Әдебиет
Камал Әлпейісова
Камал Әбілқасымқызы Әлпейісова (1956 жыл, Қостанай облысы, Амангелді ауданы «Родник» кеңшары) - аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты.
Камал Әбілқасымқызы Әлпейісова (1956 жыл, Қостанай облысы, Амангелді ауданы «Родник» кеңшары) - аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты.
Шекара асқан сағыныш
Танакөз бүгін де ұйқысынан ерте оянды. Жуынып-шайынып алғаннан кейін ас үйге барып, күндегісінше балаларының таңертеңгі шәйін қамдауға кірісті. Өтіп бара жатып, үйреншікті әдетімен қабырғаға ілулі тұрған кішкентай радиоқабылдағыштың түймешесін баса салып еді, бөлме ішін күмбірлеген домбыра үні кернеп кетті. Танакөзге Түркештің «Көңілашары» шалқып-тасып, ашық терезеден далаға лап қойып, қала үстінде қалықтап, таулардан асып, бүкіл даланы жайлап бара жатқандай көрінді. Бұл не деген сиқыр десейші! Домбырадан дүркіреп төгілген жеңімпаз әуен қуанышты, шат-шадыман екпінімен елітіп, баурап бара жатыр. Байқап жүр — бұл күй тыңдаған адамның жан-дүниесін дүр сілкінтіп, қанаттандырады екен. Тіпті көңілі жарым кездің өзінде еңсесін еріксіз тіктеп, адамды әлемнің барша бояуы мен жарқын жақтарын көруге ұмтылдыратындай қасиеті бар сияқты. Домбыра шанағынан төгілген әуенде орасан-зор күш-қуат шиыршық атып, өмірді рахаттана, құмарлана сүюге, жақсылыққа сенуге жетелейді.
Қос ішектен құйылған «Көңілашар» бұған да: жан-жағыңа қарашы, дүние неткен ғажап деп үн қатқандай. Төбеңнен қара дауылдар ұйытқып өтіп, шатырлап найзағай ойнап жатса да, сенің жан-дүниең тылсым табиғатпен, бүкіл жаратылыспен бірге өріліп, рахат күй кешер, бақытқа бөленер сәт туары сөзсіз дейтіндей...
Қаншама тыңдап жүрсе де бір жалықпай, қайталап естіген сайын осынау күйдің сиқырына арбалып қалатын Танакөз бұл жолы да ерекше сезімге бөленіп, жүзі нұрлана, елти тыңдады. Біресе самғау биікке шарықтап, біресе ұйытқи төгілген күй ырғағымен үндесіп, дастархан қамдаған қимылы тіпті ширай түсті. Енді ше? Сәлден кейін балалары бірінен соң бірі ұйқысынан оянып, мұның қолынан дәм татып, бірі оқуына, бірі жұмысына іркес-тіркес кете бастайды ғой...
Жыл сайын алатын еңбек демалысында балаларына келіп аунап-қунап, құда-жекжаттарын аралап, жастық шағын бірге өткізген достарымен жүздесіп кететін әдетімен Танакөз биыл да шілде түспей тұрып Алматыға асыға жеткен. Қаланың жасыл желекке молынан оранып, көше жағалай отырғызылған гүлдерінің бояуы қаныға түсетін осы шағын ол ерекше жақсы көреді. Демалысын үнемі осы кезде алатыны да сондықтан. Бір қызығы, жылдың қай мезгілі болса да Алматыны көз алдына келтіргенде тап осылай елестетеді.
Өмір заңдылығы қандай қызық. Қызмет бабымен Арқа төсіне көшкен алғашқы жылдары табиғаты қаталдау, ал келбеті жер жаннаты атанған Жетісудің төріндегі гүл қаламен салыстырғанда көзге қораштау көрінген қалаға үйрене алмай, әрі Алматыны сағынып, ай аралатып осында шапқылайтын да тұратын. Келе-келе ол жақтың етек-жеңіңді жұлмалаған желіне де, дыз еткізіп шымшып алар аязына да, жаздыгүні төбеңнен тесіп жіберердей болып күйдірген күніне де бойы үйренді. Тіпті «желдің болғаны жақсы, ауасы таза, кеудеңді кере дем алған қандай ғажап!», «сақылдаған сары аязға вирус біткеннің бәрі төзбейді екен, сондықтан тұмау-сымау дегендер мүлде аз» деп жаңа қоныс тепкен жерінің табиғат ерекшеліктерін артықшылықтары ретінде айтып отыратын болды. Алғашқы жылдардағыдай емес, демалысы аяқталысымен еліне қуана аттанып, ол аз болғандай, «келіңдер, жаңа Астананы көріңдер, ол — екі ғасырдың түйілісінде дүниеге келген ғажайып өнер туындысы!» деп туыс-туғандарын шақыра кетуді әдетке айналдырды.
