04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Құрбылар






— Қатира!..

— Алтынай!..

Қан базардың ортасында құшақтасып жатқан екі әйелге маңайдағы ел таңырқай қарасты.

— Катя... кімді көріп тұрмын мен?.. Шынымен, бұл — сенбісің? Қандай жел айдап келді өзіңді?! — деп есі шыға қуанған Алтынай сұрақты үсті-үстіне жаудырды.

Қуаныштан толқыған Қатира да Алтынайды құшақтап, екі бетінен алма-кезек сүйіп алды. Өрекпіген Алтынай ашық даусымен саңқылдап сөйлей берді:

Машинаның әйнегінен қарасам, келе жатырсың, тани кеттім, жүрісіңнен таныдым, сол баяғы қалпың... Жер ойылып кететіндей баппен басып келесің, — деп әлі де мәз-мейрам болып тұр.

— Иә, қашан келдің?

— Кеше.

Бетім-ау! Көшеде тұрғанымыз не, әңгірлеп? Қалған әңгімені үйге барып айтпаймыз ба? — Алтынай Қатираны машинасына қарай жетеледі. — Аһ, Катя, Катя! Сені көргеніме қандай қуаныштымын...

Сағынысқан достар артқы орындыққа қатар жайғасып, әлі де құшақтарын жазбай келеді.

— Ал, Алматыға қалай келіп қалдың? Соны айтшы! — деп өтінді Алтынай.

— Ойлап тап, неге келді деп ойлайсың?

Тапсам, былай: түкпірде жатып әбден зеріктің, қаланы сағындың, білем ғой, бала оқытудың қандай азап екенін. Сонан соң бір сергіп қайтайын деп асғанаға тартып кеттің..

— Жоқ, таба алмадың, — деді Қатира күлімсіреп, сенесің бе, мен оқығалы келдім.

— Оқығалы келдім? Тағы ма, аспирантураға түсіп тағы төрт жыл жүрмексің бе?

— Оған несіне таңырқай қалдың? Мен бір Марсқа ұшқалы отырғандай, — деп күлді Қатира.

— Ал, сонда қайсысына түспексің?

— Мен әуелі, университетке барып келісіп те қойдым, — деді Қатира. — Аһ, Алтынжан, мен бұлайша оңай шешілер деп ойламаған едім. Профессорлар ұмытпаған екен, жақсы қарсы алды. Физикада өзімді толғандырып жүрген ойларымды айтып ем, қуанысып жатыр: «Келгенің жақсы болды, бұл саланы қуған қазақ қызы жоқ. Көмектесеміз. Бұрынғы шабысыңнан танбай жақсы оқы!» десіп хан көтеріп әкетті.

Бірақ, Алтынай оның бұл қуанышына ортақтаса қойған жоқ.

— Түсінбеймін, Қатира, оқудан қалай жалықпайсың?! Онсыз да, аз өмірдің он бес жылын соған сарп еткен жоқсың ба? Жарайды, ол туралы кейін тағы сөйлесерміз... Ал, өзің біздің үйде тұратын бол, мақұл ма? Неге үндемейсің?.. Жоқ, әлде қонақ үйде жатып, еркін сайрандағың келе ме?.. — деп Қатираның аш белінен қысып қойды.

— Қойшы, Алтын! Жындылығың әлі қалмаған ба?.. Ондай өнер менің қолымнан келмейтінін білмейтін бе ең?

Машина ағызып кеп, орталық көшелердің біріндегі зәулім үйдің алдына тоқтады.

— Міне, үйге де келіп қалдық, — Алтынай машинадан қонағын қолтықтап түсірді. Қатира жаңа ғана байқады. Аз ғана жылдың ішінде Алтынай тым толысып кеткен екен. Бұралып тұратын талдырмаш денесі қазір мүлде өзгерген. Жуандап, жалпайыңқы тартыпты. Жылан қабықтар көйлекке мықынсыз денесі кептеліп, тырсылдап тұр. Жүргенде бұғақты мойны мен иық еттері діріл қағады. Сатымен көтеріліп, төртінші қабатқа шыққанша Алтынай алқынып қалды.

— Осы бір арқандай шұбатылған құрғырдан-ақ ғойдым, — деді ол Қатираға шағынып.

Алтынай қонағын жетелеп, көп бөлмелі сәнді үйін аралатты. Жол-жөнекей әр бұйымға музейдегі экспонаттай қысқаша түсінік беріп отырды. Қымбат кілемдері мен әшекейлі алашаларын көрсетті. Шифонерін ашып асыл киімдерін жайып салды.

