Әдебиет
Камал Әлпейісова
Камал Әбілқасымқызы Әлпейісова (1956 жыл, Қостанай облысы, Амангелді ауданы «Родник» кеңшары) - аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты.
Камал Әбілқасымқызы Әлпейісова (1956 жыл, Қостанай облысы, Амангелді ауданы «Родник» кеңшары) - аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты.
Ғажайып танго
Бұл келгенде тойдың бірінші бөлімі аяқталып, жұрт тыныс алуға шыққан екен. Үлкендер жағы дөңгелете қойылған орындықтарға жайғасып, кәдімгі концерт көргендей-ақ ортадағы би қызығын тамашалап мәз-мәйрам. Құйқылжыған «Лезгинканың» әуені құлаққа естілісімен-ақ Ханшайым бірден түсіне қойды: қашанғыдай ұлттар биінен жарыс ұйымдастырылып жатқан сияқты. Асаба өңеші жыртылғанша айқайлап, билеушілердің делебесін қоздырып қояды. Ал билеушілер мұндай «қыздыртуды» керек етіп те жатқан жоқ. Әйелдер бар өнерлерін салып, су бетінде жылжыған аққудай сырғып, аяқтарының ұшымен жорғаласа, еркектер өздерінше тау ұлдарының образына кіріп, иықтарын қомдап, оларды шыр-көбелек айналып жүр.
Ханшайым күлімсіреп, билеп жүргендерді көзбен шолып, өте берген... Кенет түкпір жақта өзін дөңгелене жорғалаған серігінен көз алмай, кеудесін асқақ ұстап, кербез қимылдаған бишіге көзі түсті... Япырау, мына бір кісінің жүзі соншалық таныс сияқты ғой. Қай жерде, қашан көріп еді?
Қанша ойланса да оны қай жерде көргенін есіне түсіре алмаған Ханшайым бишілерді қолпаштап тұрған топқа қосылды. Ұлын үйлендіріп жатқан апа-жездесі құда-құдағиымен бірге тұр екен, мұны көріп қолдарын бұлғап, өздерінің қастарына шақырды.
— Қалай, бәрін реттеп келдің бе? — деп сыбырлай сұрады Патшайым тойдан кейін құда күту рәсіміне арналған дастарханды жайғастырамын деп кешігіп келген сіңлісінен.
— Бәрі жақсы, алаңдама...
Ханшайымның сөзін аяқтатпай құдалардың бірі келіп сөзге араласты:
— Ау, құдаша, сіз қайда жүрсіз? Өткенде құда түсіп келгенде бидің түбін түсіріп едіңіз... Біз әдейі сіз үшін партнер де алып келдік... қайда өзі? А-а, билеп жүр екен... қазір сайыс ұйымдастырамыз...
Солай деді де Ханшайым аузын ашып үлгіргенше асабаға барып әлденені түсіндіре бастады. Сірә, бұл алдын-ала келісілген шаруа болуы керек, басын қайта-қайта шұлғып тұрған асаба микрофонды қолға алып, маңғаздана сөз бастады:
— Ал, халайық, сайыс қызығы енді басталады. Қазір ортаға қалыңдық жақтан төрт жігіт, күйеу жігіт жақтан төрт қыз шығарамыз да, бірнеше би түрінен сайыс өткіземіз. Жеңімпазға мына құда бәйге тігіп отыр — су жаңа ұялы телефон!
Сол-сол-ақ екен екі жақ дабырласып, у — да шу болып, ортаға шығатын сайыскерлерін сайлай бастады. Құдалар жағынан төртеудің бірі болып бағанағы кербез биші шықты. Бұлар жағынан да үш келіншек ортаға шығып, енді төртінші адам іздестіріліп жатқан. Сол кезде Патшайым келіп, Ханшайымды ортаға итермеледі: «Шық, шық, жиен — сенікі ғой!»
Әуелі «Қамажай» қалықтады. Білектерін созып, буындарын бұралта шеңбер жасай қозғалған әйелдерге ілесіп, ерлер де сондай қимылдар жасай бастады. Ер адамдардың қолдарын ербең-ербең еткізіп билегенін қызықтап көрермен күлкіге бір қарық болды.
Кілт үзілген музыкадан соң асаба төрешілік жасап, нашар биледі деген бір жұпты сайыстан шығарды. Іле жетпісінші жылдардың ең сәнді биі — твист жарияланды. Құйқылжыған музыкаға ілесіп, сайыскерлер бұл жолы да бар өнерлерін салып, ирелеңдеп-ақ бақты. Ең қызған шақта кілт үзілген музыка мен іле естілген асаба даусы тағы бір жұпты би алаңынан шығарды.
— Вальс! Би тәңірісі — вальс! — деп жариялады асаба салтанатты түрде. — Және естеріңізде болсын, құшақтасып, ырғалып жүре беру есептелмейді. Вальс айналу керек!
Ханшайымның жұптасы, мұның алдындағы биде ақ тер-көк тер боп билеп, әлі де екі иінінен дем алып тұрған жігіт ағасы асабаның сөзінен кейін екі қолын бірдей көтеріп: «Мен — паспын!» деді.
— Жоқ, болмайды. Жұптасыңызды серіксіз қалдырасыз ба? — деп асаба жолын кес-кестеп еді, жігітағасы қолды бір сілтеп, сыртқа қарай беттеді. Сол кезде кербез жігітпен билеп жүрген Ханшайымның сіңлісі:
— Мен вальс билей алмаймын, мен де шығайын. Сонда бір жұп қалады. Жүлде алғандар мұнымды ескеретін шығар... — деп жұртты ду күлдірді.
