04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Шарайна






Алдында жатқан ақ қағаз кей сәтте оған қар жамылған шетсіз-шексіз қысқы дала тәрізді болып елестейді. Сол ақ шаңқан далада жел үрлеп тастаған соқыр сүрлеуді қуалап, көз ұшында жалғыз салт атты кетіп бара жатар еді. Желе-жортып кетуге мүмкіндік жоқ, біркелкі мимырт жүріс. Діттеген жеріне жетіп жығылу үшін, қалайда, жолдан адаспауы керек. Жол тағанынан шығып кеттім дегенше қасатқа ұрынып, қарға малтығып, титықтап барып тоқтағаның...

Жазып отырған шағында Жарқын өзін сол жапан даладағы жалғыз атты жолаушыға ұқсатады. Жап-жақсы жазып келе жатып, кенет қаламы жүрмей тұйыққа тірелгенде, сурет азайып, сылдыр баяндауға ұрынғанда, бұл да шындық деген соқпақтан тайып, теріс кеткенін шамалайды. Енді ілгері жылжи беруде мән жоқ, қалайда жаңағы адасқан тұсты тауып, жол тағанына қайта түсуін керек. Жазушыға адасқанын білудің өзі бақыт. Айдалаға бет алды лағып кетпей, адасқан жеріңді неғұрлым тез тапсаң, бейнетін солғұрлым аз болады. Талант пен талантсыздар аулына баратын жол, сірә, осы тұста айырылатын болса керек... Ол таяуда бір француз жазушысының естелігін оқып отырып, жағасын ұстады. Иван Тургенов Париждегі бір отырыста талантсыз жазушыны «көзіне көрінген аңды ғана қуатын, бірақ өздігінен иіс сезіп, із кесе алмайтын» дарынсыз аңшы итіне теңепті. Тәңірім сондайлардан сақтасын де!

Сондай бір кедергіге тап болды ма, соңғы күндері Жарқынның жұмысы өндімей-ақ қойды. Кешеден бері шимайлағаны — үш-төрт бет қағаз. Оның өзі пайдаға аспайтын беттер болып шықты. Столда отыра-отыра сегіз көзі шыдатпай талып кеткен соң қаламын лақтырып тастап, орнынан тұрып кеткен. Өне бойы салдырап, басы зеңіп ауырып қалыпты. Ол, не үшін екен, жазып отырған кезінде емес, осындай жаза алмай қалған шағында көбірек шаршайды. Көңіл ауаны да соған байланысты. Қаламы жүріп, шаруасы мандыған күндері бұдан жайдары, бұдан көңілді кісі жоқ. Бала-шағаға да мейірімді, дос-жаранға да кішіпейіл... Босанған әйелдей балбырап, бір өзгеше рахат күйге бөленеді. Әсілі, жазушы атаулының ең бақытты кезі де, мықты кезі де — осы бір жазып отырған шағы болар. Тұрғыға шығып томағасын тартқан бүркіттей бүкіл дүние дөңгелеп көзінің алдына келетін сол бір шабытты шаққа пара-пар келетін не бар екен бұл әлемде?! Жайшылықта жазушы деген жұртты көзге ілмеуге болар, менсінбей кетуге болар, көшеде елемей қағып-соғып өтуге де болар, бірақ жазып отырған кезінде оған ешкім де иық теңестіре алмас. Мұндайда оның жазу столы төңірінің ұста дүкені сияқты да, жазушы дүниені қайта жасауға кіріскен «құдайдың» өзіне келіңкірейді... Дегенмен, әлгі айтқан шырқау шабыт биігінде ол да өне бойы тұра бермейді. Кейде жаза алмай, немесе жазғаны өзіне ұнамай, «құдайлық» мансабынан түсіп, өзінен-өзі төмендеп, кәдімгі екі аяқты пенденің біріне айналатын кезі де болып тұрады.

Осындай қиналған, төмендеген сәттерінде Жарқын өзін де, қаламдас әріптестерін де қатты аяйды. Таразының бір басында жалғыз жазушы, екінші басында мыңдаған оқушы тұрған сияқтанады. Оңаша кабинетте қамалып отырып, мазасыз күндерді, ұйқысыз түндерді бастан кешіріп, сол өзін білмейтін, беті-жүзін көрмеген мыңдаған адамға сыр айтып, кітап жазуың керек. Оқушы талабы қатал да, рақымсыз. Қолына қалам ұстаған екенсің, жерден шұқисың ба, көкті шарлайсың ба, қалайда ойға-ой, ақылға-ақыл қосатын жақсы шығарма бер. Өзің көптің бірі болып, ел қатарлы ғана қарапайым ғұмыр кеш, бірақ жазған дүниелерің таңғажайып оқиғаларға толы болсын. Ешкімнің ала жібін аттама, семьяда адал бол, сұлуларға көз қырын салып, көлденең жүріске бой алдырма. Ал оның есесіне шығармаларында махаббаттың неше алуан шырғалаңы дұрыс шешімін тапсын. Қысқасы, қазаныңа не салсаң да өзің біл, тек шөмішке жіліктің майлы басы ілінетін болсын. Былай қарағанда, қандай әділетсіз, қандай қатал талап десеңізші! Бірақ осы талапты қалайда орындауың керек. Әйтпесе ешкім де сені жазушы деп танымайды. Мұндайда, әрине, талантқа салмақ түсері хақ. Талант жоқтан бар жасайды. Ал таланты жоқтар не істейді дейсіз ғой? Олар амал жоқ, жанкештілікке барады. Ғұмырында бір қыздың білегінен ұстап көрмеген сабазың махаббат жайында роман жазып таяқ жейді... Ал жаңағы рақымсыз, қатал оқушы қолына тиген дайын кітапты ғана біледі. Көңіліне жақса, аяғына дейін оқып шығады. Жақпаса қиналмайды, жылап кеткен қайран бір сом дейді де, егер сырты тәуір болса үй жасауы ретінде кітап сөресіне қоя салады, немесе отқа тамызық болуы да мүмкін. Бірақ сол адамдар әлгі кітаптың қалай жазылғанын, жазушы еңбегінің қияметтей қиындығын аз да болса сезіне ме екен, шіркін?! Әй, бәрі бірдей сезінбейді ғой. Көркем шығарма жазу дегеніміз — әлдебір оқиғаны бәлдір-батпақ тілмен домбайлап, әйтеуір, баяндап шығу емес, бүкіл бір өмірді қайта жасау екенін кейбір қалам ұстап жүргендер түсінбегенде, былайғы жұрт қайдан біле берсін.

