04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Кәкімжан Қазыбаев
Кәкімжан Қазыбаев - (1929 – 1989) – жазушы, мемлекет қайраткері.

Биліктен шықсам екен






1982 жылдың 10 марты. КазТАГ-тың қарбалас жұмысымен тағы да ой үстінде отырғанмын. «Кремлевқа» зың ете қалды. Жалма-жан ала қойдым. Димекеңнің қоңыржай ашық даусы.

— Қазыбаев, шұғыл жұмысың көп пе? Егер саябыр болсаң маған келіп кетші.

Жүрегім дір ете қалды. «Қандай шаруамен?» деп те сұрап үлгірмедім. Неше түрлі ой келді. Не де болса бара көрейін. Түрлі түсті фотоцех ашу жөнінде мәселе қойып жүр едім, соның қамы ма екен?! Бұл шынында пісуі жеткен істі. Қазір жай фото өткеннің ісі. Кітаптар, альбомдар шығарарда слайдаға, түсті фотоға сұраным өте көп. Баспалар, мекемелер бізді мазалайды. Республикадағы ең бір жедел орталық, ең бір ұрымтал мекеме. Осы арада түсті фотоны дұрыстап жолға қойса, бұл істен көп пайда келтіруге болады.

Димекең бұған дейін үй мәселесін (мекемеге), жедел байланыс жайын (телетайптарды) шешіп берген. Транспорт та жөніне келді.

Осы мәселелердің қайсысы жайында болсын, байқағаным, Димекең істі терең білген, оның мүддесін жанашырлықпен ойлаған адамды мейілінше ұната ма деп қалдым. Және табан астында істі тапсыратын адамға тапсырып, бас аяғын тұйықтап, өзіңді күткеніңнен арман разы етіп жібереді. Қанаттанып, қайраттанып қайтқанмын. Тосыннан қоятын сұрақтары да бар. Сол мәселеге байланысты сен күтпеген қырды анықтап алады. Дайын болмасаң састырып тастайды.

Сондай жағдайға душар болмайын деп, қанша валюта керек, ол цех қанша бөлмеге сияды, Москвада бұл мәселені шешуге қатысатындар кімдер — бәрін тәптіштеп өзімше дайындап алдым. Былай десе — былай, былай десе — былай деп жауап бермекшімін. Алайда қанша өзіңді дайындағанмен ол кісінің кабинетінің табалдырығын аттағанда ойындағының бәрінен айырылып қалатының да болады. Бұған дейін сан рет солай болған-ды. Ондайды ол кісі бірден сезеді де өзіне тән жарқындықпен сөз бастап, сені қалыпқа түсіріп алады. Қал - жайыңды сұрайды. «Есінді жиған» кезде, ал келген шаруаңды айт дейді. Жақсы хабарды жаны ұйып тыңдайды. Өзіңді құптап жетектеп ала жөнеледі. Біраздан соң тіпті еркінсіп кетесің. Тағы да бір нәрсені сұрап, бір мәселені шешіп қалғың келіп тұрады. Бірақ ар жағыңнан қанағат тізгіні тежеңкіреп тұрады. Жайынды тапқан адамның қанағатсыздықпен жанына тиіп алма дейді.

Бұл жолы да тек түрлі түсті фотоцехтың жайын айтуға ғана бекініп келе жатырмын. Қас қылғандай, табалдырықтан аттай бере ойым пышырады да кетті.

Димекең орнынан тұрып, салалы саусақты қолын беріп, алдымен өзі амандасты. Мен де жалма-жан қол беріп, нұсқаған орындыққа отырдым. Аузыма сөз түспейді.

— Осы сен ҚазТАГ-та істегеніңе қанша болды?

— Алдымыздағы ноябрьде сегіз жыл толады.

— Көп отырып қалыпсың ғой ...

Мынау күтпеген сұрағым. Маңдайымнан суық тер шып ете қалды.

Сосын Димекең әңгіменің бетін кілт басқа жаққа бұрды да, жалпы идеологиялық жұмыстың жайына ауысты. Әр-әр кадрлар жөнінде менен пікір сұрады. Мен білгенімді жасырмадым. Әр сала жайлы өз түйгендерімді шамам келгенше жеткізуге тырыстым. Мұндай тақырыпқа бұрын ешқашан сөйлесіп көрген емеспіз. Бір жағы сенім, бір жағы сынау да шығар деп ойладым. Бұрын әркім - әркімнен байқау ретінде өз тұжырымын жұрт пікірімен салыстырып отыратын әдеті бар дейтінді еститінмін.

Кең толғанып жатуға менде шама болған жоқ. Жүрегімде не тұрса, тілімнен сол шықты. Қулануға да, сақтануға да құлқым бара қоймады.

— Сен ертеңге дейін ойланып, обкомдарға идеология жөнінде секретарлыққа жарайтын бес адамның тізімін әкеп берші. Осы майданда талайдан келе жатырсың ғой.

1

— Жарайды.

— Мен саған әңгіменің тұрасын айтайын. Бізде қазір идеология жөніндегі хатшының орны бос. Біраз ойланып, біз саған тоқтап отырмыз. Қалай қарайсың?

