Әдебиет
Дүкенбай Досжан
Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.
Ергежейлі
Оны көз көрген үлкендер араб сөзінің нәшімен «Яғымус» деп атайтын, ал ауылдың тіл мен жағына сүйенген қылжақбас жастары «Жағымсыз» дейтін.
Өзім ес білгелі осы бір күстана момын жан қос есімді қиналмай көтеріп, шаң көшеде сұр есегін томпылдатып почта тасумен келеді. Мен көргелі жұдырықтай шақылдағы шағын көсе еді, әлі сол. Мұқым өзгермеген. Әкем ергежейліні ылғи есіркеп-мүсіркеп, ұшпақты сөзін аямай, кісімсітіп, қоқайтып жүретін. Еркелетіп «Кішкентай» дейтін. Содан ба, бізге бауыр басып кеткен, көрген жерде үйіріліп тұрады. Қолы босай қалса белінің құяңы ұстай беретін шешеме қолғабыс етеді; аула сыпырады, уақ малды айырысады, самаурынға ағаш жарады. Тынымы жоқ. Кейде көз алдыма домалап жүрген қара доп елестейді, қаңғалақтап бірде ас үйден, бірде ауыз үйден шығады, әмбе көңілді, әмбе сергек сол Яғымус.
Бірде мектептен қайтып келе жатқам, қарсы ұшырасты. Кермалдасқан бейпіл ауыз балаларға ілесіп аңдаусызда «Жағымсыз» деп қалыппын. Ренжіді білем, кірпиязданып кетті. Үйге айтып барыпты. Сол күні мінезі морт әкем қатты кейіді.
— Кісіде кішкентайдың тілі ащы, жәндікте бүйінің уы ащы. Тақуаны мазақтап не жының бар? Тілі тиіп кетіп жүрсе қайтесің?
Бірауықта сабысына түсіп, ойлансын деді ме, Яғымустың тарихын әңгімеледі... «Серіктік артель ұйымдасып жатқан жиырма сегізінші жыл екен. Қатықсыз қара аталаға тамақ күйдіріп, шалбардың жыртығын қолмен басып жүрген кез де. Кеспірі жаман жалғыз аяқ жоқшылық. Жоғары жақтан, ұмытпасам, Бұхардан Пақыриддин деген ғұлама келген. Қасында үйелмелі-сүйелмелі қос кішкентайы бар. Заман дүбірінен үрікті ме, әлде сапырылысып жатқан сол жылдар толқыны пақырды жаңғақша қақпақылдап әкетті ме, кім білген, қаңғымалап жүріп үшкіл Қаратау ішінен шығыпты ғой. Жағына пышақ жанығандай жүдеу. Соғыстан кейінгі құмырадай сәлдесі о күнде зерендей ғана-тын. Медресе тәмәмдаған көзі ашық кісі көрінді. Келе көрпелдес қазақы ауылды жатсынған жоқ, аз күнде-ақ бауыр басып жақындасып кетті. Жұрт жер жыртса ол өгіздің басын ұстады: орақ орса шалғысын шыңлады. Басы ауырып, балтыры сыздағанды үшкіреді, түшкіреді. Ешкім оның бетін қаққан жоқ, төрінен көсілтіп орын беріп, ас алдында аузына қарады. Жамбасы жерге тигеннің жаназасын шығарды, ағайынның аласына пәтуасын айтты. Сәбидің шашындай селдір елдің «Молдекесі» атанды.
Айналайын ағайын арасы алтын бесік қой. Жұрт асарға жиналып жіберіп, төрт бөлмелі жұмыртқадай үй тұрғызып берді. Біреуі отынын, біреуі соғымын, келесісі астығын апарды. Өз алдына от түтеткен отауға айналды. Молдекеңнің сәлдесі дабырайды.
Сондағы көрген жұрттың таң қалғаны екі нәрсе еді. Бірі — жұрт жыртығына жамау таппай жүргенде Молдекеңнің ақ жібектен жадағай шапан жамылатыны. Екіншісі — қасындағы былдырлаған қос кішкентайы еді. Ол күнде жалғыз басты еркектің бала ертіп жүруі ерсі-тін. Әлгі бейшараларды Молдекеңнің перзентіне жорып далиғанымыз бекершілік екен. Кейінше аңдасақ, жанындағы қос тәйтік бала емес, кәдуілгі орта жасқа келген ерлі-зайыпты ергежейлі болып шықты. Молдекеңді қайда шақырса олар да құлдырап сонда барады. Бірі пірінің дәрет суын жылытса, келесісі жайнамазын әзірлейді. Алла тағала құлағына сыбырлап тұрған секілді. Молдекеңе бас ұстатсаң қос құлағы солардың сыбағасы.
Есімде қалғаны, ораза тұсында осы дәндәку Күмісбектің әкесі Нұрбала Молдекеңе сауал қойды. Қояр да қоймай отырып пәкене жандардың мәнісін сұрады. Молдекең бейһал сөзге бармады. «Бұл байғұстардың арғы тарихын білмеймін», — дейді. «Кешегі жылан жылы Бұхар көшесінде аштан өлгелі жатқан жерінен тауып алғам. Үйге әкеліп ас бердім, әл жиғыздым. Ем жасадым. Бибімнің тірі уағы, жуып-шайып жүріп кісі қалпына келтірді. «Жарылқаушымыз осы ғой» деп ойлады ма, әлде тәңірі ниетін аударды ма, соңымнан екі елі қалмайтын көлеңкеме айналды. Перзентімдей болып кетті. Бар сыры осы», — депті.
