Әдебиет
Дүкенбай Досжан
Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.
Шахеризаданың мың үшінші түні
Шығыс ертегісінің жауһары «Мың бір түнді» білмейтін кісі кем де кем. Сол «Мың бір түнді» елестетіп отырып ұлы Бальзак «Сайқалдың жұлдызды шағы мен қайыршылық халін» жазды, америкалық жазушы Эдгар По «Шахеризаданың мың екінші ертегісін» тірі сөзбен төгілдірді. Дүние әйелдің сұлулығы мен әйелге деген сағыныштан басталады. Дүние әдемілікке деген көз құртынан, ынтығудан күш алады. Ендеше әлгі ұлылар жүріп өткен сүрлеуге біз де түстік. Уақыт самайына қырау түсірген, көз жиегін әжім торлаған, уағында талай еркектің ішіне шоқ тастаған бойжеткен туралы баянымызды «Шахеризаттың мың үшінші түні» деп қабыл алыңыз.
Кейіпкеріміз Досбол аяқ астынан Шахеризатпен ҚазМҰУ— дің акт залында танысты. Филология факультетінің бірінші курсында оқып жүрген кезі. Үлпілдеген үркек қояндай аққұба, талдырмаш қыз. Қолын ұсынып танысқан кезде жанары күлмең қағып шуақ төкті. Кофтасының өңірі ерекше көзге ұрып бұлтияды. «Есімім Ақива!» — деді. «Түсінбедім» — деген Досбол. «Жер шетіндегі Саратовтан келдім... қала іргесіндегі қазақ ауылында тудым. Ол жақта, Волга бойында ива талы малынып өседі, ата— анамның ива шыбығына ұқсап сыланып өссін дегені шығар», — деді бойжеткен. Досбол: «Ива біздіңше сәмбі талы болар», — деп қолтығына саусақ жүгіртіп әлдекім қытықтағандай мәздене күлді. Жұрттың күлкісі сыбызғы шалғандай. Не пәлесінің барын кім білген, Досболдың күлкісі, бейне, ішіне тас салып айналдырған шелекше даңғырайды. Содан өз— өзінен қысылады.
Қыз қабағы лып етіп жымиды. «Ақива — төлқұжаттағы есімім, ал, құрбы қыздарым өзімді әуел бастан «Шахеризат» деп атап кеткен, құлағым соған үйренген. Бәлкім бала күнімнен «Мың бір түн» ертегілерін көп оқып, шығыстың тұңғиық сазына, нақышына, бояуына ықыласым ауып кеткесін бе, әлде тым қиялшыл, әсіре арманшыл болғаннан соң ба — бәрі өзімді Шахеризат деп атайды», — деді. «Ендеше мен де солай атайын», — деп Досбол кеңкілдеп кеп күлді. «Мейліңіз білсін», — деді қарлығаштың қанатына ұқсап лып еткелі тұрған сүйкімді бойжеткен.
Бойжеткен тәкаппар, жанды менсінбеді. Төсі тікшиіп, еріні көпсіп сынап секілді сырғыған бірдеңе. Ебі келген кезде тілдесейін деп қопақардай қоқырайып қасына тақаса— ақ сахараның сары сағымындай сыңқ етіп күліп, бірде оң жағынан, бірде сол жағынан шаң беріп шығады. Үлкенді де, кішіні де үйіріп тұратын сиқыры бар. Былай шыға бұл көкең бойжеткеннің сұлулығы қай жерінде деп бас қатырады. Қырсығып тұратын тымырсық емес, үндемейтін ішмерез емес. Жырқылдап күліп ішіндегісін ақтарып төгетін жыртық қапқа да ұқсамайды. Маңайласқанды магниттеп алатын сиқыр иесі. Үлбіреген сүйкімді жан. Ындыны кеуіп, сілекейі сірнеленген жігіт атаулы Шахеризатты көрсе болды: бірі — аяғын орап басатын жорға, бірі — аяғын санап басатын сәйгүлік болып шыға келеді. Можантопай мініс аты секілді өзі ғана. Қаны басына шапшиды.
Жазушы боламын деп қағаз бен қаламға битін салып жүрген кезі. Көпшілік кітапханасының кіреберіс дәлізінде бетпе— бет ұшырасып қалады. Қара тері борап қоя береді. Аузын ашқанша әлгі қыз ұшты— күйлі жоғалады.
«Батылданатын бірдеңе ішпесем болмас» деді. Сыртқа шығып, бұрышты айналып, сыра сатып тұрған сары кемпірге келіп қалтасын қақты. Өлә— ә— ә, деген! Бөтекесінде бір күрішке сыра. Бұл көкең қопақардай қоқырайып кітапханаға қайыра енді. Есік алдында етегін жинай бермейтін кезекші әйел мұның төбесін көргеннен күлмең етті.
Шахеризат саған орын алып қойды деді. Ығысқаннан ығысып бұл көкең әлгі орынға әзер ілікті. Сыраның кәйпі көпке созылмады. Сәмбі талдың қасындағы қарағаш секілденді.
Төңкеріліп кете жаздап бойжеткеннің оң бүйірінен тізе бүкті. Қазіргідей кітапхана кең емес. Қыз— жігіттер ұзын үстелге қонақтаған торғай секілді, бір— бірімен бүйірлесіп жайғасқан. Жанаспасаң — жаныңды қоярға жер таппайсың. Бесікке симаған баладай пысынап барады. Сол бүйрегі тапқа қойғандай қызады. Ертеректе бір кітаптан кісінің іштегі мұң— шері маңдайына әжім боп шығады, кісінің іштегі қуанышы жүзіне нұр болып шалқиды деп оқып алғаны бар еді. Көз қиығымен назар жығады. Қыздың жүзі балбұл. Көктемгі нөсер дүркіреп өткен саябақ секілді.
