04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Дөңгеленген дүние-ай!






Кезінде ұзақ жыл облыс басқарған, министр тағына да отырып көрген Аймағамбет Есқараев пенсияға шыққан соң Алматының тау жақ бөктеріне саяжай-коттедж салдырып, өзінің ен соңғы зейнетті өмірін сонда өткізіп жатты. Ертеңді-кеш аңқылдап самал есіп тұратын тау аңғары. Бас жағы қайыңды, қарағайлы қапталға тірелсе, аяқ жағы — қалың алма ағаш сыңсып өскен жасыл бақ. Білетін кісі ғана іздеп табатын, күре жолдан шынтақ айналатын суыртпақ жолы бар. Ендігі қалған өмірін алаңсыз, тыныш өткізу мақсатында, Айекең осынау оңаша түкпірді әдейі таңдап алып еді.

Аймағамбеттің осы жаңа қонысқа көшіп түскеніне де екі-үш жылдай болып қалған. Аса бір зәру шаруасы болмаса, қалаға көп қатынамайды. Сол қалыптасқан бұйрығы тіршілік биыл ғана арнасынан шығып, сәл бұзылып кетті. Бірақ ол да жақсылыққа, той-томалаққа байланысты. Биыл көктемде Аймағамбет 70 жасқа толған. Бәйбішесі Бибісарамен қосылғанына — 45 жыл. Айекеңнің өз басы бұл датаны оншалық дабырайтпай, жай туыстар ортасында ғана атап өтуді қалаған. Бірақ балалары ырыққа көнбеді. Министрдің орынбасары болып жүрген үлкен ұлы, қала әкімшілігінде істейтін кіші ұлы, бір үлкен корпорацияны басқаратын күйеу баласы тізгінді өз қолдарына алып, Алматыдағы мейрамханалардың бірінде дүрілдетіп той жасады. Аймағамбетпен қатарлас атқа мінген бұрынғы мықтылар, жас кездерінде Айекеңнін шарапатын көрген бүгінгі шенеуніктер, балалары мен ілік-шатысы бар бизнесмендер, облыстан келген жерлестері бар, даңғарадай кен залға 400 кісі зорға сыйды. «Той — халықтың қазынасы» дейді ғой, кигізілген шапанда, келіп жатқан сый-сияпатта қисап жоқ. Кейін балалары есептеп көріп, «келген сыйлық той шығынын үш есе орап кетті» десіп жүрді.

Мүшелтой кезінде не айтылмайды: жиналғандар Аймағамбетті жеті қат көкке неше шығарып, неше түсірді. Оның ширек ғасыр бойы облыстарда бірінші басшы болғаны, сан рет депутаттыққа сайланғаны. қатарынан озған мемлекет әрі қоғам қайраткері екені түгел жіпке тізіліп, айтылып жатты. Әке жолын қуған балаларына бағышталған мадақ сөздер де аз емес. Етегінен кілең министр мен әкім саулап тұрған бәйбішесі — Бибісараны да біраз жерге апарды-ау! Тіпті, басқаларды қайталамай, тың пікір айтқысы келген бір құрдасы:

— Қазақта «ат жақсысын кермеде, ер жақсысын түрмеде көр» деген сөз бар. Бұл Аймағамбеттің басқамыздан бір артықшылығы — қапас түрмені де бастан кешірді. Әлгі жұрт айта беретін «Қызыл империяның» түрмесіне соңғы рет отырып шыққан — осы біздің Айекең! — деп өзгелер ауызға ала бермейтін, сонау бір «қаралы жылдарды» да еске алып өтті.

Аймағамбет басқа түгіл өзі де көп еске алтысы келмейтін сол бір «төрт жылды» атағанда, жүрегі түскір өзінің қай жерде тұрғанын сездіріп, кеудесінің сол жақ тұсы шымыр ете қалған. Бірақ сырттай сыр берген жоқ. Мақтау-мадаққа да тым кеудесін кермей, өзінен-өзі қуыстанып, сахна төрінде сәл бұтыңқырап отырды. Қазір мына залдан әлдекім атып тұрып: «Осының бәрі жалған! Бұл Есқараев — мансаппен ғана көркейіп жүрген, халыққа сіңірген еңбегі шамалы, айтқан сөзінде тұрмайтын, тұрлаусыз адам!» деп айғай салатын сияқтанып, бір қолайсыз әсерден арылмады.

Енді бір құрдастары Айекеңнің жетпіске шаршап-шалдықпай жақсы жеткенін, егер Бибісара рұқсат етсе, «жас иістен» де дәмелі екенін айтып, жұртты күлдіріп жатты. Басқа көтерме қолпашты кім білсін, осы соңғы сөзде жан бар екенін Аймағамбеттің өзі де мойындайды. Сырт келбетіне қарағанда, шынында да, Айекеңді жетпіске келді деп ешкім айтпас еді. Бір кезде әйелдердің көз құрты болған, ортадан жоғары бойы бар, кең маңдайлы, кесек мұрынды, аққұба жігіт шар тартқан шағында да тым арсаланып, ағарып кетпей, сол бурылданып, толысып қана тоқтаған. Арадағы сол бір «төрт жылды» есепке алмағанда, Айекең өмірі қиыншылық тартып, сүйегі жасымаған адам ғой, түр-әлпетінен әлі де тоқшылық, сырбаздық сезіліп тұрады.

