Әдебиет
Дүкенбай Досжан
Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.
Пілмен күресу
Тек — үзілмейді. Кісі қаза болған кезде кеудедегі жан ұшып мөлдір әлемге айналады, басқа кейіпке енеді, өзге түрге ауысады, әйтсе де мәңгі бақи ұшты-күйлі жойылмайды деген сөз бар. Будда монахтарының мың жылғы көн кібатының ізімен «Дүниенің жеті кереметі» деген кітап жазған Николай Рерих: «Жан адамның денесінен бөлінген соң әуелі тәнді тастап шығып, мөлдір әлемге айналады, мөлдір әлем адамдарды, табиғатты сезінеді, көреді, керісінше — кісі әлгі мөлдір әлемді көре алмайды... жылдар өте, уақыт жылжи ғайыптың күшімен әлгі мөлдір әлем отты әлемге айналады... миллион-миллион жылдардан кейін әлгі отты әлем тағы құбылып метаморфозаға түсіп, сыртына басқа бөтен ағзаны иеленіп, қайыра жан иесі — адам болып дүниеге қайта айналып келеді», — дейді. Қысқасы, жан үнемі бір трүден екінші түрге алмасып, қайталанып, дүние тіршілігін шырқ айналып дөңгеленіп жүреді. Сонысымен мәңгілікке ұласады дейді. Жанның биологиялық сапасы — тек көрінеді. «Тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан» деген сөздер, бәлкім, ілкіден келе жатқан көне ұғым.
Оразгелді қиналған, я болмаса қапаланған кезде ескі бір әңгіме есіне оралады. Әкесінен естігені жадында тасқа басқандай жатталып қалыпты. Кісінің жас кезіндегі жады мықты екені рас.
Әкесі кешегі күндері құйқылжытып айтып берген оиға төмендегіше:
Оразгелдінің нағашы атасы жігіт шағында тарамысына ілінген арық, абажадай сүйекті, жауырыны жерге тиейтін балуан болған көрінеді. Отызға дейін үйленбепті. Алдына мал бітпеген, мініс атын, үстіндегі киімін ғана түзеген, ел-елді аралап серілік құрған, той-жиын десе ішкен асын ысырып қойған, морт мінезді, біртоға жігіт болған көрінеді. Жаз ауа, күзге салым малдың жілігіне май бітіп, толысқан шағында елдің үлкендері Бұхарға мал айдайтын үзілмейтін үрдіс салт бар көрінеді.
Бір жағы, сауда жасап, айдап барған малын пұлдап, елдегі бала, әйел, жұрағатына киім, қысқа жетер азық-түлік алады, екінші жағынан, сол заманда батыс пен шығыстан ағылып келіп өнер көрсетіп, халықты қызығына қарық етіп жататын түстігі Әнді, Мысыр, терістегі Бұлғар, Алтын Орда хандығының қызығын көріп қайтуға ұмтылады білем. «Мал айдас, Бұхардың қан базарынан қызық көресің» деген ауылдастарының сөзін жерге тастамай, Құдайберген нағашысы көлігін сайлап, жол азығын қамдап жерлестеріне ілесіп, күндердің-күні жолға шығады. Қызылдың құмын көктеп өтіп, Тұран ойпатының кіндік тұсында халықтың көптігінен ортасы шүңейттеніп жатқан Бұхарға дейін алты қонып, ат тұяғы күйген шөлден басып, құс қанаты талған тауларды айналып өтіп, жетінші тәулікте үлкен қаланың қақпасына маңдай тірейді. Қақпа алдында мұздай қаруланған күзетші сарбаздарды көріп шошып қалған. Әйтсе де сұсты немелер қабағын түйіп қарағаны болмаса, ләм деместен тас мүсін қалпы тұстарынан өткізіп жібереді. Кейінше білді, қақпа алдына жауатын нөсер бұлтындай түнеріңкі күзетші қою баяғы Әмір Темір заманынан қалған салт екен: алыстан үздігіп жеткен жолаушыға сес көрсетіп, әрі көне қаланың сұсты салтанатын арттырып тұрсын деген үрдістің жалғасы болар бәлкім.
