23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Джек Лондон

Джек Лондон, (Джон Гриффит) (1876 — 1916, Сан-Франциско маңы, АҚШ) — америкалық жазушы.

Теңіз қорқауы






БІРІНШІ ТАРАУ

Кейде қалжың ретінде барлық кінәні Чарли Ферасетке арта салсам да, шындығында, бұл қырсық үшін кімді жазғырарымды білмеймін. Оның, Чарлиді айтам да, Тамальпайс тауының етегінде, Милл-Вэлиде саяжайы бар еді, бірақ ол онда бос уақытында Ницшені немесе Шопенгауэрді кеміріп жату үшін тек қыста ғана тұратын. Ал жаз шығысымен қапырық ыстығы мен қара шаңы қолқаны қабатын қалаға қайта оралып, қыс бойы үйіліп қалған бар шаруасына шабыттана кірісіп кететін. Егер мен оған әр сенбі сайын барып, дүйсенбіге дейін жанында жүретін әдетім болмаса, осы бір қаңтар айының қақаған суығында, Сан-Франциско шығанағында мұндай қырсыққа тап болмас па едім, кім білсін.

Мен мініп шыққан `Мартинес` кемесін тым сенімсіз деуге келмейтін; бұл жаңа пароход Саусалито мен Сан-Франциско арасындағы өткелді осымен не төртінші, не бесінші рет кесіп өтіп келе жатқан. Шығанақ үсті қалың тұман еді, қауіп деген бәленің сол тұман ішінде қара мысықтай бұғып жататынын қайдан білейін, өйткені ол уақытта мен теңізде жүзудің тылсым сырларынан мүлде бейхабар болатынмын. Әлі есімде, мен үстіңгі палубада, жүргізу рубкасының дәл түбінде, пароходтың тұмсық тұсында жайбарақат, көңілді тұрдым, теңіз бетін бүркеген қара тұманның қалың пердесі де маған аса әсер ете қойған жоқ. Жеңіл ғана ескен теңіз желіне бетімді тосып, біраз уақыт сызды ымыртта жалғыз тұрдым — дегенмен жалғыз деуге де болмас, менің бас жағымдағы шынылы рубкада тұрған жүргізушіні, сосын тағы біреуді (меніңше, ол капитан болар) сырттай сезінгенім бар.

Сонда мен `еңбек бөлінісі деген қандай жақсы, егер шығанақтың арғы жағындағы досыма барғым келсе, маған тұман мен желді, судың тасуы мен қайтуын, сондай-ақ бүкіл теңіз ғылымын оқып-үйренудің түкке де қажеті жоқ` деп ой түйгенім де есімде. Жүргізуші мен капитан сияқты арнайы мамандардың болғаны қандай керемет, олардың кәсіптік білімі теңіз иісі мұрнына да бармайтын мен секілді мыңдаған дым сезбестсрге игілікті қызмет етеді, деп толғанғаным және бар. Есесіне, деймін мен, көди-сөди заттарды оқып-үйренуге бас қатырғанша, бар күш-қуатымды өзіме қажетті мәселелерге жұмсамаймын ба, мысалы, Америка әдебиетінің тарихындағы Эдгар Поның рол дегендей. Тіпті осыған сәйкес айта кету де артық етпес, `Атлантиканың` соңғы санында оған арналған менің мақалам да жарық керген ғой. Пароходқа келіп отырып, салонға көз қиығымды салғанда, `Атлантикадағы` дәл менің мақалам шыққан бетке үңіліп отырған сымбатты бір джентльменді көргенде, ішім қандай жылып кетті десеңші. Бұның өзі де еңбек бөлінісінің тым пайдалы жағын еске түсіргендей еді; жүргізуші мен капитанның арнайы білімі осы бір сымбатты джентльменді Саусалитодан Сан-Францискоға шаршатпай жеткізумен қатар оған Эдгар По жөніндегі менің арнайы біліміммен танысуға да мүмкіндік жасап отыр.

Менің желке тұсымдағы салон есігі сықыр етіп ашылды да, әлдебір қызыл шырайлы адам палубаға шығып, ойымды күрт бұзып жіберді. Соның алдында ғана мен келесі кезекте жазатын мақаламның тақырыбын іштей пісіріп тұрғанмын, тіпті оған `Бостандықтың қажеттігі. Суреткерді қорғау туралы сөз` деген ат да қойып үлгергенмін. Қызыл шырайлы адам жүргізу рубкасына көз салды, сосын бізді тұмшалаған тұманға қарап біраз тұрды да, палуба үстінде сылти басып ары-бері жүріп келіп (бір аяғы ағаш екені сезіліп тұр), ақыры менің қарсы алдыма талтайып тұра қалды; жүзі жылы көрінді. Бұл адам бүкіл ғұмырын теңізде өткізген болар деген менің болжамым расқа шыққандай.

— Жасыңа жетпей шашыңды ағартатын-ақ күн ғой мынау, — деп ол жүргізу рубкасы жаққа иек қағып, күңк ете қалды.

— Не, сонда бұл ерекше бір қиыншылық туғыза ма? — дедім мен. — Әрі-беріден соң екі жерде екі — төрт дегендей қарапайым ғана нәрсе емес пе! Бағытты компас көрсетіп тұрады, қашықтық пен жылдамдық ол да белгілі. Мұнда қарапайым арифметикалық есептен басқа не бар.

— Ерекше қиыншылық! — деп ол ызалы мырс етті. — Екі жерде екі — төрт дегендей қарапайым! Арифметикалық есеп!.. Сөзінің түрін!

Ол сәл шегіне түсіп, маған сынай қарады.

