Әдебиет
Дүкенбай Досжан
Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.
Ажалмен беттесу
1
Дарияның қиян қолтығына қоныс тепкен шағын ауылдың қарапайым бір диқаны дүние салған. Мұндайда ағайын іші алтын бесік: бірінің жыртығына бірі жамау болып, біріне түскен ауыртпалықты бәрі боп бөле-жара көтерісіп кетеді. Былайғы уақыттағы аузы қисық, көзі қысық пендешілікті ұмытып, бір атаның баласындай татулық танытатын әдеті. Ортақ шаруаға әсіребейіл Айса шал — жұрт аузындағы «момын Айсекең» мұндайда шыдап отыра алмайды, бүгін де белін буып, білек сыбанып азалы үйдің отымен кіріп, күлімен шығып, шәт-шәлекейі шығып жүрген. Неге екені белгісіз, сол күні қабір қазуға ешкім жұлқынып ниет білдіре қоймағаны.
Бұл шаруаға да құлшынып Айса шал шыққан. Қасына баласындай бауыр басып кеткен осы ауылдың жас диқаны Тойболдыны ілестірді. Қабір қазу қазаққа таңсық емес, оның үстіне Сыр топырағы өлпең, бос, қар ойғанмен бірдей. Әйтсе де бұл маңайда оқпан, ін жиі ұшырайды, аруақ жататын таза, сағардам жер табу қалың тоғайдан жоқ іздегенмен бара-бар. Топырақ сырын танитын кәнігі көз қажет.
Ауыл қорымы түстік беттегі Мейрамтөбенің етегінде. Көктемгі жауын қалың болып беткейге өлең, жантақ, тікенек, сора бұратылып шығыпты. Ыңғайлы орын іздеп төбенің күншығыс бүйіріне ауған, мұнда да ашық жер аз қалыпты. Кеңесіп келіп шеткі төмпешіктің түбін қолайлы көрген.
Әуелгі шаңырақ аумағындай алаңқайды лезде бұрқыратып шөп-шаламнан, құрт кесектен арылтып шықты. Сосын кетпенді Тойболдыға ұсынып: «Тереңдетіп тарта бер», — деді. Өзі шетке шығып насыбай шақшасын суырды. Жаңа байқады, шұқынып жүріп ауылдан тым жырақтап кетіпті, күн шақшиып шекеге шығыпты. Бұлар белі ойылған апанға кезек-кезек түсіп демнің арасында кісі бойына дейін тереңдетті. Сосын құбыланы бетке алып лақат қуысын үңгіді. Лақаттан әрі қабірдің кісі жататын ішкі мекені — ақым. Ақымды бір тізерлеп шөкелеп отырып, не жантайып жатып қазады. Жас емес пе, оны да Тойболдының өзі кеулеп шықты. Әбден болды-ау дегенде Айсекең қабірге түсіп, жатып-тұрып өз бойына өлшеп байқады.
— Марқұмның тұрқы менен ұзын емес шығар?!
— Сізден қысқа.
— Ендеше осы да жарап қалар. Қолыңды бер.
Айсекең қабірден шыға сала-ақ алақанын күнге төсеп көкке қараған, бесін уағы болып қалыпты. Үстінің шаңын қағып, көнетоз тік жаға бешпентін жүре иығына іліп, ауылға аяңдаған. Кетпенді еңкейіп ала берген Тойболдыға «қажеті жоқ» деді. «Топырақ салуға керек болады, жата берсін осында». Бекер асығыпты, ауылға келсе жаназа шығаратын молда әлі жоқ. Бұл елдің қашанғы салты — жаназаны кітап аша білетін молдаға шығартады, құдайшылығынан емес, сүйекке сіңген әдеттен. Шал-шауқан гүжілдеген самаурынды алдарына қаңтарып шұқшиысып қалыпты. «Молдекеңе жіберген көлік жолда бұзылып қалды ма екен?» — дейді. «Өлікке өкпе жүрмеуші еді ғой», — дейді. «Әлдеқашан жететін уағы болды», — дейді әйтеуір. Бірер баланы қоржын тамның төбесіне шығарып жол қаратып қойыпты. Күні бойы бейнет кешіп, шаңға батып келген бұл екеуін көзге ілер емес. Мейлі де. Еңбегін ешкімге сатып, бұлдап көрген жан емес, ертерек аруақтың жамбасын жерге тигізіп сауабын алады.
Түс ауа екі танауы желпілдеп қарауыл бала жетті. Табалдырықты басып тұрып: «шаң көрінді» дейді. Айтқандай-ақ бозала шаңын шұбалтып діндар шалға жіберген машина жетті. Кабинадан шапанының етегі жер сызып молда түскен, жұрт жапа-тармағай ұмтылып қолын алып, аман-есендік сұрасып жапырылып қалды. Шындығында, орта жолда машина бұзылып, жолаушыны шаң тұтыпты, күн жепті. Молда жуынып-шайынып дәрет алам дегенше жаназаның уағы өтіп кетті. Амал жоқ. Өлік тағы бір күн кідіретін болды.
Сыйлы кәрия төрге озып шұбат жұтты, жанарының оты жанды. Сосын барып шуылдаған самаурын түбінде құранын ашты. Әлдебір бетті саусағының ұшымен ұзақ тінтіді, әлдебір сүрені сұңғыла құбылтып оқыды. Құрдымға батып тал қармаған адамдай қара терге малшынды. Сосын сыбырлап қана: «Үйін қазып қойдыңдар ма?» — деп сұрады. «Иә, мана-ақ әзір болған, тақсыр». «Бекер асыққансыңдар, әттеген-ай, бекер болыпты», — дейді. Алдындағы бауырсақтың бірін алды да айналдырып қарап-қарап дастархан ортасына шиырып жіберді. Былайғы жұртта тіл жоқ.