Сол дүрілдеген тойдың өткеніне де айдан аса уақыт болды. Алыстан келген ағайын-туыс та жан-жаққа тарап, өмір қалыпты арнасына қайта түскен. Тойдың барысы бастан-аяқ бейне таспаға алынған екен. Бала-шаға, жақын жуық соны қайта тамашалап, бәрі бір ауыздан: «мүшелтой өздері ойлағаннан да жоғары, салтанатты жағдайда өте табысты өтті» деген баға берісті.

Не үшін екен, содан бері Аймағамбеттің өзі ғана тыншыға алмай жүр. Кейінгі кезде жиі-жиі күрсінетін, түндерде кепке дейін көз ілмей, дөңбекшитін әдет тапты. Той көріністерін көз алдынан өткізеді, әркімнің аузынан шыққан сөздерді салмақтайды. «Солардың айтқаны шын ба? Мен, расында да, ел ардақтаған азамат, халық қамын ойлаған қайраткер бола алдым ба?» деп өзіне-өзі сұрақ қояды. Сөйтіп, ойдан — ой, сұрақтан — сұрақ туындайды. Тегінде, осындай ауыр ой, жауабы қиын сұрақтар ғой — адамның түбіне жететін... Ертеде бір кітаптан оқығаны бар-ды. Қырықаяқ дейтін жәндік бұрын ештеңені ойламай, өз бетінше тіршілік етіп, жүріп жатады. Бір күні әлгіге біреулер сұқтана қарап тұрып: «Мына байғұс соншама аяқтарын шатастырып алмай, қалай қозғалады екен?» деп таңданыпты. Осы сөзді естіген соң-ақ қырықаяқтан маза кетеді. «Айтты-айтпады, менің мына аяқтарым жүргенде неге қақтығысып, шатасып қалмайды?» дейді өзі де таңырқап. Ал енді әр қадамын есептеп, жаңылыспай жүріп көрейін десе, аяқтары бір-біріне шалынып, ілгері баса алмайтын көрінеді. Ақыры, сол қырықаяқ жүруден қалып, құсадан өліпті деген сөз бар... Мына Айекең де соның кебін кимесе жарады.

«Соның бәрі бос сөз... Былжырақ! — деді ол бір күні тойда айтылған сөздерді сүзгіден өткізіп отырып. — Мына бізге қор болған қайдағы қайраткерлік?! Үнемі ағыспен жүзіп, қожайындардың айтқанын екі етпей орындаған, ішкенге мәз, жегенге тоқ, көп тоғышардың бірі емеспіз бе».

Аймағамбеттің өзі туралы мұндай қорытындыға келуі тегін емес. Оның бүйірінде бұғып жатқан, бір өзі ғана білетін, бір айрықша сыр бар-ды. Құдай бірдеңені сездірген шығар, біреулер тұтқиылдан келіп қарызын сұрайтындай әлденеден қыпылдап жүруші еді, көп ұзамай сол зауалды күн де жетті.

Шілденің алғашқы жұлдызында үлкен ұлынан өрбіген тұңғыш немересі жиырма жасқа толып, бәйбішесімен екеуі соның туған күнін қызықтауға барған-ды. Содан қалада қонып қалып, таудағы мекендеріне бүгін түс қайта бір-ақ оралды. Аймағамбеттің өзі де, бәйбішесі де жадырап, мерейленіп қайтты. Оған себеп: биыл үшінші курсты бітірген немересі кеше отырыс басталар алдында бір ақ ботадай әдемі қызды жетектеп келіп, «мынау — болашақ келіндеріңіз» деп бұларға таныстырған. Қарттар оны үлкен жаңалық ретінде қабылдады. Қыз әкесі қазір дүрілдеп тұрған «жаңа байлардың» бірі көрінеді... Бұл енді, амандық болса, шөберенің де төбесі көрініп тұр деген сөз ғой. Әсіресе, Бибісараның қуанышында шек жоқ. «Ұрпақ өсіріп, шөбере сүйген ана бейіштен орын алады» дегенді бір жерден құлағы шалған екен. Бұл дүниенің қызығына тойған бәйбішесі енді о дүниенің қамын ойлай бастапты.

Бұлар төңірегі бетон дуалмен қоршалған, қос қабатты көгілдір коттедждің алдына келіп тоқтағанда, жылжымалы темір қақпа да баяу сырғып ашыла берді. Жолаушыларды алыстан танып, жүгіріп шыққан — балдызы Нұрқанат екен. Бұл — Бибісараның кенже бауыры, төменгі қабатта өздерімен бірге тұрады. Қарттарға қолғанат әрі қорғаныш болсын деп, балалары өткен жылы ауылдан әдейі көшіріп алған. Жігіттің өзі барып кел, алып келмей жүрсе, келіншегі үй қызметін атқарады.

