23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Джек Лондон

Джек Лондон, (Джон Гриффит) (1876 — 1916, Сан-Франциско маңы, АҚШ) — америкалық жазушы.

Ойын






Бірінші тарау

Алдарында қызылды-жасылды көркем кілемдер жаюлы жатыр. Coның ішінен бұлар екі Брюссель кілемін бірден ұнатқанымен, өзгелерінің де бояуы мен өрнегі ерекше еліктірді. Қызықтырмай, сірә, қояр емес, әттең бағасы тым қымбат. Бөлім бастығы бұларға ерекше сый көрсеткісі келгендей басы-қасында өзі болды; әйтсе де қыз осыншама құрмет өзіне емес, Джоға бола көрсетіліп жатқанын біліп тұр, жаңа ғана екеуі жоғары көтерілген кезде лифтер бала Джодан көзін ала алмай аңырайып қарап қалған жоқ па. Тіпті қаланың батыс жағындағы өздері тұратын кварталдың бойымен екеуі өте қалса, көшедегі бала-шаға, жастар тап осылай таңырқаушы еді ғой.

Бөлім бастығын телефонға шақырып әкеткен кезде қыз көңілін де бағанадан арпалысқан екі ой — әдемі кілем алсам деген арман мен көп ақшам кетіп қалады-ау деген қызғаныш сәл серпілгендей болды да, оның орнына жүрегіне тікенше қадалған бір түйткіл тағы оралды.

— Мен түсіне алмадым, Джо, соншама сен қызығатын не бар еді онда,— деді қыз ақырын ғана, бірақ өжет үнменен бұл тегі екеуінің осының алдында ғана келісе алмаған бір талас сөзінің жалғасы болу керек.

Жас балуанның бала сықылды сүп-сүйкімді жүзінен болар-болмас реніш колеңкесі жылжып өткендей болды да қас қаққанша қабағы жадырап сала берді. Жаңа салған ұясына жасау іздеп, өмірдің табалдырығынан енді ғана аттағалы тұрған бұл екі жан өндірдей жас еді, жігіт әлі жас бала тәрізді науша болса, қызды сары ауыз балапан десе болғандай.

— Ренжімесең қайтеді? — деді жігіт.— Бұл менің ең, соңғы. тіпті ең ақыры кезегім ғой.

Ол осы сөзді айтты да, жымиып күлді, бірақ қыздың құлағы оның күлкісінен болар-болмас өкініш лебін шалғандай болып, әлденеге жүрегі қысылды; ғашығын қызғыштай қоритын әйел затының қызғаншақтық әдеті жеңген қыз өзі үшін жұмбақ болып жүрген, бірақ жігіттің аусарын аударып әкеткен осы бір құмарынан секем алып сескене беруші еді.

— Өзің білесің ғой, О`Нейльмен кездескеннен кейін мен мамамның үйіне бересі борышын түгел төлеп құтылдым.— Сөйтіп бір уайымнан арылдым. Ал Понтамен бүгін кездессем, жүз доллар жүлде тағы алам, жүз доллар дегенге түсінемісің! Оны түгелімен жасауға жұмсаймыз.

Қыз бұл арада тиын есептеу ерсі ғой дегендей қолын бір сермеді.

— Сен рингіге соншама құмарсың. Соның себебін білуге бола ма?

Жігіт сөзге шорқақ долаң еді. Жұмыста тілі орнына қолы жүрсе, рингіде де бұлтылдаған бұлшық еттері мен бүткіл денесі түсінгенге ойнай сөйлейтін, бірақ рингіге неге құмар болғанын өзі де айта алмайды. Дегенмен бар білген-сезгенін айтпақ болып, күмілжи, тұттыға сөз бастады, күрес кезінде, әсіресе айғай-сүрен көтеріліп, арқасы қозғанда өзінің қандай халде болатынын түсіндірді.

— Саған бір ғана жайды айтайын, Дженевьева; рингіде өзіңмен жұдырықтасып жүрген әріптесің уысыңа түскенін анық сезгенге бұл дүниеде ештеңе жетпейді. Miнe ол сені біресе оң қолымен, біресе сол қолымен дәлдеп соқпақ болады, сен әрдайым бойыңа дарытпай жалтарасың, жабыласың. Бір кезде қапысын тауып сен де қағып жібересің, ол тәлтіректеп келіп, өзіңді айқара құшақтап алады, жармасып айрылмайды, сол кезде төреші екеуіңді ажыратып жібереді, міне тап осы арада оның жұмысын бітіресің, желікті жұрт есінен танып, у-шу азан-қазан болады, сонда барып сен жеңгеніңді білесің әділ ұрыстым, ережені бұзбадым, ал жеңген болсам, ұрысқа онан гөрі артық шығармын деп ойлайсың. Түсінесің бе, мен...

Өзінің, тым көп сөйлеп кеткенін ерсі көріп, әрі Дженевьеваның көзінен әлдеқандай үрейдің белгісін байқады да, ол сасып, тұттығып тұрып қалды. Қыз Джоның сөзін тыңдағанда көзіне көзін қадай қарап еді, тыңдаған сайын жүзінен ауыр қасірет белгісі айқын көріне бастаған. Өміріндегі ең бір қызықты минуттері туралы айтқанда Джо өзінің қиялында ұрып жыққан адамын рингінің жарқыраған оттарын, құшырлана қол соққан халықты көргендей болған-ды, дәл сол кезде Дженевьева Джоның өзінен алыстап, түсініксіз, жұмбақ өмірдің асау толқыны оны ағызып әкетіп бара жатқанын сезді. Мынау адуын арынға шіркін ғашықтық тосқауыл бола алмады-ау. Үйреншікті Джосы қазір бірте-бірте алыстап, сағымдай бұлдырап барып, көз алдынан ғайып болды. Бала тәрізді жылы жүзі, мейрімді сұлу көзі, оймақтай әсем аузы қайда кеткен. Оның алдында қазір ересек еркек адам тұр, құдды қалыпқа құйған құрыштай бет бейнесі қатал да, қаһарлы да; еріндері болат қақпанның серіппесіндей тістесе қабысқан, айналасына адырая қараған әрі қырағы, әрі салқын көзі жасыл берендей жарқ-жұрқ етеді. Бұл нағыз еркектің кескіні, қыздың білетіні баланың сәуледей жылы шырайы ғана еді ғой. Мұндайды көріп тұрғаны бүгін бірінші рет.