Ортада Ханшайым мен бағанағы қимыл-қозғалысы назар аудартқан жігіт қана қалды. Ансамбль «Қазақ вальсін» ойнай жөнелгенде алдына келіп сәл-пәл басын иіп, қолын созған жігітке қарай бұл қобалжи қадам басты. «Япырм-ау, мынау Батырбек қой...»
Әкесі әскери қызметте болғандықтан, бұлардың отбасы бір қаладан бір қалаға көшіп жүретін. Содан да болар есейе келе Ханшайым қанша мектепте оқығанын да, аз уақыт бірге оқыған сыныптастарын да ұмытып қалды. Тек қыз боп қылтиып өсіп келе жатқанында хореография училищесінде өткізген үш жылы жасөспірім кезінің ең сәулелі сәттері болып есінде сақталған-ды.
Отбасы елге түпкілікті оралып, Ханшайым хореграфия училищесіне түскен кезде мұндағы халық билері ансамблінің атағы жер жарып тұр екен. Әсіресе жеке орындаушылар, сол жылы училищені бітіретін Батырбек пен Раушан — барша студенттің кумирі болатын. Олармен билеп, оларға жұптас болуды кез келген оқушы армандайтын. Сондықтан кезекті конкурстың алдында Раушан тобығын қайырып алып, Батырбекке шұғыл түрде жұптас іздестірген оқытушылар Ханшайымды таңдағанда бұл төбесі көкке жеткендей қуанған. Екеуі аргентина тангосын билеуді үйреніп еді-ау сонда!
Кәсіби бишінің әсем қимылымен алдына келіп басын иіп тұрған — сол Батырбек екенін енді таныған мұның жүрегі дүрс-дүрс етіп кеудесінен шығып кетердей тулады.
Жұптасының иығына қолын салған Ханшайым әрі қарай музыканың ырғағына ілесіп, қалықтай жөнелді. Толықси үйірілген әуеннің, көзіне көзін қадап, әдемі, сауатты демеген жігітпен билеген бидің әсеріне берілгені соншалық, бір мезгіл жер басып, шыркөбелек айналып емес, ғайыптан пайда болған қанатты жұптасының жетелеуімен шексіз ғаламға көтеріліп, қалықтап ұшып жүргендей күй кешті. Солай көрінді ме, әлде шынымен солай болды ма — жаңа ғана гу-гу еткен зал іші тына қалып, әсем биді бәрі де демдерін ішке тарта тамашалап тұрғандай көрінді.
Музыканттар да мұншалық сұлу биді үзуге қимаған сияқты, әйтеуір алдындағы билердей әуен кілт үзілмей, баршаға танымал аккордтармен аяқталды. Жаңа ғана тым-тырыс тұрған жұрт концерттегідей ду қол шапалақтап: «Тағы! Тағы! Жұп болсын!» деп гулей жөнелді. Қошеметке үйренген адам сияқты емес, Батырбек жүзі ду етіп қызарып, басын иіп қойды. Сосын Ханшайымға әрі сүйсіне, әрі таңырқай қарап: «Тамаша билейді екенсіз! Қайдан үйреніп жүрсіз?» деп сұрады.
«Танымады...» Ханшайымның жүрегі сыздап кетті. «Қайдан танысын, одан бері қанша жыл өтті... Жасөспірім бала кезімізде жұптасып билегенбіз, жасымыз отызды орталағанда жолығысып отырмыз, қайдан танысын...»
Ханшайым жауап берген жоқ, жымиып күлді де қойды.
Тойдан қайтып келе жатып, екеуінің жұптасып билеген кездерін есіне алды. Ұстаздары Фаина Адамовна: «Осы конкурста бас жүлдені жеңіп алуларың керек. Ол үшін күн-түн демей дайындық жасаймыз. Басқаның бәрін ұмытасыңдар!» деп талап қойған. Жеңіске бұлар да мүдделі, сондықтан ұстаздың барлық талаптарына мойынсұнған екеуі репитиция залында түнеуге бейіл. Тек еңбектері зая кетпесе болғаны. Талапшыл ұстаз бірде:
— Арқаңды тік ұста! Бүкшиме! — деп қолындағы таяқшасымен мұның жауырынынан шып еткізіп салып жібергенде көзінен жас бұрқ ете түскен.
Оны елеп жатқан Фаина Адамовна жоқ, енді қаһары Батырбекке түсті:
— Қалай-қалай алып жүресің? Сен жұптасыңмен билеп емес, оны сүйрелеп жүрсің ғой!
Шыдамай, оның орнына өзі тұра қалып, «бір-екі-үш, бір-екі-үш» деп аяғын санап басып, қызды би әуенімен қалай алып жүруді көрсетті.
Бірақ, обалы не керек, Фаина Адамовна ашуы қалай тез болса, қайтымы да жылдам кісі еді. Үзіліс жариялап, екеуін қасына алып отырып, би өнері, оның тарихы туралы небір ғажайып әңгімелер айтатын.
— Сен — тангеросың! — деді бірде ол Батырбекке қарап. — Есіңде болсын, танго билейтін ер адамды «тангеро» деп атайды. Міне, сол тангеро туралы өзара сыр бөліскенде әйелдер оны бойына, сөйлеген сөзіне, киген киіміне қарап емес, билеген кезде қызды қалай алып жүретініне қарап бағалайды. Жұптасыңды би алаңында әдемі, сауатты алып жүру — үлкен өнер, біліп қой!
«Есіңде болсын» деген Фаина Адамовнаның аузынан түспейтін сөз тіркесі еді. Ол балаларға үйретем, бойларына сіңірем деген нәрсенің барлығын осы тіркеспен бастайтын. Бәлкім бұл тіркестің ғажайып бір күші бар да болар, өйткені Ханшайым ұстазының сол кезде айтқан сөздерін, берген кеңестерін ешқашан ұмытқан емес.
