22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Жанболат Башар
Жанболат Башар 1949 жылы 25 қарашада Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының "Қоңырат" колхозында дүниеге келген.

Зауал






Жер төсіне төне түскен қорғасындай ауыр бұлттар аспан аясын тарылтып жібергендей. Тосыннан жарқ ете қалған найзағай жарығы түн көбесін сөгіп өтіп, жер төсіне сүт сәулесін аяусыз бүркіп-бүркіп алады. Қараңғылық құшағына еніп, қалғи бастаған меңіреу түз аспан төсін осқылаған от бишіктің жарқылынан селт етіп, қайыра мар­ғау тыныштыққа бата жөнеледі. Осынау беймезгіл шақта суыт жылқы қуған үш жолаушы қоңыр адырдың шығыс сілемін сабақтай келіп, Еділбай өзегіне ілікті. Жыл­қы қуғандар өзекті өрлеп барып, қыр­ға тырмысқанда тізгінін тежесті. Қуғын көрген жануарлар осқырып-пысқырып, жабағы, тайлар шұрқырасып, мама биелер оқыранып, әрең тоқтаған.

— Мына күннің өзі қайтер екен,.. жауа ма деп едім, зәнталақ, әлі толғатып тұр ғой! — деді шұбар аттан жеңіл түскен ұзын қара кісі аттың төсайылын қайта тартып жатып. Еті қызған шұбар тыпыршып байыз табар емес.

— Далабай! — деді ол, бері бұрылғанда, — сен мынадан бес-алты қыл құйрықты ауылға айдай кет, қалғанымен біз қырға құлаймыз,- деді әдеттегідей қимылы шалт, дауысы қату. Басындағы пұшпақ бөркін шешіп тершіген маңдайын жалпақ алақанымен сүйкеп-сүйкеп алған ол, бөркін басына қайта киіп: — Ертең құс қона ораламын. Әлгі қандыбалақ келсе, біле­сің ғой.., олжаның бірін жетегіне байла. Тек, құйрық-жалын құнанша күзеуді ұмытпа. Соңғы сөзді ол астындағы оқтау­дай жараған шұбар ат тізгінді сүзе жөнелгенде дауыстап айтып бара жатты.

Түн құшағына енген дала төсі беймезгіл дүркіреген жылқы тұяғының дү­біріне үнсіз құлақ тосқан. Әні-міні дегенше, адырлы алқапты артқа тастаған қуғыншылар Баламерген тауын бөктерлеп, ылдиға құлағанда үркердей жылқы үрке жосып, тасқын судай дүркіреп кетті. Шұ­бар атты кісі жылқының алдын тау аңғарына бұрғысы келіп тебініп қалды. Тайынан тақымына басқан жануар ағындай жө­нелді. Ол лезде дүркіреген жыл­қының алдына жетіп, қоғай бергені сол-ды. Кенет керемет бір үрейлі үңгірге құлап бара жатқандай, көзінің оты шағылып, ерден ұшып кете жаздаған ол тақымын қысып әзер дегенде ат үстінен аумай қалды. Бірақ соның өзінде атымен қоса опыр-топыр домалап бара жатты. Қатты жығылды, жерге соғылған ауыр дене талайға дейін көтертпей есеңгіреп, ең­сесі түсіп, отырып қалды.

Қанша отырғанын өзі де білмейді, әйтеуір, орнынан сүйретіліп зорға тұрды. Бір аяғын жерге демей сүйеп тұрған шұбар ат та ыңырси басып келе жатқан иесіне оқырана қарады. Кешірім сұрағандай, мұның омырауын иіскеп, пысқырынып тұр. Ауырсынған денесін әзер игерген жылқышы, атының жалына сүйенді.

Ғұмыры сүрінуді білмейтін сенімді серігін қалайша жаза басты? Ақырын оңғарсын. Осы бір бейнеті көп беймаза тірліктің қамытын мойнына ілгелі қашан!.. Күндердің-күні іс насырға шапса ше? Ол тозақтан мұны кім құтқарар?.. Ондайда ойына жоғарыда басшы-қосшы болып жүрген қызметкерлер түсетін. Бұл солардан пана іздеді емес пе?! Арқасүйер ағаларды да сол ортадан тапты. Пенде шіркіннің алғанды жек көрері бар ма?.. Дәуірі жүріп тұрған дәулердің мұртын майлаймын. Әлдеқалай іс болса, соларға арқа сүйермін деп жүріп, ұры атанып бара жатқан жоқ па, қалай?! Дәл осы кезде ту сыртынан тасырлатып жеткен Жағалтай аттан домалай түсіп:

— Ұшығынан сақтасын, Қожеке!Аяқ-қолыңыз аман ба? — деп мұны қолтығынан демей берді.