Бұл күнде еңбектің түрі көп. Техника заманында адам енбегі керемет жеңілденді. Жарқынның ойынша, қазір техника көмектесе алмайтын, баяғы орта ғасырлық азапты, ауыр күйінде қалып қойған бір ғана жұмыс бар. Ол — жазушылық. Оның ең қиыны — басқа кәсіп секілді серіктесуге, артельдесуге де келмейді. Үйді бірлесіп салуға болар, егінді бірлесіп оруға, шөпті бірлесіп шабуға болар. Бірақ романды, не повесті бірлесіп жазу мүмкін емес. Тұтас шығарманы қойып, ешкім де сен үшін бір жол жазып бермейді. Саған қаншалық қабырғасы қайысып, жаны ашығанымен, ет жақын туысын да, әке-шешең де, әйелің де қиналғанда қол ұшын бере алмайды. Бұл жағынан алғанда, жазушы маңдайының соры бес елі. Кейде бір ұйқысыз түндерден соң қатты қалжыраған кездерінде Жарқынның басқа бір кәсіп таппай, осы бір азабы мол, қиын жолды таңдағанына өкінетіні бар. Мекемеде не өндірісте сегіз сағат жұмыс істеп келіп, кеш бойы қаннен-қаперсіз, диванда шалқайып жатып телевизор көретін көршілеріне қызыға қарайды. Бір кезде Есениннің шешесі ұлына жазған бір хатында: «Сережа, сен қазір үлкен қалада жүрген көрінесің. Өлең жазады деп естимін... Қайтесің сол өлеңді. Ауылға қайтсайшы... Сенімен бірге оқыған жігіттер қазір райисполкомда істеп жүр», — деп сәлем айтқан екен. Россияға ұлы ақын сыйлаған аяулы ана осы сөзді қалай айтты екен? Әлде, жазушы тағдырының қиындығы мен қатігездігін ана жүрегі алдын ала сезіп, жалғыз ұлын аяғандықтан айтты ма, кім білсін?!

Жарқын соңғы жылдары кеңсе қызметін қойып, бірыңғай жазу жұмысына көшкен-ді. Бір кезде жастық албырттықпен қызмет, лауазым жарысына да қатысып көрген. Ыңғайы келсе, білдей бір мекемені ұршықтай үйіріп, билік жүргізуден бұл да кет ары емес-ті. Бірақ қанша жанын салып талпынғанмен, қызмет бабында жұлдызы жанып көтеріле алмады. Он жылға жуық күнде таңертең көзін тырнап ашып кеңсеге қарай жүгіретіні, онда әлдебір жолдастың аузына қарап, нұсқау күтіп отыратыны есіне түссе, өзін әлі күнге дейін аяп кетеді. Енді ойлап қараса, қызмет, лауазым үшін туатын кеңсенің өз адамдары болады екен. Ақыры өз бойында ондай «таланттың» жоқтығына көзі мықтап жетті де, «ерікті суреткер» деген кәсіптің етегінен ұстады. Тұрмыстық жағынан төрт құбыласы теңеліп, дәулеті тасып кеткендіктен емес, өзінің алтын басын аялап, табиғат берген азды-көпті талантын сыйлағандықтан солай істеді. Қолында қаламы тұрғанда аштан өліп, көштен қалмас. Енді тек миының тұнық, көкірегінің ояу шағында ойындағысын қағаз бетіне түсіріп қалу керек.

Бірақ «ерікті суреткер» болу да оңайға түспейтін көрінеді. Әсілі, қай елде болсын жазушы болу жеңіл емес қой.

Ал қазақ жазушысы болу — тіпті қиямет. Сен мұнда жай жазушы ғана емес, әрі көп балалы әке, әрі қонақжай үй иесі болуын керек... Үйде жүрген соң семьяның толып жатқан ұсақ-түйек шаруасына араласпай тағы отыра алмайсың. Оның үстіне Жарқынның былайғы тірлікке ебі жоқ. Онысын «нағыз суреткер өмірге икемсіз болады» деп ақтағысы келеді. Талант пен пысықтық бір қазанға сыймайды деп, ұлы жазушылар өмірінен мысалдар келтіреді. Өз басы иненің көзінен өткен пысықтардың «талантым бар» дегеніне сенбейді. Сүйте тұра өзі көркем творчество мен күйкі тірлік арасынан дәнекер таппай дал болады. Шығарманы шынайы қалпында табиғи етіп жазу қандай киын болса, табиғи өмір сүру одан да қиын екен. Жарқынның бір арманы, творчествода ғана емес, былайғы өмірде де халтураға көрші қонбасам деуші еді. Әзірше соған ұмтылып келеді. Әйелі Сара өткен жылы төртінші ұлына босанды. Қартайғанда өзіне қолғабысы тиетін қыз табам деген үміті бар еді. Ол ойы орындалмады. Кейбір құрдастары футбол тілімен: «Сара есепті теңестірмек болып жүргенде, қақпасына тағы бір доп соқтырып, қарсыласынан төрт те — ноль болып, ойсырай ұтылды», — деп әзіл де шығарды... Сонымен қазір Жарқында төрт ұл бар. Төртеуі де тентек, әрине. Соңғы ұлды тапқанда Сара біраз ыңғайсызданып, өкінгендей болып еді, Жарқын перзентханада жатқан әйелін жұбатып: «Қыз таппадым деп қапаланба! Ұлдарың аман болса, түбінде осы жұрттың біраз қызы біздің үйге келеді», — деп хат жазып жіберді: Қаламынан туған төрт роман тарихта не қалар, не қалмас, ал өз кіндігінен тараған төрт ұл мұның атын өшірмейтініне сенімі кәміл. «Бір қой егіз туса, бір түп бетеге артық шығады», — деп бұрынғылар айтқандай, енді тек Жарқынға кітапты жиірек жазуға тура келетін шығар...

