Әдебиет
Дүкенбай Досжан
Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.
Төзім
Ауыр салмақты басын төмен салып ішкі ойымен алысты: қойшылық маңдайыма жазған ата кәсібім білем деген. Қойшекең туғанда әкесінің азан шақырып қойған аты — Біссімилла болатын. Берітін келе белсенділер бұл есімнен дін иісі аңқып тұр деді: ескілік салтты қайта жаңғырту деді; әйтеуір өз атымен өзін іштей араз қып бітірді. Кейінше қолына ақ таяқ алып, құлақшынын баса киіп қой соңына түсті; шаруаға төселген малсақ, кімсің — Қойшы, Қойшекең аталды. Сөйтіп аз жылда Біссімилла есімі ұмытылып, Қойшекең аталып шыға келді. Сая бастаған құрылысшы жастар бригадасы осы бір комплексті қолға алып қауырт сала бастағанда ойлаған: көмекші шопанды қора тазалатып қойып, қарауымдағы жастарды тырқыратып қойға салып; қол қалтада, сигара езуде, қалашылап, тойшылап жүремін ғой деп. Енді аңғарса әңгіменің түп төркіні өзгеріп барады. Қарауындағы үш мың саулықты қақаған қыстан аман шығару — мәселенің бергі жағы ғана секілді.
Ең ғанибеті — бүгінгі малсақ жастарды тәрбиелеу, ертеңгі қойшы кәсібін жетілдіру көрінеді. Ел өміріне Сая бастаған «Таугүл атты құрылысшы жастар бригадасы қандай жаңалық, жаңа леп әкелсе; бүгінгі комплекс те жақсы ертеңнің темір қанат қарлығаштары екен. Удай қымбат жем мен шөптің, жастар еңбегін өтеудің үстіне, сайып келгенде алдындағы малдың өзіндік құнын кеміту керектігі өз алдына үлкен бір мәселе. Осынау зілбатпан ауыртпалық бейне қол жетпес қиын асудай шалқақтап алыстан мұнартады.
Ішкі оймен алысып тұрып байқамапты; қияқ мұрт өспірім жігіт пайлаған шөпті домалатып апарып сымын шешіп қораны ықтап бүрсеңдеген арық малға шашқалы жатыр. Делеңдеп солай жүгірген: «Менің рұқсатымсыз бір бау шөпті малға беруші болма, әзірге топырақ жаласа да өлмейді, қыраңға айда!..» — деп бажылдады. «Тау ғып пайлаған шөпті өзіңіз жейсіз бе?» — дейді өспірім қиямпұрыс қылық танытып. Әуедегі бұлт шөлі жұқалаң тартып жыртылып кетіпті. Өрістегі қой соңына дүрбі салып қараған: қос аттылы екі қыз малды ылғи құбажонның теріскей бетіне қаптатумен жүр.
Теріскей бетте қоянсүйек, тікен, кәріқыз қылтанағынан өзге дәнеме жоқ: малдың жұмырына жұқ болмайды, қайта тұмсығын тырнап аузын қотыр етеді. Құмның күнгей беті әрі шуақты, әрі ебелек, қарғатұяқ, жаужұмыр, көсік аралас жабайы отқа бай келеді: сол сырды жас шопандар білмей қыт-қыттап қайтарумен әлек. Енді қора ішін қидан тазалап жатқан көмекшінің атына міне салып солай шапты. Құмның шашадан келетін күпсек қарын түрткілеп, ендеп жайыла алмай жүрген малды жуан жотаның күнгейіне шашыратты. Қыздарға ақылын айтты, осылай да осылай, мына ақтылы қойды ортақ қауымның ақы адал малы, өз еншіміз деп ұқсаңдар ғана жан ашып жақын тартпақсың; өлмесе іші кепсін деп ат үстінен қиқуласаң, мал-мал болмайды, жабағы жүн болады. Ата кәсіпті қадірлеп, қасиеттеп ұстау ләзім деп қыздарға біраз өсиет айтты.
Тәмпіш танау, қарақат көз, бауырсақтай қызылшырайлы қыз домбыққан қолын әлмә-әл үргілей түседі.
— Аттан түсіп қимыл жаса, — дейді Қойшекең. — Баяғыда Мейрамқалада бір саудагер түйе сатып алып, күн суықта «ақшасын төлеп қойғам» деп үстінен түспей жүріп аяғын үсітіп тынған екен. Сол секілді көрсеқызар болма, — деп қыздарды ду күлдірді.
Қыздар түстік шайын термосқа құйып, тамағын орамалға түйіп ала шығыпты; әзірге қайтпаймыз, мал әбден тоғайып тоңғанда барып бетін бұрамыз дейді. Қарап тұрып осынау жап-жас, елгезек, ұяң, әдепті сұлулардың қайсарлығына, іспенділігіне таң қалды. Әсіресе шашын өзбек ағайынның қыз-келіншегі секілді «тоқсан өрім» етіп өрген ақсары, айдынды, мінезі тіктеу қыз қойын дәптерін суырып Қойшекеңнің айтқанын қадалып түртіп алады, өзі де сауал қойғыш-ақ. Қойдың іш майы неше градуста тоңазымақ?.. Күйек алдында ай астында жаюдың төл төгуге әсер ықпалы бола ма? Жел құйрығына терістікке шаншып соқса боран басталмақшы ма?.. Әйтеуір Қойшекеңнің бар білерін айтқызып ақ тер, көк тер сынақ алғандай болғаны. Тезірек атқа қонып ауылға жетпекші.
— Ал, айналайын, Мінсіз (бұл бұрымы «тоқсан өрім» қыз), Күміссырға (бұл бауырсақтай қызылшырайлы тәмпіш мұрын қыз) ит-құсқа сақ, малға уақап болыңдар, бір жерге үймелемей екеуің екі қанатта жүргендерің құп, — деп Қойшекең қамшысын шошаңдатып атына мініп аулына тартты. — Отын-суды әзірлеуге қол күші жетпей жатыр, соған көмектесейін.
