Әдебиет
Әдібай Табылды
Әдібай Табылдиев (1926 ж.т.,) – ақын, жазушы, драматург, педагогика ғылымдарының докторы (2005), профессор (2005)
Қаскүнем қасқыр мен батыр қоян
Қатысушылар:
Қасқыр
Қоян
Кірпі
Барыс
Түлкі
Иттep
Орман алаңы. Қоян бір нәрсеге тесіліп қарап тұр. Қасқыр аңдып келіп, ұстай алады.
Қасқыр. Арр! Енді не амалың бар? Тұтылдың!..
Қоян (сескенбей). Қоя тұршы!
Қасқыр. Ал «қоя тұрайық!..»
Қоян қаша жөнеледі. Олардың алдынан бірнеше ит абалап шығады.
Қасқыр. Ей, қоян! Өле аямай жүрсің бе? Ей, иттерге қарсы қашпа! Өзің де құрисың, мені де оңдырмайсың! Ей! Әй!
Қоян. Батыр болсаң, тайсалма! Қор-р-р-қ-а-а-ақ!
Қасқыр. Қорқақ емеспін мен! Қорқақ – сенсің.
Қоян иттердің арасымен қашып кетеді, иттер қасқырға тaп беріп, оны ұстап алмақшы болады.
1-ит. Тарт таңынан.
2-ит. Құлқыны жаманның құйрығын жұл.
3-ит. Шабынан тістеп, шалқасынан түсір.
Қасқыр. Ой-бай! Әр-р-і ке-ке-кетіңдер! Аррр! Менде не қақы-ларың бар?
1-ит. Қара ниет қасқыр, қара албасты басқыр!.. Ұста, басын тасқа ұр!
Қасқыp. Тиіспе! Тұмсығыңды бұзамын!
2-ит. Басқа ұр! Састыр! Алдынан шық!
3-ит. Алып соқ! Таңын жырт! Құрт!
Қасқыр сахнадан қашып өтіп, екінші жақтан қашып құтылып келгені көрінеді.
Қасқыр. Ақ төбеттің аузын-ай! Көк төбеттің көзін-ай! Қоянға қоқаңдаймын деп жүріп, өзім өле жаздадым. Арр! Ой-бай! Жүрегім-ай! Өкпем өшіп, жүрегім алқынып кетті ғой!
Төбенің басынан Қоян көрінеді. Ол Қасқырды келеке етеді.
Қоян. Қасеке! Қалай! Халің жақсы ма? Хи-хи-хи! Ки-ки-ки! (Мұрнын тартып, тілін шығарып, құлағын салбыратады.)
Қасқыр. Ке-ке-келеке етсең, керік бол! Мен саған көрсетем! Құртам! Қаныңды жұтам! Соям! Жоям! Қаныңа тоям! (Жүрегін ұстап) Ой-бай! Жүрегім-ай! Шешек келгір, шекілдеуікше шағармын сені! Ой-бай! Арр! Менде не әкеңнің құны бар! Қап! Қазір жетіп, желкеңді үзермін! (Қуа жөнеледі.)
Қоян.
Қасқыр, қасқыр, қасқырсың,
Қақпан тілін басқырсың!
Мерген атып, састырсын!
Табаныңды тас тілсін! (Қаша жөнеледі.)
Қасқыр қоянға жете алмай, болдырып, сахнаның екінші жағынан шыққанда, алдынан Барыс шығады.
Барыс. Ей, Қасқыр, амансың ба? Қоянға қоқаңдағаныңды қойдың ба? Қастекі ниетіңді жойдың ба?
Қасқыр. Аһ! Оһ! Уһ! Сәлем, Барыс аға! Өзіңіз де өркөкіректеніп, өрге тартып жүрсіз. Тауешкілер мен арқарлардың алқымынан алуды қойған шығарсыз?!
Барыс. Әй, Қасқыр! Сенің қара ниеттігің қалмаған екен! Мен саған ұқсап, өмір бойы бір айуанның соңына түсіп, қастандықойлап, қасарыспаймын. Қоян бейшараның не жазығы бар еді? «Әй» десе, тап беріп, сорлының жүрегін ұшырып, өлтірерсің түбінде.
Қасқыр (мақтанып).
Мен Қасқырмын, Қасқырмын!
Қоянды бір састырдым.
Соғып алам түйені,
Соғым етем биені! (Билейді.)
Барыс. Әй, Қасқыр! Сен қорқақ қоянды сескендірдім деп, секеңдеме!
Қасқыр. «Қорқақты қуа берсе, батыр болады» деген рас екен. Қоян қазір қорқақ емес.
Барыс. Ол қорқақ болмаса, неге қашып жүр?
Қасқыр. Ол қашқансып, мені мазақтап жүр... Ызам келіп, зығырданым қайнап, «інфарк» болатын болдым.
Барыс. «Інфарк» деген не тағы да? Іннің ішінде де парк бола ма?
