22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Дүкенбай Досжан

Дүкенбай Досжан (1942 — 2013) — жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996). Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.

Қымыз






— Ағаң шақырып жатыр, — деген дауыстан төргі бөлмеге ентелей ендім.

Босағада ұшыраса кеткен жеңешемнің жанарынан жас көрдім. Тұла бойым дір ете түсті: әлі жылауға жетпеген, әйтеуір бір үзіліп түсуге тиіс, төгілуге тиіс жалғыз тамшы ғана жас. Бөлменің іші алакөлеңке, қоңырсалқын екен. Қос терезе кең ашылған. Жібек шілтер сырттағы шілденің керімсалы мен шыбын-шіркейіне көлегей боп, әрәдік лықылдай соққан лептен көлең ете түседі. Төрде, тақтай еденге көсілте салған ақ төсек, үстінде арыстай созылған ағам жатыр. «Кереуеттің шиқылынан миым ашып кетті» деп төсекті жерге салғызған. Елудің үстіне енді ғана шыққан палуан денесі көрер көзге кішірейіп кеткендей. Бас жағындағы үлкен керсенде базардан алып келген құнан қымыз шүпілдеп тұр, тағы да татып алмапты. Ішпесе де өстіп басында тұрады. Жұпар иісі танауымды кернеп кетті. Осы қышқылтым нәрден қайран аға кер даланың, оның төсіндегі көкпардың, дүрсілі басылған жастығының қасиетін қайта сезінеді екен ғой. Сезіп жатып марқаяды екен ғой. Енді білдім.

Ағаны дімкәс алғалы жылдан асты. Кешегі Ұлы Отан соғысының өртіне күйіп шыққан, сосынғы Сыр бойының көп бейнетіне белшеден батып шыныққан томардай денесі әуелде дертке сыр бермеді. ...Жапанда жүз жасаған қара ағаш болмаушы ма еді. Өзегіне құрт түссе де ондаған жылға өңін бермей, өмір үшін күресетін. Көктем сайын шыбығына нәр жіберіп айбарлана шулайтын. Өзегін зәлім құрт кеміріп, кеуектеп біткенше бүр жара беретін. Ақыры күллі денесі боркемік боп шірігенде барып күресін тоқтатушы еді, үр бұтағы сояу-сояу болып қаңқасы ғана қалатын. Сонда да көпке дейін жығылмай жол қараушыдай қалқиып тұратын. Қазіргі ағамның халі тап сол алып дарақты елестетті. Қайран ердің ажал құрты қай жерінде жүргенін білмеймін. Әйтеуір бойына еніп кезіп жүргені анық. Әуелде ағам жарты жылға дейін ұжым жұмысынан қалған жоқ, күйекті өткізді, малды Сырға аударды, тырбанып келесі көктемнің қамына кіріскен, денеге түскен дертке ырық бермей көп сүйретілді. Жеңешем екеуміз ғана ағаның шын ауырып жүргенін білдік. Қалған жұрт құлағанша сезген жоқ, қайта жиын-тойда, отырыста: «татып алмайсың, сірә, молда боларсың», «дүние жиып байығалы жүрсің бе?», «ұжым бастығынан өсіп райкомға барарсың тегі» деп қажап, әжуалап бітетін. Қара ағаштай қайыспай жүре берер ме еді, пәле қазанбас Әуелбектің тракторшы баласынан басталды, сол дарақы араққа тойып алып паромға түседі, тракторын тақтайға қисық қойып дарияға құлайды. Ажалсызға дауа жоқ, тырбанып жүріп өзеннен өзі шығыпты, су жаңа трактор дария астында ұйыққа батып қалыпты. Дәл сол күні аға үйге ренжіп, қабағына кір тұтылып келген, содан «жұмыстың қызығы қалмады түге», — деп жүрді. Жеңешем пісірген астың «дәм-тұзы білінбейді», — деп бір сездірді, осыдан біраз бұрын ғана балға теңейтін тәтті шәй, қышқыл тұшпара, үлпілдек қазы қалай ғана өзгеріп кеткенін білмедік. Сосын «асқа зауқым шаппайды», — деді, сосын, «ас өтуі қиындап жүр», — деді, міне екі айдың жүзі, — сар жамбас болып төсекте жатыр.

— Далабай қарағым, — деді аға.

Тізерлеп қасына тақадым. Қолы тарамыстанып кетіпті. Тамырының соққаны әзер білінеді. Көзіне көзім түсіп кетіп еді, шын қуандым, жанары нұрға толып жайнап жатыр екен. «Беті бері қараған білем» деп ішімнен лүпілдей қуандым.

— Құланшының басында отырған Ақтәтеңнің қолынан бір торсық қымыз әкелші.

Үнінен әлсіз діріл сезілді. Ол діріл үміттікі ме, әлде әлдеқашан ұмытылған сағыныштыкі ме, әйтеуір жүрегімді қозғап-қозғап кетті. Ағаның бас жағында керсен толы қымыз тұрып, қияндағы Қаратау ішінен, осы орталықтан күншілік жердегі жылқышы ауылдың қымызын сұратқанына қайран қалдым. Қала қымызы мен дала қымызының айырмасы мол, әрине. Қаланыкі тықыр, қу келеді. Сүтті сауғаннан бастап ашытып, үйді-үйге таратып сатқанға дейін ылғи қаңылтыр, шыны, қалайы ыдысқа құяды ғой. Сол пәлекеттерден деп ойлаймын. Әлгі сөзден көңілге демеу кірді. Аңсап жатқан сусынын әкеліп берсем құлантаза сауығып кететіндей көрінді. Жедел тысқа беттедім. Ауызғы үйде жеңешем көк шәй суытып отыр екен, жәудір ете қалды, көзінде манағы жалғыз тамшы жас. «Таудағы Ақтәтемнің қолынан ағама қымыз әкеліп беремін», — дедім. Жеңешем айтарға сөз таппай толқып кетті білем, аздан соң: «Томпаңдаған қарағым-ай», — деп күрсінді.

