22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Дүкенбай Досжан

Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.

Жігіттің бір жұрты






ШОРТАНБАЙ ЖАНҰЗАҚҰЛЫНА

Аудан орталығынан тау баурайлап батысқа созылған үлкен жолдан бұлар мінген жеңіл газик қиыс бұрылып Раң өзенінің алқымына түскенде Үпілмәліктің жанарына кіреукелеп жас үйрілді. Қасындағы шофер балаға байқатпайын дегендей иегін әнтек көтеріп алдындағы әйнектен жал-жал болып көлденең көсіліп жатқан Қаратау бұлымдарына сұғына көз тікті. Қараған сайын балалық шағын анығырақ елестетті: ол кезде қараборбай, қарға ауыз сәби еді, әкесі соғыста, жалғызілікті шешеге үйелмелі-сүйелмелі төрт баланы асырау қиынға соқты: содан анасы Үпілмәлікті теріскейдегі төркініне әкеліп тастаған. Он үш жасқа шейін нағашының қолында өсті. Ойлап отырса балалықтың қан базары осында қалыпты, жалаң аяғына батқан жарпа тастары анау, шабағын аулаған мөлдір өзен мынау — суы тартылып кеткен секілді. Өзгесі түк өзгермепті, шатқал аузына үймелеген шағын ауыл, қазақы тоқал там, уақ мал қамайтын қора-қопсы, бау-шарбақ, сұйылып шыққан түтін иісі де бәзбаяғы.

Қияндағы Қаратау қуысын жайлаған нағашы ауылына себеппен келем деген қаперінде жоқ тұғын.

Оқиға Үпілмәліктің ойда жоқта қызметтен босауынан басталған. Жұмыстан шығуы да қызық. Аз айт, көп айт басына іс түсіріп, ат басын елге бұрғызған осы ауылдың дәм-тұзы ма деп те ойлады. Қаладағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері еді. Ғылым кандидаты деген атағы бар, енді қырсығынан сақтап, жетекші дін аман тұрса, тақырыбы күшін жоймаса — бірер жылда ғылым докторы боламын деп жүрген. Үпілмәліктің қабілетіне ешкім күмән келтірмейтін. Тек қана «жұмыстан шығу» деген пәле төбесінен тас түскендей жайсыз әсер етті. Алғашында ет қызумен арызын бере салыпты, кейін ойласа соның бәрі тезек тіршіліктің тезек қаптағандай ғана әуресі секілді. Әйтпесе «Ботакөз, Малкелді» деген есім қалай жазылуына бола бөлім бастығымен айтысар ма? Ғылыми кеңесте сөздердің мағыналық бөлшектерінің жеке тұрғандағы қалпын сақтап жазу керек, яғни морфологиялық тәсілді ұстанған жөн деп бұл өзеуреген: қарсыласы — сөздерді айтылуы бойынша, яғни фонетикалық тәсілмен жазамыз деп даурықты. «Қызмет» деген сөздегі «з» әрпінен кейін «ы» әрпі жазылуы керек пе, жоқ па, ол да ушыққан жараға у сепкендей әсер етті. Үпілмәліктің «қазақ тілінде диалектизм жоқ» деген баяғыдан бергі тұжырымы да бүкіл бір бөлімнің шұқынып отырған зерттеуіне топырақ шашқандай шәркез шаруа екен. Аз айт, көп айт, әйтеуір Үпілмәлік институттан кетіп тынды. Әуелде жолдас-жорасы «өмірде мұндай-мұндай болады, деміңді ал, сейілде, сендей талантты ғалымды жоғары оқу орнының қайсысы да құшақ жайып қабылдайды» деп жұбатқан.

Сөйтсе кісіге қызмет істеп жүргендей болмайды екен. Әп-сәтте ортадан шеткерілеп қалды. Кей кісілер пәпкі арқалап, жақсылы-жаманды бір столды бағып отырмаған адамды санаттан демде шығарып тастайды. Көшеге шығып қараса — бұрынғы сәлемі жатық таныстары қол алыса салып: «жұмыс көп, жұмыс көп» деп сырт айналып кеткенше асығады. Ең қиыны — өзіңді-өзің керексіз сезіну білем. «Қой, ә, шікірею менің немді алған» деп, педогикалық институттың басшыларына жолыққан. «Күзге салым бірер бос орынға конкурс жариялаймыз, қатысыңыз» деп емексітіп шығарып салды. Үйінде балалармен шақылдасып отырудан да жалығады екен. Бұрын қас-қабағына қарап бәйек боп тұратын келіншегі де қит етсе шырт ете қалатын мінез тапты. Үй тіршілігіне қолғабыс етейін деп қойқаңдаса-ақ «қазан бағып аңдыспашы» деп бетін қайтарып тастайтын болды.

Өстіп мондыбас болып жүргенде алыстағы нағашысынан хат келді. «Кейінгі кезде сырқатпын», — депті, кішкентайынан қолда өскен жиенін сағынғанын айтыпты. Үпілмәлік қадірлі кісінің көңілін сұрармын әрі сергіп қайтармын деп ертесіне-ақ поезға мініп тартып кеткен.

Нағашысы теріскей еліне есімі белгілі, «кімсің — шабандоз Сазанбай» аталған дилы кісі еді. Шындығында, өліарадан бері ас батыра алмай, жілік майы үзіліп жарға сүйеніп қалыпты: төсек тартып жатпаса да жүдеулі десті. Бұл келіп кіргенде қоржын тамның жарығы мол бөлмесінде шоқша сақалы селтиіп ұстынға сүйеніп қамшы өріп отыр екен. Ойда жоқта ауданнан кіреге алған жеңіл газикпен кеп түскен жиенін көріп жүрегі жарыла қуанды. Лезде түгі бетіне теуіп қодиланып шыға келді. Әуелі зіңгіттей Үпілмәлікті бауырына басып: «Аһ, арыстаным, жолбарысым, қасқырым, арланым, қарсағым, бүркітім, тұйғыным, торғайым!..» — деп тап осыдан отыз жыл бұрынғы әдетін қайталап айналып-толғанып алды. Алып кісінің құшағы Үпілмәліктің өспірім шағын еске түсіріп еріксіз көңілін босатты. Заматта бала болып шыға келді. Сазанбай нағашыда бұғып сөйлеу болмайды. Орнынан сауылдай қозғалып әуім-сәуім киімін түзеп, қолына балдағын алды.

