Әдебиет
Сұрапыл
Үркіншілік
Мынау ұйқы-тұйқы дүние не болып кетті? Дәмелінің есіне бәрі түсіп жатыр...
1
«Мұрагер, мұрагер» деп ер баланы тілейтін қазақтығына басып, бұл туғанда әке-шешесі тіпті қуанбапты да. Дүниеге үшінші қыз келді дегенде, әкесі кімге өкпелегенін қайдам, ауылына екі күн бойы жоламай қойыпты. Шешесі де айыпты адамдай қатты қысылған екен. Амал не, ақыры тағдырдың жазғанымен бәрі де келіседі. «Ұл көруге жазсын» деп мұның атын Дәмелі қойғаны да сол еді. Біржарым жасқа келгенше әкесі мұның, бетінен де иіскемегенін анасы талай айтып отыратын. Ақыры бақытына артынан үш ұл бірдей еріп, Дәмелі деген атын ақтаған екен. Ұл болғанда қандай, бірінен-бірі өтіп, балуан, батыр, мерген болып өседі. Осынау Қармыс ауылына олар үлкен атақ әкеледі. Тұрғанбектің үш арысы атанады — Нарғазы, Жанғазы, Ерғазы. Оның есесіне бой жетіп, толықси отырғанда, екі әпкесі де дүние салады.
Нарғазының ел аузына іліккені сонша, Дәмелі төркінінен жырақта жүрсе де, «а, құдай-ау, тіл-көзден сақтаға» басып, айналасына түкірініп отыратын. Сонау үркіншілік жылы, ақ пен қызылдың алма-кезек айқасында, осы Нарғазы болмағанда Қармыс ауылының қырылып қалуы да сөзсіз еді. Ақылыңнан айналайын азамат, әйтеуір, қиын кезеңнен алып шықты ғой. Жағдай ауырлап бара жатқан соң, ол жылдары Дәмелі бала-шағасымен төркінін паналаған-ды. Алты жасар Ақылжанның құдай сақтап ақтың қылышынан аман қалғаны да есінде.
Осы сәт көз алдына келгенде, біреу қойнына мұз тастап жібергендей дір ете қалады.
Жайлаудан түсіп келе жатқан беттері. Көш үздік-создық шұбалаңқы болатын. Аяқасты айқай-шу күшейді де кетті. Бүйірден атты әскер келіп тиді дейсің. Бөдене басына, тұрымтай тұсына. Алдында Ақылжаны, оның үстіне, өзі аузы-мұрнынан шыққан екіқабат, алдыңғы түйені жетектеп келе жатқан-ды. «Ойбай да аттан» болып, көштің быт-шыты шықты. Түйелердің үстіндегі жүкті байлаған арқандарды солдаттар қылышпен қиып-қиып жібергенде, теңдер топ-топ етіп жерге түсті. Кебежелер қирап, ыдыс-аяқ шашылып жатыр.
Жетектеп келе жатқан түйені тастай салып, Дәмелі де құла биемен басы ауған жаққа қарай шаба жөнелді. Өзі секілді тұра қашқан екі әйелді жендеттер қуып жетіп қылыштап кетті, өзі секілді екіқабат біреуі шар етіп барып құлап түсті, енді бірін аяғы үзеңгіге ілініп қалған бойы аты сүйреп бара жатты. Ерлер қонар жерді анықтауға ілгері кетіп қалғанда, көшке тиіскен мына сұмырайлар...
Дәмелінің есіл-дерті көзінің тірісінде алдындағы Ақылжанды жау қылышына бермеу. Шаба-шаба ұзаңқырап кеттім-ау дегенде, көктен түскендей бүйірінен бір солдат шыға келді. Енді саудамыз бітті ғой деді ішінен. Ақылжанды тарс құшақтаған күйі шапқан аттың үстінде, кеудесімен жаба берді. Шапса мені жотамнан шапсын, қылыш баладан гөрі өзіме тисін дегендегісі... Әлгі солдат жақындап келіп қалды, өзі ыржиып күлген сияқты болды. «Тышқанға өлім керек, мысыққа ойын керек. Мынау босып бара жатқан жұрттың күйі оған ойын сияқты ма, немене? Қорғансыз көшті, әйелдер мен балаларды қорқытқанына мәз бе сонда?» Құйғытқан күйі кимелей келді де, Дәмелінің астындағы құла биенің жүгенін сыпырып кеп жіберді. Сөйтті де, жынды адамша бұрылып шаба жөнелді. «Бастан құлақ садаға, бәрі сол жүгенмен кетсін». Құла бие жүгенсіз құйғытып келеді. Жалына жармасып тоқтатайын десе, алдында бала, оның үстіне шермиген іші жібермейді. Енді не де болса құламау керек, баланы құлатпау керек. Бие өзі тоқтар. Тізгін деген үлкен сүйеу екен ғой. Қашанғы шаба берсін, барып-барып бір зираттың түбіне келгенде қара тұтты ма, тоқтады-ау әйтеуір жануар. Зираттың оң жағы үлкен өзек екен. Сол өзектен аттарын жетектеп келе жатқан екі әйелді көрді. Олардың да балалары бар сияқты. О дүниеден келгендей олармен құшақтасып көрісті. Бәрі қосылып, у-шу болды да қалды. Басу айтқан — Дәмелі. Қайрат көрсетіп, қалғандарын сабырға шақырды.
— Қайта шапқан жау жаман. Әлгі оңбағандар осы төңіректен алыс емес. Кәні, мына балаларды тыға тұрайық!
— Қайда?
— Мына зират ішіне. Небір дінсіз болса да зиратқа кірмес.
— Аттарды қайтеміз?
— Ана өзектің табанына апарып, шідерлеп тастайық.
Үш әйел жүректері лүпілдей-лүпілдей балаларын жетектеп, зираттың ішіне кірді. Аруақтан кешірім сұрап, жалбарынады, жаудан сақтауды тілейді.
