05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қабдеш Жұмаділов
Қабдеш Жұмаділов (24.04.1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.

Сарыжайлау


Не бойся врагов — в худшем случае они могут тебя убить. Не бойся друзей — в худшем случае они могут тебя предать. Бойся равнодушных — они не убивают и не предают, но только с их молчаливого согласия существуют на земле предательство и убийство.

Бруно Асенский

I

Алатау атырабына көктем биыл да кешігіп келді.

Алты ай бойы ақ тонын айқара жамылып, теріс қарап жатып алған қиқар шал буыншақ -түйіншегін жинастырып, кешелі-бүгін ғана терістікке қарай қозғала бастаған қалпы бар. Бірақ әлі де болса жұрттың жуанын жіңішкертіп, жіңішкесін үзіп кеткісі келгендей қимылы баяу, ырғалып-жырғалып тіпті асығатын емес. Артық - ауыс жүгін Алатаудың құз-қиясына қоймаға қойып кеткеніне қарағанда, түбінде қайта оралатын ойы бар ма, кім білсін... Қыстың өзі қыр асып кеткенімен, ызғары әлі кете қоймаған. Ата қазақтың «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» деп атайтын нағыз аласапыран кез еді.

Үстіне жеңіл плащ киіп, қылтиып шыққан Дәнешті таңертеңгі қара суық лезде қалтыратып жіберді. Екі-үш күннен бері көлкілдеп еріп жатқан көшенің батпағы да түнге қарай тоңазып қатып қалыпты. Ол қыс керуені жайлы әлгі бір суретті көз алдына келтіріп, есік алдында сәл тұрды да, қабыршақ мұздарды күтір-күтір сындырып, кеңсеге қарай бет алды.

Бұл оның осы ауылдағы алғашқы жұмыс күні. Қақпаның алдына таман келгенде әлденеден жүрексініп, қобалжығанын байқады. «Қызметті жаңа істеп жүргендей, бұл қайткенім»,— деді өзіне-өзі жігер беріп. Тосырқайтындай не бар, шынында? Мына екі қабатты сары үй — қай ауылға барсаң да алдыңнан шығатын үйреншікті совхоз кеңсесі. Айналасы аласа тақтай дуалмен қоршалыпты. Ауласының іші толған плакаттар, сан -цифрлар, төрт түлік малдың кескіні салынған диаграммалар, мемлекетке өткізетін ет, сүт, жүн, жұмыртқа, астық жоспары. Оң жақ қапталда қаз қатар тізілген еңбек озаттарының фото - суреттері. Дәнеш ашық аспан астында өңдері тотыққан, үстіндегі костюмдері мен галстуктері бойларына онша қонбай тұрған еңбек адамдарының бейнелеріне сәл аялдап, көз қырын салып өтті.

Екінші қабаттағы қабылдау бөлмесі де бұған таныс еді. Ауыз үйдің қос бүйірінен таразының екі басы тәрізді, ерсілі-қарсылы екі есік ашылады. Қара дермантинмен қапталған ауыр есіктердің бірінде «Директор», екіншісінде «Партком» деген жазу тұр. Ортаңғы бөлмеде отыратын хатшы қызды жау алатындай, бер жағын белуардан келетін торлы тақтаймен қоршап тастапты. Шашын дөңгелете қиған қара торы қыз Дәнешке салқын ғана амандасты да, «сізге кім керек» дегендей аңтарыла қарады.

— Мәкең өзінде ме? — деді Дәнеш директордың кабинетін иегімен нұсқап.

— Ол кісі фермаға кетті.

— Солай ма? Ендеше, маған мына бөлменің кілтін беріңізші. Мен совхоз партия ұйымының хатшысы Досболовпын, — деді Дәнеш өзін таныстырып.

— Ой, ағай, кешіріңіз! — Қыз орнынан ұшып түрегелді. — Бұрын көрмегенге танымай... — Өңіне қызыл арай жүгіріп, жалма-жан столының тартпасын ақтара бастады.

— Оқасы жоқ... Есімің кім, айналайын?

— Мейрамкүл.

— Өте жақсы. Директор кеткелі көп болды ма?

— Таңертең «бес минуттық» өткізген соң - ақ, фермаға кетті деп естідім.

Мейрамкүл біразға дейін кілтті түсіре алмай, есікті зорға ашты. Кабинет Дәнешке ұнады: абажадай кең де емес, шынтақ айналмайтын тар да емес, тап-тұйнақтай таза бөлме. Ауылдық жер дейтін емес, мебельдері де тәуір көрінді. Төрде жып-жылтыр жұмыс столы, оған қос креслосымен ұзынша стол жалғасады. Бұрышта қол созым жерде сейф, одан ары кітап қоятын шкаф тұр. Терезе жақтағы, кемінде он-он бес адам сиятын ұзын стол — мәжіліс орны. Қапталында қаз қатар тізілген орындықтар. Қай жағыңа қарасаң да шетелдік қызыл күрең мебель көздің жауын алады. Өткен жылы аупарткомға: «Жартас» совхозының басшылары мемлекет қаражатын шашып, сегіз мың сомға кабинеттерін жасандырды» деген арыз түсіп, біраз дуылдап барып басылып еді. Сол жұртты шулатқан мебельдері осы болды, ендеше.