Биыл да ел жаққа қайтатын күні жақындағанда қашанғы әдетімен көңілі жақын адамдарына қонақасы беріп, дастархан үстінде күн сайын көркейіп келе жатқан Астананың ғажайып келбеті туралы біраз әңгімеледі.
— Ой, апамыз қаласын әбден сағынған екен, майын тамыза мақтады ғой, — деп қалжыңдады көрші келіншек.
— Демалысы бітпей жатып асығып кетіп бара жатқанында бір гәп бар-ау, сірә... — Бұл — құдасының қалжыңы.
— Не десеңдер о деңдер. Расында да Астана бір көрген адамды өзіне ғашық етпей қоймайды. Бүгіні — тамаша, ал болашағы тіпті ғажап болады. — Танакөз жанына жағатын тақырыпты дамыта жөнелді. — Шынымды айтсам, соңғы кезде бір жаққа кетсем, қайта оралуға асығып тұратын болдым. Мен ғана емес, басқалар да сөйтетін көрінеді. Астана — қарқынды өміріміздің бейне-баяны сияқты, келген сайын бір өзгеріске куә боламыз деседі олар.
Әдемі әңгіме-дүкен құрып, Танакөздің берекелі қолынан дәм татқан қонақтар қош айтысып, үйді-үйіне тарасымен бұл бойын билеген бір сезімнің жетегімен темір жол кассасына барып, билетін ертеңгі күнге ауыстырып алды. Кешкі астың үстінде балаларын таңқалдырып, таңертең Астанаға кететінін хабарлады. Мұндай жаңалықты күтпеген келіні көзі дөңгеленіп, күйеуіне қарады. Баласы біраз үнсіз отырып қалды. Іштей «Келгенінде дұрыс көңіл бөлмедім бе? Әлденеге ренжіді ме? Бұрын демалысының соңына дейін жататын еді ғой?» деп өз ойымен арпалысып отырған ол қаумалаған сұрақтарға жауап таппай, анасына ойлана қарап, тіл қатты:
— Неге асықтыңыз? Әлі бір апта уақытыңыз бар еді ғой?
Баласының жан-дүниесін айтқызбай түсінген Танакөз оны құшақтап, маңдайынан иіскеді.
— Неге екенін білмеймін... Әйтеуір ертерек қайтқым келіп отыр. Әлденеге алаңдап, жаным тыншымай жүр...
Шынын айтты. Бірнеше күннен бері әлденеге елегізіп, көңіл түкпірінде бір қобалжу пайда болған. Күндіз-түні алабұртып, жайбарақат отыра алмайтын күйге жетті. Кеше барып билет алғаннан кейін ғана көңілі сәл-пәл жайланғандай. Соған қарап, «елге қайтпақ болғаным дұрыс-ау, сірә» деп ойлады. Баласына соның бәрін жасырмай айтып, қас-қабағына қарап, жаутаңдап тұрған келінін мейірлене бауырына басып: «Құлындарым, сендерге ризамын. Ештеңеге алаңдамаңдар. Ертерек барып, жұмыс басталғанға дейін біраз ұсақ-түйек шаруаларымды бітіріп алайын. Реті келсе, қысқа дейін тағы бір келіп кетуге тырысам ғой...» деді ана жүрегі елжіреп.
...Баласының үйі Алматының екі вокзалына теңдей қашықтықта болса да, поезға бірінші Алматыдан келіп мінді. Ондағы ойы — вокзалдың жаңадан салынған ғимаратына кіріп көру. Өткенде келе жатқанда вагондағы бүкіл жолаушылар терезе алдына топырлап жиналып, көкшіл әйнектен салынып, ерекше сәулетімен көз арбаған ғимаратты сүйсіне тамашалаған. Бүгін, міне, әдейі ертерек келіп, іші мен сырты бірдей жаңаланған вокзалды аралап шықты. Кең, жарық күту залынан өтіп, ыңғайлы орындықтарға жайғасқан жолаушылар үшін іштей қуанып, «шүкір, шүкір, ел жағдайы күн сайын жақсарып келе жатыр ғой» деген сәулелі оймен өз вагонына беттеді.
Купеге кірген мұны іште отырған екі әйел жылышыраймен қарсы алды. Жоғарғы сөреде 17-18-дердегі жігіт орналасыпты. Жастары өзімен шамалас әйелдер, сағаттарына әлсін-әлі қарағыштағандарына қарағанда, поездың жүруін асыға күтіп отырған сияқты...
— Ал, кеттік, — деді әйелдердің біреуі поезд жылжи бастағанда.
«Кәріс пе десем, қазақ екен ғой» деп ойлап қойды Танакөз іштей.
— Жолыңыз болсын, — деді екінші әйел бұған күлімсірей қарап. — Астанаға бара жатырсыз ба?
Танакөз тіл қатқан әйелге таңырқай, әрі сүйсіне қарады. Славян текті әйел бұған қарап тап-таза қазақ тілінде сөйлеп отырды.
