23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Джек Лондон

Джек Лондон, (Джон Гриффит) (1876 — 1916, Сан-Франциско маңы, АҚШ) — америкалық жазушы.

Киш туралы аңыз






Баяғы өткен заманда Поляр теңізі түбінде Киш деген адам өмір сүреді. Ол ұзақ жылдар аманшылықта күн кешіп, ауылының бірінші адамы болады, қайтыс болғанда оны құрметпен жерлейді, оның есімі адамдардың аузынан түспейді. Содан бері көп уақыт өтеді, Киш туралы шындық аңыз әкелерінің аузынан естіген қарттардың есінде сақталып, қарттар өздерінің балаларына, ал балалары өздерінің балаларына, олар өздерінің балаларына ауыздан ауызға айтып, осы күнге жеткен. Мұз жамылған поляр шеңберінде солтүстік ызғар үскірік есіріп, ауада аяз қырау жайлағанда ешкімнің сыртқа шығуға дәті бармайды, мұндайда Киш өзінің жұпыны иглуынан (канада эскимостарының мұздан қалайтын лашығы) аңға шығып, атағы қалай шыққаны, абыройға қалай бөленгені туралы аңызды айтып беретін кез келді.

Аңызда айтылатындай, Киш зейінді, дені сау, мығым бала болады, сол кезде он үш күнді көріпті, өйткені солтүстікте жылдар күнмен саналады, қыс сайын күн сәулесі адамдарды түнекке қалдырып, келесі жылы ғана адамдарға жылу шашып, бірін-бірімен көрісуі үшін жаңа күн сәулесі шығады. Киштің әкесі асқан аңшы болады, аштық жылдары қандастары қамын ойлап, полярлық үлкен аюмен жекпе-жекте опат болады. Аю оның барлық қабырғасын сындырады, бірақ өлген аюдың еті мол болып, ауыл адамдары аштықтан аман қалады. Киш жалғыз ұл болғандықтан әкесі өлгеннен кейін анасымен қалады. Бірақ адамдар жақсылықты да, әкесінің ерлігін де тез ұмытады, Киш әлі бала, ал анасы әйел еді, оларды жерлестеріұмытады, ешкімге керек болмай, жұпыны үйде тұрады. Бір күні кешқұрым Клош — Куан көсемнің үлкен үйінде кеңес жиналады, адамдар сонда бала Киштің бойында ыстық қан ойнайтынын, оның ержүректігін, ешкімнің алдында бүгілмейтінін көреді. Киш ересек адамға тән салқындылықпен, тыныштық орнағанға дейін күтіп тұрды.

— Анам екеумізге еттен үлес тиеді, бірақ үнемі ескі, қатқан ет бөлінеді, оның да көбі сүйек. — Мен шындықты айтамын, — деп, сөзін бастайды.

Шаштары ақ жамылған, самайларына енді ақ қырау түсе бастаған, бірақ қауқарлары да, күштері де әлі жеткілікті аңшылар да, жас аңшылар да балаға ауыздарын ашып қарайды. Олар бұрын ересек адамдардай баланың сөйлеп тұрғанын көрген емес.

Киш сөзін қатты айтып жалғастырады:

— Менің әкем Бок ержүрек аңшы еді, мұны айтып тұрғаным, әкемнің бір өзі екі мықты аңшы әкелген еттен артық ет әкелгенін адамдар жиі айтады, мен өз көзіммен әкем әкелген етін ауылдағы ең әлсіз кемпір мен дәрменсіз қарияға тисін деп тең бөлетінін көрдім.

— Кәне жоғал! — деп айқайлайды аңшылар. — Мынау баланы алып кетіңдерші, барып ұйықтасын! Ақбасты ерлермен сөйлесу саған әлі ерте, — деп шүйлігеді.

Киш аңшылардың ашулары басылғанша асықпайды:

— Үгілік сенің әйелің бар, оның қамын сен ойлайсың. Ал Массук сенің әйелің мен анаң бар, олардың қамын сен жейсің. Ал менің шешемнің менен басқа ешкімі жоқ, сондықтан ол үшін мен сөйлеймін. Менің әкем Бок ержүрек болғасын жазымға ұшырады, мен оның ұлымын, Айкиге менің анам — оның әйелі, тайпада ет молшылықта болғанда менің анамның да еті жеткілікті болуы керек емес пе? Мен Бок ұлы Киш сөзімді айтып болдым, — деп отырады.

