Әдебиет
Көкжал
Бәрі қан Үрімжінің айналасы,
Ескі там, ұңғыл-шыңғыл, сай-саласы.
Ішегін өлген жанның иттер сүйреп,
Домалап, қарға шоқып жатыр басы.
Барсаңдар Үрімжінің қаласына,
Көзің сал қалтарыс сай-саласына.
«Ұмытпа өле-өлгеніне осыны» деп,
Тапсырып кет балаңның баласына.
Таңжарық
I
Қанша шамшыл, қанша қиямпұрыс, қанша қол апартпас, бет қаратпас асау болғанымен, қапыда торға түскен көк еркесі қыран да кісі қолына қараған кіріптарлық халіне бірте-бірте көндігер еді. Сол түз қыраны тектес, өмір бойы бостандық үшін алысқан дала серісі Оспан да өзінің басқа түскен тұтқындық тағдырына амалсыз бойсұнды. Соғыс өнерінен мол хабары бар, атыс-шабысқа жастайынан машыққан батыр жеңіс бар жерде жеңілістің де болатынын, адам басындағы бақ та, сор да алма-кезек ауысып тұратын дүние екенін бұрыннан білетін-ді. Қолға түскеннен кейінгі алғашқы долы ашу, өзекті өртеген өкініш, дәрменсіздіктен туған ыза-нала да біртіндеп тарай бастады. Сабыр-тағат тауып, сабасына түсуіне батырдың Хаққа сенген діндар тақуалығы да септігін тигізген секілді. Осының бәрі жазмыш, Алланың бұйрығы деп қараған. «Бұл да — Жаратушысының өз құлына жіберген сынағы шығар. Егер сен нағыз мұсылман болсаң, қас жауыңның мейманасы тасыған астамдығына, көрсеткен қорлық-зорлығына шыдауың керек» деген өзіне-өзі.
Соңғы жылдары бастан жыға қисайып, бақ қайтып, тағдырдың тайғақ тартқаны біртіндеп біліне бастаған. Оспанның күші — Алтайда екен. Бұларға Алтайдың әр бұтасы пана, әр жартасты қалқан еді-ау, шіркін! Көрмеген жердің ой-шұқыры көп, Алтайдан түстікке қалай ауды, солай, сарбаздар жер жадысынан жаңыла берді. Жаңа ортаны адам да, мал да жерсінбеген. Бұрын Бәйтік-Қаптық тауларына бекінгенде, моңғолы, орысы, үш аймағы бар, үш жақтап жабылғанда бой бермей-ақ кетіп еді. Кейін Жемсары, Баркөл, Құмылды басып, Гансу жеріне ауғанда, енді қызыл қытаймен бетпе-бет келді. Баяғы кең қолтық, бөксесі бос, ат үстінде қопаңдап әрең жүретін қара қытайдай емес, қызыл қытайың тіпті өлермен екен. Арғы ішкі жақтан тұяқтарын тас қақпай кілең жеңіспен келе жатса керек, екпіндері тым қатты. Бір шетінен атып, қырып жатсаң да, алған беттерінен қайтпайды... Амал не, көптің аты — көп, соңғы Дуңхуаң маңындағы соғыста сарбаздардың көбі оққа ұшып, батырдың төңірегі селдіріп-ақ қалып еді.
Ал, Бақайдағы ақырғы айқаста сарбаздар үш тәулік бойы пәр татпады ғой. Құрсауда қалған жерінен жарым-жартысы қоршауды әрең жарып шыққан. Бір түсінбейтіні, қан майданнан шыға салып, қасындағы серіктерінен бөлініп, Оспан өз ауылына неге келді сонда? Сусын ішіп, жүрек жалғайын деді ме, әлде нақсүйер әйелі Баянмен қоштасайын деп келді ме?! Әйтеуір, «шығасыға иесі басшы» деп, қырсыққа бастаған жүріс болды сол сапары. Алтайда жолы болып, қол бастап жүргенде маңайын баса алмаған сайқал ажал жат жерде батырдың иығына шығып, жездесіндей қылжақтап, ойнай бастамады ма... Сөйтсе, қыр соңына түскен қуғыншы әскер де тақау екен, алдындағы бір кесе шайды ішер-ішпестен ауылды жау басып қалды. Әйелі Баян да үйден жүгіре шығып, белдеуде тұрған ақбозды көлденең тарта берген.
Бірақ, қырсыққанда істің оңға баспайтыны белгілі ғой, әншейінде құстай ұшатын ақбоз көктемгі жылымықта тоңы енді жіби бастаған саздауыт жерде толарсақтап, борбаңдап шаба алсашы. Ақырында ақбоз оққа ұшты. Осының алдында ғана сақылдап тұрған маузері жез шайнап атылмай қалды... Арғы жағы белгілі ғой, қалың шерік сол арада шегірткедей жабылып жүріп, батырды лезде байлап алды.
Оспанды ұстауға тұтас бір полк келген екен. Сондағы қытай шеріктерінің қуанғанын айтпа! Қауқылдасып шулаған айғай-сүреңі көпке дейін басылмай тұрды. Әлдебір кіші командир мен солдатты көп адам аспанға лақтырып, қақпақылдап жүр. Сөйтсе, кіші командир — ақбозды атып түсірген мерген екен де, солдат — Оспанды ту сыртынан келіп бассалған «батыр» екен. Бұл екеуін алда үлкен марапат күтіп тұрғаны айдан-анық. Әсілі, Оспанды қолға түсіру — Қытай армиясының талайдан бергі зор жеңісі болса керек.
