22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Дүкенбай Досжан

Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.

Көз






Қазақ сахарасының бетіне түскен маңы іспетті көне қала — Созақ ирек сағымға оранып, бірде алыстап, бірде жақындап жуығарақта жеткізе қоймады. Қиыр даланың сары қаймағына ұқсап жүз қаралы бөкен алдымызды кесіп өтті. Көз жеткізісіз қиырды құйын ғана кезеді, өткен ғасырларда қоңыраулы керуен жолының бойында ірге бекіткен үлкен қала бұл күнде құм арасындағы үймекке айналған. Сол үймектің түстік бетінде тақырға шашылған асықтай шағын ауыл. Созақ — Созақ болып, базары құжынаған, дыбысы дабырайып тұрғанда маңайын сақинаша белдеулеген биік қорған, қорғанның төрт жағынан жолаушы енетін Кент қақпа, Бура қақпа, Құл қақпа, Дуана қақпа аталған есіктері құлаған, тұстағы үймектің көлемі зор. Шаһардың күнгей бетінде он екі ата бай ұлының шырақшысы — Қарабура сағанасы қарауытады.

Іздеп келе жатқан кісіміз — жүз жастағы көнекөз қария, 30 жылғы Созақ көтерілісіне қатынасқан Досмағамбет шал. Жолбасшымыз осы ауылдың басшысы Көштен. Қала іргесіне іліне бере машинамыз батпаққа милықтап жүре алмай қалды. Көштен кабинадан шығып, әлдекімді нәлеттеп, күйіп сөйлеп жүр. «Бұл иттерге бас арыққа су салмаңдар, жер астының бәрі кеуек, қала орнын одан әрмен жермен-жексен етеді деп қанша қақсадым, миына сөз қонбайды», — деп біраз бұрқылдады. «Жаяу жүріп-ақ жетеміз», — деп жігітті сабырға шақырамыз. «Мен білсем, — дейді Көштен ашуын баса алмай. — Мына жатқан көне қаланы қиратқан Қоқан бегі де, орыс зеңбірегі де, Кенесары сарбаздары да емес, қазақтың қырсыздығы. Көрмейсің, бас арыққа суды лақылдатып салып қойып мұрап ит қаңғып кеткенін!.. Жүріңіздер!.. Соңыма жаяу ілесіңіздер!..»

Көріп келеміз, көне қоныстың терістік іргесінде шағын ауыл, ауыл қабатында құмды жерді сойып ағып бір бұрым бұлақ жүлгелеп шығады екен. Әрі қарай үлкен өзеннің күйіп қалған арнасы. Тастақты сайдың ернеуінде сыртын әктеген шағын үй шалынды. Есігінің алдында, я дөңбекке, я түбіртекке келетін әлдене қарауытады. Ауыл басшысы сүмек терін сүртіп, әлгі түбіртектің жанында жүр, қолын сермеп таныстырып жатыр.

— Көтеріліске араласқан кісі, міне, таныс, сәлемдес, — дейді.

Есік алдында, сәкі бұрышында жатқан түбіртек деп тұрғаным кісі екен, қыбырлап жан бітті. Сәлемдесіп қолымды ұсындым.

— Бұл кісіні шыжыған күннің астына қойғаны несі? — деп сұраймын.

Досмағамбет шал тақтай сәкіні хан тағынан кем көрмейтін секілді, шарта жүгініп, малдас құрып отырысы — томағасын сыпырған кәрі бүркітке келеді. Келіншек іштен көрпеше, жастық тасып, сәкінің үстін кісі отыратындай етіп қайыра жөндеді, астымызға жұмсақ төсеніш жайды. Шалдың жанына домалана құлағанымыз ерсі болды. Қаздиып отырған үлкен кісі тамағын кенеді.

— Қайдан жүрген баласыңдар?

— Мына кісі дәу өкімет, қаладан келеді. Созақ көтерілісі туралы жазып жүр екен, сізден сөз сұрамақшы.

— «Көтеріліс» деген жаңа сөз шығар, — деді кәрия, — біз намыс үшін атқа қонғанды нартәуекел дейтінбіз. Нартәуекелге қатысқан кісілердің бәрін қызыл жағалылар келіп шетінен атты, асты, жер аударды, тұқымын тұздай құртты емес пе. Мен атқа қонған емеспін, әйтсе де ханды көрген адаммын. Сол ханды қалай көргенімді айтайын, өзге сөзді білмеймін.

— Жөн-жөн, шалдың тілі шығайын деді, — деп Көштен кәдімгідей мәзденді. — Қайда жүрсің, келін, атаңның алдына балқаймақ, жент қой, жұғымды асты көрсе ашылып сөйлеп кететіні бар еді. Үлкеннің шабыты — тамақ, әкел әкелетініңді.

Теріскей елінің, Созақ үстінің көне құлақ шежіресі... есті кісі Досмағамбет әлгі бастырмалатқан сөзді жаратпай қалды, жанарын ашып-жұмып мүлгіді, пәске ұйықтап кеткен секілденді. Бір мезет басын көтеріп, қолын сілкіді. Келіні түсінді білем, жетіп келіп қолтығынан демеп көтеріп ала берді, шал қалт-құлт түрегелді, аттап сәкіден түсе бастады. Бұл дағы жетіп кеп келе қолтығынан демеді. Екеулеп үйге жетеледі. «Күн батса денемді суық қармайды деп үйге тығылатын әдеті», — дейді келіншек атасының жайын түсіндіріп. «Салқыннан өлердей қорқады...» «Қыста қайтіп күн көреді? — деп сұрадым шыдай алмай, — теріскейдің бет қаратпайтын көк сүңгілі қақаған аязын білемін...» «Үш қабат түйе жүн көрпеге оранып отырады, темір пеш сексеуіл шоғынан нарт қызарады, сонда да місе тұтпай, ылғи «отты өшірмеңдер, өртеп жағыңдар, сексеуіл салыңдар» деп қадағалап отырады...»