Сара: «екеуміз бірдей үйде отырғанымыз болмас», — деп таяудан бері жұмысқа барып жүр. Балаларының ересек үшеуі мектепте, кішкентайы балабақшада болатын. Үйде жалғыз қалған Жарқын таңертеңнен бері абажадай қоңыр столға беттей алмай, бөлменің ішінде сенделіп көп жүрді. «Япырау, қай жерден мүлт кеттім» деп, санасы сан қияны шарлады. Ақыры сарыла ойланып, өлдім-талдым дегенде, жіптің үзілген жерін тапты-ау әйтеуір. Соңғы он бес-жиырма беттің мөлшерінде негізгі желіден теріс кетіпті. Ешкімге қажеті жоқ, жұрттың бәріне белгілі бір жайларды түсіндірмек болып, әлекке түсіпті. Екі жерде екі — төрт болатын тұстан шығарма тумайтынын бір кісідей-ақ білетін сияқты еді. Мына бір жылтыраған арзан сөйлемдерді қолы барып қалай ғана жазды екен?! Жазушы, шамасы келсе, екі жерде екі — төрт емес, үш немесе бес болып тұратын түйіндерді шешуі керек қой... Өзіне-өзі көңілі толмай, біраз уақытының зая кеткеніне іші удай ашып, енді соның есесін толтырып тастамақшы болып, столына отыра бергені сол еді. Кенет телефон шырылдап қоя берді.

Жарқын тыжырынып, трубканы құлықсыздау көтерген. Іле көңілденіп кетті. Ел жақта жылқы бағатын Баяқымет деген нағашысы бар еді, телефонның ар жақ басында тұрған сол екен. Сөзінен айқайы көп, «алло-алло» дегенді үсті-үстіне бастырмалатып, мың шақырым жердегі бүкіл ауылды басына көтеріп тұр. Көш-құлаш аман сәлемнің артынан айтқаны мынау болды:

— Сонау жайлаудан Ақжарға келіп тұрған бетім осы... Естіп тұрсың ба? Мына мың болғыр райком бала сенің телефоныңды қосып бергені... Әлгі сенің Сәрсен бауырың ерледі. Осы жаман үйленбей өтетін шығар деп ойлаушы ем, кеше мына «Шіліктінің» бір қызын трактірге мінгізіп алып кепті... Естіп тұрсың ба? Біздің Сәрсенжан да соқтығатын жерін біледі ғой. Құдамыз ауданда алдына жан салмаған герой шопан көрінеді. Келініміз, тіл-көзден аман болсын, үріп ауызға салғандай... Өлгенде көрген жалғыз баладан нені аяйын? Жаман нағашың Тарбағатайды дүрілдетіп той жасағалы жатыр. Ғой мына сенбі өтіп, онан арғы сенбіде болады. Соған алдын ала шақырғаным... Келесің ғой?

— Барамын! — деді Жарқын ойланбастан.

— Е, бәсе. Келмей қалып жүрме! Жаман нағашың жылда келін түсірер дейсің бе? Дос бар, дұшпан бар, тым құрыса тебе көрсетіп қайт. Тіпті балалар мен келінді де ала кел!

Жарқын трубканы қолына ұстаған күйі, ойланып отырып қалды. Иә, тағы да бірер жұмадай жылы орнын суытып, қағаз-қаламды жинай тұруға тура келеді. Көз алдына Баяқыметтің мәре-сәре болған қияпаты елестеді. Әншейінде дегбірсіз адам еді, мынадай қуаныш үстінде мүлде есі шығып кеткен шығар... Кешегі жетім-жесір кезінде аузына су тамызып, пана болған Баяқымет қой ол. Жалғыз ұлының қуанышына қалайда барып, құтты болсын айтпаса болмас... Былтыр көктемде, Баяқыметтің Алматыға келген кезі есіне түсіп, өзінен-өзі жымиып күліп қойды.

Ауылдан келген кісіге бәрі таңсық. Сол жолы Бәкең Жарқынды екі-үш күн жұмысынан қалдырып, Алматыны армансыз аралап еді.

— Апыр-ай, мен келгенде үйіңде бос отырғаның мұндай жақсы болар ма, — деп қояды әлсін-әлі. Оның ойынша, Жарқын екі қолын алдына сыйдыра алмай үйінде бос жатқан біреу.