Ауылға келе үйде қалған кезекші жастарды ұйыстырып жыңғыл шабуға жиналған. Шақырым жердегі Өгізсайдың бойында ұйлыға өскен жыңғылдан отап, бұтап түсіріп алмаса, ертеңгі боранда көмірге тамызық таппай түтінге тұншығары анық. Қияқ мұрт бозбала: «Сайдағы жыңғылға шабақталғанша қырға шығып сексеуіл отамаймыз ба?» — деп қиғылық салған.
Қойшекең осыдан үш жыл бұрынғы оқиғаны баяндады: Қызылқұм ішінде ғасырлар бойы құмға тосқауыл болып тұтаса өскен, ұзыны жүз елу шақырым, ені бір шақырым келетін сексеуіл тоғайы бар-ды; ауданнан келген арамза браконьерлер аң аулап жүріп тоғайдың Түгіскен ойпаты тұсын отап қиратып кеткен; содан мінекей үшінші жыл — еспе құм апат боп жылжып күріш танабына тақап қалыпты; сол кетік тістей ашық жерден жазы-қысы құм дүлейі ысқырынып соғады да тұрады дейді.
Осы әңгімеден соң жастар сексеуіл деген сөзді ұмытқандай болып, күн кешкіргенше Өгізсайдан жыңғыл кесті. Ертесіне ат арбамен арлы-берлі ілдебайлап жүріп үй жанына үйіп түсірген. Бұлтсыз шағырмақ ауа тым тұнжыр: арқа-бастың кеңінде қимылдағаны құп-ақ болыпты.
Арада алты-жеті күн өткенде ауа құбылып аласапыран басталған: иә құм екені, иә қар екені белгісіз мұнар жапқан қиыр тұңғиық түтек бет қаратпай екілене ескен. Үш мың саулық жабық қорада қолға қарап жаутаңдап қалды. Әрі-беріден ысқырына у төгіп түтегенде үйден шығудың өзі мұң. Қойшекең жастарды өз үйіне жинап алып, іш қоймасын ашып байлау айтты.
— Бір қыз, бір жігіттен жұптасып шөп тартасыңдар, біз Сейілбек екеуміз қорада қалып малдың астын тазалаймыз, жем-шөп шашамыз, — деді.
Жанары шамдай жарқырап буынып-түйінген Мінсіз бен түсін суыққа салып ішінен пысып бүгежектеген қияқ мұрт бозбалаға түсіндіруге тура келді. Жабық қорада қыруар аш малды уысында ұстап шөп шашу, астын тазалау қияметтің ісі. Ессіз мақұлық қора ішінде жосқындай сырғып еш тыншымайды. Жаңа шашқан шөпті пәске аяқ асты қылып таптап кетеді; аңдысып, үйіріп ұстап жегізген ләзім. Мың сан тұяқшиір астынан сарала қиды сыпырып, күреп қоларбаға салу; сыртқа апарып төгу епті іспенділікті тілейді. Қоларбаны дырылдатып бірде ішкі жылыға, бірде тысқы суыққа ұрынған Сейілбек түс ауа жотасынан оқ тигендей кирелеңдеп қалды.
— Шойрылмам бар еді, — дейді жансебіл сүйретіліп. — Жатып қалмасам жарағаны, шойырылсам — күллі тіршіліктің қараң қалғаны.
Күміссырға техника тіліне епті екен: әуелгіде қақалып-шашалып істемей қойған қитартқыш конвейер моторын бір күн шұқынып жүргізді әйтеуір. Қияқ мұрт пен Мінсіз шаршаған соң, кезек үйдегі жастарға жетті; Қойшекеңнің келіншегі ас қамымен, Сейілбектің әйелі Жұлдызауа кір жуудан артылатын емес. Қи түтеп, шуаш сасыған жабық қораға бір кірген кісінің өн бойы садыраға сатқақталып шыға келеді. Маңыраған мал даусынан миы ашып дамылсыз жорғақтаған Қойшекең ойлаған: осы дүлей апта соқса аяғы қиынға бастайды деп.
Уайымның жөні бар; өне бойы қолға қараған мал ашөзек құнықпа келеді. Шөпті шайнап тұрып су сұрайды; су ішіп тұрып азынап жүрегі сазады. Кісіге ұмтылып, кеудем-соқтап, жапырылып өліп кете жаздайды. Оның үстіне көп бейнетке ысылмаған жастар ертеден қара кешке сүркіл жүрістен ақ тер, көк тер қимылдан тұралауға айналған. Әлмә-әл жылы үйге кіріп пешке арқасын сүйеген күйі қор ете қалады. Әкелеп-көкелеп оят сосын, дүлей боранмен алыстырып арба сүйрет, десте тасыт, жем қаптат, қи күрет. Қи тартқыш транспортердің көмейі бітеліп, лентасы бұралып жүруінен тұруы көп. Осы қимылмен жүргенде қораның ірге түкпірі ылғал тартып саулықтардың бауыры сарғыштанып шыға келді. Ылжырап лай атып дымданған көңді тасып үлгермесе — мал ішінен азады, мама саулық түсік тастайды. Енді бұлар күрек қайласын қамдап түкпірге тоғытылған.
Сейілбек үшінші күні шойрылмасы ұстап төсек тартып жатып қалды.
Осы сұрапыл сұмдық аптаға созылса құрығанымыз деп Қойшекең іштей қауіп шекті. Үш қыз, төрт өспірім жігіттің түс шайысып ыржаңшыл әзілқой болып жүргені жаймашуақ әшейінде екен; дүлей басталғалы сыр беріп қыңқ дейтін бір ауыз сөзі жоқ, қайда жұмсасаң сонда ұшады. Елпілдеп тұрған жаны жоқ айналайын кілең.
