Әдебиет
Тұл махаббат
Бұлай болар деп кім ойлаған. Ойға алған шаруаларын қапысыз тындырып, бірнеше келісім-шартқа қол қойып, енді қалған екі-үш күнде Шанхай қаласын армансыз аралармыз деп, арқаларын кеңге салған жігіттер бес жұлдызды қонақүйде шалқалап жатқан-ды. Аяқ астынан жетіп келген жеделхат ол жоспарды бұзып, кәсіпкер Бақтиярды естен тандыра жаздады. Қаралы хат қысқа жазылыпты: «Тез елге қайтыңыз. Зайыбыңыз Гүлсім ойламаған жерден қайғылы қазаға ұшырады. Қайғыңызға ортақпын. Жерлеу алдағы сәрсенбіде» депті жеделхат жолдаған орынбасары Медеубай.
Таңғы ұйқыдан әлі толық оянбаған Бақтияр басында ештемеге түсінбей мәңгіріп қалды. Не дейді мына сұмдық хат? Осыдан бір апта бұрын, бұлар елден аттанарда сап-сау жүрген Гүлсімге не болды екен? Иә, айтпақшы, «қайтыс болды» демеген, «қазаға ұшырады» деп жазған ғой... Демек, көшеде көлік апатына тап болған... Сонда, оны машина қағып кетті ме, әлде өз машинасымен бірдемеге соғылды ма екен? Гүлсім жүріс-тұрысқа ұқыпты, машинаны да жаңа айдап жүрген жоқ-ты. Қалай килікті екен ондай апатқа?
Ойлай берсең сұрақ көп. Бірақ оның бәріне жауап іздеп жатуға дәл қазір уақыт жоқ еді. Бүгін қалайда елге қайту керек. Дереу көрші бөлмеде жатқан көмекшісіне телефон соқты.
— Ерболат, маған тез келіп кетші!
— Не боп қалды, Бәке? Жайшылық па...
— Сұмдық... Келген соң білесің.
Көмекшісі, әрі қытай тіліне жетік тілмашы Ерболат та асып-сасып ішке кірді.
— Аға, не болды? Өңіңіз бұзылып кетіпті ғой...
— Бізге жедел түрде елге қайту керек. Анықтап білші: Шанхай—Үрімжі—Алматы бағытында ұшатын ең жақын рейс қай мезгілде болады екен? Мына жеделхатты көрсетіп, қайтар билетті соған ауыстыр.
Бақтияр ұсынған жеделхатқа қарап жіберіп, көмекші жігіттің де өңі бозарып сала берді.
— Мәссаған... Кеше ғана сап-сау жүрген Гүлсім апайдың қазаға ұшырағаны ма?
— Солай болғаны ғой... Қайғылы хабар жаңсақ жазылмайды.
Көп ұзамай кеше бұлар келісім-шартқа қол қойысқан Шанхайдағы құрылыс материалдары бірлестігі мен үй жиһаздары фирмасының жауапты адамдары да келіп қалған. Олар бүгін қонақтарға қаланың көрікті жерлерін көрсетпекші болатын. Мынадай қайғылы хабардан соң жоспар өзгеріп, олар да жолаушыларды аттандыру қамына кірісіп кетті.
Алайда, қанша күш салғанымен, Бақтиярлар сол күні ұша алмады. Өйткені, бұларға қажетті рейс келесі күнге белгіленген екен. Бір тәуірі, Шанхайдан ұшатын самолет Үрімжіде бір сағаттай аялдап, сол күні кешке қарай Алматыға жеткізетін көрінеді. Бұған да шүкір демеске амалың жоқ. Жер түбіне ұзап кеткен жолаушыны бір-ақ күнде өз еліне жеткізу қазіргідей техника заманында ғана жүзеге асатын нәрсе ғой. Обалы кәнеки, кәсіпкер Бақтияр соңғы жылдары осындай алыс сапарларда аспан кемелерінің қызметін армансыз-ақ көріп жүр. Көптен бері бизнес саласында тұяғын тас қақпай, түтіні түзу ұшып-ақ келе жатыр еді. Амал не, кейде тағдырдың осылай ұзақ еркелетіп келіп, кенет алдыңнан арқан керетін кезі болады екен. Жаратушы не бұйырса да, қашанда адамның ниетіне қарап береді дейді ғой. Әлде мұның отбасында басқа қонған бақты көтере алмай, кекірелеп, күпірлікке ұшыраған біреу болды ма, кім білсін?!
Бақтияр жол бойы осындай ауыр ойдан арылмады. Самолет салонында француз шарабы бар екен. Содан ара-тұра сыздықтата сіміріп қойып, тербелген қиял теңізінде жүзді де отырды. Кеше оның қайғылы қазаны алғаш естігенде бұрқ етіп басқа шыққан сезімдері қазір өзгеше түс алған. Олай болатыны, көмекшісі Ерболат кеше Алматымен сөйлесіпті. Өздерінің қай рейспен, қай мезгілде жететінін хабарлаған. Сонымен бірге, Гүлсімнің қандай жағдайда неден мерт болғанын да сұрастырған көрінеді. Сонда ұққаны — Гүлсім бұлар ойлағандай жол апатынан емес, ата-анасы тұратын биік үйдің тоғызыншы қабатынан құлап өліпті. Біреулер қастық қылды, не байқаусызда оқыстан болды дейтін емес, артына хат жазып қалдырған... Осыны естігенде, Бақтиярдың сана-сезімі асты-үстіне келіп, аударылып түсті. Осыған дейін тұлабойын меңдеткен әйеліне деген қимастық, Гүлсімнің қатал тағдырына аяушылық, оның өліміне өзін кінәлы санау секілді сезімдер сап тыйылды да, оның орнын өзекті өртеген өкініш, Гүлсімге деген өкпе-нала, ашу-ыза басты. Сол сезімдер бірте-бірте ұлғайып, айықпас өштікке, жек көруге айналып кетті ме, қалай?!