— Енді қабірді түнемесіне бос қоймай біреулерің барып ішіне түнеп шығасыңдар.
Жұрт молданың мына сөзінен тіксініп қалды.
— Тақсыр-ау, сыңсыған қорым ішіндегі бос қабірге жүрегі дауалап кім түнесін?!
— Түнемесіне бос қойсақ, жын-шайтан кіріп ластап тастайды.
— Қабірдің аузын жауып қойсақ қайтеді, тақсыр? — дейді дүние салған кісінің ет бауыр жақыны.
— Өй, миғұла неме, екінің бірі: я, біреуің барып қабірге түнеп шығасың, я, ертеңгісін жаңадан көр қазасың!
Ешкім тырс етіп үндейтін емес. Молданың ыңғуырдай ішті кеулеп кететін жанарынан ығып жүзіне тіктеп қарамайды. Және өліараның өткен уағы, түн ортасы ауғанша ай тумайды, түн қараңғы болады.
— Қабірге түнейтін қайсың барсың, қане?
Айсекең тағы шыдап отыра алмады. Қолындағы кесесін төңкеріп, иығына шапанын жамылды.
— Бәрекелді! Ұстаны тамаққа тойғызыңдар, — деді молда. — Жылы киінсін. Іш дәрет алсын.
Айсекең жер ортасына келіп, жүрек алқынтса да тым діндар емес-ті. Ораза тұтып, намаз оқымайтын. Әйтсе де ауылдың сыйлы кәрияларына қарсы сөз айтып, олардың сенімін аттап, алдынан кесіп өтпейтін. Бұл дүниеде адал жүріп, ақ сөйлеп өтсем: кісі ақысын жемесем, ғайбат сөйлемесем — сол да үлкен сауап дейтін. Көкірегі ояу, көзі ашық жан болатын. Көрге түнеп қайтуға ешкім шықпаған соң бекіген. Ағайындық парызымды өтейін деген. Оның үстіне келер күні қайыра қабір қазудың тауқыметін еске алған. Мана Тойболды екеуінің түске дейін тыртаңдап алақан ойып, тер төккен бейнетін зая жібергісі келмеді. Әсіресе, осы елдің үстіне шолжаңдап үйренген, қарапайым жұртты не болса сонымен үркітіп пысын басып жүргенді ұнататын молдадан безер. Қарсы келіп дау айтайын десе жасы үлкен шалдардан қысылады, мойнын ішіне тығып жүре беруге шіркіннің зілзалалы өтіп барады. Бос қабірге түнесе де осы жолы молда сөзінің бостекі екенін дәлелдеп қайтпақшы. «Иә... иә... молданың «жылы киінсін» дегені түсінікті, «іш дәреті» де дұрыс. «Тамаққа тойғызыңдар» деуінің мәнісі қалай? Ел аман, жұрт тыныш мамыражай тоқшылық заманда аш жүр дей ме екен? Әлде жын-шайтанмен күш сынасып күресе ме?» Көңіліне дір етіп күдік енгені.
Бекер болды. Түн жамылып қабір күзетуге бара жатқанда күдіктенбеуге тиіс еді.
Асқа зауқы шаппады. Ақыры бекінген екен, жұрт алдына жырылып шыққан екен: тезірек міндетінен құтылғысы келген. Ертерек ай туса, таң атса, сосын жаназа шықса, марқұмның жамбасы жерге тисе деп тілеген.
Мейрамтөбені бетке алып келе жатып пендешілік туралы ойлады. Желке тұстан шағын ауылдың кешкі қарбалас сарыны жетеді. Бейне, дарияның тасыған кезгі шуылы секілді. Артына қайрылған жоқ, нақа біреу асықтырып жүр-жүрлеп келе жатқандай. «Неге асығамын осы?» деп ойлаған. Сөзі ұзын молданың айла-шарғысын растай түсу үшін бе, әлде ел көзіне батыр болып көріну үшін бе? Өзімнің де бейнетім егіз жаратылған. Шаруаның қайдағы жел жағында жүремін, ылғи жұрттан бұрын желпілдеймін. Әлгі молда ғой жылы үйде жас етке сылқия тойып, дәмді мәслихатпен көңіл жырғайды, менің айдалада бұзаубас шырылын тыңдап таңды күтуім қалыпты.
Жалт бұрылып үйге барып тарса бүркеніп жатып алсам ба екен деп және бұзылды. Ертеңіне жұрт көзіне қалай қараймын деп тағы қысылды.
Жіңішке сүрлеу жиегі сытырлап, қол созымдағы май қоға ызыңдай ырғалады. Қырғауыл балапаны қанаттана қоймаған өліараның жаңа ауған кезі. Бұта баспалап қашатын сол балапандар. Әлденеге оқыс сүрініп етпеттеп барып түрегелді. Жерге тіреген алақанына шөңге қадалды. Митың аяңмен Мейрамтөбенің қабағына тырмысқан.
Баурайдағы қорымға да жетті. Маңай көзге түртсе көргісіз қараңғы. Алыс жұлдыздардың жіңішке сәулесі ғана жерге себелеп жетеді. Қалың қорым қорылдап ұйықтап кеткен мың сан құбыжық дерсің, баспалап бұғынып аңдып жатқан әзәзіл дию дерсің. Кібіртіктеп жүріп манағы жаңа қазған көрді әзер тапты. Маңайы көпсіп жатыр. Ернеуіне тізерлеп үңгірдің ішіне үңілген, я кейін тайқып кетерін, я итініп ордың ішіне түсерін білмей май топыраққа бөксесін тығып шоңқиып отырып қалды. Сыз иісі мүңкиді.
Шошайып тұрған кетпенін көрді. Сабынан сипады, кетпен де болса көңілге медеу көрінді. Көктегі шүпірлеген сансыз жұлдыз тарының бас алған сабағы секілді. Сол тарыны әлдекім күміс қолорақпен жусатып орып жүргендей. Әрәдік әлгі сабақтан алтын дән төгіліп-төгіліп түсетіндей.