Бала отырған сәтте оның құлағына қарсы сөздер естіліп жатты.

— Мынау бала кеңесте сөйлеуге қақысы бар ма? — деп міңгірлейді қарт Үгілік.

— Қашаннан бері емшектегі бала бізді үйрететін болған, — Әлде мен еркек емеспін бе, кез-келген бала ет жегісі келгенде менің бетіме күлетін бола ма? — деп кіжінеді Массук.

Отырғандардың ашуы көтеріледі. Кишке шапшаң кетіп ұйықтауға кеңес береді, әйтпесе еттен айырамыз деп қорқытады, өрескел қылығы үшін дүре соғамыз деп те уәде береді. Киштің көздері жанып, беті қызарып, қаны қайнап отырады. Сөгістің астында қалған Киш орнынан ұшып тұрып:

— Еркектер, тыңдаңыздар! — деп айқайлайды. — Мен, енді ешқашанда кеңесте, өздерің маған келіп: «Киш, сөйле, сені тыңдағымыз келеді, — дегенге дейін сөйлемеймін. Бұл менің соңғы сөзім. Менің әкем Бок асқан аңшы еді, оның ұлы менде аңшы боламын, менде ет әкелетін боламын. Бүгіннен бастап мен өзім әкелген олжаны тең бөлетін боламын. Мықты еркектер етке тойып, қарындарын сыйпап, ыңырсып жатқанда бірде бір жесір, не әлсіз қария түнде жейтін еті болмағандықтан жыламайтын болады. Сонда етті тойып жейтін, мықты еркектерге ұят болады! Мен, Киш айтатын сөзімді айтып болдым.

Олар Кишті әжуа-мысқылмен шығарып салады, ол үйден тісін қайрап шығады, оңға да, солға да қарамайды, өзінің жолымен кетеді.

Келесі күні Киш жер мен мұз қатқан теңіз тоғысқан жаға маңына аттанды. Бұны көргендер Киш садағын, сүйектен жасалған ұшты жебелерін алып, иығында әкесінен қалған найзаны асынып бара жатты. Олар сыртынан күліп, түрлі жорамалдар жасады. Бұл бұрын болмаған айтқысыз оқиға еді, Киштің жасындағы бала бұрын аңға шығып, онысымен қоймай жалғыз шыққан емес. Ересектер бастарын шайқап, сәуегейлік жасап, әйелдер жағы уайымдап, онсызда жүзі қатқан Айкигені аяп тұрды.

Ол ертең қайтып келеді, — деп әйелдер жұбатты.

— Жүре берсін. Бұл оған үлкен сабақ болады, — деп аңшылар шуылдап жатты. — Ертең-ақ тынышталып, үндемей қайтады, содан кейін аузын ашсын.

Бір — екі күн өткеннен кейін үшінші күні үскірік боран көтерілді, Киш болса оралмады. Анасы Айкиге төбе шашын жұлып, қара жамылып, бетіне қара күйе жағып қайғыға кетеді, әйелдер еркектерге баламен тым қатты кеткендеріне ұрсып, баланы өлімге айдағанын беттеріне басып жатты, ал еркектер болса жұмған ауыздарын ашпай, боран басылған бойда баланың өлік денесін іздеп шығуға әзірленді. Бірақ ертесінде Киш ауылға оралады. Оның еңсесі биік, басы көтеріңкі еді, өзі өлтірген аю етін иығына артып келді. Оның жүрісі батыл, сөзі өткір еді.

— Сендер, еркектер, ит шаналарды алып менің келген ізіммен жүріп отырсаңдар, осыдан бір күндік жолда мұзда жатқан ұрғашы аю мен оның екі қонжығының көп етін табасыңдар, соны алып келіңдер, — дейді. Айкигенің баласының аман-есен келгеніне қуанышында шек болмады, анасының жанарындағы қуанышты көрген Киш нағыз еркекше:

— Айкиге, үйге барайық, тамақ ішейік. Сонан соң мен демалайын, өте шаршадым, — дейді. Ол үйіне кіріп, тамағын тойып ішіп болған соң, тұрмастан жиырма сағат ұйықтайды. Адамдар өзара айтысып болады. Поляр аюуына аңға шығу өте қауіпті, ал ұрғашы аю мен қонжықтарын аулап алу одан да үш есе қауіпті. Ерекектер бала Киштің бір өзі мұндай үлкен ерлік жасағанына сенбейді. Дегенмен әйелдер Киш өлтіріп әкелген жануардың жас еті туралы айта бастағанда олардың күдіктері сейіліп, бастарын шайқайды. Сонымен, ауыл аңшылары Киш аюды өлтіргені жақсы, бірақ етін сойып, тазартпаған болса деп күңкілдеп жолға шығады. Солтүстікте жануарды өлтірген бойда етін бірден соймаса қатып қалатыны соншалық, өткір пышақта алмайтын, ал қатып қалған үш жүз фунттық етті ит шаналарға артып ойқы-шойқы мұздақпен сүйретудің өзі оңай емес. Аңшылар айтқан жерге келгенде өздерінің көздеріне өздері сенбеді, Киш аюды өлтіріп, нағыз аңшыдай етті төрт бөлікке бөліп, ішек-қарындарын шығарып тастапты. Осылайша біз білмейтін Киштің құпиясы басталады. Күндер өтіп жатты, Киштің құпиясы жұмбақ болып қала берді. Киш тағы аңға барып, бұл жолы ересек үлкен аюды өлтіреді, келесі жолы алып еркек аю мен оның ұрғашысын өлтіріп алып келеді. Әдетінде ол үш —төрт күнге кететін, енді мұздақ кеңістікке апталап кететінді шығарды. Ол қасына ешкімді ертпейді, бұған халық аң таң. Аңшылар қайран: «Ол бұны өзі қалай істейді?», — деп сұрайды.

— Иттерді де өзімен бірге алмайды, аңшылықта ит үлкен көмек ғой, — дейді олар.

Клош — Куан бірде Киштен: — Сен неге аюды ғана аулайсың? — деп сұрайды.

— Аю еті мол екенін кім білмейді, — деп жауап береді бала.

Ауылда адамдар Киштің енді сиқырлығы туралы айта бастайды.

— Ол жындармен бірлесіп аңшылық етеді, содан оның жолы болып жүр, оған теріс күштер көмектеседі, жалғыз өзі одан басқа қалай аюды өлтіреді? — деседі біреулері.

— Мүмкін жындар емес, періштелер шығар, оның әкесі ұлы аңшы болды, әкесі мүмкін баласын аңшылыққа баулып, ептілікке, төзімділік пен батылдыққа үйретіп жүрген шығар. Кім білсін? — дейді екіншілері.

Адамдар не десе де Киш аңшылықтан олжалы оралып жүрді, небір мерген аңшылар Киштің аю олжасын ауылға өздері сүйреп тасып жүрді. Ол ауылдың кәрі кемпіріне, әлсіз қариясына тамағына жеткілікті үлестері әділ тисін деп әкесі сияқты қадағалады, өзіне күн көрісіне керекті етті қалдыратын.

Олар Кишті ержүрек аңшы ретінде құрметтеп, қорқа бастайды, қарт Клош — Куан өлгеннен кейін оның тайпа көсемі болатыны туралы әңгімелей бастайды. Олар Киш ерліктерімен өзінің атын шығарғанда кеңеске келер деп күтеді, бірақ Киш кеңеске келмейді, Кишті өздері кеңеске шақыруға ұялады.

Бір күні Клош —Куан мен аңшыларға Киш: — Мен өзіме жаңа үй салайын деп едім, үй Айкиге мен маған тұру үшін кең болу керек, — дейді. Олар болса: Иә, — деп бастарын шұлғиды.

— Бірақ менің үй салатын уақытым жоқ. Менің жұмысым — аңшылық, менің бүкіл уақытым соған кетеді. Мен әкелген етті жейтін еркектер мен әйелдер маған үй салып берсе әділ, дұрыс болар еді, — дейді.

Ауыл адамдары оған үлкен, кең үй салып береді, ол үй көсем Клош — Куанның үйінен үлкен, кең болып шығады. Киш анасы екеуі жаңа үйге көшеді, күйеуі Бок өлгенен кейін Айкиге молшылықта өмір сүре бастайды, тамаша аңшының анасы болғандықтан Айгигені ауылдың бірінші әйел ретінде құрметтейді, біреумен, не күйеулерімен айтысып қалғанда әйелдер Айкигиге ақыл сұрауға барады.