— Естеріңде болсын, — деді тағы бірде Фаина Адамовна, — би — әшейін аяқ-қолды ербеңдетіп, қарғып-секіру, немесе ретті-ретсіз ырғаңдау емес. Ол — сонау ежелгі заманнан бері адамның көңіл күйін, айтар ойын білдіру үшін қолданылып келген амал. Ол арқылы қуанышты да, қайғыны да, жеңісті де, жеңілісті де бейнелеуге болады. Ал біз үйреніп жүрген латынамерикалық билер ауызға алынса елдің есіне ең алдымен танго түседі. Танго десек — алғашқы махаббат, көгілдір көктем, көңіл құштары болған жанды алғаш құшағыңа алып, билеуге батылың барған ғажайып сәт ойға оралады.
— Ал мен танго емес, румбаны махаббат биі деп естігенмін, — деді кенет Батырбек.
— Енді түсіндім. — Фаина Адамовна Батырбекке қулана қарады. — Румбаны Раушанмен ғана билеймін дегенің содан екен ғой?
Ол қызарып кеткен Батырбектің шашын ұйпалап, басынан құшақтады.
— Оның да дұрыс. Бірақ, есіңде болсын, әдетте румбаны — махаббат биі емес, құштарлық биі деседі. Ондағы қимыл-қозғалыстарға зер салып қарап көріңдерші: биші қыз біресе серігінің қолынан жұлқына шығып кетіп, біресе қайта келіп құшағына құлайды, біресе арбап, шақырып, өзіне тартып, біресе маңына жуытқысы келмегендей, қашқақтап, бойын аулаққа салады. Сөйте тұра, бар қимыл-қозғалысымен серігінен жолындағы бар кедергіден өтер батылдықты, от-жалындай шарпыған құштарлықты күтетінін білдіреді. Көзқарасымен, қолының, басының, иығының, он екі мүшесінің сиқырлы қозғалысымен білдіреді. Жігіттің қимыл-қозғалысынан да осындай көңіл-күйді байқауға болады: ол өзінің құшағынан сытылып шыққысы келіп сырғақтаған қызды біресе жерігендей итеріп, еркіне жіберіп, іле өз ойынан өзі шошығандай, жанұшыра соңынан ұмтылады. Еш ажырағысы келмейді, жаны да, тәні де сонымен бірге өріліп, құштарлық отында өртенуге бейіл…
Ал танго басқаша… Оған адам көңілінің сыршыл шектерін шерткендей нәзік иірімдер тән. Онда румбадағыдай буырқанған құштарлық емес, тұп-тұнық сезім, тап-таза тілектер басым... Осыны түсінсеңдер, биді жақсы игересіңдер... Ал ол дегенің — қалайда жеңесіңдер деген сөз...
Бірақ, бұлар конкурсқа қатыса алмады. Сайысқа бір апта қалғанда ойламаған жерден Ханшайымның соқыр ішегі жарылып кетіп, ауруханаға түсті. Ауыр операциядан тез айығып кете алмаған ол академиялық демалыс алды. Бір жылдан кейін бұл оқуға келген кезде Батырбектер оқуды бітіріп кеткен болатын. Содан кездесіп отырғандары бүгін ғана.
Тойдан кейін үйге келген құдалардың ішінде Батырбек болған жоқ. «Мұндай жерде ұзақ отыра алмайды. Келіншегі сырқат қой», — деді құдағи бұл сыр суыртпақтағанда. Ұзақ жылдар бойы бір көруді армандаған бала махаббатынан тағы да көз жазып қалғанын ойлап, Ханшайымның іші удай ашып кетті.
Бірақ арада бірнеше күн өткенде Батырбек ойламаған жерден өзі хабарласты. Танымағаны үшін кешірім өтінді. «Бір жерге барып, кешкі ас ішуге қалай қарайсың?» деді сосын. Тезірек жауап бермесе тағы да айырылып қалам ба деп қорыққан бұл: «Жарайды, жақсы» деді асыға сөйлеп.
Қаланың қайнаған ортасынан қашықтау ауданда орналасқандықтан да шығар, бұлар келген мейрамханада адам аз екен. «Ырғақ» деген атауын оқып, Батырбектен «Өзіндік музыкалық бағдарламасы бар жер ме?» деп сұрап еді, ол жұмбақ түрде жымиып қойды. Жайғасқан соң бұған ойлана қарап: «Саған «Ырғақ» деген атауы ұнай ма? Маған салса басқаша қояр едім» деді. «Не деп қояр едің?» «Мысалы, «Көптен күткен кездесу» немесе «Ғашықтар вальсі» дер едім…»
Бетінің ду ете қалғанын білдірмейін деп Ханшайым музыканттар отырған жаққа бұрылды. Олар аспай-саспай, әрқайсысы өз аспабын күйіне келтіріп жатыр екен. Ақырын ғана айналасына көз тастап еді, кейбір үстел басындағы адамдар алдарындағы шырынды, оймақтай ғана шыныаяқтағы кофені ара-тұра ұрттап қойып, музыканттарға қарағыштап отырғандай көрінді. Сірә, мейрамханаға аспапты музыканы тыңдауға әдейі келетін сыралғы қонақтар сияқты. Сәлден кейін ғана, даңғаза музыкадан шаршап, таза, табиғи, әуезді әуенді тықырши күткен тыңдарманның қалауын тап басқандай болып, скрипканың үзіле сызылтқан үні естілді. «Вивальди... Иә, соның «Жыл мезгілдері» ғой мынау! Бірақ мына музыканттар өзгеше өңдеп алған сияқты.»