Қыз аздап сескенейін десе де, ішінен әрі масаттанып тұрғандай. Жігіттің ерге лайық әсем пішіні — жауын жеңген жау жүрек еркек атаулының кейпі ғой, бұл оның әйелдік нәсіліне қызулы әсерін тигізбей қоймады, өмірлік сенімді серік тапсам, еркектің шық тастай шымыр қайратына қол артсам дейтін әйел баласының ежелгі үмітін оятпай қоймады. Жігіттің бойын билеген құмарын түсінбесе де, өзінің ғашықтығы оған дару бола алмасын сезді; тек бір өзі үшін, екеуінің арасындағы ғашықтық үшін ол құмарынан ақыры қайтып, сүйген ермегі мен қызығынан безгені, бүгін рингіде ақтық рет ұрысқалы тұрғаны есіне түсіп, көңілін жұбатты.

— Миссис Силверстейн: боксты жаратпаймын, соның түк қызығы жоқ дейді. Ол ақылды әйел ғой,— деді Дженевьева.

Жігіт көңілінде көптен жүрген дықты бүркегісі келгендей сыпайы ғана күлді: өзінің күллі жаратылысы мен өмірінен өзі ұнатқан осы бір өнерін Дженевьеваның жаратпай-ақ кеткеніне өкінішті еді. Рингіде атағы шығып, даңқы жайылды. Бұл дәрежеге бір ғана өзінің қайратымен, ерінбей бейнеттенген еңбегімен жетті. Дженевьеваның сүйіспеншілігіне бола өзін де, бойындағы бар жақсы қасиетін де қимақ болғанда, қыздың аяғының, астына тастаған ең асылы осы еді ғой. Ол боксты үлкен өнер деп, ерлік пен ержүректіліктің ең жарасымды, ең сәнді айғағы деп біледі, өзге еркектің әйелге тартар мұндай сыйы жоқ, олай болса, Дженевьеваны өзімсінуге, икемдеуге, иемденуге правом бар деп ойлайды жігіт. Бірақ бұл жайды қыз ол кезде түсінбеді, қазір де ұғып жүрген жоқ, япыр-ау, осы қыз мені қалай ұнатып жүр, менің енді неменеме ғашық болып жүр екен деп ішінен жігіт таң-тамаша болады.

— Миссис Силверстейн жылауық жемсау кемпір кісі ғой,— деді ол кексіз үнмен.— Ол не біледі? Маған сенсең, бұл спорттың жақсы жағы да аз емес. Әрі денсаулыққа шипа,— деді ол аз ойланып.— Міне маған қарашы. Егер маған бабыма келем десем, ең алдымен таза жүруім керек. Мен миссис Силверстейннен гөрі немесе оның шалынан, тіпті сен танитын кісінің бәрінен тазамын. Үнемі режим сақтаймын: ваннаға түсем, денемді сылатамын, шынықтырамын, жақсы, таза ас ішемін, қанағат-ынсап сақтаймын. Арақ ішпеймін, темекі тартпаймын — қысқасы зарарлы нәрсенің бәрінен сақтанамын. Мен сенен де тазамын, Дженевьева...— Қыздың томсырая қалғанын байқап: — Адал сезім! Мен сабын мен су туралы айтып тұрғаным жоқ, міне мына қарашы,— қызды қарынан сыпайы, қатты қысты да,— сенің денең жұп-жұмсақ, боп-бос, мендей емессің. Міне, қарашы.

Дженевьеваның саусақтарының ұшын тастай қатты бұлшық етіне басып еді, қыз ауырсынып тыржия қойды.

— Менің, бүкіл денем осындай,— деді ол тағы да.— Тып-тығыз, шып-шымыр. Тазалық деп осыны айтамын. Тәнімде кіршік жоқ — таза емес небір талшық, небір тамшы қан, бір тал бұлшық ет жоқ; сүйегіме дейін тазалық, тіпті сүйегімнің өзі шыныдай таза. Тәніңді сумен сабындап жусаң да тазарасың ғой, бірақ бұл ол емес, бұл бүткіл ағзаң таза деген сөз. Нансаң, мен мұны бүкіл денеммен сеземін. Таңертең тәтті ұйқыдан тұрып, жұмысқа бара жатқанымда бүкіл қаным, бойымдағы әрбір талшығым тазамын деп шулағандай болады Ал, сен болсаң...

Ол сөзін бітірмей мүдіріп қалды, шешенсіп, тым көп сөйлеп кеттім-ау деп қынжылды да. Өмірі кісімен сөйлесе жүре бүгінгідей суырылып, өзеуреп көрген жоқ, бірақ оған бүгінгідей мықты сылтауы да болмағаны рас. Шынында да Дженевьева боксты жаратпаймын деді, тілдеді, жамандады. Ал Джо болса дүниеде онан артық тамаша бар деп білмейді. Тек бір күні қыдырып жүріп. Силверстейннің дүкеніне әлде қалай кіре қалды да, сонда Дженевьеваны көріп, көркіне ғашық болды, сонан бері өзге құмарға орын қалмады ғой. Бірақ қазір әйел заты мен өзінің осы бір әуесі бір-біріне қарсы екенін жаны сүйген қызығы мен әйелдің еркекке деген құштарлығы осы арада жараса алмағанын аздап аңғарады. Бірақ ол көрген-білгенін ақыл таразысына салып, қорытып пікір айта алатын адам емес. Бір ғана білетіні көз алдында құбылып күнде жүрген Дженевьева мен аңсары ауған әсем дүниесі — рингінің арасында терең, ор жатыр. Дженевьева мен ринг бір-бірімен бақастасып, әр қайсысы өзіне еліктіре тартады; екеуінің де отына күйіп, ешқайсысын анық қалай алмай, Джо ағыстың ағынымен жылжи берді.

