05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Қаратаудың басынан көш келеді






Естелік-эссе

Қазақ халқының болашақ тағдырына тікелей әсер егіп, шешуші рөл атқарған бір ұлы оқиғаға енді бірнеше айдан кейін 50 жыл толады. Ол — 1962-жылдың сәуір айында Шыңжаңның Тарбағатай аймағынан қопарыла қозғалған қазақ көші. Көктемгі көкөзек шақта, небәрі жиырма шақты күннің ішінде (10-сәуірден бірінші майға дейін) 200 мыңдай қазақ империя шекарасын қақырата бұзып, атажұрт Қазақстанға өте шыққаны мәлім. Бұл, шын мәнінде, ұлттың еңкейіп кеткен еңсесін бір көтеріп тастаған, қазақтың сұйыла бастаған қанын қоюлатып, ділі мен тілін едәуір бекемдеген оқиға болды.

Амал не, қазақтың көші-қон тарихын әлі күнге дейін бізде ешкім зерттеген жоқ. Әсіресе, 1962-жылғы көш еш жерде айтылмай, жазылмай, жабулы күйінде қалып келеді. Олай болатыны, Совет дәуірінде бұл оқиға айтуға болмайтын мемлекеттік құпия саналады. Ал, тәуелсіздік жылдарында ұлт тағдырына қатысты мәселеге зиялылар тым селқос қарады. Жоқтан өзге ұсақ-түйек тақырыптарға кандидаттық, докторлық диссертация қорғағыш тарихшылар да осы бір маңызды тақырыпқа аттап басқан жоқ.

Ал, бұл іске менің қандай қатысым барын білгіңіз келсе, мен — сол оқиғаның басы-қасында болған жәй қатардағы куәгер емес, 1962-жылғы көшті дайындаған, әрі соның бұйдасын ұстап келген адаммын. Егер сол еңбегімді басқа біреулер зерттеп, айтып жатса, өз басым үндемей-ақ қояр едім. Жыл өткен сайын көз көрген куәлар да азайып барады. Сондықтан, жұрт жадынан өшіп қалмау үшін, ел алдында атқарған қызметімді өзі м айтуға тура келіп тұр.

Тарихта үлкен оқиғалар кейде кішкентай идеядан бастау алады. Бұл жолы да солай болды. Онда менің Қытайдағы саяси науқандарға байланысты Алматыдағы оқуымнан (1956-1958) қол үзіп, үш жылдай Үрімжіде бақылау астында жұмыс істеп, өзімнің туған қалам Шәуешекке «төменге түсіп» келген бетім болатын. Жоғарыға дүркін-дүркін арыз жазып жүріп осыған қолым әрең жеткен. Ондағы мақсат — шекараға жақын (небәрі он сегіз шақырым) Шәуешекке жетіп, одан ары Қазақстанға өту, үзіліп қалған оқуымды қайта жалғастыру болатын. Шекарадан өтсем, мені кері қайтармайтынына сенімім кәміл. Өйткені, Қазақ университетінің студенттік билеті мен екі жыл бойы баға қойылған «сынақ кітапшасы» костюмнің ішкі қалтасында тігулі жүреді. Соны көрсетсем, менің шекара бұзған жансыз, не «шпион» еместігіме шекарашылар сенеді деп ойлаймын. Анығын айтсам, менің 1961-жылы көктемде Шәуешекке келудегі басты мақсатым осы болатын. Ал, ата жұртқа көш бастап өту, сол көшке халықты дайындау идеясы кейін пайда болды. Мұндай өзгеріс енгізген — өмірдің өзі.

Мен Үрімжіде ашаршылықтың дәмін татып, көнек аурумен ісіп-кеуіп жатқандарды өз көзіммен көріп келгенмін. Шәуешекке келсем, бұл аймақты да ашаршылық жайлап алған екен. 1958-жылы жаппай құрылған «Халық коммунасы» қалың жұртшылықты ортақ қазанға қаратып, жеке түтін шығаруға тыйым салып, ішер ас, киер киімге зар қып қойған кезі. Бұқара халық бұған наразы болып, аштық апатынан құтылудың амалын таппай, бастары қатып жүрген аса қиын кезең болатын. Осыдан бір жыл бұрын Алтай аймағы коммунаға қарсы көтеріліске шығып, олар қарулы әскер тарапынан күшпен жанышталған. Ақыт қажының баласы Қалман бастаған алпыс адамды байлап-матап, Үрімжі түрмесіне әкелгенін өз көзіммен көргенмін. Шеттерінен мерген, Оспан батырдың ерлік дәстүрін әлі ұмыта қоймаған, жауынгер Алтай керейлері анадай халге ұшырағанда, Шәуешектің отырықшы, әрі «оқымысты» жұрты ондай қайрат көрсете алмасы анық. Демек, бұл елге аштық апатынан құтылудың басқа жолын іздеу керек.

Міне, атажұртқа ел көшіру идеясы менің басымда осылай туды. Жеке мақсат енді ұлт мақсатына айналды. Қолымда «төменге түсірілді» деген жолдау қағазым болғанымен, «идея қалтам» (қызметкердің өз қолына берілмей құпия ұсталатын жеке делосы) Үрімжіден уақытында келмей, мен Шәуешекте үш айдай бос жүрдім. Көңілдегі мақсатты жүзеге асыруда мен осы айларды пайдаланып қалуға күш салдым. Бұл — қаладағы мұғалімдер мен студенттердің де жаздық каникулға шыққан бос кезі. Мен сияқты «төменге түсіп», әлі орныға алмай жүргендер қаншама. Алғашқы аптада-ақ Шәуешек жастары менің маңайыма үйіріле бастады.