Күміссырғаның айқын ажарлы үні сыңғырлай сөйлеп жора-жолдасын сергіткіш-ақ; Мінсіздің әдемі қаланған ақ тістері жұқа ернінің қызылына жарасып күлгені-ақ кісіні елжіретеді; жаудыр жанар, тал шыбықтай солқылдаған Мейрамкүл кісіге, көзге өте алыс; әйтсе де аса сәулелі жұлдыз секілді — қиғаштай қарағаны ішіңді өртейді. Айналайындар-ай, деп елжіреген кәдімгідей Қойшекең: бауыр жеткіншек сендер болмасаңдар Сейілбек екеуміз миымыз атала болып араздасып, алшайысып кетер ме едік, қайдам.
Ағакелеп алдыңнан кесіп өтпейтін, дүниелік есепке жоқ өңкей өндір жасты Сыпақұл қайдан тапқан десеңші. Бұларды көрмей, білмей бұртияды екенбіз. Жаңа тосын лепті, ілгергі тілеулі ертеңгі ел иелері осылар ендеше. Борпық құмды меңіреу өлкеге жаңа уақыт желінің екпіндей соққаны содан болар бәлкім. Көне шөл мен түйіле соққан жаңашыл желдің кереғар күресі басталды дей бер. Шөл мен желдің егесі елге жүк, ұзақ сонар әңгімеге өзек.
Төртінші тәулікте долы дүлей бәсеңсігендей болып, түпсіз терең аспан асты, алашабыр алапты сақылдаған сары аяз буды. Комплекстегі Сейілбектен өзгесі аяғынан тік көтеріліп темір бетонды жабық қораның ішкі іргесін қуалап жіңішке ор қазуға кіріскен. Ор болғанда — айнала емес, қораның күнгей бет қабырғасын жағаласа жетерліктей. Өйтетін де жөні бар; қатты аязда бетон қабырға мал демінен терлейді, оның үстіне зәр кебейеді; екеуі қосылып ылғалды лайға айналады. Қысылтаяң құбылмалы күндерде ішке тепкен ылжыраған лай су орға жиналады, ор арқылы сыртқа ағады. Әрі мал қабырғаға бүйір тақап жата алмайды.
Жер қара, күн жылыда малды ашық қораға ауыстырып жабық жайдың ішін дегдітіп, құрғатып алатын. Төтенше аласапыран долы дүлей басталғалы қыруар қой тұяқ аудармай, бас амандап садырасын кешіп тұрғаны содан.
Енді шопан қауымы тегіс көтеріліп, ыстық ас кірсіз киімді ұмытып; күнгей іргені құлдап ор қазды, тартатын кенепті тазартты, су жүретін науаны жөндеді, шөп турады, бірер көтеремді үйге кіргізді, ақырсында сілелеп сүріне жығылды. Қойшекең суықтан домбыққан қолын жылысын деп, сығылысқан саулықтың арасына сұққан; шошып кетті. Біраз малдың бүйірі ылғал, садыраға жатқаннан. Тап осылай апта жүрсе жүндегі дым теріге жетеді, ішке өтеді, тұралаған көтерем етеді. «Қанекей, бауыры ылғал малды қораның терістік бетіне, құрғақ бұрышқа айдаңдар!.. Астына саңылтыр тастаңдар!.. Суды жылытып аздап беріңдер!..» — деп тынбай жарлық жасаумен жағы талды. Бір мезетте: «Ішегім қабырғама жабысып қалды жылы су ішіп шығайын» — деп үйіне беттеген. Көмекке шопанның қарсы есігін ашқан. Мұнда белін қайыс белбеумен буып, басын көтере жығылып, рацияны дамылсыз үргілеп Сейілбек жатқан.
— Сыпақұлмен әзер тілдестім, — дейді ыңырсып.
—Көмек жіберетін болды ма?
— Дарияны мұз бумай тұрып апта бұрын понтан көпірді алып тастаған; қатынас үзілген; дарияның беті қалың қатқан жоқ, тракторды көтере алмайды. Дүлей дауылдың беті жаман, вертолет ұшыру қауіп. Тау беткейімен қатынас үзілген. Әзірге шыдай тұрыңдар дейді.
—Өл де маған! Ішкері құм ішіне қыруға әкеліп пе бізді? — деп Қойшекең шөкелей отырып рация құлағын ғыр-ғырлатып бұрады-ай кеп.
—Әлө!.. әлө! Аудан-аудан, қыздар, маған әкімді қосыңдар!.. Күтуге әддім жоқ!.. Қосыңдар-ай!..
Ақыры Ғайнекең телефон трубкасын көтерді білем.
— Тыңдап тұрмын сізді! — деп анық ашық дауыс етті.
— Төртінші тәуліктің жүзі терістіктен дүлей соғып, сақылдаған сары аяз буып елуге айналдық: қораның іші қақап кетті; шөпті турап, жемді жылытып беруге қол күші жетер емес; біраз саулықтың бауыры балшық, біразы темір қатып жабысып жүнін жұлдырды; көң мен қи белшеден!..
— Сабыр-сабыр, — деді Ғайнекеңнің үні. — Сізде қайта шөп пен жем жетерлік екен, тау баурайында қалған қораларда ол да жоқ, қарды трактормен бұзып, көмекке әскер шақыртып жатырмыз.
— Жаңа үйдің іші бір жылымайды, қанша жақсаң да пеші азынайды да тұрады: қыздар жататын бөлменің қабырғасына қабыршақ тұрып, қасымызға алдық: көмекші шопанға дәрігер керек, қыздарға жылы күпәйке, керзі етік, қолғап; жігіттер далбай құлақшынмен ғана жүр...
— Сабыр-сабыр, — дейді Ғайнекең сөзін таптап айтып. — Соның бәрін күн жылыда ойластыру керек еді. Енді құр байбаламнан пайда аз. Озатсыз, күшті сарқып пайдаланып, малды сақтаңыз... шыдаңыз... шыдаңыз... шыдаңыз!..