Дженевьева қызу сөйлеген Джоның сөзін тыңдады, оның үлбіреген кіршіксіз ажарынан, отша жайнаған көзінен, қыздың көркіндей әсем нәзік дидарынан көзін ала алмай шаншыла қарады. Оның сөзі дәлелді екенін біле тұрса да, тыжырынып қалды. Джосын өзіне еркін билеттірмей, айырып әкететін осы бір бокс дегенді ешбір дәлел-сылтаусыз әбден жек көріп алулы. Ол бір күндесі тәрізді, бірақ жай-мәнісін, не жұлдызының, не сиқырының барын біле алмай-ақ қойды. Егер екеуінің арасына өзге қыз түссе бір сәрі-ау, білімі, білігі бар, кісіні сынай білуі бар — әйтеуір түптемей қоймас еді. Бірақ мынау не көріп, не сезіп, не түсініп болмайтын жау болды, ешбір хабар-дерегін біле алмады, қараңғыда ғана қармалап жүріп, тілсіз жауымен арпалысты. Джоның сөзінде де бір шындықтың барын сезеді, сезген сайын аяр жауы ашына түскендей көреді.

Дженевьева өзінің дәрменсіз қораш жан екенін сезді, қынжылды, өзін өзі егіле аяды; Джо басыбайлы бір өзімдікі ғана болса екен деуші еді. Оның әйелдік табиғаты осыны аңсайтын, бірақ қаншама тырысқанымен жігіт құшағын суытып кетіп бара жатқандай. Міне қыздың көзінен мөлтілдеп жас та келді, кемсеңдеп ерні жыбырлады,— сөйтіп күтпеген жерде жеңілісі жеңіске — айналды: құдіреті күшті Ринг нәзік әйелдің жеңбей қоймайтын аяулы халін көріп, көңілі жібіп, жеңілді.

— Қойшы, Дженевьева, жыламашы,— деді жалынып жігіт, жалынатын ешбір жазығы болмаса да. Аяқ астынан пайда болған осы бір қасірет-қайғының қайдан шыға қалғаны еркек адам үшін қиын жұмбақ, бірақ қыз жылап тұрғасын өзге дүниенің бәрі есінен шығып кетті.

Қыз көзінен жасы шұбырып, жылап тұрып күлді, оның көз жанарынан Джо өзіне бір үлкен кешірім болғанын байқады, кешірім күтерлік кінәсі болмаса да, жүрегі елжірей қуанды. Қыздың шынтағынан қысып ұстамақ болып еді, қыз кекірелеп, бәлдемсіп ұстатпады. Бірақ жайнаңдап жадырай күлді.

— Міне, мистер Клаузен де келді,— деді ол, айлалы әйел жынысынан емес пе, қыз бөлім бастығына абыржып тұрғанын сездірмей құп-құрғақ көзімен жыламаған кісідей жайраңдай қарап.

— Сіз мені күтіп қалдыңыз ба, Джо? — деді бөлім бастығы. Ол кішкентай көзі күлімсіреген, қою самай сақалы үрпиген, қызыл шырайлы, қунақы пысық кісі екен.— Ал сонымен не айтасыздар? — деді ол жайнаң қағып.— Қайсысын қаладыңыздар? Мынау кілемше ұнай ма? Бейне бір кішкене көркем сурет тәрізді емес пе? Иә, иә, әбден түсініп тұрмын. Өзім де жұмасына он төрт доллар жалақы алып тұрған шағымда үй түзегем. Қанша айтсаң да өз ұяң ғой, ең тәуірін алғың келеді де тұрады, солай емес пе? Әлбетте, солай! Бар болғаны жеті-ақ цент қымбат екен. Қатеріңізде болсын, қарақтарым, арзаннан гөрі қымбат зат алған әр уақытта пайдалы. Бері қарақыз, Джо,— бөлім бастығы әбден ықыласы ауып, шын сырын енді айтайын деген адамша сыбырлай сөйледі,— ал жарайды, бір ғана сіз үшін тағы екі цент кемітейін. Бірақ бек, бек өтінемін,— деді ол астыртын ант байласқалы тұрғандай-ақ,— қанша төлегеніңізді ешкімге айта көрмеңіз.

Джо мен Дженевьева өзара ақылдасып, ақыры алмаққа бел байлаған соң бөлім бастығы:

— Бәрін тап-тұйнақтай қылып, буып-түйіп, үйлеңізге апарып береміз,— әлбетте, оның шығыны да бағасына кіреді. Ал үйдің тойы қашан? Қанат қағып, ұядан қашан ұшпақсыздар? Ертең деймісіз? Күні ертең бе? Тамаша, тамаша! — Ол мүләйімсіп, аспанға қарап көзін сүзіп, мейірбан әкесіндей екеуіне елжірей күле қарады.

Бөлім бастығының сұрағына Джо құлықсыздау жауап қайтарды, ал Дженевьева қызараңдап қалды. Оның сөзі екеуіне де ерсі көрінді. Ерсі көрінгенде әдеттегі әдептен озғандығы үшін емес, екеуінің де жүрегінің ең терең түкпірінде жатқан асыл сезіміне тигені үшін; өздері енді ғана адам боламыз деп ақ ниеттің үстінде тұрған ибалы, арлы, әдепті жұмысшы жандарға бөлім бастығының қылығы тым өрескел көрінді.