Олай болатыны, мен ол кезде жұртқа танымал жас ақынмын. Оның үстіне, Алматыда екі жыл оқып қайтқан, Мәскеуді көрген (1957-жылы Мәскеуде өткен дүниежүзілік жастар мен студенттердің 6-фестивалына Советте оқитын Қытай студенттері атынан қатысқанмын) адаммын. Қайтсек ұлттық езгіден құтыламыз, атажұрт Қазақстанға қалай жетеміз деп, ұшарға қанат таппай жүрген жастардың менен сұрайтын ақыл-кеңестері көп-ақ. Мен де мұндай мүмкіндікті зая кетірмей, алдағы көш туралы әңгімені ашық айта бастадым. Кешке қарай қалалық паркке барамыз, ойын-тойға қатысамыз, мұнда да толастамайтын сол әңгіме. Жастар Алматыны сұрайды, Мәскеуді сұрайды. Қазақстан халқының тұрмысын, мәдениетін білгісі келеді. Өздері аттарын естіген ақын-жазушыларды сұрайды. Мен тіпті асыра айтпағанның өзінде, техникасы мен мәдениеті шығандап алға кеткен Советтік өмір салты оларға ғажайып ертегі сияқты әсер етеді. Әсіресе, Қазақстандағы тоқшылықты, жылара миллиард пұт астық алатынын естігенде, ауыздарының суы құриды.

Сонымен, Шәуешек халқы көшуге дайын деуге болады. Қала тұрғындары ғана емес, қырдағы ел де солай. Алақандарына түкіріп, «құдайым алдағы көктемді қолға бере ме, жоқ па» деп асыға күтіп отыр. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Енді алдағы көшке Совет одағын дайындау керек. Артынып-тартынып, шұбырып жетіп барғанда, шекарашылар халықты өткізбесе, не алдыңнан оқ боратып, қырып салса не болмақ. Ендеше, олардан алдын ала баспана сұрап, босқындар көшін бөгетсіз қабылдайтын ету керек.

Осы оймен, біз сол жылы күз айларында Мәскеуге жүздеген адамның қолын қойдырып, ондаған хат жолдадық. Адрес белгілі: «Мәскеу. Кремль. КПСС Орталық Комитетінің бас секретары Н. С. Хрущев жолдасқа», немесе «Жоғарғы Совет Президиумының төрағасы К. Е. Ворошилов жолдасқа» дейміз де, конверт сыртына бағалы маркілер жапсыртып, айрықша заказбен айдап жібереміз. Кейде ол хаттардың көшірмесін Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д. А. Қонаевқа жіберіп отырдық.

Мен Мәскеуге жолданатын хаттардың бірнеше нұсқасын дайындағам. Онда Шыңжаң қазақтарының бұл өлкеге қоныстану тарихы, жалпы қазақтың атажұрты — Қазақстан екені қысқаша баяндалған. Сондай-ақ, қазір Шыңжаңдағы қазақ ұлтының Қытай шовинистері тарапынан саяси, экономикалық, құқықтық езгіге ұшырап отырғаны, қазір ел ішін аштық жайлағаны айтылған. Одан ары «Совет Одағы — дүниедегі езілген халықтардың жанашыр досы екені, Шыңжаң қазағына атажұртқа көшуден басқа еш амалдың қалмағаны айтылып, егер алдағы көктемде көшіп бара қалсақ, бізге баспана берілуін сұрағанбыз».

Бұл хаттарды мен нағашым Шәріп Ақышұлының (қазір Семей қаласында тұрады) атынан, тағы басқа мұғалімдердің атынан жолдап отырдым. Кейбіреулер мендегі хаттың мәтінін көшіріп әкетіп, өз ауылдарынан қол жинап, өз төтелі жібергендер де болды. Кереметі сол, Кремльге жазған хаттарымыздың «тапсырып алдық» деп мөр басылған түбіртегі келіп отырды. Бұл жағдай бізді одан арман жігерлендіре түсті.

Қараша айында Шәуешекке Құлжадағы Совет консулының орынбасары келді (бұл кезде Шәуешектегі Консулдық жабылып қалған). Ол жұртшылықтың тілегі бойынша, көп адамдарды кезекпен қабылдады. Қабылдауда мен де болдым. Мен сыр тарту үшін, алдымен өз жағдайымды баяндадым. Ол менің Алматыда оқыған құжаттарымды мұқият қарап шықты да:

— Сізге жол ашық қой. Қалаған уақытта шекарадан өте беруіңізге болады, — деп бетіме қарап күлді.

— Ал, халық ше? Шәуешек халқы алдағы көктемде атажұртқа көшеміз деп белсеніп отыр. Олардың жағдайы не болады? — дедім мен консулдың аужайын түйгім келіп.

— Иә, Шәуешекке келгелі осындай тілекті көп естідім. Мен мұны міндетті түрде жоғарыға жеткізем. Айналып келгенде, көшу мәселесін халықтың өзі шешеді, — деді ол маған мәністі көз тастап. Арадағы әңгімеден мен өзімнің дұрыс бағытта екенімді түсіндім.

Мен жаңа оқу жылынан бастап қала мектептерінің бірінде мұғалім болып жүріп жатқанмын. Бір жерде қызмет істемесең, азық-түлік талонын алу мүмкін емес... Алайда, менің де артымда аңду бар екен. Жастардың менің маңайыма көп топталатынынан сезіктеніп, әрі ел ішінде қол қойылған хаттардан хабар тапқан Шәуешек сақшысы мені жаңа жыл қарсаңында түкпірдегі Сібеті мектебіне жер аударды. Қақаған қыста мұғалім ауыстырғанды кім көрген. Мені көпшіліктен қол үздіріп, жастардан бөліп әкетудің амалы. Бірақ олар кеш қалды. Біз оған дейін көш дайындығын бітіріп те қойғанбыз.