Дегенмен ауыл адамдарын Киштің олжалы аңшылық құпиясының сыры маза бермейді. Бірде Үгілік Кишке оның аңшылығы дуаланған:

— Сен жындармен байланыстың, сондықтан сен аңнан олжалы келесің, — деп қарсы тұрып алды.

Сонда Киш:

— Сіздер не нашар ет жеп жүрсіңдер ме? Әлде ауылда біреу еттен ауырды ма? Бұл жерде жынның қатысы қандай? Мынау сенің жорамалың ба, әлде сені қызғаныш қысып бара ма? —дейді.

Киштің сөзінен кейін Үгілік қызараңдап қашады, оның артынан ауыл әйелдері күліп тұрды.

Бірде кешкісін кеңестегілер біраз айтысқан соң Киш аюға шыққанда, аңшылық құпиясын білу үшін оның артынан тыңшы жіберуге шешім қабылдайды. Міне, Киште аңға шығады, ауылдың екі жас аңшысы Бим мен Боун көзге көрінбей, ізін аңдып, жүріп отырады. Олар бес күн өткен соң өздерінің көргендерін айтуға шыдай алмай, суыққа шыдамай, дірдектеп жетіп келеді. Клош — Куанның үйінде шұғыл кеңес жиналады, Бимнің көздері бадырайып, көргендерін таң қалып айта бастайды.

— Бауырлар! Бізге бұйырғандай, Киштің артынан жүріп отырдық. Біздің сақ болғанымыз сонша Киш бізді бірде байқаған жоқ. Бірінші күннің түсінде ол үлкен еркек — аюды кездестірді, өте, өте үлкен аю болатын... — Одан үлкен аю болмайды, — деп Бимді бөліп жіберген Боун әңгімені жалғастырды.

— Бірақ аю күреске түскісі келмеді, асықпай өзіне қарай, мұздаққа бұрылды. Біздер жағалау жартасынан қарап тұрдық, ол біздің жаққа келе жатты, ал Киш болса аюдың артынан қорықпай келе жатты. Киш аюға жекіріп, қолын бұлғап, айқайлап келе жатты. Сол кезде аю ашуланып, артқы табандарына тұрып ырылдады. Киш аюға қарсы келе жатты....

— Иә, иә, — деп іліп алды Бим. — Киш аюға тура жүргенде аю оған ата жүгірді, Киш қаша жөнелді. Киш аюдан қашқанда мұзға кішкентай шар дөңгелекті жоғалтып алды, аю кідіріп, әлгі шар дөңгелекті иіскелеп, жұтып жіберді. Ал Киш болса кішкентай шар дөңгелектерді лақтырып қаша берді, қаша берді, аю дөңгелектерді жұта берді.

Сол сәтте айқайлаған дауыс шықты, Үгілік мұндай ертегіге сенбейтінін айтып күмән келтірді.

— Біздер мұны көзімізбен көрдік, — деп Бим сендіріп болды.

— Иә, иә, өз көзімізбен көрдік, — деп Боун растады. — Осылай біраз уақыт жалғасты, бірмезгілде аю тоқтап, ұли бастады, ауырғаннан алдыңғы аяқтарымен мұзды ұрғылап, безіп кетті. Ал Киш мұз үстімен алысқа қашып, қауіпті жерге барып тығылды. Енді Аюға Киш керек болмады, өйткені кішкентай дөңгелектер аюдың ішін ауыр бәлеге ұшыратты.

— Иә, иә, үлкен бәлеге душар етті, — деп Бим әңгімені тағы бөлді. — Аю денесін тырналап, ойнақшыған күшіктей, мұз үстінде секіріп шыр айналды. Аю қатты аурудан секіріп, қайта-қайта ақырып аспанға қарап ұлыды. Сырттан қараған адамға аюдың шыдай алмай жүргенін көруге болатын еді. Мен өмірімде бірде бір рет мұндайды көрген емеспін.

— Менде мұндайды көрген жоқпын, — деп қосты Боун. Қандай үп — үлкен, зор аю еді!

— Бұл дуалау, — деп саңқ етті Үгілік. — Айдан анық дуалау.

— Бәрі де болуы мүмкін.

