Әдебиет
Аранға түскен аққулар
Бұл еңбегімді «АЛЖИР» лагерінде жазықсыз жапа шеккен арулар рухына бағыштаймын.
Автор
I
Биыл Арқа өңіріне қар қалың түскен. Айнала-төңіректе жыбыр еткен жан жоқ. Ұшы-қиырсыз ұлан дала бейне ақ кебінге оранғандай сұлық жатыр. Тіршілік атаулы бұл өлкеден басқа бір жаққа ауып кеткен секілді. Осыдан небәрі ширек ғасыр бұрын осынау Арқаның байтақ даласында қыс ызғарын елемей, қалың қарды түбіттей түтіп, мың-миллион жылқы тебіндеп жатты дегенге кім сенер?! Ал, халық ше? 1916-жылы патшаға әскер бермейміз деп, дүрк көтеріле атқа қонған асау-арда халық қайда? Осыдан тура бір ғасыр бұрын осы өлкені оңды-солды шарлаған Кенесары ханның сарбаздары орыс отаршыларының зәресін алып, сонау төбесі көрініп тұрған Ақмола бекінісінен бір полк орыс әскерін қуып шықты дегенге кім сенер?!
Иә, бұл өлкеде елден ие, жерден кие кеткелі қашан. Қазақ даласы қазір қаңырап бос қалған сияқты. Елде ес, халықта сес жоқ. Ұлт рухы өшкен. Көш бастар көсемдер келмеске кетіп, қырқын жисаң қыр аса алмайтын, томағалы тобыр қалған. Қазір бұл даланы елес кезіп жүр. Аруақтар елесі. 1928-жылғы кәмпескеде төрт түлік малдан айрылып, 1932-жылғы қолдан жасалған ашаршылықта шыбынша қырылған, сүйектері көмілмей шашылып қалған үш миллион қазақтың аруағы әлі де болса өз мекендерін қиып кете алмай, туған жер аспанында қалықтап ұшып жүр... Бұрын мұндайды көрмеген көрбала, момын ел сол зұлматтардың кімге не үшін қажет болғанын енді-енді түсіне бастағандай. Сөйтсе, болашақ қожайындарға мына даланы тез арада босату керек екен ғой. Қазір, несін айтасың, әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ, отаршылар бағынышты бодан жұртына ойына келгенін істеп жатыр...
Жол жиегіндегі жарлауыт сіреу қардан қылпы ғана көрінген мына бір ат-шананың баяу жылжып келе жатқанына да біршама уақыт болды. Сол шанадағы үш жолаушы болмаса, бұл маңайда адамзат мекені бар деп ойламас едің. Манадан бері әңгімеге арқау болған жайлар — жәй айтыла салған қыстырма, қысыр сөз емес, шанада ат тізгінін ұстап келе жатқан Дәмелінің буырқанған ойлары. Іште жатқан шер-шемен, қысылып шыққан қыжыл... Бұл күнде тілде тиек, ауызда қақпақ бар. Бірақ, сөйлер сөзге, әрекетке шек қойылғанымен, адам ойына тұсау салу әзірше ешкімнің қолынан келер емес. Қиял жүйрік, ой ұшқыр. Әйткенмен, ойлануға да уақыт керек екен. Осындай оңашада қалғанда ғана өкінішті ойларға ерік беріп, өткен-кеткенді талғажау етесің.
Шанада Дәмеліден басқа тағы екі әйел отыр. Үшеуі де — «АЛЖИР» лагерінде жазасын өтеп жүрген тұтқындар. Сонау қыр астындағы мал фермасынан шығып, лагерь орталығына келе жатқан беттері. Бұрын бұл жазалау орнын «Карлагтың» 26-бөлімшесі дейді екен. 1938-жылдан бері кілең әйелдердің еншісіне тиіп, «АЛЖИР» деген атқа ие болды. АЛЖИР — қысқарған сөз. Орысша «Акмолинский лагерь жен изменников родины» деген сөздердің бас әріптерінен құралған. Қазақшасы: «Отанға опасыздық жасағандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері». Тұрған жері — Ақмоланың өзі емес, қаладан қырық шақырымдай жердегі иен дала.
Дәмелі лагерь орталығына ерте-жарықта жетпек болып, қарынсау, жалдас торыға қамшы жұмсап көріп еді, одан шабан торының жүрісі ширай қойған жоқ, әудем жерге дейін борт-борт желіп барды да, баяғы мимырт аяңға қайта көшті. Бұл үш әйелдің ішінде: Дәмелі — адам дәрігері, Ғазиза — мал дәрігері. Екеуі де — отыздың ішіне енді ілінген келіншектер. Қызмет бабына қарай фермадағы мал қораларын аралай беруге ерікті. Ал, бұлардан гөрі кекселеу, жасы қырықтың ішін аралаған үшінші әйел Нұржамал — қойшы. Қарауыл бастығы айтқаныма көне қоймадың деп, кеше түнде мал қораға қамаған екен, содан екі өкпесіне бірдей суық тиіп, орталықтағы ауруханаға келе жатқан беті. Бұрын осындай сапар кезінде тұтқындардың қасында мылтығы шошайып қарауыл отырушы еді. Кейін әйелдердің ешқайда қашпайтынына көздері жетті ме, әлде майданға адам керек болды ма, күзеттегі солдатты азайтты. Малшы тұтқындар ауыл арасында осылай еркін жүре беретін болған.