— Бісмілла, бісмілла! А құдай, а құдай!
Алыстан зеңбірек добы жарылғандай гүрс етті. Балалар селк ете қалып, бақырып жіберді. Осы кезде бір топ атты төбенің арғы жағынан шыға келсін. Зираттың үңірейген есігінен жасырына сығалап тұрған әйелдер шегініп кетті де, балаларының аузын баса қойды. Дәмелінің есіне беліндегі Ақылжанның қанжары түсті. Былтыр көп ұстаның бірі сыйға тартып, өтеуіне бір тайын алған еді.
Күйеуі Малыбай тайды қимағанда Нарғазы қоймай бергізген-ді. Жездесімен көп ойнамаса да, анда-санда: «Осы біздің Дәмелі болмаса, далада қалатын ба едің, қайтетін едің» деп қалжыңдайтын...
Ол өз алдына бір хикая. Қалың малы құрғыр Дәмелінің де әкесі мен шешесін қызықтырып, оны алпыстан асқан шалға, осы Малыбайдың ағасына айттырғызған-ды. Ауызға үріп салғандай үкідей кезінде әйелінен бес баламен қалған шалға тоқал болып келгені бар. Балам дегендерінің ең кішісі өзімен жасты. Бұл тұқымның, азды-көпті малы болғанмен, ұқсатуы жоқ, іркіті іріп, терісі шіріп дегендей, жүдеулеу тұрады екен. Қайнысы Малыбайдың өзі қалың мал беруге халы болмай, отызға дейін бойдақ жүріпті, Бақытына көп ұзамай ағасы өліп, әмеңгерлік тәртібімен осы Дәмеліні жеңгедей алып, құдай жарылқаған-ды. Дәмелі үшін Малыбай алпыстағы қарттан гөрі қатары секілді көрінді. Қан жылауды қойып, шүкірлікке кешті. Жас та болса шал күйеуінен қалған шиеттей жетім бала-шағаға бас болуға, аналық мейіріммен қарауға тырысты.
Ағасынан қалған балаларды алаламағаны үшін Малыбайдың да жеңге алған әйеліне көңілі тоқ. Момындау тегіне басып, алдынан көп шыға бермейді. Сөйтіп жүргенде өз кіндігінен Ақылжан туды. Осы тарихтың бәрін білетін әрі кезінде әпкесін қатты аяған Нарғазының «сені адам еткен Дәмелі ғой» дейтінінің сыры осында.
Ақылжан туған соң, Дәмелі Малыбайды төркіндері тұрған сонау Қышқаштағы Қармысекеңнің ауылына көшуге үгіттеді. Ондағысы — Ақылжанның нағашыларындай еті тірі болып өссін деген есебі еді. Малыбай ағайын-туғанының рұқсатын, батасын алған соң, көшіріп әкетуге Нарғазының өзі келген болатын. Ағайынның көңілінде дық қалдырмас үшін бір жылқы сойып, екі-үш күн думан жасады. Қыз ұзатқандай бәрі жылап-сықтап шығарып салды. Дәмелінің жас та болса ағайын арасына қадірі өтіп қалғанын Нарғазы сол жолы әбден аңғарды әрі әпкесінің бойынан бұрын көрмей жүрген бір ерлікті байқады. Шалға беріп, жасытып алдық па деген бір күдік кеудесін кеміре беруші еді, жоқ, жаратушы құр алақан қалдырмапты, өзінде от бар секілді.
Малыбайдың шын бақыты бар екен. Қайнысы дегеннің өзінде Дәмеліден он үш жас үлкен. Бірақ ақыры ала жіпті аттап баспайтын, момындықты құдай аямай-ақ берген пенде боп шықты. Сонысымен де қайын жұртына судай сіңді. Ешкім оны «күшік күйеу» деп көзге түрткен жоқ. Бір түтіндей орта ауқаты бар, ел қатарлы Қармыс ауылымен жайлауға шығып, етекке түсіп жүріп жатты. «Пайғамбар да күйеуін сыйлаған» деп ешкім мұның бетінен қаққан жоқ. Жылқының бабын бір адамдай біледі. Өзіне де бір үйір жылқы бітті. Ақылжанға қанжар соғып әкелген ұстаға қимағанына қаратпастан бір тайды Нарғазы сол үйірден бергізген-ді. Ақылжанның садағасы... Мынау меңіреу зиратта осы оқиғаны есіне түсірген Дәмелі қанжарды қолына алды. Жаңағы қылт еткен аттылар бұрыла қалса, балалардың өміріне қауіп төнсе, бойынан әл кетіп көзін жұмғанша осы қанжармен қайрат қылмақшы. Ашуға мініп кектенгені сонша, ар жағынан әбжылан ысқырып тұрғандай, әйел екенін де ұмытып кеткен сияқты. Бала шіркін адамды қандай күйге түсірмейді, арыстандай айбарлы да етеді, дәнеңе қолдан келмейтін дәрменсіз де қылады. Қасындағы екі әйел де сұрланып қаһарға мініп алыпты.
Үшеуі бірін-бірі үндеспей-ақ ұққандай.
— Өліспей беріспейік!
— Торғай құрлы жоқпыз ба, ол да шыр-шыр етіп балапанын қорғайды ғой!
— Мыналардың қылыштағанын көргенше, алдымен өзіміз туралайық!
Бағанағы босаңдық енді қайратқа ауысқандай. Шешелерінің осы бір жанкешті тәуекелін балалары да сезгендей ме, әлденеге олар да тістенді. Қарындары ашқан болар-ау, бірақ қорқыныш бәрін буып-түйіп тастаған секілді. Бақтарына періште қақты ма, аттылар бұл жаққа көзін салмады. Тағы да кімдерді сорлатайын деп барады екен? Асынған мылтықтары да, қоқаң-қоқаң еткен жүрістері де жиіркенішті-ақ, суық-ақ.