— Ал сіз Алтын Қақпаға қарай ақтарыла құлайтын судың тасуы туралы не айтасыз? — Бұнысы қарапайым сұрақтан гөрі тергеуге ұқсап еді. — Ағыстың жылдамдығы қанша? Ал оның бұра тартуы қалай? Ал мынау не — тыңдаңызшы! Қоңырау ма? Біз тура қоңыраулы дабылға сұғына кіріп барамыз! Қараңыз — бағытты өзгерттік.

Тұман ішінен азынай ышқынған дыбыс естілді. Артынша... біздің кеменің жүргізушісі штурвалды жанталаса бір жағына бұрып үлгерді. Қоңырау үні енді алдыңғы жақтан емес, бүйірден естілген. Осы мезетте біздің пароходтың да гудогы қырылдап қоя берді де, іле-шала оған басқа гудоктар қосылды.

— Міне, тағы бір пароходсымақ! — деді қызыл шырайлы адам, гудок дыбысы шыққан оң жаққа қарай иек көтеріп. — Ал мынау! Естисіз бе? Жай ғана кернеймен белгі беріп келеді. Соған қарағанда, қайдағы бір шаланда болу керек... Е-ей, шаландада отырған байқұстар, сақ болыңдар! Иә, біліп едім-ау! Қазір біреулер әкесінің атын ұмытатын болады!

Көзге шалынбаған пароход гудок үстіне гудок басты, оған керней қосылды, бәрінің есі шығып кеткен сияқты.

— Міне, енді бір-бірін түсінгендей, бұдан соң әркім өз жолын табады, — деді қызыл шырайлы адам, төңірек тып-тыныш бола қалған кезде.

Ол маған дабылдар мен кернейлердің бір-біріне не деп белгі бергенін түсіндіріп берді. Түсіндіріп тұрған кезде көздері ұшқын атып, жүзі нұрланып кеткендей болған.

— Сол жақта — пароход дабылы, ал анау жерде, естисіз бе, қырылдаған тағы бірдеменің даусы шығады, — бұл бумен жүретін шхуна болу керек, байқаймын, ол мына тұйықтан сытылып шығып, енді шығанаққа қарай лықсыған ағысқа қарсы тырбаңдап бара жатыр.

Алдымыздағы тым таяу жерден төбе құйқаны шымырлатар бір белгісіз ысқырық жын қаққандай азынап қоя берді. Оған дауылпазын даңғырлатып `Мартинес` те жауап қатып қойды. Біздің пароходтың доңғалағы бір сәт айналмай қалып, оның су сабалаған қалақшалары біразға дейін тастай қатып тұрды да, сосын біртіндеп қайта қозғалысқа келе бастады. Төбе құйқаны шымырлатар жаңағы өткір ысқырық уақыт өткен сайын бізден алыстай берген де, тағы бір мезетте қалың тұманның сонау бір түкпірінен тек құмыға ғана жеткен. Мен жанымдағы серігіме сұраулы пішінмен көз салдым.

— Әлдебір жүрекжұтқан кішкентай катерсымақ қой. Мұндайларды суға батырып жіберсе, обалы жоқ. Бұлардан келер бәле де жеткілікті, ал ондай бәле кімге керек? Қайдағы бір миғұла осындай итаяққа отырады да, көзді жұмып, ашық теңізге шығып кетеді. Онымен қоймай ысқырады және. Неге ысқыратынын ол есуастың өзі де білмейтін шығар. Теңіз тәртібінде, кемелердің бәрі бір-біріне жол беруі керек, ал әлгіні байқаған шығарсың, басқаларды ысқырып жолдан шығарып келеді. Өңмеңдеп тек алға ұмтылады. Жол берудің міндетті екенін білмейді. Қарапайым сыйластықтың өзі де осы жол беруден тұратынын олар кәперге де алмайды.

Осы бір түсініксіз ашу-ызаның өзі менің де ой-қиялыма біраз қанат байлаған; жанымдағы серігім ашулана сызданып, ары-бері сылти басып жүргенде, мен тағы да тұман турасында әдемі бір романтикаға беріліп кеткем. Иә, бұл тұманның да, сөзсіз өз романтикасы бар екені рас қой. Түпсіз тұңғиық ғарыш кеңістігінде шыр айналып жүрген кішкентай ғана Жер шарының үстінде ол тұла бойын жұмбаққа толтырып, аруақтай сұп-сұр күйге түсіп, аттың құйрық-жалындай сонау биіктен салбырай төніп тұрғандай. Ал осынау шексіз ғаламда тозаңның бір түйіріндей немесе болмашы ұшқындай ғана болып көрінетін адамдар ағаштан ат, темірден көлік мініп, тойымсыз, қанағатсыз қызық қуып, Көзкөрместің ішінен тынымсыз жол іздейді, әркім өзінікін жөн көріп, айқайлайды, шулайды, сөйте тұрып сенімсіздік пен үрейден әмсе жүректері қалтырап тұрады.

Күтпеген жерде шыққан жанымдағы серігімнің даусы менің қаңғыған ойымды қайтарып алғандай болды да, мырс етіп күліп жібердім. Өзімнің де, міне, желдей есіп, желік қуып келе жатқаным есіме түскен.

— О, о! Тағы біреу бізге қарсы келе жатыр, — деді қызыл шырайлы адам. — Естисіз бе? Тыңдаңызшы? Тура ұшып келеді бізге қарай. Жел айдаған бірдеме.

Бетімді жеңіл жел желпи берді; мен бір бүйірден және сәл алдыңғы жақтан гудок үнін ап-анық естідім.

— Бұл да жолаушылар кемесі ме? — дедім мен.

Қызыл шырайлы адам бас изеп қойды.

— Иә, әйтпесе бүйтіп жын қаққандай жүре ме! Біздің кеме де сасып қалды-ау деймін.

