22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Әділбек Ыбырайымұлы

Әділбек Ыбырайымұлы (18.4.1965 жылы туған, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылы) — ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (2001).

Зауза


Әлем вирустар шабуылына ұшырады. Бұл — ғалымдар ғана шайқасатын биологиялық майдан...

Қастандық теориясы мен стратегиясын әзірлеген топ, ақпарат майданы мен биологиялық шабуылын қатар қолданады. Оның әсері өте күшті, олар тез нәтижеге қол жеткізеді. Дүниежүзіне тигізер залалы аса зор, ал пайдасын осы ат төбеліндей мүдделі топ көреді...

І

Ойыншықтай ғана қызыл машина иінтірескен көліктердің арасынан сынаптай сырғи кеп, бұрылатын белгісін қосты да солға қарай ыңғайланды. Рульдегі көзі боталаған әдемі келіншек алдындағы пикапқа тұмсығын тірей тежегішті басты. Сүйріктей саусақтарын кербездене көтеріп, маңдайындағы күн қағарды түсірді де айнаға сүзіле қадалды. Басын оңға, солға қиқайтып, жұмыстан кейінгі талыққан қарашығы мен көзінің аясына үңіліп, бет-жүзін бажайлады.

— Бактериялар жеп қойған жоқ па екен мені? — Өзіне-өзі әзілдей тіл қатты. Сосын, жүргізушіге арналған дәл ортадағы айнаға ілінген үкінің арасынан кішкентай медальондағы әппақ қудай киінген әженің бейнесіне қарап, жымиып күлді. Бала күнгі еркелігі есіне оралды.

— Апа!

Іс тігіп отырған апасы әуелгіде бірден немересіне үн қата қоймайды.

— Апа дейм! Апа!

— Не, күнім?

— «Зауза» деген не мағына береді?

— Жұлдыздың аты ғой құлыным. — Қара кемпірдің еріні шүйіріліп, иегі созыла, немере қызына мейірлене үн қатты. — Мамыр айының балама атауы.

— Менің атымды неге «Зауза» деп қойғансыздар? — Ұнамай тұрғанын байқатып, бұртия қомпылдады.

— Көктемнің келісті кезіндей ғұмырың шуаққа толы, жайқалған гүл-құрақтай үнемі жас қалпы, әрлі болсын дегеніміз ғой.

— Сарыатан-Зауза деген ертегі айтатын едің ...

— Иә, сол аңыздағы Зауза қыз сияқты батыр, отбасыңа, туған-туыстарыңа қамқор болсын деген ниетіміз-тілегіміз, құлыным.

— Ол қыз түйемен отынға барып, үсіп өледі ғой...

— Қайдағыны айтпа.

Ойын жетелеп, құлағына тығындалған үнқатқыштан бір қалыпты төгілген сазды әуен шорт үзілді де, смартфонының шыныға шашылған моншақтың үніндей жадына сіңісті қоңырауы естілді.

— Иә, қыраным! — Күйеуін «қыраным» деп әуектететін.

— Жұмыстан шықтың ба, жан?

— Кетіп барам.

— Елде ертең төтенше жағдай жарияланатыны хабарланды.

— Соған келіп қалдық қой өзі.

— Мен жұмыстан бүгін кеш қайтам, соны ескертейін дегем.

— Ұқтым...

Қозғалған көліктер легі әжептәуір тұсқа дейін іркілмей барды да, бөгелді. Бағдаршамның қызыл көзі қайта жанып үлгерді. Енді екі-үш минут күтеді, мақсатсыз сол жақ қапталына қарады. Адамдар жаяужолмен құлықсыз ілбиді, иықтары қуышып кеткендей. Қайсыбірі аузы мен мұрынын бүркеп, маска киіп алған. Өйткені бұлар тұратын «Н» қаласынан да коронавирус дертіне шалдыққан науқас табылды. Біртүрлі аяп кетті. «Бейшаралар бәрі өмірі үшін қорқады ғой...»

Есіне жиырмасыншы ғасырдың соңындағы халықтың алдағы жүз жылдықтан әлдене күткен алағызған халі оралды. Жұрттың көкейінде жақсылық та, жамандық та қабат жарысты. Өзі де бала көңілімен жаңа ғасырдың әлпетіне алаңдайтын. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі жеті-сегіз жыл ғана уақыт өтті, жұрттың жағдайы мәз емес, экономика мандымаған. Бірақ, аузымен құс тістеген мықтылар бар еді. Елдің сондай тайғанына айналған азаматынан журналистердің бірі көпшіліктің күпті дүниесін білгісі кеп, «қазақ жиырмасыншы ғасырға несімен барады?» деп сұраған екен. Сонда ұлттың қаймағына жаққан әлгі жаны жөйт «Қазақ 21 ғасырға сөзбен барады» деді Інжілдегі ең алғашқы сөйлемнің өңін сәл өзгертіп. Інжілді оқымаған қазақтар оның ләмін әулиеліктей көрді. Ол бар болғаны Алладан да қымсынбай құдайдың айтқанын ұрлап, өңін айналдырып елге жеткізді. Өйткені, сөздің нобайын басқа нышанда қайталау оның кәнігі кәсібі болатын. Әнгілбай деген досының еңбегін пайдаланып, «Англ и Я» атты кітап шығарған талантты адам, әлем өркениетінен оқшаулаған темір құрсаудан енді құтылған қоғамды сөйтіп, дүр сілкінткен.

Зауза күлді. Баладай аңғал халқына күлді. Міне, сол жаңа ғасырдың жиырмаcыншы жылы да сусылдай өтіп барады, қазақ қазіргі уақыт кеңістігіне несімен келді? Үрей, жасқаншақтық, тілсіз, ділсіз кембағалдығымен... Ал, халықтың маңдайына айналған азамат со қалпы пафостық сөзімен топ алдында жүр.

