Әдебиет
Жалдамалы күйеу
Бұлай болар деп кім ойлаған? Бүйтіп досқа күлкі, дұшпанға таба боламын деген ой өңі түгіл, түсіне кіріп пе екен?! Дұшпан сонда алыстан келсе екен-ау. Аяқ астынан жау болып шыға келген — өзінің әріптесі Орынғайша. Сол қатын іші-бауырына кіріп, қанша сумаңдап тұрса да, соған сеніп сыр ашқан жері жоқ еді. Баймырза жайында суыртпақтап сыр тартқан кезде де, бұл онша атынан жарылмай: «Әлденеге келіспей, әзірше бөлек тұрып жатырмыз. Түбі балаларына оралатын шығар» деп қоя салған. Сөйтсе, ол зәндемі тіміскіленіп, бәрін біліп жүреді екен ғой. Бүгін сомы тамам мұғалімнің алдында актарды да салды. Шыны көзі шатынап, қатқан қайыстай қан-сөлсіз дермантин беті сұрланып алып, сұңқылдап бір суырылды дейсің, мектеп мүдірі де, ғылыми мүдір де ауыздарын ашып алыпты.
Сондағы Орынтайшаның бұған қимай тұрғаны — химияның артық бөлінген алты сағаты. Жылда сабақ басталар алдында мектептерде «сағат бөлісі» дейтін науқан бар. Ол бұрын да көкпарсыз, ұрыс-керіссіз өтпеуші еді, биыл тіпті асқынып кетті. Қайтсін, мұғалімнің жалақысы тым төмен. Сағат көбейсе қажақ-құжақ бірдеме қосыла ма дейді де баяғы... Бисараның химия пәні бойынша жетекші мұғалім екенін есепке алды ма, әлде жалғыз бастылығын ескерді ме, ғылыми мүдір бұған алты сағатты артық бөліпті. Орынғайшаның талағын тарс айырып, шабына шок түсірген — сол сағаттар. Жарайды, ақшаның көзі ыстық-ақ болсын. Бірақ оның мұғалім басымен соншама таусылатын жөні жоқ еді. Адам деген өзінің шама-шарқына қарамайды екен-ау! Орынғайша білімінің таяздығын, химияның киын есептерін әке-көкелеп жүріп, Бисараға тартып алатынын лезде ұмытып кетті. Ғылыми мүдірдің ақпары аяқталар аяқталмастан:
— Менен сағатты артық алатындай, Байболованың аты бәйгеден келіп пе? Әлде, ақша соған ғана керек пе екен? Құдайға шүкір, біздің де табақтай дипломымыз бар. Қазір демократия... Бармақ басты, көз қыстыға орын жоқ! — деп шаптығып шыға келді. Ғылыми мүдір өзінше уәж келтіріп:
— Байболова химия пәнін жетік меңгерген жетекші мұғалім. Оның үстіне жалғыз басты, — деп бірдеңені бастап келе жатыр еді, Орынғайша орта жолдан таты киіп кетті.
— Байболованы жалғыз басты деп кім айтты? Баймырза деген табыскер күйеуі бар. Ол байымен фиктивный ажырасып, бір бизнесмен қатынға прокатқа беріп отыр. Содан ай сайын ақша алып тұрады... Өтірік десе, міне, көзі отыр ғой, айтсын! — деді қандауырдай қадалып.
Жаратылысынан ұрысқа икемі жоқ Бисара қапелімде не айтарын білмей абдырап қалды. Орынғайшаның сөзін өтірік дейін десе, оның қисынын тағы келтіре алмады. Сұрқия неме мұның осал жерінен бұлтартпай дөп басып отыр. Ашу үстінде аузына жөнді сөз де түспепті.
— Әй, Орынғайша, өзің не сандалып отырсын? Сені білімсіз, салымсыз, көр етіп жаратқан мен ғой деп тұрсың ба? Сенін маскүнем байыңды прокатка алмақ түгіл, майға орап берсең ит те жемейді ғой. Соны да менен көресің бе? Күнің сол алты сағатқа қарап тұрса, сен-ақ алып мұратыңа жетші! — депті бар болғаны.
Бір абыройы, бұлардың сөзінен басқалар ештеңе түсінген жоқ. «Байын прокатка берді» деген не пәле тағы да? Әйелдер ұрысқанда бір-біріне не айтпайды, бұл да соның бір кері шығар деп ұйғарысқан. Орынғайшаның жайын жақсы білетін мектеп басшылары өз шешімдерін өзгерткен жоқ. Бөлінген сағаттар сол күйі қала берді.
Сағаты бар болсын, Бисара сонан кейін де бәрібір тыншыға алмады. Айтылған сөз — атылған оқпен тең. Орынғайшаның шарқыштанып айтқан жаңағы сөзі өңменіне оқтай қадалып тұрып алды. Содан өз-өзіне келе алсашы. Жиналыс біткенше зорға шыдап отырды да, алды-артына қарамай тұра жөнелді. Мектептен қалай шығып, троллейбусқа қалай мінгені, қалай түскені де есінде жоқ. Бір уақытта қараса, сүріне-қабына үйіне жетіпті. Аулада белесебет теуіп жүрген Айбек бұған зулатып жетіп келді де, шешесінің өзіне көз қырын да салмағанына сәл таңданып тұрып, балаларға қайта қосылып кетті.