— Училищеде өткізілетін концерттерде осы музыка дәстүрлі түрде ойналатын еді ғой, есіңде ме? Сол кезді еске алайық деп музыканттарға әдейі өтініш жасадым, — деді Батырбек бұған күлімдей қарап. Сөзінен оның бұл жерге қатысы бар екенін байқауға болатын еді. — Рас, бұлар музыканы сол күйінде ойнамайды, көбіне сол тақырыпқа композиция жасайды. Танымал әндерге біраз ремикстері де бар, тәп-тәуір...
— Жаңа жылға арналған бал-маскарад басталғанша училище радио торабы осы музыканы қойып қоятын... — деді Ханшайым сонау жасөспірім шақтарын көз алдына елестете ойлана сөйлеп.
— Басталғанша ғана емес, бал-маскарадтың өзінде де ойналып еді ғой, ұмытып қалдың ба? — Батырбек бұның ұмытқаны немесе ұмытпағанының ерекше бір мәні бар сияқтанып, Ханшайымға сынай көз тастады.
Ханшайым күлімсіреп, басын шайқады. «Ұмытқан жоқпын» дегені.
Қалай ұмытсын! Бал-маскарадтың қызған кезінде балалықтары ұстап кетті ме, әлде әрбір өнер жолына түскен адамның бойындағы сайысқа түсу, өнерін көпшілік таразысына салуға құштарлық қасиеті бой көтерді ме, оқушылар ортаға шығып, үлкен концерттерде, байқауларда орындайтын нөмірлерін көрсете бастады. Қиқу естілсе, тыпыршып тұра алмайтын бәйге аттары сияқты, бойларын сайыс желігі буған өнерпаз оқушылар кезекке тұрып, бірінен соң бірі ортаға шығып жатты.
Бір жағынан қарасаң, кәдімгі концерт сияқты болғанымен, екінші жағынан бұл — жас балалар бойындағы сыртқа шығарып, жария етілмейтін бәсекелестіктің көрінісі еді. Өнер адамы үшін халыққа танымал болудан, сол саладағы өзінің басымдығын білуден артық баға жоқ. Сол бағаға ие болу үшін ол өлшеусіз тер төгіп, бәйге атаулының бәріне қатысуға, өнерімен үстем болып, топ жаруға дайын. Міне, бүгін де сондай сәт туған сияқты — кішкентайларынан өнер жолына түскен балалардың бойында «өнеріммен табындырсам» деген табиғи тілек буырқана бой көтергендей.
Барған сайын қыза түскен сайысты Фаина Адамовнаның қасында қызыға тамашалап тұрған Ханшайымды жүгіріп келген Батырбек әй-шәйға қаратпай жетелей жөнелді. Сол бойы, алаңқайға анталап, иін тірескен топты жарып өтіп, ортаға шыққанда бір-ақ тоқтады. «Танго билейміз» деді түк түсінбей қарап тұрған бұған. Ханшайым мойнын созып, ұстазы тұрған жаққа қарап еді, Фаина Адамовна ризашылығын білдіргендей күлімдей қолын бұлғады. Сол-сол-ақ екен, Ханшайым бойын тез жиып, ортада билеп жүргендердің нөмірі аяқталған кезде сайысқа сақадай сай тұрды.
Бұлар конкурсқа дайындап жүрген аргентина тангосының алғашқы аккордтары естілісімен Батырбек бұны белінен орай құшақтап, үйіріп алып кетті. Айналасында таңдана, қызғана, сүйсіне қарап тұрған топты да, оттары бір жанып, бір сөнген шырша ағашын да көрмей, Ханшайымның бар-ынта ықыласы көзіне көзін қадап, әр қимылымен, әр адымымен өзіне ынтызар жүректің шексіз сүйіспеншілігін «айтқан» Батырбекке ауды. Тілсіз төгілген махаббат жырын көзбен көріп, жүрегімен ұқты. Ұғып қана қойған жоқ, өзінің де ынтық сезімін биімен білдірді.
Музыканың соңғы аккордтарымен бірге көпшілікке бас иіп, реверанс жасаған бұларды «браво!», «браво!», «бис!» деп қолпаштаған оқушылар, алаңқайдан шығармай қойды. Сосын кешті жүргізуші ортаға шығып, тамаша өнерлері үшін екеуіне «бал-маскарадтың ең таңдаулы жұбы» деген атақ және тек екеуіне ғана вальс билеу мүмкіндігі берілгенін хабарлады. Сонда екеуі Вивальдидің музыкасымен үйіріліп, қанат пайда болғандай қалықтап еді...
— Билейміз бе? — деді Батырбек бұған қолын созып.
Орнынан лып етіп көтерілген Ханшайым, Батырбектің ұсынған қолына сүйеніп, екеуі ортаға бет алды.
Белінен орай құшақтап, жеңіл демеген жігіттің әдемі, әсем жетелеуімен вальс иіріміне түсіп, шыркөбелек айналған Ханшайым, қаншама жылдар бойы жүректің ең терең түкпірінде көміліп, жарыққа шығар сәтін күтуден күдер үзбеген іңкәр сезімнің сол баяғы бал-маскарадтағы сияқты бұрқ етіп бас көтергенін сезінді.
Биге шыққан тағы бір-екі жұп билеу білмейтін адамдардың әдетімен әшейін ғана ырғатылып, аяқтарын еріне қозғап, жай жүрген. Содан да болар, бұлардың көптен ерекшеленетін әсем биі бірден жұрттың назарын аударды. Тіпті музыка аяқталып, екеуі орындарына беттеген кезде, біреулердің қошеметтеп, қол шапалақтағандарын айтсайшы! Бұл көптен бері сахнадан қол үзіп кеткен Батырбектің есіне өнер ордаларында жарқ-жұрқ етіп жүрген кездерін түсіріп, мұңайып қалды.
