22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Әлібек Асқаров

Әлібек Асылбайұлы Асқаров (1951 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы) – жазушы, прозашы, баспагер, журналист.

Мұзтау






Көңілім сенген соңғы жылдарғы бір шындық — Мұзтаудың қадіріне біздің қазақ әлі күнге жете қоймапты.

Сүтпен еніп, сүйекке сіңген, қашанда арқаны кеңге салып жүретін ежелгі енжар мінезіміз бұл ретте де өз әсерін тигізген сияқты. Ел жақтағы бас көтерер мықты деген азаматтардың қайсыбірінен Мұзтау туралы сұрай қалсаң: «е, көріп жүрміз ғойдан» әріге аспады.

­­ — Жайлауда малда жүргенде анадайда жарқырап жататын, — десті елдің ақсақал үлкендері.

— Бірде жылқы іздеп Қапшалға дейін барып қайтқам, — деп бөсті жылқышы бір құрдасым.

— Басына дейсің бе?.. Қызық екенсің! Көк мұз, ақ қарда атамның басы қалғандай не қылам мен ол Мұзтаудан! — деп келесі бірі шамданып, теріс айналып кетті.

Сөйтіп елдегі ағайыннан Мұзтау жайында жақсы сөз, жарытымды жауап ала алмағанбыз.

Менің ауылдастарымның әлгі айтқан «көріп жүрмізі» — кемінде Мұзтаудан жүз шақырымдағы аралық. Ал Мұзтауға ең таяп барған жылқышы құрдасымның Қапшалынан әрмен әлі он бес шақырым жер.

Осыдан ұққаным — күншіліктен көз салып, айшылықтан малданып жүргендері болмаса, біздің ағайын арнайы іздеп ол жаққа ғұмыры бармапты ғой. Мұзтауды асқағым дейтін адам да сирек екен, көбісі бөтен бірдеңедей сырт көз болып сөйлейді.

Ала жаздай Мұзтауға шұбырған шамбалашылар, рерихшілерді былай қойшы, қара жаяу қаптаған туристердің ішінен қара көзді емге таппайсың. Тек өткен жылы өткізілген «Мұзтау — 2002» фестиваліне екі альпинист қазақ жігіті қатысыпты деген сөз бар. Естуімізше, соның біреуі әлемнің біраз шыңын бағындырған әйгілі мұзбалақ Мақсұт Жұмаев екен. Басқасында, ұлы таудың басына шықпақ түгіл, етегіне барып қайтқан қазақты кездестіре де, ести де алмадық.

Қазақтардың Мұзтауға деген көзқарасын 19 ғасырдың соңында орыстың әйгілі саяхатшы-ғалымы В.В.Сапожников та жазып қалдырған екен.

«Высокие снежные горы (Белуха) служат у калмыков предметом священного почитания, — деп жазады ғалым. — Никто из них под страхом смерти не смеет восходить на них. Обаяние Белухи на киргизов (казахов) еще больше: «Нам и смотреть близко на нее нельзя», — говорил мне один старик из аула в вершине Черной Берели».

Ғалымның айтып отырған қариясы — қазіргі біздің Берел ауылының бір тұрғыны болса керек.

Өзге жұртты білмеймін, Мұзтау біздің бала күнгі аңсарымыздың бірі болатын. Әйгілі таудың әйдік келбетін, шіркін-ай, жақыннан барып бір көрсе, тынысын сезіп, көк мұзын сипап қызықтаса дегендей арман бала қиялымызды талай тербеген.

Бірде жайлаудағы біздің қостың қасына қызылды-жасылды киінген жеті адамның түнеп шыққаны есімде. Апам оларға қымыз берді, ет асты, жолдарына бір торсық айран арқалатып жіберді. Арада алты күннен соң әлгі топ алты адам боп кейін қайтты. Біреуі мұздың жарығына құлап қаза болыпты, құтқарушылар келіп оны қалаға алып кетіпті. «Мұзтау қатерлі жер, ол жақта өлім-жітімсіз болмайды» дейтін аңызға әлгі оқиғадан соң біздің де бала көңіліміз сене бастаған. «Мұзтау қатерлі, Мұзтау қиямет» деп, жағаларын ұстап, бас шайқасқан әңгімені одан кейін де талай естідік. Осылайша Мұзтау бейнесі біздің санамызда сұмдық қиындықпен, тіпті өліммен қабаттаса елестейтін болды.

Бәрібір ұлы тау өзіне қызықтыруын қоймаған.

Алдыңғы жылы Алтайдың адам баспас әлде бір биігінде иесіз қалған ескі ауыл — Көккөлге шыққан сапарымызда әйел-бала-шағасымен шұбырған шамбалашыларды көріп еріксіз ойға қалғамыз. «Мынанша халық бесіктегі баласымен қоса жаяу-жалпылы Мұзтауға шұбап бара жатқанда, соқталдай еркектер бізге не жоқ, осы біздер неден тайсақтап, неден жасқанып жүрміз», — дегендей қиял келген.

Көкейдегі осы қиялымызды іске асырудың реті биылғы жазға тиген еді.

Өскемендегі альпинистік-туристік фирмамен келісіп, Алтай десе ішкен асын жерге қоятын баяғы азаматтар қаңтардан бастап өзімізді рухани дайындау, дене шынықтыру тұрғысынан шынығу әрекеттеріне кірісіп кеттік. «Баяғы азаматтар» деп қатарынан бірнеше жыл Алтайға барып жүрген достарды айтып отырмын. Олар: полиграфист Ахметқали Өтеғалев, баспагерлер — Тұрлығазы Дуанбеков, Елемес Иманғалиев, Қайырды Назырбаев, журналистер Олег Рябченко мен Сауытбек Абдрахманов еді. Алайда, соңғы сәттерде осы достарымыздың кейбіреуі жұмыстың ыңғайы, отбасының жағдайына байланысты түрлі себептермен сапараға шыға алмай қалысты. Бірақ мұз жастанып, қар төсеніп боранды биіктерде жүрген кездерімізде қалада қалып қойған әлгі достарымызды өзімізбен бірге санадық. Өйткені, баршамыз боп ала қыстай дайындалған, көптен мақсат еткен бұл сапар бәрімізге ортақ арман-мүдде болатын.