Есікті биыл алтыншы сыныпқа баратын үлкен қызы Айсара ашты. Баланын ойында ештеңе жоқ, еркелей мойнына асылып, шолжаңдап сөйлеп жүр.
— Білесін бе, бүгін үйге кім келгенін? Жана ғана көкем келіп кетті, — деді бұрымы селтеңдеген Айсара жайран қағып. — Саған ақша тастап кетті!
Соны айтып, айнаның алдындағы қобдишадан бір аппақ конверт алып ұсынды. Сыртында «Айсұлу» фирмасының эмблемасы бар, таныс конверт. Бисараны бір сәт долы ліпу қысып, әлгі конвертті күлпарша етіп жыртқысы, аяққа салып таптағысы келген. Бірақ ұстаздық дағды қанына сіңген әйел қызының көзінше олай істей алмады. Баланың қолынан конвертті алды да, ләм деместен ішке өтіп кетті.
— Мама, мен далаға кеттім! — деді манадан үйде әрең шыдап отырған Айсара.
Бисара тіл қатқан жоқ, сол күйі төсегіне барып құлай кетті. Жол бойы ашу-ызаға булығып, тырсылдап зорға жетіп еді, оңаша қалысымен көз жасына ерік беріп, ал кеп жыласын! Әлденеден жәбір көрген баладай ықылық атып, өксіп-өксіп жылайды. Ара-арасында уілдеп, боздап та кетеді. Басқа түскен жалғыздық, шерменделік өз алдына, бәрінен де дұшпанның табасы, кім көрінгеннің басынғаны жаман екен. Соны ойлағанда жүрегін біреу шеңбектеп қысып жібергендей, өзін қоярға жер таппайды. Көкірегінде көптен жиналып қалған бір ащы запыран бар еді, соның сыртқа шығатын кезі келген сияқты. Содан не заманда сабасына түскендей, зорға байыз тапты. Әйел қайғысы — қашан да көз жасымен жуылады ғой. Манағыдай емес, сәл сергіп қаланы байқалады.
Әлден уақытта есін жиып қараса, жаңағы конверт қолынан түспепті. Ішін ашып көріп еді, кілең шытырлаған бес жүз теңгеліктер екен. Содан отыз қағаз, яғни он бес мың теңге... Артық-кемі жоқ, соңғы айларда келіп тұратын соманың дәл өзі. Бірдемені қолма-қол сатсаң да, ақшаңды дәл бұлай нақ санап бермес. Баймырзаның айлық бағасы екі жүз доллар-тұғын. Демек, валюта курсының бір қалыпта тұрғаны ғой... Бисара ақша толы конвертті төсектің үстіне атып ұрды да:
— Ал енді басыңа қой! Осы ақша ғой — сенің түбіңе жеткен! — деді ышқына дауыстап. — О, бишара! Менің атымды Бисара деп әспеттегенше, о баста-ақ «Бишара» деп неге атамады екен?!
Бұрын ол басқа түскен бар пәлені Баймырзадан көретін еді. Енді ойлап отырса, ол байғұста жазық жоқ, отбасын айықпас қырсыққа бастаған Бисараның өзі екен. «Шыға-сыға иесі басшы» дегенді бұрынғылар тегін айтқан ба?! Мұны құртқан — осы ашкөздік, дүниеқоңыздық... Түк көрмеген сорлы басы бір күні осылай тақырға отырып қаламын деп ойлап па? Апшысы қуырылып, тандыры тартылған мына заманда күнкөрістің қамын ойлап, жанталасқаны рас. Сол тұста Баймырза жұмыссыз қалып, мұғалімдер бірнеше айға дейін жалақысын ала алмай, естері де шытып кеткен. Көңілдерін әлдебір үрей жайлап, ақырзаман деген осы шытар деп ойлап еді. Шиеттей екі баланы қалай батарын білмей жан ұшырған шақ. Сондай қиын-қыстау сәтте күйеуіне сүйеніш, ес болудың орнына бұл оны ұдайы отқа итермелеумен болыпты.
Заманның бұлай аяқ асты құбыларын кім білген? Жаңадан отау көтерген жас шаңырақ біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатқан-ды. Көңілдерінде титтей қаяу жоқ. Білетін жұрт бұларға қызыға қарайтын-ды. Баймырза құрылыста жетекші инженер, Бисара — өз ісіне тыңғылықты озат мұғалім. Үйленгендеріне жыл толмай, осы Айсара келді дүниеге. Сондағы Баймырзаның қуанғанын айтпа! «Қызымыздың есімі мамасына ұйқас болсын» деп, Айсара деген атты таңдаған өзі болатын. Содан арада екі-үш жыл өткенде Айбек атты ұлдары туды. Бисара қандай бақытты еді сол кезде! Бұлар басқалар сияқты пәтер қиыншылығын да тартқан жоқ. Басында комбинаттың жатақханасында тұрды да, көп ұзамай үш бөлмелі үйге көшті. Бұл кезде Баймырзаның кызметі жоғарылап, комбинаттың бас инженерлігіне көтерілген. Ақшаларын үнемдеп, үйлеріне жасау-жиһаз алды. Баймырзаның «Жигулиге» қолы жетті. Бисара жарқырап бриллиант тақпағанымен, алтын жүзік, алтын сырғадан кенде болған жоқ.