Үнім шықпай қалды. Сасқандығымнан емес, күтпегендігімнен. Біраз ойлар лықсып, көкейге де келді. Сөйлеп кетуіме де болар еді. Оның жөні қалай? Шүкіршілік, халқымыз өсті ғой. Қазір оның нағыз кемелді шағы. Осы Димекеңнің өз қанатында шындалған, шыныққан қаншама кадр бар. Менің атымның аталуы олардан артықшылығымнан емес шығар. Бұған дейінгі ұстанған өмірлік принципім: берген қызметті адал атқару. Адалдық өз түсінігімде ең ардақты байлығым. Ұрпағымның бойына сол қасиетті молынан еге білсем, одан асқан бақыт жоқ мен үшін. «Лениншіл жаста», «Жетісуда» істедім, Орталық Комитетте 4 жыл болдым, Госкомиздат, сосын КазТАГ. Бұл қызметтерді кезінде көпсінбесем, азырқанған емеспін. Артқан жүкті адал көтеріп көрдім.

Бір ой ұдайы қанаттандырып жүретін. Оны сырлас достарға ашып айтатын да едім.

— Біздің маңдайымыздың бақыты бес елі. Саналы өміріміз республиканы Димекендей адамның басқарған кезіне доп келді. Біз керемет мектептен дәріс алудамыз. Ол өзімізге үйреншікті болғанмен біреуге арман, біреуге қиял. Осы мектептің босағасын берік ұстайық.

Ойды ой жетелейді. Осы ойым Димекеңнің алдында тағы бір ойды сумаң еткізді. «Мен 1972 жылы Орталық Комитетте нұсқаушы едім. Мына 1982 жыл. Он жыл. Енді секретарьлықты ұсынып отыр. Он жылда нұсқаушылықтан — секретарьлыққа! Пісіп жете қойдым ба?»

Айтылмағанымен осы ойлар ішімде әлем —тапырық.Сыртқа шықса, сұры қашып жүре ме? Үнсіз отырып қаппын.

— Сенімдеріңіз солай болса, мен үшін оны ақтаудан артық не бар!

Аузыма түскен сөз осы болды.

— Онда дымың ішінде болсын. Келінге де үндеме. Москваға барып, Пленум өткенше аузыңа құлып сал.

— «Дымың ішінде болсын», «аузыңа құлып сал» деген сөздерді жазушымыз деп жүрген біздер де керек жерінде таба қоймаймыз. Бұрын да Димекеңнің қазақ сөздерін қадай айтып, жағын айыра сөйлейтінін байқайтынмын. Бұл жолы да соның тағы куәсі болдым.

10 март — 30 март. Өмірімде осы жиырма күндей таусылмас күндер болмаған шығар. Ол екі ортада үйден де, өзгеден де жасырынып Москваға, КПСС Орталық Комитетіне бекуге де барып қайттым. Әйеліме алғаш өтірік айтқаным да осы жолы. ТАСС-қа бір құрылыстың дауымен бара жатырмын дедім. Ол сене салды. Бірақ сан түнде ұйқысыз ояу жатқанымды байқап қалып: «осы сен бір қалың ойдың қамауына түскен сияқтысың, жай ма?» — деді. Алдында ауруханада болып шыққаным бар-ды. «Әлде дәрігерлер бірдеңе деп, бізден жасырып жүрсің бе?» — деп те тақымдады. Оның ең қорқатыны осы аурухана төңірегі.

— Сәуегейсімесеңші, ештеңе де жоқ, — деп қоям.

Ал қалың ойдың қамауында қалғаным рас еді. Көп болмаса да бұған дейін қызметтен қызметке ауысқанда мұнша толғанған емеспін. Толғанбайтын жай ма?! Бұрын КазТАГ секілді бір ғана нақты участокке жауап берсең, енді сондай кемі елуге тарта саланың тағдыры сенің қолында болады. Саланың тағдыры ғана ма? Ең алдымен ондағы адамдардың тағдыры ше! Жазушы, артист, ғалым деген қауымдардың қат-қабат сырының өзі не тұрады. Идеология атты ұғымды құрайтын тағы басқа салалар көз алдымнан өткенде жүрегім лоблып қоя береді. Соның әр қайсысын терең білсең ғана тіл табасын, жөн табасың, білгір басшылық жасайсың. Заманында Вольтерге замандастары мынадай сұрақ қойған екен.

— Халық алдындағы беделіңіз күшті. Сізден даңқты әзірге ешкім болмай тұр. Адам даңқ салмағын қалай көтереді екен?!

Сонда Вольтер былай деп жауап беріпті:

— Биіктеген сайын жел күшті болады. Шың басында ол сені тіпті қатты шайқайды.

Бұл да сондай желі қатты шың ғой. Шайқауына төтеп бере аларсың. «Креслоның күшіне сенбе, өзіңнің ісіңе сен» — деген қанатты сөздерді кезінде блокнотыма түртіп қойғаным бар-ды, сол сөздер міне алдымнан шығып отыр.

Бәрінен де алды-артымды шырмап, ауыр салмағын әсіре сезінетінім Димекеңдей адамның көрсетіп отырған сенімі. Саяси бюро мүшесінің қасында серіктес болуға жететін күш, қабілет бар ма? Бұл сенімнің бүгінгі жүгінен ертеңгі жүгі ауыр емес пе. Қоярын қояр, сайлауын сайлар. Сол жүкті көтере алмай қойғандай бастасам ше?! Қаяу салу деген сол емес пе. Осы күнге дейін көкейімнен кетпейтін тұжырым — «Димекеңдей адамның көңіліне қаяу салудан артық қылмыс жоқ» деген тұжырым еді. Түн ұйқыны шайдай ашатын да осы ойлар. Шынымды айтсам, Пленум болатын күнге қуаныш кернеп емес, бірінен бірі салмақты түпсіз ойлар қамап, әрең жеттім.

Сол екі ортада Димекең бір-екі рет телефон соқты.