Олар қолға түскен бандыны Гансу өлкесінің шеткі қалаларының бірі Дуңхуаң абақтысында екі күн ұстады да, қатаң күзетпен Үрімжіге қарай алып жүрді. Оспанды үсті ашық жүк машинасына отырғызып, автомат асынған он шақты шерік оны қоршай орналасты. Сақал-шашы қауғадай боп өсіп кеткен, басында төбесі шошақ керей тымағы, үстінде қалың күпісі бар Оспан кілең шолақ етек шеріктердің ортасында төбедей болып, көзге ерекше шалынады. Бұлардың алды-артында келе жатқан екі жүк машинасында да лық толы әскер бар. Соған қарағанда, жол-жөнекей бандылар шабуылдап, Оспанды құтқарып әкете ме деп қауіптенетін секілді.
Обалы кәнеки, алғашқы жан алып-жан беріскен айқастан кейін тұтқынға соқтыққан, жәбірлеген ешкім болған жоқ. Күтімі жақсы, тамағы тоқ. Сірә, соған қарағанда, жоғарыдан «Оспанның бір тал шашын түсірмей әкелу» жөнінде бұйрық болған тәрізді. Жолдағы бір бекеттен шеріктер бірнеше газет сатып әкеліп, жабырлап оқып жатқан. Осындағы топтың бастығы «мынаны көрдің бе» дегендей бір газетті тұтқынның көзіне тосты. Мәссаған, газеттердің бірінші бетіне Оспанның суреті басылыпты. Бадырайған иероглифтермен бандының қолға түскені жайында хабар беріліпті. Демек, күллі Қытай елі бір-бірінен шүйінші сұрап, дүрлігіп жатыр деген сөз. Бежінге, Мәскеуге, Ұланбаторға қуанышты жеделхаттар кеткен шығар. Бір есептен, Оспанда тіпті арман жоқ. Оның қолға түсуін қанша ел, қаншама мемлекет төрт көзбен күтіп отырған десейші?!
Тұтқынды қорғап-қоршаған машиналар тізбегі әлдебір сақтықпен түнде бекеттерде аялдап, тек күндіз жүріп отырды. Олар жол-жөнекей Құмылды, Баркөлді басып, Тянь-Шаньның түстік жағымен Үрімжіге қарай тура тартып келеді. Оспан бұл өңірде жортып көрмеген. Жер құйқасы жұқа, сортаңды, шөлейтті болып келеді екен. Қазір наурыз айының орта шені, күн жылынып, жер көктей бастапты. Егіс алқаптарында диқандар жер жыртып жүр. Сонау бұлдырап көрінген - Боғда тауы болар. Теріскей жағынан қарағанда, тым тігіл боп көрінетін Боғда сілемдерінің күнгей жағы бірден жатаған тартып, аласа адырлы боп кете ме, қалай? Міне, әйгілі Тұрпан ойпаты, Ерен-қабырғаның Боғдамен түйісетін тұсындағы Дауаншың асуы. Алтайға барып сауда істеп жүретін бір ұйғыр жігіті ойын-тойда «Дауаншыңда бір жарым бар Қамбархан атты» деп өлеңдетіп қоя беруші еді. Сол «Дауаншыңы» осы екен-ау!
Бұл күнде моторлы көлікке жер алыс па. Баяғыда атпен, түйемен айлап жүретін жерге бұлар екі-үш күнде жетіп келді. Бүгін 1951-жылдың 15-наурызы. Қарауында айырықша қорғаудағы «қастерлі» жолаушысы бар машиналар тізбегі Үрімжінің түстік жағынан қалаға қарай еніп келе жатты. Ал, Үрімжі бұл жолаушыларды бейне келін түсіретін ауылдай күні бұрын тағатсыз күтіп отырса керек. Машиналар тізбегі Ұланбайдан өте бере бұларға тағы бір салтанатты топ қосылды. Машина толы музыканттар, күмпілдеген оркестр... Оспанның таңғалғаны: әлгілер бірден жеңіс маршын ойнай жөнелді. Кәдімгідей мереке алдында ойналатын жеңіс маршы. Бұл ненің құрметі? Ненің қуанышы? Әлде тұтқынды мазақ еткен түрлері ме? Жоқ, ешқандай да мазақ емес, Бұл — Қытай армиясының әлдебір жорықтан зор жеңіспен оралған кезде ойналатын салтанат жыры, мадақ маршы болатын. Демек, бұл — Оспанға көрсетілген құрмет емес, бандыны қолға түсірген жеңімпаз армияны қарсы алу сәті. Енді қалай? Он жыл бойы бүкіл Шыңжаңды қан қақсатып, орысты, қытайды, моңғолды ит әуреге салған қандыбалақ бандыны тұтқындап әкеле жатса! Ондай ерлерге дәл бүтін қандай құрмет көрсетсе де артық емес.