Кең аулада көк жоңышқаны бырт-бырт үзіп жүрген Ақтаңкерді жетелеп келдім. Жотасы жұмырланып ойқастап қалыпты, жануар аяғын билеп басады. Жеңешем сарайдан ер-тұрманды әкелді. Атқа салдым. Киім ауыстырдым. Күн екіндіге еңкейе берген, жолдың шалғайлығы да, таудың қиын асуы да сескендірмеді. Аттанып кеттім.

Ақтаңкерді еркін көсілтіп қолдың саласындай қара адырға сіңген сайын тау лебі қанық сезілді. Демі салқын. Бала кезімде ағама еріп қауындыққа баратын едім. Екі құлақ, үш құлақ болып қылтиып қауын өскіні көрінетін. Ағаның: «үзесің!» дегеніне де қарамай, етпеттей түсіп, әлгі нәзік құлақша жапырақты иіскейтінмін. Сонда танауымды кәмек қауынның ашық иісі кернеп кететін. Құныға жұтамын. Дәл сол әдемі жұпар танауыма тағы келді. Даланың тынысы осындай екен ғой.

Ақтаңкер жайлауды сағыныпты. Қайта-қайта пысқырып қойып, тізгінді сүзе аршындады кеп. Сүрлеу жолдың қиыршығы жүгері қуырғандай бытырлайды. Тұяғынан тас ұшқандай болады. Жалының асты шылқылдай бастады. Серпе қайырып, келесі жағына аудардым, асты дегдісін дедім. Асудың қыр арқасына жеткенде күн батып қас қарайды. Айдың жаңасы-тын. Сәлден соң аттың күміс тағасындай болып сол бүйірден қылтиып көрінді, көрінгенмен мардымды жарығы жоқ, жол сілтер сүлдесі ғана. Күжірейген асуды белге ұрған қамшыдай сары сүрлеудің сорабымен салып келемін. Жылқы сүрінбейді. Талай жортып өткен үйреншікті жолы. Әрәдік аяқ астынан шошына ытырылып торғай ұшады, Ақтаңкер дір ете түседі. Алыстан нөсер гүрілі естілді, жарқылдатып шақпақ жағып, жонның үстімен келеді. Тезірек асудан асып үлгермесем саяқ нөсер жетіп үлгеруі қақ, сосын сусоқты итше сүмеңдейсің. Қия жартас қаусыра қысып, бұлталаққа басып, шүңейтке құдитты. Ер ат қолдауына лықсыды. Құлаққа судың талып-талып сарыны келеді, түнгі дыбыс тым алыс, бұл — басын тасқа ұрып ағатын Құланшы өзені. Мен сол өзеннің жағасындағы ескі қыстауда туыппын. Келген сайын көзіме ыстық басылады. Тау тынысына саяқ нөсердің иісі қосылып кеудені кернеді. Бұлт күрк-күрк жөтеліп жоннан асып жоғалды. Құтылғаныма қуандым.

Әлі есімде, осы Шырағдан қиясында көкпар шабылды. Онда ағам жылқы фермасында меңгеруші болатын. Есімде қалғаны, ауыл балалары көкпаршыларға еліктеп, шыбық көкпар шауып жүргенде көршінің қараборбайы жаман «мертіккен», үйіне жылап жоғалған. Көкпаршылардан естігенім бұл: Ақтаңкердің бап кезі екен, арқыратып кеп қосылған. Сөйтсе ұрымтал жерден ұратын арамзалар көп кездесіп серкеден айрыла беріпті. Ылди жігіттері араққа тойып алған, дәңгәсарлау, серке көкпарды қақпақылша қағып, таулықтардан құтылып кететін болады. Жазыққа шықса-ақ ұстатпайды. Шаң қаптырып тастап кетеді. Әзірге діңкесін құртып, тырбаңдатып қойған қақпақыл адыр еді. Қайран аға сонда ашынды деседі. Көзіне қан толыпты. Толмаса сөйте ме. Қашыртқыға салған ылди жігітінің соңынан сүмеңдеп жетіп, борт еткізіп жұлып алады, алады да ат басын шүңейтке бұрады. Жұрт шу ете түседі. «Мойны үзіліп өледі», — деседі. Ызы-қию болып жабыла қуған. Сонда Ақтаңкерді сұмдық шүңейтке тастап жіберген кезде, соңында шұбатылып келе жатқан жігіттер үзіліп қалған. Жүректері лоблып кері айналған. Батып ешқайсысы түсе алмаған. Есіл аға сорғалаған бүркіттей етекке бір-ақ жеткен. Өзгелер қия жолмен кібіртіктеп ілесем дегенше аға ұзап кетеді. Сол жолы Ақтәтенің отауына көкпар салыпты. Ақтәте білектері көгерген көкпаршыларға қарымта қайырып, бата сұрап, ту серкесін шығарып берген екен. Ылди жігіттері: «тауда көкпар шауып жұлын үзгенше, қымызға қанып, құдай деп, шалжайып жаталық», — деп аттан түсіп қонып қалыпты. Түні бойы көкпар қызығы қымыз қызуына қосылыпты деседі.

Оқиға есімде қалмас та еді, қалатын несі бар, соғыстан кейінгі жылдары апта сайын, әрі кетсе ай сайын қырғын көкпар шабылатын. Дәл сол көкпардан соң ауыл арасын сөз аралаған, шөп басы қимылдаған. Өсекші әйелдерден естігенім. «Не білгенің бар! Перме бастық Ақтәтемен ашына екен ғой!» десті. «Қайдағыны көкімеші. Қойнында жаңа түскен, қуыршақтай келіншегі бар емес пе? Перме бастықты сарықарын әйелге қалай қиясың?» — деді. «Естіген құлақта жазық жоқ. Перме бастық соғысқа аттанар алдында мұрты енді тебіндеген бозбала көрінеді ғой. Содан: «Жеңеше, олай-бұлай болып кетсек, не көрдік дейміз, аманат қып алып жүрер бірдеме бер», — депті. «Қата қалғыр-ай, ә!» «Ақтәте сонда жылап тұрып бойтұмарын жігіт мойнына тағып беріпті деседі». «Бойтұмардың сырын білесің ғой, сүйген адамына ғана сыйлайды», — десті. «Сайқал-ай, жұрт сыйлаған азаматты қалай өсекке таңасың?!» десті. Өз басым, әңгіменің анық-қанығына көз жеткізген емеспін.