«Шыдаңыз, шыдаңыз!..» деген сөз құлағында біразға дейін шыңылдап тұрды, сұлқ түсіп отырып қалды. Қырдағы малшылардың халі бізден де жаман екен-ау деп ойлады Қойшекең күнге қақтағандай қатты тотығып. Қой, басқа түскен бұл да бір зауал шығар; шыдайық, қимылдайық; өле кетсек өкімет өзі тауып көмер. Көне сіңір мені қойшы, әлгі тал шыбықтай бұралған қыздарым мен бетінен боздағы шығып бозарып сазарған ұлдарым титықтады-ау әбден. Нәзік талдай солқылдап, бораннан бетін жасырып бүрсеңдеп ықтай түссе не тірлік болмақшы.
Қойшекең қалай атқып тұрып кеткенін білмей қалды.
— Ал, бауырыңмен жылжысаң да осы үйді от жағып жылытып қой, ауық-ауық кіріп бой жылытып тұрайық.
— Белім көтертпейді. Жұлдызауаны жібер, шай қойып берсін, малмен мал болып жүріп қырылармыз.
— Қырылғаны қалай? — деп Қойшекең кері бұрылған. — Көмекейіңнен көріп тұрмын; мал қырылса да мейлі деп жатырсың. Ішіңдегіні тап бастым білем. Қарап жатпай қысастық ойлап қасарысамын де!.. Мал қырылса мейлі де!.. Мені бетіме түкірсе де бәрібір де!..
Сейілбек те жынын шақырып шарт кетті.
— Ойладым солай.
— Ұя бұзар, қора бұзар арамза екенсің! Қап, осыдан боран басылып, ес жияйын, үйелменіңмен көшіріп дарияның арғы бетіне апарып салмасам көр де тұр! Маған жатыпішер жанаярдың қажеті жоқ!
Осы мезет есік сарт ашылып Қойшекеңнің әйелі кіріп келді; әр тарап ажарды айтпай-ақ таныды.
— Бұларың не?! Дүлей қатаймаса басылар емес, балалар әбден қалжырады, от жағып қазан көтермесем болмас. Сен жазған, ауру кісімен қырбай қабақ болмай балаларға бар!.. бар!.. бар!... — деп күйеуін кеудеден итергендей болып шығарып жіберді. Мәтіби ерке келіншек ойнақы нақышпен қапелімде күйеуіне кесектік танытты.
Құлақшынын баса киіп қора жаққа құлдыраңдап келе жатқан Қойшекең ойлаған; күн жарықта саулықтарды дилысын бір бөлек, нашарын бір бөлек екі дай етіп бөліп үлгерейік деп.
Мана көрген: малдың әлдісі, күштісі нашарларды ығыстырып, шөптен, жемнен қағып, шетке ысырып салған. Қабырғаға жаншыған, жайылу бермеген. Бүйте берсе нашар мал сәт санап кері кетіп көтеремге айналар, күйістен қалар. Тезірек сорттап, жіктеп, арасына сымтемір тартып тастамақшы. Қораға кірген мезетте жүрегі құрғыр зірк етті. Қыздар шетке ұйлығысып үдеріп шығыпты. Сөйтсе есі кеткен аш мал шөпке ұмтылып толқыған мезетте Мейрамкүлді қағып домалатып кетіпті.
Бара жанары шыланған өспірім қызды арқадан қағып жұбатып әуре. «Қой, ә, осының бәрі бір күнгідей болмай ұмытылады әлі», — деп даудыраған. «Қиналсақ та қол ұшын берер ешкім жоқ, ұлыжарықта малды екі жар етіп бөліп алайық», — деп Қойшекең ұрандай ұмтылған. — Мейрамкүл, сен үйге бар, үстіңді кептір!.. Мінсіз, таяқ ал да оң қанатқа бар. Күміссырға, сол қанатқа шығыңдар!.. Мал бөлеміз! Әсірәлі (қияқ мұрттың есімі), ортаға ойыс!.. Кетті лықсып, бері қайтар, ары жіберме!.. Таяғымның ұшына қараңдар, топқа сіңіп нашарын жіктеп, екшеп айдап шығамын!..ал, қамдан!.. қосылып кетпесін!..
Қойшекеңнің тап осылай жарықшақ үні қораны көшіріп, дедек қағып делеңдеп, сеңше сырғыған малмен мидай араласып жүріп жанталаса қимылдады-ай. Жүрек майы аузына кілкіп өкпесі өшті. Көз байланып қараңғы түсе малды екі дайға бөліп бітті-ау әйтеуір. Даусы бәсеңдеп нашарлай сөйледі.
— Араға дереу сымтемір тартайық, балалар! Жұлдызауа, нашарларға саңылтыр шаш, жемге тиме! — деп көмекші шопанның келіншегіне бұйрық берген: — Әсірәлі, қоңды қойға сыздықтатып бұлқынмен су жібер, лақылдатпай тиып таста, таңға дейін аққан су көк мұз болып қатады, сосын балталап бұза алмаймыз, күйіс қайырса да бір түнге өлмейді.-Қойшекең ендігі мәурітте үні бітіп қақылдап жөтеліп қалды. Сонда да қоймай қолын сермеп, мезгеп жарлық жасап жатыр.
Ақырында қой айыруды аяқтап қораның ортасын сымтемірмен қақ бөліп, қақпаны қапсыра жауып тірсегі майысып үйге беттеген. Соңында көмекшілері, терістіктен шаншыла соққан суық желге жонын беріп бүрсеңдей адымдайды. Бүгін бәрі бас шопанның үйіне жиналған. Тыста ұлыған жел, іште сүр еттің жұпар иісі, жастардың сөз айтып, қимыл жасауға шамасы жоқ, пеш қызуымен қалғып-мүлгіп қалды.