Дәнеш плащын шешіп, босағада тұрған шкафқа ілді де, төрдегі айналмалы жұмсақ креслоға көміле барып отырды. Обалы, кәнеки, бұрынғы хатшының аса ұқыпты, кірпияз кісі болғаны көрініп тұр. Телефон, сиясауыт, қағаз - қалам бәрі өз орнында. Бір уыс ұштаулы қарындашқа дейін әзір тұр. Оның а дегенде қол созғаны календарь болды. Көптен қозғаусыз қалған календарь бетін аударыстырып отырып, он бесінші мартқа әкеліп тіреді. Мың да тоғыз жүз жетпіс алтыншы жылдың он бесінші марты — сәрсенбінің сәті екен. Дәнеш алғашқы жұмыс күнінің сәрсенбіге келуін жақсылыққа жорыды.

Бірақ өз көңіліне қанша үңілсе де, содан басқа табан тірер дәнекер таппады. Жұмысты неден бастарын білмей, көз алдына ештеңе елестемей, үнсіз ойланып отырып қалды. Мұндайда не істеу керек екен өзі? Бұрын бұл оқып жүрген кітаптарда жаңа бастық не орынбасар, не партком секретары жіберілген жұмыс орнына келісімен бәрін ұршықтай үйіріп, меңгеріп кетуші еді. Не істейтіні, неден бастайтыны — бәрі-бәрі көңілінде сайрап тұрар еді. Кемшіліктің неден болып жатқанын бірден дөп басып, бұрынғы басшылықты бір қайырымға келтірмей жеңіп, айналасы бірер жылдың ішінде артта қалған шаруашылықты аяғынан тік бастырар еді... Ал Дәнеш қанша ойланса да, басына ондай ештеңе орала қоймады. Соған қарағанда, сірә, мұның жаңа кызметке бейімділігі де, дайындығы да шамалы. Бар білетіні — «Жартас» шекесі қызып тұрған шаруашылық емес. Өткен жылдардан мемлекетке бір жарым миллион сомдай қарызы бар... Қырық мың гектар жерге егін салып, елу мыңнан астам қой өсіреді. Бес жүзге жуық сиыры, сегіз жүздей жылқысы бар. Сол малды бағып - қағып жатқан жүздеген жұмыс күші бар. Соған қарамастан, совхоз кейінгі жылдары экономикалық жақтан өзін - өзі ақтай алмай жүр.

Дәнеш бір сәт: осы «жұмысқа алды-артымды ойламай, тым асығыс келіп қалған жоқпын ба?» — деп кәдімгідей қобалжи бастады. Шынында да, мұның мамандығы зоотехник, не агроном, не экономист болса екен. Айдалада жүрген әдебиетшінің шаруашылыққа келіп несі бар, жаным - ау?! Әдебиетші болып та тындырғаны шамалы еді... Мектепте тіл -әдебиет пәнінен сабақ беріп, балаларға сол баяғы құрмалас сөйлемдерді оқытып жүре бермей, көтере алмайтын шоқпарды беліне қыстырам деп, жұрт алдында масқара болмаса не қылсын!

Ол тартып отырған темекісін бітірмей, алдындағы күл салғышқа мыжып өшірді де, қолына іліккен папкалардың бірін алып қарай бастады. Әр түрлі қатынастар, іс қағаздары, жылдық, тоқсандық есеп-қисаптың көшірмелері... Біреуін былай таман сырғытып қойып, екіншісін қолға алды. Мұнда совхоз партия ұйымына қарайтын коммунистердің тізімі бар екен. Жалма-жан сол тізімге үңілді Жиыны тоқсан үш адамның аты - жөні, жасы, қызметі, партиялық стажы түгел жазулы тұр. Совхоз директоры Машановты бірінші қойып, сонан соң бас мамандарды тіркепті де, қалғандарын алфавит ретімен тізіп шығыпты. Дәнеш директордан өзгесін әлі түстеп танымайды да. Машановтың өзін де сырттай білгені болмаса, араласпаған адамы. Бұрын облыс, республика көлемінде жауапты жұмыстарда болып, әбден ысылған, азулы кісі деседі. «Жартасқа» әлдебір себеппен төмендеп келген беті. Сол бұрынғы қызметі еске алына ма, шаруашылығы шарықтап тұрмаса да, ауданға барғанда басқа директордан иығы асыңқырап жүреді. Осыдан үш-төрт күн бұрын мұны екінші хатшы ертіп келіп сайлау өткізерде, Машанов аздап қомсынғандай сыңай танытты. Миығына жымысқы күлкі жүгіріп:

— Әдебиетшімін де... Онда тіпті жақсы! Бізде сөз ұқпайтын небір ақпақұлақтар бар еді. Тіл байлығын соларға жұмсап бағарсың, — деп аяғын әзілге айналдырған болды.

Иә, Машанов мұның ақылына зәру болып отырған адам көрінбейді. Ол үшін бұл осындағы көп көмекшінің бірі ғана. Ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымдасың дегенді келмей жатып - ақ танытты емес пе? Бұл екі - үш күннен бері көші - қонмен әуре болды. Халың қалай деп төбе көрсетті ме? Көлікке бір машина босатты да, содан қайтып еске де алған жоқ. Бүгін мұның жұмысқа шығатынын біле тұрып, елемей кетіп қалғаны мынау...

Кенет Дәнештің назары Қилыбаев деген фамилияға түсіп, селт етіп басын көтеріп алды. Токтай қал, мынау әлгі бүкіл ауданды қан қақсатып жүрген атақты Қилыбаевтың өзі ме, әлде соның туысқаны ма екен? Әй, соның өзі шығар. Жасы алпыс бесте, пенсионер, көп жылдан партия мүшесі. «Жартаста» жоғарғы орындарға тынбай арыз жазып жататын Қилыбаев деген біреу барын Дәнеш бұрын да білетін. Әнеугүні осылай қарай аттанарда, жігіттер қалжың - шыны аралас:

— Саған совхоздағы басқа жұмыстан гөрі Қилыбаев қиын болар. Сен бара салысымен, ол саған арнап жаңа папка ашады... Түбінде көресіні содан көресің, — деп Дәнештің зәресін алып, үркіте сөйлеген.

