22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Дүкенбай Досжан

Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.

Жанқұмары






Кешегі күңгірт заманда ойда қалған қара қалмақтың ханы Алтай тауының арғы қабағында жатқан қоңтайшыға Қалтан Шерінге елде жоқ сұлу қызық — қасына отыз тоғыз қыз қосып аттандырады. Араларында уәдесі болған ба дейміз. Бойжеткеннің есімі Тошайын. Тошайын ару сол кездің сөз ығытымен сөйлегенде «алты айшылық жол шалып», батыстағы он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт елінен жер түбіндегі шығыста жатқан құба қалмақ жұртына екі— үш ай жүріп жетеді екен. Жер шалғай, жол қауіпті. Жолаушыны, керуенді торыған ызғып жүрген заманның бөрілері әр қиырдан шошаң етіп шыға келеді. Ондайда пәтуаға шақырар жүректі шешен, қасқайып қарсы тұрар білекті мерген болар ма дейсің. Өкінгеннен не пайда!

Қызғалдақтай қырық қыз ғана. Бірі — көріпкел, келесісі — тәуіп, үшіншісі — шолғыншысы, төртіншісі — аспаз дегендей, ортасына ару Тошайынды алып күн жүреді... түн жүреді... ескі ай толып батып, жаңа ай жіңішкереді. Тақымы ашып, белі сіреседі. Сүйенері — дала пірі деседі. Ат басын көп ірікпей сабылған жолаушылар сары даланың кіндігін басып көлденең сұлап жатқан Боқтыкент тауына іліккенде соңдарынан сары күздің сүмелегі қуып жетеді.

Тау аңғарына кіргенде жапалақтап қар жауады. Ертесіне таң алакеуімнен атқа ер салған кезде қар тізелікке жетіп Тошайын сүрінеді. Әрі қарай жүру қиындап, қырық қыз амалсыз ошарылып, жәутең— жәутең алапты сүзеді. Қапалық кеміріп түңіледі.

Қыстың беті ұшынып көрінді. Соңынан сумаңдап ызғырығы жетеді. Тошайын қыздарға қаратып пәтуа сөйлейді.

— Арулар, тау аңғарынан тасболат там салып қыстап шығамыз. Жол алыс, қыс қауіп. Жүре берсек — бір— бір мықтың үйі — омақаға айналып қатып қаламыз. Қыздар шу ете түскен.

Біразы бетін басып, ат жалын құшып үнсіз үгітілгені. Дауыс шығарып жылауға еш батпайды. Жәудір көздер жаутаң қағады. Алыс жолға шалдыққан көлік жер тарпып тыпыршиды.

Қырық қыз көлікке шідер салып, ошақ аршып, от жағып, тас тасып, тасболат там салып алуға жапатармағай кіріседі. Көңілдегі күдік еш жуымайды. Тез шаршайды. Тәлтірек қағып маймаңдайды. Осы мезет құдай қарасып, тәңір жебеп көктен түскендей, я болмаса жерден өніп шыққандай аңшы жігіт сап ете түседі. Алғашқыда арулар үрпиісіп қалады. Біраздасын бойы үйреніп, тілге келіп, түсінісіп, мән— жайға қанығады.

Аңшы жігіт иығынан жарағын сыпырып, білегін түрініп, тас қалауға кірісіп кетеді. Күні бойы там соғады, қызарып батқан күнге ілесе аң қағуға шығады. Атқаны қате кетпейтін қол мерген, ел жата бір киікті арқалап буы бұрқырап келіп тұрады.

Өстіп жүріп Тошайын аруға ынтық боп қалады. Бойжеткен ыңғай танытады. Қытымыр қыстың кешінде тонмен қымтап жылытам, суықтан қорғанам деп жүргенде жақындасып жұптасады.

Қыс кетіп, күн жылына қырық қыз қайыра атқа қонады. Ынтығымен қалып қоюға қиыр шеттегі жолын тосып, қас қақпай аңдып отырған Қалдан Шеріннің қаһарынан қорқады. Қимай қоштасады. Күн жортады, түн жортады. Сары арқаның жылы жауыны қыздардың соңынан сүркіл салып қуып отырады. Ығысқан ызғырық желден қоңырқай тартады.

Қоңтайшы қуана қарсы алады. Тошайынның мөлт жанарын, қаны тамған бет ажарын көріп талып қалады. Ынтығы басылмай арнайы тіккен ақ отауға енгізіп оңашалайды. Дүние ауғанша құшағынан шығарғысы жоқ еді.

