22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Дүкенбай Досжан

Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.

Қызыл кеніш оқиғасы






Қазақ жері тарих кітабының сарғайған беті. Туған өлкеге байланысты азды-көпті әңгімеге, атауына назар салып, тереңірек үңілсең-ақ алтын жүлгесіне кезіккендей кепке енесің. Тасы да, бұтасы да сөйлеп қоя береді. Қарқаралының терістігінде көлденең түсіп жатқан Боқтыкент тауы. Бұл таудың күнгей беті лебіне тірі жан арбалғандай жер үстінің жәннаты, сәукелеге ұқсайды. Орта тұсы өркештеніп, түстік беттен кең аңғар ашылады. Жалғызаяқ жол қысаңды өрлеп жоғарылай түсіп оң мен солдан шоқылы тау — ұйқыдан оянған батырға ұқсап еңсесін тіктеп түрегеліп кетеді. Шырша, қарағаш, үйеңкі тоғай алдыңыздан андыздап шығады. Жұлқынып аққан өзенді өрлеп жүрген сайын аңғар қусырылып, шүңейттеніп ұзын сапты шөмішке ұқсап кетеді. Қос қапталы терістікке қарай биіктегеннен-биіктеп өткел бермес асуға тіреледі.

Еріксіз кідіресіз. Шүңейт табанында тастан-тасқа секірген жіңішке өзен. Өзеннің сол қапталынан үймектелген қорым, қорым төрінде қам кесек, жалпақ тастан өрілген тасболат там. Үш бөлмелі, төбесі ашық, ортасында дәлізі. Терістігі мен түстігінде екі есік, кәдуілгі қума етіп салынған қоржын там. Там әлдеқашан құлаған. Қызыл кеніш қонысы осы.

Кейінгі қазбагерлер кісінің кеудесінен етіп биіктетіп, қабырғаны қайта өріп, бөлменің еденіне жалпақ тас төсеп, тасболат тамның сұлбасын құп келтірген. Тамның аумағын сымтемірмен қоршап, «Тарихи жәдігер, мемлекет иелігінде» деп шойын тақта орнатыпты.

Бейсеубет жан жүрмей кісі аяғы баспаған соң бүлдірген, ұшқат, алаботасы киіздей қалың; маңайы сәмбі, қарағаш араласа өскен тоғай. Қысаң іші елсіз. Сақылдап аққан өзен, сыңсыған тоғай кешқұрым кісінің бойын тоңазытып бүрістіріп жібереді. Түнге қалу қауіпті. Білетіндер кемештенген тау аңғарынан түнемесі қыстығып, сыңсып жылаған бойжеткен үні естіледі дейді. Бойжеткен болып үн салған — баяғыда Қызыл кенішті бір қыс жайлаған қырық қыздың рухы, әлде ғайыпты кезген шайтан, әлде ібіліс сазы ма, кім біледі. Әйтеуір ұзақ жолдан шалдығып жетіп шөккен түйедей жайрап жатқан көненің көзі — Қызыл кеніш көне әңгіменің кеніші.

Кешегі өткен Алтын Орданың дәуірлеп тұрған заманында ұлы даланы басқан жері төңкеріліп түсердей не жайсаңдар мекендеді десеңші! Жошының тұңғышы Орда Ежен кіндігінен Дешті Қыпшақ ұлысын уысында ұстаған қазақ хандарының әулеті тарады. Еділдің арғы жағы, бергі жағын жайлаған киіздей қалың елге Батыдан тараған ұрпақ иелік етті. Екі өзеннің арасы, Бұқар мен Самарқанға Шибан тұқымы, Шағатай әулеті; күн еңкейген батыс түкпірдегі хажытархан мен Қырымға Тоқай-Темір әулеті қоңыр самал ескендей сарабдал сөзін өткізді, әулеттің алтын тін, үзілмес арқауы болды.

Тоқай-Темір мойыл қара шашты, жазық маңдай, қараған кезде мөлдіреген өткір жанары кісінің арғы-бергісінен өтіп кететін, сұңғыла сұлу кісі болыпты. Әуел баста Жаратушы Ие әйел ғып жаратып ап, соңынан әлгі ойынан тез айнып еркекке тартып кеткендей... жібектей есілген мінезі, көркем жүзі, тұнжырап қарағаны-ақ беттесіп келген кісіні магнитше жылдам тартып, иінін тауып икеміне тез көндіретін. Түп атасы Батының бірбеткей қаттылығы айналып өтіп, нағашы жұртының қоңыр қозыдай жуастығы жұққан ба дерсің. Еділ өзенінің найқала лықсып теңізге тақағанда он сан арна мен салаға бөлініп, бытырай жайылған алқымына қаданы өзі қадап, орданың шаңырағын өзі көтерді. Айналасы ат шаптырым жазықтың ортасына бақан тіреп: «Осы тұс!» — деді.

Хан сөзі қате кетпейді. «Осы тұс» деген жерге көп ұзамай қиқымдай қоныс қаптап, бөрене иіп, қам кесек қаластырып «шоңқима» деп аталатын үйлер қанат жайды, хансарай салынды. Қазаны ошақтан түспейтін асты екен, ханы билік тізгінін тас қып ұстаған тархан екен деген сөз қосарланып келіп — астытархан + астархан + хажытархан — ордасы дүниеге келді. Қазақтың алтын ғасыры — ноғайлы дәуірі басталды.