Ту сыртынан машинаның пепілдеткен үні шықты. Ойға батып кетіпті, жылжуы керек екен...

Келіншек көлігін паркингте қалдырды да төртінші қабаттағы пәтеріне лифтімен көтерілді. Ваннаны толтырып, суда жатып күні бойғы аяғынан тік тұрып шаршағанын басқысы келді. Соңғы кезде жиі алаңдайтыны өзінің бала көтермей жүргені. Дәрігерлердің айтуынша құрсақтағы қос түтіктің бірі эмбрионның дамуына қабілетсіз. «Кішкентай қызым болса ғой» деп ойлады. «Бірақ, кәзіргі әлемде індет тарап жатқан уақта оны қалай сақтай алар едім?» деп, қиналып қалды. Уайым иектеген қалпы жылы ваннаға әппақ аяқтарын мала берді. Ізінше тұла бойымен көпіршік атқан суға гүмп берді де, жарты минуттың шамасында қайта кеудесін шығарды. Тып-тығыз анарын су мен көбік қытықтады. Алқоңыр бөбешігі әлденеден дыз-дыз етіп, алпыс екі тамырын электр толқыны қуалай жөнелді. Еріксіз сүйріктей саусақтарымен омырауын аялай сипап өтті. Одан сайын масаң хал кешіп, өз-өзінен қыстыға ұялды.

Тәтті шағының шақ-шәлекейін шығарып, смартфон бебеулей жөнелді. Қоңырау үнінен бастығы хабарласып жатқанын ұқты. Қолын орамалмен сүртіп, сенсордегі жасыл домалақты саусағымен іле сырғытты.

— Зауза, шұғыл жұмысқа жет!

— Жайшылық па?

— Соңғы екі айда төтенше жағдайда жұмыс істеп жатыр емеспіз бе? — Вирусология мен бактериология зертханасының меңгерушісі Ерлан Кеңесбайұлы сауалына сауалмен жауап қатты.

«Н» қаласының көшесіндегі көліктер легі әлі тығыз, иінтіреседі.

Орталыққа таянып қалғанында құлағына тығындалған үнқатқыштан тағы да бастығының қоңырауы шылдырлады. Сұқ саусағымен әппақ ноқатты басты.

— Ғылыми зерттеу институтына кел.

— Ұқтым.

Институттың шамы самаладай жанған кең ауласында Ерлан Кеңесбайұлы мұны күтіп тұр екен. Оң қолымен шашын кейін серпіп, бұған қарсы жүрді.

— Сенің қатысуың қажет. — Оның үні ақталғандай естілді. — Эпидемиолог, инфекционистер мен вирусологтарды шұғыл жинап жатыр.

Бұларды күтіп алған маман бастап әкеп, шағындау кабинетке жайғастырды. Өздерінің соңынан ала енген шашы қудай, ұзын бойлы адам ілгеріге озып, бір-екі қадам алға шақты.

— Сәлеметсіздер ме, қадірлі әріптестер. Жұмыстан кейінгі уақыттарыңызды қиып келгендеріңізге рақмет. Мен — ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары Сәбит Мұратұлы. — Қазір біз ғана емес, әлем — үлкен сынақ алдында. Тәжтажалы өз алдына, оған қабат бұрын жоқ науқастар белең алуда. Соның бірі, адамдар күйзелістен боркемікке айналып, тоқтаусыз жылайтын кеселге ұшырады. Бұл — невроз, психоз дертінен бөлек сырқат деп болжаймыз. Осы беймәлім дерттің жайын шұғыл сіздермен бірге қарастыруды жөн көрдік. Сондай науқастың біреуі қазір мына, — оң бармағымен қабырғаны нұсқап көрсетті, — интенсивті емдеу палатасында отыр. Барлығыңыз жауапты жерде, аса құпиялы орында қызмет етесіздер, дертке ұшыраған жай кісі емес, науқас адам жайында ешкімге тіс жармайтындарыңызды білем, сонда да ескертем. Біздің жұмыс үстіндегі кеңесіміздің өзі бейнекамераға жазылып жатыр. Пациентпен сіздің араларыңыздан бір маман сөйлесіп, жағдайын байқап көрсін. Қалғанымыз мына монитор арқылы оның саулығына, қазіргі хал-күйіне терең үңіліп, талдау жасайық. Консилиум нәтижесі негізінде ем-шараларын бекітеміз. Ал, кімді ұйғарасыздар? — деді.

Бәрі араларындағы жалғыз әйел Заузаға назар аударды.

— Науқаспен сіз сөйлесіңіз, әдемі бойжеткенді көргенде сырқат жан, бәлкім, басқаша күйге түсер, — деп, директор орынбасары оң қапталдағы кабинаның есігін ашып, ішке өтуіне ишара танытты.

Науқаспен екі ара шыны қабырғамен бөлінген. Шағын стол мен орындық қойылыпты. Стол үстінде микрафонның бойы қылтияды. Орындыққа жайғасқанында арғы беттегі адамды көріп, өз көзіне өзі сенбеді. Бұл — мұнай мен газдың қожасы, танымал миллиардер олигархтың бірі еді. Алдында жатқан бір жапырақ қағазға үңілді: «Қиманов Болат Асқарұлы» деген жазуға көзі түсті.

— Сәлеметсіз бе, Болат Асқарұлы! Менің есімім — Зауза. Қалыңыз қалай?

— Сәлеметсіз Зауза.

— Бұл дертке қашан шалдықтыңыз?

