23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Джек Лондон

Джек Лондон, (Джон Гриффит) (1876 — 1916, Сан-Франциско маңы, АҚШ) — америкалық жазушы.

Күмән






Картер Уотсон әлдебір журналдың жаңа санын қолтығына қысып, маңайына қызықтай қарап, асықпай аяңдап көшеде келе жатты. Мұнда жиырма жылдан бері болмап еді, байқаса — барлық жағы адам айтқысыз өзгерген екен. Баяғыда, бұның бала кезінде, осы бір батыс түкпірдегі қаланың небәрі отыз мыңдай ғана тұрғыны бар-ды, ал қазір ол үш жүз мыңнан асыпты. Өзі жүріп келе жатқан осы көше кезінде тып-тыныш жұмысшы кварталы болатын, ал бүгінде бұл иіс-қоңысты қабақ притондармен кезектескен қайнаған қытай, жапон дүкендеріне лық толыпты. Ал балалық шағының ең бір тәтті сәттері өткен мына мамыражай көше енді қаладағы нағыз бұзықтардың жынойнағына айналған.

Ол сағатына қарап еді, алтыға жарты қалыпты. Күннің бұл сүтшде мұндай жерде көзге көп ештеменің іліге бермесі белгілі, Уотсон бұны жақсы білетін, алайда көкірегін әлі де көре түссем деген бір құмарлық билеген. Жиырма жыл бойы дүние жүзін аралап, көптеген елдің әлеуметтік жағдайын зерттеп жүрген уақытында, ол дүниедегі ең бір жайлы да тыныш мекен ретінде, осы қаланы жиі еске алып отыратын. Ал мынадай өзгеріс оны естен тандырған. Бұның бәрін өз көзімен көріп, туған қаласының қандай масқара күйге түскенін байқау үшін ол тағы да біраз қыдыра түсуді жөн көрген.

Картер Уотсон азаматтық ар-ожданды бәрінен де жоғары қоятын адам еді. Ол ешкімге тәуелсіз де дәулетті жан болғандықтан біреулердің шақырғанын мәртебе көріп, әр түрлі орта төрінде, құрметті дастарқан басында шалқайып отыруды аса ұната бермейтін; сондай-ақ өнер жұлдыздары мен жүйрік шабандоздарға да әуестігі жоқ-ты. Оның айналдырғаны — негізінен мораль мәселесі еді, бұл жағынан ол өзін реформатор санайтын, алайда уақытының көбін ірілі-ұсақты журналдарға материал жариялап, жұмысшы табы мен жарлы-жақыбайлар туралы керемет кітаптар жазуға жұмсайтын.

Оның жұртты елең еткізген жиырма жеті еңбегінің кейбірі былай аталушы еді: `Егер Иса Жаңа Орлсанға оралған болса`, `Жадаған жұмысшы`, `Берлиндегі тұрғын үй реформасы`, `Англиядағы лашық — радикализм мекені` және `Өркениет кезінде үңгірлерді мекендеген адамдар` т.б...

Дегенмен Картер Уотсон фанатик те, қиялшыл да емес-ті. Қорқынышты жағдайларға тап болса, ол абдырап, үркіп қалмайтын — оны тексеріп, ақиқатын ашуға ұмтылатын. Балаң энтузиазм де оның табиғатына жат болатын. Оның азаматтық тұлғасын қай жерде де биіктетіп тұратын қасиеттер: жылдар бойы жинақталған өмірлік тәжірибе, жанды жадыратар әдемі әзіл, философиялық ой-түйін және салқынқанды сабыр еді. Ол ешқандай төбедөн түскен олжа мен төтесінен жеткен бақытты мойындамайтын: адамзат өзінің асқар биігіне тек үлкен құрбандықтармен, ерен еңбек, толайым бейнеттермен ғана жетеді, бұған дейін де осылай болған, бұдан кейін де солай бола бермек — міне, оның сенімі. Ол бір-ақ сәтте түбірімен өзгеріп шыға келген құбылысқа қашан да күмәнмен қарайтын, өйткені оның әлгі сенімі бойынша адамзат қоғамы бар байлық пен бақытқа эволюциялық жолмен, күреспен, маңдай термен жетуге тиісті.

Жаздың осы бір қоңыр кешінде Картер Уотсон төңірегін — түгелдей жан-жақты зерттей түсуге тырысқан. Осы мақсатпен ол маңдайшасына `Вандом` деген жазуы бар домхананың алдына келіп тоқтап еді. Бұл кішігірім ғимараттың ішке бастайтып екі есігі бар екен. Біріншісі бірден буфет бөлмесіне апаратын секілді. Уотсон бұл есікті зерттегісі келмеді. Ал екінші есіктен әрі қарай жіңішке дәліз көрінген. Ол онымен жүре келіп, үстелдер мен орындықтар қойылған кең бөлмеден шықты. Мұнда жан баласы жоқ екен. Бір бұрыштан құйсандықты көзі шалды. Ол іштей: мұнда кейінірек келіп, мына үстел басында ішіп отырғандарды былай байқап көру керек, деді де, одан әрі жылжыды.

Бөлмеден әріге созылып жатқан кішірек дәліз ас үйге апаратын еді. Мұнда `Вандомның` иесі Пэтси Хоран кешкі қонақтар келер алдында асығыс-үсігіс тамақтанып жатқан-ды. Бүгін оны таңертеңнен бері шаруасы жүрмей, бас терісі қыртысып-тыртысып, ұрынарға қара таба алмай отырғаны және бар. Бұны `Вандом` қызметшілері мана-ақ білген. Ал Картер Уотсон қайдан білсін. Ол есіктен кірмей жатып, Пэтси Хоранның қызарып отырған көзі бұның қолтығына қысып алған алабажақ журналына түскен. Пэтси Картер Уотсеннің кім екенін білмейтін, сондай-ақ оның қолтығына қысып алғаны — әншейін бір иллюстрациялы журнал екенін де білген жоқ-ты. Бас терісі келіспей тұрған ол бұл бейтаныс адамды қабырғаға жарнама, хабарландыру жапсырып, желіммен немесе үшкір бастырмалармен қолы тиген жердің бәрін бүлдіріп жүретін әлдебір субъектіге балаған. Міне, кейін насырға шапқан үлкен істің басы осыдан басталып еді.