— Аман сияқтымын, шұбар аяғын інге тығып алды білем. Қарашы, майып болып кетпесе игі. Аттың алдыңғы аяғын әрлі-берлі сипаған Жағалтай: —Алда жануар-ай! Оңбай құлаған екен, шашасы ісініп тұр, —деді. Бұл да соны ойлап тұрған. Жағалтайдың әлгі сөзінен кейін әлдекімге ызасы келгендей:

— Не тұрыс?Бар! Ит айдап келеміз бе? Сал құрықты, ана жамандатқырдың бірі­не. Қожанның ренішін өзінше түсінген Жағалтай астындағы күрең атты борбайғы бір тартып, ытқи жөнелді. Сәлден кейін-ақ, жалы керегедей боз айғырды мұның алдына көлденең тартты. Ат ауыстырып мінген бұлар елсіз мекенді сағалап, түн қараңғысына батып бара жатты.

Қожан бұл сапардан Еділбайдағы қыстаққа екі тәуліктен соң оралды. Мұны көрген Далабай қатты қуанды. Жасы жер ортасынан ауса да әлі қайраты қайтпаған шомбал денелі, шұбар бет кісі, қожасының аман-сау келгенін кәдімгідей жақсылыққа жорыды.

— Ауыл-аймақ аман ба? — деді Қожан аттан түсіп жатып.

— Ауыл аман ғой, өздерің қалай жеттіңдер?

— Біраз жылқыны матап, баланы қасына қалдырып кеттім.

— Ол қай жер?

Аттан түсіп, үйге беттенген Қожан Далабайдың сұрағына жауап беруге асықпаған сыңай танытып: — Шұбар келген жоқ па? — деді.

— Аяғы қалай?

— Ісініп тұр. Аяғына бидай бөктіріп тарт­тым, қайдам, не боларын...

— Әлгі өзің екеуміз арғы көктемде тәулікке жуық жылқы айдап Молшылық еспесінің теріскейіндегі тау аңғарына бой тасалап едік қой, есінде шығар, баланы сол жерге қалдырдым. Өзі бір бейсауат адам жүрмейтін бүйрек тау, сенімді жер. Ертең қонаға жетемін деп кеттім. Бала ғой, кешікпеген жөн.

Дәл осы кезде көршілес Кеңгірден жылқы жоғалды деген суыт хабар жер-жерге тарап жатты.

Үйірлі жылқы үшті-күйлі жоғалып кет­ті. Бұл хабар Қарасу бойын жайлаған елді әбігерге салғандай. Бас жылқышы Мұқсиын­ның ат сабылтқанына аптаға айналып барады. Әуелгідей емес, жігіт­тердің күдігі күшейген. Өйткені, ауа жа­йы­лып шығындап кеткеннің өзінде бір жерге оттап, бір жерден су ішіп, тезек тастап, із қалдырса керек-ті. Ал, мына жаз­ғандар ізім-қайым жоқ.

Бұл оқиға Мұқсиынды қатты толғандырды. Бастапқыда ешкімге дабыра қылмай, талай жерді өзі шарлады. Ту Ешкіөл­мес асып, адыр-адырды, қолтық-қолатты сүзіп шықты. Бірақ бұл өңірден көңілге күдік ұялар жылқы малының ізін көре алмады. Амалсыздан совхоз басшыларына хабарлауға мәжбүр болды. Ертеңіне совхоз директоры өзі келіп, жылқышы жігіттерді қара қостың алдына иіріп, аң­ди­тындарың той-томалақ, — деп біраз сіл­кіледі. Сосын өзі бастап жоқ іздеуге аттанып кеткен. Бірақ бұл да нәтижесіз болды. Ақыры іске милициядағы азаматтар араласты. Ауданнан шыққан аға лейтенант Жұрынов бірден қос басына тартты. Талай ұрыны құрықтаған, мәттақым біреу болса керек. Келе жылқышылардан жа­уап алды, іске шұғыл кірісті.

— Төлешов сіз боласыз ба? — деді ол, еңкіштеу қара жігітті өзіне қаратып.

— Иә.

— Арғы аптаның бейсенбісінде сізді бас жылқышы жылқы шолып қайтуға жіберді ғой, сонда боз айғырдың үйірі бар ма еді?

—Неге болмасын. Бар болатын.

— Сол күнгі жылқының бағытын айтыңызшы, — дейді лейтенант қабағын шытып.