Майдан демекші, Германияның Совет Одағына қарсы соғыс жариялағанын былтыр бір жыл бойы тұтқын әйелдерден жасырып келді-ау! Өздерінше, жау жағына тілектес болады деп тұтқындарға сенбегені... Алғашқы екі жылда хат-хабарға да рұқсат етілмеген. Сырттан келетін тырс еткен белгі болмай, тұтқындар иен аралда қалғандай күй кешкен. Тек, жаудың беті қайтып, Мәскеу түбінен шегінген соң ғана соғыс туралы ақпараттар айтыла бастады. Майданнан келетін хат-хабарға да жол ашылып еді. Әйтеуір, хаттарына қарағанда майдандағы жауынгерлердің рухы үстем: «Арадағы келісімді бұзып, отанымызға опасыздықпен шабуыл жасаған неміс фашистерін өкшелей қуып барамыз. Түпкі жеңіс — біздікі» деп жазады шеттерінен. Қолдарына қару ұстамаса, ішкен асы бойына тарамайтын, жазықсыз жандарды лагерлерде тұншықтыратын, соғысып жатқан бұл екі елдің қайсысы фашист екенін құдай білсін?! Мұндайда қазақ сияқты бұратана халықтар кімнің тілеуін тілеу керек? Бұл да — шешілмеген түйіндердің бірі.
— Нұржамал апай, қалайсыз? Ыстығыңыз қайтқан сияқты ма? — деді қашанда өзін көңілді ұстайтын, аққұба жүзді, жайнаң көз Дәмелі бір кезде арт жағына бұрылып.
— Шүкір, манағыдан гөрі тәуірмін, — деді ескі құлақшынның сыртынан неше түрлі шоқпытты орап алған Нұржамал бұл жолы ширақ тіл қатып, — мені қойшы, жаны сірі адаммын ғой, қайтер дейсің. Одан да майдандағы балалар не күйде екен, соны айтсайшы...
— Оларды уайымдап қайтесіз. Олар жалғыз емес және біз сияқты қамауда отырған жоқ, өздері сияқты мыңдаған адаммен бірге жүр, — деді қасында отырған Ғазиза сөзге араласып.
Ғазиза да бір кезде жұрт назарына іліккен қаракөз айымның бірі еді. Қазір ол да жүдеген. Үстіндегі шоқпыт киімдер одан ары кетеуін кетіріп тұр.
Иә, қазір осындағы тұтқын әйелдердің де аға-бауыр, туыстары, не балалары майданда жүр. Өткенде Нұржамалдың үлкен ұлы Әукеннен хат келген. 1937-жылы әкесі ұсталғанда он алты жастағы бала еді, оның да ержетіп, азамат болғаны ғой: «Халық жауының баласы атанып, көрінгенге көзтүрткі болғанша, тым құрса өз басымды ақтап алайын деп, «айыпкерлер батальонына» жазылдым. Жақында соғысқа аттанамын» деген-ді. Қазір сол Әукен майданда жүр. «Айыпкерлерді» соғыстың ең бір «барса келмес», қиын жеріне салады дейді ғой. Байғұс баланың тағдыры не боларын кім білсін.
Шанадағы үш әйел де — бұрыннан бірін-бірі білетін адамдар. Дәмелі мен Ғазиза — бір кезде ел тұтқасын ұстаған министрдің әйелдері, жоғары білімді мамандар. Ал, атақты жазушының жары Нұржамал — бес бала тәрбиелеп өсірген, оқуы аз болғанымен, тоқығаны мол, үй шаруасындағы әйел-тұғын. Үлкен ұлы Әукеннен басқасы қазір телімге түсіп, әр қалада жетімдер үйінде жүр. Демек, Нұржамалдың қайғысы басқалардан екі есе. Дәмелі одан «апай, сіз неге қой бағуды қолай көрдіңіз» деп сұрағанда, «Би-ағаң мен балаларымды ен далада қой соңында жүріп емін-еркін жоқтағым келді» деген-ді. Осындай қат-қабат қайғысы бар Нұржамалды басқа әйелдер сыйлап тұрады.
Бұлардың күйеулері де 1937-жылы күзде, бір мезгілде ұсталды ғой. Алғашқы тергеу кезінде соққыға жығылып, тістері түсіп, кетеуі кеткен түрлерін бірер мәрте көрсетті де, көп ұзамай бәрі де көзден ғайып болды. НКВД-ның адамдары «күйеулерің он жылға кесіліп, Сібірге айдалды» деп алдарқатқан. Ал, енді біреулер «оның бәрі бекер сөз. «Халық жауы» аталғандар әлдеқашан атылып кетті» деседі. Қайсысына сенесің. Тұтқын әйелдер қазір күйеулері туралы әңгіме айтуды қойған. Олардан гөрі артта қараусыз қалған, детдомға өткен балаларын айта береді. Жұрт не десе де, қазақ әйелдері күйеулерін өлді деуге қимай, кебенек киген ер-азамат түбінде бір оралар деп, үміт үзбей жүретін- ді. Мәскеуден, Ленинградтан, тағы басқа республикалардан келген оқымысты әйелдер сол әлсіз үміттің өзін үзіп тастады. Орыстар да, хохолдар да күлбілтелемей турасын айтатын жұрт қой: «Естеріңде болсын, лагерьге жіберілген әйелдердің бірде-біреуінің күйеуі тірі емес. Күйеуі «халық жауы» болып, атылып кетпесе, әйелін мұнда әкелмейді» деп шындықты бірден айтып салған. Мәскеуден, Кремльдін дәл қасынан келген адамдарға қалай сенбессің?!
Дәмелі тағы да арттағы серіктеріне бұрылды:
— Нұржамал апай, сіз ауруханада жатып, ем қабылдай беріңіз. Ал, мен сіздің денсаулығыңыз туралы анықтамаға қоса, қарауыл бастығының сізге істеген зорлығын хатқа түсіріп, лагерь бастығына тапсырамын, — деген, дауысын әдеттегіден қаттырақ шығарып. — Біреулер тексере қалса, сөзіңізден тайып кетіп жүрмеңіз.