— Ала қағазбен арпалысқан кісі — сендей-ақ болар. Бас дегенің шіріп кетпей орнында тұр десейші қайта... Бір уақыт денсаулығыңды күтіп, осылай демалсайшы. Қағаз деген бәле кісіні сорып тастайды, — дейді тақ өз басынан кешіріп зәтте болған адамдай. — Құдайға шүкір, қаражатқа қысылып тұрған жоқсын... Былтыр шыққан кітабың біздің елге де барды, — деген Баяқымет сол жолы. — Біздің үйдегі әлгі кішкентай қара қыз біреуін алып келген екен, жоғалып кетпесін деп сандыққа салдырып қойдым. Ауылдағылар сені ақшаның астында қалыпты десіп жүр. Жұрттың бәрі қазір сауатты ғой, үйінде жатып-ақ есептеп отырады... Біздің ферманың бұғалтыры есепке келгенде алдына жан салмайтын неме еді, сол сенің кітабыңды қолына ұстап тұрып, шотқа салып, қағып-қағып жіберді де: «Бір кітаптың бағасы бір сом отыз тиын болғанда, алпыс мың данаға жетпіс сегіз мың сом қалам ақы алыпты», — деп сарт дегізді. Әй, иттің өзі де жүйрік-ау!

Шіркін, мұндайда күлмегенде қашан күлесің. Жарқынның ішек-сілесі қатты.

— Әй, Бәке-ай, сондай мықты бухгалтерді қайдан тауып аласыңдар? Ондай есепші тек сіздерде ғана болады.

Баяқымет қанша дегенмен ауыл адамы, дүниеге шаруаның көзімен қарайды. Бір жағы сені мақтаныш ете отырып, өз бұйымтайын да жұқалап сездіреді. Жарқын нағашысына қалам ақы төлеу қағидасын түсіндіріп жатқысы келмеді. Аңқау ағайынның меселін қайтармай, біраз сыйлық беріп аттандырған... Енді тойға апаратын шашудың жайын ойластыру керек...

Аяқ астынан ауылға барудың сәті түскеніне Жарқын көңілденіп те қалды. Әлдебір ойнақы әуенді ыңылдай отырып, қолжазбасын реттей бастағаны сол еді, кенет есіктің қоңырауы безілдеп қоя берді.

Жарқын орнынан созалаңдай көтеріліп, есікке қарай аяңдады. Мектептен қайтқан балалар ма деп еді, жоқ, осында келіп-кетіп жүретін жас әдебиетшілердің бірі болып шықты... Қап! келетін кезді тапқаны-ай, ә! Өз шығармасын ұқсата алмай басы қатып отырғанда, енді өзгеге ақыл айтуы қалып еді... Дегенмен ренішін сездірмей, жас жігітті кабинетіне шақырды. Алдын ала телефон соғып хабарласпай, рұқсатсыз жетіп келуі — батылдық па, әлде парықсыздық па? Бұлардың жасында Жарқын үлкен жазушылардың үйіне бұлай баса-көктеп кіріп бармақ түгіл, көшеде кездесіп қалғанда, қысыла сәлемдесуші еді. Ал мыналар...

Жас жігіт осыдан он шақты күн бұрын шағын повесін алып келіп: «Егер жазғаным көңіліңізден шықса, журналдардың біріне беташар жазып берсеңіз», — дегендей сынай танытып еді. Жарқын қолы бір қалт еткенде қолжазбаның алғашқы тарауын аударыстырып көріп, ар жағын оқуға құлқы болмай қоя салған. Повестің тым нашар жазылғанын аңғару үшін, соның өзі-ақ жеткілікті еді. Сөйлемдері сөйлем емес, жәшіктен суырған бір дорба қисық шеге тәрізді. Оны нормаға түсіру үшін әрқайсысын төске салып, бір-бірлеп түзету керек. Ал сүйегіне сөз дарымаған кісіден жазушы шығады деп үміт арту қиын-ақ.

Жарқын орнына келіп жайғасқан соң әңгімені неден бастарын білмей, алдында жатқан жұқалтаң папканы қолына алып, аударыстыра берді.

— Мен қолжазбаңды қарап шықтым. Бірақ көңіліңе келмесін, әдебиетке келу үшін саған әлі біраз еңбектену керек екен! — деді ойын жұқалап жеткізуге тырысып. — Әсіресе сөз, сөйлем жағынан ақсап жатырсың. Осындағы қарындашпен белгі соғылған жерлердің бәрін ерінбей қайта қарауға тура келеді...

Соны айтты да бөгеліп қалды. «Осыны текке айтып отырмын-ау, — деді ішінен қынжылып, — өз сөйлемін өзі түзей алатын кісі о баста бұлай жазбайды да ғой».

Жас жігіт айылын жияр емес. Креслоға шалқая түсіп, кабинеттің ішін тінте қарап шықты да, мысқылдай езу тартты.

— Қызық екен... Жасымыз болса, міне, отызға келді. Сонда қай уақытта келеміз әдебиетке? Басылып жатқан кітаптарды да оқып жүрміз. Олардың да аузымен құс тістеп тұрғаны шамалы...

«Адасқанның алды жөн, арты соқпақ». Мынаған енді не айтуға болады? Өз шамасын біліп, кемшілігін сезінген де жақсы екен ғой. Жарқын ауруы жанына батқан адамдай қабатын кіржитті.

— Иә, іштен шыққан шұбар жылан... Сенің өзіңе бәрі де әп-әдемі көрінуі мүмкін... Сенбесең алғашқы екі-үш сөйлеміңді ғана талдап көрейікші, — деді амалсыздан. — «Күздің қара суығы қақап тұр. Сілбілеген ақ жауын әлі басылар емес... аласа бойлы, қапсағай денелі жас жігіт көшені бойлап, ілбіп келеді» дейсің. Осында қандай логика бар? Айналып кетейін-ау, күн қақап тұрғанда о заманда бұ заман, жаңбыр жауатын ба еді? Сонан соң аласа бойлы адамның қапсатай денелі болғанын қайдан кәріп жүрсің? «Қапсағай» деген сөз зор денелі, биік адамға айтылмайтын ба еді? Жеке бұл емес, сенің кез келген сөйлеміңнен осындай мін табуға болады. Сонда мұны көркем шығарма деп қалай айтамыз?

