22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Дүкенбай Досжан

Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.

Жанып-сөну






Мұхтар Әуезовтың 26 жасында хатқа түсірген «Сөніп-жану» әңгімесін екінің бірі біледі.

Сыздық есімді оқыған жігіттің қырға келгенде жалғыз мәрте көріп айттырып алған қалыңдығы — Жәмиланың бұйығы, үлгісіз, сөлекет мінезінен жылдам жерініп; қаладағы күйеуі өлген Екатерина есімді жұмсақ денелі, сезімшіл, бұратылған орыс келіншегін құлай сүйіп, жан шипасын тапқаны туралы әңгіме. Сол кездегі Әуезовтің басынан кешкен өз халі ме, бәлкім. Содан бері заман өзгерді, мінез жаңарды. 21 ғасыр биігінен әлгі әңгіменің мүлдем тосын, әрі баяғы Сыздыққа параллель — Нұрәлі есімді бүгінгі заман кейіпкерінің 180 градусқа өзгерген, дүниені жаңаша қабылдаған, мінез қалыбын табасыз. Классик әңгімесінің жаңаша интерпретациясы деп білгейсіз — қолыңыздағы «Жанып-сөну» баянын.

Неге екені белгісіз, желтоқсан айының соңғы аптасы алақұйын ақтүтек боранға ұласып, түнімен қасқырша ұлып — кісіні ұйықтатпай, күн жарықтық өлеусіреген шамға ұқсап, ұзақ байыздап тұра алмай, тез еңкейіп, көкжиекке құлақтанып батты. Елде жүрсе — мұндайды үлкендер жайсыз ырымға жорып, я жұтқа, я табиғаттың таусылуына жорып, жағаларын ұстап: «О, тобалап» жатушы еді.

Орыс орманының ортасын ойып осыдан мың жыл бұрын орнаған көне Мәскеу. Қала халқы сақылдаған сары тіс аязға пәлендей мән берер емес. Ақ қар, көк мұзды қарш-қарш басып бүрсеңдей бүрісіп, кісінің бет-жүзіне назар салмай сырғып өтеді; танысы ұшырасса да қарайлап, байыздап жатпайды. Бейне, бар мен жоқтың арасында, екі кештің қарбаласында елбіреп, желбіреп — расыт көпірінен жіті басып, жылдам өтіп кетуге ұмтылған ғазауат майданының жауынгеріне ұқсайды. Ертегіде айтыла беретін сайтанның сапалағына келеді ме. Қыбырлаған қызық сурет бағзы бабаның тас бетіне салған петроглиф көшірмесі, жар жағаға асыққан теңіз толқыны іспетті.

Сұрықсыз көрініске көз салып, аршындай басып, жарқ-жұрқ етіп келе жатқан Нұрәлі бүгін айтуы жоқ ерекше көңілді.

Өзге жұрт бар мен жоқтың арасында бүрсең қағып, пальтосының жағасын көтеріп, жылдам сырғып өтер болса, бұл көкең семіздің сүр қазысына мелдектеген кісіше қызара бөртіп, буы бұрқырап, теңселе басады. Маңайына ынтыға, қызыға қарайды. Сырғып өткен мәшине соңынан шұбалған сұйық буға, әрідегі мұзға оранған қарағашқа, төбесіне төнген зәулім биік алып үйге сүйсіне қарайды. Сықырлаған сары аязға сыр бермей, бүрсеңдемей қызуы тасып келе жатқанының мәнісі бөлек.

Жүрегінің шипасы, жанының рахаты Рита қызбен оңашада ұшыраспақшы.

Орыс қызы, ежелден Мәскеу тұрғыны — Маргаритамен танысуының өзі кішігірім әңгіме.

Жер түбіндегі Алматыда орта мектепті үздік бітіріп, алтын медаль алып, «ал, енді былайғы өміріңді немен толтырасың?» — деген әке сөзі қамшы болып, оқу іздеп Мәскеуге келген. Үлкен қала ауыр тыныстап, құмырсқаның илеуіндей болып жатты. Осыншама көп халықтың арасынан өзінің сүрлеу соқпағын адаспай тауып келе жатқанына қарадай таң қалады ғой. Таңғалмай қайтсін.

Қарш тістегенде сүті шыққан апорт жеп, асфальтында ойнап өскен Алматысы Мәскеумен салысса — шағын қала. Алатауға арқасын сүйеп, көкала түтінін тұмшалай қымтанып «отырысы» бұйығы. Мәскеуге келгелі көбіне метромен жүреді. Жердің үстіндегі құжынаған көлік, аяғынан сабылған жүргінші, бейне, дария иіріміне ұқсап шүнейттеніп, көз тұндырады. Әрі-беріден жүрегі лоблыды. Содан жер астына түсіп, метро схема-сызбасын сатып алып, сол сызбаны бетіне ұстап, бағытын белгілеп, жүрісін түзеді.

Атағы алысқа кеткен Мәскеу халықаралық қатынастар университетіне түсуге ниет қылды. Құжатын оп-оңай қабылдады. Қабылдау сарапшысы ақсары келіншек: «Қай шет тілінде сөйлейсің?» — деп сұрады. Бұл: «Ағылшынша, аздап қытайша», — деді. Әлгі сайтанның сапалағындай ақ шашты неме шетел тіліне малып алған полиглот болып шықты. Ағылшынша қайдан келгенін, ата-анасы кім болғанын сұрады. Әкесінің республика көлемінде белгілі журналист екенін біліп алған әлгі кел іншек: «Жорналшылық қай үрдіспен жазады», — деп сұрады. Бұл: «Қазақы жорналшылық үрдіс», — деп жауап берді. «Оны қалай түсінеміз?..» «Қазақы жорналшылық мектебі деген — бас кейіпкердің балалық шағынан қазіргі кезеңіне дейін жіпке тізгендей қаз-қалпы реалистік баян», — деді Нұрәлі. «Қызық екен», — деп ақ шашты үріп ауызға салғандай бикеш жанарын ашып-жұмды. Кірпігін жоғары-төмен жыпылықтатып, арғы көмейіне ыстық су ұрттап сөйлеген кісідей қытайшаға көшті. Нұрәлі сүмек боп терлеп шамасы келгенше жауап беріп жатты. Ақсары келіншектің тілін төсеп, арғы көмейінен қаңқылдаған қаз дауысы ұнады. Мұның қытайшасы баланың ойыншығындай болып шықты. Сарапшы келіншек Нұрәліні көп қинап, жан терге түсіріп, әзер тосылды.

