамдауға тиіс екен. Зекет, ғұшыр, пітір-садақа, тағы басқа кірістің бір бөлігін жергілікті мешіт пайдаланса, енді бір бөлігін дін орталығына жолдауы қажет. Ауыл мешіті имамнан басқа азаншы-мәзін, күзетші ұстауға қақылы. Муфти тарифтік жалақы мөлшерін көрсете келіп, ақырында:

— Шөміш қолымызда тұр екен деп, жіліктің майлы басын өздерің қылғыта бермей, дін орталығын да ұмытпаңдар! — деп ескертті.

Әкпар үндеген жоқ. «Мешіт — табыс табатын әлдебір кәсіпорын емес, халықты құдай жолына бастайтын құлшылық мекені ғой» деп айтуға бір оқталды да, сөз қадірін түсіргісі келмеді. Имамдық куәлігін қалтасына салып, сол күні-ақ ауылға қайтқан...

Міне, содан бері де үш-төрт жылдың жүзі болды. Дүние танымастай өзгеріске ұшырап, қоғам бір ыдырап барып, қайта құралып жатыр. Облыс, аудандар бір-біріне қосылып, лауазымды қызмет қысқарды. Колхоз-совхоз таратылып, бұрын төбелерімен көк тіреп жүретін директор, парторг, шаруашылық мамандары дегенін саудырап бос қалды. Тек, құдай үйі — мешіт қана өз орнында тұр. Ненің мәңгілік, ненің уақыттық екенін адамдар енді-енді сезіне бастағандай. Барқытбел өңіріндегі өзге ауылдар тоз-тоз боп, тұрғындары жан-жаққа босып жатқанда, Тасбұлақ жұрты тапжылған жоқ. Қайта, киын күндерде бір құдайды пана тұтқан халық мешітке қара тартып, осында көшіп келіп жатыр.

Бұл күнде халықтың бір құлағы — мешітте. Күн сайын таң азанымен оянады. Кешкі жасих намазынан соң тыным алады. Кейінгі кезде жұма намазына жиналатын жұрт мешітке сыймай кететін болды. Әлдебір медет іздеген аш арық кембағалдарда құдай үйін жағалайды. Қазір мешіттің ауласында үлкен тайқазан тұр. Жұма сайын садақа-зекеттен түскен малдың бірі сойылып, аш-аламан жұртқа ас беріледі. Бұл да болса Алланың берген рызығы.

Діні бар, мешіті бар, сиынар Алласы бар ел неге жаман болсын, соңғы жылдары Тасбұлақ жұртының көңіліне таупиық енгені анық. Әкпар өз еркінен тыс халықтың рухани басшысына айналып барады. Өз беделінің күрт ескенін сезінген сайын: «Я, Алла, менің бұл ісімді күпірлікке жаза көрме!» деп сиынады.

Осы ауылдың шетінде оқшауырақ отыратын Шодыр дейтін омарташы орыс бар. Ол да — ана жылдары Шәуешек жақтан келген, Әкпардың ескі танысы. Қазақшаға судай сол Шодыр ары-бері өткенде мешіттің азанына құлақ түріп жүреді екен. Жақында көшеде кездесіп қалып:

— Ау, Әкпар, бұл қалай? Сен сағат сайын «Аллаһу Әкбар» дегізіп, өзіңді Алланың қасына қойып алғансың ба?— деді қалжыңдай беретін әдетімен. Әкпар тіксініп қалды.

— Ақымақ, өйтіп күнәға батпа! — деген дереу түзету жасап. — Әкпар арабша «улы» деген сөз. Аллаһу әкбар — «Алла ұлы» дегенді білдіреді.

— Ойнап айтам, ренжіме! — деді Шодыр қаба сақалын тулата қарқылдай күліп. — Бірақ несі бар, сені де ұлы деуге болады. Сен қазір осы өңірдегі нөмір бірінші адамсың. Тек, ана дүниеге барғанда жалғыз үй орысты ұмытып кетіп жүрме!

— Құдайдан қорықсаң, біздің дінімізге кір! — деді Әкпар да әзілге сайып. — Әйтпесе, жаратушыны ұмытпай, Ғайсаға сиынсаң да жерде қалмайсың.

— Бұл маңайда не шіркеу, не поп жоқ. Бізді күнәдан кім арылтады? — деді Шодыр енді шынға көшіп. — Пайғамбарымыз бөлек болғанмен, құдай бәрімізге ортақ. Әйтеуір, Божий храм — құдайдың үйі ғой деп, сенің мешітіне мен де сырттай сиынып жүремін...