Аймағамбет қаланың қапырық ыстығына зорға шыдап келген екен. Машинадан түсе бере-ақ, әлденеден иіс алған жасамыс арқардай, танауын желге тосып:

— Па, мына жердің ауасы мүлде бөлек екен ғой! Қаланың жұрты тұншығып кетпей, көк түтіннің ішінде қалай отыр, япыр-ау?! — деді бүкіл денесімен тыныстап тұрғандай.

Ол үйге кірген соң да, іште көп бөгелмей, тез киім ауыстырып, далаға шықты. Сол беті үйдің сырт жағындағы саялы баққа барып, төбесін дөңгелете жапқан, торкөз керегесіне әшекей бедер салған беседкаға барып жайғасты. Айекеңнің көп уақытын өткізетін сүйікті мекені осы. Ортада дөңгелек үстел бар. Осында отырып кітап оқиды, жора-жолдастары келгенде преферанс ойнайды.

Айекең қазір де әр алуан сорттан тандап отырғызған алма мен алмұрт ағаштарына көз жіберіп, көктемде үсік жүргенін, биылғы өнім жылдағыдай болмайтынын ойлап отырған-ды. Бір мезетте қақпа жақтан арсылдап ит үрді де, іле осылай қарай беттеген Нұрқанаттың төбесі көрінді.

— Қақпаның алдында бір бейтаныс жігіт түр. Сізді сұрайды, — деді ол жақындап келіп.

— Кім ол? Аты-жөнін айтпады ма?

— Киімі жүдеу, ауылдан келген біреу секілді... Сізді көптен білетін адам болса керек.

Бұл кім болды екен? Кейінгі кезде жұмыс іздеп, көмек сұрай келетін кезбелер көбейіп кетті ғой. Әлде сондайлардың бірі ме? Әдейі іздеп келгеніне қарағанда, бекер адам болмады. Осыны тез ойлап өткен Айекен, кім де болса көргісі келіп:

— Кірсін. Осында ертіп кел, — деді қысқа қайырып.

Нұрқанат лып етіп, үйді айналып кетті де, әлден уақытта осылай қарай әлдебір адамды ертіп келе жатқаны байқалды. Үстінде көкшіл түсті, көне тоз джинсы бешпет-шалбары бар, жол қапшығын оң жақ иығына асып алған еңгезердей біреу. Әжептәуір бойшаң көрінетін Нұрқанат ананың қасында бала сияқты. Күнқағары жалпақ, шүберек кепкісін көзіне түсіре киген әлгі адам атандай адымдап, жылдам жүріп келді де, жақындай бере жүрісін баяулатты. Білетін адамы сияқты... Жыға танымағанымен, шырамытып отыр. Осыны сезген ана жігіт, әдейі есіне түсірсін деді ме, кепкісін қолына алып, әлі шаш өсе қоймаған тақыр басын бір сипап қойды, Енді, әрине, күмәні қалған жоқ. Сол... Соның дәл өзі!

— Ay, Қайрақбайсың ба?.. Өз көзіме сенейін бе, сенбейін бе?! — деді Аймағамбет, жылағаны, әлде күлгені белгісіз, бір аянышты түрге еніп. Соны айтып, орнынан тұрмақ болып еді, буыны құрып, қайта отырып қалды.

— Мен ғой, Айеке! Басқа кім болушы еді?! — деді жолаушы жігіт жол қапшығын алма ағаштың бұтағына іліп жатып. Сонан соң баяу басып ішке кірді.

Бүл кезде Аймағамбет те орнынан тұрып, бері беттеп келе жатқан. Басында қол бермек болды да, оны азырқанды білем, іле құшатын жайды. Екеуі құшақ айқастырған күйі аз-кем тұрып қалысты. Манадан бері бейтаныс жолаушының әр қимылын бағып тұрған оққағар Нұрқанат осыдан кейін ғана көңілі орнына түсіп, үйге қарай бет алды.

— Айеке, сіз мені мүлдем ұмытып кеткен шығар деп ойлап едім. Танып қойдыңыз... Жадыңыз жақсы екен! — деді бет-аузы жайыла күлген Қайрақбай мысқылдағаны, әлде шын айтып тұрғаны белгісіз.

— Е, танымағанда... Сені ұмытып не көрініпті? Кел, төрлет! — деп абдырап қалған Аймағамбет қарсы беттен орын ұсынды.

— Адресіңізді әркімнен сұрастырып жүріп зорға тауып едім. Үйіңізді тауып келу одан да қиын болды, — деді Қайрақбай жайғасып отырған соң сигареттің бір талын езуіне қыстырып жатып. — Алатаудың аюы құсап, орманға кіріп алыпсыз ғой, түге!

— Кісі қартайғанда тыныштық іздейді екен. Сонда тапқан «түкпіріміз» осы ғой, — деді Аймағамбет әлі де өзіне-өзі келе алмай. — Иә, қай жақтан келе жатырсын?

— Сол өзіңіз көрген жерден, Айеке!

— Не дейді? Содан енді ғана босандың ба?

