Әдебиет
Ақиқат пен аңыз
БІРІНШІ ДИАЛОГ
I
Алматы жазда да, күзде де әсем ғой, шіркін! Сентябрьдың аяқ кезі болса да, астана ыстық, шуақ, жылы нұрға бөгіп тұр. Бірақ ауа райының хабаршылары бүгін жиырма бес градус ыстық болады деп айтқанымен, жаз жиырма бесі мен күз жиырма бесінің жалыны бірдей болмайды екен. Жаздың мұндай күндерінде шолақ жең көйлек киген көше жаяулары жандарына сая таппай дедектейтін еді. Қазір де көйлекшеңдер көп кездескенімен, бірсыпыра жұрт иықтарына костюм іліпті, бәрі де аяқтарын асықпай басатын болыпты.
Күн әлі де едәуір ыстық болғанымен, сары күздің келгенін сары ала жапырақтар айқын аңғартқандай еді. Төбеден төмен қарай қалықтай құлаған екі-үш жапырақ Фурманов көшесімен жоғары қарай өрлеп бара жатқан менің алдыма келіп түсті.
Комсомол көшесінің қиылысындағы «Ювелирторг» магазинінен өткеннен кейін, үйлердің номеріне көз сала бастадым. Өйткені менің іздеп келе жатқан үйім осы тұста болуға тиіс. Білетін адамдар маған магазиннен өтісімен-ақ оң жағыңа қарай бер деп түсіндірген. Расында да лезде-ақ мен бұрышында төрткіл көк қаңылтырға ақ сырмен 117 деп бадырайта жазылған номері бар үш қабат үйдің қасына келдім.
Үйдің осы номеріне көзім түскен сәтте жүрегім сәл шым ете қалып, өн бойымды әлде бір жеңіл діріл аралап өткендей болды. Ол бірте-бірте ұмытылыңқырап бара жатқан ескі сезім еді. Ұлы Отан соғысында жүрген кезімізде, шабуылға шығар алдында дәл осындай болып, көңіл қобалжыңқырайтын да, артынан дайындық басталғаннан кейін, дененің дірілі басылып, қорыққаның, қобалжығаның ұмыт боп кететін.
Сыртқы есіктен ішке кіріп, үшінші қабатқа көтерілдім. Мен іздеп келген 6-пәтер баспалдақтың сол жақ түкпірінде екен. Есіктің қоңырауын іздеп, алғашында таба алмадым. Анықтап қайтадан қарасам, есіктің топса жақ жақтауында көзге көрінер-көрінбес боп, түймедей ғана қоңырау кнопкасы тұр екен. Ішке хабар жіберіп, ақырын соны бастым. Содан соң дәл келдім бе екен деп ойлап сағатыма қарасам — он болыпты.
Ішкі жақтан сөйлеп жүрген әйел даусы естілді. Маған есік ашуға келе жатқан кісі болар деп, сәл шегініңкіреп тұрдым. Бірақ есік ашылмады. Мен кнопканы қайта бастым. Осы кезде есіктің дәл ар жағынан шылдыр ете қалған қонырау үнін естідім. Сонда ғана басыма алғашында қоңырауды қатты баспадым ба екен деген ой келді. Өйткені мұның алдында дәл мұндай боп жақыннан шыққан қоңырау дауысын естімеген сияқты едім. Әлде үйдің үшінші қабатына көтерілгенге жүрек алқынып, үй иесі қалай қарсы алар екен деген сасқалақпен аңғармай қалдым ба, оны өзім де білмеймін.
... 1943 жылдың жазында біздің құрамамыз — 100-Дербес атқыштар бригадасы 2-Балтық майданының бір шетінен екінші шетіне ауыстырылды. Атап айтқанда Великие Луки қаласының түбінен Ловать өзенінің жағасына барып жайғастық. Жорықпен жолда кетіп бара жатқанымда менің қолыма «Знамя» журналының сол жылғы 5-номері тиді. Сол журналда Александр Бек деген автордың «Панфиловшылар алғы шепте» атты повесінің басы жарияланған екен. Мен онда Бек дегеннің кім екенін білмейтінмін, ондай жазушы барын да естімеген болатынмын. Бірақ Панфилов дивизиясын, одан шыққан 28 батыр есімдерін, Мәлік Ғабдуллин мен Төлеген Тоқтаров сол дивизияның түлектері екенін жақсы білетінмін. Сондықтан болар, мен бұл повестен бас алмадым. Күндіз тоқтай қалғанда күннің жарығымен, түнде қонған жерде ай сәулесімен оқыдым. Оқыған тарауларды жол-жөнекей жауынгер серіктеріме баяндап та отырдым. Содан соң, алғы шепке сол журналдың 6-номері және келді. Панфиловшылар туралы повестің жалғасын түнде, ай қараңғы болғандықтан ,зеңбірек қасына келіп отырып, аккумулятордың жарығымен оқыдым. Повесть те бітті, аккумулятордың да жарығы таусылды. Әрине, менің мұным тәртіп бұзғандық, тіпті қылмыс еді.
Менің зеңбірегімнің жарығы таусылғанын взвод командирі лейтенант Полянцев ертеңінде-ақ білді. Ол білген жоқ еді, мен өзім айттым. Зеңбірегімнің жарығын түнде кітап оқимын деп тауысып алдым дедім.
Полянцев өте ашуланшақ кісі еді. Бірден айғайды салып, сыбап алды. Мен сені қазір атып тастаймын деді. Бірақ атқан жоқ. Погонымды, мылтығымды, белбеуімді сыпырып алып, үш тәулікке гауптвахтыға айдатты. Қылша мойным талша деп, қару кезенген солдаттың алдына түсіп, желбегей шинелім салпаңдап, дивизион штабының қасындағы гауптвахтыға қарай сапар шектік. Бұл бір көрмеген құқайым еді, оны да көретін болдым деп ойладым ішімнен.