Небәрі отыз бес жасында тірліктен бас тартып, өзіне қол жұмсау, артта қалып бара жатқан күйеуін, ата-анасын, туыстарын ойламау — неткен қатыгездік, не деген өзімшілдік десейші! Қастық пен қысастық, кек қайтарып, өш алудың ең жоғарғы түрі осындай-ақ болар. Ойпырай, осындай қаскөйлікке барып, өзін өлімге қиятындай Гүлсімнің басына не күн туды екен? Ішкені — алдында, ішпегені — артында. Не ішем, не кием демейді. Астында — шетелдік машина, басында — үш қабатты сәнді сарай. Қорада күзетші, ас үйде үй қызметшісі бар. Қазан-ошақ маңына барып, тым құрса жылы суға қолын да малмайды-ау! Бұдан артық не керек әйел адамға? Әлгі «семіздікті қой ғана көтереді» деген рас шығар. Демек, Гүлсім де басындағы бағын көтере алмады. Сонан соң, оның түбіне жеткен — сол баяғы іштарлық, қызғаныш. Төңірегіндегі дүние тек менікі болсын дейді. Бір аяқ асты, бір сабақ жіпті де ешкіммен бөліскісі келмейді. Басқа қонған бақты ұстап тұру үшін де, біраз адамгершілік, ақыл-парасат керек екен ғой. Гүлсімде, міне, сол жағы кеміс болды. Мамандығы — қаржыгер еді, ой өрісі есеп-шоттан алысқа бармады ғой... Сонда, Бақтияр осындай әйелмен он бес жыл бойы қалай отасып келген? Әйел бойындағы сұлулық шығар — көзді арбаған. Сұлулық — көздің кұрты. Албырт жастық одан арғыны ойлатты ма?
«Сен, жігітім, бәрін бүгінгі күнмен өлшемей, өткен күнге де көз қырыңды салып, қарай отыр, — деді қашанда бұған оппозицияда жүретін бір ішкі дауыс. — Осыдан он бес жыл бұрын көп жігіттің арасынан Гүлсім сұлуға қолың әрең жетпеп пе еді. Оны қалай ұмыта қалдың?»
Иә, рас айтады. Онда Бақтиярдың Алматыдағы Зоовет институтында оқып жүрген кезі. Қанша дегенмен, кітапқа жастай бауыр басқан ауыл мұғалімінің баласы емес пе, оқу-үлгерімі жаман болған жоқ. Бірақ тұрмыс жағынан байдың мырзаларымен теңесе алмаушы еді. Жаздық каникулда құрылыс әтіретінде жұмыс істеп, киім-кешегін зорға бүтіндейтін. Оның төлеуіне, табиғат бұған біраз қарымта сыйлар жасаған. Анасы марқұм аса сұлу әйел еді, сірә, сол кісіден ауысқан болар. Бақтиярдың бет-жүздік етері — сұңғақ бой, сұлу келбет, бұйра шаш... Осылардың арқасында жиын-тойда көзге түспей қалған жоқ.
Ал, Гүлсім қандай еді ол кезде? Аққудың көгілдіріндей, тал бойында бір міні жоқ, аппақ ару көрген көздің жауын алатын. Әлгі романдарда көп жазыла беретін: қыпша бел, қаз омырау, тана көз сұлудың өзі... Халық шаруашылығы институтының (ол кезде қазіргі университеттердің бәрі институт деп аталатын) үшінші курсында оқиды екен. Бақтияр Гүлсіммен сол институтта оқитын бір жерлесінің туған күнінде танысып қалды. Сол кеште түннің бір уағына дейін билегені, Гүлсімді үйіне шығарып салғаны есінде. Әрине, сол тұста ол қызға көз салушылар аз болмаса керек. Бірақ, бұйрық шығар, күн өткен сайын бұлардың жұлдыздары бір-біріне ыстық тарта берді.
Бақтияр сол жылы оқу бітірген. Онда Совет дәуірі, колхоз-совхоздардың мұрты бүлінбеген, Қазақстан сол баяғысындай елу миллион қой өсіріп жатқан кез. Мал мамандарының қаны жерге тимейді. Егер Бақтияр ауылға барса, кез келген совхозда бас зоотехник болып, тіреп тұра қалатыны сөзсіз еді. Осы Гүлсімнің бітпеген оқуына қарайлап, Алматыдан кеткісі келмеді. Көзден тайса болғаны, Гүлсімнен айрылатын секілді. Ақыры, конкурста жеңіп, аспирантураға оқуға түсті. Онысы, бір есептен, жаман да болған жоқ. Арада үш жыл өткенде, биология ғылымының кандидаты деген атақты қанжығасына байлап шыға келді. Осы қарсаңда Гүлсімге үйленіп те үлгірген. Қыздың ата-анасы да, ағалары да — Алматыны тіреп тұрған лауазымды кісілер екен. Жігіттің шыққан жерін қомсынса да, болашағынан үміт күттірер жас ғалымды кемсіте алған жоқ.