Күткеніміздей-ақ, 1962-жылдың сәуір айында көш басталып кетті. Алдымен осы оқиғаны тықырши күткен қала жастары мен шекараға таяу ауылдар өтті. Олардың «балдай батып» кеткенін көрген соң, алыс ауылдар мен аудандар қозғала бастады. Ол кезде, келісім бойынша, шекараны Совет солдаты ғана күзететін. Қытай жағы әлі шекара күзетін қолға ала қоймаған. Несін айтасың, Совет Одағы жүз елу шақырымға созылған Тарбағатай шекарасын бес жерден ашып тастады. Жаманты, Бақты, Ергейті, Еміл, Шағантоғай заставалары бір шақырымға дейін шекара сымдарын жинап тастап, аттылы, арбалы, түйелі көштерді күндіз-түні қабылдады-ау! Не керек, айналасы жиырма шақты күнде Шәуешек шаһары түгелімен (қалада жүз мыңға жуық қазақ тұратын), қалаға қарасты аудан халқы, Шағантоғай ауданы, Шәуешектегі дүмпуді естіп қозғалған Толы мен Дөрбілжін ауданының бір бөлімі шекарадан өте шықты. Егер Қытай өкіметі әлсін-әлі нота тапсырып, бірінші мамырда шекара жабылып қалмағанда, көш аймақтағы жеті ауданға түгел тұтасар еді. Соның өзінде 200 мыңнан астам адам шекарадан өтіп үлгірді. Әрине, ресми құжаттарда бұл сан кемітіп көрсетілді. Дұрысы, сірә, біздің есебіміз болар... Бұл көштің барысы менің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романымда егжей-тегжейлі жазылған. Мен бұл жолы басты оқиғаларды ғана еске алып отырмын.

Зымырап өтіп бара жатқан заман. Міне, содан бері де жарты ғасырдың жүзі болыпты. Сол жылы туған бала қазір елуде. Ал, көштің жүгін артысып, арқанын тартысқан жас жігіттер бұл күнде жетпістің үстіне шықты. Демографтар сол жылы атажұртқа келген 200 мың қазақ қазір ұрпағымен еселеніп, миллионға жетті десіп жүр. Мен сол жылы шекарадан өтіп, қазір аман-есен жер басып жүрген қандас бауырларымды көштің елу жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Ал, өз басым сол көштің жоспарын жасап, бұйдасын ұстап келгенімді мәңгі мақтаныш етемін. Менің жазушылық еңбегім, жазған том-том кітаптарым өз алдына. Ал, 1962-жылғы көш — менің ұлт алдындағы азаматтық қызметімнің шырқау шыңы.

Қазір мені көре алмайтын, іштері тар, мысық тілеулі біреулер менің көш бастаған еңбегімді жоққа шығарғысы келіп: «Ол — ашаршылықтан қашқан босқындардың көші ғой. Жұмаділов соған сырттай иемденіп жүр» деп, пыш-пыш өсек тарататын көрінеді. Ондайлардан мынаны сұрау керек: «Иә, ол жылдар Қытайда аштық болғаны рас. Ондай аштық апатына қазақтар тұратын Алтай аймағы да, Құлжа аймағы да ұшырады ғой. Жерлері шекараға тиіп тұрғанына қарамай, ол аймақтардың халқы неге қозғалмай отырып қалды? Көктемгі көкөзек шақта Шәуешек халқын дүрк көтерген — қандай күш? Көш бастаған серке кім?».

Ал, менің Мәскеу мен Алматыға ел атынан хат жолдағаныма күмән келтірушілер табылса, ол хаттар Орталық Комитеттің архивінде сақтаулы. Ақтарып көрулеріне болады.

II

Жалпы, іргелес жатқан екі империяға кезек ауытқыған босқындар тарихымен айналысқан адамға шекараны білмей болмайды. Сондықтан да шығар, шекара — менің көп зерттеген, көп айналдырған тақырыбым. Менің шығармаларымда шекараға соқпай өтетіні кемде-кем. Бәрінде де шекара арқылы қақ бөлініп қалған халық, бөлініп жарылған тағдырлар сөз болады. Сол 1962-жылғы көш қарсаңында жазылған менің «Қызық сызық» атты өлеңім бар:

Аралап көрсең нанасың,

Әлемде талай қызық бар.

Бақыт пен сордың арасын

Бөледі қызық сызықтар.

Шекара бойын бөктерлеп,

Көріп пе ең ала бағанды?

Көріп пе ең арғы беттен кеп,

Қадалып тұрған адамды? —

деп басталатын едәуір ұзақ өлең. Кейін шекара тақырыбы ұлғая келе, «Тағдыр» романына ұласты. Романда 1880-жылдар Тарбағатай шегінде орыс—қытай шекарасының қалай тартылғаны, бір халықтың қалай екіге бөлініп қалғаны жан-жақты суреттеледі. Демежан бастатқан роман кейіпкерлері шекара бөлісуге бастан-аяқ қатысады. Жалпы, бұл роман — өз атына сай ел тағдырын тереңнен қозғайтын шығарма. Әсілі, «Тағдыр» романының бір кезде «Соңғы көш» дилогиясы ала алмаған мемлекеттік сыйлықты 1990-жылы жеке-дара жеңіп алуы жайдан-жай болмаса керек.