Мен жоғарыға көз салдым. Капитан кеудесіне дейін жүргізу рубкасынан шығарып алып, қалың тұман ішіне абыржи қарап тұр екен. Палубада ары-бері ақсай басып жүрген менің серігімнің жүзінен де бір үрей байқалған; мына қара түнек арасынан көзге көрінбес әлдебір қауіптің жақындап келе жатқанын ол да сезгендей.

Бәрі де көзді ашып-жұмғанша болды. Қою тұман пышақ кесіп түскендей қақ жарылды да, соңынан құдды теңіз балдырын шұбатқандай қара тұманды будақтатып, бір пароход дәл алдымыздан шыға келді. Қас қағым сәтте мен оның жүргізу рубкасын, одан басын шығарып тұрған бурыл сақал қарт адамды көзім шалып қалды. Ол үстіне көкшіл форма киіпті, онысы өзіне сондай қонымды да көрінген, дегенмен бәрінен бұрын менің есімде қалғаны — оның соншама салқынқанды, сабырлы түрі еді. Өлім мен өмір бетпе-бет келген дәл осындай сәттегі оның ұстамдылығы кімді де болсын қайран қалдырғандай болатын. Көрдім, көндім тағдырдың жазғанына, енді не де болса қарсы тұрам дегендей еді ол сонда. Сөйтіп қасқая тұрып ол бізге аса сабырлы да салмақты көз тастаған, сөйте тұрып біздің жүргізушінің: `Құрттың, қақбас!` — деген жанайқайына да селт етпеген.

Сол сәт енді есіме түскенде ойлаймын, жүргізушінің бұл айқайына жауап қату да мүмкін емес еді ғой онда.

— Тез! Тезірек ұстап қалыңыз бірдемені, және қатты ұстаңыз! — деді маған қызыл шырайлы адам жандәрменде.

Алғашында абыржып қалған ол артынша жылдам ес жиып, еріктен тыс сабырға түскендей еді.

— Ал қазір әйелдер ойбайға басады, — деді ол осы оқиғаны бұрын да бастан кешкендей ызалана күңк етіп.

Мен бірдемеден ұстап үлгергенше кемелер де соқтығысып бір-ақ тынды. Алдыңғы кеме бізді ортаңғы борттан соққан болуға тиіс, бірақ оқиға көз алдымнан тыс өткендіктен мен оны дәл байқай алмай қалдым. `Мартинес` қатты шайқалып кетті де, қапталдың гүтір-гүтір сынғаны білінді. Мен сызды палубаға етбетімнен түстім, сосын қайта тұрғанша әйелдердің құлақ тұндырар ойбайын естідім. Бұл өзі жантүршігерлік дауыс болғаны сонша, жүрегім тас төбеме шыққандай болды. Құтқару белдіктері салонда жатқаны есіме түсті де, солай қарай жанұшыра ұмтылдым, бірақ есік аузында есі шыққан жолаушыларға соқтығысып олардың арасында тырбаңдадым да қалдым. Бұдан кейін не болғаны есімде жоқ — тек еміс-еміс білетінім: әйтеуір салонға жетіп, бас жағымдағы сөреден құтқару белдіктерін бірінен соң бірін түсіре бергенім, оларды қызыл шырайлы адамның улап-шулаған әйелдерге кигізе бастағаны... Сонан кейінгі көрініс тағы да ап-анық көз алдымда: үңірейіп тесіліп қалған салонның қабырғасы, одан бұрқырай кіріп жатқан сұрғылт тұман буы; үстінде әр түрлі заттар шашылып жатқан жұмсақ төсектер; еденде аяқ алып жүргісіз киім-кешек, шүберек, ыдыс-аяқ; беліне құтқару белдігін байлап алып, менің мақалам шыққан журналды қолына ұстаған күйі көзі атыздай болып, алдымнан шыға келген кешегі сымбатты джентльмен; ағаш аяғын сүйрете бастап, каютада алдынан шыққан адамның бәріне белдік кигізіп жүрген қызыл шырайлы адам... Дода-додасы шығып жылаған әйелдер...

Бәрінен бұрын әйелдердің осы бір шыңғырған даусы менің жүйкеме қатты тиген. Байқауымша, қызыл-шырайлы адам да бұған өте күйзелсе керек, өйткені мына бір сурет жадымда мәңгі қалып қойыпты: тығыршықтай денелі, сұлу джентльмен журналын пальто қалтасына салып жатып, төңірегіне алақ-жұлақ қарай береді; әйелдер беттерін жыртып айқайлап, бейне өліп бара жатқандай жамыраса шыңғырып, салон іші азан-қазан боп кеткен, ал қызыл шырайлы адам енді ашудан түтіге булығып, найзағайдан от шашқан құдайдай қаһарланып, екі жұдырығын жоғары түйген күйі қалш-қалш етіп айқайға басқан.

— Жабыңдар ауыздарыңды! Жап деймін сендерге!

Мен осы көрініске қарап тұрып, кенет өзімді бір күлкі қысқанын сезіндім, артынша бұл күлкімнің есіріктің белгісі, қояншықтың нышаны екенін де түсіндім; өйткені менің алдымдағы әйелдер — үйдегі өз анам мен қарындастарым сияқты әйелдер — өлімнен қорыққан, өлгісі келмей жанталасқан бейшара жандар еді. Олардың ащы үні менің есіме сойғалы жатқан шошқалардың шыңғырғанын түсірген — бұл да менің иманымды ұшырып еді. Жандары нәзік, жүректері асқан сезімтал бұл әйелдердің түрі енді адам шошырлық болатын. Олар өмір сүргісі келген, бірақ қақпанға түскен тышқандай дәрменсіз еді, тек шыр-шыр еткенмен басқа амалдары да жоқ-ты.

