Әдебиет
Дүкенбай Досжан
Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.
Пайғамбардың өлімі
(хикаят)
Алла тағала рамазан айында қасиетті Құранды түсірді, яғни сүрелерін пайғамбар ғалейкіссаламға аян етті, жаратқан иенің ырқынан туған ең кемел туынды — адамның өзін жаратты; көн кітапта жазғандай милади 611 жылы рамазанда пайғамбар ғалейкіссалам Алла тағаламен тілдесу үшін жеті қат көкке көтерілді, тағының жанында болып, жаратқан иемен тілдесті, адамның рухы мен тәнін үзбей жетілдіру үшін қажетті сауалдар қойды.
1
Меккенің терістік шығысында динозавр қаңқасына ұқсап ырсиған қызыл адырлы Арафа тауы. Қызыл болатыны — ыстық табадағы қуырдақша күн көзі жеп қойған. Қызыл болатыны, — дейді машайық софылар, — кісінің көз жасынан, Арафа тауының тасына көз жасы көп тамған. Сәске түс, рамазан айының ортасы. Кейіпкеріміз Мырқы қырат бауырында үймек тасқа ұқсап тапжылмастан отырған. Әзер-мәзер қыбырлап астына батқан тасты алып қарады. Сол баяғы күрең тас... Күн де сол бір орнынан шашырап көтерілді, біраздан соң көкжиекке сіңіп өледі. Бәрі-бәрі баяғыша.
«Уай, пәруердігәр дүние, — деп кейіпкеріміз тобарсыған ернін жалады, — пенде тозады, сенің еш тозбайтының қалай? Бұрын ғибадатқа келген жұрт көктемгі қызыл суға ұқсаушы еді, бірде толып, бірде қайтып ағатын, бұл күнде ғой халық, бейне, телегей теңіз. Ақ сұрып сұлбалар толқыны. Ұшқасып-тіркесіп Мекке алаңын, Қағба маңын басына көтеріп теңселіп бара жатқаны. Дүм-дүние тайфун дүлейіне ұқсап тікесінен тік тұрғандай. Кісі назары күлімдеген, жас шылаған, өткірленген, өңменіңнен, өткен, ішіп-жеген... еш құтылып болмайсың!»
Қағба төрінде, үш бұрышты етіп салған пәкене үйде қасиет бар. Тас басқышпен төмен түсіп, мөлдір шынының арғы жағында алқара пүліш үстінде жатқан қара тасқа қол созған кезде:
Көз жасы тамағыңа тығылып,
Өзге бір дүниеге барып-келіп,
Дүм-дүние асты үстіне төңкеріліп,
Жаратқан иенің назарына бір табан тақағаныңды сезесің. Алды-артыңнан қаумалаған... қыспаққа алған... мөлдіреген... күлімдеген... тереңіне тартқан мың сан көзден құтылу қайда! Я бүйіріңнен, я тура желкеңнен, я ойламаған жерден тесірейіп қарап тұрғаны. Уай, пәруардігәр дүние, бәлкім жаратқан иені жер бетінен мүлдем алыстатып жіберген адамдардың тойымсыз көздері шығар. Пайғамбарды алпыс үш жасында ауыртпай, сырқатпай о дүниеге алып кеткен пенделердің қатты тиген назары-дағы».
Тіфә-тіфә! Тіл-аузым тасқа! Қапелімде не ойлап кеттім осы? Жалғанда жұмыр басты, екі аяқты пендені күнакәр ететін ойы мен қиялы білем. Күнәлі іске әуелі ой бастайды. Жасасам қайтеді?.. Нем кетеді?.. Ешкім біліп болжамайды!.. деумен кісінің әуелі ниеті бұзылады, ойы арамданады. Ойы бұзылған кісі дүниеде айнығыш, айнып жүріп шалыс басады, күпірлік қылады, күнәға батады. Қарап отырып қиялдап кетіп алла тағала мен момындар арасын алалаған, ажыратқан маңдайдағы қос жанар дей жаздағанымды қарашы!
Осы мезет кейіпкеріміз Мырқы жанарынан қызыл тасқа көз жасы тырс-тырс тамды. Бойын босатпайын, елжіремейін, ерімейін деп-ақ еді, не құдіретінің барын кім білген, тапқа қойған сары майдай еріп бара жатқанын жаңа сезді. Бұрын қандай еді, қазір қандай! Бұрын Мырқы мырза еді. Мырза десе дегендей, екі бетінің қаны тамып, екі иінінен дем алып, қасқыр ішігін иығынан сілкіп салып: «Қайдасыңдар!» - дегенде ғой. Бір малайы салқын су құйған шәугімін, шылапшынын әкеліп жуындыруға қам жасап, иіліп тұра қалатын; бір келіншек төсегін жинап, түңлігін ашатын; бір келіншек шытырлап сапырумен піскен қымызды ұсынатын; аяғына мәсісін сұғатын, күніге «тер сіңді» деп көйлегін ауыстыратын; аз айт, көп айт, елде жүргенде Мырқы мырза саусағын қимылдатпайтын. «Қайдасыңдар» деген бір сөзі атадан қалған дәулетті төгіп-шашуға жетіп жататын. Керілгенде кеудесі көкті қамтитын. Енді ше? Арафа тауының күнгей бетінде отырған құр қаңқа әншейін... тасқа тырмысқан қара қоңыз іспетті, көрінісі жүректі жылытады.
Мына суретті көз алдыға келтіріңіз.