— Әзірге алып-қашпа сөз жоқ. Аузыңа берік болғансың - ау деймін.

— Ауызға беріктік біздің тұқымымызға дарыған қасиет, Димеке. Басқа жағы табылса, ол қасиеттен кемдік бола қоймас.

— Сырға беріктік — сынға беріктік.

Осы бір ұтқыр мақалмен Димекең тағы бір қырынан таң қалдырды.

Сынға беріктік сырға беріктіктен ауырлау болар. Сан сын алдымнан шығар да сан қыспаққа салар. Сонда шыңдала берсем, шымыр бола түссем бір сәрі. Морт үзіліп, болмаса жасық темірдей босай берсе, онда не болды?

Өз мүмкіндігімді қайта-қайта өз безбеніме салған мазасыз күндер, түндер бірін-бірі қуалап өтіп жатты. Күшіңе сенген де жақсы, бірақ қабілетіңді асыра бағалау да жаман. Пленумға жетпей - ақ алдағы шығар биіктің өкпек желі осылай шайқай бастаған еді. Көңіл шіркіннің бір ғана үлкен медеуі бар. Ол — Димекеңнің өзі, оның ат жалын тартып мінгелі көрсетіп келе жатқан үлгі-өнегесі, оның әрбір әрекет, ағысты қимыл арнасы, биік парасаты, азаматтық асқан тұлғасы. Қиын асулар болар, қиын шақтар да туар, қиналатын жайлар да кездесер. Димекең аман болсын!

Достықты қадірлегенің — өмірді қадірлегенің

Республика үлкен мерекеге — Қазақстанның Россияға өз еркіммен қосылуының 250 жылдығына қауырт дайындалып жатқан кез. Қып-қызыл, қат-қабат оқиғаның ортасына қойдым да кеттім. Алды-артыма қарауға мұрша болған жоқ. Осы мерекені Москвада, Россия Федерациясының Ульяновск, Орынбор, Новосибирск қалаларында өткізуге жүріп кеттік. Делегацияны Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі Саттар Нұрмашұлы Имашев басқарады.

Бұл кісімен бұрын да бірнеше рет осындай жауапты шараларды өткізуге бірге барғанды. Соңғысы 1977 жылы Ұлы Октябрьдің 60 жылдығына байланысты Москвадағы Қазақстан күндері еді. Мазасыз, іске өте жауапты қарайтын жан. Дамылдамауға, ұйықтамауға бар, бірақ әрбір шараны биік деңгейінде орындамай тынбайды. Тұла бойы тұнған жауапкершілік. Алдымен ойлайтыны оның өз абыройы емес, республиканың абыройы. Димекең алдындағы ұятты бәрінен де жоғары санайды. Барлық іске осы өлшеммен келеді.

Бұл жолғы қазақстандықтардың құрамы тіптен беделді. Ресми делегацияны былай қойғанда 700-ге тарта адам бармыз. Олардың тізіміне қарап-ақ республиканың алуан қырын, бүгінгі өскен биігін аңғаруға болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығының озаттары, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері. Бір созбен айтқанда ығай мен сығайлар. Үлкен өнер көрсетуге келе жатқан артистер өз алдына бір төбе. Олардың дайындығын күні-түні демей Алматыда тәптіштегенбіз.

Димекеңнің мені Саттар Нұрмашевтың қасына неге қосақтағаны енді әбден түсінікті. Бірден осындай үлкен оқиғаға салып жібергеніңде де терең мән бар секілді. Ата-ана баласына суға батыл түсуді қалай үйретуші еді? Көл жағасына келісімен ай-шайға қарамай омы итеріп жібермеуші ме еді. Дәрменің болса, малты, батпауға тырыс. Бір-екі рет су жұтсаң, онда тұрған ештеңе жоқ. Ар жағына өтсең болды. Оның есесіне жүрегіңді аттай тулатып тұрған қорқынышты жеңесің. Екінші рет батыл бола түсесің... Бұл жолғы сапарды мен де тап осындай сын деп қабылдадым. Москвадағы әрбір таң атарда аласапыран толғаныстар әкелгенмен, батарда құшақ-құшақ қуаныштар әкеп жатты. Барлық жердегі кездесулер, концерттер көңілдегідей өтуде. Баспасөздің де, келуші қауымның да бағасы жоғары. Телевидение күнде кешкі хабарды біздің республикаға арнайды. Жел Қазақстан деп гуілдейді, ауа Қазақстан деп дірілдейді деген сияқты.

Күнде таңертең сағат 9-да (Москва уақыты бойынша) Димекеңмен тілдесеміз. Қалған уақытта мұрнымызға су жетпейді. Сонда Димекеңнің бізден он есе артық толғаныста екенін байқау қиын емес. Бәрінен хабардар, берін егжей-тегжейлі біліп тұрады. Біз елемеген кейбір көріністерді өте нәзіктікпен байқап қалғанын да сездік. Тіпті таңданбауға амалың жоқ. Мынадай бір оқиға болды. Ашылу жақсы етті, кездесулер сәтті жүріп жатыр. Москвадан аттанардан бір күн бұрын «Россия» қонақ үйінің астындағы үлкен залда біздің өнер шеберлерінің қорытынды концерті болды. Залды қақырата жаздаған қол шапалақтаулар үлкен қошеметтің, құрметтің - ақ куәсі. Бір көзге түскен жай — біздің әрбір өнер шебері республикасы үшін жанын салды - ақ, жауапкершіліктің ең асқан өнегесін корсетті деуге болады. Олардың шеберлігін биік сатыға көтерген де тап сол жауапкершілік нотасын жоғары алғандығында еді.