Әлгі азалы үйде молданың айтқан әңгімесі еріксіз есіне оралды. «Баяғыда дарияның арғы бетінде Қараша аулында дәл осындай оқиға болған», — дейді. «Жарықтық ақ ишанның көзі тірі кезі. Қабір қазылып қойған, әлдеқандай себеппен жаназа шықпай қалды: я алыстағы жете алмай жатқан жекжатына қараттық, я құран шығаратын ақ ишан келмей қалды — екінің бірі. Сонда да осы сөзімді айттым. Балалар, түнімен біреуің барып бос қабірді күзетіп шығыңдар деймін. Ешкім сөзімді құлағына қыстырар болмады. Біреу тыңдасыншы қанекей. Тағы айтамын, осылай да осылай. Кітап сөзіне шүбә келтіріп күпір болмаңдар деймін. Ақыры араққа тойып алған бір дәндәку шықты. Әкеңнің дейді, мен барайын, көрейін, түнейін, жын-шайтанның жынын қағып алайын дейді. Іш дәрет алу қайда, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Ақыры кетпенін арқалап көрге түнеуге кетті. Түн ортасы ауған уағы ғой деймін, мола жақтан тарғыл-тарғыл өкірген дауыс шығады. Беті жаман. Хал білуге бәрі жүрексінеді. Сабыр сақтайық деймін, таң атар, не болса да жарықта көреміз. Ақыры шағын ауылдың үрпиіп таңы атты, біз де бардық. Не болды дейсіздер ғой? Түндегі көз алдымыздан кеткен атпал азаматтың басын кетпеннің ұңғысынан өткізіп қойыпты, бейшара жантәсілім етіп кетіпті. Кетпеннің сырылған сабы анадай жерде жатыр».
«Төрт саусақ әзер сыятын ұңғыдан аптал азаматтың басы қалай өткен?» деп молдадан ешкім сұрамады. «Оу, молдеке, ол жігітті опат еткен нендей пәле?» деп және біреуі жақ ашпады.
Қабірдің ішіне түсуге дәт қылып итініп көріп еді, үңірейген іші тым салқын, тым үрейлі сезілді. Оның үстіне сәл сыздан белі ұстап қалатын. Тұла бойын әлдебір жайсыз сезім тітіретіп өтті. Шоңқиып кідіріп қалды. Құяңы сірестіріп ұстай бастағанын білді. Әлгіде шай үстінде молда айтқан және бір әңгіме санасына үйірілді.
«Ақтастың жолымен түнемесіне жалғыз-жарым жүрген кісіні торитын ібіліс бар», — деп нығыздаған. «Көзіммен көрдім. Былтыр Сәрсенбайдың қырқынан кеш тарқап, ерттеулі тұрған атыма мініп тарттым да кеттім. Ойым — үйге қонаға жетіп алу. Терістіктен соққан қара күздің ызғырығы өтіп барады. Ақтас әулиенің тұсына келгенімде күн батып, қас қарайды. Ат үстінде тепектеп келе жатып дәретім бұзылды, түсіп, жуынып-шайынып алатын суым қайда, амал жоқ құптан намазын қаза қылдым. Бекер қона кетпеген екем деп өкінейін, енді бұрылуға кеш, ат жүрісі митың аяңнан асар емес. Алыстан жылтыраған от көрінді, кәдімгі дала қосы, от жанында сыланған сұлу келіншек отыр. Тау кезіп, тас басып жүретін кен іздегіштерді талай ұшыратқам, солардың қосы, қостағы сұлу маржасы болар деймін. Аттан түсіп жылынып алуға дәт қыламын. Сұлу маржа қылмыңдап көзін қысады. Көңіліме күдік кірді, күбірлеп аят оқимын, сөйткенше болмай әлгі от пен маржа қашықтай түседі. Атқа қамшы басамын. Енді бірде көз жазып қаламын. Сөйтсем әлгі от ту сыртымда қалып қойыпты, ат басын солай бұрамын, құла-пәре құйғытамын. Таң атқанша қан сорпам шығып өлер халге жеттім. Таң атты, қараймын — әлі сол Сәрсенбайдың үйінің жанында жүрмін. О, тоба, деймін, сүйкімді пендеңді таң атқанша шапқылатып жол тосқан маржаларға жем қыла көрме деймін».
Түн ішінде айдалада лаулатып от жағып жүрген кім болды?» деп молдадан ешкім сұрамады. Адам ба, пері ме, шайтан ба — молда ол жағын ашып айтпады. «Кітап сөзіне күпірлік келтірмеңдер», — деп нақа біреу сенбей отырғандай қайта-қайта нығыздай берді.
Айсекең тәуекел деп итініп қабірдің ішіне түсті. Нам топыраққа жүрелеп отырды. Арғы жағындағы ақымға апаратын лақат аузы үңірейе қарауытады. Әуелі екі аяқты салып, сосын кеудені өткізіп саумалап түспесе бірден сыятын емес. Мұздай терге малшынды. Әлдекім құлағына кеп «Тәпсірден» аят оқып тұрғандай ма-ау, әлдекім мұның жаназасын шығарып жатқандай ма-ау. «Ияака набуду, ваяка настаин. Індинассирата-л мустақи-иим».