— Енді қалай? Маған кесілген мерзім он жыл емес пе еді? — деді жігіт қабағына сәл кірбең үйіріліп. — Соны айы, күні, сағат, минутына дейін толық өтеп шықтым. Империя түрмесінде бастағанбыз, тәуелсіз елімізде аяқтадық.

— Иә, айтпақшы, солай екен-ау! — деді Аймағамбет ыңғайсызданып. — Өтіп бара жатқан уақыт. Біз көріспегелі де, міне, жеті жылдың жүзі болыпты.

— Өтіп бара жатқан — біз ғой, Айеке. Уақыт қанша шыр айналғанымен, өз орнында тұр, — деді Қайрақбай темекінің тұқылын құшырлана сорып.

«Қарай гөр! Түрменің тар қуысында жатып та пәлсапа соғудан жалықпаушы еді. Сол мінезінен айнымапты» деді Айекең өткен күндерді есіне алып. Ол үш жылдан астам бір камерада жатқан жолдасынын жүзіне енді ғана барлай көз жіберді. Былайша, көп өзгеріс жоқ секілді. Сол баяғы үйге тіреу болғандай алып тұлға, биік қабақ астынан ұшқын шаша қарайтын өткір көз... Тек, ондағыдан гөрі сәл жүдеп, ашаң тартқан ба, қалай? Көп уақыт күн шалмағандықтан болар, қараторы кесек кескіні бозарып шалынады. Бір ғана белгі: оң жақ бетіне көлденең сызат түсіпті. Тыртық емес, сызат. Пышақ... жоқ, ұстараның ізі болар. «Қарсыласқан екі-үш адамды көзді ашып-жұмғанша сұлатып салушы еді. Қапылыста арандалып қалған ғой» деді Аймағамбет жігіттің көк тамыры білеуленген тоқпақтай жұдырығына қарап қойып.

Қайрақбайдың тым тегін келмегенін сезіп отыр. Көп жылдан бері жиналып қалған ашу-ызасын, көкірегіндегі ащы запыранды аямай төгетін шығар. Ол қазір не айтса да, Аймағамбетке нендей кінә қойса да, мынауың орынсыз деп ешкім айта алмайды. Сылтау айтып, ақталудан да пайда жоқ. Қайрақбайдың тілі удай, логикасы темірдей. Сөзге келгенде бет қаратпасын жақсы біледі. Ең жақсысы, қарсы шықпай, ығына жығыла бергені дұрыс болар.

Кенет Аймағамбеттің басында: «Түрмедегілер маған сырттай жаза кесіп, мынау соны орындауға келіп жүрмесін» деген бір сұмдық ой жалт етті. Соны ойлағанда жон арқасы мұздап, тізесі дірілдеп қоя берген. Онда біттім дей бер. Мына дәудің қолынан қазір мұны кім айырып алады? Бірақ, бір ғажабы, Қайрақбай бұл күткендей емес, мүлде басқа ыңғайда сөйлеп отыр.

— Түрмеден шыққаныма бір-ақ жұма болды. Енді елге бара жатқан бетім, — дейді ештеңе болмағандай жайма шуақ тіл қатып. — Қазақта «бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем» деген сөз бар ғой. Тағдырдың жазуымен біраз жыл түрме дәмін бірге татыппыз. Содан жол-жөнекей пойыздан түсіп қалып, өзіңізге әдейі бұрылғаным...

«Мақтамен бауыздап отыр. Бұдан гөрі жер-жебіріме жетіп боқтағаны артық еді! — деп ойлады Аймағамбет. — Түрмедегі жігіттерді іздеп барып, хал сұрайтын жөн менікі еді... Әй, оңбаймыз ғой, екі дүниеде».

— Жасы үлкен деп, әдейі келіп сәлем бергеніңе рақмет! Енді асықпа... Біраз күн осында ес жиып, құрметті қонағым бол! — деді шын көңілден.

Бірақ Қайракбайдың ұзақ бөгелетін түрі жоқ. Уақыты тығыз көрінеді.

— Пейіліңізге рақмет... Бүгін кешкі пойызбен Өскеменге жүруім керек! — деді мұңдана езу тартып. — «Өлім — құдайдан, тамақ — өкіметтен» деп баяғы түрмеде жатқан кез емес. Бостандықта жүрген адамға асықпаса бола ма?

— Айтпақшы, сенің ауылың Шығыс Қазақстан жақта еді-ау! Елде әке-шешең бар сияқты еді, олар тірі ме? — деді Айекең кезінде талай айтылған әңгімені енді ғана есіне түсіріп.

— Иә, біздің ауыл Ертістен ары Күршім деген жерде ғой. Әкей өліпті. Менің келуімді күтіп, шешем байғұс қана тірі жүрген көрінеді.

«Тәңірім-ай, қалай естен шытып кеткен? Аймағамбет түрмеден босанарда, оның әке-шешесін іздеп баруға уәде беріп, адресін алғаны қайда? Иә, Қайрақбайдың ауылы Күршім ауданында. «Көкжарлы Көкжал Барақтың жетінші ұрпағымын. Атамыз қазақ-қалмағы аралас сегіз қатын алған екен. Біз қалмақ әжемізден таралыппыз» деп отырмайтын ба еді... Сол уәдесі де орындалмай, қу тіршіліктің астында қала беріпті-ау!»

