Әдебиет
Қышыма
(повесть)
Қопада отырған қойлы ауыл шәт-шәлекей болды да қалды. Ферма меңгерушісі Қасым танауына су жетпей арлы-берлі зыр жүгіруде. Жаңағы совхоз орталығынан келген хабар оның екі аяғын бір етікке тығып, иірімге түскен жаңқадай үйірді де әкетті. Телефоны құрғыр да жөнді естілмей, ыңылдады ма, шыңылдады ма, әйтеуір, құлағына еміс-еміс бірдеңе жеткендей болды.
— Қозы керек, қозы, — деді ме, немене өзі.
Қасым қораға қарай борсаңдап жүгіріп бара жатып, тұра қалды. Сөйлескенін қайта есіне түсірді. — Мықтымыз келе жатыр, қыста туған қозыдан ең жақсы деген біреуін жеткізу керек.
Зердесіне түйгені осы болды. Қай мықты, неге келе жатыр, оны анықтап сұрамапты-ау. Бұған совхоз басшыларынан бастап, ауданнан, облыстан, республикадан, анау Москвадан келетіннің бәрі дөкей. Сонда оған қонақасы беру үшін бе, туғанына екі ай болған қозыны союға бола ма екен? Одан да қысыр тұсақтың бірін жібер демей ме.
Қайыра анықтауға қорқақ соқтап, біраз сасқалақтаған-ды. Сол кезде «сыйлыққа» деген сөз есіне сап ете қалды. Қозыны, сыйлыққа!
Түсінсе бұйырмасын. Қасым не де болса телефонға баруға қайта оқталды. Аяғының астындағы қар сықыр-сықыр етіп, қыстың әлі кете қоймағанын есіне салғандай. Бұл жақта марттың бас кезінде қардың шеті де ойылмайды. Әне, көрмейсің бе, айналаның міз бақпастан сіресіп жатқанын. Ал мұның қораларында кәдімгі көктем, шулаған төл. Былтырдан бері осы фермаға көктем тап осылай ерте келетін болды. Елдің қойы енді туа бастағанда, мұның қозылары көзді қызықтырып, ойнақ салып жүреді.
Өткен жылдан бері Қасымға деген ықылас та аса зор. Қатырып қораларын жаңадан салып берді. Шопандардың үйлерін де сыңғырлатып қойды. Мая-мая шөп — анау, қозыға деген көк балаусасы бір бөлек.
Қойшы, аяқасты жұмақ орнады да қалды. Айналайын Малашенко деген қайдан шығып еді өзі, соның арқасында біз де қарқ болып қалдық қой.
Алғашқы кезде Қасым мырс етіп күлген-ді. Оу, қазақ сонау атам заманнан қыста төл алмаушы ма еді. Марқа дегенің сол ерте туған қозы ғой. Жаз басталысымен марқа сойып, масайрап, ду-ду болып жатпаушы ма едік. Жекеменшік қойы барлар күні бүгінге дейін солай етеді. Енді, міне, жерден жеті қоян тапқандай, жаңа әдіс, ойбай, бұл керемет, қойдың санын күрт өсіретін жол табылды деп шулап жатырмыз. Газет, журнал, радио дегенің де құрыққа сырық жалғап, құтыртып жіберді. Осы ферма жөнінде де біраз дүние жазылып қалды. «Жетісудың Малашенкосы» деп Қасекеңді де онды-солды мақтап-мақтап қойды. Ақ қозыны құшақтап, шопандары да журнал бетінен жымиып шыға келді. Асылханның балалары әкесінің сондай суретін үйінің төрт қабырғасына түгел іліп тастапты.
Мана таңертеңгі облыстық радио хабары да осы ферманың өмірінен басталды. Қозыларды сәбидей мәпелеп отыр деп соқты-ау, шіркіндер. Маялары қыздың жиған жүгіндей деп бір бөстірді. Олардың айтуынша, мал мен адамның арасында айырмашылық болмай кетті. Қозысы сәбидей, сәбиі қозыдай.
Ал біз болсақ, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейтін темірдей бір керемет болдық та шықтық. Күлкісіз, ұйқысыз неғылған тірлік сонда? Осыны өздері сәл ойланбай ма екен?
Оу, бәтір-ау, сол мақтауға өзіміз де үйреніп барамыз ба, қалай?! «Сен — данышпансың, данышпансың» деп құлағыңа құя берсе, данышпан боп кетуің де қиын емес сияқты. Басқа жерге барғанда, кәдімгідей қоразданып, бізді білесіңдер ме дегендей, айналамызға маңғаздана қараймыз. Аудан, облыс дегендерің сөз болмай қалды. Омыраулап енді республикаға бір шықсақ деп жүрген арам ой көңілдің бір қыртысында және жатқан жоқ па? Әсіресе, Асылханды айтсаңшы, ол мінбеден жосылта жөнелуге әбден төселіп алды. Бірақ, обалы не, жұмысты да жапырып істейді. Әсіресе, ұрықтандыру кезінде, мал төлдеген кезде тыным таппайтынын айтсаңшы. Мал үшін жаралған, шіркін! Әттең, білімі жоқ, ең болмаса техникум тауысса, ендігі бір жерде бастық болып жүруі сөзсіз-ақ. Қайран жас-ай, қалай ғана оқымай қалды екен? Саулықтарын, қозыларын айтпай танисың. Мен мұндалап Асылханның отарынан екенін анадайдан білдіріп тұрады. Әлгі тапсырған қозысын осы отардан таңдаса да болар.