Мейлі де, бұл дүние сиыр бүйгеріндей қырық буылтық емес пе. Ауыл қазағы қай буылтығын біліппіз. Көп ұзамай ергежейлі келіншек екіқабат болды. Үйінен шықпай қалғанын білдік. Молдекең жарықтық марқайып қуанып жүрді. Ергежейлі жігіт иесіне сыңар ілесті. Ұлы Отан соғысының басталған жылы ғой деймін, тоғыс айтып, егіс орағы біткен кезде ергежейлі келіншек аман-есен босанды. Саршұнақтай ұл туған. Молдекең марқайма мінезге ие, тоқты сойып қалжа жасады, жетімге жеті теңге үлестірді. Жігіттерге көкпар берем ғой деп талпынып еді, осы дәндәку Күмісбек: «Ергежейліге көкпар шапқан ауыл атанамыз», — деп рұқсат етпеді. Жер сабалап отырып алды. Қойшы, сонымен, Молдекең күні-түні кітап ақтарсын, жас нәрестеге ат іздесін енді. Ақыры: «Пайғамбардың қасына ерген ержүрек сахабасы, соның есімі» деп ат қойды. Сөйтіп «Яғымус» болды. Шалдарды жиып батасын алды.
Бірде ауылда үлкен ас болған. Қазіргі дәндәку Күмісбектің әкесінің асы. Күмісбек алдында ғана ферма меңгерушілігінен босап, поштаның бастығы болған. Молдекең өлі аруаққа қона жатып құран шығарған. Ергежейлі жігіті жанында еді. Жақпас ас ішті ме, әлде ғайыптан дерт жабысты ма, таң әлетінде аласұрып ауырғаны. Әуелі құлындаған даусы құраққа шығып шыңғырсын, сосын көгеріп-сазарып ықылық атсын, көп қиналып демі үзілді. Асқа жиналған жұрт жүдеп қалды. Қайтсін, кішкентай болса да кісі санаты ғой, үйренісіп кетіп едік. Күлуге жақсы болатын. Көңіл жықпайтын, әмбе әзілді көтеретін. Көп ұзамай құсадан ергежейлі келіншек те көз жұмды.
Соңында жұдырықтай Яғымус қалды. Адам болмас деп ойлағанбыз, күдер үзгенбіз. Ертеден қара кешке жақ жаппай шырылдайтын. Молдекең шапанының етегіне салып тербетіп отыратын, ыңылдайтын, күңіренетін, зікір сап уататын. Бие сүтін беретін. Көретін жарығы бар екен, өлмеді, өлермен-ді. Аяғына мінгесін-ақ нағыз сайтанға айналды. Көше иттерінің соры болды, қолында тобылғы сақпаны, сартылдатып көрінген мақұлықты қуатын, көрінген тайларды бас білгі ететін. Бүгінде кімнен кем, ауылдың сұқ саусақтай азаматы, поштакеші, Молдекең марқұмның тірі көлеңкесі. Жоқтың көзі.
Молдекең көз жұмарында мені шақыртқан. Етегіме сүрініп үйіне жеттім. Жарықтық жанары жанып бой жасап жатыр екен. «Досеке», — деді. «Сері мінез адам едің, аманатым бар», — деді. — «Яғымусты қанатыңа ал», — деді. «Үлкендер қорлық жасамасын. Жылап қап жүрмесін», — деді.
Сол үні қазіргідей құлағымда».
Яғымусты енді түсінгендей болдым. Ауылдың терістік пұшпағында Молдекеңнен мирасқа қалған үлкен үйі бар. Төрт бөлмелі еді, екеуін Нұрбаланың Күмісбегі запперме кезінде тартып алған. Тары құятын қойма жасатты. Яғымусқа қос бөлмесі тиді, онысы ауызғы және төргіге бөлінетін. Ауызғыда отыны, астығы, жем-шөбі, көне дүниелері жататын. Төргіде баланың темір кереуеті, қаңылтыр пеш, қашан барсаң да сол пеште от гулеп жанып тұратын. Үстінде ақ шәйнегі сақырлап қайнайды. Өзі бұрынғының байбатшасы секілденіп аяғын темір төсекке асып жіберіп, әлдебір көне сарынды ыңылдап айтып жатады. Кеудесінде қол басындай жиде домбыра, қолдан шапқан. Тартпайды, тыңқылдатып шертеді. Ондық шамның жарығындай сығырайған жылусыз, көп көзден оңаша, құпия тіршілік кешетін. Сол күйін көремін де қайран қаламын. Домалақ жерде адам менмендігінен, өзімшілдігінен өткен күш жоқ қой деп ойлаймын. Ең арғысы қатты жел тұрса да «домалап кетемін» деп қорқатын, тысқа шықпайтын, құлашқа толмас бойы бар осы жан да бұл дәуренін ештемеге айырбастамас-ау. Өзгеше болуын тілемес те. Ешкім оның: «маған мынау қиянат болды», не «пәлен затқа зәру едім» деген пендешілік қыңқылын естіген емес.