Жас жігіт күйгелектеніп темекі тұтатты. Серейген ұзын аяқтарын айқастыра салған күйі көк түтінді үсті-үстіне будақтатты.

— Еңбектену жағынан кенде емеспіз. Сенсеңіз, мең осыны бес рет көшіріп шықтым, — деді бір заматта сыздана тіл қатып. — Енді еш жерде басылмай қалса да азапқа түсер жайым жоқ. Оның есесіне жаңа шығарма жазбаймын ба?.. Әрине, сізге бәрі оп-оңай. Мынадай кірсе шыққысыз кең кабинетте отырып алып, біреуге ақыл айтқанға не жетсін. Мен сияқты, әлдекімнің бұзау қорасында тығылып отырсаңыз, шығарма жазбақ түгіл, өзіңізді қоярға жер таппас едіңіз...

Мәссаған, керек болса! Жігітің қалай-қалай тастайды аяқты? Өтінішпен келген ол емес, керісінше, оның алдына бұл барып отырған сияқты. Шарасы таусылған Жарқын не істерін білмей, састы.

— Шырағым-ау, жазған дүниеңде ғана емес, сөйлеген сөзіңде де ешбір қисын жоқ қой. Кабинетке жеткенге дейін де кісі бірдеңе тындыру керек емес пе? Ал сен болсаң алдымен отауыңды сайлап алғың келеді... Есіңде болсын, ел аузына ілінген ең алғашқы тәуір шығармамды мен бұл кабинетте емес, қаланың шет жағында, біреудің «бұзау қорасында» отырып жазғанмын...

Бірақ жас жазушы бұған да тоқтамады. Иығына төгілген ұзын шашын сілкіп қойып, екілене сөйлеп кетті.

— Демек, бұл жұрт сізге де обал жасаған. Кеше ғана өз басыңыздан өткен қиыншылықты қалай ұмытып отырсыз? Әдебиетке қойылатын талап біреу екен, ендеше, жазушыға жасалатын жағдай да бірдей болсын. Әйтпесе, бұл не? Біреулер жақсы үйде тұрады, елден ерек қамқорлық жасалады. Тіпті арнаулы емханада қаралады... Ал екінші біреулер Алматыны шыр айнала көшіп жүреді. Соны біле тұра оған шығарманы «бәленше екен сияқты неге жазбайсың» деп кінә тағады. Сізге бұдан артық қандай логика керек?

Жарқын күрсінді: «Қыртты езген жеңеді, езгенді құдайдан безген жеңеді» деуші еді, сол рас шығар. Енді бұған бірдеңе айтып, сөз шығындаудың қажеті жоқ сияқты. Әдебиеттің табалдырығын аттамақ болып, таланттан да, ар-ұяттан да жұрдай тағы бір пысықайдың торуылдап жүргені мәлім болды. Жарқын алдында жатқан қолжазбаның бетін жапты да, жігіттің алдына таман сырғытты.

— Онда саған не айта аламын? Өзін де ақылдан жүген ұстап жүрген жігіт көрінбейсің... Бірақ есіңде болсын, қалай десең де, қандай үйде отырып жазсаң да, күн қақап тұрғанда жаңбыр жаумайды. Аласа бойлы кісі қапсағай денелі бола алмайды. Менің білетінім осы ғана. Ал пәтер мәселесіне келсек, ол жағын маған емес, басқа жерге барып айту керек болар, — деп әңгіменің аяқталғанын сездіріп, орнынан тұрып кетті.

Жас жігіт атарға оғы болмай, мұның бетіне өшіге қарап сәл тұрды да, қолжазбасын қолтығына қысқан күйі есікті қаттырақ жауып шығып кетті. Қайта айналып соқпайтын адамның түрі. Амалы қайсы, кетсе алдынан жарылқасын. Ондайлар мұның есігін ғана емес, күллі әдебиеттің есігін қатты жауып кетсе, тіпті абзал болар еді... Өзіңе де сол керек. Осыларды бойына үйір қылып несі бар еді? Қашанда алдыңғы буынға өзінен кейінгі буынның ұсақтау көрінетін әдеті ғой. Сондай әділетсіздікке бой алдырып жүрмейін деп, жазғандары көңілден шыға қоймаса да, жастарға кешіріммен қараушы еді. Сөйтсе, онысын жаңағы сияқтылар басқаша түсінеді екен.

Ал осыдан кейін қолыңа қалам алып, бірдеңе жазып көр. Тұнық суға тас лақтырғандай жан дүниесін лайлады да кетті. «Бәленбайға барып, жүйкесін жұқартып қайт» деп, осыларды біреулер әдейі жұмсайды-ау деймін. Қарашы, ойда-жоқта бұлдіріп кеткенін.