Қамалаған ойдан селт еткенде, Қасым күннің бұзылып келе жатқанын байқады. Батыс жақ қарауытып түнере қапты. Бүкіл бітімімен боранның иісін сезгендей. Оның үстіне, анау ашық алаңдағы шашқан шөпте жүрген қойлар қозыларын ертіп, қораға қарай беттеді. Мал екеш мал да бір нәрсені сезді ме қалай. Қорасыз ой баққан сонау жылдары мұндай түнерген күн тіпті зәреңді алып жіберуші еді-ау! Қозы тұрғай, ірі қойдың өзін қорғалататын жер болмайтын. Қыста қой қоздату қайда, кеш көктемнің өзінде қара суық жас төлді шешек келгендей жапырып салатын.
Осы Асылханның әкесі Байбаланың сол бір жылғы ерлігі күні бүгінге дейін есінде. Қаңтар былай тұрсын, ақпанның өзі әдеттегіден өзгеше жылымшыды да тұрды. Тіпті жіпсіп қар ери бастады. Сонда Байбаланың «осындай жылымсыған қысыңнан қорқам, әр нәрсенің мезгілімен болғаны жақсы, бейуақытта шақырған әтештің де басын жұлмай ма? Мынау боран шақырып тұрған пәле, биылғы жыл ақ қоянның өзі ғой, жұт болып жүрмесін» дегені бар. Айтқандай-ақ, наурыз туысымен боран соқсын келіп, бір күн емес, бес күн қатарынан соқты. Ерігісі келіп, елжіреп жатқан қар көк мұз болып қатты да қалды. Бес күнгі боран оның бетін әбден сірелеп тастады.
Сол боранда Байбала отарымен ұшты-күйлі жоғалды да кетті. Бүкіл совхоз болып боран басылысымен ал ізде, жат та ізде. Байбала да жоқ, отар да жоқ. Қопадан төменгі Қояншыдан ары басталатын құмның арасында тінтпеген жер қалмады. Құмды өңірде қардың қалың болғанын Қасымның алғаш көргені сол. Құм шағыл ма, қар шағыл ма, айырып болмайды.
Барлық жерде малға күрек ашқан күн туды. Қыруар қойды мұндай амалмен аман алып қаларсың ба, әйтеуір, далбаса ғой. Көзімізден сорамыз ағып, желіндеп тұрған саулықтардың топалаң тигендей домалағанын көрдік. Қар сірескен күйі сұсты мұхиттай безеріп жатып алды. Күн бүгін жылынар, ертең жылынар деп үздігіп өлдік әбден. Жылыну қайда, тіпті жібігенше-ақ отар-отарымен қойды жұт деген пәлеңе беріп те болдық. Кәдімгі ақ сирақ жұт болды. Қорасыз, шөпсіз қой өсіргің келсе, осылай етемін деп табиғат ащы сабағын тағы алдымызға бір тартты.
Сол жылды күні осы уақытқа дейін Байбала жоғалған жыл дейміз. «Сонымен, ол табылды ма» дейсіз ғой. Табылғанда қандай. Жер аяғы кеңіп, ауыр қыстан есті енді-енді жия бастағанда бір отары екеу болып, дін аман күйі Байбаламыз қайтып оралды. Күдер үзген үй-іші көргендеріне сенерін де, сенбесін де білмеді. Әйелі әуелі талып қалды. Асылхан әкесінің жетісі мен қырқын беріп, сүйегін қар кеткен соң іздемек-ті, әуелі оған ескерткіш салуға кірпіш, оны-пұны құрылыс материалын жинай бастаған болатын. Сенерсің бе, сенбессің
Ал біз болсақ, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейтін темірдей бір керемет болдық та шықтық. Күлкісіз, ұйқысыз неғылған тірлік сонда? Осыны өздері сәл ойланбай ма екен?
Оу, бәтір-ау, сол мақтауға өзіміз де үйреніп барамыз ба, қалай?! «Сен — данышпансың, данышпансың» деп құлағыңа құя берсе, данышпан боп кетуің де қиын емес сияқты. Басқа жерге барғанда, кәдімгідей қоразданып, бізді білесіңдер ме дегендей, айналамызға маңғаздана қараймыз. Аудан, облыс дегендерің сөз болмай қалды. Омыраулап енді республикаға бір шықсақ деп жүрген арам ой көңілдің бір қыртысында және жатқан жоқ па? Әсіресе, Асылханды айтсаңшы, ол мінбеден жосылта жөнелуге әбден төселіп алды. Бірақ, обалы не, жұмысты да жапырып істейді. Әсіресе, ұрықтандыру кезінде, мал төлдеген кезде тыным таппайтынын айтсаңшы. Мал үшін жаралған, шіркін! Әттең, білімі жоқ, ең болмаса техникум тауысса, ендігі бір жерде бастық болып жүруі сөзсіз-ақ. Қайран жас-ай, қалай ғана оқымай қалды екен? Саулықтарын, қозыларын айтпай танисың. Менмұндалап Асылханның отарынан екенін анадайдан білдіріп тұрады. Әлгі тапсырған қозысын осы отардан таңдаса да болар.
Қамалаған ойдан селт еткенде, Қасым күннің бұзылып келе жатқанын байқады. Батыс жақ қарауытып түнере қапты. Бүкіл бітімімен боранның иісін сезгендей. Оның үстіне, анау ашық аландағы шашқан шөпте жүрген қойлар қозыларын ертіп, қораға қарай беттеді. Мал екеш мал да бір нәрсені сезді ме қалай. Қорасыз қой баққан сонау жылдары мұндай түнерген күн тіпті зәреңді алып жіберуші еді-ау! Қозы тұрғай, ірі қойдың өзін қорғалататын жер болмайтын. Қыста қой қоздату қайда, кеш көктемнің өзінде қара суық жас төлді шешек келгендей жапырып салатын.