Осыдан кейін-ақ көп ұзамай өзгерістер дәуірі басталып кетті емес пе. Заман ағымына ешкім қарсы тұра алған жоқ. Ең алдымен кеңестік империя келмеске кетті. Түбі шіріп, тамыры іріп тұрған неме екен, ешкім бір тал оқ атпастан өзінен өзі омырыла құлады-ау! Сол-ақ мұң екен, Совет өкіметінің артында қалған мол байлық ханталапайға түсті. Айналасы үш-төрт жылда колхоз-совхоз тарап, қазақ жеріне сыймай жататын төрт түлік мал әп-сәтте қолды боп кетті. Мал кеткен соң мал мамандарының да қажеті болмай қалған. Бақтиярлар, амал жоқ, кәсіп өзгертуге тура келді. Сөйтсе, еш уақытта жұтқа ұшырамайтын, өкіметтер ауысып жатса да, өз құнын ешқашан жоймайтын, малдан басқа да байлық бар екен ғой. Оның аты - қаржы, кәсіпкерлік, сауда деп аталады екен. Бір сөзбен «бизнес» дейтін көрінеді.
Бақтияр енді осы бизнеске ат басын тіреді. Биліктегі қаржыгер қайнағаларының көмегімен ақшаның құнды кезінде банктен түп көтере мол қарыз алған. Сол ақшаға бірнеше жерден сауда дүкенін ашты. Құрылыс материалдары дүкені, сантех, үй жиһаздары дүкені... Қарызды дер кезінде қамтығаны қандай жақсы болған. Кейін ақша топыраққа айналып, жүз есе, мың есе құнсызданған кезде, банкке берешегін болымсыз тиын-тебен күйінде төлей салды. Мұның бәрін іске асыруда қаржы маманы Гүлсім мен оның ағаларының қосқан үлесі аз емес, әрине. Кейде қайын жұртының «Бақтиярды адам қатарына қосқан — біз» деп бұлданатын бір себебі осы болатын.
Сұлулық — көздің құрты болғанда, байлық — көңіл кұрты. Сол байлықтың соңына түсеміз деп жүріп, бұлар арада он шақты жылдың қалай өте шыққанын аңғармай да қалыпты. Өмір қызық, көңіл мас. Үйленуден кейінгі бал дәурен тым ұзаққа созылған. Не тілесең, бәрі бар сияқты еді, сөйтсе бұларда бір-ақ нәрсе жоқ екен. Оны да Бақтияр бертінде аңғарды. Тоба, бұларда бала жоқ екен ғой. Әлі күнге дейін нәресте сүймепті. Даңғарадай үш қабатты коттеджде соқа бастары сорайып екеуі ғана тұрады. Бәлкім, бұл кемістікті Гүлсім де сезініп жүрген болар, бірақ сырттай сыр бермейді. Сол баяғы тәкаппар, кербез қалпы. Тек, соңғы кезде көп ешкімге араласпай тұйықтала берді. Қонаққа бармайды, үйге қонақ шақырмайды. Жалпы, бала туралы, ұрпақ туралы әңгімеден қашады. Сүйте-сүйте, бұл үйде «бала» деген сөз тыйым салынған табуға айналған.
Сөйтіп жүргенде, қайын жұрты мен әйелінің ырқына бағынған Бақтияр бір күні аяқ астынан бүлінді. Бойындағы бабалар қаны, жігіттік жігері мен еркектік намысы үндемей жатып-жатып, бір-ақ күнде «көтеріліске» шықты... Оның мәнісі былай болып еді. Әсілі, Бақтияр — баяғы жоңғарға қарсы соғыстың даңқты батырларының бірі, Көкжарлы Көкжал Барақтың жетінші ұрпағы. Батыр бабасы қазағы-қалмағы аралас жеті қатын алған екен. Бақтияр қалмақ әжелерінің бірінен тарайды. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Шығыс Қазақстанның Күршім ауданында сол Барақтың 280 жылдық тойы болды. Барақ ұрпақтары, оның ішінде көзге көрініп, атқа мінген қалталы жігіттер түгел тізімде екен. Соларға үш ай бұрын сауын айтылды. Солар той қарсаңында бас қосып, өз үлестерін атасқан. Мұндай берекеден қағыс қалу — ұят. Бақтияр аламан жарыстың бас бәйгесіне деп, бір су жаңа «Жип» машинасын атады. Той болатын қарсаңда машинасын алып, қасына Гүлсімді ертіп, еңсесін тік ұстап, салтанатпен барған-ды.
Той көңілдегідей жақсы өтті. Күршім өзенінің жағасына елу-алпыс үй тігілген. Үй басы жылқы жығылған. Дастарқан аста-төк, қазан-қазан ет, саба-саба қымыз. Тойға ой мен қырдағы Барақ әулеті түгел-ақ жиналған екен. Бақтияр бұрын көрмеген туыстарымен қауышып, мәре-сәре болып, жырғап қалды. Батырдың жеті әйелінен отыздай ұл, жиырмаға жуық қыз тараған екен. Қазір өрен-жаранымен мыңнан асып кетіпті. Өздері бір тайпа ел дерсің. Көбі жетінші, сегізінші ұрпақтар. Бірен-саран тоғызыншы буын да бар көрінеді. Және «батырдың ұрпағы» десе дегендей, жігіттер шетінен еңселі, екі иықтарына екі кісі мінгендей зор екен. Бірнешеуіне сауыт кигізіп, қолдарына найза ұстатып, киіз үйлердің алдына тұрғызып қойыпты.