— Бүгін. Таңертең теледидардан еліміздегі тұрмысы өте төмен кедейлерді көріп, қайдағы бір уайым жайлады. Адамдардың несібесін жырғаныма, өзге де көп жайтқа жеке басымды кінәлі сезіндім. Өзімді ұстай алмай, еркімнен тыс егіле жыладым.

— Аяушылық сезім, әрине, жақсы... Бірақ, өз-өзіңізді берік ұстау қолыңыздан келмеді ме?

— Келмеді. Бұрын да оларды сан мәрте көрдім ғой, дәл бұлай жаным ашып, жүрегім езілмейтін.

— «Жаным ашыды» дейсіз бе?

— Иә. Неге боркемік болып кеткенімді... — Науқас сөзін іркіп, төсегінің үстінде отырып қалды. — Бес-алты минут еңкілдеп жылағаннан кейін жеңілдеп қалдым, көз жасым тиылды.

— Ондай халге қанша рет душар болдыңыз?

— Осы уақытқа дейін үш-төрт мәрте қайталанды.

— Қазір қалайсыз?

— Жақсымын, алайда, мұрыным иіс сезбейді.

— Иіс сезбестен өзге, жайсыздық жоқ па бойыңызда?

— Жоқ.

— Ал сіздің жақындарыңыздан немесе қызметтес әріптестеріңізден мұндай халды басынан өткергендері бар ма?

— Білмеймін. Соңғы жарты тәулік осындамын, бейхабармын.

— Бұл жерге қалай келдіңіз?

— Менің ешқашан мұндай халімді көрмеген көмекшілерім шошып кетіп, дереу осында жеткізді. Содан бері дәрігерлер түрлі аппартқа салып, қарап жатыр.

— Бұрын науқастың белгілері байқалған жоқ па?

— Жоқ. Ағзамдағы сәл сырқатты білсем, әлдеқашан шетелге қаралуға кететін едім ғой.

Осы кезде ар жағынан палатаға мейірбике еніп, әлдебір құтыларды ашып, кезек-кезек науқастың мұрынына апарды. Сосын, бұған қарап, басын шайқады.

Зауза кабинадан кабинетке кері шыққанында ондағылардың бәрі нақты байламның ұштығынан ұстай алмай, әрі-сәрі халде екенін байқады.

— Біз мұнда жиылып отырғандар вирусолог, эпидемиолог, инфекционистерміз, мына науқасқа қаншалықты қатысымыз бар? — деді Ерлан Кеңесбайұлы институт директоры орынбасарына төтесінен, ел орынға отырғанда шақырғанға ренжігендей. Қиғаш біткен сығыр көздері үлкейіп апты.

— Бұл біздің қаладағы алғашқы оқиға емес, — деп бөгеліп, Сәбит Мұратұлы алдындағы төрт-бес адамға назарын жүгіртті. Мына жаңалыққа бәрі үдере томсарды. Арада орнаған түсінбеушілікті енді аңғарған директор орынбасары, — жоқ, алғашқы оқиға, — деді қайта жанұшырып, даусы қаттырық шықты. — Бүгін, бір күнде, дәл осындай түсініксіз науқаспен елімізде 9 адам тіркелді. Соның үшеуі «Н» қаласында.

Кабинетте үнсіздік орнады.

— Тәжтажалынан кейін ғылыми зерттеу институттары ақпараттық халықаралық байланысты арттырған. — Сәбит Мұратұлы қайта сөзін жалғады. — Дәл бүгінгі күнде, осындай беймәлім сырқатпен, яғни, себепсізден-себепсіз уайымға салынып жылау жайы белең алды. Әртүрлі мемлекеттерде екі жүздің үстінде науқас тіркелді. Коронавирус індетінің тұсында Бүкіләлемдік денсаулықсақтау ұйымы бұған қатты алаңдауда.

— Сонда, тез тарайтын жұқпалы індет деп ойлайсыз ба?

— Олардың бір-біріне жұғу мүмкіндігі нөлге тең. Ешкім ешкіммен қатынаспаған. Бірақ, бір сәтте белең алуы — індеттік сипатқа ие. Сондықтан сіздерді шұғыл жинап отырмыз. Оның үстіне алғашқы пациентіміз — елдің ең құрметті азаматы.

— Мына науқас туралы түнімен ойланайық, ертең сағат 11-ге ем-шара жосығының жобасын ұсынып көрелік, — деді жиылғандардың арасынан біреуі.

Консилиумға шақырылғандар сыртқа шыққанында қала түн құшағында еді.

— Бәле деген аяқ асты, ә-ә. — Ерлан Кеңесбайұлы өзгелермен сау бол айтысып, Зауза екеуі көлікке беттегендерінде жасық үнмен сыбырлады. — Сөйлеспек түгілі маңына жуый алмайтын адам, бір сәтте мүсәпірге айналған.

Әріптесі үндемей келісті.

— Қайырлы түн! Ертең бізді қарқынды жұмыс күні күтіп тұр. — Қолын көтеріп, амандық айтқан зертхана меңгерушісі көлігіне мінді.

Көшедегі машиналар ағынымен келе жатып, Зауза зерттеу жұмысының барысын есіне алды. Коронавирусқа әзірше екпе де, жолын кесетін дәрі де жасалған жоқ. Ал, вирус болса ауада ұшып жүр немесе әртүрлі заттар арқылы тарауда, кез келген уақытта қатерлі. Ағзаға түсісімен күрделі мутант микробтарға айналып, санаулы күндерде тыныс жолдарын зақымдайды.

Вирустың тірлік кешетін ортасы көзге көрінбейді, ол адамзатқа паралелль әлемдегі тіршілік иесі. Тәжтажалды ағзаға түспей тұрып залалсыздандыратын жаңа генетиканы зертханада әзірлеуге кіріскендеріне екі айдың жүзі болып қалды. Оның міндеті — компьютердің антивирус бағдарламасы сияқты, тажалдың көзін кеңістікте жоюы тиіс. Осы мақсатта бұлар «тәжге» қарсы әрекет ететін вирусты ойлап табуға жанын сала кіріскен.