Осы Асылханның әкесі Байбаланың сол бір жылғы ерлігі күні бүгінге дейін есінде. Қаңтар былай тұрсын, ақпанның өзі әдеттегіден өзгеше жылымшыды да тұрды. Тіпті жіпсіп қар ери бастады. Сонда Байбаланың «осындай жылымсыған қысыңнан қорқам, әр нәрсенің мезгілімен болғаны жақсы, бейуақытта шақырған әтештің де басын жұлмай ма? Мынау боран шақырып тұрған пәле, биылғы жыл ақ қоянның өзі ғой, жұт болып жүрмесін» дегені бар. Айтқандай-ақ, наурыз туысымен боран соқсын келіп, бір күн емес, бес күн қатарынан соқты. Ерігісі келіп, елжіреп жатқан қар көк мұз болып қатты да қалды. Бес күнгі боран оның бетін әбден сірелеп тастады.
Сол боранда Байбала отарымен ұшты-күйлі жоғалды да кетті. Бүкіл совхоз болып боран басылысымен ал ізде, жат та ізде. Байбала да жоқ, отар да жоқ. Қопадан төменгі Қояндыдан ары басталатын құмның арасында тінтпеген жер қалмады. Құмды өңірде қардың қалың болғанын Қасымның алғаш көргені сол. Құм шағыл ма, қар шағыл ма, айырып болмайды.
Барлық жерде малға күрек ашқан күн туды. Қыруар қойды мұндай амалмен аман алып қаларсың ба, әйтеуір, далбаса ғой. Көзімізден сорамыз ағып, желіндеп тұрған саулықтардың топалаң тигендей домалағанын көрдік. Қар сірескен күйі сұсты мұхиттай безеріп жатып алды. Күн бүгін жылынар, ертең жылынар деп үздігіп өлдік әбден. Жылыну қайда, тіпті жібігенше-ақ отар-отарымен қойды жұт деген пәлеңе беріп те болдық. Кәдімгі ақ сирақ жұт болды. Қорасыз, шөпсіз қой өсіргің келсе, осылай етемін деп табиғат ащы сабағын тағы алдымызға бір тартты.
Сол жылды күні осы уақытқа дейін Байбала жоғалған жыл дейміз. «Сонымен, ол табылды ма» дейсіз ғой. Табылғанда қандай. Жер аяғы кеңіп, ауыр қыстан есті енді-енді жия бастағанда бір отары екеу болып, дін аман күйі Байбаламыз қайтып оралды. Күдер үзген үй-іші көргендеріне сенерін де, сенбесін де білмеді. Әйелі әуелі талып қалды. Асылхан әкесінің жетісі мен қырқын беріп, сүйегін қар кеткен соң іздемекті, әуелі оған ескерткіш салуға кірпіш, оны-пұны құрылыс материалын жинай бастаған болатын. Сенерсің бе, сенбессің бе, міне, шындық осылай. Өмірде не болмайды деген рас-ау, тегі.
Сол жазда аудан тұңғыш рет «шопандар слетін» өткізді. Ондағы ой еңсені езіп кеткен қыс зауалын жеңілдету еді. Ешкіөлместің етегіндегі жазыққа киіз үйлерден қалашық тұрғызылып, той жасалды. Бәйге, қыз қуу, толып жатқан спорт ойындары болды. Мұның алдында жиналыс ашылып, озаттарға кілем, ер-тоқым, тағы басқа бағалы сыйлықтар берілді.
Қасымның таң қалатыны — сол слет керемет бір табыстың қорытындысын шығарғандай даңғырап өтті. Күні кеше жаппай тентіреп, сабан-топанға дейін сонау алыс облыстардан тасығаны бірінің есінде қалмаған секілді. Оу, қыс зардабын мұнша тез ұмытуға бола ма екен? Жайылым аршуға саламыз деп, жөндеулі тұрған тракторлар да істен шықты емес пе? Соның салдарынан көктем егісі де әупірім тәңіріммен кеш бітті. «Жұт жеті ағайынды» демекші, оның мына егіске де, сөйтіп, салқыны тиіп тұр. Кеш салынған егіннен мол өнім бола қояр ма екен? Күн жылына салысымен айғайға басып, түк көрмегендей енді уралап жатырмыз. Ең болмаса баяндамада кімнің қалай сорлағаны, ащы да болса, айтылуы керек еді ғой. Бүкіл аудан бойынша әр жүз саулықтан — елу қозы. Яғни екі саулықтан — бір қозы. Той емес, қаралы жыл жариялайтын жағдай ғой бұл.
Қарап тұрсаң, бұл зұлматқа кінәлі ешбір жан жоқ сияқты. Әйтеуір, бәрін көтеріп жатқан табиғат сорлы. «Ауа райының қолайсыздығы, қыстың қаттылығы қабырғамызға мықтап батты. Сонда да қыс қаһарына қайратымызды қарсы қойдық». Инкубатордан шыққан тауықтың балапанындай, бір-біріне ұқсас, жүрек тырнайтын осындай сөздер. Қасым бірде шыдай алмай:
— Атаңның басы, қайратымды қарсы қойдым дегенше, қыстан қалтырап әрең шықтым демейсің бе, — деп қалды.