«Емтиханға мықтап әзірлен, бір орынға он үш кісіден конкурс», — деді зілдей етіп.

Қазақта жыртық үйдің құдайы бар деген сөз бар. Нұрәлі ары тарт, бері тарт, ұзын ырғас, кең тұсау — тыпырлап жүріп қаптаған қиын емтиханнан сүрінбей өтті. Ең соңғы емтихан — қазақ дипломатиялық мектебінің үрдістерін баяндап біраз ұпай жинады. Осылай қарай жүрерде өзіндік дәстүрі қалыптасқан қазақ билерінің бай мұрасын оқып тауысқаны оңды болды.

Әр емтихан сайын алыстағы әкесіне арнайы телефон шалып: «Әке, бүгін бес алдым», — деп мағлұм қылады. Әкесі көнбіс, көнтерілі қыр қазағы: «Әб-бәрекелде-е-е, өркенің өссін, құлыным!.. Алла жолыңды оңғарсын!..» — деп бір жасап, көтеріліп қалады білем. Соңғы емтиханды тапсырып, конкурстан сүрінбей өтіп, «қабылдандың» деген хабар алған күні көше пұшпағындағы телеграфқа барып, Алматыға тапсырыс берген. Линия бос болмай түннің бір уағына дейін қаңтарылып отырып қалды. Ақырында дауыс күшейткіштен таныс нөмір аталып, мұны жеке кабинаға шақырған. «Әке, университетке қабылдандым, қиқымдай конкурс, алты бірдей қыл өткел емтихан арта қалды», — деп жүрекжарды қуанышын айтқаны сол — сымның келесі ұшы сатыр-сұтыр еткен дыбыс шығарып, әке үні саппа тиылды. Таңғалды.

Кейінше білді... қуанышты хабарды естіген әкесі... қан қысымы көтеріліп құлап қапты.

Ресей астанасы, алып қалаға үйрену, бес күндей болмаған бес жыл лекция... кітапхана... жатақхана... шырқ айналған дөңгелек тормен жүгірген тиынға ұқсап қатарынан қалмай шұқынып білімге ден қойғанын термелесек — әңгімеміз «Мың бір түнге» ұқсап кетер еді. Сырықтай серейіп бойы өсті, қиялы қанаттанды. Нұрәлі тілін төсеп, көмекейден қаңқылдап қытайша сөйлеген мезетте баяғы ақ шашты бикеш аузын ашып, көзін жұмды. «Осы өзіміздей-аұ болған шығар» деп Цицерон, Апулейді латынша термеледі.

Бұл күнде «зерек... алғыр...» деген сөзді әр жерге, көрінгенге тықпалап қадірін түсірдік. Нұрәлі Халықаралық қатынастар университетінде оқыған кезде әлгі сөздер ілуде біреуге, сиректің сирегіне айтылатын. Содан қадірі, салмағы болатын. Шын мәнінде Нұрәлі кеудесіне ғайыптың сәулесі құйылған, құйма құлақ, отшырақ — факельге ұқсап күндіз-түні жанып тұрған сиректің сирегі еді. Отшырақты жұрттың бәрі жырақтан шалады. Әсіресе отқа үймелеген көбелектей отшыраққа өпектеген сұлу бикештер ынтық.

Рита есімді бұратылған, қыр мұрынды, сопақша жүзді, ашып-жұмған жанары аспан түстес орыс қызымен оқыста танысты.

Университет кітапханасынан кешірек шығып, шаршағаннан жығылып-сүрініп іңір қараңғысында автобус күтіп тұрған. Бейтаныс бойжеткен сыңқ етіп күліп жанына тақады. «Әлгіде, кітапханада мойылдай қара шашыңыз электр шамын қалқалап еш кітап оқытпады, ертеңгі емтиханнан құлайтын шығармын», — дейді әлгі қыз жорта бұртыңдап. Бұл көкең қалың шашын саусағымен кері тарап қызарақтайды. «Қайдан білейін, сіздің соңғы орындықта отырғаныңызды», — дейді Нұрәлі шынымен өзін кінәлі кісіге санап.

— Ағылшынның ұлы ақыны Джорж Байронның «Дон Жуан» романын түпнұсқасын оқып отырғам, — дейді қыз балет бишісіндей бұрала басып, талшыбықтай бітімін әдейі көрсеткісі келіп.

— Түпнұсқасы тас бұлақтай құйылып тұрған болар.

— Оны қайдан білесіз? — дейді қыз көк аспандай жанарын кең ашып.

— Орысша аудармасын оқығам, ертеректе.

— Дон Жуанның ұрғашы киімін киіп, еркектігін жасырып, сұлтан гаремінде жүргені, ләззат ойынына батқаны ғажайып, — дегенде қыз жүзі өртше лапылдады, аялдама жарығынан анық байқалды.

— Гарем сұлулары Жуанды бірінен-бірі жасырып, бірінен-бірі қызғанып қырық құбылғанын суреттеуі сұмдық!

— Байронның құдіреті сол — ұрғашының ең осал тұсын тап басып оятады, — деп талдырмаш ару қызарақтап аяғының ұшымен жентек қарды түртті.

