Әдебиет
Бір түп тораңғы
I
Ол құлағының түбінен күмбір қаққан әлдебір дыбысты аңғарып, өң мен түстің арасында малтығып біраз жатты да, кенет оянып кетті. Көзін ашып алса, үй іші жап-жарық. Күн көкжиектен енді ғана көтерілсе керек, шығысқа қараған шағын терезеден тозаңданып тіке құйылған алтын сәуле оң жақ қабырғаға торкөз сағым түсіріп, сол тұсқа тағы бір терезе орнап қалғандай көз қуандыра дір-дір етеді. Көше жақтан келіп тұрған әлгі сарын қарттың құлағына енді айқынырақ шалынды; гүжілдеген жуан дауысты әнші радиодан «Широка страна моя родная» деген белгілі әнді шырқап тұр.
Әділгерей әлденеге елегізіп басын көтеріп алды да, бірақ төсегінен тұра қоймай, айналасына ұйқылы көзбен назар салып біраз отырды. Бұл шаңырақтың астында дәл қазір өзінен басқа тірі жан жоғын білсе де, өзінің жалғыз жатқанына сенбегендей, үй ішіне үркек көңілмен бір түрлі тосырқап қарайды. Сол жақ бүйірдегі екі қатар кітап сөресін, бұрыштағы жазу столы мен соның бір шетінде тұратын глобусты және сол тұсқа ілінген жер шарының саяси картасын шолып өтті... Сонан соң төр жаққа шалқая бұрылып, осыдан бір-екі жыл бұрын қайтыс боп кеткен әйелі Мақпал мен немересі Мұратжанның үлкейтілген суреттеріне сүзіле қарап қойды...
Иә, бәрі де қаз қалпында, өз орнында тұр, титтей өзгеріс болсашы. Жасау-жабдықтан жұрдай, тұрғын үйден гөрі география кабинетіне көбірек ұқсайтын абажадай үлкен бөлмеде, Әділгерейдің бір өзі, соқа басы ғана жатыр.
Көшеде радиодан айтылып жатқан ән әуені барғай сайын үдеп, саңқылдай естілді.
«Я другой такой страны не знаю,
Где так вольно дышит человек...»
«Япыр-ау, маған не болған? Бүгін мейрам екен ғой, — деді ол, өзінің мына отырысына қысылғандай. — Иә, бүгін Бірінші май... Бүкіл дүние жүзі еңбекшілерінің мейрамы».
Ол орнынан жеңіл көтеріліп, мұның жасындағы адамдарға жараспайтын ширақтықпен апыл-ғұпыл киіне бастады. Не үшін екен, кейінгі кезде мереке-мейрам, той-томалақ десе елден бұрын елеңдеп тұратын әдеті. Әлде, бір сәт болса да жалғыздық құрсауынан құтылып, адамдар тобына араласқысы келе ме, алыстан дүбір естісе тықыршып тұра алмайтын жорық атындай, бұл да кәдімгідей елеуреп қалады. Бұл үшін келер-кетері шамалы болса да, кейде сенбі, жексенбінің өзіне мән беріп: «Бүгін жексенбі, демалыс екен ғой» деп, тоқмейілсіп отыратыны бар. Соңынан осы қылығын өзі келемеждеп: «Байғұс -ау, саған жексенбінің не керегі бар? Пенсиядағы кісіге бәрі демалыс емес пе» деп күліп те қояды. Не істейсің, сүйекке сіңген әдет. Қырық жыл бойы қалыптасқан дағдыдан табан астында қалай құтыла қоярсың?!
Ол аяғына керзі етігін сұға салып, үстіне көнетоз сулығын, басына ернеуі майысқан ескі қалпағын киді де, далаға шықты. Аспан әлемі шайдай ашық екен. Көктем өз күшіне әлдеқашан еніп, жаз шығып қалса да, түнге қарай салқындап кететін құмды өлкенің ауасы әлі жылына қоймапты. Терістіктегі Балқаш көлі жақтан аңырай соққан суық жел Әділгерейдің бойын қармап, қалтыратып жіберді. Оның үйі шет жақта, бұйраланып жатқан құм төбенің іргесінде ғана болатын. Желді күндері құмды өңірде із сақталмайды. Таңертең тұрсаң кешегі шиыр жоғалып, теп-тегіс сонар күйінде жатады. Әділгерей мап -майда ұлпа құмға мөрдей із қалдырып, үйінің сыртындағы белеске көтерілді. Осы арадан сай табанына, қазан шұңқырға орналасқан «Жиделі» ауылы алақанға салғандай айқын көрінеді. Одан ары көкжиекке дейін шоқ-шоқ тораңғы мен жыңғыл өскен құмды өлке шетсіз-шексіз созылып жатыр.
Әділгерей төбенің үстіне шығып, көше тәртібіне бағынбай қалай болса солай салынған тоқал тамдарға, мектеп пен кеңсенің арасында қарбаласып жүрген адамдарға, дамылсыз музыка ойналып, қызылды-жасылды жалаулар желбіреген орталық алаңға бір сәт қарап тұрды да, ар жағындағы ойпатқа түсіп кетті. Тасалау жерге барған соң, үстіндегі сулығы мен қалпағын жұлып тастап, баяғы жас кезіндегідей, қол-аяғын созғылап, еңкейіп -шалқайып, дене шынықтыруға кірісті. Бұл әдетті соңғы он шақты жылда тастап кеткен – ді. Биыл көктемнен бері, не ойы барын кім білсін, сонысын қайта тапты. Күнде таңертең осында келіп, арсы-күрсі болып жатқаны... Бүгін де иен далада әрі-бері жүгіріп, біраз бусанып алды да, тер қатып қалудан сақтанып, сырт киімдерін дереу қайта киді. Таңертеңгі салқын ауада тынысы кеңіп, өне бойына дуылдай қан жүгіріп, бір түрлі сергіп қалды өзі.
