23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Дулат Исабеков

Дулат Исабеков (1942 ж) — жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері (1992).

Ескерткіш






Аудандық партия комитетінің секретары Жанайдаров ертеңгілік кабинетіне келіп, шешініп, шашын тарап, иығына түскен ақ қайызғақтарын сілкіп, креслосына отыра бергені сол еді, оң жақ бұрыштағы телефон оның отырғанын күтіп тұрғандай аяқ асты безілдеп ала жөнелді: «Межгород» деді іштей Жанайдаров трубканы тез құлағына тосып.

— Алло, — деді ол дауысын әрі шаршаған, әрі таң атпай жұмыстан басқаны ойламай отырған іскер адамның мақамына салып маңыздана... — Тыңдап тұрмын! Жанайдаров! Ә-ә, сәлеметсіз бе, Тұрсын Сатанович! — Оның әлгіндегі самарқау маңғаздығынан тұқым да қалмай, трубканың ішіне еніп кете жаздады. — Қалай, денсаулығыңыз жақсы ма? Тымауратып қалды деп естіп ем, көктем ғой, бұл ең бір алдамшы да қиын кезең. Жылы киініп, сақтанып жүрсеңізші. Сақтанып жүрсеңізші деймін. Суықтан да... Иә! Есімде. Білгенде қандай! Ескерткіш? Ескерткіш... Ол... тұр... Тура тері илейтін комбинаттың алдында. Жақсы... жақсы! — Жанайдаров жылан сорып жатқан құрбақадай табан асты шала-жансар күйге көшті.

— Келсін... Келсін... Күтеміз... Сіз де келесіз бе? — Оның даусына діріл араласты. — Ойбай-ау, онда... әрине, қуанамыз. Қашан? Бүгін кешке? Қайдан? Қалай-қалай? Англиядан? О, құдай сақ... құдай сақт... — Жанайдаров өзіне-өзі келем дегенше ана жақтағы адам трубканы қойып үлгерді. — Құдай ұрды деген осы!— деді ол дұға оқығандай күбірлеп. — Бұлай болады деп кім ойлаған! Бұл ағылшындардың да жүрмейтін жері жоқ. Нелері бар десеңші, жердің ана шетінен жердің мына шетіне қаңғып! Отырмыз ғой осы, Англия түгілі Алматыға да бара алмай!

Ол орнынан қалай тұрып, кабинет ішінде екі қолын артына ұстап, қалай сенделіп кеткенін өзі де сезбей қалды. Телефон трубкасынан шыққан белгісіз бір күш оны орнынан жеп-жеңіл көтеріп алды да, оп-оңай сенделтіп жібере қойды.

Ол кабинет ішінде сенделіп жүрген кезінде оның не себепті сенделуге мәжбүр болғанын айта кетейік.

Бұл аудан — ежелден малды аудан. Тіпті, революцияға дейін бұл жердің аты малмен шыққан. Малы көп болған соң бұл арадан ет комбинаты салынған. Ет комбинаты салынған соң, әрине, тері илейтін комбинаттың қажеттігі келіп туатыны белгілі. Сөйтіп, бұл жерден алғаш рет тері илейтін шеберхана ашылады. Сол шеберхана Қазақстандағы тері өңдеу өнеркәсібінің тұңғышы боп шығады да, бертін келе еліміздегі ең ірі комбинаттардың біріне айналады. Былтырғы жылы сол комбинаттың жүзжылдық мерекесіне аудан, облыс, қала берді республика боп қызу дайындалды. Дайындық үстінде комбинат жұмысшыларымен әртүрлі кездесулер, радио және телехабарлар ұйымдастырылып, артистер мен жазушылар да келе бастады. Сондай кездесулердің бірінде Алматыдан келген бір жазушы мінбеге шығып алып: «Біз еңбек адамдарын құрметтеуді ұмытып барамыз. Бір қарапайым жұмысшыға тағзым етуіміз керек. Осы комбинаттың ірге тасын қалаған кім? Алғашқы шеберхананың иесі кім? Сол алғашқы тері илеушіні тауып алып, оған комбинат алдында ескерткіш қою керек. Бұл қарапайым еңбек адамына деген шынайы құрмет болады» деген. Жұрт ду қол соқты. Шапалақ ұзаққа созылды. Осыдан соң трибунаға шығушылар бірінен соң бірі әлгі жазушыны пір тұтып, тез арада ескерткіш салу керек деген пікір айтып, тіпті, осы кезге дейін алғашқы теріпұрыш жайлы ойламай келген аудан басшыларын дүйім жұрттың алдында жерден алып жерге салды.

Сөйтіп, алғашқы тері илеушіге ескерткіш ашу жөніндегі ұсыныс облысқа, облыстан республикаға, республикадан Орталыққа кетті. Орталыққа аттанған қағаз аттай алты айдан соң ауданға арып-ашып қайтып оралды. Бұрыштамадан бұрыштама соғылып, бұрыштама соғатын сау жер қалмаған соң тілдей-тілдей сілтемелер жапсырылып, Жанайдаровтың алдына әулиенің басындағы шеңгелдей сәусілдеп әрең жетті.

Қысқасы, ескерткіш салу мәселесі әупірім тәңіріммен шешілді. Енді, ескерткішті түгел бойымен қою керек пе деген сұрақ туды. «Артистер мен жазушыларға ескерткішті отырғызып та, тұрғызып та, жамбастап жатқызып та саламыз, ал еңбек адамының белінен төменгі жағын кесіп тастағанымыз ұят болар» деп, ақыры, оның тұла бойымен тұтас салуға шешім қабылданды.