Айдаладағы мола ішінде аңырып отырғанда күн батты.
Дәмеліге сол ұясына кіріп бара жатқан күнде бүгінгі қырғынның қып-қызыл қанды суреті тұрғандай көрінді. Мана көз алдында іші жарыла аттан құлаған екіқабат әйелдің жалбыраған шашы сол күн бетін жапқандай болып кетті. Шошынғанынан екі көзін алақанымен басып қалғанда, мұның аяғы ауырлығын білетін қасындағы әйел:
— Ішің ауырып кетті ме? — деді.
— Жоқ, әншейін.
Қанжардың сабын қолы қаттырақ қыса түсті. Еңсесін езген ойдан селт еткізген мына байғұсқа көп рақмет. Оның да қай шекесі қызып тұр дейсің.
Қасындағы екі әйел Дәмеліден жас. Екеуі де Дәмелінің аузына қарайтын секілді. Бүгін күні бойы айналадағы анталаған жаудың көзінен таса қылған аруақтарға мың да бір рақмет. Енді бұларды да қорлап, үстін таптай бермеуі керек қой. Қарекет жасайын десе жау алдында ма, артында ма, оңында ма, солында ма - ешбір хабары жоқ, дүние атаулы түп-түгел осы моладай меңіреу секілді. Бұдан шықса, қайда барады? Оның үстіне, үйірілген қараңғымен бірге қаптаған үрейді де көргендей. Жарайды, жау түнде тыныстады дейік, сонда қайда барады? Дәмелінің бар үміт артқаны бауыры Нарғазы. Сол ғана есіне түсіп бір қарекет жасамаса...
Нарғазы кеше ақтар тиді дегенді естісімен, астындағы Құдайторысын аямастан, Антоновкідегі қызылдарға шапқан еді. Мысын құртқаңда алғашқы күзетте кездескенге ойындағысын орысша айта алмай, ашу үстінде айқайға басты. Анау да қызба неме екен, адыраңдап тұрған қазақты мылтығын кезеп, аттан түсірді, айдап штабқа әкелді. Бағына әскерше киінген қазақ шықты алдынан.
Барлық әңгімені естісімен ол бастық секілді біреуіне барып, қас қағымда сол жерде жатқан аттыларды көтерді. Маңдайына бес бұрышты қызыл шүберек тігіп алған шошақ қалпақтылар қайысып сапқа тұрғанда Нарғазыға жойқын бір күштей көрінді.
— Жергілікті халықты бізге қарсы қою үшін ақтардың әдейі жасаған әрекеті, - деді штабта кездестірген қазақ Нарғазыға. - Кәне, көштерің қай жерде шапқынға ұшырады? Баста.
Мана төбенің ар жағынан Дәмелілерге көрінген аттылар солар еді. Оның ішінде Нарғазының бар екенін білсе, айғай салмай ма? Содан қызылдар сол маңайды сүзе қарап, көштің қалай тас-талқан болғанын көздерімен көрді. Нағыз айуандық! Нарғазының есейгелі бірінші рет жылағаны, қолқасы суырылып, кеудесін әлдебір белгісіз күш қазір быт-шыт етердей. Ауылы, бүкіл Қармыс ауылының жиған-тергені шашылып жатыр. Дүниесі құрысын, бәрінен адамдарды қорлағанын айтсаңшы. Кім бар, кім жоқ, түгендеуге мұрша қайда? Ақтардың қимылына қарағанда, бір желік біткендей. Әнеу күндері Алакөл жақтан озбырлықтары жайлы жаман хабар жеткен-ді. Осынау тұста бір қырғын, текетірес болмаса жарар еді.
Іңірде ат сабылтып, көштің кешкі қонар жері деп келіскен Қарабөгетке келсе, ұлар да шу, азалы айқай. Еркектер жағы аман, екі әйел, үш баланы өлтіріп кетіпті. Үш әйел, үш баланың өлі-тірісі белгісіз. Оның ішінде Ақылжанымен қоса өз әпкесі Дәмелі бар. Малыбай жездесі басын тоқпақтап, жылап отыр. «Сор маңдай, сор маңдай» деп өзін-өзі ұрғылай береді...
Екі көзіне әлі келген Малыбайдан айырмашылығы — бұл сұлық үндемей жүрді де, ақыры Дәмелі мен Ақылжанды іздеуге қарекет жасады.
Ақтардың кейін шегінгенін кеше өз көзімен көрген. Көш қираған Шатырбай беткейіне қайта аттанды. Қасына ерткен Малыбайдың қанжығасына қоржынға салып бір торсық қымыз, бір дорба бауырсақ байлатты.
Көш қираған жерден төменіректе, жырақта Тәуіпмоланың қасында әлдекімдер қараңдаған секілді болды. Шоқытып жақындай бергенде, өзектен кісінеген жылқының даусы естілді.
— Мынау құла биенің даусы ғой.
Малыбайдың қорыққаны да, қуанғаны да белгісіз, Нарғазыға үдірейе қарады. Кісінеген жерге келсе ерттеулі, қалмақша байланған, бүйірлері әбден қабысқан үш жылқы тұр, иелері жоқ. Ашыққан жылқыларды шешіп алып, беткейге шығайын десе, жер тістеп жануарлар өліп барады.
— Сен кішкене оттата тұр. Мен анау зираттың төңірегін шолып қайтайын.
Нарғазы шоқыта жөнелді. Әлден уақытта зират ішінен үш әйел, үш бала улап-шулап шыға келді. Дәмелі Құдайторының жүрісінен-ақ танып, «а, құдайлап» ұмтылған. Нарғазы мол денесін аудара-маудара аттан құлай түсіп, мына бейбақтарды кезек-кезек құшақтап жатыр. Жер тістеген жылқыларды тастай салып, Малыбай да тұра шапты. Дәмелінің байқауында, екі күн молада түнеген бұлардан гөрі Малыбай жүдеу көрінді. Тіпті «ақсарбастан» басқа аузына да ештеңе түспейді.