Қатира да жайнап тұрған жасаулы бөлмелерді бір сәт әуесқой әйел көзімен қызықтай тамашалады. Әр бұйымның тұсына келгенде сыпайыгершілік салты бойынша: «қандай тамаша», «неткен жарасымды» деген қошеметті сөздер де айтты.

Үй ішін аралап шыққан соң бұлар қолтықтасып кеп, үлкен шар айнаның алдына тоқтады. Айнадағы тұлғаларына қарасты. Алтынайдан гөрі Қатира сұңғақтау екен. Ашаңдау қара-торы жүзіне қырлы мұрны мен жұқа еріндері жарасып тұр. Шарасы үлкендеу қара көздері байсалды, жұмсақ нұр шашады. Талдырмаш денесіне шақ тігілген көйлегі қиылып, Қатираның сырт тұлғасын сымбатты, сұлу көрсетеді.

Құшақтасқан қос келіншек үйді бастарына көтере қатар күліп жіберді. Сол күліскен бойларында Алтынай Қатираны жетелеп кеп, жұмсақ диванның біріне отырғызды да:

— Ал, Қатираш, сен дем ал, мен тамақ әзірлейін, — деп ас үй жаққа кетті.

Төргі үйде жалғыз қалған Қатира айналасына таңырқай қарап отыр. Бәрі де бұл көрмеген, тұтынбаған заттар, әрқайсысы өз орнын тауып, жарастықпен жайнай түскен. Қатира іштей досына разы болды. «Пысықсың-ау, Алтынай! Мен бұлайша ұқсата алмас едім».

Осы сәтте оның көзі қабырғаға ілінген еркектің суретіне түсті. Рамкадан орта жастағы, мытым денелі қасқа бас кісі Қатираға күлімсірей қарап: «Осынын бәрі менің арқам, мына менің тіршілігім ғой...» деп тұрғандай.

Жұбайлық өмірден бағы жанбаған Қатира күрсініп қалды. Суреттен көзін тез тайдырып әкетіп, қолындағы альбомның беттерін аша берді.

Дәл қасынан телефон шылдыр еткенде бейғам отырған Қатира селк етті.

— Қатира, трубканы алшы, кім екен? Менің қолым таза емес, — деп айқайлады Алтынай асханадан.

Қатира трубканы құлағына апарып еді, ар жатынан:

— Ақмамықсың ба? — деген, еркектің жуан даусы естілді.

— Ақмамығы несі?.. — Қатира сасып қалды, — бұл үйде ондай адам жоқ, адасып тұрған шығарсыз.

— Бар секілді еді ғой...

Осы кезде Алтынай жүгіріп келді.

— Мен — Ақмамық деп тұрғаны. Менің шалымның еркелетіп қойған аты ғой, — деп трубканы өз қолына алды.

— Иә, тыңдап тұрмыз, немене? Түстікке келмейсің бе? Сенің-ақ жиналысың бітпейді екен, үйде отырған кім дейсің бе? Ол менің бұрынғы сабақтасым — Қатира деген келіншек... Келген соң танысасың ғой. Ал өзің ертерек қайт, тағы бір жерде карта соғып отырып алмай! Болды, басқа сөзіңнің керегі жоқ! — деп трубканы тастай салды.

— Күйеуіңе өктем-ақ екенсің, — деп күлді Қатира.

— Сөйтпесең, еркек деген иығыңа шығып алмай ма? Директор болса қайтейін, бұл үйдегі директор мен.

— Еркесің-ау, құрғыр...

— Енді қалай деп ең? Өзінен жиырма жас кіші әйелді алып, еркелетпей көрсін!

— Қойшы, сондай ұлғайған адам ба?

— Елуге келген тойын осы күзде өткізбек. Бірақ, еркек деген қартая ма? Әлі қылаң ұрып тұр. Неге күлесің? Менің шалым — боркемік біреу емес, әлі тегеурінді... рас айтам.

— Кейін тұғырдан тая қалса қайтесің? — деді Қатира күлкісін зорға тыйып.

— Ол үшін уайымдама,—деп досы көзін қысып қойды. — Алтынай есесін жібермейді...

Екі әйелдің оңаша әңгімесі дастарқан үстінде тіпті қыза түсті. Стол үсті дәмді тағамдарға толды. Тәтті шараптың қызуына елтіген достар әңгіме арқауын тарқата берді.

