22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Дүкенбай Досжан

Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.

Реквием






Ғалымдар күннің жасы 5-10³ млрд жыл, дәп осы санның жартысына жуық уақыт өте оты таусылып сөнеді дейді. Әр нәрсенің басталуы бар, аяқталуы бар. Басталған нәрсе аяқталмай тұрмайды. Екі арадағы — метаморфозаны — баяғы птолемей данышпандары шексіздік деп атаған.

Осы шексіздік сәулесі өз ағзасынан жым-жылас өтіп жатқанын бала Дүйсенбі кеш түсінді. Кеш болатыны — бір жыл емес, он жыл емес, елуді алқымдаған дана Дүйсенбіге айналған кезде... ата-бабамның жүріп өткен табан жолына аяғымды тигізейінші... сол жарықтықтар жұтқан ауаны жұтып... шуағына мүлгіп... баяғыны еске алып, балаша аунап-қунап қайтайыншы... деп кәрі Қаратаудың қуысына орын тепкен шағын ауылға алақұйын болып жеткен. Әуелі Елордадан облыс орталығына ұшты, су жаңа жапон мәшинесімен аудан орталығына жетті, қиырдағы түкпір ауылға тау-тасқа өрмелейтін әскери жүйрікке ауысып мінді. Ақүйік өзенінің аңғарына қоныстанған үйме-жүйме малшы ауылға түн ішінде сілелеп құлады.

Баяғы көз көргендер бақиға озған.

— Баяғы адам арамызда жоқ, — деп ауыл кәсіпкері Кемеңгер алдынан шықты. Ойда жоқта қонақ келерін қайдан білсін, жатуға қам жасап жатқан, алқын-жұлқын абдырап қалды. Ақ көйлек, ақ дамбалы тұзға малып алғандай.

Қалталы телефон арқылы білді, Астананың аспаны қорғасын бұлтты, дүркіреген жаңбыр көрінеді.

— Мамырдан бері тамшы тамбады, жер көнтулаққа айналып қатып-семіп қалды, шүйке бұлт шығады-дағы желкеміздегі Байқоңырдан үдеген жынды жел алдына салып қуа жөнеледі. Мың теңгеден жиып тасаттық шалдық — болмады, шілдеде он үш мыңнан жиып тағы ірі қара шалдық — түк тамбады. Қаратаудың тасы күн қызуынан әкке айналып үгітілер, — деп көзданыс кәсіпкер қақылдап жөтеліп еді, түкірігі шықпады.

Дүйсенбі жатар алдында ай жарығымен ауыл сыртындағы төмпешік моланы бір сүзіп оралды. Әлгілер қозғалатын секілді. Жатып-жатып, күтіп-күтіп жамбасымыз тесілді дейтіндей әлгі мола иелері.

Төбемізге шыққан түп жусанды күн күйдіріп кетті,

Басымызға шаншыған қара тастың өзі қақ-қақ айырылды.

Қиямет-қайым жақ-е-е-ен, қиямет-қайым жақ-е-е-ен, күте тұрыңдар!..» деп Дүйсенбі бала кездегі үлкендер құлағына құйған сөзді іштей күбірлеп қайталады. О заманның адамдары ірі келетін, кесіп сөйлейтін. О заманның балалары бала секілді болатын.

Бұл күнгінің баласы біртүрлі жел қуған, ұшып-қонып еш байыз таппайды. Сөзін ұстай алмай қор болсың.

Кіндік қаны тамған жердің ыстық табы әлі басылмапты. Ұзақты күн қызып алған екі тау арасы тандыр пешіне ұқсап салқындай қоймапты. Табиғат ананың құшағына енгендей... қайыра бала болып шыға келгендей рең басына қан жүгірді.

Дүйсенбі бала жастан күншуаққа құмар. Ұстарамен қырғызған басы күнбағысқа ұқсап күн астында тапжылмай отыра береді екен. Көн қатса қалыбына — сол баяғы балалық шағы көз алдына қайта көлбеңдеп, ертемен тұрып, жертам іргесіндегі күншуаққа шығып қалғып-мүлгіді.