Көше толы халық. Оспан таныс-білістен біреулер көріне ме деп жан-жағына қарап еді, ондай ешкім көзіне түспеді. «Дөңгеленген дүние-ай! — деді батыр іштей күңіреніп. — Бір күн бетіңді, бір күн сыртыңды беріп, кінәмшіл қатынша осылай қырық құбылатының бар-ау!» Олай дейтіні, осыдан төрт жыл бұрын, 1947-жылдың жазында өлкелік Қытай үкіметінің шақыруымен осы Үрімжіге қонаққа келгені есіне түсіп еді. Онда Оспаннан қадірлі адам жоқ. Гоминдаң өкіметімен коммунизмге қарсы Одақ құрып жатқан кезі. Бұлар батыр-билері, ер-әйелі аралас қырықтай адам болатын. Қыр қазақтары «там үйде тынысымыз тарылып кетеді» деген соң, Үрімжінің іргесіндегі Шу Могу аңғарына аппақ жұмыртқадай көп киіз үйлер тігіп, қонақтарды сонда түсіріп еді-ау! Қарсы алу кезінде дәл бүгінгідей мереке маршы ойналған. Айырмасы, қазіргідей қызыл қытайдың желпінген жеңіс маршы емес, Гомин қытайдың салиқалы салтанат әуені. Өлке қарулы күштерінің бас қолбасшысы Суң Шилиян бастаған қытай генералдары сапта тұрып қарсы алған. Көрсетіліп жатқан сый-сияпатта есеп жоқ. Ағыл-тегіл дастарқан... Келесі күні қаладағы үкімет сарайында өлкелік өкімет бастығы Жаң Жы жүң арнайы қонақасы берген. Көпірме сөз, Оспан атына айтылған мақтау-мадақ... Оның ертеңінде Үрімжі аймағының губернаторы Хадуаң ханым, Әлен уаң, Үкімет мүшелері Сәліс, Зәкәрия бастатқан осы қалада тұратын қазақтар күтіп алып еді. Оның ертеңінде Мәметимин Айса бастатқан ұйғырлардың сый-сияпаты... Осындағы әр ұлт өкілдері кезекке тұрып, Оспанға сый көрсеткенше асығып еді-ау!.. Үрімжідегі Америка консулы Пакстонмен, вице консул Макернанмен де сол сапарда танысып, пікірлескен-ді. Оспанның өтініші бойынша, Америка консулымен генерал Суң Шилиянның өзі жолықтырған... Міне, содан бері төрт-ақ жыл өтті ғой. Қайда соның бәрі. Бақайшағына дейін қаруланған Гоминдан армиясы қайда? Қызыл тілдің майын тамызып, өлке қамын, ұлт қамын ойлаған шешендер қайда? Коммунистер келіп еді, бәрі соған жол босатып, сабынның көбігіндей ыдырады да кетті...
Оркестр ойнаған марштар, бір жағы, бүгінгі жеңісті тойлау болса, екінші жағынан, халықты жинау, құлақтандыру міндетін қоса атқарып келе жатқан секілді. Мына қызыл қытайың үгіт-насихат жағына мәттақым көрінеді. Үгіт айтуға орайлы сәтті құр жібермейді-ақ. Машиналар тізбегі үлкен көшеге ілінісімен әр жерге тоқтап, «міне, көрдіңдер ме» дегендей, атақты бандыны қолға түсіргенін үзбей айтып, жариялап келеді. Қай кезде дайындап үлгіргенін кім білсін, көшеде халық дегенің сыймайды. Кейбір топтар қызыл матаға жазылған плакат-ұрандар көтеріп алған. Қала халқы шұбар аттың жүніндей ала-құла. Ала тақиялы ұйғырлар, қара шапанды, ақ кепешті дүңгендер, ара-арасында жұлма тымақты қазақтар да ұшырасады. Жәй тамашаға жиналса ештеңе емес, жұдырығы түйілген оң қолдарын жоғары көтеріп, өңештері жыртылғанша ұран шақыратынын қайтерсің. «Оспан бандысын арамыздан аластайық!», «Америка шпионы Оспанға өлім жазасы берілсін!», «Жеңімпаз халық азаттық армиясы жасасын» деген айғай-ұран дүниені жаңғырықтырады... Міне, сен азат етем деп жүрген көп ұлтты Шыңжаң халқы! Міне, ислам туын көтерсем-ақ соңымнан ереді деп сенген Шығыс Түркістан мұсылмандары!..
Осындай айғай-шулы дүрмекпен, Оспан батырды Үрімжідегі атақты екінші түрменің ауласына да енгізді-ау. Төрт тарабында төрт қақпасы бар, бұрыш-бұрыштағы атыс ұяларына мықты күзет қойылған биік қорғанды қалалық жамбыл. Екінші түрме сол жамбылдың ішінде екен. Оспан бұрын мұнда келмесе де естуі бар. Бір кезде Шәріпхан төре, Бұхат бейсі, Ақыт қажылар жатқан түрме ғой бұл. Атақты Таңжарық ақын осында жатып, өзінің өлмес жырларын шығарған... «Абақтыдағы арыстарымызды қамаудан босатсын» деген талаптан тумады ма 1940-жылғы Алтай қазақтарының алғашқы көтерілісі... Рас, ол кезде Оспан әлі көтеріліс басшысы ретінде танылмаған. Басында бұл жәй қатардағы мергендердің бірі болатын. Көтерілісті бастаған — Есімхан мен Ырысхан үкірдайлар, Ноғайбай мен Ақтеке билер... Аттаныс аяқ астынан халықтан қару жинауға шығып, ел басына әңгіртаяқ ойнатқан Көктоғай ауданының әкімі Шүй Шыңды қасындағы бір взвод әскерімен бірге Есімханның бір түнде қырып салғанынан басталмады ма. Бұл жалғыз Есімхан емес, көп жылдан бері көкіректе запыран болып жиналған халықтың ашу-ызасы болатын. Қалың ел көтерілісті бірден қолдап кетті. Қаптаған жау әскерін сойыл-шоқпармен-ақ жапырып өтті-ау! Ақтеке, Ноғайбайлар сол алғашқы шайқаста-ақ оққа ұшты. Шіркін, Есімхандар да көзсіз ер еді-ау! Амал не, Шың Сы сәй үкіметінің бұлаң құйрық алдауына сеніп, қапыда қолға түсті де, Ырысхан екеуі де осы Үрімжі түрмесінде өлтірілді.
Оспан сондағы жалған бітімге сенбей, қолындағы қаруын тапсырмай, соңына ерген қырық-елу жолдасымен қоршауды бұзып шығып, Құбының құмына сіңіп кеткен болатын. Кейін алданған жұрт Оспанның төңірегіне қайта келіп топтасты. Бұл, сөйтіп, ойламаған жерден көтерілісші халықтың басшысына айналды... Басында өр Алтайдың өзінде, кейін Бәйтік, Қаптық тауларында, ол жерлер де қоныс болмаған соң, Баркөл, Құмыл аймақтарында езінен күші басым жаумен жиыны он жыл соғысты. Орыс, қытай, монғол, үш аймақ қазақтары болып, төрт жақтан жабылды ғой. Келер ұрпақ кешірсін, Оспан қанша батыр болғанмен, өзінен он есе, жүз есе күшті жауға төтеп бере алмай, міне, ақыры жеңілді. Батыр бол, бағлан бол, оқымысты ғұлама бол, түбі, қазақтың баратын жері түрме екен ғой. Міне, өмір бойы азаттық үшін алысқан түз қыраны Оспан да торға түсті.