Қалаға төрт түлік малдың неше атасын айдап келгені болмаса, бұлар — Қазығұрт қойнауынан сіңірін созып шаршап-шалдығып жеткен қазақтар — былайғы жерде шөп басын сындырмады десе де болады. Жаланып қарсы алдынан шыққан делдал дегені малын айдасты... базарына жөн сілтеді... сатып алушымен мәмілеге келді... тіпті қона жататын тәкия жайды солар тапты; жамбас пұлына дейін солар келісті. Көлеңкелі сыз тамда аяқ созып, жан шақырып жату жайына қалды.
Неге екенін кім білген, әйтеуір қалада үлкен дүрлігіс. Көшені керней шалған ала тақиялылар басына көтеріп, даңғазалап еш ұйықтатпайды. Еріксіз құлақ салады.
Әрісі Мысыр, берісі Бағдат, түстігі Үнді, шығысы Қашқар жұртынан мына Бұхарға жауырыны жерге тимеген, білегіне сенген, айтулы балуандар жиылып жатыр деп естіді. Үш жылда айналып соғатын балуандық сайысы осы екен. Жұрттың аузына қарасаң — ас батпайды, делебең қозады, сүйегіне қорғасын құйылғандай сезіледі. Несін айтасың, ұйғырдың түйе балуаны Мысырдың жолбарыс алған балуанын басынан асырып, шырқ үйіріп, жамбасқа алып тастап жібергенде, ақ топырақ лайға айналыпты деседі; қала әмірі төрткүл дүниеден жиналған жампоздардың бағы жанып, бас балуан атағын алған кісіге етегін жел ашпаған Исфахан аруын бас етіп, жасауымен тоғыз түйе тігіпті деп даурығысады.
Қазығұрттан мал айдап жеткен, бұлшық еті білеуленген Құдайберген әлгіні есітіп, «бағымды сынап көрсем қайтеді!» деп іштей толғанады. Ойлана-ойлана отырған орнынан тұрып кете жаздайды. «Болмас, болмас, әдейілеп ат арытып жеткенде, жамбасымыз тесіліп жата бермей, барайық... көрейік... кереметін елге айтып жеткізейік!..» деседі жерлестері. Азық-түлігін, сусынын қамдап, айналасы ат шаптырым, ортасы шүңейт, қос қапталы кісі отыратын жарлауыт түйе жон етіп жасаған текпішекке аяқ іліктіреді, малдас құрады. Бас айналып, көз қарауытқан балуан сайысына назар салады.
Шүңейттегі орталық алаңға шым төсеп, су сеуіп көгін өсіріпті, шаң шықпайды.
Бұлар балуандық сайыстың соңын ала жетіпті. Құдай басқа салмасын! Ұйғырдың жалпақ жауырын, балтыры жүнді, жүрек жұтқан балуаны белдескенді шыдатпады. Небір әбжіл, қылыштың жүзінен өткендей, домаланған доптай араб күштісін көп аңдысып, шап беріп ұстап иығынан асырып домалатқанда бар ғой... Әлгі мықты мықынын басып тұра алмай қалды. Білегі келсаптай үнді балуаны алаңға ойнақтан шықты, келсап қолын үйіріп ойнап жүрген бала секілденді. Ұйғырдың түйе балуаны қапы қалды... Әлгі неме айналып соғып, келсап қолымен жанды жеріне перді келіп, перді келіп. Ұйғыр балуаны жүгі ауып шөккен түйеге айналып, тізесін басып тұра алмай, ақырында кескен томарға айналды. Келсап білекті үнді балуаны алаңды айналып, ақырып-шақырып біразға дейін ойнақтап жүріп алады.
Кернейші кеңірдектеп, құлақты жарады.
— Кәнекей, кім бар шығатын! Үндінің Әбжылан балуанын жыққан кісі бас жүлдеге ие болады!
Алып алаң тым-тырыс, жұлқынып шығар жүрек жұтқан шыға қоймайды.