Осылай ел қатарлы жүріп жатқанда, тоқсаныншы жылдар басталып, дүние астан-кестен болды да кетті. Соған дейін тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған комбинатқа не жын жабысқанын кім білсін, аяқастынан «банкротқа» ұшырап, жабылып қалды. Күні кеше қаны жерге тамбайтын құрылыс инженері бұлайша керексіз боп қалады деп кім ойлаған? Кәсіпсіз қалған Баймырза олай-бұлай шапқылағанмен, еш жерден жұмыс таба алмады. Бисараның жалақысы әжептәуір сияқты еді, ақша ауысып, құнсызданған кезде, ол да түкке тұрмай қалды. Соның өзін кейде екі-үш айға дейін ала алмай жүреді. Ақыры шарасы таусылған Баймырза: «Осы менің дәл қазір машина мінген не теңім?» деді де, «Жигулиін» сатып тынды. Өз бағасынан арзандау кетсе де, әжептәуір ақша болып еді. Бірақ бұл қырсыққа не дауа, бұлар ел аман, жұрт тынышта сол ақшадан да айрылып қалды-ау!
Оған да себеп болған — Бисараның өзі. Сол жылдары осы Алматыда қойған ақшаңа ай сайын елу процент өсім төлейтін «Смағұлов фирмасы» дейтін бір «банкі» ашылмады ма. Бір күні мектепке барса гу-гу әңгіме:
— Ойбай, жалпақ елді жарылқайтын Смағұлов деген бір азамат шығыпты...
— Банкісіне мың теңге қойсаң, келесі айда екі мың ғып қайтарады екен!
— Бизнес неге жаман болсын. «Ақшаны ақша табады» деген осы! — десіп әйелдер желпілдесіп жүр. Сенбейін десе, бірнеше мұғалім өткен айда әлгі банкіге ақша қойған екен, кеше барып соның өсімін алып қайтыпты. Қолдарында табақтай таңба басылған құжат. Күдікке орын қалмаған.
Жерден алтын тапқандай, осы хабарды үйге айтып келген Бисара еді. Басында Баймырза бәлендей ықылас таныта қоймады.
— Қой, жай сөз болар. Ай сайын елу процент өсім беретін банкі болушы ма еді?! — деген онша илана қоймай.
Бірақ желігіп алған Бисара құлақ етін жей берген соң, Баймырза ақыры сол жаққа барып қайтты.
— Рас екен. Төле би мен Саин көшелерінің қиылысында сондай бір банкі ашылыпты. Бірақ кісі көп, кезекке тұрғандар келесі күні зорға ілінетін көрінеді, — дегенді айтып келді.
— Әне, айтпадым ба? Пайдасына көзі жетпесе, сол жұрттың бәрі текке жүр дейсің бе? — деп Бисара тіпті жаныға түсті.
Содан, не керек, бұлар машинадан түскен төрт мың долларды сонда апарып қоятын болды. Есептеп көрсе, тіпті ғажап: жаңағы төрт мың долларыңыз келесі айда алты мың, одан арты айда тоғыз мың... Осылай өсе бермек. Жұмыссыз үйде жатып-ақ байып кетуге болады. Көңіл бірден көтеріліп кетті. Жасасын капитализм! Жасасын бизнес! Әй, бәсе, капитализмнің осындай бір кереметі болса керек еді. Жұрт қатарлы соның жемісін татпай, бұларды жын қағып па?!
Ақыры ақшаларын алып барған. Өзгесін қойшы, ерлі-зайыпты екеуі күндіз-түні кезекте тұрып, екі күн дегенде зорға өткізді. Құдай-ау, кімдер жоқ дейсің бұл арада? Жұмыссыз қалған жастар, пенсияға қарап отырған өлмелі кемпір-шалдар. Қайтсін байғұстар, жиған-тергенін банкіге қойып, соның өсімімен жан сақтамақ. Біреулер басындағы үйін, астындағы машинасын сатып, ақшасын шұғыл өткізіп жатқан көрінеді. Қазақ мұндайда өзінен гөрі өзге жұртқа көбірек сенеді ғой. Сол «өзге жұрт» өкілдерінің қаптап жүргенін көріп, көңілдері орныға түсті... Өсім алып шыққандар ақшаларын қобырата санап:
— Үкіметтен енді қайыр жоқ. Құдай осы Смағұловқа денсаулық берсін! — десіп алғыстарын жаудырып барады...
Ақ «Жигулидің» ақшасы кассаға түсіп кеткеннен кейін де Баймырзаның күдігі тарқамай жүрді. Құдай бірдеңені сездірді ме екен, Смағұлов туралы сөз болса:
— Әй, білмеймін, осының артында бір шикілік бар. Келесі айға аман-есен жетсек, ақшамызды қайтарып алайық та, тынайық! — деп жүрген-ді.
Амал не, соған үлгермеді ғой! Баймырза межелі уақытта барса, «бұл айда айналымнан қаржы түспей жатыр. Келесі жолы екі айдын өсімін бір-ақ төлейміз» депті. Сөйтсе, онысы аярлық екен, бір күні теледидардан Смағұловтың қашып кеткені туралы хабар берілді. Халықтың мың-миллион ақшасын алған да, шетелге тартып отырған.
Қайғылы хабарды естігенде Бисараның жүрегі тоқтап қала жаздады. Көз жасына ие бола алмай ағыл-тегіл жылағаны есінде. Тәңірім-ау, сонда үкімет қайда қараған? Смағұлов деген біреудің жыл бойы жұрттан ақша жинап жатқанын білмеген бе? Білсе, ондай алаяқ тапа-тал түсте қалай қашып кетеді? Әнеу күні ғана жиналған жұртты маңына жолатпай күзетіп тұрған қарулы сақшылар қайда? Түсінсе бұйырмасын!
