04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Қожайын






Таңғы шабытта сонау көк жотаға дейін бытырай жайылып, өрістеп кеткен қоралы қойдың алдын кері қайырып, ауылға қарай төңкерген Қалқаман төрт тарапқа көз жіберіп, осы арада біраз бөгеліп тұрып қалды. Қазір жайлаудың әбден толықсып піскен кезі. Айнала-төңірек — әлі із түспей тусырап жатқан жап-жасыл дүние. Желкілдеген жердің түгін бұл күнде жейтін ауыз жоқ. Не өспейді бұл төңіректе?! Көк сірік пен бітік бетеге, қазоты мен қарабас шалғын, таубұршақ пен сарбас жоңышқа... Былтырғы ақ шөппен араласып, жабағы боп ұйысып қалған. Несін айтасың, нағыз «бір май, бір еттің» өзі.

Бір кезде «Аршалы» совхозының алпыс мың қойы еркін жайлаған сонау Қыземшек, Аюлы, Коккайнар жайлаулары қазір құлазып, бос жатыр. Сол жер қайысқан көп малдың қасында жеке қожалықтың он шақты қора қойы салыстыруға келе ме, Қалбаның қалың бұйрат, сай-саласының жұмырына жұқ та болған жоқ. Малшы қауымның бел ортасында қырық-отыз бие байлап, ел дүрмегін қыздыра түсетін жылқылы ауыл болушы еді, қазір ол да көзден ғайып болған. Қыс-қыстауда аралары алыстап, жайлауда бастары зорға қосылатын малшылар жаз бойы бірін-бірі «ерулікке», «тана тағарға» шақырып, той жасап, мәре-сәре болып жатпайтын ба еді. Жайлау — қазақтың бір уақ тыным алар курорты еді ғой. Қазір соның бәрі келмеске кеткендей. Рас, жер ешқайда кетпеген, тау-тас, өзен-көл, бұлақ-бастау өз орнында, тек соларды қызықтап, мал бағатын ел жоқ... Қалқаман көкірегін кере, қалтырай күрсінді.

Ол аттан түсіп, құбақан торының ауыздығын алып, шылбырын үзеңгіден өткізіп қоя берді де, өзі көк беттегі киіз бетегенің үстіне бір жамбастай отырды... Ой-қиялы — өзі шет-жағасын көрген сонау бір заманда. Иә, ол кезде мал баққан еңбек адамы қандай қадірлі еді. Қара басып, оп-оңай құлап қалғаны болмаса, «Совет» дегенің нағыз еңбекшінің өкіметі еді ғой. Қой баққан кісіні қазіргідей «қойшы» деп қорламай, «шопан» деп, «аға шопан» деп көкке көтеретін. Сол дәуірдегі озат шопанның бірі — өз әкесі Қажыгерей еді. Әр жүз саулықтан жүз елу, жүз алпысқа дейін қозы алып жүрді-ау көзелің. Алмаған ордені, бармаған жиналысы жоқ. Бір мәрте Жоғарғы Советке депутат болып, жыл сайын сессияға барып жүрді емес пе. Алматыға барған сайын арнаулы дүкеннен бұл маңайда жоқ неше алуан зат алып қайтатыны есінде... Ал, Қалқаман болса — озат шопанның баласы. Еңбек адамына деген сый-құрметті көріп өсті. Бұл дүниеде шопаннан артық дәреже бар деп ойламайтын-ды. Сондықтан да болар, мектеп бітірген жылы «әкелерінің таяғына кім мұрагер болады» дегенде, алдымен белсеніп шыққандардың бірі осы Қалқаман болатын. Онда дүние бұлай аяқ астынан өзгереді, ауылда мал құрып кетеді деп кім ойлаған. Мектепті жақсы-ақ бітірген. Егер сол жылы ел қатарлы оқу іздеп кеткенде, ендігі бұл да білдей маман болып, бір істің басында отырар ма еді, қайтер еді?!