Позициядан шыға бере алдымыздан біздің батареяға қарай салт атпен келе жатқан дивизион командирі майор Сахонь кездесті.
Майор Сахоньды біз генерал Панфиловтан кем көрмеуші едік. Тілі сақаулау болғанымен, өте байсалды, ақылды кісі еді. Қарамағындағы артиллеристерді офицерден бастап, әрбір солдатына дейін білетін. Мен, айдауда келе жатсам да, екі қолымды жамбасыма жапсыра ұстап, аяғымды көтере сермеп, дік-дік басып, мойнымды командир жаққа бұрып, салт атты Сахоньнің қасынан сәлем беріп өттім. Майор мені таныды да, атының тізгінін тартты.
— Қане, тоқтаңдар, — деді артымда маған мылтық кезеп келе жатқан айдаушы солдатқа.
Майор атының басын бұрып, қасыма өзі келді де:
— Аға сержант, қайда жол тартып барасың? — деді.
— Гауптвахтыға, жолдас майор.
— Не үшін?
— Зеңбірек аккумуляторын шығындап түнде кітап оқығаным үшін.
— Ол дұрыс болмаған екен.
— Кінәлымын, жолдас майор.
— Қандай кітап еді?
— Панфиловшылар туралы.
— Ұнады ма?
— Өте ұнады, жолдас майор.
— Момышұлының, оның басқа да жерлестерінің ерлігіне сүйсіндің бе?
— Сүйсінгенде қандай, жолдас майор!
— Мен де сүйсіндім. Ал сен ол кітаптың мазмұнын жолдастарыңа айтып бердің бе?
— Дәл солай, жолдас майор. Бүкіл батареяға баяндап бердім.
— Онда жігіт екенсің, аға сержант, — деді майор маған ат үстінен сығырая қарап. — Сені гауптвахтыға кім жіберді?
— Взвод командирі лейтенант Полянцев, жолдас майор.
— Ендеше мен сенен ол жазаны алып тастадым. Қазір қайт та, взводыңа барып, өз міндетіңе кіріс. Лейтенант Полянцевқа менің осы бұйрығымды айт.
Біз батареядан қырық-елу метр ғана алыстаған едік. Айдаушы солдат өз бетімен кетті де, мен старшинаға барып погонымды, белбеуімді, наганымды алдым. Пилоткамның қызыл жұлдызын қайта қадап басыма кидім де, асықпай аяңдап, орман шетінде жауынгерлермен сабақ өткізіп жатқан взвод командиріне қарай беттедім. Лейтенант мені көре сала орнынан ұшып тұрып, бақырып қоя берді.
— Сен неге сенделіп жүрсің әлі күнге дейін? — деп ақырды.
— Сенделгенім жоқ, түп-түзу келе жатырмын, жолдас лейтенант.
Оның аузы жыбыр-жыбыр ете түсті. Бұл оның мені әке-шешемнен сықпыртқаны.
— Менің саған гауптвахтыға бар дегенім қайда?
— Орта жолдан қайтып келдім, жолдас лейтенант.
— Кім право берді саған гауптвахтыға бармай қайтып келуге? Бұл үшін мен сенің көзіңе көк шыбынды үймелетермін әлі.
Осылай деп ол қасында тұрған сержантқа бұйрық берді:
— Омарбаев, қазір мынаның белбеуін шешіп, погонын сыпыр да, дивизиондағы гауптвахтыға айдап бар.
Мұқан Омарбаев амалсыз орнынан тұрып, аяғын сылбыр басып маған қарай аяңдады. Мен оған «асықпа» дегендей белгі бердім де:
— Баяндауға рұқсат етіңіз, жолдас лейтенант, — дедім Полянцевқа қарап тік тұра қалып.
— Үніңді өшір. Рұқсат етпеймін, — деді ол.
— Рұқсат етпесеңіз, онда мен рұқсатсыз баяндауға мәжбүр боламын...
— Өшір үніңді...
— Қазір, жолдас лейтенант. Сіздің бұйрығыңызды дивизион командирі майор Сахонь жолдас бұзды, — дедім мен. — Майор осыны сізге айт және Полянцев жолдас дереу маған келсін деді.
— Қайда майор? Сен бағанадан бері неге айтпай тұрсың ол кісінің шақырғанын?
— Айтайын деп едім, сіз маған сөйлеуге рұқсат бермедіңіз ғой, жолдас лейтенант.
Лейтенант пилоткасын түзеп киіп, қос бармағын белбеуіне сұқты. Гимнастеркасының бырысқанын артына қарай жиырды.
— Қайда жолдас майор?
— Позицияда.
Лейтенант орман шетіндегі зеңбіректер тұрған жерге қарай тұра кеп жүгірді. Барды да майорға өзінің шақырту бойынша келгенін айтып рапорт берді. Майор мен лейтенанттың барлық сөздері бізге анық естіліп тұрды.
— Зеңбірек командирін не үшін тұтқындадыңыз, жолдас лейтенант? — деп сұрады майор.
— Түнде кітап оқимын деп зеңбірек шамын тауысқаны үшін, жолдас майор.
— Неге сүйеніп тұтқындадыңыз?
— Уставқа сүйеніп, жолдас майор. Устав бойынша тәртіп бұзған жауынгерді үш тәулікке дейін гауптвахтыға отырғызуға правом бар ғой.