Нұрәлінің жүрек тұсы шым етті. Аялдама астында, неон шамының сәулесінде, ұлпадай ұшып-қонып, қыламытқан қар үпелегіндей үгітілген қыз бейнесіне қарадай арбалды. Сезім тереңіне таңқалды. Сыртқы сипаты ішкі әлемінен кинодағыдай елес берген осынша үркек, осынша ғажайып ұрғашы жер бетінде жүреді екен-ау деп өпектеді. «Көрік — тәңір дәулеті» деп, ақын қалай айтқан. «Дүниені күйреп кетуден сақтайтын сұлулық» деп, жазушы тауып жазған. Өз ойымен өзі боп, жер бетіне сыймай, өзін-өзі қорашсынып қысылып тұрғанда — автобус келді. Жұмбақ қыз дегбірсізденді.

— Ал, мен жүрем, — деді қолын ұсынып, — есімім Маргарита, Рита десеңіз де болады.

— Нұрәлі!

Деп ауыз ашқаны сол, ару бикеш мұның жылы алақанынан сүйрік саусағын суырып ап автобус басқышына ырғып мінді. Жүрдек көлік есігін пыш жауып, ырғала ышқынып, жөнеле берді. Солбырайып, қарғаүркітер қарауылға ұқсап селтиіп тұра беріпті. Әлгі қызға ілесе мінетін жөні бар екен, нөміріне қараса — өзінің автобусы. «Әттең-ай» деп, іштей өкініп, саңғыған газын жұтып қала берді. Әлгі бикеш жалт бұрылып, қолын ұсынып, «ал, қош!» дегенде... ілесе кетуге... құлшына түсуге... бозбала ұяты тұсады. Қыз соңынан салып ұрып жетіп баруға батылы жетпеді.

Бозбалаға қыздың азабы батты.

Шет тілін үйрену, сөздік жаттау, шам түбінде ұйықтау, небір шешен билердің ащы ішектей шұбалған... жағалауды ұрған... толқын-толқын сөзін со қалпынша айтып беру осыншалық қинамап еді. Қыз күлкісі, аялдамадағы, қыламытқан қар астындағы — бикеш бейнесі, бейне, желім. Санасынан еш жуылып кетпейді. Қай жерде жүрсе де, не іспен шұғылданса да, ойда жоқта, жарқ етіп жадына оралады. Ойламайын десе де болмайды, елестетпеуге тырысады! Елбіреп... үлбіреп... түпсіз терең жанарын төңкеріп... кірпігін көтеріп... ұлпадай ұзын саусағын ұсынып... ұмтылып... дәп көз алдында тұрғаны,діріл аралас үні естілгені, қайдағы-жайдағысы қозғалғаны!

Әрі-беріден жаны күйзеліп, алақанымен қос құлағын басып, дүние тіршілігінен безіп, без теріп тентіреп кеткісі келеді. Сіңірін созып сергелдеңге түсіп, жүріп-жүріп кеп, есін жиып қараса — баяғы Ритамен алғаш ұшырасқан аялдамада тұрады... Әлденеше автобус өтеді... Жүргінші аяғы басылады... О, құданың құдіреті! Өстіп жүріп өз-өзімнен делқұлы болып, дүниені кезіп, Ләйлісін іздеген Мәжнүнге айналып кетпейін деп іштей қауіп қылады. Сенделіспен айға жуық уақыт өтті. Қасат қар ылжырап еріп, биік үйлер сорпаланып терледі. Зәулім терек басына бірді-екілі ұзақ қарға қонақтайтын болды.

Бірде, кешқұрым кітапханадан шығып, өз көлеңкесін өзі кеудесінен басып солбырайып аялдамада тұрған. Дәп жанына жылдам жүрісті, жылы жүзді ақсары талдырмаш қыз тақап келіп сәлемдесті. Танымай қала жаздады. Осыдан бір ай бұрын танысқан сүйкімдісі... сезімталы... сұңғақ бойлы, тұңғиық жанарлысы... о, құданың құдіреті!..

— Иығың түсіп кетіпті, оқуың қиын болып жүр ме? — деді Рита.

— Қиыны, жеңілін қайдам, бес жыл оқып тәмәмдауға қалдым, тақауда диплом жұмысын қорғаймын, — деді Нұрәлі ағыл-тегіл шынын ақтарып. Таңқалғанын жасыра алмай, абдырап. — Өзіңді осы жерде көп күттім ғой...

— Бір айдан бері тапжылмай тұрып күттім дегеніңе сенбеймін, — деп Рита тау суындай сылдырап кеп күлді.

— Жо-о-ға, күнде келем, іздеймін! Күнде келем, күтемін! Бір кездесуге зар болып сағынып жүрген бетім осы.

Қызды көргенде жүрегі лүпілдеп қоя бергенін қалай жасырсын.

Рита сұлудың көркем көрінісі жүрегін лоблытып көтеріп жібергендей сезілді. Қыздың лебі, күлкісі, сәулесі көз алдынан жарқырап өзгеше бояулы кемпірқосақ түзгендей ме, қалай. Күміс теңге уыстап сапырғандай сылдыр, сыңғыр күлкісі жанын жадыратып, өмірге құштарлығын көтерді. Жастықтың — өзі сұлулық. Қарсы алдында қауызы ашылған гүлдей жас бикеш, бейне, нұрға шомылып шыққан періштеге ұқсады. Бой-басына әлгі нұр шымырлап дарып, бұрын болмаған, сезбеген хал кешті. Нұрәлі осы мезеттен дүниені өзгеше көзбен көріп, қабылдай бастағанын байқады. Жан әлеміндегі алай-түлей тулаған толқынды әзер басты.

— Серуендейік, — деді аблыққан жүрегін тулатып.

— Мақұл, — деп қыз елп етті.