— Не болды? — деп сұрады оның қабағындағы мұңды аңдаған Ханшайым.
— Жай... Мен қазір билеуді қойып кеткенмін...
— Өзім де солай ойлап едім...
— Неге? — деп таңдана сұрады жігіт. — Әлде дұрыс алып жүрмедім бе?
— Жо-ға, — деді Ханшайым жадырай күліп, Батырбек биді қойып кетсе де, кәсіби бишінің бірден өзінің бойындағы мінін іздей бастайтын әдеті қалмағанын байқап. — Билеп жүрсең осы кезге дейін атақты бишілердің бірі болатының сөзсіз еді ғой. Сенің талантыңмен... Айтпақшы Раушан қайда?
— Осында... Оқу бітірген соң бір жылдан кейін үйленгенбіз. Сен ше? Тұрмысқа шықты деп естіп едім... Күйеуің қай салада істейді?
— Күйеу жағынан енді ұяттымыз... Дәм-тұзымыз жараспады. Қызым бар, мектепте оқиды. Сен... Сендер сондай жақсы билейтін едіңдер ғой. Биді неге тастап кеттің?
— Ол ұзақ әңгіме... Кейін бір реті келгенде айтармын. Бүгін мұңды нәрселерді еске алмай, көңілді, қуанышты жайттарды айтайықшы... — Батырбек мұның қолын өз қолына алып, бетіне ойлана қарады. — Білесің бе, өткендегі тойдан кейін... мен сенімен аргентина тангосын билегім келіп жүр... Ұмытып қалған жоқсың ба?
Ханшайым не дерін білмеді. «Ұмытқан жоқпын» дейін десе, одан бері ол биді ешкіммен билеген жоқ. Соңғы билегені сол — бал-маскарадта еді. Ал «ұмыттым» дейін десе, Батырбек екеуінің сол күнгі биін көз алдына мың-миллион рет елестетумен қанша жыл өмір сүрді. Батырбектің сол күнгі әр қимылы, әр қозғалысы, тілсіз сөйлеп тұрған мағыналы көзқарасы, алабұртқан бет-әлпеті жүрегінде өшпестей болып жатталып қалғандай.
Мұның үндемегенін келіскені деп ұққан болуы керек, Батырбек төс қалтасынан шағын дискет алып музыканттарға қарай беттеді...
— Құрметті қонақтар! — деді музыканттардың біреуі микрофонға. — Бүгін сіздердің орталарыңызда студенттік шақтарын бірге өткізген екі өнерпаз отыр. Көп жылдардан бері көріспеген бұл кісілер, бүгінгі кездесу қуанышына арнап, сіздерге студент кездерінде билеген билерін орындап береді. Қарсы алыңыздар! Танго! Ға-жа-йып тан-го!!!
Бір қызығы, музыканттың даусы алғаш естілгенде жүрегі атқақтай жөнелген Ханшайым, ол сөйлеп болғанша баяғы бал-маскарадтағыдай бойын жиып ала қойды. Фаина Адамовнаның «Өнер адамы қай кез, қандай жағдай болса да өзін-өзі игере білуі керек» деп құлақтарына құятыны зая кетпепті.
Батырбек мұның алдына келіп, басын сәл-пәл иіп, қолын созғанда бір-екі адам қол шапалақтап жіберді. Орнынан лып етіп тұрған Ханшайым кербез басып қасына келген Батырбекке қарай ұмсына түсіп, бір тізесін болар-болмас бүкті. Бидің осылайша салтанатты түрде басталуынан-ақ әлдебір қызықты күткен зал ішіндегілер демдерін тартып, ортаға беттеген екі жұпты көздерімен ішіп-жеп барады. Үйреншікті қимылмен оң алақанын мұның жауырынынан сәл төмен қойып, саусақтарын сол қолының алақанына аялай қондырған Батырбек музыкантарға қарап сәл-пәл иек қаққаны сол еді, таныс аккордтар естіліп, мұнда отырғандардың бірі көріп, бірі өмірлерінде көрмеген ғажайып би басталып кетті...
Егер сол жерде би өнерінен хабары бар, не көкірегіндегі сезім көзі ашық адам отырған болса, оның билеушілерге қарап осы бір бидің астарында — қуаныш та, құштарлық та, жан күйзелісі де жатқанын байқамауы мүмкін емес еді. Біреулердің бүкіл өміріне арқау болатын, ал біреулер өмір бойы аңсап күтетін ғажайып сезім — махаббат, ғашығыңды сағыну, кездесу қуанышы, бәрі-бәрі тіл жетпес шеберлікпен өріліп, ортада шыркөбелек айналған екеудің биінде кенересінен асып, төгіліп жатты.
Кәсіби бишінің қалыптасқан қимылымен жұптасын үйіріп ала жөнелген Жігіттің бұл биі — айтылмаған арманы, үркек үміті, көңілдегі күдігі, жүрегіндегі жалбарынышы екенін бәз-біреулер сезінген де сияқты. Бидің құдіреті деген осы да! Бәлкім, жер бетіндегі ең алғашқы еркек сонау ертеде — әлі тіл пайда болмаған, ойы мен сезімін жеткізудің басқа да амалдары қалыптаспаған көне дәуірде, қиқулап аң қуған тобырдың ішіндегі өзгелерден ерекше әйел затының өзін соншалықты тартатынын түсіндіру үшін осылай билеген де болар...
Әсершіл болса керек, бір келіншек мұрнын пыш-пыш тартып, көзін сүрткіштей берді. Зал ішінде ешқандай қимыл-қозғалыс жоқ. Даяшылар да әрқайсысы өздері қызмет істейтін столдың қасында, қаққан қазықтай қалшиып тұр.