Телефонмен Сәкең мән-жайды Димекеңе айтып жатыр. Москвалық белгілі адамдардың ой-пікірін де алдыға тартты. Бір рет бөгеліп қалды. Ар жағынан үлкен кісі сұрақ қойды -ау деймін.

— Зал толы болды. Иә, москвалықтар. Қазақтар да көп болды.

— Мә, Димекең сені сұрайды, — деп Сәкең «ВЧ»-ның трубкасын маған берді.

Өзі сөйлесе де болады ғой, обалы не, Сәкең Димекеңмен тілдесуге келгенде мені қасынан қалдырмайды. Ол кісі де «тоқи берсін, үйрене берсін» дей ме екен?!

Амандықтан соң Димекең:

— Идеолог жолдас, сендер кешегі концертті кімге көрсеттіңдер? - деді.

— Москвалықтарға, Димеке!

— Қайдағы москвалықтар. Залда ылғи қазақтар отырды ғой. Олар Алматыда - ақ көрмей ме?

Маған енді жетті. Республика күндері деген соң Москвадағы өзіміздің студент, аспиранттар күні бұрын билет біткенді сатып алған болу керек. Сөйтіп басқа тұрғындардың, Москваның түбегейлі тұрғындарының тамашалауына мүмкіндік бермепті ғой. Қалпағымызды аспанға лақтырып жүріп, бұл жағына мән бермеппіз. Солай... Мұндай жайды тек Димекең ғана аңғаруы мүмкін.

Үлкен тойдың төртінші күні үш топқа бөлініп, Ульяновск, Орынбор, Новосибирск қалаларына аттандық. Ульяновскіге баратын топты — мен, Орынборға баратын топты — Шәңгірей Жәнібеков, Новосибирскіге баратын топты Жексенбек Еркінбеков басқаратын болды. Алматыдан шығарда - ақ бюроның шешімі солай болған. Саттар Нұрмашевич бізге тұсауларың кесілді дегендей Москвадан Алматыға қайтып кетті. Москва қалалық комитетінде, РСФСР Министрлер Советінде, Бүкілодақтық «Білім» қоғамында болған кездесулерде республика жайындағы сөзді Сәкең айтты. Өзіне тән мұқияттылықпен ол сөздерге аса қатты дайындалды.

Бәрінен де ғажабы айтар жай бар ғой. Қай саладан келтірсең де цифрлар ойнап шыға келеді. Арынды дамудың, қарышты қадамның айғақтары.

Осы күндердің, жалпы 250 жылдық тойдың сипатын аңғартатын кітап «Ұлы достықтың терең тамыры» деген атпен басылып шықты. Онда айтулы деректердің бәрі бар. Біздің бұл жазбамыздың мақсаты ол деректерді қайталау емес, ол қызық та болмас еді. Сол кітапқа сыймаған кейбір сезімге байланысты жайларды ғана естелік ретінде еске салып өту.

Москвадағы күндердің мейлінше табысты болуы жер-жерде алдымыздан шықты. Шіркін, бүгінгі радио мен телевидениенің бағасын біле бермейміз-ау. Қай жерге келсең де кеше өзіңмен бірге болғандай, сол қызықтарды өзіңмен бірге өткізгендей сайрап тұрған, жайнап тұрған жандар...

Ульяновскіге ертеңгі сағат 7-де келсек те, вокзал басы қаптаған адам. Тіпті бір гүл алаңына айналып кеткен секілді. Екі вагонда емес, Қазақстандықтар бүкіл составпен көшіп келгендей әсер қалдырады. Бұл әсер қарсы алудың салтанаттылығынан туса керек. Облыстың бірінші басшылары да осы халықтың ішінде.

Тарихи қала, тарихи атау. Халықтардың достығын қасиетті ту ғып көтерген ұлы Ильич осы қалада туып өсті. Балалық шағы осында өтті. Осы қаланың әрбір бұтасы, анау алып Волганың әрбір тамшысы Ленинді білеміз деп тұрғандай. Ильичтің басқан ізі бар шығар деп әрбір сүйем жерді аса ізетпен, құрметпен аттайсың. Оның есіміне байланысты барлық үйді бау - гүлзарды аралап көргің келеді. Осынау қаланың ауасында да бала Володяның, жігіт Володяның ыстық демі тұрғандай. Көсемнің көкірегіне нұр құйған осынау шәрбат ауа мен осы жердің күн сәулесінде де ерекше қасиет бар сияқты.

Госкомиздатта істеп жүргенде бұл қалаға бүкілодақтық бір жиынға осыдан тоғыз жыл бұрын бір келгенім бар-ды. Қазіргі әсерді онымен еш салыстыруға болмайды. Мүмкін бұл жолғы келіс өзгешелігінен де болар. Әрине, орыс пен қазақ достығының бұл айтулы тойын жалпақ Россия мен кең байтақ Қазақстанның бар қаласында өткізсе де артықшылық жоқ. Бірақ оған қанша уақыт кетер еді. Ульяновск — ұлы Лениннің туған жері, Орынбор — бір кезде Қазақстанның астанасы болды, Новосибирск — Россия федерацияның бүгінгі келбеті. Ал Москва — бүкіл еліміздің жүрегі. Қазақстан күндерін осы төрт қалада өткізуді Россиялық ұлы достар қалай жан-жақты, әрі орынды ойластырған.