Бұл сөзді құлағы шалып қалған ауданның бірінші хатшысы оған оқты көзін қадады. Жақ жүні суыққа тоңғандай тіпті үрпие қалыпты. Қасым да одан көз алмай сызданып отыр. Екеуі іштей арбасып кеткен сияқты. Хатшы болса «Аяз би, әліңді біл», пысықсымай артынды қысып отырмайсың ба» дейді-ау тегі! Қасым болса «қай шекеміздің қызғандығынан осы тойды өткізіп жатырмыз, ақ сирақ болсақ та, атой сала береміз бе, тегі» дегендей. Жынының келгені сонша, атып тұрып, бәрін айдай қылып айтқысы да келді. Табиғаттың қаталдығы емес, біздің дәрменсіздігімізге, даңғойлығымызға оның шығарған әділ үкімі бұл. Қатты қыс келсе, ал енді ме, келер жылға бәрін тап-тұйнақтай етпесек пе деп колға түкірінеміз. Жаз шықты-ақ бәрі қайта ұмыт болады. Күз келсе-ақ шопандарды тағы алдаймыз, биылша амалдап шығайық, келер жылы жұмақ орнайды деп соғамыз. Бәрін ол сорлылардың өзіне үйіп-төгіп аудара саламыз. Артыңнан азық та келеді, монша да болады деп құмның арасына айдап тастаймыз. Аллахуакбар, сонымен іс бітеді. Жылда қайталап, жылда жиналып келе жатқан дағды бұл. Біреу әлдене деп аузын аша бастаса:
— Атаң қазақ сонау атам заманнан-ақ қойды осылай бағатын, мұнша малға шоп шақ келе ме, қора қайдан болсын? — деп аузына құм құямыз. Өгіз өлмес, арба сынбас бір тіршілік, әйтеуір, «бас сынса — бөрік ішінде, қол сынса — жең ішінде» деп жүріп жатқан митың өмір. Ащы шындықты айтайын десең, көрмейсің бе, жаңа секретарь оқты көзімен атып жіберді. Қаңлассаң болды, осы көрген күніңе зар боласың. Сылтау тауып, жұмыстан ертеңіне-ақ айдап шығады. Шиеттей бала-шаға, асырап көр сосын. Сен жұмыстан босаған соң, бақадай шуласын да қалсын. Ой, тәңір-ай, лауазым қорқынышынан қатты қорқыныш бол май бара жатыр-ау, тегі. Бәрі осының жолында құрбан. Хатшы өзі тұрған кезде ауданнан ши шықпаса екен деп бәйек, совхоз директоры мен парторг та солай етеді. Мен де сылап-сипап, фермама шан жуытқым келмейді. Осы жолда көзді жұмып жіберіп, алдауға да барамыз. Жетпей қалса, жекеменшігіндегі қойды да қоғамдық малға қосып жібереміз. Қалай болғанда да өзіңнен жоғары тұрған басшының қаһарына ілікпеу керек. Іліксең, бітті, жұмыспен қоштаса бер. Партбилетке жармасса, мүлде далада қалғаның. Еш пендеге керек емессің, шыны «капут» сол.
Осы қарсы пікір айтам деп қой әр кез көз түрткі болып жүргені. Колхоз председатель ауыл совет председателі болды, жұмысы жаман аталған жоқ. Бірақ сынап сөйлегені үшін екеуінде де жалп ете түсті. Өзімен қатар шыққандардың алды кеуделеп облыстық мекемеге барып қалды, аудандық Совет атқару комитетінің председателі болып жүргендері де бар. Үндемей, талай жерде үйдей пәледен құтылып жүр олар. Ал мұның «қасарыспасы» ұстайды да қалады. Өтірік айта алмай, өзін ұстап беріп тұрғаны. Шыншылдығы үшін мұны бағалап жатқан ешкім жоқ. Совхозға директор болып жүрген кезде құрдасының мазақ қылғаны әлі есінде:
— Әй, Қасым, сен қызықсың! Екеуміз де — майданда болған адамбыз. «Уралап» алдымен бұрын жүгірген өле ме, жоқ, бұғыңқырап артын баққан бұрын өле ме? Әрине, «уралап» тұра жүгірген алдымен өледі. Рас, олар талай шабуылға бастайды, жаудың да талай зәресін алады. Соғыс аяқталды, кім біліп жатыр соларды енді. Сен де «уралап» тура бетке шаба берме, артынды ойла, артынды!
— Шірік пәлсапаңмен өзің бай бол. Жеңіске жеткеніміз де сол жанкештілердің арқасы емес пе. Бүйтіп былшылдағанша, солардың аруағының алдында бас исеңші. Мына шалқақтап жүргенің кімнің арқасы? Солардың ерлігінің арқасы. Жалындап жанар өмірді қуатсыз бықсық шамға айырбаста дейсің бе? Жоқ, ол бола қоймас.
— Алдымен бала-шағаңның қамын ойла! Сендейді жуасыту қазір түкке де тұрмайды.
Сол құрдасының сандырағы рас болып бара ма, немене, өзі? Төбесінен бір емес, екі рет ұрды, енді, міне, ферма меңгерушісі. Жасығысы келмесе де, басылып бара жатқан секілді. Адамның жүзін жарқын етіп, ішкі қуатын лаулататын тегі жақсы қызмет пе деймін.
Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқтың кері келді. Бірде әйелінің де жер-жебіріне жеткені бар.
— Принцип, принцип! Не таптың сол принципіңнен? Өзіңдейлер баяғыда-ақ үлкен қызметке жоғарылап, ішкені — алдыңда, ішпегені — артында, рахат өмір сүріп жатыр. Астында — машина, ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс. Ал сен болсаң, ферма басқарғаныңа мәзсің. Қысы-жазы боқ-сідіктің ортасында омаламыз да отырамыз. Осы ма принципіңнің жеткізген жері? Жұрт майлы қасықтай жылпылдап, бастықтардың іші-бауырына кіріп кетеді, сен одырайып, мені таны дейсің де жүресің. Ел құсап артын бағып сөйлеу деген және жоқ, төбесінен қойып қалып отырғаның.
— Өй, мен шынын айтам ғой. Мәймөңкелеу қолымнан келмесе қайтем?
