22 Желтоқсан, Жексенбі

Ақын-жазушылар

Әділбек Ыбырайымұлы

Әділбек Ыбырайымұлы (18.4.1965 жылы туған, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылы) — ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (2001).

Автор туралы


Әділбек Ыбырайымұлы (18.4.1965 жылы туған, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылы) — ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (2001).

Қазақстан жастар одағы сыйлық лауреаты (1997). 1990 жылы ҚазМУ-ді бітірген. Еңбек жолын "Лениншіл жас" (қазақша "Жас Апаш") газетінде тілші болып бастады. 1994-96 жылдары "Заман-Қазақстан" газетінде, 1997-98 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ақпаратгық талдау және жоспарлау басқармасында, 1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінде, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінде жұмыс істеді. 2001 жылдан "Қаз-Транс Ойл" ЖАҚ-ның баспасөз қызметінде. "Пір мен пырақ" (1997), "Көктемсіз жыл" (1998), "Ақ-кекіл" (2001) жыр және хикаят-әңгімелер жинақтарының, "Адам-айуан" (1999) романының авторы.

1965 жылы 18 сәуірде Алматы облысы Ақсу ауданының Қызылағаш ауылында туған. Ол 8 жылдық Қапал мектеп-интернатында тәрбиеленіп, 9-10-шы сыныпты Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепте бітіреді. Отан алдындағы борышын өтеп қайтқаннан кейін С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. 1990 жылы «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетіне жұмысқа тұрды. Өмірдің әр саласынан мақала, очерктер жазып, тілшілік кәсіптің қыр-сырын тереңірек ұғынып, жорналшылыққа мейлінше машықты. Әрі публицистикамен қатар әдебиетшіліктен де қол үзбеді. «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында өлеңдері жарияланды. 1994 жылы «Матай» инвестициялық жекешелендіру қоры басқармасының орынбасарлығы лауазымына бекітілді. Ал, 1996 жылы кәсіби мамандығына қайтып оралып, қазақ-түрік халықаралық еркін басылым: «Заман-Қазақстан» («Қазақстан-Заман») газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Келер жылдары мемлекеттік қызметке қабылданып, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ақпараттық талдау және жоспарлау басқармасының екінші хатшылығына тағайындалады. Араға шамалы уақыт салып, бірінші хатшылыққа көтеріледі. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрінің баспасөз хатшысы міндеті жүктеледі. Көп ұзамай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі төрағасының баспасөз хатшысы болады. Осы аралықта Қазақ мемлекеттік заң университетін бітіреді.

Кейіннен мемлекеттік мұнай тасымалдау компаниясы - «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамында менеджер, бас менеджер; «Мұнайлы ел» журналының бас редакторы; «Астана қ. телевизиясы» жаңалықтар қызметінің продюсері; «Рауан» баспа үйінің бас директоры - «Нұр Астана» газетінің бас редакторы; «Астана қ. телевизиясының» бас редакторы қызметтерін атқарады.

2009 жылы сәуірде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінде Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымына тағайындалады. Бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің инспекторы.

Ол - Қазақстан Жастар Одағы мен Журналистер одағының бірлесіп, журналистика саласына тағайындаған Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының иегері. Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының және Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты.

Шығармалары

Мерейлі мекен. Ұжымдық жинақ. А., «Жалын», 1992 ж.;

Жігіттің үш жұрты. Ұжымдық жинақ. А., «Қайнар», 1994 ж.;

Пір мен пырақ. Жыр мен дастан жинағы. А., «Шартарап», 1996 ж.;

Көктемсіз жыл. Жыр жинағы. А., «Шартарап», 1997 ж.;

Адам-айуан. Роман. А., «Жазушы», 1999 ж.;

Ақкекіл. Хикаят пен әңгімелер, А., «Сөздік-словарь», 2001 ж.;

Ұяластар. Роман. Аст., «Фолиант», 2005 ж;

Сүмбіле шуағы. Жыр кітабы. А., «Қазығұрт», 2011 ж

Автордың туындылары