Шешім қабылданған соң Алматыдағы Суретшілер одағына құлаш-құлаш хаттар жолданып, «осылай да осылай, бізге жақсы бір мүсінші жіберіңіздер» деген өтініш айтылды.

Бір жетіден соң Алматыдан екі мүсінші кештетіп жетіп келді. Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі келіп, мүсіншілердің қабылдау күтіп отырғанын хабарлады.

— Кірсін, — деді Жанайдаров галстугін түзеп.

Кабинетке көздері шөлдің құдығындай шүңірейген, сақалдарының ар жағында не нәрсе жатқаны белгісіз, бірі шашын өріп тастаған, екіншісінің шашы иығын жапқан екі жігіт кіріп келгенде Жанайдаров селк ете қалды.

Екі сақал қол алысып амандасып болған соң Жанайдаровтың өздеріне сенімсіздікпен тыжырына қарап отырғанын көріп, олар документтерін көрсетті.

— Дұрыс, — деді Жанайдаров олардан тез құтылғысы кеп. — Кірісе беріңіздер!

— Сіздерге қашан керек?

Жанайдаров «қашанға керек еді?» дегендей бөлім меңгерушісіне қарады.

— Күзге, — деді бөлім меңгерушісі. — Жиырма төртінші октябрьге. Комбинаттың жүзжылдығын сол күні салтанатты түрде атап өту белгіленіп отыр. Соған дайын ете аласыздар ма?

— Түк емес, — деді шашы өрілгені темекісін аузына салып.

— Запырысты, — деді сырға таққан біреуі оған зажигалка жағып.

Сонымен, мүсін қоюдың алғашқы жоралғы шарт қағаздары жасалып, екі мүсіншіге аванс берілді.

Мүсін жасаудың ең қиын кезі енді басталды. «Мүсінді қалай жасау керек? Жай ғана жұмысшыны құя салу керек пе? Оның бет-пішінін ойдан шығару керек пе, әлде осы өңірдегі тірі ағайын-туыстарының бірінен көшіру керек пе? Ал оның ағайын-туыстарын қайдан іздеуге болады, олар осы өңірде бар ма, жоқ па? Жалпы, алғашқы тері илеушінің аты-жөні кім? Ол қашан туылып, қашан өлген? Түр-түсі, мінез-құлқы қандай еді? Тағы тағылар.

Екі мүсінші осыларды анықтағанша екі ай өтті. Рас-өтірігін кім білсін, оның алыс туыстары да табылды. Олар тіпті, осы ауданда, дәл райкомның жанында тұратын боп шықты. Алғашқы тері илеушінің аты-жөні де анықталып, ресми қағазға: «Мелден Желдібаев — Қазақстан тері өңдеу өнеркәсбінің негізін қалаушы» деп жазылды. Мелден Желдібаевтың бүгінгі алыс туысы Әштен Желдібаев №2 үй басқармасында сантехник боп істейді екен. Ол Мелденнің мінез-құлқын, түр-түсін, бойын түп-түгел сипаттап берді. Оған бұл әңгімені баяғыда әкесі көзі тірісінде айтып отырған деседі. Қысқасы, мүсіншілер оның сипаттауы бойынша Мелденнің алғашқы рәсімін қағазға түсіріп қарағанда Әштеннің өзінен аумайтын боп шықты. Олар қағазға бір, Әштеннің өзіне бір қарап отырып қалды.

— Айналып келгенде сіздің алыс туысыңыз өзіңізден айнымайтын болып шықты ғой, — деп таң қалысты екі сақал.

— Иә, көзі көргендердің айтуынша ол маған сойып қаптағандай ұқсас болған деседі.

— Кешіріңіз, бәлкім ол сізге емес, сіз оған ұқсас шығарсыз. Қанша дегенмен ол сізден үлкен ғой.

— Иә, — деді сантехник күліп. — Солай болса солай шығар.

Сонымен, мүсіншілер мүсінді Әштеннің тура өзінен көшіретін болды. Демек, Әштен мына өмірде қандай болса, мүсін де сондай болуы керек. Оның бойын, жуандығын, ең арысы саусақтарына шейін өлшеп алды да, олар шұғыл іске кірісіп кетті. Ауданның Мәдениет үйіне Әштен күнде кешке жұмыстан соң келеді. Келеді де, мүсіншілер отырған бөлмеге кіріп, еділбай қойының терісін екі қолымен жоғары көтеріп, оған ынты-шынтысымен беріле, сүйсіне қарап тұрып қалады. Екі суретші жабылып екі жақтан эскиз жасауға кіріседі.

Әштеннің тері ұстап салынған рәсімі жиырма шақты болды. Мүсіншілер Алматыға барған соң солардың ең ұнаған түрі бойынша әуелі балшықтан, сонан соң гипстен нағыз мүсін құюлары қажет.

Үй-үйдің подвалында қызыл арақ ішіп жүрген ешкімге белгісіз Әштен осылайша аяқ астынан аудандағы ең аты-шулы адамдардың біріне айналып шыға келді. Алғашқы тері илеушіге қойылатын ескерткіштің түпнұсқасымен амандасқысы келетіндер, онымен қатар жүріп арақ-шарап дүкеніне бірге барып, тіпті, бір кезекке тұрғандары үшін мақтанатындар да көбейе бастады. Енді ол аудан басшыларының назарынан тыс қалмайтын болды. «Мүсін соғылып біткенше бір бәлеге ұшырап қалмасын, ананы байқап жүріңдер»— деген Жанайдаровтың сөзі төмендегі бағыныштыларға бұйрықтай естіліп, аупарткомның буфеті арқылы оның үйіне аса жасырын әдіспен екі күнге бір бөтелке таза бидайдан жасалған арақ жеткізіліп тұрды. Былайғы жұрт байқамасын деп арақ «Сарыағаштың» бөтелкесіне құйылып әкелініп жүрді. Бірақ Әштен қашан да Әштен ғой, бір күні қызу күйінде паркке барып, бір жігіттің қызын биге шақырып, ол шықпай, оның арты жанжалға, жанжал төбелеске айналып, ақыры Әштеннің сары белдеулі машинамен «қайтуына» тура келді. Бөлімшеге кеп, он бес тәулікке қағаз толтырылып жатқанда Әштен лейтенанттың жазу жазып отырған қолын басып тұрды да:

— Р... рай-к-комға... тел... телефон соғуға бола ма?— деді.