Қазір қайда кетті соның бәрі? Өлкеге атағы шыққан «Аршалы» совхозы қайда? Оның жер-көкке симай жататын алпыс мың қойы қайда? Екі мың жылқысы мен үш мың сиыры қайда? Бас-аяғы үш-төрт жылдың ішінде сабынның көбігіндей ыдырап, ізім-қайым жоқ болды. Бейне тесік астауға құйған су секілді... Қазақтың қолындағы малын тез арада жойып, өздерін қаңғытып жіберуді біреулер міндетіне алған секілді. Кім де болса, қазаққа жаны ашымайтын қаскөйлер. Социализм деген сөзді айтқызбай, колхоз-совхозды кім бұрын жойса, сол бәйге алған заман болды-ау! Мал құрыса, соның соңында жүрген миллион қазақтың көрген күні не болады дегенді ойлаған дені дұрыс пенде болмады ғой.

Билік басындағылар егер колхоз-совхоз таратылса, онда жинақталған мал қорының құрып кететінін білді, әрине. Соны білгендіктен, көп малдан аз да болса тұқым қалсын деді ме, «ұзақ жыл совхозға басшы болған директорлар ортадағы мал-мүліктің жиырма пайызын иемденуге қақылы» деген қаулы шығарды. Бұл қаулыны «Аршалыны» ширек ғасыр басқарған директор Нұрқасым мүлт жіберген жоқ. Совхоз дәулеті әлі талапайға түспей тұрғанда, алпыс мың қойдың он мыңын, екі мың жылқының төрт жүзін, үш мың сиырдың алты жүзін санап тұрып, бөліп алды да, бөлек бақтыра бастады. Совхоз гаражында тұрған техника да солай. Автомашиналар мен комбайн, тракторлардың іске жарайтын тәуір-тәуірін өз ауласына кіргізіп алды. Ал, қалған мал-мүлік бейне жаудан олжаға түскендей хан-талапайға жем болды. Бұл мал дегенді еңбекпен тірнектеп жүріп өсіру өте қиын да, оны жоғалту оп-оңай екен ғой. Айналасы екі-үш жылда ен байлықтың ту-талақайы шықты.

Басында Нұрқасым директордың совхоз малының бір бөлігін жырып алып қалғаны — көптің мүлкіне қол сұққандай біртүрлі оғаш көрінген. Сөйтсе, оның оғаш ештеңесі жоқ екен. Егер сол жолы Нұрқасым бөліп алған жиырма пайыз болмаса, «Аршалы» жұрты мүлде тақырға отырып қалғандай екен. Өйткені, талапайға түскен сексен пайыздан қазір тышқақ лақ та қалған жоқ. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында қор болып кете барды. Бүл күнде «Аршалыны» мекендеп қалған біраз ел, ішінде Қалқаманның өзі де бар, сол Нұрқасымның малын бағып, күн көріп отыр. Ал, малдан айрылған былайғы жұрт кәсіп таппай, таяу маңдағы қалаларға, теміржол бойына көшіп кетті. Қазір совхоз орталығы мен оның бөлімшелеріне бара қалсаңыз, жартылай қаңырап бос жатыр. Тақ бір үстінен сұрапыл соғыс жүріп өткендей, төбесі ашылып, терезесі алынып, үңірейіп тұрған үйлерді көресіз.

Ал, Қалқаманның өз басына келсек, сырт көзге ештеңе өзгермеген секілді. Алдында — бір қора қой, қолында - қойшының таяғы. Бәрі баяғыдай. Ал, астарына үңілсеңіз, мүлде басқаша. Бұрын совхоз малы — халық қазынасы болып есептелетін. Сол халықтың ішінде сен де барсың. Демек, совхоз байлығы — белгілі дәрежеде сенің де мүлкің сияқты. Қазір олай емес, сенің бағып жүрген малың — халықтікі емес, сенікі де емес, жеке меншік біреудікі. Сен енді мемлекет малын баққан «аға шопан» емессің. Еңбегің үшін енді ешкім саған орден де тағып жатпайды. Сен — бар болғаны бақташы, малшысың. Жалдамалы қойшысың. Мына малдың өз иесі бар. Ол — қожайын, сен — малайсың... Тоба, мал мен жердің иесі өзгерсе, киесі де өзгереді екен ғой. Қалқаманға өзгесінен бұрын осы «Қожайын» деген сөз ұнамайды. Естіген сайын құлағына түрпідей тиеді.