Жігіт пен қыз көше бойлай аяқты санап басып қатар аяңдап келеді. Рита өзі туралы баянын бажайлап түгесе алсыншы. Мәскеуде туып-өскен. Әкесі үлкен қызметтің тізгінін ұстаған, Вице-министр. Осы күнгі Ресей президенті Медведевпен университетте бірге оқыпты. Жастық кешуінің кең арналы өзеніне қосыла қайық салыпты. Шешесі консерваторияда портепианодан сынып ұстайтын ұлағатты ұстаз. Отбасында тетелес інісі бар, шахматтан мәртебелі жарысқа жиі қатысады. Өзі консерваторияның үшінші курсында, скрипка сыныбында. Жас күнінде үйіне қонаққа келген Ростропович маэстродан бата алып осы оқуға түсіпті. Айта берсе әңгіме көп.

Нұрәлі қолтығында келе жатқан бикештің сұлу сөзінен, майда жүрісінен бұрын-соңды сезіп-білмеген жарасым мен ұнасымды таныды. Тұла бойы сымға тартқандай, жұқа ернін үлбіретіп жаймен ғана сөйлегенде — арғы көмейінен бояулы саз-әуен құйылып-құйылып кетеді. Қыз үнінде ерекше құбылып естіледі.

«Құдай-ау, мына қыздың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, емеуріні, елп еткені тұнып тұрған сазды әуен ғой» деп іштей лүпілдейді. «Айтып тұрғаны ән бе, әлде әуен бе!»

«Ғажайып гитаршы Виктор Ямщук тақауда әйгілі виртуоз орындаушы Николло Паганинидің отанына, Генуяға барып, қабірінің басына түнеп, ұлы әртістің рухымен іштей тілдесіп шүйіркелесіп оралды. Сәті түссе, қажетті қаржы жинай алса — алдағы күзде маэстро меккесіне тағы тағзым ету ойында бар. Мені де «ала кетемін» деп дәмелендірді... О, үнсіз қалдың ғой! Қызғанбашы, қымбаттым! Виктор минутына жиырма нотаға дейін ала алатын жалғыз құбылыс. Ол жоғарғы нотаны алған кезде өз-өзінен экстазға түсіп, дүниені ұмытып, еңсесін салып құйқылжытқанда — дыбыс орнына әуеден жауһар шашылғандай, отшырақ ойнағандай кепке еніп, шырағдан өшіп, есік-терезе өз-өзінен ашылып-жабылады».

Осыны айтқан қыз жүзі ерекше нұрланып, батар күннің бояуы бикештің бетінде қалғандай сезілді. Қалт кідірді. Қабатында келе жатқан Нұрәліге наздана бұрылды. Сөзі, лебі жүз құбылып, самалша желпіп, жанына жақын тартқаны сонша — бозбала қорғасындай еріп бара жатқан бой-басын игере алмай қалды. Бойжеткеннің аш белінен орай құшып, өзіне шұғыл тартып, үлбіреген гүл қауызына қонған бал арасына ұқсады, гүл ерінге ернін қадады. Не ғажабының барын кім білген. «Мұныңыз не?.. жұрт көзінше!..» — деп Рита мінез шығарар, ұялар, бұлданар деп ойлаған. Қайда-а-ғы!.. уылжыған бал ерінін ұмсына түсіп, үгітіліп, тынысы жиілеп, қызуы көтеріліп талып түсе жаздағаны.

Дүние тіршілігі жадынан жуылып — осы мезет — мәңгілікке бір аттап, екі аттап біртіндеп қадам басқандай ілгерілегені мәлім. Қыз демі дуалағандай сезілді. Батып бара жатқан күн суретінен мәңгілік жалғыздық пен ұлы шаршау шежіресін оқыды. Дүниені жылытам деп дүниелік жалғыздыққа мойынсұну, өз отына өзі «өртеніп өлу», жоқтыққа жұтылу құбылысын көрді. Жалғанның адам тілі айтып жеткізерлік барша қызығы мен қызуы сазгер қыздың кең ашылған көгілдір жанарында мөлдіреп ұйып қапты.

Ғашықтық дерті тұла денесіне дарыды.

«Ғашықтық дерті» деген не ол? Ақындардың ойлап тапқаны ма... әлде қызуы басылмаған қыз бен жігіттің бір-біріне деген өршіген-өрекпіген-өпектеген-өліп-өшкен ыстық ықыласы ма... Үлбіреген қыз ернінің тәтті дәмі ме... Бұрындары ұрғашы көрмеген бозбаланың бойжеткеннің қыпша белінен қысқанда күтір-күтір үзілген буынтамырының үні ме... Әлде бойжеткеннің түпсіз терең кең ашылған жанары ма... Бойды өртеген қан құштарлығын қапысыз танып, балгердей болжап, таразыға салып танып-білуге әлі талай әлқисса жазылары кәміл.

Қыс өтіп, көктем жақындады.

Күн көзі жылынып, жер дүние қайыра жасарған сайын Нұрәлі өзін өзгеше сезіне бастады. Жан әлемінде бұрын-соңды болмаған қызулы сезім алыс жағалауға жал-жал жылжып жеткен теңіз толқыны секілденіп, күн өткен сайын күшейе түсті. Құлаққа толассыз сарыны жетеді. Жағаны ұрған сар-гүр дыбысы әлемге кетеді. Халықаралық қатынастар университетінің қуықтай тар кітапханасы өзінің екінші үйіне айналып еді. Көзінің асты көгіс тартып, қадала шұқынып, күзетшімен қосыла шығуды әу бастан әдетіне айналдырған. Енді Рита қызға аңсары ауып, ішіне шоқ түскелі кітапханада байыздап көп отыра алмайды. Сағатына қарап алаңдай түседі. Тегі астынан су шыққандай — ытырыла түрегеліп, есікке беттеп, әлгіде ғана тапсырыспен көп күтіп алған кітабын сарт жауып қайыра әкеледі. Кітапханашы қыз таңқалады.