— Сіңлім, Дәмеш-ау, сол өткен істі қоздата беріп қайтесің? — деді Нұржамал марғау тіл қатып. — Ол неме өшігіп алып, одан да зорғысын істеп жүрмей ме маған?
— Ол істі аяқсыз қалдыруға болмайды! — деді Дәмелі қатайып. — Үндемей қалсаң, басынып алады... Өзіңіз қарауыл бастығын қимай отырғаннан саусыз ба? Қанша дегенмен, сізге көңілі ауған адам ғой...
— Қойшы әрі, қайдағыны айтпай! Өздерің сияқты жас келіншектер тұрғанда, еркекпен ойнау менің не теңім?!
— Сол оқиға қалай болды өзі? Басынан бастап айтыңызшы! — деді болған оқиғаға онша қанық емес Ғазиза сөзге араласып. — Бәлкім, мені де куәға тартып қалар.
— Ой, тәйір-ай, әлгі жынды қарауыл бастығының істеп жүргені ғой. Мазепа ма еді, кім еді соның аты?
— Соның дәл өзі. Атын да жаттап алыпсыз ғой, — деді Дәмелі әзілге айналдырып.
— Сол Мазепа анда-санда фермаға келіп тұрады. Жұрт көзінен таса, оңашада көңіл көтергісі келеді-ау деймін. Бізге бұйырмаған мал солардың еркінде. Кейде қой сойдырып, қуырдақ жеп, сорпаланып жататыны бар. Ішімдігін не қоржынға салып ала келеді. Алдында еститінмін: «Ішіп алса, сондағы малшы қатындарды алма-кезек зорлайды» деп... Ойымда ештеңе жоқ, кешке жақын өрістен қайтқан малға шөп шашып жатқанмын. Қарауылдар көрші үйде ет жеп, арақ ішіп, өздерінше дуылдасып отырған-ды. Бір уақытта қойға шабатын қасқырдай алақ-жұлақ етіп, жаңағы Мазепа қасыма жетіп келді. Келе-ақ, ай-шай жоқ, білегімнен ұстап, ішке қарай сүйреп барады.
— Әй, не болды? Саған не керек? — деймін балдыр-батпақ орысшамды аямай.
— Қатынның неге керек болатынын білмейсің бе? Бой суытам! — дейді әлгі албасты шімірікпестен. Бір қолын ышқырыма жүгіртіп, икемдеп әкетіп барады. Құдай сәтін салғанда, бір кезде бұлт етіп, қолынан шығып кеткенім. Шөп қораның аузында үш айыр теміраша сүйеулі тұрған. Жандәрмен соны алдым да, өзіне қарай тұра ұмтылдым.
— Әдіра қалғыр, алдымен сені жарып өлтірейін де, сонан соң өзім өлейін. Қатынжанды неме екенсің ғой, келші, көрейін әуселеңді! Сен, ақымақ, кімді басынасың? Сен өзің білесің бе, менің байымның тырнағына да тұрмайтыныңды! — деп, орысша-қазақшасы аралас, ит терісін басына қаптадым.
Сырт көзге дүрдиіп жүргені болмаса, өзі қорқақ неме екен, жансауғалап, көрші үйге барып тығылды. Сол беті қойған шығар деп ойлағам. Жоқ, олай болмады. Артынша екі қарауылды ертіп келіп, мені біраз төмпештеп алды да, қой қораның аузындағы діңгекке таңып тастады. Мен сол арада таң атқанша тұрдым дірдек қағып. Сол кеште күн мұндай суық болар ма, үстімде тоным бар еді, соның өзінде сақылдаған сары аяз өңменімнен өте шықты.
— Мазепаның бұл хайуандығын, шынында да, аяқсыз қалдыруға болмайды екен. Лагерь басшылары тексерер, тексермес, бірақ біз өз наразылығымызды білдіруіміз керек, — деді Ғазиза да ызаға булығып.
Дәмелі де осындай шешуі жоқ, ауыр ойда отырған. Жаңағы Нұржамалдың әңгімесі ескі жараның аузын тырнап, тереңде жатқан қай-қайдағы шерді қозғап еді. Дәл қазір басына келген ойды ортаға салғысы келіп бір оқталды да, соңынан тартынып қалды. Көңілдегі ащы запыранды Ғазиза түсінер-ау, бірақ Нұржамал қабылдамауы мүмкін. Немесе ашу үстінде тағы біреулерге айтып сала ма, кім білсін.
Лагерьде де осы Ғазиза секілді бірен-саран әйелдер болмаса, кім көрінгенге сыр ашып, мұң шаға алмайсың. Маңайың толған жансыз, салпаңқұлақ, тыңшы. Өздері қиянаттың құрбаны болып жүріп, байғұстар біреудің үстінен донос, сөз тасуға арланбайды-ау! Кіріптарлық адамға не істетпейді. Асып кетсе, бір бөлке нан, бір кесек ет үшін сені сатып кетеді.
Ал, Дәмелі мен Ғазизаның терезесі тең, мұңдары бір, ойлары ортақ. Екеуі бостандықта жүргенде де сырлас, мұңдас болатын. Кезінде жоғарғы элитамен араласқан, талай қонақасы, банкеттерде бірге болған адамдар. Мереке-мейрамдарда Кремльдегі дөкейлермен табақтас болған кездері де ұмытылған жоқ. Сондықтан, бұларға ел ішінде болып өткен саяси жағдайлар да жақсы таныс еді. Өз еліміз, өз жерімізде жүріп, осындай қорғансыз, міскін күйге қалай тап болдық? «Кеден-кеден болды, кедергі неден болды?» деген сұрақ төңірегінде де бұл әйелдер көп сырласып, көп толғанатын... Кейбір жағдайларға көңілдері толмайды, ақылдарына еш сыймайды-ақ. Бұл жағынан, ішінде өз күйеулері де бар, қазақ атқамінерлеріне өкпелері қара қазандай. Сол азаматтар елге пана, жұртқа тұтқа бола алмағаны өз алдына, тым құрса өз отбасын, бала-шағасын сақтай алмады-ау! Айдың-күннің аманында шеттерінен «халық жауы» болып, бүкіл әулетін өздерімен бірге құрдымға ала кетті. Бір кезде «министр байымыз бар» деп алшаң басқан арулар — бұл күнде көрінген айдауыл солдаттың қорлығына көнген «АЛЖИР» тұтқыны.