Одан беріде... Абылай заманында Тоқай-Темірдің кіндігінен тараған жас ханзада көк шалғыны үзеңгіні шырмап көлікті тұсап жүргізбейтін, ішіне бота түссе көрінбейтін көкорайға шатыр тігіп, білегі майысқан ханшасының қолынан қымыз ішіп, әдемі мұрты көкке шаншылып малдас құрып отырған еді. Ту сыртынан ат дүбірі естілді. Шауыпкел, барыпкелі елең етісті. Жер еңбегін оярдай әлдекім дүрс құлады, жарықшақ үнмен «дат» сұрады.

Жас ханзада тізесінде көлденең жатқан қылышын жартылай қынабынан суыра түсіп артынша шалғайымен жаба қойды. Отаудың есігін серпіп ашып торғауыты енді. Қос қолын кеудесіне айқастырып, тізерлей кетіп тілге келді. «Төменгі жақтан қара қалмақтың елшісі келіп тұр, хан ием», — деді торғауыты гүр етіп. «Ту сыртымды дүбірге толтырып ентелеп жететіндей елшінің есірігі ме?.. күте тұрсын!» — деп сол қолын сілке көтеріп шығарып жіберді. Ойға шомды... Жоғарғы Еділден сабылып жететін керуеннің хабары үзілді, орыстан алым-салық жинап келуге жіберген жаушысы әлі жоқ. Орман ішінде бұқпа торғайша бұғынып жан бағып жүрген шарқайлы мұжық жалт беріп ұстатпай діңкелетті ме, әлде жаушыны қаумалап, балталап тұқымын тұздай құртты ма, кім біледі. Жүрегінен уәйім еш жуылмайды. Осыдан күншілік түстіктегі Сарайға аттанған сауда керуені қайтып оралмады. Сарайда отырып Мәскеудің ұлы князі кім болуы керек екенін өзі шешіп, өзі пәтуа айтатын Алтын Орда беклербегі ұлық Мұхаммед ұрпағының дәурені тайып, айбыны аласарғалы қашан! Ой, пәлі-ай! Күпті көңілмен күнді еңкейтті.

Кешкілік көлеңкесін кеудесінен басқан елшіні қабылдады. Қабағы түсіп жағынан боздағы шығып әбден жүдепті. Қос тізерлей жүгіне кетіп қамшысын көлденең тастады.

— Қара қалмақтың торғауыты Аюке ханның ертеректе Қалдан Шерінге жалғыз қызын беремін деген уәдесі бар. Қалдан Шерін қиырдан көз салып күтіп отырған көрінеді. Қасына отыз тоғыз қыз қосып, Тошайын арумен қырық қыз етіп керуен тартып, атажұртқа жөнелтпекші. Сол керуеннің жолын тосып, олжаламай, өткізіп жіберуді өтінеді Аюке хан.

Тоқай-Темір кіндігінен тараған жас ханзаданың бүйрегі бүлк етті. Осыдан пәлен жыл бұрын, онда Баты жарықтықтың көзі тірі, ормандай орысты шауып, ат басын батысқа бұрған ызғын уағы. Ат үстінде құйрығы қажалып, жілік майы үзіліп, тақымы ойылады. Сары аязы сақылдаған, шымдақ жолы жас баланың еңбегіндей былқылдаған батыста жортып жүріп Баты бақи жалғанға озыпты. Мәйітті жат жерге қалдыруға болмайды. Керуленнің күрең төрінде әйгілі әулеттің көрханасы — ит арқасы қияндағы Ике Өтөгке үш ай жүріп жеткізуге тиіс. Хан қорығына мәйітті теңдеп апарып жамбасын жерге тигізу арғы бабасы Тоқай-Темірге жүктеліпті. Әулеттің қол жайып, бет сыйпаған пәтуасы жазылмаған заң. Батының сүйегін тұз сіңген құлын терісіне орап, сыртын шудамен шандып, сары маяға теңдеп, қыл құйрығын көтерген қаралы шеруді бастап бабасы Келүренге бет алыпты.

Әппақ айдың астында жазираның шетіне шыға алмай митың жүріспен мамырды түгесіпті.

Темірқазықты сол үзеңгілікке алып, ми қайнатқан күнге маңдайын төсеп маусымды еңсеріпті.

Шыжыған шілдеде Алатауды бөктерлеп, нән шыңнан қиялап өтіп құба дүз шөлге шығандап қаны қоюлапты. Жан созған қолдың біразы қаңқасы саудырап жолда қалады. Шөлге шығандайды. Аспан мен жердің әдібі сөгілген көгілдір көкжиек көзді тұсағанда — жол аңдыған қалмақ тайшысы ойқастап алдынан шығыпты. Мәйіттің жамбасына салған алтын жамбыға аңсары ауды ма, кім біледі. Көлеңкесіне ілесіп, сіңіріне ілініп әзер келе жатқан шағын қол кезенген жауға төтеп бере алмайды. Аруақтан қорқып пәтуаға келетін тайшы қайда!.. көзіне қан толып, андыздай орағытып, кенеуі кеткен үркердей топты үрпитіп қоршап алады. Амал жоқ арғы бабасы Тоқай-Темір бабасы атынан түсіп «дат» сұрапты деседі.

«Тақ иесінің мәйітін шапқан тәңірге жазғанмен бірдей!.. Тоқта, тиыл!.. Мәйітті хан қорығына жеткізуге пұрсат бер, өлікті тонап екі дүниеде қарғысқа ұшырайсың, тайшы!» — деп дөң айбат шегеді.

Керуленнің кезеңінде екі батыр көп ырғасып, аяғында «өлік басында өжендесіп тұрғанымыз киеге ауыр» десіп, пәтуаға тұрады. Қалмақ тайшысы сайланып келген он оқ сәргердесін іркіп, шегараны ашады. Мәйіт артқан жетім керуенді әрі қарай жөнелтіп жібереді. Жарықтық арғы бабасы Тоқай-Темір мәйітті аман-есен Ике Өтегке жеткізіп, хандар қорымына жамбасын жерге тигізіп, көңілі жай тауып оралыпты деп аңыз ғып айтатын. Бала жасынан құлағына сіңген көне әңгіме жатталып қалыпты.