Міне қызық! Сонда бұл кісінің етінен өтіп, сүйегін қармап қалған қай ғасырдың суығы екен деп іштей таң қаламын баяғы. Жас келін жүгіріп жүріп пеш түбіндегі жертөсекті жайғады. Көрпесін қалыңдатты. Атасын сүйемелдеп тізе бүктіріп отырғызып жатты. Елгезек, кішіпейіл жанның қылығына, қимылына қарап тұрып риза боласың, бейне, үй ішінде аяқ-қолы жерге тимей ұшып жүргендей секілденеді. Шам жағылып бөлмеге жарық тарады. Шалдың іргесіне ақырын ғана тізе бүккем, әлденеден әлі де дәмелімін баяғы. Сыртта әлдекім оңбай құлаған секілді. Дүңк етті, күңгірлеген мазаң үн естілді. Есік ашылып манағы жолда ұшырасқан қызылшырайлы тақиялы жігіт енді. Соңынан ілесе енген манағы тілге пысық, өктемсіген ауыл кеңес төрағасы, қолтығында құс жастығы, келе төрдегі текемет үстіне домалай жөнелді. Шөбересін көрген шалдың шоқша сақалы дірілдеді, сұқ саусағын кеудеге тіреген мылтықтай етті. Үні аса суық естілді.

— Көне тамды неге бұзасың? — деді.

Қапелімде үй иесі жас жігіт сасып қалды.

— Арықты құлаған шыммен бекітіп келдім, көке, — деп бастыққа есеп беріп жатқан сыңайлы еді.

— Көне тамды бұзба дедім саған! Ол Сұлтанбек ханның көзі емес пе?! Көзін құртқаның — өзін құртқаның, бәтшағар!

Шалдың ашуы аузында екен, шөбересіне сол жерде әбден кейіп жекіп алды, айтпағаны жоқ, мына сөзді естіген Сұлтанбек ханның аруағы, әй, сүйегі сырқырап жер астында жата алмас.

— Жаман тамды бұзсам болды, өсітетін әдеті, — деп қызылшырайлы жігіт жыларман халге түсті. — Әлдеқашан құлап қалатын еді, ат байлайтын қалқима етіп қойған өзім. Ай, бейнетім егіз жаратылған, іргесіне асхана салып ала қояйын деп белтемірін екі күн бұздым, бір қабырғасын әзер құлаттым, алақаным ойылып күлдіреп қалды, дәрігерге көрінбесем болмас... болмас...

— Иттің ғана күшігі, көне тамды бұзба деп талай қақсадым емес пе! Айтқан тілді неге алмайсың?

— Қит етсең, өстіп жекіп ала жөнеледі, жоқ жерден ұрыс шығарады, кісі бар-ау, бұл бірдемені біледі-ау демейді... ал... ал... ашуы аузында, — деп қызылшырайлы жігіт отыра қалып жер тепкілегендей халге түседі. Терін тамшылатып отырып аяғындағы керзі етігін шешеді, «тамағым кеуіп барады» деп келіншегінің қолынан ашыған көже сұрап ішеді.

— Ендеше басым ауған жағына қаңғып кетем, — деп тағдырына налиды, жүрелеп отырысы намазға ұйыған молдаға келеді. Төр жақта жатқан ауыл иесі басын қақшаң еткізіп көтеріп алады, тамағын кенеп дауыстайды, үні жер астынан естілгендей тегі.

«Ау, қазақтың үйіне қонақ боп келдік пе, әлде Созақтың жындыханасына еніп кеттік пе? Бұл неғылғандарың? Бірің ойға, бірің қырға аңырап миымызды атала еттіңдер ғой. Қонақ күтіп көрмеген сарт шығарсыңдар өздерің! Шай бересіңдер ме, жоқ па, жарқыным!..»

Мына сөзді естіген тақиялы жігіт аяғын апыр-топыр жинап алып, түрегеліп сыртқа еңкеңдей жөнелді. Жөнеліп бара жатып: — «Қазір-қазір, — деп дауыстайды,— мана сіздер келеміз деп хабар жіберген соң үлкен ісегімді сойып, үйітіп бергем, қазанда былқып пісіп жатыр, сәл сабыр етіңіздер... пәске кідіріңіздер!.. Демала тұрыңыздар!..»

Артынша дастархан жайылып нан туралды, ызылдап сары самаурын келді, томпақ тоқаш төгілді, шикіл бауырсақ талмаған кезде ауызда үгітілді. Ыстық бауырсақты қай кезде пісіріп үлгергені белгісіз. Күндіз пісіріп, шүберекке орап, буын шығармай бұқтырып берген бауырсаққа ұқсайды. Сары май жағып ауызға тоғытып үлгере бер! Шалға үлкен кесеге шай құйып, ішіне сары май, қант салып, таба нан турап берді. Жүз жасаған көнекөз сұқ саусағын кесеге салып, жібіген нанды бір түйірлеп қармап, жағын бүлкілдетіп жей бастады, көзін ашып-жұмып отырысы ғажайып. Үйге енгелі бұл дүниеден ауысып, о дүниеге сапар шегіп, сол бір сиқырлы әлемнің ішін ойша кезіп, барлап, бағдарлап жүрген адамға ұқсайды.