Сол Қилыбаев осы, ендеше. Көтеремге көлденең болып, енді мына бәленің алдынан шыға келгенін қарашы. Дәнештің маңдайынан сұп-суық тер шықты.

II

Дәнештің өз пайымдауынша, оның бала кезінде көксеген армандарының оннан бірі де орындалған жоқ. Бұл жағынан ол өзін жолы болмаған, талайсыз жандардың қатарына қосады. Өмір жолының қиындығына қарамай, оның дәмесі тым биікте еді. Рас, ел сияқты қанат - құйрығы, қаумалаған туысы жоқ. Әкеден жастай жетім қалып, бүгінгі дәрежеге өзінің таза еңбегімен, ақыл - ой, алғыр қабілетімен жетті. Әкесі Досбол қырық екінші жылы майданға аттанғанда, бұл шаранасы кеппей емшекте қалған бала екен. Әкесі сол кеткеннен оралған жоқ. Днепрден өтетін қырғын шайқаста ерлікпен қаза болды деген қара қағаз мұның үйінде әлі сақтаулы. Бауырында қалған ұлы мен үйелмелі - сүйелмелі екі қызын шешесі Рыскүл аузына тістеп жүріп асырады. Күйеуінен жап - жас күйінде қалса да, екінші рет ерге шығуды ойына да алмай, ендігі ғұмырын балаларын бағып-қағып өсіруге бағыштаған.

Анасының сол еңбегіне қарай, Дәнеш елгезек, жақсы бала болып өсті. Мектепке барғаннан бастап жаман атын естіртпей үлгілі ісімен ауызға ілікті. Оның бойында жетімдерде ғана болатын қайсарлық, анау-мынау қиындықтарға мойымайтын ерекшеленген өрлік бар еді. Әкесі бар балалардан әсте кем қалғысы келмей, оқуға бар жанын салды. Дәл қашан пайда болғаны белгісіз, мұның ойында «үлкең адам» бөлу арманы ұшқын атты. Сонысына орай, тай жарыс, құнан жарыстарда үнемі озып келіп жүрді. Құлағы жылы сөздерге, қошемет - қолпашқа дағдыланды. Бір класты өгіздей өрге сүйреп отыратын зерек оқушыны мұғалімдердің бәрі - ақ жақсы көретін-ді. Мектепті бітірерде алтын медаль оның қанжығасында сияқты еді.

Бірақ мектепке келген жалғыз медаль басқа бір балаға бұйырды. Оған Дәнеш мойыған жоқ. Арман деген қызыл түлкіні білімнің күшімен ұрып аларына сенімді еді. Сол жылы жазда университеттің филология факультетіне емтихан тапсырған; барлық сабақтан төрттік баға алды. Бірақ еңбек стажы болмағандықтан, конкурста жарты балы жетпей, оқуға түсе алмады. Күзде әскерге алынды. Армияда әскери дайындықтың үздігі атанып, партияға өтіп, ауылға сержант шенімен оралды. Әскерден келе салысымен, басқаға бұрылмай, ана жылы қолы жетпей қалған университеттің филология факультетіне қайтадан емтихан тапсырып, шоқтығынан басып отырып түсті - ау, ақыры. Бес жыл бойы сорпаға шығар белсенді студенттің бірі болды. Университетті бітірерде қызыл диплом алуы да мүмкін еді. Емтихан комиссиясының төрағасымен пікір таластырам деп, диплом жұмысынан төрт алып қалды... Оқуды бітірген соң астанада қалып, ғылыммен айналысу да ойында бар еді. «Қазақ мақал - мәтелдеріндегі философиялық түйіндер» деген дипломдық жұмысын диссертацияға айналдырсам деп армандаған. Егер бұл кафедра басшыларымен тіл табысса, сәл - пәл қол ұшын беретін адам болса, аспирантурада қалуы да мүмкін еді. Бірақ Дәнешке қашанда болсын осы сәл - пәл бірдеңенің жетпей жүретін әдеті. Студенттерді қызметке бөлгенде, мұны өз аулына жіберді де, аспирантурада Бақытқайша деген қыз қалды...

Қанша жанкешті, қанша өлермен болғанымен, бұл жолы Дәнештің беті қайтып қалып еді. «Үлкен адам» болу арманы көзден бір-бір ұшып, «кішкене адам» болуға өзін көндіре алмай, бір-екі ай Алматыда сенделіп жүрді де қойды.

«Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» дегеннің не екенін Дәнеш сонда барып ұқты. Ұқты да тас-талқан болып ашуланды, Енді ол ерегескенде астананы Дәнеш Досболовсыз қалдырмақ болды. «Ал, бәлем, көп көргенің осы болса!»—деді де, күзге қарай өз аулына тартып отырды.