— Бұл үйдің адамы қайда кеткен?! — деп айқайлап үйді басына көтерді.

— Үйбай-ау, біреу буындырып жатыр ма сені? — деп әйелі Тойбала жеткен. Үпілмәлікті көріп жастық шағы есіне түсті ме, әлде күнгейдегі қайын сіңлісін сағынғаны ма — дауыс салып жіберді. Түйір-түйір жылап көрісіп амандасты. Осы мезет есік сарт ашылып нағашының жалғыз ұлы Әмзе кірген. «Сабақ беріп тұрып үшкілдің терезесінен көрдім, совхоз директоры ғой десем...» — деп арсалаңдап қол алысқан. Даңғарадай аңырайып тұрған кеспірсіз үйдің іші лезде жадырап жүре берді. Төрге көрпеше төселіп, жастық тасталды.

— Қой дейім енді! Жол соғып келген жолаушыны жұлмаламаңдар!.. Ай, ерім, батырым, серім, салым, сыпам, сәуегейім!.. Нағашысын іздеп келген, жұрағатым! Әмзе, малға жүгір. Қошқар баққанға айт, жиен келді де, қойының ең семізін берсін!.. Орнына қозы қосамын кейін!.. Кешке келіп қобыз тартып берсін өзі.

Қоқиланып қонышына насыбай шақшасын қақты. Үпілмәлік босаға жанында тұрған қол чемоданын алып, ішінен астананың жеміс-жидегін төккен. Сазанбай нағашы: «Пайғамбардың асы ғой», — деп сірнесі қатқан құрмадан алып жеді. «Тісімді сырқыратады», — деп апортқа қол созған жоқ. Үй-ішінің амандығын сұрады. «Шөпиіп азып кетіпсің ғой», — деп ошақ қасынан нағашы апасы да қыстырылып қояды. Жанарында меймілдеген жылылық.

— Азбай қайтеді? — дейді нағашысы. — Қайта тастан жаратылған. Мен болсам бір күнде қау болып ұшып кетер едім. Шөп көжесінен іштүйнек боп өліп қала жаздағам баяғыда. Протезімді оңдатуға барайын. Соғыста үйренген аз ғана орысшам былдырлауға жарайды әйтеуір. Қисалаңдап қайда қаңғиын, қонақ үйден шықсам — көк базар. Көк базардан шықсам — қонақ үй. Көк базардың түбіндегі шай жанымды ап қалып жүрді. Сөйтіп апта жүріп жасатып әкелген протезім көкпардың додасына бір салғанда-ақ пода-подасы шықты. Досмағамбет қаңылтырмен құрсаулап берді. Шығашық ақша екен менікі.

— Көкпар, ат дегенде ішкен асыңды жерге қоясың, құдай деп тыныш қана жататын кезің жеткен жоқ па? — дейді Тойбала.

— Есектілерге қосып сүйегімді қорлама. Көз жұмғанша ат ұстағаным ұстаған.

Осы мезет сырттан ноғай телпекті шал келіп кірді. Қазақы бөрік, қырғыз қалпақты көргені бар, ал жиегіне қызыл кемер жүргізген ноғай телпекті бірінші көруі.

— Досмағамбет деген дәуің осы, — дейді нағашысы — Баяғы «Құдайсыздар ұйымының» жетекшісі болған, бүгін қолынан тәспісі түспейтін молда.

— Түтінің қою шыққанға тамағым қышып келсем, таба нан көміп жатырсыңдар ғой, — дейді қынжылып. — Жиенің келіп көзайым болдың ба? Қодиланып отырғаныңа таңданам.

— Уа, астананы тіреп тұрған жиенім келіп жатқанда қамырыққаным келіспес!

Досмағамбет тамағын лық еткізіп Үпілмәлікке сығырайды.

— Кім болып істейсің, жиен?

— Әзір боспын. Жалпы, ғылыммен айналысамыз.

— Өзенді теріс қарай ағызатын ілім бе, әлде көз байлайтын ілім бе?

— Ақсақал, мистикамен айналыспаймыз. Осы сөйлеп отырған тіліміздің төркінін зерттейміз, оқулық жазамыз.

— Нағашыңның ойқы-шойқы сөзін кітаптан оқиды екенбіз онда, — деп кемиек шал кеңк-кеңк күлді.

Кемиектің тілінің бізі бар екен. Аңдаусыз сөйлеп жатыпатарға түскен палуандай тырапай аса жаздады. Дастархан жайылып кәрлен кесемен қою айран жағалады. Ыстық табадан жаңа шыққан нанмен ішкен айран өңешке майдай жұқты. Нағашысы шоқша сақалын саумалап, сәл дыбысқа елеңдеп дегбірсіздене түскен.

Өйтетін жөні бар. Бұл елде қонақ түскен үйге ешқандай шақырусыз, айтусыз ауылдастардың үймелеп жиыла кететін салты бар. Үй иесі де, қонақ та қабақ шытып тарылмайды. Көр де тұр: бұл үй кешкілік бақсының баспанасына бара-бар болар. Әншейінде мойнын ішіне тығып алып тоң-торыс үндемей жүретін қарапайым шаруа шетінен шешен, тақпақ айтышқа айналар; қонақтың көңілін аулар, ертесіне кезектесіп үйлеріне шақырар. Ал бұл болса әлі әзірлікті бастаған жоқ, шалапқа ауыз былғап, таба нанға малжаңдап малданып отыр.