Жылқышы ауылға таң бозында іліндім.

Шағын ауыл әлі ұйқыда көрінді. Өрістегі биелерді қайырып келуге кісі шықпапты. Желі басы бос. Шымы түтіліп, қисіңді болып кетіпті. Төрткөз сырттан тоқпан жілікті күрт-күрт кеміріп жатыр екен, маңқ-маңқ үрді. Үлкен отаудың шыпты есігі ашылды, дүбірден оянды білем, шал шықты. Бұл Ақтәтенің «құдай қосқан» қосағы. Жылқы қайырып, бие сауғаннан өзге өнері жоқ, арқауы бос, арамдығы бар, қиын кісі. Тізесінің құрысын жазып тұрды, тұрды да Ақтаңкерді қаңтарып жатқан маған тақады. Өзімен-өзі боп жілік кеміріп жатқан итке кейіді.

— Ашаршылық басыңнан кетпегір иттің баласы!

Ойы: «Осы шиборбайдың жылтыңдап келуінен жаным шошиды. Бұл қазақ жай жүрмейді, біреуге ор қазбаса басы ауырады».

— Отағасы, сау-саламатсыз ба? Мал-жандарыңыз аман ба? — деп құлдырай сәлемдестім. Ондағы ойым: қырысқан қабағын жазу. Кең дүниені тарылтып тұратын жабайы мінезін жұмсарту еді. Ұсынған қолымды ұстай салды.

— Бұл да бір ит болып үрсе қайтеді. Тамағынан жіліншік өткендей қомағай. Орталықта тұрсаң ғой имиіп аштан қатар едің. Иттің баласы!

Ойы: «Бұл жай жүрген шиборбай емес. «Еке, еке» деп аузыңдағыны қақшып кететін сұмның өзі. Сыпайысын қарай көр. Сақтанбасаң арам қатасың. Ұяласы анау, жұрттың таза төсегін арамдап, өсекке таңып, тәңірге жазып өле алмай жатқан».

— Сауын биелерді қайырып келер мезгіл болған жоқ па, отағасы?

— Ақтаңкерді астыма берші. Қайырып келе қояйын. Өз атым шыбындап қырға шығып кеткен білем, — деді. Деді де, ыржия күліп кеп, қолымнан тізгінді алды. Бусанып тұрған атты аядым. Ыңқылдап, тартпасын қатайта бастады. «Иттің баласы», — дейді әлдекімге. Осы мезет үлкен отаудан Ақтәтем шықты. Ақтәте десе Ақтәте ғой! Ақ жаулығы келісті жүзін ашып, жарқ ете түскенде, алпысты алқымдаған кейуана кісінің орнында қылықты келіншек тұрғандай сезілді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» деген осы да. Таза киінеді, толқып жүреді. Ел-жұртының алтын асықтай алақанына салған қадірлі тәтесі ғой бұл! Ақтәте алақанын енді шығып келе жатқан күнге қалқалап тұрды да, Ақтаңкерді бірден таныды. Бұл шақта көсілген жануардың үстіне жарбиып үй иесі қонақтап үлгерген.

— Ақтаңкер ғой мынау, құдай-ау! Оқымыстым екен ғой! Айналайыным менің! Тәтеңді ұмытпапсың тегі!

Келіп мені бауырына басты. Тамағыма жас тығылды. Ақ жаулығынан сүйдім. Әлгі Жарбима Ақтаңкердің үстінде жарбиып отырған.

— Түс былай! — деді түтігіп. — Тұлпардың тұяғынан садаға кеткір!

— Биелерді қайырып келе қояйын десем.

Айтуын айтса да қобалжыды білем. Жарбима аттан сыпырылып түсе бастады. Шалбарының бауы ердің басына ілініп қалып, шешіліп кетті. Енді бүгежіктеп, аяғы жерге тиісімен, ышқырымен әлек болды да қалды.

— Ұят деген болсайшы сенде! Алыстан келген қонақтың атына жармасқан тентек бала болушы еді. Жылқыны айғырыңмен қайырып кел!

Жарбима бүкшеңдеп жылқыға жоғалды. Ақтәте мені отауға бастады. Үйге кіргізді. Төсекті жинап, төрге көрпеше жайып, қолтығыма көпшік тастады. «Жайласып, деміңді ал», — деді. Әр кезде «тәтесін іздеп келген қарғам менің», — деп естіртіп айналып қояды. Түңлікті ашып, есікті түрді. Сегіз қанат ақ отауға лақ етіп жарық төгілді.

Үй ішін енді бағдарладым.