— Әрине бар. Бірақ Уставтағы правоны дұрыстап пайдалана білу керек, жолдас лейтенант. Ол сержант бір зеңбіректің отын өшіргенімен, сол оқыған кітабы арқылы батареяның бар жауынгерінің жүрегіне от жақты. Уставта осы да есептелген. Сіз оны ескермегенсіз. Өзіңіз батальон командирі Момышұлы туралы кітапты оқыдыңыз ба?
— Жоқ, жолдас майор.
— Ендеше, оны оқымағаныңыз үшін, мен сізді үш тәулікке үй тұтқыны етіп қамасам қалай болар еді? Бұл да менің уставтық правом ғой. Сонда сіз ол кітапты оқып шығарсыз деп ойлаймын.
— Құп, жолдас майор, үш тәулікке үй тұтқыны болуға. Бірақ ана кітапты қайдан аламын?
— Оны өзіңіз тұтқындаған сержанттан сұраңыз... Мен сізге арест жарияламаймын, лейтенант. Бірақ бұл есіңізде болсын.
Осыдан кейін — «Знамя» журналының мендегі екі номері қолдан-қолға көшті. Қаршадайынан батырлар жырын жаттап өскен қазақ балалары бұл повесті өлеңдей жаттап алдық. «Фамилиясы жоқ адаммен» — батальон командирі Бауыржан Момышұлымен біз майданда осылай танысқан едік. Оның ерлігіне, батылдығына, тапқырлығына, сонымен бірге адамгершілік асыл қасиеттеріне сүйсіндік. Егер өтірік жазсаң алдымен сол қолыңды, одан соң оң қолыңды шауып тастаймын деп, қылышын жарқ еткізіп қынабынан суырып алып, жазушыға серт қойған сәті әрқашанда жадымызда жүрді. Оның Боранбаев есімді қорқақты жазалағанын да жөн көрдік. Оның Бозжанов, Рахимов сияқты серіктерін де өзімізге үлгі тұттық. Командирлеріміз Бауыржандай қатаң, қаһарман болуға тырысты. Біз, солдаттар, Бауыржандай батыр, батыл болуға ұмтылдық. Бәріміз де Момышұлын бір көрсек, тілдессек-ау деп арман еттік. Бірақ мен Бауыржанмен соғыста кездесе алмадым. Ал онымен соғыс біткеннен соң 18 жыл кейін, онда да тек телефон арқылы ғана тілдесуіме тура келді.
Момышұлы әскерден босап, Алматыға келгенде мен Павлодарда қызметте болатынмын. «Бауыржан отставкаға шығыпты», «Бауыржан пәленшеге былай депті», — деген сияқты ұзынқұлақ хабарларды естігеніміз болмаса, көпке дейін онымен жүздесу сәті түспеді. Алайда мен қиын күндерде пір тұтқан адамым болғандықтан жүрегімдегі оған деген сонау солдат кезінің ыстық сезімін суытпай сақтап жүрдім. Оның үстіне Момышұлының «Біздің семья», «Жауынгердің тұлғасы», «Москва үшін шайқас» атты кітаптары бірінің соңынан бірі шығып, менің оған деген сүйіспеншілігімді бұрынғыдан да арттыра түсті. Момышұлын бұрын командир ретінде құрметтесем, енді жазушы ретінде және жақсы көре түстім.
1961 жылы мен Алматыға ауыстым. Сол жылдың жазында Қазақстанның 40 жылдығын тойлау белгіленді де, соған арнап газетіміздің мерекелік қосымша номерін шығармақ болдық. Мерекелік номерге басқа авторлармен бірге Момышұлының да мақаласы жоспарланды. Редактордың орынбасары ретінде қосымша номерге жетекшілік ету маған жүктелген-ді. Мақаласын ұйымдастыратын авторларды редакция қызметкерлеріне бөле келгенде жұрттың бәрі Бауыржаннан қашқалақтап, онымен байланыс жасаудан тайсалақтай берді. Мен оның себебін түсінбедім.
— Ол кісімен сөйлесу қиын, — деді партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі ақын Құрманғали Ұябаев. — Көңілі түспесе ұрсып тастайды, сөйлеспей қояды. Жігіттер сондықтан батпай отыр. Ол кісімен өзіңіз сөйлескеніңіз дұрыс.
Ақыры Бауыржанның үйіне менің телефон соғуыма тура келді. Ар жақтан трубканы әйел алды. Әйелмен сәлемдескеннен кейін мен Баукең үйде ме деп сұрадым.
— Үйде. Бұл қайдан? — Мен қайдан екенін айттым. Әйел «қазір» деп трубканы тастап кетіп қалды.
— Мен тыңдап тұрмын, — деді бір кезде еркек дауысы трубканы жарып жібере жаздай гүр ете түсіп.
— Сәлеметсіз бе, Бауке.
— Сәлемет.
— Бұл «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясынан ғой, — дедім мен шапшаңдата сөйлеп, әскери адам жіті, қысқа, нақ сөйлегенді ұнататын болар деген оймен. Содан соң лауазымым мен фамилиямды айттым да, бірден бұйымтайға кірістім. — Мерекелік номерге сіздің мақалаңызды жоспарлап едік. Соған...
— Тоқта, фамилияң кім сенің? — деді Бауыржан менің жоғарыда айтқандарыма мән берместен.
Мен фамилиямды қайталап айттым.
— Мен ондай адамды білмеймін, — деді Бауыржан сөзін нығыздай сөйлеп. — Мен сізбен сөйлеспеймін...