— Иә-иә. Астанаға бара жатырмын, сонда тұрамын... — деді асыға сөйлеп. — Сіздер ше?
— Ой, біз алыстан келе жатырмыз. Мен — Германиядан, Соня — Кореядан. Анау жатқан менің ұлым Саша, өзімнің атым — Эмма.
— Өте жақсы. Менің есімім — Танакөз. Жолдарыңыз болсын. Қазақша сөйлегендеріңізге қарағанда осы жақпен байланыстарыңыз бар сияқты ғой?
— Болғанда қандай... Бәріміз осында туып-өскенбіз...
Біртүрлі мұңайып айтты. Терезеге бұрылып, алыстаған сайын асқақтай түскен Алатауға телміре қарады. Жанарын толтырған жасты бұларға байқатпауға тырысып, қол орамалымен бетін сүрткен болып, сорғытып ала қойғанын Танакөз байқап қалды.
— Предъявите, пожалуйста, билеты. Подготовьте деньги за постель!
— А-а... қазір, қазір. Міне, қызым. Төсекке қаншадан төлейміз?
Бойға сіңген әдетпен көпшілікке түсінікті деп орысша тіл қатқан жолсерік қыздың беті ду ете қалды. Шүлдірлеп тұрған өзіне өңі-түсі қазаққа келмейтін әйелдің қазақ тілінде жауап бергені ұялтып-ақ тастады.
— Кешіріңіз... Жүз алпыс теңгеден бересіздер.
— Міне, енді дұрыс болды. Тілің қандай жақсы, қызым. Бақытты бол!
— Сіздің де тіліңіз жақсы екен, — деп сөзге араласты Танакөз. — Германияда жүрсеңіз де қазақ тілін ұмытпапсыз...
— Неге ұмытайын? Тілім қазақша шықса, қазақ балаларымен бірге ойнап өссем, ата-анам қазақтардың арқасында небір қиындықтан аман қалса — мен ол тілді неге ұмытайын?
Эмманың даусы дірілдеп, кілт тоқтап қалды. Көзіне келіп қалған жасты бұл жолы жасыруға тырысқан жоқ. Оған қарама-қарсы отырған Соня да көзін сүрткіштей берді. Сосын Танакөзге қарап:
— Сіз бізді кешіріңіз... Елден кеткенімізге он жылдан асты. Туған жерді... сағынып, аңсап келеміз... — деді үзіп-үзіп.
Танакөздің тұлабойы шымырлап кетті.
О, туған жер! Топырағыңды басып, суыңды ішіп жүріп, қасиетіңді білмейміз-ау, қадіріңе жетпейміз-ау! Орманыңды отап, өзен-көліңді лайлап жүргендер мына отырған екі әйелдің туған жерге, елге деген іңкәр сезімін бір сәт бастан кешсе ғой шіркін! Таяуда ғана теледидардан байлық қуып, сән-салтанатқа ұмтылғандардың тау жақта зәулім үйлер салып, лас суларды кәріз тұрбаларымен Үлкен Алматы өзеніне шығарғанын айтып, жұртшылық шулап жатты емес пе? Солар туған жердің, табиғат ананың қадірін біле ме екен? Қайдам-ау... Ондайлар мына екі әйелдің сезімінен садаға кетсін!
Лықсып келген ойлардан көңілі алабұртып, жаны толқыған Танакөз әбжіл қимылдап, дастархан жасай бастады.
— Ал, бауырларым, онда туған жерге хош келдіңіздер! Мен сіздерге арнап дастархан жаяйын... Кең отырып, әңгіме айтып, жол қысқартайық...
Құдағиы жол азығыңыз деп, бір дорба ұстатқан: орауын аша бастағанда сүр қазының исі бұрқ ете қалды. Соня мен Эмма бір-біріне қарап, күліп жіберісті. Бағана поезға мінгенде екеуі ойынды-шынды: «Шіркін, купеге келетін төртінші адам қазақ болса, жолға қазы пісіріп алса...» — деп тілеген. Естеріне сол түсіп кетті. Енді күле отырып, оны Танакөзге айтып жатыр.
Осы кезде бағаналы бері жоғары сөреде етпетінен түсіп, даладан көз алмай жатқан бала жігіт бері қарай бұрылып, төмендегі үстел үстін қарай бастады. Танауына өзгеше бір иіс барғаны белгілі, енді жас жігіт ол иістің қайдан шығып жатқанын түсінгісі келетін сияқты.
— Мама, мынау иіс маған таныс, — деді ол шешесіне қарап, — бірақ ненің иісі екенін түсінбей тұрмын.
— Бері түс, ненің иісі екенін қазір көресің, — деді Эмманың орнына Танакөз тіл қатып. — Көріп қана қоймайсың, асап-асап жейсің де!
Солай деді де, дәкеге оралған білектей қазыны орауын ашып, үстел үстіне қойды.
— Уау! — деді Саша сарыала қазыдан көз айырмай.