Бұл сұмдық еді, мұндай сұмдықты көріп тұруға жаным шыдамай, мен енді палубаға қарай атылдым. Ары-бері андызған адамдардың сұлбасын ғана көргендеймін, тек айқайын ғана естимін, — біреулер шлюпкаларды түсіруге ұмтылған... Бәрі де кітапта суреттелгендей. Жүк көтергіштер құрысып, тістесіп қалған. Бәрі де жарамсыз. Бір шлюпканы түсіріп еді, оның тығынын жабуды ұмытып кетіпті: әйелдер мен балалар отырған кезде, ішіне бірден су толып кетті де, лезде тұңғиыққа бата жөнелді. Екінші шлюпканы тек бір басымен ғана түсірудің мүмкіндігі болған: екінші басы жүк көтергіште ілініп қалған да, ақыры бос өзін суға шалп еткізген. Ал бізді апатқа ұшыратып кеткен кеменің ізі де суып үлгерген-ді, бірақ біздің адамдардың бәрі `ол міндетті түрде құтқарушы шлюпкалар жібереді` деп үміттенген болатын.

Мен төменгі палубаға түстім. `Мартинес` жылдам бата бастаған, су борттың кемеріне дейін көтеріліп қалып еді. Көптеген жолаушы борттан секіре бастады. Енді біреулер суда малтыға жүріп, өздерін қайта палубаға көтеруді сұрайды. Оларды тыңдап жатқан да ешкім жоқ. Төңіректен тек: `Өлдік! Құтқара көріңдер!` — деген жанайқайлар ғана шығады. Үрей билеген өзгелермен бірге мен де борттан секіріп кеттім. Бұны ойлап істедім бе, әлде көзді жұмып, қойып кеттім бе — өзім де білмеймін, бірақ суға бір батып, бір шығып жүріп, неге жұрттың палубаға қайта көтеруді өтінгенін түсінгендей болдым. Су тастай суық екен, жан шыдатпас суық екен. Оған батқан кезде, бүкіл денем от қарығандай күйе түскен. Суық сүйегіме дейін жетіп, ажал тырнағы тура алқымыма батқандай. Абайсыздық пен қорқыныштан суға қалай шашалып қалғанымды да білмеймін, құтқару белдігінің көмегімен қақалып-шашалып су бетіне қайта шықтым. Аузымнан теңіздің кермек дәмі білінді, кеудем мен өкпемді бір нәрсе күйдіре тұншықтырып бара жатқандай.

Бірақ бәрінен де суық дегенің сұмдық екен. Мен енді оған бұдан әрі төзе алмайтындай, татар дәмім таусылғандай сезіндім. Маңайымдағы адамдар да суда тырбаңдап жүр. Олар әлдене деп бір-біріне айқайлайды. Бұнымен қоса ескектің шылпылын да естимін. Байқауымша, бізді суда батырып кеткен пароход құтқарушы шлюпкалар жіберген сияқты. Уақыт өтіп жатыр, мен өзімнің әлі де тірі екеніме таң қаламын. Бірақ аяқтарымнан жан кетіп қалған секілді, бұл жансыздық біртіндеп жоғары өрлей түскендей. Көбікті майда толқындар мені қайта-қайта суға көміп өтеді; мен тағы да қақалып-шашалып қаламын.

Айқай-шу ақырындап бәсеңдей берген; ең соңғы шыңғырған дауыс маған алысырақтан жеткенде, `Мартинестің` мүлде суға батып кеткенін сездім. Сонан соң — қанша уақыт өткенін білмеймін — есімді жиған сәтте бойымды тағы үрей билей жөнелген. Мен жалғыз қалған екенмін. Жалына көмек сұраған ешкімнің даусын естігем жоқ, тек құлағыма тұман ішінде тылсым бір сырды жасырған майда толқындардың шуылы ғана шалынған. Көппен бірге бөліскен үрейден гөрі жалғыз қалғанда бойды билеген қорқыныштың салмағы әлдеқайда ауыр көрінді маған. Толқындар қайда алып кеткен мені? Қызыл шырайлы адам судың ағысы Алтын Қақпа арқылы өтеді деп еді. Мені сонда ашық теңізге қарай алып шыққан ба? Ал менің құтқару белдігім кез келген минутта істен шығып қалуы мүмкін ғой! Мұндай белдікті кейде қатты қағаз бен қамыстан да жасайды дегенді естігем, егер сондай болып шықса, суға езілген бұл белдік те мені алысқа жеткізе қоймас. Ал өзім мүлде жүзе алмаймын. Және жападан-жалғызбын, ұшы-қиырсыз мына көк теңізде толқындардың мені қайда сүйреп бара жатқаны да белгісіз. Жасырары жоқ, мен ақылымнан адасып бара жатқандаймын, қарадан қарап айқай саламын, құдды манағы әйелдер сияқты шыңғырамын, тас боп қатып қалған қолдарыммен жын ұрғандай суды сабалаймын.

Бұның қаншама уақытқа созылғанын білмеймін. Бір мезет қалың ұйқыға кеткендей есімнен айырылып қалған екенмін, көзімді ашқан сәтте, арада соншама ұзақ уақыт өткен сияқты сезіндім. Басымның тура жоғарғы жағында тұман ішінен сұғына шығып тұрған кеменің тұмсығын, одан жоғарыда бірінен соң бірі желге керіліп тұрған үшбұрышты үш желкенді көрдім. Кеме тұмсығы қақ жарып өткен су көбіктеніп, толқындар екі жаққа жиырыла қашып барады, ал мен оның дәл осы жолында жатқанымды байқадым. Айқайлағым келеді, бірақ оған күшім жетпейді. Кеме тұмсығы мені сүйкеп өте жаздап, еңкейе алға жылжыған. Таудай толқындар басымнан ақтарыла құлады. Сосын кеменің қап-қара борты жанымнан жанап өте берді — оның тым жақындағаны сондай, қолым тие жаздаған. Қалайда ұстап үлгерейін деп, ышқына ұмтылдым, бірақ қатып қалған қолдарым икемге келмеді. Тағы да айқайлайын дедім, алайда даусым шықпады.