Құлағына тығындалған сымсыз үнқатқыштан жадына сіңісті шашылған моншақтардың тырс-тырс дыбысы естілді. Оң қолының сұқ саусағының ұшын апарып, ноқаттай ғана үнқатқышқа тигізді.

— Мені жоғалтып алдың ба, қыраным?

— Иә солай болды.

— Аяқ астынан жұмысқа шақыртып, ғылыми зерттеу институтына жиналысқа бардым.

— «Менің жұмысым қауырт па?» десем...

— Таяу қалдым.

Есікті ашып, ішке енгенінде қолында антисептигі бар Санат жымия қарсы алды.

— Біздің табалдырықты бір тал вирус та аттамауы керек.

Заузаның сықылықтаған ерке күлкісі сыңғырай естілді. Ізінше әйел сәл илігіп, салалы саусақтарын күйеуіне қарай созды. Ері оның алақанына исін бұрқыратып, қоздырғышқа қарсы сұйықты сыздықтата ағызды. Сосын, былғары курткасын шешіп ап, шкафқа ілді.

Қолын жуып, жатын бөлмесіндегі айна алдында отырғанында күйеуі стақанға құйылған айран әкеп ұсынды.

— Бүгін бір демалайын деп едім... — Стақанды қолына ала беріп, тіл қатты.

— Жарайды, жұмысты қойшы... бітпейді. — Ері ту сыртынан келіп, әйелін құшақтады да айран жұққан ернінен сүйді. Зауза ыдысын айна алдына қойды да, Санаттың мойнына ақ білектерін арта берді...

ІІ

Таңертең кофесін ішіп отырғанында ас үйге Санат кеп енді.

Екеуі шаңырақ құрып, от түтеткендеріне үш жылдан асып барады. Бір көкейіне қонбайтыны — ол орысша сөйлейді. Қанша жанын салғанымен күйеуінің бетін ана тіліне бұра алмады. Қазақша тіл қатса да, орысша жауап алады. Онысын айып ретінде алдынан тартпайын деп, еркелетіп «орел мой» деп қояды. Ері «дорогая», «душа мая» деген орыстың кеңетек ұғымынан әрі бармады.

— Қымбаттым, қалай ұйықтадың?

— Жақсы. — Бұған мейірлене еңкейіп, жанына таянған күйеуі бетінен өпті.

Таңғы астарын асығыс ішіп, ерлі-зайыптылар тез-тез киінді де, сыртқа ұмтылды.

Санат кеңсесіне келгенінде бір кабинетте отыратын екі жігіттің біреуі Ринат жұмысты бастап кетіпті.

— «Цифрлы Қазақстан» оңай емес, сәлем! — Табалдырықтан сөйлей аттады.

— «Төтенше жағдайың» құтты болсын, айтишник!

— Бағдарламаның «негізгі аналығы» қайда жүр?

— «Аталығы» де. Қазір кеп қалар.

Екеуі қолдарын ұсына берді де, індет кезінде олай амандасуға болмайтыны естеріне түсіп, «еһ» деп ауаны көсіп, кері айналды.

Компьютерін іске қосып, жұмыс бастауға әзірлікке кіріскенінде бірге отыратын үшінші жігіт Жапсарбай төбе көрсетті. Маска киіп апты.

— Сәлем! Көшеде көлік сирек, адам аз, әлдебір жаманшылық төніп келе жатқандай, — деп, бұл да қомпылдай кірді.

— Сәлем!

— Кешегі ретке келтірген бағдарламаны жүктейтін және кері қайтатын кодтарын жазып, тестілеуге отырайық. — Портфелін стол үстіне қойып жатып, екеуін көзімен сүзіп өтті.

Ешкім ештеме демеді, жаңағы әзілге сүйенген қарқындары сап басылды. Компьютермен жұмыс жасайтын мамандар сөйлегенді ұнатпайды, бәрін үнсіз атқарып дағдыланған. Сөйлессе, ағылшын тілінде жазылған нұсқаулықтармен, ғаламтормен сөйлеседі.

Бөлмені өлі тыныштық жайлады. Әркім өз шаруасымен өзі болып, оқшауланып кеткен. Кейде олар жұмысқа берілген кезде кабинетте өзге адамның барын да ұмытады. Кенет, Санаттың көңілін еңкілдеп жылаған адамның үні бөлді. Басын көтеріп қарады да Жапсарбайдың бода-бода болып отырғанын көрді. Мұның атып тұрғанын, өңінің өзгеріп кеткенін Ринат та аңдап, құлаққабын шешіп, тосын жайтқа түсінбей қарады. Атпалдай азаматтың иегі кемсеңдеп, көзінен бұршақ-бұршақ жасы аққан кейпі селк еткізді.

— Не болып қалды?

Жанына жетіп барған Санат Жапсарбайдың иығынан ұстады.

— Мен оны мүгедек жасадым.

— Кімді?

— Көр-ші-нің қызы-ын. — Солқылдап әзер сөйледі.

Кішкентай бала кезінде қыстауда моторлы құдық тұратын. Оның үлкен доңғалағын айналдырса, ол ар жағындағы тісті доңғалақты қозғалысқа әкеледі. Тісті диск жанындағы келесі тісті тегершікті іске қосады. Шайнасқан екеуінің арасына бұршақтай тастарды тастап, олардың күлше уатылатынын тамашалайтын.