Оң қанатта үлкен ақ торғын шымылдық. Шымылдықтың ішінде күміс зерлі ағаш кереует тұр. Атлас тысты әдемі көрпе, көмпиген құс жастықтарды төсек үстіне жиыпты. Одан өзге осы үлкен үйде көзге түсерлік жиһаз жоқ. Дүниесін қыстауға қалдырып, жайлауға жеңілдеп шығатын жылқышылардың әдеті бұл. Үйдің сол қанатында көзге әуелі түсетін қос қабатты биік сөре. Беті ашық. Осы өлкеге әйгілі Ақәділ ұстаның қолынан шыққан бұйым бұл, ол кісі өзі жасаған дүниені ылғи өрік ағаштың өзегімен әшекейлейді. Сөренің төрт жақтауы піскен қауындай сарғыш түсті қатты ағашпен зерленген. Көзді тартып құбыла жалтырайды. Сөреден төменіректе керегенің басына ілген қос бірдей саба шермиіп тұр, бірі тай саба да, келесісі құнан саба. Сабалардың сырт жүні құндыздың күзгі түгіндей күреңітіп, жылтырап кетіпті, ішіндегі қымыз табы өтсе өстеді. Бұл сабаларды Түркістан ұсталары жасаған: жылқының терісін іреп сойып алып, көлеңкеге кептіреді, сосын қымыздың бетіне шыққан іркіттен и жасап, сол иге салады. Құнан терісі бықыраған и ішінде апта жарым жатады. Сосын исіңді болған теріні кермеге іліп, қырғышпен қырады, шелиді, шелін алады. Көгеріп таза терінің өзі қалады. Енді мұны саба ғып тігеді. Тобылғыны жағып, ащы түтінімен сабаның ішін ыстайды. Ысталған сабаға саумал құйып, ұзақ шайқайды. Сосын саумалын төгіп тастайды. Және ыстайды және саумалмен шаяды. Қашан ішіне құйған қымыздан тері дәмі кетіп, тобылғы табы қалғанша өстіп алмастыра береді. Бал татитын тәтті қымыз әзірлейтін әдемі саба дүниеге осылайша келеді.

Төменіректе торсық: жылқы терісінің мойнынан жасалған қолбала ыдыс. Мұның да әзірлеу әдісі әлгідей. Тек тобылғының түтінімен ыстамайды, теріге өрік талдың не ұшқаттың сөлін сіңдіреді. Торсықтың қымызы екі-үш аптаға дейін дәмін сақтайды. Жолаушы жол жүргенде, батыр жорыққа шыққанда торсық қымызын алып шығатын болған. Торсық қымызы арнаулы қонақтарға әдейілеп ашытылады. Дәмі үгітілме, кермек, қанға от қосатын қызулы келеді. Ойлап отырып сілекейімді жұттым. Күрең торсықтан төменіректе, тақтай текпішектің үстінде әдемі екі екпе қауақ тұр. Бүйірі қып-қызыл. Сыр диқандарының қолдан егіп, ұзақ уақыт күнге аударыстырып ұстап, күлге отырғызып пісірген қауағы. Қауақты бұрын көрмеген кісі ыдысты ілкі зергердің қолынан шыққан саз құмыра деп қалуы кәдік. Өйткені, қауақ қолдан иіп келтіргендей: бүйірі дөңгелек, мойны жіңішке, қызылқоңыр, әсем дүние. Қақпағы да қауақтан ойып жасалған. Жанында, босаға мен қауақ арасында, қайыңнан істелген күбі тұр. Піспегінің сабы қылтияды. Ішінде қымыз болмағаны. Күбі екі жерден, жоғары ернеуінен бір, төменгі етегінен бір қайың қабығымен құрсауланған. Қарап отырсаң ағаш жігі білінбейді. Аузына таман бие сүтінің көбігі ағарады. Өңге ыдыстың сырты мұнтаздай таза, бапкер қолында тұрған мұражай бұйымдары тәрізді. Мұндағы әр ыдыс әйгілі ұстаның қолынан шыққан. Қайталанбас оюын, ұсталық өнерін осы босағада айқындай түсетін секілді.

— Ағаңның көңілін сұрап бара алмай-ақ қойдым. Ирек қамшы итшіліктен қол тимейді. Түнде ғана түсіме кірген екен. Ерні кезеріп: «Ақтәте, шөлдеп жүрмін», — дейді. Содан көңілін сұрап қайтуға бекініп тұрғаным еді. Құлағыңнан күн көрініп сен келе қалдың. Енді өзіңмен ілесіп барып қайтамын. Қарғам-ау, тегі!

Көңілі босап отырып қымыз ұсынды.

— Бір торсық қымыз әкел деп ағам жіберіп еді.

Ақтәте қымыз сапырып отырған ожауын түсіріп алды, жаулығының ұшымен көзін сүртті. Қырын отырған. Жанарының ұшынан шашырап әжім сызықтары көрінеді. «Қартайып қалыпты-ау» деп ойладым. Мейірбанды асыл жан көне бұйымдай тозып бітіпті. Баяғы сыңқылдаған күлкісі, аңқылдаған әзілі жоқ. Көне сурет секілді. Мұң ғана қалған. Күлкі де, кейіс те, өкпе де, наз да жоқ, жалғыз мұң ғана қауқиып отырған.

Сырттан Жарбиманың шаңқылы шықты. Әлдекімдерді сыпыра боқтап жүр.

— Сирағың сынғыр, қуаяқ, заразап, қулықтан туған, шуың түскір...

— Оқымысты қарғам-ау, неге ертерек айтпадың? Құнан қымызды жаңа ғана сабадан флягке қотарып қойып едім. Шөпшілер күн көтерілмей-ақ «көніміз кепті, қымыз әкел», — деп аспазын салдыратып жібереді де тұрады. Әттеген-ай!

Ақтәте қинала ойланып қалды.

— Әттеген-ай! Айдың жаңасында жайылған биенің қымызы қулық, емдік қасиеті аз, сусын ғана. Айдың ортасында жайылған биенің қымызы дәрі. Жылқы ай жарығымен жайылып таңдаған шөбін теріп жейді, әсіресе, ай сәулесімен ашылатын шашыратқы, өңіл деген шөптердің гүлі неткен қасиетті десеңші! Айдың аяғында жайылған биенің қымызы арақ қана деп атам айтып отырушы еді.