Маусымның ыстығы көшені жалайды. Әрәдік жер еңбегін солқ— солқ қозғап трамвай өтеді. Мына қыздың қыпша белінен құшақтап, жіңішке бұрымына буынып өлсем— ау деп армандайды Досбол. Кітап миына кіріп шықпайды. Сыра тер боп ақты.
— Көзіміз сіркеленіп отыра береміз бе, — деді біраздасын.
Қыз тілдей қағазды сүйрік саусағымен лып ысырады. Бұл көкең қағазға көз жүгіртеді, маңдайына тер моншағы тізіледі.
«Нендей ұсынысың бар?» деп жазыпты.
Өзі: астына түсіп асханадан шай ішелік.
Қағаз: сол— ақ па?
Өзі: сыртқа шығып, біразырақ таза ауа жұтып, бұрылыстағы кафеден жүрек жалғайық.
Қағаз: таза ауа жұтып неғылам, мейрамханаға барып би билегім келеді.
Өзі: би білмеймін, пілге ұқсап аяғыңды тапап кетем.
Қағаз: би билегіштер табылар, құстай қалықтап вальс билегеніме қарап тұрсаң болғаны. Би билесем буынсызбын.
Құстай қалықтап деген Шахеризат сөзі тірідей өлтірді. Жартылай болса да бойжеткеннің беті бері қараған секілді, көңілі құрғыр өрекпіп жантаптырмайды. Қалтадағы шамалы ақша жетпейді. Көзтаныс құрбыларды жағалап, бірін әкелеп, бірін көкелеп мейрамханаға қыз апаруға жетеді— ау деген қаржыны күн ауғанша әзер жинады. Шампан удай қымбатқа түсіп, ертеңгісін түйенің қуырдағына тойып шыққам деп, сылтауратып, ыстық тағамнан бас тартып, салмақты шайға салды.
Ішегі құрғыр шұрылдап, шампан бірден басына шапты. Шахеризат би десе былайғы дүниені ұмытатын елгезек. Қарсы беттен жерден өніп шыққан қапсағай неме әй— шай жоқ әлсін— әлі биге шақырып, қызды құсша қалықтатқаны — көрер көзге бұл көкеңнің шымбайына батып, шамына тиді. Әкеден ауысқан ит ашу көтеріп кетті, Досболдың тиегі тайды. Қапсағайдың құшағына талақша жабысқан бойжеткенді бір— ақ сілкіп ажыратып алғаны есінде. Көзіне түк көрінбей кетіпті. Езуінде шылымы, томар галстукті, төсі қайқайған бозөкпемен кеңірдектескенін біледі. Шахеризат ұялғаннан бетін басып, мейрамханадан ытырыла шығып жөнелді. Маңайына мазасыз жандар үйіліп масаша ызыңдапты.
Бұл не сонда? Өмірінде сүйкімді қызды қолтықтап иығы биіктеп мейрамхана есігін ашқаны әлгіде. Үгітілген сүйрік саусағын ұстаған кезде бой— басынан ток өткендей сорпаланып, қара жер төңкеріліп бара жатқаны жаңа. Жын иектеген бақсыға ұқсады. Өңшең өңештескен өркөкірек өкіреш неменің ортасына талақ қып тастағаны несі қыздың деп қарадай қайран. Жерге қарағандай кеп кешті. Әлгі ой жүре— бара өкпеге айналды. Өкпесі қара қазандай болды.
Не пәлесінің барын кім білген... жігіттің дегбірін алып, шыдамын тауысып, сыйқырына салуы үдеп барады. Жаңадан арал ашқан саяхатшы секілденеді. Түкпірлеп түсіне бермейді. Жан сарайы астан— кестен, тас түскен көл бетіндей. Қанша ойламайын десе де көзі күлім қаққан... шоқ боп жанған... танауы қырлы... жұқа бітімді бойжеткен санасына желім болып жабысып еш шықпайды— ау, еш шықпайды.
Ол кездегі Алматының нөсерін айтсаңшы! Дүркіреп өткенде кісі жан өз— өзінен көкірегіне құс қонғандай желпілдеп, екпіндеп шыға келеді. Хош иісі танау жарады. Бір ғажабы, тұла бойға қаншалық жаңбыр өтіп, сусоқты болып тұрса— дағы кісі бой— басын жеңіл сезінеді. Жаратқан аттай құлшына түседі. Жаңбырдан қорынып ақ балтыры сазанның бауырындай жарқылдап көшені қиып өткен бойжеткен бұл көкеңнің жанарын суыра тартады. Жүрек лүпілі артады. Ертесіне жатақханаға қызды аяғымен іздеп келді.
Сабалаған нөсер астында жүріп— жүріп... өкпесі күйіп... әбден шалдыққан соң сүйретіле басып Шахеризат жатқан жатақханаға жеткен. Түнеукүнгі... мейрамханада өткен сойқан сабылыстан кейін беті қайтып... сылқым бикешке жоламайын— ақ деп бекінген еді. Өкпесі қайтпаған қалпы. Осылай қарай ынтықтырған ғайыптың күші. Кәйіпке елтіген мас секідлі.
Шақыруға кеткен қыз бала біраздасын бөлмесінде жоқ деп келді.
Сонда қалай? Жауын астында сүмек болып, бой— басы қамырдай ылжырап, ындыны құрып бір көруге зар болып жеткенде — жоғы несі?.. Арқасын зіл қаратас жаншығандай, еңсесі езіле түсті. Қарап тұрып күйініштен қап— қара болып түтігіп кетті.