Қара-бұйра толқындарды жанымнан кесіп өте берген кеменің корм дейтін артқы жағы маған ап-анық көрінді де, штурвалда тұрған жүргізуші мен оның жанында жайбарақат сигар тартып тұрған адам көзіме оттай басылды. Ол ақырын ғана басын бұрып, мен жақтағы суға көз қиығын салғанда, аузынан сигар түтіні бұрқ-бұрқ ете қалған-ды. Бұл өзі адамның еріккен бір сәттегі ойсыз, мақсатсыз, қарай салсам нем кетеді дегендей әншейін ғана кездейсоқ мойын бұру мен кездейсоқ қимылдан туған жай еді.

Бірақ мен үшін осы әншейін ғана мойын бұра салудың өзі я өмір, я өліммен бірдей болған. Қою тұман кемені тағы да жұтып бара жатты. Оның артынан жүргізушінің арқасын және мен жаққа еріне көз салған, өте еріне көз салған анау сигарлы адамның басын байқап қалдым. Бұл ойға батқан адамның жай ғана жалаң көзқарасы еді, мен оның көз аясына іліккен күннің өзінде ол мені көрмей кетеді-ау деп, жүрегім тас төбеме шыққан. Бірақ... міне оның да көзі маған түсті. Ол штурвалға секіріп шықты да, жүргізушіні итеріп тастап, әлдене деп айқайлап жіберіп, дөңгелекті шапшаң бұрай бастады. Кеме бір жағына қарай бұрыла берді де, тура сол сәттің өзінде тұман ішіне сіңіп кетті.

Мен және есімнен айырылып бара жатқанымды сезіп, түнек қойнауына мүлде батып кетпес үшін бар күшімді жиып, арпалыса бастадым. Бірақ көп өтпей-ақ ескектердің сылпылы мен біреулердің даусы дәл жанымнан естілген... сосын тағы бірер секунд өткенде:

Ау, неге дыбысыңды шығармайсың сен! — деген ашулы дауысты құлағым шалып еді.

`Бұлар маған айқайлайды, маған!` деп ойладым. Артынша көз алдым тағы да қарауытып кеткен еді...

ЕКІНШІ ТАРАУ

Мені белгісіз бір күш тербеп, әдемі ырғақпен ғарыш кеңістігінде зымыратып бара жатқандай көрінді. Жымың-жымың еткен мың сан ұшқындардың жанынан зулап өтіп барамын. Мен оларды жұлдыздар мен отты шарлар екен деймін. Осы тербеліспен шырқау биікке көтеріліп, енді қайта төмен құлдырай ұшқан сәтімде, әлдебір тұстан жер-дүниені күңіренте соққан гонг дүмпуі мен азынай ысқырған дабыл үнін естимін. Ғарыштағы осы ғажайып сапарым тұтастай ғасырға, сан жетпес жылдарға созылғандай тым тәтті рақатқа батамын.

Алайда бұны түсім бе деймін, түсім екеніне біртіндеп көзім жете түседі. Тербеліс қашықтығым уақыт өткен сайын қысқара түскендей. Мені бір жақтан екінші жаққа аяусыз лақтырады. Жанымды қоярға жер таппаймын; түпсіз бос кеңістікте соншама жылдамдықпен ары-бері допша домалап жүрген сияқтымын. Жүйкеге тиер гонг үні тіпті жиілеп барады. Оның әрбір күмпілдете ұрғанын тыжырына күтемін. Сонан соң мені күнге қызған ып-ыстық, сусымалы құм үстінде сүйреп бара жатқандай көрінді. Тұла бойымды біреу езгілеп, тілгілеп тастағандай, денем удай ашып, от боп жанып барады. Гонг үні даңғыр-даңғыр етеді, құдды шіркеу қоңырауы секілді: Жылтыраған мың сан ұшқындар жанымнан зулап өтіп жатыр, бүкіл әлем астан-кестен қопарылып, төмен құлап келетіндей. Мен алқына демігіп, әзер көзімді ашып алдым. Екі адам тізерлей отырып, мені сілкілеп жатыр екен. Манадан мені алапат күшпен тербетіп, әлдеқайда лақтырып келе жатқан — толқын үстінде шайқалған кеме екен де, ал сұмдық гонг дегенім — толқындар бортқа соққан сайын даңғыр-даңғыр еткен, қабырғада ілулі тұрған жалпақ таба болып шықты. Денемді әлгі оттай қыздырған сусымалы ыстық құм да енді менің жалаңаш денемді ысқылай берген бейтаныс адамның кедір-бұдыр алақанына айналған. Денем удай ашиды. Басымды көтеріп, жалаңаш денеме қараймын: қатты ысқылаған қабырғамның сырты қанталай қызарып кетіпті.

— Болды! Жетті, Ионсон! — дейді екіншісі. — Көрмейсің бе, джентльменнің бір қабат терісі сыпырылып қалды ғой.