II
Бұрын Оспан бұлардың қолына түспей жүреді екен. Енді оны қоярға жер тапсашы. Бұл — қытайлар үшін жәй банды, қарақшы ғана емес, кәдімгідей үгіт құралына айнала бастады. Күн сайын маза береді деген не, қарулы күзетпен үсті ашық жүк машинасына тік тұрғызып қояды да, күні бойы көше аралатады. Әскери бөлімдерге, жоғары мектептерге, кейде халық көп жиналған алаңдарға апарады. Бір-біріне айна қатесіз ұқсас жиындар, шағым айтулар, көшелерде көлденең керіп тастаған плакат-ұрандар. Құлақ тұндырған айғай-шу... Басында Оспан өзінің қажетсіз, мазақ көрмеге айналғанына ызасы келіп, көндіге алмай жүр еді, бірер күннен соң оған да еті өліп, үйреніп алды. Мұндайда жалған жалаға, өтірік шағымға жауап беріп, айтысып жатудың қажеті жоқ екен. Сөз қайтарып, уәж айтар болсаң, жабайы тобыр тіпті құтырып кетеді екен. Ең жақсысы, құлақ қойған кісі сияқтанып, үнсіз мүлгіп тұра беру...
Алдын ала әзірлеген болар, аланда бір егделеу ұйғыр әйелі мінбеге шығып сөйлеп тұр. Жалғыз ұлы үш аймақ әскерінің сапында Оспан бандысымен күресу үшін Алтайға барған екен, сондағы бір ұрыста оққа ұшыпты. Соны әлгі байғұс Оспаннан көреді... Содан кейін балдаққа сүйенген қазақ шықты ортаға. Соғыста ортан жілігін оқ үзіп кеткен екен. Дәрігерлер гипске салғанда сүйегі теріс бітіпті. Ол да аяғының кемдігін Оспаннан көреді... Ал, әскери бөлімшеге барғанда, бір подполковник ұйғыр азаматы Бурылтоғайдағы соғыста қол астындағы полктің қақ жарымы қырылып қалғанын айтып шағымданды. Оған да Оспан кінәлы... Не дейсің, уәжге жүгініп, дауласатын жер емес. Бірдеме десең, арты — айғай-шу. Әйтпесе, айтар сөзі тіл ұшында сайрап-ақ тұр. Мәселен, жаңағы әйелдің баласын өзі туып көрмеген Алтай жеріне кім айдап апарып ұрысқа салды? Баласының құнын Оспаннан емес, солардан сұрауы керек емес пе. Ал, балдақты жігіт аяғын жоқтамай-ақ, ондай қырғыннан тірі қалғанына шүкірлік етуі керек қой. Мына подполковниктің шағымы тіпті сорақы. Өзі басқарған полктың қырғын табуын өзінің олақтығынан көрмей, неге Оспаннан көреді ол? Соғыс өнерінің әліппесі танауына бармайды екен, сонша адамның обалына қалып, әскер бастап несі бар. Сол қылмысы үшін подполковникті кезінде атып тастау керек еді, қалай тірі жүргені белгісіз!
Осылай көше аралатып, арыз-шағым айтқызу бір аптаға созылды. Соның өзі-ақ жүйкеге тиіп болған. Кейде батырдың күлкісі келеді. Баяғыда ұзатылатын қызды тойы болар қарсаңда ел аралатып, «қыз таныстыру» дейтін рәсімнен өткізуші еді. Қыздың мұнысы — ел-жұртпен қоштасу, әрі тойға шақыру... Қылмыскерді көше аралатуы да соған ұқсас бірдеңе. Соған қарағанда, Оспанның «тойы» да таяп қалған сияқты ма, қалай? Заң орындары да көшедегі жиындарда жаңа бір пәктілер ашылар деп күтпейтін секілді. Шағым айтқызудағы мақсат — бұқара халықты Оспанға өшіктіру. Сөйтіп, өздері күні бұрын әзірлеп қойған сот үкіміне жұртшылықты дайындау.
Көше аралатып, халыққа арыз-шағым айтқызу науқаны аяқталысымен, енді тергеп-тексеру, сұраққа алу кезеңі басталды. Қанша дегенмен, бес мың жылдық тарихы бар ел емес пе, сот ісін жүргізуі майдан қылшық тартқандай, тәртіппен-ақ өтіп жатыр. Оспанға алғашқы күні-ақ сот құрамын таныстырған. Бұл жолғы тергеу ісіне төрт бірдей сот қатысады екен. Жоғарғы әскери трибунал, жоғарғы сот, аймақтық орта сот, қалалық сот. Жиыны жетпістей адам. Оспанның бір аңғарғаны, әскери трибуналдан басқа жерде ішкеріден келген қытай адамдары көп араласпай қалтарыста қалуға тырысыпты. Негізгі құрам — Шыңжаңның жергілікті өз халқының өкілдері: ұйғырлар, қазақтар, дүңгендер, қырғыздар, моңғолдар... Тіпті, Оспан бұрын беті-жүзін көрмеген сібе-солаң дейтін ұлттың да өкілдері жүр. Мақсат белгілі: кейін халықаралық деңгейде сөз бола қалса, «Оспанды соттаған біз емес, Шыңжаңның өз халқы соттады» демек қой... Тек, бір таң қалатының: осылардың бәрі — кілең айыптаушы, араларында бірде-бір ақтаушы адвокат жоқ екен. Бұл елдің сот жүйесіне ақтаушы дейтін ұғым енбеген көрінеді.