«Ақымақ басым ана жылдан бері осыны неге қойып кеттім екен? Кәрілікке күні бұрын мойынсұнып, ажал ноқтасына өздігімнен бас сұғатындай не көрінді маған?» деді өз бойынан дуылдай көтерілген әлдебір қуатты сезініп.
Жаңағы ізімен үйіне қайтып келе жатқан. Ауылдың әр тұсынан өріске қарай беттеген сиырларды көргенде, өзінің, азын-аулақ малы әлі қорада қамаулы тұрғанын есіне алып, жүрісін ширата түсті. Бес алты ұсақ пен қасқа сиырдың мекені көршісі Шәкірдің қорасымен жапсарлас салынған-ды. Сол маңнан білегіне шелек іліп, кебісін сүйрете басқан Несібелі кемпірдің қарасы көрінді. Сыңайы өз сиырларын өріске жіберіп, енді мұның сиырын сауып бермекке бет алған тәрізді. Сиыр қораға ене беріп, Әділгерейді көріп қалды да, қиралаңдап бері бұрылды. Сонадайдан самбырлап сөйлеп келеді.
— Мұғалім-ау, үйде екенсің ғой. Маңайда қара-құра көрінбегенге, бір жаққа қыдырып кетті ме десем... Өзің таң атпай қайда барып келесің?
— Осындамыз... Далада біраз жүріп, бой жазып қайттым, — деді Әділгерей жөнін айтып. — Шәкең көрінбейді ғой?
— Е, жүр де осы маңайда, өрістегі атына кеткен болар. Кеше кешке жақын, әлгі Сақып сорлы нашар деген соң, шал екеуіміз соның көңілін сұрай барып, қасында біраз отырып қайтқанбыз. Жолда суық ұстаған ба, сүйек-сүйегі құрғыр қақсап, бүгін орнымнан әрең тұрғаным...
Боранның масағы қалғандай үстіне ұзынды-қысқалы неше қабат киім киіп, белін буынып, басын түбіт шәлімен орап алған Несібелінің мына түріне қарап, күлмей қалу мүмкін емес еді. Әділгерей күлкісін әзілге жеңдірді.
— Жаздың күні суық тигізіп не көрінді, соншама? Әшейін, Шәкең ақсақалға еркелегенің шығар?
— Қойшы, қайдағыны айтпай. Саған ойын керек-ау... Байына еркелейтін баяғы келіншек деп тұрсың ба мені? — Несібелі бұртиып қалды.
— Жә, ойнап айтам... Айтпақшы, Сақып қалай екен?
— Байғұсқа жабысқан әлгі аты жаман аурудың өзі көрінеді ғой. Тек құдай қуат берсін де. Балалары қаратпақ болып қаланың доқтырына апарған екен, «адам болмайды, аманында ауылдарыңа жеткізіп алыңдар» деп қайтарып жіберіпті... Аузына шайнама салмағанына да айдан асып қалса керек. Қайтсын байғұс, жатыр көзі жаудырап... Дүние деген сол әнеки: біреулер мейрам деп жінігіп жүр, енді біреулер ақтық сағатын күтіп, қиналып жатыр. — Несібелі сол сөйлеген қалпы қораға қарай бет алды. — Әукім, әукім! Күтіп қалдың ба, байқұшым? Қазір, қазір... желінің сыздап бара жатса, сауып алайын да, өріске жіберейін.
Шәкір шал Әділгереймен туыс болып келеді. Несібелі — ескі көз, кәрі жеңгелердің бірі. Байғұс денсаулық жағынан желіп тұрмаса да, әйтеуір, ақ жаулық деген аты бар, былтырдан бері қасқа сиырдың күтімі соның мойнында. Бір уақыт Әділгерейге де шай қайнатып беpiп, бас-аяғына қараған болады. Қанша дегенмен бала жастан бірге өскен, ата жолдас, қу кәрі емес пе, әзірше сыр алдырмай-ақ келеді. Қазіргі келін-кепшіктің бірі болса, бұл үшін тұяғын қимылдата ма?
Туғанына айдан асып, есейіп қалған марка бұзау Несібеліге бой беретін емес, байлаудан босана салысымен, кемпірді бұйым құрлы көрмей, сүйреп ала жөнелді. Әділгерей тез жетіп, бұзаудың мойыншағына жармаспағанда, жығып кетуі де мүмкін еді. Несібелі жүрелеп отыруға тізесі шыдамайтын болған соң, әдейі осында әкеліп қойған жатаған орындыққа жайғасып алып, сиыр саууға кірісті. Қолы — сиырдың емшегінде, аузы сөзден босар емес.
— Тірі кісі тіршілігін істейді ғой, бәрінен де дүниеден өтіп жатқан адамдарды айтсайшы. «Күн күркіреп, жаз шығар өлмегенге» деп, мінеки, өлмеген кісіге жаз да шықты. Былтыр қыста Мақпал марқұм ортамызда жүр еді, оның көзі жұмылғаннан бері де осымен екі көктем өтіп барады. Енді, міне, Сақып тұр кезекте... Бишара өмір бойы жарық дүниенің рақатын көрмей, жетім-жесірлікпен күн кешіп, еді, құдай тағала соңғы сағатында тағы қинағанын көрмейсің бе?
Әділгерей тіл қатқан жоқ. Енесінің емшегіне қомағайлана қадалып, аузынан ақ көбік бұрқыраған қасқа бұзауды қазыққа апарып байлады да, үндемей тұра берді.