Таңдайды үйірген үгітілме қымызды сіміріп салғанымда шекемнен тер бұрқ ете түсті. Енді аңғардым, қолымдағы алтын жалатқан зерен екен. Жалтырап алақанымда аунап тұр. Маңайына сарғыш нұр түсіреді. Бүйіріне қошқармүйіз салған, ауыр, сүйекті... мектепке таймен қатынап жүрген бала кезімде, орта жолда, қазіргі Шырағдан адырында Ақтәтенің үйі отырушы еді. Егіншілерге қымыз әзірлейтін. Таңдайым кеуіп, үңірейіп кеп отауға түсетінмін. Қымыз сұрауға батылым бармай, төменде, жаутаңдап отырып қаламын. Сонда ойымды қапысыз ұққан қайран тәтем қауақтан қымыз құйып беретін. Кесемен ұсынатын. Сол заманда да осы зерен сөреде көз тартып тұратын еді, бірақ қымыз құйылмайтын. «Ақтәте қымызды неге зеренмен бермейді екен?» деп талай ойлағам, сұрауға батылым бармайтын. Жылдар өтті, кісі қартайды, ыдыс көнерді, Ақтәте бүгін сусынын сол зеренмен ұсынып отыр. Бірінші рет алтын жалатқан зерлі зеренмен сусындадым. Сырын сұрағалы оқталғаным сол еді. Сырттан құлын ұстаған жылқышылардың дабырасы шықты. Әсіресе таныс дауыс әкетіп барады.

— Жамандатқыр, желкең үзілгір! Құрық сал, бұғалықта! Қымызға бәрі құмар, асау ұстауға ешкім табылмайды. Қаталап қалса да таратам, желіні жинаймын, жылқыны жонға қуам! Атаңа нәлетті бері қайыр!

— Ақтәте, қиналмаңызшы. Сіздің қолыңыздан татқан саумалдың өзі дәрі емес пе!

— Саумалы несі, қарғам-ау. Көзім тірі тұрғанда сендерге саумал ішкізбеспін. Қымыздың сертін білмейді екенсің ғой. Саумал қымызды жақтырмаған адамына береді. Оны ішкен кісі түзге шыққыш келеді де байыз тауып отыра алмай, жөніне жоғалады. Құнан қымызды сырласар қонағына құяды. Оны әуелі мәслихаттың кеніші деседі. Ғашықтар мен ақындарға дөнен қымызды құйған. Көңілге желік бітіріп, көкейге құрт түсіретін қасиеті бар ғой. Сусынның сосынғы төресі — бесті қымыз! Қу қымызды жауға шабар батырлар мен бәтуаға жүрер елшілер ішеді. У қымызды қазақ кезбе, бақсы, бәдік, саудагер жандарға беретін болған. Әр қымыздың атына сай мінезі болады: соған орай жол-жоралғы жасалады. Оны білмесек сүткіл ірітіп, қымыз ашыттық деп жарықтықтың аруағын қорлап неміз бар.

Әлгі сөзімнен қатты қысылдым. Ағат сөйлеп Ақтәтенің жалпақ ел қадірлеген өнеріне, біліміне көлеңке түсіргендей болдым. Ақтәтем қымыз ашытуды өнерге санайтын.

— Тағы құяйын, қарғам?

Сұрауын сұраса да қолымдағы зеренге қымыз құйған жоқ. Жай ғана сыпайыгершілігі еді бұл. Алақаныммен зереннің бетін жаптым. Ақтәтем артық құймайды. Жақсы қымыздың дәмін алып, тамырға таратып ішсін дегені, бас-көз жоқ сіміртпейді. Әсіресе, мынадай қадірлі ыдысқа құйып берген кезде қомағайлық жасап, үстеме құйғызбадым. Зерен түбіндегі ұрттам ақты шайқап, ыдысын қызықтап, ойланып отырып қалдым. Ақтәте жүзіме зер сала ұзақ қарады, бетіне бозаң нұр жүгірді. Жаулығын түзеп, бір тізерлеп орнынан көтерілді.

— Әлгінің даусы ауылды көшіріп барады ғой. Көршімізде жаңа түскен келіншек бар еді, содан ұят болды-ау. Үйде қонақ бар демейді. Құтырып кетеді. Қартайса да қалыпқа келе алмай қойды. Мен барайын, — деп тысқа беттеді.

Жарбиманың даусы саппа басылды.

Сөренің ішінде жиде ағаштан шапқан, тау сағыздай сары зерен тұр. Ағаштың діңін қуалап ойып алыпты. Жарықтықтың бунақ-буыны бәз қалпынша сақталған. Бояусыз-ақ бунағы білініп, өңі ашылып, жалтырай түседі. Ұстаның діңді қуалай оюына қарағанда ағаш жазда қиылған. Бойында сөлі бар кезде шабылған. Әйтпесе зерен жұқарған мезетте түбі тесіліп кетері хақты. Жазғы тал көн секілді созылмалы келеді. Ұста қиялын табиғи бояуымен, қаттылығымен, жеңілдігімен байытып тұр. Бұл да Ақәділ ұстаның көзі.

Зергердің көзі жоқ болса да қолынан шыққан өнері өлмепті. Атақты зергер ұсталар қартайған шағында таңғажайып бұйым жасап қимас кісілеріне сыйлаушы еді. «Көзімдей көріп жүр» дейтін. Суреттеуге тіл жетпейтін қазымыр өнерін ел ішіне қалдыратын, тарататын. Сөйтсем, сол кісілердің өмірден кеткісі келмегені екен ғой. Өлмейтіндер ғана артына өлмес өнер қалдырады.

Аһылап-уһілеп үйге Жарбима кірді. Салдыр еткізіп қауақтан қымыз сімірді. Даңғыр еткізіп шелекті бір тепті. Отыра кетіп аяғындағы етігін шешті, есік жаққа дүрсілдетіп атып-атып жіберді. Төсек іргесіне жантая кетті.

— Иә, бала! — деді.

Сөзі шаншудай қадалды.

— Ылдида не жаңалық бар?

— Ештеңе жоқ!