Бұл келгенде мектептегі бос орындар толып қалған екен. Дәнешті аудан орталығындағы мектеп - интернатқа тәрбиеші етіп орналастырды. Жарты жыл өткен соң, декретке кеткен бір әйелдің орнына әдебиеттен сабақ бере бастады. «Жыртық үйдің құдайы бар» дегендей, әйтеуір, еңбек еткен жерінде шырағы жанып қоя беретін әдеті. Ол көп кешікпей жетекші мұғалімдердің біріне айналды. Бес жыл бойы университетте тірнектеп жинаған білімнің осы тұста пайдасы бір тиді. Бұдан бір жыл бұрын ЖенПИ - ді бітіріп келіп, осы мектепте математикадан сабақ беретін, көк етікті кезікпей, көн етіктікі менсінбей күйеу таңдап жүрген Мәрия деген қыз бар екен. Екеуінің тұз-дәмі жарасып, келесі көктемде үйленіп алды. Мектепке келгеніне үшінші жыл дегенде завучтыққа көтерілді. Сол ежелгі үрдіспен жақсы завуч атанды. Мектептің қасынан әдебиет үйірмесін ұйымдастырып еді, кешікпей бұл үйірме аудандағы әдеби орталыққа айналды. Оның жиналыстарына оқушылар ғана емес, әдебиетшілер, тілші, журналистер де келетін болды. Бір жылы бұлар осы ауданнан шыққан атақты халық ақынының туғанына тоқсан жыл толуына байланысты әдеби кеш ұйымдастырған. Мәдениет үйінде өткен бұл кешке аудан басшылары да шақырылды. Дәнеш баяндама жасады. Осы баяндама ақыры оның мектептен қол үзуіне себепші болды. Арада бірер ай өтер-өтпесте, оны аудандық партия комитеті қызметке шақырды. Дәнештің өзіне салса, баратын ойы жоқ еді. Бірақ аудандағы ең беделді орын шындаса қалаған адамын алмай тынбайды ғой. Ол енді аупарткомның үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы болып орналасты.

Дәнеште дағды, тұрақтылық дейтін сезімдер басым еді. Ол жаңа жағдайға қашанда шабан бейімделетін. Көп жылдан бері шашын бір ғана шеберге алдырады. Ресторанға, театрға кірсе де, езінің белгілі орындары бар... Аупарткомға келерін келсе де: «Осы менің кеңседе істеуге қырым жоқ шығар», — деп қатты жүрексінген. Сөйтсе, мұнда да өзі сияқты адамдар отырады екен. Бірер айдан соң, ол тағы да іскер, тиянақты қызметкер болып танылды. Қазақша, орысша екі тілге бірдей жүйрік жігіт, әсіресе, баяндаманы майын тамызып жазатын шеберлігімен көзге түсіп еді. Небір тығыз-таяң шақтарда, облыстық не аудандық активке шұғыл баяндама әзірлеу керек болғанда, Дәнештің көмегі қатты тиіп жүрді. Және мұның әзірлеген материалы сан - цифрлармен сіресіп қалмай, ауданның өткен-кеткенін толық қамтыған, сирек кездесетін цитаттармен әдіптелген, естір құлаққа жағымды, түсінікті дүние болып шығатын.

Сырын білмеген былайғы жұрт қайдан білсін, біраз адамдар Дәнешті әлдебір мықтының қолдауымен өсіп келе жатқан жігіт деп ойлаушы еді. Кейбіреулер оның аупарткомға келуін шахматтағы «аттың жүрісіне» балап, жақында оны қалайда осындағы бір мекемеге бастық болып кетеді десіп жүрді. Біреулер аудандық газетті, екіншісі аудандық мәдениет бөлімін лайықтаса, тағы біреулер мектеп - интернаттың директорлығын икемдеп, гу - гу еткен көріпкелдер көбейіп кетіп еді.

Ешкімге тіс жарып ештеңе айтпаса да, түбінде басқа бір ыңғайлы жұмысқа ауысу — Дәнештің өз ойында да жоқ емес-ті. Әсіресе өзі жақсы білетін мектеп жұмысына аңсары ауа беруші еді... Енді, міне, сол Досболов ойламаған жерде «Жартас» совхозынан бір - ақ шықты. Өткен іс өтті. Бұрынғы озат оқушы, үздік жауынгер, белсенді студент, беделді мұғалім, жақсы завуч, іскер нұсқаушы енді жақсы партком хатшысы бола ала ма, жоқ па — мәселе осында. Кейде өмірде былай да болып жатады. Қабілетсіз адам, нашар қызметкер дегеніңіз аспаннан түспейді. Кімнің жаман болғысы, кімнің артта қалғысы келеді дейсіз? Көбінше, адамдар өз бейімділігін ескермегендіктен, өмірдегі өз орнын таппағандықтан жолы болмай жүреді. Жап - жақсы сатушы болатын адамның кейде нашар мұғалім болып, балаларды сорлатып жүргеніне қайран қаласың. Ортан қолдай кеңсе қызметкері болғалы тұрған біреулер кітап жазып басыңды қатырады. Ал оның керісінше тәп-тәуір актер болуға лайық, кемінде еңбек сіңірген артист шығайын деп тұрған жігіттер қағаз кеміріп кеңседе отырады... Сонда Дәнештің пешенесіне жазылған кәсіп не екен, шіркін?! Соны білер ме еді? О баста «үлкен адам» болуды, жазушы, не ғалым болуды армандап еді. Оның өзі көктемгі сағымдай ыдырап, алыстап барады. Ендігі қалған таңдау — педагогтік. Егер соңынан түсіп қуа берсе, Дәнештен жап-жақсы педагог шығуы да мүмкін еді-ау. Осында келуге өзінің қалай көніп қалғаны белгісіз. Егер Бекмұрат Ақжанович болмағанда, бәрі де басқаша шешілер ме еді, кім біледі.

Дәнештің «Жартасқа» келуі аяқ астынан қолма-қол шешілді. Осыдан бір апта бұрын, таңертең кеңсеге келіп, парткомдардан түсетін бір мәліметтерді тездету үшін, телефонның құлағына жармаса бергені сол еді, жоғарғы қабатта «Біріншінің» алдында отырған хатшы қыз жүгіріп келіп:

— Ағай, сізді Бекмұрат Ақжанович шақырып жатыр — деп мәлімдеді.