Бір рет екеуара әңгіме үстінде көңілі нәзік Ғазизаның Дәмеліге қарсы дау айтқаны бар.
— Өзіміздің азаматтарды кінәлай беріп қайтесің. Бұл — тек қазақтың ғана басына түскен іс емес, «СССР» деген тұтас елдің басына төнген зұлмат емес пе. Осындағы он мың тұтқынның ұзаса бір мыңы ғана қазақ. Қалғандары — орыс, украин, еврей, кавказ жұртынан. Олардың күйеулері де «халық жауы» атанып, әйелдері бізбен бірге лагерьде отыр. Өздерін қорғауға солардың сауаты жетпеді деп ойлайсың ба?
Бұл сұрақ Дәмелінің де көңілінде жүрген түйткілдердің бірі. Ол бірде осының мәнісін Мәскеуден келген оқымысты орыс әйелдерінен сұрап көрген-ді. Атылып кеткен маршал Тухачевскийдің қарындасы Елизавета осындағы қазақ әйелдерін өзінше жақын тартып жүреді. Бір әредікте Дәмелі сол әйелді оңашалап:
— Біз сияқты бұратана жұрт емес, Кремль өз орыстарын неге қуғындайды? Сіздердің билік басында отырған күйеулеріңіз бен ағаларыңыз қалай «халық жауы» атанып жүр? -деген, мәселені қабырғасынан қойып.
— Бұған бас қатыратын не бар, бәрі де белгілі емес пе? — деді Елизавета бұған таңырқай қарап. — Қазір Кремльдегі билік тым құрса орта білім де алмаған, жалаңтөс дүмшелердің қолына көшті. Олар өздерінен ақылы асқан білімді адамдардың бәріне күдікпен қарайды. Қолымыздағы билікті тартып алады деп қорқып, олардан тезірек құтылғысы келеді.
— Ал, біз ше? Бізден оларға ешқандай қауіп жоқ қой. Біздің елден ешкім билікке таласпайды.
— Сіздердің жөндеріңіз басқа. Көріп жүрмін, қазақтан да «халық жауы» көп шығыпты. Мақсат — өкіметке қарсы сөз айтатын, көзі ашық адамдардың бірін қалдырмай құрту. Сонан соң қазақ даласын емін-еркін билеу...
Бұл — Дәмелінің көптен өз көңілінде жүрген жай болатын. Елизавета соның дәл үстінен түсті. Орыстар Кремльге бір табан жақын ғой. Қазаққа дүдәмал көрінген дүние оларға ап-айқын... Иә, Лиза дұрыс айтады. Отаршылдар өз жоспарынан қайтпайды ғой қашанда. Сонау патша заманынан бері көздеген нысандарына біртіндеп жақындап келеді. Жарылқайды деген большевиктердің сиқы мынау. Алдымен тап күресі, кәмпеске деп, қазақтың қолындағы төрт түлік малды бір сыпырып алды. Малдан кейін адамға ауыз салды. Күнкөріс малдан айрылған көшпенділердің көп ұзамай өздері-ақ аштыққа ұшырап, жарым-жартылай жойылып кететінін отаршылдар іштей есептеп біліп отырды. Нәтижеде дәл солай болды да. Енді кім қалды күресетін? Құрып бара жатқан халқына араша түсіп, күңкілдеп, наразы болатын — сол баяғы зиялылар. Олардың қолынан көп ештеңе келмес. Әйткенмен, арамшөпті дер кезінде отап тастаған абзал. Бойында қаны, басында миы бар зиялыдан құтылса, соңында кілең мәңгүрттер мен малайлар ғана қалады. Енді мына дала — сенікі. Кел де, білгеніңді істей бер.
Жарайды, отаршылдардың жоспары солай-ақ болсын. Олардың түп ниеті о бастан кімге де болса белгілі ғой. Ал, біздің атқа мінген азаматтар олардың ығына неге оп-оңай жығыла кетті? Алдамшы, тәтті сөздердің ар жағында не жатқанын сезбегені ме? Өз ұлтын көрінеу тұрған апаттан арашалап қалудың орнына, өз басының мансап-қызметін күйттеп, қолына тиген майлы «жілікке» мәз болғаны қалай? Кімнің босағасында отырғанын, кімнің қолындағы қуыршақ екенін аңғармай, «қызыл тұлпар» болып арқырап, «қызыл сұңқар» болып шарықтағаны несі? Алдында ақыл айтар аға, жол бастар көсем болмаса бір сәрі. Қазақтан шыққан шолақ белсенділер ағаның ақылын тыңдаудың орнына, ұлт қамқоры боп жүрген Алаш қайраткерлерімен жауласты-ау! Айтаққа еріп, Алаш азаматтарын аяқтан шалғанына, шуылдап жүріп, соларды сахнадан тайдырғанына тау қопарғандай мәз болды.