Ол қанша зорланса да жазу столына енді қайтып отыра алмады. Жақыннан бері темекі тартуды қойып жүрген. Қайта бастап кетудің реті келген тәрізді. Столының суырмасында жатқан «Қазақстан» сигаретінің бір талын езуіне қыстырып, балконға қарай бет алды. Сол арадан жапырақ төге бастаған сары ала теректерге, қарсы үйдің терезелеріне, оң қол жақта тынымсыз ағылып жатқан машиналар легіне көз салып біраз тұрды. Тротуарда асыға басқан жаяулар өтіп барады. «Өмір өзені тынбай ағып жатыр», — деп ойлады Жарқын ішінен. Және соның бәрі бұған соқпай, жанап қана өтіп жатқан сияқтанды. Бір-біріне ұқсамайтын неше алуан бас бітімдері, ұзындар, қысқалар, арық жігіттер, толық әйелдер көрініс береді. Бәрі де көз шарасына іліккенмен көңіл төріне орнықпаған бейтаныс, алыс адамдар... Осынау жыпырлаған көп балконның бірінде білдей бір жазушының өзі тілеп алған ауруына ем таба алмай, творчество азабын тартып, толғатып тұрғанын былайғы жұрт қайдан білсін. Бәлкім, мыналардың ішінде, мұның кітаптарын оқыған, сырттай жақсы көретін оқушылары да кетіп бара жатқан шығар-ау. Бірақ «сол кітапты жазған мен едім» деп кімге жар саларсың?! Жақында қызық болды: ол жексенбі күні балаларымен бірге паркте қыдырып жүрген-ді. Кенет шеткі орындықтардың бірінде, бір жап-жас, әдемі қыздың кітап оқып отырғанын байқап қалды. Қараса, өзінің кітабы... Әлгі қыз көзіне оттай басылып, айналсоқтап кете алсашы. Дүниенің өзге қызығын жинап қойып, мұның кітабына үңілген қызға разы болғаны соншалық, қасына барып рақмет айтқысы да келді. Бірақ бар зейіні кітапқа ауған қызды мазалауға батылы бармады. Не үшін екен, содан бері Жарқынға бейтаныс оқушының бәрі сұлу қыз бейнесінде елестейді.

Қарсы үйде тұратын көршілерінің аты-жөнін білмегенімен, күнде көре берген соң түрі-түсі таныс болып кеткен. Міне, шеткі терезелердің бірі айқара ашылып, ар жағынан «Хемингуэй» шалдың сұлбасы көрінді. Бас бітімі, сақал қойысы—аумаған Хемингуэй!.. Жарқын оны қызық көріп сырттай бақылап жүреді. Шал ашық терезеге белуарынан артылып сәл тұрды да, қайтадан көрінбей кетті... Одан бері үшінші қабаттағы қымбат люстрасы бар үйдің балконына егде әйел шығып, кір жайып жүр. Көршілердің айтуынша, ресторандардың бірінде буфетші болып істейтін көрінеді. Қызын күйеуге бергелі үш бөлмелі пәтерде жалғыз тұрады. Не істейтінін кім білсін, әйтеуір, түні бойы ас үйінің шамы сөнбей, бірдеңені пісіріп-қайнатып, әлекке түсіп жатады... Оның сол жағындағы бір бөлмелі пәтерде әйелі, екі баласымен «жедел жәрдем» машинасының шофері тұрады. Әне, үлкен баласы балконда сабақ оқып отыр. Жарқынның еркіне салса, буфетші әйелдің пәтерін осыларға әперіп, екеуінің орнын ауыстыра салар еді. Бірақ ондай билік жоқ қой қолында. Сірә, көркем әдебиетпен дүниені өзгерту қиын болар... Өз пәтерін саналы түрде көршісіне ұсыну дәрежесіне жету үшін, буфетші әйелге қанша роман оқу қажет боларын кім білсін.

Осы кезде әлдекім мұны дауыстап шақырғандай болды. Көрші подъезде тұратын Базарқұл деген жігіт екен. Төменде мұның тұсына келіп, қолын көтеріп күліп тұр:

— Халыңыз қалай, Жәке? Тіпті қарамайсыз ғой, — дейді дауыстап. — Біз екі-үш жігіт дачага кетіп барамыз. Бізбен бірге демалып қайтуға қалайсыз?

— Рақмет! Бір тығыз жұмысым болып тұрғаны, — Жарқын ойланбай-ақ жауап берді.

— Қап! Барғанда дұрыс болатын еді. Ептеп «сызатын» едік, — деп Базарқұл көшенің жиегінде тұрған машинасына қарай аяндады.

Қашан көрсең де мейманасы тасып көңілді жүретін жігіт. Мебель дүкенінде меңгеруші болып істейді. Осы маңайда бұлардың барыс-келіс жасайтын үйлерінің бірі. Алғашқы таныстық әйелдер жағынан басталған. Өткен жылы Сара шетелдік гарнитур сатып алған күні бастапқы шай осы үйден ішілді де, келесі сенбіде көршісі қарымта шайға шақырды... Жазушы үшін қонаққа бару да — творчестволық сапарда болумен бірдей. Сол үйде көрген-білгені әлі күнге дейін көз алдында. Бұлар барғанда саудамен тісі шыққан тағы екі-үш адам семьясымен келіп отыр екен. Көршісі қонақтарына: «жазушы досым бар» дегенді білдіргісі келді ме, Жарқынды көтермелеп-ақ таныстырды. Алайда онысына қоғадай жапырылып, қопаңдаған ешкім болмады. Әсіресе төрде отырған алтын тіс, шой қара қозғалар емес. Қолдарын көңілсіздеу ұсынып, «е, жазушы болса қайтейік» дегендей сыңай танытты. Сауыт киген батырларға садақтың оғы дарымайтыны секілді, кітап оқымайтын ортаға жазушы беделі де жүрмейді екен. Жарқын соны түсінді де, артық сөйлеп, арам тер болғысы келмеді. Адамдардың қимыл-әрекетін, мінез-құлқын, түр-сипатын айнытпай түсіріп алатын «шарайнасын» әлгілерге оқтап құрып қойды да, томаға-тұйық халде отыра берді. Қонақтардың өз әңгімесі өзінде, мұның дүниеде бар екені бір-екі жерде ғана еске алынды. Қонақ келіншектердің бірі әжептәуір ән салатын болса керек, кезек соған келгенде:

— Бәйбіше, бар өнеріңді салып, шырқашы бір. Мына жазушы жолдас кітабының бір жеріне қыстырып жіберер ме екен! — деп желпінді күйеуі. Он саусағы жүзікке толған ақ сары әйелдің бір сыдырғы даусы бар екен. Өзінше нақысына келтіріп ән айтқан болды.