Бұл күнге дейін мен газет атынан сөйлескен кісіге мұндай жауап берген адамды кездестірген жоқ едім. Аудан, облыс, өлке басшыларымен емін-еркін сөйлесіп, тілек-тапсырмамызды бірден айта беретінбіз. Үлкенді-кішілі журналистермен сөйлеспейтін, олардың өтінішін орындаудан бастартатын ешкім болмайтын.
Момышұлы маңдайдан тарс еткізіп, екі сөзге келместен, трубканы ілді де тастады.
Абыржып, аң-таң болып мен қалдым. Ақыры: жазушы ағайындардың жазғанын ғана оқып, атағына алыстан сүйсініп жүре беру керек екен-ау. Оларды көрсем, білсем, тілдессем деу бекершілік екен ғой. Қайта солардың мінез-құлқын, жеке өмірін білмей-ақ қоюдың өзі абзал шығар деп түйгенмін де қойғанмын. Әрине, Момышұлы жоғарыда аталған мақаланы бізге жазып беріп, ол қосымша арнаулы номерде жарияланды да. Менімен сөйлеспегені үшін Бауыржан артынан ғапу да өтінді. Дегенмен, жүрегім сол жолы май ішкендей шайлыққан мен осыдан кейін Момышұлына жоламайтын да, жуымайтын да едім. Аман-сау, абыройлы болуына сырттан тілектес көптің бірі болып жүре беретінмін. Мінеки бүгін келіп мен сол адамның есігін өзім қағып тұрмын.
— Әй, ашсаңшы, — деп гүр ете қалған зор дауыс естілді менің қоңырауымнан кейін. «Бұл мықтының өзі болды» дедім ішімнен.
Есік ашылды. Үстіне аяғының басына түсе сүйретілген гүлді көк халат киген сұңғақ бойлы, сымбатты әйел қарсы алды. Бұл — Бауыржанның жұбайы Кәмәш. Батырдың әйеліне бас идім де, кіруге рұқсат сұрадым.
— Кіріңіз.
Кірсем, есіктің дәл қарсысында кухня бар екен. Соның төрінде, таңертеңгі шай үстелінің басында, ескі әскери кительді иығына желбегей жамылған, үстіне қайырма жағалы, омырауы ашық, сарғыш түсті көйлек, жолақты жұқа шалбар, аяғына жасыл тапочка киген Бауыржан отыр екен. Үстел басында еңсесін тік ұстап, еті қашқан иегін сәл көтере түсіп, сырттай кірген кім екен деп, есікке тесірейе қарап отырған ол бір сәт маған шығыңқылау бет сүйегін, суалыңқылау ұртын, салбыраңқы мұртын, кісіге тайсалмай тіке қарайтын, қарағанда жанарынан ұсақ-ұсақ ине шашырап жатқандай боп көрінетін сәл қысықтау көзін, қара жартастай қасқиып тік жатқан маңдайды шимайлаған жол-жол әжімдерін әлдебір шебер қол гранитке айқындай қашап, айнытпай түсірген аса бір сұсты, сол сұстылығымен тартымды көрінетін тас мүсінге ұқсап кетті. Табалдырықтан аттағаннан кейін мен оң қолымды кеудеме басып:
— Бауке, сәлеметсіз бе? — дедім.
Бауыржан үндемеді. «Бәлей, бүлдірдім-ау. Ассалаумағалейкум деп айтпағаныма қырсығып отыр ма?» — деп мен де үнсіз тұрып қалдым. Бауыржан өзіне сәлемді қазақша бермеген адамдарды үйінен қуып шығады екен деп естігенім болатын. Және ондайда бірден: «Кругом! Шагом марш!» деп айтады екен деп те еститінмін. Маған да солай етер ме екен деп қатты қысылып тұр дым.
Осы арада Бауыржанның тілшілерді қабылдауына байланысты жұрт аңыз етіп айтатын екі оқиға ойыма сап ете қалды. Бірде Момышұлына радиодан магнитофонын арқалап тілші келеді. Тілші шашын әйелше қоя берген жас жігіт екен.
— Әй, сен кімсің? — дейді Бауыржан оны көрген бойда.
— Радиожурналистпін, ағай. Сізбен сөйлесейін деп келіп едім.
— Өзің әйелмісің, еркекпісің, мен соныңды айт деп тұрмын саған.
— Еркекпін, ағай.
— Кругом! — дейді Баукең оған ежірейіп. Сасқан жігіт ұршықша айналып кейін бұрылып, есікке қарап тұрады. — Сен еркек болсаң онда шашыңды еркекше алдырып кел. Марш!
Жігіт салы суға кетіп кеңсесіне қайтады. Қысқартайын десе шашын қимайды, қысқартпайын десе — тапсырма қинайды. Сөйтіп жүргенде бір күн өте шығады. Ертеңінде оны бастығы шақыртады.
— Момышұлымен әңгіме дайын ба? — деп сұрайды бастық.
— Жоқ.
— Неге?
— Шашынды еркекше алдырып келмесең, сенімен сөйлеспеймін деп қуып шықты.
— Шашыңды неге алдырмайсың?
— Қимаймын.
Бастық ашуланады.
— Ол материал программада тұр. Шашың тұрғай басыңды алдырсаң да бүгін материал осында болсын! — деп бұйырады ол жігітке.
Жігіт амалсыздан шаштаразға барып шашын жұқарттырады. Содан соң Бауыржанға қайтадан барады.
Екінші аңызда Бауыржан Кубадан келгенде бастығы Момышұлынан интервью әкел дегенде бір журналистің «Мені Бауыржанға жұмсағанша тордағы арыстанның жалынан бір сипап қайт деп бұйырыңыз» дегені айтылатын.
Осы екі оқиға есіме түскенде менің одан сайын берекем қаша бастады.