2
Ақылжанды оқуға өзім апарып беремін деп жүретін Нарғазы. Сол сөзінде тұрды да, қалақтай жұқа аққұба баланы Сүзеген молдаға өзі ертіп келді. Нарғазыдай азаматтың алдына келгеніне молдекең разы секілді. Бірақ оны сыртқа білдірген жоқ. Жиеніне де, нағашысына да біраз сүзе қарап отырды да:
— Бісмілла, рахмани рахим, тілектерің қабыл болсын! - деп бетін сипады. Нарғазы мен Ақылжан қоса сипады. Молдекең аларған күйі қасында ұзынша астауға салынған былқылдақ көк шыбықтарға көзін тастады. Не ойлап отырғанын Нарғазы айтқызбай-ақ ұққандай. «Оқыса, өзіне пайда, оқымаса, мынаны танып қойсын» дегендегісі ол. Ақылжанның бұлардың іштей өзара аңдысында шаруасы жоқ. Молданың мынау жасаулы үйіне қарай береді. Іші тап-таза, артық тұрған ештеңе жоқ. Молдекеңнің тұла бойы қандай жинақы болса, үйі де сондай жинақы. Бала оқитын үй осындай болады деп тұрғандай. Үндемеген күйі қоңыр кебеженің үстіндегі әдемілеп ақ шүберекпен тысталған қалың кітаптың қасына барды да:
— Құран алдында жақсы оқимын деп ант ет, - деді Ақылжанға бұрылып, Ақылжан нағашысына қарады.
— Бала дәрет алып па еді?
Нарғазы мырс етіп күлді.
— Молдеке-ау, бұл әлі сәби ғой.
— Құранды ұстар сәбидің де тазалығын қалайды аллам. Анау құманды алсын да, далаға барып қолын жақсылап жуып келсін.
Нағашысы Ақылжанға ым қақты. Өзінің де алғаш молдаға қалай барғаны есіне түсті. Бірақ ол молда дәрет алғызған жоқ болатын. Анадай суға салынған шыбықтары бар-ды. Нарғазы алғашқы аптада-ақ, алғашқы дүрені жесімен сабаққа келмей қойған-ды. Әкесі атпен қуып сабаса да, ақыры оқуды тастап кетті. Шүкіршілік, ешкімнен кем болған жоқ, үш арыстың бірі Нарғазы атанып жүр ғой. Дегенмен есейе келе сол тентектігіне өкінетін сияқты. Өз кіндігінен ұл болмаған соң, Ақылжанды оқысын деп жүргені де сол еді. Одан бір зеректікті байқағандай.
— Нағашысына тартып жүрмес пе екен?
Сүзеген молда қулана күлген болды. Нарғазы сөз төркінін түсіне қойды.
— Бәрі молдасына байланысты ғой, — деді өзін емес, кінәні дін иесіне аудара сөйлеп.
— Бұл заман не болып барады? Мынау текетірес немен тынар екен? Құдайым ақ батасын беріп, атам заманнан аруақты еткен ақ патшаға қарсы шығу деген не? Бұдан өткен күнәһарлық бола ма? Кедейлер құтырып барады дейді ғой. «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас...»
Нарғазының аңсарын байқағысы келгендей, Сүзеген молда әдемі бурыл сақалым шошайта иегін көтерді. Ел азаматысың ғой, сен не дейсің дегендей. Кіршіксіз ақ жағасы, инеден жаңа шыққандай жарасымды қара шапаны, төрт сай ғып тігілген қара тақиясы, тіпті кеңірек етіп таза қырылған мұртының суағарына дейін осынау адамда білімділіктің бөлек бір бітімі бардай етіп көрсетті. Нарғазыға ол өте қиын сұрақ қойды. Оның өзін де дал қылып жүрген мәселені бажайлап бер дейді.
— Кедейлер де адам ғой, — дей салды Нарғазы өз жауабына өзі аса қанағаттанбай.
— Сен кедейге жатпайсың. Тұрғанбектің тұқымы бүкіл Қармыс әулетін шырқ үйіріп тұрған жоқ па? Қызылдың күші бұл жерге жетсе алдымен сендерді жәркемдер.
— Молдеке! Турамыз жетпейтін мәселеге тура ұмтылып қайтеміз? Бәрін өмір көрсетер. Кінәсі жоқ көшті шапқан ақтарыңыз да оңып тұрған жоқ қой. Екіқабат әйелдің ішін жарып кету деген не деген хайуандық!
— Иә, Алла жазасын берсін. Пендеден күтер қылық емес ол.
Екеуінің сөзін елтіп тыңдап қалған Ақылжанды молдекең енді байқады.
— Мына кітапқа маңдайыңды үш тигіз де, ішіңнен «ант етемін, ант етемін, ант етемін» деп қайтала.
Бала молданың барлық айтқанын істеді. Нарғазы одан көз алмай қарап тұр. Жұқа маңдайы Құранға тигенде, езуі жаңа туған қозының ерініндей жыбыр-жыбыр етті. Есіл-дерті, бар ықыласымен жасап тұр. Құдай алдында ғана емес, жақсы оқуға өзі де жанын үзетін мынау нағашысының алдында да ант еткендей. Өзгесінің бәріне жас бала ұйып тұр-ау, бірақ молданың сүзе қарайтыны біртүрлі қорқытатын секілді. Сүзеген молда атанып кеткені де сондықтан шығар.
— Мынау жиеніңнің әкесі, анау Малыбай намаз оқымайды дейді ғой. Өзі намаз оқымағанның баласы дінді қайтіп құрметтейді?