Жапсарбай үлкен доңғалақты қызық көріп, зыр қақтырды. Ол өзгелеріне қарағанда оңай әрі жеңіл айналады. Ал оның қасындағы өзінен екі жас кіші көршінің қызы қолдарын тісті доңғалақтың үстіне қойып, еш қаперсіз мұның тірлігіне қызықтап қарап тұрды. Ол баяу жылжитын. Қаршадай қыз білінбес қарқынмен саусақтары тажалдың аузына сәт сайын таянып қалғанын аңдамады. Бір кезде шар еткен дауыс шықты да қыздың саусақтары үгітіліп, қан саулай жөнелді. Бала өзінің не жасағанын ұғынбады. Кейін қыздың саусақтарын кесіп тастады.

Кеше кешкілік сол жайт есіне түсіп, түні бойы ұйықтамаған. Енді, міне, бейшараны мүгедек жасағанына өзін жазғырып, айыпты сезіне өксиді.

— Ол қалай күн көріп жүр екен? Маған ылғи лағынет айтатын шығар? — Жапсарбай булыға сөйледі.

Жұмыс жайына қалды. Мұндайды күтпеген Санат пен Ринат абдырай, атпалдай азаматты сабырға шақырды. Әрі, оның әрекеті ақылға қонбады. Сосын, Жапсарбайдың үйіне қайтқанын жөн санап, Ринат жеткізіп салуға бірге шықты. Кабинетте Санат жалғыз қалды.

Бұл кезде Заузаның да шаруасы қыза түскен. Үстіне арнайы комбинезон, басына дуылға, қолына қолғап киген. Алқымына дейін түскен пластик қалқаны бар ол вирус тудырғыш бактериалармен жұмыс жасап жатты. Әлгінде Ерлан Кеңесбайұлы екеуі тағы да бұған дейін жасалған сынақ түрлерін бір сүзіп шыққан. Сонда зертхана меңгерушісі:

— COVID-19-дың қоздырушы бесаспап қабілеті — ғылымды сарсаңға салды, — деді микроскопқа қосылған компьютер мониторына үңіліп. — Оның генетикасы — төңірегіндегі молекулаларды тез мутация жасайды, сұмдық.

— Сұмдықтары көп — ақзаны меңдеп, асқыну циклында, әдеттегі қоздырғыштардай үнемі бірдей вирус таратпайды. Әрбір цикл — молекулалардың жаңа мутациясын әкелуде. Бұл — үлкен қатер. Жуық арада оған қарсы қолданылатын екпе мен дәрі-дәрмектің табыла қоюы, сондықтан қиын. — Биология ғылымының магистрі Заузаның пікірін профессор зейін қоя тыңдады.

— Иә, иә, бұл — табиғатта өзіне қолайлы ортада пайда болған бәле емес, лабораторияда қасақана әзірленген індеттік модель. — Зертхана меңгерушісі ойланған қалпы, қолындағы қарындашын столға тықылдатқан күйі отырып қалды. — Осыншама адам ауырғанда, вирустық түйірдің бір-біріне ұқсайтындары жоқ.

— Қытайда тәжтажалдың 150-ден астам нышандарын анықтады. Ал, ВИЧ эпидемиясы 40 жыл жүрсе де, оның генетикасында 72 нышан белгілі болды. Бұл тажал вирустың біреуінен ондаған, ал ондықтардан жүздеген бірін-бірі қайталамайтын мутант, құбыжық молекулалар табылуда.

— Бізді үрейлендіретіні, тәжтажал әр түйіріне өзінің генетикалық нәлін қалдыруда. — Профессор Ерлан Кеңесбайұлы Заузаға қарады. Ғалымның шарасыз аңырғаны сығыр көздерінен көрініп тұр. — Сөйтіп, рекомбинация жасауда. Ол сонымен адам бойында кездесетін дерттік нышандармен ғана РНК алмасып отырған жоқ, жабайы хайуандардың бойындағы молекулалармен генетика алмастырған. Бұған қытайдағы жарғанаттан ауысып, адамға ауыз салған тажалдығы дәлел. Міне, оның қатерлі де ерекше қабілеті. Әлем вирустар шабуылына ұшырады. Бұл — ғалымдар ғана шайқасатын биологиялық майдан.

— Біздің фантастар шабуылды жат планеталықтардан күтіп жүргенде, бәле қытайдан жетті. Тажал вирус жасушаға төрт есе жылдамдықпен сіңісіп, кірігеді. Оған мүмкіндік беретін қырықаяқтың башпайларындай мұртшалары. Жабысады да түрлі паразит болмысқа айнала береді.

— Ағзаға еніп-ап, бірден ауру нышанын тудырмай, жасырын әдіспен тарауда. Алғашқы белгісін байқатқанға дейін 14-21 күн беймәлім күйі жатады. Ал, бұл аралықта науқас өзінің жұқпалы дертке ұшырағанын білмей, қанша адамға індетті таратып үлгереді. Сондықтан, өлім көрсеткіші жоғары болуы әбден мүмкін. Мұндай мың айлалы әбілетке қарсы әлем қауқарсыз болып тұр ғой. — Зертхана меңгерушісі орнынан тұрып, дәлізге беттеді. — Жарайсың, Зауза, өзіңнің табандылығыңнан үлкен үміт күтем, осы жұмысыңның негізінде нақты бір қорытынды ұсынасың деп ойлаймын.

— Бар қабілетім мен білімімді жұмсаймын... — Биология ғылымының магистрі шынын айтты.