Бұлт етегі түріліп күн жарқырап ашылып, аспан асты жуған шүберектей тазарды. Көше бұрышынан шуақтана жымиып Шахеризат шығып келеді. Жүрегі лүпіл қағып жүре берді. «Апақ— сапақта... қаңғымалап қайдан жүрсің?.. Іздеп қалдым өзіңді», — деп өкпесін айтып ауыз ашқанша болған жоқ, жаңа байқады, бойжеткен жалғыз болмай шықты. Қасында екі иығы қоқырайған еңселі бозбала жерден өніп шықты ма, әлде аспаннан аяғы салбырап түсті ме... жанамалап келіп көстеңдетіп қолын ұсынады. Мазағы ма... шатағы ма... өртше тұтанған ашуына май тамыза түсіп: «Ағасы, амандасып қоялық!» — дейді, сойған түлкіге ұқсап ыржияды.
Досболдың аузына қапелімде сөз түспейді. Бала жастан солай, шаппа— шап қисынды уәжге кенде. Көз алдына көстеңдеген күректей қолды қағып жібереді. Өзін— өзі билей алмай қалды.
— Неге өйтесің? — деді Шахеризат шыр етіп. Жұқа қабағына көлеңке қалқыды.
— Өйтпегенде!
— Бойжеткен басыбайлы емес шығар, ағасы. Лекциядан шаршап шығып, аздап сейілдегенде не тұр, ағасы.
Жазған басы сезгір бойжеткеннің мына Досболдың анадайдан сұлбасын көре салып жігіт құлағына: «Ағам еді», — деп сыбыр еткенін қайдан білсін. Екі сөзінің бірінде «ағалап», кішірейе ділмәрсіген сабазды жүндей түтіп сабағысы келді. Жұдырығы қышыды. Қыңатын кісі көрінбейді.
— Ағаң ашулы ғой, Шахеризат! Жатақханаға келіп қалдық, қоштасалық, Шахеризат, — деп әлгі жігіт шалт бұрылып, қос қолын шалбарының қалтасына сүңгіте салып, төсі қайқайып жөнеле берді. «Төри— төри— а— а— и!» деп қайдағы— жайдағы сайқымазақ саз созуы: «Пішту, деген!.. Өзің қайсы, сөзің қайсы» деп мазақ қылып мұқатып бара жатқандай көрінді. Кім біледі. Қазақ қашан жайына тыныш кеткен. Өзгені кекетіп, мұқатпаса жүре алмайды. О заманда мынау деген, қолы жеткен кісілер Шымкенттің «Восход» тігін фирмасынан шығатын костюм— шалбар киетін. «Восход» тігіншілерінің қолынан шыққан костюмнің иығына жасанды иық салғаннан епетейсіз қоқырайып тұратын. Шалбарының кең балағы аяқ киімнің басын жауып жер сыпырушы еді. Осындай модамен киінген жігіттерді о заманда фраер дейтін. Бұл күнде ғой — шетелдік сыптығыр киімге қарық болғаны. Әлгі төри— төри— төрилеген фреаер жігіттің қарасы лезде өшті. Досболдың өкпесі қара қазандай, сол булыққан қазанның қақпағын алып қыз қылығымен жеңді.
— Шахеризат, қалай түсінемін. Құсша қалықтап билегенді ұнатамын деп езуіне шылым қыстырған қапсағайға талақша жабыстың... Енді мына екі иығы қоқырайған еңселіні тауып алыпсың... Жер түбінен білім іздеп жеткеніңе жарты жылдың жүзі болды. Елбіреген... үлбіреген... сәмбі талы секілді дірілдеген бой— басыңа қарап нәзік жан, ұятты бойжеткен деп күйіп— жанып жүрсем. Бұл неғылғаның! Көше айналсаң жаныңа жанторсық қылып едірейген... еңгезердей... епетейсіз ерсі еркек кіндік еріп аласың... бұл неғылғаның?!. — дейді— дейдімен ағытылып түйдектеліп келіп қалған қатқылдау сөз көмекейіне тығылып тұтығып қалды.
О, құданың құдіреті!
Қыз әлдене сылтау айтып ақталар, я болмаса сізге басыбайлы болған ештеңем жоқ деп шырт ете қалар деп ойлаған. Адам таныса — бұл бойжеткен жан баласы бетіне жел боп тимеген, еркек кіндіктен әлгідей ауыр сөз, өкпе— наз есітіп көрмеген — көңілі әппақ қардай кірсіз бейкүнә періште. Я болмаса жол тосқан сайтанның сапалағы. Өмірінде ұрғашыға сөз айтып көрмеген мұнымен ұшырастырған тағдырдың сайқымазағы. Неғылдесін енді!.. Еш оқиға болмағандай, араларынан қара мысық жүгіріп өтпегендей тегі... Сыңқ етіп күліп, жұпар аңқыған құшағын ашып, мойнына оратыла кеткені. «Томпағым менің!» — деп сыбыр еткен ып— ыстық ерін самайын күйдіріп өтті. Жұп— жұмсақ ұлпа ернімен ұмтылып келіп ернін өпті. Дүние төңкеріліп бара жатқандай Досбол тәлтірек қағып, оң қолымен қара ағашқа сүйенді. Ымырт үйіріліп, көз байланып үлгергені жақсы бопты.
Бейсеубет жүргінші жуан ағаштың түбінде апаш— құпаш айқаса кеткен жұпты байқамас та еді... қараң— құраң қарбаластан ығып екі жас кәрі үйеңкі діңіне айналып үлгерді.
Жиырма екіге қараған шағында Досболдың қыз ерінен балшырын татып тұрғаны әлгі. Шахеризаттың астаң— кестең толқын үйірген мұхит тереңіндей жан әлеміне үңіліп қарау қайда! Көзін жұмып... ыңырси күбірлеп... тілімен тілін түйістіріп... таскенеше жабысты. Неткен ыстық! Неткен тәтті! Дүм— дүние ынтық, ыстық сүйістен жаратылды деген философ сөзінің шындығына көз жеткізген бұл көкең — тапқа қойған сары майша еріп, сақаға құятын қорғасындай балқып, қара жерден аяғы ажырап құс боп ұшып... бұлт боп дүркіреп... жүрегінің дүрсіліне құлағы бітіп... дүниені ұмытып... уақыт пен кеңістігі өзге өлшемдегі жаңа бір әлемге енген сыңайлы еді. Бой— басы құрғыр ылжырап сорпаланыпты.