Ой шыжымын саумалап бойын бекітуге дәті жетпеді. Санасына қайдағы-жайдағы алапат оқиғалар оралды, кел қайт, кел қайт іш жидіткен алақұйын хал кешті. Қорқыныштан әлде тосын әсерден — көз алдына түсі суық өзге бір дүние елестеді. Бұл өзі құрдым шүңейт көр аузында ілініп тұр екен дейді: көр емес-ау — ақым аузы. Төменге көз салған еді, ақымның іші құжынаған құрт-құмырсқа; қары талып, қолы тайса-ақ солардың үстіне құлап түспекші. Арғы жағы белгілі. Құжынаған мың сан пәле денесіне жабыла кетеді, қаңқасын шығарып мүжиді сосын. Сап-салқын пышақ жүзі ме, әлде түнгі самал тілі ме — желкесін әлдене жалап өткендей сезілді. Ілеленген діңкесі одан сайын әлсіреді. Әлгідегі кетпенді ала түспеген екем деп өкінді.
Ертерек таң атса ғой деп тіледі. Қашанға дейін ақым аузында бүрісіп тырмысып отыра бермекші, қашанға дәті жетер? Бір қас төменге қарауға бекінген.
Құжынаған жәндіктер аласұрып шапқылап, секіріп, шоршып мұның салбыраған аяғына жабысуға қалыпты. Төбедегі жұлдыздар сөне бастапты. Екі қолынан жан кетіп әбден әлсіреді. Таң атып келе жатқанын төмендегі жәндіктер сезді білем, аяғы салбырап ауызға түскелі тұрған нәпақасына ұмтылып жанталассын, жосқындасын. Дыбысы соншама жат, соншама жиіркенішті. Жер бетінде пәлен жыл тіршілік кешіп жүріп дәл мұндай үрейлі үнді естімеген. Әлсін-әлі аяғына шапшып қайыра құлады, қайыра жыбырлап жоғары өрмеледі. Бір заматта алақаны зар қақсап ернеуден төмен салбырап сыпырылып түсіп бара жатыр екен дейді. Ышқына ыңырсыды. Ақым ішіне топ ете түскенін біледі.
Шілбиген, ілеленген көрмәдік жәндіктер тұла денесін жауып кетті. Әйтеуір өзіне солай сезілді. Осы мезет бір дем ары, бір дем бері жатқан мұның құлағына сырттан дабырлап сөйлескен дауыс келді. Ет жүрегі лүпілдей соқты. Әйтсе де жатқан орнынан қозғала алмады.
Санасына ап-айқын жетіп жатыр: «Айсекеңнің момындығын пайдаланып қабірге түнеткен молданың әкесінің аузын!..» — дейді Тойболдының даусы. «Қой, ә, үлкен кісіге тіліңді тигізбе. Айсаның өзі де тым тақуа, тым қиялшыл еді», — дейді жанындағысы. «Сол молданы сотқа бермей құтылмаймыз», — дейді Тойболдының даусы. «Ауыл әкіміне айтып сазайларыңды бермесем бе!» «Құрт-құмырсқа тірі кісіні осынша талапты, өлген аруақты бір тәулікке де жатқызбас», — дейді жанындағысы. «Мұның да сүйегін жинап, кебінге ораңдар, ақы-пұлсыз-ақ жаназасын шығарып беремін», — дейді молданың даусы. Шіркіннің кісіге деген мысқалдай аяушылығы болсайшы, үні жан алуға келген мәңкүр-нәңкүрден еш аумайды.
Келген жұрт таң ата қабір ішінен Айсекеңнің құр қаңқасын саудыратып жинап алды.
Қаңқасы емес-ау, құр сүлдесін. Сүзек дертінен тұрғандай сүлеленген рухы ғана қалған.
Жайдақ арбаға салып үйіне әкелді. Әйелі алдынан жоқтау айтып жылап шықты. Енді қайтсін?! Кеше кешкісін қол-аяғы келсаптай болып көз алдынан кеткен қосағы енді қураған қурайға бара-бар. Ақырын ыммен сусын сұрап сыздықтатып жұтады да жастығына қайыра қисаяды. Содан жанары бағжиып тілге келмей жатады да қояды. Көрші-қолаң Айсекеңді қатты мүсіркеп кезек күтісіп жүрді. Жоқ сөзге иланып ауылдың жақсы адамын қор қылдық, молдекең сол жаназадан соң бұл ауылға қарасын көрсетпей кетті, бәріне өзіміз кінәлі деседі.
Молданың үстінен арыз жазамын деп Тойболды біраз тоңқылдап еді, шалдар тыйып тастады. Қазақшылық атымызға кір келеді, ата-бабалырымыз кітап сөзіне шүбә келтірмей мың жасаған, біз де сол жолдан таймайық десті.
Айсекең күнде ертемен әйеліне сүйеніп есік алдындағы жайдақ сәкіге келіп отыратын. Сонда байқағаны, Сырдың жазғы таңы ағаш тегенедегі сапырылған қымыздан аумайды екен. Әуелде алыс көкжиектен көгілжім рең қалқиды, сосын ақшыл түске енеді, сап-сары сәуле себелейді, ақырында алаулаған жалқын нұрдың өзі көрінеді. Көкжиек ернеуіне шытырлап ақшыл көбік шапшиды. Жер үстін әдемі әтір, сұлу салтанат кезеді. Таңды ертемен қарсы алған кісі зерен толы бесті қымызды сіміргендей әсер алмақшы: шипалы нәр тамыр-тамырды қуалып тұла бойға күн сәулесін, жалбыз иісін, құстар әнін, іңкәрлікті, тәттілікті сіңіреді. Осындай бір рахат сезімнен кейін Айсекеңе тіл бітті. Сондағы айтқаны: «Болдым, тойдым... Ажалмен беттестім. Дүние тіршілігінің қақпағын ашып көрдім, бәріңнен артың қуыс, арғы-бергілерің көрініп тұрады екен!» — деген сөз болды.