— Екі сағат сарыла күтіп алған сирек кітапты ең болмаса бір сағат ұстамадыңыз, аға!

Не десін! Сөз саптасып жатуға зауқы жоқ, құлықсыз ғана басын изейді, сыртқа сытылады.

Тұңғиық терең жанарлы, сопақша жүзді, қыр мұрынды, торсық шекелі бойжеткен есінен еш шықпайды. Ританың халықаралық бәйгіге түсіп бағын сынайтын сағаты — бүгін. Үлкен консерватория залында.

Нұрәлінің аяғы аяғына жұқпай, жіті басып кең залға кіріп келгені осы: көз алдына перде тұтқандай ғашығының жүзін анықтап көре алсыншы. Көкқұтан сирақ, қылқи мойын тырақы дирижер таяқшасын сермеп қалғанда меңіреу тыныштық ұйыған зал төңкеріліп түскендей, күн күркірегендей сезілді. Бір пәс үдере басталған ре можар сазындағы оркестр саппа тиылып, портепианоға тіл бітті. Рита венгер виртуозы Ференц Листің «Кампанелласын» саусақпен теріп төгілдірген мезетте — зал бірауық тынши қалып, тіл жеткізсіз дыбыс қалықтап, діріл қағып, үздігіп, үзіліп, үдере көшіп, іштегі дүлей көтеріле ұйтқып, жанға, қанға саз сіңіп, аспаннан әуен төгіліп, кемпірқосақ өріліп, бұлбұлша құлпырып... құйқылжығаннан құйқылжытып барып-барып басылған кезде — тыңдаушылар талып түсе жаздады. Ең ғажабы: Рита ұзақ сазды жатқа ойнады. Салалы саусағы тиген күйсандық клавишасы — табиғаты «ағаш екені» ұмытылып, бейне, бүлкілдеп ағып жатқан ағыс екпіні ғарыштағы Жаратқан Иемен жалғасқандай сезілді. Күмбір қағып құйқылжытқан дыбыс бірде жоғары, келесіде төмен регистрді алып, адам айтса — нанғысыз әсерлі әуен үзді. Бұл дегеніңіз: адамның жаны аспапқа енгені. Аспапқа жан біткен кезде — әуен мен орындаушы арасында аткөпір түсіп, дүниені өзекжарды дыбыспен құбылта баурап, шырмап-матап алады. Тыңдарман саз арбауына түсіп қалады.

Шеберлікке тәнті жұрт дүр ете түсті.

Маргарита халықаралық орындаушылар жүлдесінде бас бәйгіні иеленді. Гүлге қонған көбелектей аяқ-қолы жерге тимей ұшып-қонып жүргендей ғой!

Нұрәлі сүйкімдісін бетінен сүйіп мейрамханаға шақырды. Сөйтсе, байқамапты, жүлдеге қыздың ата-анасы келіпті. Сол қапталында көлеңкеше ілесіп жүрген солар боп шықты. Жардай Вице-министр әкесі жарылардай болып екі иінінен демалады, аспандап, жұрттың төбесінен қарайды. Нұрәлі қолын ұсынып, басын екшеп, сәлем мезіретін жасап еді. Жардай жігіт жаратпаған сыңай танытып, ерін ұшын жыбыр еткізді. Қайта шешесі жайдақ судай арғы-бергісі түгел алақандағыдай ақкөңіл кісі көрінді, қызының көңіліне бола арадағы салқындықты жуып-шайып әлек.

— Үйге барамыз! Той дастарқанына тапсырыс беріп қойғанбыз. Сүйсініп ішетін шарабың, бәлішің, бәрі әзір!

— Мама, неткен ақылдысың! Мына Нұрәлі бізбен болсыншы, мама!

— Болса — болсын! Дастарқан мәзірі бәрімізге жетеді. Өзге де құрбыларың болса — шақыра бер.

— Келешек дипломат деп жүргенің осы жігіт пе? — дейді Вице-министр жүйрігіне отырып жатып.

— Осы, осы, әкетай! Тақауда университет тамамдайды. Қызыл диплом алады бұйырса!

— Оны уағында көрерміз! Сендер көмекшімнің жүйрігімен келерсіңдер. Өзім жұмысқа бір сағаттай кіріп шығам, сәл кешігіп барам.

Осыны айтып жардай Вице-министр қара барыстай ытырылған жүйрігіне кептеліп әзер сыйып, жөнеле берді. Бұлар көмекшінің көлігіне қысылысты. Түнгі Мәскеу отшашуы жарқырап, көше бойындағы тізілген жарық жерге себілген мың сан жұлдызға ұқсап өзгеше ғажайып өрнек құрайды. Сәнқой сұлудың төсіне таққан күміс алқасы секілді.

Уақыт, бейне, уыстағы құм. Қатты қысып соңына түскен сайын тез сырғиды. Вице-министр қызының халықаралық бейгіде бірінші жүлде алу тойында, өзге де ықыласты басқосу, дастарқан мәзірінде Нұрәліге пәлендей жылы қабақ таныта қоймады. Қызы мен зайыбы жылы-жылы сөйлеп, ортаға дәнекер болып, жақындық белгісін танытса-дағы таяқ жұтқандай кекірейген қалпы. Араға көзге көрінбейтін перде тұтып қойғандай. Бұл заманда кісінің сыңғырлаған шыныға айналған кезі. Зердесі бар көзге кісінің арғы-бергісі түгел көрініп тұрады. Қыз әкесі айтпаса да түсінікті: мұны оқу тауысқан, арғы-бергінің білімін меңгерген десе-дағы, әй, қойшы, далалықтың аты — далалық, өркениет басқышына өлсе де аяқ сала алмайды деп менсінбей, аспандап отырғаны мәлім. «Бұлардың тәуелсіздікке қол жеткіздік деп желпілдеп жүргені баланың ойыншығындай нәрсе. Алып империяның жалтаңкөз қолшоқпары болып өтеді әлі».