Республикалық вирусология зертханасының ғылыми қызметкері Зауза түрлі вирустар қатынасын қолдан жасап, олардың өзара әрекетін зерттеп жүргеніне біраз уақыт болды. Бір байқағаны — тәжтажал адам бойындағы дофамин, оксидация сияқты екі гармоннан сескенеді екен. Бірақ олар бір сәтте әсер етуі керек. Екінші үлкен кедергі, тажал — вирус та мыналар — гармондар. Тарау, жұғу белсенділігін айтпағанда гармон өз ортасынан тыс өмір сүре алмайды. Бұлардың генетикасын алып, вирустық сипатқа айналдыру және олардың да биологиялық ортадан тыс екі-үш күн өмір сүре алатын қабілеттігін арттыру керек. Әзірше жаңа молекуланы «дофокси» деп атап отыр. Болжам бойынша, бұл молекула жасушадан да кішкентай түйіршек тәжтажалмен оның ақзаға енбей тұрғанында жолығуы керек. Сонда дофокси қытай вирусымен әрекеттесіп, оның генетикасын жойып, бәшпайларын қатырып тастайды. Сөйтіп, індет тудыратын ол бәле биологиялық ортаға енбей тұрып, көзі құриды.

Міне, осы ғылыми жобаның ауанымен үлкен үміт үстінде тынымсыз арпалысуда. Ондайда уақыттың қалай өтіп кеткенін де аңдамай қалады.

Зертхананың ішіндегі қоңырау соғылды да Зауза мониторға қарады. Ар жағынан Ерлан Кеңесбайұлы «жиналыңыз, шұғыл ғылыми зерттеу институтына баруымыз керек» деді.

Бұлар зерттеу институтының үлкен дәлізіне енгенде-ақ қарсы алдарынан маман киіміндегі Сәбит Мұратұлы шықты. Тағатсыздана күтіп, бейне камерадан қарап отырса керек.

— Сәлеметсіздер ме, — деп бас изесіп амандасты да, бірден кешегі пациенттің жайына көшті. — Түнімен агрессивті мінез көрсетіп, долырып, дәрінің күшімен әзер басылған. Енді құлағы естімейтін саңырау болып қалды.

— Бұл аурудың сипаты интенсивті түрде өзгеріп жатыр ғой.

— Адамның ақылына қонбайтын ауытқушылықтарға ұшырадық.

Асығыс үстілеріне ақ халат киіп, кешегі кабинетке енді.

— Сіз кабинаға өтіп, науқаспен тілдесіңіз, клавиатура бар, — деді.

Зауза шынының ар жағынан көзі қызарып, өңі долырған миллиардер Қимановты көрді. Палатасындағы өзгешелік — үлкен монитор-телевизор қойыпты.

— Болат Асқарұлы, қаліңіз жақсы ма?

— Саңырау болып қалдым, естімеймін, — деді құлағын саусағымен ұрғылап.

Зауза копьютерге жаза бастады.

«Өзіңізді қалай сезінесіз?»

Палатадағы монитор-телевизор кабинадағы компьютерге параллель қосылған екен, жазу арғы беттегі экраннан үлкен қаріптермен көрінді. Төсектің үстінде отырған науқас оны оқи салысымен барқ етті.

— Саңырау болып қалған адам өзін қалай сезінуші еді? Үнемі меңіреу тыныштық миыңа кері әсер етеді екен. Түнімен ұйықтамадым, ойландым. Бізге бүгінгідей корпоративтік өкімет емес, ұлттық өкімет керектігіне көзім жетті. Осының бәрі олигархтардың жасанды патриоттығынан, елді ойламайтын, жеке құлқынын көздеген қарау пиғылынан болып отыр. Алланың тікелей біздің күнәһарлығымыз үшін жіберген қарғысы. Клептократияның салдары... Ұлттық өкіметі бар Тәжікстан, Түркіменстан, Маңғолия мұндай кеселден аулақ.

«Сабыр сақтаңыз. Есту қабілетіңіз қалпына келеді» деп жазды.

Ақсүйектердің қаймағына айналған, халықаралық деңгейдегі танымал бекзада көз алдында баяпар біреудің кейпін кешкен.

— Мен бұл жақтың медицинасына сенбеймін, бүгін ұшағымды әзірлетемін де кетемін...

Бұдан әрі онымен тілдесудің мәнісі жоқтығын ұғынған Зауза лажсыз орынынан көтерілді.

Зертханасына қайта айналып кеп, тынымсыз жұмыс істеген келіншек кешкі сегізге қарай үйіне жетті. Санат әлі келмепті. Киімін ауыстырып болған кезінде есіктің сықырлағанын аңдады. Ері өз кілтімен құлыпты ашып ішке кірді.

— Ал, кәне, вирустарға соққы берейік, — деді күле, алдынан антисептикті алып шығып. Күйеуі алақанын тосты да, өткір иісті сұйықтықты қолына шылқылдата жақты.

— Қазір сағат 9-да президент мәлімдеме жасайды, тыңдайық.

— Індетке қарсы құрылған мемлекеттік комиссияның жұмысы жайында айтатын шығар.

— Кім біледі... — Санат сырт киімін ілді де жатын бөлмеге беттеді, әйелі ас үйге өтті.

Шәй үстінде карантин жарияланғанын, ол екі күннен кейін күшіне енетінін естіді.

— Әлдебір мүдделі топтың шпиондық террорлық әрекеті деп ойлаймын. — Санаттың аққұба өңі құбылып, кең маңдайынан жіңішке сызықтың ізі білінді. Көкшіл көздері бозаң тартқан.

— Биологиялық шабуыл... Кім болса да алибиі күшті.

— Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Қазіргі соғыстың сипаты мүлде өзгерген. — Көкшіл көздері ойлы қалпы әйеліне қарады. — Бұрынғыдай мылтық атылмайды, бомба жарылмайды. Қастандық теориясы мен стратегиясын әзірлеген топ, ақпарат майданы мен биологиялық шабуылын қатар қолданады. Оның әсері өте күшті, олар тез нәтижеге қол жеткізеді. Дүниежүзіне тигізер залалы аса зор, ал пайдасын осы ат төбеліндей мүдделі топ көреді.