— Өткен жылы арық бойындағы үлкен қара ағашты балталап құлатамын деп пәлеге қалдым, — дейді үй иесі шалды оңдырмай жамандап, — құлаған ағашты көріп, қайдан білейін, ойбайын салып, аруағын шақырыпты, ауылды басына көтеріпті, қайдан білейін, іс біттіге санап ауданға бөкеннің бір қап мүйізін өткізгелі жолға шығып кеткем... Сол ойбай аптаға созылыпты, бүкіл елдің ақсақал-көксақалы біздің үйге жиналыпты... қайдан білейін... бір ісегімді жайратып сойғызып, сол ағашты тіккен қайдағы бір қарасираққа құдайы бергізіпті, құран оқытыпты... Шаш етек шығынға қалдырыпты, сөйтіп... Мен байғұс қымбатшылығы удай мына заманда тапқанымды үйге тасып тесік өкпе болып жүргенім, бұл шал болса қайдағы жоқ аруақтарды қозғап, көрден сүйреп шығаратындай болып дүниемді шашып, малымды молдаға, құранға үлестіріп бітеді. Отырған жері шығын! Айтпаңыз енді! Әй, бүйте берсе жиған-тергенімнің бәрін үлестіріп түгесетін шығар.

Келіншегі келіп, тізесін бүгіп, бөтен көзге білдірмей санынан мытып алғанда барып үй иесі батырдың есі кірді, айтып отырған сөз желісінен жаңылды, шай ұсынған қолы дірілдеді.

— Басеке, айып етпессіздер, ұмытып кетіппін, қазіргі егемен елдің кәдесі ғой, ащы су ішесіздер ме, аздап... жайлап... талонға алып сақтап жүрген бірдеме бар...

— Сұрап бергенше, ұрып бермейсің бе! — деді Көштен көзін алартып. — Кәрі кісіге көрсетпей жең ұшынан құй құятыныңды.

Үй иесінің жаны кеудесінде емес, тілінің ұшында, саудыраған ақкөңіл жігіт көрінді, әңгіме арнасын кілт өзгертіп, кеңкілдей күліп, жең ұшынан кішкентай стақанды жағалатты. Көз ілеспес жылдамдықпен өзі де қағып салды. Осы елдің іргесіне аяқ іліктіргелі ішім бүріп ауырып, мазам кетіп жүрген, үй иесінің қолқасына Алла разы болсын айттым. Ыстық шай тұла бойымды қуалап шымырлатып тер шығарды. Тақиялы жігіт тақиясын лақтырып қабырғадағы шегеге ілді, сөзшең болып кетті. Біраздасын тілге келдім.

«Ақсақал осы елге әйгілі Созақ көтерілісінің тірі куәгері ғой, жадында сақтағаны болса — айтқызып көрсек қайтеді?..» — дедім шыдай алмай.

Қызылшырайлы жігіт алақанымен ұстарамен шашын қырғызған басын сипап-сипап аруақтанып кетті... «Куәгеріңіз не?.. Сұлтанбек ханның оң тізесін басып отыратын бас биі болған. Созақ көтерілісін бастаған, қолбасы болған Шанақ болыстың Сұлтанбек хан болып сайланған кезінде айтыпты ғой: «Абылай хан өзінің ең сенімді қолбасшысы, батырлары Бөгенбайға, Ниязға қарадан шықса да хан болсын деп «хандық хұқ» беріпті, мен қарадан шыққан Досмағамбетке, Салықбайға, Қозыға «ханның биі» деген хұқ беремін, шапан жауып, ат мінгіземін» депті жиылған ел көзінше. Сол Созақ көтерілісінің басшысы Сұлтанбектің оң тізесін басқан бас биі — осы көкем болады... Нанбасаңыз өзінен сұраңыз!..»

«Мына сөзге сенейін бе, сенбейін бе?.. Басымнан тас түскендей есеңгіреп отырып қаламын, көктен іздеп көп жыл бойы сенделгенім, сансырап келгенім жерден табылды. Созақ шаңының арасынан табылды... сенейін бе, сенбейін бе?..» деген сауалмен қапелімде ақсақалды сөзге тартып сөйлесін дегенім еді, шал-екең қаздиып отырып қойдың бір көзін ойып жеді. Осы мезет үлкен кісінің жанары шоқ боп жанып батуға бет алған күнге ұқсады, денемді ду еткізді. Қаздиған күйі тырс етіп үндемеді, іштей күбірлеп әлдене деді, бетін сипады. Біз де «әумие-ен-ен» деп алақан жайдық, үлкен кісінің батасын қабыл алдық, үйме табақ ақтамақ ас үнсіз желінді. Сорпа да үнсіз ішілер ме еді, үй иесі ойымды көзімен оқыды. Былай деді:

— Атам түн баласына, қараңғы түссе тілін тістегендей тіл-ауыздан қалады, әңгіме айтпайды, ертеңгісін күн ысыған кезде сәкісіне апарып қондырамыз... денесіне ыстық өткенде барып көмекейі бүлкілдеп тілге келеді... жан сарайын ашады...

Шынымен түн ортасы ауа төсек салынып, ел жатқанша үлкен кісі жақ ашпады, бейне, мәңгүрт болған адамша шөбересі келіп қолынан жетелеп сыртқа шығарса — үн-түнсіз қылия кетті, кәдуілгі тірі сурет дерсің. Ас соңынан ауыл иесі қою қымыранды ғана ішіп, қол шырағын жағып, жолға түсіп жаяулатып үйіне жөнелді. Қызылшырайлы жігіт екеуіміз сырттағы сәкіге қатар жайғастық.

Құс жолының жұлдыздары жүзіме төніп-төніп тақап келеді, миың жетпес кеңістіктің ықылым сырынан жіп сәулемен әр қилы хабар береді.