Мистер Клаузен лыпыл қағып, екеуінен де көзін алмай күлімдеп, лифтіге дейін шығарып салды, ал приказчик атаулы тегіс Джоның сұңғақты сымбатына тамашалап қарай қалыпты.

— Айтпақшы, бүгінгі кездесу қалай болар екен? деді мистер Клаузен бұлар лифт күтіп тұрғанда.— Қалай — көңіліңіз шат, қаузарыңыз мол ма? Жеңесіз бе?

— Күмәнім жоқ,— деді Джо.— Өте жақсымын.

— Шын айтасыз ба? Тіпті жақсы, тамаша! Бірақ әлде не келеді ойыма... Той болса таянып қалды, оны мұнысы дегендей... ха-ха!.. шаршатады ғой кісіні... жүйкені де құртады. Таң қалатын не бар, өзім де күйеу болып көргем. Бабыңыз, күтіміңіз жақсы ма әйтеуір? Paс, тіпті сұрап та керегі жоқ, өзім де көріп тұрмын... Ха! Ха! Ал жолыңыз болсын, қарағым! Жеңетініңізге күмәнім жоқ, ешбір күмәнім жоқ. Илаһи, сіз жеңіңіз!

— Хош-сау болыңыз, мисс Причард,— деп ол Дженевьеваны сыпайы сүйемелдеп лифтіге отырғызды.— Ұмытпаңыздар бізді. Келіңіздер тағы да, әр уақытта шын ықыласыммен қуана-қуана қарсы алармын.

— Жұрттың бәрі сені «Джо» дейді екен,— деді қыз жаратпағандай, екеуі лифтімен төмен сырғып келе жатқанда.— Мен лайықсыз көрем. «Мистер Флеминг» десе қайтеді екен?

Бірақ ол сөзге құлақ аспай, ойланып, лифтер балаға қарап тұрды.

— Саған не болған, Джо? — деп Дженевьева наздана еркелете сөйледі, қыз назданса жігіттен билік кетушi еді.

— Жай әншейін,— деді ол.— Менің бір тілегім бар, «ол туралы ойланып тұрмын...

— Тілек... не тілегің бар? —деп қыз да арбаса кетті, еркекті еліктірмей қоймайтын әдемі көзімен сұқтана қарады, бірақ әрі қарап тұрған Джо онысын елемеді.

Бір кезде бетіне жалт қарап:

— Бар арманым мені рингіде тымқұрыса бір көрсең деймін,— деді.

Қыз тіксініп жаратпай иығын қақты, жігіт түнеріп кетті. Қаһарлы жауым араға түсіп, тағы да Джоны ертіп әкетті-ау деген ой инедей қадалды.

— Жарайды, көруге болады...— деді қыз өзін өзі қамшылап, асыға сөйлесе де шын ықылас білдіргісі келгендей. Әйел ердің ерін осылай жеңер болар.

— Рас па? Ризамысың? — Джо оның көзіне қадала қарады.

Дженевьева жігіттің неге қобалжығанын сезді: шын ғашық па екен, соны білмекке әдейі сынап тұр ғой деп ойлады.

— Сен барсаң, ол менің өмірімдегі ең бақытты минутым болар еді-ау,— деді жігіт.

Ойламаған жерден Дженевьеваны осы байламға келтірген не? Сүйген жүректің сәуегейлігі ме, өзінен ризалық-ықылас күткен Джоның көңілін жыққысы келмегені ме, арбасқан жауымен бетпе-бет кездесіп, соның хикматын бір көрейінші дегені ме? Немесе күнделікті өрісі тар күйкі өміріне әлде бір жат дүниенің маған кел деп шақырған өктем үні келіп жетті ме екен? Әйтеуір бұрын байқалмаған бір батылдық пайда болғаны анық.

— Ризамын,— деді қыз.

— Мен сені көне қояр деп ойлаған жоқпын, бәлкім, өтініш айтуға да бата алмас едім,— деп Джо шынын айтты екеуі магазиннен шығып бара жатқанда.

— Неге, әлде баруға болмай ма? — Дженевьева меселім қайтып қалар дегендей қорқа сұрады.

— Жоқ, оны өзім реттеймін ғой. Бірақ сені көнеді ғой деп ойламап едім,— деп таң-тамаша болған Джо қызды трамвайға отырғызып, қалтасынан билет алатын майда ақша іздеп жатып, бір айтқан сөзін қайта-қайта айта берді.

Екінші тарау

Дженевьева мен Джо ортасында өздері туып-өскен бейнетқор кісілердің ішіндегі ақсүйексымақтауы. Олар күнде көріп жүрген жоқшылыққа, нас тұрмысқа жеңдірмей бойы-басын таза ұстай біледі. Екеуі де сыпайы, сәнді тұрмыс көксеген, өздерін тым зор тұтатын тыраш жандар, сондықтан төңірегіндегілерден іргесін әрдайым аулақ салатын. Кісімен тез танысып, араласып кетуге ықыласы болмағандығынан ба қалай,— әйтеуір екеуінің де сырлас, қиыспас, жақын досы жоқ. Задында кісіге үйір, жатық мінез жастар болғанымен бұлардың ешкім мен шүйіркелесе алмай жүрген себебі — адаммен астасу адамгершілікке онша үйлеспейтін былапыт нәрсе деп түсініп кеткендігінен болу керек.