Сырттан ат дүбірі естіліп, артынша Әмзе кіріп келді. «Қошқарбаққан қорасындағы деңгенесін берді, көке», — дейді. «Іші пысып сүйкенерге желеу таппай отыр екен, жиеннің келу құрметіне көкпар тартайық деп жата жармасты. Ақсүмбенің ішінде тоғы бар деп әзер құтылдым. Шабдар аласын лоқылдатып әні-міні өзі де кеп қалады».

Мына сөзден нағашысы шатынап шыға келді.

— Қызталақ қалай-қалай басынады. Бір көкпар беруге шамасы келмейтін мондыбас дей ме, әлде ертең көше жөнелетін долы ма екем?! Рас, қалтамның түбі тесік, қорамның қақпасы ашық. Мал тұрмайды менде. Несібем ел мойнында. Күнгей мен теріскейдің қылқұйрығын сеңдей тоғыстырып кететін Ақсүмбені соның жаман шобырына қор қылсам-ау, онан қара!

— Апырмай, қарап отырып ісіп-кеппей қойсаңшы енді, атыңды кім жамандапты, — дейді Тойбала.

Нағашысының намысы — ұстап отырған жүйрік атында. Жүйріксіз жыны тарқаған бақсы да бір, бұл да бір. Барша өмірі ат баптауға бағышталып келеді. Үйге келген кісі: «Атыңыз бабында екен», — деп бірер жылы сөз айтса-ақ соның домалап жастығы, жайылып төсегі болады. Түнді күнге ұрып тұлпар тұқымы туралы қисса айтуға бар. Ал атының мінін айтса-ақ, ол адамға күн жоқ: дастарханын жинап, есектілерге қосып, жер-жебіріне жетіп айдап шығады. Сазанбайдың бұл сырына теріскей елі түгел қанық.

— Ақсүмбе ана жылғы Аққоянның баласы ма? — деді Үпілмәлік нағашының ауанына жығылып.

— Аққоян — теріскейдің аламан бәйгісін алған салымның перісі еді ғой. Өкпесінің көрігі болатын. Одан жалғыз тұяқ — Күреңқасқа қалған. Кешегі жылқыға қырын қабақ кезде Күреңқасқаны қойға мініп, қанын қойылтып жіберген. Жарытып шаба алмады. Жақсының тұяғы ғой деп орнына сүтті сиырымды беріп, жыл жарым арпаға байлап, үйірге салып, тұқым алғанмын әйтеуір. Аққоянның немересі десең келеді. Әмзе-әй, қойды жәукемде де жылқышы ауылға барып қымыз әкел. Жиеннің ішкі сарайында ыстық бар-ау, айранға теткіп отыр. Ауылдың оразада ішін кебек тескен шалдарына қарайлама, шақырусыз өздері-ақ жетеді.

— Сен, Сазанбай, елуден астың, жігіт ағасы болдың, неге ауыз бекітпедің осы? Ылғи қисығына қыңыраясың, ылғи кітап сөзіне шүбә келтіресің, бұл болмайды, өле кетсең иман-сауапсыз қаласың, — дейді кемиек қатты түтігіп.

— Оқытпа мені, құдайға құлшылық етіп сауап сұрайтын еш күнәм жоқ, тазамын, ақпын! Бригадир болып жүргеніңде аузыңнан ақ ит кіріп, көк ит шығушы еді: ораза ұстасаң — сол күнәңді жуып жүрсің де!

— Күпір сөйлеп, көкіме өйдеп!

— Өтірік айтпаймын, ұрлық істемеймін, кісі ақысын жемеймін, жерде жатқан нанды көтеріп алам — оразам сол менің.

— Апырмай, жиен баладан ұят болды-ау, — деп Тойбала кірісті. — Бүгін сендерге я бәле көрінген, я сол жамбаспен тұрғансыңдар. Пәтуалы сөз айтудың орнына күмпілдейсіңдер кеп.

— Күпір сөйлейтін кісімен табақтас бола алмаймын, — деп кемиек тәспісін жиып өкпелеп кетуге айналды.

— Молдеке, ауыр айтсам көңіліңе алма, бәрін қайтып алдым. Сізге сауалым бар еді, — деп жата-жармасады нағашысы. — Салақұлаш тәспі алып жүру шабандозға қиын көрінді, саусағымның басын санай берсем болғаны емес пе, жаратқан ие қабыл қыла ма сонымды?

— Бейшең ауызбен салғыласпаймын, — деп кемиек шапанын киіп кетуге айналады.

Үпілмәлік күлкіге булығып сыртқа ата жөнелген. Аула түкпірінде үлкен қара ағаш көлеңкесінде Әмзе бүкшеңдеп қой сойып жатыр екен. Қасына келген мұны байқап жанары толып, жымың-жымың етті. Қуанып жүр. «Жаңа байқадым, қысаңның қабағында кекілік қаптай ұшады. Бытыралы қос ауызбен ертең ертемен кекілік қағып қайтамыз», — дейді. Шындығында, бұл кезде кекіліктің балапан өргізіп семіріп шайлаған шағы. Әсіресе, суға қанып қайта өрген кезде кезенсең қанжығаң құр қайтпайды. Кекілік қағу — Үпілмәліктің жастайынан қанына сіңген құмар ойыны, еті — жеңсік асы.

Үпілмәлік ел орынға отырып, жұрт аяғы жиналғанша жаяулап өзенді өрлеп сейіл құрып қайтуды ойлады.