— Бұл дүние кімге опа берер дейсің, — деді Несібелі сөзін жалғап, — «шет ауыл көшсе, орта ауыл шет болады» дейді... Сәл суық тисе жұлын тұтам, сүйек-сүйегім қақсап, биыл қыстан бері менің де мәнім болыңқырамай жүр. Дәм-тұзымыз таусылған күні жолға түсеміз ғой біз дағы...
— Саған әлі жығыла кетуге ерте емес пе, жеңеше? — деді Әділгерей әдейі бұра сөйлеп. — Шәкең екеуіміздің арамыздағы жалғыз кемпір, сен өліп қалсаң, біздің күніміз не болады? Әлі де болса асықпай тұра тұр.
— Мен асықпаймын-ау, бірақ оған құдай-екең көнбейді ғой, — деп, Несібелі шелегін көтеріп орнынан тұра берді. — Ойбай, сегізкөзім!.. Белі құрғырдың қозғалтпай әсіресе қалғанын қарашы... Одан да көп сөзді қой да, үйленіп ал. Әлі тұғырдан тайып тұрған жоқсың. Осы төңіректе не көп, жесір қатын көп. Солардың шай қайнатып беруге жарайтын біреуін үйіңе кіргізіп ал!
— Бұл ақылың көңілге қонады, — деді Әділгерей күле тіл қатып. — Бірақ маған шай қайнатудан басқа қолынан түк келмейтін көкселердің керегі жоқ. Алсам, бала тауып беретін жастауына жармаспаймын ба. Біздің үйден жөргек исі шықпағалы да көп болды ғой, кеңсірігім ашып жүр.
Несібелі бұл сөздің әлде ойын, әлде шын екенін айыра алмай, Әділгерейдің бетіне бажырая қарап сәл тұрды да, шелектегі сүтті алып, ақсаңдай жөнелді...
Арада тағы бірер сағат өткенде, үлкендер Шәкірдің үйінде шай ішіп отырды. Шалдың қолында тұрып оқитын немерелері жаңа дастарқан жайылар-жайылмастан, бір-бір кесе шайды асығып ішті де, өздерінше «парадқа барамыз» десіп, мектепке қарай жөнелген. Самауырда қалған шайды әр жерде шошайып отырып, қарттардың өздері-ақ тауысуға айналды.
Шәкір — жасы жетпістен асып кетсе де, әлі кәрілікке бой алдырмаған, денсаулығы мығым, қайратты кісі. Жасында жауырыны жерге тимеген, осы құмдағы атақты палуандардың бірі еді. Құдыққа түсіп кеткен құнан өгізді осы Шәкір мүйізінен ұстап, суырып алыпты деген де сөз бар. Сонысы рас та болар. Кемпірінің қасында қалу мүмкін емес еді. Әділгерей күлкісін әзілге жеңдірді.
— Жаздың күні суық тигізіп не көрінді, соншама? Әшейін, Шәкең ақсақалға еркелегенің шығар?
— Қойшы, қайдағыны айтпай. Саған ойын керек-ау... Байына еркелейтін баяғы келіншек деп тұрсың ба мені?—Несібелі бұртиып қалды.
— Жә, ойнап айтам... Айтпақшы, Сақып қалай екен?
— Байғұсқа жабысқан әлгі аты жаман аурудың өзі көрінеді ғой. Тек құдай қуат берсін де. Балалары қаратпақ болып қаланың доқтырына апарған екен, «адам болмайды, аманында ауылдарыңа жеткізіп алыңдар» деп қайтарып жіберіпті... Аузына шайнама салмағанына да айдан асып қалса керек. Қайтсын байғұс, жатыр көзі жаудырап... Дүние деген сол әнеки: біреулер мейрам деп жінігіп жүр, енді біреулер ақтық сағатын күтіп, қиналып жатыр. — Несібелі сол сөйлесең қалпы қораға қарай бет алды. — Әукім, әукім! Күтіп қалдың ба, байқұшым? Қазір, қазір... желінің сыздап бара жатса, сауып алайын да, өріске жіберейін.
Шәкір шал Әділгереймен туыс болып келеді. Несібелі — ескі көз, кәрі жеңгелердің бірі. Байғұс денсаулық жағынан желіп тұрмаса да, әйтеуір, ақ жаулық деген аты бар, былтырдан бері қасқа сиырдың күтімі соның мойнында. Бір уақыт Әділгерейге де шай қайнатып беpiп, бас-аяғына қараған болады. Қанша дегенмен бала жастан бірге өскен, ата жолдас, қу кәрі емес пе, әзірше сыр алдырмай-ақ келеді. Қазіргі келін-кепшіктің бірі болса, бұл үшін тұяғын қимылдата ма?
Туғанына айдан асып, есейіп қалған марқа бұзау Несібеліге бой беретін емес, байлаудан босана салысымен, кемпірді бұйым құрлы көрмей, сүйреп ала жөнелді. Әділгерей тез жетіп, бұзаудың мойыншағына жармаспағанда, жығып кетуі де мүмкін еді. Несібелі жүрелеп отыруға тізесі шыдамайтын болған соң, әдейі осында әкеліп қойған жатаған орындыққа жайғасып алып, сиыр саууға кірісті. Қолы — сиырдың емшегінде, аузы сөзден босар емес.
— Тірі кісі тіршілігін істейді ғой, бәрінен де дүниеден өтіп жатқан адамдарды айтсайшы. «Күн күркіреп, жаз шығар өлмегенге» деп, мінеки, өлмеген кісіге жаз да шықты. Былтыр қыста Мақпал марқұм ортамызда жүр еді, оның көзі жұмылғаннан бері де осымен екі көктем өтіп барады. Енді, міне, Сақып тұр кезекте... Бишара өмір бойы жарық дүниенің рақатын көрмей, жетім-жесірлікпен күн кешіп, еді, құдай тағала соңғы сағатында тағы қинағанын көрмейсің бе?