Ертеңгілік шай үстінде шалдың сандық түбіндегі құжат қағаздарын алғызып көз жеткіздім — жұрт төндіріп айтқандай жүзде емес, тоқсан төртке шығыпты. Он тоғызыншы ғасырдың аяғынан қалған қылыш сынығындай көне көз осы. Кісінің төбе шашы тік тұратын қиын кезеңді басынан өткізіп, ажалдың апан аузына талай мәрте түсіп-шығып жүріп қалайша ақылын жойып, алжаспағанына қайран қаламын. Текті кісі өстеді. Тектілігі сол, түн ішінде, я сусын сұрап, я аһылап-уһілеп мазаланбады, қарт кісілерде бола беретін өлімнен қорқу, пендешілік ой, ғайбат сөзден ада-күде. Ерте тұрып, келіні жылытып берген сумен ұзақ шайынды, ақырында аяғын жуғалы отырып құманды төңкеріп алды. Шөбересі: «Текеметтің үстін көлкітіп жіберді, қарамайсың», — деп әйеліне ұрысты.

«Аузы-басың жыбырлап келген кісіге ауыл кеңес төрағасын жамандайсың», — деп әйелі беттен алды.

«Кісімен кісі болып отырғаның, қол ұшын беру деген болмайды сенде, қарт кісіге қарағаннан — он баланы асыраған оңай...»

«Әй, әй, тіліңді тарта сөйле, қонақ кеткен соң умаждап аламын», — деп үй иесі қоқырайды. Сөз ушығып, жанжал туып кетер ме еді, сырттан әлдекім дауыстады. Үй иесі апыл-ғұпыл шайын ұрттап сыртқа сытылды.

«Ай, қауын екпедім, бәле ектім биыл, — деп күңіреніп сөйлеп барады, — ұры-қарының бәрі соның басында, қарауыл шалды көкнәр беріп ұйықтатып, бар піскенін көтеріп алып кеткен ғой». Зор уайыммен бүгіліп үй иесі — қызылшырайлы жігіт сол кеткеннен мол кетті. Күн ыси жас келін атасын сырттағы ағаш сәкінің үстіне жетеледі: сізге өтірік, маған шын — ашық ауаға, шақырайған күн астына шыққан шалдың семіп қалған денесіне жан бітті, сақалын сауып сілкілдеп тілге келді.

— «Емініп, білгің келіп отырғаны аллахудың аттанысы ма? — деп қайталап сұрап алды. — Күнгей елінде бұл аттанысты «Аққалпақ жосқыны» деп атайды, аққалпақ деп тұрғаны — жігіттердің алдына шығып, қол бастаған сыпайылар өзге жұрттан бөлек көріну үшін басына ақ киізден қалпақ киген. Кимей-ақ аттанып шаба берер ме едік, көтерілген елдің алдына шығып ақыл салған Сұлтанбек болды. Отыздың үстіне жаңа шыққан, ат жақты, қияқ мұртты, көз жанары шырадай жанған, сұлтан десе дегендей сұлу жігіт еді. Алдында ғана Самарқанның шетелмен сауда жасау жоғарғы мектебін бітіріп оралған беті. Бітірген бойда сол кезде қазақтардың астанасы Қызылордаға қызметке жегілмек екен, жолдамасы, хаттамасы, мөрі басылып әзірленген, өзім кейінше көзіммен көрдім, қалтасында бүктеулі жүретін. Оқыған десе оқыған, орысша тілге жетік, шет елдің және біраз тілінде шүлдірлесе алатын көзі ашық сол жігітті қияндағы меңіреу түкпірге оқ тартып келді ме деп ойлаймын, ойлаймын да ой түбіне жете алмай шаршаймын. Сөзім жүйелі шықпаса сөге жамандама!.. Сол құрғыр аллаһу аттанысының өзі бәдіктің батасындай быт-шыт бірдеме, басы бар да аяғы жоқ, аяғын айтсаң — басында мән қалмайды, кейінше хатқа түсірерде жүйелеп, барша оқиғаны бір желінің бойына көгендеп аларсың».

«Иә, әлгінде айттым ғой. Самарқанның дардай оқуын бітіріп, төс қалтасына мөр басылған қағазын салып Қызылордаға жүргелі тұрған Сұлтанбекке қар бекіп, жер беті мұнартып жатқанда елден жайсыз хабар жетеді. Несін айтасың, Ақмола жақтан қырдағы елге қайыс белдікті, қызыл шәпкелі мілиса шығыпты, әлгілер Сарысу мен Шудың қосылар сағасында жатқан қалың тама, қоңырат еліне жаңа өкіметтің өкілетін, жолын түсіндіреміз деп, байларды кәмпескілейміз деп, қыс бойы елдің төбесіне шолжаңдап шығыпты. Қонған аулында арнайы қонақасы әзірлетіп, қойнына қыз салғызып, «жаңа өкіметтің құқында мал ортақ, әйел ортақ, жер-су ортақ» деген өкілет бар деп білгенін істепті. Айқыш қайыс белдігін буынып, бесатарын асынып, саптама етігін сықырлатып Қараноғай есімді бастығы ауыл шетіне енген кезде жылаған баланың үні өшіп, беті жылтыр қыз-келіншек сай-салаға безіп жоғалады екен, бұл бұл ма — Шала есімді жандайшабы астыртын көз салып, жансыз жіберіп қай үйде өңді қыз бар, кімнің артық малы тығулы, жіпке тізіп бастығының алдына апта сайын ақпар түсіріп отырған. Сұлтанбектің сол елде Меңсұлу есімді аса сұлу қалыңдығы болған, әлгілер ел-елге, жер-жерге жансыз жіберіпті, тіл ұзартып жүріп сұлу қыздың хабарын алған, қаңтардың ақ түтек боранында 12-ші ауылға сау етіп түсіп... байдың зәресін ұшырып... «бермесіңді бересің» деп сіресіп жатып алған... Ол заманның сөз төркіні тегі бөтен еді ғой, есіме түсіре алмай алжасамын баяғы».