Мал иесі Нұрқасымның өзі ештеңе емес-ау! Қанша дегенмен, ол — бұрынғы директор ғой, оның әмір-пәрменін бәлендей көңіліне ала қоймайды. Қалқаманның жанына бататыны — бұған оның ұлы Нұрғанаттың «қожайын» болғаны. Бұлар мектепте он жыл бірге оқыды ғой. Оқып жүргенде алғырлығы шамалы еді, қазір сол Нұрғанат суырдың айғырындай шақылдап маза бермейді. Бұлар бір жылы туған төл-құрдас, бірде «қожайын» болып қоқиланса, енді бірде құрдастығын бұлдап, қалжыңға сүйеп, айтпайтын пәлесі жоқ... Өздерінің сырт келбеті де бір-біріне кереғар. Нұрғанат — төртпақ денелі, шегір көз, шикіл сары да, Қалқаман — ұзын бойлы, сылыңғыр қара. Бала кездерінде күрессе, Қалқаман жығып, төбелессе, Нұрғанат жеңетін-ді. Сол ерегісі әлі жалғасып келеді.

Қалқаманның әкесі Қажыгерей қазір үшінші бөлімшеде, кенже ұлы Мүлкәманның қолында тұрады. Қырық жыл совхоздың малын баққан озат шопанға сыбаға бөліскен кезде мардымды ештеңе тиген жоқ. Өзінің жеке меншігі — жүз шақты қойы бар еді. Соны талғажау етіп, жүріп жатыр... Мына Нұрқасымның қойын бағарда Қалқаман әкесіне барып ақылдасқан.

— Не істейміз? Шынымен-ақ, байларға малай боламыз ба? — деген-ді.

Қажыгерей — бір кезде депутат болып, ел ісіне араласқан сұңғыла адам ғой. Заман ағымын балаларынан гөрі жақсы біледі. Сол әкесі мұның бетіне күле қарап отырды да:

— Қазір заман өзгерді ғой, балам. Сол заманға бейімделген дұрыс шығар... Біз Совет дәуірінде өмір сүрдік. Ол — кедейдің, еңбекшінің өкіметі болатын. Мен бірдеңе білсем, мына келген өкімет - байлардікі... Амал жоқ, ендігі күнде сол байларға жалдануға тура келеді. Оған намыстанудың еш қажеті жоқ. «Байда мейір, кедейде пейіл де жоқ, аңдыстырған екеуін құдайым-ай» деген ғой ұлы Абай. Меніңше, сол заман қайта айналып келген секілді, — деген қысқа қайырып.

Қалқаман сондағы әке ақылы бойынша қой соңында жүріп жатқан-ды. Шүкір, қойды жаңа бағып жүрген жоқ. Талай жыл әкесіне көмекші болып, көңіліне тоқыған өнеге-үлгісі аз емес. Өз қатарында малдың сырын бір кісідей-ақ біледі. «Байға қылма, малға қыл» деген әке өсиеті жадында... Тек, ана Нұрғанат қырттың ауық-ауық көңіл күйін лайлап кететіні болмаса.