— Біз қазақ әжемізден тараппыз!
— Біз қалмақ әжемізден тараппыз! — деседі, қызықтап жөн сұраған адамдарға.
Барақтың үш әйелі қазақ, қалған төртеуі қалмақ болса керек. Әрине қазақ әйелдерін қалың мал төлеп не әмеңгерлік жолмен құдаласып алған. Ал, қалмақ әйелдері - соғыста олжаға түскендер. Ол кезде дала заңы бойынша, олжаға түскен қыздарға таңдау беріледі екен. Көрдіңіз бе, қолға түскен қалмақ қыздары болашақ күйеулерін өздері таңдаған. Сондайда қолы жеткендері Барақтың етегінен ұстаған көрінеді...
Сол тойда көкірегін мақтаныш кернеген Бақтияр бабалардың даналығына қайран қалды. Соғыста шығын болған сарбаздың орнын ұрпақпен толтырып отырған ғой. Ер қайратын, ұрғашы құқығын тежемеген... Өзің айналаңа қарашы: керемет емес пе! Баяғыда жау қолынан бір Барақ өлсе, бүгін мың Барақ жүр осы тойда. Ондай адамды өлді, бітті, келмеске кетті деуге бола ма?! Төніп тұрған ажалға пысқырмаған ғой Барақтар. Тек, мына туған жерді жауға бермей сақтап қалуды ғана ойлаған. Жер болса ел-жұртта ұрпақ дегенің жалғаса береді. Батырлардың атажауына қарсы аянбай соғысқаны да содан шығар... Ал, бүгінгі Бақтиярдың жүрген жүрісі мынау — бір балаға қолы жетпей, бір әйелдің ықпалынан шыға алмай... Осындай ойлармен ширыққан Бақтияр бір күні қасындағы Гүлсімге қарап:
— Міне, көрдің бе, менің батыр бабаларым қандай болған? Бір өзі жеті қатын алып, қырық-елу бала сүйген! — деді масайраған мақтанышпен.
— Ол — феодализм заманы ғой, әйелді адам қатарына қоспай, ризалығын да сұрамай, үйірімен ала берген, — деді Гүлсім күйеуінің сөзін ұнатпай.
— Ендеше, менің сол феодализмге қайтқым келіп тұр, — деді Бақтияр одан ары қырсыға сойлеп.
— Сен де жеті қатын алмақсың ба?
— Несі бар. Қанша дегенмен батырдың ұрпағы емеспін бе... Сендерге де жаман емес, кезектерің жеті күнде бір айналады.
Гүлсім терісіне сыймай тырсылдап, ыза боп қалды. Ашуланғанда, пісте мұрны қусырылып, тіпті сұлуланып кетеді.
— Пішту!.. Дәмесін қарай гөр! Алдымен бір қатынды жарылқап алсайшы, — деп салды ашу үстінде алды-артын ойламай.
Бұл сөз Бақтиярға сұмдық ауыр тиді. «Бір қатынды жарытпай жүрсің» дегені баласыздығын бетіне басқаны ғой. Ал осыған кім кінәлы? Әлі күнге дейін пұшпағын қанатпай жүрген — Гүлсімнің өзі емес пе екен?
— Жарытпай жүрген мен бе? — деді әйеліне ажырая қарап. — Бәлкім, тесік қазан, жыртық астауға тап болып, еңбегім еш кетіп жүрген мен шығармын...
Айтылған сөз — атылған оқ. Енді қайтарып ала алмайсың. Әйткенмен, ашу үстінде айтылған сол сөз бітеу жараның аузын ашып кетіп еді.
Тойдан көңілсіз қайтқан бұлар біразға дейін қас-қабақтары жараспай, тоң-торыстау күйде жүрді. Содан, арада ай өтті ме, жоқ па, бір күні Гүлсімнің өзі сөз шығарды.
— Бақтияр, сен перзент сүйе алмауыңды менен көретін сияқтысың. Бұған кінәлы — мен бе, әлде сен бе, оны ажырату қиын емес. Бүйтіп, ішімдегіні тап деп, сызданып жүргенше, давай, осының басын ашып алайық.
Бұл ұсынысқа Бақтияр қарсы болған жоқ. Осы мәселе өзінің де ойында бар еді, тек жұмыстан қолы тимей жүрген. Гүлсім мұны әлдебір дәрігерге алып барды. Бұрыннан араласып жүрген таныс адамы көрінеді. Осында екеуі қан тапсырды, анализ өткізді. Ұрықтарын тексертті. Тым тез, тым бөгетсіз, жылдам өтті осының бәрі. Айналасы бір аптаның ішінде қортынды дайын болды. Не керек, нәтижеде Гүлсім сап-сау, баласыздыққа Бақтияр кінәлы боп шықты... Содан бері Гүлсімнің мерейі үстем. Күйеуіне жоғарыдан мүсіркей қарайтын болған. Кейде, көңілі түскенде бұған аяушылық білдіріп:
— Соған бола жасымашы, жаным! Өзің білесің, бала бағуға құлшынып тұрған мен жоқ қой. Маған сен аман болсаң жетеді. Мен үшін одан артық бақыт жоқ, — деп жұбатқан болады.