Сөйтіп, таң атпай желіп жүгіруге кірістік, демалыс күндері қала сыртына шығып, шақырымдап жаяу жүрдік, велосипед тептік. Олег Рябченко екеуміздің қызмет бөлмеміз 23 қабатта еді, соған ақ тер-қара терге малынып жаяу шығатын болдық. Қысқасы, шама-шарқымызша аяқты шынықтыратын, өкпені шыңдайтын талай жаттығуларды жасап бақтық.

Жеме-жемге келгенде бұл тірлігіміздің бәрі түк емес екен, баланың ойыны секілді бәрі адыра қалды.

Мұзтау жолы біз ойлағандай тұнған романтика емес, аса қауіпті әрі қиын сапар боп шықты.

***

Алдымен аудан орталығынан екі жүз шақырымның үстіндегі Қаракөлге дейін (картада Язевая көлі деп белгіленген) «вездеход» автокөліктерімен жеттік. Көл жағасындағы жоталы жазаң түбекке Катонқарағай ұлттық табиғи паркі туристер үшін қонақ үй кешенін салып жатыр екен. Қарағайдан қиған көрікті үйлердің бірнешеуі бой көтеріп қалыпты.

— Заман ығына қарай бейімделіп жатқан жайымыз бар, — деді осы өңірдегі орман шаруашылығының директоры Игорь Месяцев досымыз.

— Мұзтауға ағылған туристердің тең жарымы Қазақстан арқылы өтеді. Оларға жақсы сервис дайындау — ел мен жерді насихаттаудың бір парасы деп отырмыз.

Осы Қаракөлдің жағасында бір түнеп, ертеңінде салт аттармен ертелетіп Мұзтауға сапар шектік.

Біз үшін осы бір қайырлы сапардың керек-жарағын қамдап, жөн-жосығын жасап, елдегі қажет шараларды үйлестірген Ұлттық табиғи парктің директоры Ерен Жұмағұлов болатын. Ерекең жылмиған жүйрік, тайпалған жорға емес, ұзын жолға шыдамды, қия-жартасқа мығым мықты аттарды дайындатып қойыпты.

Тоғыз ат, сегіз кісіміз. Сегіздің екеуі — альпинист-нұсқаушы, сосын бір атқосшымыз бар. Палаткалар, төсек-қаптар, альпинистік әбзелдер, басқа да керек-жарақ артқан бір атты жетекке алдық. Басқамызда да теңделген қоржын-сомалар, олардың іші бірнеше күндік азық-түлікке, жылы киімдерге, бәтеңке-байпақтарға толы.

Содан тоқтаусыз суыт жүріп кеттік. Атам қазақ айтпақшы, аласа-биігі бар жерменен, ашығы-тұйығы бар жолменен тоқтаусыз тартып келеміз. Таулы-қиялы ұзақ сапарда кей тұста жолдың сорабын жоғалтып, шыр айналып адасып та қаламыз. Сапар барысында қазақтың кезіндегі небір көрікті қоныстарын, үкілі жайлауларын басып өттік. «Кезіндегі» дейтінім — Қаракөлден шыға бере, арада он шақырым өтпей жатып Ресейдің территориясына кіріп кеткенбіз... Атам заманнан бері сызылып қойған жолдың жөні солай екен.

Біраздан соң оңды-солды жығылған ағаш, сидиған сида, қарақат пен көкбояудың ұйысқан бұтасы жолымызды бөгеп, тайганың ішімен сырғанай ылдилап, түс әлетінде Катунь өзенінің терең шатқалына түстік.

— Біз Елеңшадыр өзенінің Қатынсуға қосылған тұсына келдік. Анау избушканы баяғыда біздің Катонның малшылары салған.

— Иен жерге үй салғандары несі?

— Бұрын иен емес болатын. Біздің малшылар ала жаздай осы арада мал бағатын, кейде тіпті қыстап та қалысатын.

— Қазір ше?

— Қазір ешкім тұрмайды. Қыс айларында боранға қалған қорықшылар ғана соғып тұрады. Олардың өзі оқта-текте бір келеді.

Катунь өзенінің екі жақ аңғарындағы кең көсілген бұл иесіз мекенге қазір қазақтың малшыларын Ресей жағы аттап бастырмайды екен. Ал арғы беттегі ойраттар болса — анау тас қамалдай сірескен құз-жартас, Абылай аспас асулардан бері өте алмайды. Осылайша Өр Алтайды жайлаған Қаратай жұртының ертегідей әдемі төр жайлауы салдырап бос қалыпты.

Орыс халқының әлімсақтан бері арман етіп, аңыз қылып іздеп өткен Беловодьесі осы қазақ Алтайының Катонқарағай өңірі екені көп айтылды да, көп жазылды да. Кейде біз жетпіс жыл ғұмыр кешкен Кеңес өкіметін көзсіз жамандай беретініміз бар. Алайда, сол Кеңес жарықтық болмағанда бұл аймақтың қазағы үдере көшіп, сонау Қарқаралыдан бірақ шыға жаздапты. Қазан төңкерісінің алдында Алтайдың Шабанбай алабындағы әлгі «Беловодье» аталған құйқалы пұшпағының бәрі Ақ патшаның жеке иелігіне өтіп, Кабинетные Земли Его Императорского Величества аталып кеткенін бұл жақтың халқы жақсы біледі (Ол жайында осы кітаптың «Шабанбай» атты бөлімінде кеңірек айтылады).