Әжімді Қаратау қалжырапты. Оң бүйірінен көмір іздеп, ұңғы салып, қабырғасын сөгіп карьер ашқан. Динозавр қаңқасына ұқсап арса-арсасы шығыпты. Теріскей бетте уран кенішін тінткілеген барлау жұмысы жүріп жатқан; жеті қат жер астына бұрғы сап, жарылғыш дәрімен астын үстіне шығарған соң, сойған түйедей жайрап қапты. Үй иесі Кемеңгер: қиямет қайымға жақындадық білем дейді. Бұл өңірде бұрын-соңды жер сілкінісі сезілген емес, техногендік жер сілкінісін қолдан жасап, құдай бізді тас төбемізден ұрды, бұлақ көзі тартылды, көкке бұлт ілінуді қойды, қайда қашсақ та сахараның ыстық желінен құтылмадық дейді. Сары уәйіммен сөз сабақтаған Кемеңгер таңсәріден ұшты-күйлі. Әкесінің көзін көрген, ауыл кәсіпкері Кемеңгер ел арасынан ет, тері, жүн, өзге де мал өнімін жинап, өңдеп базарға шығарады екен. Көше төрінен шағын цех ашып, текемет, киіз басқызып, оны-дағы қалаға апарып өткізіп жүріпті. Жаңа заманның епсектісі, іскері деген жанама есім жамапты.

Домаланған келін шайға шақырды.

«Ата, таңғы ас әзір, үйге кіріңіз», — дейді келіншек сыңғыр етіп. «Шырағым, «ата» дегенің түрпідей тиеді, «аға» десең көңілім өсіп қалар еді...» «Қайдан білейін, басыңызға, шашынызға, жасыңызға қарап сөйлей салғаным ғой!». «Әб-бәрекелде-е, кісінің өзі қартейсе де көңілі қартеймейді, тап қазір Қаратаудың сәрілік ауасы бойыма сіңіп жігітке ұқсап келем, қызғалдақтай келіншек көрсем қаным ойнап шыға келеді...» «Мына кісінің ойыны ма, шыны ма», — дегендей домаланған жас келіншек солбырайып тұрған Дүйсенбіге көзін төңкереді.

Дастарқан жиегіне тізе бүккені сол, сүт қатқан қою шай жағалады; ырзық ықылас-пейілге келеді. Бал жағып пісірген құймақ пен қауынқақ тіл үйіреді. «Кемеңгер ертемен тұрып жоқ қарап кетті, — деді келіншек мән-жайды түсіндіріп, — үйірден шығып қалған сәурік еді, тұяғына жел бітіп жоғалып тынды, ұры әкетті ме, қасқыр жеді ме — бейхабармыз... Балалар ұйқыдан кеш тұрады...» Сөзі қандай жылдам болса — қимылы да сондай жіті. Жел үрлеген допша домаланып бір орнында байыз таппайды. Төргі бөлменің әр жер, әр жерінен қарадомалақтар ұйқыдан оянып, бірі — шешесінен тамақ сұрап, бірі — еркелігі ұстап қарадай аңырап, жертам ішін әп-сәтте бақсының үйіндей басына көтерді. «Ау, мына бәтшағарлар тыныштықпен тамақ ішкізбес... баяғыда үлкендер «патшасы бар үйге түспейміз» деп, баласы көп отбасынан айналып қашады екен... Жыл сайын етегің құрғамаған-ау, сірә, келінжан, бас-аяғы біраз болып қалады-ау қарадомалақтарың!..» — деп Дүйсенбі асты дүмпігендей кеңкілдеп кеп күлді. Шайы шайқалып төгілді. Ыңғайсыздық сезілді.

Осы мезет сырттан жылқы кісінеп, шай құйып отырған әйел лып көтеріліп сыртқа сытылды. «Отағасы кеп қалды», — деді шығып бара жатып. Көп ұзамай сырттан аһылап-уһілеп, аяқ астындағы шелекті ағына іліп даңғырата қағып Кемеңгер енді. Текемет жиегіне жалп етіп жантая кетті. Үстінен ащы тер иісі мүңкіді. Көз жанары шөгіп, шөжіп кетіпті.

— Беу, жарықтық Досекем-ай! — деп шыбын жаны шырқырап шығып бара жатқандай кәсіпкер ышқына сөйледі. — Сенің әкең Досекең жалғаны жоқ жайсаң еді! Әне бір жылы әйелім қайтыс болып, төрт жетімек қолымда... шулап қалдық. Жоннан түскен Досекем сусын ішіп шығуға үйіме бұрылып, байырқалап отырды-отырды-дағы басын шайқады. «Үлкеннің алдын көрген інішек, жетімдеріңмен жұртта қалғандай шулап қалыпсың. Қой, ә! Бір басыңды екеу ететін ақ жаулық іздейін өзіңе» — деп қыр астындағы Қараша аулынан қайтып келіп отырған мына Әтіркүлді тауып... араға пәтуа жүргізіп... қолқа салып қолыма түсіріп берді. Құдайға шүкір, басымызға бас, жанымызға жан қосылды. Беу, жарықтық Досекем қыдыр болып кезікті ғой өзіме! Шулап қалған үйелменді жинастырып бергені неге тұрады! Ол кісінің жақсылығын екі дүниеде ұмытармын ба! Беу, жарықтық!