Сол Нұрғанаттың осыдан үш-төрт күн бұрын орталықта өткен бір тойда бұған көрсеткен қылығы кісілікке жатпайды-ақ. Мектепте өздеріне тарихтан сабақ берген Сағындық мұғалім жалғыз ұлын үйлендіріп, мектептің асханасында әжептәуір той жасаған. Әрі Сағындық ағайдың Қалқаманға нағашы боп келетіні тағы бар. Сол кісі қуанышына әтуерлеп шақырған соң, қорадағы малды сенімді адамға тапсырып, қасына келіншегі Күлғайшаны ертіп, үш аяқты матасекілмен бұл да бара қалған-ды. Той енді қыза бергенде, Нұрғанат келді үстеріне. Сәл қызулау ма, қалай? Тағы бір отырыстан көңілденіп шыққаны көрініп тұр... Бір кездегі директордың ұлы, қазіргі «қожайын» Нұрғанатқа асаба көп күттірмей-ақ сөз берді. Нұрғанат орнынан көтеріліп, бұрын сан рет айтылып жауыр болған бір сөздерді ежіктеп сәл тұрды да, кенет қарсы қапталда отырған Қалқаманға көзі түсіп:

— Ау, мұнда біздің қойшылар да отыр ғой. Малды йен қалдырып, той-тойлап жүргендерің қалай? Давай, тамақтарыңды ішіп алыңдар да, тайыңдар! Қара, үндемегенге бұлардың басынып алғанын! — демесі бар ма.

Тойда бір кезде қатар оқыған біраз қыз-келіншектер отырған-ды. Солардың алдында өз дәрежесін көрсетіп, Қалқаманды қорлаған түрі... Сол сәт мұның қаны да ду етіп басына тепкен. Сөз шығындап, уәж айтып жатқысы келмей, алдындағы салат салған тәрелканы бар пәрменімен жіберіп қалған. Бірақ, онысы Нұрғанатты жанап өтіп, қарсы қабырғаға соғылды... Арғы жағы белгілі, бір-біріне ұмтылысқан екеуін жігіттер кеу-кеулеп ажыратып әкеткен... Асаба да дереу үзіліс жариялап жіберді. Қалқаман тойдың екінші жартысына қараған жоқ. Күлғайша ерік-алдына қоймай, жетектеп алып кетті... Жалпы, Нұрғанат екеуін алда бір үлкен әңгіме күтіп тұр. Қалқаманның бұдан былай қой соңында қалар-қалмасы сол алдағы кездесуге байланысты.

Бұл кезде күн түске тармасып қалған-ды. Ол атына мініп, қойдың алдын сай табанындағы бұлаққа таман беттетіп жіберді де, өзі қойторының қырсау жүрісімен ауылға қарай аяндады. Үйренген ауыз «ауыл» деп атағанымен, бұл — әсілі ауыл емес, қойшының жайлаудағы жалғыз үйі ғой. Рас, қасында «асүй» әрі кілет қызметін атқаратын басын буған күркесі бар. Күлғайша биыл жанталасып жүріп, алты қанат үйіне аппақ үзік жауып алған-ды. Қазір жалғыз да болса көгалдағы ақ үй алыстан көз тартып тұр.

Қалқаман есік алдындағы белге шыққанда байқады, үйінің дәл іргесінде ақсұр «жип» машинасы тұр екен. Әй, мынау — Нұрғанаттың машинасы ғой. Ол қайдан жүр мұнда? Қалқаманның бастауышта оқитын ұл мен қызы кеше атасының үйіне кеткен. Күлғайша үйде жалғыз еді, «Қожайын» келіп, қоразша қоқиланып жүрмесін... Ол құбақан торыға қамшы басып, жүрісін жеделдете түсті.

Бір уақытта үйден қызыл көйлекті Күлғайша шығып, самауырға от салып жатқаны байқалды. Енді асүйге кіріп-шығып, қазан-ошақ маңында күйбеңдеп жүр. Түскі астың қамы ғой. Күнделікті қалыпты жағдай... Қалқаман атын мама ағашқа байлап, сыртта тұрған машинаның доңғалағын бір тепті де, үйге қарай бет алды.

— Әй, — деді Күлғайша күйеуіне жақындап. — Құрдасың Нұрғанат келіп отыр. Кешірім сұрамақ ойы бар секілді. «Үйіңе келгенде үйдей дауыңды» айтпай, дұрыстап сөйлес.