Ақсүмбені үй артына қаңтарып қойыпты. Сауырынан төңкерілген, қолдауы биік сұлу жылқы екен. Бейтаныс адамға құлағын қайшылап, бойын тіктеді. Әйтсе де мойнын бұрып қараған жоқ: сүйегі асыл сыпайылықтың белгісі. Ауыл тау аңғарынан шыққан Раң өзенінің бойына орналасқан. Бір кезде ығы-жығы болып жататын үлкен колхоздың орталығы еді, бұл күнде «Қызылбайрақ» совхозының бір бөлімшесі ғана. Ауылдағы ең лауазымды адамы — ферма меңгерушісі мен веттехник: өңгесі аңызға шыққан қодрендей қарапайым шаруа адамы, малшы-құсшы қауым. Уаттың оты тықырланып қалыпты. Екі ай тау қойнауын жайлаған қойшылар тақауда ылдиға, Шу бойына көшкені төскейдегі шұбырынды ізден байқалады. Жол жиегіндегі зиратты мал кірмесін деп сымтемірмен қоршап тастапты. Өзеннің ақтаңдақ болып қалған кемері, иіні, жарқабағы, қойнау-қатпары көктемгі тасқынның қатты болғанын байқатады. Баяғыда бұл маңай жорғалаған кекілікке, жусан түстес бұлдырыққа, алаң көз шәуліге, күңкілдеген кептерге жыртылып айрылушы еді. Күні бойы күнге қақталып, су сорып майшабақ аулайтын. Нағашының табаға басқан шабағын жеп қылтанақтап қалғаны есінде. Раңның алқымына бойлап енген сайын су сарыны күшейіп, қысаң тарыла түсті: қия беткейде үшқат, арша, долана ағаштары өсіпті. Ауылдың тіс шұқып, сырнай шалуға әуес шалдары мен балаларынан қалай аман қалғаны таңғаларлық әрине. Қысаң іші лезде қарауытып ауа салқындай түсті. Сақылдап ағып жатқан өзен суынан қос уыстап ұрттап ішіп кері бұрылған. Алдынан іздеп шыққан Әмзе ұшырасты.

Үйге кіргенде назарын аударған төрдегі қара қобызды қылғындыра ұстаған жасамыс жігіт еді. Өңгесі осы ауылдың ақсақал-қарасақал сыпайылары. Жабыла сәлемдесіп, амандық сұрасып, қауқылдасып орталарынан орын ашты.

Көне шанақты құйқылжытып тартқалы отырған Қошқарбаққан екен. Жігіттің шын аты — Нанжауар болған. Жеңгелері: «Нансыз күніміз жоқ, атамай отыра алмаймыз», — деп бір күнде пәтуаласып есімін өзгертіп жіберіпті. Шынымен кешегі колхоздың асыл тұқымды қошқарын бағыпты. Бүгінде жалақысы тәуір, жұмысы жеңіл өзен бойының жоңышқасын қориды екен. Бұл орынның өзін тамағы тесік меңгерушіге қой беріп алыпты деген қауесет бар. Төр алдындағы ұстынға арқасын сүйеп жиынның мәтібиі секілденіп аспандап отыр.

Үпілмәлік сол етектегі атлас көрпешенің үстіне құйрық басты. Нағашысы осы мезетті күткендей: «Ал, қарақ, қобызды сөйлет», — деп қолқа салған. Қошқарбаққан сыртынан ғана семіз екен, жөнсіз тәштимеді. Қыл таяғын сағақтағы шайырға жанып алып екі бүктетіліп бүлкілдете жөнелді. Үпілмәліктің құлағы теледидардың эстрадасына үйреніп қалған екен, қобыз дыбысы әуелгіде миына дарып, құлағына сіңбеді. «Угәй-ай, угәй-ай, ей-и-и» деген безілдеген монтаны үн мақамнан мақамға ауысып сезім түйсігін баурап барады.

«Апырмай, — дейді ішінен Үпілмәлік, — жағы сопиған қарасұр пісенде жігіттің ішіне мұншалық өнер қалай сыйып жүр? Жүректегі жанды оятқан әуез ғой мынау». Баяғыда бабалары осы үнмен есірік болған кембағалдың жынын қуып, есін түзепті. Осы үнмен жылан арбап, жылаған баланы жұбатыпты. Бейне, нарын турағандай іш босап, көңіл құлазыған безілдек күйді көп бипыңдатты. Отырғандар толқи бастады.

— Бұл күй маған мүлдем бейтаныс, — деді Үпілмәлік терін сүрткен жігітке еңсеріліп.

Таспен бастырғандай тұқшиып отырған қобызшы еңсесін жазғанда байқады, жанары жанып, аруақтанып кетіпті.

— Ана жылы елге келген тәтемнен үйреніп едім. «Шер тарқату» күйі осы, — деді ыңырсыған бәсең үнмен.

«Тәтем» деп отырғаны бал бармақты әйгілі қобызшы Жаппас Қаламбаев. Бұл жалғаннан өнерпаздың өзі өтсе де торғайдай шырылдап көңіл шері қалыпты.

Қобыздың үні семсе де әсері бойдан біразға дейін тарамады. Бойды буып босатпады. Бірауқымда үнін тілінің ұшына үйіріп отырған сыпайыларға қозғалыс енді. Нағашысы етекте қызмет жасап жүрген Әмзеге атты отқа қой деп жарлық жасады. Нымша киген тобылғыдай солқылдағаын жас келіншек қолға су құя бастады, дастархан жайылды. Досмағамбет еңсесін жазып қолын шайды. Ішінен шіреп шыртылдап-ақ отыр екен.

— Қыл қобыз бақсының бақырығы, — деді кекетіп.

— Көн құлағымызды тірілткенге қуанайық, Досеке!