Тергеушілер Оспанды әр алуан қырға салып көрді. Топтасып тергеу, кезектесіп ұтылап тергеу, оңаша жекелеп тергеу, қалжыратып, шаршатып, болдыртып тергеу... Алайда, Оспан соларға қалай жауап берем деп қиналған жоқ. Ақталуға тырысып, тер төгіп те жатпады. Өзін барынша байсалды ұстап, сұрақтарына қысқа, әрі нақты жауап беріп отырды. Тергеушіні қисыннан жеңіп, орынсыз сұрақтарды кері қатып тастаған кездері де аз болған жоқ.
Оспан қамалған түрме ғимаратында тергеушілер бөлмесі бар. Үстел, орындықтар қойылған, тергеушілер, хатшылар, тілмаштар отыратын кең, жарық бөлме. Сұрақ-жауаптар көбіне осында өтеді. Баяғы Шың Сы сәй заманында тұтқындарды неше түрлі әдіспен соққыға жытып, қинайды деуші еді. Мына қызыл қытайлар ондайға тыйым салса керек. Оның есесіне, сөзбен тұқыртуға, жертезек етіп қорлауға, рухыңды таптап жасытуға шебер-ақ.
Тергеу Оспанның талап етуі бойынша тілмаш арқылы жүріп жатқан. Бір күні, Жоғарғы әскери трибуналдан болса керек, бір дүңген келіп жауап алды. Оның дүңген екені «Ма»-дан басталатын аты-жөнінен ғана емес, құлу бастау келген қушық шекесінен, шошақ төбесінен байқалып тұр. Дүңгеннің тілі қытайша, діні — ислам, мұсылманға жатады. Баяғы Құтайба бастаған араб әскері шығысқа жорық жасағанда, арты ішкі Қытайға өтуге мұршалары болмай, бергі Гансу мен Шыңхай өлкелерінен қайтқан ғой. Дүңгендер - сол жылдары мұсылман болып үлгірген қытайлар мен таңғұттар... Мына дүңгенді дін жағынан жақынсың деп, Оспанға әдейі жіберіп отыр ма, кім білсін?!
— Сіз, Оспан мырза, Шыңжанда қанша қазақ бар екенін білесіз бе? — деді ол бір сөздің кезегінде.
— Жарты миллиондай десіп жүр ғой білетіндер...
— Ал, Ханзу1 ше? Біздің Жуңхуа мемлекетінде қанша ханзу бар деп ойлайсыз?
— Ит біліп пе! Әйтеуір, хисапсыз көп дейді ғой өздерін...
— Білмесеңіз, мен айтайын, бес жүз миллион2! — деді тергеуші өзінің білімдарлығын көрсетіп. — Демек, қазақтан мың есе көп деген сөз. Бір қазаққа — мың ханзу тура келеді. Осыны біле тұра, сіз сондай ұлы халықты жеңемін деп ойладыңыз ба?
Мына сөзді естігенде, Оспан сапсиып өсіп кеткен сақал-мұртын тулатып, кеңкілдей күлді. Сонан соң:
— Кешіріңіз, тергеуші мырза, ұлттардың жайы сөз болып қалды ғой. Сіз түр-әлпетіңізге қарағанда дүңген боларсыз? — деді бірден байсалды қалыпқа көшіп.
— Иә, мен Шыңжандағы он үш милләттің бірі — дүңген ұлтының өкілімін.
— Ендеше, аз ұлттар ішінде қытай үстемдігіне қарсы ең көп бас көтерген ұлт қайсы, соны білесіз бе?
Әлденеден секем алған тергеуші қипақтап қалды.
— Мақтануыңызға болады, қытай билігіне қарсы ең көп көтерілген ұлт — дүңгендер! — деді Оспан тергеушіге қадала қарап. — Санының аздығына қарамастан, дүңген ағайындар қытайға қарсы уақ-уақ ғадауат3 жариялап отырған. — Оспан соны айтып, соңғы бірнеше ғасырдағы дүңген көтерілістерін санап шықты. - Өткен 19-ғасырда Үрімжі маңында уақытша құрылған дүнген мемлекеті өз алдына, ең соңғысы — 1933-жылғы Ма Жиың мен Ма Буфаң көтерілісі әлі есімізде. Амал не, сол тұста Шың Сы сәйге болысқан орыс әскері дүңгендерді ту сыртынан қапыда соғып, қытайға жығып берді ғой... Демек, азаттық жолында алысу үшін, шешуші нәрсе ұлттың саны емес, тергеуші мырза. Кейде өш алу үшін жеке бір адам да күреске аттанады. Адамды күреске бастайтын — кек пен намыс. Адамдар кейде құлдықта өмір сүргенше, азаттық жолында алысып өлгенді артық көреді...
Мына сөздерді естігенде, тергеушінің көзі бақырайып кетті. Оспан сияқты өнебойы ат үстінде жүрген көшпенді қазақ не білер дейсің деп келген ғой. Сөйтсе, алдында оқымаған академик отыр... Осыдан кейін тергеушінің сөзінде мән қалмады. Уақыт өткізу үшін әрнені бір сұрап отырды да, түске таман бүгінгі әңгіменің біткенін мәлімдеді. Әйткенмен, ол да мұсылман әулеті емес пе, тергеу барысында көңілге түйген сөзін ішке бүгіп қала алмады.
— Оспан батыр, мен бұрын сізді құралайды көзге атқан мерген деп естуші едім. Алла-тағала сізді ақыл-ойдан да құр алақан қалдырмаған екен! — деді орнынан көтеріле беріп.