«Меңсұлуға мілисаның шауыпкелі келетін көрінеді: «Әкеңнің бар малын сыпырып, кедейлерге үлестіріп, өзін зынданға салып, қар кете Қытайға жер аудармақшы», — деп құлағын жейді. Ертесіне барыпкелі төндіріп: «Әй, Қараноғайдың бір түн балтырын сипасаң мал да, жан да орнында, жалғыз түннен әйелдігің тозбас, аспан ауысып, заман төңкеріліп кетпейді», — деп жаналқымынан алғандай болады. Меңсұлу аласұрып ауырып, елірме боп қалады. Аптадан соң атын тебініп, ентігіп алыпкелі жетеді. «Ыстығың қайтса, басыңды көтерсең — еліңді, әкеңді жылатпа, ақылға кел, атқа мінгізіп алып кел деп мені жіберді», — деп табалдырық үстінде шоқиып отырып алады. Меңсұлуды көзім көрген, аттаныс басылып, осы ел шулағаннан арылып ашаршылыққа ұрынған кезде Сыр бойына ауған, босқан елге ілесіп кетіп Ташкенттің базарында өрім-өрім болып жүрген жерінен шырамыттым. Оң көзінің етегіндегі меңінен таныдым. Мойныма асылып ұзақ сыңсып жылады. Тұла бойым еріп, не болғанымды білмей өзім өкіріппін... Сонымен бірді айтып бірге кетемін. Қараноғай текті қыздың ұят қамалын бұзып, түн ішінде ақ ұлпа жұмсақ таңына суық қолын жүгіртіпті. Жұрт өстіп айтады, әйтеуір. Мына сөзді естіген Сұлтанбек — Қызылордаға жүргелі тұрған оқыған жігіт — үстіне салқын су құйып жібергендей түршігіпті, қолсандығын лақтырыпты, билетін пәршелеп жыртыпты. Ертесінде иен даланың төсінде көлденең түсіп жатқан кәрі Қаратау қайдасың деп жолға шығыпты. Әуелі отарбамен Ташкентке жетеді, сосын сатылап пойызға мініп, Түркістан түседі, ол заманда заулап тұрған дөңгелек қайда... түйе арбамен қиқалақтап Торланның асуынан асып, Шолақорғанға салт атпен жетіп, терістік қиырда, жер түбінде жатқан Созаққа көлікті кісі суыт жүргенде жарты айда жетеді екен...

Сұлтанбектің жайын әзірге сәл үзе тұрып, Сарысу бойындағы сол кездегі елдің жай-күйінен әңгіме шерте кетейінші», — деп Досмағамбет сөзін доғарып, келіні ұсынған ағаш зеренге қол созды. Қою шұбатты көзін жұмып ұзақ толғады. Бір ғажабы, жайылған шөбінен бе, теріскей үстінің шұбаты кермек дәмді, көкірік саздыратын аса жұғымды ас. Қос зеренін ішіп алсаң күн өтпейді, жүрегің сазбайды, кешке дейін қанторағай болып қалғып-мүлгіп жүргенің. Алыстан түйе боздағандай, керней шалғандай азасы мол, құлазыған қоңыр үн естілді. Келіншек сәкінің төрт бұрышынан қағылған биік қадаға жіп тартып, үстіне масахана секілді ақ сейсеп жауып кәдімгідей көлеңке жасады.

«Өзім осынау Созақтың тумасы болсам да ат жаратып, жырық балақ шалбар киіп жігітшілік құрып жүрген кезім, қар кетіп жатқан уақыт, жоғарғы Сарысу бойындағы нағашы жұртыма қыдырып келген бетім, Құдай басқа салмасын, — деп Досмағамбет әңгімесін әріге жалғаған: — Ақмоладан келген өкімет мелисасы Қараноғайдың қаһарына ұшырап атылып қала жаздадым, жолдан шаршап жетіп нағашымның үйінде қылжиып ұйықтап жатқам, түн ішінде төбемнен біреу төніп тұр. Қойдың майына қойған білтелі шырағдан жалп-жалп етіп өшуге бейім. «Оу, ел көшіп жатыр ма?» деймін, үйдің іші жылау мен сықтау, Тәңірге жалбарыну, кәлимаға тіл келтіру ме, әлгі неме: «Төре шақырып жатыр», — деп ай-шайға қаратпай дедектетіп айдап жөнелді. Етігімді кидім бе, әлде қоңылтаяқ жалаң аяғыма сұға салдым ба, ол арасы есімде қалмапты. Ауыл ортасында ақбоз үйге дедектетіп айдап әкелді, үй іші күңіренген жылау мен сықтау, көлеңкеше көлбеңдеген сұстылар. Төр жақтан сұсты кісі басын көтерді. Ол заманның адамдарында өң, түс болмайтын, әсіресе, есімде қалғаны — әлгі дөкейдің көз жанарында... көз жанарында емес-ау, жүзінде борға малғандай ажал таңбасы басылып тұрды, тұла бойым безгек шалғандай қалшылдап кетті.

Түрегеліп келіп, жүзінде ажал таңбасы басылған сұсты кісі жанынан бесатарын алып кеудеме тіреді.

— Ташкенттің тыңшысы боламысың, әлде Қызылорданың жансызы боламысың, кімге тіл әкелем деп уәде бердің, айт жаныңның барында! — деп бесатардың шүріппесін қайырды.

— Жансыз емеспін, нағашылап жүрген жиенмін, — деп шырқыраймын баяғы. Шырқырап тұрып ойлап қоям: күнәні, қиянатты көп жасаған кісінің жүзінде ажал таңбасы болады деп естуші едім, дәу де болса мына мұндар ел ішін көз жасына көлкітіп жүрген Қараноғай болғаны деп.