Алдында ғана мектептен қайтып, сілелеп, тырайып жатқам. Ауызғы үйдің есігі тықырлады. Көршінің тіміскі мысығы болар деп ойладым. Сабалақ-сабалақ боп сұмдық ашқарақ. Түтін аңдыған иесі секілді. Тұрып, сұғанақ немені қуып жіберуге еріндім. Есік ашылды. Табалдырықтан тұмсығы қақайып березент бәтеңке, сосын қара сөмке енді, сосын домаланып Яғымус көрінді. Шаңнан көзі ғана жылтырайды. Басынан сабан шляпасын алып еді, төбесінен бу көтерілді. Жаз күнінде бастан бу шыққанын көргенім осы. Бәтеңкесін тасыр-тұсыр шешті де жаныма жетіп келді.
— Інісінен айналдым! Өзіңе журнал әкелдім, газетің мінекей, хатың мінекей!
— Жайша ма?
— Орталыққа әртістер келді. Екеумізге билет алдым. Қызық деседі!
Өткен жолғы концертте отырып ұйықтап қалғаным есіме түсті.
— Бармаймын.
Яғымус жылан басқандай ыршып түсті.
— Өткен жолғы облыстың дыңғырлағы емес. Мәскеуден!
— Кино болса бір сәрі. Артист дегенің өзіңнен артық емес: санын шапаттап билейді, сарнап тақпақ айтады, көзін қысып анекдот соғады. Несі қызық?
Осы мезет Яғымустың жүзі құмығып кетті. Онсыз да алақандай үшкіл беті бүрісіп-тырысып кішірейе түсті. Кеспірі қалмай қолымнан ұстады. Жанарынан айтып болмастай жалыныш, үрей, шарасыздық көрдім. Аяп кеттім.
— Өткен жолғыға ренжіп жүрсің бе әлі? Мейлі, «Жағымсыз» десең дей бер. Концертке барып қайтайықшы.
Яғымус кешкі серуенге ылғи мені алып шығатын. Әсіресе, түнемесіне жалғыз жүруге қорқады. Арақ ішіп, екі иығын жұлып жеп жүрген дәңгасар жігіттерден қаймығады. Солардың мазағынан қорынады. Келістім.
Кештетіп велосипедпен қиқалақтап орталыққа жеттік. Яғымус артыма жарбиып мінгесіп алған. Екі ара жаяу жүріске алыс. Итырақтап есек міну ерсі. Содан қиқалақпен қиқалақтайтынбыз. Клуб алды құжынаған жұрт. Әшейінде «сайтанның ойыны» деп кино көрмейтін кәриялар таяғын артына ұстап сытыр-сытыр басады. Кимешегі ағараңдап кемпірлер жүр. Бірін-бірі өңкеңдеп қуысқан кластас балалар ұшырасты. Күллісінің аузында: Ергежейлі! Ергежейлі! Яғымусты мазақтап жүр ме деп қаупайлаймын. Қиқалақты клубтың қорасына апарып қойдық. Кіреберісте саусағына қыстырған темекісі бар күміс тісті Күмісбек ұшырасты.
— Ергежейлінің ойынына Жағымсыз да келіпті! Нағашысымен танысып қайтпақшы! Әй, ішінде бөденедей ғана келіншегі бар екен, құда түсіп алып қал!
Қарлығыңқы дауысы елді көшіріп барады.
— Әй, пәтуасыз! Ауылды көшірмей қойсаңшы енді! — деп бір қария тыйып тастады. Өйтпегенде әліптің аяғы қызылшеке төбелеске айналар еді. Поштаның бастығы болса қайтейін. Е күміс тісті Күмісбектің, е өзімнің мұрным жалпияр еді. Ойын аллауәкбар болар еді.
Топырласып ішке енді. Яғымус билетті ең алдына алыпты. Жарық өшті. Шымылдық сырылып ашыла берді. Тұла бойым ду ете түсті. Күмісбектің айтқаны шын екен. Терең төрден әсем киінген, қара көбелектей бантигі бар, жұдырықтай жігіт шыға келгені. Қимыл қалпы, сөйлесі тура Яғымус. Тәкаппар, маңғаз. Үні сыңғырлап тұр. Яғымустың жіңішке, шыңылтыр даусын ерсі санайтынбыз. Сөйтсек оның да өзінше нәші, өзінше сәні бар екен. Кең даланы басымызға көтеріп барқырағанға үйренгеміз де. Кішкентай кісінің шыңылтыр үнінен де оңаза бояу сезілетін секілді. Яғымусты да жұнттай етіп киіндіріп, алақанға салып құрметтеп сахнаға шығарсақ қой: дәл осылай суырылар ма еді, жұртты аузына қаратар ма еді деп ойлаймын.
Оң бүйірімде, топыраққа аунаған шіби қораз құсап, балаға арнап тігілген олпы-солпы костюмнен мойны ғана қылқиып, сабан шляпасының ернеуі қабысып отырған серігіме қараймын. Қараймын да көңілім құлазиды. Көзіме күзде, үйірінен адасып қалған, қауырсыны ұйпаланған, әр көлшікке қаңқылдап қойып, зарлап ұшқан шүрегейді елестетем. Өз үйірінсіз, өз теңісіз күні қараң. Яғымус та ортасынан айрылған, өзін білмейтін, түсінбейтін, менсінбейтін үлкендер арасында қаңғып жүрген жетім екен ғой. Жарты дән екен ғой. Тамағыма қатты бір нәрсе кептеліп қалғандай жұтына алсамшы.