— Бағыты есімде қалмапты. Ал, жыл­қының сонда жатқан жері осы арадан онша алыс емес. Керек десеңіз, қазір алып барайын. Екі аттылы өзекті жағалап келіп, боз айғырдың үйірі тұрған тұсқа келгенде аттан түсісті. Үйірлі жылқы осы араға сіңіп кеткендей. Олар жерге үңіліп ұзақ жүрді. Осы арадан шығысқа қарай із шығады екен. Жоқ іздеушілер солай қарай аттарын жетелеп жаяулап келеді.

— Бұл ізді Мүсекең екеуміз кесіп, сонау шұбарға дейін шығарып салғанбыз. Одан кейін көп жылқы теріскейге шұғыл бұрылған, шамасы ит-құстан үріккенге ұқсайды.

Сол күні аға лейтенант көз байлан­ғанша шұбар адырдың теріскейіне беттеп шұбырған көп жылқының ізін кесті. Келер күні де осы өңірдің ұңғыл-шұңғылын қалдырмай сүзіп, іздің екіге бөлінгенін аңғарды. Бірі Әулие атаға қиыстап кейін қайтқанда, екінші үркердей аз жылқының ізі теріскейге бөлінген. Аға лейтенант осы көмескі ізді күн бат­қанша қуалап, көз байлана кері қайтты. Ертеңіне жылқыны түстеп тани алатын біраз адамды ертіп, осы ізге түсуге біржола бекінді.

Жылқышылар қосының ірге жағында үлкен қара тұлыпқа оранып жатқан аға лейтенанттың ойы сан-саққа жүгіріп, кір­пігі айқасар емес. Кейінгі жылдары жыл­қы малының із-түссіз жоғалуы жиі бай­қалып жүр. Әлде бұл көршілес совхоздың жылқышыларынан келген іс пе? Олардың бас жылқышылары Қожан деген еді. Ана бір жылдары Теректі совхозынан бірер үйір жылқы із-түссіз жоғалып кетті. Ұрылар да бір қаныпезер болса керек, үйірбасын ауылдың іргесінде атып тастап, қалған жылқыны қуып кеткен ғой. Сол жолы жоғалған малдың ізі тура соның қыстауына жетіп, сіңіп кеткен болатын. Бірақ олардан күдікке айғақ боларлық дәйек қолға ілікпеді ғой.

— Дегенмен, содан келгені кәдік еді. Онда милицияға хабар кеш тиіп, ұрылар бой жасырып, айғақты өшіріп үлгерген. Соның өзінде бір түйткілдің түйінін тап­қандай еді. Әттең, не керек, аудандағы бастығы шұғыл шақыртып алып, тергеу жұмысы уақытша тоқтап қалған. Ақыры іс ескіріп, іздестіру жұмысы аяқсыз қал­ды. Ой жетегінде жатып, ұйықтап кеткен ол бас жылқышының дауысынан оянды.

—Әй, жігіттер, мына кереметті қараңдар, бері келіңдер, — деп айғалап жүр. Қостан жүгіре шыққан жігіттер өз көздеріне өздері сенбей состиып-состиып тұрып қалды. Қостың дәл қасында алқымы мен үзеңгіліктен төменгі бауыры көк теңбіл тартқан боз айғыр мазасыздана оқыранып тұр екен.

— Жануар, мініс көрген екен, а?

— Иә, қаншырдай қатып жарапты ғой.

— Осыдан он күн бұрын түгі жылтырап тұр еді, қарашы, додаға салғандай дал-дал болғанын, — десіп жатыр.

— Лейтенант жолдас, жоғалған жыл­қының үйір басы осы. Үйірі жоқ, өзі келді. Жылқышыға бір табан жақындап келген Жұрынов: — Сонда қалай деп ойлайсыздар, алыстан келген жау бар ма, кімнен күдектенеміз? — деді.

— Дәл айтылу қиын.

— Сонда да?

— Өзіңіз ойлаңызшы, мұның үйірінде он беске жуық жылқы бар болатын.

— Бұл бірлі-жарым адамға сіңе қоймайтын мал.

— Оныңыз дұрыс, сонда күдіктенетініңіз кім?

—Ой, жолдас-ай. Менің ұзында өшім, қысқада кегім жоқ. Боз айғырдың жал­ғыз келуінің өзі әлденені меңзейтін сияқ­ты. Бұ жануар екеуміз он жылдан бері бір-бірімізге серікпіз.