— Жансызбысың, елшімісің, айт жаныңның барында! — деп бесатарын басып қалыпты. У да шу. Есімнен танып қалыппын. Біраздасын есімді жисам тірі екенмін. Әлгі оспадар ноғай қалшылдап, жөн сөз айта алмай тұрған мені жорта жасқап, жанай атып, келесі бай ауылына жөнеле беріпті. Басымда малдас құрып, қол жайып құранын сұңқылдатып отырған үй иесінің — бәйбішесін, қызын, басқасын сырттағы қалың қамыс ішіне сүйрелеп ит рәсуәсін шығарыпты... итін атыпты... қазанын төңкеріпті... әлдене іздеп әбдіресін ашыпты... мына бейбақ әрі-беріден: «Құдайдан тілеп алған жаңа өкіметіміз осы ма?» — деп сұңқылдаған кезде өліп жатқан кісі тірілердей азалы хал кешіпті. Ертесіне, ертесіне емес-ау, екі күн өте «ойбай несін айтасың, осы елдің оқыған азаматы Байсейіт әлгі Қараноғайды ауылына шақырып, алдына бас қойып қонақ етіпті, қараңғы түсе «сейілдеп қайталық» деп сыртқа алып шығып, қатарласып келе жатқан да екі бұтының арасынан атып өлтіріпті. Сарысудың жылымына тастап жіберіпті», — деген хабар аспаннан ай түскендей дүңк-дүңк етті. Тұсап қойған атымды тауып, міне салып, сол шу шыққан ауылға мен де жетейін», — деді Досмағамбет сол ала шапқынның ішінде әлі күнге араласып жүргендей.

«Ел іші ірі кәмпескіден ес жия алмай, тоза бастаған, табанақы, маңдай терімен тапқан малын талап құрта бастағанда, әлгілер: «Малым жанымның садағасы» деп бір жағы Қытайға, келесі беті Ауғанға бас сауғалап қашып жатты. Мұның үстіне «жан да ортақ, әйел де ортақ» үйелменіне тиісіп үрей бастаған қызыл жағалы мілисалар қай өкіметтің пәрменін орындап жүр?.. Түсінбейміз...

Орынбордағы Алаш партиясының мүшесі, оқыған жігіт — Байсейітті сол жолы тұңғыш көрдім. Қараноғайды өлтірді деуге қимайтын, ұзын бойлы, маңдайы кере қарыс, қоңқақ мұрын, реңді жігіт, еуропаша киім киген, аяғында сықырлаған әміркен етік, кеудесінде қара жеңсізі, төсқалтасынан күміс сағаттың бауын төгілдіріпті. Қаздаң қағып үлкен үйге кіріп-шығып мұрнына су жетпей жүр. Есік алдында мілиса киімін киген, суға түсіп кеткендей бет-әлпеті түнеріңкі он алты жігітті қойша тізіп, қолдарын артына байлап, матастырып қойыпты. Қараноғай нөкерлерінің ісі екенін ішім сезді.

Мына шаруа баққан момындарға «ал, ендеше білгендеріңді істеңдер» деп қоя берсе мілисаларды итше тепкілеп, жүнше түтіп керіп ала жөнелетіндей. Сөйткенше болған жоқ, ауыл сыртынан түйе жүн шекпенді, қамшысын бүктей ұстаған, еңкіш денелі кісі жетіп кеп әлгілердің басына қамшы үйірді, салды кетті, салды кетті. Бебеулеген, зар қақсаған дауыс құлақ тұндырды. Үйден Байсейіт шығып ашушаң шекпендіні былай сүйреп әзер тоқтатты. Жігіттермен бас құрап мәслихат құрды.

— Кешке қалса ашуы білегінде — мына халық мілисаларды аман қоймады. Қараөткелге жаяу айдағанымыз жөн болар, бұлардың қанын мойынға жүктегенмен ештеңе өнбес, — деді.

«Осы пәтуамен он алты жігітті Ақмолаға айдап апаруды маған тапсырды», — дейді Досмағамбет. «Алғашында шындап қобалжыдым». «Байеке, шетінен мылтық атып үйренген кәззаптар бір түнде пашпыртымды бітіріп, атымды тартып алып жайына кетеді», — деймін безектеп. Оқыған жігіт барлығының қаруын, қайыс белдігін, саптама етігін сыпырып алған екен, шіркіндерде көз тоқтатарлық ұсқын қалмапты. «А-а-а!» десем алдыма түсіп сызып жөнелгелі тұр». «Байеке, көп қорқытады, терең батырады, мыналардың жер еттенген сұрқынан қорқамын», — деймін қауіп қылғанымды жасыра алмай. «Демің ішіңде болсын, бұл сойқандардың өкілетін растайтын күллі құжат қағаздарын жинап алып, аты-жөнін тізімдеп, түнде інім Дінмұхаммед арқылы Орынбордағы бүкіл қазақтың Кіндік өкіметіне жөнелтіп жібергем, із-түссіз жоғалып кете алмайды...»

«Қойшы әйтеуір, жұртының намысын жыртып жүрген ызалы азаматтың намысын жерге тастай алмадым, алдыма салып берген бір топ мілисаны қойша көгендеп, Сарысудың бойына өрлеп Қараөткел — Ақмолаға дедектетіп жаяу айдадым. Серік қып қосып берген қос мондыбасым қоналқада жуа теріп, балық аулап, қаңғымалап зықымды шығарды, сілемді қатырды. Байсейіт берген бердеңкені қыса-қыса алақаным ойылып, саусағым сырқырады. Жезді бойындағы ағылшындар салып, тастап кеткен бекініске жеткен түні іштүйнек кеселінен бір мілиса көз жұмды, жүзін малта таспен жасырдық. Тоқырауын өзенінің май шабағын пісіріп жеген күні және бір қызыл жағалының тамағына қылтанақ тұрып, я ас іше алмай, я балық сүйегінен құтыла алмай жүруден қалды... оны жолай кездескен малшы ауылға тастап кеттік. Айға жуық азапты сапарда, Арқаның сүмек жауынының астында бүрсең қаққанымызды, жуаға таласқанымызды... қызыл жағалылармен жаға жыртысып жұдырықтасқанды... күрек тісімнің сынғанын, можантопай бір серігімнің бір түн ішінде қашып жоғалғанын айтып тауысар түрім жоқ. Көп оқиға есімнен шығып үлгеріпті. Көрген азап басымдағы шаштан көп. Жалғыз ғана есімде жатталып қалғаны:

Алаш партиясының мүшесі Байсейіттің пышақпен кескендей пәрменді үні, әлденеге асыққан жүрісі. Сосынғы қыз алақаны сипағандай Сарыарқаның жылы жауыны. Өзгесі жаман түстей жанымды шошытып, жүрегімді түршіктіріп, көпке дейін елірме мінез жамады. «Көп асқанға бір тосқан, көп жаманшылықтың бір жақсылығы болады» дей ме қазақ. Қараөткелге мілиса айдадым ба, тасыған Сарысуға ақтым ба, Байсейітке жоғарыдан үлкен айып тағылып, «Кеңес өкіметінің өкілетін арқалаған беделді кісісі Әбубәкіров Қараноғайды қастықпен өлтіргені үшін» өлімші етуге елге жаңа лек қызыл жағалы шығыпты деп естігем, жұртты үрей билеп алған, сәл дүбірге елең ете түседі, күшік шәу етсе — жүрек зірк, жаз бойы нағашы ауылынан шыға алмай, Қаратаудың етегіндегі туған жеріме қара күздің сүмелегінде ілесіп жеттім. Сөйтсем, мені ауылдастарым өлдіге санап сыртымнан жаназамды шығарып, ауыл желкесіндегі төбеге «Досмағамбеттің обасы» деп шошайған тас үйіп қойыпты. Әйелім қара жамылып төркініне кетіп қалыпты. Үлкен кісілер қосүрей, таусылмайтын неғылған сөз дейсіздер ғой?..

Тамалар ауылында құдайсыздар ұйымы құрылыпты, кім кітап ұстаса, құран оқыса, жаназа шығарса қараңғы үйге жауып айып төлетеді. Несін айтасың, баяғы Қараноғайды атып өлтірген Байсейіт қаладағы қызметін, үстіндегі шен-шекпенін тастап, заман қыспағына шыдай алмай, тау ішінде қашқын болып жүр деп естідім. Кешегі батыр — бүгінгі пақыр, бүгінгі пысық — ертеңгі ұлық. Дүние дөңгеленіп бетін бермей барады. Құдайсыздар ұйымына енген комсомолдар пәлен үйде намаз оқып отырған кісінің алдынан кесіп өтіпті, ақыл айтқан шалдың сақалынан алыпты, түген ауылда Жаратқанға қыр көрсеткен комсомолдар кісі көзінше түзге шығыпты, дәрет сындырыпты, ағын суға түкіріпті, айға қарап керіліпті.

Қара жолды, қара суды, жайнамазды қасиет тұтып, тәу етіп келген қазақта сонда не пәтуа қалды? Кешегі мілиса Қараноғайдың елге салған қырғыны анау, бүгінгі құдайсыздар ұйымына енген жастардың жалғыз суішкілік тіршілігін күйттеген жұртты бүйі тигендей бүлдіріп бара жатқаны мынау... Қайда барып күн көреміз? Қазақ қайтіп күн көрер! Жаңа өкімет момын малшы, жер шұқыған диқанның от түтеткен шаңырағын ортасына түсіріп, әкесін баласына, баласын әкесіне қарсы қойғаннан басқа ештеңе берген жоқ әзір!»

«Осы сөз төске балға соққандай шың-шың естіліп құлақты шағады. Жылаған баланың, зарлаған жесірдің көмекейіне сіңіп айықпас шер боп шырқыратып жатқандай. Әрі-беріден жаным қыдырып, жылан жалағандай құлазыған үйімнен безіп шығамын да атыма міне салып беталды шаба жөнелем.

«Айдалада атымды борбайлап беталды шауып жүргенімді көріп ауылдастарым сөз қыла бастапты. «Несін айтасың, Досмағамбет төркініне кетіп қалған қатынының күйігіне шыдай алмай атын қан сорпа қылып жынданып кетіпті», — дейтін көрінеді. Құйынмен жарысып құлапәре құйғытқан кезімде көзіме шыныменен ештеме көрінбей кететін. «Ол байғұсқа сын жоқ, — дейтін секілді дүмше молда, — тірі жүріп жаназасы шығып қойған кісіде иман да, жан да болмайды. Соның жаны кеудесінде емес, қыр басындағы шошайған тас обада...»

Жанарыма шаңнан басқа ештеңе шалынбайды, қаңтар айында атымды қан сорпа ғып тепектеп осынау Созақтың буар қақпасынан еніп итырақтап келе жатқам. Түтігіп кеткен жұрттың өңі өрт сөндіргендей, аттылысы, түйелісі аралас, көне қаланың түстік бетінде қоқан қоқималары салғызған қорған, қорған ішінде керуен сарай, мырзахана — қонақ үй болатын, жұрт көктемгі селдей сығылысып солай ығысты. Көп қорқытады, терең батырады, соңдарынан жаңқауықша ілесіп мен де қалмадым. Жұрттың аузында жалғыз-ақ сөз. Сөз болғанда қандай!

— Хан сайлаймыз.

— Есі кеткен елге бас болатын, ес қылатын кісі керек!

— Қазақ хан жарлығын екі етпей үйренген!