Әділгерей тіл қатқан жоқ. Енесінің емшегіне қомағайлана қадалып, аузынан ақ көбік бұрқыраған қасқа бұзауды қазыққа апарып байлады да, үндемей тұра берді.
— Бұл дүние кімге опа берер дейсің, — деді Несібелі сөзін жалғап, — «шет ауыл көшсе, орта ауыл шет болады» дейді... Сәл суық тисе жұлын тұтам, сүйек-сүйегім қақсап, биыл қыстан бері менің де мәнім болыңқырамай жүр. Дәм-тұзымыз таусылған күні жолға түсеміз ғой біз дағы...
— Саған әлі жығыла кетуге ерте емес пе, жеңеше? — деді Әділгерей әдейі бұра сөйлеп. — Шәкен екеуіміздің арамыздағы жалғыз кемпір, сен өліп қалсаң, біздің күніміз не болады? Әлі де болса асықпай тұра тұр.
Шәкір — жасы жетпістен асып кетсе де, әлі кәрілікке бой алдырмаған, денсаулығы мығым, қайратты кісі. Жасында жауырыны жерге тимеген, осы құмдағы атақты палуандардың бірі еді. Құдыққа түсіп кеткен құнан өгізді осы Шәкір мүйізінен ұстап, суырып алыпты дегенде сөз бар. Сонысы рас та болар. Кемпірінің қасында кішігірім төбедей болып отырған қазіргі тұрпатына қарап-ақ, оның жігіт кезінде құждай күш иесі болғанына шүбә келтірмейсің. Шәкір бұрын көп жылдар колхоздың жылқысын бағып, үнемі мал соңында көшіп-қонып жүруші еді, орнын үлкен ұлына қалдырып, өзі ферманың орталығына келіп қоныстанғанына екі – үш-ақ жыл болды. Бірақ орталыққа келді деген аты ғана, бір күн үйінде болса екі күн малдағы балаларына барып, соларға қолғабыс етіп жүреді. Тегінде қайратты кісілердің сөзге сараң болатын әдеті ғой, шақпа тілді шақарлар күші тіліне біткен шәкенелерден шығады. Шәкір жасынан шаруа баққан, дүние сөзінен аулақ, бір тоға, момын кісі. Жетпіс әулетінің ендігі ақсақалы сол болғандықтан, Әділгерей тәрізді інілер алдынан кесе өтпей, сыйлап тұрады.
Әділгерей қазір де қою шайға маңдайы жіпсіп, балбырай бастаған алып туысқанына қызыға қарап отыр. Жалпы Жетпіс әулеті шетінен дерлік бақан бойлы, палуан тұлғалы болып келеді. Солардың ішінде мына Шәкір ағасы тіпті ерекше. Батыр аталары Нұрқожаға тікелей тартқан, сірә, осы кісі болуы керек. Шежіреге жүгінсек, бұлардың бәрі — баяғы Жоңғарға қарсы соғыс кезінде даңқы шыққан Бағаналы Нұрқожа батырдың тұқымы. Нұрқожадан — Жетпіс, Жетпістен — осы отырған Шәкір, Әділгерейлер тарайды. Осы ауылды ресми қағаздарда ғана «Жиделі» деп жазғаны болмаса, көне көз қариялар күні бүгінге дейін «Жетпіс ауылы» деп атайды. Ал ата дәстүрін білетін мына Несібелі секілді қартаң әйелдердің сөздік қорында «Жетпіс» деген атау мүлде ұшыраспайды. Бағы заманда-ақ ат тергегіш бір ақылды келін «жетпіс» сөзін «алпыстан астам» деп ауыстырған екен, кейінгі келіндер де сол үрдісті мықтап ұстанып қалған.
Осы ғасырдың бас кезінде әлдебір себеппен өздерінің ата қонысынан айрылған Жетпіске қарайтын екі-үш ауыл Ұлытау өңірінен босып келіп, Балқаш көлінің түстігіндегі құмды паналаған екен. Содан осы өлкеге мекен теуіп, жеті қат жер астынан дым тартып, нәр жинайтын шөл тұрғыны тораңғыдай, бұлар да осында бауыр басып қалып қойды. Қазір Жетпістен тараған ұрпақтың өзі үлкен бір совхоздың негізін құрап отыр.
«Үндемес» ойнаған адамдарша томсырайып үнсіз отыра беруге Несібелінің іші пысып кетті білем, шыдай алмай сөз бастады:
— Айтпақшы, Алматыдағы ұлдан, Ізбасаржаннан хат-хабар бар ма? Шешесінің жылынан кейін, өзі төбе көрсетпей кетті-ау... Мейрамда келіп қайтам деп ештеңе айтпады ма?
Әділгерей жауап беруге асыққан жоқ. Шыныдағы шайын сарқып ішіп, «қандым» дегенді ишарамен ғана білдірді де:
— Бірталайдан бері хат жоқ. Сірә, жұмыстан қолы тимей жүрген болар, — деді күңк етіп.
— Келінді көрмегелі де көп заман болды... Мұратжаннан кейін ештеңе көтермеді-ау сол бала, — деп Несібелі тағы бір сөздің шетін шығарған.
Әділгерей науқасы жанына батқан адамдай, қабағын кіржитті. Сол жан қиналысы үстінде іштегі қайнап жатқан запыранды еріксіз сыртқа шығарып, көкірегін қарс айыра күрсініп жіберді де:
— Өзгесін не қылайын, сол жалғыз Мұратжанның өзін сақтай алмады ғой! — деп тынып қалды.
Туысының қабағына бұлт үйіріле қалғанын сезген Шәкір Несібеліге қыжырта қарап:
— Сен де қайдағыны қоқсытып отырасың-ау, кемпір. Бастары жас, үміт үзетіндей не көрініпті? — деп жуып-шайған болды.