Қасқыр. Адам баласынан ақылдымыз ба? Солар әлгі жүрек алқынып, ыза қайнап, кек кернеп кеткен сәтті «ауру» деп тауып-ты ғой. Сол аурудың аты «інфарк» деп естідім. Мен де талай рет сондай сойқан ауруға ұшырадым. Оған кінәлі – қоян! Жеті қат жер астына түсіп кетсе де, оны ұстап, желкесін қиямын! Арр! Кекетеді мұндар! Кегім бар!
Барыс өзін-өзі тоқтата алмай, ішек-сілесі қатып күледі.
Барыс. Ойбай, шегім! Өлтірдің!
Қасқыр. Неге күлесіз, Барыс аға?!
Барыс. Қоян сені қатырған екен. Өзіңе обал жоқ. Қоянды қудалағанды қашан қоясың?
Қасқыр (ызаланып).
Қылыштай азу тісім бар,
Қырып-жояр күшім бар.
Қарнын жарып Қоянның,
Қан-жынына тоямын.
Барыс. Әй, Қасқыр! Мен тұрғанда, сен Қоянға әкіреңдеме! Ақсиған азу тістеріңді қағып аламын, білдің бе? Ол – менің жиенім... Жиенім үшін күйемін!
Барыс Қасқырдың желкесінен бүріп алғанда, ол жанұшыра жалбарынады.
Қасқыр. Айналайын, Барыс-еке, басекем! Рас, аңға қас екем! Қоянға қоқаңдағанды қоямын! Қастандық мінезімді жоямын! Арр! Менде де намыс барр! Тарттырма зарр! Арр!
Тау жаңғырта сықылықтап күліп, қоян келеді.
Қоян. Aha! Азулы айуан! «Тістімін, күштімін!» деп, кеуде қа-ғып, кердеңдейсің... «Көп асқанға – бір тосқан» деген осы!..
Қасқыр. Айналайын Қоян! Айуандықты қоям!.. Ағаңызға айтыңыз. Менің жалғыз жанымды қинамасын... Ойбай! Желкем үзіліп, қабырғам қирамасын!
Қоян. Нағашы! Қасқыр маған жалынып, сізге бағынып тұр... Босатыңыз, айтқанымды істетіп, алдыма салып, айдап алайын, кәне!
Қасқыр. Мен – сенің құлыңмын, қоянжан!
Барыс. Ақылдым! Айтқанын істе батырдың. Өзіңе де жан керек шығар?! (Түртіп қалады.)
Қасқыр. Ой-бай! Не бұйырасың, қоянжан-ау!
Қоян. Жаныңның барында, тез бар да, маған он сәбіз әкел! Бар!
Қасқыp. Мақұл! Айтқаныңды істейін, айдауыңа көнейін! Сәбіз әкеп берейін.
Қасқыр қыңсылап кетеді. Барыс пен қоян күліп қала береді. Сахна өзгеріп, кең даланы кезіп келе жатқан Қасқырдың алдынан Түлкі шығады.
Түлкі. Иә, Қасеке! Қайдан келесің қаңғырып?!
Қасқыр. Айналайын, алтайы қызыл түлкі. Маған көмек бер...
Түлкі. Е, не болды саған? Аш күзендей бүгіліп, арлан жаннан түңіліп, мәнісің кетіп, мәнжубас болыпсың ғой өзің...
Қасқыр. Менің ақылым айран болды. Барыс екеуіміздің арамызда майдан болды. Ол озбыр мені қоянға бағынышты етіп қойды. Енді қоянның қалаған асын таба алмай, тарынып жүрмін.
Түлкі. Қорқақ қояның есірейін деген екен. Ол не қалайды, сонда?!
Қасқыр. Он сәбіз әкел деп, әлегімді шығарды... Мен «сәбіз» дегеннің атын білсем де, затын білмейтін бейбақпын... Айла тауып, ақыл бер мендей сорлаған, сормаңдай досыңа.
Түлкі (мақтанып).
Алпыс екі айлам бар,
Ақыл салсаң, пайдам бар.
Қасқырға достық істеймін,
Қастандық жолға түспеймін!
Қасқыр. Қоян қорлап, мені зорлап, «сәбіз әкел» дейді... Сәбіз дегенің қандай мақұлық өзі?
Түлкі. Сәбіз дегенің «мақұлық» емес, ол – көкөніс. Кірпіге айтсам, ол сәбіздің алуан түрін тауып береді.
Қасқыр (бұйыра сөйлеп). Кірпіге мені жалындырма, өзің барып, арызымды айт, мен үшін ор Қоянға он сәбіз жеткізсін.
Түлкі. Ашуыңызды басып, апанда жата тұрыңыз. Мен тапсырмаңызды тастай қыламын, отағасы...
Сахна өзгереді. Түлкі Кірпіге келеді.
Кірпі. Түлкіжан, аман ба? Суыт жүрсің ғой сусылдап. Не болып қалды?!
Түлкі. Қоян досыңа Қасқыр жақсылық істеп, саған жарлық берді. Оған он сәбіз жеткіз.