Баймырза, қанша дегенмен, еркек емес пе, жиған-тері он бар ақшасы күйіп кетсе де, сыр бермеді.
— Әй, бәсе, осындай бірдеңені ішім сезіп еді-ау! Өзгесін не қылайын, сол ақшаны тәулік бойы ұйқы көрмей, қанша азаппен апарып бергенімізді айтсайшы! Біз сияқты ашық ауыздарға сол керек! — деді де қойды.
Қолда барда байының қадіріне жеткен қатын аз шығар. Енді ойлап отырса, мұның Баймырзасы сабаз жігіт екен ғой! Сол ақшаны Бисараның бетіне басып, қайтып ауызға алған емес. Жұпыны киініп алады да, күнде ертемен көшеге шығып кетеді. Сөйтсе, Сейфуллин даңғылының бойында лек-лек болып отырған жұмыссыздар тобына барып қосылады екен. Сол жерден бір күндік, үш күндік, кейде бір апталық көтерме жұмыстар табылатын көрінеді. Біреулер саяжайын жөндетеді, енді біреулер отын жарғызып, көмір тасытады. Үй әктетіп, обой жапсыртатындар да бар. Баймырза қолынан келмейтіні жоқ, құрылыс жұмысына бесаспап, шебер болатын. Пайдалырақ жұмыс табылғанда, үйге әжептеуір ақша әкеліп жүрді. Кейде қазіргі халіне намыстанып:
— Өзгесін қойшы, жұмысқа жалдайтындар бір ат сатып алғалы тұрғандай, бас-аяғыңа барлап қарайтыны, кейде қарыңнан ұстап, білек күшіңді тексеретіні жаман, — дейтін мұңая тіл қатып.
Бисараның ойында ештеңе жоқ: «Еркек болған соң бала-шағасын асырауға міндетті» деп отыра беріпті ғой. Баймырза әлгі Айсұлу деген сылқыммен сол Сейфуллин көшесінің бойында танысыпты. Бір күні көше жиегінде топтанып тұрған жігіттердің қасына бір су жаңа шетелдік машина келіп тоқтайды. Оның ішінен былқ-сылқ басқан кербез келіншек шығады. «Келіншек» дейді-ау, қырыққа келіп қалған қатын... Бірақ боянған, сыланған. Киім дегенің малынып тұр. Аяғын сәнмен басып, бұлардың қасына жақындайды да:
— Араларында маман құрылысшы бар ма? — деп сұрайды. — Әктейтін, сырлайтын, сантехниканың жайын жақсы білетін...
Сол маңайда бос жүрген құрылысшылар аз емес-ті. Тұс-тұстан «мен-мен» десіп тұра жүгіріпті. Айсұлу сұм да қырағы ғой, көзі бірден Баймырзаға түссе керек.
— Сен бастық боласың! — дейді оған сүзіле қарап. — Қасына екі серікті өзін тандап ал!
Баймырзаның маңында сыралғы жігіттер тұр екен. Сол арада үш кісілік бригада лезде құралып қалады.
— Онда не тұрыс бар? Кеттік! — дейді Айсұлу машинасын көлденең тартып.
Содан үш жігітті машинаға мінгізіп алады да, Көктөбенің бөктеріне қарай тартып отырады. Осында жанадан салынған қос қабатты коттедждің әлі бітпей тұрған кеміс жерлері бар екен. Бұларды сол жұмысқа жалдайды. Ақшаның бетіне қарамаса керек, жігіттермен саудаласып жатпай, сұрағандарын беріпті. Бұл әңгімені алғашқы күні-ақ Баймырзаның өзі айтып келген. Содан құлағында қалғаны.
Бұлар сол жерде үш айдан астам жұмыс істеді. Коттедждің кем-кетігін жөндеп, іші-сыртын әктеген, сантехникасын орнатқан. Орны қазылған ауладағы бассейннің табанына тас қалап, қабырғасын мәрмәр кафелмен шегендеп шыққан... Обалы қанеки, табысы жаман болған жоқ. Анау-мынау жігіттің бір жылдық жалақысын үш айдың ішінде-ак тауып кайтты.
Алайда іс мұнымен біткен жоқ. Айсұлу, не ойы барын кім білсін, Баймырзаны бұдан кейін де босатпады. Құрылысты бес саусақтай білетін тәжірибелі маманның шеберлігі ұнады ма, әлде өзін ұнатып қалды ма, фирмада тұрақты қызметке қалуды ұсыныпты. Қызмет болғанда, анау-мынау емес, өзіне он қол орынбасар етіп алмақ. Жалақысы тіпті жоғары дейді. Баймырза көңілді. Ал Бисараның қуанышында шек жоқ. Көшеде қалған адамға табысы мол, тұрақты жұмыс табылса, бұдан артық құдайдан тілегені не?!