Иықтан күн шашырап шығып келеді. Жалпақ төбе басында қараң-құраң кісі көп. Бірі түнемесі қонған шатырын жығып, төсегін жиып, ылди-төмен кетуге қам қылуда. Бірі еңкеңдеп шайтанға лақтыратын тас теріп әуре. Бірі құлашын созып көзге көрінбей келіп, кісіні теріс жолға бетін бұрып жіберуге шебер әзәзіл азғырушы жолына тас атып шаршаулы. Құлаштай-құлаштай қолтығы сөгілген. Әлгіде ғана тау бетінде шоқиып отырған Мырқы мырзадан өзге қыбырлаған жан жоқ болатын, енді адырларға жан бітіп қимылдап кеткен секілді, бірде оң жақтан, бірде сол жақтан кісі қарасы шалынып қалады. Жалғыз ғана қара тасқа жабысып, қара тас болып отырған қу сүйек қаңқа кейіпкеріміз -Мырқы мырза ғана.
Ошақтан жанбай жатып суырған күйелеш сексеуіл томары. Сақал-шашы күнге ағарған. Құр кеудеге «мынау қос қол болсын» деп оттан суырып алған екі сексеуіл бұтағын қыстыра салған, «мынау аяқ болсын» деп бақанды бөксеге байлап қойған секілді. Бойында артылатын қырым ет жоқ. Жүз жыл бойы жолаушылап, тасқа табанын тіліп, күнге күйіп, қаны қоюлап, осы тұсқа жаңа әлгіде жеткен бе дерсің. Қара тастың үстінде үкідей үрпиіп, жел үп етсе ұшып кетердей боп, ошарылып отырысы жаман. Кеудесінен шыбын жаны ұшып шығып кеткен бе деп қаласың. Қасынан өткен кісі осынау шоқиып отырған, сақал-шашы ағарған, қу сүйегі қалған немені «өліп қалды ма?» — деп көзбен тексеріп өтеді. Тұрып-тұрып иығын қиқаң еткізеді. Бұл шіркіннің көз жасы бетінен сорғалап, иегіне жетіп, тас бетіне тырс-тырс тамады.
Дүние жалғанды басып-басып, діңкесі құрып, сіңірі тартылып, қай-қайдағыны есіне алып, Арафа тауының беткейінде бүргедей болып, жанары боталап, жыла-а-а-а-ап отырған мүсәпір жанды елестетіңіз!
— Мына шіркін күн өтіп, еті ағып, сүйегі қалған қаңқа емес пе, абайлап қараңдаршы!
— Көз жасы тыйылар емес, жылап отырған секілді!
— Жер шетінен ботадай боздап еңіреу үшін жеткені ме!
Момынға күлме! Ол шіркіннің нендей қасірет арқалап жеткенін бір алладан басқа ешкім білмейді!
Осыны айтқан мінажатшыл, момын қауым маңайынан сырғып жосып өтіп жатыр. Жоғалып жатыр. Қасірет демекші! Кейіпкеріміз Мырқыны осынша жылатқандай қандай өмір азабы?.. Нендей жан қиналысы десеңші! Жер түбінен пайғамбар табанының ізі түскен Меккеге арып-ашып жеткенше жинаған ақшасын жұмсап, нешеме ұйқысыз түнді, ауыр күнді өткеріп, барша пенделік мұратын жаратқан иенің жолына пида етіп... келіп-келіп, жетіп-жетіп... осыншалық егіліп жылайтындай қандай кепті бастан кешірді? Күнәсі тау тасынан көп пе әлде? Көрген сұмдығы еш ұйықтатпай тентіретіп дедектетіп, желкелеп жеткізді ме? Алла тағаланың нұрына пендесінің ақылы жетсе — ғашықтығы, ақылы жетпесе — ғашықтығы әншейін сөз. Мына отырысы жаңа әлгіде оттан суырып алған сексеуіл томары секілді. Жаратқан иеге ғашық жан шығар, сірә. Боямасыз, еп-сепсіз, пендешілік ықыласына зер салып көрелікші.
Мырқы мырза - қазақтың аспанынан түйдектеліп бұлт кетпейтін, ақ селеуі, бұйра жусаны теңіздей толқыған Сарыарқа даласында, жауынқұрттай жайлап жылжыған Есіл жағасында, жабайы жидесі, бүлдіргені, сәмбі талы малынған иін қолтықта аппақ шағаладай жеті үйін қатар тігіп қойып, болыскей керуеттің басына аяғын іліп шәниіп жатқан мынау деген байдың мырзасы болатын.
Біреулер «текті тұқым» дейді, келесілер «байпатша» дейді, біреулер «мырза» дейді, әйтеуір жарық дүниеге келгелі бетіне жан келмеген жел тимеген жақсының өзі болды. Ерте үйленді. Әкесі бір елдің мынау деген өзіндей мықтысын алдына шақырып келтіріп ту бие сойып, жылқының шекесін тартып, аузынан ақ майын ағызып отырып, сөз иіні келгенде «құда болайық!» — дегенде — анау қуанғанын жасыра алмай, басын жұлқына, мақұлға көне берген болатын. Аз айт, көп айт, бір елдің мөлдіреген ғажайып деген сұлуын қолына қондырғанда өзі құралпы талай мырза, ауылнай, шабарман, алыпкел, шауыпкелдер қызғаныштан іштері өртеніп еді. Алғаш қалап алған қалыңдығы уылжып піскен жүзімдей үзіліп түсіп, шие еріні үлбіреп құшағына жұтылғанда әлде құштарлық күйінен, әлде махаббат мауқынан талып қалыпты. Ұлпадай үлбіреген келіншек мықынына басын сүйеп жатып есін жиыпты. Жас сұлудың бұла денесі мұнша ыстық болады деп ойламапты. Ыстық құшаққа жұтылып, ыстық бұлаққа сайманын суарып ақыл естен айрылып айды еткізіпті, күз сүмелегіне ұрынып тоңар ма еді, әкесі: «Қыстауға көшсін, алтын інді баққан байғызға ұқсамай», — депті. Қыстауға қонғасын да ұнасымды келіншегінің қасынан шығып, жақсы ат мініп, жарқырап жүріп жиын-тойдың төрінде алшысынан түсіп отырғасын ба бірте-бірте мінезі өзгере бастады. Артықша, өзгеше көрінем деп сауырынан су төгілмес сәйгүлікті таңдап мінді. Ақан серінің құмай тазысын қалап сұрап, сөзін иіп келтіріп: «Сері дүниеме тұрмаса да, тамыр болайық деген сөзіме, пейіліме тұрады», — деп оны-дағы алғызды. Арқаның атақты биі Қарпықтың салған жеріне түсетін қыран бүркіті — Тастұйғынын бес тоғызын тігіп жүріп, араға шешендерін жан таптырмай салып жүргізіп, ақыры иеленіп тынды. Қас сұлу келіншегі бар, тақымында жұлдызша аққан сәйгүлік, жетегінде құмай тазысы, білегінде Тастұйғыны, енді Мырқыекең ес жиятын шығар, тәубасына келер, шүкіршілік етер деп ойлаған былайғы жұрт. Қайда-ағы!!-ы!!