— О-о! — десті Эмма мен Соня қазының иісін құмарлана жұтып.
— Менің бір танысым «Жер бетіндегі жеңсік астың бәрінен де қазыны артық көремін» дейтін. Айтқандай, ол кісі де тоқсаныншы жылдардың басында Германияға кеткен. Кейде, «аптасына бір рет қазы жемесем, айлап тамақ ішпегендей болам деуші еді, енді қайтіп жүр екен?» деп ойлап қоямын, — деді Танакөз Эммаға қарап күле сөйлеп.
— Қызық, менің бастығымның да солай дегенін бір-екі рет естідім. Екеуі бір кісі емес пе екен? Бірақ, Қазақстаннан келгендердің қай-қайсысы да қазы десе ішкен астарын жерге қояды ғой.
— Әрине. — Бағаналы бері сөзге көп араласа қоймаған Соня ойлана тіл қатты. — Бізде де жинала қалсақ, ет асамыз, айтатынымыз осы жақтың әңгімесі. Далада өскеніміз — даланы, тауда өскеніміз — тауды сағынамыз. Біреуміз етті мақтаймыз, біреуміз палауды мақтаймыз. Тура «Қаз-үйрек көлін мақтайды, дуадақ шөлін мақтайды» деген сияқты...
Танакөзге бүгінгі күн өзі үшін таңырқау күні сияқты көрінді. Эмманың қазақша сөйлегеніне таңданып отырғанда Соняның мақалдап-мәтелдеп сөйлегені мүлде айран-асыр етті. Соны байқаған Соня бұған күле қарап: «Мен Сыр елі — жыр елінде туып, өскем. Онжылдықты қазақша бітірдім. Тіпті, шайырларға еліктеп, ептеп өлең де жазатынмын. Біздің ауылда екінің бірі жыршы-жыраулардың ұрпағы болса, қайда кетесің?» деп бір жағынан мақтана, бір жағынан өзінің қазақ тілін білетінін жай ғана құбылыстай етіп түсініктеме беріп жатыр.
— Ал осында жүргенде өз ана тіліңізді білетін бе едіңіз?
— Әрине. Онсыз бола ма? Әке-шешем үй-ішінде тек ана тілімізде сөйлеуімізді қадағалайтын. Соның арқасында Кореяға қоныс аударған кезде тіл үйренуім, бейімделуім жеңіл болды. Бірақ бұл жақтан барған бірнеше адам кездескен кезде бәрібір қазақша сөйлесеміз, осы жақта басқосуларда шырқайтын әндерімізді айтамыз. Тіпті қыздарым да қазақ тілін ұмытқан жоқ.
— Ол жаққа қашан кетіп едіңіз?
— Он бір жыл бұрын. Әуелі үш жыл еңбек вахтасымен барып жүрдім. Бұл жақта тұрмыс жыл өткен сайын ауырлай берді. — Соня ақталғандай болып, күмілжіп сөйледі. — Оның үстіне болашақ туралы небір сөздер гулеп, сенімсіздік пайда болды. Бәрібір біржолата кету оңай болған жоқ. Қиналып барып, тәуекелге бел байладым... Әттең, дүниенің осылай өзгерерін, Қазақстанның бүгінгідей қуатты ел боларын сол кезде білсек қой...
— Жағдайларыңыз қалай енді? — Танакөз әңгімеге қызыққанымен дастархан иесі өзі екендігін естен шығармай, дөңгелете туралған қазыны әйелдерге қарай ысырыңқырап қойды. Бұған ризашылықпен көз тастаған Соня, шанышқысын тәрелкеге қуана созып жатып:
— Жаман емес. Ол жақта еңбектен қашпаған адамның тұрмысы жаман болмайды. Біздің адамдарымыздың тұрмыстарын тез түзеп алуына жылдар бойы қалыптасқан социалистік менталитеті кедергі келтіргені болмаса, — деді.
— Бізде де солай, — деп сөзге араласты манадан бері бір тілім қазыны таңдайына басып, «м-м» деп тамсанып отырған Эмма. — Қанша дегенмен, ондаған жыл бойы өмір сүрген ортаның ықпалын жоққа шығаруға болмайды, сондықтан адамның қалыптасқан дағдысынан бас тартуы оңай емес...
Танакөз ойланып қалды. Бұлар «социалистік менталитет» дегенде нені айтып отыр екен? «Адам аласы ішінде.» Бұл жақта көсіп жеп, шайқап ішкендердің де, бел асқан соң «күніміз қараң болды» деп байбаламдағандары бар. Сол сияқты тоз-тоздары шығып, арып-ашып келгендердің ішінен де тойынған соң басқа әнге салғандардың шыққанынан хабардар. Атажұртыма барам деп, шекара асып, тұра алмай қайтып келгендерді де көрген. «Сендерді қай топқа жатқызуға болады? Терезенің ар жағында дөңгеленіп қалып жатқан далаға құмарлана көз тіккендеріңе қарағанда кеуделерінде телегей-теңіз сағыныш бар сияқты. Бірақ, кім білген?..»