— Құй сен, құй сенбе. Жиен, мені тыңда. Пайғамбардың көзі тірі уағында Әжімәж деген сиқыры бар қобызшы болыпты. Әжімәж қобыз шалғанда жұрт шаруасын тастап, есі ауып соңынан ілесіп кетеді екен. Күндердің күні жұрт шаруа жасауды қойған. Әжімәждің соңынан еңіреп, елітіп, ілесе берген. Дозақ отының қыл көпіріне бастап апаратын болған. Содан Иса пайғамбар пенделерін аяп Әжімәжді ұстап Қап тауының үңгіріне қамап кеткен дейді. Әжімәж не замандар сол тауды ішінен үңгіп шығуға қалған көрінеді. Ораза ұстап, ауыз бекітетін кісі таусылған күні сыртқа тесіп шықпақшы. Содан дүм-дүниені күңірентіп, қобызын шалып жұртты соңына ілестіреді. Ғазауаттың қыл көпіріне бастап апарады.

— Дүниенің апаты көңілдің көзін ашқан нәяті қобызда тұрған жоқ шығар. Ауыз бекітпеген мені мұқатып отырғаны, — дейді нағашысы.

— Кітап сөзі қымбат па, Қошқарбаққанның қыңсылағы қымбат па? — деп Досмағамбет тымсырайсын.

— Асқа қарайық, қанекей! — деп Әмзе жұртты үш жерге үйеме табақ етіп тартқан етке қаратты.

Қой басы бөлек табақпен тартылған.

— Құйрық асайтын кісі ортаға бөлінсін!

Нағашы аулында қашаннан «құйрық асау» атты салт бар. Ішіне шыр байлаған семіз құнан қой сойылады. Қой етін қазанға түгел салып, құйрықты бөлек асып дастарханға әкеліп қояды. Аппақ қардай құйрықты ұзын-ұзын етіп білемдеп кесіп жеке тартады. Мұндайда май жегіш жігіт өзі тіленіп ортаға шығады. Күні бойы мал соңында жортақтап аш өзек болып үңірейіп келген малшыға оншалық жұқ емес. Кей жігіт жұрттың сілекейін шұбыртып іштің жыланын басып жүре беретін. Ал ауыл арасының шаймен бір ішек болып қалған жұқалтаңдары әні-міні арандап қалады. Бекінген кісі білемделген құйрықты турамай, шайнамай жұтар болар. Түгел тауысса үй иесі және бір қой сояр, май асағыш жұта алмаса қойдың құнын төлер. Баяғыда, жас кезінде осы Досмағамбет құйрық қылғытам деп майға түйіліп, қарулы жігіт желкесінен ұрып жанын алып қалған. Енді ғой көзі кіртиіп май салған табаққа қарайтын емес.

Құйрық қылғытуға ешкім шыға қоймады. Астанадан келген Үпілмәліктен ұялып отыр ма, әлде жұмырында жұқ бар ма, аппақ қардай болып түріліп жатқан майға ешкім жолайтын емес. Мұны білген нағашы шараны алдына тартып құйрықты кеселеп әр табаққа бөліп салып берді. Өзі үйеме етке қол созған жоқ. Жарты кеседей нарын турап жеді де төс қалтасынан арша алып, тісін шұқыды.

Үпілмәлік келгелі онша байқамапты, шындығында, нағашысының алып денесінен ет таралып, шүкәйттай боп шөгіп қалыпты. Асқа тәбеті жоқ. Маналы бері ауыл шалдарын әзілмен қажап аруақтанып отырғаны көз ғана екен. Әйтпесе, Қаратау қозғалса да қопаңдай қоймайтын мінезі ауыр серінің нағыз өзі еді. Жан шықса да сыр шықпасын дейтін осы нағашының сөзі. Кешегі қанқұйлы соғысқа қаймықпай, кірбіңсіз барып оң аяқты пашпайдан жаралап қайтқанда да сыр бермеген. «Апырмай, өзгелер соғысқа аттанса да, аман-есен оралса да ауыл-аймақ, үй-ішімен шұрқырасып жылап көрісіп жатса да Сазанбайдың дәті берік екен», — десетін жұрт. Кетіп бара жатып Қаратау жаққа түнеріп бір қарайтын да: «Атымнан көз жазып қалмаңдар», — деп табыстайды екен. Екі жылдан соң түтіні шұбалған аулына оралғанда да ең әуелі аузына түскені аты болыпты. Біраз жыл жылқы фермасын басқарған. Ақырында өңеші кең басқармамен шекісіп, «нәшәндік болмасам аштан өлмеспін», — деп белсенділіктен біржолата қол үзген. Колхоздың тәбілшігі болды, қарауылы болды, бағбаны болды, әйтеуір бұйырған нәпақасын адал теріп жеп, ақ жүріп өткізіп келеді. Елуінші жылдардың басында әдімұлыққа жеткізем деп жүрген жалғыз шешесін жақсылар кеткен үлкен жолға аттандырып салды. Артынша аршаның бұтағындай солқылдап өскен екі бірдей қызын күйдіргі дерті жалмады. Сонда да Сазанбайдың гөй-гөйін ешкім естімепті. Аһ ұрып сызға жалаңаш бауырын төсеп жатып-жатып жер тіреп тұрып кетіпті. Ендігі алдындағы жалғыз қарасы — Әмзе. Бөлімшедегі төртжылдық үшкілдің мұғалімі де, директоры да — бір өзі. Енші алып келіншегімен бөлек тұрса да айтқанын екі етпей «көке, көке» деп томпылдап қызметінен танбайды әйтеуір. Мұнысына да шүкіршілік. Көріп жүр, үлкен үйден енші алысымен жас келіннің етегіне оралып сен көр, мен көр жоғалатын пысықайлар табылады.

Нағашысын биік өскен зау дараққа теңесе, сол дарақтың өзегіне құрт түсіп дембе-дем кеміре бастаған ба қалай? Алып ағаш әлі де тіршіліктің тәтті дәмін қимай бүр жарып, жапырақ жайғысы келеді, болмайды, күллі денесімен шуылдай теңселеді содан. Лүпілдей соққан терең тамырда өмір үшін сұмдық күрес жүріп жатқанын Үпілмәлік еміс-еміс іштей сезген. Сезген заматта жан дүниесі құлазып қоя берген. Қалай болғаны? Теріскей елі тұлпар тұқымын ұстар, қобыз сазын тыңдар, күнара сылтау тауып ағайынның басын қосар жақсының жұрағатынан айрылмақшы ма сонда? Алыстан сағынып келгенде «арыстаным, айбарым!» деп жүрегі жарыла қуанар бас иесін жоғалтпақшы ма?