Осы оқиғаны еріксіз есіне алған жас ханзада келер — кезек, алмакезек деп ішінен мырс күлді. Еділдің төменгі жағындағы, бір шоғыр ел болып, қоныс жаңартып отырған кәрі Аюкенің сәлемін құп алды. Баяғы текті бабасының домбытпа ынтасын қалмақ Аюкенің алдына келтірмейін деп ойлады. Сыйға — сый, сраға — бал. Бұл өзі де бағзы бабасының жұқанасы ғой.

— Мақұл, Аюке ханның қызына Дешті Қыпшақтың шегарасы ашық, ешкім жолын тоспайды, — деп бір-ақ кесті Хажытархан ханзадасы.

О заманда ауыздан шыққан сөз атан жіліктей ауыр болатын деседі. Айтылған сөз — атылған оқ. Сөзді аяқасты ету, сертті бұзу — жазмышыңды ойыншық ету. Бір ауыз сөзге бола жан алып, жан берген баяғының адамдары неткен берік! Қадірлі сөз қылышынан қан тамған ханды қалбаң қақтырған. Сөз салмағын жүрек таразысына тартып сөйлеу салт деседі. Шағын мысал: терістіктің сөзін ұстаған ақсақал би жазира даланың келесі пұшпағында жатқан жайбасар биге дұғай сәлем жолдады деңіз. «Пәленше-е-ке, ата жолынан бұрылмайық, осындай пәтуаға тұрайық»,— деп. Әлгі сәлемді алған жаушы жер шетіндегі жайбасар биге жетемін дегенше ай өтеді... жыл өтеді... сөз иесі — жер тіреген ақсақал би бақи жалғанға озып кетеді... әйтсе де әлгі жаушы жеткізген пәтуаны жер шетіндегі жайбасар би құп көріп — құлақ қақпай орындайды деседі. Сөздің күштілігі деп соны айтыңыз!

О заманда қалмақ тайшысы арқасын тауға сүйегендей мықты шығыпты. Тау дегені — арғы жағындағы қытай богдыханы екен. Қалмақ тайшысына сары масадай самсаған қол жинатып, от дәрімен атылатын зеңбірек беріп сайын сахараны нұсқап: «Қазақ даласын қан жоса етіп шап, ұлын — құл, қызын — күң ет, батырының көзін жой, арқаңды жарға сүйегендей біз бармыз», — деп жазира даланы жайлаған алаш жұртына айдап салады. Қыс қатты соғып, жұтқа ұшырап, сүлеленген елдің шетіне қасқырша тиеді. Қазақ жұртын іріген дәкедей ыдырата сөгіп «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қырғынына ұшыратады. Қалмақ тайшысының қолы ә дегенде екі тарапқа бөлінген: бірі — лақтырған найзадай Жетісу жерін жағалай көктеп, Таразды ойрандап, Түркістанның төбесінен шаншылады; келесі тармағы — Сарыарқаны кесіп өтіп, Бұланты, Ойыл өзенін кешіп, Сарайшықты өртеп, Хажытарханның өкпе тұсынан шығады. Бұл тармақты қара қалмақ Қатысыбан қоңтажының тұсында он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт — Аюкенің ауыр қолы деп атаған. Аюкенің ауыр қолы Хажытарханды айналып өтіп, ноғайлының боз жазығын иеленіп, жылдар өте осы күнгі Қалмақ автономиясы аталып сүзіліп қалып қойғаны мәлім.

Баяғы Тарбағатай тауының таң жағы мен Алтай тауының оң жағын мекендеген құба қалмақтан бөлініп — өз алдына дүйім жұрт болып жер түбіндегі қара қалмақ аталды. Заман ауыспай тұрмайды. Кешегі, 1723 жылғы басқа түскен қиын кепті — жеті жыл бойына қан су боп аққан Отан соғысын бастан кешірген қазақ қолы, 1730 жылы көктемгі Аңырақай шайқасында қалмақтың өз басына қайыра төндіріп — ата жауын сары даладан түре қуып шығады. Қара қалмақ шығыстағы құба қалмаққа қосыла алмай, басы бірікпей бордай тозып кенеуі кетіп түбекте қалады. Кие ауысқаннан солай болды.

Осы күні етектегі қара қалмақтың ауылы дүбірлі. Табиғат мінезі кісіге жуық. Күн құрғатпай жабағы бұлты төңкеріліп нөсер жетеді, сар-гүр етіп, әрі-беріден найзағай ойнатып жасын атқанда — жер еңбегін тесіп жібере жаздайды. Бұратылған шалғынға түйе шөксе таба алмайсың. Еділді, Каспийді жағала-дағы тайыншадай тулаған балығын бақанмен ұрып есеңгіретіп — қазаныңа төңкеріп сала бер, астына өртеп от жақ, май кілкіген сорпасы ағзаңды балбыратып, жон арқаңнан тер болып құйылады. Бесті қымыз Аюке ханның қанын қыздырып түнемесі көз іле алмай қиналады. Ханшасы малмандай төсекті маймаң қағып күнге жайып құрғатам деп шаршайды.

Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт Аюке ханның отауы бүгін өлік шыққандай азалы. Ханшасы еріксіз тілге келеді.

«Жазған-ау, Хажытарханнан жаушың келгелі айналшық шөбін жеген атандай алқымың ісіп, қапалық мүжіп жатасың да қоясың, төсектің тояты жұмырыңа жұқ болмай жүр ме? Бұл неғылғаның, тайшы!»