Күн сайын жалғасатын тергеу, сұрақ-жауап — жәй уақыт өткізудің, хаттама қағаз толтырудың амалы екені, үкімнің әлдеқашан шығарылып қойылғаны екі жаққа да мәлім болатын. Оспанның іс-әрекеті, арадағы соғыстар, қытайдың азаттық армиясы мен үш аймақ әскерінің адам шығыны баяғыда есептеліп, қағазға түсіп болған-ды. Ендігі қалғаны қылмыскерді өз аузынан мойындату, тергеу актісіне бармақ бастырып алу ғана. Бірін-бірі қайталап, қадалып сұрай беретіні: бірнеше мәселе. «Социализмге, жалпы коммунистерге қарсы шыққан себебің не?» дейді. «Өлкелік өкімет пен үш аймақ арасындағы бітімнен кейін уәлилік қызметіңді тастап, неге тауға шығып кеттің?» дейді. «Жалпы, банды болып, атқа қонғаннан бері қанша адамның қанын төктің?» дейді. «Үрімжідегі Америка консулдығымен қандай байланыста болдың?» дейді... Осы сияқты қым-қиғаш сұрақтар. Амал жоқ, кеше айтқан жауабыңды бүгін тағы қайталайсың.
Бүгін жауап алу кезегі Жоғарғы соттың мүшесі, ұйғырдың лауазымды азаматтарының біріне тиіпті. өзі аузынан мәйегі көрінген, тойған тоқтыдай толық жігіт екен. Темекісін асықпай тартып, қоңқақ танауынан көк түтінді шұбалта отырып сұрақ қойды. Оспан өзі ұйғырша сөйлемесе де, туыс тілді біршама түсінетін-ді. Бірақ, мына тергеушінің тоқшылықтан ықылық атып отырғаны ұнамай, тырыса қалды да:
— Тілмаш алдырыңыз, — деді оған түйіле қарап.
— Қалайша? — тергеуші таңданған түр байқатты.
Алтайда ұйғыр жоқ екенін білесіз. Мен ұйғыр тілін түсінбеймін.
Тергеуші күйіп-пысып, қарауылдардың бірін жұмсап, тілмаш алдыруға мәжбүр болды.
— Сіз Совет Одағына, жалпы социалистік түзімге қарсы екеніңізді мойындайсыз ғой? — деді ол, өзінше, алғашқы сұрақты уыттана, өшіге бастап.
Оспан мынаған не деп жауап берерін білмей, біразға дейін түйіліп отырып қалды.
— Сөйлеңіз. Неге үндемейсіз? — деді, бандының осал жерінен дөп бастым деп ойлаған тергеуші.
— Үндемей қалғаным, қойған сұрағыңыз нақты емес, бұлдырлау, — деді Оспан оның бетіне шаншыла қарап. — Өйткені орыс өкіметі басқа да, социализм басқа. Орыстарға қарсы шыққаным, олар маған ылғи да екі жүзді, сайқал саясат ұстанды. Басында олар маған көмек қолын созды. Монғолия арқылы жасырын жолмен қару-жарақ беріп тұрды. «Көмегіміздің парыз-қарызы жоқ. Біз қашанда езілген ұлттардың жанашыр досымыз» деп еді. Кейін бұл уәдесінен жалт берді. Ту баста дін исламды ту қып көтерген «Шығыс Түркістан» Республикасын жойды да, оның орнына қуыршақ «Үш аймақ» өкіметін құрып, оларды маған қарсы айдап салды. 1947-жылы Алтайда үш аймақ әскерін басқарған генерал Дәлелхан біздің партизандардан жеңіліп, Шәуешекке қашып барғанда, орыстар оған көмекке бір полк әскер беріп, Алтайда үш аймақ үстемдігін қайтадан орнықтырды...
— Дегенмен, сіздің Совет Одағын ұнатпайтыныңыздың түп себебі, коммунизмге деген өшпенділігіңізде жатқан жоқ па? — деді мардамсыған тергеуші «Жуңхаяң» атты қытай сигаретінің тағы бір талын тұтатып жатып.
— Мен социализмді де, коммунизмді де өз көзіммен көрген адам емеспін. Ал, бірақ Лениннің адамды адам қанамайтын, адамдар да, ұлттар да тең жасайтын қоғам құрамыз дегені маған қатты ұнайтын, — деді Оспан атынан жарылып. — Бірақ Ленин өлген соң олар да сара жолдан тайған көрінеді. Мал-жанды ортаға саламыз, ортақ қазаннан ас ішеміз деген ұран шығыпты. Дінге, ораза-намазға қарсы шығып, молдаларды қуғындап, мешіттерді шатып тастапты. Айтыңызшы, мұндай қоғамда қалай өмір сүруге болады?!
— Мен былтыр ғана Совет Одағында болдым. Жаңағы сіз айтқан жағдайды байқағам жоқ, — деді тергеуші шірене шалқайып.
— Ал мен ол жаққа барғамын жоқ. Бірақ естіп-білгеніміз аз емес, — деді Оспан баяу тіл қатып. — Біздің елде отызыншы жылдары арғы беттен қашып келгендер қаптап жүр. Солар бастан кешкендерін айтып отырса — төбе шашың тік тұрады. 1932-жылы орысқа қараған қазақтың қақ жарымы аштан қырылған. Ал, 1937-жылы қазақтың сорпа бетіне шығар зиялы азаматтарын «халық жауы» деген айдармен түп-түгел атып тастаған... Осыларды біле тұрып, қалай ішің жылиды орыстарға? Жалпы, орыс мемлекеті ешкімге де опа қылмайды. Опа қылса, күні кеше соларға жан-тәнімен беріліп қызмет еткен «Үш аймақ» басшылары: Ахметжан, Ысқақбек, Дәлелхандар қайда жоғалып кетті. Айырплан апаты деген сылтаумен солардың да көзін құртпады ма?!