Сұлу қызы бар ауылға ат тізгінін жиі тартатын әдет жамады. Қоянды жәрмеңкесіне барған соң өзге жұртқа ұқсап малын пұлдап, базаршылап, қажетін түгендеп алған соң қайтып кетудің орнына беті жылтыр әнші келіншектің қолынан бесті қымыз ішіп, белін шешіп, айлап жатып қалатынды шығарды. Айна алдында көп тұратын болды. Үлкен кісінің алдынан тасыраңдап өте шығатын мінез шығарды. Он екі қанат ақ отауының алдынан кісі жүргізуді қойды. Бейсеубет жолаушының төбесі қылт ете түссе — дереу шабарманын шаптырып: «Атын тартып алып, өзін сабап, жаяу жібер», — деді. Қарсыласы көбейіп бара жатқан соң қайдағы сайдан қашқан, дардан қашқан қаныпезер казак-орыстан аларман отряд құрып, мылтық сатып әперіп: «Анау пәленшені айдап әкеліңдер!.. Тәубасына келтіріңдер!» — деп көкірегі көкті тіреп тұратын мінез жамады.
Тегіне мал біткен әкесі қылтамақтан ауырып төсек тартып жатып қапты. Жәрмеңкенің қызық думанын түгескен соң барып көңілін сұрай түскен. «Әке, тәуіп алғызайын ба аларманымды жіберіп?» — деді. Әкесі алдына қойған үйеме табақ жал-жаяны, сапырып ұсынған бал қымызды тамағынан еш қылғынып өткізе алмай, жанарына мөлдіреп тығылған жасты бір сығып алып тілге келді. Сыбырлап сөйледі.
«Жиын-тойда жаман киіммен үстіме кірдің», — деп Шөже ақынды боқтапсың, ат-шапан айыбын беріп, аяғына жығылып әлгі ақынды әзер жұмсарттым, балам», — деді... Бұл — бұл ма. Сонау арқа жұртына әйгіленіп, қу медиен далаға жәрмеңке өткізіп жатқан орыс көпесі Ботовқа салық төлемепсің, алдын аша гөр баламның деп әлгі месқарынға қырық жылқымды айдатып әзер бастым, ұлым... Алшынбайға арақ іш депсің, болыс болған аға сұлтан Құнанбайдың үстінен жазылған отыз шақты арыз шағымға бармағыңды басып, үстемелеп қолыңды қойыпсың. Қарадан шығып хан болмайды, төренің таза қаны күре тамырымда деп Көкілташ медіресесін үздік тамамдаған Науан хазіретке тіл тигізіп, татар молдасын айдап салып, жұрт көзінше күлкі етіпсің. Екі үйір жылқым Науан хазіретінің хұзырына бас июге жұмсалды. Түркістан датқасынан қалап алған тайтұяқ жамбы Алшынбайдың ашуын басуға, араға жүрген мешкей билерге жұмсалды... Өл деймісің енді..?
Сыбырлап сөйлеп отырған әкесі әлсіреп жастыққа құлады, о дүниеге жөнеп кеткен екен деп анасы дауыс сап аңырады-ай. Жоқтау айтып.
Бұл дүние не боп барады деп ойлаған Мырқы мырза; «Мына алжыған шалдың тайтұяқ жамбысы несі, қырық жылқы алымы несі?.. Адуын Алшынбайға арақ іш десем — мас қылып кеудесін басайын дегенім, сәлдесі ақ жібек Науан хазіреттің «заман азып, бейбастықты тиятын кісі қалмады, ислам тоқырады» деген сөзі ұнамады, ой, соны қойшы, шалқайып сұлу бойжеткеннің жалаңаш санын сыйпап отырған Мырқы екеңе назарын тіктеп: «Сендегі — таусылады, алланікі — мәңгілік» дегені мылтықпен атқандай тиді.
Дүлей көтеріп кетіп, ай, татар молдасын алғызыңдар, мына машайық хазіретті үйден ұшықтап қуып шықсын дегенім рас еді. Дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпейді. Құранды жатқа оқитын мына хазіретіңнен сыраны сылқытып, намазын қысқарта оқып айтқаныңнан шықпайтын татар молдасы артық көрінген. Бұл адам азайын десе — оңай екен, сол иығыңдағы сайтанның: «іш, же, айдарыңнан жел ессін, құшағыңды құрғатпа, құш, сүй, ешкімнің көз жасына қарама, боқта, саба», — деген сыбырына құлақ асып, жанары аспандап, әке үйінен кетуге айналды. Манағы құлап жатқан қақбас шал кірпігін қимылдатып, саусағын шошайтты, ернін жыбырлатты.