Осындай ойдағы әке қызының Нұрәліні құлай сүйгенін қайтсін, жеме-жемге келгенде пысқырмайды да.

Өстіп жүргенде мамыражай мамыр келді. Нұрәлі мен Ританың бір-біріне деген ықыласы, сүйіспендігі өртше лаулап өршімесе, бәсеңдейтін емес. Бір-бірінің отына шарпылып күйіп кететіндей ме. Шуақты жексенбінің кешінде үлпілдеген ару қыз Нұрәлінің қасында аз-кем отырып шарап ішкен, біраздасын кәдімгідей қызып, буынын басып тұра алмай, жігіт бөлмесінде қонып қалды.

«Қонып қалды» деген жәй әншейін сөз.

Апақ-сапақ кештегі ләззат ойынын суреттеуге сұрапыл көркем сөз қажет енді. Жоғарғы оқу орнының латынша «L» қарпіне ұқсаған бес қабаттық үлкен жатақханасы. Бесінші қабаттың батыс түкпіріндегі құрқұлтайдың ұясындай бір кісілік шағын бөлме. Әйнек алдында шағын үстел, оң қабырғада темір керует, қабырғада кітап жинағыш, есікке таман — сол бұрышта қолжуғыш-унитаз, бес жылғы студенттің жылы ұясы, барша жиһазы осы ғана. Дөңгеленген шағын үстел әрі кітап оқып, компьтер басатын жұмыс орны, әрі ас ішіп, аяқ босататын «асханасы». Іргедегі гастрономға бас сұғып — көкөніс, тәтті шарап әкелгенше, Рита шағын бөлмені жылан жалағандай жинастырып қойыпты. Іші жылып қалды. Жылы-жылы шүйіркелесіп, бір-біріне аяқ түйістіріп отырып ішкен шарап ду етіп басына шығыпты. Жеміс сөлі қыз ернінде шық секілді мөлдірейді. Тіземен тізе түйістіріп, көзбен көзді «сүйістіріп» мөлиген Нұрәлі тағатын тауысып алды. Үлбіреген қыз еріндегі мөлдіреген тамшыны ернін тигізіп сорып алды.

Рита орындаушылық шеберлік туралы сөйлеп отырған.

«Нота — саздың, әуеннің бергі жағы, сырт сұлбасы, фоны. Виртуоз орындаушы әлгі нотаны өзінше оқиды. «Өзінше оқу» деген не ол? Әрбір нотаның арасында жасырынып үзіліс, үндестік жатады. Әр орындаушы әлгі пустотаны... әлгі үзілісті... секунд ішінде өзінше жалғап, өзінше үндестіріп үлгереді. Жөргеп жібереді. Әлгі үзілісті (пустота) секунд бөлшегінде өзінше нәш, ырғақпен толтырмақ ләзім. Қалай түсіндірсем екен!.. Бір өлеңді әрбір әртіс әрқалай үн, әрқалай ырғақпен оқитыны секілді. Виртуоздық деген сол!»

Ританың ернінен шарап сөлі мөлт тамды. Нұрәлі сүйіп алды.

Бұдан әріге қыз дәті шыдамады. Ішінде алақұйын боп дүрліге бас көтерген құштарлық қызуы, нәпсі жыланы өртше күйдіріп «аһ» ұрғызды. Жанарын жұмды. Нәпсі жыланы буып, тынысы тарылған ұрғашыны жігітіміз ақ төсекке сұлатып салды, әппақ саны ашылып қалды.

Алдындағы ашық-шашық көріністен бозбала дүниені есінен тарса шығарды. Жіті қимылдап, бойжеткеннің кеудесіне жылжи-жылжи жоғарылап, жайлап ап, қысымынан буындыра бастаған нәпсі жыланынан нәзік денені ажыратып алуға қам жасады. Әлгі жылан қызуы көтерілген қыз денесін дереу ажыратып алмаса — балғын дене буынғаннан-буынып осы сәтте жан тәсілім ететін. Үстіндегі бар лыпасын жалма-жан сыпырып салды. Нәпсі жыланмен шаппа-шап айқасып жатқан қыз тәні, бейне, шырайы ашық көл. Көл беті ауық-ауық шеңберленіп кетеді. Әлгі көлді шырқ айналып жүгіре басып жүрді-жүрді... ақырында... тағаты таусылып... дегбірі қашып... тәуекел деп, ашық-шашық сұлу көлге гүмп беріп сүңгіді!

Айдын көлден қашан шыққаны есінде қалмапты.

Есінде қалғаны Ританың: «Мені еліңе алып кет!» — деген сөзі.

Әйтсе де қазақы салт, үлгіде өскен Нұрәлінің көңіл түкпірінде күдік көлеңкесі қалды. «Ританың бірінші көрген еркегі өзім емеспін-ау» деген күдік күн өткен сайын көңіл түкпірін жегі құрттай кеміріп жеп қойды. Жүре-бара, уақыт өте әлгі күдік кірпікшешенге айналды.

Маусым айының аяғында оқуын тәмәмдады. Нұрәліні сарапшылар алқасы ақыл қорытып, мәслихат құрып сөйлесе келе... қиян түкпірдегі, екі алпауыт мемлекеттің арасында қалып ғасырлар бойғы аңсаған тәуелсіздігін алып, тәй-тәй басқан баладай... енді ғана бойын тіктеп келе жатқан шет елге, дипломатиялық атташе қызметіне жолдама берді. Әйтсе де Нұрәлі көнбеді. Ата-анасы аурулы екенін айтып, Қазақстанға жіберуді өтінді. Көпті көрген кәнігі ректордың басы басқа жаққа қисайды: «Бұл жігіттің жанарында от бар, оның үстіне мәртебелі Вице-министрдің күйеу баласы екен, университет қабырғасында қалдырасақ қайтеді», — деді. Сарапшылар шу ете түсті: «Осы оқу орнының баяғыда табалдырығын тоздырған, баяғыда қорғап алған, сен тұр — мен атайын дейтіндей дайын доценттер кезекте тұрғанда — бозөкпе азиатты мойнымызға мінгізбейік...» «Жөн сөзге көшейік...» «Мозамбик, Кениядағы атташеміз: «Іштүйнек болып өлуге айналдық, ғылым докторы деген атағымыз жер жарғандай, бетімізбен жер басқандай әзер жүрміз», — деп елге сұранып ай сайын хат жазады...» «Ана мәртебелі Вице-министрдің бір ауыз сөзін жерге қайтіп тастаймын», — дейді сасқан ректор. «Ойбай, ол Вице тікұшақпен қасқыр атам деп жүріп оңбай мертігіпті, орнына дені-басы сау өзге кісі қонжиыпты!..»