Кемеңгер қабырғасы сөгілгендей кепке еніп «аһ» ұрып отырып қалды. Әйелдің епсектісі Әтіркүл. Қолы-қолына жұқпай қызылкүрең шай жағалатады, нан турайды, баланы сыртқа жетелеп жөнелтеді. Үй иесі әрәдік келідей басын шайқап:

— Беу, Досекем қыдыр болып кезікті ғой өзіме, — деп ыңырси тіл қатады. Өлі аруақ пен тірі аруақтың арасын жалғастырар жалғаны жоқ пендешілік көңілі осы. Жақсылық текке өтпейді, рух өлмейді.

Дүйсенбінің терісі кеңіді.

— Әкеңнің басына барып құран оқып қайталық, — деді Кемеңгер шай ішіліп бола бере. — Әтіркүл, иіс шығарып шелпек пісір!

Жон арқадағы күннің ыстығы күшейе түседі. Жер дүние шаңытып, күйген теріше тобарсып, кісіні табаға түскендей шыжғырады. Қарадомалақтар әудем жерде кілдіреген тайыз өзенге тыржалаңаш шолп-шолп түседі. Кәсіпкер қатқыл дауыстап жұдырығын түйеді.

— Әй, пәдәріңе нәлеттер, балық боп кетпесеңдер шығыңдар судан! Суатқа мал құласын!

Шөп басып кеткен моланың үстін Кемеңгер еңбектеп жүріп тазалап шықты. Алақынына шөңге кіріп, қан шыққанша қимылдады. Бірауқымда белі сынып түрегелді. Мәсінің қонышы секілді. Тапқа қойған сары майша көкжиекке сіңіп бара жатқан күнге ұзақ-ұзақ сүзілді. Жанарына жас үйрілді.

Кемеңгер мола жиегіндегі май топыраққа мықшия тізе бүгіп бірқалыпты қоңыр үнмен құран аятын құйқылжыта созды. Дауысы жер астынан шыққандай құмыға күмбірлейді. О дүниеден ескен сары желдей құлаққа қоңыр мұң құяды. «Заманына сай адамы» деуші еді баяғыда әкесі. Әр уақыттың өзіне сай сұрқылтайы болады. Ол сұрқылтай уақыт желі қалай соқса — солай ықтап, ықылық атып сайрайды.

Кәсіпкер жігіттің әкесі кешегі елге билік жіргізген коммунист-балшабектердің сарқыты, өткен ғасырдың алпысыншы жылдар белсендісі, атқамінері, шағын ұжымның бөркі шошайған парторгі болатын. Жоғарыдағы басшыға құдайдай сеніп, сүрініп-жығылып қызмет қылатын. Жан-тәнімен іс тындырғыш, ұжым шамшырағы еді. «Коммунисттің адал перзентімін» деген сөзді айтқанда —біртүрлі арқаланып, насат күйге түсіп, жауырыны күжірейіп шыға келуші еді. Партияны ауызға алмаса тамағынан ас өтпейтін. Кедей болса-дағы төмен қарамай, кеудесін көтере ұстап, жүрек шамын жарқырата жағып жүруді момын ел сол кісіден үйренді. Көсемдерге жан-тәнімен беріліп, суретін қабырғаға іліп сыйынып өтті. Байлық жинамаса да «бәрекелде-е-е!» деген мақтау, марапат, алғыс жинаған; тәулігіне ас ішпей, атқа мінбей өтуге бар, аупарткомның сызып берген жолынан қия басуға жоқ — кәдуілгі жалаңаш батыр. Үкіметке, көсемге басын тіккені сонша — осы Кемеңгер шыр етіп дүниеге келген кезде семіз тоқтысын сойып, қазан көтеріп, жәшік арақ алғызып, ауыл жігіттеріне көкпар беріпті. Ертесіне етек-жеңін жел кеулеп делеңдеп аудандық ЗАГС үйіне ентелеп жетпейді ме.