Біреулер ел қолында аша тұяқ қалдырмаған кәмпескені де, 1932-жылғы ашаршылықты да Голощекиннен көреді. Иә, ол «қужақтың» қазақ жеріне апат алып келгені рас. Алайда соны Мәскеуден ат-түйедей қалап, сұрап әкелген — жергілікті қазақ большевиктерінің өздері емес пе?! 1925- жылғы Советтердің соңғы сайлауында мардымды дауыс ала алмай қызметтен шеттеп қалған коммунистер бірден от алып қамысқа түсті. Мендешеві бар, Сейфуллині бар, Рысқұловы бар, Сталинге алма-кезек арыз жазып, «Ойбай, Қазақстанда октябрь төңкерісінің игілігін басқалар көріп жатыр. Большевиктерді қызметтен ығыстырып, билік басына буржуазияшыл-ұлтшылдар келе бастады» деп жар салғаны қайда? 1925-жылы Сәкен Сейфуллин Кремльде Сталиннің қабылдауында болып, өзінің қызметсіз қалғанын, өзі ғана емес, басқа коммунистердің де биліктен ығысқанын айтып шағымданғанын қайда қоясың?.. Ал, Тұрар Рысқұлов сол жылы сәуір айында Сталинге хат жазып, байшыл-ұлтшылдардан көрген жәбірін айтып, Мәскеуден жедел көмек сұрады. Әлі күнге дейін «Алаш» идеясын насихаттап жүр деп, зиялылар топтасқан «Ақжол» газетін жабуды өтінді... Кремльге керегінің өзі де осы еді. Сталин «Май сұрасаң — міне құйрық» деді де, сол жылы қыркүйек айында кезінде Ақ патшаны үй-ішімен атып тастаған қанды қол Голощекинді Қазақстанға әдейі жіберді.
Бірақ, ұжымы берік, азаматтары тату-тәтті, саналы елдің ортасына келсе, жалғыз Голощекин не істей алар еді? Қанша қаскүнем, қанша қатігез болса да, іргелі жұртқа түк іс істей алмас еді. Оның алдында құрдай жорғалап, құлдай иілген — тағы өзіміздің жағымпаздар. Сол баяғы басы бірікпейтін ошақтың үш бұты. Қашанда ұлттың сорына, билеушілердің бағына құрылған ошақ қой бұл. Оның үстіне орнатқан тағың, сөз жоқ, орнықты болады. Аққу, шортан, шаяндай үш жаққа тартқан жұртыңның қызығына қарайсың да отырасың. Батыс, шығыс, оңтүстік. Бірінің үстінен бірі келіп арыз айтқанда, кімнің сөзін тыңдарыңды білмей дал боласың. Өздері мұндай шенқұмар, мұндай мансапқор болар ма, әрқайсысы жаңа басшының көзіне түсіп, тәуір қызметке отырғысы келеді. Филип Исаевич осындай бірін-бірі жамандап, өсек тасушыларды бір ай бойы үзіліссіз қабылдады... Несін айтасың, рахат! Кім байдың баласы, кім Алашорда мүшесі, кімнің дінге қатысы бар, кім ұлтшыл, кім түрікшіл, аз уақыт ішінде қажетті мәліметтер алақанында жатты. Мынаны көргенде табиғатынан ұстамды Голощекиннің өзі қарқылдап күлін жіберген. Міне, саған отар керек болса! Нағыз бос жатқан батпан құйрық! Міне саған — теп-тегін шылқа май! Бір шетінен қиялай кесіп ал да, қылғыта бер. Ойпырай, мұндай да берекеден жұрдай, алты бақан, ала ауыз ел болады екен! Октябрь төңкерісінің иісі мыналардың танауына, шынында да, бармаған екен. Тап күресі мүлде жүрмеген... Филип Исаевич бұларға көрсетеді әлі төңкерістің қандай болатынын! Осындағы шолақ болшевиктердің өзі: Рысқұловшина, Сейфуллиншина, Меңдешевшина болып, өзара қырқысады екен. Байғұстар «шинаның» не екенін енді білетін болады... Бұл келердің алдында «Алашорда» туралы, Совет өкіметін кімнің қалай қарсы алғаны жайында мол мәлімет беретін «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітап шыққан екен. Соны дереу орысшаға аудартты да, астын сызып тұрып оқып шықты. Осыдан кейін көп бөгелген жоқ, тап күресін жүргізуге, бай-құлақтарды жоюға бірден кірісіп кетті...
Ой ағымының дәл осы тұсына келгенде, ішкі күйзелісін баса алмаған Дәмелі:
— Ой, Алла-ай! Ертеңгі күнін ойламайтын, сәби бала секілді не деген аңқау, не деген ойсыз-қамсыз ел едік?! — деп қалай дауыстап жібергенін өзі де аңғармай қалды.
— Не болды, Дәмеш? Тағы да өзіңді-өзің мүжіп, қалың елің қазағыңды шыжғырып келесің бе? — деді артта отырған Ғазиза күле тіл қатып.
— Тұтас елді емес, қазақтың атқамінер азаматтарын «ағаш атқа» мінгізіп келемін.
— Олар не жазды саған? Онсыз да еш жазықсыз «халық жауы» атанып, құрбан болды емес пе, байғұстар.
— Сол жігіттерді Совет өкіметінің жауы деп емес, ұлт қамын ойламаған рушылдар, жікшілдер, өз басының мансабын ғана күйттеген шенқұмар жағымпаздар деп соттаса, мен екі қолымды бірдей көтерер едім.
— Е-е, тағы да анау бір мәселені қозғап отыр екенсің ғой! — деді Ғазиза жағдайға қанық екенін аңғартып.