— Біттім!.. түңілдім!.. иә, дүлей боранды жеңіп шығамыз, иә, тасмаңдай болып жер сипалап қаламыз!.. — деп сілкінді Қойшекең.
Құм арасындағы комплексті шопандар бригадасына бесінші күн ойда жоқ бөтен сұмдығын әкелді.
А-а, басқа салды біз көндік деп Қойшекең ертемен тұрып үстіне күпәйке, басына құлақшын, аяғына керзі етік киіп белін қымтана буып сыртқа шыққан. Кеше кешкіліктегі қызылшұнақ аяз сай-сүйекті сырқыратар азынаған желге қосылып жаланып тұр. Әу дегеннен қол басын, бет-жүзін қарып өтті. Мына өлермен өкпекке қарсы малды сыртқа айдап жаюға болмайды; суық қармап ұшып өледі. Бес күн бойы жабық қораға қамалып араны ашылып ыңырсыған ашқұрсақ саулыққа не шара істерін ойлап сергелдең сенделіске түсті. Алыс құм шағылдарына бойлап көз тіккен; мұнартқан ірімтік бұлт селі ме, әлде еспе құм жотасы жер бауырлап бері жылжып келе ме — әйтеуір астаң-кестеңі шыққан тұңғиық терең көкжиекті анықтап көре алмады. Жылы үйге қорғалақтап қайта сүңгіген. Әйелі тұрып пеш жағып, шай қамдай бастапты.
Қарсыдағы көмекші шопанның халін білмек болып арбаңдай адымдап есігін қақпастан кіріп барған. Ерлі-зайыпты кісілер сырт көзге ерсілеу ашық-шашық жатыр екен; сасып қалып сипалақтасып киімге ұмтылысты.
Үй иесі өз белін өзі қолдап көтергендей болып: «Күн қалай?.. күн қалай?..» — деп жақауратады кеп. Қойшекең мойнын сырттап бұрып тосын уайымның бетін ашты. «Қаратау жақтан ұшпа жел шығыпты, бұрын-соңды құм ішіне мұндай көкбет кесепат келмеуші еді, қыстың қарымы қатты ма, әлде аспанның түбі тесілген бе, білмеймін. Сары майдай сақтап келген жемнің аузын ашамыз ба қайтеміз. Лажы болса удай қымбат шөп пен жемге тимеңдер, мал қыстан аяғымен шықсын деп Сыпақұл қатты тапсырып кетіп еді. Тозаңы шығып қатты қураған шөп арық малдың жұмырына жұқ бола ма, әлгіде көрдім, қолды-аяққа тұрмай азынап кетіпті». «Ашпай болмас», — дейді Сейілбек. «Түнде беліме жыланның уын жағып, жартылық ішіп буланып жатып едім, омыртқам орнына түсіпті, бүгін жақсы секілдімін, іншалла!..»
Сайланып, қамданып ертеңгі шаруаға шыққанда білді: Әсірәлі мен Семетай есімді бозбала түнімен қызуы көтеріліп, сандырақтап, ауырып шығыпты, емдей қоятын қол ебі жоқ. Рация құлағын безектетіп бұрап ауданмеп әзер тілдескен; ел басшылары түгел көтеріліп қалың қардан қатынас үзіліп бөлініп қалған тау баурайындағы қой қораларына кетіпті; жылы су, жем, шөп тасып, қасат қарды бұзып мұрындарына су жетпей жүрген секілді. Рация арқылы бас дәрігермен тілдесті. «Сол бетте, жарамды жүйрік вездеходпен аудандық мәдениет бәлімінің меңгерушісі Мүлкаман жүр, сол кісігі қатты табыстадым. Түгіскеннен Мағрипаны алып сіздерге жедел жетпекші», — дейді Еділ Айдарханович. «Жол біле ме өздері? Құм ішінде теріс кетсе пашпырты біткені!» — дейді Қойшекең тағы тың уайымның сорабына түсіп. Рацияның толқымы шорт айнып, қайдағы чачачалаған асау әуенге көміп кетті, Қойшекең күллі сымтемірді, боранды, өзінің қиын тіршілігін нәлеттеп сыртқа сытылды.
Келген бойда әңірейген стандартты қоранның есігін ашып жібергенде іштен күлімсі шуаш иісі бұрқ етті. Желдеткіш әйнектерді алуға бұйырды. Сол қанаттағы нашар, арық саулықтарға тақағаны сол:
— Құртыпты!.. Құрыпты!.. — деп тамағы құрғап қиқылдай жөтелді. Қасына жеткен жеткіншекке шошына нұсқап көрсетіп жатыр.- Көрмейсің бе, біразының ішінен жылмайы ағып кетіпті!.. Алда ғана ит-ай, атаңа нәлет-ай!.. Гербицид сіңген күріштің сабаны малдың асқазанына сүргімен тең, көзі кілмиіп, үңірейіп, іші қабысып сылынып қалғаны содан!.. Жастар жағы қауқары қашып, үрпиісіп тіксініп шетке ойысты. Кеше кешкілік аласапыранда көмекші шоманның келіншегі білместікпен байқамай таудан тасылған құрғақ дестені шешуді қиынсынып, шеткері үйілген Түгіскен күрішінің бума сабанын шаша салыпты.
— Зиянды сабанды несіне жинаған ендеше? — дейді Мейрамкүл.
— Сабан зиянды емес, сабанға сіңген у дәрі залалды, — дейді Қойшекең. — Ұжым басшыларына қайтсе де шөптің жоспарын орындау қажет; өзге өлкедей орағын сайлап ортасына күрп ете түсетін бұратылған бүйра шүйгінді шабындық жоқ. Дария суы тасымаған соң жағадағы қамыс пен құрақ кілдіреп құруға айналған. Сосын қиқым-сиқымға дейін тіртінектеп жинайды келіп. Осы сабанды дестелеп буып түсіріп жатқанда-ақ ішімді тартып, мейлі, қолдағы сауын сиыр, бұтартар көлік қаузар деп үндемеген едім. Гербицид көп себілген жерден жиналғанын қайдан білейін.