Қолына шанышқы мен пышақ ұстаған Пэтси Картер Уотсонға тұра ұмтылып:

— Шық кәне! — деген баж етіп. — Білем мен сендердің не істейтіндеріңді!

Картер Уотсон абдырап қалды. Күтпеген жерде алдынан албасты шыға келгендей.

— Қабырғаны сатпақтағың келеді, ә?! — дейді Пэтси айқайлап, қайдағы бір жиіркенішті, өткір сөздердің ең таңдаулылары лек-легімен төгілді дейсің сосын.

— Егер мен сізді абайсызда ренжітіп алсам...

Кешкі қонақтың алғашқысына бұдан әрі сөйлеу бұйырмаған, Пэтси оған ауыз аштырмап еді.

— Жап аузыңды! Жоғал әрі! — дейді ол бір жағынан қолындағы пышақ пен шанышқысын шошаңдатып.

Картер Уотсон шанышқының қалай бүйіріне кіретінін лезде елестетіп үлгерген де, расында да `ауызды жапқанды` дұрыс көріп, есікке қарай шегіншектей түсіп еді. Алайда оның бұл жұмсақ шегінісі Пэтси Хоранды одан сайын құтыртып жібергені сондай, ол қолындағы шанышқы мен пышақты тастай салып, Картерге тұра ұмтылған.

Пэтси Хоранның салмағы жүз сексен фунттай болатын. Уотсон да дәл сондай-тұғын. Яки бұл жағынан екеуінің бірінен-бірі асқаны жоқ. Бірақ Пэтси нағыз трактирлік төбелескіш, әпербақанның өзі болса. ал Уотсон жұдырығы темір боксшы еді. Оның артықшылығы осы-тұғын. Пэтси қолын құлаштай сілтеп еді, бірақ тигізе алмай, ауаны бос осып өтті. Уотсон оның қарымын қайтарып, қаша жөнелуі керек-ті, алайда ол мұндайда қолданатын (қала қалтарыстарын зерттеп жүргенде, қаңғыбас бұзықтардан көріп үйренген) тағы бір айла-тәсілі бар-тұғын: қарсыласына жұдырық жұмсаудың орнына ол жалт бұрылып, көлденең еңкейе қалған. Қатты ұмтылып келе жатқан Пэтси оған оңбай соғылып, екеуі бірдей омақаса құлап еді. Құлағанда... әрқайсында жүз сексеннен салмағы бар, үш жүз алпыс фунт дүние кескен теректей гүрс ете түсіп еді. Уотсон ес жиғанда, қарсыласының астында жатқанын байқады. Жатқан жері — төргі қабырғаның түбі екен, сыртқа шығаратын есікке дейін жүз елу футтай көрінді, тезірек бір әрекет жасамаса болмайды. Ең бастысы — шу шығарып алмау керек! Ертеңгі күні аты-жөні газет бетінде жүрсе, өзі туып-өскен мына қаладағы туған-туыс, дос-жаран не дейді, не деп түсінеді бұны? Масқара!

Ол үстінде жатқан адамды қапсыра құшақтап, қатты қыса түсіп, сырттан келер көмекті тағатсыз күтті. Көп өтпей-ақ ол көмек те келді: залдан жүгіріп шыққан соқталдай-соқталдай алты жігіт еденде итектеліп жатқан бұларды айнала қоршап тұра қалған.

— Жігіттер, алыңдаршы мынаны үстімнен! — деді Уотсон. — Мен оған тигем жоқ, тигім де келмейді.

Бірақ қарап тұрғандар үндеген жоқ. Уотсон да қарсыласын қатты қысқан құшағын жазбаған. Пэтси қайта-қайта бұлқынып, оны ұрғысы келеді, бірақ ұра алмайды.

— Қолыңды босат, сонда түсем үстіңнен, — деген ол бір сәт.

Уотсонның оны босатқаны сол Пэтси орнынан ұшып тұрып, қайта еңкейген күйі жатқанға жұдырығын сілтеп те үлгерген.

— Тұр! — деді ол сосын бұйырып.

Даусы құдды Қиямет күнгі сұрапылдың даусындай күркіреп шығып еді, енді одан жақсылық күту мүмкін емес екенін Уотсон да түсінген.

— Әрірек барып тұр, сонда тұрам, — деген ол да.

— Тұр деген соң, тұр егер еркек болсаң! — деді Пэтси айқайлап; оның көкшілдеу көзі ұшқын атып, тағы да барынша сілтеп қалу үшін жұдырығы жұмыла берген-ді.

Бірақ ол қарсыласын беттен тепкісі келіп, он аяғын артқа тартып көтере түскенде... Уотсон екі қолын айқастыра қойып, бетін қорғаған да, сосын орнынан атып тұрып, Пэтси теуіп үлгергенше оны ұстап та үлгерген. Сол ұстап тұрған күйі:

— Жігіттер, мына бәлені алып кетіңдерші! Мен оған тисіп тұрмағанымды сендер де көріп тұрсыңдар ғой, міне, — деген куәгерлерге жалынғандай, — Бұнымен төбелесіп қолымды былғағым келмейді. Тек құтылсам болды бұдан.