— Қызылшақаның есімін Ленин қоямын, — депті куәлік жазып беретін тақиялы жігітке.

Тақиялы жігіт таңқалады. Қауынға ұқсаған сопақша басын үнсіз шайқайды.

— Болмайды.

— Неге болмайды?

— Болмайтыны сол — көсемнің атын кім көрінгенге қоя берсек — анархияға ұшыраймыз. Көсемнен қадір-қасиет қашады. Мысалға, сол нәрестеңіз есея келе қолды-аяққа тұрмайтын бұзық болды дейік; ауыл әйелдері қалай кейіп жекиді. «Әй, жүгермек Ленин, ит қуып, балалармен төбелесіп еш тыныш таппайсың!.. Қызыл жағалыны шақырып ұстатып жіберем жетпегір Ленин!..» деп шағын ауылды басына көтеріп жатса — анық масқараға ұшыраймыз.

Коммунист-балшабек әке ұнжырғасы түсіп, жігері құм болып сілейіп отырып қалады. Асып-тасып келген көңілі су сепкендей.

— Әлгі атыңызды қазақы қалыпқа салып Кемеңгер деп қоялық. Құда да тыныш, құдағи да тыныш. Ленин кемеңгер болмағанда — кім болады, көке.

— Мынауың ақылға қонатын сөз. Дегеніңе көндім, мақұлмын. Нәрестенің есімін Кемеңгер деп жазып бер ендеше.

Уақыт шіркін уыстағы қатты қысқан құм секілді. Сырғанап сусып еш тұтылмайды. Парторгтің әйелі екі жыл өте айы-күні жетіп тағы бір ұлды жарық дүниеге әкеледі. Балшабек әке жүрегі жарыла қуанады. Алақанын ысқылап, бөркі қазандай қоқырайып аудандық ЗАГС бөліміне енеді. Ұсынған орындыққа отырар-отырмасын білмейді. Асып-тасып, төбеден түскендей етіп былай дейді.

— Нәрестенің есімін Сталин деп қой, шырағым! Көрімдігіңе, сүйіншіңе бидайға байлаған бордақы қойымды тігемін!

— Болмайды, көке.

— Осы сені әкең болмайдымен алмастырып қойған болар, бәтшағар!

— Көкесі, келешекте Сталин есімін алып жүрген балаңызға қиын болады. Біреу қасақана кемсітіп сөйлейді, біреу аспандатып адастырып жібереді. Сөз баққан қазақ ұлыңыздың шақшадай басын шарадай ғып бітеді. Абай болыңыз дегенім ғой.

— Сірә, шешең кешегі күні болмайды сөзіне жерік болған шығар, бәтшағар.

— Таптым көке! Нәрестенің есімін Секе деп қоямыз. Өз үйіңізде Сталинді Секе деп еркелетіп ескеріп жүре беріңіз, өзге жұрт тілінің ұшымен қазақылап, құрметтеп, қоқырайтып секелеп төңкеріліп сөйлейтін болса жарағаны. Кім біліп жатыр. Сіз үшін — Сталин, өзге жұрт үшін Секе болып жүре береді.

— Мақұл ендеше, — деп балшабек әкенің меселі қайтып, жүні жығылып, ішінен ақырын ыңылдап кәрі Қаратау жықпылында жатқан аулына оралады. Тұзға малғандй көлігін отқа қояды.

Уақыт шіркін терістіктен тоңазыта соққан өкпек жел, кісіні тоңдырмаған күнде — қалжыратып, самайына ақ түсіріп, жүзіне әжім сызып, қарттық аулына асықтыра түседі. Ой-хо-о-ой дүние деген!

Балшабек әкенің әйелі тақымы құрғамай келер күзде қазақы ұғыммен айтсақ — қырық жылқы, осы күнгінің сөзімен келтірсек — қыз туады. Түңлік желп-желп етеді. ЗАГС меңгерушісі бұл жолы екі тау арасына өз аяғымен жетеді. «Қанекей! Кім нәрестелі болса — ата-анасына елтаңбасы басылған куәлік жазып беремін, тоқтышақты тізіп алдыма әкеле беріңдер!..» дейді әңкілдеп. Жазған құлға дауа бар ма, біреу — тышқақ лағын, біреу — енесінен ерте айырған кепей қозысын жетелеп меңгерушінің қабылдауына ағылады. Іштерінде баяғы балшабек әке жүрген көрінеді.

Балшабек әкенің төбесін көрген меңгерушінің түсі бұзылады, қабағынан қар жауады.