— Иләйім, солай болсын... Менікі жай сөз сырағысы да, — деді Несібелі шалына қаймыға қарап.
Бұл әңгіме осымен тынып, үшеуі енді ауыл арасының ұсақ-түйек жаңалығын сөз етіп біраз отырды. Бір уақытта қараса, сағат тоғыздан асып барады екен. Алаңда болып жатқан салтанатты мереке есіне түсіп, Әділгерей орнынан көтерілді.
Ол киім ауыстыру үшін үйіне келген. Басында: «Мені қазір кім сөгіп жатыр, сыланып – сипанбай-ақ, осы қалпымда жүре бермеймін бе? — деп бір тұрды да, ол ойынан тез қайтты. — Қанша дегенмен дос бар, дұшпан бар, мереке күні жұттан шыққандай жүдеп жүргенім жараспас. Бәлкім, көптің арасынан бүгін Орынша кезігіп қалар. Оның көзіне де адам сияқты болып көрінейін...»
Сол оймен біраздан бері ұстара тимей сапсиып кеткен сақалын қырып, мұртын басты. Көптен иығына ілінбей шифонерде тұрған бір киер тәуір костюмін алып киді. Онда да, ертеректе алған кең балақ қарасын ұнатыңқырамай, кейінгі сәнмен тігілген жаздық сұр костюмді таңдады.
«Енді саған бұрынғыдай тым тақуа бола берудің де қажеті жоқ, — деді ол өзіне-өзі. — Сен қазір мұғалім де, мектеп директоры да емессің. Өзің жап-жас пенсионерсің. Үйленуден үміткер бойдақсың...»
Жаңа киімдерін киіп, үлкен шарайнаның алдына келгенде, өзін мүлде танымай қалды. Айнаның ар жағында жасы алпыстан енді ғана асқан, сұңғақ бойлы, шашының ағы әлі дендей қоймаған, танауының сәл қоңқақтығын шалғысы тоқ қоңырқай мұрты онша сездірмейтін, ақ сары, егде адам бұдан көз алмай қарап тұр еді. Тек бірталайдан бері галстук тақпағандікі ме, алқымын әлдене қысып тұрғандай ыңғайсыздана береді.
«Е, бәсе, осындай болса керек еді, — деді ол, өз тұрқына өзі разы болып. — Қалай дегенмен, осы ауылдағы алғашқы мұғалім, алғашқы ұстаз деген атым бар емес пе. Соғыстан кейін костюмді қалай киіп, галстукті қалай тағуды осы елге өзім үйреткен жоқ па едім... Қара бұларды! Ұлдың өзі туғандай, келін өзі келгендей бұл жұрттың шетінен шіренетінін қайтерсің. Әділгереймен ойнап жүр екен! Бабы келіссе, кәрі тарланның әлі де бір шабатын шамасы бар».
Сонан соң: «Осы тұрқым қалай, жараса ма?» дегендей, ол қабырғада ілулі тұрған әйелінің суретіне бұрылды. Мақпал басын изеп құптағандай, бұған бір түрлі жылы қараған сияқтанды. Марқұм өмірі қабақ шытпайтын, түсі жылы адам еді ғой, мына суретке де мейірленіп күлімсіреп түсіпті... Қайран Мақпал! Ол барда Әділгерей үй ішінің күйбең тірлігін, шаруа қамын ойлап көріп пе? Отыз жыл бойы ойлағаны тек мектеп қана болды емес пе? Соның өзінде Мақпал мұны қалай күтуші еді. «Сенің орның бөлек, сен — мұғалімсің. Саған қалай болса солай жүруге болмайды» деп, Әділгерейдің үсті-басына қылаң жуытпаушы еді. Мына киімдер де бір кезде сол марқұмның алып бергендері... Сөйткен Мақпал да жер ортасына келгенде мұның басын қаңғыртып, артына аңыратып тастады да, кете барды. Екі сөзінің бірінде: «Құдай сенің алдыңда алсын» деп тілеуші еді, сол тілегі қабыл болды ақыры. Жалғыз немересі Мұратжанның қайғысы ғой оны алып кеткен. Егер Мұрат тірі тұрғанда, Мақпал байғұс қанша дімкәс болғанымен, әлі де сүйретіліп жүре берер ме еді, қайтер еді?!
Ол енді әйелінің қатарында тұрған немересі Мұраттың бейнесіне көз тоқтатты. Екі көзі бақырайып, құлағы қалқиған, қолына әліппе ұстаған, мектеп формасындағы жеті жасар бала бұған тесіле қарап қалыпты. Осы қазір қабырғадағы рамадан қарғып түсіп, мойнына «аталап» асыла кететін секілді... Әділгерейдің тамағына әлдене кептеліп, көпке дейін жұтындырмай қойды. Көзі жасқа толып кеткендікі ме, қарсы алдындағы сурет бір түрлі бұлдырап шалынады. Тек тамағындағы түйіншек тарап өзіне-өзі келген соң ғана: «Құлыным-ау... қошақаным-ау!» деп өксіп жіберді де, бұдан ары қарап тұруға дәті шыдамай, кемсеңдеп теріс айналып кетті.
II
Әділгерей келгенде мектеп пен кеңсенің екі ортасындағы ашық алаңға жұрт жиналып қалған екен. Сапқа тізілген оқушылар, пионерлер, ауылдың үлкен-кіші, кәрі-жасы тайлы-таяғы қалмай, бәрі осында жүр. Жақын маңдағы қыстаулардан келген малшы -қосшы, шопандар да қылаң береді. Орталықтан шалғай, түкпірде жатқан бұл ауыл үшін, анда-санда келетін мерекенің әсері тіпті ерекше. Ойдағы-қырдағысы бас қосып, бір -бірімен шұрқыраса табысып, бір жасап қалады. Әр тұстан қызыл тулар, плакаттар желбірейді. Бағана басына орнатылған радио торабынан салтанатты марштар ойналып жатыр.