Дәнеш оған пәлендей қуана қойған жоқ. «Е - е, тағы бір шұғыл тапсырманың кезегі келіп қалған шығар», — деп желкесін қасып, орнынан марғау көтерілген. Осылайша анда-санда шақырып алып тапсырма бергенде болмаса, бірінші хатшының алдына көп бара бермейтін. Олай етуге уақыт та, қызмет бабы да көтермейді. Екеуінің арасында екінші, үшінші хатшы, бөлім бастығы деген басқыштар бар. Көп - көп жол - жорық, нұсқаулар солар арқылы келіп жатады. Сондықтан бастықтың өзі шақырып жұмыс тапсырғанда болмаса, қайсы біреулеріне әрнені сылтауратып көлбеңдеп көзге түсе беруді Дәнеш ұнатпайтын.

Ал бұл ауданға өткен жылы ғана ауысып келген Бекмұрат Ақжанов туралы жұртшылық арасында әр түрлі пікір бар еді. Біреулер тым қазымыр, қатал кісі десе, екінші біреулер турашыл, әділетті адам деп сүйсінеді. Олай дейтіні — Ақжанов .келгелі аудандағы шаруашылық басшыларының біразы жаңаланды. Жасы асып кетсе де, әр түрлі себеппен пенсияға шығудың сәті түспей жүрген кейбір кісілер демалысқа кетіп, олардың орнын жас мамандар басты. Әрине, мұндай өзгерістер біреуге ұнаса, біреулерге ұнамайтыны түсінікті. Аудан басшысының осындай ымырасыз, қатал, табанды болғаны жөн де шығар. Жұрттың бәріне бірдей ұнау үшін отырған жоқ қой ол бұл орында. Кейде аупартком бюросынан тараған жігіттердің: «Ақжановтың моншасынан шықтық»,—деп бусанып тұрғанын көріп, Дәнеш іштей сүйсінетін-ді. Бойында «желқұзы», «ұшығы» бар жігіттерді анда-санда осылай «моншаға» түсіріп тұрмаса бола ма? Әйтеуір өз ауданымнан жаманат шықпасын деп, жауырды жаба тоқитын басшылар да болады. Ақжанов олай емес. Дәнешке оның жамандық, кемшілік атаулымен келіспейтін турашылдығы ұнайды.

Ақжанов кабинетінде оңаша отыр екен. Бұл жолы орнынан тұрып, Дәнешке қол беріп амандасты. Өңі жылы, бұған шылым ұсынып, үй ішінің амандығын сұрастырды. «Мына кісінің аузынан «орында, хабарла, барып кел, біліп келден» өзге де сөз шығады екен - ау», — деп ойлады Дәнеш ішінен. Хатшының байсалды жүзіне қарап күнделікті қызмет бабымен емес, басқа бір маңызды мәселемен шақырғанын аңдады. Бұрын тәкаппар кісі ме деп ойлаушы еді, жібектей есілген кішіпейіл жан екен. Құлаққа жағымды қоңыр ғана даусы бар екен. Түсін суытып, айбатын сыртына салмаған кезде өңі жылы, көзқарасы мейірімді екен. Қарауындағы кімнің не істеп жүргенін бірінші басшы біле бермейтін шығар деп күдіктенуі бекер, Дәнештің жүріс-тұрысын, істеген қызметін сырттай бақылап жүреді екен. Мұның сауаттылығына, қаламының жүрдектігіне, тиянақты, орнықты қызметіне дән риза екен. Шіркін, әділетті, жылы лебізді кім жек көрген, Дәнештің жүрегі атқақтап, қаны басына тепті. Бірақ көңілінде: «Осының бәрін маған неге айтып отыр!» — деген сұрақ тұр еді. Ақжанов орнынан тұрып, әрі - бері жүре бастады:

— Біз бәріміз де бір терінің пұшпағын илеп жүрген адамдармыз, — деді хатшы даусын созыңқырап.—Мақсат ортақ, қызмет ортақ. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға, — деп, Абай атамыз айтқандай, қашанда жақсылық атаулы ескерусіз қалмайды. Адал еңбегімен, орнықты мінезімен көзге түскен жігіттерді бағалап отыру — адамшылық борышымыз. Егер қарсы болмасаң, сені бір жауапты жұмысқа жібергелі отырмыз.

Сонда мені қайда жібермек екен?» Дәнештің миында электр таблодай бірнеше вариант жарқ-жұрқ етті.

— «Жартас» совхозын білесің ғой, — деді хатшы орнына қайта жайғасып жатып. — Өзі шалғайға орналасқан, жері кең, мүмкіндігі мол болғанымен, сол мүмкіндікті пайдалана алмай жүрген, ауыр шаруашылық. Осы совхозға парторг болып баруға қалайсың?

Хатшының мүлде күтпеген жерден шыққаны соншалық, Дәнеш қапияда не айтарын білмей бөгеліп қалды. Тіпті мұның үш ұйықтаса ойына келмеген нәрсе. Әйтеуір шамасы келсе, келіспеу керектігін ғана шамалады.

— Беке, ол жұмыс менің қолымнан келмейді ғой. Ауыл шаруашылығы жөнінен арнаулы білімім де жоқ. Қиын болып жүрмесе, — деді қашқалақтап.

— Жаңылмасам сенің мамандығың әдебиетші емес пе?

— Иә, мен бар болғаны қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімімін.