— Көке, жеңгей екеуіңіз түн құрғатпайсыздар ма осы?.. Еш маза болмай кетті түге!.. Әлде көрпе бүлкілдеткеннен өзгені естен шығарып үлгердіңіз бе. Куәлік толтырудан қолым босамады.

— Әй, пәдәріңе нәлет, өкіметше! Не деп сандалып тұрсың-әй езуіңді қиғаштап. Алланың бергенін көпсініп тұрсың ба әлде! Құдай қаласа үріп ауызға салғандай, қасы-көзі толып туған айдай нәрестенің есімін Светлана деп қоямын. Халықтар әкесі Сталиннің соңында қалған сүйікті перзенті — сол Светлана періште! Куәлікке қисайтпай солай деп жаз!

Шалдың шамына тие берсе — осы отырған жерінен тұрмастай ғып төбесінен басып, тас-талқан етерін сезіп меңгерушінің аузына құм құйылады. Ләббай тақсыр деп куәлік қағазына Светлана деп, сүйкектете жазып, үстіне үрлеп мөр басып қолына ұстатады. Балшабек әке мәз. Екі езуі құлағында... танауының астынан ыңылдап «Өттің дүние» әнін қоңыраулата созып... дүсірлете желіп кеп... қақпа алдына төңкеріп түсіп жатыр дейді-әй.

Осы оқиғаны есіне алып, ауып бара жатқан күнге жүзін төсеп дөңбек тасқа тізе бүгіп отырған Дүйсенбі бірауқымда әудем жерде... құлқуалласын тәмәмдап, бетін сипап, жусан сабағымен тісін шұқып, момақан кепте мүлги қалған отағасыға назар жықты. Жүзін әжім сызып, күн жеп қоңырқай тартқан Кемеңгердің бет-бейнесі, бейне, айна. Сол айнадан өткен күндер елесі мен мұндалап кітаптағыдай оқылады. Ұжым төрағасы — өз әкесі, мына момын елдің Досекесі... ұжым парторгі балшабек ақсақал — осы отырған Кемеңгердің әкесі; беу-дүние-ай!.. жердің үстіндегі адамнан астындағы бақилық болған әлдеқайда көп деседі. Өмір базарына біреу ентелеп кіріп келеді, келесі біреу түк болмағандай... түк көрмегендей... міндетсімей... тіршіліктің емен есігін дыбыссыз жауып шығып кетіп жатыр... Жаңа байқады, Кемеңгердің көз сорасы сорғалап үнсіз жылап отыр. Дүниеде үнсіз жылағанды көргені осы. Қарап отырып жаны түршікті. Жон арқасынан сап-салқын қырқаяқ жорғалағандай сезілгені. Жер ортасынан асқан жігітті кешегі өткен жақсылардың жұрнағы десе болады. Кімді жоқтап егіледі? Жылап отырған адам ба, әлде заман ба? Фәнилік пен бақилықтың арасы қанша қадам? Білген, түкпірлеген — кім бар мына жарық жалғанда. Ой да көп түртінектеп ойлай берсе!

Бірауқымда Дүйсенбі езілген еңсесін тіктеді. Көкжиекте еңкейген күннің қызыл жұқанасынан жер шеті өртеніп жатқан секілді.

— Жүрейік, — деді үні еріп, — қара саным ұйып сал боп қапты. Әкең өлсе де — әкеңнің көзін көрген өлмесін. Шүйкедей ауылдың шаңын қағып, отымен кіріп, күлімен шығып шырылдап өткен әке бейнесі ұмытылмайды. Жарықтықтың жер түбінен естілгендей шыңылтыр ащы даусы құлағымда. Құс қанатындай қиылған қою қасы болатын. Сыпайлығы — жұрт көзінше қақырып-түкірмейтін. Керекті, керексіз қағазын сөмкесіне тоғытып салып жүретін. Қазықтай шаншылған атқа отырысы өзгеше еді. Сүйегі болат кісі шаршадым демейтін. Әйелдер қазық қайнаға дейтін.

Әкесін айтсаң Кемеңгер еміне түсіп, отқа түсер көбелектей елп-елп етіп, бірде ол жағынан, бірде бұл жағынан шығып үйге жеткенше ләббай тақсыр деп, құлшына емпеңдейді. Үй төбесі көрінгеннен күрт айныды. Алдынан жүгіре шыққан қарадомалақты қолын сілке жасқап: «Жөнеңдер, мейманның мазасын алмаңдар!» — деп қуып салды. Әйеліне әңкілдеп, жарлық жасағаны қызық. Кісіге жасаған қыры ма, әлде.