Есік жаққа барып қалған Мырқы екең әкесінің кәпір аяғандай үрпиген ұсқынын көріп қалт кідірді. Көзіне көзін тіктеген еді, жон арқасы шымырлап қоя берді. Бұрын-соңды мұндай өңменінен өткен оқты назарды көрмеген еді: мұң... шер... айтылмаған сөз... сүрілмеген өмір... өкініш... опасыз өмір уы... тіршілік дәмі... бәрі-бәрі теңіз дүлейіндей араласып, алай-түлей боп құтыра шатынап шаншылған. Еріксіз тізерлеп отыра кеткен. Құлағына өлгелі жатқан адамның еміс-еміс сыбыры жетті.
— Адам баласынан өзгеше, артықша көрсем деп кеудеңе жел бітті, ақылыңды сол жел көтеріп кетті, — деді барып-келіп жатқан қайран әке.
— Нұрың бұзылды, — деді де кемсең қағып, жастыққа бетін басып, иығы селкілдеп әкесі көрер көзге жатып қалды.
Бұл көкең еңсесін таспен бастырғандай отырып-отырып аяғына әзер міңді, еңсесін тіктеді. Отауына келіп алдынан жүгіріп шыққан келіншегіне сырт киімін, құндыз бөркін, күміс кісенін шешіп беріп, болыскей кереуетке гүрс құлады. Жұмсақ ұлпа саусағымен балтырын сипап, қанын қыздырып, дәлме-дәл жоғарғы санына, одан да жоғары өрлеп келе жатқан мекер әйелінің кеудесінен итерді. «Айнаны әкелші», — деді кейісті үнмен.
Келіншегі лып түрегеліп барып кеше ғана Қоянды жәрмеңкесінен татар бақалшысынан құнан өгізге балап, қалап, сатып алған шарайнаны әкелді. Жүрелей отырып күйеуінің алдына тосты.
Мырқы екең кеудесін көтеріп шарайнаға қарады; дөңгелек жүзді, маңдайы жарқыраған, жанары шоқтай жанған, қою қасты, қыр мұрын, иегі әнтек шығыңқы, бет жүзі албыраған, қаны тамған аса көрікті бозбала қарсыласа қалды. Мұндай сұлу көрікпен қалай шолжаңдаса да жарасады емес пе. Әрі ақын, әрі әнші Ақан серіге «тамырың болайын» деп араға адам салғанда ғой, әлгі сері айтыпты деген сөз бар: «Адам баласының құп көріктісі екен, жиын-тойда көргем, тамыр болсам болайын, егіз тамшыдай серігім деп қасыма ертіп жүрсем жарасып тұрмай ма, бір ит қайда қалмаған», — деп құмай тазысын жетелетіп жіберіпті. Ақан серінің сыңарындай, егіз тамшысындай, елес-сұлбасы секілді мына көрікпен әлі де дүм-дүниені шайқап өтпес пе. Енді қалай демекші!
Манағы өлейін деп жатқан алжыған шалдың «нұрың бұзылды» дегені несі-әй! Бет-жүзім солған түйнектей емес, сол қалпында секілді ғой деп Мырқы-екең дауыстап жіберді, төменгі жақта бір тізерлеп мөлдіреп отырған келіншегіне жылы шырай білдіріп: «Келсең келші! Жоғарырақ сипалашы!» — деді қан қызуы басына шауып. Ымырт үйіріліп, сам жамырағанша жібек шымылдық ішіндегі болыскей кереует сарнай сақырлап үздіге шиқылдап, бүлкілдегеннен бүлкілдеп еш тыншымады. Ай туған кезде үлкен үйдегі текті тұқым, атақты бай қылтамақтан үзілуге бет алды.
Үзілер алдында ақтық күшін жинап, үздіге тыныстап: «Әлгі қайда?» — деп сыбырлады. «Әлгі» деп тұрғаны — алақанына салып, бетіне жел тигізбей, кемшілік көрсетпей өсірген жалғыз ұлы — Мырқы болатын. Мырқы бұрын көз алдында көлбеңдеген төбешік еді, қазір өмір бойына жинаған дәулетін табанына төсеп биікке көтерер басқыш етіп, жұрт көзіне тау етіп көрсетер деп сенді. Кәрияның көз жұмар алдындағы ұлы арманы — сол тау аласара көрмесе деп тіледі. «Әлгі қайда?» — деді ақтық демін жинап. Жанына тізерлеп дем салып отырған сопы молда Мырқы мырзаның көрші ауылда серілік құрып, қыз аңдып жүргенін бүгіп қалды.
2
Беу, дөңгелеген дүние-ай!
Мырқы мырзаны осыншалық жан азабына салып, жер түбінен арып-ашып жеткенше жылап жүріп бар тапқанын жаратып бір алланың жолына барша пенделік мұратын садақа қып... келіп-кетіп, жетіп-жетіп... Арафа тауының бауырында, тас үстінде егіліп отырып жылайтындай қандай көпті, нендей азапты бастан кешірді дейсіз ғой. Оттан суырып алған, шала жанған сексеуіл томары секілді. Жанарынан тырсылдап тамған көз жасы болмаса — тас үстінде омалып отырғызып қойған, сабан тыққан тұлып секілді, қол-аяғы ағашқа ұқсап серейіп қалған. Мұншалық ет-сіңірден айрылған арық кісіні көрмеген өзге мінажат етушілер айналып кеп, ажырайып тұрып қарайды.
«Тасқа тырс-тырс тамған көз жасы болмаса, шоқыға шемитіп отырғызып кеткен омақа дерсің, өліп қалған кісі ме әлде?!»
«Пендесінің сырын бір алладан басқа ешкім білмейді, шырақ».