— Онда тіпті жақсы. Партия ұйымының хатшысы педагог әрі әдебиетші болса, ол жаман ба екен? «Жартас» негізінен мал совхозы болғанымен, онда мал шаруашылығы мамандары жеткілікті. Совхоз директоры Машановтың өзі зоотехник. Сеніңше, әр ауылды кілең зоотехниктер мен агрономдар ғана басқаруы керек пе? — деп Ақжанов жадырай күлді. — Партия ұйымының хатшысы ең алдымен адамдармен жұмыс істейді. Ал жұртшылықты еңбекке жұмылдыруда, оларға идеялық, эстетикалық тәрбие беруде әдебиетші - педагогтан артық қандай мамандық керек? Мұнда да бірінші планда адам тәрбиесі, айырмашылығы — балалармен емес, ересектермен істес боласың.

Дәнеш қанша бұлтаққа салғанымен, Ақжанов адымын аштыратын емес. Қисынды логика қол-аяғын матап, шегінетін жер қалдырмады. Ақыры бас тартудың ретін таппай:

— Егер аудандық партия комитеті шынымен сенім артып, жұмсап отырса, не істейміз? Бағымызды сынап көреміз де, — деді хатшының бетіне тіке қарап.

— Міне, енді дұрыс болды. — Ақжанов та кеңіп қалғандай еді. — Онда сен жалғыз емессің. Совхозда тоқсаннан астам коммунист бар, соларға арқа сүйейсің. Қиналып бара жатсаң, мұнда біз көмектесеміз. Сенің міндетің — партия ұйымының беделін көтеру, коммунистердің жауапкершілігін арттыру, жұртшылықты саналы еңбекке жұмылдыру. Адам тәрбиесі дегеннен шығады: біздің кейбір жолдастарда мынадай шалағай түсінік бар,— деді Ақжанов қою қастарын сындыра қабағын түйіп. — Совхоз олар үшін, бейне, астық, ет пен сүт, жүн мен жұмыртқа өндіретін машина тәрізді. Сол өнімдер мемлекетке уағында тапсырылып, жоспар орындалса ұпайымыз түгел деп есептейді. Онда адамдардың тұратыны, бүкіл материалдық байлықты сол адамдар өндіріп жатқаны және өндірілген дүние, түбінде адам игілігі үшін жұмсалатыны ескерілмейді. Қарамағындағы адамдарды бес саусақтай білу, кейбір жарамсыз қылықтарға қарсы күресу қалтарыста қалып қояды. Осыдан барып біреуді - біреу алдау, көз бояушылық, өтірік ақпар, жалған уәде деген пәлелер туындайды. Түсініп отырсың ба?

— Түсінікті, — деді Дәнеш езу тартып.

— Өзің де білетін шығарсың, совхоздағы бүкіл әкімшілік, финанс, техника, кадр мәселесі, тағы басқа праволар мемлекет өкілі директордың қолына шоғырланған, — деді хатшы сөзін онан ары жалғастырып. — Партия ұйымының хатшысы онымен тіл табысып, тізе қоса жұмыс істейді, шаруашылық жоспарының орындалуына көмектеседі. Бірақ ол біздің кейбір жігіттердің түсініп жүргеніндей, директордың қанжығасына байланып, шылауында кету деген сөз емес. Егер директор заңдылықты бұзып, партиялық принциптерді бұрмалайтын болса, оған партия ұйымы жол беріп қойып, қол қусырып қарап отырмауы керек. — Бұл туралы Ақжанов өткен жылы сүт нормасын орындай алмаған бір совхоздың қаладағы магазиннен бес тонна май сатып алып, мемлекетке қайта өткізгенін мысалға келтірді. Бұл — көпе - көрінеу үкіметті алдау ғой, — деді хатшы қызуланып. Біз сол үшін совхоздың директорын орнынан алып, ісін сотқа тапсырдық. Осының бәрің біле тұра көз жұмбайлық жасағаны үшін, парторгтың да маңдайынан сипағанымыз жоқ.

— Оны білем ғой. Сол совхозды тексере барған комиссияның құрамында болғаным бар, — деді Дәнеш сөзге араласып.

— Онда тіпті жақсы. Мен мұны шаруашылық жағдайын біле бермес деп, саған әдейі айтып отырмын. Бұдан кейін ұдайы ақыл айтып отыруға уақыт қайда? Енді қызмет, жауапкершілік басталады. Бір нәрсе есіңде болсын, жұрт алдында, көрер көзге әркім - ақ жақсы жағынан көрінгісі келеді. Ал оңашада, айғақсыз, куәсіз, өзімізбен өзіміз жеке қалғанда, адамшылық ар - ұяттың таразысынан сүрінбей өтуге біздің адалдығымыз, кісілігіміз жете ме? Мәселе осында. Ғарыштағы аспан шырақтары: ай да, жұлдыздар да бір орында тұрақтамай, үнемі қозғалып, айналып тұрады екен. Тас төбеңнен тапжылмайтын бір ғана жұлдыз бар. Ол — Темірқазық. Коммунистің ар-ұжданын, кісілігін, партия алдындағы жауапкершілігін сол Темірқазықпен ғана теңестіруге болады. Қандай шытырман жағдайда да адастырмай жол нұсқайтын жалғыз жарық шамшырағың сол. Содан көз жазбауға тырыс.

— Рақмет, Беке! Бұл айтқан кеңесіңіз әрқашан есте болады, — деді Дәнеш толқи тіл қатып.

— Сонымен келістік қой?—деп Ақжанов сағатына қирады. — Онда көші - қон дайындығына кірісе бер. Машановпен келісілген. Ертең бюро мүшелерінің бірі ертіп барып, сайлау өткізіп қайтар.