— Мұнда кел, — деді Бауыржан даусын жылытпастан маған тесірейе қараған күйі. Әлі де қуып шығар, шықпасына көзім жетпей сақтана басып қасына барғанымда Бауыржан қолын ұсынды.
— Аман-есенбісің?
— Шүкір, Бауке.
— Отыр, — деп менің арт жағымдағы бос орындықты нұсқады.
ІІ
— Бауке, денсаулығыңыз қалай? Анада, өткен май айында ауруханада жатқандағыңыздан кейін көрісіп отырғанымыз осы, жүдеп қалған сияқтысыз ба? — дедім әңгімені бастардан бұрын.
— Мен салмын, — деді ол сәл бөгеліп барып. Бауыржанның не айтқалы келе жатқанын мен қапелімде аңғара алмай қалдым. «О не дегені? Ақан сері. Біржан сал сияқтымын дегені ме? Оны неге байланысты айтып отыр? — деп ойладым. — Сал аурудың не екенін түсінесің бе? — Мен ол сөздің мәнісін енді ұқтым да, басымды изедім. Бауыржан сөзін қайтадан жалғады. — Мына асқазан, өкпе, бауыр, жүрек, жұтқыншақ дегендерің тегіс caп-cay. — Ол алдымен кеудесін сипады да, екі қолын бірдей беліне апарып тоқтатты. — Ал мына жақ ит боп кетті, жүре алмаймын. Мұның өзі жұлын, жүйкеге байланысты ауру. Мен екі рет ауыр жарақаттанған кісімін. Бірақ екеуінде де саптан шыққаным жоқ. 1942 жылы полк командирі кезімде омыртқама оқ тиді. Санбатқа жеткізгенше ес-түсімді білген жоқпын. Есімді жисам, етпетімнен жатыр екенмін. Бас жағымда дәрігер бірдеңе деп баж-бұж етіп тұр. Бақсам сөзі мен туралы екен. «Бұл кісіні дереу госпитальға жіберу керек» деп безек қағады.
— Сонша не боп қапты?— дедім дәрігерге.
— Омыртқаңызда оқ қадалып тұр, жолдас капитан, — деді дәрігер одан сайын дегбірі кетіп. — Сізді дереу госпитальға жөнелтуіміз керек.
Тістеніп, әрең дегенде қолымды жеткізіп, арқамды сипасам, расында да оқ бар екен.
— Скальпелің бар ма? — дедім дәрігерге,
— Жоқ.
— Өткір бәкің бар ма?
— Жоқ.
— Ұстараның жүзі бар ма?
— Бар.
— Ендеше соны спиртпен шай да, оқ тұрған жердің етін кес!
— Олай етуге болмайды, жолдас капитан...
— Болады! Бұйырамын! Орындамасаң — атамын! — деп етбеттеп жатқан күйімде он жақ жамбасымдағы кабураның аузын ағыта бастадым. Батырға да жан керек деген емес пе, дәрігер дереу айтқанымды істеуге кірісті. Ол арқамды кескілей бастағанда пистолеттің сабын сындырардай қысып, тісім шықырлап мен жаттым.
— Мінеки, жолдас капитан, оғыңыз! — деп дәрігер әлден уақытта омыртқама тірелген оқты алып, алақаныма салды. Жарамды таңдырып алып, арқамнан алынған оқты, мені санбатқа жеткізген Блоха деген жауынгерімнің қолына ұстата салып, жаумен ауыр ұрыс жүргізіп жатқан полкке қайтадан жеттім. Бірнеше күн қатарынан жаумен жағаласып, жан ұшырып жүргенде арқамдағы жараны ұмытып та кеттім. Ол бірде суланып, бірде қара-қотырланып, бірде қыши бастап, өзінен-өзі жазылып та бітті.
Бауыржанның аузынан шыққан Блоха деген фамилия менің көз алдыма екінші бір картинаны елестетті.
1960 жылы бір топ ақын, жазушы шахтерлермен кездесу үшін Алматыдан Қарағандыға келді. Солардың ішінде Бауыржан Момышұлы да бар еді. Бір күні таңертең жазушылар шағын-шағын топтарға бөлініп, шахталарға кеткелі жатқанда, мейманхананың Бауыржан түскен бөлмесінің есігі тықылдады.
— Кіріңіз, — деді жайбарақат темекі тартып отырған бөлме иесі.
— Қайда менің батям? — деп гүрілдек дауысты, Бауыржанның өзін екі орап алғандай алпамса денелі, ұзын мұртты әлде біреу ырғаң-ырғаң басып, есікті айқара ашып тастап ішке қарай кіріп келе жатты.
Бауыржан тез мойнын бұрып, дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Жалт қарады да, қорбаңдап, құшағын жайып, өзіне қарай ұмтылып келе жатқан алып денелі адамды бірден таныды. Батырдың қаһар жүзі жылып, қатал жүрегі жібіп, жұмсарып қоя берді. Бір кезде полк командирі Момышұлын қол астындағы жауынгерлерінің бәрі тегіс «батя» деп атайтын еді. «Батя» — қазақша «әке» деген сөз. Командирдің өзін қол астындағы жауынгерлері ресми түрде «жолдас командир» деп атауы оңай. Ал оның «әке» деп атауы оңай іс емес. Солдаттар әкедей зейіл, әкедей әділ, әкедей қамқоршы командирді ғана, өздерін әкедей аялап, әкедей сүйе білетін командирді ғана әскери уставтың талап етуінше емес, өз жүрегінің әмірімен, осылай «әке» деп атайды. Бауыржанға «батялап» кіріп келе жатқан адамның артынан бүкіл полкы жамырай еріп келе жатқан сияқты боп көрінді. Ол орнынан атып тұрды да:
— Мен мұндамын, ұлым! — деді даусы еркінен тыс елжірей шығып.