Қойшекеңнің маңдайын тоқпақтап қиналғандай бар екен: сирағына әзер сүйеніп тұрған тырақы мал жақпас сабан қаужағасын-ақ кілмиіп, ішінде жұқ тұрмай тұралауға бет алған. Жалғыз амал; асқазанын жылы сумен шайып, жұғымды жем асатып, тұз жалатып қолдан күтіп қатарға қоспақшы.
Білекті сыбанып жіберіп дәу қазанға су жылытып, жемді шылап легенмен кезекпе-кезек жүдеулердің аузына тосқан. Қайсыбірі кеуделей ұмтылып бас қойса; келесісі көзі кілмиіп, жағы қарысып дым татпайды-ау, дым татпайды. Қойшекең күйіп кеткен. Әлгідей асау саулыққа атша мініп тақымына қатты қысып, езуіне қамшы сабын жүгіртіп, аузын күшпен ашқызған. Легенін ұстап әзір тұрған Күміссырға жемді уыстап көмейлетті. Қолға үйренбеген асау қақалып-шашалып бұлтша бүркіп киімді былғасын.
Қойшекең: «Болмайды бұл!» — деп қан түкіріп саулықты босатып қоя берді. «Жемді құрғақтай емес, қазанға қайнатып быламық жасап ішкізген жөн-ау, өйтпесек бұл малғұндарды аштан қырып алармыз...» Сосынғысы жүйкені жеп тұнжыраған салыңқы сылбыр тірлікке ұласты. Сабаннан іші кеткен саулық екеу, үшеу ғана болса еш қиналмай құлшына қимылдап көмейіне быламық құяр едің-ау; отыз, қырқы және жәудіреп желкеңде төніп тұрса қалай шыдарсың?! Ақ көз бейнетке қашанғы төзерсің?! Нән қазанда бұлқынған қоймалжың быламық, қойдың ашқарақ ауызы, шаң мен қи, қи мен сабан талай мәрте көз алдынан кілкіп өткен Күміссырғаның бір мезетте басы айналып, жүрегі көтерілді. Қанша уақыт өткені белгісіз, атала құйған шәугім қолынан сусып жерге түсіп кеткенін біледі; сырт айналып бетін басып булыға өксіп жібергені есінде.
Келесі бұрышта беліне таяқ тиген жыландай ирелеңдеп көпсіген қиды жылжымалы кенеп науаға атып жатқан Сейілбек ойлаған: мына бас шопан шетімізден зорықтырып өлтірер деп. Бұл қиқушыға бұрын да талай көмекші болып көргенмін. Шетен қалпағы делдиіп, езуінен сигара түспей, сақтиян етігі сықырлап өз-өзінен дүрсініп, мығымсып; бар ауыртпалықты көмекшіге жүктейтін. Қайда жиын, қайда жиналыс, төр ағасы болып сонда отыратын. Ұжымшар құрылғалы желігі басылып, кісілігі қалып тырпыл-тырпыл көн шоқайлы көптің біріне айналыпты; осы боран басталғалы мүлдем танымастай өзгерді. Әуелде шөпке, жемге ауыз салмай малды аяғымен жайып шығарамыз деп ширыққан: енді байтал түгілі бас қайғы боп бір саулықты да шетінетпеймін деп шырқырап жүр. Тәйірі, мынадай қақаған суық сыңайы жіңішкеріп жүдеп тұрған малға садақ жебесінше қадалары анық. Сондықтан күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытып жан аямай қимылдауға бекінді. Тұралған саулықтың көмейіне көже құйып жатқан Қойшекең ішінен тынып серт бергендей болды. Қасарысқаным қасарысқан, бір де өлім бермеймін деп бекіген. Билігіме осынша кең қора, сақылдаған техника, сартылдаған өспірім көмекші беріп, зілбатпан жауапкершілік артқан өкімет сұрай да білетін шығар. Ертеңді күні: «Оу, Қойшеке, мал тұяғын санап өскен сыралғы шопан, арқалы азамат, сөз иесі ғой деп сеніп жүктесек — бала-шағаны шулатып, саулықты суыққа қатырып қырып алыпсыз; кісімсіген құр кеуде екенсіз», — десе тірідей өлгені ғой. Абырой-атағын қара жерге көмгені ғой. Ел басшылары: «Ә, соны қойшы, оның өзі кім, сөзі кім» деп сырт айналмасына кім кепіл. Ондай қараспан күннің бетін аулақ қылғай. Сүйектен сөз өткізіп, кішімтайлы болып, жалтақтап күнелткенше көр де тұр, қарасын батырып көшіп жоғалады бұл көкең.
— Аға, қалған саулық өздігінен оттап жатыр, — деген Мінсіздің әдемі ашық үні селк еткізген. Аузыңа май, айналайын-ай, деп іштей еріп, тізесін бүгіп тұра алмай қара жерге шөмпиіп отыра кеткен. Ашық тұрған қақпадан көрді, қорғасын бұлттың қабағы салбырап жер бауырлай жылжып көшіп барады. Терістіктен соққан үскірік ұшпа жел өңменіңнен өтеді. Есік алдындағы толарсақтан асатын ұлпа топырақ, қоқсыған қи, сабан саңылтыры араласып миы шығып жатыр. Керкеткен ауыр күндер бірте-бірте сабақтасып реңін ашар емес, аспан қаза шығарған үйдей тұнжыр салбырайды.