Лейтенант оған күлімсірей қарап:

— ООН-ға хабарласқың келмей ме?— деді. — Хабарлас. Пьерес де Куэльяр қазір тура өзінде отыр.

— М... мен... шын айтып тұрмын, — деді Әштен ауып бара жатқан жерінде столдан ұстап қалып.

Аға лейтенант лейтенантқа қарады.

— Звандасыншы, көрейік қызығын, — деді лейтенант.

— Не дер екен?

Аға лейтенант та күлімсіреп, басын изеді.

Әштен тәлтіректеп тұрып төрт цифрды теріп шықты да, дауысын кенеп қойды.

Екі милиция бір-біріне қарап, әлденеге мәз боп күліп отыр.

Көп күттірмей ар жақтан біреу трубканы көтерді.

— Аупарткомнің кезекшісі тыңдап тұр, — деген ер адамның зор дауысы саңқ ете түсті.

— Деж... дежурный... мен.... Әштен, — деді ол қанша сыр білдіргісі келмесе де, тілі ерікке көнбей.

— Кім?

— Әш-тен! Әш-тен! Желдібаев! Ес... ескерткіш... тің түп нұс... қасы. Мені жап... жапқалы жатыр. Иә! — Ол екі милицияға бұрылды. Ол екеуі оқиғаның қандай бағыт алып бара жатқанын толық түсіне алмай оған аңтарыла қарап отырған-ды.

—Адрес... адрестеріңіз қалай?— деді Әштен.

— Аудандық милиция бөлімшесі. Кез келген ақымақ біледі.

Әштен трубкаға қайта сөйледі.

— Ауд... аудандық милиция. Иә. Кез келген ақымақ біледі.

Әштен трубканы қойып, орындыққа жайғасты.

Арада он минут уақыт өтер-өтпесте оны кезекші машина кеп алып кетті.

Екі милиция түс көргендей отырды да қалды.

Бұл оқиға Әштеннің беделін бұрынғыдан да көтере түсті.

Бірақ белгіленген жиырма төртінші октябрьге ескерткіш дайын болмады. Аудан облысқа хат жазып, комбинаттың жүзжылдығын тойлауды ноябрь мерекесімен бірге өткізуді өтінді.

Мүсін ноябрь мерекесіне де дайын болмады. Аудан облысқа тағы жазып, комбинаттың тойын жаңа жыл мерекесіне қарай өткізген жөн деп дәлелдеді.

Мүсін жаңа жылға да дайын болмады. Сонан соң облыс ашуға мінді. Ауданды сөзде тұрмайтындығы үшін қатты айыптап, басшылардың мәдени жұмысты ақсатып отырғандығы бюрода қаралды. «Мүсін негізінен дайын, тек мұрны, екі көзі мен бір құлағы сияқты ұсақ-түйек мүшелер ғана бітпей тұр», — деп Жанайдаров амалсыз өтірік айтқан болатын. Бұл уәж облыс басшыларын біршама жұмсартып кетті.

— Бір мұрын, екі көз, бір құлақ қалса түк емес екен,— деді басшы оларды төніп кеп қалған қатал жазадан арашалап.

— Енді қашан бітіресіңдер? Екі көзді ойып, бір мұрын, бір құлақты жапсыруға көп болса бес күн кетер, солай ма?

— Солай, әрине.

Уәделі бес күнде де мүсін бітпеді. Мүсіншілерден: «Ескерткіш дайын, тек екі көз, бір мұрын, бір құлағы ғана қалды» деген хабар тиді. Сонан соң аудан басшылары бұл істі біттіге санап, облысқа ескерткіш дайын болды деп рапорт берді.

Қазақстандағы алғаш тері илеушіге қойылған ескерткіш жайлы хабар жер-жерге тарап кетті. Аудан, облыс, республика, қала берді орталық баспасөзде бұл жайлы кең түрде хабар берілді. Сол хабардың нәтижесінде бүгін, міне, аудан орталығына сонау Англиядан делегация келе жатыр.

Ескерткіш болса әлі дайын емес. Енді не істеу керек?

Жанайдаровты кабинетінде сенделтіп жіберген де осы сұрақ еді.

— Ал енді не істейміз?— деді ол аппараттың жауапты қызметкерлерін жинап алып. — Англияның тері илеу заводының өкілдерін ертіп облыстың хатшысы да келе жатыр. Олар бүгін кешке осында болады. Таңертең ескерткішті тамашаламақ. Ал қандай амал бар? —Ешкім ләм деп жақ аша алмады.

— Ескерткішті түнде біреу құлатып кетіпті десек қайтеді?— деді шаруашылық бөлімінің меңгерушісі.

— Ол қисынға келмейді, — деп қарсыласты ұйымдастыру бөлімінің бастығы. — Қылмыскерді тап десе кімді ұстап бермекпіз? Одан да шындықты айтып, кінәні мойындау керек. Бәлкім, ол кісінің өзі шетелдіктерге бір сылтау ойлап табар.