— Қойшы-ей, өздерің қазит оқып, кинә көресіңдер, сөйтіп «ештеңе жоқ» дейсіңдер. Мына біз ғой тас керең, көр соқыр. Ана жылғы Гитлер сықылды бір бұзақы сап етіп Қаратауды арқасына сап әкетіп бара жатса да білмей жата береміз, сірә.

— Сіздерге де газет әкеліп тұратын шығар.

— Аудандық қазиттен өңгесін түсінбейміз тегі. Апырмай, ұмытып барады екенмін. Өзіңдей бір қазитшіден сұрап алғалы жүр едім. Осы өкімет күніге пәленбай қазит шығарады, ертеден қара кешке радиосы сарнайды да тұрады, соған сөзді қайдан таба береді түге? Сөзі түгесілмейді ме шіркіннің? Айтшы?

— Түгесілмейді.

Менің жауабыма қанағаттанбады білем, аңырып, аларып жатты-жатты да қорылдап ұйықтап кетті. Сырттан Ақтәтем кірді. Бұл кезде мен алдымдағы қымыз дастарханды жиып, зеренді сүртіп, өз орнына қойып үлгерген едім. Көрді де күліп жіберді. Қолына шелекті алды. Бие сауғалы бара жатқанын білдім. Көргім келді. Сыртқа ілесіп шықтым. Ақтаңкерді көрші жігіт отқа жіберіпті. Ас пісіретін қараша үй жақтан қызыл орамалды келіншек бұлтылдап көрінеді.

Ақтәте әуелі шелекті әбден ысқылап жуды. Таза ыдысты соншама жуғанына таңғалдым. Сосын суын сарқып күнге қаратып жатқызып қойды. Әбден кептіріп алмақшы.

— Сүтке жалғыз тамшы су қосылса қымыз қасиетінен айрылғаны. Бие құрғақ ыдысқа сауылады, — деді.

Ақтәте биелерді теріп сауды. Байқаймын, кәрі тіс биелерді тастап кетіп барады. Жақында ғана желіге үйретілген, әлі шабының қытығы кете қоймаған жас биелерге жанасады. Оларды сауу ешкі баққаннан бетер қиын. Елеңдеп бір орнында тұрмайды, шелекті тебеді, құлынына иімейді. «Басын ұстап көмектесейін», — деп көріп едім. Ақтәте: «Бөгде иістен мүлде құтырады», — деп жолатпады. Шелекті сол білегіне іліп алып, тамағын лық-лық еткізіп, шабына иіліп, оң қолымен биенің сауырын сипайды. Бөксесін қағады. Төмендей келіп жас қулықтың жұмсақ желінін ұстайды, оң тізерлеп, ұшы күлдіреген үрпіні созады. Ақшыл сүт сыздықтап шелекке дыз ете түседі. Биенің қытығы келіп жалт бұрылады. Ақтәте кері тайқиды. Тағы тақайды, еркелетеді, өстіп жан тері шығып, көп бейнетке батып жүріп түске дейін қос шелектей сүтті әрең сауды. Ағама бола өстіп жүргенін сездім. Әйпесе, көршідегі жылқышы жігітті шақырып, биені тырп еткізбей ұстатып қойып саууына болмас па еді.

— Неге биенің басып ұстатып саумадыңыз?

— Қарғам-ай, онда жылқы дірдектеп қорқып тұрады да сүттің маңызы тамырда қалып қояды. Жақсы қымызға биенің өз еркімен иіп берген сүті бап келеді.

— Жуас, кексе биелерді қалдырып кеткеніңіз қалай?

— Егде жылқының сүті желінінде тұрады, ал жас биенікі тамырдан жиылады. Әрі қақсалдың сүті тез ашиды да, күші бірден бетіне шығады. Жас биенікі бабына екі түнемеліден соң ғана келеді, әл-қуаты түбінде жатады. Иә... қымыз да жылқының мінезіне байланысты. Жас биенікі кісіні жасартады, дәрі боп сіңеді. Теріп сауып жүргенім содан ғой, — деді Ақтәте.

Өзен бойынан арбасын салдыратып шөпшілердің аспазы келді. Үй иесі тай сабаның қымызын қалайы флягтерге қотарып қойған екен. Аспаз амандық жоқ, саулық жоқ, арбаңдап арбасына тией бастады. Әлден уақытта шаруасын бітіріп үйге бас сұқты. Тәтем қымыз құйып берді. Сөренің төменгі жағында тұрған қара тостақпен ұсынды. Аспаздың көзі демде жасаурап, мұрты едірейіп шыға келді. Темекісінің түтінін ширатып көп отырды. Сосын: «Тісім сақырлап бара жатыр», — деп нан сұрап жеді. Сол күйі омалып қалар ма еді. Шал оянды. Көзі шатынап, тікенекше қадалды.

— Асқа келгендей аранын ашып, атауын ішіп отырғанын қарай гөр мұның. Іштеріңде аждаһа жатады ғой деймін. Үш бірдей тай сабаны кеше ғана әкетіп едің, енді тағы жетіпсің. Қымызбен тал суарасыңдар ма, әлде өзенге құйып балық аулаймысыңдар, айтшы кәне! Басқармаға айтып еңбек күндеріңді қырықтырам, бәлем, тұра қал, шөпші емес, қорқаулар кілең!

Аспаз «басқармаға айтам» дегеннен жаман шошынды, арбаңдап тұрып, арбасын салдыратып жоғалды.

Ақтәте торсықтағы қалған қымызды қауаққа құйды. Сосын:

— Оқымысты қарғам, ағаңа қымызды арнап ашытам енді, — деді.