Ионсон деген әлгі адам — зор денесіне қарап скандинавиялық шығар деп топшыладым — денемді ысқылағанын қойып, орнынан жайлап тұра берді. Екінші адам — сөйлеу мәнеріне қарағанда, кокни1 сияқты — түрі әйелге ұқсас нәзіктеу екен; оның сыртқы пошымы емшек сүтін емгеннен бастап бүкіл бойына лондондық шіркеудің қоңырау күмбірін сіңіріп өскенін айғақтайтындай. Осы адамның басындағы кір-қожалақ кенеп қалпағы мен беліндегі саталақ-саталақ алжапқышына қарап, мен өзімнің камбуз деп аталатын кеме асханасында жатқанымды сездім.

— Иә, өзіңізді қалай сезінесіз, сэр? — деді ол бір түрлі жарамсақ жымиыспен, бұнысы — бұл жақсылығымды ұмытпайтын шығарсыз дегендей көрінген.

Мен жауап орнына қинала көтеріліп, тізерлей отырдым, сосын Ионсонның көмегімен екі аяғымнан тік тұрдым. Қабырғада ілулі тұрған табалардың даңғыры жүйкеме қатты тиген. Әлі де ес жияр емеспін. Құлап қалмас үшін бір қолыммен ағаштан жасалған кip-кip, майлы тақтаның шетінен ұстап тұрып, екіншісімен жоғарыда ілінген ауыр ыдысты жұлып алып, көмір салған жәшікке атып ұрдым.

Жүйкем тозып, сіркем су көтермей тұрғанын көк сезді білем, мырс етіп күліп жіберді. Сосын буы бұрқырап тұрған, ішінде әлдебір сұйығы бар күріжкені қолыма ұстата берді.

— Ішіп алыңыз, қазір-ақ құр аттай шабасыз!

Күріжкедегі сусын ит ішпес бірдеме екен. Кеме кофесі. Бірақ бойыма қан жүгіртіп, сергітіп жіберді. Кофені ұрттай отырып, дал-далы шыққан кеудеме көз жүгірттім, сосын скандинавиялыққа бұрылып:

— Рахмет сізге, мистер Ионсон, — дедім. — Алайда мені тым мыжғылап тастадым деп ойламайсыз ба?

Менің сөз астарымды түсінді ме, түсінбеді ме, білмеймін, бірақ қалай десем де менің қызылжоса болған кеудем біраз жайдан сыр аңғартқандай еді. Ол жауап ретінде маған алақандарын көрсетті. Бұл бір ерекше мүйізденіп қалған, күс-күс, кедір-бұдыр алақан екен. Саусақ ұшымен оны ақырын сипап көргенімде, қолыма жылан қабығы тигендей тітіркене қалдым.

— Менің атым Ионсон емес, Джонсон, — деді ол ақырын ғана, бірақ тап-таза ағылшын тілінде.

Мен оның сәл көкшілдеу көзінен болмашы қарсылықты аңғардым, сонымен қоса одан ұяңдау ғана турашылдық пен ер мінезділікті сезіп, оған ішім жыли түскендей болды.

— Рахмет сізге, мистер Джонсон, — деп мен асығыстау сөзімді түзедім де, оған қолымды ұсына бердім.

Ол екі аяғына кезек салмақ түсіре тұрып, біраз кібіртіктеп қалды; сосын батылсыздау, бірақ шын ниетімен қолымды алды.

— Менің үстіме киетін бірдеме табылмас па екен? — дедім көкке бұрылып, өз үстімдегі суға шылқыған киімдеріме тыжырына қараған күйі.

— Табамыз, сэр! — деді ол жұлып алғандай. — Егер жиіркенбесеңіз... өзімдікін-ақ берейін сізге. Қазір төменге барып, алып келейін.

Ол есіктен жылдам шығып, жүгіре жөнелді, дәлірегінде жылан сияқты жорғалап бара жатқандай көрінді. (Оның осы жылан қимылы бүкіл болмысына тән екенін мен кейін білгем).

— Мен осы қайда тұрмын, қай жердемін? — дедім Джонсонға, оның теңізшілердің бірі екеніне сенімді түрде.

— Біз қазір Фараллон аралдарының маңындамыз және оның оңтүстік-батысында, — деді ол методикалық тұрғыдан нық жауап беріп, әрі осыны айтқанда, мүмкіндігінше ағылшын тілінде дұрыс сөйлеуге тырысқаны байқалған. — Біздің шхунаны `Елес` деп атайды. Жапон жағалауларынан теңіз мысықтарын аулауға бара жатырмыз.

— Ал шхуна капитаны кім? Киініп болған соң мен онымен кездесуім керек.

Күтпеген жерде Джонсонның өңі бұзылып, әбіржіп қалғаны байқалды. Бірден жауап та бермеді; айтар сөзін іштей жұптап, бұл мәселеде қалайда асықпай, ойланып сөйлеуді жөн көргені сезілген.

— Капитанымыз — Қорқау Қарсен, оны бәрі де солай атайды. Шын атын ешқашан естіген емеспін. Бірақ сізге айтарым, онымен өте абайлап сөйлесіңіз. Әсіресе, дәл бүгін жынданып жүр. Оның көмекшісі...

Ол сөзін аяқтай алған жоқ: камбуз көк кіріп келген.

— Бұл жерден тезірек жоғалғаныңыз дұрыс, Ионсон! — деді ол. — Шал сені палубада бассалады, егер көңіліне жақпай қалсаң — құрыдым деп есепте.

Джонсон сөлбірейіп есікке қарай беттеді. Кетіп бара жатып коктың сыртынан маған иек қағып, `жаңа айта алмай қалған сөзімде үлкен мән бар, капитанмен өте абайлап сөйлес` дегенді тағы да ыммен білдіріп кеткендей болды.

Коко қайдағы бір кір-кір, умаждалған шүректерді иығына салып, көтеріп келген. Күлімсіген көк иісі бөлме ішін мүңкітіп жіберді.