— Онда бәріміз құрыдық емес пе, — деп секретарь оған оқты көзімен ата қарады. — Алдағанымыз үшін басымыздан сипай қоймас!..

Енді не істедік?

Енді не амал бар?

Ешкім ешқандай көңілге қонар амал айта алмады.

— Мына бір жаңбыр да бәле боп тұрғанын қарашы, — деп мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі кенет қисыны жоқ бір әңгіме бастады.

— Жаңбырдың бұған не қатысы бар?— деп насихат бөлімінің бастығы оған орынсыз сөз айтқаны үшін жақтырмай қарады.

Жұрт қайтадан сілтідей тынды.

— Мен әлгі сөзді тегін айтып тұрған жоқпын, — деді мал шаруашылығы бөлімінің бастығы. — Біз ғой ескерткішті дайын болды деп ақпар бергенмен оны ресми ашқан жоқпыз. Ол күні-түні жабық тұр. Ағылшын тері илеушілері мен облыстың хатшысы келген кезде ағаш діңкені алып тастап, орнына Әштеннің өзін қоя тұрайық. Олар көп болса он минут, ары кетсе жиырма минут көрер. Өзіміз де асықтырамыз ғой. «Сарыағаштың» суын жарты жыл бойы босқа ішті ме, қолына қой терісін көтеріп жарты сағат қимылсыз тұра тұрсын. Одан Әштеннің түгі де кетпейді. Олар кеткен соң секіріп түседі де, үйіне бара қояды.

— Тіпті, түспей-ақ сонда тұра берсе қайтеді, — деді жалпы бөлімнің бастығы күліп. — Үйіне түнде-түнде барып кеп тұрар. Ал оның орнына тағы сондай бір сантехник тауып алармыз.

Өлік шығарғандай тым-тырыс отырған жұрт ду күлді.

— Жолдастар, күлкіні қоя тұрыңдар, — деп ашу шақырды Жанайдаров.

— Қазір күлетін кез емес. Ал тағы кімде қандай ұсыныс бар?

— Көп бас қатыратын ештеңе жоқ. Жаңағы ұсынысты қабылдау керек, — деді мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі өз пікірін өзі қолдап.

Жанайдаров мектеп пен мұғалімді алғаш көріп отырған бірінші класс оқушыларындай тым-тырыс бола қалған бағыныштыларының алдында басын ұстап әрлі-берлі жүріп кетті.

— Менімше, әлгі ұсынысты қабылдау керек-ау, — деді ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. — Бізде басқа амал жоқ.

«Әштенді тұғырға қою керек пе, керек емес пе? Қоя қалған күнде шетелдік тері илеу шеберлерінің алдында ол жөтеліп, немесе түшкіріп қалып жүрсе, одан арғы күніміз не болмақ?» деген сияқты толып жатқан сауалдарға тұс-тұстан әртүрлі жауаптар айтылған соң, аудан басшысы да ойланып қалды.

Ақыры бұл мәселе дауысқа салынды.

Сөйтіп, бюроның шешімі бойынша Әштен жарты сағат тұғырға өзі кеп тұратын болды. Қонақтар бүгін кешке келіп, таңертең ескерткішті көруі керек. Сондықтан төрт-бес адам Әштенді ашуландырып алмай, қытығына тиіп алмай жақсылап сөйлесіп, қамырдан қыл суырғандай оны майда тілмен білдіртпей көндіруге тиіс болды.

Олар «Время» біте берген кезде Әштеннің үйіне сау ете түсті. Әштен «Сарыағашын» ішіп алып жатып қалған екен. «Райкомнан адам кеп тұр» деген соң әзер басын көтерді. Жігіттер жан-жақтан анталап, «солай да солай» деп болған жайды түгел түсіндірді. Алдады, үгіттеді, қорқытты, жалынды, әйтеуір Әштенді жарты сағат ескерткіш боп тұруға көндірді. Ол «жарайды» деген кезде аупартком нұсқаушылары иықтарынан тас түскендей кеуделерін көтеріп, маңдай терлерін сүртті.

— Бірақ жарты сағаттан асса, ағылшын-мағылшыныңа қарамай секіріп түсем де кете берем,— деді ол қырсық мінезін көрсетіп.

— Байқа, обком хатшысы да болады.

— Болса қайтейін. Хатшы болса өзіне хатшы. Осы уақытқа дейін бір мүсінді дайындауға ықпал ете алмаған хатшының кісімсігені кімге керек?— деді Әштен нұсқаушылардың зәресін одан бетер алып.