Есіттіріп айтты, Жарбима күреңітіп, жанынан бәкісін алып жер шұқыды. Өзім Ақтәтенің ел айта беретін қымыз жасау құпиясын көргім кеп өліп барам. Екі көзім кейуананың қимылы мен қолында... Ақтәте торсықты босатты, әйтсе де тым сарықпады. Ыдыстағы сарқынды әдемі ашытқы болады. Енді бір тізерлеп, оң қолымен торсықтың аузын керіп қойып, сол қолымен шелектегі сүтті сыздықтата құйды. Келесі шелектегіні де түгел қотарды. Ең ғажабы, ыдысты шайған жоқ. Көзім жетті, торсықтағы сүтке жалғыз тамшы да су қосылмады. Торсықтың аузын қайыс бауымен байлады. Сосын алдына алып, бесік тербеткендей ақырын шайқап бірауық отырды. Ыдыстың да, сүттің де дыбысы білінбейді. Тіпті, торсықты тербете-тербете Ақтәте қалғып кеткендей болды. Әлден уақытта төрдегі текеметтің бұрышын көтерді, астындағы шөбі сарғая бастапты, торсықты сол сызға тастады. Сөйтті де үстін текеметпен қайта жапты. Астынан дым тартып, үстінен жылу ұрып, көлеңкеде, сарқындымен ашыған қымызға тең келер дәру сусын болмайды деседі.

Зады қазақ қымызды жеті түрлі ыдысқа ашытады. Көнек: бұл тайыншаның, не ботаның мойын терісінен тігілген, көлемі орташа, сусынын қолмен шайқап ашытатын ыдыс, қымызы қытымырлау болады. Мұны көбіне бірер биелі диқандар істейді. Сосынғы мес — бұл керуен мен жорық ыдысы, ішінде сүт көліктің жүрісімен шайқалып ашиды, көбіне жылқының қарын терісінен жасалады. Келесі тосық, сосынғы тай саба, құнан саба. Сосынғы қол күбі, қымызға қайың күбі ғана дәм береді, сосын екпе қауақ. Жетісу қазақтары қымыз ашытуға қарынды жаратады, кәдімгі қойдың қарыны, бірақ қарын қымызы көпке шыдамайды, жінігіп кетеді. Ең асыл қымыз қол торсық пен тай сабаныкі ғой.

Алдымызға гүжілдеп ақ самаурын келді. Дастархан жайылды. Ақтәтеден қымыз құйып беретін ыдыс сырын сұрағалы оқталғаным сол еді. Көрші жігіт кірді. Екі үй көбіне ас-суды қосыла ішетін секілді, әсіресе қонақ келгенде ыдыс-аяқтары да, қызмет-қарбаласы да бір көрінді. Жігіт келе өзімсініп самаурынды алдына жылжытып, шай құюға кірісті. Ақтәте әбдіресін ашты, ішінен шекер, науат, сықпа, қауынқақ, май, құрт, мейіз алып дастарханға үймелетті-ай кеп. «Әшейінде қатқан қара нанға қақалар едік, басқарманың інісі кеп қарық қылдың-ау», — деп қағытты Жарбима. «Ақтәтенің сандығынан қыздан өзгенің бәрі шығады», — деп көрші кеңкілдеді. Дастархан үстіндегі таңғажайып тағамдарды сұғынып жей алмадым, манағы шәрбат қымыздың дәмі таңдайымнан әлі кетпей тұрған. Қайта-қайта тамсанғым келеді. Жалғыз кесе шайды әрең сораптап жантайтқаным сол еді: «Қарғам-ау, осының күллісі өзіңе сақтаған сыбағам еді. Сықпаға бал қосылған, майдың тортасы айрылған, ұнға салып қыстан сақтап жүрген тайдың қақ жамбасын асам өзіңе. Асқа дейін қарның ашып қалады-ау. Қолымнан дәм татпағалы қай заман», — деп Ақтәте елжіреді. Алғыс айтқалы ауыз ашқаным сол еді. «Бұларға ас берме, арақ бер. Сонда ғана реңі кіріп, сөзі түзеледі. «Сақтадым, қақтадым» деп отырғаныңды бұл бала қаланың әлгі... әлгі... шұбалған, суы аққан...» — деп Жарбима сөзінен жаңылып қалды. Көрші жігіт есіне сала қойды. «Е-е, гәлбасаға айырбастамайды, оқығандар сол гәлбасаға болмаса жамбасыңа, қазы-қартаңа пысқырмайды да», — деп қойып қалды.

Жарбиманың сөзі Ақтәтеме жаман әсер етті. Біреу кеудесінен нұқып қалғандай болды. Жүзі сынып, сырт айналды. Ақтәтені мұндай аямаспын. Орнымнан атып тұрып шалжайып жатқан Жарбиманы тепкілегім келді, Жарбима емес жалпима жасағым келді. Түсім бұзылып кетті білем.

— Қарағым-ай, іргедегі торсықты аударып қойшы, — деді Ақтәте.

Айналып, текеметті көтеріп, торсықты аударып жатқыздым. Ақтәте айтуын айтса да өзі келді, «дұрыс істемедім бе» деп қатты қысылдым. Торсықты ақырын қозғады, лекіте шайқаған жоқ, піскен жоқ, қозғады да қойды. Сосын ұқыппен қайыра қымтады.

Бие сауымы басталған. Шелегін білегіне іліп, шөпшілерді қарғап Жарбима жөнелді. Күресетін балуанша білегін түрініп жылқышы жігіт шықты. Ақтәте ас қамымен қазанға айналды. Биелер әдетте төрт рет сауылатын. Бұл жолы үш рет әрең иіді. Қарулы жігіттің құрығы астында биелер дірдек қақты, Жарбиманың шелегі даңғырап құлын біткенді шошытты. Ақырында үсті-басының бәрі сауыс-сауыс сүт болып жеткен шалына Ақтәте жарлық жасады. «Құлындар буынып өлер, босат, жылқыны қырға айда», — деді. Қоңырау үнді бейбақтар бостандық алып секектеп енелерінің бауырына тығылды. Күні бойы қатқыл қол созғылап ауыртып тастаған үрпіні үлпілдек тілімен талмады. Бие біткен емірене шұрқырады. Сосын шыбын-шіркейі аз қырға жөңкіді; соңдарында құйрық-жалы желкілдеп, сирағы майысып, құлыншақ құлдырайды.