— Ендігәрі аш малға сабан шашпаңдар, күн ашыла ол үймекке от қойып жіберемін, — деді Қойшекең. Су тартқыш, қи шығарғыш бұлқынды жүргізіп тұрған мотор дымданып, майы азайып әлсін-әлі өше берген. Темір тетігін бұрай-бұрай Күміссырғаның қолы домбығып, тырнағы көгерді. Сейілбек мана әлгіде-ақ белін басып, жағалатып, сылтауратып, гөй-гөйлеп үйіне жоғалған. Жасы үлкен адаммен шапылдасып ұрса беруге және ыңғайсыз, ішкі қоймасы бөтен кісі малға жаны ашитын емес; қит етсе— құяңы, қит етсе — сарыбы ұстап ұя бұза берді.
Аптаның алтыншы күні ұшпа жел сап тынып, ірімтік салыңқы бұлттан әуе айықты. Шағырмақ күн сәулесі жақын жотадан ағыл-тегіл құйылып ақты. Енді байқады — сонша күн жер бауырлап боран түтетіп, дүниені тұмшалаған қияңқы бұлт жауып мандытпапты: сайлы жер тізеліктен, төскей бет шашадан аспайды. Иә, сәт, иә, пірім деп, Қойшекең белін буып ішінен сәулеленіп қатты қуанған. Бет шымшып, мұрын тістер ашушаң аязы болмаса, екіленіп ескен құтырма дүлейден құтылған секілді; биылғы қыстың есе сыбағасын тәуір-ақ татты, ендігі тілейтіні — малды құм баурайына қаптатып, қан жүргізіп, ішін шайқап тәй-тай басқызып әкету. Арғы жағы жетіліп жалғаса жығылатын көктем жылымығы.
Осы оймен темір дарбазаны сықырлата ашқан. Дилы, қоңдылар жатқан қанаттың сым қоршауын жазып саулықты сыртқа айдап шәйт-шәйттаған. Қаны ұйып қалған мал домалаңдап тұрып, жорғалақтап өріп сыртқа лықси беттеген. Қаракөлеңке қабырға жақтағы біраз саулық сіресіп жатқан күйі қалды. Жүрек басы шым ете түсті. Жанарына жас лықсып, жүрегі аблығып, арбаңдай ұмтылған. Бара сап байқастап көрді де әлденеден үрейі ұша қорыққан жандай шегіншектеп кетті. Бұйығы сілелеп ұйықтап жатқан көмекшілерін оятты. Оятқан жоқ-ау, жау шаптылап шошыта тұрғызды. «Тасмаңдай болдық! — дейді барқырап. — Кеше жылмайы аққан жамандарды жемдейміз-жеткіземіз деп жүріп, ту сыртымыздан келіп ұстаған қатерді аңдамаппыз! Қораның темір бетоннан салынған қабырғасы ішінен дым тартып, мал демінен терлейді екен; қатты аяздан терістік беті солайымен сіре мұзға айналған, түнде қабырғаға арқасын беріп жатқан қойдың жабағы жүні бетонға сіресіп қатып қалыпты, тырапай асып түра алмай жатыр».
— Енді қайттік, ағатай? — деп Мінсіз жанарын мөлт еткізді. Баяғы тоқсан өрім бұрымы ұйпаланып ұйысып қалыпты, бүйрек бетінің қызылы оңып, жуған шүберектей бозарыпты. Қарап тұрып аяп кетті.
— Қораның ішіне отын жеткізіп от жағамыз, көк мұзды ерітіп қойларды тоңнан босатып аламыз.
Мұны естіген түкпірдегі бөлмедегі Әсірәлі керуетте жатқан күйі тарқылдай күліп мәзденеді.
— Кеше қазанға быламық пісіріп малдың аузына құйдыңдар, бүгін бауырына от жағып шашылық жасаңдар, — дейді кекетіп. Қасындағы дімкәс досы қоштағандай шиқылдап күледі кеп. Қойшекең түлен түртіп қамшысын екі бүктей ұстап үстеріне кірген. Хи-хи-хи!.. Ха-ха-ха!.. Екеуінің де есі шығып есуастанып кеткендей; үстеріне төнген Қойшекеңді мәнзүр қылатын емес, ыржақтасып ішін басып өліп қалыпты. Бас шопан тұрды-тұрды да ә деп қамшысын бір сілтеп шыға жөнелді. Екі өспірімнің құлқын сәріден көмекші шопанмен жең ұшынан жалғасып, жартылықты ішіп алғанын білмеді, әрине.
Қыздар қора көмейіне жыңғыл тасып, іргеге тақау үйіп от маздатты. Азынап тұрған мекенжай ішіне жылы леп ұрып терістік қабырғадағы мұз қабыршақ емшектеніп еріп тырс-тырс тама бастады. Жабағысы жалбыраған, шау болып шөгіп шатқаяқтаған тұсақ дымды, сызды қабырғадан ажырап апыр-топыр жүрелей түрегеліп сыртқа беттеген. Кейбірінің уыс жүні тас шеменде қалды. Қатты аязға темір бетон қора оншалық қол емес екен-ау деп ойлаған Қойшекең. Ауа тартар құбыр да қалдырмапты. Желдеткіш болса-болмаса екі бастан жоқ. Бұрнағы күні іргені қуалай ор қазғанда — тамшы ақпас, аяз қаппас деп биіктеу бұл тұсты қалдырып кеткен. Білек күші де сарқылып біткен. Енді міне, басқа әулет, бөтен дәулет иесі — құрылысшы маманның ойсыздығы мен асығыс ісінің зауалын тартып тұрғаны; осыны салған «Таугүл» атты құрылысшы жастар бригадасына іштей кейіді.
Боран соңы сақылдаған сары аязға ұласқан алтыншы күні шемен қабырғаға жабысып қалған жиырмашақты саулықты «әупірім-тәңіріммен» от жағып жылытып ажыратып алды. «Көресіңді көрмей көрге кірмессің» деген ілгергінің сөзі рас екен; қой аузына быламық құйды, түкпірге қамалып қи күреді, сүңгі ойды, шөп үсатты, іргеден ор қазды, көтереммен төргі үйінде пеш түбінде аяқтасып ұйықтады, дүниеде не болып жатқанын ұмытты, ұмтыла жығылды, өтті-кетті...