Қос құшақ айқаса түсті. Былайғы жұртқа кесек боп көрінетін Бауыржан келген адамның құшағына еркін сыйып кетті. Екі алып адам бірін-бірі аймалай құшқанда кешегі Ұлы Отан соғысында Москваны шойын кеуделерімен қорғаған екі ер солдаттың болат жүректері бордай езіліп кеткенге ұқсады. Бұлай болатын жөні бар еді.
...Ашық жерде, ақ қардың үстінде жатқан батальон күні бойы жаудың бес рет жасаған атакасын тойтарды. Бес ретте де пулеметші Блоха ерекше көзге түсті. Бұл күні полктың ең жанды жері болған бұл батальонмен Бауыржан күні бойы бірге болды. Фашистердің алтыншы атакасы басталмас бұрын Бауыржан еңбектеп, пулеметші Блоханың қасына келді.
— Сенің табандылығыңа, ерлігіңе және мергендігіңе бүгін мен ерекше сүйсіндім, Блоха. Саған деген шын жүректен шыққан алғысымды айта келдім, — деп, Бауыржан етбетінен жатқан ақ тонды еңгезердей солдаттың арқасына қолын тигізді.
Арпалыс сәтте алғы шепке келіп сүйікті командирі алғыс айтса, солдатқа одан қымбат не болушы еді! Солдатқа сол сәттегі командирдің бір ауыз жылы сөзінен жоғары не награда болушы еді! Блоханың қақпақтай жауырыны оқыс бүлк-бүлк етіп қалды.
— Совет Одағына қызмет етемін!.. Батя!.. — деді ол булығып.
Бауыржан солдатқа бұдан басқа дәнеңе деген жоқ. Тез еңбектеп, рота командирінің окобына қарай кетті. Полк командирі кеткеннен кейін, көп кешікпей, дем ала алмай ентігіп, түсі қашып шәпеті денелі рота командирі пулеметшінің қасына жетті. Осы кезде немістер алтыншы шабуылды бастауға кіріскен еді. Олар бар қаруларынан оқ атып, бұрқылдата жөнелді.
— Полк командирі ауыр жарақаттанып қалды, — деді ол дегбірі қашып. — Блоха, айналайын, бұл жерде батяні сенен басқа алып кете алатын кісі жоқ. Тез барып құтқар батяні. Сенің орныңа пулеметке өзім жатамын.
Блоха төбе құйқасы шымырлап, өзінің не боп кеткенін білмей қалды.
— Тірі ме? — деді бар аузына түскен сөз осы болып.
— Тірі, тез жете гөр, айналайын!..
Көбік қарды садақтың оғындай сызып рота командирінің окобына тез жеткен Блоха ес-түсін білмей жатқан Бауыржанға төнді. Алыпты алып қана арқалайды емес пе, оны иығына салып, тез-тез жиырылып, еңбектей жөнелді. Оның артынан, кетіп бара жатқан танктың бір жақ табанының ізіне ұқсап, шұбатылған траншеядай терең із минут сайын ұзара берді...
Екеуі үстел басына отырып, хал-жай білісті. Блоха Қарағандының бір шеберханасында ұста болып істейді екен. Бауыржанның осында келгенін газеттен оқып, әдейі іздеп келіпті.
Бауыржанның буфетінде бір жартылық таза спирт бар еді. Соны алып келді де, графиннің жанында тұрған үлкен стаканға толтыра құйып, Блохаға ұсынды.
— Мен қазір ішпеймін, — деді Бауыржан, — шахтаға кездесуге бара жатырмын. Ал екеуміздің осы кездесуіміз үшін сен мынаны жұтып қой.
— Дем алмастан ба, батя?
— Иә, дем алмастан.
Блоха бір стакан спиртті екі-ақ қылқып, көріктей кеудесін керіп, терең бір дем алды да, аузын күректей алақанымен сүрте салды.
— Екеуміздің бүгін бірге отыратын он-ақ минут уақытымыз бар, — деді Бауыржан. — Сен ертең офицерлердің клубына кел, сонда молырақ сөйлесеміз.
— Немене, батя, ылғи асықтыра бересің, — деп Блоха наразылық білдірді. — Соғыста асықтырғаның жөн. Енді тыныштық кезде асықтырмасаңшы.
— Молчать! — деді Бауыржан мұрты тікірейіп. — Мен болашақ ұрпақтың асықпауы үшін асығамын. Понятно тебе?
Ертеңінде белгіленген сағатта Бауыржан Қарағандының офицерлер үйіне келді. Атақты Момышұлын көру үшін қала офицерлері әйелдерімен, бала-шағаларымен жиналған екен. Блоха да сол жерден кездесті. Ине шаншар жер жоқ иін тірескен жұрттың алдында Бауыржанға сөз берілді. Сөз берілерден бұрын Момышұлының Ұлы Отан соғысының қаһарманы, бүкіл дүние жүзіне белгілі әдеби герой, атақты жазушы екені айтылды.
— Жолдастар, — деді Бауыржан орнынан тұрып, — дүние жүзіне аты жайылған атақты Момышұлы мен емес. — Жұрт демін ішіне тартып, сілтідей тына қалды. Осы кезде Бауыржан сөзін қайтадан жалғады, — Бірақ ол осында отыр. — Жұрт одан сайын аң-таң бола бастады. Осы кезде Бауыржан президиум үстелінің басында отырған өзгелерден бітімі бөлек балуан денелі адамды нұсқады. — Міне ол мына кісі. Осыдан 18 жыл бұрын бұл кісі мені ажалдан алып қалды. Мені ажалдан арашалап алып, жаңа айтылғанындай, бүкіл дүние жүзіне паш еткен адам бұрынғы пулеметшім Блохамен мен кеше ғана табыстым. Сіздердің алдарыңызда осы адамды құшақтап, үш рет бетінен сүюіме рұқсат етіңіздер.