— Әбжылан балуанға бас жүлдені беріп қойып, омалып отыра береміз бе-ей, қазақ, өзбектер!
— Қане, кім бар белдесетін!
Маңай тұнжырған қалпы. Мына отырған Құдайберген орнынан көтеріліп кетеді, ыза буып, қан құйылған жанары ештеме көрсетер емес, «мен шығамын» дейді иығынан түйе жүн шекпенін сыпырып. «Әй, жігітім, қабырғаң күйреп майып боласың!» — дейді жерлестері; «Қарап жүріп елге өлігіңді арқалап қайтпайық!», «Қара көз кәнизәгі де, тоғыз бастатқан бәйгісі де әдірам қалсын-ай!..» Құдайбергеннің құлағы тарс бітеліп қалған, жын иектеді ме, әлде ыза көтерді ме, өзі де білмейді, теңселіп алаң ортасына жылдам басып жетіп барды.
Арық атандай сидиып алаңға шыққан ұзынтұра жігітті көріп, келсап жұдырық, әбжіл жыланға ұқсаған үнді балуаны шықылықтап кеп күледі. Күліп жүріп алаңды айнала жүгіреді, басынан асып аунап түседі. Бапкер жігіттер Құдайбергенді баптап-шаптап дегендей, біразырақ бусандырып алып, бұйда тізгінін сыпырып, әлгі немеге қарсы қоя бергені.
— Алла-а-ай!-деген Исфахан аруының шыңылдыр үні еріксіз шығып кетеді.
Әуелгіде Құдайберген аңысын аңдып біраз жүрермін деп ойлаған, допша домалап үнді балуаны бірде оң жағынан, келесіде сол жағынан шығады. Үйіріп соғар келсап жұдырыққа түсіп қалмауды ойлады. Әлгі жұдырық тиген жерін қаусатары анық. Есіне құба жонда бәйге атымен қасқыр қуып, тобылға сойылмен соғып алған айласы түсті. Әбден шаршаған арлан ағызып келе жатқан аттың екі жағына кезек аунап, айла жасап, сойыл дарытпайды, сондайда тек алдаусырату қажет. Оң қапталдан зу етіп өте берген қарсыласын қармап әуре болудың қажеті жоқ, шырқ айналып, сол қолымен тұзақ жасап бүгіліп қап, үндістің балтырынан шап берді. Шалқасынан түсірді. Әлгі неме іштен перді. Кіндік тұсы түйіліп тізерлеп барып бойын қайта түзеді, қарсыласы бұлт етіп шығып кетті. Жамбасына ала алмай қор болды. Ойнақтаған орға түсер дегендей, ойнап жүрген әбжіл неме қайыс білекке қайта қармалды. Құдайбергеннің қара күші жамбасында болатын, ойда жоқта жамбасқа түскен үнді балуаны шырқ үйіріліп, шәңбірек атып аяғы аспаннан келді. Бойын тіктеп түрегелген мезет жойқын жамбасқа және түсті және жер құшты, аяқ астынан есеңгіреп қалды. Жеңіс Құдайбергенге бұйырды.
Терістіктен, шығыстан келген қазақтар «а, құдайлап» өре түрегелді.
Түстіктен келіп жеткен қазанның түп күйесі секілді үндістер, ауғандар, пұштындар уәж сөзге тоқтамай ерегісе көтерілді: «Жоқ, жеңісті қолдан бермейміз!» десті... «Қазақ палуаны күшпен жеңген жоқ, қайдағы-жайдағы тәсілді қолданып айла асырды» десті... «Өлсек те, тыриған арық қатпаға бәйгіні бере алмаймыз» десті. Дау шықты, жұрт дүрлікті. Төбелес туып кете ме деп қала әмірі қобалжыды.
— Сонда не қыл дейсіңдер?
— Қазақ балуаны мықты болса, пілмен күрессін. Әлгі үнді балуаны белін ала алмай жатыр. Соның үйретілген үйдей пілі бар, сол пілді жеңсе, сөзге тұрамыз, — деседі қарсыластар, — жеңе алмаса, бәйге бізге бұйырады.