Қалқаман әйелінің сөзін жүре тыңдап, ішке кірсе, Нұрғанат басына жастық қойып, төр алдында шалқалап жатыр. Ыстықта жолсоқты болып, шаршаған болар, көзі ілініп, ұйықтап кетіпті.

— Ау, мына «қожайынға» не болған? Тақ бір менің қойымды бағып келгендей шалжиып жатыр ғой! — деді Қалқаман дауысын әдейі қаттырақ шығарып.

Нұрғанат құс ұйқы екен, тез оянып, жастықтан басын жұлып алды. Бұл итте бәтуа жоқ, түк болмағандай ыржалақтап күліп отыр.

— Келіп қалдың ба? Менің машинамды көрісімен малды тастап, тұра шапқан екенсің ғой... Өзің жоқта қатыныңды айналдырайын деп едім. Қап, сайтандай жетіп келгеніңді қарашы! — дейді тағы да тыныш отырмай. Сол баяғы қылжақ. Айыбым бар-ау деп айылын жияр түрі жоқ.

— Байлары жоқта қойшының қатынын айналдырып, дәндеген екенсің! — деді Қалқаман түсін суытып.

— Енді қалай деп едің? Мен тек өзің сияқты әйелі сұлу жігіттерді ғана алам ғой қой бағуға, — деді Нұрғанат та міз бақпай. — Мәселен, Күлғайша болмаса, сені не қылам мен?

Осылайша қайымдасқан қалжыңмен бастаған екеуі біраз жерге барысты.

— Қылжақты қоя тұр. Мен ертеңнен бастап қой бақпаймын... Малыңды санап ал! — деді Қалқаман.

— Бағасың... Баққызамын! — деді Нұрғанат.

— Қалай баққызасың? Құдай мені сенің қойыңды бағу үшін жаратып па?

— Солай жаратқан... Өйткені, сен — қойшысың. Қойшының баласысың. Түп-тұқияныңмен қой бағып келесің.

— Ал, сен кімсің, сонда?

— Мен бе? Мен — ақсүйекпін. Қожайынмын... Сен сияқтыларды жұмсау үшін жаралғанмын.

— Оны немен дәлелдейсің?

— Дәлел ме? Тыңда ендеше... Атаң атамның қойын баққан, әкең әкемнің қойын баққан. Ал, өзің менің қойымды бағып жүрсің...

— Соқпа өтірікті! Менің әкем совхоздың қойын баққан.

— Бәрібір емес пе. Өйткені менің әкем сол совхоздың директоры болатын...

Қалқаман осы тұста айтар уәж таппай бөгеліп қалды. «Рас, ей, мына иттің айтып отырғаны! Шынымен-ақ, біз осы Бітімбаевтардың малайы болу үшін жаралғанбыз ба?».

Оның есесіне, сөзден сүріндірдім деп ойлаған Нұрғанат бастырмалатып, сөйлей берді.

— Сен өйтіп, «қой бақпаймын» дегенді қайдан шығардың? Байғұс-ау, менің қойымды бақпасаң, қайда барып күн көресің? Сен не, қой бақпай, депутат, не әкім болайын деп жүрсің бе? Қой бағудан басқа жұмыс бар ма қазір осы маңайда?

— Осы өңірде жұртты жарылқап жүрген — жалғыз сен екенсің ғой?

— Менмін! Егін өз алдына... Меншігімде он бес қора қой, екі қос жылқы, үш табын сиыр бар. Соларды бағып-қағуға, қыстық жем-шөбін дайындауға, елу-алпыс адамға жұмыс беріп, жалақы төлеп отырмын... Айтшы, осыным өтірік пе?

— Ол да — сенің атадан қалған дәулетің емес, бәрімізге ортақ совхоздың малы болатын...

— Иә, дұрыс айтасың. Өкімет совхоз малының бестен бірін менің әкеме текке бөліп берген жоқ, көп жылдық еңбегін ескерді. Әрі осы елдің тірнектеп жинаған малынан тұқым қалсын деген шығар... Ал, совхоздың ортада қалған өзге малы қайда қазір? Тоз-тозы шығып, көрінгеннің қолында кетпеді ме?