Шайдан кейін еркек атаулы оңаша бөлмеге жиналып, «сызып» жіберетін әдет бар. Қартаға келгенде Жарқынды қолпаштап төрге отырғызды.

— Бәсін қаншадан қоямыз? Жазушылар он тиыннан кемге ойнамайтын шығар, — деді жігіттердің бірі.

— Бес тиын жетер, — деді екіншісі.

Жарқын неде болса сыр бермеуге бел байлады. Ұтыла қалсам, үй арасы жақын ғой, ақшаларын әкеліп берермін деп, ештеңеден тайынбай батылырақ ойнады. Кейде құдай оңдап, қолдың «жүріп кететіні» бар-ау. Ойын аяқталғанда бұл әжептәуір ұтысқа шықты. Ғұмырында карта ойнап жүріп қарбытып ұтқаны осы. Манағыдай емес, қонақтардың алдында беделінің де көтеріліп қалғанын андады. Бір сөздің кезегінде алтын тіс отырып:

— Айып болмаса, айтыңызшы. Осы сіздер бір кітапқа қанша аласыздар? — дегенді сұрап қалды.

Жарқын намысқа тырысып, артығырақ сілтеп жіберді. Өзінше мыналарды ықтырып алам ба деп ойлаған. Бірақ оған айылын жиған ешкім көрінбеді. Бір-біріне мәністі көз тастады да қойды. Сонан соң жігіттердің біреуі осы күнде беріліп жүрген үлкенді-кішілі әдеби сыйлықтардың мөлшерін сұраған. Жарқын бұл жолы бұлтара алмады. Білгенінше дұрыс жауап беруге тырысты. Бірақ шой қараның жүзіндегі мысқыл күлкінің табын көріп, жасыңқырап қалды. Жастау қойма меңгерушісі жездем деп, алтын тіспен ойнай береді екен. Сол жігіт «жездесін» қағытқан болып:

— Ендеше, «лауреат» деген атағы жоқ демесеңіз, осы сыйлықтардың біразын біздің Әбекең әлдеқашан қалтасына салып алған, — деді үйді басына көтере кісіней күліп.

Алтын тіс қызарақтап қалды.

— Қойындар, жігіттер, ойыннан от шығып, өсек болып кетер, — деп сөзге жұбатып, кеңк-кеңк күлген болды. — Біздікі не, тәйірі? Имам-ағзам — қолдың кірі ғой. Бүгін бар, ертең жоқ... Ал кітап дегенің өлмейтін қазына емес пе?!

Бүйтіп көпшік тастағаны бар болсын, Жарқын сол отырыстан бір түрлі шаршап, көңілсіз оралды. Сол үйге желпілдетіп ертіп барған Сараға біраз кейіп алды. Содан бері өз басы барыс-келісті азайтқан. Тек Сара ғана араласып, көрші үйдің кілем-кілшесі мен хрусталына аузының суы құрып жүруші еді. Бір рет оларға тексеру жүретін болып, бар дүниесін көршілерге таратып жасырғаннан бері, ол да аяғын тартып алды.

— Құрысын бүйтіп жиған байлығы! Қай күні ұстап әкетер екен деп қылпылдағанша, жұпыны болса да осы тірлігіміздің өзі жақсы екен, — дейтін болды.

Базарқұлдың әйелі Күлғайша ақ көңіл, сартылдап тұрған ашық адам. Оқта-текте көріскенде:

— Әй, Жәке-ай, сонша жыл көрші отырғанда, біз туралы бір жазбадың-ау! — деп қояды.

— Жазамыз ғой. Сізді әбден зерттеп болайын да, — дейді Жарқын әзілдеп.

Түбінде осылар туралы да бірдеңе жазу керек шығар, сірә. Өмірді зерттеу дегеніңіз алыс бір түкпірден емес, өз үйіңнен, өз көшеңнен басталмай ма? Жақсы болсын, жаман болсын, замандас дегеніңіз — осылар.

Адамда бірте-бірте қалыптасатын кәсіптік дағды дейтін болады екен. Генералдар үшін кейде көшедегі жұрттың бәpi іскер болып көрінсе, дәрігерлер дімкәс адамды сырт тұлғасынан-ақ біліп қоятын көрінеді. Сол сияқты Жарқынға кейде таныс-білістерінің бәрі кейіпкер болып елестейтіні бар. Осы өмірдің өзі үлкен бір кітап сияқты да, адамдар сол кітаптың жағымды-жағымсыз, басты-қосалқы кейіпкерлері тәрізденеді...

Міне, керек болса, тағы бір кейіпкер келе жатыр. Есіктің дәл көзіне келіп тоқтаған көнелеу қоңыр «Волгадан» астыңғы қабаттағы көршісі түсті. Машинамен жүретін болғанына екі айдан асып барады. Төменгі жақтан келетін қағаздарды жинақтап, жоғары жаққа жөнелтіп отыратын бір орташа мекеменің орташа қызметкері еді, жақында бір басқыш өскен тәрізді. Қазір түскі шайға келген беті. Машинасын көшенің жиегінде қалдырса да жау алмас еді, бұл мінбелетіп подъездің алдына дейін әкеледі... Бойы шарға болғанмен, жүрісі салмақты. Жарқын оның қып-қысқа аяқтарын жаңылмай қалай санап басатынына қайран қалады. Екі қолын артына ұстап шалқайғанда, бойшаңдардың басынан асыра қарайды. Машинадан түскен соң сол аялдап, жан-жағына көз салып, балконда тұрған Жарқынға сонадайдан басын изеді.