— Әй, қайсың барсың? — деп дауыстады Айекең үй жаққа мойын бұрып.

Нұрқанат бұларды көзден таса қылмай, алыстан қарауылдап жүрсе керек. Жерден шыққандай бірден көрініс берді.

— Мына араға жүрек жалғайтын дәм, қымыз әкеліңдер! — деп бұйырды Айекең.

Бұйрық табанда орындалды. Алдымен күтуші жігіттің өзі келіп, дөңгелек үстел үстіне дастарқан жайып бір кеткен. Артынан келіншегі екеуі қабаттасып, шағындау бір тегене қымыз, тәлеңкеге салынған бауырсақ, суыған ет әкеліп қойды.

— Ендігісін өзіміз реттейміз, сендер шаруаларына жүре беріңдер! — деді Аймағамбет, әлгілер екі кесеге қымыз құйып, қойдың жамбасы мен сүбесін жапырақтап болған кезде, Қайракбай шөлдеп келген секілді, алғашқы кесені дем алмастан басына бір-ақ төңкерді.

— Ой, жарықтық-ай, қымыз ішпегелі қай заман! — деп қалтасынан орамалын алып, бұрқ ете қалған терін сүртті. — Бие байлап отырсыз ба, Айеке?

— Жоға, бізге бие байлаған түсіп қап па?! Осы сайдың ішінде бие ұстайтын бір шал бар. Сол күнделікті қымызын осында құйып тұрады... Ал, тартынба. Мына еттен де алып отыр! — деді ожауды енді өз қолына алған Аймағамбет.

Қайрақбай тамаққа онша сұғынған жоқ. Тоңазыған майлы еттен бір-екі қарпып асады да, қымызды да енді сыздықтата баппен ішіп отыр.

— Қымыз — сусын ғана емес, дәрі ғой. Түрмеде туберкулезге шалдығып, өкпесі өшіп жатқан сорлыларға күніне екі-үш кеседен қымыз берер ме еді? — деді жолаушы әлден уақытта.

— Жағдай әлі қиын ба ол жақта?

— Сіз барда біршама тәуір еді той. Кейін тұрмыс жағы мүлде құлдырап кетті. Бұрын қамаудағылар бір уақ жұмыс істеп, өз қаражатын айырып тұратын. Қазір ол да жоқ.

Бұлар біразға дейін үнсіз қалды. Аймағамбет қолындағы сырлы ожауымен тегештегі қымызды ауық-ауық сапырып қояды. Бетіне іртік-іртік май түскен сары қымыз көкіректегі көп ойдан хабар бергендей көбігі сынып көпіршиді.

— Қапаста жатқан кезімізде сіздің жағдайыңызды сұрастырып, біліп отырдық, — деді Қайрақбай тағы да темекіге қол созып. — Қазақстан тәуелсіздік жариялады деп естігенде, есіміз шыға бір қуанғанбыз. Сіз парламентке депутат болып сайланғанда, қамаудағы қазақ жігіттері қалпағымызды аспанға атып: «Айекең өзгені ұмытса да бізді естен шығармас, тұтқындағы бауырларына бір шарапатын тигізер» деп үнемі елеңдеп отырдық.

Аймағамбет төмен тұқыра түсіп, үнсіз отырып қалды. Осы сөзді қашан айтар екен деп күтіп еді, айтты-ау ақыры! Онда да кекті ашумен, зілмен емес, сыпайылап қана жеткізді. Қайрақбайдың арқасын кенге салған осы маңғаздығы-ак Айекеңнің діңкесіне тиіп болды. Бір сот оның көз алдына абақтының борсыған ауасы, қос қабат нарда жататын ығы-жығы адамдар, бүрге мен қандалаға жем болған ұйқысыз түндер елестеп өтті. Иә, қатқан нан, қатықсыз көжеден өзектері талып, жүректері қарайғанда, ашынған жігіттер не айтпаушы еді?! «Түрмеге де реформа керек! — дейтін бәрі бірауыздан. — Тұтқын да — адам баласы. Ал адам құқы қай жерде жүрсе де қорғалуы керек!» Ол кезде осы сөздерді Аймағамбет те жан-тәнімен құптаған. «Осыдан аман-есен шықсам, енді қалған ғұмырымды тұтқындар құқын қорғауға бағыштармын-ау!» дейтін сырлас жігіттерге. Түрмеден босанарда осы Қайрақбайға: «Ай сайын келіп, халіңді біліп тұрармын. Шамам келсе, жеңілдік әперуге күш салармын» деп уәде бергені де есінде. Бірақ керегі не, сол сөздер айтылған жерде қалып қойды. Өзгесін қойшы, кейін депутаттыққа сайланып, неше жыл парламентте отырғанда адам құқы, тұтқындар тұрмысы жайында мінбеге шығып, бір ауыз сөз айтпады-ау!