Қонақтар үш машина боп дәл айтылған уақытта келді. Олар мейманханаға жайғасып болған соң кешкі ас берілді. Екі жақтың басшылары сөз сөйледі. Ағылшын делегациясының бастығы тері илеушіге алғаш ескерткіш қойған совет адамдары мен басшыларының тапқырлығына, тарихқа деген зор да нәзік махаббатына, қарапайым еңбек адамына деген айрықша ықыластарына, қамқорлықтарына, көркемөнерге деген сүйіспеншіліктері мен білгірліктеріне мейлінше разы екендіктерін айтып, солардың денсаулықтары үшін тост көтерді. Біздің жақ та қарап қалмай обком хатшысы жауап сөз сөйлеп, белгісіз жұмысшыға қойылып отырған ескерткіш дүние жүзінде бірінші екенін, бұлай ету тек социалистік қоғамда ғана мүмкін бола алатынын, капиталистік мемлекетте олай болмайтынын, бұл секілді ескерткіштің басқа еш жерде емес, жер шарының дәл өздері тұрған нүктесінде бой көтергеніне басы өзі боп қуанатынын және қарапайым жұмысшыға ескерткіштер қою мұнымен шектеліп қалғалы отырмағанын, аудандық партия комитеті бұдан былай да белгісіз сиыршылар мен бұзаушыларға, жылқышыларға, шошқашыларға т.т. толып жатқан құрметті мамандық иелеріне «кеудеден жоғары бюстер мен кеудеден төменгі жағы да қамтылған толық қанды бейнелер» жасауды жалғастыра беретінін айтқанда ағылшындар жағы ду қол шапалақтап, аупартком жағы үнсіз қалды. Сөз соңында ол ертеңгі программаның өте тығыз екендігін, сондықтан ескерткішті көру бүгінге, тура кешкі асты ішіп болған соңғы уақытқа белгіленіп отырғанын хабарлады. Ағылшындар жағы программа бойынша ескерткішті көру ертеңгі астан кейін екенін, жалпы, өнер туындысын түнде көру сыпайы тілмен айтқанда «көргенсіздік» болатынын түсіндіріп көріп еді, аудан басшысы сол «көргенсіздікке» амалсыз барып отырғанын, олай болмаған жағдайда осыдан жетпіс шақырым жайлауға барып келуге үлгірмейтіндіктерін, және де қолына тері ұстаған адам жобасындағы гипске қарай бергеннен гөрі жайлаудағы тірі малшылармен сөйлесіп, таза ауада жаңа сойылған қойдың етінен өз қолыңмен шашлық жасап жегеннің әлдеқайда артық екенін, ал комбинат алдында тұрған ескерткіштің жан-жақтан түсірілген фотосуретін әрбір делегация мүшесіне сыйға тартатындықтарын айтқанда шетелдіктер дән разы боп шу ете қалды. Демек, қолдады деген сөз.

Бұлар тамақ ішіп отырғанда баяғы төрт-бес жігіт Әштеннің асты-үстіне түсіп, программада аздап өзгеріс боп қалғанын, тұғырға көтерілу ертең емес, бүгін түнде болатынын, расына келсе күндіз тұрғаннан гөрі түнде тұру моральдық-психологиялық жағынан әлдеқайда тиімді болатынын оған әрең түсіндіріп, әрең көндірді. Ең қуаныштысы — Әштеннің көнгені болды.

— Жарайды, — деді ол кереуеттің басында тұрған шалбарына қол созып. — Райком үшін көндім!

— Бірақ бұл жөнінде жан адам білмейтін болсын. Тіпті, әйеліңізге де тіс жармаңыз.

— Ол үшін не болады?

Жігіттердің бірі оның қолына конверт ұстата қойды. Әштен конверттің аузын ашып ішіне үңіліп қарады да, кигелі жатқан шалбарының қалтасына сұға салды.

— Үшеу, — деді конверт ұсынған жігіт. — Кейін тағы екеуін аласың.

— Аз емес пе?

— Қанағат керек, — деді екінші жігіт шарт етіп.

—Жарты сағатта бес жүз сом! Ол сенің төрт айда табатын табысың.

Әштен бір аяғын сұғып қойған шалбарын қайтып шеше бастады.

Конверт ұсынған жігіт оның шалбарына жата кеп жабысты.

— Ойбай, әке-көке! Шалбарыңды шеше көрме, кие ғой. Ол әшейін айтып тұр. Аузынан байқамай шығып кетті. Солай ма?— деп әлгі жігітке дүрсе қоя берген боп «тыныш» дегендей көзін қысып қойды.

— Иә, мен әншейін айтып тұрмын, — деді ол қулана қойып. — Шынында да, ол сөздің аузымнан қалай шығып кеткеніне өзім де таң қалып тұрмын.

Әштен екінші балағын сұға бастады.

Ақыры олар Әштенді ұзатылған қыздай киіндіріп, екеуі екі жағынан сүйемелдеп үйден алып шыққанда «уһ» деп демдерін бір-ақ алды. Олар табалдырықтан аттай бергенде әйелі:

— Бұны қайда апарасыңдар түн ішінде?— деді.

Әштен оған жалт қарады да:

— Араласпа райкомның тірлігіне! — деп шығып жүре берді.

* * *

Ағылшындар комбинат алаңына келгенде Әштен де тұғырға шығып, образға еніп, қолындағы кепкен қой терісіне тесіле қарап тұрған еді. Тұғырдың жан-жағынан түскен прожектор сәулесі «ескерткіш» тұлғасын шынында да алып та сұсты ғып көрсетеді екен. Оның жанына келген кезде Жанайдаровтың өзі де мынадай көрініске қайран қалды.

Ағылшындар ескерткішті шыр айналып, оның тамаша жасалғаны жайлы ең асқақ сөздерін аямай жаудырып жатты. Олардың аузынан «ғажап», «сирек құбылыс», «тамаша», деген сөздер естілген сайын Жанайдаровтың жүрегіне ине шаншылғандай өне бойы ду-ду ете түседі.

— Көп аялдамастан тез алып кетіңдер! — деді ол идеология жөніндегі секретарьдың жанынан өте беріп өзгелерге білдіртпей.

Жанайдаров аспанға қарап күрсінгенде аузынан ақ бу бұйдалана жөнелді. Сонда барып ол түстен кейін басталған жаңбырдың арты қарға айналғанын, олар прожектордың өткір сәулесін тынымсыз сабалап тұрғанын, Әштеннің белі буылған қара күпәйкесінің иығына ақ «погон» үймелеп қалғанын көрді. Сонда барып ол бетіне қиғаштай соғып тұрған қарға қасқая қарап, міз бақпай тұрған Әштеннің қайсарлығына разы боп, оған іштей жаны ашыды.