Ойлап отырсам, мен бұл шекараның үстінен ұшақпен де, автокөлікпен де, жаяу да жүріп өткен екенмін. Жаяу жүріп өткенім — 1962-жылғы көштің кезі. Сенесіз бе, сол науқанды өзі бастап ұйымдастырған көштің серкесіне жан ұшырған қарбаласта көлік тимей, Жаманты заставасынан жаяу қашып өткенмін... Ал, енді мына қызықты қараңыз, арада аттай ширек ғасыр өткенде, ат айналып қазығын табады дегендей, сол Жаманты заставасына, міне, тағы келіп тұрмын. Айырмасы: бұл жолы босқын емес, танымал қаламгер ретінде жазушылардың тобын бастап келген жайым бар.

Мәселе былай болып еді. Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Олжас Сүлейменов 1986-жылы жазда шекара әскерінің бас штабымен бірлікте, шекара бойында қазақ әдебиетінің күндерін өткізбек болды. Сол үшін қазақ-қытай шекарасында жатқан төрт облысқа (Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Алматы облыстарына) ақын жазушылардың бірнеше тобын аттандырды. Біз бұл жолы бұқара халықпен емес, шекара заставаларында кездесулер өткізбекпіз. Семей облысына бөлінген топтың басшысы — мен едім. Қасымда марқұм Кеңшілік Мырзабеков, орыс ақыны Леонид Скалковский, тағы біреулер бар. Әскери ұшақ біздің топ пен Талдықорғанға баратын топты Үржарға түсірді де, ары қарай Зайсанға ұшып кетті. Біз енді баратын жерімізге тікұшақпен жетпекпіз. Талдықорған тобының басшысы — қазақтың даңғайыр ақыны Сырбай Мәуленов болатын. Олар бізді Бақты шекарасында қалдырып, Үйгентасқа ұшып кетпек. Сыр-ағаң Бақтыда тікұшақтан түскісі келмей, бізбен атүсті қоштасып жатқан-ды. Сонда мен тұрып:

— Сыр-аға, жерге түсіп, мына топырақты табаныңызбен басыңыз. Бұл Бақты өңірі -Әсет Найманбаевтың туып өскен жері! — дегенім бар. Сырбай сөзге келген жоқ:

— А, солай ма? Онда түспесе болмас, — деп жерге түсіп, топыраққа тауап етіп, бір тал жусанды үзіп алып, құшырлана иіскегені есімде...

Бізді Бақты гарнизонының басшылары құшақ жая қарсы алып, сапарымыз одан ары жалғасып кетті. Біз енді ең жоғарғы Ақшоқы заставасынан бастап, Жаманты, Бақты, Ергейті, Еміл, Барлық заставаларын түгел аралап шықпақпыз. Бізге екі машина бөлінген. Жүріс-тұрыста еш кедергі жоқ. Сол жылдар менің «Тағдыр» романын жазып жатқан кезім болатын. Шекара бойын бір жүріп өту — өзімнің де ойымда бар еді. Бұл жағынан, несін айтасың, нағыз «іздегенге — сұраған» пайдалы сапар болды.

Ал, бұрын тау көрмеген, шекара көрмеген, Торғай даласының тумасы Кеңшілік марқұмның алған әсерін сұрама! Ақпейіл ақын бейне өзге бір әлемге кіріп кеткендей керемет көңіл күйде жүрді. Сол сапарда маған арнап, ағыл-тегіл өлең шығарғаны есімде. Алғашқы шумағы былай басталатын-ды:

Көрінген көз ұшында Тарбағатай,

Шіркіннің оң қанаты-ай, сол қанаты-ай!

Бойында шекараның шер төгісіп,

Түсіндім тағдырыңды енді, ағатай!

Не үшін екен, мен Кеңшіліктің кейінгі жинақтарынан сол өлеңді кездестіре алмай жүрмін.

Кеше тау алқымындағы ең жоғарғы застава — Ақшоқыда болғанбыз. Ақшоқы — «Тағдыр» романындағы Диқанбай деген кейіпкердің қонысы ғой. Үстерінен шекара сызығы өтетін болып, ауыл екі мемлекеттің біріне көшуге тура келгенде: «Айналайын, біз осы мемлекетсіз қалдық демейік. Осы сіздерге біздің ауылды айналып өтуге болмай ма?» деп жалынатын Диқанбай ғой — ол. Демек, Диқанбай бейнесі осы сапардан кейін туды деген сөз.

Ал, бүгін атақты Жаманты заставасында тұрмыз. Застава бастығы — аға лейтенант, жасы әлі отызға да келмеген армян жігіті екен, бізді жаны қалмай қарсы алып жүр. Төңірекке көз салатын қарауыл мұнарасы да, ондағы алысты көрсететін асыл дүрбі де біздің еркімізде. Осыдан жиырма шақырым жердегі Шәуешек қаласы табанның астында жатыр. Көшелерде шұбырған машина, арбалы, белсебетті жүргіншілер... Бұрын шекара бойында Қытай күзеті болмаушы еді, Жамантының дәл қарсы бетінен олар да застава салыпты. Мұнда екі машинамен адамдар келіп, абыр-сабыр болып жатқанын олар да байқаса керек. Сұр киімді біреулер күзет мұнарасына алма-кезек шығып-түсіп жүр.

Жаманты заставасы маған етене таныс. 1962-жылы біздің көшіміз өткен жер ғой бұл. Қажытай екеуіміздің жаяу қашып өткен жеріміз де — осы... Жамантының сай-саласынан — сонау Ақшоқының кезеңіне дейін жүз мыңға жуық адам қос тігіп, бірер апта жайрап жатқан-ды. Ашығып келген ел үй басы мал сойып, сорпа-су ішіп, мәре-сәре... Содан, Мәскеуден рұқсат келісімен, дайын тұрған жүздеген машина босқын елді Аягөзге қарай тасуға кіріскен. Күндіз-түні, ерсілі-қарсылы тынымсыз ағылған машинадан Аягөз—Бақты тасжолы қазылып кеткені есімде...