Менен басқа бір жан басына ноқта ілген емес. Мұны не де болса, қолға түспей жүргендер — кәнігі ұрылар жасаған. Олар мына жануарды тақымынан босатпай күндіз-түні жылқы қу­ған. Бірақ әбден таң асырған. Бұл жылқы жағдайында жетік жандар деген сөз. Ал, сөйте тұра бұ­дан қалай айырылып қалған? Бас жыл­қышы Мұқсиын боз­ ай­ғырдың жалын сипап, ертоқым батып, тер қатқан арқасын уқалап, ойға қалды...

* * *

Неше күн жол жүріп, атсоқты болған Қожан басы жастыққа тиісімен қор ете түсті. Ұйықтап кеткен екен, түс көріпті: қараңғы түнде ақ кимешегі ай жарығымен ағараңдап әлдебір кейуана бұған қолын шалт сілтеп қалғандай болды. Сол-ақ екен өңі суық жат біреулер мұны зәузатынан сыбап, атсоғардың астына алсын.

— Ағайындар-ау, не болды. Бұларын не? — деп бұл да өзеуреп атып тұрғысы келген. Сол мезет көпшілікті киіп-жарып келген еңгезердей біреу аяғындағы дәу саптама етікпен мұны сылқита бір-ақ тепті. Жүрек тұсынан тиген ауыр тепкіден кеудесі қысылып, тұншығып қалған.

Қап, қорлық-ай. Талай асауды тақымында шыңғыртқан адуын қайраттың үйеленген азбандай аяқ астында қор болуы-ай! Ызаға булыққан бұл әлгі дәуге жұлқына ұмтылды. Оң жақ шекесінен жып-жылы бірдеңе сорғалап барады. Оны да елегісі жоқ, атып тұрамын дегенше әлгі дәу аяқ бұны тағы тепсін. Бұл жолы саптама етіктің бұзаубас тұмсығынан шап беріп ұстай алған. Бірақ тепкісі темірдей әлуетті аяқ сол екпінін тоқтатпай келіп, кеудесін жаныша басып қалды. Жаны қысылып, тынысы тарылып, қыстыға айғайлаған Қожан қиналып жатып оянды.

Сөйтсе, өзінің сол қолы кеудесін басып, жағасын бүріп, қарысып қалған. Қарысқан қолын кеудесіннен ажыратқан ол:

—Ту, шайтан алғыр-ай! — деді, сонсоң екі қолын бір-біріне уқалап отырып әлгі пәленің түсі болғанына қуанды. Әлгі дәу, аяқтыны біреуге ұқсатады. Тәңір атқан кім еді өзі? Дәл осындай түсті бұдан бұрында көрмеп пе еді...

Қараңғы үйде елегізіп көпке дейін ояу жатты. Көз алдынан түсі суық таныс адамның кеспірі кетер емес. Мұндай пәлені қайдан көріп едім. Терісаққаннан ба, әлде Теректіден бе? Иә, ойына жаңа түсті. Әлгі бір сойдауылдай сойқанның дәл өзі.

Құлынды биесін даулап, басынан асыра мылтық атып, лаң жасаған жоқ па еді? Оны қалай ұмытқан. Онда жаз ортасы болатын. Әдетте Қожан мұндай уақытта жылқы ұрланған емес. Сол жолы өзін не түлен түрткенін білмейді. Әйтеуір күндік жерде жатқан Теректіден жылқы ұрлағысы келді. Бар болғаны сол, ұрлағысы келді. «Қой, болмас, жер аяғы кең, түн болса қысқа. Біреу болмаса, біреу бөтен жүрісімді сезсе масқарам шығып жүрер» деп өзіне-өзі тоқ­тау айтып та көрді. Бұзылған көңіл болатын емес. Үйге бір кіріп, бір шығып бе­рекесі кеткен Қожан ақыры ымырт үйі­ріле атқа қоған. Сол-ақ екен, бойын билеген ессіз желік екіленіп, қоңыр кештің тылсым түкпірін бетке алып, жортып бара жатты. Тақымындағы ақтабан ат жер танабын қуырып, түн жарымынан ауғанда межелі жерге іліккен. Қожекең кәнігі қандыбалақ ұры еді. Оған айдың жарығы, қараңғысы есеп емес-ті. Жемтігін исінен сезетін түз тағысы секілді Қамбар атаңның қайда жатқанын әлдебір елде жоқ түйсігімен сезіп, соның үстінен түсетін. Қазір де солай болды. Көкүйрімде жатқан азғана жылқының төбесінен түскен. Көзге іліккен олжаны дереу айдап әкетпек болды. Бірақ үйірде жүрген қасқа айғыр бұған аузын арандай ашып, айбат шегіп жылқыны алдырар емес. Құрығын шошаңдатып ай­ғырды ықтырмақ болған бұның әрекетін қасқа айғырдың пысқырғысы жоқ. Өзі де бір есік пен төрдей келісті екен. Әдетте, қасқырмен алысқан сақа айғырлар осындай болады. Мынау да сондай малдың сойы.