Би басталған кезде жігіттің ырқына көніп, оның әр қимылына сай қозғалған қыз айналасындағыларға алғашқыда нәп-нәзік, бағынышты, әлсіз сияқты көрінген. Би ортасына қарай Арудың басымдығы сезілгендей, басын асқақ ұстап, иығын тіктеп, жұптасын өз дегеніне бағындыра бастағандай болды. Әлдебір қиял-ғажайып әлемге жол шегіп, шаттық сезімдерді бір кешу үшін өз соңынан еруді талап еткендей жанары оттай жанып, қиыла да қызықтыра шақырады.
Би басталысымен-ақ Батырбектің бойындағы өзін үйіріп әкетіп бара жатқан құштарлықты жан-тәнімен сезінген Ханшайым «қарсыласқанда не табам, өмір-өзеннің ағысымен кете берейін» деп бір ойлаған. Бірақ бара-бара оның қимыл-қозғалысындағы батыл шешімнен гөрі шарасыздықты, жан-дүниесіндегі тайталасты, аласұрған арпалысты байқап, жұптасының өмірінде бұл білмейтін әлдеқандай терең сыр, айықпас мұң бар екенін түсінген. Түсінген де оны сілкілеп, жарқын болашаққа, өмірдің қызық-қуаныштарына назарын аудартып, «жан-жағыңа қара, айналаң — жап-жарық, еңсеңді көтер, мына дүниені жалған дегенімізбен онда адам тоймас қызықтар бар... мен бармын...» дегенді ұқтыруға тырысқан...
Көз алдарында өтіп жатқан ғажайып көрініс — тілсіз, сөзсіз драма-би аяқталған кезде мейрамхана ішіндегілер дуылдата қол соқты. Біреулер өздерін концертте отырмын деп ойлап қалса керек, «браво! бис!» деп өңештері жыртылғанша айғайлады.
Олардың қиқуына мән берместен, орындарына келіп жайғасқан екеу айтар сөздерінің барлығын бимен айтып тауысқандай біршама уақыт үнсіз отырды. Би тілімен — он екі мүшенің шырқ үйірілген қозғалысымен, демнің дірілімен, бойыңды ұстау, мойныңды бұру ерекшелігімен, кірпік қағысы, көздің қарасы арқылы басталған әңгімені қарапайым адам тілімен айтуға екеуі де жүрексінетіндей...
Батырбек Ханшайымға тақай отырып, оның қолын өз алақанына алып, аялай сипады. Сосын алақанына ернін болар-болмас тигізіп, сүюдің мезіретін жасады да, үнсіз ғана жүрегіне басты. Өз алақаны арқылы бүкіл бойына тараған «дүк-дүк-дүк» деген дыбысты біресе қысыла, біресе бойы шымырлай тыңдаған Ханшайым, алғашында тыпырши жөнелген өз жүрегінің де сәлден соң саябырсып, сол ырғақпен үйлесе соға бастағанын байқады...
— Ау, ағайындар, шапалақ ұра-ұра алақанымнан алақан қалмады ғой. Сіздерді қайта-қайта шақырып жатырмыз, шақырып жатырмыз...
Екеуінің көзбен, ыммен тілдесуін стол басына келіп, шайқалақтап тұрған масаң кісінің ренішті даусы бұзды.
— Ау, халық сіздерді күтіп отыр ғой... — Шайқалақтаған кісі даяшылардың әрі қарай әкетпек болып, өзін сүйемелдей жетелегеніне көнбей, бұларға қайта бұрылды: — Слушай, сендерге, не, ақша төлеу керек пе? Пож-жалыста... Бұлар сондай ғой... Ақша төлемесең билемейді...
Екі даяшы сүйрегендей қылып алып кетсе де бұл екеуіне қарап бұрқылдауын қоймаған ол бәрібір тынышталған жоқ. Өз орнында отырып, есіне бір нәрсе түсіп кеткендей ара-тұра «Би! Тағы билесін!» деп айқайлап, жұртты селк еткізеді. Әп-әдемі басталған отырыстарының шырқы ойда жоқта бұзылып, бастапқы көңіл-күйлерінен айырылған, әрі өздеріне қайта-қайта қарағыштап, сыбырласып жатқан көпшіліктің назарынан таса болғылары келген Батырбек пен Ханшайым бұдан әрі көп отырмай, тез есеп айырысып, шығып кетті.
Бағанағы кеш басындағы көңіл-күйінен із де қалмаған Батырбек тұнжыраған қалпы машина есігін ашып, әуелі Ханшайымды отырғызды, өзі айналып келіп рульге отырғанша жақ ашқан жоқ. «Үйге қайтамыз ба?» деді сосын бұған сұраулы жүзбен қарап. Ханшайым иығын көтерді. «Қайдам?» дегені, «мейлі» дегені белгісіз. Батырбек сырттай сабырлы күйін сақтағанмен, іштей әлденеге кіжінулі сияқты көрінген. Газын қатты басып жіберген болуы керек, орнынан ытқи қозғалған машина, қапталдас келе жатқан машиналарды орап өтіп, қала орталығына қарай заулай жөнелді.
Орталыққа жақындаған сайын машина нөпірі көбейе түсті. Жаңағыдай заулату қайда, іркес-тіркес болып, бағдаршам сайын кептеліп, қарға адыммен қозғалған машиналар легіне ілескен бұлар да ілби жылжып келеді. Әшейінде, жолаушы көлігінің ішінде келе жатып, кептелістерге түсіп қалғанда Ханшайым тықыршып, берекесі кететін. Бүгін мүлде жайбарақат отыр. Тіпті осы жолдың таусылмауын, машина нөпірі азаймауын тілейтіндей.
— Сені үйге ертіп апарсам ба деп едім... — деді бір кезде Батырбек алдына тесіле қарап отырған күйі.