Байқап отырсақ, Алтай жазғанның көрмеген құқайы қалмапты. Қал-ағаңның (Қалихан Ысқақов) осы өңірді «жетімдер мен жесірлер елі» деуінде де бір астар жатыр. Алтайды жіліктеп бөлу алдыңғы ғасырда, атап айтқанда 1869 жылғы Шәуешек келісімінде басталады. Бұл келісім қалың қазақты ортасынан қақ бөліп, Ресей мен Қытайдың шекарасын белгілейді. Ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда бұл өңірдің қазағы Қытай қашып, «кірән» асып тағы ойран-асыры шығады. Ол қазақтардың көпшілігі одан әрмен Тибет өтіп, Индия көшіп, Ауғанстан арқылы түрік ағайындардан ғана пана тапқандарын бертінде білдік. Қазан төңкерісі қазақты Алтай ауғаннан сақтап қалды деп жүргенде, 1930 жылы біртұтас тайпалы ел болып отырған Катонқарағай аймағы екіге бөлініп, Қошағаштағы (қазір жеке аудан) ағайын-жұрағат Ресейге қарап кетеді. Әйтсе де, тәубешіл халықпыз ғой, ел бөлінсе де еншіміз бөлінбесін деп жүргенде, тәуелсіздіктің алғашқы аласапыранында белгісіз себептермен баяғы Шабанбай осы Қатынсуға дейін, оған қосымша Мұзтаудың маңайы, Ақалақа, Үкөкке дейін Ресейге өтіп кетіпті.

Енді, мінеки, «Шабанбайдай жер қайда, Бұландыдай көл қайда» деп бала күнімізде әнге қосқан бал қымыздай байтақ өлке жетім жатыр. Елге құт болған өлеңді жер еді, ерге құт болған тереңді жер еді, жерге құт болған белеңді жер еді, сол Шабанбайдың жарымынан айрылып отырмыз.

***

Балқарағайы самсаған бір тұмсықты айнала бере қарсы алдымыздан ашылып салған жайқын дала еріксіз іш тартқызды. Жайқын дала жап-жасыл болып жайқалып жатыр. Сазды жердің ат бауырын сызған бос балдыры, сояудай боз қияғы емес, қырдың салқын сабат шымдауыт шалғыны, уыздай ұйыған ұлтанды шөбі: үп еткен самалмен қосылып үлбіреген шәлідей толқығанда көзің жасаурайды. Дариға-ай десеңші, ағаш нәсілімен, жер жасылымен сәнді деген осы да тегі!

— Бұл алқапты «Мәкиле дарасы» деп атайды, — деді бұл өңірді бір адамдай білетін орманшы Ағәділ Сүндетбаев. — Қазақтың шыбынсыз жазын іздесеңіз — осы жерге келіңіз. Мынау жайқалған жасыл белдің бәрі — атбұршақ пен жоңышқа. Бұрынғының қазағы бұл дараның шөбін малға шипа, малшыға дәрі санапты.

Алаштың ардақтысы, Еңбек Ері, жүрегі сара, көкірегі даңғыл шежіре қариямыз Бошай Кітапбаевтың жазбаларынан Мәкиле жайында сөз іздеп, кейінірек мынадай бір дерек тапқанбыз.

«Мәкиле — Самай руынан шыққан дәулеті тасқан, мерейі асқан атақты би болған кісі. Алтай өңірін жайлаған қазақтардың тарихы, тұрмыс-салты туралы Потанин, Радлов, Самойлович секілді орыс ғалымдарына көп мәлімет берген. Өр Найманның от ауыз, орақ тілді Таңырық ақыны:

Самайда кісі қайда Мәкиледей,

Болмаған қартайса да ақыл кедей.

Кісі еді екі асылдың қосындысы,

Соқтырған тайтұяқтан сақинедей,

— деп Мәкиле биді құрметпен жырға қосқан екен.

«Апырмай, — деп көз алдымызға елестеткен боламыз, — мынау кең аңғарды бір кездері мыңғырған жылқы, маңыраған қой, шапқылаған құлын-таймен жарысып шулаған бала-шаға көңілді думанға бөлеп, қан базардай қайнатып жатты-ау тегі. Сол шадыман береке анау өзен жиегіндегі бидің ақ төбедей отауымен, киіз үйлі ақшаңқан ауылмен қандай жарасым тауып тұрды екен!».

Қалай десеңіз де, көз сүйсінер көркем жер.

Жалғыз Мәкиле дарасы емес, төмендегі Құраған, Түрген, Сақал өзендерінің аңғары, Елеңшадырдың ел көшкендей енсіз қапталы, жоғарыдағы Қапшалдың қапсағай жондары — бәрі-бәрі қазақтың жөңкіле көшіп, жазыла жайлаған жайлаулары болыпты. Үлкендерден естігеніміз — бұл аймақта малшылар малды алдымен жаз бойы биікке салады екен. Содан бозқырау түсіп, марал батпақтайтын мезгілде малды етектегі соныға жібереді. Оның себебі — тау белдеуіне қырау түсе жер тоңазып, жылқы тайғанап мерт болады деседі.

— Біздегі Аршаты ауылында қойшылар аяқтарына тақа киіп қой жаяды. Қия тауда тайып кетсең — май күреңсенің үстімен қолшанадай ағасың, — деді бізбен бірге келе жатқан серігіміз, аршатылық қорықшы Манарбек Омаров.