— Шындықты айтам деп, шырқымызды бұзып болдың ғой. Ел сияқты біз де өмірдің өріне шықпаймыз ба, осы малмен мал болып кеткеніміз бе? Анау жұртты көрдің бе, совхоз орталығынан қарағайдай етіп үй тұрғызып жатыр. Сенде ол да жоқ. Осы Қопада сүйегіміз қалсын деп жүрсің бе? Қарашы өзіңе, шопандардан қанша айырмашылығың қалды, бәтір-ау, балаларды, әке-шешеңді бағып, несіне оқыттым сені? Не үшін керек ана диплом, қорбаң-қорбаң етіп тіпті жүрісің де өзгеріп барады.
Әсте ашына қоймайтын Керімбаланың осы сөздері Қасымның үш күн ұйқысын бұзған еді. Шынымен-ақ осының бәрін өз пікірімнің болғаны үшін тауып жүрмін бе? Шынымен-ақ қисық жаралған жанмын ба? Сол ұрттығым мынау слеттің президиумына қоқитып отырғызып қойғанда да келмесе қайтер еді. Әй, ит мінез-ай, біткен-ақ екенсің-ау. Елдің бәрі: «Бұл — ғажап, жақсы ойлап табылған нәрсе, малшыларға, әсіресе, қойшыларға деген қамқорлықтың керемет көрінісі, бір жасап қалдық, аудандық комитетке, оның бірінші хатшысына көп-көп рақмет», — деп жатыр. Ал мен болсам, керісінше: «Не бетімізбен дабдыраймыз, қойды есірдік деп пе, бүгінгі көпірме сөз келер жылы малға азық, қора-жай болады деп пе? Одан-дағы көңілдегі ащы запыранды шығармаймыз ба, барша болып ақылдаспаймыз ба, ақ сирақ етер жылдардың енді қайтып оралмасына тосқауыл қайсы, соны таппаймыз ба, бұдан өткен тығырық бола ма, одан шығудың жолы қайсы? Жауырды жаба тоқу малымызды да, жанымызды да жүдетіп болды емес пе? Неге айтпаймыз шындықты, ойбай, неге айтпаймыз?!» — деп ойлаймын. Бір-бір кілем алғанына мәз болып, кеше көздерінен қанды сорасы аққан шопандар да, алғыстан басқаға аузы бармай, мінбеден моп-момақан боп түсіп жатыр. Не олардың таяғын тартып ала ма, қай лауазымынан айырылады? Баяғы сүрлеу, бір сүрлеу, кетіп барам сонымен.
Шатыр-шұтыр соғылған қол, қошеметшіл күпілдеген музыка. Осының бәрі ішіне сыймай, Қасым қыранша түйіліп қайдан шықса одан шықсын сөйлеп кеткісі келді. Тағы шайтан түрте бастады. Бірінші хатшының көзімен арбасып қалғаны да осы сәт еді. Ол «атаңның басы» деп өзгеге айтқан бір ауыз сөзі үшін соншама шатынады, ал теңіздей толқып, буып отырған мынау ащы ойларды ортаға салса, не істейді? Оны бір тәңірдің өзі білсін. Тыңдарын тыңдап алып, артынан жымын білдірмей бауыздайтын шығар. Осы ферма меңгерушілігінің өзін әрең берген жоқ па еді. Бастапқыша тіпті келіспей қойыпты-ау, әуелі. Әйтеуір, совхоз директоры Иван Васильевич Захарченконың зорлауымен шаққа дегенде көніпті.
Иван Васильевич — мал жайын жақсы білетін адам. Жаңа істі қолға алғанын жеріне жеткізбей тынбайды.
— Қасым Оңалбаевтан басқа адамым жоқ, — деп отырып алыпты-ау ол да. Рақмет оған.
Бюроға бекуге келгенде жиналған жұртты ұзақ күттіріп қойып, арлы-берлі маңғаздана үндемей жүріп алғанын өз көзімен көрді.
Әлден уақытта артына ұстаған қолын босатып, ыңыранған күйі сұқ саусағын шошайтты да:
– Сізге аудан абыройын тапсырып отырғанымызды түсінесіз бе? Захарченко жолдас, бұл сөз сізге де қатысты. Осы адамды жер-көкке сыйғызбай мақтаған өзіңіз ғой. «Мақтаған қыз тойданың...» кері келіп жүрмесін, — деп қарқ-қарқ күлді. Сөйтті де, лезде беті базданып, күлкі ойнаған жүзі оп-оңай ашу шақыра қалды. Көңілді күйден ашулы күйге қалай тез ауысады, ә!
Енді, міне, жалғыз ауыз сөзім үшін оқты көзін қадап отыр. Осы сәтте қас қылғандай, әйелінің ашуы да түсе кетсін есіне: «Принципің құрысын». Әйелдің ащы сөзі, хатшының оқты көзі екеуі жиналып, жанын жанышты-ау дейсің. Сөйле деп көтерілген толқын сезімді мынау сұсты күш тапап бара ма, қалай? Бұлқынып көріп еді, жіберер түрі жоқ, шідерсіз байлап, тұншықтырып тастады. Қасекеңе де жан керек, хатшымен әйелі екі қолқадан қысқандай болған соң, жым болды. Құрдасының анау жылғы сені жуасыту түкке де тұрмайды дегені осы болмаса жарар еді. Баяғыша кедейдің бір қызы тойға жібермедің деп әкесіне байбалам салғанда, әкесі: «Е, қарағым-ай, мен жібермей тұр дейсің бе, барғызбасың барғызбас», — деген екен. Әкесінің рұқсатын алғанға қуанған қыз киінейін деп үйге кірсе, үстіне ілер лыпасы болмай шығыпты. «Әкемнің «барғызбасың барғызбас» дегені осы екен ғой, әй, қу кедейлік-ай» деп қыз жылап отыра кеткен екен дейді. Қасымның да сөйлетпесі сөйлетпей, жым болған жоқ па, бірақ ол лағынетті кімге айтады? Ашулы әйеліне ме, айбарлы бірінші хатшыға ма, жоқ, әлде осы бір сүйелдей қасаңданып келе жатқан тәртіпке ме? Түймедей жақсылық болса, дабырайтып, шу ете қалу, түйедей кемшілік болса, түк көрмегендей көзді жұма қою қайда әкеп соғар екен?..