— Ендеше, қазақ балуаны пілмен күрессін, — деп қала әмірі пәтуа жасайды, — күні ертең осы алаңда кездесетін болайық, сәске түсте, белдесуге шықсын!
Қала әмірінің айтқаны — заң. Әп-сәтте күні ертең, сәске түсте қазақ балуаны үйдей үлкен пілмен күреседі екен деген сөз күллі қаланы шарлай жөнеледі. Естіген жұрт қарадай үрейленеді, тәубаға келеді. «Мұнысы несі? — деседі, — қазақпен кәдуілгі адамша белдесетін күштісі құрып қалды ма, бұты бөренедей алпауыт хайуанмен қалай белдеседі?!» Жаны ашып, жақсы сөз айтып жұбатып жатқандары бар. «Өлмесе, өмірем қапсын-ай» — деп қолын сермелеп, сәске түсте қан майданды көруге асығатындар қаншама?! Тәкия-жайға келіп, көк шәй ішіп, кірпігі қимылдап отырған Құдайбергенге ақыл айтушылар табылды. «Қала сыртында, пәлен деген жерде, түгенше деген жүз жастағы кәрия бар, өмірінің жартысын Үндістанда жалшылықта өткізген, бір білсе — пілдің жайын сол біледі, барып кеңес сұра», — деп әлгілер жол сілтейді. Жазған құлға дауа жақ, Құдайберген орнынан тұрып, түйе жүн шекпенін киіп, көше-көшені кезіп, әлгі шалды іздеуге шығады. Іңір үйіріле қала шетінде, жертөледе үңірейіп отырған әлгі шалды тауып алады. Сәлемдеседі. «Осылай да осылай, өмірден көргеніңіз көп, ертең сәске түсте «пілмен күресесің» деп, қала әмірі ызғарын төгіп отыр!.. Не істеймін?.. Қандай ақыл бересіз, ата», — дейді. Әлгі шал ұзақ ойланып отырып қалады, сол отырысында шыбын-шіркей қонған күйген томарға ұқсайды. Біраздасын көмекейі бүлкілдейді, жер астынан сөйлегендей үні күңгірлеп шығады.
— Балам, пілдің күші тұмсығында, — дейді тамсанып отырып, — үйретілген піл бір орнында шырқ айналып тұмсығымен соғады. Соққан кезде жан баласы шыдап тұра алмайды.
Сіңіріне ілініп отырған шал аруағына мінсе — басы қақшаңдап, сөйлемпаз болып кетеді екен үй іргесіне сүйеп қойған әлде дутар, әлде домбыра — ұзын мойын, домалақ шанақ аспабын алып сояу саусағымен сабалап қаңсыған кернейден шыққан желдей азынаған үн шығарады-әй. Әуелгіде шалды жын иектеді ме деп ойлаған. Әйтпесе бейтаныс кісілердің алдында, екі кештің арасында азынатып бәйіт айтады деген кімнің ойында бар. Осында ілестіріп алып келген жолбасшы жігіт айтады: Ақсақал жасында арқасы бар ақын болған, арқасы қозып, аруағы ұстап жыр айтқысы кеп отыр, «айтса-айтсын», — дейді Құдайберген нағашысы. Үлкен кісінің үні тарғыл, кей сөзін ұмытып, базбір ырғағын бұзып біраз шаршайды. Уақыт болса зымырап өтіп жатыр, ертеңгі күреске қанық ұйықтап, нәрлі тамақтанып күш жинауы қажет. Ақыл айтады-ау, амал табады ғой деп үміттеніп келген кәрі қақпасың тіл мен жағына сүйеніп, көне бәйітін күңірентіп, көн шанағын сабалап сарнап отырысы мынау. «Осыны бірдеме біледі деп келген біз ақымақ шығармыз» деп Құдайберген іштей түйіліп, жолсерігін ала көзімен ата қарайды, әрі-беріден зығырданы қайнайды.