Бисараның естуінше, Айсұлу — бизнес саласында түтіні түзу ұшып тұрған бай қатын көрінеді. Көңілге секем алдырар бір ғана жері — жесір екен. Күйеуі осыдан үш-төрт жыл бұрын жол апатынан қаза болыпты. Қолында мектепте оқитын қызы ғана бар. Бірақ төркін жұрты мықты, ағалары қазір мұнайдың тұтқасын ұстап, тіреп тұрса керек. Алысты болжайтын көзі ашық, қолы ұзын адамдар реформаның алғашқы жылдарында үкіметтен кредитке мол-мол ақша алып, байлыққа белшеден батып қалмады ма? Айсұлу да сол қамтып қалғандардың бірі екен. Банкротқа ұшыраған мебель фабрикасын өзіне қаратып алған. Шет елден құрылыс материалдарын, сантехниканың неше түрін алдырып, арнайы дүкендер ашқан. Қазір сол кәсіпорындар «Айсұлу фирмасы» атанып, дүрілдеп тұрса керек.
Баймырзаның астында — сүліктей ақсұр «Волга». Айсұлудың өзі «Мерседеске» көшкенде, ескі машинасын бұған беріпті. Жұмысқа ертелі-кеш сол машинамен қатынайды. Бастарына бақ құсы қайта қонғандай, үй-іші мәре-сәре... Баймырза қызмет істей бастаған алғашқы айлардың бірінде «әдейі танысқалы келдім» деп Айсұлу осы үйге кіріп шықты. «Базарлытым» деп ала келген сәлем-сауқаты бар. Байлық неге жаман болсын, неше алуан жеміс-жидек, қымбат шұжық, арақ-шарап салынған қағаз жәшікті шофер жігіт зорға көтеріп кіргізді. Бисара бір көрсем-ау деп жүрген Айсұлуды бірінші рет сонда көрді ғой. Жасы қырықтар шамасында. Бірақ өңі таймаған, сыны бұзылмаған. Сұңғақ бойлы, омыраулы келген қараторының әдемісі. Әсіресе, көгілдір сағым ойнап, күлімдеп тұратын тұнжыр көзінде бір пәле бар. Үстіндегі қымбат бағалы киімдері мен жақұт көзді сақина-сырғалары да оның кім екенін әйгілеп тұрғандай. Мінезі тым ашық екен. Бисараны билеп-төстеп, лезде үйіріп әкетті. Әнтек бейпіл ауыздау ма, қалай?
— Сен қатын, өзің қызғаншақ емессің бе? — деді бір мезгілде мұның бүйірінен нұқып қалып. Үстелде шай жасап жатқан Бисара сасқанынан:
— Жоға! — депті ғой аузына басқа сөз түспей.
— Оның жақсы екен! Кең болсаң — кем болмайсың. Көңіл сыйса, бұл күнде екі қатынға бір бай былай жетеді !— деп Айсұлу қолының қырымен тамағын бір шалып өтті.
Шыны қайсы, қалжыңы қайсы, айыру қиын еді. Бисара бір күн де болса күні қарап тұрған қожайын әйелге не десін, оның әдепке жатпайтын ойпыл-тойпыл сөздерін елемей, жылы шыраймен шығарып салды.
Айсұлу Көктөбедегі жаңа үйіне көшкенде, жұрт қатарлы бұларды да қоныс тойына шақырған. Бұрын естігені болмаса, коттедж дегенді кім көріпті. Бисараның таңданғаннан ауызы ашылып қалды. Ою-өрнекті террас-лоджиялар, жарқыраған паркет, жез тұтқалы емен есіктер... Шетелден әкелген мебель-жиһаздар қандай! Көздің жауын алып, жарқ-жұрқ еткен қымбат люстраларды айтсайшы! Ал бөлмелерді бірден еске сақтап, санап шығу мүмкін емес. Асты-үстін қосып есептегенде, әй, жеті-сегіз бөлме бар шығар-ау! Қонаққа келген қырық-елу адам бірінші қабаттағы кен залдың жұмырына жұқ та болған жоқ. Ауланың бір шетінде — сауна, дәл ортада салқын сабат есіп тұрған айна қол-бассейн... Тәңірім-ай, бұрын Бисара да үйім бар деп жүріпті-ау! Мынаның қасында ол үй ме екен, жай жатақхана секілді бірдеңе.
Қоныс тойына Айсұлудың бизнесмен достары, кілең ығай мен сығай жиналыпты. Әкеліп жатқан сый-сияпатта есеп жоқ. Шетелдік қымбат кілемдер, түрлі түсті теледидар, жапон магнитофоны дейсіз бе, үйіліп қалды. «Сыйлық алуға үлгермей қалдық» деп конверт ұсынып жатқандар да аз емес... Баймырза бағасы әжептеуір болса да шыдап, Алатаудың ақбас шыңдары бейнеленген үлкен полотно апарып еді. Онысы ешкімді қайталамайтын біршама тәуір сыйлық болып шықты.