Қалай болғанда да осыншама құлпырған кең өңірдің адам баспас иесіз қалғаны — жерге обал көрінді де тұрды. Үлде мен бүлдеге оранып отырса да оң жақта қалып қойған ару қызды елестеткендей. Мал тұяғы тимеген соны балауса, майға бұлғағандай жылт-жылт еткен жасыл шалғын, шашақ атып шұбартқан мың сан гүлшөп, аңғарды жиектеп сарқырап аққан асау өзен... Барша сұлу ажарын ашып, мырзалығын аямай-ақ төгіп салған иесіз мекенге елжірей қарайсың, егіле үздігесің. Бәрібір, көз құрғыр тойса да, көңіл шіркін тояр емес. Аттан қарғып түсіп, май шалғынға аунап-аунап алғың келеді. Ақыры сөйтпеске болмады... Бәріміз де аттан қарғып-қарғып түстік те, белуардан көк шөп кешіп, біраз жер жаяу жүрдік. Көркемдіктің әнін салған қою гүлдерді иіскеп, қымыздық теріп мәз болдық. Көкіректі айқара ашып жайлаудың кермек ауасын армансыз бір сімірдік-ай дерсің!

Жалпы «дара» сөзі жеке тұрған тауға, шың-жартастарға қатысты айтылады. Талантты ғалым ініміз Бердібек Бияров «дара» сөзінің жеке адам мекен еткен қойнауға, тау аңғарына байланысты да айтылатындығын жазады. Дәл біздің мысалда кең аңғардың түстігі де, терістігі де өркештенген найзалы шыңдар, олардың қайсыбірін дараламақсың. Яғни, Бердібектің айтқаны жөн, қазақ мынау аңғар ішіндегі даладай көсілген кең жазықты «дара» атап отыр.

Мәкиле дарасын қоршаған екі қанаттағы жайылма бетте ағаш сирек. Қыста қар көшкіні жиі түсетіні — беткейдің бетін әжімдеген тарам-тарам іздерден байқалады. Жергілікті жұрт көшкін түсіп тұратын мұндай таз беттерді «шашын» деседі.

Әлдебір тұста Ағаділ алдымыздағы жапырылған қалың шөпке қамшысын шошайтып:

— Мынаны қараңдар, апамның ізі! — деді.

— Апасы несі?

— «Апасы» — аю да...

— Біздің жақта қасқыр мен аюды өз атымен атамайды.

Бәріміз жапырылған шөпті, жоғарыдағы қара орманның қалыңына қарай кеткен баданадай ізді қызықтап шуласып қалдық.

— Мәссаған, мұнда тезегі жатыр.

— Қане?

— Тезегі неге жап-жасыл?

— Жегенің шөп болса — сен де сөйтесің.

— Өзінен бу шығады.

— Бу шықса, «осы қазақтар менің боғыма осыншалық неге қызықты» деп таң қалып, анау ағаштың ар жағында бізді бақылап отыр.

Қапшал — бастауын мұздықтан алып Катуньға қосылып жатқан көбік шашқан долы өзен екен. Тентек сулардың қосылған тұсында жалғыз аяқ соқпағымыз таусылып, ендігі жол қия-жартасқа, асу мен жонға бастаған. Біз сияқты бір-бір ат мініп, үзеңгілерін шіреген серілер емес, Мұзтауға баратындардың дені жаяу-жалпылы жандар ғой. Тасқа жабысып, қорымды аттап-бұттаған мына тар сүрлеу — жаяудың жолы. Төменде көктемгі бурадай буырқанған өзен, жоғарыда шынар өскен шың жартас. Қорқақтың құдайшыл келетіні рас болды. Біз де алдымен Аллаға, сосын астымыздағы атқа сиынып, тізгінді бос жіберіп, әупірімдеп Қапшалдың қорым тасынан аман-есен өттік.

Қапшалдан аман өтіп, бірер шақырым жер оздырған соң, тағы бір мүйісті айнала беріп едік — алдымыздан мұздықтар күмісше жарқ ете қалды... Талай рет фотосуреттерден таныс, кітаптардан көрген, ойша талай зерттеген Катунь мұздығы, Геблер мұздығы.

Жүрек дүрсілдеп кетті.

Мұзтаудың өзі жоқ, көрінбейді, бел ортадан мелдектеп қою тұман астында қалыпты.

— Апырмай, Мұзтауға да жеттік пе!

— Әлі жеткен жоқсың. Былай жақын көрінгенмен, анау етекке дейін әлі он шақырым жер бар.

Осы жолмен талай жүрген нұсқаушы жігіт солай деп жауап берді.

Біледі екен, біраз жүре келе жүрісіміз қиындай түсті. Шалғын шөп сиреп, таудан құлаған қорым тастар жиілеп аяқты қамады.

Алдымыздан суық ызғар еседі.

Байқап келеміз, жақындаған сайын Мұзтау төңірегінде ілгерінді-кейінді қаза болған зерттеуші ғалымдарға, гляциолог мамандарға, альпинистер мен туристерге орнатылған ескерткіш тақталар, түрлі белгілер жиілей бастаған.

Ақыры тау етегіне дейін аттардың бара алмайтынына көзіміз жетті. Қиналсақ та қайтеміз, әлдебір қызыл құмайт төбешіктің жадағайлау ығына тоқтап, лагерь құруға кірістік.

— Мұздықтың етегіне дейін бес шақырым бар, — деді нұсқаушымыз.

— Бүгін осында тынығып, ертең таңғы алтыдан жолға шығамыз. Палатканың біреуі, аттар мен атқосшы осы арада қалады.