«Мына иттің баласы тағы да дұрыс айтып отыр, ей! Мектепте жүргенде әкесінің беделімен сыныптан-сыныпқа зорға көшуші еді. Мынау саясатқа қайда жүріп төселіп алған?»

— Жә, енді қалжыңды қойып, іске көшейікші, — деді Нұрғанат мәмілеге шақырған жуас үнмен: — ер-тоқымыңды бауырыңа алып, сонша тулайтындай не көрінді саған? «Құл кетем деп қорқытады» деуші еді. Әлде тұқымыңда құлдардың қаны бар ма? Екеуіміз бір жыл туған төлміз. Басқаны былай қойғанда, он жыл бірге оқыған достығымызды қалай қиясың?

— Өзің ғой, қымс етсе «қожайынмын» деп, қоқиланып шыға келетін! — деді Қалқаман да сәл иілгендей болып.

— Ой, тәйірі-ай, соның бәрі ішіп отырып айта салған қалжың емес пе. Соны шын көріп жүрсің бе? Егер арамызда артық-ауыс сөз айтылған болса, кешір! — деді Нұрғанат оны татулыққа шақырып. — Егер кешірсең, әкел қолыңды?

Қалқаман екі ұдай күйде сәл бөгеліп қалған.

— Кекіреймей қолыңды созсайшы, сұрап тұр ғой! — деді осы кезде үйге кірген Күлғайша күйеуіне қиыла қарап.

Екеуі ыржыңдаса қол алысып, қайта табысты. «Ер шекіспей бекіспейді» деген осы. Бала күннен бірге өскен жігіттер ұялас күшіктердей бірін-бірі қаппайтын, қапса да тісі батпайтын. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» деген де сөз бар. Құрдас жігіттер қайтадан күлісіп, қалжыңдасып кетті.

Бұл кезде Күлғайша да төр алдына дөңгелек үстел қойып, дастарқан жасай бастаған. Үйге екі иінінен дем алған самауыр кіріп, соған ілесе буы бұрқыраған бір табақ қуырдақ та келіп қалды. Құрт-май, қызыл бауырсақ үстел үстін жайнатып жіберді...

Күлғайша да — бұлардан бір сынып қана төмен оқыған сол мектептің түлегі-тұғын. Манадан қазан-ошақ басында жүріп, іштегі әңгіменің бірін естісе, бірін естіген жоқ. Әйткенмен жігіттердің сырына ежелден қанық еді.

— Ой, ерлерім-ай! Сендердің жәй таластарыңның өзі төбелеске бергісіз-ау! Бітістіңдер ме, әйтеуір? — деді екеуінің бетіне күле қарап.

— Бітпей келе жатқан — сол баяғы сенің дауың ғой, — деді Нұрғанат отыздарға жаңа келген бәденді келіншекке сұқтана қарап. — Баяғыда мен Алматыға оқуға кеткенде, мына қу сені алдап-арбап қолына қондырып алған жоқ па. Соның кегі ғой — әлі қайтпай жүрген.

— Өз әйелің сияқты оқымысты, өн бойына әтір шашып жүретін қаланың қызы тұрғанда, қи сасыған қойшыны қайтесіңдер? - деді Күлғайша да есесін жібермей.

— Егер ондай өкінішің болса, дабай башна-баш! — деді Қалқаман жүк-аяқтың астынан бір шөлмекті алып жатып. — Құтыла алмай жүрген «оқымыстыңды» осында әкеліп таста да, мынаны осы қазір алып кет!

— Балаларды қайтеміз?

— Балалар қалады. Барғанмен, олар сіңбейді ғой басқа үйге...

— Ал, келіншектердің өзі қалай қарайды екен бұл іске? — деді Нұрғанат ыстық қуырдақтан көмейлете асап жатып.

— Бір айлық сынақ мерзімімен байқап көруге болады. Сыннан өтпей қалған жігіт үйіне қайтады, — деді Күлғайша жігіттерді ду күлдіріп.