Әсілі, совхоз бөлімшелерінде мұндай мерекелік жиындар жиі өте бермейді ғой. Ал Жиделінің жағдайы басқаша. Бұл ауыл осы бертінге дейін өз алдына жеке колхоз болып келді де, бес-алты жылдың алдында ғана мына көршілес жатқан «Қызыл туға» қосылып, іріленген совхозға айналды. Бұл күнде совхоз орталығы «Қызыл туда» болғанымен, «Жиделіде» іргесін бермей, өзінің ежелгі біраз салттарын сақтап қалды. Сегіз жылдық мектебі, клубы, кеңсесі бар, бұл да өзінше бір орталық болғандықтан, мереке -мейрамдарды қалт жібермей, өз беттерінше өткеріп жатады.
Бір шеттен елеусіздеу қосылған Әділгерей топтың ортасына сұғынбай, арт жақтан келіп мойын созды. Мұны байқап қалған бірен-саран мұғалімдер, ересек адамдар бұрылып келіп амандасып, мейраммен құттықтап, өздерінше жылы шырай танытып жатыр. Онысына да рақмет! Орынша көріне ме деп, жан-жағына жалтақтап қарап еді, бірақ іздеген адамы көзіне түсе қоймады.
Салтанатты жиын ашылуға таяу секілді. Музыка үні саябырлап, жұрт назары енді сахна жаққа ауа бастады. «Сахна» деп тұрғаны — борт тақтайларын төмен түсіріп, қатарластырып қойған екі жүк машинасы. Олардың да айналасын сәндеп, қызыл матамен орап тастапты. Алдыңғы жақтаудағы ағаш басына керілген плакатта: «Бірінші май мерекесін Жиделі жұртшылығы зор табыстармен қарсы алады» деген жазу күнге шағылып, сонадайдан көзге түседі.
Көп кешікпей әлгі машиналардың үстіне біреулер көтеріле бастады: бөлімше меңгерушісі Төлепберген, партия ұйымының хатшысы Өмірсейіт, мектептің жаңа директоры Теңізбай, бұлардан басқа озат сауыншы, озат сатушы, озат шопаны бар, жиыны алты-жеті адам ашық машина үстіне зорға сыйып тұр...
Әр нәрсе өз уағында деген рас. Әділгерей де көп жылдар бойы мектеп директоры ретінде осындай салтанат мінбесіне шығып, былайғы жұртқа биіктен көз салып тұрған көздерін есіне алды. Оның назары өз еркінен тыс қазіргі мектеп директоры Теңізбайға түсе берді. Теңізбай, жап-жас жігіт дейтін емес, жұрттың алдында өзін өте салмақты ұстайды екен. Өмір бойы тек президиумда отырып келе жатқан кісі тәрізді. Ақ көйлек, қара костюм, омырауына институт бітірген значогіне дейін тағып алыпты. Бір рет төменде тұрған Әділгереймен жанары түйілісіп қалды да, бас изеуге де шамасы келмей, тез тайқып кетті.
Микрофоннан гүр-гүр еткен Төлепбергеннің дауысы естілді. Бөлімше меңгерушісі сөзге олақтау жігіт еді, бес-алты ауыз құттықтау сөзін қағазға қарап ежіктеп оқып тұр. Әділгерейдің есінде қалғаны, биыл «Жиделі» бөлімшесі төл алудан совхоз бойынша бірінші орынға шығыпты. Жұрт қол шапалақтап, көтеріліп қалды. Сонан кейін озат шопан, озат сауыншы шығып сөйледі. Олардың қолында да бір-бір жапырақ қағаз... Мемлекетке өткізетін ет, сүт, жүн жоспарын қалай орындап жүргендерін баяндап жатыр. Программа бойынша, жиналыс соңы мектеп оқушылары дайындаған концертке ұласатын түрі бар, аула жақта әшекейлі киім киіп, үкі таққан ұлы-қызы аралас бір топ қораланып күтіп тұр.
Әділгерей анда-санда сахна жаққа көз салып, сонда тұрған жігіттерге қарап қояды. Осылардың бәрі-ақ әр жылдар оқып шыққан өзінің шәкірттері, күні кеше құм кешіп, шаң бұрқатып жүрген қара сирақ балалар еді. Ойбой, отыз жылдың ішінде бұл кімдерді оқытпады дейсің! Осы қарайған халықтың ішінде бұдан сабақ алып алдынан өтпегендері, әй, кемде – кем-ақ шығар-ау...
Сонда мұның көзі жеткен бір нәрсе, адамның бала кезіндегі мінез-құлқы, қабілеті үлкейгенде де, көп өзгермей, сақталып қалады екен. Жаңа ғана жұрт алдында сөз сөйлеген Төлепберген былайша пысық болғанымен, өмірінде «үштен» жоғары баға алмаған, ұғымсыз балалардың бірі еді. Сегіз жылдықты ит малтумен жүріп зорға бітірген. География сабағында картадан не бір қаланы, не аралды көрсету керек болғанда, таяқтың ұшымен нұсқауға тәуекелі жетпей, сол төңіректі алақанымен жаба салып, қарап тұратын көзелдің өзі еді. Сол Төлепберген де бұл күнде кісі болып, ел басқарып отыр... Ал ана тұрған Теңізбай қаршадай кезінен-ақ өте қу, ысқаяқ, қолы қалт етсе асханадан шықпайтын, тым тақыс бала болатын. Қазір ғой жоғары білімді ұстаз, бір мектептің директоры... Қайта, осылардың ішінде еңбекке шөгелі, оқуға зерегі ана тұрған Өмірсейіт еді, не себеп болғанын кім білсін, әйтеуір ілгерілеп оқудың сәті түспеді.