Жаманты заставасы биіктеу жерге өздеріне жаңадан үйлер салып алыпты. Ескісі сонау төменде, қалың қарағанның арасында жатыр. Мен соның бәрін түстеп-танып тұрдым да, қасымдағы аға лейтенантқа:

— Жаңа қонысқа көшіпсіңдер. Құтты болсын! Ескі үйлер төменде сай табанында қалыпты... Сонау қалың шидің арасында бір мөлдір бастау бар еді, орнында тұр ма әлі? — дедім сол маңнан көз айырмай.

Кенет аға лейтенанттың көзі бақырайып кетті. Қайдан білсін, бұл төңіректі өзімізден басқа тірі жан баспайды деп ойлайды ғой олар.

— Сіз оны қайдан білесіз? — деді маған біртүрлі үрейлене қарап.

— Өзіңіз неше жастасыз? — дедім өзіне қарсы сұрақ қойып.

— Жиырма сегізде...

— Ендеше, сіз әлі төрт жасқа толмай тұрғанда, мен осы арамен жүріп өткенмін... Жаңағы бастаудан етпеттеп жатып су ішіп едім. Суы тастай суық болатын.

— Мынауыңыз қызық екен! Бұл жаққа қалай келіп жүрсіз?

— Сәл сабыр етіңіз. Оның бәрін қазір кездесуде еститін боласыз...

Иә, сол бір 1962-жылдың сәуір айы мәңгі естен кетер ме?! Ол өзі мақсатымыз іске асқан әрі қуанышты, әрі сағат сайын басқа қатер төнген үрейлі көктем болды ғой... Қазақ көші, жоғарыда айтқанымыздай, шекараның бес жерінен ағыл-тегіл өтіп жатыр. Басында қопарыла көшкен елді жергілікті өкімет өздері үгіт-насихатпен тоқтатпақ ниетте, болып жатқан төтенше жағдайды жоғарыдан жасырған-ды. Әрі Совет Одағы барған көшті қайтарып тастайды деп дәмеленсе керек. Кейін іс теріске айналғанын білген соң, амал жоқ, Үрімжіге хабарлайды, Үрімжі Бежінге сұрау салады. Содан, олар бір түйінге келгенше, біраз уақыт өтіп кеткен-ді. Кетіп жатқан тек қазақтар екенін білген соң, бәлендей асыға қоймады ма, кім білсін?!

Әйткенмен, аймақтағы жергілікті өкімет те қамсыз емес-ті. Түбінде, бұл көштің де сұрауы болатынын біледі. Сондайда «елді бұзған осылар» деп жоғарыға көрсету үшін, біраз адамды ұстауға бұйрық беріпті...

Күдікті адамдардың тізімі Аймақтық сақшыда бұрыннан бар болатын... Әрине, ол тізімнің басында мен тұрмын. Сонан соң, елді көшуге үгіттеген, қол жинап, жоғарыға хат жазуға көмектескен тағы бес-алты адам бар...

Алайда «қылмыстыларды» ұстау оңайға түспейді. Ел іші астан-кестең. Сақшы әскерінің көбі көш тоқтатумен әуре. Кейбір жергілікті сақшылар мылтығын лақтырып тастап, көшке ілесіп кетсе керек. Мұндайда негізгі сенім Қытай сақшыларына артылатыны белгілі. Ал, олар жер жадысын білмейді... Ал, бас «бұзақы» мен тізгін ұшымен біресе ауылға, біресе қалаға шапқылап жүріп, қуғыншылардың қолына түспей-ақ қойыппын. Бір қызығы, мен соңымда аңду барын білсем де, нақты ұстауға бұйрық берілгенінен хабарсыз болатынмын.

Сол 22-сәуір күні Сібетідегі қалың елдің көшін жолға салып жіберіп, олармен Жаманты заставасында кездесуге уәделесіп, енді қаладағы шешем мен екі қарындасымды ала кетпек болып, кешкі апақ-сапақта Шәуешекке келген бетім болатын. Байқағаным, қала халқы арылып-ақ қалған екен. Көшеде адам аяғы сирек. Неше күннен бері ұйқы көрмегем. Жантайсам болды, «қор» ете түсуге дайын тұрмын. Шешем де қамсыз отырмай, көрші қақпадағы шекараға ел тасып, ақша тауып жүрген арбакеш ұйғырмен ертеңге келісіп қойыпты. Сұраған ақшасына қоса, нормалы бұл белеті мен астық белетін де түгел берсе керек.

Сонымен ертең бәріміз бірге жүретін болып, кешкі астан кейін ұйықтауға қамданып жатыр едім, кенет ішкі үйге салқын-жұлқын Қажытай кіріп келді. Қажытай Ілиясов — менің «Шыңжаң газетінде» бірге істеген жолдасым, қазіргі белгілі ақын-сатирик. Ол сол тұста газет тілшісі ретінде Шәуешекте жүрген-ді.

— Алда, ағатай-ай, әлі аман екенсің ғой! — деді босағадан аттай бере. — Сені ұстамақ болып, қалалық сақшы сабылып іздеп жүрген көрінеді... Мына отырысың не, ойбай, кетпейсің бе...

— Оны кім айтты саған?

— Аймақтық парткомның тілмашы. Білетін шығарсың, Жүсіп дейтін дүңген жігіт... Жаңа қақпа сыртынан да сөдегей екі адамды көріп қалдым. Сөз жоқ, сені аңдып жүрген адамдар...

Амал жоқ, қозғалуға тура келеді. Мұны естіген апамда да дегбір қалған жоқ.