Осыны еске алғанда жерге кірердей болып, маңдайынан сұп-суық тер шықты. Небір тығырықтан қиялап шығып кететіні болушы еді, аузына ынғайлы сөз түспей қатты қиналды. Содан бір мезетте Қайрақбайдың жауап күтіп отырғанын аңғарып:

— Біз тым етек басты екенбіз ғой, — деді әңгімені тым әріден бастап. — «Демократия», «адам құқығы» деген ұғымдар біздің санамызға енді-енді ғана еніп келеді. Ал түрме жағдайы, тұтқындар тұрмысы дегенді ойлап жүрген пенде жоқ. Біреу қылмыс жасады ма — аяусыз жазалау керек. Білетініміз — осы ғана. Ал, қамалған адамдардың да бәрі бірдей емес, жазықты-жазықсызы болатыны, бүтін бостандықта жүргенмен, ертең әркімнің-ақ, басына түсетіні кәперлеріне кіріп шықпайды. Мен мұны өз басымнан өткергем. Отыз жыл ел басқарғанда, «осы түрменің жағдайы қалай екен» деп, соған бір рет бас сұқпаппын ғой. Кейін басымызға түскенде бір-ақ білдік. — Айекең өз сөзінің әсерін байқағысы келгендей, қонағының жүзіне бір қарап өтті. — Ал мені неге әрекетсіз қалды десең, оның себебі, сірә, бұрын сондай дәстүрдің жоқтығынан болар. Байқайсың ба, біздің қазақтан осы күнге дейін адам құқын қорғауды өмірлік мақсат еткен бір азамат шықпапты ғой...

Әңгімені осылай бастаған Аймағамбет тағы біраз сөздер айтты. Бірақ Қайрақбайды иландыра алмағанын да сезіп отыр. Ақталып айтқан сөздері өзіне де тым құрғақ, дәйексіз болып көрінген. Қайрақбай жалыққан түр байқатып, енжар тыңдап отырды да:

— Жол анасы — тұяқ. Айдау жол алғашқы ізден басталмай ма, Айеке? Біреу тәуекел етіп бастамаса, дәстүр қайдан қалыптасады? — деді мұнын манадан бергі дәлелдерін бір ауыз сөзбен жоққа шығарып.

Түсінген адамға сөз осымен тынған сияқты еді. Қайрақбай кеседегі қымызын сарқып ішті де:

— Ал Айеке, рұқсат болса, мен жүрейін! — деді дойман білегіндегі шынжыр баулы сағатына қарап. — Келді-кетті деп сөкпеңіз. «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек» деген той ұлы Абай. «Айекең қазір қандай болды екен, бір көрсем-ау» деуші едім, ол арманға да жеттік... Бұдан кейін көрісеміз бе, жоқ па, аман-сау болыңыз, Айеке!

— Елге барам дедің бе? Енді не істемек ойын бар? — деді Аймағамбет те бұдан ары қолқа сала коймай.

— Дипломды инженермін ғой. Екі колға бір жұмыс табылар, — деді орнынан тұрған Қайрақбай жол қапшығын иығына асып жатып. — Түпкі мақсат — жаңағы «адам құқы» дегенді қолға алу, қапастағы мұңдықтарға титтей де болса жеңілдік әперу...

«Иә, бұл шаруа Қайрақбайдың қолынан келеді, — деп ойлады Аймағамбет қақпаға қарай онымен бірге келе жатып. — Қанша қиыншылық тартса да, бір жасымайды-ау сабазың! Осыларға күш беріп тұратын — не нәрсе екен?»

Есік алдына келгенде үй иесі қонақтың бір минут кідіруін өтінді. Сонан соң өзі томпаңдап ішке кіріп кетті де, көп айналмай қайта шықты. Қолында аузы желімделген қалыңдау конверті бар.

— Мынау жолыңа қаражат болсын. Аз да болса көптей көріп, ренжімей аттан! — деді әлгіні қонағына ұсынып жатып.

— Жолдық ақшам бар, әуре болмаңыз, Айеке! Мен сізден бірдеңе дәметіп келді дейсіз бе? — деп Қайрақбай ат-тонын ала қашып еді, Айекең өлердегісін айтып:

— Өтінем, ала ғой!.. Бұл сенің маған жасаған жақсылығыңның оннан біріне де тұрмайды... Алмасаң өкпелеймін! — деп зорлағандай қолына ұстатты.

Манаты Нұрқанат бір жаққа кеткен бе, көрінбейді. Айекең қақпаны өзі ашып, қонағын шығарып салды. Иығынан бір батпан жүк түскендей, жеңілдеп қалған сияқтанды. Бірақ мүлде тынши алған жоқ. Ойда жоқта әлдебір қауіпке кездесіп, бірақ сәті түсіп, аман құтылған адам өзін қалай сезінер еді. Айекең де сондай бір күйді бастан кешіріп тұр. Мына бетінде бірден үйге кіргісі келмей, бақ ішіндегі үйреншікті жолымен ары-бері қыдырыстады.