Жұрт дуылдасын кеп. Сахна төріне стол әкелді. Үстін масатымен жапты. Арғы жағынан аршыған жұмыртқадай аппақ келіншек шықты. Жібек орамалдай желп-желп етеді. Белі қылдырықтай. Келіншек стол үстінде бұратыла билесін, секіріп-серпіліп көркем гимнастика жасасын. Сүйегі жоқ па дерсің. Қарасам, Яғымустың жүзіне қан теуіп, жанары шоқтай жайнап кетіпті. Әлсін-әлі жұтынады. Кенет арт жақта отырған Күмісбек шыдамады білем.
— Мынау адам емес, резеңке ғой! — деп қойып қалды.
Яғымус сіріңкедей шырт ете түсті.
— Айменкүнің секілді жас қыз емес пе?
— Сенбеймін, тілім тасқа, сенбеймін!
— Бұл қазақ неге сенсін?!
— Резеңке болмаса да, нақа осың ғой әншейін шүберек!
— Қараңғылықты қойсаңшы бұл!
— Әй, Жағымсыз! Жерден шыққан жік секілденіп қыстырылмай жайыңа отыр. Тәшкент барып көзбояушы, даршы, майрампаз дегеніңнің күллісін көргем. «Қараңғы», — дейді ғой.
Яғымус күміс тіспен ұғыса алмайтын болды. Қызыл көз пәледен үндемей құтылды. Шырық бұзылды. Әлгідегі көрікті көңіл құйын тигендей ұйтқыды.
Шоқтай жайнаған жанары солғындап, қарашығы күл басқан көмірдей кішірейіп, ұрты суалып кетіпті. Мойны қылқия түскендей. Әлденеге қапа болса өстетін әдеті. Көңілсіз қалпы көпке созылмады. Қайта серпілді. Ұясынан енді талпынып, ұшуға қам қылған қарғаның балапаны тәрізді, құнжыңдай қол соғады. Шымылдық жабылғанда арқын-жарқын арсалаңдап, артына жалтақтап, жұрттың ең соңынан шықты. Қиқалақты ортаға алып, жаяу жүрдік. Ай сүттей жарық. Ауыл ұйқыда.
— Қайда асығамыз, әңгімелесейік, — дейді ол.
Мен ергежейлі келіншектің сұлулығын айтамын.
— Гүл секілді соншама нәзік, — дейді ол.
Өріктің гүліндей үлпілдеп тұр-ау шіркін!
— Иісін сездің бе? — дейді ол.
Түнгі ауаның әтірі ме деп қалып ем.
— Келіншектің иісі сол.
Иіс демекші, жас күнімде есіл-дертім қауын салған бақша болатын. Диқан әкем: «Қауынның пәлегін мыжисың», — деп ішін аралатпайтын. Шілде шыға әңгелекті аңсаймын. Әрине, жыпырлап жатқан көп түйнектің, көк түйнектің арасынан уылжып піскен әңгелекті айыру қиын. Әдетте ол жасырынып жатады. Амалын табамын. Жел үп етсе болды бақшаның ық жағын торимын. Ауаны құныға иіскеймін. Сонда танауыма жұп-жұмсақ жұпар иіс жетуші еді. Төрттағандап, еңбектеп, бүкеңдеп, иіскей-иіскей піскен әңгелектің дәл үстінен түсетінмін. Жұдырықтай қауынды құныға үзем. Сілекейім сорғалап соғам сосын.
Уылжып піскен әңгелек әлгі келіншекке соншама ұқсайды екен. Ергежейлі келіншектен әңгелектің иісін сездім.
Сол оқиғадан кейін Яғымус танымастай өзгерді. Бұрынғы шолжаң, шодыр мінезден пышақкесті тыйылды. Ауыл балаларымен шақылдасып тәжікелеспейді, күміс тіспен де ұрысуды қойды. Қолды-аяққа тұрмай домаланып жүрген шымыр, шатақ жанның орнында көзінің асты көгіс тартқан, пәруана тақуа ғана қалды. Бұрын домаланған доп болса, енді кеш түйнектеп, қожданып, піспей қалған иттүйнекке ұқсайды. Кісінің иттүйнегі. Біртоға, түсініксіз халге түсті. Келе-келе үйінде үңірейіп жатып алар, сөйтер де аһ ұрып күрсінер, жиде домбыраны тыңқылдатар.
— Бейшара ауырып жүр білем, — деп әкем күдіктене бастады.
Ауыл арасына сіңіп кеткен қалалық фельдшер бар еді. Көпшілік оны «Фельдшер ақсақал» деп атайтын. Қой өсіріп, еденіне текемет төсеп, қазақыланып кеткен. Ылғи шашын қырғызып, қауын секілді сопақша басына тақия киіп жүретін. Тақиясы зерлі, қолдыкі. Ақсақалға әкем барып айтса керек. Кешкілік Яғымусты көруге келді.
Қолында дәрі салатын қобдишасы, зонтигі бар. Қысы-жазы қаудырлатып балоньи плащ киеді.
Яғымустың басында журнал қарап отырғам.
— Хал қалай?
Көрген кісіге сәлемнен соң айтары осы. Қаудырлатып плащын шешті. Зерлі тақиясын алып тізесінің басына кигізді. Орамал сұрады. Сонымен асықпай басын, желкесін, алқымын сүртті, тіпті шаң тұтқан құлағының ұңғыл-шұңғылына дейін уқалап шұқылап шықты. Сосын маған босағадағы төңкерулі тұрған самаурынды нұсқады; онысы «су құйып, от сал, гүжілдеп тұратын болсын» дегені. Тым шайқор. «Самаурынның гүжілін естіп отырмасам ас сіңбейді» дейтін сөз осы ақсақалдікі. Мен тұра сап самаурынға жармастым.