Десіп, үңіле көз сүзіп өзге тілде сөйлеген, өзге елден келген қажылар бас шайқасып, таң қалысып етіп жатыр... өтіп жатыр... Өлер қақпас өлді ғой, ендігі тірлік не болар екен деп Сарыарқада серілік құрған Мырқы екең баяғы асып-төкпе мінезін пәлендей өзгерте қоймады. Тәкаппарсып, жер тәңірсіп, аспандап жүргенде Қоянды жәрмеңкесінен Ботов көпесті ұшыратты. «Ай, баранчук мырза, әкей марқұм болыпты деп естідім, иманын жолдас қылсын», — деп көңіл айтты. «Әй, Ботов көпес, қытай жібегінен ақ жағалы фрак, княздер киетін жалқы кәстем-шалбар тіккізіп бер, түсі шымқай қара болсын, астарына атлас салсын, жібек жіппен әдіптесін», — деп әдейілеп сөзінің тігісін жатқызып тапсырыс беріп жатты. Ботов көпес жас мырзаның айтқандарын қойын дәптеріне жазып алды, «Мына костюм-шалбарың бір үйір жылқы тұрады», — деді. Екеуі шәлкем-шалыс сөйлесіп барып пәтуаласты. Кешкілік Мырқы мырза Қарқаралыға ат басын бұрды. Арада біраз жер. Бір үйден қымыз ішіп, бір үйдің қызына қырындап, келесі ауылдан бағлан етінен пісірілген жаужүрек жеп екі тау арасында, керуен жолының бойында жатқан Қарқаралыға жетем дегенше апта өтті. Нөкерлерін ілестіріп, сайдың тасындай шабарман, алармандарын «Мырза келе жатыр!» дегізіп күншілік жерден хабар бергізіп, тау суындай екпіні тас домалатып көне қалаға жетіп, ат басын іркіді.
Құнанбай қажы қаланың ең биік тұсына жүз жасаған қарағайдан іріктеп, қиып, мешіт салғызып жатыр деген сөзді есітіп кешкі астан соң, қымызға дейін әрі тоқ басайық, әрі желдеп қайтайық десіп... кеу-кеулесіп аяңдап, мешітке келген. Әдемі құрылыс аяқталуға жақын. Құдай үйіне құрбандық шалып, құран оқытуға алыстан ат жіберіп Науан хазіретті алғызыпты. Хазіреттің атын естігенде Мырқы мырзаның ит жыны қозды. «Алдымнан тағы шықты-ау мырың молда» деп етігінің басына шырт түкіріп мырс күлді.
— Осы мешітке кірмей-ақ қойсақ қайтеді? — деді.
— Ойбай, мырзаеке, байпатша, ханзада, құзырыңызға құлдық, келіп тұрып кірмей кетсек күпірлік болады, күнәға батамыз, күлкіге қаламыз, бұл күнгі халық аяғымен емес, аузымен жүріп әдеттенген!
«Мақұл ендеше» деп Мырқы-екең аяғын аттата басып мешіттің үлкен есігіне тақады. Аздап жүрегі лоблып, қобалжитындай ма. Әлгіде мелдектей тойған семіздің сүбесі қайыра тепті ме. Құрылысшы татар іштен ытырыла шығып, қос қолын құлшына ұсынып: «Келіңіздер, кіріңіздер!.. Қажые-кең ертең жетемін деп хабар айтыпты, жүре қалыңыздар!..» — деп елпектеп ішке өткізді. Шайыр иісі аңқыған бөлмелер әрі кең, әрі жарық, аяқ асты жалаңаш, кілем төселмеген. Тақтайы сықыр-сықыр құлақты қажайды. Намаз оқитын мінажат бөлмеге көлдей дастарқан жайып, үстіне сары майға пісірген бауырсақ, қой ірімшігін үйіпті. Дастарқан жиегінде, ұлы төрде тояттаған бүркітке ұқсап, жанарын жартылай жұмып, алдына кітап ашып, Науан хазірет тәспісін тереді.
Кіріп келген кісіні көрсе де көрмеген болады. Мырқы-екең мырс күлген, әкесінің өлердегі сөзі есіне түскен. Жертәңірісіп жүретін мырзаның алдына кім көлденең тұрсын, тәйірі! «Әкемнің малын мола бүркітінше қылғытып, аруақтың артын құран қатымын шығармай, шаршы мата іздеген софылардан құтылмадық», — деп тілмен тырнады, тау құлағандай дастарқан жиегіне дүрс жарылды.
«Шырағым, оқ жарасы жазылады, тіл жарасы жазылмайды, текті әкеңе құран шығарамын деп уәде берген емеспін, дүниеде себепсіз ештеме тумайды, әкеңе құран қатымы шықпаса оның дағы себебі болғаны, аяққа тікен де бұйрықпен кіреді, ұшқары сөйлеген көп өкінеді,» — деді көмекейінен сөйлеп.
«Ойбо-о-ой, кітаптың сөзін айтып миымды кептірме, хазірет! Ислам тоқырады, терімізді орыс алды, төрелер сатылды» деп ел ішінен теріс уағыз таратыпсың, ертең ғана үстіңнен донос түсіріп итжеккенге айдатып жіберем. Құнанбай қажыдан артық емессің, бір жарым жылға жетер-жетпесте ол соқырыңды болыстықтан омақастырғам.
Мына сөзден хазірет көзін ашып алды.
«Нұрың бұзылып, ойың ластанған әзәзіл неме! — деп шаңқ еткені, намаз оқып отырғанда алдымнан неге өтесің, иманға ұйып мүлгігенде сайтанның сөзін айтасың, мына мешітті харам қылмайын десең шық қанекей! — деп шаншылғанда бар ғой, сізге өтірік Мырқы-екеңнің имандай шыны — тұла бойына күш-қуат кетіп, жүрек басына үрей үймелеп, дуаланған кісіге ұқсап омалған үстіне омалып қалғаны. Тілі күрмеліп, жон арқасын суық тер жуып кетті. Тынысы тарылып, қолын ербеңдетті. Атарманы бір қолтығынан, шабарманы келесі қолтығынан лып көтеріп, дедектетіп сыртқа сүйрей жөнелді. Жүрегі құрғыр сыр бергені несі деп тілін кәлимаға келтіріп үлгергені.