— Ал, өз күйеуің қалай, жас па қылшылдаған? — деп сұрады Алтынай бір сөздің кезегінде.

— Мен қазір салтпын.

Алтынайдың құлағы елең етті:

— Ауылдағы бір шоферға тиді дегені қайда, әлде тастап кеттің бе?

— Жоқ, ол мені тастап кетті.

— Неге, не кінә тапты?

Қатира қою кірпіктерін төмен түсіріп жіберді.

— Оның перзент сүйгісі келеді... Бұл арманға мен оны жеткізе алмадым.

Екеуі біразға дейін үнсіз қалды. Алтынай Қатираның алдына ыстық шай құйып, тамақ алуын өтінді. Сонан соң қалайда бір жұбату сөз айту қажет екендігі есіне түсті.

— Иә, қазақ десең өзіңе тиеді. Ауылға барсаң көретін күнің осы ғой. Әйелді тек төлдету үшін алатын секілді. Ал, қалада жағдай басқаша, осында бізге көрші бір кісі тұрады. Өзі бір инауатты адам. Жасы біздің шалмен шамалас. Сол кісі осы көктемде ғана он жыл отасқан әйелін төрт баласымен шығарып жіберді. Мәдениетті жұрт түсінеді ғой, ешкім де сөккен жоқ. Ал, өзі бір жампоз, алтын адам. Айыбында, теңіне кезікпей қор боп жүр.

— «Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіреді» деген ғой. Оны қойшы, — деді Қатира қайтадан қатайып. — Қоялықшы, бұл жайыңдағы әңгімені. Одан да өзіңнің балаң қайда, соны айтшы, ұл тапты деп естіген жоқ па едім?

— А, Маратикті айтасың ба? Детсадта ғой ол, үйге сенбі күні ғана келеді. Қолымызға алайық десем, «кішкентайынан коллектив ішінде өссін» деп әкесі көнбей жүр.

— Ал, өз қызметін қай жерде?

Алтынай сықылықтап күлді.

— Өзіңше мені қызмет істейді деп ойлайды екенсің ғой...

— Енді қалай болғаны, сонда?

— Менен қайбір оңған қызметкер шытушы еді, — деді Алтынай, масайрай түсіп. — Өздеріңнен кейін бесінші курсты қайта оқып, келесі жылы мен де диплом алғам. Осындағы мектептің бірінде екі-үш ай мұғалім де болдым. Бірақ, кейін бәрін де тастадым.

— Неге?!

— Неге дерің бар ма, өз әлімше тәп-тәуір-ақ оқытып жүргем. Бір күні мектеп директоры шақырады. Барсам, «осылай да осылай, сіз физиканы оқушыларға теріс түсін-діргенсіз. Жас ұрпақты сіздің қолға қалай сеніп тапсырамыз?» деп беті бүлк етпестен, бірталай елдің көзінше көйітіп отыр. Просто, жынымды ұстатты. «Мә, ендеше» деп журналын лақтырып жібердім де кете бардым.

— Басқа бір қолыңнан келетін жұмыс қарастырмадың ба?

— Іздесем бүгін-ақ табар ем, бірақ соған зауқым соқпайды. Ештеңеден қысылып тұрғаным жоқ, несіне азаптанам? Жұрт қатарлы жоғары білім алдым, жетеді... Қызмет істеп жүргендердің де қиратқаны белгілі ғой.

Қатира дастарқан басынан тұрып диванға барып отырды. Сигаретін тұтатып алып, Алтынай да кеп жайғасты.

— Еһ, Қатира, Қатира. Сен әлі өмірдің қызығын көріп, ләззатын татқан жоқсың ғой. Сондықтан оның кейбір қалтарыстарын біле бермейсің, — деді Алтынай. — Қиқар едің, әлі сол қалпың, кейде сен туралы ойласам ішім ашиды... Оқып жүрген кезде талай жігіттің дәмесі болды-ау сенде. Солардың ешқайсысын бойыңа дарыттың ба? Мүмкін ғылымның күшімен бәрін де ұрып аламын деп ойлаған боларсың. Бірақ сен өзіңнің әйел екеніңді, бетінің әрі тайса, әйелдің жарым бағасы түсетінін есіңнен шығардың. Қандай өкінішті.

— Сен, немене? Мені табалап отырған жоқсың ба? — деді Қатира оның сөзін бөліп.