— Такой джигит кокпар тякат надо! — деп отырып Яғымустың таңдайына үңілді, көзінің үстін шертті. Фельдшер ақсақал күллі ауруды «ұшынған», не «шошынған» деп екі топқа бөлетін. Сол бойынша ем жасайтын. Яғымусты ұзақ қарап «ұшынған» деп тапты. Ағы мен көгі аралас уыстай таблетка берді. «Балақай, маржа надо», — деп кеңкілдеді.
Сылпылдап отырып самаурын суды жалғыз тауысты.
Бірте-бірте Яғымус көкпар тартпақ түгілі қалқиып есекке отырып пошта тасудан қалды. Дімкәсі үдей түсті. Жан ауруы еді бұл.
Осы құлаперен көңілді заманда, дүрия даланың кең төсінде неге ғана тарылып, тарығып, жүдеп жүргеніне өзі де таңданатын. Неге ғана көңілі құлазиды? Табанын неге жер тартады? Жұртпен тең иық боп тілдесе алмайды, ылғи төменшік, ылғи итырақы. Өзгелер құсап бұл да қара басының қамы жолында ұмтылар еді, тыртысар еді, сөйтіп бір шаңырақты қиналмай асырар еді. Түтіні тік өрлеп шығар еді. Ілгері басқан аяғы кері кетіп, ыңыршағы айналып, бұралқыдай бұратылып тірлік кешуіне не себеп, не гәп? Осыған түсінбей дал.
Мейлі, өзге тұқым, бөтен дән болсын. Онда ана шашын қырғызып, тақия киіп жүретін фельдшер ақсақал ше? Ол да осы ауылға бөтен емес пе? Адал дос болса да өзге жақтың қазағы емес пе?
Пәлі-ай, ақсақалдың жүрісі ерекше. Үстінде қаудырлақ плащы, бұтында саршұнақтың ұртындай делдиген галифе, аяғында шиқылдаған сақтиян етік. Сол етікті сықырлатып күн көтеріле үйінен шығар, кірпиязданып көкке қарар, кері айналып зонтигін алар. Сөмкесін салақтатып мойнына асар. Ауыл ортасында биік төбе бар, үстінде басы қураған жалғыз қара ағаш, түбінде жайдақ отырғыш: содан ауыл алақанында тұрғандай көрінеді. Ақсақал сөмкесін ағаш бұтағына ілер, көзілдірігін көзіне емес, маңдайына киер, отырғышқа көсілер. Жанқалтасынан түспейтін «Акушерство» журналын алар. Нақа бір ішіне инесі түсіп таба алмай отырғандай парақтайды, шұқшияды, пәруана тіршілікті ұмытады. Ал Яғымусың шалжиып ағаш көлеңкесінде отырмақ түгілі уақтылы шай ішуге мұршасы жоқ.
Төсегінен тұра сап тырбаңдайды, киінеді. Жуынады, көлігін ерттейді, қоржынын салады, орталық қайдасың деп ал шап, ал боздат. Күн көтеріле совхоз орталығындағы поштаға жетер. Күміс тісті Күмісбек оқып отырған кітабының арасынан қандала көргендей кіржиер, кіржиер де басын шайқар. Сағатына қарар. Тісін көрсетер.
«Жолдас Пақыриддинов Жағымсыз», — дер. «Жағымсыз» дегенді нығыздап тұрып айтар. «Сағат бақандай онды ұрыпты, мына газет-журнал, хат-хабар жұрт қолына қашан тиеді?» — дер. Қабағына бұлт үйірілер. «Иек астындағы Қосүйеңкіні қоялық, шілдің тезегіндей сай-сайға тозып кеткен қойшыларға қашан жетпексің?» Яғымуста құдай сүйер қай қылық бар?. Мүләйімсуді білмейді. «Сенің осы қағаздарыңсыз қараң қалыпты. Бүгін оқымаса ертең оқыр. Құдайдың күні таусылмаса газет-журнал таусылмас». Күмісбекке тоқтам болар ақыл жоқ. «Міне, біз бұ түрімізбен қайтіп оңаламыз? Сенің қарыс сүйем қадамыңмен қыбырлап жүргенде заман өзгерер, дарияның суы суалар, Қаратау мүжіліп құрыр». «Сенің қазымырлығың құрымас тегі!» «Сен көгертпейсің, бәрін тып-типыл етесің. Ақырзаманда жер бетіне өніп шыққан жіксің, жөгісің!» «Әй, әй, тіліңді тарта сөйле, алатының мына қайыршының қоржыны ма! Ал ендеше!» Тегін сиырдың тезегі емес. Атып ұрады. Хат дегенің күзгі жапырақша жауады. Пошта кеңсесінен өрт шыққандай болады.