— Молдеке, барлық жұртты бір күнде тәртіпке салып қайтеміз? Мынау дүрбеленде байтал тұрғай, бас қайғы демекші, намаз тұрғай, жан қайғы болып кеткен жоқ па?
Манадан бері омыраулап отырған молданы Нарғазы бір тұқыртып алғандай болды.
— Сені қызылдармен байланысың бар дейді ғой?...
Мына сөз Нарғазыны тіпті шамдандырып жіберді.
— Көшіңе шауып, қатын-балаңды ақтар турап жатса, қызылдар тұрғай, басқаға барып тығыларсың.
— Иә, иә, бір зұлмат заман болды ғой!
— Биыл тыныш қыстатса жарар еді. Қайсысы болса да малға тимесін деп, оларды ілгерірек жібердік.
Нарғазы Сүзеген молданың одан әрі дауласуын қалап отырған жоқ. Орақ тіліне кейде ие бола алмай қалатыны бар.
— Молдеке, үйлеріңізді ертерек жығып, көштің алдыңғы жағында болғайсыз. Кім біледі, не тағдырдың күтіп тұрғанын!
— Иә, иә, рақмет, қарағым, тәңір жарылқасын. Бір жерде байыздап отырмайтын уақытқа тап болдық қой!
Нарғазы Ақылжанды жетектеп шығып кетті.
3
— Аттан! Аттан! Жау шапты!
— Жығыңдар үйді, көшіңдер!
Тұрақтағанына үш-ақ күн болған ауылды мына айқай астаң-кестең етті. Шапқыншы үй-үйді аралап, ойбай салып жүр. Біреуді біреу біліп болмайды, ала шапқын, арлы-берлі жүгіріс басталды да кетті. Үйлер жығылып, шөк-шөктің астына алынған түйелер баж-баж етеді.
Дәмелі дауыстап, күйеуін іздеп жүр. Жер жұтып кеткен бе, жоқ. Үйді жалғыз өзі жығып үлгере алатын емес. Ең болмаса анау тұрған түйені айдап әкелсе ғой.
Осы маңды көріктендіріп тұрған киіз үйлер түс ауа дауыл ұрғандай болды. Жығылмаған жалғыз Малыбайдың үйі ғана.
— Малыбай, а, Малыбай! Ойбай, қайдасың?!
Мана желінің қасында қазық шауып отыр еді. Дәмелі жүгіріп сонда барды. Көмерінде түк жоқ, қазығын әлі ұштап отыр.
Ойбай-ау, кеудеңде жаның бар ма? Әлде тас кереңбісің? Жау шапты деп жатқан жоқ па? Көрмейсің бе, жұрттың бәрі үйін жығып тастады.
Көне, қайдағы жау! Осы өз құтымызды өзіміз қашырып болдық қой. Көрсетші маған!
— Сенің есің дұрыс па? Жұрттың алды әне түйелеріне артып та үлгерді.
Малыбай мәу деген де жоқ, қазығын жонып отыра берді. Жалбақтап тағы бір атты жетті.
— Көшпесін, қорықпасын деді. Келе жатқан қызылдар екен.
«Бұл — Нарғазының сәлемдемесі» деп жеткізді шапқыншы. Үш күннен бері ауылда жоқ болатын. Не істеп жүргенін ешкім білмейді. Мына шапқыншыны елді тыныштандыру үшін жіберсе керек.
— Нарғазы сонда қызылдармен бірге ме?
Осы сұрақты сыздана қойған Сүзеген молдаға шапқыншы жауап бере алған жоқ. Молданың үйі жығылып, бір түйеге жүкті артып та қойыпты.
— Айтпадым ба, не кеп, қазір лақап көп. Сабыр түбі — сары алтын. — Енді ғана қабаланып келе жатқан қара сақалын сипап, Малыбай әйеліне қарады.
— Сенің сабырың кісі өлтіреді, білдің бе? Бақытына хабар өтірік болды ғой, әйтпесе жау табанында алдымен қалатынның өзі едік.
— Жау, жау! Мылтық асынғанның бәрі жау ма сендерге? Қызылдар кедейлерге тимейді дейді, - деді Малыбай.
— Мына әлем тапырақта кедей, байды кім айырып жатыр? Ана азын-аулақ малынды сыпырып алып кетсе, тимегеннің көкесін сонда көрер едің. Етек-жеңіңді былай жимайсың ба.
Дәмелі еріксіз күліп жіберді. Жұрт жығып тастаған үйін қайта тігіп әуре. Малыбай соларға күле қарады да.
— Ер адамның ұстамды болғаны дұрыс қой, тегі, — деді.
Әйелі ол мақтауға қосыла қойған жоқ. Күні бойы бітпейтін күйбең тіршіліктің уысында тағы кете берді. Екі күннен бері шешесі отырған ортаншы бауыры Жанғазының үйіне де соққан жоқ. Үлкен қызының шошып ұйықтай алмай жүргені есіне түсті.
4
Дәмелінің бұдан ары шыдай алатын түрі жоқ. Екі інісін алып, Нарғазы ұшты-күйлі жоғалды да кетті. Біреулер ақтар жағында екен десіп гу-гу етеді. Бірақ бәтуалы бір хабар жоқ. Бәрі дейді, дейді ғана. Әйтеуір жаман аттан әзір аман. Үшеуінің бірдей жоқтығы ауылды керемет жетімсіреткенін көрдің бе? Кәдуілгі бір тірегінен айырылғандай шетінен қоңқ-қоңқ етеді. Малыбайға бір-екі рет хабарын білмейсің бе деп көріп еді, ол байғұс соғыс жүріп жатқан жаққа тіпті беттегісі келмеді. Қараусыз қалады ғой деп малын сылтауратты. «Нарғазы жауға алдырушы ма еді? Әрі қасында Ерғазы мен Жанғазысы». Жаудың өзін өңгеріп әкелер. Әйелін осылай жұбатпақ болып еді:
— Ойбу, аңқау байғұс-ай, бұл сойылдың соғысы деп пе едің, мылтық деген пәле қаптап кетті емес пе? Бір-біреуін мойындарына асып алып, қоқаң-қоқаң етеді, — деді Дәмелі.