Ол кездегі керуен сарай саңғыраған сары қыштан салынған, жартылай бастырмалы, төрінде биік күмбезді, киіз үй секілді ғимараты бар салтанатты мекен-жай еді. Тақап келгенде жапа-тармағай көліктен түстік. Алдымызда ақсақал, қарасақал үлкендер легі ілгері жылжыды, соңымызда қарақұрым қалың ел, аяғымның ұшын жерге тигізбей көтеріп әкетті. Әлдекім құлақ түбінен «әнекей!» деді. Ғимарат түпкірінен шұбалған ақ шапанды, ақ сәлделі аса ұзын кісі шығып келеді, қасында жанары шоқтай жанған, дөңгелетіп шоқша сақал қойған арқа қазақтары киетін шошақ бөрікті, ірі денелі жасамыс қазақ; қайран қалғаным — жігіттің жанары еді, назар салған кезде жанарынан жай оты ұшқындағандай сезілгені. Алдағы кісілердің соңынан жылан жалап өткендей болды. Ақ сәлделі ишан мысыр мақамына салып күңірентіп құран оқыды. Бұрын-соңды мұншама сазды, мұңлы, мұқым үнді естіген емеспін. Әуелі арқа-басымнан мың сан құмырсқа жорғалап өткендей шымырлады, қалың нөпір жұрт қара жерге сұлқ түсіп отыра кеткені. Өзгеге қалай әсер еткенін білмеймін, өзіме әлдеқашан кеудемнен шығып кеткен шыбын жаным шырқырап қайыра ұшып жеткендей сезілді. Айтып болмас жұмсақ жел желпіді де тұрды. Сол жерде буынымды сарысу байлап, тұсалып, аяғымды баса алсамшы, қанекей, құран бітіп, жұрт «әуми-е-ен» деп дүрк көтерілген кезде отырған күйімше қалдым. Бірер кісі қолтығымнан демеп тұрғызды.

«Сұлтанбек!.. Сұлтанбек!..» деген сыбыр сөз шалынды, әлгі сыбыр пәс сайын күшейіп сыпсыңға айналды, желді күнгі қамыс тоғайы дәл осылай сыпсыңдаушы еді, бір ауқымнан соң көпшіліктің көп тілегін қарс айырып шыққан зікірге ұқсағандай үн алапты жаңғыртып, күңіреніп жөнелді. Сұлтанбек! Маңдайы жарқырап туған, ойы озық ғұлама екен!.. Нешеме жұрттың тілін үйреніп, ілімін меңгерген көзі ашық жан осы!.. Сұлтанбек!.. Сол жерде күңіреніп теңселген көпшілік бір сөзді естіртсе, келесі сөзді естіртпеді. Құран ұстап, ант берген үні алыс қиырдан шыққан нөсер бұлтының гүр-гүрі секілді құлағыма кейде алыстап, кейде жақындап жаңғыра түседі. Әр сөзі шеге қаққандай, құйылып, төгіліп жатқандай тау бұлағы ма дерсің. Қазақтың қара сөзін сапырғаннан өзге өнерім жоқ. Біздің білдік деп езу қиғаштап жүргеніміз әншейін баланың былдыры екен, әлдеқашан сүйегі қурап қалған әкем байғұс айтып отыратын: «көп сөйлеген мылжың, дөп сөйлеген шешен» деп. Баяғыда көптің алдына шыққанда қазша қаңқылдап, аруағы аспандап кететін Қазыбек деген би болған көрінеді, мына хан болып құран ұстаған, басын жұрт жолына тігіп, сәждеге бас қойған оқыған жігіттің тіл безесі мүлдем бөтен.

Қисынын тауып қиып түсер сөз айтқанда былайғы жұрт қарап тұрып қырылып қала жаздады, жарағы барлар қылышын, мылтығын жалаңаштады.

Пәтуалы жұртым, аяққа тапталған намысымызды қайтеміз дегенде — көпшіліктің үстінен су шашып жібергендей түршікті.

Қанға қан, жанға жан, қор өмірден — шейіт өлім деп төгілдіріп өткенде-ақ көз анардан сорғалап аққан жасты көрдім;

Хан болу деген ашамай таққа шолжиып отырып алып, бал-шәрбат ішіп, ару қыздың қыпша белін күтірлетіп құшу емес, жүз қаралы нөкерлерін қабалатып аңға шығу да емес, аяғын кәнизактың мамық бөксесіне салып жатып «Мың бір түннің» ертегісін тыңдау да емес... жұрт тілегі жолында жан беру екенін сол мезетте түсіндім. Құранның бетіне қос алақанын салып ант берген Сұлтанбек өз ажалына жұрттан бұрын жақындай түскенін іштей сезді. Сезген кезде жанары боталап, батар күннің бояуынша құбылды, көп азаптан миы ашып мәңгүрт болуға айналған жұрт былайғы тағдырын осы қазір сайлап алған ханға тапсырды. Хан өз тағдырын бір Құдайға тапсырды.

Қолтығымнан демеп тұрған сайдың тасындай сайын жігіттер тозып жоғалыпты. Енді бір қарасам, аяғымнан әл кетіп, хан ордасының қарсы алдында, қалың шаңға көміліп отырмын.

«Әй, анау қозға көмген құмандай шоқиған немені әкел алдыма!» — дегені.

Ауыз ашқанша болған жоқ, ханның нөкерлері топырақ үстінде отырған мені сүйреп ала жөнелді. Көкнәр ішкен немесің деп қауқа басымды қағып алатын болды-ау деп уайым жеймін. Неше күн нәр татпағаннан, шаршағаннан әбден әлсірегенімді жаңа сездім. Сұлтанбектің суық жанары жан сарайымды кезіп өткендей болды. Зәре-құтым қалмады. Ханның алды дегеннің қасиетті болатынын сол жолы сездім. Буынымды басып тұра алмай әлсіреп кетіппін. Ай маңдайлы арқырап отырды-отырды да был