Жұмысшы әйелдер арасында Дженевьевадай елден оқшау жүретін тұйық адам таппайсыз. Тұрмыстағы әдепсіз әдеттер мен қатыгез мейірімсіз қылық оған әсер етпейді. Себебі ол өмірден өзінің қалағанын іздейді, қалайтыны бірыңғай жақсылық, ал пасықтық пен жексұрын әдеттің байыбына бармай-ақ, қасынан көзін жұмып өте шығады. Өзі кісікиік, жалғыздыққа жасынан үйренген жан. Дженевьева біреудің жалғыз қызы еді, бірақ кең көшеге шығып, көрші балалармен ойын-думан құрудың орнына ауру шешесін күтумен күн кешті. Контор қызметкері болған әкесі жіңішке ауруы бар ілмиген адам еді, кісіге өте қайырымды болғанымен, жастайынан жасқаншақ, ұяң болып өскендіктен, адамға жуымай ылғи үйінде отыратұғын-ды. Сондықтан да бұл шағын семья тату-тәтті өмір сүрді.

Он екі жасында Дженевьева жетім қалды. Ол әкесін жерлеп қайтқан күні тура Силверстейндерге барып, олардың тағам сататын дүкенінің үстіндегі пәтеріне түпкілікті орын тепті; қарттардың қызға дегенде көңілінде еш алаңы болған жоқ, киіндірді, ішіндірді, қыз болса олардың саудасына қолғабыс етті. Силверстейндердің Дженевьеваны бір ұнатқан жері ұстаған діндері жұмыс істеуге қоспайтын сенбі күндері де оның дүкен ашып отыра алатындығы.

Оның жастық шағы алты жылдай осы көңілсіз, кішкене, тар дүкенде өтті. Таныс кісісі жоқ десе болғандай. Қыздардан да көңілі ұнатқан серік іздеп таппады. Жасы он беске келер-келместе өз көшесіндегі жігіттермен кешке қыдыруға шыға бастайтын езге қыз-қырқынның оңына ермеді ол.

Қыздар Дженевьеваны сыртынан «кекірейген қуыршақ» деп, сұлу көркі мен паңдығын іштей жаратпағанымен, көзінше сыйлайтын. «Шабдалы» — деп өтетін қасынан жас жігіттер, егер естіп қалып, ылаң салатын жақын маңайда таныс қыздары болмаса; олардың ешқайсысының танысу ойына да келген емес, себебі оны қол жетпейтін асылзада ару көрді.

Дженевьева расында да ажарға өте сұлу, нағыз байырғы американ қызы, ол кенезесі кепкен құнарсыз жерге бір кереметтің күшімен әлдеқалай құлпырып өсе қалатын сирек гүл-шешек тәрізді, жұмысшылар арасында да әредікте осындай сұлу қыздар ұшырайды ғой. Оның тал бойынан тарыдай мін таба алмайсыз: албыраған екі беті «шабдалы» десе дегендей, зипа бойы мен келбеті керемет келіскен көркем сұлу. Нәзік үні баяу, қимылы кербез, өзін қалыпты ұстап, абыройын сақтай білетін бала. Киімді талғап, таңдап кие білетін болғандықтан, не кисе де бойына құп жараса кетеді. Ол өте сүйкімді нәзік, ибалы бала еді, ғашықтықтың әзірше лауламай, бықсып жанған оты оның ана болуға, жар болуға жаралғанын аңғартқандай. Бірақ көп жылдан бері жүрегінің түкпірінде булығып бұлқынып жатқан осы бір сезім тек қалаған жарын ғана күтетін тәрізді.

Сөйтіп жүргенде жаздың бір ыссы кезінде сенбі күні Силверстейннің тағам сататын дүкеніне балмұздақ жеуге Джо келе қалғаны. Ол кезде прилавканың алдында алты-жеті жасар бір бала әйнек астындағы «Бес центке бесеуін аласыз» деп жұртты қызықтыру үшін іліп қойған жазуға, оның астындағы неше түрлі тәтті тағамға жұтына қарап, қайсысын аларын білмей дал болып тұр еді, Дженевьева соны күтіп, әдепкіде Джоға тіпті назар аударған да жоқ.

Келген кісінің: «Содалы су мен балмұздақ рақыметсеңіз маған» деген сөзін естіді де, қарамай-ақ: «Балмұздақтың қайсысын қалайсыз?», деп сұрады. Жігітке жалтақтап қарай беру әдетінде жоқ еді. Оларды адам түсініп болмайтын, дөрекі, оғаш адамдар деп ойлайтұғын. Бірақ кейбірі көз тігіп, қарай қалса, не қыларын білмей қысылып қалатыны да бар-ды; тегі бір өңкей тоңмойын доғал немелер ғой деп, олардан бойын аулақ салушы еді. Күні бүгінге дейін ешбір еркек Джеңевьеваға ой түсіріп көрген емес. Кездестіре жүрген жігіттерінің еш қайсысы ұнамады да, ешқайсысын бұл елемеді де. Қысқасы, Дженевьевадан еркек адам дүниеге не үшін жаралыпты деп зәуі сұрасаңыз, жауап бере алмас еді.

Стаканға балмұздақ салып жатып, әлдеқалай Джоға көзі түсіп кетіп еді, келбетін ұнатқандай болды. Дәл сол сәтте Джо да қарай қалған екен, қыз көзін төмпі салып, сызылып, содалы су құятын сифонға барды. Су құйып тұрып, жігітке еріксіз екінші рет қарады, бірақ бір секундтен артық көз тоқтата алған жоқ, себебі оның да аусары ауа қалған екен, Дженевьева жалт бұрылып кетті.

Танымайтын жат еркектің бір көргеннен ұнай кеткеніне таң болды. «Әдемі бала екен өзі»,— деп ойлады ол жайдары шын көңілімен, өзіне қарай еріксіз тартып баpa жатқан бір күштен әлде неге құтылғысы келгендей болды, өзін бұл халге түсірген жігіттің тек ажары ғана емес сияқты. «Бірақ, жоқ, тіпті әдемі деуге де болмайды»,— деді ішінен, балмұздақты жігіттің алдына қойып, майда ақшасын санап алып жатқанда үшінші рет көзіне көзі түсіп кетті. Қыздың сөз қоры онша көп емес-ті, сөзді таңдай білмеуші де еді, бірақ ұлан жігіттің жігерлі, өжет көркіне үңіле қарап, «әдемі» деген сөздің лайық емес екенін түсінді.