— Кәртамыс ешкінің желінін созғанды қой. Жоңышқаға байлаған бордақы малды соялық. Ауылдың қызылсыраған жеуші ауыз мешкейін тойғыза алмаймыз. Боршалап, суын сорғытып — мұздатқышқа салып қой. Дүйсенбіге оңашалап, күніге кемік мүшесін асып сорпалап шығамыз. Қаланың шөп көжесінен бірішек болып шәукиіп жүдеп қапты. Диланып салмақ қосып, қаны қоюлап қайтсын.

— Ауыл әкімі қайнағаны шақырамыз ба, жазушы келсе қолтаңба алып қалайын деп былтырдан айтып жүр еді.

— Қайнағасыз ас өтпей ме тамағыңнан! Оған керегі қолтаңба емес, атақты кісіні паналап көзге түсіп қалу!.. аудан әкіміне жағыну!.. түбі жоқ таусылмайтын шаруасын айту!..

— Қайдан білейін.

— Осы күнгінің іш есебін мына менен сұра. Жылдамырақ қимылда! Досекем өзіме қыдыр болып кезікті ғой, қамшымның сабы сынып, жер тіреп отырып қалғанымда.

Кісі шыныға айналған заман. «Ау» деп ауыз ашқаннан арғы-бергісі алақанға салғандай түгел көрінеді. Мына үй иесі — Кемеңгердің жаны қалмай жүгіргені, қадірлі қонағына жайылып төсек, домалап жастық болғаны, зайыбы Әтіркүлдің құлақ қақпай, сөз қайтармай, отағасы не десе — соған ыңғай беріп, мақұлға көніп ұша жөнелетіні ғажап енді. Кісі қызығыды. Қазекемнің есігіне құлып салмай, дастарқанын жимай, жүрегіне зіл сақтамай, көппен көрген ұлы той деп, пейілін қушитпай кеңқолтық, ашық-шашық жүретін мінезі өлмепті. Табаны жерден ажырамапты.

Кешкі астан соң үйдегілер қауырт қимылға кірісті. Есік сан мәрте ашылып жабылды. Үй иесінің қимылына, дабыр-дұбыр сөзіне елеңдеп жатып көпке дейін көз ілмеді, кешегіге қоңсы қонды.

Таң бозы біліне талығып ұйықтап кетіпті. Шағын ұжымның ат үстінен түспей өткен кешегі парторгі, балшабек ақсақал түсіне еніпті. Шәукиіп азып кетіпті: «Ең болмаса шолақ көшеге есімімді бермеді... колхозды жоқтан бар жасап қолыммен құрдым... пәлен отбасыны аштан аман алып қалдым... пәлен ай пәшеспен атыстым... бесжылдық жоспарын орындап медаль алдым... Мәскеуге өстепкеге барып қайттым... аудан басшысы арқамнан қақты... есімімді естен шығардыңдар!..» де-е-еп, әлгі сөзді жанарымен айтып жерге қарап тұнжырайды. Еңсесін зіл қаратас езгендей есік алдында жатқан ағаш түбіртегіне тізе бүгіпті. Шөппен тісін шұқиды. Баяғыдай кермеде билей басқан сәйгүлігі жым-жылас. Жаяу-жалпы. Жанарында қою мұң. Кісі мұң-шерінің осыншалық қою боларын ескермепті.

Неғылдесін енді!

Торғай шырылымен қосыла қақпаны әлдекім жұдырықпен төпеледі, дабыр-дұбыр үдеді, ит үрді, шағын үйдің тақтай едені дүңкілдеді. Үй иесінің үні талып жетеді. Мазасы кеткен Дүйсенбі тұрып есік алдына шыққан.

Жүзіктің көзінен өткендей тыриған келіншек, жанында өңкиген гүжбән қарасы бар — Кемеңгерді кеуделеп, шаң-шұң етеді. Әлгілер: «Қыс бойы қошқар мүйіздеп басқан жиырма текеметтің, беліміз сынып тоқыған үш тақыр кілемнің, шаш етек шаруаның жалақысын бер»,— деп өңештейді. Кемеңгердің иығы пәс: «Базар нарқы түсіп кетті, қоймада шіріп, арзанға сатып, шығынға шықтым», — дейді. «Қораң малға толды... үйіңнен қонақ үзілмейді... танауыңнан есекқұрт түсіп менсінбейсің... шөміштен қысасың... сіңіріміз шиқылдап біз жүрміз,» — деп беттен алады келіншек. Уақыт өте дау ушығып тасқа балға ұрғандай шың-шың өршиді. Дүйсенбі я ілгері басарын, я кері шегініп кетерін білмей амалсыз іркілді.