— Онда бөгелмей тез жөнеліңдер! Бізге қарайлама... Біз ертең ұйғырдың арбасымен шекараға бірдеме қып жетеміз, — деп ол кісі де жеделдетіп жіберді.

Екеуіміз асығыс киініп, далаға шыққанбыз. Қажытай дыбысын білдірмей қақпа жаққа барып келді де:

— Әлгілерге тағы екі адам қосылыпты. Бір-біріне «үйінде екен» дегенді қытайша айтып тұр, — деді, сыбырлай тіл қатып.

Енді арт жақтағы дуалдан секіруден басқа амал жоқ. Сырт жақта әлдебір мекеменің бақшасы бар, соған жетсек, Жауыртамға қарай шығып кетуге болады. Дуал тым биік, бір тәуірі, сол тұста дуалға жапсыра салған жатаған дәретхана бар еді. Біз алдымен сол дәретханаға шығып, одан ары дуалдан оп-оңай асып түстік.

Бұдан былайғы сапарымыз менің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романымда толық көрініс тапқан. Біз әлдебір көшпен бірге түнімен жүріп отырып, күн көтеріле Жаманты заставасына жеттік. Шекара бойы құжынаған халық. Үсті-үстіне көшіп келіп жатқан ел... Біз — жаяумыз. Шекараның дәл түбінде «Қаракітат» дейтін шағын өзен бар. Кеше тауға жаңбыр жауған ба, өзен суы лайланып тасып жатыр екен. Аттап өту қиын. Амал жоқ, кешіп өтуге тура келеді. Қажытай бәтіңкесін шешіп, арғы жағалауға лақтырып жіберді де:

— Сен аяғыңды шешпей-ақ қой, мен арқалап өтейін! — дегені. Шынында да, менің тартынғаныма қарамай, ол мені арқалап өтті.

Кейін, көп жыл өткен соң Қажытай қалжыңдайды:

— Сонда зілдей ауыр едің. Сөйтсем, бір қап роман арқалап өтіппін ғой! — деп бір жиналыста қалың елді күлдіргені бар.

Шекарадан етіп, қауіп-қатерден құтылған соң бір жотаға шығып, артқы елге қарап тұрғанымыз есімде. Бүкіл Құлыстай өлкесі — андыздаған көш. Әр тұстан будақ-будақ шаң көрінеді. Жаяу-жалпылы, атты, арбалы, түйелі көштер сарқылар емес, үсті-үстіне келіп жатыр, қосылып жатыр. Бұрын атажұртқа жетуге ұшарға қанат таппай жүрген қайран қазақ өз еліне қосылуға асығып келеді... Жалпы, менің өмірімде бақытты сәттер аз болған жоқ. Соның ең биік шыңы — туған халқымның көшін бастап келіп, осынау Ақшоқы жотасында шалқып тұрған сәтім болар, сірә!

Жаманты заставасындағы кездесу өте қызу өтті. Ақындар өлендерін оқыды. Мен өз өмірім жайында, 1962-жылғы көш туралы әңгімелеп бердім. Шекарашы солдаттардың жасы — ұзаса он тоғыз, жиырмаларда. Көш кезінде олар әлі тумаған-ды. Оларға бәрі қызық, ертегі сияқты. Бәрінен де осыдан ширек ғасыр бұрын осы заставадан өткен босқын жігіт қазір атақты жазушы болып, алдарында тұрғаны — тіпті таңғаларлық жағдай еді.

Мен қазір осыдан тура бір ғасыр бұрын осы шекараның қалай тартылғаны жайында роман жазып жатқанымды айта келіп, сөз соңында:

— Біз сендердің қызметтеріңе разымыз. Шекара берік қолда екен. Күзет қатты, көз қырағы, құлақ сақ көрінеді... Тек, бір ғана ескертерім: қазақ ұлтының үштен бірі шекара сыртында жүр. Кейде сендерге арам ниетті жаулар ғана емес, атажұртын аңсаған, шетелде қорлық көрген қандастарымыз тап болуы да мүмкін. Ондайларға барынша мұқият, жанашырлықпен әділ қараңдар... Мәселен, мен 1962-жылы осы шекарадан өткенде, мені жау екен деп, ай-шай жоқ атып тастаса, онда Жұмаділов деген жазушы дәл қазір сендердің алдарында сөз сөйлеп тұрмаған болар еді, — деп әңгімені аяқтадым.

Біз сол күні Бақтыға келіп қондық та, ертеңінде Ергейті, Еміл, Алакөл бағатына қарай жолға шықтық.

ІІІ

Кейін мәлім болғанындай, жоғарыда айтылған бес заставадан өткен 200 мың қазақ (арасында бірлі-жарым ұйғыр мен татар да бар) Қазақстанның шығысындағы төрт облысқа (Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Алматы облыстарына) бытырай жайғасыпты. Жер ыңғайына қарай, Ақшоқы, Жаманты, Ергейті тұсынан өткен Шәуешек жұрты Семей мен Шығыс Қазақстанға орналасыпты да, төменгі Еміл, Шағантоғай, Барлық тұсынан өткендер Алакөл маңына, Талдықорған мен Алматы облыстарының кейбір аудандарына жайғасыпты.