Райком секретары қанша асқтырғанмен шетелдік қонақтар ескерткішті айналшықтап шықпай қойды. Олар постаменттің тасы қайдан әкелінгенін, бұл жерге қашан қойылғанын, тері илеушіге ескерткіш қою идеясы алғаш кімнен шыққанын, суретшілердің басқа шығармаларын қай жерден кездестіруге болатынын, жалпы, олармен сапар аяқталғанша тілдесуге мүмкіндік болар-болмасын сұрап, Жанайдаровтың әбден діңкесін құртты. Оларға қар аралас жаңбырдай өтірік-шыны аралас жауап беріп жатқанда, қас қылғандай обком хатшысы да қастарына кеп әңгімені ұйып тыңдай қапты. «Құдай сақтай гөр»,— деді ішінен Жанайдаров өз өтірігінен өзі шошып. — Аяғы насырға шаппаса болғаны. Қайдан ғана бастай қалып едік мынадай алмағайып істі!»

— Жалько! Очень жалько!— деді ұзын бойлы ағылшын фотоаппараттың шынысын орамалымен сүртіп жатып.

— Ол неге өкініп тұр?— деді Жанайдаров аудармашыға.

— Ескерткішті күндіз көрмегендеріне өкініп тұр, — деді аудармашы.

— Сіз оларға түсіндіріп айтыңыз. Бізді тағы бір дастарқан күтіп тұр. Көп кешіксек ұят болар,— деді идеология секретары жалынғандай үнмен.

— О-о! Тастархан!— деді ұзын ағылшын қатты айғайлап. — Опият тас-тар-хан!

— Иә, — деді идеология секретары олардың назарын ескерткіштен гөрі өзіне аударғысы кеп көңілдене. — Қазақтар етті түнде жегенді жақсы көреді.

Аудармашы жалма-жан оларға бұл сөзді де жеткзді.

— О-о! Шкотланд... Я шкотланд! Ми тоже лубимь ношью кушаит, — деді екінші бір ағылшын.

— Мұның арғы тегі — шотландық. Шотландықтар да етті түнде жеуді жақсы көреді, егер бар болса деп тұр, — деді аудармашы сөзінің аяқ жағын ағылшын айтып кеткен оның сөзін толық аударып.

Олар мәз боп күлді.

Обком хатшысы олармен қоштасты да, орталыққа жүріп кетті. Қоштасарда Жанайдаровты сәл оңаша шығарып: «Ескерткіштерің жақсы екен. Адамдарың тірі секілді, тура өмірдің өзінен алынған!» — деп мақтап кетті. «Иә. Тырыстық қой»,— деді Жанайдаров не айтып тұрғанын өзі де білмей. Оның машинасы көзден таса болғанда, қонақтардың бірі кенет шыңғырып жіберді. Жұрт оған дүрліге қарады. Фотоаппаратын суретке түсіргелі көзінің алдына апара берген шотландық ағылшын жоғары қараған бойы аузын ашып қатыпты да қалыпты.

— О! О! — деді ол сұқ саусағын ескерткішке қарай созып. Бір бәле болғанын ұққан Жанайдаровтың кеудесінен жан кетіп қалды. Шотландық ағылшын отандастарына әлдене деп сарнай жөнелді. Жанайдаров та болары болды дегендей басын жоғары көтеріп еді, Әштеннің қолындағы қой терісі үйріле соққан желмен тербеліп тұр екен.

Ескерткіш басында у-шу басталды да кетті. Бәрі Жанайдаровты қоршап алып, сұрақ дегенді қардай боратты. «Бұл не? Ескерткіштің қолындағы тері неге қозғалады? Біз осыны рас көріп тұрмыз ба, әлде елес пе?» деген сияқты жауап бермеске болмайтын қиын сұрақтар қаптады.

Жанайдаров жауап таба алмай секретарьға қарады. Ол өзін қоршаған бөлім меңгерушілеріне телмірді. «Тұғырға Әштеннің өзін қояйық» деп идея айтқан мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі көмекке келмегенде күн қараң еді.

Ол кенет:

— Бұл — суретшілердің көркемдік шешімі, — деді ол жоғарыға қарап тұрып. — Тері илеушінің қолына гипс не қаңылтыр ұстатып қою тапқырлық емес, одан да табиғи тері ұтымды болады. Бізде не көп — тері көп. Комбинат қызметкерлері апта сайын теріні жаңартып отырады. Бұлай ету — көркемөнерді өмір шындығына бір табан жақындата түседі, — деді ол да не айтып, не қойғанын өзі де білмей.

Шетелдік қонақтардың таңданысында шек болмады. Олардың бәрі аспанға қарап, желмен тербетіліп тұрған теріден көз алмады. Мүсіншілердің әрі қарапайым, әрі ғажайып тапқырлықтары туралы мақтау мен мадақтау сөздің взвод-взводы ағытылып, олардың бәрі мынандай теңдесі жоқ көркемдік шешімге қайран қап тұрған сәтте Әштеннің саусақтарынан жан кетіп, тербетіліп тұрған тері қолынан түсті де, төбеде ары-бері теңселе ұшып кеп, дәл ағылшындардың алдына жалп ете қалды.

Шетелдік қонақтар сілтідей тынып, алдарында жатқан теріден көз алмай қалшиысты да қалды.

— Әй, ит-ай, сәл шыдай тұрсаң қайтер еді, — деп кіжінді Жанайдаров қазақша. Қонақтар да, аудармашылар да түкке түсінбей, оның не айтқанын қайталап сұрады.

Жауапты идеология секретары берді.