Ас соңынан жылқышы ауылдан алғызған қолбала қымыз жағалаған. Тамағынан өтпей қойды.

— Ауыр айтсам көтеріп, жеңіл айтсам күле тыңдап жүре беретін көнбіс, көнтерлі ағайыным, ел-жұртым! Еркелесем үстеріңе шолжаңдаппын. Көтердің, көндің. Ризамын. Жиенімнің жолына арнап серке көкпар тартыңдар! — деді нағашысы еңсесін көтере түсіп. Осы сипаты — қомданып ұшқалы отырған кәрі қыранды елестетті.

Көпшілік қауқылдасып, құптап желпініп қалды. Олар да іштей сезетін, олар да әлденені күтулі секілді. Әсіресе, Қошқарбаққанның қуанышында шек жоқ. Көзінің оты жанып жымың-жымың етеді. Сырттан Ақсүмбенің қоңыраулатып кісінеген даусы жетті. Жұрт қонақасыға мелдектеп алғысын айтып көтеріле бастады.

Нағашысы ойлаған: «Аз күн дәмге көп күн барақат, — деп. Осы жасымда дүниенің қызығын емес, тіршіліктің қызығын көп көріппін. Жұрт тапқан таянғанын үйіне тасып, қалтасына тықпыштаса, мен далаға шашыппын. Бәйге ат ұстадым, айтысқа түстім, күнгей-теріскейдің шабандоз сұлуын аш белінен құштым: тарыққан, торыққан шағымды жақсыларым көрген емес. Жиенім іздеп келгенде байғызға ұқсап бұғынып қалмайын. Барымды шашып, көкпар берейін, Ақсүмбенің тұяғының желін алайын. Неге екені беймәлім, көңілі құрғыр өрекпігендей ме, қалай, жүрегім сылбыр соққандай ма, қалай, ішкі сарайда төгілмеген запыран бар ма, қалай, әйтеуір басқаша сезінем өзімді».

Үпілмәлік ойлаған: «Жалғыз сояу бұтақ етіп өсірмегеніңе шүкір, тағдырым, — деп. -Алыста аңсап жүретін, ілуде бір ат басын бұрып келгенде ағынан жарылып қарсы алар нағашы болғаныңа шүкір, — деп. — Көңіл құлазып, іш босап жеткен кезде жастық шағымды елестетіп, сілкінтіп сергіткеніңе, шын мәрттігіңе разымын. Бір күннің беделінде жұнттай жұтынып, дабырайып қалғанымды түсінемін. Әйтпесе, кеше кім едім, бүгін кіммін? Сөзі ұзын ғұламамен кер ауыз боп айтыса-айтыса діңкем құрып, бейне, ұшынған кісіше теткіп жүрер едім. Кең тынысты қарапайым жандар арасында ес жиып, еңсе жазармын, бәлкім».

Ертең көкпар деген күні Үпілмәлік өзенді жаяу өрлеп қысаң қабағынан қос кекілік атып қайтты.

Нағашысы ертең көкпар деген күні суға түсіп, кірсіз киінді. Сақал- мұртын басқызды. Бозғыл жүзіне қызыл бояу жүгіріп, тырпыл-тырпыл тыным таппай аттың терін алып, суытып, құйрық-жалын сүзіп көп әлектенген. Бұрын да бабында, бағуда тұрған Ақсүмбені жалпуыштап, терін үгіп, жұнттай етіп күтуіне қарағанда нағашысы әлденеге бел буған секілді. Есік алдына шыққанда көрді: жылқы да қас-қабағына қараған сұлу келіншектей тым жұтынып билей басып, жанары ұшқындап, ойнап қалыпты. Бүйірден сұқтанған бөгде көзден қорынып дөңгелене тыпыршиды. Нағашысының айтуынша, Ақсүмбе көкпарға да, бәйгеге де бірдей жарайтын кәдімгі қабырғалы қазанаттың тұқымы көрінеді.

Көкпар күні нағашысы Ақсүмбені мұның алдына тартқан. Үпілмәлік аттан тақымы шығып қалғанын айтып, Әмзенің мотоциклімен-ақ көріп қайтамын деп еді — көнбеді. Ау, көкесі, өзіңіз шауып тамашалап көңіл сергітіңіз деген — болмады. Көршінің сиырға салып жүрген торы шобырымен-ақ тепектермін дейді өзі. Амалсыз Ақсүмбеге Үпілмәлік мінген. Тақымының астынан суырыла сырғи жөнелгенде жүрегі ойнап, құлағы шулады. Соңында жортақтаған нағашыда дамыл жоқ: «Тізгінге қарыса берме!.. Қамшыны шошаңдатпа!.. Ырқына жібер!.. Ақсүмбе айдау жолмен жүргенді қаламайды!.. Иесінің ойын тақымнан сезеді!..» Осынау кеңесті тыңдап келе жатып тегі қысылды. Әуелгіде көйлегі делеңдеп, тақымы дымданып далақтаған кеп. Тізгінді сәл босатса-ақ алып қашып кететіндей, тақымын сәл қысса-ақ құлақты жымып ытырыла жөнелетіндей көрінді. Көкпар болатын жазыққа жеткенше біраз лоққы көрді. «Ойпырмай, — деп ойлаған, алдынан қаулап шыққан қарақұрым аттыны көріп. — Жай жүріске ішім шайқалып келе жатқаным мынау, қалай ғана құйындай жүйткіп көкпар тартармын, ат бауырында додаға түсермін? Жұртқа сайқымазақ болмасам жарағаны. Бас аманда атын өзіне қайырып құтылғаным жөн шығар?!»