— Танакөз апай, қазыңыз не деген дәмді, — деп ойын бөлді Саша. — Мен кішкентай кезімде қазыны қалай жасағанын көргенмін, әлі ұмытқан жоқпын.
Эмма ұлына сүйсіне қарап, Танакөзге мақтанышпен көз тастады.
— Сізге бір қызық айтайын: өткен жылы «Caspionet» телевизиялық арнасынан «Франкфурттан шыққан жылқышы» деген тележурналды көрдік. Бойындағы айықпас дертінен әбден қажыған неміс азаматы біздің Қазақстанға келіп, қымыз ішіп, ауруынан құлан-таза жазылып кеткен. Содан еліне қайта оралған соң бие ұстап, қымыз ашытып, оны қазіргі заманға сай жасау желісін жолға қойыпты. Бүгінде бизнесі өркендеп, келіп қымыз алушылар саны күннен күнге артып отырған көрінеді. Ол кәсіпкер қымыздың емдік қасиеттері туралы үнемі насихаттап, сол арқылы Қазақстанды да көпшілікке танытуға үлес қосып жүргенін естідік. Менің Сашам қазақтың ұлттық тағамдарын, соның ішінде қазы жасайтын желі ашсам деп армандап жүр...
Эмманың «біздің Қазақстанға» дегені Танакөздің құлағына майдай жақты. Бір сәт осынау аңқылдаған әйелдерге күдіктене қарағанына ұялып та қалғандай. Енді бұған дейін өзі көңіл бөлмеген жас жігітке бажайлай қарады. Кішкентай кезінде көргенін ұмытқан жоқпын деп отыр. Ғалымдар жас баланың бес жасқа дейін көргені, ұққаны, бойына сіңіргені бүкіл өмірлік біліміне негіз болып қаланады дейді. Сірә, рас болар. Мынау жас жігіттің жаңағы сөздері сол тұжырымның орындылығына тағы бір дәлел емес пе?
Ал Саша болса мұның құпия арманын анасының жария етіп қойғанына ыңғайсызданып қалды. Шынында ондай арманы бар екені рас, бірақ ол дәл қазір жүзеге асырыла қоятын шаруа емес қой. Ең әуелі колледжін аяқтауы керек. Сосын сол саланы тереңдете оқып, үйренгені жөн. Осы жолы қазы жасаудың технологиясы жазылған кітаптар болса ала кетпек. Бері қарай жол жүрерде осы ойларын анасына айтып еді, ол қуана құптай тұрып: «Ал негізінде, халықтық технологиядан артық ештеңе жоқ. Сен шынымен нағыз ұлттық тағам жасамақ болсаң, ғасырдан ғасырға келіп жеткен халықтық технологияны игер, білетін адамдардың кеңесін тыңда» деп ақыл қосқан.
Саша өздеріне дастархан жайып бәйек болып отырған Танакөзге қарап, балалық кезден бұлдыр-бұлдыр елесі қалған ауылдағы аналарды есіне түсіруге тырысты. Қашан барсаң да айран ішкізіп, екі қалтаңа толтыра құрт салып беруші еді. Шіркін, сол құрттардың дәмі қандай еді! Оны қалай жасау керектігін мына сапарлас болған апай біле ме екен?
— Танакөз апай, сіз құртты қалай жасайтынын білесіз бе?
Танакөз жас жігітке сүйсіне қарады.
— Бізде құртты қайнатады дейді, балам. Ал қазыны айналдырады. Осы салаға қызыққан екенсің, дұрыс аталуын біліп алсын дегенім ғой. Бала кезімде анам құрт қайнатқанда қасынан шықпай, көбігін жалаймыз деп таласушы едік. Үлкейген соң өзім қалада тұрдым да дұрыстап үйренуге мән бермеппін. Қап, әттеген-ай! Сен сияқты талапты бала кезігерін білгенде бәрін рет-ретімен қағазға жазып алар едім ғой!
— Сонда да болса, апай, өзіңіз көрдіңіз ғой, есіңізде сақталған шығар...
— Енді тек жалпылама ғана есімде қалғандарды қанағат тұтсаң, айтып берейін, қалқам.
... Менің анам құрттың бірнеше түрін қайнататын. Оның біреуі — қыстыгүні езіп, күріш салып қайнатып, май қатып тамақ ретінде ішетін құрт көже жасауға арналған құрт. Кептірген кезде түсі қошқыл-қоңыр болады. Ал жаз кезінде күрішті болар-болмас қана қосып, шөл басар сусын ретінде ішеді.