Қоршап тұрғандардан ешқандай қозғалыс білінген жоқ, бәрі бұларға бедірейе қарайды. Бұның ар жағында бір бәле барын сезген Уотсонның жүрегі шіміркене қалған. Пэтси оны аяқтан шалып құлатқысы келіп еді, бірақ Уотсон оны тік көтерген күйі жерге салып ұрды да жалма-жан сыртқа ұмтылды. Алайда жаңағы қоршап тұрғандар алдын бөгей қойған. Түрлері суық, беттері ісінген және құдды күн көрмегендей жүздері күлгін тартқан екен;

Уотсон осыған қарап бұлардың түні бойы қаланың шеткі аймақтарын торып жүретін түнгі қарақшылар екенін білді. Олар Уотсонды қақпайлап қайта Пэтсиге жақындата түсті. Ал ол бұған тағы да өршелене ұмтылсын. Уотсон оны манағыдай шап беріп ұстап, құшағына қыса қойған да, қарақшыларға және үмітпен қараған. Бірақ мелшиіп-мелшиіп тұрған олардан кесіп алса қан шықпақтайтыны сезіліп еді. Уотсон түңілді. Ол осындай қалтарысты жерлерде жалғыз-жарым жүргіншілерді быт-шыт қып соғып, қабырғаларын сындырып, кейде тіпті кемтар етіп кеткен талай жағдайларды білетін еді. Ол сондай-ақ бәледен аман-сау құтылғысы келсе, ешкімге қол көтермеу керектігін де жақсы түсінген болатын.

Бірақ бір жағынан, мынадай әділетсіздікке іші де қыж-қыж қайнайды. Бір адамға — жеті адам! Бұдан артық қандай қорлық болады. Бұған және қалай шыдауға болады! Ол ызадан қаны басына шапшып, бар күшін салып бұлармен төбелескісі келді. Алайда өнелі мен балалары, бітпей жатқан кітабы, таудағы әдемі ранчосы түскен. Ранчо болғанда қандай! Жерінің өзі ғана он мың акрден асады. Бұдан соң Уотсонның көз алдына бір сәт күн шуағына малынған мөп-мөлдір аспан, гүлге оранған кең алқап, сылдырай аққан тасбұлақ, бұлақ ішінде қаптай жүзген қара балықтар келіп еді. Қандай керемет көріністер! Өмір деген осы ғой, шіркін! Ендеше етқызумен тәуекелге бел буу жөн бе осы? Осыны ойлағанда, Уотсонның жаңағы қайнап басына шыққан қаны қайта салқындап, сабырға бой жеңдірген.

Оның құшағында тұрған қарсыласы қатты бұлқынып, екі аяғымен кезек-кезек тепкіленіп, қалайда қарулы қолдың қыспағынан босап алғысы келеді. Уотсон оны тағы да еденге етбетінен түсірді де, сосын өзі есікке қарай тұра ұмтылып еді, бірақ Пэтсидің ауызжаластары оны қайта қайырып ішке тықты. Бұдан әрі Пэтсидің жұдырығынан жалтара қаша жүріп, бір ыңғайы келген сәтте оны және манағыдай құшақ құрсауына тығып жіберген. Пэтси бұлқынады, бұл босатпайды. Пэтси айқайлап тепкіленеді, бұл оны үнсіз қыса түседі. Пэтси кенет басымен ұрғылауға кіріскен: оның маңдаймен ұрған бірінші соққысы Уотсонның мұрның дал қылды. Енді оған бет жағын қорғамасқа болмайтын еді, сондықтан ол келесі `шаубыл` кезінде басып Пэтсидің кеудесіне тіреп алған. Алайда Пэтси бұл тұста да ұрудың амалын тауып, Уотсонның тура төбесінен өз маңдайымен қойып қалды. Бірақ ол бұнысымен өзінің қасын жарып, көзін ісіріп бір-ақ тынды.

Осынау аяусыз біржақты ұру он-он бес минутқа созылған. Біржақты болатыны, осы төбелес басталғалы Уотсон жұдырықтан жалтарғаны, қорғанғаны болмаса, өз тарапынан бір рет те қол көтермеп еді. Уотсон арпалысты сәттің бір дамылдай қалған тұсында үстелдерді айнала қаша жүріп, есікке жақындап-ақ қалып еді, алайда беттері күн көрмеген күлгін түсті адамдар оны етегінен шап беріп, Пэтсидің алдына итере салды. Тағы да бірін-бірі қуу. Тағы да ұстасу. Уотсон ақыры оны белінен мықтап құшақтаған күйі айналдырып-айналдырып шалқасынан түсірген де, ол ес жинағанша бар пәрменімен есікке ұмтылған. Сәтін салғанда, бұл жолы ол қоршауды бұзып өтіп, алба-жұлба, жаланбас, мұрны қан-қан қалпы далаға атып шықты. Тура сол сәтте алдынан полисменнің тап бола қалғаны.

— Тұтқындаңыз мына адамды! — деді Уотсон алқына дем алып. — Алло, Пэтси, — деді полисмен, — не боп жатыр бұл жерде?

— Алло, Чарли, — деді оған ар жақтан. — Мына малғұн ішке кіріп келіп...

— Тұтқыңдаңыз мына адамды, полисмен! — дейді мына жақтан Уотсон тағы да.

— Эйда! Эйда! Кет! Қараңды көрсетпе! — дейді соңынан Пэтси.

— Иә! Жоғал әрмен! — деп қостайды оны полисмен. — Егер қараңды тезірек батырмасаң, осы күніңе зар боласын қазір.

— Жоқ сіз мына адамды тұтқындамайынша мен ешқайда кетпеймін. Ол қарадан қарап тұрған мені бас салып, жұдырықтай бастады.

— Бұл рас па, Пэтси? — деп сұрады полисмен.