— Қой, сенен қайыр жоқ екен. Сөзіңнің түрі жаман.
Ақылжанды Жанғазының үйіндегі шешесіне тастап, Дәмелі тәуекелге бел буды. Әйелсің ғой деген анасының ескертуіне:
— Үшеуінен жаным артық па, неде болса бірге көрейін, — деді Дәмелі. — Ең болмаса, бар-жоғын білейік. Сорымыз қайнағанда түгел қырып жүрмесін оларды.
Черкешке жақындағанда Дәмеліге үрей кіре бастады. Атыс-шабыс, дүңкілдеген зеңбірек үні. Астындағы құла бие де елеңдеп, ілгері басқан сайын үрке берді.
Жайлауға арлы-берлі өткенде жүн, тері тастап кететін Нарғазының Шодыр деген бір тамыры бар еді. Соның үйіне соғу керек шығар. Мынау айналасындағы аласапыраннан не хабар бар екен? Қазақша жылмай сөйлейтін Шодырдың Черкешке жақын осы Антонның (Антоновка) қалай пайда болғаныңның аңыз болса да естігені бар. Сонау ертеректе, бұлар бұл дүниеде әлі жоқ кезде, іштен жер ауып келген Антон деген орыс бір қазақ байына жұмысқа жалданады. Қолынан келмейтіні жоқ, арба да, шана да жасайды екен, ат та тағалайды, далаға әдетте итке тастайтын жылқының, сиырдың терісінен былғары жасайды. Қызметіне әбден риза болған бай көңілі түскен бір күні:
— Осы сен менен бір нәрсені қалашы, — депті.
Осындай сәтті талайдан күтіп жүрген орыс: «Маған сиырдың терісіндей ғана жер берсеңіз болды», — дейді.
Қарқ-қарқ күлген бай әуелі оның өзін мазақ етіп:
— Сен біреуін сұрасаң, мен екеуін берейін, — дейді.
Содан әлгі орыс екі сиырдың терісін жіп-жіңішке етіп, таспалап тіліп, бір-біріне жалғағанда осы Антон мекенін орауға жеткен екен дейді. Байға келіп:
— Тақсыр, берер жеріңізді өлшеп қойдым, — депті. — Нанбасаңыз, көріңіз. Екі сиырдың терісінен аспайды. Мырзаға екі сөйлемеген жөн болар.
Жеңілген бай іші удай ашыса да сөзінде тұрып, осы араны түгел сол орысқа берген екен дейді. Содан бұл жер Антоновка атанып кеткен. Үрім-бұтағына дейін ол мынау шұрайлы жерде әбден байыпты. Не де болса, бір ақылды орыс екен деген Дәмелі ішінен. Алған жерін көрдің бе, түстігі тау, екі жағы өзен, үзілмейтін самалы мынау, шыбық шаншысаң, сырық өседі. Әне өзін де ну ағаш етіп жіберген. Жайлауға барарда, түсерде Қармыс ауылы осы жерге бір тыныстайды. Оның үстіне, Нарғазы Шодыр деген тамыр тауып алды. Мұнда тұрған орыстар күзде Антонның алмасымен-ақ қазақтарды біраз малданып қалады. Дәмелі бөлке деген нанды да алғаш сол Шодырдың үйінен жеді. Көкем-ау, неғылған ғажап, жесең тоймайсың, арасы мамықтай жұп-жұмсақ. Шодырдікіне барам десе, Дәмелі Нарғазыға ылғи бөлке нан әкелуді тапсыратын.
Шодыр үйінде болмай шықты. Шаштары ұйпалақтанған сары бас екі бала қыр қазағын көріп, алғашқыда үрпиісіп қалса да, бірте-бірте жуыса бастады. Дәмелі оларға ірімшік, бауырсақ берді. Таң көріп жеп жатыр. Не де болса күннің батқанын күтті.
— Бұл үйдің әйелі қайда?
Балалар ештеңе білмейді. Үміт артқаны осы Шодырмен тілдесу еді. Тұйыққа біржола тірелген секілді. Ымырт жабылып, қараңғы түскенде екі жаяу келді. Бірі — Шодыр, бірі — Нарғазы. Дәмелі бауырының мойнына асыла кетті. Ол әпкесін жерден тік көтеріп алды. Сағынып қалыпты. Бүкіл ауылды сағынды.
— Шодырдың үйіне бару басыңа қайдан келді? Ақылыңнан айналайын. Ауыл аман ба?
— Дәмелі, жарайсың. Қазақтың қыздары батыл келеді дегенді көп естуші едім, — деді Шодыр тура ана тілінде сөйлегендей.
— Үш бауырың бірдей жоқ болып кетсе, мәжбүрлік қой.
— Қалай дегенде де жарайсың. Келгенің ғажап болды.
— Жанғазы мен Ерғазы қайда? Айтам, бәрін де айтам.
— Ол екеуі қазір ұрыс шебінде.
— Ұрыс дейді, атысып жүр ме сонда?
— Атысуы бар, аңдысуы бар. Қорықпа, қазір бәрін айтам.
— Менің байқауымда, қазір қызылдар қысылып жатқан секілді.
Анау Семей жақтан жорығын бастаған ақтардың Анненков деген атаманы осы арада қызылдарды жәукемдемекші. Әнеукүні жергілікті жердің адамдарын көмекке тартып жатыр. Мына Шодыр осындағы кедейлерді ұйымдастырып жүргенде, одан осы мандаты ықпалды деген азаматтардың атын сұрапты. Шодыр мені айтыпты. Содан осы Шодырдың үйіне соңғы келгенімде мені ұстап алды. Кешке көмектескенін алдыма тартты.