Қызған тасқа мүсәпірдің көз жасы тырс-тырс тамады. Дүние жалғанды басып-басып, тентіреп жетіп, сіңірі тартылып қай-қайдағыны есіне алып, Арафа тауының беткейінде көз жасы боталап отырған мүскін мүсәпірді көргеніңіз бар ма.
«Мырқы мырзаны жатын жерге әкелген соң сасып қалған серіктері ақылдасты. Қайтеміз, қолы жеңіл тәуіп алдырамыз ба, әлде елге алып кетеміз бе десті. Түнге қарай мырзаның ыңқылдауы күшейді. Саумалдан бірер жұтып, басын шайқады, тау ғып үйген құс жастыққа арқасын сүйеді. «Уһ, жан-ай! — деді, зіл тартып бойымды көтертпей, таспен бастырғандай не пәле бұл!»
Таң сыз бере осы елге әйгілі тәуіпті алып жетті. Жұрт «Сары әулие» деп атап кеткен сымға тартқандай сүмпіс, көк көз, сары жігіт түнімен атпен жортамын деп тақымы ойылып кирелеңдеп ішке аттады. Амандық-саулық жоқ шұбалған сәлдесін, шапанын сыпырып сап қарай бастады. Манаурап жатқан мырза көзін ашып алды. «Бұл кім-әй?» -деді тіксініп.
— Мырза, шошымаңыз, Сары әулие деген пірәдарың боламын. Алланың аманатын арқалап жердегі пенделердің біліп, білмей істеген күнәсын бойынан тазартып жүрген әулиемін.
Мырза жанарын кең ашып алды.
— Шынымен бе-ей! Іздегенім сен екенсің ендеше. Мына сұқ саусағымдағы алтын балдақты саған қидым. Еңсемді зіл тартып көтертпей бара жатқан не пәле ол?
— Көз бар секілді.
— «Көзі» несі-ай, әулием! Талағым тарс кетсе де түсіндіріп айтсаңшы.
—
Я, құран ашқан хазіреттің назарына іліккенсіз. Я, етегін жел ашпаған әзіз сұлудың көз жасына қалғансыз, — деп Сары әулие мұның алтын жүзігін саусағына салып ап, күнге тосып сығалай қарайды, — мендегі дуаның күші қайтпаса — бой-басыңды, жүрегіңді жуып тазартады.
— Інішегім, шамаң жетпесе оныңды айт. Былтырдан бері жеті-сегіз қыздың абыройын аштым, қайсысының қанша жылағанын итім біліп пе. Ал, ана қарадай ит жынымды келтірген хазіретпен қақтығысып қалғаным рас. Осыдан аяғыма мінейін, куәларымды қаптатып, бір қап арыз жазып Жоғарыға жөнелтем. Ит жеккенге айдатам сөйтіп, — біраз сөйлеймін деп демігіп шаршап қалды, — інішегім, үшкіріп-түшкіріп әуреленбе, жаза алмасаң — жасырмай айт!
Сары әулие сау сиырдың жапасы болмай шықты, «Шамаң жетпесе», «жаза алмасаң» деген сөз шымбайына қатты батты, қалшылдап-дірілдеп жыны қозып шыға келді. Нағыз ақкөз, бетпақ, бірмойын мінездің иесі ме.
— Ә, сені ме! Көріп алайын! Міне... міне... буын-буыныңды ұстаған жын-шайтанды көріп тұрмын! Жігіттер, мырзаны шешіндіріңдер! Бұлақтан мұздай су әкеліңдер! Көріп тұрмын жымсиған жымысқыны!.. Жайлап алғанын қарашы-әй!.. Бетпақ, бәлекет, кет аулақ! - деп әжептарқы даусымен үйді көшіріп, жөн сөзге, әй-шайға еш қаратпай, қос қолын сілке сумаңдатып... жәукемдеп... жұлмалап... қамырша илегенде бар ғой... ақ төсек үстінде түйенің жарты етіндей боп төңкеріліп жатқан байпатшаның жан дауысы шықты.
Сары әулиенің қозып кеткен жынынан үркіп аларман, шабармандар сытылып шығып кеткен. Үй төңіректеп жүріп жан дауысы шыққан төренің халін білеміз бе, қайтеміз десіп, үй сыртында үйіліп тұрды. «Ә, сені ме!» — деп Сары әулие онсыз да қызып жатқан мырзаның үстіне тастай суды құйды, қамыр илейтін оқтауды алып жон арқасынан домалатты дерсің, тер сіңген дырау қамшымен қалың бөкседен ұрмақшы келіп. Мырза әлгі қашып кеткендерді сыбай боқтап, бір жобада жандалбаса тәуіптің қолынан сытылып шығып, мұрнынан қан саулап, әулиемен теке тіресіп ұстаса кетті.
— Ой, әкеңнің, өлтіремісің итше тепкілеп!
— Сені емес жын-сайтанды сабаймын!
— Сен түгілі сенен зорды боқтағам. Дәрі беріп, үшкіріп ем-дом жасайды ғой деп дәметіп жатсам мұздай суға сап, қамшымен өріп сабағаның қалай! Жеті атаңнан ауысқан кегің бар ма әлде! Ой, әкеңнің! Қайтар әлгі алтын балдақ жүзігімді!..