Көк шалғының арасы толған тас екен. Жөнін келтіріп жерді тазалап, әр тұстан шошайтып палаткалар тіктік. От жағып шай қойып, ет астық. Сосын алау басында әңгіме-дүкен құрып түннің бір уағына дейін кәукілдесіп отырдық. Жол жүріп шаршағанның бәрі ұмыт болған. Іргедегі ұлы таудың тынысы, көңілдегі қайдағы бір қытықшыл қиял бойға қуат, жүрекке жігер бергендей. Әлсін-әлсін Мұзтау жаққа бұрылып, үміттене көз салып қоямыз. Ашылар емес, бізді жатырқай сазарады. Шығыстың ізетті қыздарындай ақша бетін тұманмен жасырып көрсетпейді құрғыр.

Түн ортасы ауған шамада күн салқындап, қар аралас жаңбыр басталған. Біз де палаткаларға кіріп, ұйқы қамына кірістік.

***

Ғалымдар Алтай тауының аты сонау Геродот заманында-ақ белгілі бола бастағанын айтады. «Тарих атасының» жазбаларында сақтардың шығыстағы мекені ретінде Алтынтағ, Мастағ деген атаулар көрсетіледі. Мұндағы Алтынтағ — Алтай, Мастағ — Мұзтау болуы әбден мүмкін дейді ғалымдар. Оған дәлел ретінде Алтайдың қойнау-қолаттарында сақтардың оба-зираттарының көптеп кездесетінін алға тартады.

Ал «Мұзтау» атауы ежелгі әдеби ескерткіш «Оғызнама» эпосында жырланған екен.

«Қырық күннен соң Мұзтау деген таудың түбіне келді... Шатырларын түсіріп, шөк болып ұйықтап кетті. Таңертең болғанда Оғыз қағанының шатырына күндей бір жарық кірді. Ол жарықтан көк түкті, көк жалды бір еркек бөрі шықты».

Кейіннен осы көк бөрі Оғызды үнемі жорықтарға бастап жүреді. Эпоста Мұзтаудың атына байланысты тағы былай дейді: «Ұша-қырқасы тоң және мұз болатын. Сол үшін оның аты Мұзтау еді» (Б.Бияровтың зерттеулерінен).

Жалпы осы сапарға дайындық кезінде Мұзтау жөнінде түрлі кітаптардан, Интернеттен біршама материалдар жинастырған болатынбыз. Солардың бәрін жүйелеп, қорытқан кезде, негізгі деректер мен мәліметтер мынаған сайды.

Мұзтау (орысша аты — Белуха) — Алтай тауларының ең биік нүктесі (4506 м), Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан.

Мұзтауды ойраттар «Қатын басы», «Үш Сүмер» деп атайды екен. Алтайды көптен зерттеп жүрген ғалым — Тұрдықұл Шаңбай ініміз Үш Сүмер немесе үш сюре — көне түркіде «тәңір тұрағы» ұғымын беретіндігін айтады. «Ресей Федерациясында, оның ішінде Алтай Республикасында қасиетті шыңға деген құрмет ерекше, — деп жазады ғалым. — Алтай Республикасының мемлекеттік гербінде Мұзтаудың бейнесі бар, әнұранында Мұзтаудың аты аталады... Соңғы он жылда Ресейде қасиетті шыңды әспеттеген жүздеген мақала, ондаған кітап жарық көрді».

Мұзтаудың басы мен етегі мәңгі қар, алуан түрлі мұздықтар, мұздықтардың жалпы көлемі 70 шаршы шақырымды қамтып жатыр. Мұзтаудың төңірегінде 162 мұздық бар. Солардың ірілері санатына Ақкем, Берел, Қапшал, Сапожников, Меңсу мұздықтары жатады.

Жоңғар мемлекеті жойылғаннан кейін ресейлік жиһанкездер мен зерттеуші ғалымдар қазақ жеріне лап қойып ағылғандары тарихтан мәлім. Солардың бірі Н.М.Ядринцев (1842-1894) Мұзтау туралы былай деп жазыпты: «На запад от Аргута уже видны были два пика ослепительной белизны вечных снегов. Снега эти спускались в долину как бы белая мантия и образовывали ледники. Из них с шумом разливались молочные воды двух рек, Катуни и Берели».

Мойындамасқа лажың жоқ, кәсіби жазушының ойына келмейтін бейнелі теңеу айтқан. Мұзтаудың алқымынан жан-жаққа құлай аққан аппақ мұздықтар бойжеткен қыздың күміс шашбауына ұқсайтыны рас.

Мұзтау — қос өркешті. Алыстан қарасаң — аттың еріне ұқсайды. Алтайдың жон арқасына аппақ күміс ерді жарқыратып ерттей салған секілді. Мұзтаудың жан-жағы көз көрім көкжиекке дейін ала шұбар шың-жартастар. Қара орманды, қапсал шатқалды таулардың ажарында Мұзтау ғана қақ күмісше жарқырап жатады.

Осы екі өркештің арасын «Седловина» деп атайды.

Ел арасына кеңінен тараған аңыздарға қарағанда — Мұзтау киелі тау саналады. Буддашылардың айтуынша, бұл аймақ гүлжазиралы ғажайып ел — Шамбаланың мекені. Әрі Будда — Гаутаманың өзі Индияға осы арадан сапар шеккен.

Николай Рерих пен Елена Блаватскаяның ілімін қуушылар Шамбалаға кірер есік осы Мұзтаудың төңірегінде деседі. Ол есік жылына екі рет — күн мен түннің теңелген кезінде, яғни жазда 24 маусымда, қыста 24 желтоқсанда ашылады-мыс. Оны көруді екінің бірінің маңдайына жазбаған. Алайда, көру міндет емес, Мұзтауға келген адамға оның шапағаты жұғысты болмақ-мыс.

Жер шарының энергетикалық өрісі осы Мұзтауда тоғысқан деген де сенім бар. Ол энергетикалық өріс ғарышпен байланысты, сол арқылы бұл маңайға келген адамдарға Мұзтау күш-қуат беріп, жан сарайын тазартады, денсаулығын түзейді. Осы себепті де Мұзтау — Жер-ананың кіндігі саналады.