Бізді, яғни Шәуешек тұсынан өткендерді жүздеген машинамен тасып әкеліп, Аягөз өзені бойында төрт-бес күн аялдатты да, одан ары аудандарға таратып әкетіп жатты. Шәуешектің негізгі жұрты жеті болыс (зәңгі) төртуыл тайпасы Тарбағатайға сонау Абылай заманында, 18-ғасырда барып қоныстанған ғой. Сондықтан да, оларды Қазақстанда күтіп тұрған туыстары жоқ болатын. Соны ескерген төртуылдар әр ауданнан адам алуға келген кісілермен келісіп, Табылған орынға таңдамай тарай беріпті. Аласапыран көш жөнекей кімге ие боласың, бір Күдері әулетінің жарымы Жармада қалса, тағы бір жартысы Ақсуат ауданына барыпты. Бұл күнде төртуыл тайпасын жаңа аталған төрт облыстың бәрінен де табуға болады. Кімге өкпелейсің, маңдайға жазылғаны сол болса... Аңыз бойынша, Төртуыл бабамыз түсінде қысырақтың үйірін бір жерге жинай алмай, шаршап жатып ояныпты, оның түсін жорыған Төлегетай атасы «Қап, балам-ай, ұрпағың бытыраңқы болады екен-ау» деп өкініпті. Сол бабалардың болжамы дәл келді. Бұрын төртуылдың орыс пен қытай жеріне қақ бөлініп қалғаны ойыншық екен. Енді, міне, атажұрт Қазақстанға келгенде, әр совхозға 50-60 үйден бөлініп, шашырап кетті... Осыны ескеріп, менің құрбы-құрдасқа айтқан мынадай әзілім бар.

— Жігіттер, мен сендер сияқты рушыл емеспін. Маған рушылдық жат. Себебі, мен өз руымды бөлектемей, сапалы түрде қазақ ұлтына әкеліп қосып жібергенмін! — деп сөзден ұтқан едім...

Әйткенмен, маған қарайлап, түп етегімнен ұстаған 120 отбасы Аягөз көпірі маңында, ең соңында қалып қойыпты. Олар «Мында қалғанымыз енді ешқайда бөлінбейміз. Қайда барсақ та бір жерде боламыз» деген талап қойды. Бұларды қайда апарсақ болар екен? Таяу маңдағы аудандар қажетті адамдарын алып, кекірелеп тойып отыр. Ақырында, бұдан кейінгі тіршілік үшін теміржол бойынан тым алыстап кетпеуді ойладық та, біздің Сібетіден келген 120 шаңырақты Жарма ауданының іргелес жатқан екі совхозына («Скотовод» және «Михайловка» совхоздарына) алпыс үйден бөліп орналастырдық. Әр совхозда төрттен бөлімше бар екен. Әлгілер, амал жоқ, он бес үйден тағы бөлінетін болды.

Совет одағының аса қуатты, бай мемлекет екеніне осы жолы тағы бір рет көзіміз жетті. Қазақстан өзіне бір мезгілде келіп қосылған 200 мың адамды шыбын шаққан құрлы да көрген жоқ. Көшіп келе салысымен, үй басы бір-бір қаптан ұн мен қант түсіріп, бір қойдан «ерулік» берудің сыртында, әр үйдің желісіне бір бұзаулы сиыр байлады. Несін айтасың, аштықтан бұралып келген жұрт кәні болды да қалды.

Басқа аудандарды білмеймін, біз қоныстанған Жарма ауданының сол кездегі басшылары шетінен ұлтжанды, бауырмал, саналы адамдар болып шықты. Аупартком хатшысы Тортаев, аудандық оқу бөлімінің бастығы Хадес Жақсыбаев, «Скотовод» совхозының директоры Күнсілам Мұсажанов, партком хатшысы Тоқан Жоламановтар көшіп келгендерге оң көздерімен қарап, қолдан келген көмектерін аяған жоқ. Жаңа келгендерді бір айға жеткізбей түгел жұмысқа орналастырды. Жарма ауданы малшыға зәру екен, біздің адамдар ондай олқылықты бірден толтырды. Біздің арамызда жеті-сегіз мұғалім бар еді, мамандықтары бойынша олар да мектептерден орын алды. Оқушы балалар аудан орталығындағы мектеп-интернатқа орналасты.

Ең кереметі, небәрі екі айдың ішінде «Совет Одағының азаматы» деген қып-қызыл паспорт берді-ау! Және оны алу үшін ауданға, не облысқа сандалтқан жоқ, паспорт үстелінің адамдары ауыл-ауылды аралап жүріп, отбасы мүшелерін тізімдеп, жазып әкетті де, кейін сол тізім бойынша үлестіріп берді... Сондағы тәртіп пен іскерлікке бүгінге дейін қайран қалам. Қазір тәуелсіз қазақ өкіметі өзінің оралман-қандастарына бес-он жылға дейін азаматтық куәлік бермей сандалтқанын көргенде, сондағы Советтік әділ заң еріксіз еске түседі. «Скотовод», «Михайловка» деп атын орысша қойғанымен, біз түскен совхоздардың негізгі халқы қазақ екен. Қазақ болғанда, тоғыз таңбалы Найманның бір-бір таңбасына ие болған өзіміздің матайлар мен буралар. Ал, аудандағы орыстар Ақжал, Бөке сияқты алтын өндіретін кеніштерде көрінеді... Әйтсе де, түбі бір қазақ дегенімізбен, ұзақ мерзім екі мемлекетте жасап келген елдің мінез-құлық, салт-санасында едәуір өзгешеліктер де бар еді. Сонан соң жаңа елге, жаңа жерге бірден сіңісіп кету де оңай емес. Ендігі біраз әңгіме осы жайында.

Біз Аягөзден Жалғызтөбе бекетіне дейін пойызбен келіп, одан ары баратын совхозымызға машинамен тарағанбыз. «Скотовод» совхозының 4-бөлімшесі — Ақдіңгек ауылына баратын он бес үй жүгімізбен бірнеше машинаға тиеліп, шығысқа қарай бет алып барамыз.

— Ойпырай, мына маңайдың бораны қатты болады екен-ау? — деді машинада бізбен бірге отырған Ақыш нағашым.

