Әдебиет
Әділ Балта
Әділ Балтабай (01.05.1949 жы Қарақалпақстан, Мойнақ ауданы, «Әли ауыл» поселкесі - 2009 жыл, Алматы) - ақын, журналист.
Алмас қылыш, ақымақ хан және тазша бала
Ертеде жауыздығы шексіз бір хан болыпты. Талай жанды жазықсыз қорлап, қан қақсатыпты. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс екен. Қол астындағы қара халық әділет іздеп зар илепті.
Ханның қайда жүрсе де жанынан тастамайтын, көзінің қарашығындай көретін өткір алмас қылышы бар екен.
Бір күні әлгі алмас қылыш байқаусызда ханның қолын кесіп кетіп, қанын судай ағызыпты. Ашуланған хан нөкерлері мен уәзірлерін жинап алып:
— Талай жыл жанымдағы сенімді жолдасым еді. Алмас қылышты тастай салуға көзім қияр емес. Кәне, бұған қандай жаза бар? — депті.
Уәзірлердің үлкені орнынан тұрып:
— Уа, құдіреті күшті хан ием, Сізге істеген ауыр күнәсі үшін оны он жыл қапас зынданға қамап, азаптау керек. Тот басып шіріп, өзі-ақ жоқ болады, — деп ханға тағзым етіпті.
Отырғандар бас уәзірдің сөзін бір ауыздан мақұлдапты.
Ханның қолы да жазылып, күнде серуен, күнде тоймен көңілді жүріп жатыпты. Көзді ашып-жұмғанша он жыл да өтіпті. Бір күні баяғы алмас қылышы есіне түскен хан:
— Барып көріңдерші, — деп әмір етіпті.
Алмас қылыш сол күйінше қылпып тұр екен.
Ашуланған хан:
— Кәне, мұнан тезірек құтылудың жолын айтыңдар, әйтпесе осы қылышпен бастарыңды алам, — деп жанындағыларды қаһарлы көзімен ата қарапты.
Ақылшы қырық уәзірдің құты қашып, еңселері түсіп кетіпті.
— Құдіретті ханым, — деп бір кезде екінші уәзір жасқана орнынан тұрыпты. — Отқа әбден ұстап, суға салып көрейік. Қайтер екен?
Хан келісіпті. Алмас қылыш үш күн от ішінде, үш күн су астында жатса да өңін бермей, бұрынғы күйінде қылпып тұр екен.
Хан да, уәзірлері де енді не істерін білмей дағдарысыпты. Ақыры, олардан үміт үзген хан амалсыз халыққа:
— Кімде-кім менің қолымды кескен алмас қылышқа ойымнан шығатындай жаза тапса, ат басындай алтын берем. Жазасы ойымнан шықпаса, басын алам, — деп жар салдырыпты.
Небір қарны жуан билер де, әшейінде данышпансып, кеуде соққан қасқа бас әкімдер де әрі ойланып, бері ойланып, еш амал таппапты.
Күндердің бір күні үсті-басы алба-жұлба, көз ашқалы қой соңында жүрген Тазша бала ханның алдына келіп бас иіп, тағзым етіпті.
— Дат, тақсыр!
— Айтарың болса айт! — депті хан.
Тазша бала хан алдында жатқан таза құрыштан құйылған өткір алмас қылышқа қарап тұрып:
— Құдіретті хан ием! Бұның бірден-бір жазасы — асханаға беріп, қара жұмысқа салу, — депті.
Сөйтіп, алмас қылыш асханадан бір-ақ шығыпты. Аспазшылар онымен ет турап, сүйек шауыпты, қамыр кесіпті. Нендей ауыр жұмысқа салса да, алмас қылыш бұрынғы қалпынан қайтпайды. Қайта күннен-күнге шынығып, бұрынғыдан да жарқырай, шырайлана түседі.
Ашулы хан Тазша баланы алдына шақыртып алады.
— Мені алдағаның үшін енді сенің басыңды алам, — дейді хан.
Тазша бала саспайды.
— Уа, құдіретті хан ием! — дейді Тазша бала. — Сіздің алмас қылышыңыз еш қоспасы жоқ таза болаттан құйылған екен. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» дегенді білуші ме едіңіз, болатты жаза кесіп, қорқытам деу — ақымақтық. Ол иілмейді, иілсе сынады. Оның бірден-бір жазасы — сындыру еді. Өйтуге көзім қимады да, аз да болса, халыққа пайдасы тисін деп, қара жұмысқа салғаным сол еді. Айтып болдым, ал енді не істесеңіз де ризамын, құрметті хан ием! — деп Тазша бала хан алдына бас иіпті.
Ойланып қалған хан Тазша баланы өлтіруге қолы бармай, ат басындай алтын сыйлап, шығарып салыпты.