Осы кезде мінбеге Байбала шақырылды. Жүзі әбден тотыққан, жалақ болған еріндері әлі жазыла қоймапты, тілімденіп, қанталап тұр. Қапсағай, батыр тұлғалы денесі мен қою шоқша сақалына бірден көз түседі. Асылхан да осындай бітімді болып, тура әкесіне тартып келеді-ау. Байбаланың қыран көзінде мұң бар. Сол мұңлы көзін алысқа тастап, әлі үнсіз тұр. Кешегі қиын күндері есіне түсіп, ойына ойран салып тұр ма екен?
Боран ұдайы үш күн соқты, Байбала отарымен тағы үш көш жердей ауылдан қашықтады. Іздеуші атаулыдан енді мүлде күдер үзді. Олар сексеуілді өңірдің шетіне дейін келді де, шағыл-шағылдың арасын тінтумен ғана тынған шығар. Бір жерден қырылып жатқан отарды, серейіп жатқан Байбаланы көрмек болған шығар. Жер жұтқандай жоқ, енді қайдан табады? Амалы таусылған қарттың ары қарай қардың жұқалығын қуалап кете бергені кәперлеріне келді дейсің бе.
Қойдың жайы табылды, жайылым бар. Күн ашылғаннан бері олар тіпті сүйсіне өрістеп, мына қара оттан бас алмайды. Қарагер де әнеукүнгі жүні ұйысып, үрпиген күйден өзгеріп, әрлене бастапты. Оныншы күн дегенде барып үстінен ер-тоқым алынды. Арқасы базданып, енді болмаса жауыр болуға айналған екен. Малы тоғайғанмен, Байбаланың өз хәлі мүшкілдене бастады. Қоржындағы қор бітті, енді не істеу керек? Бір қойды алып ұрудан басқа амалы қалған жоқ...
Ішінен ұлы Асылханды боқтайды. Ит-ау, ең болмаса жатпай-тұрмай сен іздемейсің бе? «Әкеңнің сүйегі далада қалыпты» деген жақсы ат боп па, ертең өз құрбыларың-ақ бетіңе басады ғой. Кемпірінің ішкені ірің, жегені желім болып отырғаны да көз алдына келді. Күнде кеткен жағыма қарап, дауыс салып, күңіреніп жүрген шығар сорлы.
— Өзіңе серік болатын, ең болмаса түнгі күзетке жарайтын бір тоқал алмайсың ба, менен қайрат кетіп барады, — дегені есіне түсті. Қалжыңы шығар деп жүрсе, бір-екі рет тіпті пығарлап айтты.
Тоқал демекші, ойды ой қуалап, осыдан екі-үш жыл бұрынғы бір оқиға ойына оралды. Ауылдың қадірлі шопанын совхоз болып пенсияға шығарған болатын. Ер-тұрманымен бір сәйгүлікті сыйлап, есте қаларлықтай той жасаған еді. Ақсақал да ауыл азаматтарына қарыздар болып қалғысы келмей, тайлы-таяғымен қонаққа шақырған-ды. Сонда үйде кісі күтіп, бір жастау әйел жүрді. Арақты біраз тастап қызып алған соң, кейбір жеңіл мінезді жігіттер бір-біріне көзін қысып, әйел жаққа қарай ымдай берді.
— Қария, мына кісі сізге кім болады, балдызыңыз ба? — деп бірі жымысқы күлді.
Олардың сыңайын байқаған шал қозғалақтап барып, денесін түзеді де, жайлы мұртын сыйпап қойып:
— Ол біздің тоқал болады. Түрткілеп білгілерің кеп отырғаны сол ғой, — деді күліп. — Ал жыланның құйрығын басқан өздерің, енді сөзге құлақ тосыңдар. Біраз ойланып отырды да:
— Егер қой өссін десеңдер, бүгін малда жүрген шалдарға бір-бір тоқал алып беріңдер. Неге дейсіндер ғой? Қазіргі қораларың жұтаң, шөптерің тапшы күйінде малға ешбір жас бармайды. Бұл сыңаймен шалдарға әлі ұзақ қол артасыңдар. Олар басы көрге тигенше аянбас та. Бірақ темір емес қой. Сендер өздеріңе жайлы әдіс тауып алғансыңдар. Өзің күндіз бағасың, әйелің түнде күзетеді, «мә, бір отар қой, қыстауың — анау, жайлауың — мынау» дейсіндер де, шал-құтанды алдап-сулап шығарып саласыңдар. Жазды қойшы, сорлайтынымыз қыста ғой. Жайлы қора қайда, әне-міне деп әлі созып келесіңдер. Күні бүгінге дейін ықтырмаға қыстатамыз. «Ақсақал сізге сендік» дейсіңдер де, көктем келгенше, аллахуакбар, төбе көрсетпейсіңдер.
Міне, жарылқағандарыңның түрі осы. Сонда коғам малын мен қалай аман сақтауым керек? Арың үшін жаныңды шүберекке түйесің. Кемпірдің аты — кемпір. Ол күзет тұрғай, шайынды қайнатып берсе, мың да бір рақмет. Кемпірді аяймын деп күндіз де, түнде де бір өзің салпылдап жүргенің. Біз де темір емеспіз ғой. Бір күні шаршап болдырып, отарлы қойдан айырылып қалсаң ше? Ондай кезде әкіреңдеп, асты-үстін қопара тексеруге әзір тұрасыңдар. Осындай «қамқорлықтарыңның» арқасында кемпір серік бола ала ма? Ал әйелің жастау болса, қанша айтқанмен, бір жағыңа шығады ғой. Оның сыртында біз де совет адамымыз, балаларымыз оқыса екен, білімді болса екен дейміз. Құм ішінде ашып беріп отырған мектебің қайсы?!