Түн ортасы ма, әлде таңға жуық па, сықсыңдап жылап тұрған өзі ме!.. әлде бойжеткен бе!.. ажыратып білмейді... Саудыраған сықырлаған құр сүйегі қалғандай. Бойжеткеннің ыстық үні құлағының түбінен талып— талып жетеді. «Бүгінше осы да жетер... тілім ауырды... үйге қайталық, томпағым!»
Одан арғысы еміс— еміс есінде.
Жүз жасаған кәрі үйеңкінің шор боп біткен жуан діңінен ажырап, үлкен ағаштың сынып түскен бір бұтағындай жүрелей кеткен бойжеткенді қолтығынан демеп тұрғызып, тәлтіректей басып, көше бойына түсіпті. Қызға қарауға бет жоқ. Бойжеткен томаға— тұйық. Аяғын санап басып көше бойлап келе жатып жүргіншімен қақтығысып қалды. Әлгі жүргінші: «Жастар бұзылған!.. Шамаңа қарап ішсең қайтеді!» — деп бұрқылдап қайнап жекіді. Жетісіп тұрған жігіт жоқ. Мана әлгіде ылжырап еріп деген сөзді әдейі— ақ ауызға алғанбыз — бойжеткеннің оттай ыстық құшағына жұтылып, бал еріннен тәттісін татамын деп ынтығып... үздігіп... сорпаланып... бой— басындағы бар әддісі кәусар бұлақ көзіне ұқсапты.
Төбедегі кәрі үйеңкі құрыс— тырысын жазған кісідей сықырлапты. Жол ернеуіндегі көк шөп таңғы шыққа малшыныпты.
«Қызды сүю!.. ләззат ойыны!... «Мың бір түн» ертегісіндегі Шахеризаттың мақпал мамық төсегінің жанында майшам түбінде жантайып жатып әуезді ертегі тыңдаған кеп осындай— ақ болар» деп тебіренеді Досбол.
«Қайыр— хош, томпағым, қошақаным!» — деп өмірдегі шын Шахеризат сыңқ етіп күліп, қолын бұлғап жатақхана есігіне жұтылды.
Махаббат — қамысқа түскен өрт секілді, ішіне енген кісі өшіріп үлгермейді; махаббат — тайғанақ көк мұз секілді, аңдамай бассаң аяғың аспаннан келеді дегенді қай кітаптан оқығанын ойлап— ойлап Досбол есіне еш түсіре алмады. Кітапхананы түн ішінде күзетшімен бірге жауып жүрді. Бойжеткеннің жолына қарай— қарай көзі талды, көңілі құлазыды. Шахеризат қызға кітапхана қуысынан орын алып қанша күтсе— дағы бойжеткен келуді қойды. Жатақханаға әлденеше мәрте іздеп барды... сарсыла күтті... еститіні таныс қызыңыз жоқ, әуре болмаңыз! Жел ұшырды ма, әлде жерден өніп шыққандай ежірейген, екі иығы делдиген қызқұмар бір фраер алып қашып ізін сұйылтты ма — жан баласы білмейді. Ай өтті, жыл жылжыды. Кешегіні... қайдағы кешегі... баяғы кәрі үйеңкі түбінде апаш— құпаш қаракөлеңкеде қыздың от құшағына оранып, бал ернінен мәуе үзгенін есіне алса— ақ болды мына Досболдың сай— сүйегі сырқырайды. Қара жерге шөкелеп отыра кетіп аш қасқырша азынай ұлып үн салып жылағысы келеді.
Ендігі оқиға мүлде өзге полюске бет бұрады.
Шахеризат оқитын факультеттің деканына жолығып бір ауыз қыздың жайын сұраудан именді. Ұяты жібермеді. «Ол қыз кімің еді?» — деп көлденең сауалмен аузынан сөзі божыраған жазған құлды келген ізімен қуып шығар деп жүрексінді. Ақпанның аяғында... деканаттың хатшысы болып істейтін, күнтізбе жасап көзі сіркеленген орыс келіншегіне аяңдап жетті. Орысшалап сәлемдесті, келген шаруасын мәлімдеді. Хатшы келіншек тау боп үйілген қағаздан басып көтеріп бірауқым аңырайып отырды— отырды да қазақша сөйлеп қоя берді.
— О, Ақива ма, секектеген туша секілді ерте есейген ива шыбығы ма іздеп жүргеніңіз?
Бұл көкең басын екшеді. Хатшы келіншек желке тұсындағы дермантин қаптаған декан есігі ашылып қала ма деп қауіп қылған кісіге ұқсап ту сыртына жалтақ— жалтақ қарады. Еңсесін төмен салып сыбыр ете қалды.
— Ақиваның ағасы ма едіңіз, әлде жақыны боларсыз.
Досболдың жон арқасынан суық тер бұрқ етті, үнсіз, тілсіз басын шайқады. Хатшы келіншек сұқ саусағын ерніне көлденең басты. Дермантин қаптаған есікке мойын тамырын үзе бұрылып қарады. Жанарынан жымысқы от жылт етіп тұтанып өше қалды. Жан баласы естімесін дегендей ернін сылп еткізіп жыбырлатты.
«О... сәмбі талдай... ерте есейген тушадай... деканның бөлмесінен шықпайтын болып алды...»
«Неғылдейсіз?! Декан мырза ауған соғысына қатысқан... оң аяғын жаралаған... үйлі— жайлы, балалы— шағалы... алдына арыстан енсе— дағы міз бақпайтын барақатты бақуат кісі емес пе еді...»