Сүтті анам ағаш кеспекке жинайтын. Кеспектің төменгі жағынан кішкене тесік жасап, күн аралатып сарысуын ағызып жіберіп отырады. Бірнеше күн өткеннен кейін үлкен қара қазанға құйып, қайната бастайды. Оты күшті болмауы керек, әйтпесе бірден түбі күйіп кетеді дейтіні есімде. Әлсін-әлсін сабы ұзын ағаш қалақпен араластырып тұрып, біраз қайнатады. Әбден қойылып, суыған соң екі алақанға салып, біркелкі етіп домалатып, ши үстіне қатарластыра жайып, кептіреді.
Ал шәй ішуге арналған тәтті құрт — ежігей басқаша қайнатылады. Ол үшін апам сап-сары етіп пісірілген ірімшікті кептіріп, келіге түйіп, ұнтақтап қосатын.
Саша тыңдай отырып жұтынып-жұтынып қойды.
— М-м... Қызық екен. Өте қызық. Мен мұндайды ешқашан естіген емеспін. Ал қымызды ше? Оның да бірнеше түрі болатын шығар?
— Иә, дәміне, сақталған күніне, күшіне қарай түр-түрі болады... Бірақ мен ол жағын терең біле бермейді екенмін, балам...
Танакөз кәдімгідей қысылып қалды. Өздері қымызды қажет болғанда базардан барып сатып алатын. Онда да қонақ шақырғанда ғана. Соңғы жылдары қан қысымының көтеріліп кететіні бала кезінде құмарта сіміретін сусынды тартыныңқырап ішуге мәжбүр еткен. Кейде базарға барғанында жарықтық қымыздың бұрқыраған иісі тәбетін ашып, аңсары ауғанымен, өзін-өзі тежеп, қымыз сатылатын қатарды айналып өтетін болып жүр.
Қымыз демекші, бала кезінде бұл бір рет көрші Бейістің баласы Райым екеуі қайсымыз көп ішеміз деп жарысып ішіп, қымыздың уытына мас болып, үйдің іргесінде ұйықтап қалыпты. «Содан бір күн, бір түн ұйықтадың, — деп айтып отыратын анасы. — Райым етженді ғой, ол азырақ ұйықтады.» Егіздің сыңарындай болып бірге өскен Райымның шын аты Раймонд екенін, ауылдағылардың барлығы «Бейіс» деген фамилияның дұрысында «Вейс» екенін бұл есейе келе бір-ақ білген. «Жер бетіндегі жеңсік астың бәрінен де қазыны артық көремін» дейтін де, «жер бетіндегі барлық сусын қымызға жетпейді» дейтін де сол бала күнгі досы Раймонд Вейс болатын.
Раймонд жасының үлкендігін білдіріп, мұны үнемі қорғаштап, қамқор болып жүретін. Екеуінің ағалы-қарындастай татулықтарына біреу қызықса, біреу қызғанатын, біреу таңғалса, біреу күндейтін. Алайда, бұл екеуінің достығына көлеңке түсіре алған жоқ. Басқа жақтарға кете қалса Раймонд бұған жер түбінен: «Та-на-ша! Как дела? Та-ма-ша?» деп телефон соғушы еді. Сондай сапарының бірінен Раймондтың жалғыз оралмай, көзі жазғы аспандай көкпеңбек, селеу шашты талдырмаш қыз Лизаны ертіп әкелгені есінде. Әуелі бұлардың үйінің алдына тоқтап: «Та-на-ша! Саған жеңеше әкелдім! Жүгір, біздің мамкадан сүйінші сұра!» — деп айқайлаған-ды.
Ақкөңіл, ақ жүрек дос Раймонд! Қазір қайда жүр екен?
Тоқсаныншы жылдары атажұртына бет алған көшке ілесіп, ол да Германияға кетпекші болды. Сол кезде оның толқып, қиналып жүргені, тіпті кәдімгідей жүдеп, сылынып қалғаны есінде. «Білесің бе, Танаш, — деді ол бірде бұдан сыр жасырмайтын әдетімен, — шынымды айтсам, менің сол жаққа баруға құлқым жоқ. Бірақ әке-шешем елін аңсайды. Және бір қызығы, балаларым барғысы келіп, құлшынып отыр. Не істеймін? Басым қатты...»
Қымызға қатысты қойған сұрағының көңіл түкпіріндегі қанша жайды қозғап кеткенінен бейхабар Сашаның ойында түк жоқ. Бұдан жауап күтіп, тұп-тұнық жанарын қадап, қарап отыр. Жап-жас жігіттің жер арқасы қиянда жүрсе де, кіндік қаны тамған топырақтың тұрмыс-тіршілігіне деген қызығушылығын жоғалтпауы Танакөздің жанын толқытты. Өзін біледі, көңілі бір құласа қатты құлайды, бұл жолы да мына жігіттен бар көмегін аямасы анық. Бірақ «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген рас, ұлттық тағамның барлығына тек тұтынушы ретінде қарауы оларды өндірудің қыр-сырына онша бойлатпағанына қазір іші удай ашып отыр. Бар болғаны жас жігітке біраздан бері Астанада жыл сайын қымыз мейрамы — Қымызмұрындық өткізілетінін, соны ұйымдастыратын адамдардың бұған көп мағлұмат бере алатынын айтып, солармен кездестіруге уәде берді.