Өтіп бара жатқан кәрия бұрылады. Мән-жайды аңыстайды. «Яғымуспен мұқым бітіспеймісің сен! Қирап, өртеніп бара жатқан не жұмыс сенікі?! Күміс тісіңді ақситып там баққанша ақ тер, көк тер боп қой қырқып жатқан қырықтықшыларға көмектеспеймісің?» — кәрия жекіп-жекіп жөніне кетер. Нұрбаланың Күмісбегі кермалдасуын қояды. Оны тоқтатқан әлгі кәрияның сөзі емес, өзінің сасық қулығы. Яғымус мұның қанша жесе де таусылмайтын май шелпегі ғой. Күмісбегің құм санаған есепқой. Яғымусқа айлық жалақысын берерде өнер танытады, жоқ пәлені табады. «Пәленбай доплотной хатты тегін таратып жібергенсің», — дер. «Иығыңа асып жүретін сөмке әпердім», — дер. «Шетен қалпағыңды жу», — дер. Қойшы әйтеуір, жалақысының жартысын алып қалмай тынбайды. Ылғи сөйтеді. Яғымус шақылдасқаны болмаса, кісінің көңілін жықпайды, иі жұмсақ, арқауы бос. Жолдастыққа жақсы. Егер бұл поштакештікті тастар болса орнына сөз жоқ кепкасы қиқайған тікаяқ жастың келгені. Тікаяғың ауызбастырық бермек түгілі «дүниеңді қосып жиып па едің» деп тілегін тәрік етер. Бетінен алып, арыз жазар. Парақор деп күлін суырар. Осыны сезеді де, жым болып басылады.
«Бәтір-ау, жылдам жүр дегенге талағың тарс кетеді. Өкіметтің мүддесі ғой. Халықтың тапсырмасы», — деп жіңішкереді. Қызметкерін арқадан қағып аттандырып салады.
Яғымус мол жортыспен Қосүйеңкіге қайыра жетер. Шаңқай түс. Күн шекеде шақшияды. Дөң басында фельдшер ақсақал мөлиіп әлі отыр. Жай емес, ауру күтіп отыр. «Жүре қалыңыз», — деп сабылып жететін ешкім көрінбейді. Жұрт жұмыста, кемпір-шал тымау-сымауды елемейді. Әні шақырады, міне шақырадымен отырғанда қарны ашады, жүрегі сазады.
Облыс орталығында өскен, сол қалада қырқыншы жылдары дәрігерлік училище бітірген бұл кісінің елден ерек қасиеті бар-ды.
Ол қасиеті — мұржадан шыққан түтініне қарап сол үйде қандай тағам пісіп жатқанын айнытпай білетіндігі. Мәселен дейік! Түтін әуелі сұйқылтым сызылып тұрып, бір ауқымда бұрқ-бұрқ етіп будақтар болса — етке қамыр салынып жатқаны. Ал әлгі сұйқылтым түтін сол бетінше сұйыла берсе — ол үйдің қазанында бұрқылдаған быламық қана. Мұржа үздік-создық ақшыл-көкшіл түтін лоқсыса — қазанында еттен төмен, шайдан ілгері — палау ма, жұқпа ма, тұшпара ма, соның бірі болғаны.
Аңқылдаған адал кісіні елдің бәрі жақсы көретін. Содан ол «Акушерство» журналын қойнына сүңгітіп, орнынан лып көтерілді. Ілулі тұрған сөмкесін, қолшатырын алды. Терістікке қарай томпаңдай жөнелді. «Дәп сол, веттехниктің үйі. Кеше кешкісін келіншегі кеп: «кіндік атасы-ау, нәрестенің жауырыны жабысып, түнемесіне шырылдап шығады», — деп шақырып кеткен. «Жабысса жабыса түссін. Кіндік атасын құрқол жіберуді біледі, жөн-жобаны, жоралғыны білмейді», — деп ішінен кейіп қитығып отырған. Енді, міне, көкала түтіні қол бұлғап шақырды емес пе. Жас қулықтың қазысына сылқияр тегі. Жетер, жетер де қаудырлағын шешер. Қазандық жанына малдас құрып отырар. «Келін, жауырыны жабысқан баранчукті әпкел», — дер. Кәнігі қасапшыдай борбайынан көтеріп қарар. Танауына ақтамақ астың қазы қосқан құйқалы көңірсігі келіп тұрса көңілденіп кететін әдеті. Бұл сөйтеді. Осы тәтті қиялмен топырақ жолды көрпілдетіп келе жатқанда орталықтан оралған Яғымус қарсы ұшырасады.
Яғымустың самайын кіреукелеп шаң тұтып кеткен.
— Яғымус балақай, қалай, тәуір болдың ба?
Яғымус қос қолын бірдей ұсынады.
— Берген дәріні ішіп түгес. Жылқының жас сорпасын іш.
— Ұйқым нашар. Басым зырқылдайды. Түнемесіне белім көтертпей қалады.
Ақсақал әлдене есіне түскендей кілт қайрылады.
— Әй, балақай, саған үйлену керек, — дер.
Яғымус мәңгүрт күйге түсіп кете береді, өзімен фельдшер ақсақалды ойша салыстырады. «Ол неге уайым-қайғысыз?» деп ойлайды. «Мені тас төбемнен ұрып, тұқыртып бара жатқан не пәле?» деп мөжиді. Бейһал тақсіретке килігеді. «Тірі жанмын ба тегі? Өстіп өлімсіреп жүріп, тырайып түссем ғой, жоқтап көзіне жас алар жан бар ма?» Фельдшер ақсақал: «Балақай қатты ұшынып содан оңала алмады», — дер. «Тағдырға шара бар ма» — дер. Күміс тісті Күмісбек: «Жер астынан шыққан жік құсап жынымды келтіруші еді, тырапай асқаны тәуір болды», — дер. Далабайдың әкесі: «Молдекеңнің аманатын орындай алмадым. Яғымустың қадірін білмей қор қылдық, жылаттық, жәбірледік. Енді, міне, айрылдық», — дер. Далабай ше? Жан дүниесімен қопарыла жылайтыны анық. Дүниедегі жалғыз досы ғой ол».