— Нағашеке, Ақсүмбенің алғашқы терін өзіңіз алыңыз, пейіліңізге ризамын, — дейді бұл.

— Бұл даланың шаңын ат тұяғымен талай қаққам, шырағым, бойындағы арам терді шығарып өзің шап, — дейді нағашысы.

— Көкпар бізден не жесін? — дейді бұл.

— Ақсүмбенің үстінде көкпарды мығым ұстап отырсаң болғаны, қашыртқыға салып құтылатын өзі, — дейді нағашы.

Сен сал, мен сал деп тұратын не бар? Серке көкпар басталды да кетті. Қошқар баққанның қиқуы құлақты кесіп барады, аты да сауырынан төңкерілген жуан жылқының тегінен екен, дода біткенді дәкедей ыдыратсын, тұяғымен кесек атып зырласын. Ақсүмбе көкпарды екінші айналымда қуып жетті. Қызынып алған Қошқарбаққан мұны қонақ қой деп, ұят қой деп көкпарын берер емес, құлақ жара қиқулап тартысқа шақырып барады. Сауыр сипасып, қолдау қағып келіп көкпардың бір борбайын ұстағаны сол еді: Ақсүмбе жалт бұрылды, ат үстінен сыпырылып түсіп қалды. Шаң сейілгенде барып селтиіп орнынан тұрған. Тартыстан ойқастап шыға келген Ақсүмбені көріп, жүрегі ұша тобалап, нағашы жеткен. Жусан арасынан шаң-шаң боп түрегелген Үпілмәліктің о жер, бұ жерін ұстап көріп, аман-сауына көз жеткізді. Көкпаршылар да үрпиісіп осылай ойысқан.

— Болмас, болмас, — деп нағашысы шобырды Үпілмәлікке түсіп беріп, Ақсүмбеге өзі мінді. — Естіген құлақ, көрген көзден ұят енді. Қартайғанда жорға ашып балалармен көкпар тартысып, тақым созысып жүр деген сөзден қашып едім. Ақсүмбенің жынын басып, терін алмай ауылға қайту ауыр күнә! — Нағашысы атты сауырынан төңкеріп ұзай бастаған үлкен топқа араласқан.

Жусанды жазықта ұйлығысып жүрген көкпаршылар енді Раң өзенінің алқымына қарай ойысыпты. Арғы жағы салдыраған малта тас, ат аяғын алып кетеді. Неғылса да ылдиға сорғытпай тұрып алдын орауы қажет. Әрине, әзірге көкпаршылардың тақымы созылып, жыны тарқаған жоқ, күн күйдіріп кенезесі кепкен жусанды жонда ойдым-ойдым болып лықсып жүргені содан. Серкенің терісі шыдас берсе алып қашу күн бата басталмақшы.

Нағашысы ат басын екі мәрте жібергенде алда созылып келе жатқан қайыс тақым көкпаршыны қуып жеткен. Тартысқа сол жамбаспен жанасатын әдеті, өйтпесе оң аяқтың протезі илікпейді, тартыс қинайды. Ақсүмбе сыр мінез, иесінің ойын тақымнан түсініп әдеттенген. Көкпар алып бара жатқан жігіттің оң бүйірінен кеп жанасты. Анау да айлакер әккі екен, серкені бұлт еткізіп ары аунатып жіберді. Ағып бара жатқан ат жалынан асылып тұтымға түсіру қалған.

Жұрт соңынан тепіректеген Үпілмәліктің көңілін әлдебір қауіп ұялады. Осынау қарақұрым аттылар арасында көзге көрінбей, жанға сезілмей суық жүзді ажал жүргендей сезілді. Әйтпесе әшейінде қой аузынан шөп алмайтын момын қауым көзі қанталап, бұлшық еті ойнап сәл қиқуға желігер ме?.. Бірін-бірі таптап кетердей, түтіп жердей жұлқысар ма? Кәріні кәрі, жасты жас дейтін емес. Нақа пәлен жыл іздеген кектесін жаңа жолықтырғандай өңмендей ұмтылып, өзеуреп өктеп жатқан бір кісі. Бейне, жайбарақат жайылған отар ішіне сумақай бөрі кіріп кеткен бе дерсің. Бейне, маң даланы құтырған құйын жайлаған ба дерсің. Жас кезінде атқа шауып көрсе де қалада өткен жиырма жыл ішінде атты өгейсініп тақымы қышып қалғаны рас. Әшейінде дүр еткен ат дүбірінен ду ете түсетін қан қызуы қазір жоқ, суып қалған секілді. Енді байқап келеді, былайғы кезде тым кішік тіршілік кезген, мал баққан, кетпендеп егін салған, бала өсіріп, ұрпақ жеткізген қазекемнің бір мінезі осы көкпарда жатпасын деп ойлады Үпілмәлік. Көкпар мен қазақ егіз жаратылмасын осы.

Дегенше болған жоқ, Ақсүмбе ұйысқан шаңнан суырылып сытыла берді, нағашысы көкпарды бұлтылдатып алып шықты. Аяқ-қолы серейген науша кісі ат үстінде аш күзенше бүгіледі. Қиқушы топ соңынан сатырлатып кеп салған. Ақсүмбе аяқты жылқы екенін және айғақтады, дем-дем сайын қуғыншы топ пен арадағы қашықтық ұлғая түсті. Ақырында жалғыз қара жалы бұрқырап қияндап шығып кетті.

— Шын шабандоз деп Сазанбайды айт!

— Бос тақым жиеннің қарымтасын қайтарды!