Ақтәтенің ұнға салып сақтаған сүр жамбасын қолыма алғанда күн батып бара жатқан. Сары алау күн қолымдағы жамбасқа соншама ұқсады. Тұз сіңген, майы мен еті қосыла қатып сары мейіз болған, дәмі де, нәрі де бойында қалған асыл мүше. «Асыл мүше, сені сақтаған кісінің жүрегінде сағыныш пен ілтипат болмаса бағаланар ма ең өстіп? Әркімнің көңілінде жүрген қимас сыр, ән, айтылмаған әңгіме, ішілмеген қымыз, бәрі-бәрі сендей-ақ болар. Бұл жалғанда өзіңе арнап мүше сақтар, жамбас қақтар жақының болса — армансызсың. Сен де біреудің есінде екенсің, көңілінде жүрген көрінесің». Бет алдымда еріп батып бара жатқан алау күн бұл өмірдің соншама қысқалығын ұқтырса, қолдағы асыл мүше адам мен адам арасындағы тәттілікті аңғартты. Сол тәттілікке табындым, әрі іштей сүйсіндім.

Сүр мен жас ет аралас туралған ақтамақ ас үнсіз желінді. Қою сорпаның бетімен май жүзді.

Ақтәте көрші үйдегі жас келіншекті шақырып алып сөредегі ыдысты жуғызды. Білегі майысқан ибалы жан екен. Кейуананың қол астында орамалша желпілдеді. Әуелі ағаш астауға су ысытып құйды, ыдыстарды салды, сақырлатып шайып шықты. Енді иығына жұмсақ сүлгі асып, ұшымен бір-бірлеп ысқылай бастады. Ақтәте қымыз құятын ыдыстарды өзі сүртті. Әрәдік үркек немені еркелетеді. «Келініме қымыз құюды өзім үйретіп жүрмін», — дейді. «Әлі-ақ шаршы топқа сусын ұсынатын бапкер қол болады», -дейді. Әр ыдысты қолына алған сайын оның сырын әңгімелейді.

— Қымыз күткен қазақ ыдысын да сыйлап ұстаған. Әр ыдыстың иесі болады. Қымызды кесемен жай кісіге ұсынатын. Келім-кетім көпшілік ішеді. Мешкейлер мен саудагерлер тостақпен сусындаған. Оларға жұтары мол болса болғаны. Дәмін алып тұшынып жатпайды. Зеренмен асыл достар ішкен. Көремісің, жарықтықтың өзі де арудың көзіндей ойнап тұр-ау. Соққан зергеріне, шапқан ұстасына сай зереннің де әрқилысы болады. Қолымдағы Ақәділ ұстаның өрік ағаштан ойған алтын көз зерені. Ғашық жандарға қымызды алтын жалатқан көзеге құйып берген. Қақ күмістен соғылған көземен ақын, сері, сыпа, сал ішкен. Ілгеріде ауылға бір сері түсіп, қымыз ішпей жатып алғанда, атам бейшара осы қақ күміс көзені ат шаптырып Саураннан алдырған еді. Батыр мен палуанға қыпша бел құмырамен қымыз ұсынады екен.

«Ақтәтенің асыл досы болғаным ғой онда» деп ішімнен лүпілдедім.

Көнекөз кейуана мен жас келіншек ыдыстарды жуып, сүртіп шыққанша көп сырласты. Астан соңғы сергітпе сері қымызды келіншек құйды.

Қауақтағы қымызға піспек салып ұзақ толғады. Аударып ағаш табаққа құйды. Дастархан жиегіне әкелді. Бір тізерлеп қырын отырды. Жас келін әлгіде ғана сорпа құйған қалайы шөмішті табаққа сала берген еді. Ақтәте тоқтатты. Ағаштан ойған сырлы ожау ұсынды. Жас келін ожаумен алдындағы ақты төрт мәрте толғап сапырды. Сапыру сыйлайтын кісінің санына байланысты. Әр кісіге арнаған әдемі ілтипаты. Сол қолына зеренді алды. Оң қолымен ожау көтерді. Сусынның сылдырын сездірмей ыдыстың шетін ала құйды, зеренді тым толтырған жоқ, бір елідей ернеу қалдырды. Ожауды қайыра табақ шетіне ілді. Енді зеренді оң қолына алмастырды. Ақ білегін созып қымыз ұсынды.

Көз алдымнан буынсыз бишінің өнері өткендей сезілді. Нәзік қолдың әсерлі биін көрдім. Зеренді ұстай бергенде байқағаным, ақ білек дір ете түсті. Сыншы көзден қысылып отырғанын білдім. Білектің аса нәзік дір еткені де әлгі бидің жалғасы секілденді, қимылына сыр мен наз қосып кетті.

Уылжыған шәрбат қымызды тамсана жұттым. Сері десе сері-ақ екен. Бірден басқа шауып, жүйкені талмаусыратты.

Төсекті тысқа салып қойыпты. Көпке дейін көз іле алмадым. Ойдағы өзеннің сарыны біресе алыстап, біресе жақындап, құлаққа жұмсақ әуен құйды. Денем қызды. Маңайға жалбыз әтірі жайылды. Түнгі самал бетімді сипап, көрпені түрткілеп, қойныма кіргісі келеді. Қымтана түсем. Бейне, бала кезгі, қысты күні қойныма алып жататын кішкентай мысығым секілді. Жұп-жұмсақ. Пырылдайды ма-ау?! Бетіме сүйкене ме-ау?! Зеңгір көкте қызыл шоғы жылтылдап самолет ұшып барады, пырылдаған сол екен. Самал ұйықтатып тастапты.

«Далабай қарағым!»

Дәл жанымнан ағамның қоңыр даусын естігендей болдым. «Далабай қарағым!» Атымды атап шақырады. Алы