Айсекең белгісіз дерттен құлантаза айығып кете алмай көп жүрді. Әл-дәрмені кеміп, күн санап күзгі жапырақтай сола берді. Болмаған соң ауданнан білгір дәрігер шақыртты. Жұрт оны «білгір» деп бекер айтпапты. Келген бойда «не іштің, не көрдің?» — деп ежіктемей, Айсекеңнің тамыры адырайған білегін ұстады, жанарына ұзақ үңілді. Тұла бойын тұтас мытып барлап шықты. «Бойыңызда бұзылған қан бар, оң шекеңізден аздап қан аламын», — деді. Онсыз да оңған шүберектей сүлесоқ кісіге қан алу қауіпті емес пе деп сұраған Тойболды. Бұл білгірде көлденең сөзге құлақ болмайтын көрінді. Айсекеңді жүрелетіп отырғызды да болат қандауырын оң шекеге шырт еткізіп шертіп сіңіріп жіберді. Қарақошқыл қан дір етті. Еңкейтіп біраз ағызды, сосын таза ақ дәкемен таңып тастады. Төсегіне қайыра жатқызып, күніге бір мезгіл қолдан сойылған қозының қалжасын жеп, жас сорпа іш деді.
Дәрігердің сосынғы емі — Айсекеңе күндіз ұйықтауға тыйым салған. Бұрын ғой көз шырымын күндіз алып, түнемесіне тынысы тарылып, шаршап, аласұрып шығатын. Айтқаны айны-қатесіз келді. Көп ұзамай шекесі сығып ауырмайтын болды. Түнемесіне көзіне кіреукелеп ұйқы үйіре бастады. Содан күн санап буынын бекітіп аяғына мініп кетті. Жонып жүрген қобыз шанағын қайыра қолына алған.
2
— Бүгін де үйге бас сұқпады бәтшағар, — деп өз-өзінен кейіс тынытып отыр енді.
Әйелі түсінеді. Күнде кешкілік құдайы көршісі Тойболды бұл үйге бас сұғып, хал біліп кететін. Бүгін жоқ, кеше де келмеген. Айсекең соны уайымдап отыр.
Айсекең аңқылдағын ақкөңіл Тойболдыны баласындай бауыр басып жақсы көріп кеткен. Бір күн көрмесе уайымдап дегбірі қалмайды. Екі сөзінің бірі — Тойболды жақсы бала, желкесіне жұмыс мініп алған, жолы ауыр жазғанның. Және Тойболды түсте үйіне келмепті, әлде су алатын бас арығы бұзылып шала бүлініп жүр ме екен. Тағы күріш-күріш деумен әбден сансырап мәңгүрт болып бітіпті. Бір басын екі ете алмай жүргені батады әсіресе, әй, ақыл қосып араға жүрмесе өздігінен үйлене қоюы екіталай. Осы ауылдың басшыларынан да барқадар кеткен: екі сөзінің бірі — жұмыс көп, жұмыс көп: сосын — жоспар, міндеттеме. Жоқ, ол бала бірдемеге ұшыраған. Осы уақытқа дейін егіс даласында балшыққа милап жүруі мүмкін емес.
Айсекең мана ертеңгісінен көңілі жарым боп Тойболдының үйіне үш мәрте барып, құлып салмай, шуда жіппен іле салған салқылдаған сыртқы есігін ұстап қайтқан. Күйбеңдеп әр нәрсеге айналған болады. Қолы іске жуыспай қойды. Кешкі асқа да тәбеті тартпады, жоқ, бұл тегінен-тегін емес.
— Барып біліп келші-әй, — деп есік жақта кесе-шәйнекті жуып жатқан әйеліне шақшиды.
— Жүрген шығар Күрмекбайдың старшынымен жынды су ішіп. Соқтауылдай жігітті жау алушы ма еді?..
Айсекең өз-өзінен тіксініп қалды. Сонда қалай? Кешегі қанды көйлек досы Ерәліден қалған жалғыз тұяқ, жалқы тұқым тыныш заман, жақсы уақытта қараптан-қарап жүріп пияныста болып кетпекші ме? Ерәлі досы 1943 жылы Курск даласында окопта жатып көз жұмарда: «Жалғызым саған аманат - демеп пе еді. — Көзіңнен таса қылма, Тойболдыға пана бол», — дегені қайда?! Сол қара шаңырақ жас нәресте даусын естімей-ақ құлазып қалмақшы ма сонда? Әб, бәсе... кейінгі уақытта тым тұқырайып жерге қарап жүргенінен шошып ем. Әнебір Күрмекбайдың старшынымен түнделетіп көше кезгенінен секем алғам. Еңбегі жанса талабы жанып бір басын екі ете алмай жүрген.
Қой, қатынмен шақылдасып жатқанша өзім барып біліп қайтайын деп итініп тұра бергені сол еді. Есік ашылып Күрмекбайдың старшыны кіріп келді. Ішіп алған білем, көзі алаңдап, қызыл кенерелі шәпкесі шекесіне қисайып кетіпті. Сәлем жоқ, сауқат жоқ: «Айсеке, — дейді екі танауы делдиіп, — Тойболды үйіне қыз әкеп түсірді! Тойға қамданыңыз! Әкесінің көрін... старшинаның кәлләсы істейді!» Жеті қыр асып, шөл басып жеткен жолаушыдай шелекті басына төндіріп қылқ-қылқ су жұтты, көні кеуіп қалыпты тегі. Айсекең ғой аң-таң. Тойболды өздігінен қызға танысып үйіне кіргізе қояды дегенге еш уақытта сенбес еді. Сенбегені не, күнде көріп жүр ғой. Я, екі сөздің басын құрап қызға сөз айту жоқ, я, әйел баласының жүзіне тіктеп қарау жоқ; талай зығырданын қайнатқан. Әй, сенбейді. Мына дәндәку старшын қалжыңдап тұр деген.