Қонақ үйге орналасып болысымен қаладағы көсем ескерткішіне гүл қойып, тағзым еттік. Облыстық партия комитетінде кен көлемді кездесу болды. Облыс өмірі жөнінде кино көрдік. Қаланы араладық. Кешке В.И.Лениннің мемориал - музейінің ең үлкен залында Ульянов облысындағы Қазақстан күндерінің ашылу салтанаты болмақ. Біздің өнер шеберлерінің концертін жұрт асыра күтуде. Бейнелеу өнері, кітап көрмесінің ашылуына да барып үлгіру керек. Қазақстан фильмдерінің таңдаулыларын да ала келгенбіз. Осының бәрінің мақсаты — ұлы Ленин кемеңгерлігінің, Ұлы Октябрь шапағатының арқасында ғасыр жартысынан аз-ақ астам уақыт ішінде Қазақстанның қандай биікке көтерілгенін көрсету. Өзіміз де, сөзіміз де, өнеріміз де осы міндетті атқаруға тиіс. Сенің шапағатың, менің тұлғам, міне, — осылай деп дос алдында, достықты ғұмыр бойы пір тұтқан халық алдында есеп бермекпіз.

Ертесіне сағат 9-да (Москва уақыты бойынша) обкомға келсем, менің телефон соғуымды Димекең асыға күтіп отыр екен.

— Концертті қалай құрдыңдар, — деді.

— Бір бөлімін жеке әнші, бишілерден — Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Рамазан Бапов, бір бөлімін түгел «Гүлдер» ансамбілімен құрдық.

— Оларың дұрыс болған екен.

— Жаман шықпады, Димеке.

— Әлібек пен Роза қатырды ма?

— Қатырғанда қандай!

— Ана Тілендиевтің музыкасына «Гүлдердің» билейтін биі дұрыс шықты ма?

— «Лирикалық билерді» айтасыз ба?

— Ия, ия.

— Жұрт бөлекше қарсы алды. Димеке, бұл би біздің хореографиямыздағы соңғы үздік табыс қой.

— Солайы солай-ау. Тағы сондай кемі екі-үш биің болса ғой.

Бұл сөздерді алдағы ізденістің үлкен бір программасындай қарсы алдым, мен.

— Кинодан не апардыңдар? «Алмастың қырлары» бар ма?

— Бар, Димеке.

Осы фильмді Димекеңнің айтуымен кетерден біраз бұрын жаңалағанбыз. Бір сағаттың ішінде республика өмірінің алуан қырын аңғартатын әдемі документалды фильм болып шықты.

— Ал енді жабылуына да мұқият болыңдар!

Димекеңнің Орынбор мен Новосибирскідегі жағдайды да осылай жіті қадағалап отырғанына күмәнім болған жоқ. Өнердегі ғана емес, басқа барлық саладағы биік табыстарымыз да осы бір аңғарғыш көңіл мен алғыр ойдың туындысы шығар - ау...

* * *

Биылғы үлкен сын әлі алда. Көп кешікпей, Россия Федерациясының өкілдері Алматыға келеді. Олар да өздерінің сөздері мен өнерлерін осы достық тойына арнайды. Оған дұрыс дайындық керек. «Тас түскен жеріме ауыр. Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» демей ме халқымыздың дана мақалы. Одан соң 250 жылдықтың ресми салтанаты. Июньнің 10-11-іне белгіленіп отыр.

Россия Федерациясының асыға күткен Қазақстандағы күндері де алып ұшып жетті дейсің. Май айының екінші жартысында біз де мәре-сәре болдық та қалдық. Бүкіл Қазақстан тікесінен тік тұрды десе болғандай. Барлығы 800-ден астам адам қонақта. Тек жазушылардың өзінен Михаил Дудин, Егор Молев, Юрий Бондарев сияқты майталмандар. Басқа салалардан да осы деңгейдің адамдары. Ульянов, Орынбор, Новосибирск облыстық партия комитеттерінің идеология жөніндегі хатшылары. Ресми делегацияның басшысы РСФСР Министрлер Советі председателінің орынбасары Качемасов Василий Феодорович.

Қонақтарды май айының айтып жеткізгісіз, көз тоймас көркем көркімен Алматы қарсы алса, Қарағанды, Целиноград, Жамбыл облыстары ажырамас достықтың ақ тілеулі, ақжарқын көңілімен шығарып салды. Жүрегімізде естен кетпес күндердің, ұмытылмас кездесулердің, қыл өтпес достықтың қимас суреті, бауырлардың арынан жарылған сөздері мен тұлғалықтың, тұнықтықтың күзетіңдей жаудыраған көздері қалды. Достықтың терең тамырын ғана емес әрқашан да ортаймас, күш беріп, қуат қосар жалқын жалынын да сезгендей болдық.

Оқиғалар бірінен соң бірі өтіп, мән-мазмұны тереңдей түсті. Негізгі салтанатты өткізер күнге де жеттік. Талайдан бері ірі салтанаттардың, үлкен қуаныштардың ордасы болып жүрген М.И.Ленин атындағы сарай тағы да жасанып, мемлекеттік түрге енді. Оның төрінде алға ұмтылып, бәрімізге болашақты көрсетіп тұрған ұлы көсемнің әдемі бейнесі. Сол бейненің артында СССР - дің, РСФСР - дің, Қазақ ССР - нің тулары. Алтынмен жалатқандай алыстан көз тартатын 250 деген цифр.

КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Москва қалалық партия Комитетінің бірінші секретары Виктор Васильевич сөз сөйлеп, республикаға Ленин орденін тапсырды.

КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Димаш Ахметұлы Қонаев баяндама жасады.