Осы мезетте терең іштен, дермантин есіктің арғы жағынан сықылықтаған сыңғыр күлкі естілді. Хатшы келіншек тілін тістеп алдындағы қобыраған қағазға көмілді. Бұл көкеңнің жан сарайына суық бір мақұлық еніп, сайран салып жүргендей сезілді... аяғының астындағы жер төңкерілді. Ет жүрегін шым еткізіп қан жуып кетті. Шегіншектеп жөнелді. Не ойлады... қайда барады... кіммен сырласады... ештемемен, ешкіммен шаруасы жоқ, қаракөлеңке кешқұрымғы көшеде сылп— сылп басып келе жатып, жылға жуық жүрегіне бөлеп, қиялының бесігінде тербетіп... көрікті ой... шекер сезім... алыс арманға жетелеп... баяғы бір үлбіреген мақта ернінен бал татырған бұратылған бейкүнә нәзік сүйкімді бойжеткенмен былайғы өмірімді өрнектеп өтемін ғой!.. екі— жарты — бір бүтін болып жұптасып, бір— біріміздің аузымызды бағып, қас— қабағымызға қарап ләззат ойынына батамыз ғой!.. Дегенде... сеніп келгенде... дүниенің іңкәр тазалығы тал бойынан табылған Шахеризаттың «Мың бір түн» ертегісін әлі талай тыңдаймын ғой... деп қиялына қанат жалғап жүргенде — жүрегінің төріне ұстаған асыл құмырасы абайсызда тас көшеге түсіп быт— шыты шыққандай сезілді. Есеңгіреді, аяғы аспаннан келді.
Аядай бөлмесіне еніп, есігін тарс бекітіп, темір керуетке етбетінен түсіп ал кеп ағытылсын, ал кеп солықтасын, ал кеп көз жасына ерік берсін.
Дүниеде тұңғыш қауышқан қыз құшағы ыстық, алғаш өпкен бал ерін тәтті, ерте қауыз жарған гүл қымбат, ерте лап еткен еркектік сезім өрті дүлей, алғаш бойды алған сүйіспендік дерті— у, ...еш қайтып болмайды. Даруы қайтқан күнде кісінің қанын, сөлін, жігерін сорып құр қаңқасын саудыратып қалдырды. Ертесіне... ертесіне емес— ау... екі— үш күн өте жатақхананың үздік студентке деп бөлінген қуықтай бөлмесінен сіңіріне ілінген құр сүлдер шықты. Студент құрбысы Досболдың түрін көріп шошып кетті. Дереу қолтығынан демеп, сүйемелдеп, кеу— кеулеп шуласып жүріп жедел жәрдем шақырып, әлгі құр сүлдерді ауруханаға жөнелтті.
Қаланың табиғаты күрт өзгерді. Күні күркіремей, сіркіреп қана өтетін болды. Жылбысқы қар бірде сорпаланып, бірде қатқаққа айналып қыс қабағы сары аурудай созылып барып жылыды. Көктем иісі бұрқ еткенде кәрі үйеңкі құрысын жазып, жүргіншінің арқабасы кеңіді. Айдың аяғында сәмбі талдай солқылдаған сұлу бикеш тық— тық басып ауруханаға келіп, апақ— сапақ көз байлана бергенде — ақ желеңді әулетінің көзіне түспей сырғып өтіп — Досбол жатқан бөлмеге лып енді.
Аурухана төсегінде көсіліп жатқан құр сүлдер — Досбол шіркін — екі кештің арасында, апақ— сапақта бөлмесіне сып енген... әппақ қардай ақ тон киген... үлбіреген ақ түбіт шәліні төбесіне түйген... қасы— көзі сүрмеленген... сұлу бикешті жанары шалғанда шайтан ба деп шошып түсті. Жалма— жан оң бүйіріне аунап, басындағы медбикені шақыратын қызыл түймені іздеді. Қолы дірілдеді. Сайтанның сапалағына ұқсаған көркем бойжеткен үстінен әтір аңқып төсегінің жиегіне тізе бүкті. Ақ тонның етегі жырылып сазанның бауырындай ақ балтыр жарқ етті. Сайтанның сапалағы болып енген сұлуды жаңа таныды, мұқым өзгеріп кеткеніне қайран қалды... Ақива... жоқ— ә, Шахеризат бейнесіне енді.
— Томпағым, қалайсың? — деді.
Досболдың аузына қапелімде сөз түспеді.
— Бұ жұрт өсек айтпаса жүре алмайды. Ана мыстан кемпір Посседен екі алып қалғам... Саратовтан қайтіп ақша сұратайын... Декан ағайдың алдынан өтіп әлгі шетел әдебиетінің оқытушысы Поссені әзер көндірдік... бес қойып берді. Мыстан кемпір қанымды сұйылтты.
Ой— хой, дүние! Поссе кемпірдің айтуымен Байронның «Дон Жуан» романын үш түн қадалып оқып бес алғаны Досболдың есіне оралды. Өлеңмен жазылған «Дон Жуанның» екі— үш тарауын ағылшынша төгілдіріп жатқа айтатын, жарықтық.
— Антика әдебиетінің көке мылжың оқытушысы Гербсман қақпас қыр соңыма түсіп, декан ағай араға жүріп әзер үш алдым. Қатып қалған жүрегі тас. Антиканың албастысы басқыр. Бұ қазақ кісіні өсекке таңбаса жүре алмайды. Деканмен ымы— жымы бір дегенді шығарыпты.