Әділгерей жөн білсе, осыларды көргенде тақиясын аспанға атып қуануы, мақтануы керек қой. Бірақ не үшін екен, көкірегінде алып-жұлып бара жатқан ондай ештеңе байқалмайды. Әлде мыналармен күнде бет көрісіп, сыралғы боп кеткен соң ба, ешқайсысына пейілі түсіп иімейді.
Иә, бұл ұстаздық еткен отыз жыл ішінде алдынан кімдер өтпеді дейсің. Олардың көптігі сонша, талайының аты-жөнін, түрі-түсін ұмытыла қалды. Болашағына сәуегейлік жасаған шәкірттері жөнінде қателескен кездері де аз болған жоқ. Бір ғажабы, «осы адам болады-ау!» деп сенім артқан талай жас өмірдің ұлы айдынына араласқан соң, ізім -қайым көрінбей кетті де, оның керісінше, «осыдан ештеңе шықпас-ау» деп, үміт үзген біреулері қатарға қосылып, кісі болып жүр. Солардың қай-қайсысын да жай қара танытқаны болмаса, ғылым-білімге жетілдіріп жібердім деп, бұл да айта алмайды, әрине. Сегіз жылдықты жастар небәрі он бес-он алты жасында бітіреді. Содан кейінгі тіршіліктің ұзақ жолында оларға қандай тағдырдың тап боларын кім болжай алған?
Бұл күнде ұстаздық қызметтің өзі де түбінде күнкөріске кеп тірелетін қатардағы көп кәсіптің біріне айналып кетті ғой. Бір ауылдың ең сауатты адамы, рухани әкесі саналатын мұғалімнің баяғы беделі жоқ. Қазір бұрынғыдай емес, ауылда екінің бірі оқымысты. Оның үстіне қазіргі тірлік, көбінше-ақ, «күлшелі бала сүйменді» дегенге саяды. Мұны Әділгерей түсінбейді дейсің бе? Түсінгенде қандай?.. Соны жақсы сезінгендіктен де, өз басы біреудің алдында еңбегін бұлдап шіренген емес. Ешқандай сый да дәметпейді. Әділгерейдің шәкірттерінен күтетіні көп те емес, өзіне деген ілтипат, көңіл ғана. Кейде алыс бір ауылдан сен жыға танымайтын бір жас кездесе кетіп, «мен сіздің шәкіртіңіз едім» деп сәлем берсе, шіркін көңіл соған да семіріп қалады.
Сәлем дегеннен шығады-ау, осыдан екі-үш жыл бұрын бір қызық жағдай болды. Онда Әділгерейдің директорлық орнынан алынып, пенсияға шығу үшін өткізген документтерінен әлі хабар келе қоймай, мектепте жай мұғалім болып сабақ беріп жүрген кезі. Оқу жаңа басталған сентябрь айының іші болатын. Бір күні түске таман сабақ арасындағы үзілісте бұл сегізінші класқа кірмек болып, мұғалімдер бөлмесінде отырған -ды. Кенет ауланың іші у да шу айғайға толды да кетті. Не боп қалды деп, журналын қолына ұсаған күйі бұл да далаға шықты. Байқаса, оқушылар аспанға қарасып шуласып тұр. Мұғалімдер де топтанып қалған. Бәрінің көзі мотор үні құлақты жарып, аспаннан құлдилап келе жатқан вертолетке қадалып қалыпты. Әне-міне дегенше әлгі вертолет ауылдың бұзау-торпағын, қаз-тауығын үркітіп, көшенің құмынан құйын тұрғыза алаңға келіп қонды. Мұндайды өмірі көрмеген оқушылар мұғалімдердің қайырғанына қарамай, солай қарай лап қойды. Заводтан жаңа шыққандай жалт-жұлт еткен қоңыр ала вертолетті қоршап алып, анталай қарап тұр. Директор Теңізбай да, мұғалімдер де аң-таң, ауыздарын ашып қалған. Кенет ұшқыш машинаның есігі сырт етіп ашылды да, басқыштан түсіп келе жатқан екі-үш адамның қарасы көрінді. Бәрі де әскери адамдар. Ең алдымен полковник шеніндегі қазақ жігіті түсті де, ентелеген ересек балаларға қол беріп, кішкентайларының басынан сипап, топты қақ жара бері қарай аяңдады. Өзі баладай мәз болып, айналасына таңырқай қарап, ыржиып күле береді. Топтың ішінен мойнын созып, әлдекімді іздейтін тәрізді. Амандаспақ болып алдымен ұмтылған Теңізбайға жай қол беріп, аялдамай өте шықты да, бір кезде арт жақта тұрған Әділгерейді көріп: «ағай!» деп айғайлап жіберді. Құшағын айқара ашып, жүгіріп келеді. Бейтаныс жігіт мұны қатты-қатты құшақтап, бауырына басып біраз тұрды да, бір заматта құшағын жазып, бетіне күле қарады:
— Танымадыңыз ба, Әдеке?
— Кешір, айналайын, тани алмай тұрмын, — деді Әділгерей шынын айтып. — Көктен түсе қалған қай ұлсың сен? Жөніңді айтшы.
— Әдеке-ау, шынымен танымадыңыз ба? — деп, полковник бір адым кейін шегінді. — Мен баяғы өзіңіз «кетік қара» деп атайтын Бекайдар емеспін бе... Бекайдар Бектасов. Осы интернатқа қолымнан жетелеп әкеліп, өзіңіз орналастырған жоқ па едіңіз.