Орыс адамы ойнаса да ойындағысын айтып тұр. Бейішке қазақ, кіре ме. басқа кіре ме, ол жағы Алланың еркінде ғой. Әсілі. о дүниеге барғанда, «сен қай ұлтсың» деп сұрамаса керек. Әр адам өз қылығына құдайдың құлы ретінде жеке-дара жауап беретін шығар.

Кейінгі кезде Әкпардың алдына бір-біріне ақысы кеткен даугерлер де жиі келетін болды. Кейде сот үкіміне тоқтамағандар мешітке келіп бітіседі. Анада қызық болды. Әкпар таяу маңда тұратын қолы бос қарттармен бірге мешітте бесін намазын өтеп болып, жай әңгімелесіп отырған. Кенет даладан шаң-шұң дауыс естілген соң, «не боп қалды» деп сыртқа шықса, есік алдында үш адам тұр. Шоқша сақалды шал мен жас жігіт бір егделеу адамды екі қолтығынан қапсыра ұстап алыпты. Ұғыса келгенде мәлім болғаны, бұлар келесі ауылда тұратын іргелес көршілер екен. Шалдың соғымға байлап отырған биесі жоғалып, оны басқа емес, көршісінен көреді. Дереу милицияға мәлімдеп, сотқа арыз түсіреді. Бірақ заң орындары айғақ-куә жеткіліксіз деген желеумен істі сөз бұйдаға салып, мал иелерін әбден қажытса керек... Содан төзімі таусылған әкелі-балалы екеуі жаңа осы ауылға дүкенге келген жерінен көршісін ұстап алып, осында сүйреп келген беті екен. Жасы жетпісті алқымдаған мықыр шал осыларды аз сөзбен баян етіп келді де:

— Әй, Зақаш! — деді кенет қасындағы көршісіне қадала қарап. — Мына тұрған — құдайдың үйі — мешіт. Мына кісі — халықтың төбесіне тұтқан имамы. Маған енді соттың да, пір королдың да керегі жоқ. Осы имамның алдында: «Ұрлықтан қолым таза, мына Жақияның биесін алған да, көрген де жоқпын» деп құран ұстап, ант іш те жүре бер. Әділ құдай бар болса жібермес, сазайынды тартқызар! — деді шоқша сақалы дір-дір етіп.

Зақаш та орта жасқа келіп қалған кісі екен, тілі байланғандай бір сот сілейіп тұрып қалды. Бірақ ішкі жан дүниесінде алапат арпалыстар өтіп жатқаны көрініп тұр. Қара қошқыл өңінде бір тамшы қан қалмай. маңдайынан бүртік бүртік тер шықты. Екі көзі алақтап, әуелі көгілдір аспанға, сонан соң мешіттің биік мұнарасына қарады. «Қайтсем екен?» дегендей жан ұшырып сәл тұрды да, кенет екі қолын көкке жайып, Әкпардың алдына жүгініп отыра кетті:

— Айыптымын, тақсыр... Мойындаймын! — деді ышқына тіл қатып. — Жердегі сотты алдасам да, көктегі құдайды қалай аттап өтейін?! Жақияның биесін төменгі Таңсық жақтан келген ұрыға шығарып бергенім рас еді. Бие сойылып кетті. Орнына екі қара берейін. Тек, құдай алдында қарыз етпесін!

Дау осымен тынған. Зақаш сол күні-ақ құлынды биесін Жақияның босағасына байлап кетіпті. Ауылды жерде сөз жата ма, кешікпей бұл әңгіме бүкіл ауданға тарады. Ең бастысы, Зақаш түзелуге бет алған. Қазір жұма намазынан қалмай келіп тұрады. Рахымы мол Алла күнәсін кешірер.

Ал Әкпардың шүкіршілігінде шек жоқ. Ол өз еңбегінің зая кетпегеніне, кеш те болса Алланың ақ жолымен кайта қауышқанына бақытты еді. Бүкіл өмірінің мазмұны да, көңіліне тоқ санайтын қазынасы да — осы мешіт. Кейбір жұлдызды, жарық түндерде далаға шығып, құдайдың үйін бір айналып өтетіні бар. Сол сәт көкке бой созған мешіт мұнарасы алыс аспаннан нұр сауып тұрғандай әсер қалдырады. Ол — сөз жоқ, күн мен айға шағылған Алланың нұры. Адам пендесінің жүрегіне жарық түсіріп, тура жолға бастайтын сол ғана.

1999 жыл, қыркүйек.