Баласына бар білгенін айтып, одан қалды тағы да көмектесуге уәде беріп жатқан Танакөзге қарап, Эмма:
— Сізді бізге Құдайдың өзі жолықтырған шығар, — деді. — Басқа біреу болса, мұншалықты ақтарыла ала алар ма едік. Сағынған қазақ тілімізде осылайша армансыз сөйлесе алар ма едік? Енді қатынасымызды үзбейік — бізге қонаққа келіңіз. Ол жақта да көптеген жерлестеріңіз бар. Жаңа Соня айтқандай, біз де басымыз қосыла қалса, бауырсақ пісіріп, сүт қатып шәй ішеміз. Қазақстан туралы бір-бірімізден сұрастырып, табыстарына қуанып жүреміз... Қанша дегенмен, туған жерге жер жетпейді ғой!
— Әрине. Біз Сеул олимпиадасы болғанда қазақстандықтарға жанкүйер болып, аяғымыздан сабылдық емес пе. Қай жерде Қазақстан командасы бақ сынаса, сол жерге барып, «Қазақстан!», «Қазақстан!» деп қиқулаумен болдық. Тура ел көшіп келгендей болдық сонда... Әсіресе қазақстандық спортшыларды қолдауға келген өнерпаздардың концертін көре алғандардың қуанышын айтсаңызшы. Қыздардың үлпілдеген үкілеріне көзіміз арбалып, домбыраның күмбірлеген даусын естіп бір жасап қалдық. Бұрын, осы жақта жүргенде домбыраның үнін сағынамыз деп ойлаппыз ба?
Елді сағынып келе жатқан екі әйелдің жүрекжарды сырлары Танакөздің есіне тағы бір осы мазмұндас әңгімені түсірді. Оны Израильге қоныс аударып, бірақ ол жақты жерсінбей, бірер жылдан кейін қайта оралған көршісі айтқан. «Шындығында да, қазақ топырағына кіндік қаны тамып, осында туып-өскен адам шет жерге барып, ойлауы бөлек, өмір сүру салты өзгеше, мұндағыдан мүлде басқа құндылықтарды мұрат ететін ортаға тап болғанда, мейлі ол кәрі не жас болсын, қай ұлттың не ұрпақтың өкілі болсын, бәрібір... ол дала әуендерін сағынады екен, — деген-ді ол ағынан жарылып. — Дархан жүректі халықтың телегей теңіз ықыласына шомылып өскен адамның, ол жақтағы есепшілдікке, өзімшілдікке құрылған тұрмысқа үйренуі қиын. Мен де әркім өзінше тіршілік етіп, томаға-тұйық күн кешетін қандастарымды баладай аңқау, батырдай аңғал, құшағы ашық, жаны жомарт халықпен салыстырып, ішім удай ашыды. Көз алдыма — дала, құлағыма күмбірлеген домбыра үні келді де тұрды. Жатсам, тұрсам сол елестен арыла алмадым...» деген ол.
«Осы жақта жүргенде домбыраның үнін сағынамыз деп ойлаппыз ба?»
Жарыса сөйлеген екеуінің әңгімесі таусылар емес. Атажұрт дегенмен алғаш көшіп барған кезде қатты қиналғандарын, бұл жақта алған мамандықтарына сәйкес қызмет табылмағанын, тіл үйренбейінше ешбір ресми кеңселердің есігін ашу мүмкін емес екендігін көздеріне жас ала отырып, күні кеше бастарынан өткізгендей қылып айтқанда Танакөз оларды аяп кетті. Жандарына батқан соң ұмыта алмай жүрген болуы керек, жергілікті халықтың құшақ жая қарсы ала қоймағанын да сыздықтата отырып жеткізді. «Ой, мама, ол кезді несіне айта бересіз? Қиындықсыз ештеңе келмейді дейтін өзіңіз емес пе? Одан да қазіргі жағдайыңызды айтпайсыз ба?» — деп Саша сөздерін бөлмегенде әлі де біраз жайлар ақтарылар еді.
— Иә, қазір тұрмысымыз жақсы. Үй-жайымыз, қызметіміз бар. Демалыс сайын дүние жүзін аралап, жер көреміз, — Эмма енді желпіне сөйледі. — Биыл, міне, елге келудің сәті түсті. Достарымыз институт бітіргеніміздің отыз жылдығына шақырған, Соня екеуміз кеше сонда кездестік. Оның үстіне өзім істейтін фирманың басшысы Қазақстанмен іскерлік байланыс жасауға арнайы келе жатыр. Бірге барайық дегенінде қуанып кеттім. Ол да кезінде осы жақтан барған. Ертең Бәйтеректің түбінде кездесеміз деп келістік. Сіз де келіңіз, таныстырайын — ол бір қазақ халқын аса құрметтейтін кісі.