Жұрт ду қол шапалақтап, орындарынан түрегелісті. Бауыржан мен Блоха екеуі сүйісіп болғанша алақан шартылы басылмады. Жұртты тыныштануға шақырып, Бауыржан қолын көтерді. Осы кезде Бауыржанның қасындағы жігіттердің бірі сахнаға шығып, гвардия полковнигі Момышұлының атынан деп гвардия жауынгері Блохаға бағалы сыйлық тапсырды.
— Ендігі сөзді гвардия жауынгері, бұрынғы пулеметші, қазіргі ұста Остап Тарасович Блохаға беремін, — деп Бауыржан орнына отырды.
Блоханың мінбеге шығуынан түсуі тез болды.
— Жолдастар! — деді ол даусы гүр ете қалып. — Бәріңізді батямен бірге біздің үйден дәм татуға шақырамын...
Кездесуден кейін Бауыржан Блоханың үйіне қонаққа барды. Ұстаның он баласымен, әйелімен танысты.
— Батя, есіңде бар ма? — деді Блоха Бауыржан кетерде. — Санбатта дәрігер арқаңды ұстараның жүзімен тіліп, әрең алған оқты маған беріп едің ғой. Мен соны ескерткіш үшін жоғалтпай сақтап жүрдім. Соғыстан кейін кездескенде өзіңе сыйлармын деуші едім. Соғыстан қайтып келе жатқанда зат қапшығыммен бірге жоғалтып алдым. Қазір саған не сыйларымды білмей отырмын.
— Маған ештеңе сыйлаудың керегі жоқ, — деді Бауыржан. — Сен менің өз өмірімді өзіме сыйлаған кісісін. Одан артық ешқандай сыйлық болмайды.
— Сонда да, — деді Блоха шалбарының қалтасына қолын сұғып, — мына Волоколамск тас жолымен немістердің танктері бізге қарап қаптап келе жатқанда, оларды лайықты қарсы алар алдында менің темекі тұтатқан шақпағым еді. Осы үйдегі соғыстан қалған жалғыз белгі осы ғана. Олқысынбасаң осыны саған сыйлағым келеді.
— Бұл сыйлығыңды қабыл аламын, — деді Бауыржан винтовка гильзасынан жасалған шақпақты алып жатып. — Бұл баға жетпес ескерткіш...
Бауыржан 1942 жылы өзінің қалай ауыр жараланғанын айтып, жанындағы жолдасы Блоха есімін аузына алғанда, менің ойыма осы оқиға түскен еді.
— Ол жара арқаңыздың қай тұсында? — дедім ойымда бөтен ештеңе жоқ мен, батырлар жырында айтылатын: «Омыртқада он жара, қабырғада қырық жара» дейтін жолдар есіме түсіп.
Бауыржан маған алая бір қарады да, жонын беріп теріс айналып кетті. Үстіндегі кительді жауырынының астындағы көйлекпен қоса, жоғары қарай жұлқи тартып, тез көтерді де:
— Қара! — деп зекіді маған.
Мен оның етіндегі жараның орнын тексерейін деп ойлаған жоқ едім. Ол арқасын жалаңаштай бастағанда не істерімді білмей, бөгеліп қалдым.
— Қара деймін! — деді ол даусын одан сайын қатайта түсіп.
Мен амалсыздан оның қоңырқай тәніне көз салып, қолыммен арқасын сипалай бастадым.
— Мына біреу ме? — дедім сегізкөздің тұсындағы титтей тыртықты көріп.
— Жоғары сырсаңшы көйлекті, адам құсап, — деді Бауыржан дегбірсізденіп.
Қолым дірілдеп көйлегін жоғары көтерсем, расында да жауырынынан бір қарыстай төмен, қыр арқасында ақ тыртық бар екен.
— Міне, таптым, — дедім сол жерді тапқаныма қуанып.
Бауыржан көйлегін төмен түсіріп үн-түнсіз қайтадан бері бұрылды. Мен қызарып кеттім. Сол жарасы бар болғырдың қай жерінде екенінде не шаруам бар еді деп, аузымнан ол сұрақтың қалай шығып кеткеніне өкіндім. Енді оған ойланбай сұрақ қоймаспын дедім ішімнен.
Бірдеңені бүлдіріп алған баладай болып, мен үндемедім. Ол маған мұрты жыбырлап, тесіле қарап отырды да, мойнын ары қарай бұра түсіп, қайтадан сөйледі.
ІІІ
— Екінші ауыр жараланғаным 1944 жылы, — деді ол сөзін қайтадан жалғап. — Комдив болып жүргенде құладым...
— Аттан ба?— деппін мен Бауыржанның жаңағыға шамданып өзімді қуып шықпағанына қуанып, әлгінде ғана енді оған ойланбай сұрақ қоймаспын деген іштей сертімді ұмытып. Деуін десем де, тағы да бірдеңені бүлдіріп алдым ба деп, қыбыжықтаңқырап қалдым.
— Жоқ, жаяу келе жатып, — деді Бауыржан менің бұл сұрағыма шамданбай. — Оңбай құладым және жаным шығып кете жаздады. Біразға дейін жығылған орнымда қозғала алмай қалдым. Есімді жиған соң орнымнан тұрсам, жерден шошайып шығып тұрған темір қазыққа тура құйымшағыммен құлаппын ғой. Содан кейін бірнеше күн атқа отыра алмай, шалқамнан жата алмай жүрдім. Бірақ соғыстың қызуымен тағы да госпитальға соқпастан кете бардым.