Екінші бір үстелде Оспанның аузынан шыққан сөздерді қалдырмай жазып отырған адамдар бар. Сондықтан, бандыны шектемей сөйлете беру туралы нұсқау берілген. Өйткені, оның әр сөзі қылмысқа жатады. Ал, Оспанның тергеу кезінде әрнені қамтуға тырысатыны — бір сөзім болса да қағазға түссін деп ойлайды... Әйтсе де, үш аймақ басшыларының тағдыры жайында сөз болғанда, тергеуші шыдай алмай, орнынан тұрып кетті.
— Міне, бұл — нағыз кері төңкерісші бандының сөзі! Басқа қылмыстарыңды былай қойғанда, тек осы сөзің үшін-ақ сені атып тастауға болады, — деді қалш-қалш етіп.
Оспан лекіте күлді:
— Онда, бүгін сіздің еңбегіңіз өтеліпті ғой. Бандының жаңа қылмысын аштыңыз. Бұрын менің қылмысым ату жазасына толыңқырамай тұр еді. Бүгін соның кемін толтырдыңыз...
Бұл сөздің шыны қайсы, кекесіні қайсы, оны саңлаусыз тергеуші аңғара алған жоқ. Дегенмен, ол өзінің бүгінгі еңбегіне өте разы еді. Ал, Оспан болса, өз сөзін осындағы біраз адамның естігенін, айтқандарының қазақша, қытайша қағазға түскенін аужал тұтты. Кім біледі, күндердің күнінде мұның сөздері архив ақтарған біреулердің назарына ілігуі де мүмкін ғой.
ІІІ
Кейде Оспанның түсіне Алтай кіреді. Тәңірім-ай, бұл дүниеде Алтайға жететін жер бар ма екен?! Арындаған ақбурыл өзендер, жасыл орманды сай-сала, қаракөк бояуы бір солмайтын қарағайлы қапталдар, төрт түлік мал қанша қадалса да бетегесі бітіп болмайтын бел-белестер. Желі жұпар, суы саумал, жасыл жайлау... Кейде түсінде осы ортада көкпар тартып жүреді. Енді бірде дүрілдете жылқы қуып, қашағанның мойнына шалма тастап жатады... Ал, ояна келсе бәрі керісінше, қандаласы қасқырша талаған тар бөлме, қамау, қапас. Басына жастанған кенеп тысты жастығы көз жасына дымданып қалады. Қайғы-қасіреттің де жасы емес, сағыныш жасы. Алтайға деген сағыныш... Тәңірім-ай, тауы құтты, тасы алтын сол өлкеде жүріп те, адам баласы әлденеден кем, қор болдым деп күпірлік етіп, тарығады-ау! Сондай жерді жауға бермейміз, жат жұртқа таптатпаймыз деп қолына қару алмады ма Оспан мен оның серіктері?!
Ендігі жатыс мынау: тар бөлме, тас қабырға. Кеспектегі өз дәретінді өзің иіскеп, қандала мен бүргеге жем болып жатқаның. Тәңірім мұндайды кең далада туып, киіз үйде өскен қазақтың басына бермей-ақ қойсын! Көшпенділер кең тыныстап, еркін жусасын деп, төрт түлік малды да қораға қамай бермеуші еді. Ал, адамды, ат үстінде желмен жарысып жүрген қазақты қамау деген... Өлшеулі тамақ, өлшеулі ауа. Тынысың тарылып, тұншығып кете жаздайсың. Оспанды басқалар сияқты аулаға бой жазуға да шығармайды-ау. Өзі секілді бандылармен тілдесіп, сөз байласып қояды деп қорқады.
Түбі бұлай болар деп кім ойлаған. Әйтпесе, Оспан жасы отыздан асқанша қақ-соқпен жұмысы жоқ, ауылдағы жәй ғана шаруа болатын. Әкесі Исламның орта-шарқы ғана дәулеті болды. Жүз шақты қой, айғыр үйірлі жылқы, көшкенде шаңырақ салатын түйелері мен сауын сиырлары бар еді. «Көшке ілесе алмай қалыпты» дейтін ағайынның пыш-пыш сөзінен қашып, бұлар да ел қатарлы жайлауға шығатын. Әкесінің Күртінің суына салатын аздаған егіні болатын-ды. Ауылды жайлауға көшіріп қондырған соң, Оспан ара-кідік ойға түсіп, сол егінді күтіп, суарумен айналысатын. Бұған құдайдың бере салған бір мінезі: жас кезінде-ақ елең-селең бос жүрісті ұнатпаушы еді.
Қорадағы аздаған малға қорғаныш болсын деп, қызылсырағанда аңға шығып қайтатыны бар-ды. Ердің көркі саналатын жүйрік ат, ұшқыр тазы, түзу мылтық — Оспанның да жан құштары еді. Күзге қарай жолдастарымен бірге Құбының құмына барып, құлан атып қайтады. Қарақұйрық пен тауешкі, елік, бұғы-марал дегендерің бергі ауыл арасынан да табылады... Сөйтіп жүріп, «Оспан мерген» атанды. Ол жылдары елде мылтық көп емес, оқ-дәрі дегенің жоқтың қасы. Мерген болмасқа амалың жоқ. Өйткені, атқан оғың зая кетпеуі керек. Оспанның қос жанары дүрбідей өткір, қиядағыны шалады. Жалпы, мылтық — ер серігі, бес қарудың бірі ғой. «Қару жисаң мылтық жи, қарның ашса тамағың, жаяу қалсаң таяғың» деген екен баяғыда найман Ақтамберді жырау. Содан ба, Оспан мылтыққа жас кезінен бауыр басты. Батыр атанбас бұрын «Оспан мерген» атанды. Шіркін Өр Алтайда небір мергендер болды-ау: Сүлеймен мерген, Мұса мерген, Қапас мерген... Кейін Оспан да солармен қатар аталатын болған.