«О-о-ау, дүние-ай, жиырма бесте жарқылдап алдаспаным, отыз бесте қарадай адасқаным...» деп күңіреніп, дөңгеленіп, гөй-гөйлетіп жүзге таман жақындап жеткенде... Әй, дәу де болса бәйіті бітетін болар деп дәмеленіп еді. Шал-екең жүзден жоғары өрлеп беткейлетіп жорғалап барады. Құдайберген шыдай алмай серігінің бүйірінен түртеді.
«Мына шал нешеде?» — денйді көгеріп-сазарып. «Итім біліп пе нешеде екенін?!», — дейді жолсерігі қысылып. «Білмейтінің бар, сандалып несіне ілестіріп келдің?» «Итім біліп пе қапелімде арқасы ұстап, ақындығы қозып кететінін?!» «Енді несіне есекдәме етіп ит арқасы қиянға ертіп әкелдің?»
Өстіп екі жігіт анық тәжіке, бітіспес дауға бет бұрған кезде шал-екең бәйітін тәмамдап, көне шанақты сояу саусағымен сипалап жартылай көзін жұмып мөлиіп отырып қалды. Құдайберген қатты жөтеліп, дыбыс берді, о дүниеге жол алып кетіп қалғандай кептегі шал-екеңді осы дүниенің қамына қайыра жетелеп алып келді. Балуанның үні жер астынан шыққандай, тегі.
— Бұхар бегі: «Өл, тіріл, күні ертең пілмен күресесің», — дейді, айла-амал бар ма сол нәубетке?
Шал ұмытқаны жаңа есіне түскендей, жанарының оты жанды, қызыл иегін көрсетіп, үнсіз күліп алды, көзін жымсита қысқаны.
— Алла-ай, — деді қарлығыңқы үнмен әзер сөйлеп, — күреске, жауға қарсы шапқызып үйретілген піл маңайын жапырып қарап қып кетеді, алдына көлденең тұруға болмайды, үйіріп соғар қара құйын секілді. Алла-а-ай! Тұмсығымен үйіріп соғып жан шыдатпайды. Дәлдеп тисе, қара ағаштың өзін опырып түсіреді.
Құдайберген нағашысы шындап қобалжиын депті.
— Дүниеде адаммен арпалысатын етіп үйреткен піл жаман!
Құдайберген нағашысы кәрі қақсалдың ұсқыны жаман сөзіне күйеді.
— Жаман сөздерді үйіп-төге бергенше, айласын айтпайсыз ба? — дейді.
Жүз жасаған кәрі томар томсырайып отырып-отырып әзер-мәзер тілге келеді, я күліп отырғаны, я кемсеңдеп отырғаны белгісіз, иығы қушиып, маңдай әжімі тереңдеп, тісі түсіп қалған қызыл иегі көрінеді. Құдайберген ытырыла түрегеліп, шалт бұрылып шығып кеткісі келеді.
— Жалғыз амал, — дейді үкідей үлбіреп отырған үлкен кісі, — шырқ айналып үйіріп соғатын тұмсықты қапысын тауып шап беріп ұстап, соққысын денеге дарытпай, бұрап қалып, құлата аласың. Тұмсығын қайырып қана жыға аласың.
— Бар болғаны осы-ақ па?
— Өзге амалын таппадық.
Құдайберген нағашысы қалтасын қағып ұсақ ақшасын шалдың алақанына салады. Түрегеліп, алғысын айтып кетуге бет алады. Қос тізерлеп жүгіне кетіп, қолын жайып: «Қанеки, батаңызды беріңіз!» — дейді. Үлкен кісі дыбыссыз күліп, ернін жыбырлатып, алақанын жайып әлдене күбір етті, бата ырымын жасады. Құдайберген жертөледен шығып, еңсесін тіктеп, кеудесін кере тыныстады. Кешегі күндері жасыл желек жамылған көше бойы тазарып, тақырлана түсіпті. Қараңғылық қою. Тым жырақтан нөсер бұлты шақпақ шағады. Күні ертең ортасы шүңейт айпара тақырда дүлей күш иесі пілмен күресетіні есіне түсіп, қай-қайдағы ойына оралып, жүрегі құрғыр өрекпиді.