— Жоқ. Мен саған бәрін айтып беремін, Чарли. Менің ешқандай кінәм жоқ. Бұған алдымен Құдай куә, сосын мына тұрған жігіттер. Мен өз үстелімде жайбарақат тамақ ішіп отырғам. Кенет бұл кіріп келді де, бірден маған соқтыға бастады. Мұндай малғұнды бұрын көрсем, көзім шықсын. Менде не әкесінің құны қалғанын білмеймін. Артынан байқасам — қып-қызыл мас!..

— Ay, маған қараңызшы, полисмен! Менің қай жерімнен мастығымды көріп тұр бұл, — дейді социолог күйініп.

Полисмен бұған алакөзімен бір қарады да, сосын шұғыл Пэтсиге бұрылып, айта бер дегендей иек қағып қойды.

Айтып тұрмын ғой ол маған бірден өзі соқтыға кетті деп. Сонда қалай дейсің ғой? `Сендер мені білесіңдер ме, дейді гүжілдеп. Мен — Тим Мак-Грэттің тура өзімін. Қаласам, қай-қайсыңды да жерге қағып жіберемін`. Мен күлдім, ал ол иығымнан бүре ұстап, ары-бері жұлқылай бастады. Алдымдағы сорпа-суаным төгіліп, киімімді былғады. Содан кейін бұның не істегені, міне, көгерген көзімнен де көрініп тұр ғой.

— Жә, не істемек ойыңызда бар, полисмен? — деді Уотсон.

— Жоғал! Көзіме көрінбе! Әйтпесе темір тордың ар жағынан бір-ақ шығасың!

Осы мезетте Уотсонның ішкі дүниесінде бостан азаматтың ізгі ниетті қарсылығы бас көтерген.

— Мен наразылық білдіремін.

Міне саған наразылық дегендей Полисмен бұған жалт бұрылып, желкесінен сығымдай ұстаған күйі сілкіп-сілкіп жібергенде, бұл екі аяғына әзер ие болып қалып еді.

— Түс алдыма қанеки! Сен тұтқындалдың!

— Ананы да тұтқындаңыз! — деді Уотсон талап етіп.

— Онда шаруаң болмасын! — деген полисмен. — Тып-тыныш тамағын ішіп отырған адамға неге тисесін сен?

II

Әрине, Уотсонның зығырданы қайнайтын жөні бар еді. Оның жазықсыздан жазықсыз таяқ жеп, мұрны қанап, одан соң тұтқындалғаны аздай — ертеңгі газеттердің бәрі оның `мас күйінде` әйгілі `Вандом` қожасымен қалай `жанжалдасқаны` туралы небір арсыз мақалаларды бірінен соң бірі жарыса жариялаған. Бұлардың болмағанда бірінде иненің жасуындай шындық жоқ-ты. Пэтси Хоран мен оның ауызжаластары төбелестің мән-жайын бүре-шігесіне дейін баяндап берген. Бәрі бір ауыздан Картерді мас еді дейді. Біз оны үш рет сыртқа сүйреп шығарып жібердік, бірақ ол үш ретінде де қайтып келіп, өкіріп-бақырып, бәріңді қырам-жоям деп, трактирді басына көтерді, дейді. Уотсон белгілі бір газеттің бірінші бетінен: `Көрнекті социолог мас күйінде тұтқындалған` дегенді оқыды. Жанына табақтай етіп суретін де басыпты. Басқа газеттердің де жетістіргені шамалы. Мақала аттарын қараңыз.

`Картер Уотсон чемпион атағынан үміткер!`

`Картер өз ісіне қарай сыбағасын алды!`

`Белгілі социолог қабақты қиратып кете жаздады!`

`Пэтси Хоран Картер Уотсонды үш раундта нокаудқа түсірді!`

Картер Уотсон кепілдікке босаған күннің ертеңінде `Пэтси Хоран деген біреуге соқтығып және оны ұрғаны үшін айыпты Картер Уотсонге халықтан түскен шағым бойынша` жауапкер ретінде полиция сотына келді. Алайда іске кіріспес бұрын `халықты` жәбірлеушілердің барлығын айыптаушы ретінде ақы алатын прокурор Уотсонды шеткері шығарып алып, мынадай бейресми әңгіме қозғаған.

— Осы істі былайша-ақ жаба салуға болмас па? — деді ол — Яки менің сізге айтар ақылым, мистер Уотсон, сіз мистер Хоранмен қол қысысып татуласа салыңыз. Бітті бәрі де сонымен! Сосын істі жабуға сотқа менің бір-ақ ауыз сөзім жеткілікті.

— Ау, мен сізден мұндай көмек сұрап тұрғам жоқ қой, — деді Уотсон қабақ шытып. — Сіздің міндетіңіз мені анау, анау әлгі жексұрынмен татуластыру емес, айыптау емес пе!

— О, асықпаңыз, мен сізді айыптағанда, қалай айыптайтынымды көресіз әлі! — деді прокурор жұлып алғандай.

— Ондай жағдайда сіз анау Пэтси Хоранды да айыптайтын боласыз, — деп ескертті Уотсон. — Өйткені маған қол көтеріп, соққыға жыққаны үшін мен де оны сотқа беремін.

— Мен қайталап айтамын: ең дұрысы — сіздердің татуласып, бір-бірлеріңіздің қолдарыңызды қысу. — Прокурордың бұл жолғы сөзінен әлдебір қорқытуға ұқсас ызғар сезілген.

Қысқасы екі істі де бір аптадан кейін полиция соты Уитбергте қарау белгіленген.