— Мен бұларды шешкен кезде сулау еді, сэр. Сол су қалпымен тыға салып едім, сэр. Аздап, иістеніп кетіпті, — деп түсіндірген болды ол. — Әзірге осымен жүре тұрыңыз, сосын сіздің киімдеріңізді кептіріп қоям ғой.

Кеме қатты шайқап тұрғандықтан мен жұқа ағаш қабырғаға сүйене жабысып, кокктың көмегімен үстіме жаман бір күпәйкені киіп алдым. Астарындағы қылшықты жүні денеме түрпідей тиеді. Тітіркеніп тұрғанымды байқап үлгерсе керек, кок та тыжырына қалған.

— Мұндай киімге өмірі үйрене алмайтын шығарсыз. Бикештердің тәніндей денеңіз өте нәзік қой. Сізді көрген сәтте-ақ джентльмен екеніңізді сезіп едім, — деп қойды ол.

Бұл адам маған бірден ұнамаған, ал киіндіруге көмектесіп жатқанда, мен оны мүлде жек көріп кеттім. Жаныма жақындаған сайын жирене түсемін. Тіпті денеме қолын тигізгім келмейді. Бұл жиіркенішті сезім мені асықтыра киіндіріп, тезірек сыртқа шығып кетуге итермелеген. Оның үстіне маған капитанға жолығып, жағаға жеткізіп салу жөнінде өтініш жасауым керек еді.

Жағасы мыж-мыж бырысқан, омырауына қан сияқты бірдеме қатқан, арзанқол сәтен көйлекті де кок маған жағы талмай бірдемені түсіндіре жүріп кигізіп қойған. Сонан кейінгі менің `сәнденуім` бұзаутұмсық екі бәтеңкені екі аяғыма сұғып, бір балағынан екінші балағы сүйем-қарыс қысқа шалбарды бұтыма жапсырумен аяқталып еді. Әзірейілдің өзі лондондықтардың жанын осы шалбардың ішінен суырып алмақ болғанда, саусағына бар іліккені жаңағы балақтың жартысы ғана ма деп ойлағандайсың.

— Дегенмен мен кімге рахмет айтарымды білмей тұрмын! — дедім мен кокке сұраулы пішінмен.

Сөйтіп тұрып үстіме көз саламын. Басымда — шекемді ғана жасырған тарлау фуражка, кеудемде — көйлек үстінен кие салған күрте — етегі беліме ғана жетеді, жеңі шынтағымнан сәл асқан.

Кок мардымсып бой түзеді, жүзіне жымысқы күлкі үйіріле қалған. Менің біраз тәжірибем бар еді: атлантика пароходтарының малайлары сапар аяқталғаннан кейін қалай жылмаңдап тұратынын талай көргем, солар сияқты кок та істеген жақсылығына ақы дәметіп тұрғандай көрінді. Алайда онымен кейінгі таныстығым бұл ойымды жоққа шығарған: коктың ылпың-жылпыңы әншейін жарамсақтықтан басқа ештеме емес екен.

— Менің аты-жөнім — Магридж, сэр, — деді ол рахметті маған айтасыз дегендей. — Томас Магридж, сэр. Сізге қызмет етуге әзірмін, сэр!

— Жарайды, Томас, — дедім мен. — Киімдерім кепкен кезде сізді ескерермін.

Оның көзі жайнап, беті нұрланып кетті. О баста жер бетіне алақан жайып келген ата-бабасының рухы бұның да көкірегінде қайта оянып шыға келгендей көрінді.

— Рахмет сізге, сэр! — деді ол әрі түсінген, әрі келіскен кейіпте.

Мен есікті ары итердім, кок те бір жаққа зыта жөнелді; мен

палубаға көтерілдім. Суда ұзақ қалып қойғандықтан денемді әлсіздік билеп, әлі де аяғымды зорға басып келемін. Жол екпіні қатты екен, мен шайқала тербеліп тұрған палубада бірнеше қадам жерге теңселіп барып, рубка бұрышына жеттім де, құлап қалмас үшін одан ұстай алдым. Тынық мұхиттың жал-жал толқындары үстінде шхуна бірде қайқая көтеріліп, бірде еңкейе құлдилап, екпіндей жүзіп келе жатыр. Егер, Джонсон айтқандай, кеме оңтүстік-батысқа қарай бет түзеген болса, онда менің есептеуімше, жел шамамен оңтүстіктен есіп тұр. Тұман жоқ. Күн ашық. Су беті айнадай жарқырайды. Калифорния осы жақта болуға тиіс деген оймен басымды шығысқа бұрдым, бірақ сонау алыста, көз ұшында көкшіл аспанға жұтылып бара жатқан — `Мартенисті` суға батырып, бізді апатқа ұшыратқан — қара тұманнан басқа ештеме көре алмадым. Ал солтүстікте, бізге тақау жерде, теңіз астынан шығып тұрған шоғыр-шоғыр құз-жартастар көрінеді, олардың бірінің басында шамшырақ жылтырайды. Әлдебір кеменің пирамида іспетті үшбұрышты желкендері ағараңдайды.