Міне, сосын орталықтан үй салып бердім де, кемпіріме балаларыңды оқыт дедім. Балаларды тәрбиелеп ол отыр. Тоқалмен малдарыңды бағып мен жүрмін. — Ақсақал үнсіз қалған жұртты ойлы көзімен бір шолып өтті де:
— Осыдан мемлекетке, мына отырған сендерге келген залал бар ма?
Үйдің іші қыран-топан күлкі. Шай құйып отырған келіншек шырайлы ақ сары жүзі бал-бұл жанып, әлденені айтуға оқталды. Жұрт үйден ата жөнелгенін күтіп еді, жоқ, басындағы орамалын паңдана бір түзеп қойды да:
— Қартымды бір емес, бес жігітке бермеймін. Арақ ішпейді, шылым тартпайды. Табысы жетеді, аялап алақанында ұстап отыр. Одан артық не керек? Жасқа шыққандарды көріп жүрміз ғой. Көкала қойдай күнде таяқ жейді. Бір қосылып, бір ажырасқан өмірлері құрысын.
— Ал, бәлем, өздеріңе де сол керек, — деді біреу үй толы күлкіні баса айғайлап.
Байбала осы әңгіменің қақ ортасында болған еді. Кемпіріне айтып келгенде:
— Сен ғой дейсің бе, ол шалдың есебі түгел, — деп күлген болатын. Сол жолы енді бұдан былай күзетке шыға алмайтынын, шаршағанын айтып, совхоздан көмекші сұрауды өтінді.
Адам қызық-ау тегі, өлі мен тірінің арасында жүріп, мынау мидай далада тоқал туралы ой басына қайдан келді. Байбала мырс етіп, жападан жалғыз өз-өзінен күлді.
Сонау Қытайдан 1955 жылы елім деп, жұртым деп көшіп келіп еді. Рақмет, құшақ жая қарсы алды. Мөлдір бұлақта — мөлдір су, мөлдір көңілден — мөлдір ықылас. Сағынып келген Отанына, оның совхозына, фермасына, мынау отарына деген ықыласы шексіз таза еді. Енді шіріген жұмыртқадай айдалада қалғаны ма? Қар кетіп, күн жылынса да, іздеуші неге жоқ? Таңдаулы шопан тұрғай, бір отар қой тұрғай, тышқақ лақты да іздейді емес пе? Тышқақ лақ құрлы болмағаным ба, бұл қалай?
Сол кеткеннен мол кетіп, отары қырылдыға, өзі жоғалдыға саналған Байбала отардың аяғы өсіп, қойлар енді қоздар шақта көктен түскендей ауылына аман-есен оралған-ды. Жым-жылас жоғалған екі айдың ішінде не көрмеді?
Мінбеде манадан бері тамағына тас тығылғандай тұрып қалғаны — осының бәрі көз алдына келді. Үй-ішінің улап-шулап, совхозының қуана қарсы алғаны, Захарченконың сақал-мұрттан көрінбей кеткен бет-аузын түк қалдырмай сүйгені, облыстық радио мен газетте күні бүгінге дейін таусылмай жатқан мақтау, мынау аудандық слеттің төрінде қоқиып отырғаны, мінбеге сөз сөйлеуге шыққаны — бәрі-бәрі Байбаланың есіне түсті. Бірақ есіне түскен сайын бір қалшыл тұла бойын түгел билеп, тітіретіп әкетіп барады. Тілін байлап, буындырып тұрған да сол қалшыл.
Үнсіздікті бөлген аупартком хатшысының қатқыл даусы болды:
— Ақсақал, айтыңыз, айтыңыз. Қалай болды, қалай жеңдіңіз қиындықты? Совет адамына тән ерлік деп отырмыз оны.
Қасым қадалған күйі Байбаладан көз алмай қапты. Бүгешігесіне дейін, барлық мұң-зарын, қалай күнелткенін түгін қалдырмай ол түгел айтып берген-ді. Бастан кешпек тұрғай, бұл әңгімені жүрегі бар адамға тыңдаудың өзі ауыр. Соның бәрі ұмыт болып, бұл да енді алдыңғы сөйлегендердей сылдырлата жөнелер ме екен? Жоқ, толқып тұр ғой, әне шоқша сақалы мен қою мұртының әрбір түгі, әрбір әжімі жыбырлап кетті ғой.
Микрофоннан әрең дегенде қарлыққан дауыс шықты.
— Қарақтарым-ай, айта алатын түрім жоқ. Осы күнге, мына сендерге жете алам ғой демеп едім. Көретін жарығым бар екен.
Байбала өзін-өзі ұстай алмай еңкілдеп жылап жіберді.
Қасым да көңілі бұзылып, көзінен жас парлап кеткенін байқамай қалды. Байбаланың екі айға созылған азапты күндері мұның да жанын жаншып, жүйе-жүйесін босатып жібергендей. Қойшының мұңың қой баққан ғана ұқпай ма?
Бірақ Байбаланың мұңын жұрттың бәрі бірдей Қасымдай ұға алған жоқ. «Әдемі ұйымдастырылған слеттің шешуші сәтіне жете бергенде мына шалдың жылап бүлдіргені-ай, ә». Аудандық партия комитетінің бірінші секретарі Қаталбаевтың ойы тап осы. Оны ызбарлана қалған жүзінен аңғару қиын емес-ті. Анау ферма меңгерушісінің босағанына жол болсын. Ашу шақырған күйі тағы жалт қараса, жасты көзімен ол да хатшыны жеп барады екен. Түсінсеңдерші Байбаланы. Оның мұңы өзінің ғана мұңы ма?! Осы кезде микрофоннан:
— Жолдастар, жолдастар, келесі сөз... — деген дауыс шықты.