— Бұл сотта сенің жеңуің екіталай, — деді Уотсонның бала күнгі досы, қаладағы ең үлкен газеттің бұрынғы редакторы. — Әрине, ол иттің сені ұрғанына ешкім күмәнданбайды. Өйткені оның кім екені мұндағылардың бәріне белгілі. Бірақ одан саған түк те пайда жоқ. Екі істі де тең етіп қысқарта салады. Бұның өзі де сенің — сен болғаның үшін ғана. Ал аты-жөнің белгісіздеу болсаң, оған да зар боп қалар едің.

— Түкке түсінсем бұйырмасын! — дейді социолог кіржиіп. — Қарадан қарап маған біреу тиіседі, соққыға жығады, ал мен оған саусақ ұшын тигізбеймін. Сөйте тұра...

— Бұл маңызды емес, — деп сөзді досы бөліп жіберді.

— Сонда не маңызды? Айтсаңшы.

— Ал айтайын, тыңдай бер. Сен жергілікті полиция мен барлық саяси машинаға қарсы келдің. Сонда сен кімсің? Сен тіпті біздің қаланың тұрғыны да емессің. Мұнда сенің сайлауға құқың жоқ, демек сенің сайлаушыларға да ешқандай ықпалың жоқ. Ал әлгі қабақтың қожайыны — өзі тұрған аудандағы барлық сайлаушыға сөзі өтетін адам. Ертеңгі күні сайлауда ол кімді сайлатамын десе, соны сайлата алады.

— Сен сонда маған сот Уитберг өзінің қызметтік анты мен барлық парызын тәрк етіп, ана хайуанды ақтап жібереді дегің келе ме?

— Көресің әлі, — деді досы түнеріп. — Одан бәрі де шығады. Және оп-оңай. Ол адам құқығы мен әділет жөнінде небір керемет сөздерді судай сапырып келіп, ақыры ешбір заңға, ешбір әділетке сыймайтын үкімді шығарады да салады.

— Ay, сонда газеттер қайда қарап қалады? — дейді Уотсон таңданып.

— Газеттер билікке қарсы жел боп тимейді. Қажет десе, бетіңе кірді бес қабат жаға салады олар. Қазірдің өзінде жаппай жамырап не жазғанын көріп отырсың ғой.

— Байқауымша, олар хаттамада жазылған шындыққа да қарамайтын болды ғой.

— Оларға шындық не керек! Ең бастысы, өз жазғандарына жұртты сендіре алса бопты да. Ал сендіру үшін бар өнерлерін, бар арсыздықтарын жұмсайды да. Айтпақшы, сен олардың хат-таманы да жоғарыдағылардың нұсқауымен жазатынын білмеуші ме едің? Яки билік басындағылар шындық олай емес, былай десе болды — иманыңды үйіре бер сен. Қысқасы, істі оған жеткізбегенің жөн. Әйтпесе, сау басыңа сақина тілеп алуың әбден мүмкін.

— Бірақ іс сотқа кетіп қалды ғой.

— Онда тұрған не бар. Сен қаласаң, қазір-ақ бар істі жаба салады. Адамның машинамен күресуі қиын ғой, егер әлдебір машина ғайыптан оның пайдасына жұмыс істеп кетпесе.

III

Картер Уотсон бірбеткей адам еді. Ол машина өзін жаншып жіберетінін жақсы түсінген, алайда ол өмір бойы өзінің әлеуметтік іс-тәжірибесін байыта түсуге ұмтылған жан ғой, ал мына жағдай оған әлдебір тосын дүние ұсынатындай көрінген.

Сот болатын күні таңертең прокурор істі былайша тындыра салу жөнінде тағы бір талпыныс жасап еді.

— Егер сіз осындай ойда болсаңыз, менің онда адвокат шақырғаным жөн болар, — деді Уотсон.

— Одан пайда жоқ, — деді прокурор. — Маған халық істі жүргізгенім үшін ақы төлейді, демек мен оны жүргізуге тиіспін. Есіңізде болсын — бұл істе сіздің ұтып шығатындай ешқандай мүмкіндігіңіз жоқ. Біз екі істі біріктіре саламыз — сонымен бәрі де тәмам!

Уотсон сот Уитбергті алғаш көргенде-ақ ұнатып қалды. Ол өзі бетіне иман ұялаған, жылы жүзді, әп-әдемі, жас жігіт екен. Қоңырлау келген кішірек көздерінен ұшқыр ой мен терең ақылдың нышаны сезіледі. Бәрінен бұрын осы көздердің адамға деген қарасында бір түрлі жылылық бар секілді. Уотсон осының бәрін өлшеп-піше келіп, ескі досының өткендегі сөзін еске алғанда, `біреу туралы сырттай қалай жаман ойлауға болады` деп бір қойған.

Бірақ ол көп өтпей-ақ бұл жағынан досы емес, өзінің қатты қателескеніне көзі жеткен-ді. Пэтси Хоран мен оның екі сойыл соғары айыптаудың неше түрін ойластырып үлгерген екен. Уотсон егер бұны өз құлағымен естімесе, біреудің сөзіне сенбес те еді.

Олар тіпті төбелес кезінде сол жерде болған басқа төрт куәгерді де жоққа шығарған! Ал куәлік беріп тұрған екеудің бірі — мен ас үйде отырғанда мына кісі кіріп келді де, әй-шәй жоқ, Пэтсиге соқтыға бастады, десе, екіншісі: мен көрші бөлменің есігінен бәрін көріп тұрдым. Бұл Уотсон деген адам қабаққа екі мәрте кіріп, тып-тыныш отырған Пэтсиді иығынан жұлқылап, алдындағы тамағын төгіп, ақыры соққыға жығып тынды, деген. Олардың Уотсонның аузынан шықты деген боқтық сөздердің ойдан соншама дөрекі де өтірік құрастырылғаны сондай, осы сөздерімен-ақ олар өздерін ұстап бергендей еді. Әйтпесе, көпшілікке зиялы атымен танылған, белгілі социолог Картер Уотсон сондай лас сөздерді айтты дегенге кім сенеді. Сосын олар Пэтси бейшараны ол былай ұрды деп, қабырғаны қаусатар ең керемет соққыларды суреттеген кезде, Уотсонның тіпті күлкісі келген, бірақ сот процесінің комедияға айналғанын көру одан да қиын еді. `Құдай-ау, адамдар қандай құлдырауға жеткен, дамудың биік сатысына жету үшін бұларға енді қаншама уақыт керек!` деп ойлады ол