... Таңертең вокзалда қоштасып, уәде бойынша екі сағаттан кейін Бәйтеректің түбіне таксимен жеткен мұны бейнекамерасымен айналаны түсіріп жүрген Эмма бірінші байқады.
— Танакөз!
Эмманың даусына оның ар жағында тұрған үш азаматтың етженді, тұлғалысы жалт қарады. Сәл-пәл абдырап тұрып қалған ол іле-шала бері қарай жедел адымдады.
— Та-на-ша?!
— Раймонд?!
Эмма құшақтаса кеткен бастығы мен Танакөзге аузы ашылып, қарап қалыпты. Сосын барып Танакөздің «жер бетіндегі жеңсік астың бәрінен де қазыны артық көремін» дейтін танысы туралы айтқаны ойына оралып, бәрін де түсіне қойды. Міне, ғаламат кездесу!
— Қайдан жүрсің?
Танакөздің аузына түскен бірінші сөз осы болды.
— Кеше келдім. Іссапармен.
— Жалғыз келдің бе? Лиза, балалар қалай?
Раймондтың түрі өзгеріп сала берді.
— Лизадан айрылып қалдым, Танаш. — Раймонд күрсініп қойды. — Дәрігерлер әртүрлі айтады. Меніңше, қоныс аударуымыз психологиялық жағынан ауыр тиген сияқты. Алғашында жап-жақсы еді, екі-үш жылдан кейін азып, жүдей бастады. Қалай емдетсем де, оңалмады. Сосын өзінің өтінішімен осында ертіп әкелдім. Жағдайы күрт жақсарып, тез-ақ бұрынғы қалпына келді. Тіпті еш ауырмағандай... Екі ай бойы таныстарымызды, достарымызды армансыз араладық. Ертең жүреміз деп отырғанбыз. Төсегінен тұра қоймаған соң барсам, ұйықтап жатып жүріп кетіпті... Жымиып қана жатыр... Алдында ғана «сағынышым басылған жоқ, әзір қайтқым келмейді. Сен өзің кете берші, мен қала тұрайын» деп қиылып еді... Ақыры мәңгілікке қалды...
Танакөз не дерін білмеді. Туған жерге деген сағынышы жанына байыз таптырмаған сезімтал, нәзік Лизаны көз алдына елестетіп, көзіне жас алды. «Шекара асырып әкеп, туған топырағын бұйыртқан, о, сағыныш, сен неткен құдіретті, неткен тылсым күш едің!» деп тебіренді іштей.
Үнсіздікті бұзғысы келді ме, Раймонд қалтасынан алып, тілдей қағаз ұсынды:
— Мынау менің визиткам. — Танакөз көз жүгіртіп оқып шықты: «Раймонд Вейс «Ынтымақ» Ресей-Германия бірлескен компаниясының Қазақстан бойынша өңірлік директоры»
— Бұл компания немен айналысады сонда?
— Ауылды жерлерде денсаулық сақтау объектілерін салады. Жобалау-сметалық құжаттамасынан бастап, ішін толық жабдықтап бітіргенге дейінгі жұмыстың бәрін өзі атқарады.
— Жақсы нәрсе екен. Оң болсын! Жұмыстарың басталды ма?
— Өткенде келіп бастапқы келіссөзді жүргізгенбіз. Осы жолы шартқа қол қоямыз ба деген ойдамыз. Сосын жұмысты бастауға болады...
Раймонд тура бала кезіндегідей Танакөзді құшақтап: «Білесің бе, Танаш, мен бұл жұмысқа басқа жерден әдейі ауысып келдім, — деді. — Өзімді оқытқан, мамандық берген, адам еткен елге осылай қызмет етейін дедім. Әрі... елге де жиірек келіп тұруыма болады. Мұным дұрыс па?»
Танакөз тағы толқып кетті. Қоштағанын білдіріп, басын изей берді.
Анадайда Эмма мен Соня кезектесіп, біресе Бәйтерек көрінетіндей, біресе көгілдір күмбезі анадайдан көз арбаған Ақорда түсетіндей етіп, фотоаппараттарын сыртылдатып суретке түсіп жүр. Саша мәз-мәйрам боп күліп, балаша жарысып суретке түсіп жүрген оларға таңырқай қарайды. Біраздан кейін дабырласа сөйлеген екі әйел Танакөз бен Раймондқа тақады.
— Қандай өзгерістер! Қала қалай өскен! Тура ертегідегідей! Әттең...
— Айтары жоқ! Қандай ғажап! Шіркін, он жыл бұрын білгенде ғой!..
Жүздері жайнап, лепіріп тұрса да, жеме-жемге келгенде сөздерін аһ ұра аяқтаған Эмма мен Соняның айтылмай қалған арманын Танакөз іштей ұқты.
Отандастарының сөзіне не дер екен деп Раймондқа қарап еді, ол көзін сәл жұмыңқырап, Арқаның ерке самалына бетін тосып тұр екен...