Бұлар бұдан кейін де араласып тұрды. Жаз айларында балаларды да ала барып, бассейнге түсіп, бой жазып қайтатын-ды. Әйтсе де, Бисараның көңілінен бір қорқыныш кетпей-ақ қойды. Баймырза бейне цирктегі аспалы арқанға өрмелеп, бір қатерлі ойын көрсетіп жүргендей, бір күні содан үзіліп түсетіндей... Кейінгі кезде Айсұлу екеуі жұмыс бабымен Түркия, Қытай, Ресей асып кететін болды. Сол жақта айлап-апталап бөгеліп те қалады. Сондай кезде үйде қалған Бисараның жаны шырқырайды. Шетелдік әсем қала, сәнді қонақ үй, оңаша бөлмелер... Анау-мынауды құтқармайтын Айсұлудай әйел бірге жүрген қарауындағы жігітті аман қояды дегенге кім сенеді? Бірақ соған көлденең тұрар амалы қайсы? Байыңды бір мекемеге байлап қойып, жіптің ұшынан ұстап отыратын баяғы заман жоқ... Адам басқа түссе бәріне де көнеді екен ғой. Бірте-бірте жаңа жағдайға Бисараның да еті үйрене бастады. Мұндайда Баймырзаны ақтайтын әлдебір қисындар тауып: «Тәйірі, еркектің күші бір таң асса қайта қалпына келетін аттың тері секілді нәрсе емес пе? Ту байталдай тұл жесірді Баймырзадан аяйын ба? Қайта, сол есірген қатынның кеудесіне шығып, есесін бір қайырсыншы!» деп өзін-өзі жұбататын болды. Осыған өзін сендіргісі-ақ келеді. Бірақ ішкі дүниесі ит жыртқандай алау-далау.
Күйеуінен Айсұлудың жайын сұрайын деп талай оқталса да, жүрегі құрғыр дауаламайды. Сұраса, бір сұмдықтың беті ашылатындай көрінеді. Одан гөрі осылай ештеңе сезбеген, білмеген болып жүре тұрғаны жақсы сияқты. Сұрайтын да не бар? Онсыз да бәрі белгілі емес пе? Бисараны екі күн кермесе өліп-өшіп тұратын баяғы Баймырза жоқ. Ана құйымыр қатыннан не артылар дейсің?! Қолына түскен соң біреудің байын аясын ба, сүліктей сорып, қақтап жіберетіні көрініп тұр.
Ақыры, Баймырза әрнені сылтауратып, үйде қонбай қалатын әдет тапты. Қанша төзімді, жансебіл болғанымен, Бисара да пенде ғой, бір күні тарс етіп жарылды. Көптен көкірекке байланған шер-шеменді көз жасымен ағыза отырып, Айсұлу жайындағы бар күмәнін ақтарып салды. Өзінше, Баймырза қазір ақталар, әлдебір сылтаулар айтып, шырылдайтын шығар деп ойлаған. Бір ғажабы, күйеуі соның бірін де істеген жоқ. Кінәсін бірден мойнына алғандай:
— Ал сеніңше, не істеуім керек еді? — деді мұның өзіне қарсы сұрақ қойып. — Ол қатын менің біліміме, қабілетіме қызығып жүр дейсің бе? Қазір тас лақтырсаң, жұмыссыз жүрген инженерге тиеді... Әлде соның бәрін тастап, сенің бетіне қарап отырайын ба?!
Мұндай қарсы шабуылды күтпеген Бисара не айтарын білмей абыржып қалды. Ежелгі сарынмен отбасының бүтіндігі, адалдық, махаббат жайында сөз бастап келе жатыр еді, ашулы Баймырза орта жолдан тағы киіп кетті.
— Махаббатшылын!— деді кімді кекетіп отырғаны белгісіз. — Адыра қалған қайдағы махаббат бұл заманда?! Ең алдымен өлместің қамын, күнкөрісті ойлау керек... Қазір жап-жас әйелдер шиеттей балаларын асырау үшін тәнін сатып жүр. Сен соны білесің бе? Солар желік қуғаннан істеп жүр ме сол кәсіпті? Бұл күнде махаббат та бизнестің бір түріне айналған...
— Өй, өйткен бизнесің бар болсын! — деді Бисара дүниеден түңілгендей. — Сонда не, мен енді байымды жалдап күн көруім керек пе?
— Басқа қандай амал бар? Біреу күшін, біреу өнерін, біреу тағы бірдеңесін сатып жан баққан заман... Менің қолымда дәл қазір жастық көркімнен басқа кәдеге жарайтын не бар?
Бисара қарсы ештеңе айта алмай, іштен тына күрсінді. Бар қолынан келгені — көз жасына ерік берген. Бірақ Баймырза мұны жұбатып та жатпады. Түйілген беті үйден шығып кетті де, содан екі-үш күн бойы төбесін көрсетпей қойды. Бүйтіп кінәласқаны бар болсын, бұдан гөрі бұрынғы бітеу жаранын өзі жақсы екен...
Төртінші күні Баймырзаның орнына Айсұлудың өзі келіпті. Күн жексенбі, балалар далада ойынға алданып, үйде Бисараның өзі ғана отырған. Үйге еркіндей кірген Айсұлу баяғы ерке-шолжақ мінезіне басты.
— Әй, не болды? Сен қатын ыңыршағын бауырына алып, тулап жатыр дейді ғой! — деді ештеңе болмағандай жайран қағып. — Мұндай да өзімшіл болармысың! Баймырзаны он бес жыл бойы бауырына бастың ғой, бірдеңе өнетін болса... Сонда шыққан мүйізің қайсы? Әлде ол сатып алған құлың ба еді? Қазір адамдар құлдықтан құтылды емес пе? Еркіндік, демократия.
— Баймырза — салт басты біреу емес, әйелі, екі баласы бар, үйлі-баранды адам ғой. Біреудің отбасын бүлдіруге қалай дәтің барады? — деді Бисара жыларман болып.
— Иә, не бүлініп қалды? Былай селбесіп жүре берейік дегенге көніп отырсың ба? Көшеде қаңғып жүрген байыңды тауып алып, адам қатарына қосып едім. Соған айтқан рақметің осы ма?