— Қатырды. Естідің бе, бізді испытательный срокпен қызметке алмақ, — деді Нұрғанат мәз-мәйрам болып.

Жастар араларында ешқандай өкпе-реніш болмағандай, қуырдақ жеп, шай ішіп, көңілді отырған.

— Білесіңдер ме, менің басыма бір ғажап идея келіп тұр, — деді Нұрғанат кенет байсалды түрге еніп.

— Ол не, қатын айырбастау жөнінде ме?

— Жоға, жұмыстың қамы да, баяғы. Сен ертеңнен бастап қой бағуды қоясың! — деді ол Қалқаманға барлай көз жіберіп.

— Не боп қалды? Сонда, бар ойлап тапқаның — мені жұмыстан шығару ма?

— Жоқ, сен енді жәй қойшы емес, қойшылардың бастығысың. Яғни, бұрынғы тәртіп бойынша, ферма бастығы. Он бес қора қой да, екі қос жылқы мен үш табын сиыр да саған қарайды. Соған орай, жалақың екі есе көбейтіледі...

— Бар малды маған өткізгенде, өзің не бітіресің?

— Мен мына Күлғайша екеуіңнің үстіңнен қараймын. Сол жетпей ме маған, — деп Нұрғанат сақылдай күлді. — Мен қожайын емеспін бе? Қожайын әр сиырдан қанша сүт сауылды, әр қойдан қанша жүн қырқылды деп бас қатырып жүре ме?!

— Ал, мен ше? Мен қайда қалам? — деді Күлғайша сөзге араласып. — Бұрын шопанның жә деген көмекшісі болатынмын. Енді ештемеге ілінбей қалғаным ба?

— Сені ме? Сені қайтсем екен, ә? — деп Нұрғанат ойланып қалды. — Осы сені өзіме секретарша етіп алсам қайтеді? Қазір бастықтар «сырт келбеті сұлу, әдеміше келген секретарша керек» деп хабарландыру беретін болыпты.

— Саған әйелін сеніп тапсыратын ақымақты тапқан екенсің! — деді Қалқаман жорта ашуланып.

— Онда, сені, ең жақсысы, сауын сиырлар фермасына бастық етіп жіберейін де...

— Сол жетеді, — деді Қалқаман Күлғайшаға қарап қойып. — Сарымай мен кілегей қолыңда болады. Одан артық құдайдан тілегені не? — Сонан соң Нұрғанатқа бұрылды. — Бірақ, осының бәрі жәй ауызша айтылған сөз күйінде қалмай, қағаз жүзінде келісім-шарт жасалып, соған қол қоятын болайық.

— Білеміз. Ол жағын үйрендік қой, — деді Нұрғанат. — Сонымен, кешіресің ғой мені?

— Нені кешірем?

— Әнеукүнгі менің тойдағы ақымақтығымды...

— Кешіретін шығармын. «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген. «Татулас» деп қоймай отыр менің мына бәйбішем де...

— Айттым ғой, сенің өзіңнен гөрі әйелің ақылды...

— Жыланның аяғын көрген қу екенсің, кешірім сұрап, алдымды орап кеттің. Әйтпесе, ауданға барып, пашақ-пашағыңды шығарайын деп едім.

— Ауданға барып, арыз айтпақсың ба?

— Иә... Арыздың бір нұсқасын жазып та қойғам.

— Сонда кімге бармақсың?

— Прокурорға.

Нұрғанат санын шапақтап, қарқылдай күлді.

— Әумесер-ау, прокурор — менің туған бажам ғой!

— Онда, сотқа барам...

— Сот — менің туған нағашым.

— Ендеше, тұп-тура әкімнің өзіне кірер едім, - деді Қалқаман бұдан ары барар жер таппай.

Мына сөзді естігенде, Нұрғанат одан арман есіріктене күлді.

— Ақымақ-ау, әкім — менің туған қайнағам ғой... Соны білмейсің бе әлі күнге дейін.