— Жалақыдан жейсің! Шөміштен қысасың!

— Қоймада шіріп жатыр. Жазығым жұмыс тауып бергенім бе? Кеше салықшылар жағамнан алды. Өрт сөндірушілер келіп цехты құлыптады. Аудан әкімі мектептің жөндеу жұмысына қол ұшыңды бер, қаржы тап, демеуші бол деп өкпемді қысып ол кетті. Тұтынушылар одағының екі агенті есеп-қисапты тексеріп олар жатыр. Базар нарқы түсіп, тауар өтпей, басымды тау-тасқа ұрып, іші өткеннің арты біледі деп жүрмін. Жалғыз амал — жалақы орнына текемет алыңдар. Төріңе төсеп шәниіп жатасың!

— Текеметің өзіңе. Әгәр ақша тауып бермедің бар ғой — ауыл қатындарын түгел көтеремін, үйіңді таппай қаласың!

Кемеңгердің үні құмығып естіледі.

— Ендеше алаша алыңдар. Үйімде қадірлі қонағым бар, тыныш қана үйлеріңе қайтыңдар!

Ойламаған жерден, аяқ астынан өртше лапылдаған дауды естіп-біліп, Дүйсенбі өз-өзінен қуыстанып қалды. Іштей налып, қапалық жеді. Кешелі бергі о дүниеге озған жақсыларды еске түіріп марқайған... ішпей-жемей тоғайған... жаны байып дариядай толқыған көңілі құрғыр ішінен тұнды. Шөлге шыққан жолаушыға ұқсады. Үйіліп тұрған кісілерге аяңдап тақағаны сол, көрші-қолаң, әңкілдеген әйел, гүжбән қара — Дүйсенбінің қарасын көріп, ерін ұшын жыбырлатып, өз-өзінен ыңғайсыз сезініп, сетінеген дәкеше тарқатылып сөгілуге бет алды.

Ойын ойға бөлген жәйіт төмндегіше. Қыстайғы белін бүгіп, маңдай терін саусақ қырымен сүртіп, көзі кіртиіп ашөзек жүріп жасаған еңбегіне жалақы — нәпақа тие ме деп үмітті. Екі көзі төрт болып бала-шағасы, зайыбы жолын күтеді. Шалғайдағы ауылға ақша жете бермейді. Жеткенінің өзі фельдшер мен орта мектеп мұғалімінен артылмайды. Ертеден қара кешке бала соңындағы мұғалімнің ставкілік жалақысы 37 мың теңге; ажалға арашашы ақжелеңді пақырдың алатыны 35 мың теңге; сол сомадан бойдақ салыққа, жылжымайтын мүлікке, отынға, жарыққа ұстап, ит тартқан терідей, маңайыңды сыйпалап, қалта түбінде қарға шоқырлық қалса қуанасың. Я жыларыңды, я күлеріңді білмейсің, жетпейдімен өтіп жатқан қу өмір.

«Қыстайғы жалақымды бермедің ғой — ана аулаңдағы құла биені жетелеп кетем», — деп кіжінеді гүжбән қарасы. «Жарқыным, ақырын сөйле, үйімде жұртты аузына қаратып кітап жазған қонағым бар», — деп Кемеңгер жігі-жапар. Әлгі гүжбән қара жазушы деген сөз құлағына тие сала жын иектеген бақсыдай шүйкедей ауылды барқылдап басына көтерді. «Уай, ол баяғы Досекемнің Дүйсенбісі десейші!.. Көктен іздегенім жерден табылды. «Жемқорлық» деген дастан жазғам... ауруханада құйылып келе қалды, қабырғам сынып жатып қарадай өлейін бе, қалам, қағаз алғызып — Құлыншақ ақынның сары уәйіміне сыйындым емес пе!.. «Көкешім, ол кісі алыс жолдан шаршап әзер жетті, «Жемқорыңды» оқымақ түгілі құлағың қайда десе — мұрнын көрсетеді», — деп Кемеңгер көлденеңдейді. Әлгі гүжбән қара кеуделей түседі. Жалақы даулаған тағы бір әйел қосылды... аула төрінде... көше пұшпағында адам айтқысыз әлемтапырық шаң-шұң шатақ көтерілді. Шатақшылар тас түскен көл шарасындай үйме-үйме ұйлыға қалыпты.