Дегенше, демін жиғанша болған жоқ, жындының пысын жынды басады білем, Сары әулие кәдімгідей жуасып қалды, момақан, бейкүнә, мүшкіл халге түсіп «мырза екелеп», «әкетайлап», «көкетайлап» ашуын басты, арсы-гүрсі ұстасып жүріп төсегіне жатқызды. Тәтті сөзбен көңілін босатты. Жылы-жылы сөйлеп, жылы көрпеге орап, орамалмен бой-басын тінте сүртіп серейтіп салды. Ләм деп тіл қатуға мұршасын келтірмей, жылыстай шығып, көлденең тартқан жүйрік атқа мініп, тізгінді босатты. Сонадай жерге жетті тізгін тартып: «Әй, жігіттер, мырзаның бойынан жын-сайтанды түгел қудым, бұдан былай момақан мінезге ие. Науан хазіретке ат-шапан айыбын беріп, аяғына жығылсын. Тілімді алсын», — деді де ат басын бұрып шоқыта жөнелді. Былайғылар аң-таң. Шашырап шығып келе жатқан таң шапағына жұтылды. Сары әулие қыр асып барып сұқ саусағын күнге шошайтты. Көз ғып гауһар қондырған, алтыннан соққан мырзаның жүзігі құбыла жарқырады. «Уай, пәруардігәр дүние, жер бетінде күнәһар кісілерді көбейте гөр», — деді де, іштей толқып жүйрігін төбелеп тау баурайынан қара жұлдызша сорғыды.
Емші көріп кеткен Мырқы мырза апта жатып, сорпаланып, беті бері қарады. Бойына шым-шымдап күш енгесін-ақ, сайтан мінезіне салып, атарман, шабарманын шақырып ап, қағаз бен қаламға жүгіндіріп, Науан хазіреттің үстінен арыз жазғызды. «Орыс отаршыларына қарсы, мұсылмандықтың туын көтеріп түбінде кәпірлерге ғазауат майданын ашпақшы, сүттей ұйып отырған қазақ пен орыстың арасына араздық отын жақпақшы», — деп том-том қағаз өткізіп, мөрлетіп, куәлатып, онысын Омбыдағы губернаторға жөнелтті. Жол ақы, қол ақысын жанынан төлеп ырзалады. Аңдысқан жау алмай қоймас, ақыры жыл аяғында Науан хазіретті жандаралдың қызыл жағалы, қайыс белдікті атармандары келіп тұтқындап алып кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Соңынан барған ағайыны хазіретті итжеккенге жер аударып жіберіпті деп құранын, тәспісін алып елге ботадай боздап оралды.
3
Мырқы мырзаның қаны ыстық па, әлде ұрғашы көрсе жолдан тайғызар сайтанға ілесе ме, кім білген, әйтеуір жігіт ағасы жасына жеткесін де өзін-өзі еш тоқтата алмады. Беті жылтыр, бөксесі буылтық қыз, келіншек көрсе — отқа түсер көбелектей қалбақтайды, епектейді, өліп-өшеді, ақырында сол от құшаққа жұтылып тынады. Кей-кейде жас сұлудың дөңгеленіп піскен алмасын құшырлатып иіскеп-иіскеп, мауқын басып, ентігін түзеп жатып ойға келеді ғой: «Осы мені көтеріп дегбірімді тауысып алып бара жатқан нендей күш, әлде күшәла сіңіріп сапырып пісірген бесті қымыздың қуаты, әлде жас қозының кемігіне бір бұрқ еткізген бал сорпаның күші ме? Күйіме келіп, бураша бұрқылдағаным тыйылар емес. Көп асқанға — бір тосқан, ор жағалап жүріп оңбай омақаспасам қанекей!» деп қауіп ойлады. Жүрегімнің жиі-жиі алқына аузыма тығылуы тегін емес, кеудесінде сырыл бар ма қалай. Баяғы жонына оқтау салып илеген Сары әулиені шақыртып, тамырын ұстатар еді, о неме де бұл көкең секілді нағыз жынды боп шықты, бір көтерілсе — басылып болмайды-ай!
Құшағына оратылып жатқан жас сұлу кірпігі қимылдап оянды білем, ыңырси тіл қатады. «Сүйегім қаусап қалыпты, түнімен қамырша иледің, жаным, бүгін сөз айтып жүрген жігітіммен ұшырасып, некеге тұруға арыз беріп қоямыз деген уәдеміз бар», — дейді сыбырлай тіл қатып.
Құлағының түбіне ыстық ерін тигесін бе, жүрегі құрғыр атқақтай бастады. Жас сұлу мына салмағы зілдей, қалтасы қомақты жолбарыс жүректі жігіттің қызғаныш сезімін оятқалы «некеге арыз беріп қоямыз» дегенді әдейі-ақ құлаққағыс еткен. Жігіттің құштарлығын лаулата түскісі келген. Әйтпесе осы күнгі қалталылар сынап секілді, бүгін берген уәдесін ертең ұмытып, уысына еш тұтылмайды. Зарықтырып өлтіреді-ай!.. «Әйел үстіне алам десең — көнер едім, біз байғұсқа екінші, үшінші тоқал болу да жазбады ғой...» Қыз үні жібектей жұмсақ. Ұлпа саусағымен әр жер, әр жерінен сипаған кезде терісінен магнит өрісі жүріп өткендей денесі шымыр-шымыр еткені. Қаны тулап шыға келгені. Бөденедей беденді сұлуды бір көтеріп, жастыққа сылқ салып үстіне тау боп үйілген кезде қыз байғұс тұншығып өле жаздады.
— Кеудем қысылды, өлтіресің бе? — деді қыз сыңсып жылап.
— Түнімен құшаққа еш тоймай өлтіре жаздаған өзің! Әр жер, әр жерімді жалап, шоғымды үрлеп маздатып...
— Күнтимесімнің пердесін түңғыш ысырған өзіңсің! Өзіңді өле-өлгенше аңсап өтемін, пірім, — деді жас сұлу саулап аққан жасын еш тия алмай.
— Білмеймін дүниенің не болып бара жатқанын, ындыным кеуіп шөлім еш басылмайды. Сұлу қыз көрсем — дүниені ұмытам. Сүйегім саудырап жағалау жиекте шашылып қалам ба деп шошып оянамын!
Мырқы мырзаның уайымының беті бөтен.