— Ит екенсіңдер! — деді Қалқаман амалсыздан жеңілгенін мойындап. — Бейне өрмекшінің торы ғой — құрып тастаған... Алла-ай, осыны қалай ұйымдастырасыңдар?

— Біз оны ұйымдастырмаймыз. Бізді құдайдың өзі солай жаратқан, — деді Нұрғанат күлкісін зорға тыйып. — Элита деген бар. Түсінесің бе, сүт бетіндегі қаймақ деген сөз... Элита болмаса, мына сен сияқты қара табан құлдарды кім басқарады? Андағы қауашығыңа бірдеңе барды ма?

— Солай де... Мен октябрь төңкерісінің неге қажет болғанын енді түсіне бастадым, — деді Қалқаман аяқ астынан қанын ішіне тартып.

— Түсінсең болғаны... Андағыңнан бірдеме қалды ма? Құйсайшы. Соны тартып алайын да, мен енді жолға түсейін.

— Қызып қалған жоқсың ба? Ролде отыру қиын болса, осында қона сал.

— Жоға, машинаны жаңа айдап жүр дейсің бе?

— Сонымен, жаңа қызметке қашан кірісеміз?

— Орныңа қойшы жібергенше бір-екі күн күте тұр. Мен бүгін Кеңсеге барып, келісім-шарт әзірлеп, бұйрыққа қол қоямын.

Нұрғанат соны айтып, бір кесе суық сүт жұтып алды да, ақсұр «Жиппен» ауылға қарай зулата жөнелді. Ерлі-зайыпты қойшылар машина бел асып кеткенше көз алмай қарап тұрды.

— Бұл қалай болғаны? — деді Қалқаман әйелінің бетіне аңырая қарап. — Әлгі жындының айтқаны шын ба, әлде көп қалжыңының бірі ме?

— Өтірік айтып не көрініпті? Кешірім сұрай келген — өзі. Ойламаған жерден ұсыныс жасаған — тағы өзі...

— Күтейік. Бір-екі күнде бәрі белгілі болады, — деді Қалқаман мама ағашта байлаулы тұрған атына қарай аяңдап. Оған енді су бойында жусап жатқан қойларын кешкі өріске шығару керек.

Алайда, Нұрғанат айтқан уәдесінде тұрды. Арада екі күн өткенде Көкқайнарға жаңа қойшы көшіп келді. Ал, Қалқаман сол машинамен орталыққа көшті. Былтыр қалаға көшіп кеткен біреудің кең-мол қоражайын бұл су-тегін арзанға сатып алған-ды. Соған көшіп кірді.

Сөйтіп, ауылда бұрынғы ескі жүйенің орнына жаңа адамдар пайда болып, жаңа қатынастар орнай бастаған. Біреу - бай, біреу — кедей. Біреу — қожайын, біреу — малай. Басында бұлай айту Совет тәрбиесінен өткен адамдардың құлағына шаншудай қадалушы еді. Қазір оған да еттері үйрене бастады. «Адам үш күн өткен соң көрге де көндігеді» депті ғой атам қазақ. Баяғыда Аршалыға соқпай өткен капитализм бейне бірдемесін ұмыт қалдырғандай, қазақ ауылына қайтып келді ақыры.

Мына жаңа қоғамда адамдарды білім-қабілетіне қарай уақыттың өзі іріктейтін көрінеді. Демек, арада бәсеке болады деген сөз. Бұл жолда тек білім ғана емес, ақыл мен айла да, қулық пен сұмдық та іске қосылуы мүмкін. Бәлкім, бұл жарыстан біздің кейіпкерлеріміз Қалқаман мен Нұрғанат та қағыс қалмас. Қазір, қаладағыдай емес, ауылда бай мен кедей арасы ушыға қойған жоқ. Түптің түбінде, бұл қайшылық шегіне жетіп, малайлар қожайынға қарсы көтеріліп жүре ме, кім білсін. Ол жағы уақыт еншісінде.

2011, шілде