Әппақ қардай тонының етегі қақа айрылып түрілгені. Француз әтірі танау жарады. Шахеризаттың гүл қауызына ұқсап үлбіреген еріні қиыла жіңішкеріп, сәруәр тісі ақ қаладай қаланды. Досболға жасында оқыған «Мың бір түн» ертегісі елестеді. Қалай еді. Малынған масаты мамық, түгі қарыс келетін қалы кілем. Ту сыртында сытырлай жанған балауыз шамшырақ. Маңайы жүзімі малынған, бұлбұлы сайрап, тотысы сыланған саялы бақ, әуіз бұрқағы, ақық тәспідей тізіліп кемпірқосақтанады. Лала гүлінің әтірі танау қытықтайды. Құс жастыққа көміліп жантайып жатып қиялға шомып жанарын ашып— жұмады. Төсегінің шетіне тізе бүккен Шахеризат сұлу көмекейі бүлкілдеп қиял— ғажайып ертегісін «ә» деп айтуға оқталған еді. Тамағына ащы дәрі кептелгендей дімкәсті Досбол тыжырынды. Үні қарлығып шықты.
— Қызға қарап екі ауыз сөз айтып көрмеген жазған басым... еркектігім кеш оянған мәнжубаспын... баяғыда кешқұрым кәрі үйеңкі түбінде ерніңнен бал татам деп құлай сүйіп қалыппын... сүйіспендік отына өртеніп құладым... алдандым...
Шахеризат еңсеріле еңкейіп бұл көкеңнің жүзіне төніп, бетіне бетін тигізе жаздап әлгі сөзден оқыс кідірді. Бойын жинап алды.
— Томпағым— ау, не деп тұрсың? Алданып қалған мен бе, сен бе?
— Кешір, ертегішім! Ертегіні шын өмір деп өртеніп күйік шалған мәнжубас қанамын.
Шахеризат бойжеткен түсінді. Түсінбейтін не бар мұнда! Қарсы алдында көсіліп жатқан мына жігіт адам жанының инженері — жазушы боламын деп дүниенің кітабын оқыған, кісінің жан сарайын жазып жүрген қолжазбасы секілді — бүге— шігесіз тоқыған... айтпасаң да іштегі кептің бәрін сезіп біліп... көз жіберіп... ішінен түйіп... үлгеретін рентген аспабы. Адам— рентген. Басынан өткізген барша кепті қай— қайдағы тәтті сөзбен әспеттеп, боямалап, бүркемелеп, әдемілеп алыс жаққа бұрып жіберемін дегені құр әурешілік қана. Жүріс— тұрысын, жүріс— тұрыс болғанда — қайбір оңған жастық желік десеңші — бәрін— бәрін біліп қойған бұл бәтір! Жігіттің тас жүрегі жуғарақта жіби қоймас. Жүзін оқыс қабырғаға бұрып алыпты. Бұратылған бойжеткеннің бетін жас жуып кетті.
Иіліп, бүгіліп отырды— отырды— дағы ертегіші бойжеткен еңсесін тіктеп, орнынан жайлап тұрып, шығып кетуге бет алды. Қабырғаға теріс бұрылып сұлқ түсіп жатып қалған Досбол тісін қышырлатты, ауыр жұтынып ақырып ғана тіл қатты.
— Шахеризат...
Жігіт үні қырдың арғы қабағынан естілгендей талып жетті.
Бойжеткен құс қанатындай лыпып қуанып кетті. Өпектеп, отқа түсер көбелектей желпілдеп жастығын көтерді, үстел үстінен қыш көзедегі шипалы суды лып алып ерніне тосып: «Бір жұтыңыз!» — деді. Самай шашы сусып бұл көкеңнің мойын тамырын қытықтады. Түлкінің баласындай мүләйім. Француз жұпарына елтіп, құлағы шыңылдады.
— Ертегі айтып әуре болма. Өзіңе деген қызулы от бықсып өшіп қоламтасы қалды. Нешеме көңілімді қалдырдың... қаншама сарсаңға салдың. Поссе, Гербсман, декан өзіңе!..
Деді— дағы сұлқ түсіп жатып қалды. Әрі бұрылған жанарының жиегін тамшы жас жүлгелеп ақты. Бойжеткен бұлай болар деп ойламаған еді. Қой аузынан шөп алмайтын момын, қозыдай жуас, сәбидей бейкүнә, өмірінде өзінен басқа ұрғашыны құшағына алып көрмеген көркем бозбала қандай ертегі айтсам— дағы сенер... айтқаныма көнер... айдауыма жүрер... Тым жырақтан қайырып шығыстың шәрбат шарабы, пісіп жетілген мөлдір жүзімі, талмап таңдайыңа бассаң — шөліңді қандырар шырын інжірін айтсам — аузын ашып, көзін жұмып дүниені ұмытар деп үміттенген еді. Шаруаңды айтсаң — арғы көмекейі бүлкілдеп ләззат ойынын ойнайық деп шыға келетін қалталы қырқылжың қырт декан секілді емес, от құшақ табылмаған тұста қажеті болар деп запасқа ұстаған бозбаласы, мондыбасы... қарай гөр өзін! аяқ астынан мөңкіп асау мінез шығарды, бұрынғының бәрі «Мың бір түннің» ертегісі, құр тұлыпқа мөңіреген жетім бұзауға ұқсаған мінезден арылдым... тиылдым... ертегі айтып әуре болма дейді— әй!
О, құданың құдіреті! Қараптан— қарап бойжеткеннің жаны құлазыды. Елі әлдеқашан көшіп кеткен қу тақыр жұртта қалған аш күзенше қыңсылады. Танауы қусырылып біразырақ өтірік сықсыңдады. Төсегінде талыстай болып көсіліп жатқан бозбаланың жүрегі жіби қоймады.