Кейде бір өзі екіге жарылып, өзара дауласу, іштей тартысу Дәмелі басында бұрын да болып тұратын. Бостандықта жүргенде де күйеуі Әмірбек екеуінің арасында талас-тартыс аз болмайтын. Әмірбек — үкіметтің оң қолы, министр, әлі де ештеңеден тауы шағылып, беті қайтпаған большевик. Ал, Дәмелі болса — үнемі халық жағында жүретін еркін ойлы дәрігер. Дәмеліге ұлтшылдық сарын қайдан, қалай жұқты дейтін емес, ағасы (әкесінің інісі) — Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі Әлімхан Ермеков. Көзін ашып көргені — Алаш қайраткерлері, естігені — ұлт, халық, тәуелсіздік... Ал, отаршылдарды қаршадай кезінен иттің етіндей жек көреді.
Рас, Әмірбек те «Алаш» идеяларын жоққа шығармайтын. Ол да өз ұлтын жанындай жақсы көретін-ді. Бірақ ол өз халқын азаттыққа, теңдікке жеткізудің бірден-бір жолы социалистік қоғам орнату деп түсінді. Сол үшін де Совет өкіметін жан-тәнімен қолдады. Әмірбектің бір ерекшелігі, ол басқалар сияқты рушылдық, жікшілдік дертіне шалдыға қойған жоқ. Жастау кезінде өзбек, тәжік арасында жүрді де, қазақ ішіндегі тақ таласына да бой салып араласпады. Ташкенттегі Орта Азия университетін бітірген соң біраз жыл Тәжікстанда оқу-ағарту халықкомы болды. Отызыншы жылдардың басында дәл сондай қызметпен Өзбекстанға ауысты. Әмірбек Қазақстанға 1933-жылы, Голощекин кеткен соң, жаңа басшы Мирзоянның шақыруымен келген... Амал не, ол дәуір ұзаққа созылмады ғой. Опасыз дүние деген сол, әнеки. Басқаны былай қойып, сол ел қамқоры болған Левой Мирзоян да «халық жауы» болып, атылып кетті... Ал, әйелі Юлия Федоровна көрінеу қиянатқа төзе алмай есінен адасып, ақыры Қызылорданың түрмесінде өлді.
Обалы кәнеки, Әмірбек Алматыға келісімен қазақтың оқу-ағартуы мен мәдениетіне бар жанын салды ғой. Бұрын қолға алынбаған талай жұмысты тыңнан бастады. Қазақтың алғашқы университетін ашу, опера театрын іске қосу, консерватория ашу, жазушылардың бірінші құрылтайын өткізу, Мәскеуде өтетін қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне дайындалу... Дәмелі өз көзімен көрді ғой, күндіз-түні дамыл болған жоқ. Бірақ еткен еңбектің өтеуі қолма-қол қайтып жатты. Қазақ мәдениеті мен өнері қарыштап дамыды. Мәскеудегі қазақ мәдениетінің онкүндігін қапысыз дайындағаны үшін Әмірбекке «Еңбек қызыл ту» орденін берді. Бұл 1936-жыл болатын. Ал, 1937-жылы... Сөйтсе, бәрі алдамшы ойын екен ғой. Жас баланың қолына кәмпит ұстатқандай бірдеңе... Биыл орден тағып марапатта, келесі жылы еш жазықсыз түрмеге қамап, арада тағы үш ай өткенде «халық жауы» деп, сотсыз-сұрақсыз атып таста. Бұл не сонда? Қорлау ма, мазақ па, әлде қазақты мал орнына көріп, басынғандық па?Жау... «халық жауы». Қайдағы жау? Кімді алдайды? Кімді ақымақ санайды?
Әттең, Әмірбекпен тағы бір мәрте кездессе ғой, шіркін! Екеуі саяси тақырыпта көп дауласушы еді, енді соның қорытындысын шығарса! Әмірбек онда болашаққа сенімді, оптимист. Совет өкіметіне шаң жуытпайды. Дәмелі болса, қашанғы әдетінше, ұлт мүддесін жақтаушы, Мәскеудің өзімшіл өктемдігіне тіс-тырнағымен қарсы. Әмірбек кейде жеңіліп бара жатса, «Әй, «Алаштың» қиқар қызы, қоясың ба, жоқ па? Не істейсің, күш біздің қолымызда» деуші еді қарқ-қарқ күліп... Әмірбек өзін ұстап әкетіп бара жатқанда да, алда әділетсіз жаза күтіп тұрғанына сенген жоқ. «Бұл заң орындарынан кеткен жаңсақтық. Ертең-ақ қайтып келемін» деп кеткен-ді. Бірақ содан қайтып оралмады ғой... Егер Дәмелі дәл қазір күйеуімен жолыға қалса, «Ал, министр жолдас, қалай екен? Кімнің болжамы дәл шықты? Өзің жақтаған Өкімет сенің адалдығыңа неге сенбеді? Алдауға қалай түсіп қалдыңдар?» деп сұрар еді-ау, шіркін!
Бұлар торы аттың мимырт аяңымен лагерь орталығына күн еңкейе зорға жетті. Тікенекті сыммен қоршалған зонаның қақпасында қарулы күзет бар. Соған құжаттарын көрсетіп, ішке өтті. Зонаның іші қаптаған барақ. Аурухана, асхана, тігін фабрикасы, балабақша, монша да осының ішінде. Қоршаудың төрт бұрышындағы мұнара басында да қарулы күзет тұр. Дәмелі алдымен Нұржамалды ауруханаға орналастырды да, сонан соң атын доғарып, өз барағына бет алды. Ал, Ғазиза балабақшаға қарай жүгірген. Бақшада оның Рита дейтін төрт жасар қызы бар.
ІІ
Қар қаншалық қалың жауып, қыс қаншалық қатты болғанымен, биыл Арқа өңірінде көктем ерте шықты. Наурыздың соңын ала қалың қар тозығы жеткен көрпедей әр жерден шұрқ-шұрқ тесіліп, кірлеңкіреп біраз жатты да, сәуір туа елеусіз ғана еріп кетті. Жазық далада қар суы әлдеқайда сарқырап аққан да жоқ, шашау шықпай, қара жерге сіңіп жоғалды. «Биыл жер-ананың омырауы иіп тұр, иншалла, өнім жаман болмас» десті білетіндер.