Қыз екіқабат боп шығады. Қоңтайшы Қалдан Шерін белін басып кирелең қағып, төсек жиегінде үнсіз ошарылып ұзақ отырады. Ұстарамен қырғызған үлкен басынан шып— шып тер шығады. Алақанымен көсіп сыйпайды. Ақ төсектің астына қол жүгіртіп, тамағын кенеп гүр етеді.

— Жанқұмарым қайда? — дейді.

Ақ жамылғы астында қор болып жатқан Тошайын ару сырын бүркеп неғылады. Болар іс болып қалса қайтеді енді.

— Үш айшылық ауыр жолда жанқұмарың жан сақтаудың амалына жарап кетті.

Мына сөзді естіген қоңтайшы иығын зіл қаратас басқандай еңсесі езіліп отырып қалды. Біразға дейін тапжылмады.

— Әкең жолға салып берген алтын жамбы, күміс тайтұяқ қайда?

Сырттан жылқы дүбірі естіліп елең еткізді.

— Алтын жамбы, күміс тайтұяқты алыс жолға азық қып құрттық. Кең даланың пейілі қушия түсіпті. Жол бағатын ұры— қарыдан қашсақ та, тың көлікке тақым ауыстырсақ та қияқ мұрт, жанары өткір қазақ қиылып қарап өліп— өшеді. Құтылып шығу оңай болмады. Әйтсе— дағы саған деген жанқұмарың бойымда, қоңтайшы!

— Әттеген— ай! — деп қоңтайшы шекесінен қарайды. Көкірек жара күрсінеді. Көкірек жара күрсінгенде сырттағы ит үріп, қаңтардағы сәйгүлік кісінеп, орданың маңайы толайым у да шу болып желпілдеп жөнелді.

— Беу, беу дүние— ай, қушиғаннан қушиып құйтақандай жанқұмарына жалтақтатқан!

— Көкірек жара күрсіне бермей, аман— есен жеткеніме қуан, пірім! — дейді түнгі тіршіліктен талықсып жатқан Тошайын ару. Қоңтайшы төңкеріле бұрылып алакөздене қадалады. Ару бойжеткеннің сөз тапқыштығына, қаны тамған дидарына іші қыз— қыз қайнайды. Еңсеріле түсіп қалт тосылады.

— Торғауытыңа бересің бе мені? — дейді Тошайын ару көкіректегі күдігін жасыра алмай.

О заманда қалмақ салты бойынша қоңтайшы екі қатын алмайды екен. Екі қатын алса — тоқал мен бәйбішеден туғандар кейінше бір— бірімен қырқысып, ел іші бүлінеді деп. Ел бірлігіне сына түседі деп қорқатын көрінеді, әрдайым салтты сақтап үйренеді. Екі оттың ортасында қалған Қалдан Шерін ғана. Ару бойжеткенді ең сенімді нөкеріне сыйлай салайын десе — алып— жұлып ыңдынын кептіріп бара жатқан — ыстық бұлақты қимайды; өзі алайын десе — қалмақ салтын сыйлайды. Қайтпек керек? Бозторғай шырылы семіп, күн түске тырмысқанша қамау терге түсіп, ой түбінен ой сүзеді. Қиялы мен арғы— бергіні болжап кезеді. Біраздасын барып ауыр түстен шошып оянған кісідей басын көтеріп, жанарын бағжаң етікзеді.

— Өзіме бұйырасың енді!

— Салтты бұздың деп бас торғауытың төбеңді тесіп жүрмесін, пірім!

— Төбе түгілі өзге жер де тесіліп бітті. Аңдыған ажал алып жықпаса — о ғып, бұ ғып бірдеме етіп күнелтерміз. Олардікі олжа ғой. Мөлт тамған жаудыр жанарына сүңгідім!

Қаһарлы қоңтайшыны атып жық — мейлі, жатып жық — мейлі; сөз — сүйектен өтіп, тасты теседі. Жертәңірісіп қонжиған қоңтайшының беті бері қарады, іші жылыды. Етінен ет кесіп алғандай кепке түсіп, ару бойжеткенге қайыра шүйлікті. Екі бүктелген мезетте дүние төңкерілді. Төңкерілмесе де — төңкеріліп кеткендей сезілді. Семіз қоңтайшы көп ұзамай сыртқа қағып салған көнтулаққа айналыпты деседі. Баяғыдан қалған көне сөз осы!