Бақтияр әйелінің бұл сөзіне де, дәрігердің қорытындысына да сенген жоқ. Гүлсімнің таныс дәрігері тым жылпос, пысық адам екен, атқарған ісінде бір шикілік бары анық. Басқа бір дәрігерге қаралуға оқталса да, біразға дейін жұмыстан қолы тимей жүрген-ді. Ақыры оның да сәті түсті-ау! Іссапармен Мәскеуге бір барғанында, сондағы орталық клиникалардың бірінде тексеруден өтті... Міне, қызық! Нәтиже мүлде басқаша:
— Сіз уайымдайтындай ештеңе таппадық, мырза. Еркектік қуатыңызда мүлтік жоқ. Жәй бала сүю былай тұрсын, мына қалпыңызда кез келген жас әйелге «Алтын алқа» сыйлауға мүмкіндігіңіз бар, — деді Бақтиярды құттықтаған профессор қорытынды қағазды қолына ұстатып тұрып.
Сол сәттегі Бақтиярдың қуанышын сұрама! Бейне халықаралық үлкен бір сыйлыққа қол жеткізгендей, сол жолы Мәскеуден көңілді қайтты. Демек, Гүлсімнің дәрігері мұны алдаған болды ғой. Мына заманда ақшаға сатылмайтын зат жоқ деуші еді, сол сөз расқа шықты. Ал, Гүлсім мұндай қиянатқа қалай барып жүр? Бақтиярды алдау-арбау жолымен ұстап отырмақ па? Мәскеуден келісімен жаңа қорытындыны әйелінің алдына жайып салайын деп бір оқталды да, ол ойынан тез қайтты. Іштар әйелді одан ары өшіктіріп, күндестігін қоздырғысы келмеді. Өзінше, күйеуімді оңдырмай алдадым, ешқайда кетпейтіндей мызғымас қазыққа байладым деп жүрген шығар. Әзірше солай жүре тұрсын өзін-өзі алдап. Гүлсім жәй күндері махаббат туралы, сүю-күю жөнінде көп айтады. Сол Гүлсім өзінен басқа жан баласын жақсы көре ме екен? Егер ол күйеуін шын жақсы көрсе, ең алдымен соны бақытты етуі керек қой. Ал, Гүлсім басқаны былай қойғанда, күйеуіне перзентті болуды қимайды. Жалпы, алдау-арбау, бақай қулық араласқан жерде шын махаббат болуы мүмкін бе?!
Әйтсе де, күйеуінің әр қадамын аңдыған айлакер әйел Бақтиярда бір өзгеріс барын сезді.
— Сен кейінгі кезде жайың жарасып, біртүрлі көңілді жүрсің ғой. Ненің қуанышы? -деді бір күні мұның бетіне барлай көз салып. Бақтияр сыр берген жоқ:
— Бір қызға көзім түсіп жүр. Сірә, тоқал алатын шығармын, — деді ежелгі қылжағына басып.
— Не дейді-ау! Шамаң жетсе, ал...
— Шама жетпей не көрініпті. Жеті қатын алған батырдың ұрпағымыз...
Бұл сөздерді Бақтияр жәй ерігіп отырып, Гүлсімнің жынына тию үшін айта салған. Бірақ осы сөзді аузына құдай салған екен. Көп ұзамай Адасқан ұшырасты мұның тағдыр-талайына. Бұл іздеген жоқ, қыздың өзі іздеп тапты. Бір күні түстен кейін кеңседе отырғанда, хатшы қыз:
— Бақтияр Көпбайұлы, бір бойжеткен сізге кіруге рұқсат сұрайды, — деді дауысына ойнақы бояу қосып.
— Кірсін.
Кешікпей есікті тықырсыз ашып, бір әдемі қыз кірді. Қол-аяғы балғадай, сұңғақ бойлы, бәденді, сұлу қыз. Бұрын бір көрген адамы сияқты. Бірақ қайдан көргені есінен шығып кетіпті.
— Ағай, сіз мені ұмытып та қалған шығарсыз, — деді бүйірдегі бос орындықтардың біріне ибамен жайғасып жатып. — Мен өткенде өзіңіз денсаулығыңыз жайында анықтама алатын доқтырханада медбике болып істеймін. Атым — Адасқан...
— Атыңыз жақсы екен... Бірақ өзіңіз адасып келмеген шығарсыз, шаруаңызды айта беріңіз, — деді Бақтияр бұл қызды қайда көргені есіне енді түсіп.
— Ағай, кешіріңіз... Мен содан бері ар-ұяттың қыспағында жүрмін. Сол бір алдамшы, жалған анықтамаға лаборант ретінде менің де қол қойғаным бар еді. Соның шындығын айтып, сізден кешірім сұрамасам, ішкен асым бойыма тарайтын емес...
Адасқан соны айтып, өзінің бастық дәрігері мен Бақтиярдың әйелі Гүлсімнің қалай тіл табысқанын, жалған құжаттың қалай жасалғанын бастан-аяқ баяндап берді.
— Мұны сол кезде неге айтпадыңыз? — деді Бақтияр қыздың сұлу жүзіне сүзіле қарап.
— Қорықтым. Білесіз ғой, қазір қызмет табу оңай емес. Артынан ойға салып көрсем, оным пендешілік екен...
— Қазір де сонда істейсіз бе?
— Сондамын... Сіз менің үстімнен шағым айтпайтын шығарсыз.
Бақтияр Мәскеуде тағы бір тексеруден өткенін Адасқанға айтқан жоқ. Бұл жаңалықты бірінші рет естігендей, шын қуанған қалып танытты... Қызға рахметін жаудырып, разы-хоштықпен шығарып салды.