Күн жылынып, көктемнің бұлай ерте шығуы бәрінен бұрын қыс бойы бүрсеңдеп, тоңып шыққан тұтқын әйелдерге көрім болды. Аяқтағы шарықтарын, үстеріндегі шоқпыттарын тастап, әжептәуір жеңілейіп қалды. Әттең, көктем шыға қынай бел, гүлді көйлек киіп, біз өкше туфлимен балтырларын жарқыратып жүруге жағдай жоқ. Әйткенмен, дала төсінде жарыса бүрлеген изен мен жусан, қараған мен тобылға тәрізді әйел затында да бір жаңғыру, түлеу, алабұртқан көңілдің көбеңсуі білініп тұрар еді.
Алайда, күн қабағы жадырағанымен, өкіметтің өңі жылыған жоқ. Сол баяғы қатулы қабақ, қамау-қапас. Қамаудан шықсаң, алдыңда ауыр еңбек күтіп тұр. Міне, автомат асынған он шақты солдат овчарка иттерін арсылдатып, бірнеше жүз әйелді лагерь қақпасынан шығарып барады. Бұлар — көктемгі егіс жұмысына бара жатқандар. Беталыстары — алыстағы егіншілер қосы емес, таяу маңдағы көкөніс алқабы. Іргедегі үйреншікті өңірге у-шусыз, былай-ақ бара салуға болар еді. Атамаңыз, олай етуге әсте болмайды. Қару кезеп, ит үргізіп, әр жолы осылай шулы науқан көтеріп, өкіметтің қаһарын, тұтқындардың кіріптар халін былайғы жұртқа көрсету керек. Иықтарына кетпен-күрек, тесе көтерген бес жүздей әйел төрттен тізіліп, қақпадан құлап барады.
Лагерьде он мыңға жуық тұтқын бар. Тегін жұмыс күші шаруаның әр саласына қаншадан адам шығарам десе де еркін жетіп тұр. Бірер мыңы — тігіншілер цехында, мыңға жуығы — құрылыста, бес жүздейі — алыстағы егіс даласында, бірнеше жүзі — фермадағы мал соңында. Бұлардан басқа құс фермасында, шошқа фермасында, асхана маңында жүргендер қаншама! Мал бағатындар — негізінен қазақтар. Көшпенділер ұрпағы осы кәсіпті жақсы біледі деп, оларды осында әдейі бөлген-ді.
Тұтқын әйелдерді улатып-шулатып, жау тигендей бөріктіріп жүрген — сол баяғы қарауыл бастығы Мазепа. Әлгі өткен қыста ырқыма көнбедің деп, Нұржамалды қой қорада діңгекке таңып қоятын Мазепа ше? Міне, сол жендет астындағы кертөбелмен тұтқындар тізбегінің алдын-артын орап, олай да бұлай шапқылап жүр, дүниенің бар ауыртпалығы соған түсіп тұрғандай, қатты қарбалас үстінде. Қолда — қамшы, ауызда — боқтық. Айдауыл солдатқа не тұтқын әйелдерге арнағаны белгісіз, әке-шешеден тартып сіміртіп жүр. Әлдеқалай артта қалып қойған, не саптан шыққан әйел болса, ұзын бишікпен жондата шықпыртып өтеді. Тұтқынның шаң қауып, құлап түскенін не қайқаңдап безе жөнелгенін көру — оған біртүрлі рахат. Жалпы, «халық жауларын» қорлау, қинау, таяққа жығу — Мазепаның ең сүйікті кәсібінің бірі. Оны және біреулерге жағынайын, не болмаса көзге түсе қояйын деп істемейді, жаратылысы солай. Бай-құлақ десе, оқымысты зиялы десе, Отанын сатқан «халық жауы» десе, қаны қатып қалады. «Бұларға жер басып тірі жүрудің өзі артық. Шетінен атып-асып, құрту керек!» деп кіжініп жүргені. Кейде тұтқын әйелдерге:
— Сендерді мұнда өзге жұрттан бөлектеп, неге қамап отыр деп ойлайсыңдар? Қоғамды кір-қоқыстан тазарту үшін. Қазір қандай рахат: қоғам да таза, ауа да таза. Совет халқы емін-еркін тыныстауда... Сендерді тірі қалдырған себебіміз, бізге жұмыс күші керек. Бір тиын шығын шықпайтын тегін жұмыс күші. Осыны ойлап тапқан Сталин жолдас қандай кемеңгер?! — деп лекция оқитыны бар.
Оқымаған, надан адамдарда болатын көбік ауыз бөспеліктен Мазепа да құралақан емес-ті. Кейде ішіп алған кездерінде: «Бір өзіне он мың әйел қарайтын дүниеде менен басқа кім бар екен? Мұндай байлық түрік сұлтанында да, араб әмірінде де болмаған шығар-ау?» деп мақтанатыны бар... Айтса айтқандай, осы Мазепаның әйелден салымы жоқ деуге тағы болмайды. Кейде қорқытып, кейде үркітіп, кейде таяққа жығып, тіпті болмаса ішер астан қағып жүріп-ақ, ең асау деген әйелдердің өзін қолға түсіреді. Адамға кіріптарлық не істетпейді. Аштықта бір бөлке нан, бір кесек ет, бір шөлмек арақ үшін де Мазепаның дегенін көніп қалады. Оның үстіне, әлі отызға да іліне қоймаған жас әйелдің тән зәрулігі тағы бар. Моралдық ұстамдылық дейсіз бе? Ол да қатып қалған нәрсе емес екен. Күйеуінің әлдеқашан атылып кеткенін естіген жас әйелдің кейде тағдырға ерегесіп, осылайша әлдекімнен өш алатыны бар.