Ел-елді өртше майлап қызыл төңкеріс жүріп өтті. Әуелі тапаншасы сыртылдап, шәпкесінің күнқағары жарқылдап қызылдар келді. Жекетұр, ортақ дегенді солар үйретті. Жекетұры — маңдай терін сығып, белін бүгіп шаруасын түзеткен орташаларды тәркілеп, ауыл сыртына көшіріп, әйкәпір атандырып көзге шұқу екен. Ортағы - мал да, дүние-мүлік те, тіпті қойныңдағы қатының да ортақ, ұжымдыкі деген сөз бе. Кіші тәркілеуден соң ұлы тәркілеу дүбірі жетті. Әкеден қалған үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе кедейлердің қолында кетті. Үзілдіріп қыздай алған келіншегі ликбезде оқып сауат ашып, бір қызыл шәпкелінің соңына ілесіп жоғалды. Үлкен шаңырақты күзеткен ғаріп шеше жылай-жылай зағип боп ол дағы дүниеден өтті. Есіл суы кілдіреді, жауынқұртша жер бауырлап жылжып қалды. Қайтпек керек! Бұған сапса — баяғы донос жазып итжеккенге айдатып жіберген Науан хазіреттің аяғына жығылып, «кешірім ете гөр», — деп жалбарынар еді. Сұрау салып еш дерегін таппады, Шөже ақынның артынан құран оқытайын деп ту биесін жетелеп жеткен еді, жұртын сипалап қалды, жамиғаты Қытай ауып кетіпті. Алшынбай бидің моласынан алтын іздеп ақтар күректеп қазып, рәсуасын шығарыпты. Жұртта қалған бұралқы итке ұқсап, жүрек тұсын уқалап ебіл-дебілі шығып, жұтаған, тоналған, шаңы шыққан, түтіні сұйылған, ошағы өшкен жетім аулына қайтып оралған; моржасы түтін тартпайтын, терезесіне үрген қарын кептеп қойған жертөлесінде жатып-жатып, жамбасы тесіліп, ішегі шұрқырап, көзіне көк шыбын үймелеген соң; қой, ә!.. қарап жатып арам қатармын деп!.. баяғы текті әкенің көміп кеткен тайтұяғын аршып алып үлкен қалаға келген; әлгі тайтұяқты ломбардқа өткізіп, бір бума ақша алған; жүріп-жүріп, мейрамханадан түстеніп, кешкілік казинода қызойнақты көріп, апта басында бір бұрышта үкіше үрпиіп отырған осы сұлу қызды ұшыратып еді. Тез-ақ тіл табысты.
Үкіше үрпиген сұлу жалғыз бөлмелі пәтеріне әкелді; суға, жарыққа, жылуға, үйкомға пәлен ақша қарызбын деді; Мырқы мырза қыздың барша қарызын қолма-қол төледі. «Тоңазытқышта жалғыз жұмыртқадан өзге талғажу жоқ, айлық алмағалы жарты жыл болды, мекемеміз банкрот», — деді қыз.
Бұл көкең ломбардтан алған ақшаның бәрін қыздың қолына үйіп ұстата салды. «Құтыл, талғажу қыл, мына ақшамен тіршілік арбаңды түзеп ал!» — деді. Сонда қыз жанарынан мөлдіреген жасты көрді. «Сіз қайтесіз?» — деді үріп ауызға салғандай сұлу, — тегін адам емес екеніңізді алғаш ұшырасқанда-ақ білгем, әйтсе де тым жүдеу көрінесіз, киіміңіз тозыңқы, көз жанарыңыздың оты өшкен, сөзіңіз де бұл заманының сөзіне ұқсамайды».
«Мен көп ұзамай өлетін шығармын, — деп көкірегін жара күрсінген Мырқы мырза, — мына заман өзімдікі емес әйтеуір».
« Неге жаман сөз сөйлейсіз? «
«Біліп, білмей істеген күнәларым кеп еді. Өкінетінім: сол күнәлардан арыла алмай барамын. Қайтерімді білмеймін. Уһ, жан-ай!» - деп күрсінген кезде құшағында өліп-өшіп жатқан сұлу қыз селк етіп түршікті. Үстіне суық су шашып жібергендей тітіркенді. «Ища-ай!» - деді күбір етіп. «Бір ғажабы тән ләззатың, құшынып сүюің бұл заманның амалына келмейді. Баяғы Абай заманының адамы секілдісіз», деді қыз денесі өрт боп жанып, қайта құмартып. «Уһ, жан-ай!» — деді Мырқы мырза безек қағып. «Қыз жолына жанын құрбан қылған кісіше сөйлейсіз, бір мезгілде көз қаруыңыз әлденеше құбылады, осындай от ләззатқа күйіп өлсем арманым жоқ». «Әлгіде келешек күйеу баламен ұшырасатын мезгіл бүгін» деп бәсіңді арттырып бұртиып киіне бастағансың , — дейді Мырқы мырза. Сұлу қыз сыңқ етіп күліп жіберді. «Алдап айтқам, менде жігіт те, жанашыр туыс та жоқ, бәрін тірі жүріп жалмаған жалмауызбын, перінің қызымын», — деді біртүрлі алабұртып, аласұрып жатқан бикеш. Мынаның өтірігі ме, шыны ма деп іштей таңқалды мырза.
Көз қаруыңыз әлденеше құбылады деп бұл көкеңе еш ұрғашы айтпап еді.
Жүрегі құрғыр алқымына тығылып алып-жұлып бара жатқан соң Мырқы мырза үлкен төсектен сүйретіле тұрып, басын көтере берген еді. Екі шекесі түсе солқылдап, қос қолымен ұстап бүгіліп, тізерлеп отырып қалды. Біраздасын барып тәлтірек қағып аяғына мінді. Ақырын жүріп терезенің тұтқасынан ұстап ашып жіберді. Алып қала науқас кісідей ауыр тыныстайды. Әрәдік жылт еткен мәш