Үйіріне жақындатса қане, басына тиген со­йыл­ды да елемей арыстандай атылып келіп, астындағы ақ табан атты құлақ шекеден шайнап түсті. Қанша жыл жылқы соңында жүріп мұндай гәпті кім көрген. Құрығыңа да, сырығыңа да қарамайтын тарпаң айғырға ыза болған Қожан тақымына басқан мылтығын суы­рып алып, қасқа айғырды қақ маңдайдан басып салды. Көзі қанталап атты­лы адамға шапшыған Қасқа айғыр маңдайға тиген қойдың құмалағындай қор­ғасын оққа қарсы тұра алмай, шөкесінен сылқ ете түсті. Даланың төрт аяқты жырт­қышын қуып жүріп шайнап тастайтын, екпіні тау соққандай тарпаң айғырдың жанары сөніп бара жатты. Жарық жалған­ға соңғы базынасын айтқысы келгендей басын көтергісі келген-ді. Бірақ болат тұяқтары тыпырлаудан арыға бармай, денесін діріл билеп, қорқыраған дыбыс пен бірге жан шіркін үзіле берді. Қа­тыгез тірлік, қарақшы мінез кімді аяр.

Келесі сәтте шұрқыраған жылқыларды ақ сойылдың баурына алған түн перісі тырқырата қуып бара жатты. Қожан жылқышы таң қылаң бере Еділбайдағы ауылға келді. Қуып келген үш-төрт қулық пен екі құлынды биені құнанша күзеп тас­тады.

— Кәне, құлынды не істейміз, — деді Жағалтай.

— Сөз деген соны, құлын қуырдақ жемейміз бе?

— Ә, бәрікелді, өзім де солай ойлап едім, — деп лекіте күлген Жағалтай күрең құлынды лезде шыңғыртып алып-ұрды. Байлауда тұрған енесі де шұрқырай кісінеп, қыл арқанды үзіп жіберердей жұлқынды. Жағалтай болса құлынның аяғын байламай-ақ тізерлеп басып тұрып, сағасынан орып жіберді. Ертеңін­де күрең биені босатып, көп жылқыға қоспақшы болған ол:

— Пәлі, мынаны қара, көзіне кеше бірдеңе тиген-ау, жас ағып тұр. Қант бүркіп емдеп жіберейін, — деді. Оның емі­нен кейін күрең биенің екі көзіне бірдей ақ түсіп, ұзамай су қараңғы болып қалды. Соқыр бие ауылдан ұзап аттамады да. Кейде жайыламын деп жүріп жылқышылардың ағаш үйіне кіріп кетеді, ондайда түртінектеп жем іздейді, бейшара.

Сол жылдың күзінде ауылына иығына мылтық асынған өңкиген бір адам келді. Ат үстінде отырған ірі денелі кісінің қос тізесі ат құлағын қағардай болып келе жатты. Құдық басынан әрі ұзамайтын со­қыр бие де күндегі жерінде тұрған. Үйдің дәл қасына келген жолаушы аттан түспей бірден солай қарай бұрылып кетті. Қожан мен Жағалтай да ауылда болатын. Биенің о жақ, бұ жағына кезек шығып жүрген адамды сырттай тамашалаған екеуі «танып көр» дегендей, мырс-мырс күлісті.

Бейтаныс жолаушы малын дәл танығандай болды. Бірақ жанбасқа басқан бөтен жердің таңбасы не? Оған қоса бір құлағы түбінен жоқ, екі көзін бірдей шел басқан, құйрық-жалы шолақ, бұл қалай? Осылайша әрі-сәрі болып тұрған жолаушының ту сыртына жақын келіп тоқ­таған Қожан:

— Иә, жолыңыз болсын, қай туғансыз? — деді. Амандықтың мезіретін жасаған бейтаныс адам биеге бір, Қожанға бір қарап бірдеңе деуге оқтала берген.

— Мына бие малымыздың төресі еді, — деп бұл оның алдын орап кетті. Баяғыда қаңтардың қақаған аязында далада туып қалып, тұлыпқа орап әрең жеткізген едім. Сонда бір құлағын аязға бергенбіз. Жануар текті жылқының тұқымы. Көп болды көзінен кемдік көріп жүргеніне. Біздің мал дәрігері де тура өзіңіз сияқты ауру малды алыстан байқап, соның жағдайын білуге...