О ғып, бұ ғып ыңырси тіл қатып, бозбаланың о жер, бұ жеріне әккі ұрғашы сүйрік саусағын сүңгітіп қытығын келтіріп ойнап— күлгісі келді. Бозбаланың қанын оятсам деді, қатқан көн жібімеді, жермен— жексен қалпы мізбақпай жата берді. Біраздасын сұлу бикеш төсек жиегінен сусып түсіп, дәрі алып енген медбикені оқты көзімен ата қарап, шашылып қалған заттарын әр тұстан жинап— теріп, бөлмеден ытырыла жөнелді. Әйнек сыртынан көз байланып, ымырт үйірілді. Бөлмені оңаза жалғыздық кезді.
Сүйкімді қыз тілінен бал татқан Досболдың тұңғыш сүйіспендігі осылайша жыл ауыспай жылғаның жіңішке сызашығына ұқсап суалып, су отынның шала жанған ошағындай бықсып өшіп тынды. Ұзамай ұзынның сабалаған сүмелегі келіп жетті. Жеңіл киінген жұрт үйде, түзде бүрсеңдеп жүгірді. Досбол аяғын басып ауруханадан шықты. Аңыстаса — көп дүние өзгеріп үлгеріпті.
Құрбы— құрдастарының біразы оқу бітіріп, ел— елде, жер— жерде бір— бір қызметтің тұтқасын ұстап жұмысқа жегіліпті. Кенжелеп, дипломға қолы жетпей қалған өзі ғана. Деканат — университетті қызыл дипломмен бітіргелі ұмтылып жүрген алғыр студентінің — тіл— көз тиді ме, әлде ойда жоқ оқыс дерттен құлады ма, кім білген, сүлесоқтанып жүріп— жүріп ауруханадан бір— ақ шыққан Досболдың сыртынан «денсаулығына байланысты академиялық демалысқа босатылды» деп бұйрық шығарыпты. Бесінші курсты және бір жыл шегініп қайыра оқуға тура келді. Келесі бір жаңалық: бұрынғы Кеңестер одағы ыдырап, Қазақстан өз алдына тәуелсіздік алыпты. Екі иығын жұлып жеп, іштегі қазандай қайнаған қыжылын қайда шығарарын білмей аласұрған жастар қалпағын аспанға атып ереуілдеп көшеге жөнкіліпті. Өз қолымыз өзімізге жетті, бодандық бұғаудан құтылдық, елге жаға болар партия құрамыз ба, әлде желпініп көшеге шығамыз ба — еріктіміз дейді. Елдегі шаруа қауымының есі шығып кеткен. Ұжымдық шаруашылықты ит тартқан терідей ғып бөлшектеп, бірі — автокөлікке, бірі — комбайнға, үшіншісі — кеңсеге, төртіншісі — кеңседегі кебеже қарын сынық үстелге иелік етіп, дүниені жекешелендіріп үйді— үйіне тасып мәз. Әйелі бір партия, еркегі бір партия — дүрдараз. Баяғы колхозды, кеңшарды қолымен құрған қарт балшабектер қызыл билетін сандығының терең түбіне салып, үкікөзденіп, көшеге шығудан қалып, бас шайқасып үнсіз мөлиіседі. Жұрттың аңысын аңдып, қалыбын қадағалап әрі— сәрі кептен ойы онға бөлінген бұл көкең қарадай философқа айналды. Бұрын қолға түсе бермейтін, бұл күнде мыңдап, миллиондап басылып шығып жатқан Ключевскийді, Соловьевті, Бердияевті, Шопенгауэрді оқып — астына сексеуіл өртеп қайнатқан қазандай қым— қуыт қызықмас ызығуыт тіршіліктің ойша тиянағын іздеді.
Досболдың мінезі — сырт көзге жуас, қой аузынан шөп алмайтын, аузынан сөзі, иінінен бөзі түсіп тұрған момақан көрінгенімен; жан сарайын ашып қарасаң — кеңістігі байтақ, қатпар қыры жетіп жатқан бір әлем. Ойға алған ісінің ұштығына жетпей тынбайтын табанды, тас үгетін ұста диірменіндей төзім шеңбері әрі кең, әрі мықты. Табандылығы бір басына жетіп артылады. Беттегенін я қауып тынады, я алып тынады. Ұстараның жүзіндей болмыс иесі. Жасынан тіршіліктің бетін қалқымай, тереңіне бойлап інжу іздеуге дағдыланған. Әкесінің біртоға, морт мінезі жүрегіне шөгіп, анасының аңқылдаған ақжарқын, меймілдеген бауырмал, шуағы мол мінезі әрдайым жүзіне қалқып шығатын — екіұдай кепте. Бала жастан құйма құлақ. Бала жасынан кітапқа көп қадалып, өз қиялымен өзі сырласып өскесін бе — кейінгі студент аудиториясында, ауыл шаруашылығына көмекке барғанда еш топқа қосылмай, өзге жұртты сілкіп оятқан саясаттан бойын аулақ ұстап, өз ойын өзі бағып тіршілік кешті. Алғашқы махаббаттан жолы болмады. Басы тасқа тиіп, меселі қайтты. Тауы шағыла жаздап тығырықтан шықты.
Көпшілік кітапханасына соғуды сиретті. Соға қалған күнде — сирек кітаптар бөліміне жазбаша тапсырыс береді де шығады. Оқу залына өтпейді. Сирек кітапты алған бойда портфеліне салып алып нақа әлдене ұрлап бара жатқан кісідей, қуыстана қалбақтап, тез— тез басып трамвайға отырады, жатақханаға келіп, аядай бөлмесін іштен жауып, күн ұзаққа қағаздан бас алмайды. Көп ұзамай таныс— білістері «шұқыншақ» деп жанама есім жапсырды. Әйел затын көрсе тұсынан жылдам басып өте шығады. Жүрегі көтерілгендей боп көз алды тұманданады.