Алайда, Мазепада нысап жоқ. «Кейқуат қылды кесірді, екі аяқты көсілді» дегендей, осындай молшылыққа кекірелеген қарауыл бастығы кейінгі кезде әртүрлі өнер шығара бастады. Ол келе-келе кілең атақты әйелдерді торуылдайтын болған. Әншілер, бишілер... Немесе «халық жауы» болып атылып кеткен бұрынғы министрлер мен секретарлардың, генералдардың әйелдері... Солардан есе қайтарып, кек алғысы келеді де тұрады. Өмірде қолың жетпейтін, үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін арулардан тоят алу — ол да бір ғанибет. Бұл да — Мазепаларға уақыттың тартқан сыйы.
Міне, ол қазір де шұбырынды топтың алды-артын шолып келеді. Күн жылына жеңіл киінген бәденді жас әйелдер көңіл құртын қоздыра түскендей. Мазепа қарауындағы супер сұлуларды түгелге жуық түстеп танитын-ды. Әне, маршал Тухачевскийдің қарындастары Елизавета мен Галина кетіп барады. Қанша дегенмен, дворян отбасынан шыққан жандар ғой, жүріс-тұрысы, өздерін ұстауы мүлде бөлек. Олардың соңын ала әйгілі бишінің анасы Рахиль Плисецкая бара жатыр. Қандай фигура, неткен мүсін!.. Ондай перизаттың құшағында жатып, армансыз өліп кетуге болады. Оның қатарында — атақты әнші Лидия Русланова кетіп барады. Сұлу-ақ қатын ғой антұрған! Амал не, қол жетпейді. Әлде жоғарғы жақта бір ілігі бар ма, тым тәкаппар, тым асау... Ал, мыналар — өзі білетін Наталья, анау — Татьяна...
Жергілікті қазақ әйелдері де жаман емес. Қызулы, құшырлы екенінде дау жоқ. Бірақ өздері тым тағы, жабайы мысық секілді. Мал бағып жүрген қойшы қатындардың өзі атырынып тұрады. Өткенде фермада қонақ болып, біраз көңіл көтерілген соң, шөп қорада жүрген қойшы қатынға қол жүгірткені сол еді, қолындағы темір ашамен жарып тастай жаздағаны әлгі қаншықтың. Артынан өзі де сазайын тартты-ау! Құрысын, содан бері дала тағыларына көп жоламайтын болды.
Мазепа бұдан ары әйелдер маңында көп бөгелген жоқ. Қоралы қойды көргенде сілекейі шұбырған көкжал бөрідей кезекте тұрған өз жемісіне сұқтана бір қарады да, екі қырдың астындағы дәнді егіс алқабына қарай желе жортып, жүріп кетті. Лагерьге таяу бір ойпатта көрші колхоздың бір қора қойы жатыр екен, қойшыларына қамшы үйіріп, бұл маңға жақындамауды ескертті. Әсілі, қазақтарға сенім жоқ. Не үшін екен, осы қазақтардың тұтқындарға бүйрегі бұрып тұрады. Былтыр қыста қызық болды. Мазепа екі жүздей әйелді бастап барып, лагерь маңындағы бір көлден қамыс орғызып жатқан. Қамыс — әрі отын, әрі құрылыс материалы. Көлдің қарсы бетінде қой қайырып, екі-үш әйел мен балалар жүрген-ді. Көрші ауылдың адамдары... Бір мезгілде әлгі балалар мұз үстімен таяп келіп, тұтқын әйелдерге тас лақтыра бастады. Өз тілдерінде тұтқындарды янаттап боқтайтын сияқты ма-ау... Лақтырғандары — жұдырықтай-жұдырықтай ақшыл тастар... Мазепа: «Мына қазақтың қаршадай балалары да «халық жауларын» жек көреді екен- ау!» деп масайрап қалған... Бәрі соңынан мәлім болды ғой. Іштеріндегі бір жансыз келіп мәлімдеді. Манағы балалардың лақтырғаны — тас емес, кұрт екен. Кәдімгі қой сүтінен жасалған ежігей құрт. Амал не, әлгі жаутымақ қазақтар сол жолы қулықтарын асырып кетті. Әйелдер майлы кұртпен жүрек жалғап, қаужаңдап қалды.
Қарауыл бастығы бүгін көңілді еді. Кеше «АЛЖИР-ге», бұлардың үстінен қарайтын «КАРлаг-тың» басшылары келген. Қастарында Мәскеуден келген лауазымды өкіл бар. Басшылар әйелдер лагерьінің жұмысына жоғары баға берді. Бұл жақтан лагерь бастығы Баринов пен саяси бөлім бастығы Мишин сөйлеп, есеп берді. Майор Мишин қарауыл қызметін сөз еткенде, Мазепаны озаттар қатарында атады. Түбінде, дуалы сөз — Мишиндікі ғой. Ал, полковник Баринов болса басынан бақ тайып, төмендеп жүрген адам.
Айтпақшы, Мәскеуден келген өкілдің сөзі қандай керемет! Ешкімнің беті-жүзіне қарамай, қорықпай сөйлейді- ау сабазың. «Он мыңдаған халық жауларын Қазақстанға жер аудару арқылы біздің партия бір оқпен бірнеше қоянды қатар жығып отыр. Біз бай-құлақтар мен зиянды зиялыларды ел ішінен аластап қана қойған жоқпыз, тағы бір жағынан иен қалған қазақ даласын игеріп, тың көтеріп жатырмыз. Біз бұл даланы өз тұрғындарынан сол үшін тазартқанбыз. Өмір сүруге икемсіз, болашағы жоқ жандар 1932-жы