Бәрі де сол Ақжанов айтқандай болып шешілді. Ертеңінде аупарткомның екінші хатшысы мұны осында ертіп келіп таныстырды. Коммунистердің жалпы жиналысында Дәнеш партком хатшысы болып сайланды.

Ол басып өткен жолына көз жіберіп, өзінің бұрын ойланбаған, іштей дайындалмаған бөтен бір қиырға беттеп бара жатқанына қайран қалды. Өмірдің асау ағысы мұны толқынымен үйіріп бірталай жерге әкеліпті. Бір күні жаңқадай қақпақылдап, жағаға шығарып тастамаса болғаны. Оның есіне тағы да Ақжановпен арадағы әңгіме оралды. Иә, сол бір аяулы адамның сенімін ақтау үшін - ақ, бұл толып жатқан жұмыс істеуі керек еді.

Ауладан машина гүрілі естіліп, соның арасынша ауыз бөлмеге біреулер дабырласып кіргендей болды. Дәнеш терезеге үңіліп, қақпаның алдында тұрған директордың машинасын таныды. Бұл тілдесіп қалмақ болып орнынан қозғала берді де, бөгеліп қалды. «Балаға ұқсап алдынан жүгіріп шыққаным ыңғайсыз болар. Кабинетіне барсын, отырсын. Сонан соң кірермін», — деді ішінен. Сол ойын жинақтап үлгермей, есік айқара ашылып, Машановтың өзі кіріп келді.

— О - о, саяси басшымыз келіп қалған екен ғой... Бір жағымыз ел көшкендей үңірейіп тұрушы еді, жақсы болды - ау өзі. Ал орның құтты болсын, секретарь жолдас.

Ұзын бойлы, жалпақ жауырынды Мамырбек Машанов бөлмені басына көтере дабырлап сөйлей кірді де, орнынан ұшып тұрған Дәнештің қолын алды. Елуге келген егде кісі дейтін емес, жас жігіттей қылаң ұрып тұр. Ет - жеңді салалы саусақтары мұндай қайратты болар ма, жас парторгтың шидиген, арық қолын алақанына салып, сықырлата қысып жіберді. Аяқ тықырын білдірмей мысықша басып соңынан кірген аласа бойлы, толық қара кісі жұмысшылар комитетінің председателі Айтқұлов екен. Ол да қолдасып амандасты.

— Рақмет, Мәке, төрлетіңіздер! — деп Дәнеш келгендерге орын нұсқады. Машанов бүйірдегі креслоға жайғасты да, Айтқұлов директордың қарсысындағы бос орынға беттемей, шеттегі ұзын столдың бір бұрышынан орын алды. Үстіне шолақ қара тон, басына ондатр малақай киіп алған Машановтың ақ құба жүзі күреңітіп, пысынап терлеп кетіпті. Малақайын шешіп, түймесін ағытып желпінді:

— Таңертең шытқылдау болғанға тон киіп алып едім, аяқ астынан ысып кеткенін қарашы.

— Айтпаңыз, Мәке! Мына қалпында тұрса екі-үш күнде жер жыртуға шығамыз, — деп Айтқұлов оның сөзін іліп әкетті.

— Иә, халдарыңыз қалай? Көктемнің күнімен бірге жұмыс та қызып жатқан болар? — деді Дәнеш те сөзге араласып.

— Не хәлді сұрайсың? Біздің хал осы — күндіз-түні шапқылау. — Машанов темекі тұтатты. — Өзің жұмысқа кірісіп жатырсың ба?

— Бүгін төбе көрсеткен болып отырмын, — Дәнеш езу тартты. — Жаңа ортаға бейімделіп, психологиялық жақтан дайындалып дегендей...

Машанов қарқылдай күлді.

— Иә, ол дұрыс. Мына ауыр атлеттерде қызық әдет бар. Олар штанга көтерер алдында керіліп - созылып, күш-қайратын жинап, кейде тіпті құдайға сиынып алады...

Директордың сөзін іле қостап, толықтырып отыру Айтқұловтың міндеті болса керек:

— Оныңыз рас, Мәке. Олар штанга көтерерде: «Мына алдымда жатқан — түйенің беліндей шойын емес, жай ағаштың жаңқасы», — деп өзін сендіретін көрінеді, — деді қолма - қол киіп кетіп.

— Ендеше, сол шойынды көтеруге менің жүрегім дауаламай, тізем дірілдеп отыр, — деп күлді Дәнеш.

— Бұрын сен кеңсе қызметіне сағат тоғызда барып дағдыланған адамсың ғой. Ал бізде жұмыс таңғы жетіде басталады, — деді Машанов енді байсалды қалыпқа көшіп. Әнеугүннен бері орнығып алсын деп мазалағанымыз жоқ. Ертеңнен бастап, қанша ауыр болса да, әлгі шойынды көтерісуге тура келеді.

Ол жағы түсінікті.

— Қалай, жүктерің түгел келіп болды ма?

— Келді ғой. Тасып үлгере алмайтын қанша қазына бар дейсіз. Бірақ «кедей болсаң көшіп көр» деп, сол аз дүниенің өзін жиып - тере алмай былығып жатырмыз.

— Жетіп алғаның жақсы болған екен... Көріп отырсың ғой, әдейі барып «құтты болсын» айтып шығуға да уақыт жоқ. Таңертеңнен бері мына Әбекең екеуміз осы маңдағы біраз отарларды аралап шықтық.

«Мынауың құйрығын ұстатпайтын қу ғой. Кем - кетігін қолма - қол тегістеп, алды - артын тазалап отырады екен», — деп ойлады Дәнеш.

— Иә малдың күйі қалай екен? Төлдейтін кез жақындады ма?