— Бізге азық-түлік жағынан көмек керек, — деді. - Ұят қой, алмақтың да салмағы бар. Анада бұлардан қорықпағанда, ақтар бүкіл ауылымызды тып-типыл етіп кететін еді ғой. Амалым жоқ, көндім. Жанғазы мен Ерғазыны бір түнде ауылдан алып кеткенім, бұларға азық-түлікті табу үшін Шатырбайдың жылқысын шабу керек болды.
— Ойбай-ау, ол сенімен енді біржола жауласатын болды ғой. Мұнда екендеріңді біліп пе?
— Білгенде қандай, Тұрғанбектің үш қуы күні үшін қызылдарға сатылып кетті деп лақап таратып жүрген көрінеді.
— Ал, ертең сол құдайдай сенген қызылдарың жеңіліп қалса ше? Өзі қоршауда көрінеді. Онда тұқымымыз тұздай құрыды дей берсеңші. - Дәмелі еңіреп жылап қоя берді.
Әңгімеге Шодыр араласты. Дәмеліні жұбатып жатыр.
— Бүкіл елде Кеңес өкіметі орнап жатыр. Қызылдар жеңілмейді. Мынау бір уақытша қыспақ қой. Бірақ ақтардың өліспей берісетін түрі жоқ. Анадағы сендердің көштеріңе тиісіп жүргені де сол қаскөйлігі. Осынау Анда, Мәмбетей, Ерші, Ақынай, Шүйе, Шәржетім руларының ішіндегі адасып жүргендері Нарғазы қызылдарға қосылыпты деген соң, ақтарға көмектесуін қойыпты. Бауырыңның беделін көрдің бе?
Қазақтың осы мандаты ру, тобын өзінің жекжат-жұрағатындай саралап тұрған Шодыр Дәмеліні таң қалдырды. Сөйтіп, «Нарғазы сендерге қалқан екен ғой, азаматтың атын да пайдаланып... қуларын қарашы өздерінің. Басқаша айтқанда, құрбандық десеңші. Кедей дейтіндей сіңірі шығып тұрған ештеңесі жоқ. Шіріген бай болмаса да езіне жетерлігі бар». Осы ойлар келгенде Дәмелі сұп-сұр боп кетті. Оны байқап қалған Нарғазы:
— Қорықпа, қорықпа, құдай сақтасын. Бір апта қарасында ауылға келеміз. Мынау Шодырдан, анада көшті құтқарып қалған Жүсіптен ұят қой. Олар қолұшын бергенде, біз неге бермейміз?
— Қол ұшы деп жүргенде мерт болсаңдар қайтесің? Мен Жанғазы мен Ерғазының тірі екеніне көзім жетпей кетпеймін. Көнсе, оларды алып кетем.
Селодан үш атты түн жамылып шықты да, шығыс жаққа қарай беттеді. Дәмелінің ойынша, анада ақтар көшті шапқандағы өздері аттарын қалдырған терең өзекті бойлап келе жатқан сияқты. Әр-әр жерден топ-топ болып кездескен адамдар орысша сөйлейді, оны бұл түсінбейді. Бәрінің де асынғаны мылтық. Қараңғыда ешкімді біліп болмайды. Егер қасында Шодыр мен Нарғазы болмаса, бөтен бір әлемге келген секілді. Бәрі үнсіз, бәрі қатулы.
— Қазір осында шақыртайық.
Әңгіме Жанғазы мен Ерғазы жайында екенін Дәмелі айтпай-ақ сезді. Жүрегі лүпілдеп біртүрлі болып тұр. Әлден уақытта Жанғазы жалғыз келді. Мұның айырмашылығы — өзгелердей әскерше киінбеген. Басында сол алты сай бөркі, үстінде белін буған жеңіл шапаны. Нарғазыдан сәл аласалау, бірақ палуан пішінінде төртбақ, көзінде мұң бар секілді. Енді ғана көтеріліп келе жатқан ай жарығы Дәмеліге бауырын айнытпай танытты. Бірақ інісінің түсі неге тұнжыр?
Бетінен сүйді де:
— Ерғазы қайда? — деді. Жанғазы үндеген жоқ.
Әлденеден секем алған Нарғазы:
— Мана бірге едіңдер ғой, — деді.
Шодыр да әлденеден шошынғандай мына жайдың сырын тезірек білгісі келді.
— Неге үндемейсің? Тірі ме өзі?
Дәмелінің даусы ащырақ шықты.
— Осыдан азғана уақыт бұрын Шатырбайдың жігіттері байлап алып кетті. Соңынан қуып жете алмадық, сұмырайлар жүйрік аттармен келсе керек. Бәрінің де мылтығы бар.
Дауыс сала бергенде Дәмелінің аузын Нарғазы баса қойды. Айыпты адамдай Шодыр да төмен қарады.
— Иттің баласы, мұны әдейі жасап отыр. Оның бізді аңдығанына біраз болған, — деді Нарғазы қатуланып. — Осыдан шыбын жаным кеудемде болса...
Жанғазының ішіндегі арыстан ағасынікінен де айбарлы сияқты. Дәмелі де екі көзге ерік бергеннен гөрі бекінгенді мақұл көрді.