Мынау бұзылған күн бәрін еске салып, Қасымды талай жылдардың қойнауынан шығарды-ау. Ферма кеңсесінің есігін енді аша берейін дегенде, арғы жақтан пыр-пыр еткен ГАЗ-69 машинасының даусы шықты. Жалт бұрылғанша, одан сау етіп үш адам түсе қалды. Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Отарбек Әділжанов, совхоз директоры Иван Васильевич Захарченко, партком секретарі Жүрсін Нығметов. «Ә, жақсы болды, манағы әңгіме төркінін енді өздерінен анықтап біліп аламын» деп түйді Қасым. Амандықтан соң қонақтарды кеңсеге кіруге шақырды.
— Жоқ, уақыт кетірмейік. Кәне, Қасеке, ең күйлі, ең әдемі деген бір қозыңды ұста, бәріміз көрейік, — деді Әділжанов.
— Барлық қозы да жақсы, бір-бірінен бөлетіні жоқ.
— Дегенмен, дегенмен. Ең тәуірін. Ең жақсысын.
Осылайша, таза қазақша сөйлеген Иван Васильевич көзімен айналадан қозыларды іздеді.
— Қораға кіріп кетті. Көрмейсіз бе, күн бұзылып келеді.
— Қыста туған қозының ақылы да ерте кіре ме деймін. Пәлелерін көрдің бе? — Жүрсін Нығметов өстіп тұрғандарды бір күлдірді.
Үшеуінің де жүзінде әрі толқу, әрі бір мазасыздық бар секілді.
— Бәріңіз де осы жалғыз қозыға бола келдіңіздер ме? — Әділжанов Қасымның сөзінен мысқыл таңырқауды тани қойды да, өзінің сыпайы мінезіне басып:
— Қазбалап қайтесіз, бәрін артынан біле жатасыз. Өзіңіз әдемілеп киініңіз. Мына сіз екеуміз сол қозыны таңғы алтыға дейін Алматыға жеткізуіміз керек. Енді түсіндіңіз бе? Қасақана мына күннің бұзыла қалғанын қарашы, — деді. Сөзге Захарченко қосылды:
— О, Қасеке, қыста туған қозыңызбен айды аспанға бір шығарайын деп тұрсыз ғой. Желательно, анау Асылхан Байбалаевтың отарынан таңдаңыз. Өзін Алматыға аттандырып та үлгердік. Бірінші хатшымен екеуі бірге кетті. Ендігі Талдықорғаннан аса жығылған шығар.
Қасым анық-қанығына әбден түсінбесе де, әйтеуір, мұның аса бір үлкен тапсырма екенін көкейіне түйгендей болды.
— Жүріңіздер, бәріміз бірге таңдайық.
Машина көрсе балалардың әдеті емес пе, жыпырлап жинала қалатын. Үлкендердің сөздеріне құлақ түріп тұрған Асылханның Едігесі:
— Мен қозымды бермеймін, ол енесінен кетсе жылайды, — деді еркелей сөйлеп. — Оның үстіне, үйде көкем жоқ. Көкем ешкімге көрсетпей, өзің бак деген. Мен оған ылғи нан берем, сүт берем.
«Балалы үйдің ұрлығы жатпас» деген, мынаның сөзі бағуы бөлек бір қозыға меңзеп тұрған ғой. — Партком осылайша түйін жасады.
Бұлардың бәрінің де бір-бір сүйіктісі бар. Оқудан келісімен соларын мәпелеп, асты-үстіне түсіп жатқаны. Ерте қоздатқан ең алдымен оқушыларға жақсы болды. Қысқы каникулында ермек, — деп сөзге араласты Қасым. — Қойып алған аттарының өзі қызық. Ұрғашы болса — Тымерке, Жайтаңкөз, Жылауық, Кекірекбас, Туасал, еркек болса — Нанқұмар, Бүрікқұлақ, Жылтыркөз, Әреңтуған, Жыбырқұйрық, Жылтыңбай болып келеді.
Тұрғандар рахаттанып ду күлді. Балалар оларға қосыла мәз болды.
— Әрең туғаны қалай, сірә бір тарихы бар ғой.
— Ол рас, — деді Қасым. — Енесі үш қозы көтеріп, туарда қатты қиналды. Содан операция жасап алдық. Әреңтуған — соның ең кенжесі. Ал Жылтыңбай дейтіні жем беріп үйреткен соң, жылтыңдап үйге келеді де тұрады. Содан Жылтыңбай атанып кеткен.
— Гүлсім, — деді Қасым өз қызына, — үйге барып, мамаңа айт, қазанға ас салып, шай қойсын.
— Жоқ, Қасеке, әуре болмаңыз. Қазір жүруіміз керек. Таңғы алтыға жетпесек, онда түгел құримыз. Жазамызды алдымен Қаталбаев жолдастың өзі-ақ береді, деді Отарбек.
— Үйдегі жеңгелеріңнің шайы тез қайнайды.
— Жоқ, өзімізді-өзіміз бөгемейік. Кәне, қозылар қай жақта? Балалар да бұлардың соңынан шұбыра беріп еді, Қасым:
— Барыңдар үйге. Сендердің қозыларыңа ешкім тимейді, деді.
— Өтірік айтпайсыңдар ма? — деді Едіге бұртиып. Мен ертең Нансоғарыммен суретке түсіп, газетке шығам. Сосын Еңбек Ері болам.
— Марқұм Байбаланың немересі ғой. Малжандысын көрдің бе?
— Ой, нағыз шопан сол еді, — деп Захарченко басын шайқады. Мұнысында бір өкініш бардай. — Атасына тартса,