— Сондықтан екеуміз елдегі екі стратегиялық саланы бақылауда ұстаймыз. — Келіншек жымия күлді.

— Бүгін біздің бір әріптесіміз жұмыста отырып, өзінен-өзі солқылдап жыласын. Азаматтың болмайтын нәрсеге еңкілдеп жылауы, қандай ерсі...

Зауза күйеуінің бетіне әрі-сәрі халде қарады. Жаман нәрсені қозғағысы келмеді ме, әңгіменің бетін басқаға бұрып әкетті.

— Қашан біздің кішкентайымыз болады?.. Бала сүйгім келеді...

Санатқа да мұндай әңгіме есту көңіліне жаға қоймайды. Бірінші әйелінен баласы бар. Дәрігерлердің айтуы бойынша, кінә — Заузада.

Орнынан тұрып келіп, көңілі жасып қалған келіншегінің иығынан құшақтады. Ол да көзі боталап, орнынан түрегеле берді. Күйеуі бауырына тартып, ерінінен сүйді.

— Алла бұйыртқанда болады.

Әйелінің тамағынан иіскеді. Әшейінде жұпары аңқып, жанды елітетін француз әтірінің ұштығы да жоқ. Анадайда тұрған антисептикті қолына тамызып, мұрынына апарды. Бағана да аңдаған, иіс атаулы ізім-ғайым.

Әйелі мұның әрекетіне күмән аралас әлдебір ұғымның жетегінде:

— Не болды? — деді.

— Ештеме...

ІІІ

Зауза таңертең әлдебір үннен оянды, жарық түсіпті. Санат мұрынын дәміл-дәміл тартады. Мойынын бұрып сол жағындағы күйеуіне қарап еді, ол шалқасынан жатыр екен, көзі жасты сияқты. Әйелім «ұрлығымды» байқап қалмасын дегендей, бір қырына қарай аунап, теріс бұрылды. Заузаның жүрегі шым ете қалды. Сосын күйеуін ту сыртынан құшақтап, жаймен:

— Өмір қиын соғып жүр ме? — деді.

— Ұлым есіме түсті, мен оны тасбауырлықпен тастап кеттім...

— Оған менің кінәм жоқ қой?..

— Жо-оқ, сенің еш айыбың жоқ.

— Балама қазір кетем десең де, қарсы емеспін...

Санаттың денесі селк-селк етті, қыстығып жылап жатқанын білді. Әрі, оны жазғыра алмады, бұл — өзіне мәлім індеттің салдары екенін іштей ұқты.

Ұйқысы шайдай ашылды, орнынан түрегеліп, ваннаға беттеді. Сосын, таңғы астың қамына кірісті. Әдеттегідей дастархан әзір болғанда Санат та ас бөлмеге енді.

— Қымбаттым. — Стол басында отырған әйелінің иығынан құшақтап, маңдайынан сүйді. — Қайырлы таң!

— Қайырлы таң, қыраным!

Ол орнына жайғасып, қуырылған жұмыртқаны асап жіберді де ары-бері толғап, отырып қалды.

— Не болды?

— Түк дәмі жоқ.

— Қой... — Зауза атып тұрып, күйеуінің тарелкасын алды да мұрынына тақап иіскеді. Шыжғырылған майдың исі бар, алдына қойды да, шетінен ауыз тиді. Дәмі бар. Еріне қобалжи қарады.

— Ештемесі жоқ, кәдімгі тағам. — Тарелканы қайтадан күйеуінің алдына әкеп қойды. Ол құлықсыз асты аузына сала берді.

— Біздің бәрімізді бүгіннен жұмысты қашықтан істеуге жіберді. Тапсырмаларды үйде отырып орындаймыз.

— Қандай жақсы. Мені лабораториялық жұмыстар күтіп тұр.

Асын ішіп болған Зауза маскасын киіп, сыртқа беттеді.

«Н» қаласының көшесіндегі әдеткі көліктер легі сиреген, жаяужолдағы жүргіншілер мүлде жоқ. Үйреншікті көріністің ырғағы бұзылғаны көңіліне жаман әсер етті. Дүние әлдебір апаттың алдында тұрғандай, демін ішіне тартып тына қалған.

Індет жайлаған аура алаңдатқан қалпы кабинетіндегі компьютерін іске қосты. Сырт киімін шешіп, аяқ киімін ауыстырып, стол үстіндегі қағаздарын реттестіріп болғанша, оперативті жады бағдарламаларды жүктеп үлгерді. Ғаламторға үңілгенінде ең бірінші көзіне түскені Римдегі үлкен мешіт мүфтиінің мәлімдемесі болды.

«Адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан ежелгі Рим елі — Италия мемлекетінің басына қасіретті зауал түсті. Күн сайын мыңға тарта бауырларымыздан айырылып отырмыз. Осы қиын қыстау кезеңде сіздермен бірге екенімізді, біртұтас екенімізді жеткізгіміз келеді. Қазаға ұшыраған отбастарына көңіл айтамыз».

Еріксіз оның астындағы пікірлерге де назары ауды.

«Адам баласы айуаннан да бетер күнәһарлыққа барды. Құдайды ұмытты. Соның кесірін тартатын уақыт келді, тартып жатыр».

«Азғын топтар күштеп, мұсылман әйелдерінің орамалын шештіруге, бетін ашуға тырысты. Енді өздері беттерін бүркеп, беті ашық адамдарға шошына қарайтын халге жетті».