— Әй, өзі шауып не көрінген бұл шалға, — дескен қаңқу сөз құлағына жеткен. Үпілмәлік кейде зау биік зеңгір көкте артына ақшыл жолақ тастап ұшқан реактивті самолетті көруші еді: тап қазіргі жалпақ далада жосыған Ақсүмбе сол суретті елестетті. Соңындағы ақ жолақ шаңды сұйылтпай бері ойысқан. Түре шауып шаңын жұтып бара жатқандар да, өкпе тұстан кесе-көлденең салғандар да бар. Әрине, бұлттан шыққан күн ащы демекші, бүйірден салған қуғыншы жаман. Ат қақтығысып адам мертігуі мүмкін. Соны сезген Үпілмәлік астындағы шобырға аямай қамшы бассын, нағашының алдынан шапсын. Бітене шобыр қамшыкесті боп қалған екен, ойға қарай сынаптай сырғымай, тепірек атып лоқылдай жөнелді. Азанғы ішкен қымызы шайқалып аузына тепті. Иә, сәт!.. Иә, сәт!.. Анық байқады, бүйірден лақтырған найзадай шаншыла шауып бара жатқан түндегі қыл қобызды азынатқан жігіт, усиқы көкпаршы — Қошқар баққан. Манағы ел көшірген қиқуы ащы еді; көкпар алдында көкнәр ішіп алғаны онда. Етін қыздырып, қанын ойнатып қоймай бара жатқан соның кәйпі. Сусылдап келе жатқан Ақсүмбені алқымнан, не сауырдан соқса екі ат та шеңбірек атары анық. Жандайшаптың түрпеті жаман. Көре тұра қарап қалу күпірлік. «Қарсы шаппа!.. Қарау жасама!..» — деп бар даусымен айқай салып тырапайлай шапқан. Қошқарбаққанның құлағына жетті ме, жетпеді ме — беймәлім, әйтеуір көз алдында әлем-тапырық шаң көтерілді де кетті. Қопаңдап келе жатып өз-өзінен тұзым жеңіл, сорым қалың бейбақпын деп күңіренген. Сән-салтанат, көкпар-думан немді алған-ау! Қаладағы тасболат үйде құлақты тығындап, түбір сөзді зерттеп, сырт дүниеге селт етпей жата берсем қағынды алар ма еді?

Әуелі шаң арасынан Ақсүмбе сытылып шыққан, үстінде нағашысы, көкпарды тақымынан түсірмепті. Күлбеттеніп түтігіп кеткен, ойқастап қызған аттың тізгінін сыңарлай тартады. Қошқарбаққанның шабдар аласы ері ауып бос шықты. Үпілмәлік атынан домалай түсіп жігітті сүзген, әудем жерде жүресінен отыр. Күлден алған көмештей үсті-басын топырақ басып, шекесін қос қолдай ұстап, бебеулей теңселеді. Мертіккен жері жоқ секілді, мұның иығынан ұстап, ентігіп әзер түрегелді.

Ат үстінде басын бір иығына қондырып нағашысы жеткен.

— Пәдеріңе нәлет-ау, қарсы шаппа деп қашанғы қақсаймын! Ақсүмбенің айласы болмағанда қырылып қала жаздадық қой!

Айнала ұйлығып қалған жұртқа тақымындағы көкпарды суырып алып тымақша лақтырып жіберді. Шабысты кідіртпеуге қосты. Мертіге жаздаса да мәрттігінен танбады.

Қызынып алған көкпаршылар қауқылдасып мәз болып дүрліге жөнелген. Демнің арасында шаң басылып, дүбір алыстап кетті. Нағашысы ат басын ауылға бұрған, бұл екеуі сүметіліп соңына түскен. Орта жолға жеткенде барып шабандозға тіл бітті.

— Әлгіде жұртты шошытпайын дедім. Соғысқан кезде сол аяғым сынып кетті, — деді.

Шындығында, сақтиян етігінің өкшесінен қан тамшылап келеді екен. Үпілмәліктің төбе құйқасы шымырлап кетті. Осынау жанның болаттай берік төзіміне тәнті болды әрі іштей аяды. Нағашысы үйге жете әлсіреген. Қолтықтап түсіріп төсегіне жатқызды. Әмзе шапқылап жүріп дәрігер шақырды, оташы тауып әкелді. Үзеңгі соққан кезде сол аяғы жіліншіктен шытынапты. Бетінен түгі шығып тырс етіп үндеуді қойды. Дәрігердің уколы жанға батқан ауруды сәлге бәсеңсіткен секілді. Оташы шал епті екен, шытынап кеткен сүйекті сыртынан сипап бір-бірлеп салғандай болды. Нағашысының аузына су тамызып, жастығын биіктетіп отырған Үпілмәлік, бейне, аруағынан айрылған ақындай, жынын алдырған бақсыдай алакүлік хал кешті. Ең әуелі жақсы көріп пір тұтатын адамының көз алдында жаны қиналып жатқаны батты: сосын іштей кемірген ой бар. Осы бейнетке бастаған өзім деп мүжілген. Мен болмасам, мен келмесем бәрі бұрынғыша жайбарақат барақатты тіршілік кешкен болар еді: Қошқарбаққан көкнәрге тойып алып қыл қобызын қиқылдатар еді. Ақсүмбені баптап, күтіп, ақсаңдай басып аруақтанып нағашысы жүрер еді: әр үйдің қазанын аңдып, тәспісін тырсылдатып Досмағамбет келер еді. Момын ауылдың түтіні тік шаншылар еді, бұл келді де бүлдірді. «Шер тарқату» күйін тыңдатты, көкпар тартқызды, тулақтай даланың шаңын қағып, жылқысын болдыртып: екі бірдей азаматты аттан жықты. Бұл аздай-ақ: әлгіде естіді — Қошқарбаққан басымның ішіне торғай кіріп кетті деп білгір тәуіпке көрінбекке күнгей асып жоғалыпты. Өз-өзінен төменшік тартып күйгелектеніп отырған мұны нағашысы бірауқымда ымда