Ханшайым үндемеді.
— Өткенде тойда сені көргенімді... екеуміздің билегенімізді Раушанға айтып келгенмін, — деді Батырбек сөзін жалғастырып. — Шынымды айтсам, мен бұлай билемегелі қашан! Қатты әсерлендім...
Көз алдына әлдебір шуақты сәтті елестеткендей Батырбек көзін қиялдана жұмыңқырап, болар-болмас жымиды. Тойда ғана емес, қазір де сол әсерге сүңгіп бара жатқандай — жүзі алабұртып, әлденеге басын шайқап қойды. Тіпті қасында адам отырғанын ұмытып кеткен сияқты.
— Ешқайда асықпасаң, біздікіне барсақ қайтеді? Не дейсің?
Өз сезімімен өзі іштей арпалысып отырған Ханшайым не дерін білмей сасқалақтап қалды. Шындығында, Батырбектің ештеңені ашып айтпай, әңгімеден қашқақтағаны тіксіндірсе де, баяғы бала сезім лапылдап, ештеңеге қарайлатар емес. «Тәуекел де, қанша жыл бойы осы кездесуді аңсап күтпеп пе едің? Әйелін бұрынғыдай сүйсе, сені іздемес еді ғой. Сенің де бақытты болуға құқың бар!» дейді алды-артына қаратпай алып-ұшқан сезім.
— Раушан да сені көргісі келетінін айтқан. Ол науқастанғалы бері ешкіммен араласа қоймаймыз... төрт қабырғаға қарап отырғанымыз... сол...
— Көптен бері науқас па?
— Он жылдай боп қалды... Кейде маған он жыл емес, бір ғасыр болғандай көрінеді... — Даусынан торығу байқалды.
— Мейлі, барсақ барайық.
Мұның келіскеніне Батырбек қуанып кеткен сияқты. Бет-ажары өзгеріп, машинасын тауға қарай жүретін көшеге бұрды. Қалта телефонын алып, әлдекімге телефон соқты. «Ажар, бұл мен ғой. Халдерің қалай? Ә-ә... Жарайды, мен келе жатырмын, сен үйіңе қайта бер».
Ханшайым ештеңеге түсінбеді. «Ажары кім? Қызы ма? Онда неге «үйіңе қайта бер» дейді? Әлде үй қызметшісі ме екен?»
Есікті өз кілтімен ашып, алдымен Ханшайымды ішке өткізді. Сосын өзі кіріп келе жатып: «Раушан, үйге қонақ келді» деп дауыстады.
Сол дауысты күтіп тұрғандай-ақ, кіре беріске қарсы жақтағы есік іле дыбыссыз ашылып, ар жақтан... мүгедек арбасына отырған жас әйел бұларға қарай сырғи жылжып келе жатты... Бұл — Раушан еді.
— Қош келдіңіз, — деді ол Ханшайымға күлімсірей қол созып, — төрлетіңіз.
Батырбек сілейіп тұрып қалған Ханшайымды айналып өтіп, арбадағы келіншектің бетінен сүйді: «Хал қалай?» деді көзіне үңіліп.
«Жақсы», — деп иегін әнтек көтерген келіншек «Өзің ше?» дегендей наздана қарады.
Батырбек көзін сәл жұмып, «жақсы» дегендей басын изеді. Екеуінің амандық-саулық сұрасуында өзгеше бір жылылық бар екендігін байқамау мүмкін емес еді. Ханшайымның жүрегі сыздап қоя берді.
— Сен қонақты төргі бөлмеге апар, мен шай қояйын. — Раушан арбасын оп-оңай кілт бұрып, ұзын дәліздің түбіне қарай сырғи жөнелді.
«Бекер келген екенмін, — деп ойлады Ханшайым, — бекер… бекер…».
Қаққан қазықтай болып тұрған мұның жан арпалысын Батырбек түсінген сияқты, тұнжырай қарап, күрсініп қойды. Жақ ашып, ләм-мим деместен, шынтағынан демей ұстап, қонағын төр бөлмеге қарай алып жүрді.
Шәй ішіліп болған соң Батырбек: «Қыздар, сендер әңгімелесе тұрыңдар, мен ыдыс-аяқты жинап тастайын» деп, бұларды оңаша тастап шығып кетті. Есіктен кірген сәттен бері Ханшайымның жанына тыныштық бермеген, бірақ тілін тістеп, қоя алмаған сұрағына жауап беретін әңгіме осы кезде айтылды.
«Біз Батырбек екеуміз училищені бітірген жылы, үлкендердің «қоя тұрыңдар» деген тілін алмай, гастрольге барамыз деп үйден қашып кетіп... үйленіп едік... — Раушан сол кездерін көз алдына елестетіп, жымиып қойды. — Менің әкем — үлкен қызметкер кісі. Ұлы жоқ, екі қызы бармыз. Сіңілім Ажар жаңа сіздердің алдарыңызда ғана үйге кетті. Ал Батырбек ауылдан келген, көп балалы отбасынан шыққан. Бірақ әке-шешесінен жастай айырылыпты. Сондықтан да болар, менің әке-шешеме деген құрметі ерекше. Менің бағыма қарай ата-анам да оның балалық махаббатын қабыл алып, бауырларына басып, өз ұлындай көріп кетті.
Біз сондай бақытты жұп болдық.