Айыптаушылардың сөзіне қарап, Уотсон өзін-өзі танымай отырды. Қалай танысын, басқаны былай қойғанда, ең ата жауының өзі бұны осыншама басбұзар, содыр да сойқан адам деп білмес еді. Жалған куәлік беру кезінде жаңылу, шатасу дегендер ылғи да болып тұрады, бұл жерде де күмәнді, күдікті мәселелердің төбесі талай рет қылтиып қалған. Бірақ сот, неге екені белгісіз, оларды байқаса да байқамаған болды, ал прокурор ондай тұста бірден жалтарып кетіп отырды. Уотсон алғашында қорғаушыны шақырмағанына өкінгендей еді, енді соным дұрыс болған екен деп ойлаған іштей.

Бұл айыпталушы тұратын үстелге келіп, іс жөнінде баяндай бастаған кезде, сот Уитбергке деген әлдеқандай бір сенімін жоғалтпаған еді.

Бірақ ол:

— Мен кешкілік серуендеп жүріп, бұл кабакқа кездейсоқ... — дей бергені сол, сот сөзді бірден бөліп жіберсін.

— Сіздің бұрын не істеп, не қойғаныңыздың бізге түкке де қажеті жоқ, — деді ол сызданып. — Кім бірінші қол жұмсады? Бізге соны айтыңыз!

— Құрметті сот, — деп Уотсон сөзін одан әрі жалғастырды. — Менің куәлерім жоқ, сондықтан менің сөзімді аяғына дейін тыңдамайынша сіз істің нақты мән-жайына қанығуыңыз қиын болмақ.

Осы тұста сот тағы да бұның аузына қақпақ болған.

— Біз бұл жерде журнал шығарғалы отырғамыз жоқ, — деп барқ ете қалды ол Әлгінде ғана жүзіне иман үйірілгендей боп отырған соттың қас қағымда қалай өзгере қалғанына Уотсонның миы жетер емес.

— Кім бірінші ұрды? — деді Пэтсидің адвокаты. Кенет сөзге прокурор араласып, қазір негізінен екі істің қайсысы қаралып жатқанын, Пэтси адвокаттың айыпталушыға сұрақ қоюға қандай қақысы барын түсіндіріп беруді талап еткен. Адвокат жым болды. Сот Уитберг бірінші іске қосып жіберген екінші іс туралы мүлде хабарсыз екенін мәлімдеді. Бұның бәрі түсініктемені қажет ететін еді. Іс жайына қалып, ұлы майдан басталып кетті де, ақыры екі заңгер алдымен соттан, сосын бір-бірінен кешірім сұрап бір-ақ тынды. Уотсон құдды қарсы алдынан бір адамды ары-бері қақпақылдай итеріп, оның қалтасынан әмиянын қағып алу үшін жанталасып жүрген бір топ қарақшыны көріп тұрғандай болды. Иә, машина іске қосылды — басқа ештеме де емес.

— Сіз осындай атақ-абыройы шамалы үйге не үшін кіріп жүрсіз? — деді олар Уотсонға. Ал бұған жауап ретінде ол:

— Менің экономика мен әлеуметтік мәселелерді зерттей бастағаныма, міне, бірнеше жылдың жүзі болды... - дей беріп еді, сот Уитберг:

— Сіздің `зерттеу-мерттеуіңіздің` бізге түкке де керегі жоқ, — деп бір-ақ салды. — Сұрақ түсінікті. Соған нақты жауап беріңіз. Сіздің мас болғаныңыз рас па, жоқ па? Осыдан басқа сөз жоқ.

Уотсон Пэтсидің өз бетін өзі бұның басына қалай ұрып жаралағанын енді айта бастаған кезде бәрі бұған күле қараған да, сот сөзді тағы тоқтатып тастаған.

— Сіз тек қана шындықты айтам деп берген антыңыздың қаншалықты қасиетті екенін өзіңіз тіпті мысқалдай сезіне аласыз ба? — деді ол түтігіп. — Ал айтып тұрған сөзіңіз мынау, нағыз сандырақ! Ау, ойлаңызшы, адам өзінің жұп-жұмсақ бетін қалай өз қалауымен сіздің тастай қатты басыңызға ұрғылайды, а? Біз сізді есі бар, саналы азамат дейміз. Бірақ сөздеріңіз ешбір қисынға қабыспайды. Әйтпесе өз басын өзі ұрды дегенге кім сенеді!

— Ашу үстінде адам не істемейді, — деді бұл салмақты тіл қатып.

Бұл сөз соттың шамына тиіп кетсе керек, шабына от түскендей ыршып түскен.

— Мұндай сөз айтуға сіздің қандай қақыңыз бар? — деді ол долданып. — Бұның іске ешқандайда қатысы жоқ. Бұл жерде сіз тек қана куәлік етуге тиіссіз. Ал анау-мынау туралы ой-пікіріңізді қалтаңызға салып қойыңыз, білдіңіз бе!

— Мен тек сұраққа жауап бердім, мәртебелі сот, — деді Уотсон жаңағы сабырлы қалпынан жазбай.

— Сіз өйтіп жалтармаңыз! — деп, сот тағы да айқайға бассын. — Есіңізде болсын, сэр, сіз өзіңіздің мынадай оспадар мінезіңізбен бәрін де өзіңізге қарсы қойып аласыз. Сіз үшін мен ұялып отырмын қазір.