«Олай болса сұлу болғаны ма»,— деп ойлады да, көзіне көзі түсіп кетіп, Дженевьева төмен қарады. Бірақ жұрт ажарлы деген еркектің бәрін сұлу деуші еді ғой, жоқ, қыз бұл сөзді де ұнатпады. Не дегенмен есіл-дерті ауып қарағысы келіп барады.

Джо ше? Ол мынау прилавканың аржағында сауда жасап тұрған қыздай сұлу жанды кездестірген емес. Табиғат заңдарына Дженевьевадан гөрі жетігірек болғандықтан, әйелдің дүниеге неге жаралғанын ол ойланбай-ақ айта алар еді, бірақ әйел жынысының дүниедегі орнын анық білмейді. Оның әйелдер жөніндегі ойы да Дженевьеваның еркектер жайындағы ойынан онша алыс емес. Ол бұрын әйел де.мұндай сұлу болар деп ойлаған жоқ-ты; қазір Дженевьеваға таңырқай қарап тұр, бірақ қыздың көзіне көзі түссе, не қыларын білмей, теріс қарап кеткісі келеді, сөйткенше болмай қыз ұялып, онан бұрын төмен қарай қояды.

Бір кезде Дженевьева ақырын ғана кірпігін көтеріп, қадала қарады,— бұл жолы шыдай алмай қыз емес, жігіт көзін бұрды, қыз емес, жігіт нарттай болып қызарды. Дженевьеваның да жүрегі алып-ұшқанымен сырттай сыр берген жоқ. Белгісіз бір соны сезім аза бойын билеп жеткені де рас, бірақ әдепті, сабырлы қалпын сақтай алды. Қайта Джоның сасқалақтап, берекесі кетіп тұр.

Жігіт те, қыз да ғашықтықтың не екенін білмейді, бірақ екеуі де бірін-бірі көз тоқтатып көріп алуға іңкәр. Екеуі де әлде неге ұялып, қысылып тұр, бір-бірімен қосылуға үнемі әзір тұратын химиялық элементтер сықылды бір керемет күш екеуін де еріктен тыс баурап, әкетіп барады. Джо бір стакан балмұздағын алдына қойып, қасығымен ойнап, бір қызарып, бір бозарып, кетейін десе, кете алмай отыра берді. Қыз сондай сүйкімді нәзік дауысымен биязы сөйлеп, сызылып төмен қарап, жігіттің басын әбден айналдырып алды.

Не дегенмен жалғыз стакан балмұздаққа ұзақты күн үңіліп отыра беруге болмайды ғой, тағы сұрауға дәті жоқ. Ақыры бір кезде орнынан тұрып, көшеге шыға жөнелді, ес-түс жоқ, көзі түк көрер емес. Қыз да өңім бе, түсім бе дегендей айран-асыр. Ертеден кешке дейін қалың қиялға шомып, ақыры жігітке ғашық болып қалғанын білді қыз. Ал Джоның халі өзгеше. Ол қызды тағы бір көрсем, көркіне көз тоқтатып тағы бір қарасам-ау деумен болды, өзге ой келген жоқ оған, дұрысы бұл ой да емес, сағымдай бұлдырап, сағындырған бір арман еді.

Аңсаған арманы күндіз-түні Джоның көкейінен кетер болмады: тағам сататын тар дүкен, прилавканың түбіндегі қыз көз алдында тұрды да қойды. Елестен құтыла алар емес. Дүкенге енді баруға жүрегі дауамайды, әрі ұялады, мен «әйелге жарамсақтана» алмаймын деп өзін-өзі алдамақ та, жұбатпақ та болды. Бірақ бұл сөзді бір емес, екі емес, он рет, сан рет айтса да ем болмады: арада үш күн өтпей жатып, бір күні кешке жақын, жұмыстан шығысымен ол Силверстейннің дүкеніне тағы келді. Келе жатып қысылмай, қымтырылмай емін-еркін кіріп барамын ғой деп ойлаған еді, жоқ, олай болмады, буындары босап, ілгері басқан аяғы кері кетіп, табалдырықтан азар аттап өтті. Бұл жолы тіпті бірінші келгендегісінен де қолапайсызданып кетті. Жүрегі дүрсіл қағып, тайдай тулағанымен, қайта Дженевьева бұрынғысынша сабырлы сияқты. Джо тілі таңдайына жабысып қалған немедей сөйлей алмай әрең дегенде:

«Содалы су мен балмұздақ рақым етсеңіз маған», — деді міңгірлеп. Өзінен өзі асығып-үсігіп, сағатына қайта-қайта қарап, балмұздағын қапыл-құпыл жеді де тұра жөнелді.