«Төсек тоятынан өзгені ойлайтын күнің болмас сенің. Осы біздің Тошайын қаншаға келді?»

Бәйбішесі құбылып қарайды. Бір сұмдықтың таяп келерін ішкі сезім түйсігі сездіретіндей ме, қалай.

«Көктемге он жетіге аяқ басады, аққудың балапанындай болған үркегім-ау әншейін».

«Ендеше көктемге қарай қалыңдық желегін әзірлей бер, қар кетіп, жер аяғы босай — сонау Тарбағатай тауының таң жағында, Алтай тауының оң жағында жатқан тайшы Қалдан Шерінге ұзатамыз. Құда түсіп алдымыздан өтіп, жол-жоралғысын жасап әуре болмайды, қалыңдық алты айшылық ұзақ жолға өз аяғымен жетеді. Іргедегі Хажытарханның жас ханзадасы жолды ашамын деп уәдесін беріпті».

«Итпен қосылып итаяқтан іркіт ішетін Қалдан Шерінге қызымды беріп қор қылмаймын, ау-и-и-и!..» — деп ханшасы қаза көтерген қайғылы жандай аһ ұрып, екі бүйірін таянып дауыс салып жіберді. Азынаған ащы дауыс ызғындай ауылды басына көтерді, жылқы кісінеп, ит ұлыды.

«Қойсаңшы, қар!» — деп дауыс салған ханшасын құлашын керіп, қамшының астына алғалы оңтайлана беріп Аюке хан қалт кідірді. Темірдей дәті тапқа қойған сары майша еріді. Азынаған әйел даусы етінен өтіп сүйегіне жетті. Боркеміктеніп босады. «Беу, дүние-ай!» — деп қолындағы дырау қамшымен сырмақты сарт ұрып қақ айырды. «Хан қызына лайық кәдесін жасап ұрын түсіп әкетсе жөн-ау! Салдақыға ұқсап қызының күйеу іздеп қайын жұртқа өз аяғымен барады деген не сұмдық!..» деп, әрі-беріден гөй-гөй дауыс ауыл аймақтың түңлігін желпілдетті, екіндіге дейін еңкілдеді. Аюке хан киіз үйден ытқып шығып қаңтарулы атына мініп, қамшы басып, желмен жарысып жасыл көкжиекті жиектей шапты. Бірауқымда тізгін тартып, кері бұрылып ауыл іргесіне жеткенше алақұйынға ұқсады. Астындағы бәйге аты көп ұзамай барлығып қалды. Сүмектеген тұзды тер көзін тұтты. Жүрегі атқақтай соғып алқымына тығылып тынысын тарылтты. Атынан домалай түсіп алдынан ербиіп шыққан сәргердесін сегіз өрім бұзау тіс қамшымен өріп жіберіп, отауына емпеңдей енгенін біледі. Бұрындары жер төңкерілердей теңселіп басатын.

Бұл не сұмдық енді. Бәйбішенің гөй-гөйін қызметші бике естіпті, желі басында құлынмен жарысып ойнап жүрген Тошайынға мағлұм етіпті... демнің арасында ауыл үсті азан-қазан, шулыған. Еділ арнасынан асып топан су қаптағандай сезілді. Мал үрікті, ит ұлып, қалмақ ауылы қапелімде жау шапқандай дүрлікті.

Аюке хан: «Атасына мың нәлет-ай!» — деп сырт киімін сыпырып салып, құлын жарғақ жеңсізінің бауын бырт-бырт үзіп, жалаңаш кеудесін шымдауыққа төсеп етбетінен көсіліп жата кетті. Салқын сызашық жүндес төсін көмді, мұздай сыз сүйегіне жетті. Ашу, ыза ішін өртеп бара жатса — өстіп жербауырлап жататын әдеті. Іштегі өртті салқын сызбен баспақшы. Қай-қайдағы жебір ой іштей кеміріп жеп қойды түге.

«Қан майданда жауыңмен бетпе-бет келіп күш сынасқаның дүниенің төрі екен ғой!.. Мынау не енді! Бұқпантайдың тірлігі әншейін. Я төс қағысып, құйрық-бауыр жесіп құда-жекжат болған емес, я түңлігін түріп ат көтіне мінгізіп қатын қылған емес... Қалдан Шерінге он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт елінен қалыңдығың боламын деп қызының өз аяғымен жетуі — исі қалмақта бұрын болған емес».

Бір заманда Қалдан Шерінге берген сөзін, уәдесін бұза алмай амалсызға жүгініп отыр. «Қалдан Шерінге беремін» деген әке сөзін есітіп, он екіде бір гүлі ашылмаған бүлдіршіндей қызының ботадай боздап, шашын жұлып жатқаны анау!.. Хан тағына отырғалы жаманын жасырып, жақсысын асырып, мейманасын тасытып қызмет қылған ханшаның иінінен сөгіліп, бой-бой болып егіліп отырысы мынау!.. Өртеніп бара жатқан ішін мұзға басып байыз таппақшы ма сонда. Құбыжықтай сыртыңды бере бермей, қалмаққа шырайлы жүзіңді бұратын күнің бар ма, сірә, қу дүние!»

Аюке хан жатып-жатып ертесіне сәске түске басын көтерді. Кирелеңдей түрегеліп, үстіне лыпасын ілді, табалдырықтан асыра былш түкірді. Көзі күлім сұлу ханшасын іздеді.

«— Бүйтіп хандық құрғаным құрып қалсын, ә!»

Оқыс күңіренген дауысты естіп, сонадай жерде қалғып-мүлгіп селтиіп тұрған сәргердесі емпеңдеп жүгіріп жетті. Аюкенің үні қатқыл шықты.