— Сен, сірә, бәрін сатып алуға болады деп ойлайтын шығарсың. Ақшаға сатылмайтын да дүниелер бар! — деді Бисара да беріспей.
— Бұл күнде бәрі де сатылады. Сатылмайтын керемет нәрсеңді көрсетші, кәні! Мәссаған, сен қатын әлі комсомол қалпыңда жүр екенсің-ау!
Тәңірім-ай, мұндай да сұмдық болады екен?! Қойныңдағы байына қолқа салды деген не пәле?!
— Байыңды бөліскің келмесе, маған басы бүтін өткізесің, — деді Айсұлу бұған күле қарап. — Босқа емес, әрине... Баймырзаның қызметі, жалақысы өз алдына, саған айына екі жүз доллар пенсия тағайындаймын. Білесің ғой, ол аз ақша емес, мұғалімнің төрт айлық жалақысы.
— Ақшаң өзіңе... Сол Баймырзаны саған-ақ бердім! — деді көз жасына булыққан Бисара.
— Ойлан! Маған қазір жігіт проблема емес, — деді Айсұлу кетуге ыңғайланып. — Байыңды баяғы таз кебін кигізіп, үйіне қайтарып жіберейін бе, жоқ әлде жаңағы контрактіге келісесің бе? Жауабын ертең күйеуіңе айтарсың!
Ертеңінде Баймырза келгенде де осы әңгіме қайта жалғасты. Бисара ұрысты, жылады, шашын жұлып, бетін жыртты.
— Өзің де құры, ақшаң да құрысын! Енді менің көзіме көрінбе! — деді.
Баймырза да бар дәлелін айтып жатыр.
— Сенен, балалардан бөлек тұру маған да оңай дейсің бе? Бірақ, осылай етпеске амалымыз бар ма? — деді. — Сенің қасыңда Айсұлу деген кім ол? Сен одан әлдеқайда жассың, сұлусың. Өзімнен бес жас үлкен қартаң қатынға көңілім ауатындай мені жын ұрып па? — деді. — Мен әлі-ақ Айсұлудан іргемді бөліп, өз алдыма тірлік жасаймын. Тізгінім қолыма тиген күні бір сәт те аялдамай, өзіңе қайтып ораламын. Соған дейін мұрсат бер! — деді. Қойшы, әйтеуір, Бисараның басын айналдырып жүріп, осыған көндірді ғой.
Көнбегенде қайда барасың? Тіпті, бір ауыз сөз айтпай кете берсе де, қазір еркекті ұстап тұра аласың ба? Қайта, Баймырзаның арттағы бала-шағасын ойлап қайырылғанына рақмет! Құр кеудеден, жалған намыстан не шығады? Намыс — саған нан бола ма, киім бола ма? Бірақ далада тегін жатқан бай жоқ. Соны ескерген Бисараның төлемақыдан бас тартпағаны рас... Міне, содан бері де екі-үш жылдай уақыт өтті. Айсұлу әзірше уәдесінде тұрып, ай сайын төлейтін екі жүз долларын калет қылмай жіберіп тұр. Баймырза да келіп-кетіп қарасып тұрады. Уақыт өте келе адам баласы бәріне де көндігеді екен ғой. Тіпті, соның өзі ешбір оғаштығы жоқ, әдеттегі іске айналып бара жатқанды. Бүгінгі Орынғайшаның бір ауыз сөзі ғой қай-қайдағыны еске түсірген.
Біраздан соң Бисара орнынан тұрып, үйреншікті үй тірлігіне кірісіп кетті. Сағат бірге таяп қалыпты. Aс үйге кіріп шай қойды. Газ сығырайып зорға жанып тұр. Балконға шығып, балаларын көздеді. Топ баланың ішінде ойнап жүрген Айсара мен Айбекті көріп, көңілі орныққан соң үй ішінде бөлек-салақ шашылып жатқан заттарды жинастыра бастады. Ертең, жоқ, бүрсігүні — алғашқы қонырау. Балаларды соған дайындау керек. Киімдері баршылық, қағаз-қалам, дәптер жағы қалай екен? Бұрын жақсы еді, мектеп формасы әрі арзан, әрі біркелкі болатын. Қазір әркім шамасына қарай ала-құла киінетін болды. Үлкендер ғана емес, балалардың да бай, кедейі бірден білініп тұрады. Содан намысқа тырысқан бәсеке, тыраштық басталады... Баймырзаның шетке шыққан сайын балаларына киім-кешек әкелетіні бар-ды. Соның аркасында бұлар киімнен тарыққан жоқ.
Тәңірім-ай, қай бөлмеге кірсең де, Баймырзаны еске түсіретін заттар, соның суреттері... Әлгі Айсараның істеп жүргені ғой. Жаман әкелері өздеріне қандай болып көрінеді екен? Міне, кітап сөресінің беті — қаптаған Баймырза. Бисара екеуінің үйленгенде түскен суреттері үлкейтіліп рамаға салынған күйі төргі үйде әлі күнге дейін ілулі тұр. Бәрі де балалардың көңілі үшін... Бұл байдан безгенімен, балаларға әке керек. Айсараға ес кіріп қалды ғой, іштей бәрін сезеді. Артық сұрақ қойып та жатпайды. Ал биыл үшінші сыныпқа баратын Айбек әлі ештеңе түсіне алмай жүр. Кейде өзінен-өзі отырып:
— Мама, осы біздің көкеміз жұрттың папалары сияқты неге бірге тұрмайды? Анда-санда бір келіп, неге басқа жаққа кетіп қалады? — деп сұрайтыны бар. Балаға не деп түсіндірерсің?