Сенесің бе, екеуміз күнде таңертең сүйісіп қоштасып, кешке сағынысып көрісетінбіз. Арада өткен жылдар сезімімізге қылау да түсірмей, қайта күн өткен сайын нығайта, бекіте түсті. Биде де, өмірде де жұбымыз жазылған жоқ. Батырбек жеке партияларды да тамаша орындайтын. Уақыт өткен сайын өнері өрлеп, елге танымал бола бастады. Қабілет-дарынының арқасында өз қатарына қарағанда ертерек көзге түсіп, марапат, сыйлықтарға ие болды. Кейбіреулеріне әкемнің ықпалы да болған шығар деп ойлаймын. Бірақ қазір заман сондай ғой, қолдаушың, сүйенерің болмаса, қанша жерден дарынды болсаң да еңбегіңнің дер кезінде лайықты бағасын алуы қиын. Ал Батырбектің жалғыз сенгені — өнері, жалғыз сүйенері — отбасы еді. Ал біз оны барынша қолдап бақтық.
Сол бір өшпес қасірет әкелген күнге дейін бәрі де тамаша еді...
Әкемнің 50-ге толғанын ағайын-туған, дос-жарандары жиналып, тойлап жатқанбыз. Өмірдің қай саласында болмасын бақталастық деген бар ғой. Бізге де соның кесірі тиді. Батырбектің өнерінің өзіне қарағанда көбірек еленгенін, марапат, атақтарға ертерек ие болғанын көре алмай жүрген бір әріптесі араққа сылқия тойып алып, шырқымызды бұзбасы бар ма?!
«Немене, қайын атаңа жаның қалмай жағымпазданып жүрсің бе? Жүгір-жүгір, құйрық-жалсыз күшік күйеу...» деп ыржалақтап тұрғанын естіп қалдым. Сол сәтте әшейінде ұстамды жанның қап-қара боп түтігіп, жұдырық ала жүгіргеніне таңырқап та үлгерген жоқпын — күйеуім жәбірлеушісін бір ұрып, қалпақтай ұшырды. Атып тұрған ол да бұның жағасына жармасып, енді екеуі ұмар-жұмар боп жерге бірге құлады. Бір-бірін аяйтын емес… Абырой болғанда жігіттер екеуін ажыратып, екі жаққа алып кетті...
Батырбектің үсті-басын қағып жатыр едім, ол кенет: «Жүр, үйге кетеміз» деді. «Қалай? Папамның тойын тастап па?» дей бергенімде жүгіріп жеткен анам: «Құлыным, ешкімнің сөзіне мән берме, сенің өнеріңе баға берілетін жер бұл емес. Осында кейбіреулердің мақсаты әкелеріңнің тойының шырқын бұзу» деп өксіп жылап жіберді. Ашуын баса алмай, ішінен тығылып тұрған күйеуім «киімімді ауыстырып келейін» деп сыртқа беттей берді. Жүрегім әлдебір сұмдықты сезгендей соңынан мен де тұра жүгірдім. Аңтарыла қараған анама: «Мына күйімен бірдеңеге ұрынып қалар, қасында болайын» дедім жүгіріп бара жатып.
Орнынан қозғалып бара жатқан машинаға мініп үлгірдім-ау, әйтеуір. Батырбектің түрі адам шошырлық еді. Көшеге түсіп алып бар жылдамдыққа салып айдады-ай келіп. «Тоқтат! Тоқтат машинаны! Есіңді жи! Аударыламыз қазір...» деп жалынып келем. Ол түк естімегендей безеріп, газды баса түседі. Бір бұрылыста көшеден өтіп бара жатып, асып-сасып қалған жаяу жүргіншінің ербең еткен қолын ғана байқап үлгердім. Сосын шиқ еткен тежегіш үні есімде қалыпты, қатты соққыдан көз алдым жарқ ете қалды да, тұңғиыққа батып жүре бердім...
Есімді ауруханада жидым. Қасымда анам отыр екен. Көзі шүңірейіп жүдеп кетіпті. Денем қозғалмайды, қол-аяғым зілдей, тілімді әрең икемге келтіріп, Батырбекті сұрағанымда анам жылап отырып, оның да осында екенін, бірақ әлі есін жимағанын айтты.
Жол-көлік апаты бойынша іс қозғалыпты. Бірақ тергеушілерді әкем қасыма жолаттырмады. Абырой болғанда көшеден өтіп бара жатқан адамды періште қаққан болар, аман қалды. Әкем оны да біз жатқан ауруханаға жатқызып, бүкіл ем-домын жасатып, шығындарын өзі төледі.
«Әйел адам мен ер адам бірдей қан жоғалтса, ер адам өліп кетуі мүмкін, ал әйелдің тірі қалуы ғажап емес, — деді маған емдеуші дәрігер. — Сондықтан күйеуіңнің жағдайы қалай болатыны әлі белгісіз». Ең жаман хабарды анам ол кезде дәрігерге айтқызбапты: сол апатта мен бойыма біткен тұңғыш нәрестемнен де айырылдым.
Батырбек бесінші күн дегенде есін жиды. Оны сотталудан құтқарып қалу үшін әкеме машинаны мен жүргіздім дегенмін. Біз қағып кеткен адамға жалынып-жалбарынып, сый-сияпатын жасап, бұдан кейін де көмектесіп тұрамын деп әкем қолхат берген соң, екі жақтың ризашылығымен іс жабылды. Батырбек әбден сауығып кеткенше мұның бірін де білген жоқ.
Мен сол жатқаннан тұрмадым, жасатпаған ем қалмады, бірақ... бір күні енді маған аяқ басып жүру жоқ екенін түсіндім. Сондағы жай-күйімді айтпай-ақ қояйын... өмір сүргім келмеген кездерім де болды. Ақыры көндім».
Раушанның әңгімесін жылап-сықтамай, сабырлы-байыпты қалпын сақтай отырып айтқанына Ханшайым әрі таңқалды, әрі сүйсінді.
— Кім-кімге де үйде отырып қалу оңай емес қой, бірақ, үнемі ел алдына жарқ-жұрқ етіп шығып, өнерімен ел ықыласына бөленіп жүрген а