— Өмірі түспейтін тері еді, дәл қонақтар келгенде ұятқа қалдырғанына қынжылып тұр, — деді ол да теріге үңіліп. — Жұмысшылар жөндеп қыстырмаған ғой.

Осы кезде шотландық ағылшын аудармашыға қарап әлденелерді шұбыртып сөйлей жөнелді. Аудармашы иығын бір қозғап біраз үнсіз тұрды да Жанайдаровқа жақындап:

— Теріні сіздер бәрібір апта сайын ауыстырады екенсіздер. Мынау жерге ғайыптан тайып түсіп қалды. Соны сувенир ретінде сатсаңыздар алар едім деп тұр. Бес жүз фунт-стерлинг төлеймін дейді. Сіз қалай қарайсыз?— деді аудармашы.

Сәт сайын бір бәленің жақындап келе жатқанын сезген Жанайдаров пальтосының қалтасындағы тершіген саусақтарын бір-біріне үйкеп тұрып:

— Тегін-ақ алсын, — деді үлкен жомарттық танытып тұрғандай күлімсіреп. Маналы бері орысшаның өзін түсінбей тұрған шотландық ағылшын аудармашы мен Жанайдаровқа кезек қарап:

— О-о, какой тобрый русски! — деді оның тегін беріп тұрғанын бірден түсініп.

— Ол орыс емес, қазақ, — деді аудармашы күліп.

— А-а, та-та! Казак! — деп ол да күлді. — Бесплатно — это хорошо!.. Шкотланд лубит бесплатно!..

Олар дуылдап күліп жатқанда Әштен:

— Қайтсаңдаршы, қатып қалдым ғой, — деді гүж етіп. Бұл сөздің тез айтылғаны сонша шетелдіктер ғана емес, тіпті Әштеннің отандастарының өзі дауыстың қайдан шыққанын жөнді аңғармай қалды. Бірақ бәрі де, әсіресе ағылшындар жағы, әйтеуір бір оқыс дыбыстың шыққанын, дыбыс қана емес, бүтін бір сөйлемнің жергілікті тілде айтылып өткенін сезіп, күлкілерін бір сәтке тыя қойды. Жападан-жалғыз тұрған адамды әлдекім құлағынан жай ғана шертіп өткенде қандай болса, олар да жан-жақтарына тап солай жалтақтап, күдікті ешкім көріне қоймаған соң ол жөнінде ешкім ештеңе дей қоймады.

Шотландық ағылшын мың қайтара рахмет айтып, Әштеннің сарайында қырық жыл жатқан қатқан теріні мұқият орап, «adidas» деген жазуы бар сөмкесіне салып қойды.

Шетелдіктер асықтырмақ түгілі жеңінен тартса да кетер болмады. Делегация жетекшісі ұзын ағылшын сөз сөйледі. Осындай сирек кездесетін ескерткішті өз көздерімен көргендеріне шексіз бақытты екендіктерін, бұл оқиға рухани өмірлеріндегі ең бір жарқын да әсерлі боп есте қалатындықтарын айтты. Одан соң шотландық ағылшын сөз алды. Ол көңіл-күйлерінің аса көтеріңкі екендіктерін, мұндай сапар жөнінде елдеріне барған соң кең түрде әңгімелейтіндерін, ескерткіш қолынан түскен жай ғана терінің британ музейінде сақталып, барша халықтың ортақ мүддесіне айналатынын және бұл терінің музейге сатқанда кем дегенде он мың фунт-стерлинг болатынын, сондықтан, 500 фунт-стерлингті қайткен күнде де тастап кететіндіктерін ұялмай, жасырмай ашық айтты. Әрине, бірінші — сана, ал ақша — адам өміріндегі төртінші, бесінші — атрибут деп тәрбиелеген біздің адамдар шу етіп, әмиянынан шығып қалған ақшаны оның қалтасына қайта салып берді. Осы кезде тағы да әлдекімнің: «Қап!» — деген дауысы естілді. Шетелдіктер тағы аңтарылыса қалды. Бірақ бұл жолы да ешкім аңғара алмай қалды. Мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі республикада кең тарап келе жатқан қостілдіктің пайдасын нақ осы жолы анық көрді. Ол райкомның бірінші секретарына әлденені түсіндіріп жатқан боп қазақ тілінде:

— Әй, Әштен! Біз де ерігіп тұрған жоқпыз. Мына қонақтар сені шыр айналып кететін емес. Сәл шыда. Енді бес минут. Сонан соң кетеміз,— деді. — Ескерткіш жақтан әлде қиналыс, әлде ызаны білдірген бір түсініксіз дыбыс естілді. — Әй, тыныш тұр, — деді ол тағы да жерге қарап тұрып. — Ендігі жетпегені сенің сол жақта тұрып бізбен ұрысуың еді! «Қап! Валюта!» деп кіжінді Әштен қаға берісте қысқа қайырып.

— Мистер Конрад,— деді идеология секретары аудармашыдан делегация жетекшісі ұзын ағылшынның аты-жөнін біліп алып. Ол бұған жалма-жан жалт қарады. —Кешіріңіздер, бізді күтіп қалды. — Ол сағатын саусағымен соғып-соғып қойды.

— О-о, та-та! Надо, надо! — деп ол да өзгелерге әлденені ағылшынша суылдата жөнелді.

Бес-алты минуттан соң ескерткіш алаңы бос қалды. Олардың шуы басылып, бір төбе айнала бергенде Әштен бүкіл делегация мен бір топ өз отандастарын айызы қанғанша, бір әрпін қалдырмай шешелерінен боқтап, тұғырдан түсті. Жарты сағат бойы қимылсыз тұрғандықтан аяқ-қолы сіресіп, белі қозғалтпай қапты. Тұғырдан түскен бетте ол қалтасындағы төрттік бөтелкені суырып ап, «сарыағаштан» қылқылдата жұтты да, үйіне қарай қиралаңдай жөнелді.