— Сенің көкеңнің кызметі тым ауыр болып жүрген жоқ па?! — дейді Бисара. — Оныкі — күндіз-түні бірдей істейтін, сондай мазасыз жұмыс... Келісім шарты біткен соң бір-ақ кайтады.
Айбек әзірше осы сөзді малданып жүр. Ауылдағы туыстарға да солай деп қойған: «Баймырза — командировкада». Мына заманда кімнің қайда жүргенін кім біліп жатыр. Есіктес көршілер тіпті сұрап та жатпайды. Сенің байың бар ма, жоқ па, үйде ме, түзде ме, кімнің не шаруасы бар?
Қалай барып қалғанын өзі де білмейді, Бисара бір уақытта қараса төргі үйдегі айнаның алдында тұр. Ар жақтан қос жанары мөлдіреген, ақ борықтай әдемі келіншек бұған мұңдана көз салады. Шүкір, әлі сыны бұзыла қоймапты, фигурасы сол қалпында. Әлгі кітаптарда жазатын «орта бойлы, қыпша белдің» өзі. «Байдан бездім» дегені — айтарға ғана ғой. Әйтпесе, отыз беске жаңа келген, дені сау әйелге байдан безетіндей не көрініпті?
Әлденеден көңілі көтерілген Бисара айнаның алдында олай-бұлай ойқастап, өз тұрқына әр қырынан көз жіберді. Көйлегінің етегін көтеріп, аппақ, жұмыр сандарына қарап біраз тұрды. Қай жағынан қарасаң да еш кемі жоқ, еркекке осыдан артық қандай әйел керек? Әлгі Айсұлудың бұдан артып тұрған жері қайсы? Артық болса ақшасы, байлығы артық шығар, бірақ Бисарадан жаспын, сұлумын деп айта алмас. Анда-санда үйге келгенде Баймырза: «сені сағындым» деп өлердегі сөзін айтушы еді. Бұл оған сенбей, сенсе де әдейі өш алғысы келіп, маңына жолатпайтын. Ол байғұстың да имандай шыны шығар. Сағынады ғой... Сағынбай не көрініпті? Он жыл отасқанда бастарынан небір қимас, қызықты шақтар өтпеді ме?! Бұл да жынды ғой, Баймырзаның қолын қағып, кеудесінен итергенше, қайта, араларын суытпай, өз жағына тартып, баурап әкетпей ме?!
Бисара өз сезімін қапасқа қамап, ләззат, құштарлық жайында ойламайын десе де, бұл күнде еркекті еске салатын нәрселер көбейіп кетті. Байыңның қасында балбырап ұйықтап кететін баяғы заман жоқ. Кейде балаларды жатқызған соң, бір уақ теледидарға үңілетіні бар. Қайсы каналды ашып қалсаң да, көретінің — шетел фильмдері. Жалаңаш әйел, жалаңаш еркек... айқасып жатады. Әйелдері тіпті еңбекқор, өлермен-ақ! Көбінше диірменнің үстіңгі тасы боп айналады. Махаббаттың орнына енді «секс» деген пәле шығыпты ғой. Ұят-ай! Соның өзі о баста қазақ сөзінен шықпады ма екен?! Бисара экранның алдында жалғыз отырып-ақ, кейбір тұстарында өзінен-өзі қымсынып төмен қарайды. Бірақ сол сәтте тұла бойын жалын шарпып, өртеніп бара жатқанын сезеді. Қос омырауы шымырлап кетеді. Аш белі, аппақ сандары сыздап, қысқылайды-ау келіп. Алпыс екі тамыры атой салған соң, әлдебір әлеуетті қолдың қабырғасын қаусата құшқанын тілейді.
Содан бір уақытта алапат қызуға шыдамай, салқын суға шайынып, есін зорға жияды. Бірақ бәрібір ұйқы жоқ. Баяғыда осы пәтерге кірген жылы алған екі кісілік ескі төсекті сықырлата аунақшып кеп жатқаны. Баймырзаның өзі де осы сықырлауық төсектен әбден мезі болып, «әй, бәлем, осының көзін құртпасам ба»деп жүруші еді, оған үлгірмеді ғой. Сол күйеуінің дәл қазір басқа төсекте, өзге бір әйелдің қасында жатқанын ойлағанда, Бисараның жаны шырқырап:
- Әй, Баймырза-ай, қайтейін, тірідей тозаққа салдың-aу деп қалай дауыстап жібергенін өзі де аңғармай қалатын.
Оп қазір де Баймырзаны еске алып тұр. Одан өзге еркекті ойына да алған емес. Оның бетін ары қылсын, егер Бисара нәпсінің құлы боп, басқаға көз сүзсе, мына шаңырақ біржола ортасына түспей ме? Әлі де көңіл түкпірінен үміт сәулесі өшкен жоқ. Соншама түңілетіндей, мұның күйеуі қан майданға, барса келмес қырғын соғысқа аттанып па екен? Осы бала-шағаның қамы үшін жанын жалми жат босағада амалсыз жүрген жоқ па?! Заман бұл қалпында тұрмас. Түзелер... Бір күні Баймырза да қайтқан құстай өз ошағына оралатын шығар.
1999 жыл, мамыр.