— Мен ешқандай мал дәрігері емеспін, мынау менің бием болуы кәдік, — деді ол.

— Ортаның биесі, — деді бұл. Құлағы шұнақ, көзі соқыр малдың бәрі жоқ іздегендікі бола ма? Біздің қазақ біреуге соқ­тықпаса жүре алмайды.

— Көзі соқыр, жарымжан бие басы ауған жаққа жүре береді. Ту, Әуезеңе құлап кеткен жерінен бір әкелдім. Ала жаздай он жоғалып, он рет әзер таптым. Жұрт айта береді. Осы күні ел жұт жылы өлген шолақ байталын да менен көреді. Ол аз десеңіз, соғымы арық болса да мен кінәлі... — деп ағынан ақтарылған болды. Деуін деді-ау, бірақ әлгі дүлей соның бірін де қаперіне ілмей бұған қамшы үйіріп, мылтығын шошаңдатып жайрата жаздады емес пе. Жылқышы соны ойласа ақ арқасы мұздап жүре береді. Бұ не қорқыныш,әлде үрей?..Оны өзі де түсініп болар емес. Ойына осмен сабақтас тағы бір оқиға оралды:

Сол жылы жазда жолаушылап келе жатып, Көкүйрімдегі малшы аулына соққаны бар. Шілгірдің ыстығы еді. Шөл қы­сып, кенезесі кепкен соң әлгі ауылға ат басын бұрды. Қаперінде ештеңе жоқ. “Шығысына иесі басшы” деген ғой.

— Ассалаумағалейкум! — деп үйге емен-жарқын, ентелей кіріп келген. Еңселі киіз үйдің іргесін түріп тастап, кілең бала-шаға дастарқан басында шүпірлеп шай ішіп отыр екен. Шай құйып отырған аппақ кимешек киген кейуана:

— Амансың ба, қарағым? Шайға кел, — деді бәйбіше кісі үйге кірген адамға жүзін бұрар-бұрмастан. — Кешелі бірі күннің ыстығы да қайтпай тұр ғой, — деді, Өңінде кейіс,реніш байқалмағанымен қи­мылы мен дауысынан әлденеге қапалы, салқындық сезілгендей.

— Рахмет, шешей! Бір жұтым сусын болса болады, баратын жерім алыс еді,.. — деп жолаушы да төрге озған.

— Садағаң кетсін, қарағым. Жылқымыз да бар еді, қымыз да үзілмеуші еді, бұйырғаны осы шай ғана, - деп сүт қат­қан күрең шайды қонаққа ұсынып жатып әңгімесін әрі жалғады.

— Өткен жылы тақ осы арада, өзіңдікі өзіңе бұйырмай өртеніп өлгір, дәл үйдің іргесінде айғырымызды атып, жылқымызды айдап әкітті. Жылдан асып барады, қарағым. Алты-жеті қара ұшты-күйлі жоқ. Малмен жан бағып отырған адамбыз ғой. «Кісі ақысының киесі бар» деуші еді, зауалын құдайдан табар, — деді.

Жолаушы кісі шай құйған кесені қолына алып, қызыл-күрең шайды құштарлана ұрттағаны сол еді кейуананың мына сөзін естігенде тамағына тас тығылғандай қылқынып қал­ды. Жарықтықтың сөзі мірдің оғындай болды ма, бір жұтым шай өңешін жыртып өткендей. Содан кейін ақ әлгі лекіген көңілі су сепкендей жер болды. Жан дүниесін көрдей тыныштық басып, еңсесі езіліп түскен. Кеседегі шайды сораптап бір қауым отырды. Жан баласының сөзін басынан асырмаған даланың өр көкірек тағысы үшін мына сөз зауал оғындай тұяқ серпуге ырық бермей есеңгіретіп жіберді. Осы оқиғадан кейін-ақ оның ілгері бас­қан аяғы кері кете бастады. Қайда барса да әлгі кимешегі ағараңдаған кейуана «зауал, зауал» деп тұрғандай.

...Осылайша, ауыр ой меңдеген ол таң сыз бергенін де аңғармапты. Бұдан әрі ұйқы болмасын сезген соң, тысқа беттеді. Осы кезде Қарасудан шыққан жоқ іздеушілер де жеткен-тін. Қожан келгендерді есік алдында қарсы алды. Амандық-саулықтан соң бұл:

—Жолдарыңыз болсын, беталыс қалай, — деді.