Мына тосын хабарды естіген ректор қарадай сұрланып, қанын ішіне тартты.

— Не дейд!

— Дәп солай, енді қайтып қызметке оралуы екіталай деп жазыпты газетке, мінекейіңіз!

— Не дейд!

— Тіміскілеген жорналшылар бекер жазбайды.

Жалтыр бас ректор әрәдік «не дейд!.. не дейд!..», деп басын бос шелекше шайқап отырып Нұрәлінің жолдама қағазына «Қазақстанға» деп қол қойып берді. Алақандай қызыл дипломды қолына ұстатып, қимай-қимай жолболсын айтты. Қайын атасының тікұшақтан құлап, миы шайқалып, қызметтен босап қалғанын елдің ең соңынан, ұстаздарының аузынан естіген Нұрәлі қатты қобалжыды. «Маған неге айтпаған... әлде бөтенсіді ме?.. әлде әзірден сырт айналмақшы ма?..» деген көңілінде дық қалды. Алдында ғана некелесуге құжаттарын өткізіп қойған. Сол кезеңде балапан басымен, тұрымтай тұсымен дегендей, аласапыран күндер туды. Алып империя ыдырап, одақтастар бас-басына тәуелсіздік алып, енші бөлісіп жатты. Бұл болса — көзінің майын тауысып, кітапхана қуысында жарқанатша бұғынып қияли кісіге ұқсап отыра беріпті. Қайын атасы тікұшақтан құлады ма, әлде, тікұшақ оқыс құлдилады ма, анығын білмейді, миы шайқалып, лауазымды қызметтен босапты. Консерваторияда портепиано дәрісін жүргізетін қайын енесінің мінезі сол екі арада күнбағыс секілді жүз сексен градусқа өзгеріпті. Бұрын: «Қызым қасымда болады», — деп ұшырасқан сайын нығыздап айтып отырушы еді. Ендігі сөз сықпыты: «Қазақстан түгілі қытай ассаң да — Маргарита өзіңе ілеседі, қызмет басқышына бірге аяқ саласыңдар!.. біріңсіз біріңнің күнің қаран!..» — деп құлағын қажайды. Маргарита бұрын ғой: «Мәскеуден алысқа аттап баспаймын», — деп мойнын ішіне алып мөңкуші еді. Шеше сөзі құлағына сіңгені сонша, құбыл өзгеріп, монтанси мөлиіп, жанарын жәудіретіп жігіттің білегінен тас қып ұстап, қолтығына кіре түседі. Қалыңдығының қылығынан қан қысымы көтеріліп, жүрегі атқақтай соғады. Бұрынғы бұрынғы ма, бойжеткеннің танауы қырланып, еріні гүл қауызындай үлбіреп үзіліп түсердей мөлдірейді. «Оңаша сөйлесейікші», — деп үзідігеді. Қызбен оңашаланды дегенше — сөз қалады жайына, уақыт естен шығады. Екі-үш ауыз әзер тілдесіп үлгереді, ләззат ойынына жұтылады. Көз алдында дүние дөңгеленіп, ес кетіп, жан шыққандай халге еніп, Нұрәлі шешініп тастап жалма-жан алдындағы жайрап жатқан терең көлдің айдынына сүңгиді. Сүңгуір қайыққа ұқсайды.

Сөйтіп жүргенде мамыражай маусым аяқталып, шілденің шыңылтыр ыстығы басталды.

Нұрәлі мен Маргарита жол жүктерін буып-түйіп, жылы ұя, өскен ортасына айналып үлгерген алып қала — Мәскеудің жүрдек поезына отырып, қиыр дала түкпіріндегі жас мемлекеттің жаңа қарашаңырағына айналып, дабысы алыс-жақынды дүңкілдетіп жатқан Астана қаласына сапар шекті. Поезға қайын енесі шығарып салды. Екі кісілік купеге отырған мезет қалыңдығы ішін басып екі бүктетіліп отырып қалды. «Бойына бала біткен ғой қарашығымның, бастарыңа не күн туса да сақтаңдар, ұл болса — есімін Артур қойыңдар», — деп, көз жасын бес сығып, қол бұлғап қайын енесі қалды. Жанында аурушаң дімкестау болып өскен, шіби қоразға ұқсаған жалғыз ұлы. Ақыл айтқыш, қарауылдағыш «қазымыр» әпкеден «құтылдым ба, құтылмадым ба» дегендей — дімкәс іштегі іні қуанышын жасыра алмай шиық-шиық күледі. «Қош бола тұр, ару Мәскеу, дүниенің төрт бұрышына шуағын шашып, қаһарын төккен ақсүйектер мен қайыршылар ордасы, алып қала!..» деп, жас жұбайлар қимай-қимай қолдарын бұлғап күншығыс қиырға бет түзеді.