Осы жігіт әнебір жылы әскерге алынған. Бұлар шығарып салып тұрып командирге Күрмекбайдың жалғызы еді, отқа, суға түсіп кетпесін деп қатты табыстаған. Әні-міні дегенше зымырап екі жыл өтті. Өзге жастар Отан алдындағы мерзімді міндетін өтеп туған жерге қайтып келді, бұл жоқ. Ошақ бағып қалған қарт әкесіне бір айдан соң: «көзім ашылды, старшина болдым, әскери басшы болуды армандаймын, бөлімшеде қалып қойдым, қалған өмірімді әскери қызметке арнаймын», — деген хаты келді. Алда ғана пәдеріңе нәлет-ай! Өлмелі әкесі содан кеңседен кеңсе қоймады, аудан асты, облыс басшыларына барды, әскери бөлімшеге қағаз соңынан қағаз жөнелтті. Ақыры баласын босаттырып алған.
Қала көріп, жүріс ашқан бұл бәтшағар мына тұрған аудан орталығында апта жүріп ауылға әзер жеткен. Старшина шенін алғаны рас екен. Ел құлағы елу емес пе. «Несін айтасың, Күрмекбайдың баласы әкесінің жертөле үйіне кіріп, екі қолы қалтасында, олай бір жүріп, былай бір жүріп қабырғаны керзі етігімен теуіп көріпті дейді. Сонда төбеден құм сау етіп құйылған дейді. Сонда әкесіне: «Как тут живете? Просто дикость!» деген екен... Осындай дейді-дейділер көбейіп кеткен. Артынша және: «Несін айтасың, Күрмекбайдың баласы әскерде жүріп қазақшаны таза ұмытып қалыпты», — деген сөз желді күнгі өрттей қаулады.
Айсекең қаңқу сөзді суқаны сүймейтін әдеті, соның біріне де иланбаған, мәнзүр қылмаған. Бірде жолай қолын алып насыбай атуға Күрмекеңнің үйіне бас сұққан, сонда көрген. Күрмекең: «Балам, насыбай тостақты әкеліп берші», — дейді. Ол басын кекжитіп: «Што!» дейді. Күрмекең: «Балам, кісіге көпшік таста», ол: «Што!» Самаурынға су толтыр — што; жаңғырықты әкеліп бер — што. «Бұл байғұс әскерде жүргенде қазақшаны ұмытып қалған», — деп Күрмекең бүкшеңдеп жүріп шәйді өзі қайнатты, көпшікті де өзі әперді. Што-што бұл кеткенше терезе алдындағы күншуақта серейіп жатты да қойды. Сонда ғой Айсекеңнің жыны қозып қолындағы дырау қамшымен сұлап жатқан «што-штоны» өріп-өріп алғысы келді, әкесінен ұялды. Ақыры ай өтпей жатып көкеңнің кеудесінің желі басылып, што-штосы таусылып, осы ауылда қарапайым тіршілік кешіп жүретін көптің біріне айналды да кетті. Әйтсе де «старшын» деген аты күні бүгінге дейін қыр соңынан қалмай жүр ғой.
Енді мына сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей айран-асыр отыр. Қарттың екіұдай алакүлік халін сезді білем, текемет жиегіне тасыр-тұсыр малдас құрып жіберіп өзеурей жөнелді.
«Облыстан осы ауылға күріш орағына көмектесуге бір топ студент қыздың келгенін білесіз бе — білесіз. Тұмса тайдай тайпаңдаған үш қарақат көздің Тойболдының танабына жәрдемге бөлінгенін көргенсіз бе — көргенсіз. Досымның отызға келгенше үйлене алмай жұмысбасты, қамшыкесті боп жүргені жаныма бататын. Тойболдыға біреуін ұста деймін, күрішті жау алмайды, таксиге отырғыз да ауданға тарт деймін: бақты аралат, ресторанға шақыр, аққайнарға шомылдыр, көкешім. Екі езуі екі құлағына жетіп ыржияды да қояды. Мен қыздарға қырында десем, ол күрішім судан қалды деп мөңірейді. Әй, деп қолды бір сілтеп, білек сыбанып өзім кірістім. Армиядан үйренген орысша, қаладан көрген би бар; аянып қалмадым, осы құрықтан қашпайды-ау деген бір сұлуын қалаға апарып әбден сыйладым, бақ та қалмады, асхана да таусылды, ақыры сілелетіп әкеп үйіне кіргіздім. Тойболды емес, қызды көндірген мына мен...»
Айсекең шыдамай кетті.
— Шырағым, ол қызды қайсың аласың сонда?
— Тойболдыға... сыз үйінде жақұт тасындай жәудір-е-е-п отыр!