Мұзтау ғылыми, мәдени және тәжірибелік тұрғыдан да құнды объект. Бұл жерге жылына жүздеген альпинистер, мыңдаған туристер тоғысады. Рерихшілер мен Будда дінінің тегін іздеуші шамбалашылар легі ала жаздай толассыз шұбырып жатады.

Мұзтаудың, әсіресе, ТМД, Балтық жағалауы елдеріндегі атақ-даңқы айрықша. Бұл елдердегі туризммен шындап айналысатын жандардың баршасы Алтайға, оның жүрегі Мұзтауға бір келіп кетуді өздеріне парыз санайды.

Әлгі, Дева Мария Христос деген бір қыз пайда болып, «заманақыр» туады деп жалғанға жар салған 1999 жылдың тамыз айында Мұзтауға Ресей жағынан күніне 1 мың адам барып-қайтып отырған. Қазір де Қазақстан жағынан әр жаз сайын, басқа туристерді, демалушыларды санамағанда, рерихшілердің өзі мыңдап барып, киелі тауға табынып жатады. Олардың ішінде алыс шетелден — Италиядан, Германиядан, Австриядан, Индиядан келетін туристер де баршылық.

Мұзтаудың қалыптасу жасы 1,5 млн. жыл деп саналады.

Мұзтау туралы алғашқы ғылыми деректер 18 ғасырда пайда бола бастайды. 1836 жылы медицина докторы Ф.Геблер Мұзтау мен оның маңайын зерттеп, шамамен таудың биіктігін анықтайды, Катунь және Берел мұздықтарын ашады. Бұл аймақтағы дәрілік-шипалық өсімдіктердің аса молдығын ғылым әлеміне алғаш әйгілеген де осы дәрігер.

Мұзтаудың басына шығу әрекеті өткен ғасырдың басында басталады. 1907 жылғы Геблердің балалары мен ізбасарларының, 1909 жылғы ағылшын Теркердің әрекеттері нәтижесіз қалады. Мұзтаудың биігіне тұңғыш көтерілгендер — ағайынды ғалым Троновтар. Бұл оқиға 1914 жылғы 26 шілдеде 15 сағат 30 минөтте деп тіркелген.

Одан кейін де Мұзтауға шығу әрекеті тоқталмаған. Бірақ олардың бәрі сәтсіздікке ұшырап отырған. Олардың ішінде альпинизммен айналысып жүрген жас ғалымдар — кейіндері есімдері әлемге әйгілі академиктер Б.Н.Делоне, Е.И.Тамм болған. Мұзтау өз басына альпинистерді екінші рет тек 1933 жылы ғана шығарады.

Содан Мұзтауға туристік жол ұзақ жылдар бойы үзіліп қалып, 1952 жылдан қайта жалғасады.

Қазір мұнда Қазақстан тарапынан туризмді дамыту мақсатында инфрақұрылымдар жасалып, түрлі шаралар іске асырылып жатыр.

— Өкініштісі сол, Мұзтау адам танымастай өзгеріп барады, бұл алаңдататын жағдай, — дейді мамандар. — Альпинистер былтыр шыққан жолдарын биылғы жылы таба алмай жаңылып қалуда. Өйткені Мұзтау қатты еріп жатыр. Мұзтауды құрсаулаған мұздықтар баяғыда етекте, сайдың табанында жататын. Қазір кіндікке дейін өрлеп кетті. Жаһандық климаттың өзгерісін осы Мұзтаудан айқын аңғаруға болады.

Енді Мұзтау жайындағы мына бір әдемі аңызды тыңдайық.

Қазақта «Қыз емшек» деген жер аттары көп кездесетіні белгілі. Солар сияқты Мұзтау да қос өркеш. Шамбалашылар Мұзтаудың шошайған осы қос өркешін Жер-ананың емшегі деседі екен. Осы Жер-ананың қос емшегінен Дүниенің төрт бұрышына аппақ сүттей төрт өзен ағып жатыр. Олар — Катунь, Ақбұлқақ, Кучерла, Ақкем өзендері.

Қандай бейнелі теңеу десеңізші!

Кучерла мен Ақкемді көрмедік, олар Мұзтаудың арғы бетінен терістікке қарай ағара ағып жатса керек. Ал бергі беттегі Катунь мен Ақбұлқақ өзендерінің түсі шынында да сүттей аппақ, оны бұл жақтың жұртының бәрі біледі.

Жалпы Мұзтаудың биігі жылына 14 күн бойы ғана ашық тұрады деседі. Оның өзі шілде мен тамыз айларына, яғни Алтай жеріндегі шөп шабу қарбаласына сәйкес келетін сияқты. Сонда шабындық басында жүрген шөпшілер ауа райын Мұзтауға қарап болжап жүреді. Мұзтаудың биігіне бұлт ілінсе болды — жаңбыр жауады деген сөз. Мұзтау ашық болса — көңіл де ашық, шаруа да жайлы.

Ал енді, орыстар Белая Берель деп атап, күллі әдебиет пен карталарға жазылып кеткен Ақбұлқақ туралы да айта кетпесе болмас...

Бүгінде Ақбұлқақ атауын көп қаламгерлер қате жазып жүр. Баяғыда Ғафағаң (Қайырбеков) оны Ақбұрқақ деп өлең-жырға қосып кетіп еді. Былтырғы жыл Есенғали да (Раушанов) солай жазып жіберіпті. Енді бір қаламгерлер Ақбұлақ деп жаңылуда. Турасында, айран түсті бұл өзеннің атауы Ақбұлқақ, яғни «бұлғаушы», «лайлаушы» сөзінен шыққан. Өйткені, аппақ Ақбұлқақтың мөп-мөлдір Бұқтырмаға қосылып, оны біршама лайлап, «бояп» жатқанын бәріміз көріп жүрміз.