Ақпейіл Адасқанның тұратын мекен-жайын, телефонын жазып алмағанына қатты өкініп жүрген. Бірақ, бұйрықты қойсайшы, ойда жоқта Адасқанмен тағы ұшырасып қалды. Шілденің шіліңгір ыстық күні. Бақтияр жұмыстан ертерек шығып, кептелген машина ағынымен баяу жылжып келе жатқан-ды. Кенет көше жиегінде көлік ұстамақ болып, әркімге қол көтеріп тұрған Адасқанды көріп қалды. Үстінде көбелек гүлді жібек көйлек, етегі самал желмен бірге желбіреп, қыздың аппақ, түзу аяқтарын айшықтай көрсетіп тұр... Бақтияр дәл қасына келіп тоқтай қалды.
— Қарындас, келіңіз. Карета подана! — Күймеңіз дайын! — деген «Мерседестің» алдыңғы есігін ашып.
Асыққан Адасқанның бұған қарауға да мұршасы болған жоқ. Малтабар шопырлардың бірі деп ойласа керек, алдағы бос орынға лып етіп отыра қалған. Қасында кімнің отырғанын енді ғана байқады:
— Ой, ағай, сіз екенсіз ғой! — деді күтпеген қуаныштан есі шығып. — Қайдан келе жатырсыз, ағай?
— Қала кезіп, қыз іздеп жүрмін...
— Қызық екен... Қандай қыз керек сізге?
— Маған қолма-қол күйеуге шығатын және басы бақырдай ұл тауып беретін қыз керек.
Адасқан сыңғырай күлді. Күлкісі мұндай әдемі болар ма! Еш қоспасы жоқ, мөлдір, таза күлкі. «Осы қыз көнсе, ойланбастан үйленер едім» деп ойлады Бақтияр. — Өз жасы -қырықта, ал Адасқан ұзаса жиырма бесте болар... Жас айырмасы бәлендей бөгет болмас».
— Жұмыстан шыққан бетіңіз бе? — деді Бақтияр басталған әңгімені үзгісі келмей.
— Жоқ, бүгін менің бос күнім. Бір құрбым перзентханада босанып жатыр еді, соған кіріп шықтым.
— Не тауыпты?
— Ұл бала... Тұңғыштары ғой, күйеуі қуаныштан жарылғалы жүр.
— Тамаша! Иншалла, бүгін жолым болады екен! — деді Бақтияр желпініп. — Қой, онда, кеттік!
— Қайда?
— Дүниеге келген сәбиді «шомылдырмаймыз ба». Өзіңіз — ұл тапқан әйелдің құрбысы екенсіз. Ырымдап отырмын. Осы сіз — әлгі мен іздеп жүрген қыз емессіз бе?
Бұлар сол кешті Алма-арасан аңғарындағы кафелердің бірінде өткізді. Басында әзілмен басталған әңгіме бірте-бірте шынға көшіп, айрылмас уәдемен, антпен аяқталып еді. Адасқан — қарапайым ауыл қызы екен. Көп балалы отбасынан шыққан. Анасы кілең қыз таба берген соң, тағдырды адастырмақ болып, мұның атын «Адасқан» қойған екен. Артынан іле-шала ұл тауыпты. Ата-анасы «ақжолтай» деп Адасқанды жақсы көреді екен.
Арада үш ай өткенде Адасқанның ауыр аяқты екені мәлім болды. Бақтиярдың қуанышында шек жоқ. Құдайым «Көктен сұрағанды жерден берді» деген осы. Әзірше бұл қуаныштарын ешкіммен бөліскен жоқ. Бір жағынан, он бес жыл отасқан Гүлсімді де далаға тастағысы келмейді. Әйелі тілге көнсе, екі отбасын бөлек үйлерде қатар ұстағысы келеді. Оған Адасқан байғұс көніп тұр. Мұндай бәтуаға Гүлсім көне ме, мәселе сонда.
Расында да, Гүлсіммен тіл табысу оңайға соқпады. Гүлсімдер — батыс ықпалында, одан қала берсе кеңестік орыс тәрбиесінде өскен әйелдер ғой. Әсілі, жетпіс жылға созылған кеңестік түзім кедейлер мен әйелдердің өкіметі болды емес пе. Еркек — әйелдің меншігі, бағынышты құлы. Әйелінен ажырасқан еркек партбилеттен айырылып, қызметтен де жұрдай болып, күзеліп шыға беретін. Бұл жағдай әйел эгоизмін шектен тыс шарықтатып жіберді. Рас, әйел ол заманда қалыңмалсыз, тегін еді, бірақ өмір бойы мойныңнан түспейтін. Гүлсім де, оның туыстары да — сол заманның өнімдері. ұлттық дәстүр, салт-сана — олар үшін жат нәрсе.
Әйтсе де, Бақтияр бір күні алдағы жоспарын Гүлсімге шет-жағалап жеткізді. Алыстан орағыта келіп:
— Бәйбіше, мен туралы дәрігердің қандай қорытынды шығарғанын білесің. Әйткенмен, «үмітсіз — сайтан» дейді ғой, соны іс жүзінде өзіміз бір сынап көрсек қайтеді? — деген, жай сөз сырағысы ретінде.
— Сонда, қалай сынамақсың өзіңді? — деді Гүлсім әлденеден секем алып.