Пәтуасыздан ештеме ұқпады. Болмас деп иығына шапанын жамылып, кебісті мәсісін киіп жігіт соңына ілесті. Көше тастай қараңғы. Бірде жанса бірде жанбайтын совхоз шамдары әр жерде әзер сықсияды. Жолдағы арыққа сүрініп, мас болып келе жатқан әлдекімге соқтығысып таныс қақпаға іліккен. Ағаш қақпа шалқасынан түсіп жатыр: көтеріп тұрғызып қойды. Есік алдында үш аяқты мотоцикл тұр. Жүрегі әлдене жаманшылық сезгендей езіле соққан. Ойлаған: бұл сойқандар біреудің бүлдіршіндей жас қызын еріксіз алып қашып келген деп және жас неме бөтен босағада үрейі ұшып үрпиіп отырған шығар деп. Есіктің тұтқасын ұстағанда аз-маз жүрексініп, денесінің әлсіз дірілін басып кібіртіктеп қалды. Кебісін босағаның сыртына тастарын, не тастамасын білмей және тосылған. Ақырында жүрегінің дүрсілін басып кебісін шешіп қаттырақ жөткірініп ішке енді. Бөлме іші самаладай жарық, ортады аяғы серейген стол, стол жанындағы пәкене орындықтың шетін ала үп еткен лептен ұшып кетердей болып ақ үрпек қыз отыр. «Тіфә-тіфә, тіл-көзден аулақ, әдемі бала екен». Кіріп келген Айсекеңді көріп орнынан лып етіп көтеріліп иіліп сәлем етті. «Көргенді бала екенсің, көп жаса, қарағым!» Аққұба жүзінде жатырқау да, үрей де жоқ, қайта ерсілеу қылымсыған құйтырқы күлкінің ізі сезілді. Қапелімде Айсекең сасып қалды, көңілі май ішкендей кілкілдеп, бар тапқаны босаға жақта өзінен именіп тұрған Тойболдыға кейіп берсін. «Ертерек айтпаймысың!.. Өстіп те үйге қыз әкеле ме?.. Жетім баланың тірлігіндей бұл не қылғаның енді?..» Айсекең болашақ келінінің жүзіне төрге шығып текемет жиегіне тізе бүккенде барып анықтап назар салған. Қазақтың баласы дейін десе — шашы, бұрымы алтындай жалқын сары; өзге ағайын дейін десе — көзінің үсті ерекше томпақ, бет пішімі, еріні қазаққа келеді және мұны көргеннен қазақ атаның рәсімін істеп сәлем мезіретін жасап елпектеп қалды. Селк ете түскені: «Ата, — дейді болашақ келіні. — Үйдің іші салқын екен, жамбасыңызға сыз өтеді, мында отырыңыз», — деп орындық ұсынып жатыр. Не десін бұған енді? Сасқанынан орнынан кирелеңдей тұрып, есік жаққа беттеген: «Балалар, — дейді даусы қатқылданып, — жас емессіңдер, ертең ел естиді, пәленшенің баласы келіншек түсіріпті дейді, ағайын басы құралады, ұялып қалып жүрмейік, бір-біріңді ұнатып сөз байласқан екенсіңдер, өмірлік серік болуға бел буыпсыңдар — құба-құп, енді барып ертеңгі тойға қам жасайын», — деп тарпыл-тұрпыл барып есікті ашқан. Есік жанындағы себет тордан екі көкмойын шөлмекті суырып жатқан Күрмекбайдың старшынын ала көзімен ата қараған: «Әй, сен бостан-босқа елді дүрліктіріп дарылдай берме, қолына құс қондырған сен емес Тойболды шығар, ащы судан әкең өлсе де бүгінше тыйыла тұр», — деді нығыздап. Өйтетін жөні бар. Мана әлгіде мұның: «Қызды Тойболдыға өзім айналдырдым» деген сөзі бүйіріне шаншудай қадалған. Мінекей, енді ақай жоқ, тұқай жоқ, жаңа түскен жас келіннің алдына арбаңдап барып арақ қойғалы жатыр, е қой дейтін кісі көрінбейді оған. Я, құдіреті күшті дүние, осы күнгінің жастары не болып барады деп қабырғасы қайысқан, өзегін ащы қапалық кернеген. Сол екі арада әлгі дәндеку келіп қолтығына жармасқаны: «Ата, жастарды сөгіп қайтесіз, жылы-жылы сөйлеп, күлдіріп жадыратып отырмасақ келініңіз қайыра қашып кетеді, не білгеніңіз бар!.. Малыңызды сойыңыз, аспазшыңызды шақырыңыз... қалған жағын қамдай берсеңізші», — деп есік алдына дейін шығарып салды.
Бұл күнгінің жастарын түсінуден қалып барам деп күбірлеп жүріп Айсекең үйіне жеткен. Өзін-өзі іштей кемірген оймен алақұйын арпалысып ертеңгі тойдың қамына кіріскен. Ең әуелі көше басында тұратын осы ауылға әйгілі бармағы бал аспаз жігітті шақыртты, бірер шал-шауқанды жиды, осылай да осылай, кешегі Ерәлінің жалғыз тұяғы отау тігіп, түтін түтетіп жатқанда қол қусырып қарап қалғанымыз жараспайды, бір атаның баласындай болып қимылдайық, жұмылайық деді. Үлкендердің батасын алайық, ағайын болып ел көзіне түсейік десті. Жақсы ырымның басы болсын деп Айсекең ең әуелі құрдастарының көзінше жоңышқаға деңгене қып байлап отырған нән бесті қойын сойды. Оразада шалдарды шақырып ауыз аштырамын деп сақтап жүрген барша билігін берді, ошақ басы көңірсіді. Көк барқын аспанның жұлдызы сирегенше Айсекең тырпыл-тырпыл аяғынан тынбады әйтеуір. Әлсін-әлсін ағайындық қарызға қауымдасып жұмылып жатқанымыз мынау, ошақтардың бықсығаны анау, әлгі тік аяқ жастардың ойында не бар осы деп іштей мазасызданған.
3
Диқаншының сыз үйін жайлап, домбыра шертіп, ішімдік ішіп мәз болған үшеудің ойы үш түрлі еді.