Адамды толық білмей тұрып, сырттай баға беру қиын ғой. Бұл көршісі, бәлкім, жаман да кісі болмас. Оны Жарқынға көпе-көрінеу жек көрінішті етіп жіберген — Сара. Қашан да болсын осы көршіні аузының суы құрып мақтайды да отырады. Сөйтсе: ол таңертең ерте тұрып сүтке барады екен. Демалыс күндері кір жайып, кілем қағады екен. Әйелінен екі елі ажырамай кешкі серуенге де бірге шығады екен. Онысы рас та болу керек. Зор тұлғалы, адуын жеңгейдің түс әлпетіндегі көлеңкесі сияқтанып, домаланып бірге кетіп бара жатқанын Жарқынның өзі де талай көрген. Мұның бәрі жаман да қасиет емес, әрине. Алайда Жарқынның бір аңғарғаны, біреуді өне бойы үлгі етіп мақтай берсе, әлгіні жақсы көрудің орнына жек көріп кетеді екенсің.

Жарқын бұл көршісімен демалыс күндері, кейде кешкі серуен кезінде жолығысып қалады. Бірақ бір-біріне қанша сыпайылық көрсетіп иілгенімен, екеуі әңгімелесетін ортақ ештеңе таппайды. Басқа сөз құрып қалғандай, қашанда ауа райы жайында немесе «Қайрат» командасының қалай ойнап жүргені жөнінде әңгіме қылады. Содан бір мезгілде бұлар сөзге айналып, көшенің бұрышындағы сырахананың тұсына барып қалады. Күні бойы кабинетте қамалып отырған Жарқынға ептеп бой жазу керек.

— Бірер сапты аяқ сыра ішуге қалайсыз? — дейді бұл, көпіршіген күрең сыраны қиып кете алмай.

Көршісі міндетті түрде бас тартады.

— Біздерге көшеде тұрып сыра ішуге болмайды ғой, — дейді даусына аздаған қырыл қосып.

Жарқын қолма-қол қитығып қалады. Бәлендей аңсары ауып тұрмаса да, қасақана сыра жаққа бұрылады. Сол арада өзінің құрылысшы достарымен бірге рахаттанып тұрып сыра ішеді. Жарқынның жынына тиетін нәрсе — көршісінің әлдеқандай болып кісімситіні, көпшілікпен бірге тұрып сыра ішуге намыстанатыны, анығырақ айтқанда, қорқатыны... сонда қалай болғаны? Дүниені қолымен жасап жатқан, осы қоғамның қозғаушы күші — жұмысшыларға сыра ішуге болады. Республикаға белгілі жазушы көппен бірге тұрып сыра ішсе айыбы жоқ. Ал мұның көршісіне сыра ішуге болмайды.

Адам табиғаты қызық қой. Жарқын кейде осындай ұсақ-түйекке де күйіп-пісіп күйгелектеніп қалады. Көкірекке шым-шымдап жиналған запыран бара-бара берішке айналады да, жазу столына отырғанда, сол беріш атом қуатындай қайта тарқатылады.

Өмір дегеніңіз осылайша бірде бетін, бірде сыртын беріп, өз бетінше өтіп жатыр. «Түзге шықсам — батырмын, үйге келсем — пақырмын. Әйел ауру, бала жас, тары түйіп жатырмын»,—деген екен баяғыда Тәтіқара ақын. Сол айтқандай, өз алдына бүкіл бір көркемдік әлем жасап, жарты жалғанды аузына қаратудан дәмесі бар Жарқынның кейде өстіп торығатын кезі де болып тұрады. Міне, ол бүгін де жазу столына отыра алмады. Кабинетіне қайта кіріп, тым құрыса кітап оқиыншы деген оймен жапон жазушысының жаңа романын қолына алып еді, әлдене кежегесінен кейін тартып, зауқы соқпады. Біреулермен кездесуі, сөйлесуі қажет сияқтанды. Кейде оның күн бойы үйден шықпай, апта бойы бала-шағасынан басқа тірі адаммен сөйлеспей, кісі киік болып өткізетін шақтары да болушы еді. Сондай кезде ол хабар-ошарсыз, ақпаратсыз тіршілік етудің қиындығын сезінеді. Адамға күніне біраз сөзді сөйлеп, біраз сөзді тыңдау керек көрінеді. Мұндайда түк шаруасы болмаса да, жазушылар одағына барып қайтатыны бар. Шахмат ойнайды, бильярдты ермек етеді. Немесе өзі сияқты «қолы бостарды» жинап алып, коньяк ұрттай отырып әңгіме соғады.

Жазушы да — бала секілді қызық халық қой. Сол күні одаққа газет-журналда бірдеңесі басылғандар қаптап кетеді. Жұрттың аңысын аңдап, пікірін білгісі келе ме, әлде өзінің текке қарап жүрмегенін сездіріп, мақтанғысы келе ме, әйтеуір, жаңа көйлек киіп, сонысына байғазы сұраған баладай көрінгенмен қол алысып, масайрап жүргені. Сол күні олармен әңгімелесудің өзі бір рахат. Жарқын әріптестерімен қас-қабақтан-ақ түсініседі. Және мұндайда қалам ұстап жүргендердің ең дарынсыз дегенін басқа бір саланың мықтымыз деп жүргендеріне айырбастығысы келмейді. Қоңыр күзде жылы жаққа бет түзеген тырна тізбегіндей қаламдастар сапына бұл да қосылып, ақыл-ой аспанында солармен бірге шарықтағанды ұнатады.

Міне, ол қазір де Жазушылар үйін бетке алып, өз үйірі