— Келтір әлгіні! — деді өктем үнмен.

Сәргерде хан иесінің сөзі түгілі, ишара, мегзеу, ымынан-ақ көп жәйітті түсінеді. Шауыпкелді жедел шақырып, келесі үйде сандықтай кітаптың қарпін санап мүлгіп отырған уәзірін желпілдетіп жетелеп келді. Екі бүктеп хан ордасына енгізіп жіберді. Аюке хан қабағы қатулы. Түсі жылып икемге келетін емес. Қылышының сабымен тақ ернеуін қағып-қағып сәргердесін тағы шақырды: «Келтір ананы!» — деді жанары өңменінен өтіп. Сәргердесі бүкшеңдеп басып ханшаның отауына бас сұқты, бой-бой болып бордай үгітіліп отырған ханшаны саусағымен іліп сыртқа шығарды. Ілініп-салынып әзер басқан апайтөс әйелді жетелегеннен-жетелеп босағадан иілтіп ордаға әкеп енгізді. Аюке хан жайғасқан жайсаңдарға жалт етіп қарады. Жұрт жүзінен алқызыл жалын шарпып өткендей сезілді. Хан тамағын кенеді, күміс сапты қылышын ербең еткізді. Шаңырақ күлдіреуішінен бір жанып, бір өшіп әппақ жұлдыз жымың қақты.

— Қызымның қасына отыз тоғыз қыз қосыңдар. Жол жабдығын жасаңдар. Сапар ұзақ. Қырық қыз керуені Дешті Қыпшақтың даласын көктеп өтіп ата жұрттағы Қалдан Шерінге жететін болсын. Кімге берсе — билігі Қалданда! Қыз — жат жұрттық!

Сонымен Тошайын бастаған отыз тоғыз қыз керуені кәрі Каспийдің терістігін айналып, Хажытарханның батыс, шығыс қақпасынан кесіп өтіп, темірқазық жұлдызын сол үзеңгіге, шолпан жұлдызын маңдайға алып, мігірсіз кең жазира далаға сіңді. Сүркіл салған сары желіспен апта өтеді... ай өтеді... Дешті Қыпшақтың шикіл жазығы жолаушы тақымын тоздырып, қырық қыздың ішіндегі еті тірі жол білетін керуенбасы арудың мойнын создырып, көзін талдырып шеті-шегіне еш жеткізбеді. Шіліңгір шілде шығып, мизамға ілікті. Асықпаса болмайтын еді. Сары сахараны көктей өтіп көз ұшынан Қарқаралы тауының сілемі көрінгенде — керуенді қара күздің сүмелегі қуып жетті. Аспанды жабағы бұлт жайлап алды. Күн көзі көрінбеуге айналды. Керуен Қарқаралыны көктей өтіп, шөккен нардай көлденең сұлап жатқан Боқтыкент тауының адырына сұғына енген кезде жапалақтап қар жауды. Арты азынаған боранға ұласты. Тау аңғарына жедел енген керуен амалсыз тұсалып қалды.

Тошайын қыз заманында жұрттан асқан сұлу еді. Қиғаш көзін төңкеріп қарағаны еркек кіндіктінің жанын шүберекке түйіп көбелекке айналдырып, өпектетіп жіберетін. Ескі сөздің иелері солай дейтін.

Жолсоқты болып шаршаған ару қыздар шөмішке ұқсаған аңғар етегіне түйені шөгеріп, аттан түсіп, алқақотан тізе бүкті. Айнала тау. Сыңсыған тоғай. Әудем жерде сақылдап аққан өзен үні аш қасқырдың азуына келеді. Шолғыншы болып ілгері кеткен екі ару әлден уақытта дірдек қағып, аттары ақ көбік терге малынып оралды. Ауыздан шыққан сөзінен жүрек түршігеді, тісі тісіне тимейді.

— Маңай түгел еңселі тау. Қабырғалап шығып кететін жолды таба алмадық, Тошайын ханым!

— Неғыламыз?

— Айдалада... қазақтың қамау тауының ішінде... ас-сусыз арам қатып қалатын шығармыз!

— Жолазық айдың жаңасына ғана жетеді.

— Түйе болдырып, ат тұяғы кетілді.

Мына сұрықсыз сөзді есітіп отырған Тошайын ару бірауқым қамшысын жерге тіреп, еңсесі езіліп, шарасыз халге түсті. Маңайын сипалаған қажыған кепке енді. Жырақтан аш қасқыр ұлыды. Сол қасқырға ұқсап көкіректегі көп шерді ағытып, ағыл-тегіл өксіп, көкке қарап өзі де ұлығысы келді. Мұндайда... меңіреу елсіз жапанда... түртсе — көргісіз қараңғыда... қасқыр болғанның несі айып!

Әйтсе-дағы қарап отырып қалай қырылып құрысын! Табиғатына тарта туған, тегіне бұрған қан түйіршігі түртіп оятты. Езіліп бара жатқан еңсесін Сілкініп жинап алды. Саңқ етіп тілге келді.

— Арулар! — деді тұнық үні көл бетіне тас тастап жібергендей сезілді. — Үш топқа бөлінейік. Бірінші топ осы тұсты бұта, тастан арылтып, қос тігетін орын ашсын; екінші топ көліктерді тізгіндеп, тіздеп, ит-құсқа жем қылмайтындай етіп сонау тұрған жар тастың ығына жасырсын; үшінші топ тоғайдан отын шауып, өзеннен су әкеліп ас-су әзірлесін! Арулар, қимылдаңдар!