Көз алдынан жанағы Қайрақбай кетер емес. Қанша ойламайын десе де, қиялында көлбеңдеп тұрып алады. «Көкжал Барактың тұқымы болса болар. Бұл да — нағыз көкжал ғой! — деді сүйінішін жасырмай. — Қапаста жүрген кездің өзінде-ақ бәрімізден жоғары тұрушы еді. Әлі де сол биіктен түспеген екен».

Ол бір мезет екеуінің алғаш қалай кездескенін есіне алды. Онда Қайрақбай — небәрі жиырма бестегі жігіт Университеттің химия факультетін таяуда ғана бітіріп, Жамбылдың фосфор заводында жұмыс істеп жүрген кезі екен. Сөйтіп жүргенде, ойда жоқта 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бүрк ете қалады. Сол алғашқы күні-ақ студенті мен жұмысшысы аралас жүздеген қазақ жастары пойызға тиеліп, Алматыға қарай бет алған. Бірақ оларды көтеріліс қызып жатқан астанаға жеткізбей, Шу бекетінде тоқтатып, күшпен кері қайтарады. Ұлт ұранын көтерген сол қызу топтың ішінде осы Қайрақбай да бар еді.

Жамбылға қайтып оралған соң да, дүрліккен жастар оңайшылықпен басылмайды. Ақыры заводта орыс пен қазақ жұмысшылары арасында төбелес шыққан. Үкіметке арқа сүйеп, алдымен соқтыққан орың жасақшылары болса керек. «Қашайын деп тұрған қоянға «тәйт» деген соң не сорым» дегендей, онсыз да намыстан жарылғалы жүрген қазақ жігіттері қайтпай ұрыс салады. Нәтижеде, екі жақтан да біраз адам жараланып, ауыр халде ауруханаға түскен бір орыс жігіті өліп кетіпті. Арада ай өтпей қазақ жастарының бір тобы сотқа тартылды. Сол қатарда «бүлік басы» деп табылған Қайрақбай да он жылға кесіліп кете барған.

Осының алдында ғана көрші облыста обком хатшысы болған Аймағамбет, әрине, бұл оқиғаға қатыса алған жоқ. Өйткені сол тұста мұның өзі де «істі» болып, тергеуде жатқан кезі еді. Соңғы рет бой жасап, қаһарына мінген Кремльдің оқты көзі Орта Азия мен Қазақстанға қадалып тұрған кез. Аймағамбеттің басқалардан мойны озық тұрды ма, әлде бұрынғы республика басшысымен көңілдестігі себеп болды ма, әйтеуір, таңдау осы жолы бұған түсіпті. Басқа бұлт үйірілмесін деңіз, басқа қатер төніп, іс теріске айналған күні сенің артықшылығың — кемшілік, жақсылығың — жамандық болып шыға келеді екен ғой. Не керек, «қылмыс» дегенді қолдан құрап, жеті жылға мұны да соттап жіберген. Абырой болғанда, Қазақстан көп ұзамай тәуелсіздік алып, бұл төрт жыл дегенде босанып шықты.

Айекең жаңағы Қайрақбаймен сот үкімінен кейін, бірнеше ай өткенде, абақтының ішінде танысып еді. Аймағамбеттің сағын сындырып, райдан қайтару үшін не істемеді? Ешкіммен тілдестірмей, бір өзін жеке қамап та көрді. Баскесер бұзақылардың арасына апарып та қосты. «Құлан құдыққа жығылса, құлағында құрбақа ойнайды» деген рас. Кімдер қорламады мұны? Кімдер басынбады? Күні кеше мұның алдына кірмек түгіл, маңайын баса алмайтын қортық милиционер енді бұған зіркілдеп ұрсатын болды. Әдейі тапсырып қоя ма екен, біреулер ішіп отырған тамағына түкіріп кетеді. Қасынан өтсең шалып құлатады, ұйықтап жатсаң —тұншықтырып «ойнайды». Құрысын,тіпті ауызға алудың өзі ұят. Бәрінен де, жаңағы ардан безгендер «бастықтың майлы бөксесін көреміз» деп құйрығыңды жалаңаштап, хайуандықпен қорлайтынын қайтерсің! Кімге арыз айтарсың, кімге барып шағынарсың? Бұрын қол астындағыларға ақырып-жекіргені болмаса, ешкімге жұдырық жұмсап көрмепті ғой. Аймағамбет өзін қорғауға қабілетсіз болып шықты. Ал түрмеде жұдырығы жуандар ғана беделге ие болмақ.

Өркенің өскір Қайрақбаймен, міне, осындай сын сағатта ұшырасып еді-ау! Ол бұған қорлықтан құтқарушы, оққағар қалқан болып кездесті. Жарты жылдан кейін бұлардың үстіне бірнеше жолдасымен осы Қайрақбайды әкеліп қамаған. Бәрі де Аймағамбетті сырттай білетін саналы жігіттер. Қайрақбай мұнда келісімен тізгінді өз қолына алды. Ол ен алдымен жеке сайыста барақтағы бәле басы «Жук» дейтін атаманды ұрып жықты. Содан кейін-ақ бұзақылардың беті қайтып қалған. Есіл азамат осы Аймағамбет пен басқа да қандастарын қорғау үшін арыстанша алысып еді-ау, сонда! Егер Қайрақбай кезікпегенде, бұған бүйтіп жер басып жүру жоқ еді. Құсаға шыдамай өзіне қол жұмсап, өліп кетер ме еді, қайтер еді?!