—Бастың аяқ болғаны осы ма? — деп сілелеп шаршап үйіне келсе — төрінде Мүлкаман мен Мағрипа отыр. Алыс жолдан әлгіде жетіпті.
Жастар жатақханасындағы сіресіп жатқан екі бозбаланы көріп суық тиген деп тауыпты, алғашқы ем-дом жасапты. Көмекші шопанның құяңы отыз жылдан бергі сүйек жолдас, қолма-қол емдеп жаза алмаймыз, күн жылына курортқа, тұзды балшыққа түскені құп дейді. Екі бозбаланы аудандық ауруханаға апарып емдемекші. Мұны естіген Қойшекең: «Бақсыдай қып мені комплекске қамап, қалғандары бәлдір-батпақ бәрі өтірік деп бет-бетімен қашып жоғалмақшы ма», — деп ішін тартқан. Құр қауқиған рухы қалған. Мағрипа жанына жетіп келіп бетінің жыңғыл осқан, сым тырнаған, жырылған жеріне дәрі жақты: шыт-шыт жарылған саусағын танды, нашатыр спиртін иіскетті. Көзін ашып-жұмып ұйқылы-ояу ажар танытқан.
— Ішкі денемдегі жарақатты көрсең анық шошыр едің, — деп өзі кеңк-кеңк күледі.
— Көкемнің қасында болайын, — деп Мағрипа сыпайы сызылып, өзінің туып-өскен қара шаңырағына кетуге айналған.
— Осында бол, ас ішіп әл жина, қарындасым.
— Күтіп қалар, үйге барайын.
— Ол шалдікі әшейін жанаярлық, жұмыс істеп жарытпады, сені көрсе курортқа апар деп тегі шалқаяр. Шықпай жүрген жан біздікі, қарындасым.
Мағрипа шығысымен екі еркек тілауыздан қалып үнсіз томырайысқан. Пеш жақта ас қамымен жүрген келіншек қауіп ойлаған: ішмерез болғандай бұлардың тым-тырыс отырғаны несі деп. Әлде екеуден-екеу дүрдараз болып ащыласып қалғаны ма деп. Дастарқан жайып жатып назар жыққанда байқады — екеуі екі бұрышта омақадай омалып отырған күйі ұйықтап кетіпті. Келіншек: «Бетім-ау, бұлары несі?» — деп мырс беріп теріс айналды.
Қарсыдағы үйде Сейілбек пен Жұлдызауа мәре-сәре; көптен көрмеген Мағрипа, қапияда қолдарынан ұшырып алған темір қанат балапаны, жер ортасына жеткенде тұла бойын түлетіп дүниеге келген тұңғыш перзенті табалдырықтан ішкері аттаған соң-ақ қуанышқа мас болған. Үйіріліп, бәйек боп айналып-толғанған. Ерлі-зайыпты екеуі бірінен-бірі қызғанып, тәжікеге де барған, сөз жарыстырады.
— Айналайын, шәукиіп азып кетіпсің, бір жерің ауырып жүр ме? — дейді Жұлдызауа. Бақырауық шалдың қиғылығы бөтен.
— Көншоқайы қатқан кетпенші аққудың көгілдіріндей қарағымның қадіріне қалай жетсін. Шәпкесі қисайып, түнделетіп, депутатпын, күрішшімін деп әне бір жылы ұрын келгенде-ақ құйрығымды сыртқа салып едім. Бұйрықтан бұлтара алмайды екенсің.
— Қайдағыны айтпаңызшы, көке.
— Кәрі кемпірі тым қақсауық мазасыз, қолынан құмғаны түспейтін намазшыл тақуа, сыңар езу сөзшең көрінген.
— Алматының арманына айналған қарағымды көзге шұқып, шаң топыраққа араластырып жібермекші. Ана көншоқайлы кетпеншімен теңестіріп, жүнжітіп, жасытып, кішімтайлы ету ғой армандары. Білем, топыраққа басын тыққан диқанның ішкі сырын; өзімнен аспаса, алыстамаса дейді. Шіркіндер шетінен шыртиған өкімет, өзімшіл, өркөкірек, өкірек!..
— Жазған-ау! Батыр да бір балаң емес пе, не деп ауа жайылып отырсың? — деп Жұлдызауа күйеуін тиып тастады. — Ана жолы, ерте кетіп, кеш қайтқан сүркіл бейнетін көріп шошынып, диқаншылықтан қой баққан көш артық екен деп ойлағам. Жер шұқимын деп қайбір жетісіп жүр дейсің.
— Тойға дейін күнара келіп саулығымды сұрап тұрушы еді, тойдан кейін төбесін көрсетуді қойды. Жоғары білімді білдей маман, сан жігітті аузына қаратқан Мағышымды кетпенші тұрмақ министрге қияр ма едім.
— Сынықтан өзгенің бәрі жұғады; бұрын қой аузынан шөп алмайтын көкеңе Қойшекеңнің шайпу тілі, тікінек мінезі жұғыпты, — дейді Жұлдызауа.
— Домбыра тартып берейінші, — деп Мағрипа бұрыштан шаңға батып шытынаған домбырасын тауып алды.
Құлақ бұрауын келтіріп аз-кем бұрап шертіп отырды да, тосын бір әннің мамыражай мақамына салып кетті. Сүйрік саусақтары көне шанақ бетінде билеп басып дәмді дыбыс үзген. Жырақтап кеткен балалық базары, қызықты, уайымсыз күндер сарыны бірте-бірте еміс-еміс еске оралып, шерге ұласып, көкейкесті сазды әуенге айналғандай; әмбебап сергек көңіл домбыра ызылымен үндесіп толқып сай-сүйекті шіміріктірді-ай. Жас адамның жүрек түбінд