Адам да ақша тәрізді, кейде қымбат, кейде арзан. Кеше жүзіктің көзінен өткендей пысық кәсіпкер, кімсің — Кемеңгер еді... баяғы заманда дүниені дөңгелетіп дәурені жүрген, ауылға, ауданға сөзін өткізген әкесі — балшабек ақсақал қандай еді. Сөзі дардай еді! Мынау не енді? Тырпыл-тырпыл тіршілік иесі, ауылдағының аузы сасық дегендей, көрінгеннің көзтүрткісі, мазағына айналған. Құнсызданған теңге де бір, бұл да бір. Ойынға шықпайтын заем қағазы құрлы құны жоқ. Бұрынғы өткен жақсыларың еміс-еміс айтылмаған естелігі.

Дүйсенбі әудем жерде үйіліп тұрған топ кісіге тақай түсті.

Әлгілер ызы — қиқу дауын доғарып, аузы күйген үріп ішеді, бір елі ауызға екі елі қақапақ қойып, іркіле түсті. Гүжбән қара емпеңдеп қос қолын көстеңдетіп ала жүгірді. Нақа күрескелі ұмтылған палуан секілді.

— Баяғы палуан Жоламанның баласы Құмбай боламын, көке. Осы ауылдың отымен кіріп ... күлімен шығып ... намысын жыртып ... күреске түсіп аздап миы шайқалған ... шамалап қараңғы үйге қамалған ... пұшайман болған Жоламан палуан ше?

— Тұрқыңнан шырамыттым, шырақ!

Әйелдің бірі — қазақы салтпен иіліп сәлем салып, бірі — сұқ саусағымен бетін тіліп, үйді-үйіне тарасты. Құмбай егеудей қолын әлмә-әл ұсынып әлек. Көлеңкеше ілесіп қалмайды, жүрсе — жүреді, тұрса — тұрады, ырсың-ырсың күледі. «Жемқорлық» дастанымды оқисыз ба дейді.

— Ыңғайсыз болды-ау өзі, — деп үй иесі — Кемеңгер желкесін қасып қонағын үйіне бастады.

Жаңа байқады. Дүйсенбінің ерні кезеріп, көзінің асты көлкілдеп ісіп, біртүрлі шәукиіп жүдеп қалыпты. Бағзыдан... баяғыдан... жақсылар бұрылған ұбақ-шұбақ ұлы керуеннен оқыста түсіп қалған бұрау ағаш секілді. Көп ұзамай көзден де, көңілден де жоғалатын бұрау ағаш. Кейпі соған келді.

Күн сәулесіне ұқсаған уақыт — күн уақыты, космос уақыты, квант уақыты болып бөлінеді — адам ағзасы сол мезгілдің кеңістіктегі белгілі бір өлшемі ғана. Құран-кәрімде Алланың әрбір күні жер бетіндегі мың жылға тең дейді; сірә, Эйнштейн тұжырымдаған космос уақыты осы болар. Жер уақытының құлы — мына Дүйсенбі ертеңгілік шуаққа малынып ауыл сыртына шыққан. Домалаған жер әлемнің жел қуған қаңбағы... өмір тәспісінің бір үзік тасы — ана Кемеңгер. Тырсыл қағып үзіліссіз жылжыған мезгілдің әрі момын, әрі кеңқолтық қазақ керуенінен оқыста түсіп қалған бір-бір бұрау ағашы деңіз... Тіршілік қазығы деңіз! Кешегі өткен ұжым төрғасы мен ұжым парторгі балшабек ақсақалдың сары дала бетіне қалдырып кеткен түйір дәні, ұрығы, керуен ізі. Ұжым парторгі балшабек ақсақалға ұқсап тіршілік тезегін теріп тепектеп жарық жалғаннан: «Қу дүние жетпейді ғой... жетпейді...» деп жүріп кәсіпкер Кемеңгер де өтер; былайғы жоқ-жітік жұртқа қыдыр болып көрінген Доскей секілді соңына бірер тірі сөз, екі-үш жұқалтаң кітабын қалдырып Дүйсенбі— дағы көшін түзер. Соңында қою мұң қалар.

Кәдуілгі ет жүректі езген адамшылық мұңы, өткеннің қайыры, реквимі.