Сол Қайрақбай ғой — жаңа осында келіп кеткен. Көрінеу ажалдан алып қалған сол қамқоршысына жеті жылдан бері ат ізін салмапты, хат жазбапты. Осы аралықта сол облысқа талай рет жолы түсті. Бірақ тұтқындар лагеріне бұрылған емес. Жарайды, қамауда жатқандарды жарылқамай-ақ қойсын. Әйтсе де, өзі дәмін татқан орынға ат басын бұрып, жігіттерден хал сұрап шығуға болатын еді той. Жана Қайрақбайдың бетіне ұялмай қалай қарағаны түсініксіз. Бас киімін оның аяғына тастап, тізерлеп отырып кешірім сұрауы керек еді. Тағы сол жалған намыс, алдамшы абырой жібермеді.

Обалы кәнеки, Аймағамбет түрмеден босанғанда, жігіттерге берген уәдесі бойынша, алдына үлкен мақсат қойып, құлшынып-ақ аттанған. Бірақ соны іске асыруға жағдай жар бермеді. Бұл бостандыққа шыққанда, тәуелсіздік таңы атып, ұлттың да, ұлыстың да рухы көтеріліп, ел іші дүрілдеп түр екен. Ағайындары қамаудан шыққан Аймағамбетті қажыдан келгендей қарсы алды. Содан қол-аяғын жерге тигізді ме, қайраткер де, күрескер де бір өзі боп шыға келген мұны парламентке депутат етіп сайлады. Олай-бұлай бұрылуға, ойлануға мұрша болды ма? Бір тәуірі, сол жолғы парламент мерзімінен бұрын тарап кетті. Әйтпегенде, Айекең әлі де аттан түспей, біраз жерге шабар ма еді, қайтер еді?!

Өз ойы өзіне күлкілі көрінді-ау деймін, Аймағамбет осы тұста бір езулей мырс етті. «Жағдай жар бермеді» дегені жай сылтау, әрине. Ауқымға ілесіп жүре беретін — бұл бала ма, соншалық? Одан гөрі мансапқа үйренген басы әлі де биліктің бір пұшпағынан айрылғысы келмей жанталасты деген дұрыс болар. Әйтпесе, Аймағамбет сияқты қамау қапастың да дәмін татып көрген, атақ-дәреженің баянсыз жалғандығына көзі әбден жеткен адам, бұрын билік басында отырмағандай, депутат болып сайланбағандай, дәл сол жолы мансапқа жармасатын жөні жоқ еді. Жарайды, ағайынның қолпаштауымен депутаттыққа сайлансын-ақ. Бірақ қолындағы сол мандатты «адам құқы» дейтін ұлы мақсатқа пайдаланбады? Кешегі тұтқын — бүгін құқық қорғаушы! Егер солай болып жатса, қандай жарасар еді?! Құдайдың өз ретін келтіріп тұрған ақ жолда табан тіреп тұрып қалса, атақ пен абырой мұны өзі іздеп келіп таппас па еді?!

Болар іс болды, енді өкінгеннен пайда жоқ. Құдайын ұмытып бара жатыр еді, бүгін ойда жоқта Қайрақбай келіп өткен күндерін еске түсіріп кетті. Ұят-ай, басында ол туралы жаман ойға да жол берді-ау! Мерт қылып жүре ме деп күдіктенді. Ақпейіл азамат бұл жайында не ойлап кетті екен? Мұның пендешілігін кешірді ме? Аужал тұтары — ұсынған ақшаны кері қақпағаны. Ол да болса көңілге медеу.

Алайда, кешке қарай сол жалғыз жұбаныш та ыдырап жоқ болды. Қақпаның сыртқы бетінде хат-хабар, газеті журнал салып кететін почта жәшігі бар-тұғын. Нұрқанат осы күнде кешке таман бір-ақ ашады. Аймағамбет қат-қабат газеттердің арасынан мана өз қолынан шыққан таныс конвертті көргенде, жүрегі зу ете қалды. Әлі де сенер, сенбесін білмей, ішін ашып қараған. Қате жоқ, соның дәл іні. Су жаңа мың теңгеліктерден құралған жиырма қағаз сол күйі қаттаулы тұр.

Демек, кешірмей кеткен болды ғой! — деді Айекең гүбірлей тіл қатып. — Намысын ту ғып ұстаған жігіт қой. Жұрттың бәрі біз дейсің бе — боққа үймелеген қоңыздай дүниеге алданатын?!

Көкесі-ау, кіммен сөйлесіп отырсың? — деді шай асап жатқан бәйбішесі таң-тамаша болып.

Айекең тіл қатқан жоқ. Осы бір орны толмас өкініштің ендігісі қалған өмірде өзімен бірге кететінін, бір кірленген ар-ұяттың оңайшылықпен тазармасын ойлап, іштен тына күрсінді.

2000 жыл, сәуір.