— Иә-иә, есімде... Сен сол ма едің, айналайын? Сені мұндай дәу азамат болды деп кім ойлаған?! Апыр-ай, ә... Күтпеген жерден кездескенімізді қарашы!
Әділгерей осыдан жиырма жылдай бұрын осы мектепте оқыған, кейін әлдебір себеппен Қарағанды жаққа көшіп кеткен кетік тіс қара баланы енді ғана шырамытып, толқығаннан аузына сөз түспей, жігіттің қолын сілкілеп қыса берді.
— Ұшқыштардың қызметін білесіз ғой, бір тығыз шаруамен жүр едік, — деді Бекайдар жөнін айтып. — Бүгін жолымыз түсіп, дәл осы ауылдың үстінен өтпесіміз бар ма! Содан, сізге сәлем берейін, бір кезде қара нанын бөліп жеген интернатты көре кетейін деп, әдейі бұрылғаным ғой... Ой, ағай-ай, аман көріскеніміз қандай жақсы болды! Сізді жиі еске алып, шіркін-ай, бір көрсем-ау деп армандаушы едім. Сол арманым бүгін жүзеге асты.
Бекайдар қуаныштан жүзі бал-бұл жанып, мектепті бір айналып шықты. Интернатқа кіріп, баяғы өзі жатқан бұрышты барып көрді. Басын шайқап, өзінен-өзі күле береді. «Ой, ағай-ай, бар екенсіз-ау!» дей береді әлсін-әлі. Оның еркіне салса, әлі де бөгелер ме еді, қайтер еді, екі елі ажырамай қасында жүрген майор:
— Жолдас полковник, ұшатын мезгіл болды, — деп қайта-қайта есіне сала берді.
Бекайдар жер бетінде небәрі он минуттай ғана аялдады да, вертолетке мініп, қайтадан көкке көтеріліп кетті. «Жолың болсын, аспан қыраны! Қайда жүрсең де аман бол» деп тілек тілеген Әділгерей қоштасып қала берді. Бұл оның сау басы саудаға түсіп, орнынан алынып, қатты жасып жүрген кезі болатын. Несін айтасың, сол күні қаяу түскен көңілі көтеріліп, бір жасап қалды! Егер Әділгерей өмірде бақытты кездерім болды деп есептейтін болса, бұл сөз жоқ сондай санаулы сәттердің бірі еді... Қазір де қарт ұстаз Бекайдарды жиі еске алады. «Есіл азамат қазір қайда жүр екен? Аспанның шаңын шығарып, көк жүзін шарлаған мына ұшқыр кемелердің қайсысында кетіп бара жатыр екен?» деп, төбеден реактивті самолеттер ұшып өтсе, көпке дейін көз алмай қарап тұрады. Басқалар жер бетінде, мұның дәл қасында жүріп бас изей салуға ерінсе, айналайын Бекайдар сонау зеңгір көкте ұшып жүріп, содан бұрылып келіп сәлем беруге уақыт тапты ғой... Міне, азамат деп соны айт!
Кенет Әділгерейдің көзі күнге шағылғандай жыпылықтап кетті. Қуыршақтай қып киіндірген екі баласын жетегіне алып, Орынша тұр қарсы алдында. Іздеген адамының дәл өзі... Жасы отыздың ішін аралап кетсе де, әлі өңі таймаған, сұңғақ бойлы, тана көз, ақ құба әйел мұның қасына жақындап келіп, күлімдеп қолын ұсынды.
— Мерекеңіз құтты болсын, қайнаға. Соншама не ойлап кеткенсіз? Жан баласына бұрылып қарамайсыз ғой тіпті?
Әйел затының алдында өзін қашанда орашолақ сезінетін Әділгерей Орыншаны көргенде мүлде есі шығып кететін әдеті. Бұл жолы да аузына сөз түспей, өзінен-өзі қызарып, сасқалақтап қалды.
— Ә-ә, келінжан, сен екенсің ғой... Халдерің қалай? Мейрамдап жүрсіңдер ме?—деп қалбалақтап, келіншектің қолын алып, балалардың басынан сипады.
Кілегейге піскен сауыншы әйелдің алақаны балғын да, әлуетті екен. Орынша ештемеден қымсынбай, Әділгерейдің салалы, арық саусақтарын еркектерше сығымдай қысты. Үйелмелі-сүйелмелі сегіз-он жастардағы ұл мен қыз сәлемдесу міндетін өтегеннен кейін, балаларға қосылып, ойнап кетті де, бұлар бір шетте оңаша тұрып қалды. Жол жағынан Әділгерейге Орыншаның балдыздығы мен келіндігі бірдей. Сырт көзге «қайнаға» деп сынықсығанмен, көбінше, сол балдыздығына бағып, қалжыңдап ойнай береді. Осы ауылға келін боп түскен сонау алғашқы жылдан бастап-ақ мұның алдында өзін еркін ұстап үйренді де, кейін күйеуі өліп, жесір қалғаннан бері тілі ұзарып, тіпті қатты әзілдесетін болды.
— Өзіңіз бүгін жасаңғырап кетіпсіз ғой, қайнаға. Барыңызды киіп, бақаныңызды қолға алып дегендей... Осындағы кемпірлердің бірін қағып кетейін деп тұрған жоқсыз ба?
Әділгерей бұрын мұндай әзілге жауап таппай абыржып қалатын да, Орынша соны қызық көріп, одан ары бастырмалата түсетін. Бұл жолы Әділгерей күтпеген мінез танытып, бірден қарсы шабуылға өтті:
— Кемпірді қайтем? Ақыр жаманатты болған соң, жастауына ұрынбаймын ба? — деді қалжың-шыны аралас. — Менің әлі де бір қызды қартайтатын күйім бар...
— Солай деңіз... Дәмеңіз зор екен, қайнаға, — деп Орынш