Ту қасында Саяси Бюроның екі мүшесінің құшақтары айқасты. Дүр сілкініп, бүкіл зал орнынан тұрды. Олар екі адамның ғана емес, екі халықтың құшырлана құшақтасып жатқанының куәсі болғандай. Көп адамдардың, әсіресе әйелдердің көзінен ыршып жас та шықты. Бұл қуаныштың, қимастықтың, осынау салтанат тебірентіп сыртқа теуіп шығарған мөлдір моншақтар еді. Көздердің осындай моншақтармен сүйкімді көрінетін сәттері де болады ғой. Мынау сол сирек сәттің, жан жадыратқан жалқы сәттің тап өзі еді.

Достық жөнінде аз айтылмайды. Аяулы сөздеріміз де соған арналып жатады. Кітаптар оқимыз, фильмдер көреміз. Ұлы достығымыз өзімізге етене болған соң таң да боп көрінбеуі мүмкін. Бірақ соны таң етіп көрсете білу де керек пе деймін.

250 жылдық міне осындай міндет атқарды. Димекеңнің баяндамасында мынандай жолдар бар:

«Біздің бабаларымыз қателеспепті. Осыдан 250 жыл бұрын олар өздерінің тарихи жолын дұрыс таңдаған. Өзінің бақытты болашағын ұлы орыс халқымен достықтан көрген».

Осы айтулы датаны атап өтуге осыдан екі жыл бұрын басталған дайындықтың бүкіл мән-мағынасы осы жолдарда жатқан жоқ па. Екі жыл бойы республиканың әрбір елді мекенінде 250 жылдық, яғни достық тойы шеру тартып, заманымыздың осы ұлы құбылысының сыры мен қырына терең бойлата түскен жоқ па. Достыққа деген адалдықты қазақтай қастер тұтыңдар деп әрбір орыс ойланды. Осы үлкен тойдан басқа ұлттардың өкілдері де аса бір аяулы сезім — бауырмалдыққа барынша бас иіп, адал болу керектігін ұқты. Барымыздың бағасын, өз асыл қазынамыздың салмағын терең сезіне түстік. Алтынның қолда барда қадірі жоқ емес, алтын әрқашанда алтын болып қалады, достық достық болып қалады. Ал ешқашан тат баспайтын асыл, баға жетпес байлық! Достықты қадірлегенің — өмірді қадірлегенің.

Осы түйінді әркімге жасатқан оқиғаның тарихи орны қандай болмақ?! Бұл оқиғаның рухани салмағын, тәрбиелік мәнін немен өлшей аларсың! Бұл тойдың терең ойдан, толғанудан туған идея екеніне баршаның көзі жете түсті.

Рухани салмағы демекші... 11 июнь күні Медеу мұз айдынында театрлық, үлгіде зор қызық тамаша болды. Әлі есімде, Димекең Медеудегі мерекенің жобасын үш рет қарап шықты. Бұл мерекені тап осы мұз айдында өткізу жөнінде ой салған да өзі болатын. Сондағы айтқаны: біріншіден, ол Медеу, сырттан келген қонақтарды елең еткізері сөзсіз. Екіншіден, жаздың аптаған ыстығында мұз айдында той өткізу ғажап емес ие. Үшіншіден, мұндағы мерекенің программасы ешбір мерекеге ұқсамауы керек. Әрі осы тойдың негізгі идеясын ашуға тиіс.

Екі келгенде жобаны бірде Октябрь мерекесіне, бірде май мерекесіне ұқсап кетіпті деп қайырған. Алматы қаласының бүкіл ойлы интеллигенттері бұл іске шұғыл жұмылдырылған. Бас режиссерлікке СССР Халық артисі, академиялық қазақ драма театрының бас режиссері, әрі директоры, Әзірбайжан Мәмбетов қойылды. Мұз айдынындағы стадионға 10.000 адам сиятын болса, мерекелік қойылымға он мыңға тарта адам қатыстырылуға тиіс болды. Алматы облыстық, қалалық партия комитетіндегі жолдастардың да мұрнына су жетпей жүр. 250 жылдық республика үшін қандай сын болса, Астаналықтар үшін Медеудегі мереке де сондай сын болмақ.

Үшінші жобаны бүкіл бюро мүшелерімен Димекең тағы қарап шықты. Сценарийін жазғандар да, суретшілер де, архитекторлар да, режиссер, оның көмекшілерінде де, қала басшыларында да зәре жоқ. Үшінші рет жарамай қалса...

Барлық деталы баяндалды. Мұзда 250 деген цифр қатырылады. Тарих та, республиканың кешегісі де, бүгінгісі де, ертеңі де болады. Мынау Қазақстан жерінен заулап бара жатқан ракета - корабль. Тура жұрт алдында көкке көтеріледі, ұзындығы 30 метр.

Төрт тақырып ерекше атойлап тұр. Халықтар достығы. Ұлы Октябрь таңының атуы. Тың. Бейбітшілік жолындағы күрес. Бүкіл спектакль - представлениенің көрікті шығуы үшін он мың адамға жаңадан костюм тігіліп жатыр. Екінші бөлім — мұз үстіндегі би. Опын өзі де кішігірім спектакльге пара-пар. Ертегіден, күлдіргі пьесалардан, үлкен би - көріністерден үзінділер. Ағаштан жасалған жылжымалы сахна болмақ. Оның үстінде тойдың ең соңында өлең айтылып, би билейді, акробатикалық номерлер болмақ. Бірінші бөлімнің кезінде представлениеге қатысушылар тайғанамас үшін бүкіл мұз айдынына жасыл алаң түсіндей кілем - киіз төселмек. Осы кілем - киізді бірінші бөлім біткен соң бес минут ішінде домалатып жинап алатын солдаттар болады. Осы жасыл кілем үстіндегі анау бөбектердің тұрысы қандай шіркін. Тың биі алтын масақты, сарғайып піскен кең даладағы шетсіз-шексіз астық мұхитын елестетпекші. Анау косманавтар отряды, костюмдері қып-қызыл, скафандрдың жаңа модасы дерсің. Халықтар достығы бөлімінің көрінісі тіптен ерен. Мына күйінде шығара алса, сезімі бар жан тебіренбей тұра алмас.