Далада өсіп, көшпенді күй кешіп үйренген, өмірінің көбі көлік үстінде, жаугершілікте өтетін ерлердің бір жағына шығып шыныққан, аналарының етегінен шыға — табиғатқа туыса өскен арулар жұлқына түрегелді. Үнсіз қимылға көшті. Меңіреу өлкеге жан біткендей сезілді. Ат кісінеп, түйе бақырып, отау үйдің орнындай ойпаңға от жағылды, тас қызды, аңғар іші тірілді. Өзен сарыны баланың былдыры болып естілді. Жапалақтап жауған қар түн ортасына қарай сап тиылды. Азынаған жел ішін тартты.

Жедел тігілген қосынға еніп, ас-суға ерін күйдіріп, бой-басына жылу дарыған қыздардың өңіне қан жүгірді. Күрсініс сап тиылып, күлкі естіле бастады. Аспандағы бұлт сөгіліп, күміс табақ ай қабағы ашылды.

Айдың толып туғанын ару қыз жақсылыққа жорыды.

Алқын-жұлқын қимылдап шаршаған қыздар қос ішіне сұлап түсіп ұйқыға шомды. Тошайын біразға дейін көзі ілінбей дөңбекши түсті. Арғы бір сезім түйсігінен, жан әлемінен үрей толқыны еш жуылмай шаршатты. Таң әлетінде ұйықтап кеткен екен. Әппақ айдың бетінен сырғанап түскендей маңдайы жарқырап ер жігіт жақындады. Үстінде шолақ тон, аяғында саптама, басында қапсырма киіз дулыға, белінде кісе, оқшантайы толы жебе, мүйіз сапты садағын көлденең ұстап алыпты. Бет әлпеті жол тосқан қарақшыға келмейді. Сонарға шыққан аңшыға ұқсайды. Тақап келіп, үстіндегі қарды қағып тіл қатады.

«— Қорықпа, Тошайын! — дейді миығынан күліп».

«— Айдан түстің бе, әлде жерден өніп шықтың ба, жігітім. Үрейімді алдың ғой!»

«— Ныспым Жүйрік, арғынның қарауылы боламын, кәсібім аңшылық, осынау тау-тастың иесімін, Тошайын!»

Деді-дағы әлгі реңді, тұлғалы жігіт көз алдынан елеске айналып ызым-ғайып жоғалды. Аң-таң халде біраздасын оянып, жаны сергіп, көзін ашты. Әлгі түсін қай қисынға жорырын білмей, жылы тонға оранған күйі бұйығып жата берді. Таң атқан секілденді. Жырақтан жылқы кісінеді. Селтиіп басын көтерді. Қос іші азынап кетіпті. Қыздар кезектесіп күзетке тұрып, сырттан отын әкеліп, дембіл-дембіл от жаққанымен тай терісін құрап тіккен қостың түңлігінен, іргесінен суық жел өтіп, жылуы қашыпты. Қос іші азынап ит байласа тұрғысыз кепке енді.

Тұрып, киіне бастады. Күтуші қыз белдемше, бөрік, кісе, сақтиян етігін ұсынып бәйек. Сыртқа шығып маңайын шолды.

Қорғасын бұлттың сызы ауыр, өкпені тесіп бүрістіре түседі. Созылмалы сүмелектің артын басбағып қытымыр қыстың келіп қалғаны. Қысаң ішінен қияға өрлеп, баспалдақтап асуға аяқ іліктіріп, әрі қарай жол ұзартуға шамасы келмес. Жол таппай адасады, я күресінге түсіп, я оппа қарға малтығып опат болады. Тәуекелге бас тігіп қайтсін!

«Маңайды шолып қайтайыншы» деп, Тошайын қарға омбылап әудем жерге ұзағанымен бой тасалап кете алмады. Қойтастың үстіне ырғып шығып, құлазыған көңіл күйімен, шығыс жаққа сүзіле, состиып тұрды-тұрды-дағы тізерлей кетіп, бетін басып, иығы селкілдеп ышқына өксіді. Ай бойына көкірегіне жинала-жинала ащы запыранға айналған ашыну, қапалық, мұң, сағыныш, ыза, нала, өкпе, наз, бәрі-бәрі, түйін болып жиналып, көз шарасынан ыстық жасқа айналып ағытылғаны. Бора-бора егілгені. Бой-басын билей алмай қалды.

Әлден уақытта өксігін басып, қос алақанын бетінен алып, жүзін көтерген еді. Селтиіп қарсы алдынан шыға келген қарадан қорқып даусы шығып кете жаздады. Әлгі қара — бірте-бірте қарайған сұлбаға... сұлба — суретке... сурет — сылыңғыр ер кісіге айналды. Кісі жайлап басып жақындап келеді. Тошайын тас үстінен ыршып жерге түсті, жалма-жан жанынан тастамайтын оқшантайына жармасты.

— Қорықпа, ару қыз! — деді әлгі сұлба ап-айқын үнмен. — Жол тосқан қарақшы, я жаулық іздеген жаушы емеспін, аңшымын.

— Сізді түсімде көрген секілдімін, — деді Тошайын сұлу еліктің лағындай үркектей басып. Ырғып келесі қойтастың қапталына шықты, оқыс дыбыс шықса лезде ғайып болмақшы.

— Ару қыздың түсіне енсек тегін болмадық! — деп әлгі арыстай жігіт ақсия күледі.

Құданың құдіреті дейміз ғой! Түн ішінде ұйқы құшағында жайсыз жатқан қыздың санасына сағымнан бөлініп шыққан — әлде елес, әлде сурет, әлде сұлба секілденіп дәл мына қапсағай жігіттің түсіне енгені қызық. Енгенін қойшы, өзінің кәсібін, ныспысын айтып, жанарына мөрдей басылып, таңбадай танылып үлгергенін — қай сиқырға жатқызарсың!