5
«Шатырбай дегеніне жетіпті, Тұрғанбектің бір арысын қолға түсіріпті» деген лақап ел арасында дүр ете қалды. Бұл оқиғаға жұрт ақ пен қызылдың шайқасынан гөрі де көбірек елеңдеді. Дәмелі ауылға келгенде алдынан шыққан хабар да осы болды. Жұрт ортаға алып, оны бір кеш босатқан жоқ. Ертеңгі азан-қазанда да біраз басын ауыртқан- ды. Тағы да бәрі телміріп аузына қарайды. Әсіресе, бала да болса Ақылжанның ықыласы тіпті бөлек. Ол өзінің нағашыларын ешбір жау ала алмайды деп санайтын. Анасының ауыл арасындағы сан сойыл соғысты айтқаны бар. Сонда нағашылары ылғи жеңіп шығатын еді ғой. Енді қайдағы бір Шатырбай дегеннің көгеніне түсіп қалғаны несі? Көгендеп қоятын ол сонша қозы ма екен?
— Көген-мөгеніңді білмеймін, бірақ Ерғазының қолға түскені рас. Жанғазының өз аузынан естідім.
Бұл сөздерді Дәмелі қатулана айтты. Бырс-бырс жылау әйелдер арасынан тағы шыға бастап еді, Балжан бәйбіше айқай салды.
— Тәйт, жаман ырым бастамай түге. Мен қолға түссін деп ұл тапқаным жоқ. Әй, Дәмелі, мін атқа, ана Нарғазыға айт, не деген қорлық мынау, бауырын көгендетіп қойып жер бетінде қалай жүр ол?
Анасының ашуға бір мінсе, мықтап мінетінін Дәмелі білетін-ді. Бірақ мұндай қайрат шақырған қалпын бірінші рет көруі. Ұлдарымен қоса, дәрменсіздіктері үшін осындағылардың бәрін айыптап отырғандай.
Мұндайда құрыққа сырық жалғанып, ел арасы гу-гу әңгімеге толып кетеді ғой. Ерғазымен бірге төрт орыс та көгендеулі дейді, «жылқымды шапқан Нарғазының жазасы бұл, оның езі де алдыма келеді әлі, қызылды жақтаған сатқынға көрсетейін» деп Шатырбай шалқып жүр екен деп гулейді. Түнде тұтқындарды өзі күзетеді екен. Не керек, әйтеуір қабарып қаулап, «дейді, дейді» көбейіп кетті. Осы «дейділер» ең алдымен Қармыс ауылының, одан соң Нарғазының жанын жегідей жеп барады. Ерғазы қолға түскеннен бері, шынын айтқанда, Нарғазының да ішкені ірің, жегені желім. Оның үстіне, Дәмелі анасының айтқанын аудырмай жеткізді.
Бір топ солдатпен барып Шатырбай ауылын шауып қайтуға оқталғанда, тәк-тәк деп Нарғазыны Шодыр тоқтатты.
— Өйтсек, ол ит Ерғазыны өлтіріп жіберуі мүмкін. Басқа жолын қарастырайық. Есіріп отырғаны мынау ақтардың бас көтеруі ғой. Шауып алам дейсің, өзің қолға түсіп қалсаң ше? Шатырбай қалпағын аспанға сонда лақтырар, — деп ол басу айтып. — Амал керек, амал.
Шатырбай да бұл әрекетке баруын барып алса да, қорқып жүрген-ді. Өйткені ұялас қасқырдай Тұрғанбектің үш ұлының бірін-бірі оңайлықпен бермейтінін жақсы білетін. Әйтеуір бір соғары сөзсіз, қалай соғады, ол жағы әлі беймәлім. Қапы қалмау керек. Осы ойлар оны да біраз әуреге салды. Мана күндіз көген қасына барып еді, Ерғазының бетіне қарай алмады, бәтшағардың көзі не деген сұсты еді, ызбарланғаны сонша, тіпті жеп жібере жаздады ғой. Бостандық алса, мұның қаһарынан тірі қалу жоқ. Қасындағы орыстардың сақал-мұрты да өсіп кеткен. Бұларды ұстатқанына да қазір өкінгендей. Қызылдармен шатасып нем бар еді, ұстассам, осы Нарғазымен неге ұстаса бермедім? Бір ауылды ғана емес, дүйім өкіметті өшіктірдім-ау, тегі. Ағайындарым да сусып қашықтап барады.
— Ол заман да бұл заман көгендегенді кім көрген? — деп өзімді айыптайды әуелі. Олар бұларды күзетуден де қаша бастады. Қай шекемнің қызғандығынан өзім түнде күзетте жүрмін. Ойланбай ұрынған пәле опық жегізіп жүрмесе жарар еді. Солар алған бес-алты жылқыға бола мұншама неге тереңге кеттім? Таң қалатыны, бір апта болды, бұларды іздеуші жоқ. Әлде амалы ма, әлде ақтардың қоршауынан шыға алмай, мыстары құрып жатыр ма? Ерғазыны көгендегені алғашқыда атағын шығарған сияқты болғанымен, бара-бара бір пәлеге ұштасайын деп тұрған секілді.
Айдың ортасынан ауғаны болу керек, үлкен боп қызарып кеш туды. Шатырбай мылтығын жамбасына басып, күндегі әдеті бойынша далаға салдырған құс төсектің үстінде қор етті. Оның осы қорылы Ерғазының жанына тиіп, жүрек-қолқасын түгел астаң-кестең аударып жібергендей болды. Әттең, әттең... қорылдап жатқан жерінде жуан алқымнан алар ма еді? Қол да, аяқта байлаулы, оның үстіне, көгендеп қойғаны мынау. Мұндай қорлық болар ма?
Сәл есін жиып, айналаға қарады. Әупілдеп осы жерден шықпайтын екі қарала төбет те көрінбейді. Шатырбай оларға түн болса құдайдай сенетін. Мана бір қаншырдай қаншық келіп жүр еді, сол пәлені көрісімен екеуі де одыраңдап, құйрықтарын бұлғақтатып мынау дүниені ұмытқан-ды. Артынан тағы бір ала қаншық ол жетті. Төрт иттің тойы секілді бірдеңе басталған-ды. Ит екеш иттер де еркіндікте. Осы бір адамдар бірін-бірі талап, бірін-бірі қорлап