— Жоқ, табалап қайтем? Саған былайша жаным ашиды. — Алтынай сөзін соза берді, — Қандай көрікті едің ол кезде?! Қара торының әдемісі болатынсың. Қос бұрымың тірсегіңе түсуші еді. Атақ десе, атақта бар еді-ау сенде. Сенің қасыңда біз кім едік? Түкке де тұрмайтынбыз... Әйтеуір таудай талап бермесе де, бармақтай бақ берді дегенің болмаса.

— Бір кезде қандай ақымақ болғанбыз! — деді Алтынай мысқылды күлкімен. — «Мәңгілік махаббат», «сүйген жарың үшін жан қию», «жалғыз дәнді жарып жеп сүйгеніңмен қол ұстасып өмір өткізу» деген сияқты кітаби уағыздарға имандай сеніп жүрдік-ау. Осы күнде ойласам күлкім келеді... Бір жақсысы, мұндай есуастықтан мен тез арылдым. Көзім шайдай ашылды.

— Жарайды, таласты қоялық. — Қатира әлденеге мазасызданғандай қабағын түйді, — Сөзінің төркініне енді түсініп келемін. Біздің дауымыз тіпті арыдан басталуы керек екен. Біз мүлде бөтен жандар екенбіз...

Екі достың арасы, осылайша, алшақ тарта берді. Қатира бәрінен де Алтынайдың тілі ұзарып, шешен боп кеткеніне қайран қалды. Бір кезде оның мұндай айқын көзқарастары, өз пікірі болмайтын. Мына Алтынай одан басқаша. Өз өмір жолы, өз тәжірибесі бар, ыңғайы келсе, біреуді жетегіне іле кеткісі келеді.

— Сөйтіп, «оқуға бел байлап отырмын» де.

— Иә, ол әлдеқашан шешілген мәселе ғой.

— Қарсылығым жоқ. Ғалым боп шығуыңа тілектеспін. Қазір ғалым қатындар көбейді ғой...

— Рақмет, ізгі ниетің үшін.

— Күйеуге тиетін шығарсың?

— Немене, дайындаған адамың бар ма еді?

— Иә, қанша оқымысты болғанмен, әйел шіркін еркексіз отыра алмайды ғой. Түбінде менімен ақылдасқаның теріс емес.

— Ыңғайлы адамың болса айта отырсайшы, — деді ол өңін жылытып. — Мүмкін біреуін ұнатып қалармын.

Не дегенмен Алтынайдың ақкөңілдігі де бар еді. Қатира ойының астарын түсінбей, жайылып түсіп қалды.

— Рас айтам, Қатира, қартайып отырған жоқсын ғой. Қызықсыз өткен жылдарыңның есесін қайыруың керек. Сондықтан ұсақ-түйекке ұрынбай, көрнекті біреудің етегінен ұста. Саған лайық осында бір адам бар. Бағана шет-жағасын айттым ғой. Өзі әйелін таяуда ғана қоя берді. Басқалардай баланы аңсайтын кісің — ол емес... Төрт баласы, әйелі де кетті.

— Иә, онысы оңды екен.

— Айттым ғой, көрсең өзің де ұнатасың... маған кезіккен сайын: «құрдас, ыңғайлаған ешкімің жоқ па?» деп мазамды алады. Ал, үйіне кірсең шыққысыз, алты бөлмелі сәнді сарай иесін шақырып-ақ тұр. Ойланып көр, Қатира! Осы Қалекең жөнінде апайым алғаш рет айтқанда, мен де тулағам. Қайдан білейін, баламын ғой ол кезде.

Әңгіме осы араға келгенде, Қатира орнынан тұрып, қоштаса бастады. Аң-таң болған Алтынай аузын ашқан күйі отырып қалды.

— Ал, Алтын, сау бол... Ренжіме, тығыз жұмыстарым бар еді, — деп Қатира Алтынайдың сый-сияпатына алғыс айтты. — Ал күйеу жайында мен үшін қиналып қайтесің. Қош бол! Сірә, біздің жолдарымыз қиылыспайтын шығар.

Сасқалақтап қалған Алтынай есін жинап, есікке таяп қалған Қатираның алдын орады. — Мұның не, Қатира, денің сау ма? Қонбайсың ба бүгін, мінезің қызық-ау, қалжыңды түсінбейтін бе едің? — деп күліп қолына жармасып еді, Қатира илікпеді.

— Жақында Қырымға кетеміз. Біз келгенше, мына үйге ие бола тұр. Оқу, жазу жұмысыңа да ыңғайлы, — деп еді, одан да ештеме шықпады. Өмірінде бірінші рет Алтынайдың тауы шағылды.

Қатира шығып кетті.

1964 жыл