Кісі қиналған кезде өңі-түсіне, түсі-өңіне айналып санада құйын болып құлпырып көрінеді деуші еді. Ғайыптың ісіне не шара!.. таңданғанымен не пайда!.. болар іс болып қалды. Басқан жері ойылып түсердей аптал азамат бурыл күреңінен ырғып түсіп, тізгіннің ұшын беліне қыстыра сап, қасат қарды сықырлата басып адымдап келіп еліктің лағындай үрпиген арудың қолынан шап беріп ұстады. Тұла бойынан жасын өткендей түршікті... қорықпа деді!.. қосқа барып тілдесейік деді!.. «жөн сұрасайық... алдағы күнге ырзық-несібе бөлісейік...»

Басбілгі байталға ұқсатып жетелегеннен-жетелеп шұқырда шошайған қосқа, ығысқан қыздардың ортасына әкелді. Күреңді босатып қоя берді. Еңкейіп қосқа енді. Айтқан сөзі, пәрмені дуадай тегі. Атпал азамат — меңіреу тұнық иесіз өлкенің құралайды көзден ататын мергені, жапанда жалғыз жортып табиғат алақанынан ырзық-несібе айырған, түз көкжалы Жүйрік болып шықты.

Аты затына — сай, Жүйрік десе — жүйрік, шашасына шаң жұқпас нағыздың өзі ме, сызып жүрісі білінбейді. Сөзі түйеден түскендей тегі. Қыстың көзі қырауда елсізде қамалып, көлігі болдырып, жықпыл ішінде көзіне қамшы тигендей шыр айналып шыға алмай, енді аз күнде мұз омақаға айналып, суыққа қатып — қырылуға қалған қырық қызға Жаратқан Ие жіберген құтқарушы секілденді. Қиыннан алып шығар Жаббар иесі ме әлде.

Ару қыз іштей лүпілдеп насаттанды. Сыртқа сездірмей шарасына шүпілдеп тасып қуанды. Жүзіне қан ойнап бал-бұл жанып шыға келді.

— Ер жігіт, асқа отырыңыз, бой жылытыңыз, — деді Тошайын сыпайылық сақтап.

Жігіттің қақпақ жауырыны сәл болмағанда қалқиманы көтеріп кете жаздады. Иіліп, бүгіліп, төрге ығысып малдас құрып дөңгеленіп отыра кетті. Бір қыз келіп алдына жарғақ дастарқан жайды, келесі ару жанторсықта шайқалып беті шытырлап шытынаған әлде ашытпа, әлде қорытпа, бұған беймәлім салқын сусын ұсынды. Сыпайылық сақтап ағаш шараға ерін тигізді.

— Хал жаман, қарақтарым, — деді Жүйрік аңшы. — Арқаның қысы мүйізі сықырлап сығып бергенде мына қалқима мұзханаға айналып, ару қыздар бір-бір омақаға ұқсап қатып қалады. Қорқытып, үркітіп неғылайын. Жан сақтау үшін таудың жақпар тасын үйіп әкеліп, қар қалың жаумай тұрғанда ата-баба үрдісімен тездетіп осы арадан тасболат там соғып алайық. Ортасында отты өртеп жағатын жерошақ, қабырғаға жарық түсетін ойық қалдырып, өңге тұсын таспен қымтап, бұтамен бүркеп тұмшалап шығалық. Қанекей, қыздар, іске жұмылайық!

Суық сөзден үркек арулар үрпиісіп ошарылып отырған. Шарасыз күйге түсіп бір-біріне жаутаңдады.

«Неғыламыз» десті.

Әлден уақытта барып ес жинағандай болып Тошайын ару сілкініп тұрып саңқ етіп тілге келді.

— Жұмылайық, арулар, — деді. — Қарап отырып аштан бүрісіп, суыққа тоңып қырылатын жайымыз жоқ! Ата-баба үрдісімен тасболат там соғып алайық!

Бір ауыз пәтуаға басын тіккен талшыбықтай бұратылған арулар бірі — қия беттен тас тасып, келесісі — өзен бойынан ағаш кесіп, өңгесі — отты өртеп су жылытып, балшық илеп, алқын-жұлқын қимылға кірісті. Жанын шүберекке түйіп, күшін жалдап жанталасып жұмылғанда — қанқызыл күннің қызарып еңкейгенін, әппақ айдың құлақтанып құланиектегенін сезбей, сырт дүниені мүлде ұмытып үлгерді. Аңшы жігітке жұмылған жұдырықтай қызмет қылып, айтқанына көнді, айдауымен жүрді.

Тошайын ару сонадайдан Жүйріктің қимылына қиғаш көзін салып тұрып ішкі дүниесіне, толқыны шеңберленген жан әлеміне — бұлт етегінен жылт еткен жасын сәуле — әуелі жастық желік, құштарлық шоғы түсіп күйдіріп бара жатқанын сезді. Денесі бір ысынып, бір суынды.

Жігіт жанары жебе секілденді.

Білек сыбанып айдың жаңасы ауып, ағарып батқанша белін бүгіп тасболат там қалап, көлікке қора қалқитып, күнара сонарға шығып аң атып, қыс бойы қыздарды асырап, жауратпай, жасынатпай, қыстан аман шығарды. Сенісіп, серіктесіп жүргенде Тошайын мен Жүйрік бір кеште құштарлық сезімге мас болып жұптасып үлгереді. Әйтсе де басы бос болмаған соң қанша еріп үгітіліп тұрса-дағы — қыз тие алмай, жігіт ала алмай, алыстағы тайшының қаһарынан қорқып күн жылып, жер аяғы кеңіген кезде амалсыздан тізгін тартып жолға шығады.