Жалпы қойылымның өзі де осы көріністен басталады. Алаңға әсем киінген барлық ұлттың өкілдері шығады да, ұлы той — достық тойы дүрілдеп жүріп береді. Сонау терең тарихтан бастап өмір кезеңдері, оның ішінде қиыны да, қызығы да көз алдыңнан өтеді. Сол тарихи сындарда мұқалмаған, асыл қыры ашыла түскен бір ұлы құбылыс бар. Ол — достық. Халықтар достығы. Міне сол достықтың ұлы нұры, кең арнасы қойылым соңында көз алдымызға тағы келеді... Екі жарым сағаттың ішінде екі жарым ғасырлық өмір кешеміз.

Димекең бұл жобаны құптады.

— Біраз ізденістер. Бірақ бұларың әзірге жоба, макет. Ертең іс жүзінде қалай болады, әңгіме сонда.

Ол кісі тағы бір мәселеге назар аударды.

— Стадионға келетіні 10000 адам. Спектакльге қатысатыны да соншама. Қызықтап, жібермесең де есебін тауып жететіндер қаншама болмақ. Қаншама автобус, жеңіл машина болады. Бұларға бір жерде кідіріс болмауы керек. Онда тойдың сәні бұзылады дей бер. Ол күні бір адамның қабағына кірбің түспесін. Соның бәрін осы бастан өлшеп пішу керек. Механизм должен работать четко!

Медеу мерекесіне дайындық осындай соңғы нығыртудан кейін шыр көбелек айналып жүріп берді де, ол шын мәнінде ұланғайыр ғажап той болды.

Барлық одақтас республикалардан, Москвадан, Ленинградтан, Татар мен Башқұрт автономиялы республикаларынан келген қонақтар үкімет трибунасына орналасқан болатын. Грузия ССР - і Жоғарғы Советі Президиумының председателі Патаридзе қалжыңдап сөйлеп отыр. Оның кешегі негізгі салтанатта айтқан сөзі жұрттың бәрінің есінде. Шын жүректен республиканы құттықтай келіп, біздің алдымызда да үлкен той бар. Қазақ достардың дайындығы, мынадай етіп, өткізуі бізге өнеге. Сіздерді тіпті тауымызды далаға ұқсатып жайып жіберіп қарсы аламыз деген болатын. Жұрт бұл сөзге ду күліп қызу қол шапалақтаған-ды.

Түркмен ССР - і Жоғарғы Советі Президиумының председателі Набиев мына Медеуде оның сол сөзін алдына тартты. Патаридзені қабырғасынан түртті де:

— Тауыңды да дала ғып жаярсың - ау. Ал мынандай Медеуді қайдан табарсың? — деді.

Бұл сөзді естіп қалғандар «қатырды - ау» дегендей күлісіп алды.

Патаридзе сасқан жоқ, өзі де рақаттанып күліп алды да:

— Оның рас. Өзге табылса да мынадай Медеу, Медеудегі осынау салтанат табыла қоймас. Достың көңілін табу үшін біздің грузиндер елде жоқ сыйлық іздейді. Ұмытпасын деп сол сыйлықты тарту етеді. Қазақтар бұл жолы тап солай істеді. Ешкімде жоқ Медеуінде ешкім ойлап таба алмас ойын-сауық жасады. Бұл сыйларына мың да бір рахмет. Бәрінен де кереметі бұл тартуларында ұмытылмас рухани салмақ, үлкен парасат бар.

...Күн бүгін қай кездегіден де нұрлы секілді. Қол созым жерде басын ақ мұз басқан Алатау, бауырында жасанған, жасарған, жаңа ғана ғаламат тойды атқарған Медеуі, аптаған ыстықта жанардың жалтыраған аясындай болып мұз айдыны жатыр. Ортасында 250 деген цифр.

Қонақтар қайтуға бет алды. Ортасында биік Димекем. Көңіл-күйіне, ажарлы әңгімесіне қарағанда бүгінгі қойылым оған ұнаған сияқты. Мен де биіктеп кеткендей болдым. Мен ғана ма... Осынау жиырма мың адам түгел биіктеп келе жатыр еді. Қуанғаным шипама, алдымнан шыға келген Әзірбайжанды қызмет бабымнан қысылмай-ақ бетінен сүйіп алдым.

Рахмет саған. Режиссураң қатып шықты.

«Нағыз режиссерді құттықтауға асық». Біреу құлағымның түбінен сыбыр ете қалғандай болды. Байқасам, өз жүрегімнің қыбыры екен. Жанарым қонақтардың ортасында бөле-жара көзге түсіп бара жатқан Димекеңе тағы қадалды...

Сын үстіне сын

СССР - дың 60 жылдық тойы да осы мен хатшы болған жылға тап болды. Оның көп дайындығы 250 жылдықпен қатарлас жүргізілді. Ең жауапты сәті — күз, ноябрьдің аяқ кезі. Осы мерекеге байланысты Москвада әр республиканың күндері өтіп жатыр. Артқы түйенің жүгі ауыр демекші, Қазақстанды соңғы жағына қалдырыпты. Одан кейін Украина, РСФСР. Сонымен «күндер» циклі аяқталмақшы.