— Тылсым табиғаттың жұмбағы көп қой. Мен бір әйелге барып көрсем деймін. Егер құдай бірдеңе беріп жатса, сен екеуміздің арманымыз орындалмай ма?! Баланың біреуін сен, екіншісін ол бауырына салып, екеулерің екі үйді думандатып отырмайсыңдар ма?
— Ол қиялың бола қоймас! — дегенде Гүлсімнің сілеусін көзі шыныдай шатынап кетті. — Одан да, әлдебір жас әйелге көңілім кетіп жүр демейсің бе.
— Иә, солай-ақ болсын, бірақ одан несіне қауіптенесің, — деді Бақтияр аузына ыңғайлы сөз түспей. — Дәрігердің маған шығарған үкімін білесің... Менікі — әшейін өз пешенемді сынап көру ғой, баяғы...
— Только через мой труп — мен өлген соң ғана! — деді Гүлсім сазарған қалпы қалш-қалш етіп. — Сен алаяқ қатындардың ондай баланы кімнен табатынын қайдан білдің?! Әлде саған бәрібір ме? Тіпті баласыз тұра алмайтын болсаң, жетімханадан асырап алмайсың ба?
Сөйтіп, қанша иіліп жалынса да, әйелімен тіл табыса алмаған. Бірақ Гүлсімді мынадай сұмдыққа барады деп ойлаған жоқ-ты. Ата-анасын, туыстарын араға салып, түбі көндірермін деген ниетте еді. Бірақ оған жеткізбеді ғой. Ақыры, долы Гүлсімнің айтқаны келді. Бақтиярдың арманы ол өлген соң ғана жүзеге асатын болды.
«Ал, осы Гүлсімді махаббат құрбандығы деп санауға бола ма? — деп ойлады Бақтияр ұшақ үстінде тербеліп келе жатып. — Жоқ, мұндайды махаббат деп те, «махаббаттың құрбандығы» деп те атауға болмайды. Махаббат ешкімнен де ондай әділетсіз, қатыгез құрбандықты талап етпейді. Әсілі, махаббат өлімге емес, өмірге қызмет етуі керек қой. Гүлсім ешқашан да Бақтиярды шын сүйген емес. Шын сүйсе, бүйтіп ортақ бақыттан бас тартпас еді той. Бұған жәй асыраушы қызметшім, құмар қандыратын құлым деп қарады ол. Оның ұғымындағы махаббат — жеміс бермейтін тұл махаббат, бедеулер махаббаты».
Жолда бірер сағат Үрімжіде аялдаған алып лайнер Алматыға күн еңкейе келіп қонды. Әуежайда бұларды Бақтиярдың орынбасары Медеубай бастаған екі-үш адам күтіп тұр екен. Амандасу, көңіл айту рәсімі өтелген соң, машиналарға бөліне жайғасып, орталыққа бет түзеді. Жолда келе жатып естігені: Гүлсімнің сүйегін ертең шығарады екен. Мұның өз үйінен емес, ата-анасының үйінен шығармақ. Олай болатыны, Бақтиярдың өз үйінде қазір ешкім жоқ. Оның үстіне Гүлсім ата-анасы тұратын биік үйден құлаған ғой. Мәйітті тауып алысымен, бірден сонда апарған екен, сол беті төркінінде қала беріпті.
Бақтияр бұл шешімді құптаған да, қарсы болған да ештеңе айтпады. Бір есептен, Гүлсімнің соңғы сапарға өз төркінінен шыққаны да дұрыс шығар. Өйткені ол өзінің бір кезде оң аяғымен аттаған ақ босағасын сыйлап, өз ажалымен өлген адам емес қой. Бұл үйді енді қайтып көрместей болып, қарғап-сілеп хат жазып кетіпті.
Бұлар алдымен тау бөктеріндегі Бақтиярдың өз үйіне соғып, жуынып-шайынып, киім ауыстырып, қайын жұртқа сонан кейін ғана ат басын тіреді. Бұл үйде мұны сағынып отырған ешкім жоғын біледі. Міне, бүгін де алдынан шығып, қайғысына ортақтасып, көңіл айтқан бір пенде болсашы. Бір өңкей қабағынан қар жауып, түйіліп қалған адамдар. Қайын атасы да, қайнағалары да Бақтиярды адам деп елеген жоқ. Бұған бәрі де қас дұшпанын көргендей сыздана, жауыға қарайды. Тақ бір қыздарын Бақтияр ұрып өлтірген секілді... Ал, енесі бар уытын, ашу-ызасын бойына жинап, мұны күтіп отыр екен, Бақтиярды көрген бетте-ақ аттың басын қоя берді:
— Келдің бе, екі жүзді арам неме? Бұл босағаны не бетіңмен аттап тұрсың? Басыңа қонған бақтың қадіріне жетпедің-ау, сен ақымақ! Есіктегі басыңды төрге шығарып, мәпелеп өсірген Гүлімді қолыңа ұстатып едім, соны қурай құрлы көрмей қуратып тындың ба, ақыры? Құл құтырса құдыққа тышады деп, көтіңе қарамай тоқал алмақ болыпсың. Ол шөпжелкең шермиіп алып, «босанатын күнім тақау, байымның үйін дереу босат» деп тепсінетін көрінеді... Мә, сенбесең оқы - менің қарғашымның не жазып кеткенін? — деп бұл күнде алпыстың ішін мол аралап кеткен адуынды семіз кемпір алқынып барып тоқтады да, әлдебір қағазды мұның қолына ұстата салды.