Құдауанда қазір сол мергендердің бірде-бірі жоқ жер бетінде. Бәрі де жау оғынан мерт болды. «Аң шадырын оқ табады» дегендей, ажал оғы да мергендерге үйір. Небір шайқастарда оқ дарымай қойған соң, мінеки, дұшпандары Оспанды енді байлап қойып нысанаға алмақ. Амал не, бұл да тағдырдың жазуы шығар. Ана бір жылдары бір ел ақтаған диуана Оспанның алақанына қарап отырып: «Әлі де біраз су ішерлігің бар екен. Бірақ, түбі, ажалың оқтан болады» деп еді. Сол ажал оғын ұзақ күтті Оспан. Әр шайқасқа араласқан сайын, «бәлкім, осы жолы бетпе-бет келерміз» деп ойлайтын. Енді, міне, қан майданда кезікпеген сұм ажал мұны қапасқа қамап, мазақ еткенін көрдің бе?! Батырды атуға қайбір атақты мерген келеді дейсің. Әлдебір шегірткедей шерік он қадам жерден көздейтін шығар...
Несі бар, батырмын деген адамға жау оғынан өлу де бір ғанибет. Қазір жасы елу екіде. Күш-қайратының нағыз толысқан шағы... Амал не, осы жасында-ақ жауынгерлік жолын аяқтады. Азаттық үшін айқас аяқталған соң, қыбырлап күн көретін ендігі өмірде не мән бар? Жарайды, ел қатарлы итшілеп жетпіске келсін, сексенге келсін, отбасында омалып өлгенде не мархадам табады? Шүкір, осы жасында «өлсем — шейітпін, қалсам — қазымын» деген сеніммен жаудың шебін талай мәрте жарып өтті. Қапы қалдым дейтін жайы жоқ, жастығын ала жығылу қажет болса, оны да артығымен орындады. Бүгінге дейін тек Оспанның өз оғынан ажал тапқандар қанша екен? Жүз бе, мың ба — санаған кісі жоқ. Қазылар сауапқа батып, бейішке барар болса, мұның қазылығы жетіп артылады. Түріктерге «Осман империясы» деген ат әперген сұлтанды өз елінде «Осман қазы» деп әспеттейді екен. Сірә, ол да өз қылышын дұшпан қанына армансыз суарған адам болса керек. Ал, бұл елде кейін Оспанды кім деп атайды екен? «Батыр» дей ме, «банды» дей ме?
Кеше бұдан жоғарғы әскери трибуналдың бір мықтысы, ішкеріден келген қытай генералы жауап алған. Сол мынадай сұрақ қойды.
— Сіз бүлік бастап, атқа қонғалы он жылдан асқан екен. Сол он жылда қанша қытайдың басын жойдым деп ойлайсыз? — деді көзәйнегі жалтылдап, генералдық шенін бір сәт ұмытпай, шалқая түсіп.
— Сіз қайсы қытайдың есебін алғалы отырсыз? Бұрынғы Шың Сы сәй шеріктері ме, әлде кейінгі қызыл әскерлер ме? — деді Оспан қарсы сұрақ қойып.
— Бәрі бірлікте... Өйткені, олардың бәрі де бір мақсатта, мемлекет тұтастығын қорғаған әскерлер ғой.
— Мен соны санамаппын. Біз, әсілі, жауды санап соғыспаймыз, — деді Оспан қырсықтанып. — Бәлкім, өлгендердің есебі сіздерде бар шығар...
— Үш дивизия мөлшерінде... Яғни жиырма мыңдай адам, — деді тергеуші генерал қатулана сөйлеп. — Демек, сіздің қан қарызыңыз жетіп тұр.
— Иә, солай болып та қалған шығар, — деді Оспан ойланып қалып. — Біздің де шығынымыз аз емес. Үш мыңға жуық сарбазымыз бар еді, соғыста соның қақ жарымы басын берді ғой...
— Өздерін он орайтын күшке небәрі үш мың әскермен қалай төтеп беріп жүрсіз? — деді генерал таң-тамаша болып.
— Біздің партизандарды жәй әскер деуге келмейді. Атқан оғы жерге түспейтін мергендер ғой шетінен. Әрқайсысы жаудың жүз шерігіне татиды — деді Оспан мақтанышын жасыра алмай. — Сонан соң бізге ата мекен, туған жеріміз көмектесті. Алтайдың әрбір тасы, құз-қиясы бізге пана болды.
Төмен қарап ойланып қалған генерал әлден уақытта басын жылдам көтеріп алды:
— Мойныңызда мыңдаған адамның қаны бар. Соншама қан төгістен кейін өзіңізге қандай жаза кесіледі деп ойлайсыз? — деді тергеуші кекжиген тәкаппар қалпын қайта тауып.
— Ол жағы маған емес, сіздердің кісіліктеріңізге байланысты, — деді Оспан да оған сығырая сынай қарап. — Бір елдің азаттық үшін алысқан азаматы екен, бостандық берейік деп қоя берсеңдер, өз жөніме кете берем... Ал, қайтсек те осының көзін құртайық десеңіздер, оған да дайынмын.
— Мойныңызда жазықсыз төгілген көп қан қарызы бар ғой. Оның қарымтасы жоқ деп ойлайсыз ба?
— Оққа ұшқан жиырма мың шерік дедіңіз бе? — деді Оспан тергеушіге шадырая қарап. — Мен солардың бірде-бірін танымаймын. Ұзында өшім, қысқада кегім жоқ. Оларды «Алтайға келіңдер» деп шақырған да — мен емеспін. Іздеп келген өздері. Қолдарына қару алып, сонда тұратын қазақтарды қырам-жоям деп к