— Жоқ іздей шыққан жайымыз бар.

— Бір үйір жылқымыз жоғалып, осылай қарай із шығара келдік. Бұл сізден көргендік емес, Қожеке. Өткен аптаның ішінде көлденең жүрген бөтен жылқыны көзіңіз шалмады ма?

Иығын қи­қаң еткізген Қожан: — Байқамадым. Жыл­қы деген аяғы ұзын мал, бақпаса, қақпаса қайда кетпейді дейсіз, — деді.

— Солайы солай ау!Бірақ, кеше таңертен үйірбасы жалғыз келді. Біреу мінгенге ұқсайды. Сақа айғыр еді. Үйірінен адаспаса керек-ті. Бізді осы ой мазалап тұр, — деді Мұқсиын ақсақал.

Қожан Бозайғырдың ешқандай сің­бесін білген. Қасқа айғырдан соң «айғыр деген бәледен» аяғын тартатын болған. Сонан соң босатып жіберген-тін. Онысы дұрыс па, бұрыс па соған қазір де ақылы жетер емес. Бұрын ол қателеспейтін, шалт қимылдап, шапшаң шешіп, ізіне ілік тастамайтын қандыбалақ еді. Енді міне қуғыншы қорасына келіп, дарбазаны қағып тұр.

— Бейсауат ештеңе байқамадым. Өз бетімен келіп қосылған жылқы болса мал ішінде жүрген шығар, аралап көріңіздер, — деді ол ойынан әзер арылып.

Мұқсиын қасындағы жігіттер мен Жұрыновқа қарады. Сөзге аға лейтенант араласып:

— Көп жылқыға қосылып кеткен шығар, кім біледі, аралағанның зияны жоқ. Және бұдан әрі шығатын із де белгісіз, — деді ол екі ұштылау сөйлеп.

— Онда Қожанның бізбен бірге жүргені дұрыс қой.

— Әрине, ауыл иесісінің жол бастағаны жөн. Жер жағдайын біледі. Оның үстіне жылқы жоғалтып, бүкіл аудан дүркіреп жатыр емес пе?

Бұл сөз таппай ойланып қалды. Көз алдына үлкен таудың аңғарында қалған Жағалтай келді. Оның ойын: «Қожеке, қалай қарсы емессіз бе?» деген лейтенанттың дауысы бөлді.

—Орталылыққа да баруым керек еді, — деді бұл өзін-өзі күштегендей.

— Бір күн, жарым күнге ештеңе етпес, бізге көмектесіңіз. Жылқы малы тоқтайды-ау деген жерді шолып шығайық, — деді лейтенант сенімді үнмен.

Бұл үнсіз келісті.

* * *

Үлкен таудың ұшар басын көмкерген сұрғылт бұлт өңі тайған дала төсіне салқын сұс беріп қоңыр күздің қырбай мінезін танытып тұр. Сонау көз ұшында көк күнбез тартып тұратын Бектауата тауы да көрінбей кеткен. Неше күннен бері нәр сызбаған Жағалтай бүгін қатты мазасызданды.

Әсіресе, күн райының күрт өзгеріп, теріс қабақ танытуы онсыз да жүдеу көңілді қажап, жұқарған жүйкені тоздыра түскендей. Тау аңғарының терең шатқалына аз ғана жылқыны қамап жол тосқанына бүгін үшінші тәулікке айналып барады. Аттанар алдында Қожан «осы шатқалдан аударма» деген еді. Жаман айтпай, жақсы жоқ, ол әлде қалай қызыл жағалылардың қармағына ілігіп кетсе, мына жау айдағырды қай қуысыма сіңіремін. Иә, бұл менің өңешімнен өтпейді. Қожан кешікпесе керек еді. Жағалтай астындағы күреңді тебініп, жотаға көтерілді. Сосын төңірекке көз салды. Сонау көлденең жатқан таудың аржағында Еділбай өзегі, оның шығыс жақ шынтағындағы жылқышылар қыстағы мұның көз алдына келгендей. Сол жаққа қос жанары талғанша ұзақ-ұзақ қарады. Бірақ, көзге ештеңе шалынар емес. “Япыр-ай, неге кешікті?!” деп күбірлей сөйлеген ол қол сағатына қарап еді, сағат тілі беске еңкейіп барады екен. Осындайда оның ойына қай-қайдағы түседі. Әне бір жылдары өзінің түн қатып, ат сабылтып жылқы ұрлағанын ерлік көретін. Өзінің осы бір абыройсыз іске қалай араласқанын ол қазір ойлап-ойлап, тіпті, түсіне алмады. Қаршадайынан ат құлағында ойнап өскен, балаң жігіттің жылқыға деген құмарлығы оны ешуақытта тыныш қалдырған емес. Мектепте сегізіншіні бітірер-бітірместен бірден Қожан бастаған жылқышылар бригадасына келді. Әуелгіде жылқышылардың қосында бақыршы болып жүрді. Келе-келе тақымының беріктігін көрсетіп, тай-жабағыға бұғалық салып үйренді. Арада біраз уақыт өтісімен-ақ бұғалықтың бір ұшын тақымға басып, нелер асаудың өзін тыпыр еткізбейтін болды. Ондайда Қожан мұны үнемі мақтап, «Біздің осы інішектен түбі мықтының мықтысы шыққалы тұр.Байқайсындар ма, бұғалықты бұлтартпай тастасын?! Ал, арқанды ірке тартысы ше?! Соның өзі бір қаралық емес пе?!»” деп лекіте күлетін. Оның сөзіне былайға адамдар да мәз болып, «Жарайсың, Жағалтай!» деп мұны арқадан қағатын.