Ақ үрпек қыздың сыңғырлаған күлкісіне елтіп, ішімдік буынына түсіп мөлиіп отырған Тойболды ойлаған: мынадай сұлуды қолыма қондырған бақытты екенмін деп. Әй, өзімнің де аузымның салымы мол. Биыл қыдыр айналдырып жүр. Жылда қарттың басына шыққан селдір шаштай сирексіп шығатын күрішім биыл тас төбеден бітті, қырсығынан сақтаса тоқсанның үстінен ойып беруім мүмкін. Тоқсанның үстінен шықсаң мотоцикл әперем деген директор. Тоқсанның үстінен көрінсең аудандық газетке суретің шығады деген парторг. Осы жолда аянып қалар ештеме жоқ. Оның үстіне, әй, маған қыз бұйырмайды-ау, әй, қырыққа дейін үйлене қоюым екіталай-ау деп түңіліп жүргенде көктен түскендей періштенің өзі жолықты. Көрсін жұрт енді Тойболдының да шалымды жігіт екенін, «момын, момын» деп елдің ең соңынан аталушы еді; өзіміздің бала, өзіміздің бала деп бейнеттің ең ауырына салушы еді. Көр де тұр, бұл да ертеңнен бастап керзі етікті шешіп, ұлтаны қалың лақа бас бәтеңке киеді: өтектелмейтін, өңін бермейтін балоньи-резеңке көйлекті отқа өртеп, ақ шаңқан шыт көйлекке ауысады: мойнына томар галстук тағады. Жиналыс болса-ақ бұрынғыдай бұғынып отырмай балағын шұбалтып мінбеге өрмелейді, ауыл өкіметшілерімен иық теңестіріп тілдеседі, қалың нөпірдің шаңын жұтпай... алға... тек қана алға жұлқынып шығады. Келер көктемнен бастап саңғыратып стандартты жаңа үй салып, іргесі құзданған бұл үйді азық-түлік сақтайтын қоймаға айналдырады. Тек тілейтіні — ақ үрпек сұлу тұтымынан шығып кетпесе екен: жалғыз ғана осы ошақтың басынан әйел күлкісі сембесін деңіз. Иә, пірім!
— Шынайы махаббат үшін алып қоялық, — деп күйеу жолдас қырлы стақанды жоғары көтерді. Ақ үрпек қыз стол астынан әлдекім қол жүгіртіп қытықтап жатқандай сықылықтап кеп күлсін. Күлген кезде екі бетінің ұшына қызыл бояу ойнап, онысы өзіне соншама жарасады екен. Қарап отырып Тойболдының жанары жасаурады.
Ақ үрпек сұлу ойлаған: қой аузынан шөп алмайтын нағыз момынның өзі екен деп. Кездесіп жүргенімізге екі аптаның жүзі болды, ауыз тұшып, көңіл бірлейтін жалғыз ауыз сөз айта алған жоқ, бар болғаны ыржиып күле береді. Осы жігіт туралы жыр жырлап, күй шерткен де: өзінің басын даң қылып ойын сан саққа жүгірткен де — арада жүрген мына бір жолдасы. Мұның айтқанына сенер болса: «Тойболды осы совхоздың маңдай алды күрішшісі, әрі депутат, әрі ертеңгі жоғары награданың иесі». Ендеше аузы бүрмелі май қалтаның басы бері бұрылды деген сөз. Және ойлаған: «Құрбы қыздардың көбі бірсін-бірсін теңін тауып бастарына отау тігіп жатқанда желпілдеп жүріп құрқол қаламын ба?» деп. Және қаупайлаған: «Осынау қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жақсы заманда қарақан басын ілдалалдап зорға алып жүрген желбуаз жігітке тап боламын ба?» деп. Күйеу жолдас жігіттің айтқаны келсе: Тойболды — майлы кеміктің басы, салулы төсек, салқын үй, ызғыған жүйрік мәшине, жыл сайын Қара теңіз жағалауы, жыл сайын астананың саялы бағы, күнде аха-ху, күнде той! Тойболдының қолынан ұстаса — тілегіне жететін секілді. Ендеше құрбы қыздардан көш ілгері озғаны емей немене, ендеше жастайынан жеңгесі құлағына құйып, қанына сіңірген бақыт аулының қашық болмағаны.
— Жоғары наградаға Тойболды қашан ұсынылып еді? — деді ақ үрпек сұлу кенет ойын бөліп. Тойболдының өзінен сұрауға сәл-пәл қымсынған сыңайы еді.
Жағасы жайлауға кетіп көріктеніп қызынып отырған достар қапелімде кірпідей жиырыла қалды. Әсіресе, қыз сауалына қайран қалған Тойболды болды: «Айтып отырған жоғары наградасы несі? Ондай жақсы сөзді бірінші естуім». Дәнемені түсінбеген қалпы қысыр сөзді көңірсіте бастаған.
— Биыл әр гектардан тоқсан үш центнерден өнім аламын деген уәдем бар тұғын.
Неге екені беймәлім Күрмекбайдың старшыны киіп кетті.
— Жақында директор өз аузымен айтты, Тойболды маңдай алды диқанымыз деп.
— Бірақ наградаға ұсынады дегенді бірінші естуім, — деп Тойболды шынға көшті.
— Апырмай, өз құлағыммен естігем, сөзіңді біреу сөйлеп отырса аузың қышып бара ма тегі?..
— Қайдан білейін?..
— Әні білмейсің, мен білемін, мына құлағыммен естігем. Тойболдыдан лайық кісі жоқ деген сөзді.
— Қайдан білейін?!
— Қолыңдағы арақты ішіп, қолтығыңдағы бикешті құшуды біл, өңгесі мына біздің мойнымызда.
«Мына миғұла біткелі тұрған шаруаны бүлдіргелі тұр. Апырмай, қызға бір ауыз жылы сөз айтып көңіл бірлей алмайтыны бар, қарап жайына отырса, жұрттың аужайын аңдаса қайтеді бұл. Жалаңаш құйрығыммен шөңгеге отырған адамша жаным шығып қылпылдап отырғаным мынау, «гектарына тоқсан, тоқсан төрт центнер» деп айдалаға ауа жайылатыны қалай? Қыздың қытығын азайтып қолыңа қондырып алғанша дымың ішіңде болсын деп айтпап па едім. Кеудеңді керіп, батпансып бақ дегенім қайда, рас, екі күн бойы қалтама салып берген ақшаңды суша шаштым, сыртыңнан мақтадым, аудан астым. Мейрамтөбеде тырпыл-тырпыл көше шаңдатқан көптің бірі екеніңді жасырып қалдым, өтірік болса да озат дедім, депутат дедім, тасы өрге домалап тұр дедім.