«Адам әбден шектен шықты. Әйел әйелмен некелеседі, еркек еркекпен жұбайлық жұп құрып жатыр. Алла құлдарына осыны нәсіп етіп пе еді? Отбасы құндылықтары, өмір сүру талаптары өрескел бұзылды. Вирустан емес, өздеріңнің имансыздықтарыңнан қорқыңдар».

«Пенде атаулы бұған дейін болған цунами, жер сілкіністерін, індеттерді елемеді, қорытынды шығармады. Айуандық әрекетін жалғастыра берді.

Бұрын жер бір ғана құрлықтан тұрған, алапат сілкініс пен цунами болып, топансу қаптап, жерді парша-парша етті. Сөйтіп Алла құлдарын алты құрлыққа бөліп тастады. Ал сол топансу не үшін болып еді. Онда да осылай адамдар әбден азғындыққа түскен. Азғындық бүгінгі Еуропадағыдай Лут елдерінің арасында кең етек алды. Жабайылық пен бұзақылық мүлде асқындады. Алла Құранда «Сендер бұрын әлемде ешкім істемеген арсыздық істедіңдер. Әйелдерді қойып, еркектер мен еркектер жыныстық қатынасқа түстіңдер — азғынсыңдар» — деді (Ағраф 80, 81).

Міне, осының кесірінен адамзат баласы Алланың қаһарына ұшырап, жер әлемді топан су қаптады. Нұқ пайғамбарға әр жәндіктен ең адал, таза жұптарды ғана кемеге алуға періштелер арқылы пәрмен түсірді. Имансыз ел түбірімен жойылды. Енді, міне, әлемде хайуандық қайта өршіп, тағы да Алланың қаһарына ұшырап отырмыз. Стадиондар моргке айналды. Құдайдың құтты күні өлген мың адамды өртеп жатыр».

Әрі қарай оқи беруге дәті жетпеді, келіншек сүлесоқ отырып қалды. Бір сәт жүйе-жүйесі мен иіні босап, кеңсірігі ашыды да тамағына өксік тығылып, көзінен жас саулады...

Әлденуақытта телефон шырылдады.

— Қайырлы таң! Маған келіп кетші. — Ерлан Кеңесбайұлының үні сергек естілді.

Көзінің жасын құрғатып, өзін жөнге келтіріп, бастығының кабинетіне енгенінде ол әлдекімге екілене сөйлеп жатыр екен.

— Аштық келіп, қолына түскенін жеп жатса, біз не істей аламыз? Ол науқастың бойында вирустық немесе бактериялық кесел жоқ, дімкәстікті жүйке жүйесінен іздеу керек. Біз стратегиялық маңызды жобамен айналысып жатырмыз, бара алмаймыз. Ол пациентті өзге мамандарға көрсетіп, солармен ақылдасу керек.

Тұтқаны орнына қойды да:

— Осылар қызық, — деп басын шайқады. — Кешегі институт директорының орынбасары Сәбит Мұратұлы, «тағы да келсеңіздер, ана миллиардер аштан өлердей бәрін жалмап, жеп жатыр» дейді.

— Түсінбедім... — Заузаның көзі бағжаң етті.

— Иә, иә, тура мағынасында. — Профессор мұның бетіне ежірейе қарады. — Тойғанын білмейді дейді. Карантин күшіне енбей тұрып, әйелі, көмекшілері бүгін шетелге ұшақпен әкетпек екен.

— Жаман, жама... беті аулақ...

— Адам түсінбейтін, бұрын жоқ нәрселер өрбуде ... — Зертхана меңгерушісі сәл бөгелді де, — жарайды, оны қойшы, — деп, қолын бір сілтеді. — Ақшасын төлегеннен кейін жандары шығып барады ғой. Өз шаруамызға көшейік. — Профессор Заузаға сұраулы кепте қарады.

— «Дофокси» генетикасын вирустық сипатқа әкелдім де жылқы тұмауының молекуласымен мутант жасадым. Сонда ол вирус ретінде ауада да, өзге де материалдың үстінде тарауы тиіс. Енді лабораторияда осы алгоритмді сынақтан өткізіп көру керек. Бәрі сәтті шықса, біз індетті жеңеміз.

— Теорияң дұрыс, практикада қалай болады екен?

— Көреміз...

IV

Жұмысының сәтті жүріп жатқандығынан ба үйге көңілді оралды. Ішке енгенінде зал жақтан Санаттың бұйра шашы көрінді.

— Шаршадың ба, қымбаттым?

— Иә, күні бойғы жыбыр-жыбыр қозғалыстан, лабораториядағы шлем мен маска тұмшалаған қапырық ауадан қалжырайсың.

Күйеуі антисептикті әкеп, алақанына құйды.

— Мен кешкі ас әзірледім, бірақ білмеймін...

— Нені білмейсің?

— Дәмін... қалай шыққанын...

— Қарыным ашып келді, не берсең де ішемін.

— Онда ас бөлмеге келе ғал.

Екеуі тамақ ішті. Әзірлеген кеспесі дәмді екен.

— Менің қыранымның қолынан келмейтіні жоқ. — Келіншегі күлкі араластыра, еркелете тіл қатты.

— Қойшы, мені бұрынғы жігітіңнен артық көрмейсің.

Заузаның жүрегіне біреу біз сұғып алғандай әсер етті. Күйеуінің өңіне жалт қарады. Ол көзі бозарып, сазара қалғандай көрінді.

Санатқа тұрмысқа шыққанша сол адаммен өмірі жарасып еді, табаны күректей төрт жыл қатар жүрді. Өкіндіретіні — қосылмады, бармағын шайнататыны — алғашқы нәрестесін алдырып тастады. Соның кесірінен қайта сәби сүйе алмай, Санат екеуі соқа бастары сопиып келеді. Осының бәрін енді күйеуі мына сөзімен бетіне басып отыр.

— Ел құлай