Қожанның мүлде хабарсыз кетуін бұл жақсылыққа жорымады. Келесі сәтте ол: “Ой, атасына нәлет!” деді күбірлей сөйлеп, таудың биік ернеуін жалдап төмен түсті. Асықпай жүріп матау­лы жылқыларды әбден босатып алды да, атқа қонды. Сәлден кейін-ақ, ол қараңғы түннің беймәлім түкпіріне қарай үркердей жылқыны қуып бара жатты.

Қоңыр адырдың сілем-сілемін сүзген, жоқ іздеушілер көз байлана бір-ақ оралды. Қожан келісімен Далабайды оңаша шығарып алып: «Үлкен тауда жатқан Жағалтайға дереу жет. Жылқыны босатып жіберіңдер. Беті ауған жаққа бара берсін. Өз­дерің таң ағына дейін жетіңдер»,— деді.

Солкүні бұл ұзақ таңға көз ілмеді. Қарсы бөлмеде жатқан Мұқсиынның қо­рылдаған дауысы да мұның жүйкесін қажап-ақ бітті. Кешеден бері төбесі тыз-тыз етіп ашып, басы қорғасын құйғандай ауыр тартып шыдататын емес. Соған да қарамай далаға дамылсыз шығып, Далабайды күтті. Таң елең-алаңда күткен адамы жал­ғыз келді. Мұны көрген Қожанның тілі байлағандай сілейіп қалды.

— Тау аңғарында тірі жан жоқ. Шамасы Жағалтай өзі де жылқыны босатып жіберген болуы керек. Келіп қалар,—деп өзін өзі әзер тежеп.

— Сен анықтап байқадың ба?

— Қуыс қалдырмай, тегіс аралап шықтым.

— Апыр-ай?! — деді Қожан торыға сөйлеп.

Жылқышылар таңғы астарын алдарына енді ала бергенде ит үріп, машина гүрілдеді. Шеткері отырған Далабай түрегеліп барып терезеден тысқа көз жібергені сол-ақ екен.

— Жағалтай! — деп көзін терезеден тез тайдырып, әкеткен ол Қожанға жалт бұрылды.

— Құрыдық, анау ұсталыпты!

Жанұшыр­ған үрейлі үн құлағын тіліп өткендей болды. Мұны естіген Қожан орнынан жұлқына тұрмақ болған, бірақ ширыққан денесі өзін игере алмай қалды. Өрекпіген жүрегі кеудесіне сыймай, тайдай тулап кетті. Аласа үйдің есігі шалқая ашылып, ішке қызыл жағалылар еніп келе жатты. Мұның көз алды бұлдырлап барып қайта оңалды. Сол-ақ екен екі қарулы жігіт төрде отырған бұның екі қолын қайырған қалпы орнынан дедек қақтырып тік тұрғызды.

* * *

“Ұрылар ұсталды” деген тосын хабардан соң көп ұзамай жылқышының үйі түк қалмай өртеніп кетті деп естідік. Әлгі соқыр бие бар еді ғой, сол жем іздеп, түртінектеп жүріп ағаш үйдің сенегіне кіріп, жанып тұрған аспа шамды құлатқан. Өрт содан кеткен. Заманында таза қарағайдан салдырған еңсесі биік кең сарайдай ағаш үй екен. Ауданнан өрт сөндірушілер келгенше жылдар бойы жинаған боқ дүние сағатқа жетпейтін уақытта от құшағына оранып күлге айналыпты.