`Вандомда` болған оқиға жөнінде айтып тұрған айыптаушының сөзінен кейін іле-шала басталып кеткен адвокат пен прокурор арасындағы казуистік пікірталас уақытында, Картер елді басқарып отырған мына аса зор да қуатты, сонымен қатар тым бейшара машинаның қалай жұмыс істейтінін бір жағынан қызыға. екінші жағынан іші удай ашыған күйде ұзақ бақылады да отырды. Міне бұның көз алдында, сот камерасында... әншейін түкке тұрғысыз көптеген сайлаушыларды қолында ұстап отырғаны үшін ғана қайдағы бір кабакшының алдында жайылып жастық, иіліп төсек боп жатқан соттың сиқы мынау. Ұрып-соғу жөніндегі осы бір түкке тұрғысыз сот ісі әлгі күрделі де күшті машинаның барлық қалалар мен штаттарда жүргізіп жатқан жүздеген, мыңдаған жиіркенішті жұмыстарының бірі ғана.

Уотсонның басында: `Ау, бұл дегеніңіз күлкілі ғой!` деген бір тіркес дыңылдап тұрып алды. Талас-тартыстың ең қызған кезінде, бұл шыдамай тіпті қыстыға күліп жіберген. Сосын іштей ол мына отырған заңгерлер мен дөрекі соттан сауда кемелеріндегі жуан жұдырық штурмандар мың есе артық деп ойлады: олар тек шабуылдап қана қоймай қорғана да біледі, ал бұл ұсақ жексұрындар заңның артына тығылғаннан басқа не біледі. Иә, белгілі бір жалақы алып жұмыс істейтін бұл кәсіпқой азаптаушылар алдымен өздері шабуылдайды, сосын түрме камералары мен полисмендер таяғының артына тығылып алып, қарсыластардың қарсы соққы жұмсауына мүлде мүмкіндік бермей қояды. Уотсон қандай жағдайда да ашу-ызадан бойын аулақ ұстаған. Бүкіл процедураның жабайылығы мен жөнсіздігі тек қана ащы күлкі шақырып тұрған-ды. Уотсонды құтқарып қалған да оның осындай күлкі мен мысқылға іштей аса бейімдігі еді.

Қандайда бір қорқытып-үркіту мен жүйкеге тиюге қарамастан ол төбелес барысын барынша дәл де сенімді түрде суреттеп беруге шамасы жетіп еді. Сондай-ақ қасақана шатастыру мақсатында қойылған көлденең сұрақтардың бәріне орнықты жауап бере тұрып, өзі куәлік еткен көрген-білгендері төңірегінде де мысқалдай күмән-күдік қалдырмаған. Керісінше Пэтси мен оның екі жақтасы қызбалана алға тартқан куәліктің әр сөзінен өтірік иісі аңқып тұрған-ды.

Дәл Пэтсидің адвокаты сияқты прокурор да айыптауды ешбір негізсіз қолдап шыға келді. Уотсон бұған қарсылық білдіріп еді, бірақ прокурор өзінің қоғамдық айыптаушы екенін мәлімдеп, яки өз ісін білетінін айтып оған ауыз аштырмады.

`Патрик Хоран өз өміріне қауіп төнгенін, сондықтан оны қорғауға мәжбүр болғанын дәлелдеуге тырысты, — делінді сот шығарған үкімде. — Осыған ұқсас мәлімдемені мистер Уотсон да жасады. Бұлардың әрқайсысы ант аясында бірінші соққыны қарсыласы жасады деп сендіреді. Сондай-ақ екеуі де өз қарсыласы тарапынан ешбір жазықсыз жапа шеккені жөнінде ант-су ішеді. Ал заң бойынша, күмән дәлелденбесе, іс жауапкердің пайдасына шешіледі. Біз қараған істе осы бар. Сондықтан `Халық Картер Уотсонға қарсы` деген істе күмәнді мәселенің бәрі жоғарыда аталған Картер Уотсонның пайдасына шешіліп, ол тұтқыннан босатылады. Мұндай жағдай `Халық Патрик Хоранға қарсы` деген іске де тән`. Яки мұндағы мәселелер Патрик Хоранның пайдасына шешіліп, ол да тұтқыннан босатылады. Мен сіздерге бір-бірлеріңіздің қолдарыңызды алып, татуласуды ұсынамын`.

Уотсон кешкі газеттердің бетінен мынадай мақала аттарын көрді: `Картер Уотсон ақталды!` `Картер Уотсон айыппұлдан құтылды!` Бірақ бәрінен де `Картер Уотсон — жігіт!` деп басталатын материалдың шоқтығы биік тұрды. Онда сот Уитберг екі төбелескішке бір-бірінің қолдарын алуға кеңес бергенде, екеуі бірдей бұған қуана келіскені айтыла келіп, оның соңы былай аяқталыпты.

Қайтеміз, мынадай жағдайдан кейін аздап тартып жібереміз бе? — деді Пэтси Хоран.

— Менде қарсылық жоқ, — деді Картер Уотсон. Бұдан соң екеуі жақын жердегі бардың біріне жүріп кетті.

IV

Былайша айтқанда, бұл оқиға Картер Уотсонды тым қапаландыра қоймаған. Несі бар, бұл да `әлеуметтік тәжірибенің` бірі болды, нәтижесінде `Полициялық сот ісін жүргізу` деген жаңа бір кітап жазылды.