Өмірге қуаныш қандай қажет болса, мұң мен реніш те соншама керек-ау деймін. Тіршілік мұқым марқайма көңілге, қуанышқа кенелсе адамдар масығады, мұңаюды ұмытады. Күлкінің қадірі кетеді. Әрәдік өмірдің мұңын, ренішін татсаң, соларды жүрегіңмен ұғынсаң, өзіңе бұйырған қуаныш-күлкің де дәмдірек, баяндырақ болар-ау. Өміріңе мән-мағына қосылар-ау.
Өз ойымша Яғымус осы ауылдың әдемі мұңы еді.
Яғымусты көріп кәдімгі кісілер арасындағы мүбәрәк мұңды, айтылмас сағынышты сезінер едім. Адамдар ғана бір-бірінің көңіліне тимесе, сәл ғана көңілдірек етсе, сәл ғана көңіліне қараса бұл өмір қаншама тәттіленер еді. Бұл өмір жұмаққа айналар еді.
Фельдшер ақсақалдың сөзіне алғаш рет мән берген әкем болды.
— Жаманның сандырақтағаны келеді деген. Фельдшер ақсақалдыкі жөн шығар. Яғымусты үйлендірсек қайтеді?
— Оған кім тимекші? — деп шешем шынымен шошыды.
«Оған кім тимекші» деген сөздің астарын әкем де, мен де түсіндім. Әкемнің ойға алған нәрсесінің үдесіне шықпай тынбайтын әдеті. Тыртысып отырып алады. Қыңырайған жағына жығылып тынады.
— Молдекеңнің аманаты мойнымда. Жаны жалғызсырап, сүйегі сырқырап жүрген шығар. Үйлендірейік. Қалыңдық іздейік.
Іздеп жүріп ақыры тапты. Тапқаны күйеуі көкпардан мерт болып, үйіне қайтып кеп отырған түйекештің қызы болды. Қолында нәрестесі бар. «Ештеме етпейді. Екі жарты бір бүтін болып адам қатарына қосылады», — дейді әкем. «Қайдам?» — дейді шешем. Есігінің алдына шығып, өткен-кеткенмен сыңқылдап сәлемдесіп тұратын қызыл келіншекті елестетем. Оны жұрт «домалақ қыз» дейтін. Қазір «домалақ келіншек» болған. Түртіп жіберсең денесінде саусағыңның табы қалар тырсиған семізше жан еді. Бойы пәкене. Күлегеш-ақ. Бейне, аузы-мұрнын шығара күлкі құйып қойған құмыра тәрізді, жүрсе де, тұрса да сылдырап күле береді. Шешемнің айтуынша, кәриялар күйеуінің қазасын есіттіргенде де күліп жібере жаздапты, артынша-ақ ернін тістеп, еңірепті-ай!
— Бәтшағар, Яғымустың кішкене үйін күлкіге толтырсын, — дейді әкем өз ойына өзі риза болып.
Сосын домалақ келіншектің үйіне сан мәрте сабылып жүріп әкесін көндірген. Қасқа сиырды қалыңмалына өткізді. Түйекешке шапан кигізді. Домалақ келіншек кет әрі емес көрінеді. Жаз өтіп қауын қазан боларда Яғымус үйленді.
Өшіп бара жатқан қоламта қайта тұтанды. Қисық мұржасы қарақошқыл түтін саңғыды. Жер иістеніп кеткен көрпе-жастығы күнге жайылды, терезеге қызыл перде тұтылды. Шағын үйден ертеңді-кеш сыңғырлаған күлкі естілетін. Фельдшер ақсақал Яғымустың үйіне шақырусыз барыпты. Күміс тісті Күмісбек «тойдың сарқыты» деп қона жатып ішіпті. Көре көзге Яғымус та түрленіп, құлпырып кетті. Бұрын өлеусірей ілбитін көлігі енді көше шаңын бұрқылдата жортатынды шығарды. Әсіресе, әкем мәз.
«Бір ошақтың отын сөндірмедім», — дейді.
Мектептен қайтқан бетім еді. Домалақ келіншектің күлкісін ести кеткім келді. Яғымустың үйіне бұрылдым. Тақап келгенде іштен жаман шаңқыл шықты. Есік тұтқасынан ұстаған күйі қалт кідірдім. Домалақ келіншектің үні өңменімнен өтті.
— Әдірам қал-ау, қызғаныш сенің не теңің?!
— Алтын босағамды таптатып, ақ төсегімді былғата алмаймын.
— Бай болып жарытып жүргендей сонша неге бұлданасың-ей?!
— Сол ит неге сүмеңдеп үйімнен шықпай кетті. Әнеукүні қойшыларды аралап кеткенімде іздеп келіпті. Қолыңнан сыбаға жепті. Енді бүгін сүтке тойған мысықша мұртынан күле ме-ау, мажықтыра ма-ау, әтаңа нәлет, күміс тіс!