Енді Мәшһүр Жүсіптің көне жазбаларына жүгініп көрелік.

«Бұл қыздардың бір қыстаған жері — Қарқаралы үйезінде Боқтыкент деген тау ішінде» — деп жазады Мәшһүр Жүсіп. — Тау арасы Қызыл Кеніш — атанған. Біздің қазақ: «Қызыл Кеніш әулие» — деп соған түнеп жүреді. Бұл қыздар сапар шегіп Қалдан Шерінге барыпты. Қыз заманындағы жұрттан асқан сұлу екен. Басқа біреуге қимай, Қалдан Шерін өзі алыпты. Қарабас ханымы — деген атақты ханымы бар екен де, одан туған Ежен жалғыз екен. Қыз салт атты, сабау қамшылы болмай, буаз шығыпты. Еркек бала тауып: «Жолдан қыстырылған сына тәрізді болды» — деп, есімін «Сына» қойыпты.

Сына батыр — атанып жүрген Сына — осы кісі. Аюкенің бұл қызы Қалдан Шеріннен екі қыз, екі ұл тауып, қыздарының аты — Бәрін, Топыш, ұлдарының есімін Қырғи, Күш деп атапты.

Қалдан Шерін айсыз қараңғы түнде түзге шығып отырғанда, сідігіне бір нәрсе келіп шолп ете қалады. Үйіне алып, жарық қылып қараса — садақтың оғы, ұшында белгісі бар екен. Ол метін Қалдан Шеріннің ылғи қасында жататұғын метін белгісі екен. Тоқсан ұстасы бар екен, бәрін жидырып:

— Мынау оқты қайсың жасадыңдар? — дегенде, бір ұстасы:

— Жасаған мен едім, — депті.

— Кім жасатты? — деп сұрайды.

— Өзіңіздің тоқалыңыздың тұңғышы Сына батыр жасатты — депті.

Ләм-мим дәнеме деп жанға сездірмейді. Ұйықтап жатқанда Сына батырдың мұрнына дәрі иіскетіп, талдырып тастап, оң жауырынының шеміршегін ойдырып алдырып, шеміршек астына аюдың ақ дәрісін септіріпті. Тәуібі солай етіпті.

Бір уақытта Сына батыр есін жиып, басын көтеріп, түрегелді. Дәнемені білген жоқ. Жақ атып, садақ тартайын десе құлашы жазылмайды. Төбесінен құдай ұрғандай болып қалғанына наза болып, үйге еңіреп келіп, боздап жылап, шешесіне айтады. Шешесі:

— Не болды, кім тиді? — деп сұрайды.

— Денім сау, қолымда ауырған, сырқаған дәнеме жоқ. Садақ тартып, жақ ата алмайтын болыппын, — дейді.

— Балам, ұрылған екенсің! Енді тырп етсең көзіңді жояды. Қарашығыңды батырады. Тұрма, көзіңді жоғалт! Қалмақ ортасында жүріп жан сақтай алмайсың. Қазақ жұртына кете гөр осы аманыңда! — дейді.

Қалдан Шеріннің баласына қас болғанын біліп қояды.

Сына батыр қашқаннан қашып Абылайға келіп, қорғалып тұрып қалыпты деп жазады Мәшһүр Жүсіп.

Қалдан Шерін әлгі қашқынның қайда жүрсе-дағы, өзіне қастық қылатынын біліп іздепті. Таба алмайды. Абылайға барып қорғалағанын есіткен соң — Абылайға елші жіберіпті:

— Менімен жауласпай, тыйыш тұрамын десе Сына батырды қайтарып берсін! — депті. Нығыз пәрмен айтыпты тайшы.

Абылай хан нағыз қасарыспаның өзі емес пе.

— Бұтаға қорғалаған торғай да аман қалады деген сөз бар еді. Бұта құрлы болмасам — тірі болғанда — неге жараймын! — деп батырды бермепті, — деп жазады Мәшһүр Жүсіп бұл оқиға туралы.

Қалдан Шеріннен Аюкенің қызы екі қыз, екі ұл тауыпты дедік. Олар-дағы ержетіп, есейе келе ат тізгінін тартып мініп билікке жарайды. Әйтсе де қалмақтың салтында ханы екі әйел алмайды екен. Оның мәнісі: хан өлген соң, артындағы ұрпағы билікке таласып, елді тоздырып жібереді деп. Қалдан Шеріннің нәпсісіне тию болмай, беті жылтыр ұрғашыға ашкөздікке салынып шөгемін деп екі әйел алып, атадан келе жатқан салтты бұзады. Өзі өлген соң қара жұрты бүлініп, тоз-тозы шығады, жер бетінен жоғалады.

Баяғы Аюкенің қызынан туған Топыш сұлуды келесі ел бүлінген уақытта — Қалдан Шерін тұтқынынан босанған Абылайды еліне қайтарғанда — қазақ ханына беріпті. Мұның үстіне қазақтан не заманда олжаға түскен, өсіп-өнген бірталай жанды Абылайға байлап, рулы елдей қылып қайтарыпты.

Топыш сұлудан Қасым, Қасымнан Кенесары, Наурызбай туады. Топыш сұлудың бауырлары Қырғын, Күш қара қалмақтың басынан бағы тайып, ішінен бүлініп бордай тозған Ежен хан тұсында қазақ арасына қашып келіп Абылайды паналап, олардың үрім-бұтағы Атбасар үйезінде Терісаққан бойында қалмақ руы болып қазаққа сіңісіп кеткен деген ел ішінде көне әңгіме айтылады. Осымен Қызыл Кеніш оқиғасы тәмам.