Дженевьева оның көп кідірмей кетіп қалғанына қатты налыды. Төрт күн санадан сарғайып күткенде көрсеткен жақсылығы осы ма! Ғашық болдым деп шынымен-ақ ойлап еді-ау. Әрине, ол жақсы бала ғой, өте оңды бала, кішкене отырыңқыраса қайтеді екен? Ал Джо болса көшенің бұрышына жетпей-ақ қызға қайта барғысы келді. Ғашықтық деген сөз ойына да келген жоқ, Ғашықтық деген не? Ол әлгі жігіт пен қыздың қыдырын жүретіні ғой. Ал өзі болса қайтер еді... Дженевьеваны көрсем деген құмары екеуі оңаша бір серуендемей тар қамайтын тәрізді: қызбен шынында да бірге болғысы келеді, көргісі келеді, ендеше екеуі серуендеп жүруі керек. Е-е, жастардың әлгі жұп-жұп жүретіні осынан екен ғой! Сенбі таянған сайын осы бір ой маза бермейтін болды. Бұрын ол қызбен көше қыдыру әншейін әдет, жол-жора шығар деп ойлайтын, оны неке қияр алдындағы ырымға да жори салатын. Ал қазір қыдырудың жай ғұрып емесін, қайта терең сыры бар қызық дүние екенін әбден түсінген тәрізді, енді сол ғұрыпты сақтауға әзір. Ақыры қызға ғашық болғанын бұл да түсінді. Сонымен екі жағы мәмлелесіп, бір сөзге келіп дегендей, күндердің бір күні Дженевьева Джоға еріп серуенге шыға қалып еді, бұған квартал бойында таң қалмаған жан қалмады.

Сөзге шорқақ екі жас көпке дейін жарасып кете алған жоқ. Жігіт қанша үйіртпектегенімен қыз илікпеді, әйтсе де ұнатқанын жаудыраған көзінен-ақ көруге болар еді. Егер қыз көзінен шашыраған опасыз оттың үнсіз тілі ішіне бүгіп жүрген сырын сөзден де сұлу сездіріп жүргенін білсе, ибалық жасап, бәлкім, сендіре қояр ма еді.

Олар бір-біріне «қымбаттым», «аяулым» деген сөздерді айтуға келгенше көп уақыт өтті,— алғашқыда екеуі де бұлай деу әдепсіздік болар деп те ойлаған-ды; бірақ кейінірек те Джо мен Дженевьева өзгелердей ғашықтығын жыр қылып көрген емес. Көпке дейін кеш болса екеуі көшеде қыдырып немесе қала бақшасына барып, скамьяда жай отырып қайтатын. Бірақ сыр ашып сөйлеспейтін; сағат бойы жалғыз ауыз сөз айтпайтын жағдайлары да болған,— тек бірінің-бірі көзіне қарап, мөлиеді де отырады, әйтеуір әдеттегідей қысылу, қымтырылу деген жоқ, өйткені көңіл айнасы — көз нұрын аспандағы жұлдыздың күңгірт сәулесі бүркемелеп, қобалжытарлық ешнәрсе көрсетпеді.

Бұрынғының серілері де ғашығын тап Джодай әспеттемеген болар. Екеуі көшеге шыға қалса, үнемі ол тротуардың жиегімен ғана жүреді, себебі, осылай еткен жарасымды болады деп біреуден естігені бар,— егер көшенің екінші жағына өтуге тура келсе, ол білгенінен бір жазбайды, жалмажан Дженевьеваның сыртынан орағытып барып жіптіктей болып көше жағынан шыға келеді. Қыздың қолындағы буыншақ-түйіншегін қолқалап алып жүру былай тұрсын, бір жаңбырлы күні қол шатырын да көтеріп жүрді. Ал сүйген қызына гүл ұсынатын дәстүр барын ол қайдан білсін, гүлді қоя тұрып, аз да болса, ас болсын дегендей, түрлі жеміс алып беретін болды. Бір күні қыздың шашына қадаған гүліне көзі түсті де, бұрын қатеріне кірмеген осы бір жай ойына орала кетті. Қапелімде ол қырмызы гүлден көзін ала алмай қарай қалған. Иә, Дженевьеваның шашына үлбіреген раушан жарасып-ақ тұр, оның ұнайтын тағы бір себебі — қыз гүлді өзі таңдап алып, өзінің наз қолымен қадады. Гүлдің бұрын аңғармаған осынау кереметін енді ғана байқағандай. Тіпті ол қараған сайын жүз құлпырып, Дженевьеваға ғашықтығын арттыра түскен тәрізді. Сонымен ол қызыл раушан гүл бір-біріне ынтық болып жүрген екі жастың жүрегін тағы бір дір еткізді. Сонан бері Джо гүлді қатты ұнатады. Ол өзінше жаңалық ойлап тапқандай, қызға серіге лайық сый көрсетпек болды да, бір шоқ қоғажай гүл жіберді. Бұл шынында да біреудің ақылымен емес, өзінің ойлап тапқан идеясы-ды. Бұрын ол гүлді бөлмеге көрік беретін жасау тәрізді немесе бағзы бір опат болған кісіні жерлегенде керек болатын дүние ғой деп ойлаушы еді. Басы осынан басталып, енді ол Дженевьеваға күн сайын гүл жіберетін болды және мұнысын ешкімнің ойына келмеген, өзім тапқан жаңалығым деп түсінді.

Ол Дженевьеваның алдында құрдай жорғалап, айрықша ізетпен құрмет көрсетсе, Дженевьева да оның ықыласы мен сыйына сый қайтарды. Джо үшін Дженевьева ең таза, шын асыл зат, орынсыз өбектей беруді көтермейтін қасиетті ару. Оған адам баласы тең емес; өзге қыздардың ешқайсысына ол зәрредей ұсамайды. Өзінің немесе өзге біреудің апа-қарындасы Дженевьева тәрізді екен десе, Джо онан сөкет сөз естігенім жоқ дер еді. Өйткені Дженевьеваны сұлу қыз деу ғана жеткіліксіз, ол әйел атаулының асылы. Ол... бір сөзбен айтқанда,— Дженевьева ғой,— бұл дүниеде теңдесі жоқ табиғаттың ерек жаратқан еркесі ғой.