— Жаманды-жақсылы бастығың емес пе? Сыбаға берсем саған жақсы қарасын дегенім.
— Сыбағаңды білем сенің!
Ішім ұлып сала берді. Расында, мал қайырып жүргенімде Күмісбектің шалбарының балағы шұбалып осы үйге кіріп бара жатқанын көргем. Ұры иттей сүмеңдеуі жаман еді. Яғымус үйінде ғой деп ойлағам.
Кірместен тайып тұрдым.
Сол жүз шайыстан кейін Яғымус пен домалақ келіншектің тұзы жараспады. Түтіні тік шаншылып шықпады. Отбасында ұрыс-керіс арылмаған адамның сұры белгілі: арқасында ауыр жүк тұрғандай имиіп, ыңыршықтайды, итырақтайды. Қабағын кір тұтады. Жағасы кірсіз ақ нейлон киюші еді, жуылмаған соң тастапты, кір көтергіш қоңыр көйлекке ауысты. Шалбары гармонға ұқсайды. Жұмысына ерте жөнеледі, кеш оралады. Қойшыларға қона жатып қайтады. Мұны шешем сезіпті.
— Жүнің жатып кетіпті ғой, ауырып жүрмісің?
— Жай әншейін.
— Домаланған келіншегің үстіңе неге қарамайды-ей?
— Жай әншейін.
— Шөп басын сындырмайтын деректірдің қатыны емес шығар. Қарағайдай жігіттің тапқанын ішіп, салқын саяда отырып несіне кергиді? Есік көрген демей, балалы қатын демей, қыздай қып құда түсіп алып бердік. Ол жырқылдақтың шашын жұлайын мен.
«Жай әншейін». Яғымустан бөтен сөз шықпайды. Ренішін де, қуанышын да ішіне жасырып үйренген. Осы мінезі Яғымусты жол жиегінде жатқан тасқа ұқсатушы еді.
Кәдуілгі тас. Жаңбыр шайып, жел мүжіп, суық сорып, күн қыздырып бетіне белгісін салған. Сыртекі көзге әлгі тас соның бәріне төзген секілді: Тіпті, түсін бермеген дерсің. Тас қалпы қалған. Әйтсе де сол қораш, қожыр мықтыға зер салып үңілген сайын әлгі ойымның теріс екенін түсінем. Оның бетінен құмырсқа ізіндей уақыт әжімін көрем. Жауын тамшысының иісі, күн қызуы, қар сызы ап-айқын сезіледі. Қазір күз болса да тас жүзінен қыс табы білінеді. Қадалып қараған сайын ешбір күш қарсы тұра алмаған, нешеме ақылды жан амалын таппаған Ақырет деген ақырғы сөзге, тажалға сыр бермеген тас қана. Сол ғана ұзақ күрескен. Қасарысуды үйреткен. Ақырғы мезетке дейін езіліп-мүжіліп кетпеуді, жоғалмауды, сыр бермеуді тастан үйренеді екенбіз. Ендеше сол мінезі Яғымустан табылады.
Ауыл ортасындағы төбенің басынан Яғымус ұшырасты. Жанына келіп сәлемдескенше сезген жоқ. Көзі толы қызыл нұр. Жалқынданып батып бара жатқан күнге қарап ойланып отыр екен. Мен де еріксіз батысқа бұрылдым.
Ауылдың бұл беті көзге ілігер тұлдыры жоқ мидай жазық болатын. Беріде бозамық шаң білінеді. Қайтқан малдың сорабы бұл. Сосын көкте екені, көкжиекте екені белгісіз әлдебір ноқат көрінді, бозторғай болғаны. Күн еріген сары май секілді көкжиекке сіңіп барады.
Яғымустың жанары осы мезет кішкентай күнге ұқсады, жарығы таусылып, батып бара жатқан қызыл нұр ше. Қызыл жас. Сол. Ызығуыт өмірде жалғыздық деген дерттің болатынын бірінші рет сонда сездім. Әлгі қызыл жаста сол дерттің тұнбасы, тұзы, үлкендерге деген өкпе, тіпті күміс тісті Күмісбектің қиянаты, біздің әзіліміз, жәбіріміз, бәрі-бәрі тұнып тұр-ау, тұнып тұр. Жүрегім әлдебір жаманшылық сезгендей езіле соқты.
— Далабай, күннің бетінде де өмір бар білем, — деді ол.
Жауап беруге батпадым. Бірдеме десем-ақ Яғымус күн батқан жаққа кетіп қалатындай көрінді. Егер ол шынымен кетіп қалса кімді ермек етпекпіз, кімге күлмекпіз? Үй-үйді аралап кім хабар таратады, кім көшені шаңдатады? Кешкі көлеңке ғана қалады ғой, сол көлеңкеге ілесіп бүкшеңдеген Күмісбек қалады, күміс тістер қалады.
Ертесіне әкемнің сөзінен шошып ояндым.
— Әттес-ай! Яғымус әлгі күлегешімен ажырасып кетіпті. Бетпақ неме аядай үйді тартып алып, Яғымусты қуып шығыпты.
Яғымусты домалақ келіншекпен енді қайтып көңіл жарастыра алмасын білдім. Сынған тастың бүтінделмесін, кешегі жалқын күннің қайыра оралмасын білдім. Иісі жұпар әдемі әңгелекті енді қайтып татпасымды сездім. Сосын жастықты құшып ұзақ жыладым.