Осы кезде Бимнің әңгімесін Боун тағы да жалғастырды:

— Аю шыр айналды. Біресе бір жаққа, енді бірде басқа жаққа, алға, біресе артқа теңселіп, орнында тұрып, шыр айнала берді, аяғында Кишті кездестірген жерге келіп құлады. Сол жерде аюдың күші таусылып, жорғалауға да әлі жеткен жоқ. Сол мезгілде Киш аюдың қасына келіп найзасын сұғып өлтірді.

— Содан кейін не болды? — деп сұрады Клош-Куан.

— Содан кейін Киш аюды бұза бастады, ал біздер Киштің аңшылығын айтайық деп осында жүгірдік.

Осы күннің кешінде еркектер кеңесте жиналып отырғанда әйелдер аюдың етін ауылға жеткізді. Киш қайтып келгенде кеңеске келсін деп артынан хабаршы жіберілді, бірақ ол қарны ашқанын, шаршағанын, оның үйі үлкен, жиын өткізуге ыңғайлы екенін, көп адамның сыйатынын айтып жібереді.

Киштің аңшылығына олардың қызығушылығы зор болғаны сонша Клош — Куан бастаған бүкіл кеңес ата тұрып, оның үйіне келеді. Киштің тамақ ішіп отырғанда үстінен түседі, Киш оларды құрметпен қарсы алады, егде жастарын сыйлап төрге шығарады. Айкиге оларды тік тұрып, біресе ұяла төмен қарап қарсы алса, Киш болса мүлдем сыр бермеді.

Клош-Куан Бим мен Боунның көргендерін айтып, сөзін аяқтаған кезде, дауысын көтеріп:

— Киш, сен бізге түсіндірерсің. Аюды қалай аулайтыныңды айтып берерсің. Бұл жерде сиқыр жоқ шығар? — дейді.

Киш сәл басын көтеріп, қарсы қарап күледі.

Клош —Куан! Баланың сиқырлықпен шұғылданғаны дұрыс болмас, сосын сиқырлықты туралы мен ештеңе білмеймін. Мен поляр аюын өлтірудің оңай әдісін ойлап таптым. Бар болғаны сол. Бұл жерде ептілік қана бар, ешбір сиқыр жоқ.

Бұл әркімнің қолынан келеді?

— Әркімнің.

Ұзақ үнсіздік тұрады.

Еркектер біріне — бірі таңырқап тұрды, Киш болса тамағын іше берді.

— Сен, сен бізге айтасың ғой, Киш? — деді бұл жолы қалтыраған дауыспен Клош-Куан.

— Әрине, айтамын, — деп, Киш қолындағы сүйек майын сорып болған соң орнынан тұрады.

Киш қолына кит мұртының шамалы қылқан жолағын алып, бәріне көрсетеді. Қылқан ұшы иненің ұшындай еді, Киш қылқанды абайлап алақанына салып қылқан жоғалғанға дейін илейді, содан бір кезде қолын ашып қалғанда қылқан жазылады. Содан кейін Киш итбалық майының бөлігін алады. - Міне, былай, итбалық майының кішкене бөлігін алып, батыңқы кішкентай ойық істеу керек, — дейді. — Содан соң кит қылқанын ойыққа салып, оны басқа май бөлігімен орап жабу керек. Сосын аязға қатырып қою қажет, май қатқан кезде, кішкентай шар дөңгелекке айналады. Аю дөңгелек шарды жұтқанда оның ішінде май еріп, киттің қылқаны жазылады да — аюдың ішін ауыртады. Аю әбден қиналып біткенде найзамен өлтіру қиынға түспейді. Бұл әбден оңай.

Үгілік:

— Ө! — деп айқайлап жіберді.

Клош-Куан:

Ә! Бәрі түсініп, әрқайсысы түсінгендерін өздерінше айтып жатты.
Баяғы заманда Поляр теңізінің түкпірінде өмір сүрген Киш туралы аңыз осылай аяқталады. Киш сиқырмен емес, ептілігімен аңшылық етіп, жұпыны кедей үйінен шығып биікке көтерілді, тайпа көсемі болды. Ол тірі тұрғанда оның халқы аманшылықта өмір сүрді, бірде бір жесір, бірде бір қорғансыз қария түнде еттері болмағандықтан жылаған емес.

Аударған Салауат Кәрім