Бұрын өткізген республикалардың бір тиімді жағы — неде болса жазда, жаздың аты жаз ғой, дайындыққа да, барып қайтуға да қолайлы. Телевизордан әр республиканың күндерін жіті қадағалаудамыз. Жалпы программа ұқсас болғанмен әр республиканың өзінің ерекшелігі, өзінің жетістігі бар. Әңгіме соны одақтық қауымға ұтымды көрсете білуде болып жатыр.

Ең мықтап дайындайтын нәрсе — Москвадағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіндегі республика павильоны. Күндер сол көрмеден басталуда. Одан кейін Москва қалалық комитеті, Моссоветтен бастап бірнеше жерде кездесу. Бізге қамқоршы аудан — өзімізге ескіден таныс Краснопреснеже ауданы. Совминнің, Госпланның, тиісті министрліктер мен ведомстволардың басшылары жиналып, павильонның жағдайы бірнеше рет талқыланды. Москваға әлденеше рет адам жіберіп алдық. Павильонды бүгінгі күннің, үстіміздегі бесжылдықтың рухына сай едәуір жаңарту керек. Мұның өз алдына жобасы, жоспары жасалды. Бұл жұмысқа ЦК - ның барлық бөлімдері тартылды десе болғандай.

Өнерпаздардан кім барады? Москва көркемөнерпаздардан болсын деген нұсқау берді. Орал облысының өнерпаздарын апаруды жөн көрдік. Мықтыларды да ұмытқанбыз жоқ. Бибігүл, Ермек, Әлібек, Роза, Рамазан, Қорлан, Рахима тағы басқаларын да дайындап жатырмыз. Мәдениет министрлігі, оның министрі Жексенбек Еркінбеков өзіне тән елгезектікпен 250 жылдыққа қалай дайындалса, солай дайындалып жатыр. Мықтыларға сенсек те, өнерпаздарға алаңдаймыз. Обком да аса жауапкершілікпен дайындалуда.

— Сіздер бұл жолы бүкіл республиканың намысын жыртасыңдар.

Осы сөз оларға әлденеше рет ескертілді.

Бұдан кейінгі дайындықтың бір тармағы: күндер болатын шақта Москвадан берілетін республика жөніндегі теле-радио хабар, орталық газеттерде берілетін беттер, өзіміз арнайы шығарып ала баратын түрлі-түсті газет - спецвыпуск, буклет, баспасөз конференциясында ше тел журналистеріне, өзіміздің (елдің) журналистерге тарататын арнайы пресс - бюллетень.

60 жылдыққа арналған плакат, кітап өз алдына бір төбе. Мұның сыртында әр коллективпен кездескенде соларға тартатын сыбаға - сыйды дайындаудың өзі өз алдына күрделі жұмысқа айналды.

Аэропорт басынан бастап, әр кездесуде сөйлейтін адамдарды әзірлеу керек. Оның ішінде әр саланың маманы, республиканың жағдайын жақсы білетін, жақсы біліп қана қоймай, кезі келген сәтте жақсы айта алатын адамдар болуға тиіс. Сол адамдармен күнде кездесу, әрқайсысымен әңгімелесу керек. Қысқасын айтқанда дайындау қажет. «Қағазға түскен жақсы жоба — жарты іс» деп бекер айтпайды ғой. Мұның бәрі мінсіз қағазға түсті. Бюрода бекітілді. Енді мінсіз орындау керек.

Қысқасы алдыда «60 жылдық» атты сын тұрды. Бұл істің бүкіл тізгіні маған берілгендей. Жүрек қобалжиды. Қобалжу дегенді әмсе қорқу деп қабылдауға болмайды. Қобалжу деген сол іске жан салудан да туады. Жан салу деген сөз — әр деталын тексеру, әрбір пунктіне абай болу деген сөз. Кейде қағазда жып-жылмағай болып тұрып, орындалуына келгенде абыройсыздыққа душар ететіні бар.

Биылдың өзінде тап солай бір «құлағаным» ешқашан есімнен кете қоймас. Ол суретшілер одағының кезекті съезі. Келгеніме екі ай да болған жоқ, май айында сол съезд өтпек болды. Мәдениет бөлімі бәрін жылпылдатып, бәрі сақадай сай, өткізіп жіберейік деді. Қолдауға тұра келді. Бірінші күні баяндама жасалды, жарыссөз болды. Екінші күні — сайлау. Масқара осында болсын. Председатель қоямыз деп отырған Сабыр Мәмбетовімізді құлатып алды. Бұл қалай болды? Бедел десе беделі бар, аты әйгілі суретші, осы одақты басқарғанына талай жыл. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Жоғарғы Совет председателінің орынбасары. Бір дауыс жетпей қалды. Бұл бұл ма? Ең беделді, ең еңбегі сіңген деген көп қарттарды сызып тастаған.

Сайлаудың аты — сайлау. Басқа кандидатура іздедік. Шәкен Ниязбековті өткізуіміз керек. Қасарып қалған бір топ бар, жастар тобы көнбейді. Үшінші күні 230-дан астам одақ мүшесінің екі жүзіне тарта адаммен жеке-жеке сөйлесуге тұра келді.

— Мәмбеевті неге сыздыңдар?

— Сызғымыз келген соң сыздық.

Ешбір басқа себеп айта алмайды.

— Қарттар