Айналып жатын орны — тәкия жайға тақаған еді, алдынан қылыш асынып, найза ұстаған түсі суық сарбаздар төбе көрсетті. Қапылыста қазақтар қашып кетпесін деп күзетке қойған қала әмірінің айла-шарғысы секілді. Шынымен ғой, қайда қашып құтылады, маңдайға жазғаны пілмен күресу болса — я бел кетер, я белдеу кетер, аруақтарға сыйынып көреді дағы.
Сапарлас серіктері босағадан ішке аттаған бұл көкеңді көріп өре түрегеледі. Сауалдың астына алып, өкпені қыса түседі. «Керуенге қалай ғана ілестіріп едік, басымызға бұлт боп үйірілдің», — деп үлкендер жағы үрейлі. Жастар мәз: «Әй, жығылсаң да нардан жығыл деген, қабырғаң қаусаса да, елге пілмен күрескен Құдайберген болып қайтасың әлі!..», «Қабырғасын қаусатып тынса, құдайға қой атар едік қой, ақ топырақта домалап жатқан кісіні құтырған піл жуан табанымен таптап, шелпекше жаншып өлтірмей тынбайды дейді ғой!.. Солай үйретілсе, қайтесің?!»
Аз айт, көп айт, күн шыға қалың ел күрес өтетін алаңға жинала бастады, бейне, тығыны ағытылып, тоғаннан шыққан қарғын суы секілді. Күн сәске түске тырмыса шөміш секілді кемеш баурайында ине шаншар жер қалмады. Қала әмірі үйелменімен үйіліп келіп күнқағар астындағы тақ секілді орнатқан мамық орындыққа жағалай тізе бүккен кезде, құжынаған халық, бейне, көзіне илеудегі құмырысқа болып шалынды. «Тіфә!.. тіфә!..» деп, іштей кәлимаға тілін келтіріп тіксініп-ақ қалған еді, далшының жер жарған жуан дауысы төбе құйқаны шымырлатты. Сай табанынан қарабарқын шымылдық серпіліп ашылып, арғы жағынан қара сирақ, қабырғасы сай-сай қос сидам үндіс үйдей алып пілді жетелеп алаңға алып шықты.
Алып шықты деген әншейін сөз. Үлкен алаңға үйдей қара піл тайраң қағып, бөрене бұты жарқылдап, ұзын тұмсығы көкке шаншылып, бақырып-шақырып шыға келгенде, бейне, алаң үстінен түйдектеліп нөсер бұлты өткендей сезілді. Жұрт қарадай үрейленіп, қоғаша жапырылды. Не кереметінің барын кім білген, әлгі алып хайуан жеңді білектей ұзын тұмсығын алай-бұлай сілтеп, сілкіп, жолында көлденең жатқан жуан бөренені іліп ап, аспанға бір-ақ ырғытты. Әлгі ағаш жаңқауықша қалқып, зымыранша зырқырап барып қыр беткейдің пұшпағына бұрқ етті. Жұрттың басына түскенде қарап қылар ма еді, құдай сақтап аулаққа зырлады.
Алып хайуан «күш сынасуға қайсың барсың!» дегендей, алаң кіндігінде шырқ айналып кернейлетіп қышқырады-ай.
Мына тұстан белуарына дейін жалаңаштанып, шекесін ақ орамалмен шартта түйген, аяғына әміркен былғары мәсі, бұтына ақ сұрып дамбал киген Құдайберген шығады. Жүрісі жай, пілге тақап кеп кібіртік қағады. Қара сирақ иелері күреске шыққан балуанды көріп, алып пілдің бас жібін босатып, әдейі-ақ ашу-ызасы өртше тұтансын деді ме, әлгі хайуанның жанына батырып, таяқтап-таяқтап жөн-жөніне кетеді. Кеткен жоқ-ау, көлеңкелі жерге жерге сіңіп зым-зия ұшты-күйлі жоғалады.