Қойдың қоңдылығы әзірше жаман емес. Осы айдың жиырмасынан бастап жаппай төл төге бастайды. Тек жем-шөп жағы қинап тұр. Балқаш ауданына он , шақты машина аттандырып едік. Бүгін - ертең солар келіп қала ма деп отырмыз, — деді Машанов сағатына қарап.

— Мәке, мына сақманшыларды қайтсек екен? — деді Аққұлов дер кезінде сөзге араласып. — Биыл да жоғары класс оқушыларын көмекке шақырамыз ба? Мектеп директоры программа ауыр деп көніңкіремей жүр. Көктемде төлдейтін отыз отар қойдың әрқайсысына төрт сақманшы керек десек, сонда жүз жиырма адамды қайдан табамыз?

— Табылады. Табу керек, — деді Директор өктем үнмен, — мектепке түсіндіріп айтыңдар, тым құрса екі тоғызыншы класты босатсын. Көнбесе аупарткомға айтып, оқу бөлімінен бұйрық түсіртеміз... Осы орталықтағы басы артық, адамдарды, завгар, завклуб, бухгалтер дейсің бе, сенделіп текке жүргендердің бәрін сақманға қуыңдар. Пенсионер қарттар да осы науқанға тартылатын болсын. — Машанов енді Дәнешке бұрылды. — Сірә, сенің де алғашқы жұмысың осымен басталатын шығар. Бүгін мына Әбекең екеулеріңіз ақылдасып, төл алуға баратындардың тізімін жасап беріңіздерші. — Осыны айтып директор орнынан көтерілді, — Мен үшінші фермаға кеттім...

Дәнеш түске дейін Айтқұловпен тізе қосып отырып, төлшілердің тізімін жасаумен айналысты. Совхозда алты жүзден астам жұмысшы күші бар. Оның қақ жарымы — малшылар. Қалғандары—мамандар, механизаторлар, шофер, құрылысшы, күзетші болып кете береді. Күзетші демекші, Дәнештің бір таң қалғаны, бұл ауылда не көп, күзетші -қарауылдар көп екен. Орталықтағысын, фермадағысын қосқанда, елу - алпысқа жуық күзетші бар: кеңседе, мектепте, интернатта, бала - бақшада, клубта, гаражда, неше алуан қоймаларда, дүкендерде, салынып жатқан құрылыстарда бірден - екіден күзетші. Жазда малшылар жайлауға көшкенде, қатар отырған әрбір үш қыстауға бір-бір күзетші тағы жіберіледі екен. Кейбіреулерді төл алуға жіберейік десе, Айтқұлов:

— Ойбай, ол күзетші ғой... Оны орнынан қозғауға болмайды, — деп, зыр ете қалады.

Бұл не деген қаптап кеткен күзетшілер? Дәнеш бұрын біле бермейтін ыңғайсыз жағдайдың үстінен шыққандай, бір түрлі дағдарып қалды.

— Мыналарыңыз сұмдық қой, Әбеке - ау? Осыншама күзетші неге керек болды? Тіпті көрер көз, естір құлаққа ұят емес пе? — деді шыдай алмай.

Бірақ оған Айтқұлов сасатын емес. Баланын сөзін қызықтаған үлкендер тәрізді сәл езу тартып күлді.

— Күзетшіміз бола ма, жолдас секретарь? Мемлекет мүлкін көздің қарашығындай қорғауымыз керек. Арамызда әлі де болса бірен-саран кездесіп қалатын суық қолды адамдар жоқ деп айта аламыз ба?

— Кімдер сол бірен-саран адамдар? Сізге белгілі ме?

— Кім білсін... «Алтын көрсе періште жолдан тайыпты» дейді. Кейбіреулер жолында жатқан бір сабақ жіпті де қымқыра кетуді олжа көреді.

Айтқұловтың сөзі онша негізсіз болмаса да, Дәнеш бәрібір келіспеді. «Жоқ, мынау сұмдық екен, — дей берді іштей ширығып. — Қалай болған күнде де мына қаптап кеткен қарауылдарды азайту керек. Мемлекет мүлкін штаттағы күзетшілер. емес, бүкіл халық қорғайтын болсын».

— Бізде артық жұмыстар көп қой, — деді Айтқұлов, түнеріп отырып қалған парторгті әңгімеге шақырып. — Мәселен, мына ауыл советтің жұмысын алайық: солардың жарты ғұмыры әр түрлі анықтамалар жазумен кетеді. Мысал үшін олар: «Әбдіманап Айтқұлов деген азамат «Жартас» совхозында тұрады» деп те анықтама жазады. Айнақұловтың бір әйелі жеті баласы бар» деп те анықтама жазады. Көріп отырсыз, қанша қағаз текке шимайланады. Осының бәріне әлгі арамызда әлі де болса кездесіп қалатын бірен-саран адамдар кінәлі. Олар тұрғанда біреудің сөзіне қағазсыз сене салу қиын...

Айтқұлов лекциясын әлі де соза түсер ме еді, қайтер еді, осы кезде таңертеңнен бері тіл -ауызсыз тұрған телефон шырылдап қоя берді. Машанов екен.

— Бұл мен ғой, Дәнеш, — деген көңілді дауыс естілді Киім ауыстырайын деп үй жаққа соғып едім, мұнда бір керемет бастама көтеріліп жатыр екен. Жалпы, әйелдер — ақылды халық қой... Біздің хозяйка бүгін кеште сіздің үйдің ішін ерулікке шақырмақ көрінеді, Бөтен адам жоқ, өзіміз ғана отырамыз. Соған кешкі сағат жетілер шамасында шешейді