Теңізді шолып болған соң мен маңайымдағы ұсақ-түйек құбылыстарға мән бере бастадым. Сонда басыма келген алғашқы ой: бірінші кезекте менің киімдеріме көңіл аударғаннан гөрі кеме апаты кезінде тартқан азабым мен қыл ұшына ілінген тағдырыма ешкімнің мән бермегені қалай? Сонау жоғарыда, рубка штурвалында тұрған жалғыз теңізшіден басқа маған көз қиығын салған жан баласы жоқ. Есесіне мұндағылардың бәрі палуба шетіндегі бір кездейсоқ көрініске кірпік қақпай қадала қалыпты. Сол жерде люк қақпағының үстінде шалқасынан түсіп дөңкиіп біреу жатыр; жабағыдай ұйыса біткен қылшықты кеудесі жалаңаш, көйлегі жырым-жырым. Бурыл тартқан қою қара сақалы алқымына дейін тұтас жапқан. Осы қайратты да ұзын сақалының ұшынан мөп-мөлдір су тамшылары жылтырайды. Көзі жұмулы, тегі есінен танып жатса керек, бірақ кеудесін кере қорқырай дем алғанына қарағанда, қатты қиналыс үстінде сияқты. Матростардың бірі үйреншікті қызметін атқаруға кіріскендей жай ғана қимылдай жүріп, жіпке байлап борттан түсіріп жіберген кенеп шелекке су толтырып алды да, оны палубаға асықпай, созбалай көтеріп шығып, қимылсыз жатқан әлгі адамның үстіне лақ еткізіп құя салды.

Люк жанында бір адам аузындағы сигарын ызалана тістелеп, ары-бері сенделіп жүр — кеше мені кездейсоқ су бетінен тауып алған осы адам екенін мен енді ғана таныдым. Бойының ұзындығы бес фут, он дюймнан кем емес шығар деймін, тіпті он жарымға жетіп қалуы мүмкін, бірақ алдымен көзімді арбаған бұл емес — мен бірден оның алып күштің иесі екенін сездім. Оның мығым денесінен тек қызба, қызылетті адамдарға ғана тән серіппелі, сіңірлі күш байқалып еді, бұл күш осы алып адамды бір жағынан қара күштің құдайындай гориллаға ұқсатқандай көрінген. Мен бұны оның сыртқы тұлғасына байланысты емес, күштіліктің белгісін сіздерге елестету үшін айтып отырмын. Әдетте біздің ұғымымызда мұндай сұрапыл күш алғашқы тіршілік иелерінде: тағы адамдар мен жабайы жыртқыштарда ғана болғандай көрінетіні бар ғой. Жалпы, тіршілік атаулының қайнар бастауы, дүниенің дамуы, алғашқы материяның қозғаушы күші, өмірдің түпкі негізі, бәрі-бәрі де осы бір жабайы да сұрапыл күштен қуат алғаны рас қой; қысқасы, басын кесіп алған жыланды ирелеңдететін де, жаңа сойған тасбақаның етін бір нәрсе тиіп кеткенде тыржың-тыржың еткізетін де — осы күштің құдіреті емес пе.

Палубада сенделіп жүрген адам мені осындай ойға жетелеген. Ол аяғын нық басады, нық тұрады; оның бұлшық еттерінің әр қимылы — мәселен, иықтарының бұлтыңдауы немесе сигарын құшырлана тістеуі — бәрі де асып-төгіліп жатқан күштен белгі бергендей. Бірақ бұның өзі де оның сыртқы түрі мен қимыл-қозғалысынан көрініп тұрған ұлы күштің сарқыншағы, ал ең негізгі сұмдығы ішінде бұғып жатқандай, егер онысы оянып кетсе, дауыл тұрып, теңіз шайқала ма, кім білсін.

Кок камбуз есігінен басын шығарып, сұқ саусағымен люк жанында тұрған адамды нұсқап, `сол соның өзі` дегендей жымиып қойды. Шхуна капитаны немесе коктың `шал` дегені — өзім қалайда жолығып, одан әйтеуір бір жағаға жеткізіп салуды өтінгім келген адамның — осы адам екені белгілі болды. Мен оған талай дүниені түсіндіруге мәжбүр болатынымды сезіп, енді алға ұмтыла бергенімде, палубада жатқан бейшара адамды қайтадан бір сұмдық ауру қыса жөнелген. Ол бір-ақ сәтте құрысып-тырыса қалды. Арқасы доғадай иіліп, басы кегжиіп кетті, кеудесі көрік басқандай ырс-ырс етеді, тегі ауа жетпей жатса керек. Мен оның мөлт-мөлт етіп су тамшылаған қою қара сақалынан басқа ештеме көре алмадым.

Капитан — Қорқау Ларсен (кемедегілер оны солай атайды екен) ары-бері адымдай жүріп, ақыры өліп бара жатқан адамның жанына тоқтаған да, оған ызалана көз салған. Бұл бейшара жанның ажалмен ақтық рет арпалыса күресіп жатқан сәті еді. Оның бетіне су шашып жүрген жаңағы матрос та енді аңтарылып тұрып қалып еді, жанына қисайта қоя салған кенеп шелектен су сыздықтай төгіледі. Өліп бара жатқан адамның өкшесі люк қақпағын сарт-сарт соғады; сосын бір сәт аяқтары жайлап созыла түсті де, соңғы рет тұяқ серпіп, тым-тырыс тына қалды, бірақ басы әлі де екі жағына кезек бұлғаңдай береді. Бірақ сәлден кейін ол да тынышталып, ерін ұшынан ең соңғы рет шыққан жеңіл тынысымен бірге жаны қоса ұшып кеткендей болды. Жағы түсіп, аузы ашылып қалған, темекі ыстаған сойдақ-сойдақ сары тістері сонадайдан көзге ұрады. Ол осы түрімен: `Ей, ит өмір, мен сені өстіп ит қып кеттім!` деп, тағдырды тәлкек, жалғанды мазақ етіп жатқандай.

Енді мына қызыққа қара! Сұмдық! Капитан күтпеген жерде найзағайдай күркіреп, өліп жатқан адамды жеті атасынан бастап ал кеп сыбасын. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Боқтықтың неше түрі кеткен. Онысымен Құдайды да, Құ