Арада бір жыл өткенде, жаз айының тамылжыған бір таңында, Картер Уотсон таудағы ранчосына келген де, сосын былтырғы қыста өзі отырғызған папоротниктердің қалай өскенін көріп қайтайын деп, атынан түсіп, биік қапталға қарай жаяу өрлей жөнелген. Біраз жер жүргеннен кейін ол гүл тұқымдары себілген әдемі алқапқа тап болды. Бұл өзі жан-жағын жоталы қыраттар мен шоқ-шоқ ағаштар қоршаған тып-тыныш, жанға жайлы орын еді. Осы жерде Картер кездейсоқ бір адамды көріп қалды, тегі бұл арадан бір миль жердегі қонақ үйден шығып, серуеңдеп жүрген біреу болса керек. Олар бетпе-бет кезіккен кезде, бір-бірін танып та үлгерді: қызығы сол, бейтанысыңыз — сот Уитбергтің тура өзі болып шықты! Уотсонның жекеменшік жеріне рұқсатсыз-түксіз кіріп алып сайраңда-ап жүр. Бұл шекара деген мәселеге бәлендей мән бермесе де, өз жерінің шетіне қадау-қадау белгі қоюды кезінде ұмытпаған.

Сот қолын созып ұмтыла түсіп еді, Уотсон оны байқамаған сыңай танытып, бірден сөйлей жөнелді.

— Саясат деген — лас дүние, солай емес пе, сот мырза? — деді ол. — Сіздің қолыңызды мен шынымен-ақ көрмей қалды деп ойлайсыз ба? Жоқ, көргенде қандай! Бірақ мен оны алмаймын ғой. Есіңізде болар, былтыр газеттердің бірі: Уотсон соттан кейін Пэтси Хоранның қолын алды, деп жазды. Бұның өтірік екенін сіз жақсы білесіз, бірақ шындықты айтайын, сізге саусағымның ұшын бергеннен гөрі Пэтсидің қолын мың рет қысқаным әлдеқайда артық деп білем!

Сот Уитбергтің қатты әбіржігені байқалды. Ол тұтығып, жөткірініп, сөйлей алмай біраз қиналып тұрды да, ақыры арам ойын әзілге шаптырғысы келді ме, өзінше қулана жымиған болып:

— Сіздей білімді, парасатты адамның бойынан осындай кекшілдікті кезіктірем деп тіпті де ойлаған жоқ едім, — деді былш етпей.

— Кекшілдік дейсіз бе? О, атамаңыз! — деді Уотсон. — Менің табиғатыма мүлде жат дүние ғой ол. Бұған дәлел ретінде мен сізге бір қызық көрсетейін, ондайды сіз еш уақытта көрмеген шығарсыз!

Уотсон жерден бір жұдырықтай тасты көтеріп алды.

— Байқадыңыз ба мынаны? Байқасаңыз, енді маған қараңыз!

Картер Уотсон осыны айтты да, қолындағы таспен өз бетін былш еткізді. Көз алды бірден көгеріп шыға келді. Соққы тиген жерден шып-шып қан да шыққан.

— Тастың да қолыма бір үшкірлеу тигені, — деді Уотсон, бұны жындандыға санап тұрған сотқа қарап. — Аздап артықтау кеттім-ау деймін. Бірақ, қайтесің, не істесең де біреулер сенетіндей етіп істеуің керек қой.

Уотсон жерден майдалау бір тасты тауып алып, сонымен екінші бетін, және бірнеше рет ұрып-ұрып жіберген.

— Иә, енді бірер минуттан кейін бұл бетім де ісініп-көгеріп тұратын болады. Сонда менің сөзіме кім сенбес екен!

— Сіз жынданған шығарсыз! — деді Уитберг дірілдей дауыстап. Шошынғаннан көзі бадырая қалыпты.

— Мазақ қылмаңыз! — деді Уотсон. — Көрмей тұрсыз ба менің қанжоса болған түрімді! Сіз мені оң қолыңызбен екі рет аямай ұрдыңыз! Бұл қандай айуандық, а! Мен сізге не жаздым со құрлы! Жоқ, маған енді қорғанбасқа болмайды. Әйтпесе, сіздің аяйтын түріңіз жоқ!

Сот Уитберг өзіне қарсы көтерілген жұдырықты көрген сәтте-ақ қорыққанынан бұға түскен.

— Тек ұрып көріңіз, мен сізді бірден тұтқындауға бұйрық беремін! — деді ол тістеніп.

— Мен осындай сөзді Пэтсиге де айтқам, — Бірақ оның не істегенін білесіз бе?

— Жоқ!

— Міне мынаны!

Осы сөзді айтып ауыз жиғанша Уотсонның темірдей жұдырығы соттың мұрнына сарт ете қалды. Ол кескен теректей жерге гүрс ете түсті.

— Тұрыңыз! — деп бұйырды Уотсон. — Егер шынымен жігіт болсаңыз, тұрыңыз! Маған Пэтси де осылай деген. Айтпақшы, бұны сіз білесіз де...

Сот Уитберг орнынан тұрғысы келмеп еді, бірақ Уотсон оны желкесінен жұлып алып, екі аяғынан тік тұрғызды. Бұнысы — көзден ұрып, тағы да шалқасынан құлату еді. Бұны естіген соң ол Уитбергті қызыл тәнді үндістердің тәсілімен азаптауға кіріскен. Бұл жерде және ұрып-соғудың ең әдемі түрлерін пайдаланды: екі беттен, екі құлақтың түбінен біраз жұдырық сілтеп алды да, сосын етбетінен жатқызған күйі шөп үстімен дырылдатып сүйрей бастады. Уотсон осы әрекет үстінде, `Пэтси Хоран да маған осылай істеген!` дегенді ылғи да айтып отырды. Әбден еркінсіп алған социолог өз денесінде де көгерген, қызарған жерлер қалдыру үшін анда-санда өзін де аяусыз ұрып қоюды ұмытқан жоқ — тіпті бір сәті келген кезде бейшара сотты қарсы алдына тік тұрғызып тұрып, өз