Кірпі. Қастекілік жасаған Қасқырдың жарлығын орындамаймын, сенің өтінішіңді...
Түлкі. Айналып кетіп, садағаң болайын, Кірпіжан! Мен үшін бір жақсылық жасап жібер.
Кірпі. Мақұл! Мен қоймадан қоянға қалаған асын жеткізейін.
Түлкі. Айналайын, Кірпіжан,
Аймалайын тұрқыңнан!
Танауыңнан сүйейін,
Тағзым етіп, басымды иейін!
Кірпі. Жә-жә! Болды! «Танаудан сүйгішін». Білем сенің де қу-лығың мен сұмдығыңды. Бірақ мен тек жақсылық істеймін. Қоян-ға қызмет ету – мен үшін қуаныш! Ол өйткені ақкөңіл, адал дос.
Түлкі (қылмаңдап). Менің де ойлағаным – жақсылық. «Қулық та ақылдан шығады» дейді екен адамдар...
Кірпі. Жә-жә! Жарайды, «данышпаным». Мен Қоянға кеттім.
Түлкі. Сөйт, досым! Қоянға «сәбізді Қасқыр бастық жіберді» деп жеткіз. Жаным аман болса, жақсылығың жерде қалмас, Кірпіжан!
Кірпі. Жә-жә! Сенен жақсылық күтпей-ақ, өз жақсылығымды істей берейін.
Сахна өзгереді. Музыка. Кірпі мен қоян құшақ жайып, қуаныса, бір-бірін қарсы алады.
Қоян. Сәлем, Кірпіжан! Амансың ба? Денсаулығың жақсы ма? Балаларың аман ба? Сағындым ғой өзіңді.
Кірпі. Қоянжанға сағынышты сәлем!
Қоян. Мынауың не? Көңілімді тауып, көп сәбіз әкепсің ғой.
Кірпі. Қызық болды... Қасқыр Түлкіні жұмсапты, маған бұйрық беріпті.
Қоян. Ол қандай бұйрық? Осы озбыр обырлар төрешілдікпен төбемізге шыққанды қойып еді ғой.
Кірпі. Қасқыр «он сәбіз жеткізсін» деп маған бұйырыпты. Міне, сол «бұйрық» бойынша саған «он сәбіз» әкеп тұрмын.
Қоян. Маған сәбізді қасқырдың өзі әкелуге тиіс еді ғой. Бұл қалай? Барыс басын жұлып алады.
Кірпі. Қызық болсын. Сен сәбізді қабылда, мен жұқа шүберек-тің астына бүк түсіп жатайын. Қасқыр келгенде, «бастық, міне, жастық» деп, оны менің үстіме отырғыз.
Қоян(шек-сілесі қатып). Хи-хи-хи! Ки-ки-ки! Ой, шегім-ай! Мақұл, солай болсын. Әкіреңдеген әумесер «әкесін» танысын бір...
Кірпі шүберектің астына жасырынады. Қоян сәбіз жеп, көңілденіп отырғанда, Қасқыр келеді.
Қасқыр. Қоян десе – ноян дос! Тамағың – тоқ, көңілің – қош! Өзіңе бағынамын! Бір минут бейнеңді көрмесем, сағынамын!
Қоян. Тұра тұршы. Әуелі сәбізге тойып алайын.
Қасқыр. Саған өлгенше қызмет етуге ант беремін! Сені жақсы көремін! Әкел қолыңды!
Қоян (серттесіп).
Әс-бәс, қара тас,
Жауыз болу жарамас.
Аңдығанның асын кеш,
Алдағанның басын кес!
Қасқыр. Міне – жаным! Міне – иманым! Осы антыма иланғын! Келші бір құшақтап, құшырлана сүйейін.
Қоян. Қасқыр! Барыс жоқта батылданып барасың. Мені «құ-шырлана сүйемін» деп, сонда не істемексің?
Қасқыр(тaп беріп). Жаным! Бұзылып тұр қаным! He дейін... Мен сені жеймін!
Қоян. Басынбағын! Жесең, қасыңдамын! Енді қашпаймын! Тойып семірейін біраз. Оған дейін бастық, әне жастық, отырып, ес алып, күш алып, мені жеуге дайындалыңыз.
Қасқыр. Міне, «батырым», сенің ақылың бар. Мейманды осылай күтіп алу керек. (Қасқыр «жастыққа» отыра беріп, ойбай салады.)
Қоян. Мен қашпаймын. Қолымнан ұстап, айрылмаңыз. Отырыңыз былай.
Қасқыр(отыра беріп). Ой-бай! Ойып кетті! Сойып кетті! Ой-бай! Жүрегім! Жарыл-ды! Өл-дім! Арр! (Өледі.)
Қоян. Жойылсын қастандық! Жасасын бостандық!
Музыка. Кірпі қол соғады. Жұрт қол соғып, Қоян мен Кірпіні құрметтейді.