Алып хайуан алдына қалбиып шыққан балуанға қара жерді солқылдатып қарсы шабады. Жүрегінің түгі бар адам болмаса, төбедей түнеріп, жан баласын үркітіп келе жатқан қара дүлейге ешбір пенде беттеп тұрарлық емес. Қауқары қалмапты.
Құдайберген жалт беріп тайқып үлгерді.
Қайта айналып шапқан дүлейге қару жұмсай алмай, тағы тайқыды. Көзін сатып үкіліп отырған халық «уһ» деп жүрек жара күрсенгендей сезілді. Адуын хайуан айласын өзгертті. Қарсы шауып қармап ала алмайтынын білген соң, тақап келіп, кілт тұра қалып шырқ үйіріледі. Ұзын тұмсық тиген тұсын қиып түсер қылышқа айналды.
Құдайберген саса бастады. Аз уақыт ішінде жандәрмен деп қармап үлгермесе, өкпесі өшіп шалдыға бастайды. Арғы белгілі, қылыштай ысқырған жуан тұмсық тымақ құрлы көрмей қалбаң еткізіп қағып түсіреді.
Жанап өте берген жұмсақ бөрене тұмсыққа жолбарысша ытырылды. Әуелгіде аяғы жерге тимей, күш ала алмады, сүйретіліп сырғанады.
Біраздасын жерге сылқ түсті. Құшағында жеңді білектей жуан тұмсық. «Я, аруақ, қолдай гөр өзің!» — деп қайыс білегін қатты қысып тұрып-тұрып сұрапыл күшпен қайырып қалды.
Үйдей піл жанды жері қайрылған соң аяғы аспаннан кеп гүрс етті.
Қарақұрым халық бір мезетте «у-ұ» деп жеңіл демалды, тікесінен тік тұрып дүрлікті.
Шыңғырып, тулап, ұзын тұмсығын балуанның қақпанша қысқан білегінен әзер босатып алған алып хайуан тұра сап домалаңдап, құлдыраңдап безіп жөнелді. Жанды жері қайрылған піл жолындағы кісіні қағып, иесін тапап, алды-артына қарамай безіп жоғалды-әй. Құдайберген майдан даласын шаң етіп, мәсісін жыртып, бет жүзі терге малшынып, қары талып, ортаға тақады. Биікте отырған бекзада, ханзадаға басын иіп, сәлем мезіретін жасады.
Көзіне ыстық жас толып толқыған Бұхар бегі орнынан жеңіл көтеріліп, жылдам басып, еңіске түсті. Құдайбергенді баласындай көріп құшағына көмді. «Бәрекел-де! — деді, — бас бәйгі, тоғыз нар бастатқан, жасауы бүтін, етегін жел ашпаған Исфахан аруы сенікі!.. Абыройың аспандап жет еліңе!»
Мына көрініске куә боп көзін сатып үңіліп тұрған жұрттың күңіренісі бөтен. Пілмен күрескен балуанның қолын алып, шалғайын ұстап, тәбәрік алып қалуға ұмтылысы сұмдық! Түйе жүн шекпенін теберік қып жыртып, әп-сәтте қиып, бұтарлап бөлісіп әкетті.
«Осы мезет аспантаудың өзі аласарып кеп аяғымның астына түскендей сезілді» дейді кейінше әңгімесінде Құдайберген балуан — осы Оразгелдінің түп нағашысы. Өзі тым әңгімешіл емес еді. «Алла — Құдай жар болсын» деп шамалыға місе тұтып, қоңторғай ғана тіршілік кешіп, аспай-таспай жүруге әдеттенбегесін бе, тоғыз нар бастатқан үлде мен бүлде жасауы мол — Исфахан сұлуын алып қайтқалы мүлде өзгереді. Айы оңынан туған адамға ұқсап ылғи жымиып жүретін мінез жамапты. Сегіз қанат ақ отауын ауылдан мүлде оқшау, төбе басына тіктіреді. Түні бойы ақ отаудың шамы сөнбейді, үй алдындағы ошақ түтіні еш сембейді. Ертеңгілік мал өріске қаптап, тұсаулы аты ауылдан қара үзіп кеткенше үйінде жатып-жатып, күн сәске тырмыса белін басып, кирелеңдеп, еріншектеп сыртқа аттайды дейді.