Бауыржан сәл бөгеліп, сөзін қайтадан жалғады.
— Мінеки, осының екеуі де жүйкеге тікелей байланысты аса ауыр жарақаттар еді. Оның үстіне мен 207 рет ұрысқа кіріп, 5 рет қоршауда қалған кісімін. Соғыстың әр секундын жүйкеге қадалған бір ине деп есептесек, сонда менің нерв жүйеме көзге көрінбейтін қаншама жарақат түсті десеңші! Жас кезде елеп-ескермей жүре бергенмен, соның бәрі тереңге көміп тастаған мина сияқты пәле екен ғой. Міне, алпысқа шығып, қуат кеми бастағанда сол оқтар сарт етіп шыға келді де, екі аяқтан ала кеп түсті. Мінеки, қарағым, біздің жай осылай.
Бауыржанның соңғы сөздері сәл мұңдылау болып шықты. Оның үстіне басқа адамдардың аузынан естігенде онша әсері бола бермейтін «қарағым» деген сөз Бауыржан айтқанда соншама жылы сияқты боп сезілді. Қатал адамның аузынан шыққан жылы сөздің жанға ерекше әсері бола ма екен деп ойладым ішімнен.
— Мен комдив кезімде тоқсан килограмм едім. Онда мына сояудай саусақтар айналасында әжептәуір еті бар, адам көруге тұрарлық болатын. — Ол маған ежірейе қарады. Ақырын байқасам, мұртының екі жақ ұшы жыбырлап кеткен екен. Бұл Баукеннің айдынданғандағы әдеті болу керек деп ойладым.
Мен тағы да басымды изедім.
— Қазір салмағыңыз қанша, Бауке?
— Қазір алпыстан әзер асатын болдық қой, — деп Бауыржан қолын бір-ақ сермеді.
Мен оның мұнша арығанын аяғандай болып, басымды шайқадым.
— Әй, мен мүсіркегенді ұнатпаймын, — деді ол жұлып алғандай. — Менің биыл ауруханадан неге шығып кеткенімді білесін бе өзің?
— Жоқ, Бауке, білмеймін.
— Білмесең тыңда. Ауруханаға түсе қалсаң-ақ әркімдер келіп: «Бауке, қалайсыз? Өң-өң-өң... Ө-ө-ө!» деп, — осы арада ол мойынын ішіне алып, әлде кімше бұқиып, әлде кімдердің даусын салды, — өтірік есіркегенсіп, мүләйімси қалады. Солардың мен өліп кетсем, қуанбаса, күйінбейтінін біліп тұрамын. Сөйте тұра олардың өтірік «Өң-өң-өң...» дегендерін жаным жек көреді. Осындай өтірік мүләйімсу, мүсіркеуді көрмеу үшін ауруханадан шықтым да кеттім.
Бауыржан сәл бөгеліп барып, сөзін қайтадан жалғады.
— Ауруханадан шығып, үйде біраз тыныққан соң елге жүріп кеттік. Елде інім бар еді, әкемнің інісі — Момынқұлдың баласы. Колхозда парторг екен.
Осылай ауылда екі ай жатып қайттық.
Осы кезде шай келді.
— Ал, өз халдарың қалай? Денсаулық, жақсы ма?
— Шүкір, Бауке.
— Маған не шаруамен келдің?
— Сіздің алпыс жылдығыңызға байланысты «Жұлдыз» журналының тапсырмасымен келдім.
— Сенің бойындағы ең жақсы қасиетің не? — деп сұрады ол менің сөзімді тыңдап болғаннан кейін.
— Жанымдағы адамның сөзін жалықпай тыңдау, Бауке.
— Жүр, онда ана бөлмеге барып сөйлесейік, — деді Бауыржан, бұған сенерін де, сенбесін де білмегендей маған тесірейе қарап.
Үндемеу үлкен тактика екенін мен осы арада ұқтым. Бауыржан маған ақыра бастаса, менің оған қарсы қолданар негізгі тактикам осы болуы керек деп қорыттым.
«Ана бөлме» дегені кухнямен іргелес, қораның ішкі жағына қарай шығатын балконы бар бөлме екен. Бөлменің сол жағында жиналмаған аласа ағаш төсек, оның қарсысында үсті қобыраған газетке толы дөңгелек журнал үстелі мен екі кресло тұр. Он жақ қабырғада жабулы тұрған есік бар. Кіре берістегі, балконға қарсы қабырғаға биік шкаф қойылыпты.
Бауыржан аяғын жерге тіреп, шалқалап төсекке жайғасты. Тайға мінген ересек кісінің тізесіндей болып, екі тізесі төсектен асып тұрды.
Журнал, газеттердің үстіне он шақты парақ ақ қағаз қойылған екен. Газеттерді жинап, түкпірдегі креслоға қойдым да, өзім екінші креслоға отырып, қалтамнан қойын дәптерімді суырдым. Оны суырғанмен көлемі шағын дәптерге көсілтіп тез жазу қиын болатынын сездім де:
— Бауке, рұқсат болса, мынау қағазға жазсам ба екен? — дедім.
— Е, жазғын, саған әдейі қойылған қағаз ғой, — деді Бауыржан. Өйткені мен бұл үймен кеше телефон арқылы хабарласқанмын. — Ал «Жұлдыз» саған не жаз деп отыр?
— Оларға сіздің алпысқа толуыңызға орай бір нәр