***

Таңертең нұсқаушылар әр адамның рюкзагын керек-жарақпен толтырып, тап-тұйнақтай етіп жолға дайындап берді. Оның ішінде каримат-төсеніш, ұйықтайтын төсек-қап, тау мен тасқа шығатын арқан-жіп, альпинистік әбзелдер, әркімнің бір қабат жылы киімі, сосын бес күндік азық-түлік. Оның үш күні шыңға шығу, бір күн түсу, бір күн — запас. Телефон жоқ, радио жоқ, иен тауда ойламаған оқиға, күтпеген қиын жағдай туып қалса қайтпекпіз.

Сөйтіп, 30 килограмнан кем емес бір-бір рюкзакты шірей арқалап, қаздай тізіліп жолға шықтық. Түні бойы жауған жаңбырдың бәрі бұта-қарағанның жапырағында іркіліп қалған ба, Мұзтаудың түбіне жеткенше үсті-басымыз малмандай су болды.

Отыз килограмм жүк алғаш көтергенде бұйымдай болмап еді, отыз метрден соң арқамызда жүк барын сездік. Бір шақырымнан соң ауырсына ыңырсыдық, бес шақырымдағы Мұзтаудың түбіне жеткенде көз алдымызда қызылды-сарылы дөңгелектер ойнап, тіземіз дірілдеп, тәлтіректеп қалдық.

Алып мұздықтың сонау биіктен ирелеңдей ағып түскен ұзын тілі жіңішкеріп барып, жұқара келіп етекке жете жығылыпты. Мұздық астындағы үйдей үңгірден фонтанша атқылап Катунь шығып жатыр. Талай өлең-жырға, роман-повестерге, кинофильмдерге желі болған орыстың ұлы өзені. Анау төменгі тұсында көл-көсір дарияға айналатын айдынды өзеннің бастау қайнары, мінеки, осы.

Мұзтаудан бастау алған Катунь Таулы Алтай жерін көктей өтіп, Объқа құяды. Төменіректе — әйгілі Сростки ауылы. Тас талауы сыртында, бар таланты бойында, қазақ тектес аңқылдақ жігіт Василий Шукшин марқұмның туып-өскен жері. Өнер әлеміндегі қайталанбас туындының бірі — «Калина красная» кинофильмі осы Катуньның бойында түсірілген.

Катунь өзенін біздің қазақ «Қатынсу» деседі. Бұл Қатынсудың Катонқарағайға, яғни Қатынқарағай мен Қотанқарағайға еш қатысы жоқ. Катонқарағайдың «Қотан қарағай», яғни «топ қарағай» ұғымынан шыққанын зерттеушілер дәлелдеген. Ал Катунь атауына келер болсақ, бұл гидроним төркінін мамандар көне түркі тілінен іздеп табады. Көне түркі ұғымында «қадын» — «мәртебелі», «ақсүйек әйел» деген мағынаны береді екен. Белгілі орыс саяхатшысы П.М.Чихачев (1830-1917) «Путешествие в Восточный Алтай» атты кітабында Катунь атауы туралы былай деп жазады: «У некоторых тюркских народов этот термин имел более широкое значение, так как он употреблялся в смысле «владычица». Поэтому реке и дано название «Катунь» — «царица река».

...Жан шақырып, әйгілі Катуньның бастауында біз де төңіректі қызықтап жарым сағаттай демалдық.

Атқылап Катунь шығып жатқан мұздықтың үсті қия болса да жадағайлау көрінген. Осымен өрлейтін шығармыз деп иегімізді көтеріп едік, нұсқаушылар бастарын шайқасты: терістік жақтағы иін тірескен қорым тасты, шапшыма тікті көрсетті.

«Расымен сөйтеміз бе? Тфу, сайтан алғыр, тас құрсанған мына шағылдан неғылмақпыз!»

— Мұздықтың үсті аса қауіпті. Мүмкіндік барда мұздан қашып, жермен жүріп қалған жақсы. Біз бүгінше мұздықтардың жиегін жағалап, біраз биікке шығамыз.

Нұсқаушы жігіт абыржыған көңілімізге өзінше басу айтып жатыр.

Бүйтіп «жермен жүргені» бар болсын, әлгі қорым тасты тіктің желкесіне жеткенше моншаға түскендей күй кештік. Биік тауларға шығар алдындағы осындай төбелерді Алтай қазағы «бөртек» деседі. Сол бөртегіңнің желкесіне шығып едік — арғы жағындағы шұрықтың табанында жалтырап, жүзіктей көкпеңбек көл шыға келді. Мұндай да көкпеңбек көл болады екен-ау! Жақындай бере байқадық, өзі түпсіз тұңғиық сияқты. Кішкентай көлдің осыншалық терең болғаны қалай?

— Қыста қар көшкіні, жазда анау биіктегі дәу тастар домалап, осы көлдің түбіне ұрады. Ұрған сайын көлді тереңдетіп тас та, көшкін де атқып ары асып кетеді.

Мінеки, тереңдіктің қарапайым дәлелі.

Көл жағасында дамылдап, киім ауыстырған соң бастаушымыз:

— Алда қиын участок, абай болыңыздар! — деп ескерту жасады.