Бұлым-бұлым белдерге күн сала қарайтын көрінеді. Айналшық шөбін жеген атанға ұқсап соңына сүзіледі-ай.
Көзінің астынан көлеңке қалқып кетпейтін Исфахан аруы ел көзіне мүлде сирек көрінеді. Ертегіде айтылатын перінің қызы секілденіп сырт көзге түсуі кем. Түсе қалса — ләм деместен сырт айналып сытылып жөнеледі. Не кереметінің барын кім біледі, Құдайберген Исфахан аруын алғалы бері күресті қойған деседі.
Теріскейдің батпан құйрық байы ұлан-асыр той жасап, салым, бәйге беріп, пілді жыққан балуанды әдейілеп шақыртады — Құдайберген бармайды. Күнгейдің күн ажарлы байпатшасы әкесіне ас беріп, алты алаштың алдында күшін көрсетсін, пәлен деген палуанмен күрессін деп ат шаптырып шақырмай ма, бұл көкең бос мойын болып жүріп-жүріп, ақырында үйкүшік аталып үйінен шықпауға айналады. Әзіл сөзге ұста қатарлары былай деп төндіретін көрінеді.
— Палуан алтын інді бағып белі шойырылыпты, енді күресіп жарытпайды.
— Кәнизәктің құшағы пілдің тұмсығынан бетер қатты тигені!
— Болса болар, пілді жыққан балуанға белі қылдырықтай арудың пәрмені қатты тиіпті. Ой, дөңгеленген жалған дүние-ай!
Құдайбергеннің кіндігінен кілең қасы-көзі қиылған, белі қылдырықтай, үріп ауызға салғандай қыздар дүниеге келеді. Соның бірі мына Оразгелдінің әжесі көрінеді. Оразгелдінің айрықша сұлу әжесі баяғыда, Қазғұрт баурайына қоныс тепкен қазақы ауылға келін боп түскенде — үлкендер жастардың неке тойын жасамай ма. Мал сойылып, ақазан асылып, аста-төк дастарқан жайылады. Беташар басталады. Жас келіннің бетін ашсын деп ат шаптырып алғызған ақын жігіт өлең сөзін дестелеп айтып-айтып келіншектің ақ жаулығын жайлап көтеріп... дидарына көз салып... сол-сол-ақ екен... сөзінен жаңылып... есеңгіреп: «Ой, Аллай!» деп шалқасынан құлап қалыпты.
Ай сәулелі арудың шалығы тиген секілді ме, әлде өмірінде соншалық мөлдіреген сұлу ұрғашыны көрмеді ме?! Кім біледі?! Беташар өлеңін айтып сұңқылдап отырған заржақ ақын саппа тыйылып, домбырасы бір жақта, тақиясы бір жаққа ұшып, көрер көзге шалқасынан түсіпті дейді.
Ұзын сөздің сірәғысы: жылдар жылжып өте берген, керуен жолымен қылқи мойын желмая желген, жел тимеген ару жүзін әжім сызып, пілді жеңген білекті балуан кирелең қағып белінен шойырылған... заман озған... осынау бір оқиғаның ескі аңыз боп санасына сіңіп қалғаны тегін болмас.
Кейінгі көз көрген үлкендер айтады-мыс.
Мына Оразгелдінің шапшаң сөйлеп, кісінің жүзіне тіктеп қарап, адам аңғарын айна-қатесіз танып-біліп отыратыны, өзім деген адамға өзегін жарып беретіні — баяғы бір осы елге күң боп түсіп, көкжиегінен күн боп шығып, қадірлі кісіге айналған ару келіннің кепиет-қасиетінен болар, бәлкім, деседі. Нағашы атасының пілмен күрескен жойқын күшінің ұрпақтан ұрпаққа ауысқан жұрнағы, самал желдей екпіні, бәлкім. Бәлкім, ірінің ірілігі — заманнан заманға ауысқан болар!