Жас адам «уақыт жетпейді» деп жылаушы еді, бұл көкең біраздасын «уақытым өтпейді» деп өкініш білдіріп, лекциядан қолы қалт етіп босай қалғанда сытылып шығып— қосымша нәпақа айыратын жұмыс іздеді. Газет— журналдың редакциясын кезді. Айдың соңында басылымы ас та төк жастар газетінің Бас редакторы қабағын жылытып: «Есігімізден маза болмай кетті тегі, хатқа жауап жазатын кіші редактор етіп алайын», — деді. О, құданың құдіреті! Бұл күнде адамның бәрі жазушы болып кеткен секілді. Шығыстағы абақтыдан тақауда босанып шыққан бозбала: «Абақты азабы» деген төрт томдық роман аяқтадым, жазға салым бесінші томды жіберемін, басқы жағын жариялап үлгеріңіздер», — деп жазады; таяқ тастам жердегі ауылдан арқасы ұстаған дүлей ақын күнара өлең жолдайды, «Әгәрәки, сырғытып шығарып салмаға еш көнбеймін, кемшілігін жазған хаттарыңа селт етпеймін... өлеңді жолдай берем... сотқа жүгінем!..» деп суық сөзбен зәрені алады. Бұл көкең моншақтаған самай терін саусағымен сыпырып жақауратып жауап жазған болады. Қулығына құрық бойламайтын алақол, зәлім ақын ылғи төбесіне төніп: «Ә, сені ме!» — деп қалшылдап, дірілдеп түсіне енеді. Зәре— құты қусырылады. Сүмек боп терлеп ұйқысы шайдай ашылады.
Кітапқа көп қадалатыны, зеректігі, құйма құлақтығы сеп болды ма, университетті қызыл дипломмен бітіріп шықты. Ой, пәлі— ай!.. кім бітірмей жатыр!.. кім қызыл, көкшіл дипломға ие болмай келеді!.. Бұл күнде тастаған таяқ алақандай дипломды журналистің, заңгердің, экономистің басына тиеді. Түбінде әлгі мамандықтың кісіге қонар қайырын айт. Есінде қалғаны: шетел әдебиетінің білгір маманы, еврей кемпір Поссе шілденің шырпы шаққандай жанып кеткен ыстығында брезент шинелін иығынан шешпей келіп: «Досбол, құйма құлақ шәкіртім едің, Борис Пастернактың аудармасымен шыққан Гетенің «Фауст» трагедиясының күміс тысты кітабын сыйлаймын, — деп кемсеңдеп көзіне жас іріккені, сөзінің соңында, беу, жарықтық— ай десеңші; — Мына өмірде сайтан адамдар қиқымдай көбейіп кетті, сайтанға ақ— адал бейнетіңді сатсаң— дағы жаныңды сатпа!»— дегені Поссе кемпірдің.
Қабағы қалың, шуақты күннің өзінде түнеріп жүретін антика әдебиетінің білгірі профессор Гербсман әдейілеп бұрылып келіп: «Құттықтаймын! Әртүрлі жағдайда әртүрлі себеппен кейіген шығармын... ренжіткен болармын... өмір деген балқурай салған шайды ішіп өту емес, шырағым, Ұлы Мастерлер тіршіліктің ұңғыл— шұңғылын түгел қамтып ақылды сөз қалдырған... біздің айтып жүргеніміз сол Ұлы Мастерлерді сөзбе— сөз қайталау ғана... шындап шұғылдансаң сенен бірдеңе шығады», — дегені ұстазы Гербсманның.
Айтса— айтқандай ғой!
Өмір деген шұбатылған ұзын арқау, кең тұсау емес, бір пұшпағынан тартсаң келесі пұшпағы шолтаң етіп үзілетін, ендігіде алты айшылық алыс жолдай тым ұзақ көрінгенімен — бергі беті тіршіліктің теперішіне... текірек жортысына... алыс— жұлысына төтеп беруге құрылған қамшының сабындай ғана әурешілік. Кеше таудан құлаған өзендей екпіні қатты, сүйіп те, күйіп те үлгеретін бозбала еді... бүгін міне республикалық белді газеттің бөлім меңгерушісі міндетінде... сия сарқып, қағаз шұқып күнделікті нәпақасын айырып жүргені. Бұл көкеңнің көп ұзамай жұқалтаң тұңғыш кітабы жарық көрді. Қуанғаны сонша — кітапқа қатысы бар— ау деген редакторды, корректорды, суретшіні, дизайнарді, терімшіні, түптеушіні, баспахана басшысын түгел тізіп шақырып екі күн жуды. Үшінші күні қаламақысы таусылып жолдасынан қарыз алып тағы жуды. Түнемесі бауыры сыздап көз алды көлкілдеп ісіп ауырып шықты. Апта соңында сүлеленіп аяғына ілесіп қызметке келді. Кебеже қарын нән үстелге еңсесін салып жіберіп ой ішінен ой теріп отырған еді. Желкесіне үңіліп келіп көлеңкесі дірілдеп Поссе кемпір мен Гербсман профессордың рухы құлағына төніп сыбыр— күбір ететіндей.
«Сайтанға бейнетіңді сатсаң да, жаныңды сатпа, көкешім».
«Шындап шұғылдансаң сенен бірдеңе шығады».
Беу, жарықтық, ұстаздарым! Топырағың торқа болғыр Поссе кемпір наурыз айының басында үш күн ауырып көз жұмды... Жерлеу комиссиясына мүше болып жүгірген жігіт айтып келіпті. Шетел әдебиетінің білгірі, ағылшынша, орысша ағып тұрған доцент Поссе аядай ғана бір бөлмелі пәтерде тұрады екен. Есікті ашып, табалдырықтан аттап кіріп барғанда — көзге ілінер тұлдыр таппағаны, оң қанатта атам заманғы темір керует... үсті толы үйілген газет... жастық орнына бас жағында кітап пен журнал... Жарықтық оқыған журналын басына жастап, күнбе— күнгі газетті астына төсеп, жалақысын күнделікті суішкілігіне жұмсап... жан бағып жү