— Оны қайдан білдіңіз, Ақа?

— Көрмейсің бе, шөп маяларының үстін ауыр доңғалақтармен, темір-терсекпен бастырып тастапты.

Үлкендердің жер танитынында қапы жоқ. Шынында, солай екен. Біздің ауылдар Жарманың бораны мен желінің «қызығын» тәуір-ақ көрді. Жәй соқса боран да, жел де ештеңе емес-ау, олар батыс жақтағы полигоннан радиация ұшырып әкеледі екен ғой. Ол пәле сырттан келген адамға қарғыстай тиетін көрінеді. Соның кесірінен талай азаматтарымыз жасына жетпей өмірден ерте кетті... Сонымен, алдымыздан шыққан алғашқы қиыншылық: жаңа қонысты жатырқау. Бұл жақты өздері келген Құлыстаймен салыстырып, жаңа өлкені бірден жерсінбеу.

Сонан соң тағы бір көзге түскен нәрсе: мінез-құлық, салт-сана айырмашылығы. Жалгызтөбе бекетінен біз баратын Акдіңгек ауылына дейін қырық шақырымдай болар. Жол ортада Ақжал, Бөке кеніштері бар екен. Күн есебінен жаңылып қалған біздер сол поселкелерден өткенде байқадық. Сол күні бірінші мамыр мейрамы екен. Көшеде село тұрғындары мен оқушы балалар: «Еңбекшілердің мейрамы бірінші май жасасын!» деген плакат көтеріп жүр... Соларды сырттай тамашалап, сәске түс шамасында Акдіңгекке де жеттік-ау!

Мұндағы ел біздің келетінімізден құлағдар. Бізге арнап бірнеше үй босатып қойыпты. Сыймай қалған бір-екі отбасы уақытша ферма кеңсесіне жайғасты. Ауыл тұрғындарының ықылас-пейілінде шек жоқ. Байғұстар алыстан туыстарымыз келді деп, жүректері жарыла қуанып-ақ жүр. Тек, ер-азаматтар жағы мейрам құрметіне ащы заһардан тартып алған сияқты. Шеттерінен қызу, кейбіреулері тәлтіректеп зорға жүр. Бірақ ниеттері түзу. «Алыстан келген бауырлар» деп, шетімізден құшақтап сүйе береді. Мынау қыз, мынау келін деп қарайтын емес... Бұрын мұндайды көрмеген кемпір-шалдар шошына жағаларын ұстады. Менің шешем бастаған әйелдер:

— Қабдеш-ау, бізді қандай жерге бастап келгенсің? Мыналарың жынды ғой шетінен? — деп күңіреніп кетті. Ал мен, бір жағы, күлкіден ішегім қатып:

— Бұлар жынды емес. Бүгін бұлардың «Бірінші май» дейтін мейрамы... Соның құрметіне аздап арақ ішіп алған ғой. Ертең-ақ бәрі қалпына келеді, — деп жұбатып жүрмін.

Шынында да, солай болды. Ертеңінде мастығы тараған жігіттер үй-үйге кіріп:

— Ғафу етіңіздер!.. Кеше біз бірдеңені бүлдіріп алған жоқпыз ба? — деп кешірім сұрады. Ал біздің кейбір жеңгелерімізге сүйісу ұнап қалған секілді:

— Өздері кісіні бас сап сүйіп алуға сондай шебер екен! — деп күлісіп жүрді.

Көп ұзамай-ақ ауыл адамдарымен аяқ-табағымыз араласып кетті. Алғашында ащы суға үрке қараған аға-жеңгелеріміз кешікпей жергілікті жұртпен шөлмектес, дәмдес болып, достасып алды. Әсілі, арақ — қазақтың байырғы асы емес, бұл елге соғыс кезінде жалпыласқан әдет қой. Оның үстіне, бұл елде арақ радиацияға қарсы ем деген түсінік бар екен. «У ішсең руыңмен» дегендей, кешікпей мұндағы ел не ішсе, біз де соны ішетін болдық... Айтпақшы, арғы беттен келгендер шайға тұз салып ішетін-ді. Мұнда келген соң көршілердің ұрттап алмайтынын көріп, шайға тұз салуды қойды.

Сонан кейінгі бір мәселе — жерді, топырақты өгейсу. Бұл жағынан Жарманың табиғаты түгін тартсаң майы шығатын Құлыстайдың топырағындай қайдан болсын. Біздің төртуылдың абыз ақсақалы, тоқсан жастағы Қали қажы Жармадағы «Михайловка» совхозына келіп түскен. Ол — өмірінде ешбір өкіметтен ықпаған, тілі усойқыдай ащы, менің «Соңғы көш» романыма өз атымен кірген кейіпкерлердің бірі. Осы жолғы көш кезінде де алдымен қозғалған көзі ашық адам. Қажының атажұртқа бірден бет бұруы әрі-сәрі екі ойлы боп жүрген талай адамға түрткі болғаны анық.

Міне, сол қажы көшіп келгендеріне екі айдай болғанда балаларын жинап алыпты да:

— Кәне, жүктеріңді буып, жолға дайындалыңдар, көшеміз! — депті.

— Ойбай, қажы ата, Жармаға жаңа келген жоқпыз ба? Енді қайда барамыз? — дейді балалары.

— Жармаң жарылып қалсын! Тез көлік қарастырыңдар. Көшеміз! — дейді қажы айтқанынан қайтпай.

— Сонда, қайда барамыз? Шәуешекке ме?..

— Жоға, Үржарға көшеміз! Топырағы торқа Тарбағатайдың бөктері ғой ол дағы...

Сөйтсе, мәселе былай болған екен. Жасы жеткен қажы көшіп келген соң осында бірнеше жа