Қиын участогі — бір жағынан таудан құлаған қар көшкіні үйген, келесі жағынан жүздеген жылдар бойы мұздықтар ығыстыра сиырып тастаудың салдарынан пайда болған жал топырақ екен. Жал топырақ болғанда таудай биік, арық аттың шоқтығындай тар, өзі жыландай созылып көз жетпейтін жоғарыға кеткен. Жалдың екі жағы да жарқабақ, оның үстіне жүрер жолың тіке шапшыма өрге бастайды. Түстік жағы қорым тас болса да әйтеуір ар-арасында шұбартқан шөп байқалады. Сүрініп домалап кетсең де шым-топырақ көңілге медет, тіреліп қаласың. Ал терістік жаны жаңбыр суымен мүжіліп өзінен-өзі құлап жатыр. Аяғың мүлт кетсе болды — сырғанап анау үш жүз метр етектегі мұздықты барып сүзерің сөзсіз. Сосын борпылдақ топыраққа ілініп әзер тұрған қалың тас өрістен қайтқан қойдай жамырап, соңыңнан сау ете қалады.

Елестетудің өзі қорқынышты. Елестетпейін десең пышақтың қырындай жалғыз аяқ соқпағыңның жарымы басқан сайын жарылып, әлгі шағылға құлап жатыр. Қырсыққанда, қызыл асық қылтылдап, шаршаған аяқ сырқырап, дегеніңе көнбей әлектейді. Арқаңдағы басыңнан аса шошайған рюкзак аттап басқан сайын сатқындықпен бұлғақ қағады. Тірсегің дірілдеп, аяғыңды қайшылап сүйретіліп әрең келе жатқанда енді бірде желп еткізіп қырдың қасқа желі осып өтеді.

Оның үстіне біз секілді етжеңділеу пақырды жүк арқалап өрге шыққан кезде желке май шалқайтпай, бұғақ май еңкейтпей кегжитіп қинайды екен.

«Ай, осыдан...» — деген алғашқы өкініш биікке бастаған дәл осы жалдың үстінде бір қылаң берген.

«Ай, осыдан аман қайтсам, көрмегенім тау болсын!»

Сеземін, бәрінің ойында сол. Іштерінен мені сыбап келе жатқандарын да түтіккен түрлерінен байқап келемін.

Жүз мәрте демалып, бірнеше сағат бойы қия соқпақпен өрге тырмысып, шу аяқ, қызыл май болған кезде әлдебір үстіртке шықтық-ау құрғыр.

Үстірт дегенің үлкен жазық екен, үсті толы қорым тас, үйдей үлкені, тақтайдай тегісі, найзадай үшкірі — бәрі бар. Қызылы, жасылы, көгі мен сарысы тағы бар. Теріскейде түнерген қардан ада қара бауыр таудың жарымы осы үстіртте жатқан сияқты.

Біраз жүре байқадық, үстірттің асты алып мұздық боп шықты. Мұз жарығы әр тұстан бір көрініп қалады: үсті бір қабат қара тас, одан әрі көгерген мұз, қап-қара терең шыңырау. Жақындаған жанды жұтып қоярдай үрейлі.

Қазақтың айтулы журналисі Жанболат Аупбаев досымның бірде осы мұздықтар туралы әңгімесін қызыға тыңдағаным бар. Сонда Жанболат Хан-Тәңірі жақта мұздың жарығын қазақтар «әңгек» дейтінін айтып еді. Осы сөзді мен Өр Алтайдың қазақтарынан сұрастырып едім, білмейтін болып шықты. Мейлі «әңгек» болсын, «жарық» болсын, «құрдым» болсын — оның заты біреу: орасан сайда ұзыннан сұлап жатқан алып мұз көлденеңінен қақ бөлінеді. Мұздықтың өн бойында мұндай әңгек-жарықтар жүздеп, мыңдап кездеседі. Оның қайсыбірі болсын адам үшін аса қауіпті.

Бір қызығы, жоғарыдан итерген қысымның әсерінен мұздың кейбір жарықтары қайтадан бітеліп те қалады екен.

Альпинистер осыдан бірер жыл бұрынғы бір қазалы оқиғаны айтқан. Оқыста жарыққа түсіп кеткен бір жігітке көмек береміз дегенше мұз жылжып кетіп, қайран азаматты тірідей көміп тастапты.

Мұздың жарығына түсіп немесе мұз құламасынан домалап, арысы мерт болып, берісі аяқ-қолын сындырып мүгедек болып қайтатындар — көбінесе нұсқаушысы жоқ, өз бетімен екі-үш адам боп келетін «жабайы туристер» сияқты.

Шүкіршілік, қасымызда тәжірибелі нұсқаушыларымыз бар, теория жағын ойдағыдай өттік, сондықтан әлгіндей «жабайы туристерге» қарағанда жағдайымыз жақсы деп күпті көңілімізді жұбатқан боламыз.

Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, Мұзтау мұздықтарының қалыңдығы бірнеше ондаған метрден, кейбір тұстарда 200 метрге дейін жетеді деседі. Соңғы 150 жыл бойғы бақылау Мұзтау мұздықтарының бір жыл ішінде 20-30 метр төмен сырғитынын анықтап отыр. Алайда сырғи-сырғи етекке жететін мұздықтардың тілі жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты жылма-жыл қысқарып, тау кіндігіне қарай тартылып бара жатқанын айтады.

Енді мына дерекке назар салайық: әлемдегі ең қалың мұз Антарктидада, ондағы мұздықтың қалың жері 4330 метр деп белгіленген. Гренландияда — 3200 метр, Памир, Қарақорым, Гималай тауларында жүздеген метрден бірер шақырымға дейін жетіп жығылатын көрінеді. Ең қорқыныштысы сол, осы қалың мұздар да қақ айрылып, орасан әңгек-жарықтар жасайды. Құдай өзі сақтасын деңіз, әйтпесе шақырымдаған шыңырауға құлап кеткен қайғылы жағдайлар да өмірде көп болған. Кей жағдайда жарықтар суға толып, мұз кө