Алғаш ләззат түніндегі виртуоз қыздың шырайы ашық көл секілді күнтимесі гүмп бергенде көңіліне ұнамсыз күдік қалдырған. «Неге бұлай?..» «Қалыңдығы қазақы дәстүрге судай сіңіп, тастай батып үлгере ме?.. Етек-жеңін жаңа жиып, енді еңсесін көтеріп келе жатқан жас мемлекеттің кетігіне кірпіш болып қалана ма?.. әлде арам безге ұқсап жаңа отбасының от басы, ошақ қасы — түтіні бықсып жанып көзді ашыта ма?..» Көңілдегі көп сауалдың әзірге шешілетін ұштығы көрінбейді.

Көгілдір жүрдек состав екі жарым тәулік ұйтқи жүйткіп үшінші күні сәске түсте Астана вокзалына тақады. Екі күн бойына оңаша купеде қалыңдығы: «Басым ауырды», — деп ұзыннан сұлап жатып алды. Нұрәлінің жас күнінде самоиздаттан шыққан, сырт көзден жасырып оқыған Алексей Толстойдың «Жекпе-жек» әңгімесі есіне оралғаны. Әлгі әңгімеде... Осындай оңаша купеде ақтың генералы қуыршақтай сұлуды оңашалап ләззат ойынына батады. Қуыршақтай сұлу жалаңаш құмарлықтың небір құйтырқы тәсілін танытады. Ес кетіп, жан шыққандай халде жатқан офицердің барша құжатын ұрлап әлгі қызыққұмар сұлу келіншек тәуліктен соң поездан түсіп қалады. Еркек пен ұрғашының қан қыздырған құштарлық майданын бастан кешіп жатқан кезде — майдан даласының барша құпиясы ашылып қалады. Құпияны ашқан әлгі қуыршақ келіншек. Әңгіме ақ офицердің ату жазасына кесілуімен аяқталады.

Жұпар иісті, жұмсақ дегелі, үлбіреген қалыңдығын қытықсыз құшып-сүйіп жатып Нұрәлінің есіне сол баяғы әңгіме әлсін-әлсін орала бергені.

Құштарлық майданын қойшы!

Астанаға оралған жас мамандар бір жыл ішінде бес жылға бергісіз ұлы сүркіл соғысты бастан кешіргендей хал кешті. Ең әуелі — әсіре қазымыр сарапшылық тендердің сын елегінен өтіп, қауызы түсіп, қауырсыны ұшып дегендей, Сыртқы істер министрлігіне қызметке тұрды. Удай қымбат пәтер жалдады. Көкөніс, жеміс-жидек, ағарған атаулы тасымал. Қала маңайындағы халық әлде тың игеру науқаны кезінде қара топырақты — жер мәйегін түгел желге ұшырып жоғалған ба... «тасымалды арзандатамыз» деп үдеріп шенеуніктер жүр!.. «еккеніміз шықпайды» деп теңселіп шаруа қауымы жүр!.. диқанның шаруасын ойлап шаршап неғылады, алған айлығы ас-ауқатқа, пәтер жалдауға әзер жетеді.

Жарық дүниеге іңгәләп нәресте келді. Баяғы қайын енеге берген уәдесі есіне түсіп сәбидің атын «Артур» қойды. «Я қазақша емес, я орысша емес, бұл неғылған есім», — деп қуанышты хабарды естіген туыстары мөңкіді. Жаңа қаланың жас мамандарға деп салынып жатқан ипотека үйіне тіркеліп, елдегі туыстарының малын, бауын сатқызып мөлшерлі қаржыны бір жинап... көңілі жақын қызметтес жораларынан: «Өлтіремісің, бере тұр!» — деп екі жинап... Қарағанды жақта бие сауып, қымыз сатып күнелтіп отырған нағашыларын жағалап үш жинап... сіңірі сіңіріне ілініп жүгіріп сол жағалаудан су жаңа екі бөлмелі үйді иеленді.

Көшіп келіп орныққан күннің ертеңіне: «Мұндай желі қасқырша ұлыған, ит өлген айдалаға қала салуға қазақтың ғана ақкөздігі жетеді, жүрегі дауалайды», — деп аһылап-уһілеп қайын енесі жетті. Жағы қырланып, көзі бозарып жүдеп қалыпты. Бұрынғы Вице-министр, бүгінгі төрт қабырға тұтқыны — қайын атаның халі кәпір аяғандай, мүшкіл секілді ме, айтып отырса: «Үйден шықпайды... жан баласы телефон шалмайды... үкіметке «қабылдаңыз» десе — құлағына ілмепті, сақтандыру компаниясына хабарласса — тезірек құжат жинап, «жұмысқа жарамсыз» деген қағаз алып, зейнетке шығыңыз депті. Ақын айтқан «өлдің Қонай — қор болдың» деген осы ма деп, маңдайын тоқпақтап күйеу отыр, есі кірерлі-шығарлы ұлдың араны ашылып, «тойдым, болдым» дегенді білмей — күніге төрт кілә сүзбе, үш кілә көкөніс, отыздай бәліш жеп жуандағаннан жуандап, үйге сыймауға айналғаны жанға батады-ай. Дәрігерлер төбесін көргеннен: «Тамақты тарта ішіңдер», — деп ойбайын салады-ай.

Портепианодан дәріс беретін сұңғыла сазгер қайын ене үйінде екі аптадай қонақ болған кезінде — баяғы баяғы ма, бір сарынға салып алған ойбайын еш бәсеңдетпеді. Құлағы сарсылып, көңілі құлазыған Нұрәлі үйден шығып, қашып қызметіне кететін болды. Енесін «Ұлы ойбай» деп атап жүрді. Сол ұлы ойбай дүниеден қарадай түңілдіріп жерге қаратты. Қайтпек керек?

Айрықша алғыр, қай шаруаға салсаң да қайықша жүзетін Нұрәлінің іскерлігі көзге түсіп Министр алдына шақырып алып: «Шығыс елдерінің біріне елші етіп жіберсек қайтеді», — деп қолқа салды. Әжептеуір иығы көтеріліп үйіне келген мұны