Қазақ енесін анасынан кем көрмейді. Бақтияр да бәлендей аналық мейірімі асып тұрмаса да, мына кісіні алдынан кесе өтпей сыйлаушы еді. Ал, орыстар енелерін жек көретіні сонша, «теще» десе төбе шаштары тік тұрады. Әсілі, орыс — ұлы халық қой, солар бірдеңені білетін сияқты... Бақтияр қолындағы бір парақ қағазға көз жүгіртіп, айбақ-сайбақ асығыс жазылған Гүлсімнің жазуын бірден таныды. Бір бетте төрт-бес қана сөйлем: «Ал, Бақтияр, сенің боқташақ балаларың еркін өмір сүрсін деп, мен өз орнымды босаттым. Ондай өмір саған керек шығар, маған қызық емес. Қашанда қарызым — мойныңда, екі қолым — жағаңда. Әлдебір қатынның сенің үйіңде тайраңдап жүргенін көргенше өлгенім артық... Бақұл бол! Гүлсім» деп қол қойыпты.
Бақтияр жазулы қағазды енесіне ұстатты да, есіктен шығып жүре берді. Дәл бұл жерде уәж айтып, сөз таластырудың орны жоқ... Ертеңінде Гүлсімнің жаназасына қатысты. Ел қатарлы Көктөбедегі зиратқа барып, топырақ салды. Қайын жұрттың кезінде мол етіп қоршап алған әулеттік зираты бар екен, Гүлсім де солардың тобына қосылды. Өліктің артын күтуге Бақтиярды қатыстыратын ойлары жоқ. Жетісі, қырқы деген рәсімдерді де ата-анасы өткізіп жатты.
Ал, Адасқанды Бақтияр зират басынан қайтып келген соң-ақ іздеп тауып алған. «Самал» ықшам ауданында бір бөлмелі аядай ғана пәтері бар еді, сонда екен. Екі-үш күннің алдында декреттік демалысқа шығыпты. Іші өсіп, бет-ажары таралып, жұқарып, жүдеу тартқан. Болып жатқан оқиғадан толық болмаса да, ішінара хабардар. Гүлсімнің өлімін де естіп отыр екен.
Айтысына қарағанда, Адасқан біреулер айтып жүргендей, Гүлсімді іздеп барып, «мен Бақтиярдың ауыр аяқты әйелімін, үйді босат» деп талап қоймаған. Керісінше, Адасқанды Гүлсімнің өзі іздеп келген. Сөйтсе, Бақтиярдың соңына тыңшы салып қойған Гүлсім былтырдан бері оның әр қадамын зерттеп, біліп жүреді екен ғой. Енді, тек, Адасқанның кімнен жүкті болғанын өз аузынан естуге келсе керек.
— Адасқан деген келіншек сен бе? — депті келген бетте түсін суыққа салып.
— Иә, мен едім, — дейді Гүлсімді сырттай білетін Адасқан еш қауіп ойламай.
— Байың бар ма? Мына көтеріп жүргенің кімнің баласы? — депті Адасқанның шермиген ішін көрсетіп.
Адасқан үндей алмай қалыпты. Бірден «бәленбайдың баласы» деуге батылы жетпесе керек.
— Несін жасырасың, Бақтиярдың баласы емес пе? — дейді Гүлсім өз сұрағына өзі жауап беріп. — Бақтияр — менің он бес жыл отасқан байым ғой, оны білесің бе? Біреудің байын азғырып алуға қалай ұялмайсың?
Адасқан не айтарын білмей сасқалақтап қалады да, бір кезде Бақтияр үйреткен сөзді айтады.
— Сіздерді көптен бері балаға зәру дейді ғой. Егер нәресте аман-есен дүниеге келсе, сізге тарту етсем деген ойым бар еді, — дейді Гүлсімнен әлдебір қауіп төне ме деген оймен ығына жығылып.
Сол сәтте Гүлсімнің түрі тіпті қорқынышты болып кетті дейді. Қалшылдап, дірілдеп, жындана жаздапты. Сонан соң:
— Керек емес! — деп шыңғыра айқайлапты. — Маған ендігі жетпегені — әлдебір қатынның ойнастан туған баласын бағу еді... Жоғал балаңмен қоса көзіме көрінбей! Бақтиярдың есіл-дерті — бала еді, сол-ақ перзент сүйіп, мұратына жетсін!
Гүлсім соны айтыпты да, есікті тарс жауып, тұра жөнеліпті. Адасқан араларында болған сол әңгімені еске алып ағыл-тегіл жылады. Қанша дегенмен, ауыр аяқты ана ғой, Гүлсімнің қарғысына қалдым ба деп қорғады екен. Бақтияр білген ақылын айтып, Адасқанды зорға жұбатты.
Жазмыш деген сол. Кейде адамның қолынан келмегенді Жаратушы ием өзі-ақ оп-оңай реттей салады. Адам пендесі тойымсыз ғой. Дүние кең, бақыт та, қуаныш та жеткілікті. Тек, адамдар соны бөлісе алмай, не бір-біріне қимай қор болады. Әйтпесе, дүниеге келер бір ғана сәби қанша адамды қуанышқа кенелтер еді.
«Біреу өлмей, біреуге күн жоқ» дегенді де атам қазақ тегін айтпаған болар. Арада бір ай өткенде, Бақтияр әжептәуір той жасап, Адасқанды үйіне кіргізіп алды. Сонан соң, тағы бір ай өткенде, Адасқан аман-есен босанып, басы бақырдай ұл тапты. Өмір жалғасып жатыр.
2011, сәуір