* * *

Жұрттың көзі енді ұйқыға ене бергенде шотландық ағылшын көрпесі өртенгендей баж етіп орнынан атып тұрды. Қасындағы Конрад не болғанын сұрады. Ол тері салған сөмкесін ескерткіш басында қалдырып кетіпті. Конрад орнынан тұрып, келесі бөлмеде жатқан аудармашыға болған жайды түсіндірді. Аудармашы ескерткіш алаңының алыс емес екенін, қонақ үйден шыққан бетте тура жүре берсе, оң қол жақтан еңселі комбинат үйі көрінетінін түсіндірді. Керек болса бірге еріп баруға дайын екенін айтып еді, мына тұрған жерге әуре болмай-ақ қойыңыз, өзім-ақ барып қайтамын деп Джонс шала-пұла киініп далаға атып шықты.

Ары кетсе он-он бес минуттық жол еді, жарты сағаттан асты, Джонс әлі жоқ. Оны жалғыз жібергені үшін аудармашы өкіне бастады. Ол Конрадқа қайта келді, «солай да солай», «Джонс әлі жоқ» деді.

Қонақ үйдегі бүкіл шетелдік аяқтарынан тік тұрды. Конрад пен аудармашы плащтарын киіп, енді іздеуге шыққалы жатқанда үсті-басы малмандай су, әбден шаршаған, әбіржіген, жалтыр басына дейін балшық шашыраған Джонс кіріп келді.

— Таппадым, — деді ол ентігіп.

— Қалай?

— Сол. Сірә, мен, адасып кеткен болсам керек.

— Құдайым-ау, адасқың келсе де адаса алмайтын жер ғой ол, — деді аудармашы. —Осы жерден екі көше тік өтсең болды үлкен комбинат көрінеді. Көрінді ме?

— Иә.

— Міне, сол комбинаттың алдында тұрған ескерткішті қалай көрмедің?

— Жоқ,— деді ол екі көзі үрейге толып. — Ескерткіш жоқ!

— Қалай? Жоғы қалай?

— Қалай болушы еді? Сол, Жоқ! Комбинат тұр, ескерткіш жоқ!

— Сіз... Әсте... мүлде басқа жаққа кеткен болдыңыз ғой, — деп күлді аудармашы. — Жүріңіз, екеуміз барып көрейік.

Олар комбинат алдына келгенде өз көздеріне өздері сенбей тұрып қалды. Бәрі тұр, тіпті, тұғыр да орнында, тек ескерткіш жоқ! Аудармашы мен шетелдік бір-біріне қарады. Сонан соң көздерін уқалап тұғыр үстіне қайта үңілді.

— SOS! — деді Джонс айғайлап, — SOS! Ескерткішті біреу ұрлаған.

— Мүмкін емес, — деді аудармашы басын шайқап.

— Әбден мүмкін! Біздің елде мұндай оқиға жиі кездеседі. Ливерпульде теміржолдың көпірі ұрланғанын естіген боларсыз. Бір түннің ішінде!

— Иә, естігем! — Шынында да, совет газеттерінде Англиядағы ұрланған теміржол көпірі жайлы хабар шыққан.

— Теміржол көпірінің қасында ескерткіш деген не тәйірі! Қалтаға салып кететін қуыршақ емес пе? Мынандай сирек кездесетін ескерткішке қарауыл қоймау деген жауапсыздық қой. Міне, бөтелке жатыр, ұрылар арақ ішкен!

Шетелдіктер бүкіл қонақ үй мен аупартком қызметкерлерін аяқтарынан тік қойды. Қонақ үйге Жанайдаров пен идеология секретары келді. Мән жайды түсінген соң олар есінеп тұрып:

— Олай болуы мүмкін емес, — деді.

— Неге мүмкін емес! Әбден мүмкін! Жаңа ғана өз көзімізбен көріп келдік! Мен сумкамды сонда ұмытып кеткен екенмін. Соны іздеп барғанда көрдік. Бірақ сумка табылмады.

Жанайдаров, әрине, қонақ үйге келе жатып шетелдіктердің неге шуылдап жатқан себебін анықтап алып, нұсқаушыларды Әштенге жіберіп, тез орнына барып тұрсын, жаңбыр да, қар да жоқ, күн жылынды деген.

Телефон шыр ете қалды. Нұсқаушылар бәрі дайын екенін айтты.

— Қазір көрейік. Жүріңіздер, — деді Жанайдаров. Біздің елде ескерткіш түгіл көшеде жатқан ақшаны ешкім алмайды.

Олар дүрлігіп алаңға келгенде қолына жаңа қой терісін ұстап тұрған ескерткішті көрді.

— Ешкім де ұрлаған жоқ. Әне, ескерткіш орнында. Комбинат қызметкерлері оның қолына жаңа тері ұстатып та үлгеріпті, — деді Жанайдаров ұйқылы-ояу, немқұрайды үнмен.

Джонс пен аудармашы жүректерін ұстап, теңселіп тұрып қалды. Олар машинаға отырып кеткен соң идеология секретары:

— Әй, Әштен, ана шетелдіктің сумкасын қайтар. Бүкіл елді ұятқа қалдырасың, — деді жоғары қарап тұрып. — Оны сенен басқа ешкім алған жоқ.

— «Адидас» деген сумка балама керек боп жүр еді...

— Ертең қоймадан біреу емес, екеуін таптырып берем. Қайтар.

— Жарайды,— деді ол тұғырдан түсіп келе жатып. Бірақ жаңа біржола