Өзінің сүйгені туралы Дженевьеваның ойы да тап осыған ұсайды. Егер Джо ғашығына пәлен деуге батылы бармай, көзін жұмып, басын изей беретін болса оның кейбір қылығына Дженевьеваның ара-тұра ренжіп қалатыны рас, бірақ бейуақта ғашығын есіне түсіріп қиялданып отырған кездерінде ұсақ-түйектің бәрін ұмытып, ешбір мін, кінә таға алмайды; оны өмірінің мәні де, сәні де деп біледі, ол үшін пәруана болуға, бұл дүниеде бір ғана сол үшін өмір сүруге әзір сияқтанады. Кейде ұшқыр қиялы Джоның садағасы болып, қыршынынан қиылып бара жатқан аянышты бір халін көз алдыма елестетеді, өзінің ынтықтығын айтып жеткізуге жас өмірі жетпей, тек өлім арқылы білдіре алатындай көреді.

Олардың сүйіспеншілігін лапылдаған жалынға, таңертеңгі мөлдіреген шыққа теңесек болар еді. Көңілдерінде кіршіктей алан, жоқ — әдепсіз ой сақтауды екеуі де ерсі көреді. Жан жақындығы ақыры бір күні тән жақындығына апарар деп әсте ойламайды. Әйтсе де бір біріне өте құмар, қол-қолға, иық-иыққа тисе, әлдеқалай қол алысса, қапылыста сүйісе қалса, үлбіреген шаш жылы тиіп, бетін қытықтаса, немесе маңдайына түскен кекілін қыз саусағымен қайырып қойса сонан біртүрлі ләззәт алысады. Осының бәрін әр кезде аңғара жүргенімен, неге екені белгісіз, тым жақындаса беруді, бірін-бірі еркелетіп, еркінсіте беруді екеуі де күнә сияқты көруші еді.

Кейде Дженевьеваның Джоны қатты қысып құшақтағысы келеді, іші-бауырына еркелеп енгісі келеді, құмарымды бір тарқатсам-ау дейді, бірақ әрдайым күнәдан қорқып, өзін өзі тоқтатады да, япыр-ау, мен бір сұрапыл күнәға батып жүргенім жоқ па деп ауыр ойдың азабына түседі. Әрине, ұнатқан жігітінің мойнына асылғысы келгені жақсы емес,— масқара ғой. Абыройы, ар-намысы бар қыздың бұған батылы, сірә, барар ма. Бұл тіпті, әйелге лайық емес. Іс-міс жоқ мойнына келіп асыла кеткен қыз туралы жігіт не демек. Осы бір сорақылық есіме түссе, қыз өзінен-өзі құнысып, қатты ұялып, қалтырап кететін.

Осынау ғажап желік Джоның көңіліне де кірейін деді. Ең ғажабы тағы бір қызулық тап болды; неге екені белгісіз, о тоба, Дженевьеваны қатты қинасам деп кұлшынады да тұрады. Ғашықтықтың талай шырғалаңынан өтіп, ақыры бір күні сүйгенінің мықынына қолы тигенде, қапсыра құшақтай алып, шыңғыртқысы да келген еді, өзін-өзі әзер-әзер тоқтатты. Асылы ол біреуге қайтсем қастық жасаймын деп тұратын қаныпезер емес. Мұндай арам ой рингіде де қаперіне кіріп көрген жоқ. Ринг бақталас бәсекенің орны ғой,— қолыңнан келсе — ұр да жық, он секундке сеспей қатыр. Әрине, Джо қиян-кескі соғысқанда қинау үшін ұрмайды. Бар мақсаты жеңу болғасын, бәлкім, ондай-ондай болатын да шығар, бірақ мақсат ол емес қой. Міне қазір де оның есі-дерті сүйген сұлуын қинамақта болып отыр. Бағана қос саусағымен қыздың білегін қайшылағанда соншама құшырланып, сүйегі шытыр еткенше қиқалай бергісі келгені несі екен? Осы әдетіне түсіне алмай-ақ келеді, әлде жанымның түкпірінде өзім білмейтін бір мейірімсіздік жатыр ма деп ойлайды да, қынжылады.

Бір күні ол қоштасарда Дженевьеваны құшақтай алып, бауырына баса қойды. Шошынып, қымс еткен қыздың жалынышты үнін естігенде барып ақыл тоқтатып, құшағын жазды; осы қылығынан өзі қатты ұялды, ұялуын ұялса да, айтып беруге тіл жетпейтін зор қуаныш аза бойын бір қалтыратқан. Бұл сезім Дженевьеваны да билеген еді — Джо қайратты қолдарымен қайыстыра қысқан сәтте қатты ауырсынғанымен, әудемде әлденеге мейірі қанғандай болған-ды; бұл жайға тағы да ренжіген: күнаға баттым-ау, сірә, деп ойлаған, әттең не күнәсінің барын, не үшін күнәлімін деп жүргенін біле алмады бірақ.

Екеуі жаңа танысып жүрген шақта Силверстейн тағам сататын дүкеншесінен бір күні Джоны көріп, таңырқана, көзін шаншылта қараған. Жігіт шығып кетісімен миссис Силверстейн де іліп ала жөнеліп, қоруыш ана әуелі боксер атаулының жер-жебіріне жетіп алып, Джо Флемингке ала-бөле кеп киліккен. Силверстейн ашумен ашынып алған зайыбын тоқтата алмаған,— не, осылай лекітіп ызғарын шашудан өзге не дәрмені бар оның ана махаббаты бар да, аналық ермегі жоқ бір бишара жан ғой.

Екіленген еврей кемпір есін тандырған Дженевьева оның не айтып — не қойғанына құлақ аспаса да, бір жайды анық біліп, елдал болды,— өзінің ғашық болып жүрген жігіті кәдімгі атышулы боксер бала Джо Флеминг екен ғой! Бұл адам айтса нанғысыз, ақылға симайтын сорақы іс болды! Өзінің жарқын жүзді, жаудыр көзді Джосы боксер дегенге кім нанар. Боксер дегендерді өмірі көрген емес, бірақ сол сұмпайлар мен Джоным арасы жер ме